Қазақстан Республикасында аудитті ұйымдастырудың теориялық негізі
ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Кіріспе
Қазақстан Республикасында нарықтық қатынастың дамуы шаруашылық әдістерін және формаларын қайта өзгертудің объективті қажеттілігін тудырады. Әкімшіл-әміршіл жүйеде кеңінен тараған қоғамдық мүлікті талан-таржға салу нарықтық экономиканың ажырамас атрибуты болып табылатын іскерлік және ұқыптылықпен орын алмастырды.
Нарық жағдайында бейімделудің қиындығына қарамастан, елде ғылыми-техникалық саясат, маңызды теориялық және іс-тәжірибелік білім саласына айналатын нақты ғылыми әзірлемелерді жинақтаумен әлеуметтік-экономикалық қызметтің жаңа әрі озық нарықтық бағытын түбегейлі және қолданбалы зерттеу белсенділікпен жүргізілуде. Елдің микроэкономикасын басқару құралына аса қажетті әр түрлі бизнес салаларындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін талдау, аудит және басқару есебі сияқты арнайы ғылымдар мен оқыту пәндеріне айрықша маңыз беріліп отыр.
Бухгалтерлік есепті реформалау және аудитті ұйымдастырудың озық тәжірибесі Халықаралық валюталық қордың (ХВҚ), Бүкіләлемдік банктің, Халықаралық даму бойынша Америка агенттігінің (ЮСАИД), Еуропалық одақтың (ЕО) және Британдық кеңестің белсенді қатысуымен өткізілгендіктен, оны құраудың ағылшын-американдық үлгісі негіз етіп алынды. Бухгалтерлік есеп пен аудитті жетілдіру бойынша ұсыныс Конституция, Азаматтық кодекс, Бюджет кодексі, Салық кодексі, «Банкрот туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Шетелдік инвестициялар туралы», «Ақша аударымдары мен төлемдері туралы» заңдардың және компания, фирма мен коммерциялық ұйымдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілер талаптарын ескеру арқылы әзірленді.
Сонымен бірге ақпаратты жасаушылар мен пайдаланушылар арасындағы мүдделердің қабыспауы, меншік түрлері және нарық жағдайында пайда болатын басқа міндеттемелер бойынша бақылау объектілерін шектеу белгілі бір бизнес саласындағы қалыптасқан жағдайға тиянақты аудит жүргізуді талап етеді.
Қазақстан Республикасында индустриясы дамыған елдерде озық тәжірибесіне сәйкес бизнестің жаңаша кешенді тәуелсіз кәсіби аудиті жүзеге асырылуда. Операциондық аудит пен қаржылық есептілік аудит және оның басқа да маңызды түрлері посткеңестік аумақтарда нарықтық экономиканың қалыптасуындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстармен және шындыққа жанасымды ақпараттармен мүдделілік танытатын пайдаланушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
- Қазақстан Республикасында аудитті ұйымдастырудың теориялық негізі.
1.1. Аудит термині осыдан екі мың жыл бұрын «audio» деген латын сөзінен шыққан, яғни «ол естиді» немесе «естуші» деген мағынаны білдіреді.
Рухани оқу орындарында озат оқушыны аудитор (тыңдаушы) деп атаған. Оған оқытушы басқа оқушылардың сабақта өткен материалды қалай меңгергенін, тапсырманы қалай орындағанын, яғни оқу үлгерімдерін тексеріп отыруды сеніп тапсыратын болған. Еуропаның көптеген елдеріндегі мемлекеттік басқару мен шаруашылық қызмет салаларында лауазымды тұлғалардың ауызша есеп беруін тыңдаушы қызметкерді аудитор деп атаған. Есеп берудің бастапқы ауызша түрі көптеген адамдардың сауатсыз болуына байланысты қолданылған, сөйтсе де орта ғасырдағы адамдар есеп берудің ауызша түрін жазбаша түріне қарағанда тиімдірек болады деп есептеген. Олардың ойынша кез келген құжатты қолдан оңай түзей салуға болады, ал бақылаушы-аудитордың көзіне тура, тік қарап тұрып өтірік айту мүмкін емес немесе өте қиын деп санаған.
Арнайы әдебиеттерде аудиттің пайда болу кезеңі өзгеше әрі қарама-қайшылыққа толы. Бір авторлардың айтуынша, есеп берудегі мәліметтердің дұрыс болуын және оны бақылау біздің дәуірімізге дейінгі ІV мыңжылдығынан басталады. Сонымен бірге, Ніл, Тигр және Евфрат өзендерінің жазықтарындағы Таяу Шығыстың ежелгі өркениетінде жоғары дәрежеде ұйымдастырылған мемлекет құрылып, шаруашылықтың әр саласын дамыту қолға алынды, үкімет өнім, мүлік, салық жинау, орындалған жұмыс бойынша қазынаны толтыру және кіріс пен шығыс есептерімен айналысты.
Бақылаудың әр түрі жүзеге асырылды, оның ішінде аудит те бар. Мұндағы мақсат – қате-кемшіліктерді азайту және шенеуніктер тарапынан болатын көзбояушылық әрекеттеріне жол бермеу. Бірқатар бақылау түрлері сол уақытта Библияда (Інжілде) да суреттеледі. Онда мүлікті екі жақты күзету, адал қызметкерлерді жұмысқа алу, міндеттерді бөлісу мәселелері баяндалады.
Ревизиялық қызмет Вавилон, Мысыр, Рим, Қытай және Греция сияқты антикалық елдерде де болды. Мысалы, ежелгі Мысырда (біздің дәуірімізге дейінгі 3400-2400 жж.) мүлікті түгендеу кезең сайын, ал шаруашылық операцияларын бақылауды үш адам орындаған. Оның біреуі не нәрсе берілді, соның санын папирусқа белгілеп отырса, екіншісі нақты босатуларды жүзеге асырған, ал үшіншісі ауытқуды анықтау үшін берілген мүліктердің немесе өнімдердің санын нормамен салыстырып отырған. Ресурстардың қозғалысы мен болған оқиғалар бойынша операциялар қатаң тәртіппен құжатталып отырған, тікелей орындаушылар мен қатысушылардан тәуелсіз жүзеге асырылатын шаруашылық процестерін бақылау осылай пайда болған.
Есепті жүргізу бойынша арнайы заңнама алғаш рет Вавилон мемлекетінде пайда болды. Хаммурапи заңы (біздің дәуірімізге дейінгі 2200-2150жж.) көпестерге дербес есеп жүргізуді, ал храмға – мемлекеттік есепшілікті жүргізуді әмір етті, ақшаны қолхатсыз беру жарамсыз деп санаған.
Чжоу династиясы басқарған уақыттағы көне Қытайда (біздің дәуірімізге дейінгі 1122-256 жж.) есептің мемлекеттік жүйесі, оның ішінде барлық үкімет департаменттерінің мұқият әзірленген бюджеті мен аудиті жүзеге асырылды. Ал, біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылы ол жақта негізгі міндеттің бірі мемлекеттік ақша мен мүлікті пайдалануға құқығы бар үкімет шенеуніктерінің адалдығына кепілдік беру болып табылатын Бас аудиторлық қызметі болған.
Афинада біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда Халық жиналысы мемлекеттің кірісі мен шығысын бақылады, ал оның қаржылық жүйесі барлық лауазымды тұлғалардың өкілеттілігі біткенше құжаттарын тексеретін үкімет аудиторларын қамтыды.
Басқа авторлардың айтуынша, аудиттің пайда болуы арнайы ғылыми білімнің саласы ретінде бухгалтерлік есептің қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Бухгалтерлік есеп туралы алғаш рет ғылыми кітап жазған италияндық ұлы математик Лука Пачоли (1445-1517 жж.) арнайы бюрода тексеріп және тіркеп отыратын көпес кітабының іс жүзіндегі пайдалылығын атап кеткен болатын.
Шаруашылық қызметтің дамуы есептің сапасы мен есеп берудің шындыққа жанасымды болуының жаңа бақылау формасын талап етеді. Англияда аудиторлық алғаш рет 1299 жылы пайда болды, ал 1324 жылдың 24 наурызында король Эдуард ІІ үш мемлекеттік аудиторды тағайындайды. Тағайындау туралы жарлықта аудиторды Оксфорд, Беркенхед, Уэльс провинцияларындағы барлық есепшотты тексеруге, оларды тыңдауға, олардан сұрауға және есепшоттарды жүргізуде барлық кемшіліктерді белгілеп отыруға міндеттейді.
ХІІ ғасырдан бастап Англия мен Шотландия, Италия, Франция және Еуропаның басқа елдерінің Қазынашылық мұрағаттарында (архив) аудиторлық қызмет туралы мағлұмат жиі ұшырасады. Мысалы, Ұлыбританияда екі типті аудит жүргізілген:
- аудит қалаларда елдің көзінше, яғни жария түрде – билеп-төстеуші лауазымды тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылған, қазынашы аудиторлық есеп беруді ауызша, яғни елге естірте оқитын болған;
- ірі поместьенің қаржылық басқарушының төлем шотын «аудиторлық декларацияға» орай «дебет және кредит» бойынша егжей-тегжейін тексеру, яғни оны поместьенің қожайыны мен басқарушылар кеңесінің алдында ауызша есеп берген.
Қалалардың, фабрикалардың өсуімен және сауда-саттықтың кеңеюімен сипатталатын ХVІ-ХVІІ ғасырлар кезеңіндегі экономикалық өзгерістер есеп пен аудиттің жаңа тәсілдемесінің пайда болуына итермеледі, яғни себепші болды. Бұрыштың басына мүлікке деген меншік құқығы мен пайда және залалдың қатаң калькуляциясы қойылатын болды. Аудит тыңдау процесінен жазбаша құжатты және растаушы куәні зерттеуді ретімен талдаушыға айналды. ХVІІ ғасырдың аяғында Шотландияда белгілі бір лауазымды тұлғаға қалалық аудитор ретінде қызмет етуіне тыйым салу туралы алғаш рет заң қабылданды, осылай ету арқылы батыс әлемінде сол уақыттан бері осы заманғы аудитордың тәуелсіздігі деген ұғым енгізілді.
Мұндай аудиторлық озық тәжірибеге қарамастан, тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана кәсіби аудит тұтас іскерлік әлем мен кәсіпкерлік қызметтің маңызды құрамдық бөлігі болды. Бұл теміржол салу мен сақтандыру компанияларының, банктердің, акционерлік қоғамдардың өсуімен байланысты. Ағылшындық теміржол және сақтандыру компаниялары мен басқа да инвесторлар Солтүстік Америкаға аттанғанда, яғни бағыт алғанда олармен бірге аса ірі ағылшын кредиторларының мүддесін қорғау үшін тәуелсіз аудиторлар да барды.
Осыған байланысты солтүстік америкалық аудиттің шығу тегі «ағылшындық» болып табылады және ХХ ғасырға дейін АҚШ-тың тәуелсіз аудиті ағылшындық үлгімен құрылып келді. Ол балансқа қатысты мәліметтерді егжей-тегжейлі зерттеуді ұйғарды. Роберт Х. Монтгомери американдық аудитінің сол кезеңін «есепшоттық аудит» деп атаған, өйткені аудитордың жұмыс уақытының төрттен үш бөлігі есептеу және бухгалтерлік кітапты жасауға кетті. Аудит процедурасы жылдам ұлғайған америкалық бизнеске бейімделе бастағанда шектен тыс қаражатты талап ететін есептеу мен көшіруді тексеретін британдық стиль біртіндеп американдық «тестілік аудитке» өзгеріп, ауысады (трансформацияланды). Сонымен қатар аудиторлар тестілеу әдісінен басқа операцияларды тексеру мақсатында бизнес бойынша серіктестен фирманың қызметі туралы мәлімет жинауды іс жүзіне асыруға кірісті. Инвесторлардың мүдделерін ескеру арқылы олар баланстың белсенділігі мен бәсеңділігін бағалауға, сондай-ақ пайда мен залал туралы есеп берулерде және есепшоттарда көрініс табатын шаруашылық операцияларының нәтижелеріне де көп назар аударатын болды.
ХХ ғасырда бухгалтерлер мен аудиторлардың аса ірі трансұлттық ұйымдардың құрылуына әкеп соқтырған әлемдік экономика мен бизнестің ғаламдасу (глобализация) үрдісі біршама тереңдей түсті. Кәсіби аудиттің дамуы үшін Халықарлық есеп стандарттары бойынша Комитет (LASC – 1973 ж. негізі қаланған), Жоғары бақылау органдарының халықаралық ұйымы (ИНТОСАИ – 1953 ж.), Халықаралық бухгалтерлер федерациясы (IFAC – 1977ж. құрылған), БҰҰ-да 1979 жылы құрылған Есеп пен есеп берудің халықаралық стандарттары бойынша үкіметаралық сарапшылардың жұмысшы тобы (ISAR) сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдар қызметінің маңызы айрықша. Осы жаңашылдықтардың барлығы ендігі жерде аудиттің бухгалтерлік жазбалардың кеңселік нақтылығын тексерумен ғана шектелмей, салалары мен ауқымының біртіндеп кең өріс алуын көрсетеді. АҚШ және Ұлыбритания сияқты дамыған елдерде тәуелсіз аудиттің өзгеше жүйесі қалыптасқан. Оларды жетілдірудің қажеттілігі көптеген кридиторлар, инвесторлар, және басқа да мүдделі пайдаланушылар тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметі туралы сенімді қаржылық ақпаратқа сұраныстың өсуінен туындап отыр.
1.2. Аудиттің мәні
Аудит Қазақстан Республикасы заңында белгіленген талаптарға сәйкес қаржылық есеп берудің дұрыстығы мен объективтілігі туралы пікір білдіру мақсатында заңды тұлғалардың қаржылық қорытынды есебін тексереді.
Аудиторлық қызметтің мәні қаржылық есеп беруді, төлем-есептеу құжаттамасын тәуелсіз тексеру, түрлі қызметтер мен кеңес беру, бухгалтерлік есеп жүргізу мен қалпына келтіру, ұйымның активтері мен міндеттемелерін бағалау, салық декларациясын толтыру, қаржы-шаруашылық қызметке экономикалық талдау жүргізу бойынша тұтынушыларға қызметтер ұсынатын аудиторлық фирмалардың (аудиторлардың) кәсіпкерлік қызметі болып табылуында.
Аудиттің мақсаты
Қаржылық есеп беру аудитінің мақсаты – аудиторға қаржылық қорытынды есепті құрудың белгіленген концептуалдық негізіне сәйкес барлық елеулі аспектілер бойынша қаржылық қорытынды есептің дайындалғаны жөнінде қорытынды беру мүмкіндігін беру. Аудит мақсатының стандартты анықтамасына қарамастан, аудит мақсаты дегенде аудитордың алдына тұтынушы қоятын мақсатты түсінуіміз керек.
Нарықтық қатынастар жағдайында көптеген кәсіпорындар, банктер, сақтандыру компаниялары, көлік және коммерциялық ұйымдар мүлікті пайдалану, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді орындау, коммерциялық операцияларды ақша қаражаттары мен инвестициялардың займын жүргізу бойынша сан алуан келісім-шарттық (келісімді) қатынастарға түседі. Қажетті ақпаратты алудағы мәмілеге қатысушылар арасындағы осы қатынастардың нақтылығын тексеру нәтижесінде тек тәуелсіз аудитор ғана дәлелдей алады.
Жеке және ұжымдық меншік иелері – акционерлер, жарнашылар (пай иелері), сонымен қатар кредиторлар өз қызметтерінің саласында барлық көптеген қаржылық және шаруашылық операциялардың заңға сәйкес орындалғанына және бухгалтерлік жазбалармен тоқсандық және жылдық есептерде дұрыс көрсетілгеніне өз бетімен көз жеткізу мүмкіндігінен айрылған. Ұйым қызметі мен оның заңды орындалуын тәуелсіз аудиторлық тексеру мемлекетке де экономика, қаржыландыру, несие беру, инвестициялау және салық салу саласында қажетті шараларды қабылдау үшін қажет, жекелеген кәсіпорындар, ұлттық экономика салалары мен аймақтар бойынша жүргізілетін аудиторлық тексерулер өздерін қызықтыратын қаржылық есептеме нақтылығын дәлелдеу үшін республиканың мемлекеттік органдары, министрліктер мен ведомстволар, соттар, прокуратураға және басқаларға қажет.
Аудиттің маңызы
Аудиттің маңызы тиісті жақтардың мүдделеріне қол жеткізуде болып табылады. Атап айтқанда:
- экономикалық субъектілердің (фирмалар, акционерлік қоғамдар);
- салық қызметі тұлғасындағы мемлекеттің;
- қаржылық есеп беруді әр түрлі пайдаланушылардың;
- аудиторлардың меншік иесі мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, сонымен бірге есеп және қорытынды есеп беруді қамтамасыз ету мақсатында.
Ішкі пайдаланушыларға (кәсіпорынның өзінің акционерлеріне, директорлар кеңесіне, қызметкерлеріне) басқару шешімдерін дұрыс қабылдау үшін қателер мен бұрмалаушылықтар жоқ объективті (әділ) қаржылық ақпарат қажет. Сыртқы пайдаланушылар да ұйымның қаржылық жағдайына қызығушылық білдіреді (банктер несие берушілер, болашақ инвесторлар, сонымен қатар қоғам).
Ішкі пайдаланушылар |
|
Сыртқы пайдаланушылар |
Әкімшілік Менеджерлер Меншік иелері Бөлімше басшылары Персонал |
Тікелей қаржылық мүдделері бар пайдаланушылар:
|
Жанама қаржылық мүдделері бар пайдаланушылар:
|
Аудитке деген қажеттілік меншік құқығы мен кәсіпорынды басқару бөлінген кезде пайда болады. Бірақ осындай аудитты жүргізуге деген заң талаптары жоқ кезде де қаржылық есеп беру аудитіне тән белгілі басымдылықтар болады.
Меншік иелену құқығына негізгі өзгерістер енгізу процессі, егер бұрынғы есеп берулер екі жеке серіктес шаруашылықты жүргізудің жаңа объектісін құру үшін өз бизнесін біріктірген кездегідей деген ескерту болмаған аудиторлық қорытындыны сақтаса ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Үшінші жаққа бағытталған қаржыландыруды беру туралы өтініш тексерілген есеп берулермен дәлелделінуі мүмкін.
Аудитке кәсіпорын қызметін жан-жақты тексеру енеді. Сондықтан ол аудиторға басшылыққа арналған және оның қызметінің тиімділігін жоғарылату жөніндегі конструктивті ұсыныстар дайындауға мүмкіндік береді. Фирма қызметкерлерінің жан-тәнімен жұмыс істеуі үшін аудит күшті моралдық ынталандыру болып табылады. Барлық жазбалар мен есеп берулер тәуелсіз адамдармен талдалынады деп түсіну қызметкерлерді есепті мұқият және анық жүргізуге, сонымен қатар кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметі туралы есептемені құруға мәжбүр етеді.
Тексеруді жүзеге асыра отырып тәуелсіз аудиторлар екі негізгі қызметті орындайды:
- Қаржылық есеп берудің толықтығы мен дұрыстығын дәлелдеуге арналған дәлелдемелерді жинау және бағалау.
- Қаржылық есеп беру мәліметтерін есептің жалпы қабылданған стандарттарына сәйкес тексеру.
Аудит міндеттері мен ерекшеліктері
Алға қойылған аудит мақсаттарына қол жеткізу үшін нақты міндеттерді шешіп алу қажет. Олардың ішінен ерекшелеп мыналарды бөліп көрсету керек:
- Кәсіпорынның қаржылық есептемесінің шындыққа жанасымдылығын қамтамасыз ету және осы есеп беруді пайдаланушылар үшін ақпараттық тәуекелді қолайлы деңгейге дейін азайту.
- Шешім қабылдаудың логикалық тұрғыдан негізделген базасын құру үшін жеткілікті дәрежеде құзыретті мағлұматтарды алып бағалау.
- Кәсіпорын экономикасын немесе оның белгілі бір қызмет түрінің, оның ішінде инвестициялық, маркетингтік және сыртқы экономикалық қызметін жүйелі талдау.
- Кәсіпорын қызметі және оның жарғысының бір-біріне сәйкестігін, жасалған бизнес-жоспардың және басқа да тапсырмалар мен нормативтердің орнықтылығын (негізділігін) тексеру.
- Заңның сақталуын, бухгалтерлік есепті жүргізудің және есеп берудің дұрыстығын, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық жағдайы туралы шындыққа жанасымды ақпаратпен пайдаланушы-лардың қамтамасыз етілуін бақылау.
- Заңды белгілейтін бастапқы құжаттар мен олардың шынайы мазмұнына шаруашылық операцияларының қаншалықты сәйкесетіндігін тексеру.
- Кәсіпорынның өндірістік, маркетингтік, инвестициялық және басқа қызметтерін бақылау мен есебі саласындағы әр түрлі мәселелер бойынша клиентке кеңес беру қызметін көрсету.
- Клиенттің меншігін бекітіп беруге, оның бизнесінің тиімділігін арттыруға және кемшіліктерді жоюға ықпал ету.
Аудиттің ең нақты міндеттері алға қойылған мақсаттарға, оның түрлері мен жүргізу шарттарына байланысты болады. Мысалы, ішкі аудитте оның саны ақпараттық базаның ұлғаюына, талдамалы рәсімдері акценттерінің өзгеруіне қарай артады.
Осылайша, аудит – бақылау, бағалау, ұсыныстарды әзірлеу және әр түрлі кешенді қызметтерді қамтитын іскерлік кеңес беру бойынша күрделі қызмет түрлері.
Аудиторлық қызметті жүзеге асырудың негізгі формаларының біріне тексеру жатады. «Тексеру» термині латынның «revisio» сөзінен шыққан, оның аудармадағы мағынасы «қайта қарау» немесе «қызметтерді зерттеу» дегенді, ал «тексеруші» - «тексеріс жүргізетін тұлға» дегенді білдіреді.
Отандық оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде, ТМД елдерінде әдетте «ревизия» ұғымының мағынасы анық емес. Мысалы, Н.Т. Белухинде «тексеру (ревизия)» - бақылаудан кейінгі негізгі форма. Оның басқа бақылау формаларынан айырмашылығы – объектіні тексеру барысында іріктемесі құжаттық дәлелдерге негізделген тексеру-бақылау рәсімдері мен әдістік тәсілдер, әр түрлі ақпарат көздері пайдаланылады. Тексеруге мыналар тән: құндылықтардың кем шығуын, ысырапты, залалды анықтаудағы нақтылық, оның дәлелдеу жүйесі орнықты (әдеттен тыс құжаттар, түгендеу тізімдемесі (ведомость), материалды жауапты тұлғаның түсініктемесі (түсіндірме жазбасы) және т.б.).
Аудит ұғымы тексеру және бақылау ұғымдарынан әлдеқайда терең. Аудитор тексерушіден өзінің мәні, мақсаты, клиентпен қарым-қатынасы, тәуелсіз пікір білдіруі, терең баға беруі, объектінің даму келешегі мен жағдайы туралы қорытындысының негізділігі бойынша ерекшеленеді.
Аудит қаржылық көрсеткіштердің анық екендігін тексеруді ғана қамтамасыз етпейді, сонымен бірге кемшіліктерді жою мен шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді. Осыған орай, аудит анықтамасында бизнестің өзінше бір (өзгеше) сараптамасы баяндалады.
Кәсіби аудиттің осы заманғы даму кезеңінде «аудит» және «аудиторлық қызмет» ұғымдары ажыратылып көрсетіледі.
Аудиторлық қызмет бұған қоса есепті ұйымдастыруды, ішкі бақылауды, әр түрлі тәуекелдікті бәсеңдетуді, менеджментті, маркетингті жетілдіруді, басқа да заңдық, техникалық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуді жақсарту, жүзеге асыру, қалыптастыру бойынша әр түрлі кеңес беру мен кәсіби қызмет көрсетулерді қамтиды.
Аудитор, адвокат, дәрігер, музыкант, суретші және шығармашылықтың (творчество) адамдары сияқты еркін кәсіптің өкілі болып табылады, ал аудиттің кәсіпкерлік қызметтің түрі ретінде дамыған елдерде беделі (рейтингісі) жоғары. Шетелдік сарапшы ұйымдар жиі өткізетін қоғамдық сұрау салудың қорытындысы бойынша бухгалтер-аудитор кәсібі адвокат және дәрігер кәсіптерімен тең бәсекелесіп, алғашқы үш орынның бірін тұрақты иеленеді екен. ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында біздің елімізде пайда болған аудиторлық кәсіп бухгалтерлік есеп, қаржы, бақылау, құқық, менеджмент, стратегиялық және ағымдық жоспарлау, ұлттық экономиканың әр түрлі салаларын басқаруды ұйымдастыру салаларындағы жоғары білікті мамандар үшін келешегі зор әрі абыройлы қызмет түріне айналып үлгерді.
1.3. 1997 жылы Ел Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан – 2030» Стратегиясында ХХ ғасырдың 90-жылдары республика экономикасында орын алған дағдарыстың себептері ашылып, оны жеңудің жолдары айтылған. Радикалдық саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру, КСРО-ның құлауы және қазақстандық экономиканың әлемдік шаруашылық қатынас жүйесіне енуі дағдарыстың болуына, өндіріс көлемі мен өнімдердің, жұмыс, қызметтің бәсекеге қабілеттілігін күрт төмендетуге объективті жағдайлар тудырды. Бұл дәстүрлі нарықтың ығысуына, төлемге қабілетсіздік тудыруға, шектен тыс инфляцияға және көптеген шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің тоқтауына әкеп соқтырды. Қалыптасқан жағдайды ескеру арқылы ұзақ мерзімді жеті артықшылықтың бірі ретінде жоғары шетелдік инвестиция мен ішкі жинақ ақша деңгейіндегі ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу анықталды. Экономикалық өсу қаржы тұрақтылығына, өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз етуге, аса маңызды салаларға инвесторларды тартуға, шешуші бизнес салаларының іскерлігін арттыруға, белсенді өндіріс саясатын енгізуге және акценттерді шаруашылық жүргізудің макродан микродеңгейіне жылжытуға септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасында радикалдық реформалардың стратегиялық курсы нарықтың рөлі мен барлық тауар-ақша қатынас жүйесін күшейтуге бағытталған. Нарықтық экономиканың тиімділігін, оның ғылыми-техникалық жетістіктерді жылдам енгізетінін, адамның қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға мақсаттылығын әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. Нарықтық қатынасқа тауар өндірушілердің экономикалық тәуелсіздігі, субъектілердің шаруашылық қызметіне әкімшіліктің араласуын болдырмаушылық, өндіріс саласындағы еркін экономикалық байланыстар және қоғамдық өнім айналымы және оны тұтыну тән.
Қазақстандық экономиканы сәтті функциялау үшін оны ұйымдастырудың озық құралдары мен нақты тетіктерін, оның ішінде мақсатты-бағдарламалық әдісті көптеген факторлар бойынша талдауды, жүйелі бақылауды және оңтайлы шешімдерді қабылдауды қолдану аса қажет. Барлық ресурс түрлерінің аса өткір сезілген тапшылық жағдайында ұлттық экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлікке айрықша назар аудару керек. Мемлекеттік меншіктерді жекешелендіруді тездету, өндіріс тиімділігін арттыру, бәсекелестік ортаны дамыту, қаржылық бақылауды жақсарту және осы заманғы нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру сияқты факторлардың маңызы зор. Бір жағынан, шегі жоқ тұтынушылық, екінші жағынан, ресурстардың шектеулі болуы шаруашылық жүргізудің қажеттілігін тудырады. Шаруашылық ресурстардың жетіспеушілігін терең сезінбес үшін адамдар барлық іс-әрекетін жоспарға құратын болса, адамдар экономиканың көмегімен тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өнім, қызмет түрлерін өндірудің барлық мекемелері мен әдістерін қамтиды. Шешім қабылдаушы, шаруашылық жоспарын дербес жасайтын әрі осыларға сәйкес әрекет ететін барлық экономика бірліктері шаруашылық жүргізуші субъектілер деп аталады.
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» ҚР Заңында «дара кәсіпкер» және «ұйым» терминдерінің мәні мен айырмашылығы ашып көрсетіледі. Ал, бұл терминдердің мағынасы республика резиденттері болып табылатын кәсіпкерлік қызметпен айналысатын барлық заңды тұлғаларды, сондай-ақ ел аумағында тіркелген бейрезидент өкілдіктер мен филиалдарды білдіреді.
Ұлттық экономиканы реформалау бойынша түбегейлі процестер шаруашылық қызметті басқаруда жаңа ұйымдық және бақылаушы-талдамалы құрылымның пайда болуының объективті қажеттілігімен шарттастырылған. Халық шаруашылығын басқару жүйесін қайта құрудың алғашқы жылдарында-ақ жоспарлы экономиканың дәстүрлі бақылау органдары өсу үстіндегі, яғни арта түскен қажеттіліктерді қанағаттандыру мен барлық мүдделі тұтынушыларды объективті ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша пайда болған проблемаларды кешенді шешуде өзінің қабілетсіздігін көрсетті.
Әкімшіл-әміршіл жүйеде төменгі басқару буынының жоғарыға қатаң бағынуы тек жоспарланған тапсырмалардың орындалуын, шаруашылық операциялардың заңдылығын сақтау, яғни оның заңға сәйкес болуын және мемлекет қарауындағы жалпы халықтық ресурстардың сақталуын тексеру бойынша тиісті ревизиялық қызметтерді ғана талап етті. Ал, нарықтық экономика жағдайында шаруашылық жүргізуші субъектілердің серіктестермен, инвесторлармен, кредит берушілермен, меншік иелерімен, акционерлермен және басқа да пайдаланушылармен деңгейлес байланыстары бойынша шындыққа жанасымды ақпараттарға қажеттілік бірден артады. Бұл арада тек белгіленген параметрлердің сәйкесетіндігін тексеру ғана емес, сонымен қатар шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметтерін жақсарту бойынша ғылыми негізделген ұсынысын әзірлеуді, оларға кеңес беруді және басқадай да жоғары кәсіби деңгейде тиісті аудиторлық қызмет көрсетуді талап етеді.
Кәсіби аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы – бұл бүгінгі таңда да жалғасын тапқан айтарлықтай ұзақ процесс. Аудиттің қоғамдық рөлін түсінуі үшін оны ұйымдастырудың әдістемесін, теориялық негіздемесін және мәнін ашу керек.
Нарықтық экономикаға өтпелі кезеңде шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін басқарудың маңызды құралдарының бірі қаржылық бақылау болды. ТМД елдеріндегі нарықтық қатынастың дамуы өндіріс саласындағы бизнестің жаңа қаржылық бақылау жүйесін қалыптастыратын алғышарттарды тудырды.
Қаржылық-шаруашылық бақылау жүйесін түбегейлі қайта өзгерту, енгізу және тәуелсіз аудиттің посткеңестік аумақта «қарқынды» дамыту негізінде мына принциптер жатқызылады:
- Меншік түрлері және қаржы көздері бойынша бақылау объектілерін дәл оқшаулау;
- Бақылау субъектілерін мемлекеттік, қоғамдық, аудиторлық (тәуелсіз), ведомстволық (фирмалық) және іштей (ішкі шаруашылықтық) деп бөлу;
- Бақылау мәселелерін шектеу, оның ішінде бюджеттің кірісі мен шығысын дұрыс қалыптастыру, есеп берулердің анықтығы, өндіріс әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыратын резервтерді анықтау және бағалау;
- Мемлекеттік, жергілікті, қоғамдық, ішкі шаруашылық, тәуелсіз аудиторлық ұйымдар мен жекелеген аудиторлардың әрекет ету салаларын анықтау.

- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығын қалыптасуы мен дамуы
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығының даму проблемалары
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығының пайда болуы
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығының пайда болуы және дамуы
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығының пайда болуы және дамуы
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығының пайда болуы және дамуы
- Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар нарығының пайда болуы және дамуы
- Қазақстан Республикасы қазіргі таңдағы банктік жүйесі
- Қазақстан Республикасы қазіргі таңдағы банктік жүйесі
- Қазақстан Республикасы қор биржаның даму ерекшелігі
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қаржы жүйесінің ерекшеліктері
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қаржы жүйесінің ерекшеліктері
- Қазақстан Республикасында атқарушы биліктің жергілікті органдары
- Қазақстан Республикасында атқарушы биліктің жергілікті органдары