А.Байтұрсыновтың тілді оқыту әдістемесіне қосқан үлесі

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ МЕН ӘДІСТЕМЕЛІК ҚАҒИДАЛАРЫ 
 
Бөбек тілді өзі өмір сүре бастаған ортадан үйренеді, ал олардың мектепте оқуына байланысты сол табиғи процесс онан әрі жалғаса түседі. Сондықтан мектептегі тіл үйрету жұмыстары да үйдегі басталған табиғи процестің заңдылықтарына негізделіп жүргізіледі. Ең алдымен тілдің өз табиғатынан жеті заңдылық шығады. 
 
Бірінші з а ң д ы л ы қ. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді. 
 
Балалар ана тілінің фонологиялық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Егер бала үйренбеген болса, мектептегі жүргізілетін жұмыстар да қиындай түседі (мысалы, оқу дағдысын қалыптастыру т. с. с.). 
 
Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектепке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді. 
 
Ана тілінің грамматикалық мағынасымен де балалар мектепке дейін танысады. Мектептің міндеті оқушыларға ана тілінің сан алуан грамматикалық қатынастары мен көріністерін үйретіп, тіл байлықтарын арттыра түсу. 
 
Грамматикалық мағынаны ұғыну үшін бала жан-жақты, кең ойлай алатындай болу керек. Сондықтан грамматикалық мағынаны ұғыну барысында олар шындықтағы заттар мен құбылыстардьщ арасындағы қаты-настарды түсінеді, ойлауға үйренеді. Міне, осыдан тіл мен ойлаудың тығыз байланысы келіп шығады. 
 
Сөйтіп, тілді ұғыну — ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілермен оқушылардың тіл байлығын арттыру.  
 
Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады. Әдістемелік қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді: 

 
оқушыларда орфоэпиялық дағды  қалыптастыру;

 
грамматиканы оқыту барысында  логикаға үйрету;

 
қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен  байла- 
ныстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және 
оларды сөйлеуге үйрету.

 
Осы ережеге сай, бастауыш мектептерде  бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту  әдістері белгіленеді. 
 
Екінші заңдылық. Тілді ұғыну үшін орасан сезімталдық керек. Зерттеушілер мұндай қасиеттің балада тіпті сәби кезден болатындығын айтып жүр.  
 
Грамматиканы үйрету осы «тілдік сезімталдыққа» сүйеніп, іске асырылады. 
 
Бұл қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді: 

 
балалардың бұрыннан білетін сөздерін тәртіпке 
келтіру (мұнда грамматика басты орын алады);

 
оқушылар өздеріне белгісіз грамматикалық  кө- 
ріністерді бұрыннан таныс көріністермен салыстыра 
алатындай дидактикалық материал іріктеледі;

 
тілдік фактілерді жинақтауға негізделген  әдістер- 
ді кеңінен пайдалану.

 
Үшінші заңдылық. Фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналармен қатар сөйлеу мәнері, сезімге бөлене сөйлеуді меңгереді. 
 
Мұндағы әдістемелік қағида: сөйлеу мәнеріне назар аудару. 
 
Бұл қағиданы іске асыруда мына сияқты ережелер сақталады: 

 
тілдің фонологиялық, грамматикалық  және лекси- 
калық мағыналарын үйрену барысында сезімге бөлене 
сөйлеу мәнерінің жолдарын түсіндіріп отыру;

 
ана тілі мен қазақ тілі сабақтарын міндетті түрде 
байланыстырып отыру;

 
тілдерін талдағанда көркем мәтіндердің  сезімге 
әсер ететін бөліктерін таңдап алу.

 
Т ө р т і  н ш і заңдылық. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеуді таңбалау жүйесіне аудару ретінде (дыбысты таңбаға көшіру) ұғынылады. 
 
«Жазбаша сөйлеу бала үшін сөйлеуді меңгерудің жалпы екінші кезеңі болып табылады — дейді профессор Н. С. Рождественский. Ауызекі сөйлеудің өзі шындықтағы заттар мен қатынастардың таңбалары болып табылады. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеудің дыбыстары мен сөздерін шартты түрде белгілейтін таңбалардан тұрады»1
 
Сауат ашу кезеңінде баланы жазуға үйретудің бастапқы шағында әуелі оған таныс емес әріптің бұрыннан таныс, естіп жүрген дыбысы айтылады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе — ауызекі сөйлеудің жазбаша сөйлеумен салыстырылып тұруы. Мысалы, тыныс белгілерін қоюда дауыс ырғағының рөлі. 
 
Сонымен, ана тілін оқытуда жазбаша сөйлеудің ауызшамен салыстырылуы мынадай әдістемелік қағидаға негізделеді. 
 
Бұл қағида төмендегі ережелерді сақтағанда іске асады: 
 
1) ауызекі сөздегі дыбыстар мен жазғандағы әріптерді салыстырып отыру; 2) дауыс ырғағы мен тыныс белгісін салыстырып отыру; 3) ауызша және жазбаша жаттығуларды ұштастыру. 
 
Бесінші заңдылық. Фонетикалық, грамматикалық және лексикалық мағыналардың барлығы «тіл материясын», яғни тіл таңбаларын — дыбыс, морфема, сөз, дауыс ырғағы және тиісті жазбаша таңбалар (әріп, тыныс белгісі) — ұғыну барысында меңгеріледі. 
 
Тілді оқушы мазмұны және формасы, яғни логикалық, грамматикалық ерекшеліктері тілдің көмегімен анықталады. 
 
Ендеше тілді оқушы, практикалық жағынан белгілі бір тілді фактілерді тану құралы ретінде де пайдаланады. 
 
Мұндай заңдылықтан тілді оқыту қағидасы келіп шығады. 
 
Бұл қағиданы іске асыру ережесі мынадай: 
 
1) көрнекілікті пайдалану (кесте, сызба, түрлі суреттер, теледидар, кино және т.б.)  
 
2) есту құралдарын пайдалану (мәтіндер оқып беру, магнитофон, радио, теледидар, кино т. б.);  
 
3) оқу құралдары, көркем мәтіндер, ғылыми-көпшілікке арналған мәтіндер, газеттер, журналдар;  
 
4) ана тілін үйрену үшін оқушылардың басқа пәндерді оқу барысындағы сөйлеу практикасы (мұғалімнің, жолдастарының сөзі, оларды аңғарту үшін талдау) пайдаланылады. 
 
Тіл материясына көңіл аудару қағидасы мұғалімге нақты жол көрсетеді. Оқушы әуелі көру не есту арқылы қабылдайды, ал оның мәнін сонан соң ғана аңғарады. 
 
Алтыншы заңдылық. Тілге үйрену органдарының (өкпе, тамақ, тіл, беттің бұлшық еттері), жазатын қолдың жаттығулары, қимыл-қозғалыстарының тәртіптелуі, дағдының қалыптасуы арқылы ғана іске асады. 
 
Мұғалімнің айтқанын естіп немесе жолдастарының жұмысына қарап қана тіл үйренуге болмайды. Әрбір оқушы өзі оқып, жазып, айтып, түрлі сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер кұрастырып, сөйлемдерді сан салаға өзгертіп, өзі әрекет еткенде ғана нәтижеге жетеді. 
 
Бұл заңдылықтан сөйлеу органдары мен жазатын қолды жаттықтыру қағидасы келіп шығады. 
 
Жетінші заңдылық. Тілге жүйелі түрде сатылап үйрету. Тіл лексика және грамматикалық формалар арқылы дамиды, екінші жағынан тіл неғұрлым бай болса, тілдік фактілер де соғұрлым тез ұғынылады. 
 
Сондықтан оқушыларға алдыңғы үйренгендерін ұмытып қалмайтындай етіп тілдік материалдарды бірте-бірте көбейтіңкіреп беріп, сөйлегенде қолданылып отыруына жағдай жасалады. 
 
Мұнда қайталаудың алатын орны ерекше және бала есінде саналы түрде, түсініп сақтауы үшін ойлау операцияларын қолдану керек: салыстыру, талдау, жинақтау, дерексіз ұғым, жалпылау, нақтылау және индуктивтік, дедуктивтік ой қорытындыларын жасай алатындай болуға тиіс. 
 
Тілге жүйелі түрде, бірте-бірте үдетіле үйрету заңдылығынан мынадай әдістемелік қағида шығады: 
 
1) ұштастыра оқыту;  
 
2) қайталау;  
 
3) өз бетімен жұмыс істеуді күшейте түсу. 
 
Бұл қағидаларды іске асыру үшін:  
 
1) бағдарламаны тиянақты құру;  
 
2) жоспарлы түрде қайталап отыру;  
 
3) жаттығу жұмыстары;  
 
4) оқушыларды ойлау мен сөйлеуге үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері іріктеу сияқты жұмыстар жүзеге асырылады. 
 
Сөйтіп, ана тілін меңгерудің заңдылықтары оны мектепте оқытудың негізі болып табылады; ал әдістемелік қағидалар осы заңдылықтардан туындайды, мұндай қағидаларға негізделген әдістеме, сөз жоқ, оқушыларға ана тілін үйрету жұмыстарын жүйелі жүргізуге көмектеседі.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ  ӘДІСТЕРІ 
 
Бағдарлама балаларға нені оқыту керектігін көрсетеді, бағдарлама бойынша оқулықтар жасалады. 
 
Ал бұл материалдар оқушыларға қалай үйретіледі? Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту әдістерінің қайсысы болмасын, оқушы мен мұғалімнің ара қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады. 
 
Оқыту әдістерінің дидактикалық жүйесі оқыту жолдарының жалпы заңдылықтарын көрсетеді. 
 
Оқыту әдістерін зерттеуші ғалымдар, жалпы алғанда, былайша топтайды1:  
 
1) балалардын оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері;  
 
2) оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері;  
 
3) оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістері. 
 
Бұлардың әрқайсысына бірнеше жекелеген әдіс енеді. Мысалы, І топқа сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер (олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді); индуктивтік, дедуктивтік әдістер (логикалық ойлауға негізделеді), өздегінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындау әдістері (қиялға, ерікке негізделеді). Ал II топқа балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері; III топқа ауызша тексеру, жазуша тексеру, лабораториялық-практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері енеді. 
 
Ана тілін оқыту барысында бұл әдістердің қайсысының, қай кезде тиімді екенін мұғалімнің өзі айқындап алып, іріктеп қолданады. 
 
 
САУАТ АШУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ 
 
1 САУАТ АШУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІ3ДЕРІ 
 
Сауат ашу әдістемесі тілдің жазба түрі мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланыстарды бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру - ең алдымен тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетикалық заңдарып жете білуді қажет етеді. 
 
Табиғи жағынан дыбыс қандай да болмасын бір дененің белгілі бір ортада теңселіп, қозғалуының нәтижесінде пайда болады да, құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта — ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстың жасалып, пайда болуы мүмкін емес. 
 
Дыбыстың жасалуында: оның ырғағы, күші, созылыңқылығы, әуені ажыратылады, 
 
Дыбыстың ырғағы белгілі бір уақыт мөлшері (әдетте 1 сек.) ішіндегі дірілдің саны; ол неғұрлым көп, жиі болса, ырғақ солғұрлым күшті болады. Ал, керісінше, дірілдің саны аз болса, ырғақ та солғындап, әлсірей береді. Адамның құлағы 1 сек. ішінде 16-дан 20000-ға дейінгі дірілдің нәтижесінде пайда болатын дыбысты қабылдап, ести алады. Дауыс құбылысы осы ырғаққа, яғни сөйлеу барысында ырғақтың өзгеруіне байланысты болады. 
 
Дыбыс күші дірілдің қарқынынан шығады. Егер дірілдің кеңдік (амплитуда — лат. amplitugo) қарқыны көбейе түссе, дыбыс күші де ұлғайып, күшейе береді. Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен қарым-қатынасқа түседі. 
 
Дыбыс әуені дыбыс дірілінің түрлерімен ұштасады. Дірілдің ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері болады. 
 
Тіліміздегі дыбыстар өкпедегі ауаның сөйлеу аппараты (өкпе, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз, мұрын қуысы, тіл, таңдай тіс, ерін т. б.) арқылы шығуынан жасалады. 
 
Дыбыстарды айтуда әсіресе дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады: дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады; ал тілдің бірде көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немеcе ұшының қимылынан әртүрлі дыбыстар жасалады.  
 
Тіл дыбыстары ның артикуляциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі - ерін. Қазақ тілінде 38 дыбыс бар. Олар дауысты, дауыссыз болып екіге бөлінеді. Бұлайша бөлу дыбыстардың буын құрау қызметіне негізделеді. Қазақ тілінде 13 дауысты дыбыс буын құрайды да, 25 дауыссыз буын құрамайды. Дауыстылар: а,ә,о,ө,е,ы,і,ұ,ү,е,э,и,у. Дауыссыздар: б,в,г,ғ,д,ж,з,й,к,қ,л,м,н,ң,п,р,с,т,ф,х,һ,ц,ч,ш,щ. «У» дыбысы дауыстыдан кейін келсе, буын құрай алмай, үнді дыбыс болады. Ендеше ол бірде дауысты, бірде дауыссыз қызметін атқарады. Бұлай топтау балаларға әсіресе олардың акустикалық жақтары мен физиологиялық жақтары баса үйретілуі қажет. 
 
Дауыстылар мен дауыссыздардың жасалуын Бодуэн де Куртенэ: дауыссыз дыбыста қысым – дыбыстау аппаратының бір ғана мүшесіне түссе, дауыстыда дыбыстау аппаратына жайылады жа, жалпылама өтеді – деп, айқындаған болатын. 
 
Мұғалім тілдің артқы таңдайға қарай жылжуы мен бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар, тілдің таңдайдың алдыңғы жағына жуықтауынан жіңішке дауыстылар шығатынымен таныстырды. Әсіресе айтылуы қиындық келтіретін дыбыстар – дауыссыздар. Тіпті кейбір балалар дыбыстарды мектепке келгенде айта да алмайды. Осыған орай, кейбір дауыссызды айтқанда тілдің ұшы күрек тіспен жымдасып, бірден кілт ажырап кететінін, кейбіреулері астыңғы еріннің үстіңгі ерінге немесе тіске тиюінен , енді біреулері тіл ұшының астыңғы тіске жуысуынан, ал тілдің артқы шенінің жұмсақ таңдайға жуықтасуынан, жұтқыншақтың тарылуынан дыбысының пайда болатын байқатып айтқызып балаларды дағдыландырды. 
 
Сауат ашу кезеңінде балалар дыбыстарды айтуға дағдылануымен бірге олардың қалай таңбалатынымен де танысады. Дыбыстардың таңбасын білу, әріптерді үйрену – сауатты болудың алғашқы баспалдағы. Әріптерді білу арқылы жазуды меңгереді. 
 
Мектепте осы сауат ашу ең бір шешуші кезең болып есептеледі. Өйткені қазақ тілін үйрену жоғарыда көрсеткеніміздей, басқа пәндерді де үйрену барысындағы жетістіктер мен кемшіліктердің негізі болып табылады. 
 
Сауат ашу кезінде балалар сөздің дыбыс, буын құрамын меңгереді, сөйлеммен танысады. Буындардан қалайша сөз құрауға болатыннын біледі, жаңа сөздер үйреніп, сөздік қорларын байытады, практикалық түрде қазақ тілінің нормасына сай сөйлем құрастырып, өз ойларын айтып беруге дағдылана бастайды. 
 
Мұғалім бөбектерге айтылатын дыбыстарды қағаз бетіне түсіру үшін және оларды оқу үшін бұл дыбыстардың белгілі бір графикалық таңбалармен белгіленетін айтады. 
 
Бірінен кейін бірі рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады. Қазақ тілінде орыс графикасы арқылы белгіленетін 42 әріп бар. Олар: а,ә,б,в,г,ғ,д,е,е,ж,з,и,й,к,қ,л,м,н,ң,і,ы,ұ,ү,о,ө,п,р,с,т,у,ф,һ,ц,ч,ш,щ,э,ю,я,ь (жіңішкелік белгі),ъ (жуандық белгі). Қазақ тілінде бір таңба екі дыбысты белгілейтін жағдайлар да бар: е,я,ю,у,ц,ч,щ. 
 
Дыбыс тіркестерінің, сөздердің дұрыс айтылу ережелері орфоэпия( гр. Сөзі orthos – тура, дұрыс, epos – сөйлеу ) деп аталады. 
 
Сөз құрамындағы дыбыстар немесе сөздердің аралықтарындағы дыбыстар бір-бірімен өзара үндесіп, үйлесе айтылады. Сөйлеу олардың үндестігін сақтап, нақышына келтіре айту үшін тілдің дыбыстық жүйесінің табиғатын, дыбыстардың бір біріне әсер ету заңдылықтарын жете білу керек.  
 
Қазақ тіліндегі сөздердін, айтылуы мен жазылуында аса көп айырмашылық жоқ. Дегенмен сөз ішіндегі және сөз аралығындағы дыбыстардың барлығы бірдей айтылуынша жазылмайды. Үндестік заңына сай, қатар келген екі дыбыс бір-біріне ықпал жасап, өзгеріліп естіледі (түңгі-түнгі, Амангелді-Аманкелді, Жампейіс-Жанпейіс, башшы-басшы, баралмай-бара алмай т. б.). 
 
Оқу-жазуға үйретудің алғашқы кезеңдерінде анық, естілетін, созып айтуға келетін және дыбысталуы мен таңбалануы бірдей дыбыстардан құралған сөздер іріктеліп алынады. Балалар сауат ашу кезінде өздері көріп тұрған не жазған әріптерінен буын құрай алады. Олар талдау арқылы сөздің қандай буындардан, дыбыстардан құралып тұрғанын ажыратса, жинақтау арқылы дыбыстардан буын, буындардан сөз құрап үйренеді. 
 
Дара айтуға және басқа дыбыстармен қосып айтуға ең, қолайлы келетін дыбыстар дауыстылар болады, сонан кейін үнді дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар. Ең қиындары — қатаң дауыссыздар. Сондықтан да оқу-жазуға үйреткенде ең алдымен дауыстылар, сонан соң; дауыссыздарды оқытқан орынды болады. Өйткені сауат ашудың ең, алғашқы кезінде балалар бірден екі әріпті біріктіріп оқи алмайды. Алғашқы кезде бала бір-екі әріпті қабылдай алады. Үйрене келе, бірте-бірте жалғас тұрған әріпті де қабылдайды. Бірінші әріптен екінші әріпке көшіп, екі әріпті қосып оқи алатын кезде, созып айтуға болатын дыбыстардың берілгені жөн. Сондай-ақ алғашқы кезде оқуға ұсынылған сөздер буын жағынан да жеңіл (ашық буын) көбінесе жуан дауыстылар мен созып айтылатын дауыссыздардан құралғаны қолайлы. 
 
Балалар жуан буынды оқып үйрене бастаған кезде, жіңішке буындарды оқуға онша қиналмайды. 
 
Сауат ашу кезінде дыбыстар және буын түрлерімен қатар сөздің құрамындағы дыбыстардың аз-көптігінің де әсері болады. Яғни, алғашқы сабақтарда екі-үш дыбысты сөздер үйретілгені дұрыс. Бірақ қазақ тілінде екі-үш дыбысты ашық буыннан құрылған сөздер өте аз. Сондықтан бір-екі сабақтан кейін-ақ бірнеше дыбыстан (өткен әріптердің қайталанып келуі арқылы) құрылған сөздер мен тұйық буын қатар өтіледі. Екі дыбысты ашық және тұйық буыннан үдету амалымен үш немесе төрт дыбысты сөздер құрастырылып үйретіледі (Шо-ра, ша-на, ал, ал-ма, ар-ша, Са-ра т. б.). 
 
Балаларға сөздерді, біріншіден, мағынасы жағынан, екіншіден, қолданылу аясы мен шеңбері жағынан үйретудің олардың ойы мен тілін дамыту үшін маңызы зор. 
 
Сөздің ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылуын бірде метафора арқылы, бірде метонимия арқылы, кейде синекдоха тәсілдері арқылы беріліп отырады. Метафора (гр. — mеtорога ауысу) — белгілерінің ұқсастығына қарай, сөз мағынасының ауысуы. Мысалы, орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті (Абай). Метонимия (гр. mеtоnuymіа атын өзгерту) заттың не құбылыстың атауы екінші затқа не құбылысқа белгіленетіні (өзара іргелес, шектес болуына қарай ауысуы). Мысалы, Жүрегім менің қырық жамау (Абай). Синекдоха (гр.synekdohe) —бірге жобалап түсіну. Мысалы, басың нешеу? 
 
Сөзді үйрену барысында балалар мынадай амалдарға дағдыланулары тиіс: 
 
1) сөздің мағынасын айту;  
 
2) сөзді тағы қандай мағынада қолдануға болатынын айту; 
 
3) осы мағынаны тағы қандай сөздермен білдіруге болатынын айту;  
 
4) сөйлеуде лексикалық құралдарды дұрыс пайдалану;  
 
5) мағына жағынан ұқсас немесе қарама-қарсы сөздерді қолданылуын аңғару. 
 
 
ОҚУ МЕН ЖАЗУ ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ПРОЦЕСТЕРІНІҢ КЕЗЕҢДЕРІ 
 
Дағды дегеніміз әрекеттің адам бойында орнығуы. Әрекетке ең алғаш кіріскен кезде адам олақ, басы, артық көптеген қимыл-қозғалыстар жасайды. Мысалы, жоғарыда көрсеткеніміздей, бала оқу-жазуға үйрене бастаған кезде қаншама қимыл-қозғалыстар жасайды. 
 
Атақты физик М. Лауэ оқу, білім жөнінде айта келіп: «Білім — бүкіл оқығандарың ұмытылып қалғанда, бойыңда сақталатыны»,—дейді. Бұл сақталып қалатынне? Ол — әдет, сенім, бағыт, дағды және қабілет — міне, нағыз білім — осылар! «Дағды, — деп көрсетеді психолог С. Л. Рубинштейн, — саналы түрде автоматталған қимыл-әрекет түрінде көрінеді, ал сонан соң әрекеттің автоматталған тәсілі ретінде қызмет атқарады». 
 
Қандай да болмасын дағдыға бала басқалармен карым-қатынас жасау барысында үйренеді. Бала үлкендердің істеген әрекеттерін көріп бақылап, оған еліктейді, кейін оны өзі істей бастайды. Ал оқытуда мұғалім дағдыландыратын әрекеттерін әдейі көрсетеді, түсіндіреді, балалар оның орындалуын бақылайды. Осы процесс, сыртқы әрекеттің адамның бойына сіңуі, ішкі психикалыққа айналуы интериоризация деп аталады, яғни сыртқы заттық әрекеттің ақыл-ойға, санаға өтуі. Мұндай процесті оқытуда баланың ақыл-ой әрекетін қалыптастыру саласында психолог П. Я. Гальперин және оның шәкірттері зерттеді. Бұл зерттеулер бойынша баланың ақыл-ой әрекетін қалыптастыруға болатыны дәлелдейді. Мұнда дағды мен шеберліктің қалыптасу ұзақтығы да, оның нәтижесі де (беріктігі, саналылығы, жи-нақтылығы т. б.) ақыл-ой әрекетін қалыптастыру процесін ұйымдастыруға байланысты екені көрсетіледі. Ендеше мұнда да басты жауапкершілік мұғалімге жүктеледі. Ал осы ақыл-ой әрекетін ұйымдастыруға қандай талаптар қойылады? Олардың негізгілерін атап өтелік:  
 
1) ақыл-ой әрекетін бағыттаудың толық болуы: яғни қандай да болмасын дағдыны қалыптастырудың өзі балаларға бағыт беру, түсіндіруден басталады. Оқушы осы бағытпен өздігінен орындауға кіріседі;  
 
2) әрекеттің материалдық түрде қалыптасу кезеңі. Оқушы көргенін орындайды, бірақ бұл әлі сыртқы, материалдық формада (мысалы, оқушының таяқша салуға кірісуі: басын қисайтып, иығын бүкірейтіп, бүкіл кеудесін бір жағына қисайтып, шынтағын көтеріп, саусақтарының барлығын бүгіп, бар күшін жұмсауы);  
 
3) әрекеттің сыртқы сөйлеу ретінде көрінуі (балалар дауыстап сөйлеп отырады). Бұл кезеңде күрделі әрекеттер бөліп-бөліп орындалады (мысалы, сауат ашу барысында бір әріпті жазуға үйрету үшін бірнеше элементтерді бөліп-бөліп жазып жаттығады);  
 
4) әрекетті ішінен сөйлеп отырып орындайды. Яғни дағды мен шеберлікке саналы түрде үйренеді, әрбір қимылды не үшін, не мақсатпен орындайтынын біледі. Бұл сатыда бірқатар артық қимыл-қозғалыстар жойылып, жинақталады;  
 
5) дағды мен шеберліктің толық, қалыптасып бітуі. 
 
Сауат ашу кезеңінде мұғалімдер балаларды оқу-жазу әрекетіне үйретуде осы көрсетілген «сатылы қалыптастыру» жүйесін сақтауға тиіс. 
 
САУАТ АШУ КЕЗЕҢІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҮЙРЕНЕТІН ШЕБЕРЛІКТЕРІ МЕН ДАҒДЫЛАРЫНЫҢ ШЕҢБЕРІ 
 
Сауат ашу кезеңінде балалардың бойында мынадай шеберлік қалыптасуға тиіс:  
 
1) дыбыстарды орын-орнына қойып сөз құрастыру;  
 
2) кеспе әліппе әріптерінен сөз құрау және жазу;  
 
3) сөздердегі жуандық белгі (ъ) және жіңішкелік белгілердің, (ь) айырмашылығын ұғу;  
 
4) қандай да болмасын тіркесіп келген дыбыстардан 
құралған сөздерді оқи алу;  
 
5) әліппедегі мәтіндерді екінші рет оқығанда тыныс белгілерін сақтап оқи алу;  
 
6) қарапайым мәтіндерді мұғалімнің сұрағы бойынша айтып 
беру;  
 
7) қысқа өлеңдерді жатқа айта алу;  
 
8) заттар туралы елеске сүйене отырып, қарапайым логикалық 
жаттығуларды орындай алу; 
 
Сауат ашу кезеңінде балаларда мынадай дағдылар қалыптасады:  
 
1) сөзді буындап және тұтас сөздерді дұрыс оқу;  
 
2) көлемі шағын мәтіндерді саналы, түсініп оқу; 
 
3) айтылуы мен жазылуы бірдей, кейбір сөздерді жазу; 
 
4) жазған сөздерін тексеріп отыру; 
 
5) әріптерді бір-бірімен жалғап жазу. 
 
САУАТ АШУ КЕЗЕҢІНДЕ БАЛАЛАРДЫҢ 
 
ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН 
 
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР 
 
Оқу жұмысын ойдағыдай жүргізу үшін балалардың, жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін, олардын, зейін, қабылдау, ес, ойлау, қиял ерекшеліктерін, сезім, ерік жақтары мен жеке қасиеттерін жақсы білу керек, Алты жасар баланың зейіні тұрақсыз, оның толқуы сабақ үстінде күшті, ал бөліну қасиеті мүлде жоқ десе де болғандай, көлемі ете шағын болады. Сондықтан оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге, оңай тапсырмаларды дәл орындап жүруге үйрету керек. Бұлардың зейіндері заттарды бақылай білу, олармен жұмыс жасау (әріптерден сөз құрау) арқылы тәрбиеленеді. Балалар суреттерді көргенде, әңгіме, ертегі тыңдағанда зейіннің тұрақтылығы арта түседі. Сабақтарда пайдаланылатын ойын элементтері, іс-әрекеттің нәтижелі түрлері, іс-әрекет түрлерін жиі өзгерту — балалар зейінін тәрбиелеуге көмектеседі. 
 
I сынып оқушыларының ес ерекшеліктері: логикалық-сөздік байланыстардан гөрі көрнекі бейнелердің басым болуы. Сөздік материалды олар механикалық түрде, мағынасына түсінбестен жаттап алады. Мұғалім бұл ерскшелікке де көңіл аударуға тиіс. 
 
Алты жасарлардың қабылдауы мен ойлауында да толып жатқан ерекшеліктер бар: олар ажырата қабылдауды білмейді, тұтас қабылдайды. Осыған орай, мұғалім тапсырма бергенде дәлдеп, бөліктерге бөліп беру немесе заттар мен құбылыстардың құрамымен таныстыру т. б. ескергені жөн. Мысалы, олар алғашқы сөз, буын, дыбыс ұғымдарын шатыстырады; мұғалім бірте-бірте бұл сөздердің әрқайсысының мағынасын ажыратып, мәнін аңғаруға үйретеді. Ажырата қабылдауға салыстыру арқылы да үйретуге болады. Мүнда тек әріптерді, дыбыстарды, буындарды, сөздерді ғана салыстырып қоймай, заттарды, құбылыстарды да салыстыруға болады. Мысалы, тауықты құстар қатарына қосуға бола ма? Сұрағы арқылы, егер болса, қандай белгілеріне қарай, құс дейміз? Егер болмаса, неліктен құстар қатарына жатпайды? т. б. салыстыруды іске асыруға болады. 
 
Оқытудың мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай болуға тиіс. Алайда оқылатын материал үнемі оңай, жеңіл-желпі орындалатындай болуы қажет деген ұғым тумаса керек. Оқыту процесінде шамасы жететін қиыншылықтарды өз күштерімен жойып отыруға оқушыларды мәжбүр еткен жөн. Өйткені қиындыққа ксздеспейінше, ойлау белсенді қызмет атқара алмайды. Ал, екінші

жағынан, шамасы жетпейтін  қиындыққа кездессе, ой тежелуге ұшырайды, ерік күші мұқалады. Ендеше, бұдан шығатын қорытынды — сабақтың түсінікті болуы шарты. 
 
Материалды оқушыға ұғындыру, оларды білім алуға дағдыландыру көп жағдайда оқыту тәсілдеріне байланысты. Тәсілдіреді түрлендіру, сабақтың көрнекілік жағына баса назар аудару сияқты талаптар, міне, осыған орай туады. Мұнда да алты жастағылардың бейнелілік, нақтылық, аса сезімталдық ерекшеліктері мен қабылдау, ойлау ерекшеліктеріне сәйкес келу жағын қадаға-лау керек. 
 
Балалар оқыіі үйренетін «әліппе» кітабында жекелеген суреттср, сюжетті суреттер, түрлі түсті бояумен әдемі салынған сызбалар, жұмбақтар және жаттығулар берілген. Бұл кезде балалар, жоғарыда көрсетілгендей, сөз, дыбыс, буын, сөйлем деген сияқты дерексіз ұғымдармен алғаш рет кездеседі. Бұл ұғымдардың мәнін нақтылап түсіндіру үшін көрнекі құралдардың (сызба, сурет, кеспе әліппе, таблицалар т. б.) пайдасы мол. Көрнекіліктерді ойын ретінде де пайдалануға болады. Оның барлығы сабақтың нақты мақсатына байланыстырылып беріледі. Мұнда тағы да ескерілетін жай — бірден бірнеше көрнекілік ұсынуға немесе керегі болсын-болмасын кез-келген көрнекілікті (олар тіпті ашық түсті бояумен боялған, әдемі әшекейленген болса да) ұсына берудің реті жоқ. Себебі: басы артық, тым көп көрнекілік те балалардың зейінін жинақтау, тұрақтандыру емес, керісінше, алаңдатып, зиянын тигізуі мүмкін. 
 
Мұғалім балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, қарым-қатынас жасау барысында олардың, жауап беру ерекшелігін, белсенділік көрсету қарқынын, жүріп-тұру қалпын, қиналған жерлері мен жіберген қателерін есепке ала жүріп, әрқайсысына сұрақ қойғанда баланы жігерлендіретіндей, өз күшін байқай алатындай, анағұрлым бір пайдалы жұмыс болу жағын мұқият іздестіреді. 
 
Сауат ашу кезіңде сөз бен сөйлемдерді саналы, дұрыс оқуға дағдыландырумен қатар әріп элементтері мен жекелеген әріптерді түзу жазып дағдылану барысында балаларға табиғат, адамдардың өмір сүруі жөнінде мағлұматтар беріліп, олардың айналадағы заттар мен кұбылыстар туралы түсінігі кеңейе түседі. 
 
Кеңес педагогикасының талабы бойынша, сауат ашудың бірінші күнінен бастап-ақ оның тәрбиелік мәніне зор көңіл бөлінеді. 
 
Оқыту мен тәрбие — бір бірінен ажыратуға келмейтін, тұтас бір процесс болғандықтан, оқытудың тәрбиелік мәнінің өзі ақыл-ой тәрбиесіне жатады. Сондай-ақ сауат ашудың бірінші күнінен бастап күнделікті режим, тазалықтың пайдасы, оқушының міндеті жөнінде түсінік беру бағытында жүйелі жүмыс жүргізіледі. Оқу материалдарымен байланыстырылып келтірілген мысалдар, дәлелдер балаларды өз отанын шексіз сүюге, интернационалдық рухта тәрбиелеп, еліміздегі ұлы өзгерістердің нәтижесіне олар қуанатындай дәрежеде жүргізілуі тиіс. 
 
Балалардың эстетикалық талғамын дамыту ертегі, көркем әңгіме, өлең, оқу, сурет, музыка т. б. арқылы іске асырылады. 
 
Баланың бастаған істі аяқтап шығу, кездеген игі мақсатына жету, ұқыптылық, уақытты дұрыс пайдалану т. б. мінез құлық сапалары да сауат ашу кезеңінде тәрбиелене бастайды. 
 
Сөйтіп, адамгершілік, достық кеңестік патриотизм, интернационализм, атеистік, эстетикалық еңбек тәрбиесі т. б. жұмыстардың негізі сауат ашу кезеңінде-ақ қалана бастайды. 
 
САУАТ АШУ ӘД1С1 ТУРАЛЫ ҰҒЫМ 
 
XIX ғасырдың 60—70 жылдарындағы прогресшіл педагогтерге ортақ болған өзекті мәселе — бастауыш халық мектебінің оқу мазмұны еді. Қазақ даласында білім таратушы көрнекті педагог Ыбырай Алтынсарин К. Д. Ушинскийдің еңбектеріне сүйеніп, қазақтың бастауыш мектептеріне оқулықтар жазды. 
 
XIX—XX ғасырларда сауат ашу жұмысы буын және тұтас сөз әдісі бойынша жүргізілді. Бүл әдіс түптеп келгенде, жаттауға негізделген, яғни бұл әдіспен оқыту барысында мағынасыз сөздер мен буындар құрғақ жат-татылатын. Осының салдарынан балаларды оқуға бірсыпыра дағдыландыра тұрғанымен, оқушылардың ақыл-ойын дамытып, дүние танымын қалыптастыру мардымды іске асырылмады. 
 
Кеңес мектебінің негізгі әдісі талдау-жинақтау болып есептеледі. Бұл әдіс әсіресе 30-жылдардан бері кеңес әдіскерлерінің зерттеу еңбектерімен бірте-бірте толықтырылып, жетіліп келеді. 
 
Талдау-жинақтау әдісі қалай жүргізіледі? 
 
Сауат ашу кезінде талдау мен жинақтау бір-бірімен тығыз бірлікте, байланыста жүргізіледі: балалар талдау арқылы сөздің қандай буындардан, дыбыстардан тұратынын ажыратса, іле-шала жүргізілетін жинақтау арқылы дыбыстардан буын құрап, буындардан сөз құрап үйренеді. Сөйтіп, дыбыстарды жеке-жеке оқымай, бір-бірімен қосып буын етіп, сөз етіп оқитын болады. 
 
Талдау-жинақтауға жаттыққан кезде, мына жағдайларға сүйену керек: 
 
1. Кез-келген дыбысты сөз ішінен бөліп алуға және 
сөз ішіндегі айтылуына жақындатып бөліп айтуға болады (дауыссыздарды да даралап айтудан қашпау керек). 
 
Мұнда сөз құрамындағы үйретілуге тиісті дыбысы бар буын анық естіліп, ал дыбыстың өзі ерекшеленіңкіреп созылып айтылғаны дұрыс. Мысалы, «р» дыбыс үйретілуі қажет болғанда «ара» сөзіндегі «а-ра» буындары «а-арра» делініп, «р» дыбысы ерекшеленіп, біраз созылыңқырап айтылады. 
 
2. Дыбыстың артикуляциясын байқату, яғни бала- 
ларды сөз құрамындағы үйретілуге тиісті дыбыстың 
айтылу процесімен таныстыру. Мысалы, мұғалім бала- 
ларға «р» дыбысын айтқызып көреді де, ол дыбысты 
айтуда тілдің қандай жағдайда болатынын байқаңдар  
дейді. Осы дыбысты қайта-қайта өздері айтып көру ар- 
қылы, олар тілдің ұшының дірілдеп тұратынын байқай- 
ды. Сонан кейін оқушылардьщ назары «р» дыбысын айт- 
қанда тілдің қай жерге жуықтайтынына аударылады. 
Балалар тілдің ұшының таңдайға жуықтауынан «р» 
дыбысы шығатынын аңғарады. 
 
Сөйтіп, балаларға дыбыстың айтылуымен қатар, өзін де үйретеді. Бірақ мұнда есте болатын жай тіліміздегі барлық дыбыстың артикуляциясын білу керек деген ұғым тумасқа тиіс. Жоғарыда айтылған тәсілмен тек еріндік және тіс пен тіл қатысы арқылы шығатын дыбыстарды ғана үйретуге болады. Ал ш, ж, к, ғ, г, й, и, щ, ц, дыбыстардьщ артикуляциясын аңғару, әрине, қиынға соғар еді. Сондықтан мұғалім дыбысты оқытуға кірісер алдында оны үйретудің тәсілін жан-жақты ойластыруға тиіс. 
 
3. Сөздің аяғындағы немесе басындағы дыбысты тү- 
сіріп айтып, балаларға тапқызу. Мысалы, мұғалім 
«Әліппедегі» шоттың суретін көрсетіп, «шо» дейді, де, 
«мен сөзді дүрыс айттым ба?» — деп сұрайды. Балалар 
«т» дыбысын қосады. Немесе тонның суретін көрсетіп, 
«он» деп, «т» дыбысын оқушыларға айтқызады. Сөйтіп, суреттегі кімнің аты мен айтылған буын (немесе сөз) құрамындағы дыбыстарды жинақтау арқылы қандай дыбысты қосу керектігін саналы ұғады. 
 
4. Айтылуына қарай дыбыстарды, жазылуына қарай әріптерді салыстыру. Мысалы, қол-көл, тор-төр, от-өт сияқты сөздер арқылы «о» дыбысы мен «ө» дыбысының айтылуындағы айырмашылық аңғартылады. Сонымен бірге жазылуындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға көңіл бөлінеді. Осылайша, қ-к, с-з, ғ-г, а-ә, ы-і дыбыстар да жұпталып, салыстырылып, сөздерді талдау-жинақтау арқылы үйретіледі. 
 
5. Үйретіліп отырған дыбыстың сөздің басында, ортасында, аяғында келетіні де сөздерді талдау және жинақтау барысында ұғындырылады. Мысалы «қ» дыбысын үйрету қерек делік. Мұғалім бұл дыбысты балаларға айтқызып, таныстырғаннан қейін қора, ақ, оқушы сияқты сөздерді өзі айтып, буынға, дыбысқа талданады; «қ» дыбысының қай буында, нешінші буында тұрғаны анықталады; қайта жинақтау барысында «қ» дыбысының қай жерде тұрғанына көңіл бөлінеді. Осыдан кейін бұл дыбысқа балалардың өздері сөз ойлап табады. 
 
6. Буынды пемесе сөзді есте сақтау арқылы оқу. Бұған, мысалы қала сөзін алайық. Оқушылар оны дыбысқа, буынға ажыратып талдағаннан кейін, жинақтап, кеспе әліппеден құрастырады; енді оқуға қелгенде іркіліп қи-налады немесе әр әріпті ежіктеп «қ-а»... деп айта бастайды. Сол кезде мұғалім: «құрастырған сөзіміз қалай еді?»— деген сияқты сұрақтар арқылы бастапқы сөзді (оқушылардың құрастырған сөзін) еске түсіртеді. «Ол сөзді қалай айтатын едік? (мысалы, қа-ла). Міне, осылайша оқыңдар,» — дейді. Оқушылар кеспе әліппеден құрастырған сөзді бірден оқып береді. 
 
7. Дыбыс алмастырып оқу. Мысалы, балалар талдау-жинақтау арқылы «қара» сөзін құрастырып, оқыды делік. Енді бірінші буындағы «а» әрпінің орнына мұғалім «о» әрпін қояды, «қора» деп оқиды. 
 
САУАТ АШУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ЖҰМЫСТАР 
 
Сауат ашу кезеңі негізінен үшке бөлінеді:  
 
1) әліппеге дейінге дайындық кезеңі; 
 
2) әліппе кезеңі;  
 
3) әліппеден кейінгі кезең. 
 
Дайындық кезеңде бөбектерді бір ұжымға ұйымдастыру жұмысына баса назар аударылады. Өйткені 6—7 жасар баланың мектепке оқуға түсуімен байланысты, жаңа жағдайға, жаңа адамдарға (мұғалімге, балаларға) үйрену, олармен қарым-қатынасқа түсу балаларға басында әжептәуір салмақ түсіреді. Мұнда балалардың барлығы бірігіп, әсіресе бір-бірінен сұрап, анықтау арқылы орындайтын тапсырмалар беру оларды жақындастырады. Сонымен қатар балаларды біріктіруде ойын ерекше роль атқарады (мысалы, шеберхана ойыны). 
 
Дайындық кезеңінде оқуға, жазуға әзірлік жасалады. Мұғалім балалардың, білім дәрежесімен танысады, қалай сөйлей алатындары, қандай өлең, тақпақтар білетіндері анықталады. 
 
Бұл кезеңде мынандай жұмыстарға баса көңіл аударылады: 

 
Балалардың сөздік қорын анықтау.

 
Балаларға ауызша қысқа-қысқа сөйлемдер  құра- 
тып, өз ойларын айтып беруге дағдыландыра бастау.

 
Балалардың, тіліне, сөйлеу мәнеріне көңіл  аудару; 
тіл мүкістіктері, кейбір дыбыстарды анық айта алмау 
жақтарын жою бағытында жұмыстар ұйымдастыру.

 
Мұғалімнің және жолдастарының сөзін  тыңдай білуге дағдыландыра бастау.

 
Сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы ауызша түсінік 
беріп, сөйлемді сөзге, сөзді буынға, буынды дыбысқа 
жіктеуге дайындық.

 
Жазуға дайындық жұмыстары жасалады: партаға 
дұрыс отыру, қарындаш, қаламды дұрыс ұстау, дәптер- 
ді партаға дұрыс қою, сия сорғыш, өшіргішті пайдалану 
сияқты жұмыстармен қатар балалар дәптердің сызығы- 
мен таныстырылады: өздері тік, көлбеу, ирек сызықтар 
сызып дағдыланады. Оқушылардың қолын жазуға жат- 
тықтыру үшін мұғалім әріп элементтеріне ұқсас фи- 
гуралар жасап, оны оқушыларға сыздырады.

 
Дайындық кезеңінде балалардың зейін, ерік, қиял т. б. ерекшеліктеріне баса назар аударылады; I класс оқушылары  бір нәрсені зейін қойып, тыңдай алмайтыны сияқты, өз қиялдарын да бақылай алмайды. Олардың қиялы  мен шындықтағы заттардың, құбылыстардың  арасында айырмашылық көп болады (мысалы, балалар суретте көрсетілген  заттарды атап тұрып, онда жоқ нәрселерді де қосып айтады). 
 
Бұл кезеңде жүргізілетін жұмыстың ерекшелігінің бірі - балалардың мектепке дайындық дәрежесінің әр түрлілігі. Осыған орай, жекелеген балаларға қалай ықпал жасау жолдары мен жұмыс түрлері ойластырылады. «Партаға түзу отыр», «Қаламды дұрыс ұста» сияқты плакаттарды көрсетіп (егер мектепте жоқ болса, ондай плакаттар алдын ала дайындалуға тиіс), соған сай әңгімелер өткізіледі. Өйткені балалар отыру, жазу, қалам ұстау ережелерін бұлжытпай орындауға жаттыққанда ғана саусақтарының бұлшық еттері дұрыс дамып жетіледі. 
 
Алғашқы сабақтарда балалардың тілі мен ойын дамыту жолында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады: әңгімелесу, көркем шығармалар оқу, ауыз әдебиет үлгілерін (жұмбақ, мақал, мәтел, жаңылтпаштар т. б.) жатқа, айту, өлеңдер жаттау, сурет, экскурсия бойынша әңгіме барысында мұғалім өзі қоятын сұрақтарын мұқият ойластырады. 
 
Дайындық кезеңіндегі әңгіменің ерекшелігі оның қысқа (4—6 минут) болуында, әсерлілігінде, мұғалімнің сөзінің логикалық жүйелілігінде, мәнерлілігінде, тақырыбы жағынан балалардың күнделікті өміріне қабысып келуінде. 
 
Дайындық кезеңде мектеп тәртібі, оқу құралдары мен оқу жабдықтарын пайдалану тәртібін үйретуге ерекше көңіл аударылады. 
 
Осы айтылғандармен қатар дайындық кезеңінде кейбір әріп элементтерімен таныстырып, таңбасын жасатып үйрету де пайдалы (мысалы, «А» үш таяқшадан тұрады: екі таяқша төбелерін түйістіріп тұрады да, үшіншісі кесе көлденең тұрады т. с. с). 
 
Кеспе әріптердің кассасын жасату және оны пайдалану жұмыстарына жаттықтыру да осы кезеңде іске асырылғаны жөн. Өйткені әріп таныту кезеңінде балаларға қойылатын талап тым көбейіп кетеді де, олар үлгіре алмай қалады. 
 
Бұл — сауат ашудың басты, негізгі кезеңі. Әліппе кезеңінде дыбыстар оқушыларға алфавит ретімен үйретілмейді, алғашқы кезде балаға естілуі, айтылуы ең оңай дауысты және дауыссыз дыбыстар үйретіледі. Әр дыбыстың тұсындағы суретке байланысты әңгіме өткізіледі. 
 
Қазақ мектептері үшін әліппе жасаушы авторлар мен сауат ашу жұмысын зерттеушілер әліппе кезеңін төртке бөледі. 
 
Бірінші кезеңде жуан дауысты дыбыстар мен созылымды дауыссыздар және олардың таңбалары таныстырылады. Грамматикадан: сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс практикалық жолмен ұғындырылады. 
 
Жалпы кеңес мектептеріндегі мұғалімдер мен әдіскерлер жазу оқудан кейін қалмауға тиіс екенін, яғни балалар сауат ашу барысында дыбыстарды оқып, олардың таңбаларын танып қана қоймай, әріптерді де жазып үйренулері қажет екенін көрсетеді. 
 
Ендеше алғашқы кезеңнен бастап-ақ оқушылар үлкен және кіші әріптерді бірден жазып үйренеді. Екі дыбысты сөздерді оқи біледі, сондай-ақ көшіріп, те, жатқа да жазып үйренеді. 
 
Оқуда да, жазуда да сөзді буынға, буынды дыбысқа бөлу сияқты, талдау-жинақтау әдісі, сонымен қатар үдету амалдарымен (ат, ат-а-ата т. б.) жасалған сөздерді және бір ғана әрпі немесе дыбысы өзгеше сөздерді (ана, ара, т. б.) оқу-жазу әдістері кең қолданылады. 
 
Екінші кезеңде негізінен қысаң дауыстылардың жуаны және қалған үнді (сонор), ұяң, қатаң дауыссыздар таныстырылады. Бұл кезеңдегі дыбыстармен танысу жолдары да бірінші кезеңдегідей әдістер арқылы өтеді. Мұндағы айырмашылық— ұқсас дыбыстар салыстырыла оқытылады. Танылатын әріп санының көбейе түсуіне байланысты бұл кезеңнің жазу материалында қысқа-қысқа сөйлемдер кездеседі. 
 
Үшінші кезеңде жіңішке дауысты дыбыстар мен к, г, п, б, ж, з, ң сияқты дауыссыздар танытылады. Бұл кезеңде оқушыларға үйретілетін буын саны да арта түседі. 
 
Әліппені оқытудың төртінші кезеңінде тілімізде сирек кездесетін «һ» сияқты дыбыстар мен солардың таңбалары таныстырылады. Сонымен қатар бұл кезеңнің мақсаты — орыс алфавитінен қосылған әріптерді және олардың дыбыстарын саналы түрде таныту. 
 
Жазу жұмыстары, сондай-ақ басқа жұмыс түрлері дс алдыңғы, дайындық кезеңіндегі сияқты болып келеді. 
 
Әліппе кезеңінде қолданылатын негізгі құрал (Әліппе» жәнс «Әліппе серігімен» қатар) —кеспе әліппе. Кеспе әліппеден балалар сөз құрастырады, сөздерді буынға, дыбысқа талдайды, құрастырған сөздерін оқып жаттығады. Балалар оқыған немесе жазған сөздерінің мағынасына жете түсінетіндей, қате жібермейтіндей дәрежеге жеткенге дейін талданады. 
 
Балалар әліппені өтудің бірінші кезеңінде алдын-ала буынға, дыбысқа талдап, кеспе әліппеден құрастырған сөздерін оқитын болса, екінші кезеңде үдету амалымен жасалған сөздерді және бір дыбысы өзгеше сөздерді оқиды. Бір дыбысы өзгеше сөздер мен үдету амалы арқылы жасалған сөздерді оқыту жұмысы кеспе әліппені пайдалану жұмысымен байланыстырыла жүргізілгенде ғана тиімді және нәтижелі болып шығады. 
 
Үшінші кезеңде оқушылардың оқу техникасы мен жазу дағдысын жетілдіре түсу мақсатында «Әліппе» кітабының соңғы жағындағы материалдар пайдаланылады. Бұл сабақтардың мақсаты оқушылардың әліппеден алған білімін бекіту ғана емес, сонымен қатар балаларды оқу кітабы мен грамматикадағы материалдарды үйренуге дайындау болғандықтан, әліппе кезеңіндегі сабақтардан гөрі әліппеден кейінгі кезеңдегі сабақтар едәуір ерекшеленеді. 
 
Әліппеден кейінгі кезеңде балалар көлемі шағын, қарапайым қысқа-қысқа сөйлемдерден құрылған мәтіндер оқиды. Кеспе әліппемен жұмыс бұл кезеңде де тоқтатылмайды. Әріптерден сөздер мен буындарды құрап жаттығу және оларды оқу жұмысы әліппеден кейінгі кезеңде де ұштастырыла қатар жүргізіліп отырады. 
 
Жазуға берілетін мәтіндердегі сөздердің айтылуы мен жазылуы бірдей, бір-біріне сай болуы әліппеден кейінгі кезеңде де қатты қадағаланады. Балалар бұрын оқылған, талданған сөйлемдерді мұғалімнің айтуы бойынша жатқа жаза алады. Аяқталмаған сөйлемдерді өздері аяқтай алады. Сөйлемдердегі қалдырылып кеткен сөздерді өздері тауып, қосып жаза алады. Мұндай сөздерді тауып, қосу немесе сөйлемді аяқтау жұмыстары, әрине оқушылар бұрыннан оқып талдап, танысқан сөйлемдері бойынша жүргізіледі. 
 
САУАТ АШУ БАРЫСЫНДА ЖАЗУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР 
 
Оқушылар жазу ережесін сақтап отырғанда ғана дұрыс жазуға үйрене алады. Жазуға негізінен мынадай талаптар қойылады: 
 
а) әріпті дұрыс жазу, дәптердің көлденең сызығынан 
ауытқымау; 
 
ә) әріптердің элементтерін жазғанда ұзынды-қысқалы етпей, тегіс, бірдей жазу; 
 
б) әріптердің бірін оңға, бірін солға қисайтпай, бар- 
лық әріпті бірдей, оңға қарай, сәл көлбете (45) жазу; 
 
в) әріптердің, сондай-ақ сөздердің, арасындағы қашықтықты бір қалыпты сақтап (сөздер бір-бірінен м әрпінің көлеміндей қашықтықта болуға тиіс) отыру; 
 
г) бірте-бірте жазу қарқынын тездете түсу. 
 
Бұл талаптар бастауыш мектептің барлық сыныптарында да жазу жұмысының барысында орындалып отыруға тиіс. 
 
Жазуға кірісерде алғашқы күннен бастап орындалуға тиісті гигиеналық талаптар: 
 
а) дәптер партаның үстіне, баланың кеудесінің қақ ортасына тура келетіндей болып, сәл көлбетіле (оңға 65) қойылады; 
 
ә) бала басын оңға не солға, иықтарын, кеудесін алға не артқа қисайтпай, аяқтарын қатар қойып, алдына түзу қарап отырады. Бұл олардың омыртқалары, көкірегі дұрыс жетілу үшін қажет; 
 
б) балалар табандарын еденге (партаның табан 
тақтайына) еркін басып отырады. Тізені қатты бүкпей, 
бір аяқты екінші аяқтың үстіне қоймай, аяқтарын я алға, я артқа сілтемей отырғаны дұрыс; 
 
в) партаға көкіректі тіремеу керек. Өйткені бұл ты- 
нысты тарылтады жаңа өсіп келе жатқан кеудені бұзады; 
 
г) қаламды ұстағанда саусақ қаламұштан үш сан- 
тиметрдей жоғары тұратындай болып және қаламның 
жоғарғы жақ ұшы оң иықтың тұсына дәл келетіндей 
жағдайда болғаны жен; 
 
д) жазғанда баланың көзі мен дәптер аралығындағы 
қашықтық 25—30 см сақталуға тиіс. 
 
Сауат ашу кезінде жазу сабақтарында балалар әріп элементтерін немесе жекелеген әріптерді жазғанда ұзақ уақыт жазып отырмауын қадағалау керек. Өйткені ұзақ уақыт бір-екі элементті немесе бір әріпті жаза берсе, бала шаршайды да, сабаққа зейін қоюдан қалады, сондықтан үш — бес минут жазғаннан кейін қолдарына демалыс беріп, сонан соң құрамында үйреніп отырған әрпі бар сөздерді жазуға көшкені дұрыс. Жұмыс түрі өзгергенде балалар да оған зейін қоя бастайды. 
 
Сауат ашу барысында балалар сөздер мен сөйлемдерді естерінде ұстап жазуға үйренулері қажет. Ол үшін айтылуы мен жазылуының арасында ешбір айырмашылық жоқ сөздер алынады және бұл кезде әріптердің таңбасы арқылы (жазба танбасы) берілген сөздер мен сөйлемдерді көшіріп жазу ұсынылады, ал сауат ашу аяқталғаннан кейін, баспа таңбалы әріптер жазылған текстер көшіртіледі. Осы жұмыстардың бәрінде де оқушылар жазуға кіріспес бұрын сөздер дыбысқа, буынға талданады. 
 
САУАТ АШУ КЕЗЕҢІНДЕ ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН КӨРНЕКТІ ҚҰРАЛДАР 
 
Сауат ашу кезеңіндегі ең негізгі басты құрал — «Әліппе» және «Әліппе серігі». Әліппенің бас жағындағы түрлі тақырыптарға салынған суреттер де оқушылармен жүргізілетін дайындық жұмыстары үшін ен, қажетті көрнекі құрал болып есептеледі. Әліппеде әрбір жаңа әріпті үйрету барысында жекелеген заттардың суреттері және тақырыптық суреттер де беріледі. Сонымен қатар онда балалардың ойы мен тілін дамыту үшін сюжетті картинкалар, әңгімелер, жұмбақтар т. б. бар. 
 
Әліппеге қосымша көрнекі құрал — кеспе әліппе. Кеспе әліппеден олар буын, сөз, сөйлем құрайды және оларды талдап, оқып үйренеді. 
 
Әріптерді естерінде жақсы сақтау үшін суретті алфавит қолданылады; онда әрбір әріптің суреті мен атауы және сол әріптен басталатын заттың суреті салынады. 
 
Әріптерді сақтауға арналған әріп кассасы жасалады. Әріп кассасының көлемі дәптердің ашып қойғандағы көлеміндей болады. 
 
Қызыл, көк түсті төрт бұрыштар жасалады. Қызылы дауысты дыбысты, көгі дауыссыз дыбыстарды көрсетеді. 
 
Бұл айтылғандардан басқа таблицалар да қолданылуы мүмкін. Мысалы дауысты, дауыссыз дыбыстарды өту барысында таблица қажет-ақ. Мұнда дауысты дыбыстың таңбасын қызыл түспен, дауыссыз дыбысты қара түспен ерекшелеуге болады. Сөз құрастыру үшін буындар беріледі. 
 
Жазу жұмыстарында пайдалану үшін арнаулы «Жазу үлгісі» ұсынылады. «Жазу үлгісінде» әріптердің элементтері, жазба үлгілері беріледі. 
 
Әр сыныпта оқушылардың партаға түзу, дұрыс отыруы бейнеленген және жазу кезінде қаламды дұрыс ұстау, отыру үлгілері бейнеленген плакаттар болуға тиіс. 
 
Сауат ашу кезеңінде пайдаланылатын дидактикалық материал да бар. Бұлар: сөздердің дыбыстық құрамын талдауға жаттығу үшін түрлі карточкалар; кейбір жағдайда олар — клеткалармен берілген заттық картинкалар, екінші бір жағдайды — әріптің жартысы мен қалған жартысының орнына клетка т. б. с. с. 
 
Мұндай үлестіруге арналған дидактикалық материал — оқушыларға сөздің дыбыстық құрамын схемаға сүйеніп талдауы үшін көмекші құрал болып саналады. Оқушылар сөзді іштерінен айтады да, схеманы толтыруға кіріседі. (Дәптерге түсті бояу қарындашпен, тақтаға дөңгелекшемен, сызықшамен т. б. с. с). Сөздегі дыбыстарды тәртібімен талдап, дауысты, дауыссыздарын анықтап, оқушылар әріптерден сөз құрауға кіріседі. 
 
Алдыңғы дидактикалық материал екінші бір жолмен тағы қолданылады: 1) өтілген дыбыстардан қиындау буындар кездесетін сөздер құрастыру үшін; 2) балаларға анағұрлым ауырлық келтіретін дыбыстарды қайталап, бекіте түсу үшін (жоғарыда көрсетілген дыбыстар, жіңішкелік, жуандық белгілер т. б.); 3) картинкалармен жұмыс жасау үшін, логикалық жаттығулар орындау үшін; 4) әрбір оқушының жеке ерекшелігін ескеріп, жұмыс ұйымдастыру үшін. 
 
САУАТ АШУ КЕЗЕҢІНДЕ БАЛАНЫҢ ТІЛІ МЕН ОЙЫН ДАМЫТУ 
 
Соңғы психологиялық зерттеуге қарағанда бастауыш сынып оқушыларының өзін теориялық ойлауға, жалпыдан жекеге көшу, заттар мен құбылыстардын, арасындағы байланысты аңғаруға үйретуге болатыны анықталды. 
 
Егер мектепке оқуға түскен бала әлі заттар мен құбылыстардың негізгі белгілерін айыра алмайтын болса, мұның өзі олардың тәжірибесінің аздығынан, білімінің жсткіліксіздігі мен шашыраңқылығынан деп түсінген жөн. 
 
Осыған орай, I сынып оқушыларының заттар, құбылыстар туралы елестерін анықтап, бір жүйеге келтіру қажст. Бұл жұмыс әуелі әліппеде берілген сөздер арқылы жүргізіледі. Сездік қорды байыту заттар мен құбылыстар және олардьщ арасындағы байланыстар жөніндегі елестерді анықтаумен қатар жүріп отыруға тиіс. 
 
Бірінші сынып балалары естігендері, көргендері, кейбіреулері оқығандары жөнінде айтып бере алады. Алайда олардың сөйлемдері нашар, жүйесіз құрылған, белгілі бір жоспармен айта алмайды. Ойы негізгі нәрседен басқаға тез ауып кетеді. Мысалы, ойынның түрлері жөнінде әңгімелегенде, шешесімен барып, дүкеннен ойыншық сатып алғанына ауысады т. с. с. Егер мұғалім әңгі-мені дұрыс салаға бағыттап отырмаса, тіл дамыту құр мылжың болып кетуі мүмкін. Мұндағы негізгі міндеттің өзі — балаларды белгілі бір жүйемен сөйлеуге үйрету ғой.

сурет бойынша, сөйлегенде де, ұсақ бөліктерге көбірек тоқталады. Мұның өзі де олардың ойының жинақы еместігін көрсетеді. Ал мәтін бойынша сөйлегендекөбіне сөзбе-сөз айтуға, яғни мәтіннің сөзімен баяндауға тырысады. Бұл құбылыс олардың көбінесе естің жұмысына сүйенетінін байқатады. Сондықтанбалаларды ойлауға, сөздерді «көре» білуге, оның мағынасын ұғынуға үйрету жағына баса назар аудару қажет. 
 
I сынып оқушысы дыбыстық талдауды меңгеру барысында дыбыстар тобын еркін ұғына алады, негізгі типтік дыбыстарды абстракциялайды, осының арқасында жазуға үйренеді. 
 
Оқуды меңгеру барысында да оқушылар әрбір жеке дыбысты, оның әрпін естерінде ұстау емес, дауысты, дауыссыз дыбыстардың негізгі қасиеттеріне үйренеді. Мұнда балалардың көрнекі-бейнелік ойлауы (көрнекі түрде салыстыру, қайта құрастыру) пайдаланылады. 
 
Оқушылардың тілін дамыту әліппедегі мәтіндер мен суреттер арқылы жүргізіледі. Әліппеде бағана-бағанамен берілген сөздер өмірдің әр саласын қамтиды: балалар мен үлкендер өмірі, табиғат құбылыстары, баланы қоршаған сан алуан заттар, өсімдіктер, жануарлар дүниесі т. б. 
 
Оқушылар әр топтағы заттармен, олардың қызметімен, неден жасалғанымен танысады. Соңында оларды топтастырады, негізгі белгілеріне қарай ажыратады. Мысалы, шеті иректелген жапырақтарды бір топқа, қылқан жапырақты ағаштар: шырша, үйеңкі т. б. 
 
Байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы. I сынып оқушылары сөйлеу сөйлемнен тұратынын біледі. Олар сөйлемді сөзге бөледі. Бір сөйлемде қанша сөз бар екенін анықтайды, өздері екі-үш сөзден сөйлем құрайды. Ертегіні қайталап айтқанда, әнгімелескенде олар сөйлеммсн сөйлейді. Әрине, бұлар сөйлем туралы тек алғашқы мәліметтері, бұл мағлұматтары кейін грамматика сабақтарында нақтылана түседі. 
 
Әліппе кезеңіндегі негізгі міндет — балаларды ауызша сөйлем құрауға үйрету. Әліппедегі картинкалардың, көпшілігі балаларды сөйлем құрауға үйретуді және олардың сөйлеу қателіктерін түзетуді көздейді. 
 
Байланыстырып сөйлеуге үйрету сұрақ-жауап түрінде жүргізіледі. Ол (сұрау) әңгіменің жоспары іспеттес болуы керек. 
 
Логикалық байланыстырып сөйлеуге үйрету үшін деформациялық мәтіндер алған жақсы. 
 
Байланыстырып сөйлеуге үйретуде диафильм, мультфильм немесе балалардың ойыны, сондай-ақ мектептегі қандай да болмасын бір оқиға жөнінде де әңгімелесу тиімді нәтиже береді. 
 
Сөйлеуге үйретуде дыбысты дұрыс айтып және оны дәл қабылдаудың маңызы зор. I сынып оқушыларының бірқатары дыбысты дұрыс айта алмайды (р, л, с, ш, з, ж, щ, ц). 
 
Дыбысты бұзып айту бірқатар жағдайда оны дәл қабылдай алмағандықтан болуы мүмкін. Мысалы, ұяң дауыссыздарды қаттылау айту, айтылуы ұқсас дауыссыздарды ажыратпай, түсініксіз айту (с-ш, ж-з, ч-щ, т. б.). Мұндай жағдайды балаға осы дыбыстардан қос буын құратып айтқызса, (па-ба, ба-па, ка-га, га-ка, жа-за, за-жа, жа-ша, ша-жа) оңай білуге болады. 
 
Дыбыстарды бұзып айту сөзді дыбыстық талдау процесінде де көрінеді. (Мысалы, шаш, шана сөздерінен »ш» дыбысын бөліп көрсеткенде т. б.). Баланың сөйлеу кемшілігін жөндеу әрбір баламен үнемі жеке жұмыс жүргізуді талап етеді. 
 
Егер баланың сөйлеуі анық болмаса және ол түзеле қоймаса, мұндай жағдайда оны маман мұғалімге-логопедке жіберу керек. 
 
ДАЙЫНДЫҚТАРЫ ӘР ТҮРЛІ ОҚУШЫЛАРМЕН 
 
ЖҮРГІЗІЛЕТІН САУАТ АШУ ЖҰМЫСЫНЫҢ 
 
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 
 
I сыныпқа оқуға дайындықтары әр түрлі балалар келеді. Олардың ішінде кейбіреулері кітапты жүгіртіп оқи алады, ал екіншілері ежелеп оқиды, үшіншілері буындап оқиды, төртіншілері тіпті оқи да алмайды, әріп те танымайды. 
 
Сондықтан мұғалім ең алдымен өз сыныбына түскен оқушылардың құрамымен танысады, олардың қайсысының қалай оқитынын біледі. Жүгіртіп оқи алатындарға «Әліппе серігінен» қосымша материал беріледі. Ежелеп оқитындарға «Әліппеден» әріптерді қосып оқу тапсырмалары орындатылады. Дайындығы нашар балалармен сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта үнемі жеке жұмыс жүргізіледі. 
 
Әрбір оқушының дайындығына қарай, тапсырма дәл, тез беріліп, оларды түгел қамтиды. Мұнда, әрбір бала бір тапсырманы орындағанда сол сынып ұжымының ең бір пайдалы мүшесі сияқты сезінетін жағдай жасалғаны жөн. 
 
Оқуға алынатын материал сабақтың жалпы тақырыбына сәйкес іріктеледі (әдетте «әліппенің» беттеріне сай), бірақ әр баланың мүмкіндігіне қарай, әр түрлі сөздер, буындар, сөйлемдер таратылады. Осы қағида әліппеден кейінгі кезеңдерде, «Ана тілін» оқығанда да, дидактикалық материалдар таратқанда да сақталып отырады. Бұл жұмыстардың барлығының көздейтін мақсаты — сабақ үстінде оқушылардың келісімді қызмет жасауын қамтамасыз етіп, әр оқушының дайындығына қарай, оқу дағдысын жетілдіру. 
 
Қайсыбір жағдайларда сөздерді тақырыпқа қарай топтатып үйретеді. Мысалы, «құрал-саймандар». Оқушыларға бірнеше картинка үлестіріледі. Енді ғана әріп танып, оқи бастағандар: айыр, ара, орақ, біз, машина суреттерін алады. Олардан гөрі тәуір оқитындар: шал-ғы, балға, балта, күрек, егеу, ине алады. Олардан да жақсы оқитындар: тырнауыш, қайшы, тақта, шелек, ше-ге алады. Әрбір оқушы құрал-сайманға жататындарын іріктеп сөз құрайды. Мұғалім тексеріп, қателерін жөндейді. Осыдан сон, әр оқушыдан ол сөзді неге құрал-сайманға жатқызғаны, ол құралмен не істелетіні, қалған картинканы неге құрал-сайманға жатқызуға болмайтыны айтқызылады. 
 
Сөйтіп, заттардың атын айтып, сөз құрау жұмысы логикалық жаттығулармен ұштастырылады. 
 
Әрбір сабақта балалар өздіктерінен орындау үшін тапсырма алады. Жаңа оқи бастағандар бірте-бірте күрделі тапсырмаларды орындай отырып, жүгіртіп оқи алатындарды көп ұзамай қуып жетеді. 
 
Балалардың өздіктерінен орындайтын жұмыстарының үлгілеріне мысал: Жаңа оқи бастағандарға: Әліппеден мал сөзін құрау; мал мәтінін оқу. Жүгіртіп оқи алатындарға: мал аттарын құрау; оған өздіктерінен мәтін құрастырып айтып беру т. с. с. 
 
ҚА3ІРГІ ӘДІСТЕМЕЛІК ӘДЕБИЕТТЕРГЕ ШОЛУ 
 
Сауат ашуға үйрету әдістемесі қазіргі әдебиеттерде негізінен көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек ғылыми фонетика мен психологияның соңғы кездегі зерттеу деректеріне орай, дыбыстық талдау-жинақтау тәсілдері анықтала түсуде, дайындығы әр түрлі балалар жөніндегі мәселе шешілуге аяқ басты. 
 
1987 ж. баспадан шыққан «Бастауыш оқу методикасы» жинағында сауат ашуға үйрету негізі дыбыстық талдау-жинақтау әдісі бойынша баяндалған. Онда буындағы және сөздердегі дыбыстарды ажырату, салыстыру тәсілдерінің неғұрлым ұтымдылары, сондай-ақ оқудың дыбыстық талдау-жинақтаумен ұштасып отыратын тәсілдері берілген. 
 
«I кластағы оқыту» (Алматы, 1977) жинағында сауат ашуға үйретудің әрбір кезеңдерінде жүргізілетін жүмыстар толық көрсетілген. «Әліппе серігі» (Алматы, 1980), «Әліппеге» методикалық құрал» (Алматы, 1984) кітаптарында түрлі дайындықпен келген оқушыларға арналған тапсырмалар және сөз құрамындағы дыбыстарды талдауға үйрету жолдары көрсетілген. 
 
Жаңа программаға байланысты методикалық ма-териалдарды «Бастауыш мектеп» журналының бетінен оқуға болады. Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінің «Алты жасарларды оқытудың нормативтік документтер жинағында» (Алматы, 1986) I класқа арналып шығарылған оқу құралдары мен әдістемелік материалдар, көрнекі құралдар мен көмекші құралдардың тізімі көрсетілген. 
 
САУАТ АШУ КЕЗЕҢІНДЕ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ 
 
1. Оқу сабақтарында, экскурсияларда табиғат құбылыстарын бақылап үйренеді (маусымдық өзгерістерді). Жылдың әр маусымындағы өзгерістерді салыстырады, жалпылайды және көктемнің, жаздың, күздің, қыстың белгілері жөнінде қорытынды шығарады. Маусымдық, өзгерістердің себептерін түсіндіреді (күннің сәулесі мен жылуына байланысты). Табиғат календарын жасайды. Жыл маусымдарына қарай, адамдардың бау-бақша-дағы, егістіктегі, мал шаруасындағы қызметінің өзгерістерін байқайды. 
 
2. Адамдардың тұрмысы мен қызметінде білімнің 
ролі туралы қарапайым елес қалыптасады. Оқу әрекетінің негізгі ережелерімен танысады, танымдық ойындар ойнайды, жұмбақтар шешеді, тату болу, сәтсіздіктерге күлмеу, оқудағы өздерінің және жолдастарының табыстарына қуану т. б. с. с. үйренеді. 
 
3. Оқушы режимінің негізгі бөлімдерімен танысады. 
Оқулықтарды, оқу жабдықтарын ұқыпты үстауға дағ- 
дыланады, ертеңгіліктерге қатысады (Кітап мерекесі», «Әліппемен кездесу», «Әліппемен қоштасу» т. б.). 
 
4. Қоғам өмірімен танысады. Отаны туралы, туған жері, елі, халқы туралы, оның басынан өткен уақиғалар мен бүгінгі жайы және болашағы, салт, дәстүрі туралы, түрлі мейрамдар және оларды неге мейрамдайтынымызды т. б. біледі. 
 
5. Адамдардың еңбектерін бағалауға үйренеді, мек- 
теп мүлкін сақтау, киімдерін күту, нан, басқа да тағам- 
дарды төгіп-шашпау, ағаштардың бұтақтарын сындырмау, жер бетінде шыққан көгалды таптамау т. б. с. с. біледі және сондай әрекеттерге дағдыланады. 
 
6. Мектептегі және қоғамдық орындардағы мінез- 
құлық нормаларымен танысады. Жақсы деген немене, жаман деген немене екенін айырады. Кішіпейілділік, мейірімділік, адалдық, қарапайымдылық т. б. с. с. қасиеттерінің не екенін, олардың мәнін түсінеді. 
 
7. Көшеде жүру тәртібімен, жол ережесімен танысады. 
 
8. Санитарлық-гигиеналық ережелерді орындауға үйренеді. 
 
Бұл жұмыстар сабақ үстінде де, сабақтан тыс уақытта да жүргізіледі. 
 
ОҚУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ 
 
ОҚУДЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН МАҚСАТЫ ЖӘНЕ ҚАҒИДАЛАРЫ 
 
Бүгінгі бөбек — ертеңгі азамат — қоғам иесі. Балғын бөбектерге ең алғаш жол көрсетуші, бағыт беруші — бастауыш мектеп мұғалімдері. Ақ жүрек, балғын бөбектерге білім мен тәрбие есігін ашу бастауыш мектеп мұғалімдеріне абыройлы да жауапты жұмыс жүктейді. Өйткені білім мен тәрбие негізі, баланың жеке басын қалыптастыру негізі — бастауышта қаланады. 
 
Қайта кұру кезеңінде бөбектердің жеке басын қалыптастыру ісін тиянақты жолға қоюға баса назар аударылуда. 
 
Балалар мектепке келген алғашқы күннен бастап, Отанымыздың өмірімен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысады. Отанымыз кушейе түсу үшін, халықтың тұрмысы жақсара түсу үшін іске асырылып жатқан сан алуан жағдайларды ұғынады. Үлкен адамдардың оларға қандай үміт артып отырғанын аңғарады. 
 
Осы үмітті ойдағыдай ақтау үшін, біздің мектептеріміз жас балдырған алғаш рет мектеп табалдырығын аттағаннан бастап-ақ, оқыту, тәрбиелеу және даму процестерін тығыз ұштастыра жүргізіп, өз өрендеріне дүниенің алуан түрлі сырларын ашып береді, оларды білімнің бай қазынасын терең меңгеруге, қоғамның белсенді азаматы болуға баулиды. Осы тұрғыдан қарағанда бастауыш мектептердегі оқу сабақтарының мақсаты: 

 
Идеалық-саяси, адамгершілік және эстетикалық  тәрбие беру.

 
Дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру.

 
Балаларды жас өспірімдер мен үлкендердің  үлгі- 
лі, ерлік істерімен еңбектерімен таныстыру арқылы қо- 
ғам игілігіне адал ниетпен еңбек етуге, адамгершілікке, 
бір-бірін сыйлаушылыққа, адалдық пен шыншылдыққа, 
кішіпейіл болуға тәрбиелеу.

 
Сүйікті Отанымыздың мейлінше бай, көркем де сұлу табиғаты жайлы материалдармен танысу арқылы табиғатта кездесетін өзгерістер мен құбылыстарды байқай біліп, теңдесі жоқ сұлулық пен  көркемдікті баға- 
лай білуге, елін, жерін қадір тұтып, сүюге тәрбиелеу.

 
Бағдарлама көлемінде ғылым негіздерінен ең қа- 
рапайым білім беру.

 
Балалардың сынып сайын алған  білімдері мен оқу 
дағдыларын, шеберліктерін жетілдіру, тілін одан әрі 
дамыта түсу.

 
Халықтардың бостандық, бейбітшілік  үшін жүр- 
гізген қаһармандық күрестерімен таныстыра отырып 
(әдеби шығармалар, кинофильмдер т. б.), балалардың 
сана-сезімін советтік патриотизм, Отанды сүю, бейбітшілік пен халықтар достығы рухында қалыптастыру.

 
Саналы тәртіпке, дұрыс міиез-құлық  нормаларына үйрету.

 
Еңбекке қызығу, еңбекқорлыққа, еңбек  адамда- 
рын жоғары бағалауға тәрбиелеу.

 
Бастауыш мектептегі оқудың негізгі  қағидалары оны өмірмен байланыстыру болып табылады. Оқу сабақтарында балалардың алған мағлұматтарының  шындық екенін дәлелдеу, тәжірибеден  көрсету мақсаты көзделеді. 
 
Оқу сабақтарының міндеті — балаларда дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру. 
 
Оқушыларды саналы оқуға үйрету, білімді саналы меңгерту, балалардың белсенділігін арттыру — оқу сабақтарындағы ең басты талап. Балалар бұл сабақтардаоқығандарына жақсы түсініп, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқы мен сезім күйін айыра білуге, процестер мен құбылыстарды дұрыс бағалай алуға үйренеді. 
 
ОҚУЛЫҚҚА ЕНГЕН МАТЕРИАЛДАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОҚЫТУ ТУРАЛЫ 
 
Оқуға арналған материалдар әр сынып үшін «Ана тілі» кітаптарында беріледі. Бұл оқу кітаптары жаңа бағдарламаның талаптарына сай жасалған. 
 
Оқулықтарға енген материалдарды тақырыбы мен мазмұны жағынан топтасақ; салт-санамыз, ұлттық дәстүріміз, өнеркәсібіміз бен ауыл шаруашылығымыз, қала мен ауыл арасындағы қарым-қатынас, мектеп пен отбасы, еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтары, яғни Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері және олардың үлгі-өнеге боларлықтай істері, кеңес халқының алуан түрлі еңбектері, бейбітшілік пен халықтар-достығы үшін жүріп жатқан күрестер, жолдастық, достық және адамгершілік, кеңестік патриотизм, табиғатта, адам баласының мінез-құлқында, іс-әрекетінде кездесетін әсемдік пен сұлулық, балалар өмірінде, пионерлер, комсомолдар өмірінде кездесетін уақиғалар жөнінде мағлұмат беруді көздейтін материалдар. 
 
Жаңа оқулықтардағы материалдар жүйеленуі жағынан тақырыптық қағидамен орналастырылған, яғни бірнеше материал бір тақырыпқа жинақталып, топталып беріледі. Мұндағы мақсат — белгілі бір тақырып бойынша оқушыларға түрлі уақиғаларды суреттейтін сан алуан материалдарды оқыту арқылы жан-жақты ұғым, кең мағлұмат беру. Оқулықтар тақырыптық қағидамен құрылғандықтан, ондағы материалдар сол орналасқан қүйінде бірінен соң екіншісі оқытыла бермейді. Оқулыққа енген шығармаларды мазмұнының оңайлығына, қиындығына, көлемінің үлкен-кішілігіне, баяндалу стиліне, құрылысы мен жанрына қарай, қай мер-зімдерде өтуге лайықты болатынын мұғалім алдын ала ойластырады. Сондықтан да мұғалім оқу сабағына кіріспес бұрын оқулықта берілген материалдармен түгелдей танысып, олардың мазмұнын толық меңгеріп, оқытылу жолын жан-жақты қарастыруға тиіс. Осындай жұмыстардан кейін қай материалды қашан, неше сағат оқытатынын белгілеп, календарлық жоспар жасайды. Онда әр бөлімде берілген бір топ материалды сол оқу-лықта орналастырылған тәртібімен өткен қолайлы ма, әлде түрлі даталарға сай келтіру үшін, олардың орындарын ауыстыруға тура келе ме — осылардың барлығын ойластырады. Мысалы, III класс оқушыларының түгел пионерге өтетіні ескеріліп, пионер деген кім, пионердің міндеті қандай, пионерлердің іс-әрекетімен балаларды нақты таныстыру мақсатында оқулыққа «Пионерлердің өмірі мен істері» бөлімі берілді де, оған біздің елімізде пионер ұйымының алғаш қашан құрылғанын, пионерлердің ұранының, пионер галстугінің маңызы мен мәнін түсіндіретін сондай-ақ оның өмірін көрсететін бірнеше әңгіме кірістірілді. Бұл әңгімелерді біздің ойымызша апрель айларының алғашқы күндерінен бастап оқытқан қолайлы. Себебі балалар пионерге жаппай Ұлы көсеміміз В. И. Лениннің туған күні қарсаңында өтеді. Сондықтан балаларды өздеріндей жас лениншілдер өмірімен пионерге етуге дайындық кезінде таныстырған пайдалы. Немесе 3 класс оқулығында: «Ертегілер, мысалдар, мақал-мәтелдер» бір бөлімге топталады. Мұнда да берілген ауыз әдебиет үлгілерін тек осы бөлімде ғана он-он бес күннің ішінде оқулықтағы тәртіппен өту керек деген мақсат көзделмейді. Бүл материалдар да жыл бойына әр кезеңге бөлініп оқытылғаны дұрыс. 
 
Күнтізбелік жоспар жасағанда әр бөлім бойынша қайталауды қалай ұйымдастырған тиімді, қорытынды сабақтарды өткізу үшін пайдаланылатын материалдар, жазу жұмыстарын қай кездерде қалайша жүргізген ұтымды — осылардың барлығы көрсетілуге тиіс. Тағы бір есте болатын жай: мұғалім кейбір материалдарды, яғни бір бөлімде берілген шығармалардьң ішінен ең қиындарын, балалардың оқу дағдылары мен шеберліктерін қалыптастыруға қажеттілерін, сыныпта оқыту үшін іріктеп алады да, кейбір жеңіл-желпі материалдарды (оқушылардың өз бетімен түсінулеріне қиындық келтірмейтіндерін) үйден оқып келуге тапсырады. 
 
Оқулықтарға енген материалдар: көркем очерктер, ғылыми мақалалар, жазба және ауыз әдебиеті үлгілері. Бұл материалдар арқылы мұғалімдер оқушыларды кеңес ақын-жазушылары шығармаларымен, халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныстырады, балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырады, сөйтіп, халық тілінен үйрену арқылы сөз байлығын арттыруға көмектеседі. Оқушылар ғылыми мақалаларды оқу арқылы түрлі ғылым салаларынан мағлұмат алады. 
 
Оқулықта берілген материалдарды оқып үйренуге байланысты әр түрлі практикалық жұмыстар да жүргізіледі. Олардың бастылары: оқушыларды әр түрлі құрылыстарға, фабрикалар мен зауытттарға, ауыл шаруашылық нысандарына (егіс даласы, жеміс бағы, мал, құс фермалары т. б.) экскурсияға апару, кинофильмдер, диафильмдер көрсету, еңбек озаттарымен, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлермен, қарт қоммунистермен кездесулер, әдеби-музыкалық кештер, ертегі кештерін ұйымдастыру т. б. 
 
Оқулықтарда әрбір мәтіннен кейін оқушыларға сұраулар қойылады және сол мәтін бойынша олардың өз беттерімен орындайтын жұмыс түрлері көрсетіледі. Онда балалар мәтіннің мазмұнына байланысты түрлі жұмыстар орындайды (мәтінді бөлімдерге бөлу, әр бөлімге ат қою, бірнеше бөлімді біріктіріп ат қою, жоспар бойынша баяндау, мәтіннен табиғат көріністерін, еңбек әрекеттерін немесе басты кейіпкерлерді бейнелейтін үзінділерді тауып оқу, сөздік жүргізу т. б. С. С). 
 
Оқулықтарда түрлі түсті суреттер берілген. Мұғалім бұл суреттерді талдау арқылы балаларға картинаны түсіну әдісін үйретеді.  
 
 
Сонымен қатар ол картиналардың авторларымен де таныстырған жөн. 
 
Оқулықтардағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы берілген материалдар табиғаттану жөнінде оқушыларға ғылыми мағлұмат беруді қатаң талап етпейді, :өйткені жаңа программа бойынша, балаларды айналамен таныстыру I кластан бастап оқылады. Сондықтан мұндай материалдардың, көркемдік қасиетіне, тіліне баса назар аударылады. 
 
ОҚУДЫҢ ТҮРЛЕРІ 
 
Оқудың түрлері екіге бөлінеді: дауыстап оқу, іштен оқу. 
 
Дауыстап оқу көбінесе I—II сынып оқушыларына тән болады. Бірақ I сыныпта іштен оқытуға болмайды деген ұғым тумасқа тиіс. Іштен оқу I сыныптан-ақ басталады. Содан былай қарай, оқудың бұл көрсетілген екі түрінің екеуі де бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Балалардың дауыстап оқуы арқылы алған дағдылары іштен оқуға тасымалдана береді (II—III сыныптан бастап дауыстап оқылған материалдар іштен оқуға беріледі), III сыныпта жаңа материалдар алдын ала дайындық жұмыстарынан кейін іштен оқуға тапсырылады. Мұнда мәтіннің мазмұнын оқушылардың түсінуін қамтамасыз ететін түрлі тапсырмалар беріледі: мәтінге сурет ойластыру, тақырып табу, бөлімдерге бөлу т. б. Ш—IV сыныптарда іштен оқылған мәтіндерге балалардың түсінген-түсінбегендері түрлі сұраулар қойып, жауап алу арқылы немесе мәтіннің мазмұнын айтқызу арқылы, мәтіннен кейбір сөздерді тапқызу арқылы т. б. с. с. тексеріледі. Оқудың бұл түрлерінің екеуінде де дұрыс оқу, шапшаң оқу және түсініп оқу талаптары орындалуға тиіс. Дауыстап оқуға бұларға қосымша мәнерлеп оқу талабы қойылады. Бұл талаптар бір-бірімен тығыз байланыста іске асады. Өйткені түсінбей, мәнерлеп оқи алмайды, ал дұрыс оқымаса, түсінбейді. 
 
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу-жазуға үйрету кезінде-ақ қалана бастайды. Осы кезде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жаттықтырғаны жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқудан сақтандыру керек. Егер бала буындап оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор. Бастауыш сынып оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателерін топтап көрсетсек, төмендегідей: 

 
Әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп  оқу.

 
Кейбір буындарды, сөздерді екі рет  қайталап, 
ежелеп оқитындар.

 
Тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп  кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен  алмастырып (оңда-онға, күзет-күжет  т. с. с.) оқиды.

 
Мұндай кемшіліктерді мұғалім  алдын ала есепке алып, түзету жолдарын ойластырады. Тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай  жұмыстар ұйымдастырады: 

 
Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып, дағдыланды- 
рады. Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әр қи- 
лы. Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тап- 
сырмалар береді; екінші бір жағдайда карточкалар жа- 
сап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландырады; 
енді бірде дидактикалық материалдар пайдаланады т. б.

 
Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсыры- 
лады.

 
Қате оқыған сөздерді буынға бөліп  оқытады неме- 
се тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды та- 
лап етеді, ол сөзге талдау жасайды, кеспе әліппеден құ- 
растырады т. б.

 
Қате оқыған сөздерді қайта оқыттырады.

 
Қате оқыған жерін сыныпта тыңдап отырған оқу- 
шыларға түзеттіреді.

 
Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтырады.

 
Указканы қолданады. Бұл зейіндері  тұрақсыз не 
месе көздері нашар керетін оқушылар үшін пайдалы 
және оқып отырған сөздерінің кітап бетінің қай жерін- 
де екеніне бағыт береді, сөзді дұрыс оқуға көмектеседі.

 
8. Орфоэпия заңын басшылыққа алып  отырады. 
Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де орфографиялық және орфоэпиялық заңдар бар. Ол заңдар оқушыларды дұрыс сөйлету мен дұрыс оқытуда басшылыққа алынады. Ал оқушыларға жаңа сөздердік мағына- сын түсіндіру үшін, сөздерді тақтаға жазып көрсету қажет болғанда, олар тек орфография ережесіне сай жазылады. Мысалы, ақ ешкі. Мұндай сөздерді оқығанда ағешкі деп айту керек екенін ескертіп, мұғалім балалар ды солай (ағешкі) оқытып үйретеді. Түсініп оқу дегеніміз оқушының оқыған мәтіннің мазмұнын анық, терең ұғынуы болып табылады. Бұл әр сөздің, сөйлемнің мағынасына түсінуден, әр бөлімді логикалық, психологиялық байланыстырудан келіп шығады. Оқығанын толық түсіну балалардың мәтіндегі басты ойды айыра алуларынан, оның мазмұнына өзінің көзқарасын білдіруінен көрінеді. 
 
Түсініп оқуда балалардың назары шығарманың идеалық мазмұнына аударылады. Түсініп оқу барысында оқушыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуды жүзеге асыруда алғашқы кезде балаларға жеңіл, өздері түсіне алатын, сюжетті мәтіндер оқытылады. 
 
Оқушыларды түсініп оқуға дағдыландырудың бір жолы алдын ала дайындық әңгіме өткізу болып табылады. Сондай-ақ мәтін оқылмас бұрын бақылау, экскурсия жасау, тәжірибе жасау жұмыстары да түсініп оқуға жәрдем етеді. Түсініп оқуда қорытынды әңгіменің де тигізетін пайдасы мол. 
 
Шығарманың идеялық мәні мен мазмұнын оқушыларға ұғындыру үшін сөздік жұмысын жүргізудің көп көмегі бар.  
 
Сөйтіп, оқушыларға оқу техникасын игерумен бірге білім, тәрбие беру, олардың жеке басын қалыптастыру, дағдылары мен шеберліктерін жетілдіру мақсаты оқығанды саналы түсінгенде ғана нәтиже бермек. 
 
Шапшаң оқу дегеніміз — мәтіндегі сөздерді қалай болса солай бастырмалатып немесе сөздердің ара жігін айырмай оқу емес. Бұл — оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Мәтінді тым баяу оқыған оқушы мәтіннің мазмұнына түсінбек түгіл, бір сөйлемнің өзінде не айтылғанын да аңғара алмай қалады. Сондықтан мәтінді шапшаң оқу талабы да маңызды болып табылады. Шапшаң оқу барысында әр оқушының оқу қарқыны әр түрлі, осыған орай, олардың бір минутта оқитын сөздерінің саны да азды-көпті болып келеді. 
 
Шапшаң оқу, дұрыс оқу, түсініп оқу бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс, түсініп, белгілі бір қарқынмен оқығанда ғана шапшаң оқу талабы орындалды деуге болады. 
 
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да іскс асырылып отырылады. Дегенмен шапшаң оқу дағдыларын бекіту үшін арнаулы уақыт беру қажет. Мұндай арнаулы жұмыстың түрлерінен мыналарды атауға болады: 
 
Көз бен кітаптың арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау; мәтінді алдын ала іштей оқып шығу; шамамсн қандай жылдамдықпен оқылуы тиіс екенін мұғалімніңөзі оқып көрсетуі; сыныпта барлық оқушыға бір мәтін беріп, оны командамен бір мезгілде бастап оқытып, бір мезгілде аяқтату (әркім келген жерін белгілейді. Әр оқушының неше сөз оқығанын мұғалім өзі жүріп есептейді). 
 
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі —сыныпта дауыстап оқыту. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі мәтін, кейде бір түрлі мәтіннің өзін беруге болады). 
 
Шапшаң оқуға оқушыларды жүйелі түрде күнбе-күн оқыту арқылы ғана дағдыландыруға болады. Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға мәтінді хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылтпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді. 
 
Мәнерлеп оқу дегеніміз — дауыс интонациясы арқылы автордың ойын білдіру, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білу, ақырында оқығанды түсініп, кейіпкердің көңіл-күйін сезіне оқи білу. 
 
Оқушылар сөйлемдегі сөздердің мәнін (әсіресе, омоним сөздер), шығарманың көркемдігін және оның әсерлілігін мәнерлеп оқу арқылы байқайды. 
 
Мәнерлеп оқу үшін әр сөздегі ойдың ара жігін ескере отырып, дауысты құбылтып, тиісті жағдайда сөздерге реңк беріп оқиды. 
 
Мұғалім қөбінесе өзі мәнерлеп оқу арқылы оны оқушыларға үйрете алады. Мәнерлеп оқуды радио мен телевизорды, магнитофонды кең пайдалану арқылы да үйретуге болады. 
 
Мәнерлеп оқуды үйрету үшін әр мұғалім оқу сабағына немқұрайлы қарамай, жан-жақты дайындалуы керек. Ол үшін мұғалім қандай мәселені жете білуге тиіс? Мәнерлеп оқуды дұрыс ұйымдастыру үшін, оқушы сөйлемді немесе мәтінді оқығанда, қалай дем ала білу керек, дауыс қалай шығуға тиіс, дикцияның қандай болуы қажет — осының барлығын мұғалімнің өзі айқын білгені жөн. Өйткені мәнерлеп оқу үшін кеуде қуысына толған ауаны орынды пайдаланып, дұрыс дем ала білудің мәні зор. Өкпедегі ауаны сарықпай, оқу процесінде үнемі дем алып, ауаны керегінше жұтып отырған оқушы мәнерлеп дұрыс оқи алуына жағдайы бар. 
 
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу. Суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты. 
 
Дауыстың өзіндік белгілері бар. Олар: күші, жоғарылығы, қарқыны, тембрі. Сөйлегенде адам бірде жылдам, бірде баяу сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз даусының орташа қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн. Егер жай сөйлей алмайтын болса, жаттығуы қажет. 
 
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағына келтіре оқу да жаттықтыру арқылы қалыптасады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы оның айтқанын ұғуға, әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары.  
 
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация – сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі, пауза, сазы. 
 
Интонация жайында анығырақ түсінік беру үшін, оның кейбір элементтеріне арнайы тоқталайық. 
 
Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін, ал ой екпіні – логикалық екпін. Сөйлемді айтқанда я оқығанда, оның ішіндегі сөздер интонация мен мағынасына, айтылу ырғағына қарай, өзара топ-топқа бөлінеді. Ол топ синтагма деп аталады. Синтагмада бір я одан да көп сөздер болады. Әр синтагмада бір сөз көтеріңкі дауыспен ерекшелене айтылады. Міне, соны екпін түскен сөз дейміз. 
 
Сөз екпіні түскен сөздер ой екпіні түскен сөздерден көп төмен айтылады. Кейде оларға екпін түсіп тұрғаны сезілмейтін кездері де болады. Бұдан шығатын қорытынды – екпін түскен сөздердің бәрін көтеріңкі дауыспен айта бермеу керек. Тек ой екпіні түскен сөзді ғана даралай айтуға болады. 
 
Пауза сөйлеуді сөйлемге, сөйлемді синтагмаға, синтагманы сөзге ажыратып, ара жігін көрсету үшін қолданылады. Сонымен қатар пауза сөздердің басын біріктіріп, бір синтагма жасай да алады. Паузаны сақтамау оқып отырған мәтіннің мазмұнын дұрыс түсінбеуге әкеліп соғады. Мысалы, «Ол үй емес» деген сөйлемді паузасыз айтсақ, айтып тұрғаным басқа үй деген ұғымды білдіреді, яғни ол сөзі сөйлемде үй сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал сол сөйлемде ол сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным үй емес, қора немесе басқа бірдеме дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарады. 
 
Көркем шығарманы мәнерлеп оқу үшін, онымен алдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын мәтіндегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс. 
 
Міне, осы сияқты жәйттерге көңіл бөліп, дайындық жұмысын жүргізген мұғалімдер ғана оқушыларды мәнерлеп оқуға үйрете алады. 
 
 
МӘТІНДІ ҚАБЫЛДАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЖҰМЫСТАР 
 
 
Оқушылар оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін, оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдардыц сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі, Оқушылар мәтінді дұрыс қабылдау үшін негізінен мынадай жұмыстар жүргізіледі: 

 
Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық 
дайындау.

 
Мәтінге байланысты сөздік жұмысын  жүргізу.

 
Шығарманы оқу.

 
Әңгіменің жоспарын жасау.

 
Оқыған шығарманың мазмұнын айту.

 
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін 
шығармашылық жұмыстар.

 
Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау. 
 
Көркем шығарма жазушының сөзі арқылы жасаған көркем бейнесі, картинасы арқылы қабылданады. Шығарманы оқыған кезде оқушыда елес (адамдардың портреті, табиғат картинасы т. б.) туады. Бұл оқушының сезімін де қозғайды. Балалар қояннан қорыққан қасқыр туралы оқығанда күледі. Бомба түсіп: «— Ей, тілсіз жануарлар. Мені, де, сені де балапанынан айырған американдық қарақшылар ...» деген сөздерді оқығанда, көздеріне жас келеді. Осы ішкі көрініс айқындала түсу үшін, оқушының санасында осы бейне анық жасалу үшін шығарманы оқымас бұрын оқушылармен алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі. Бұл көбіне әңгіме түрінде үйьмдастырылады. Дайындық әңгіме оқығалы тұрған шығармадағы оқиғаға ұқсас, балалардың өз өмірінде болған оқиғаларды еске түсіру сияқты тәсілдермен өткізіледі. 
 
Мысалы, М. Әуезовтың атақты «Абай жолы» романы кішкене балалардың түсінігіне сай келетіндей етіп, қысқартылып алынған Абайдың балалық шағын көрсететін үзінді оқулықта «Бүлдірген тере барғанда» тақырыбы арқылы беріледі. Осы мәтінді оқуға дайындау барысында мұғалім балаларға бүлдіргеннің қандай түрлерін білетіндерін айтқызып, оның қалай өсетіні, балалардың бүлдірген теріп керген-көрмегендері жөнінде әңгіме өткізеді. Сонан соң асау атты үйрету жайында балалардың білетін оқиғалары туралы әңгімелеседі. Осылайша, алдын ала әңгіме жүргізілгеннен кейін, «Бүлдірген тере барғанда» шығармасының мазмұнын білуге оқушылардың ынтасы артып, оны тереңірек ұғынуларына және әңгімеден молырақ әсер алуына жағдай жасалады. 
 
Алдын ала жүргізілген әңгімеде мұғалімнің оқылатын мәтінде кездесетін жаңа сөздер мен қиын ұғымдарды түсіндіруді ұмытпағаны жөн. Әңгіменің ішіндегі түсініксіз сөздердің мән-мағынасын біліп алмайынша, оны оқығанда мазмұнын ұғу балаларға өте қиынға соғады. Ал оқулықтарда әрбір әңгімедегі осы түсініксіз болады-ау деген сөздердің барлығын теріп алып, мәтіндерлің аяғына сөздік ретінде бере беруге болмайды. Яғни оқулықты сөздікке айналдыруды оның қағидасы көтермейді. Мысалы, шет мемлекеттердегі балалар өмірінің қандай екендігінен мағлұмат беру мақсатында «Егерде мен мэр болсам», «Африкадан хат» әңгімелері, сондай-ақ «Джон—негр баласы» өлеңі сияқты материалдар беріледі. Осы шығармаларды оқымас бұрын ақ, қара, порт, батырақ сөздерінің мәнін түсіндіріп алмай, оқуға кірісуден нәтиже шамалы болар еді. Сондай-ақ «Советтік менің өз елім» тақырыбының аса күрделі ұғымын күн ілгері нақты түсініп біліп алмаса, ондағы материалдардың қоғамдағы алып құрылыстар жөнінде жазылғанына, ол шығармалар тобы елімізді сүюге, оның ерекшелігін көрсететініне көңіл аудару мүмкін емес. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабынан үзінді «Сорлылар», «Қостағы өмір» сияқты әңгімелерді оқымас бұрын Қазан революциясына дейінгі елдің балаларының жағдайы, панасыз балалардың халі жөнінде сөйлесіп, кедей балаларының жағдайы, өмірі туралы біраз түсінік беріп алмаса, әңгіменің мазмұны оқушыларға күңгірт қалады. Сондай-ақ Б. Майлиннің «Күлпаш», «Колхоз қорасында», «Кедей теңдігі», т. б. с. с. шығармалардың әрқайсысының алдынан олардың қай кездегі оқиғаны баяндайтыны, сол кездегі елдегі жағдай жөнінде балалардың I—II сыныпта оқығандары мен ата-аналарынан естігендерін еске түсіре, соларды пайдалана отырып, әңгіме өткізбей, бірден оқуға кірісуге болмайды. III сыныптағы «Сырым батыр» әңгімесіндегі Сырымның, «Тарас Шевченко» әңгі-месіндегі Шевченконың кім екенін айтып, оның неге елін аңсағанына түсінік бермейінше, мәтінді сыдыртып оқып, оның мазмұнын балаларға қайта айтқызумен тынса, сабақтың білімдік те, тәрбиелік те әсері шамалы болып шығады. 
 
Дайындық әңгіменің ұзақтығы оқылатын материалдың ауыр-жеңілдігіне байланысты. 
 
Сонымен шығарманы оқуға дайындау жұмысы, біріншіден, балаларды оқылатын әңгіменің мазмұны мен ондағы кейіпкерлердің ісін саналы түсіне білуге дайындау, екіншіден, оқылатын әңгіменің мазмұнына қызықтыру, үшіншіден, ондағы түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру мақсатында жүргізіледі. Дайындық жұмысының да көздейтін түпкі мақсаты — балаларға шығарманы толық та саналы қабылдауға мүмкіндік туғызу. Дайындық жұмысында қандай әдіс-тәсілдер қолдануға болады: 
 
а) Оқушылардың өздеріне әңгіме айтқызу. Кейбір шығармаларды оқуға дайындау барысында балаларға өздерінің басынан кешірген немесе естіп, көріп, оқып білген оқиғалары жөнінде әңгіме айтқызылады. Мұндай әңгіме балалардың ойы мен сезімін қозғауға жәрдем етеді. Мысалы, Ғ. Мұстафиннің «Қырман үстіндегі ту» әңгімесін оқуға дайындалуда егін жинау, астық тасу жұмыстарында балалардың болған-болмағандары анықталып, әңгімеге тартылады. 
 
С. Мұқановтың «Сең үстінде» әңгімесін оқымас бұрын жазғытұрым өзендерде сең жүру оқиғасы, А. Кононовтың «Шушь өзені бойында» шығармасын оқу алдында балалардың коньки теуіп ойнауы т. с. с. әңгімеге арқау болады. 
 
ә) Мұғалімнің әңгімесі. Кейбір жағдайларда, егер оқылатын материалды түсінуге қажетті фактілерді балалар білмейтін болса, мұғалімнің өзі кіріспе әңгіме айтып береді. Мысалы, «Джон — негр баласы» шығармасымен танысуды жоспарлағанда мұғалім, Америкадағы теңсіздік жөнінде оқушыларды сендіретіндей мағлұмат беруге дайындалады. Осыған байланысты фактілер жинайды. Ондай фактілерді көбінесе күнделікті баспасөзден, әдеби шығармалардан алуға болады. Фактілер балаларды қызықтыратындай болғаны жөн, яғни балалар мұғалімнің әңгімесін тыңдай отырып, шығарманы оқуға құмартатындай, оқығанша асығатындай жағдайда болғанда — дайындық әңгіменің талапқа толық сай өткені. 
 
б) Ұжымды түрде әңгіме айту. Біреу білмсгенді біреу біледі. Жеке оқушыдан гөрі сыныптағы барлық оқушының білетіні көп болады. Сондықтан кейбір жағддйда оқылатын материалға қажетті мағлұмат ұжымды түрде айтылатын әңгіме ұйымдастыру арқылы анықталады. Мұнда балалар өз беттерімен біреулері екіншілерінің айтқанын түзетеді, толықтырады. Мұғалімнің міндеті – балаларға басшылық 
жасау егер қажет болса, олардың айтқандарын қорыту. 
Әнгіменің барысында бұрын оқылып өткен матери- 
алдардағы фактілерді немесе балаларға басқа кітап- 
тардан күнделікті тәжірибелерінен белгілі фактілерді 
пайдаланған тиімді. Мысалы, Б. Майлиннің III сыныптағы  
«Күлпаш» әңгімесін оқуға дайындалуда II сыныпта оқылып өткен, осы шығарманың, басқы бөлімдерінде әңгімеленген оқиғалар еске түсіріледі. Ю.Гагариннің «Космосқа тартқан жол» әңгімесін оқыр алдында ІІ сыныпта өтілген Ю Гагариннің «Космоста мен не көрдім» т.с.с материалдардан оқушылардың есінде қалған фактілер пайдаланылады. 
 
в) Экскурсияда б а й қ а ғ а н д а р ы н пайдалану Оқушылардың әңгімесі болсын, мұғалімнің әңгімесі болсын қай-қайсысын да балалардың экскурсияда көргендерімен байланыстыру өте тиімді нәтиже береді. Бұл айтылғанның бір әңгімені немесе өлеңді оқыр алдында арнайы экскурсия ұйымдастыру керек деген тумасқа тиіс. Бірақ мұғалім жыл бойы өтетін материалды қай кездерде өтетінін жоспарлап алғаннан кейін балаларға дүниетану материалдарына байланысты шығарма жаздыру үшін материал жинату мақсатында алуан түрлі экскурсиялар ұйымдастырады. Осы экскурсиядан кірген-білгендерін оқушыларға окулықтағы шы-ғармалармен танысу жұмыстарында пайдалануды үйретудің пайдасы мол. Мысалы, кейбір мұғалімдер балаларды көктемнің бас кезінде өзенге (жақын жерде: өзен бар жерлерде) экскурсия ұйымдастырып сеңнің түсуін бақылатады. Осы экскурсияның материалы ретінде (С.Мұқанов) әңгімесін оқығанда пайдаланылады немесе күзде оқушыларға айналадағы өзгерістерді байқату үшін далаға, орманға, егін жинау құралдарымен таныстыру үшін егістікке, қырманға т.б.с.с. жерлерге экскурсия ұйымдастырылады. Мұнда экскурсияның материалдарын оқулықтағы табиғат көрінісін суреттеген шығармаларды оқығанда пайдалануға болады.  
 
г) Суреттерді қарау. Шығарманың мазмұнына сай суреттер берілсе, олар оқуға дайындық кезінде пайдаланылады. Мысалы, табиғатты бейнелейтін суреттерді шығарманы оқымас бұрын қолдануға болады. С.Мәуленовтың «Қыс келбеті» өлеңін оқымас бұрын тіл дамытуға арналған суреттердің ішінен «Қысқы ойын», «Қыс» тақырыптарына берілген суреттерді көрсетуге болар еді. Немесе оқығалы отырған әңгіменің мазмұнына сай келетін суреттерді пайдалану (мысалы, М. Әуезовтың «Бүлдірген тере барғанда» әңгімесін оқуға дайындық кезінде Молдахмет Кененбаевтың «Қашаған қуу» картинасын көрсетуге болар еді). Жекелеген портреттер, суреттер, пайдаланылады (мысалы, «Мейірімді тәрбиеші» мақаласын оқыр алдында Н. К. Крупскаяның түрлі портреттерін пайдалануға болар еді). 3. Иманбаевтың «Мысалдарын» оқымас бұрын маса мен өгіздің, қасқыр мен кірпінің т.б.с.с. суреттерін қолданған тиімді. Мұнда есте болатын нәрсе — оқулықта берілген суреттерді алдын ала көрсетіп, оқылатын материалдардың мазмұнын айтып қоюға болмайды. Өйткені ол суреттер материал оқылып шыққан соң немесе оны оқу барысында материалдың мазмұны жөніндегі түсінікті тереңдете түсу үшін берілді. 
 
д) Сұрақтар қою. Оқуға дайындық кезінде сұрақ қою тәсілінің қандай жағдайда тиімді болатыны алдын ала ойластырылады. Мұнда көп нәрсе материалдың дауыстап немесе іштен оқылатынына байланысты болып келеді. Егер оқушыларға дауыстап оқылатын шығарманың алдында бірнеше сұрақ берілсе, ал олар осы сұрақтарға материалды бірінші оқығанда жауап дайындауға тиіс болса, мұндай жағдайда балалардың көңілі алаңдайды да, шығарманың ойдағыдай әсері болмайды. Сондықтан дауыстап оқылатын шығарманы оқуға дайындық кезінде алдын ала сұрақ берудің қажеті жоқ. Ал шығарма іштен оқылатын жағдайда оның мазмұны бойынша оқушыларға 2—3 сұрақ беріп қоюға болады. 
 
Мәтінге байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысы. Оқу сабақтарында сөздік жұмысына әдейі кезең бөлінбейді. Алайда сөздік жұмысы сабақтың өн бойынан орын алады. Мәтінді дұрыс қабылдау үшін сөздік жұмысын жүргізбейінше мақсатқа жету мүмкін емес. Мысалы, бірқатар оқушылар вокзал, перрон, метро, эскалатор т.с.с. сөздерді түсіндірмесе, ішінде осы сөздер кездесетін мақалаларды дұрыс қабылдай алмайды, оларда елес тумайды. Оқу барысында түсініксіз сөздер ғана емес, сондай-ақ сөз тіркестері де кездеседі (Мысалы, әдісіңе ақылыңды жолдас ет т. б.). Сондықтан оқылатын шығармаларда кездесетін сөздердің мағынасын түсіндіру жұмысы мәтінді дұрыс қабылдау шартының бірі болып табылады. 
 
Мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру үш кезсңде жүргізіледі:  
 
1) мәтінді оқуға дайындық кезінде; 
 
2) шығарманы оқу барысында;  
 
3) оқып болғаннан кейін. 
 
Мәтінді оқуға дайындық кезінде шығарманың мазмұнын ұғынуға қиындық келтіретін сөздер түсіндіріледі. Бұл жөнінде жоғарыда айтылды. Мұнда тағы бір ескеретін жай: шығарманы оқымас бұрын онда кездесетін, мағынасы ауырлық келтіреді-ау деп ойға алған сөздердің барлығын тізіп алып, шетінен түсіндіре беру керек дсгсн ой тумасқа тиіс. Қейбір сөздердің мағынасы контекске қарай өзінен-өзі түсінікті болатынын ескеру қажст және оқымас бұрын көп сөздер мен ұғымдарды түсіндіре бергенімен, ұмытылып қалады да, оған қайта оралу Шығарманы оқу барысында екі-үш сөзбен қысқаша ғана түсіндірілетін сөздер немесе синоним арқылы түсіндірілетін сөздер іріктеліп алынады. Мысалы, III сыныпта «Африкадан хат» әңгімесін оқығанда құрма ағаштары, — жеміс ағаштары, лашық — үй, қаршадай — кішкентай, дүмше молда — шала молда,отаршылар — қанаушылар т.б.с.с. Алайда оқу барысында сөз мағына-сын түсіндіруді өте байқампаздықпен жүргізу талабы қойылады. Өйткені оқып келе жатқан материалды үзіп тастап, сөзді түсіндіруге кірісу — оқушының зейінін алаңдатып, мәтінге деген ынтасы мен қызығуын тежейді де, балалардың бірқатары онан әрі оқылған материалды тыңдамайды. Сондықтан сөз мағынасын оқу барысында түсіндіруге әуес болмаған жөн. 
 
Ал өлең оқу барысында қиын сөздер мүлде түсіндірілмейді. Өйткені өлеңнің ырғағы, дауыс мәнері бұзылып, тыңдаушыға әсері азаяды. 
 
Сөздерді шығарманың мазмұнын балалар әлде де тереңірек ұғыну үшін немесе оқушылардың сөздік қорын молайту мақсатында түсіндіру қажет болады. Мұндай сөздер шығарма оқылғаннан кейін, яғни шығарманың мазмұнын талдау барысында түсіндіріледі (мысалы, сол «Африкадан хат» әңгімесінен: азап шеңгелі, темір тегеуріні, плантация т. б.). 
 
Сөздер мен бейнелі ұғымдарды түсіндіруде, мысалы, порт, батырақ сияқты сөздерді қалай түсінетіндерін «Порт» деген не, «Батырақ» деген кім?» деп, сұрап өте шығуға болмайды. Мүғалім мұндай мәтінде кездесетін қиын сөздерді өзі әңгіме айтқанда, әңгімесінің ішіне, ал балалардың әңгімесін тыңдағанда, оларға қоятын сұрақтарының ішіне кірістіре отыруға тиіс. 
 
Сөздік жұмысы мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндірумен ғана бітпейді, сонымен қатар ол жаңа ұғымдар жасау, заттың жаңа қасиеттерін табу, жаңа көріністерді байқау сияқты жұмыстармен тығыз байланысты. Мұндай жұмыстар оқушылардың ойын, тілін дамытады, эстетикалық талғамын арттырады. Осы мақсатпен мұғалім түсініксіз сөздерді түсіндірумен және оны оқушылардың түсінген-түсінбегендерін тексерумен ғана тынбайды, сонымен бірге оқушылардың сөздік қорына енгізуге тиіс сөздерді алдын ала белгілеп алып, балалар сөйлегенде сол сөздерді кірістіре отыратындай жағдай жасайды. 
 
Оқушылардың ойын, тілін дамытуда синоним сөздерді пайдалануға үйрету жұмыстарының ролі күшті. Ол үшін мәтінді оқуға дайындалу жұмыстары кезінде: 

 
Мәтінде синоним сөздер бар ма, болса, олардың ма- 
ғыналарын қалай ұғындыру керек, балалар жауаптарында ол сөздерді қолдану үшін, қандай сұраулар қою қажет — осыларды анықтайды.

 
Егер мәтінде синоним сөздер болмаса, ал мұғалім 
балаларға синоним сөздерді білдіргісі келсе, оны қалай 
ұйымдастырған жөн: оқу барысында сөздің синонимін 
айтып түсіндіре ме, қорытынды әңгімеде кірістіре ме, су- 
рет арқылы ма, әңгімелесу барысында ма осыларды қа- 
растырады.

 
Сөйтіп, мұғалім мәтінді оқуға  дайындалу кезінде, біріншіден, мәтінді  дұрыс қабылдауға қажетті сөздерді, екіншіден, оқу барысында оқушыларға мағынасы ұғындырылатын сөздерді, үшіншіден, оқушылардың актив сөздігіне  енгізілуге тиісті сөздерді іріктеп  алады. 
 
Міне, осылайша, оқу сабақтарының барлығының органикалық элементі ретінде жүргізілетін лексикалық жұмыс оқушылардың ойы мен тілін дамытудың ең маңызды шарты болып есептеледі. 
 
Сөздік жұмысын жүргізгенде мұғалімнің есінде болатын жағдай — сөздік жұмысын балалардың өз өмірімен, нақты елестерімен байланыстыру. Ол үшін оқу барысында жаңа сөз кездескенде оқушыларда осы сөзбен байланысты қандай елестер барын ашуға тырысу керек. Егер ондай елестер жоқ және жеткіліксіз болса, мүғалім затты немесе оның суретін көрсетеді, оған анық сипаттама береді. Психологтардың айтуынша, сөздік жұмысының әдістемесіндегі басты талап — сөз бен балалар санасындағы бейнені түрлі жолдармен үнемі ұштастырып отыру. Өйткені сөз бала санасында нақты елестің жеткілікті қорынсыз пайда болмайды. 
 
Сөздердің мағынасын ашып түсіндіру тәсілдері алуан түрлі. Оның ішіндегі бастылары: 
 
1. Затты табиғи жағдайда бақылау немесе оны 
сыныпта көрсету, экскурсия ұйымдастыру. 
 
2. Заттың өзін немесе суретін, түрлі картинкалар көрсету арқылы сөздердің мағынасын ашып түсіндіру. 
 
3. Синоним сөздер қолдану: «Қандай сөздермен 
ауыстыруға болар еді? Басқаша қалай айтар едік?» сияқты сұраулар қою арқылы синоним табуға оқушылардың өздерін қатыстырып отыру. 
 
4. Сөзді кейде морфологиялық құрамына қарай талдау арқылы түсіндірген де пайдалы. Мысалы, тетелестері сөзінің түбірі қайсы? т. б. 
 
5. Сөздерге анықтама беру арқылы жиі түсіндіріледі: аэродром — самолет ұшып, қонатын алаң т. б. 
 
6. Абстракциялық ұғымдарды түсіндіру үшін тұрмыстан мысалдар қелтіру, фактілер келтіріп, әңгіме айту. Мысалы, батырлық, қамқорлық, қайғы, адамгершілік.  
 
7. Сөз мағынасын түсіндіруде техникалық құралдар қолдану. Бірақ мұнда диафильмдерді бастан-аяқ көрсетудің қажеті жоқ, үзінді ғана алу керек. 
 
Мәтінді дұрыс қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстың үшінші түрі — шығарманы оқу. Мұнда көпшілік мұғалім шығарманың мазмұны күрделі, көлемі ұзақ болмаса, оны әуелі өзі дауыстап оқып шығады. Осыған орай, шығарманы алдымен тұтас оқыған дұрыс па, әлде бөліп-бөліп оқыған дұрыс па деген сұрақ туады. Шығарма бірінші рет оқылғанда оқушылар ондағы кейіпкерлердің істерімен танысуға тиіс. Егер бөлініп оқылса, балаларға оның мазмұнын түсіну оңай болмайды. Сондықтан шығарма алғаш рет тұтас оқылғаны жақсы. Шығарманың мазмұнын бір оқығанда-ақ тыңдаушылардың көкейіне қондырып, санасына жеткізу үшін, ол нақышына келтіріле, мәнерлеп оқылуға тиіс. Сондықтан оны әуелі мұғалімнің өзі оқиды немесе оқу техникасын меңгерген, мәнерлеп, дұрыс оқи алатын балаға оқытады. Бірақ әсіресе ырғағы қиын немесе жолдары ұзақ, бала демі жетіңкіремейтін өлендер, көркем фразалар мен сөз өрнектері қездесетін шығармаларды мұғалімнің өзі оқығаны жөн. Мысалы, В. Маяковскийдің «Кім болам?» өлеңін талапқа сай, әсерлі де асқақты үнмен оқыпберу балаларға оңайға түспейді. Кейбір оқуға жеңіл қысқа үзінділер мен мақала стилімен жазылған шағын әңгімелерді шамалылау оқитын оқушыларға оқытуға болады. Ондай материалдарды оку арқылы балалар оқу дағдысына төселеді, келе-келе мәнерлеп оқитын болады. 
 
Мәтінді оқушыларға бөліп оқытқанда оны кез келген жерден үзбей, әр бөлімді белгілі бір аяқталған ойды білдіргені дұрыс. 
 
Шығарманы бір рет тұтас оқып шыққанда балаларда жалпы ұғым ғана қалыптасады, енді осы тұтас қабылдаудан бірте-бірте оның жеке бөліктерін талдауға көшу қажет. Бірақ қайталап оқуға кіріспес бұрын оқушылардың мәтінді алғашқы қабылдау дәрежесін тексеріп алған жөн. Мұғалім мәтіндегі негізгі фактіні анықтау үшін екі-үш сұрақ қояды. Жауаптарына қарай, әңгіменің қай жері күштірек әсер етті, баланың ой жүрісі қандай бағытта т. с. с. анықтайды. 
 
Бастауыш мектеп бағдарламасы тілдің көркемдік құралдарымен практикалық таныстыруды да міндеттейді. Бұл міндетті орындау үшін бақылау жургізу керек. Мұндай жұмыстар мәтіннің мазмұнын талдау барысында, сонымен қоса жүргізіледі. 
 
Шығарманьщ көркемдік қасиетін таныту жұмысы дұрыс жүргізілсе, оның мазмұнын толық та терең түсінуге жағдай жасалады. Бұл жұмыс өте күрделі, сондықтан мұғалімнен үлкен шеберлікті, жан-жақты ойластыруды (белгілі бір шығарманың құрылысы мен тіліне оқушылардың зейіндерін қандай жолдармен аудару керек, кандай бақылаулар жүргізтуге болады, оқушыларға қалайда эстетикалық әсері күшті болу жағын ойластырған дұрыс т. б.) қажет етеді. Бұл тұрғыда оқу кітаптарында бірқатар тапсырмалар берілген. Дегенмен онымен ғана қанағаттанып қоймай, мұғалім өз тұрғысынан біраз жұмыстар іздестіруіне тура келеді. 
 
Шығармаға жоспар жасау. Жоспар шығарманың мазмұнын көрсететін уақиғалардың жүйесін білдіреді. Жоспар жасау жұмысы екі түрлі жолмен іске асады:  
 
1) әңгімені бөлімге бөлу;  
 
2) бөлімдерге ат қою, оны тәртіптеп жазу. 
 
Оқушылар әңгімені бөлімдерге бөлу үшін, ондағы басты ойды және қосымша мәселелерді анықтайды. 
 
Жоспар жасау шығарманың мазмұнын толық та терең түсінуге мүмкіндік береді. Бөлімдерге бөлу процесі шығарманы бір рет тұтас оқып шыққаннан кейін, қайталап оқу кезінде іске асады. Жоспар кейде қорытынды әңгіме кезінде жасалады, кейде оны жасап келуді үйге тапсыруға болады. 
 
Кез келген шығармаға жоспар жасай берудің қажеті жоқ. Бастауыш сыныпта жоспардың жай түрі ғана үйретіледі. Мысалы, II сыныптағы «Еңбек мені қуанышқа бөледі» әңгімесіне мынадай жоспар жасауға болады: 1. Қуаныш. 2. Шәкірт. 3. Алғашқы кездегі қиыншылықтар. 4. Анна апай. 5. Машинаны жеке басқару. 6. Озаттар қатарында. 
 
III—IV сынып оқушылары тұтас әңгімені өздері бөлікке бөліп, әр бөлікке ат қою жұмысын атқара алады. Екінші сөзбен айтқанда, әр әңгімеге өз беттерімен жоспар жасай алады. Мұндай жағдайда мұғалім тек «Бұл бөлімде не жөнінде айтылады?» деген сияқты сұрақтар арқылы балаларға бағыт қана беріп отырады. Мысалы оқулықта «Ноянның звеносы» әңгімесі берілген. Әңгіме сюжетті. Оқушылар осы әңгімені оқи отырып, әр бөлім де не жайында айтылғанын аңғарады да, соған орай, әр бөлімге ат қояды: 1. Пионер Ноян. 2. Ноянның атасының әңгімесі. 3. Ноянның апасының әңгімесі. 4. Ноянның мамасының әңгімесі. 5. Біздің еліміз — пионерлер елі. 
 
Алайда шығарманы бөлімге бөліп оқыған сайын әр бөлімге ат қоя беруге болмайды. Өйткені шығармаға ат қою — күрделі жұмыс, көп ойлануды қажет етеді. Сондықтан қай материалға жоспар жасау керек, қайсыларын бөлімге бөліп, бірақ ат қойғызбай-ақ оқытуға болады, қайсыларын оқушылар өздері бөлімге бөліп қайсыларын мұғалімнің көмегімен бөледі — олардың барлығын мұғалім алдын ала ойластырады. 
 
III сыныптағы оқу жылының басында істелетін жұмыстарды жоспар жасауға дайындық деуге болады. Мұнда суретті жоспар жасалады. Ол үшін мына сияқты жұмыстар жүргізіледі: