Гидросфера

 

Кіріспе

Гидросфера-біздің планетамыздың аса маңызды құрам бөліктерінің бірі. Гидросфераға күн энергиясы мен гравитациялық күштер әсерінен қозғалысқа түсетін және бір күйден екінші күйге өте алатын барлық су түрлері жатады. Гидросфера Жердің басқа элементтері атмосферамен, литосферамен тығыз байланысты. Жердегі су үнемі қозғалыста болады. Табиғаттағы су айналымы гидросфераның барлық бөліктерін бір-бірімен байланыстырып, біртұтас жабық жүйе: мұхит- атмосфера – құрлықты түзеді. Ол гидросфераның түрлі бөліктерінің әртектілігіне байланысты өзгеретін су алмасу процесінің белсенділігінің қамтамасыз етеді.

Әйтседе, сыртқы ортаны, суды, ауаны  қорғауға заңды түрде шара қолданбайтын бірде-бір мемлекет жоқ.Тіпті теңіз  суын қорғау зиянды заттардың шығарудың  технологиясын реттеу және қалдықтарды  барынша азайту жөнінде халықаралық  келісімде жасалған.

Бұл шаралар бұлжытпай іске асыру  да керек етеді, себебі ауаның, судың, топырақтың ластануы ең ақырғы шегіне жетті. Әсіресе бұл мәселе халық  өте жиі орналасқан өндірістік аудандарда тым үлкен орын алып отыр. Улы  заттар бұл орындардан өзен суларымен, теңіз ағыстары және жел арқылы мыңдаған километр алшақ орналасқан аймақтарға тарап, жер шарының алыс түпкірлеріне қауіп тудыруда.

Кейінгі жылдарда ластайтын қалдықтарды  кәдімгі түрлеріне жерді радиактивтік заттардың улау қаупі қосылды. Ал оның зиянды әсерлері жердің тек белгілі  аймағымен ғана шектелмейді.

Судың ластануы әсіресе өнеркәсіп  қалдықтарының қосылуы аса қауіпті. Қалдықтардың химиялық құрамының болуына  сәйкес, олардың тигізер әсеріде  түрлі. Мысалы, мұнай өңдеуден шыққан қалдықтар су бетін үлкен қабықпен жауып, оттектік алмасуын қиындатады. Үй тұрмысында және өнеркәсіпте өте  көп мөлшерде қолданылатын синтетикалық детергенттер деп аталатын жууға  қолданылатын заттардың әсері де мұнай қалдықтарымен бір бағыттас.

Сондай-ақ, ол судың оттекті бойына сіңіру қабілетін төмендетеді және органикалық заттары ыдырататын органикалық заттарды ыдырататын бактерияларды  құртып, балықтарды улайды. Өндеу кезінде  бөлінетін басқа да өнеркәсіп  қалдықтары, мысалы, мырыш, мыс, қорғасынның  тұздары мен көмірді кокстеу  кезінде пайда болатын фенол, цианидтер әсер етеді. Енді біреулері (қышқылдар мен негіздер) судың  электролиттік қасиетімен пайдалы  және зиянды микроорганизмдердің ара  қатынасын өзгертеді. Бұл заттардың қайсысы болсада суда бұрын болмаған (немесе аз мөлшерде ғана кездеседі) бейтаныс қосындылар. Сондықтанда олардың ыдырауы суда өмір сүретін организмдерге қауіпті.

 

 

 

 

 

 

 

         Гидросфера– табиғи су қоймаларынан (мұхиттардан, теңіздерден, көлдерден, өзендерден) құралады. Бұл құрлықтың 70 % алып жатыр. Гидросфераның көлемі 400 млн шаршы км. 

        Тірі және өлі табиғатта жүретін түрлі процестер мен құбылыстардың адам тіршілігіне жұмсалатын заттардың ішінде судың маңызы зор. Мұздарды, батпақтарды қосып есептегенде, жер бетінің 77,5% - ын су алып жатыр. Су қорларына – мұхиттар, теңіз, өзен, көл, жер асты сулары, мұздықтар, атмосферадағы ылғал кіреді. Су адамдар мен жануарлардың организміне еніп, онда болатын зат және энергия айналымына тікелей қатысады. Көптеген процестер тек сулы ортада ғана жүре алады. Белок суда пайда болған және осы ортада дами алады, ал белок тірі клетканың негізі болып табылады. Жер бетіндегі биологиялық өнімдердің 43% - ын, ал оттегінің 50% - дан көбін мұхиттар мен теңіздер береді.

      Су қоры – халық байлығы, өкінішке орай жер бетіндегі тұщы судың қоры өте аз. Өзендер мен көлдердегі тұщы сулардың қоры, гидросфера ресурсының бір пайызына да жетпейді екен. Құрлық бетінің әр түрлі жерлеріндегі тұщы сулардың қорлары әр түрлі. Мысалы, Аляскада 1 адамға 2 миллион м3, Жаңа Зеландияда 100 мың м3, бұрыңғы Кеңестер Одағында 18,3 мың м3, ал Қазақстан Республикасы тұщы су қоры тапшы мемлекеттер қатарына жатады. Қазақстанда 1987 жылы халық шаруашылығына жұмсалған судың жалпы мөлшері 38 км3-ге жетті.

       Планетамыздағы адамзаттың тұщы суды пайдалануы жыл сайын өсіп келеді. Ал, мұхиттардың, теңіздердің тұзды сулары шаруашылықта мардымсыз болса да қолданылып жүр. Біздің республикамызда су тұщытқыш станциясы Ақтау қаласында ғана бар. Егер ерте кезде, бір адам басына шаққанда, тәулігіне 12-18 литр су пайдаланса, XX ғасырда мәдениеті дамыған елдерде оның шамасы орта есеппен 200-400 литрге жетіп отыр.

     Су ресурстарының “мұхит-атмосфера-жер-мұхит” системасындағы айналым процестерінде тамаша бір қасиеті - өздігінен қайта қалпына келу қабілеті. Сондықтан табиғатты қорғаудың аса маңызды міндеттерінің бірі табиғи сулардың осы қасиетін сақтап қалуға барынша мүмкіндік жасау.

     Судың өздігінен тазару процесіне әсер ететін физикалық факторлардың ішінде ластаушы заттардың сұйылуы, еруі және араласуы негізгі рөл атқарады.

     Қазіргі кезде адамзат қоғамында 1 жылда тұщы судың 3000 км3 шамасындайы жұмсалады. Суды ең көп пайдаланатын ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығында пайдаланылған судың төрттен үш бөлігі қайтарылмайды. Мысалы, 1 тонна бидай өсіру үшін барлық вегетациялық кезеңде 7000 тонна, мақтаға 10000 тонна су жұмсалады.

      Ауыл шаруашылығында қолданылатын улы химикаттар топырақтан шайылып, суға түседі. Мал шаруашылығында түзілген өлі органикалық заттар (көң, шірінді, мочевина) топырақтан суға түсіп, су жүйелеріне едәуір әсер етеді. Органикалық заттары көп мұндай суларда көк-жасыл, қоңыр балдырлар және жоғары сатыдағы өсімдіктер тез көбейіп, өледі, нәтижесінде судағы органикалық заттардың массасы артады, сондықтан суда оттектің жетіспеушілігі туындайды. Соның нәтижесінде су тіршілікке жарамсыз болып, онда анаэробты процестер басым бола бастайды.

     Ағысында суларды оларды ластаушы заттардан тазарту күрделі процесс. Олар – механикалық, химиялық және биологиялық болып бөлінеді. 

 

                              Суды тазартудың әдістері 

 

       Механикалық әдісі – суды тұндыру және сүзу арқылы ондағы механикалық қоспалардан тазарту. Көлемі әр түрлі бөлшектер мөлшеріне қарай әр түрлі конструкциялық торлармен, су бетілік қоспалар – май, смола, мұнай ұстағыштар арқылы сүзіледі.

     Химиялық әдісте суды тазалау үшін химиялық реагенттер, мысалы, хлор, хлорлы ізбес сияқты қосылыстар қолданылады.

    Хлор суды қауіпті бактериялогиялық ластардан тамаша, пәрменді қауіпсіздендіреді. Бірақ соңғы кезде белгілі болғандай, хлорланған ауыз суы ғалымдар дәлелдегендей бауыр, қуық, асқазан ісіктерін, аллергиялық аурулар туындатады. Хлор тағы да біздің ағзамыздағы ақуыздарды бұзып, тері мен шашқа жағымсыз әсер етеді. Жазғы кезеңде, микроағзалар жылдам, қарқынды көбейетін шақта су көбірек хлорланады, осы кезде адам денсаулығына қауіп күшейеді.

Суды жекелей тұтынуда хлордан құтылудың ең тиімді әдісі  – су тазартқыш (сүзгіш) пайдалану. Егер сүзгі жоқ болса, онда суды бірнеше сағат тұндырып қою керек, сонда хлор ұшып кетеді.

Ағызынды суды тазартудың химиялық әдістерінің ең көп қолданылатын түрі – нейтралдау. Өнеркәсіп орындарының әртүрлі қышқылдарды бөлетін лас суларын нейтралдау үшін магнезит, доломит, ізбестастар қолданылады.

     Суды тазалаудың биологиялық әдісі – микроскопиялық өсімдіктер мен жануарлар өсіріп, үстінен ағызынды сумен толтырады да төменгі жағынан қатты ауа ағынымен үрлейді, Оттектің (ауамен үрлегенде) және органикалық заттардың көп мөлшерінде бактериялар мен микрофауна қарқынды өсіп, көбейіп, органикалық ластаушыларды жай минералдық заттарға дейін ыдырататын ферменттер бөле бастайды. Органикалық заттардың минералдану процесі жүреді.

Органикалық заттардың мол  қорымен қоректенген бактериялар  активті көбейе бастап, массалары  ұлғая түседі. Бактериялардың кесектелген  массалары біртіндеп судың түбіне шөгіп, ал су тазара береді. Биологиялық  тазалауға қатысатын организмдерге  әр түрлі бактериялардан басқа балдырлар, саңырауқұлақтар, ең төмен сатыдағы жәндіктер, құрттар және басқалар жатады. Солардың бірқатарына тоқталамыз.

     Жамбасқұрт – жамбастап жылжып қозғалатын жәндік. Бұл оның уақытша қозғалысы емес табиғи бейімділігі. Жамбасқұрттар балықтардың сүйікті жемі болумен қатар, өте пайдалы жәндіктер. Олар түрлі организмдердің қалдықтарымен қоректеніп, су түбі тазалығын сақтауда үлкен роль атқарады.

    Қоңыздар. Көп жылғы бақылаулар бойынша қоңыздардың негізгі қорегінің 60%-ы маса личинкалары екен. Арнайы жүргізілген тәжірибелерде бір ғана қоңыздың тәулігіне 65-70 маса личинкасын жоятыны осыны дәлелдейді.

     Су шаяны. Су шаяны ақпайтын тоқтау суларда, өсімдіктері көп, әрі ластанған өсімдік шірінділері көп көлшіктерде тіршілік етеді. Олардың негізгі қорегі – маса, сона мен басқа да су жәндіктері. Лаборатория жағдайында су шаяндары тәулігіне масаның 85 личинкасын жоятыны анықталған.

    Инеліктер. Судағы жәндіктердің ішінде инеліктердің орны ерекше. Барлығы дерліктей жыртқыштар. Тіршілік ету ерекшелігіне байланысты инеліктерді су насекомдарының “қос мекенділері” деп атауға болады. Өйткені инеліктердің личинкалары суда дамиды да, ал ересектерінің даму кезеңдері су жағасында өтеді. Ересек инеліктер қорегін тек қана ұшып қуып барып ұстайды. Олардың өткір тырнағына көбіне масалар, шыбындар, соналар т.б. зиянды насекомдар ілінеді.

    Су жүйелерін тазалайтын балықтар да бар екен. Арықтар бойын арамшөптерден тазарту үшін маман ғалымдар көп ізденіс жасап, канал бойларына ақ амур, дөң маңдай сияқты балықтарды қолдан жерсіндірді. Ақ амур ересектерінің дене тұрқы 120 см, салмағы 32 кг-ға дейін жететін ірі балық. Денесі ірі бұл балықтың ерекшелігі – ол сондай мешкей. Олар каналда өскен шөптерді жеп, өсімдіктердің қаулап өсуіне жол бермеген.

     Арық пен канал бойындағы өсімдіктерден құтылу үшін қолданылып жүрген механикалық әдістерді шөппен қоректенетін балықтармен алмастыру экономикалық жағынан өте тиімді. Сондай-ақ бұл балықтар басқа да маңызды қызмет атқарады. Жағасында қамыс өскен су төңірегінде орналасқан ауыл-село тұрғындары жазда масадан көп зардап шегетіні белгілі. Ондай кезде ақ амурлар суда өскен қамыс құрақты азық етіп, масалардың ұрық салатын орнын құртады. Сондықтан да су жүйелерін тазалайтын бұл балықтарды келешекте канал, арық суларында өсіруді қолға алған жөн.  

 

Гидросфера және оның құрамдас бөліктері. Гидросфера — Жер шарының су қабығы, ол ғаламшардағы химияның қосылысқа түспеген табиғи судың барлығьн (сұйық, қатты және бу түріндегі) қамтиды. Гидросфераны және оның құрамдас бөліктерін зерттейтін ғылымды гидрология деп атайды. Гидрология зерттеу объектісіне қарай екі салаға: Дүниежүзілік мұхит пен оның бөліктерін зерттейтін мұхиттану мен құрлықтағы суларды зерттейтін құрлық гидрологиясына жіктеледі.

Гидросфераның жалпы көлемі, шамамен, 1,4 млрд км3. Бұл орасан мол су массасының тек 2,5%-ы ғана тұщы су, қалған 97,5%-ын Дүниежүзілік мұхит пен құрлықтағы ащы сулар құрайды. Тұщы сулардың басым бөлігі мұздықтарда шоғырланған. Гидросфераның құрамдас бөліктері мен олардағы су көлемі 3-кестеде көрсетілген.

3-кесте

Гидросфераның құрамдас бөліктері  және олардағы су көлемі

 

Гидросфераның құрамдас бөліктері

Су көлемі, км3

Дүниежүзілік мұхит

1 370 000 000

Жер асты сулары

60 000 000

Топырак ылғалы

82 000

Мұздыктар

24 000 000

Көлдер

230 000

Өзендер

1 200

Атмосферадагы су

14 000

Барлығы

1 454 327 200


 

Гидросферадағы судың жалпы салмағы 1,5х1018 т, бұл Жер шары салмағының 1/4180 бөлігі болып табылады. Жер шары Күн жүйесіндегі ең «сулы» ғаламшар болып табылады, оның бетінің 71%-ын Дүниежүзілік мұхит алып жатыр. Ғаламшардың әрбір тұрғынына шаққанда 250 млн т судан келеді.

Судың қасиеттері. Су — Жер шарындағы ең көп таралған айрықша зат, химиялық құрамы жөнінен сутек оксиді (Н2О) болып табылады. Оның өзіне тән қасиеттері бар, бұл қасиеттерінің географиялық қабықта жүретін процестер үшін маңызы зор.

Біріншіден, су қалыпты жағдайдың өзінде үш бірдей күйде бола алады. Судың бір күйден екінші күйге ауысуы үшін белгілі бір мөлшерде жылу жұмсалады (булану, қар мен мұздың еруі) немесе бөлініп шығады (конденсаңия, судың қатуы). Мысалы, 1 г суды буландыру үшін жұмсалатын жылу 1 г мұзды ерітуге қажет жылудан 7 еседей артық болады.

Екіншіден, басқа заттармен салыстырғанда су қатқан кезде көлемін ұлғайтады. Таза су қалыпты қысым жағдайында +100°С-та қайнап, О°С-та қататынын білесіңдер. Су +4°С шамасында ең жоғары тығыздыққа ие болады; бұдан төмен температурада, керісінше тығыздығы біртіндеп кеміп, көлемі ұлғая бастайды. Қатқан мезетте судың көлемі күрт артып, бастапқы сұйык күйіндегі көлемінен 10%-ға жуык ұлғаяды. Табиғатта судың мұндай өзгерістерге түсуінің өзіндік маңызы бар. Су айдындарының бетін жапқан мұз судың төменгі қабаттарының одан әрі салқындауына жол бермейді. Өйткені су қатқан сайын тығыз бола берсе, су айдындары түбінен бастап қатар еді. Мұндай орасан мол мұз жаз кезінде еріп үлгермес еді, мұның өзі қоршаған ортаға, судағы тіршілікке кері әсерін тигізген болар еді.

Үшіншіден, су еріткіш болғандықтан табиғатта таза күйінде болмайды, яғни оның құрамында еріген күйде азды-көпті бөгде заттар кездеседі. Суда тұздардың шоғырлану мөлшері, яғни тұздылыгы әркелкі болады. Судың тұздылығын бір литрдегі грамм есебімен (г/л), пайыз (%) және промилле (%о) есебімен өлшейді. Тұздылығы әр түрлі сулардың қату және ең жоғары тығыздық, байқалатын температуралары да айырмашылық жасайды .

Судың тұздылығы артқан сайын, қату температурасы төмендей береді. Сол себепті тұздылығы жоғары болатын терең көлдердің небір қатты аяздарда да қата қоюы қиын. Ал мұхит жағдайында беткі тұзды су қату барысында біртіндеп тығыздығы артып, төменге батады. Осының нәтижесінде мұхиттың неғұрлым төмен қабаттарына оттек жеткізіліп, ондағы тіршілікті қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, су баяу жылынып, баяу суынады. Бұл судың жылу сыйымдылығының өте жоғары болуымен түсіндіріледі. Судың жылу сыйымдылығы құмға қарағанда 5 есе, темірмен салыстырғанда 10 есе жоғары. Ал судың ауамен салыстырғандағы жылу сыйымдылығы 3 мың есе жоғары. Яғни 1 см3 суды 1°-қа салқындату барысында 3 000 см3 ауаны 1°-қа жылытуға жетерлік жылу белінеді. Дүниежүзілік мұхиттың ғаламшарымыздағы алып жылу жинақтағыш ретіндегі рөлі судың осы маңызды қасиетімен түсіндіріледі. Тіпті кішігірім су айдынының маңында айрықша жұмсақ климаттың орнайтындығы да осыған байланысты.

Судың қасиеттері қысым мен температураға байланысты күшті өзгереді. Егер қысымы 1 атм. таза су 0° шамасында қатса, 600 атм. жағдайында -5°С температурада қатады. Бұл заңдылық негізінде тығыздығы 20 670 атм.-ға жеткен су +76°С температурада қатуы тиіс. Сонымен, біз елестете алмайтын күйдегі мұз, яғни ыстық мұз жоғарыда аталған қысым байкалатын Жер қойнауында кездесуі мүмкін. Температура өте төмен (-170°С), ал қысым аз болған жағдайда өте тығыз мұз қалыптасады, оның тығыздығы 2,32 г/см2-ге жетуі мүмкін (бұл тығыздықты басқа қатты заттардың тығыздығымен салыстырып көріңдер). Кристалдық құрылымы жоқ мұндай мұздар Күн жүйесіндегі суық ғаламшарда кездеседі.

Судың аталған  ғажайып қасиеттері Жер шарында  тіршіліктің пайда болып? Дамуына және сақталауына жағдай жасалы. Қасиеттеріне байланысты: географиялық қабықта жүріп жатқан процестердің барлығына бірдей қатысып, маңызды рөл атқарады.

Табиғаттағы су айналымы, оның маңызы

Судың Күн  энергиясы мен ауырлық күші әсерінен гидросфера, атмосфера, литосфера және тіршілік дүниесін қамтитын үздіксіз айналымын Дуниежүзілік ылгал айналымы немесе су айналымы деп атайды.

Күн жылуы  әсерінен теңіздер мен мұхиттардың, құрлықтың бетінен (өзен-көлдермен қатар, топырақ пен өсімдіктер де буландырады) буланған су атмосфераға бөлініп шығады. Су айналымында ауа ағындарының маңызы зор, өйткені ауа массалары мұхит үстінен буланған ылғалды шалғай жатқан құрлыққа әкеліп жеткізеді. Жаңбыр күйінде жер бетіне қайта түскен судың басым бөлігі су айдындарын толықтырып, біразы топыраққа сіңеді. Топырақ ылғалын сіндірген өсімдіктер оның артық бөлігін қайтадан бу күйінде атмосфераға бөліп шығарады. Құрлық өзендері өз суын теңіздер мен мұхиттарға жеткізіп, буланған судың орнын толтыруға өз үлесін қосады. Ал теңіздер мен мұхиттардан қайта буланған су атмосфераға түсіп, айналым тұйықталады.

Дегенмен  соңғы жылдардағы зерттеулер су айналымының  тұйық емес екендігін дөлелдеп отыр. Өйткені атмосфераның жоғары қабатына көтерілген су буы Күн сәулесінің әсерінен оттек пен сутек иондарына ыдырап, ғарыш кеңістігіне өтіп кетеді. Ал жаңартау атқылаулары барысында жердің ішкі қойнауынан келетін су (шамамен, жылына 130 млн т) гидросфераны толықтырып отырады. Тіпті осы сулар есебінен гидросфераның көлемі ұлғайып келеді деген де болжам бар, өйткені мантиядағы су мөлшері 20 млрд км3 (гидросфера көлемінен 15 есе артық) деп шамалануда.

Судың барлық табиғат құрамбөліктерін (компонент) қамтитын айналымы көптеген миллион жылдар бойы тоқтаусыз жүруде. Жыл ішінде гидросфераның мардымсыз бөлігі ғана айналымға түседі. Су айналымының нәтижесінде мұздық сулары толығымен «жаңаруы» үшін 8 мың жыл, мұхит суына 3 мыңдай жыл қажет болса, ағынсыз көлдер үшін, шамамен, бұл процеске 300 жылдай ғана уақыт керек. Өзен сулары, шамамен, әрбір 12 күн, ал атмосферадағы су әрбір 9 күн сайын алмасып тұрады.

Су айналымының  нәтижесінде толығымен «жаңару» үшін мұхит суына 2500 жыл, полярлық мұздықтар мен тау мұздықтарына 1600—9700 жыл, көлдерге 17 жыл керек болса, өзен арналарындағы су әрбір 16 тәулікте, ал атмосферадағы су 8 тәулікте «жаңарады». Биологиялық немесе тірі организмдер мен өсімдік құрамындағы сулардың «жаңаруына» бірнеше сағат қана жеткілікті .

Су айналымы литосфера, гидросфера мен атмосфераны бір-бірімен байланыстыру арқылы географиялық қабықты калыптастырды. Осы арқылы Жер шарының жаңа қабығы — биосфераның («тіршілік қабығы») түзілуіне алғышарт жасады. Су айналымының табиғаттағы айрықша рөлі мұнымен ғана анықталмайды. Ылғал айналымы барысында жылудың алмасуы қоса жүреді. Өйткені бір жерде булануға жылу жұмсалса, екінші бір жерде ылғалдың конденсациялануы барысында, керісінше, жылу бөлініп шығады. Бір жыл ішінде су айналымына Күннен келетін жылудың 25%-ға жуығы қатысады. Сонымен, су мен жылуды тасымалдау арқылы су айналымы Жер шарының табиғат кешендерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Су айналымына адамның шаруашылық әрекеті елеулі түрде ықпал етуде. Ормандардың  жойылуы, орасан зор егістік алқаптардың пайда болуы, батпақтарды құрғату мен шөлдерді суландыру, жасанды алып бөгендердің құрылысы, шаруашылық мақсатта пайдаланылатын су мөлшерінің күрт артуы Жер шарындағы гидрологиялық яғни сумен байланысты процестердің жүру барысын өзгертуде. Өйткені су айналымын үздіксіз тізбек түрінде елестетсек, сол тізбектің бір буынындағы өзгеріс бүкіл тізбектегі өзгерістерге себепші болады.

Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде  өзен суларының жылдық ағыны өзгерген. Өндірісте пайдаланылатын сулар  өндірілген өнім құрамына еніп немесе қалдық су күйінде жердің терең қойнауына  кетіп, айналымға түсуі қиындайды. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен ластанған сулар табиғаттағы  су айналымының нәтижесінде гидросфераның  барлық дерлік бөлігіне таралуда. Ғалымдар казіргі кезде адамзат үшін судың  тапшылығы емес, ластануы басты проблема деген пікір айтуда.                                      

                                    Дүниежүзілік мұхит

 

Дүниежүзлік мұхит және оның бөліктері. Дүниежүзілік мұхит суының жалпы көлемі 1 млрд 370 млн км3 шамасында, бұл гидросфераның 94%-ын кұрайды. Мұхит суында табиғатта белгілі 110 химиялық элементтің 73-і кездеседі. Орташа тереңдігі 4000 м болатын Дүниежүзілік мұхит Жер шарының 3/4 бөлігін алып жатыр. Дүниежүзілік мұхиттың бөліктеріне мұхиттар, теңіздер, шығанақтар мен бұғаздар жатады. Ол материктер мен аралдар аркылы 4 мұхитқа бөлінген.

Әрбір мұхит  өзіндік ерекшеліктерге ие. Тынық  мұхит пен Солтүстік Мүзды  мұхиттың кейбір ерекшеліктерін салыстыру  негізінде осыған көз жеткізейік. Тынық мұхит — Жер шарындағы ең ірі (ауданы — 178,7 млн км2), ең терең (орташа терендігі — 3976 м, ең терең бөлігі — 11022 м) және ең жылы (беткі суларының жылдық орташа температурасы +19Д°С) мұхит. Мүнда Дүниежүзілік мұхиттағы тереңдігі 5 мың м-ден асатын 35 шұңғыманың 25-і, сондай-ақ 10 мың м-ден асатын 4 шұңғыма орналаскан. Тынық мұхит суының көлемі, шамамен, 710 млн км3. Солтүстік Мұзды мұхит, керісінше, Жер шарындағы ең кіші (ауданы —14,8 млн км2), ең таяз (орташа тереңдігі — 1225 м, ең терең бөлігі —5527 м), көлемі ең аз (18 млн км3) мұхит болып табылады. Оның жартысынан астамын материктік қайрандар алып жатыр. Географиялық орнына байланысты климат жағдайлары қатал. Қыста 90%-ға жуығын мұз жамылғысы басады, жаздық өзінде көпжылдық мұздары сақталады.

Кейбір  ғалымдар Атлант, Тынык және Үнді мұхиттарының оңтүстік бөліктерін қамтитын 5-ші, яғни Оңтүстік мұхитты ажыратады, бірақ бұл пікір кең қолдау тапқан жоқ.

Теңіздер деп мұхиттың құрлықпен, аралдармен немесе су асты кыраттарымен азды-көпті бөлініп жатқан бөліктерін атайды. Теңіз мұхиттың құрамдас белігі болғанымен, одан суының қасиеттері, ағыстары, тіршілік дүниесі арқылы айырмашылық жасайды. Оларды мұхиттан оқшаулану деңгейіне қарай ішкі (Қара, Қызыл, Азов, Балтық, Мәрмөр теңіздері), аралдар аралығындағы, (Сулавеси, Банда, Фиджи, Филишшн теніздері) және шеткі теңіздер (Баренц, Шығыс Сібір, Кар, Лаптевтер, Чукот теңіздері) деп бөледі.

Шығанақ — мұхиттың, теңіздің немесе көлдің құрлыққа сұғына еніп жатқан, бірақ су айдынының негізгі бөлігімен жалғасатын құрамдас бөлігі. Кей жағдайда мұхитты шығанақ пен теңіздерге бөлудің өзі шартты сипат алады. Мәселен, ерте кезден бері шығанақ аталып жүрген Гудзон, Мексика, Бенгаль, Парсы шығанақтары іс жүзінде теңіздер болып табылады. Ресейдің солтүстігіндегі құрлыққа сұғына еніп жаткан шығанақтарды (Гыдан, Двина, Мезень, Печора және т.б.)

Бұғаз деп — әр түрлі су айдындарын жалғастыратын және құрлықтың жеке бөліктерін бөліп жатқан, салыстырмалы түрде жіңішке су кеңістігін атайды. Мәселен, Дрейк бұғазы Тынық мұхит пен Атлант мұхитын, Беринг бұғазы Солтүстік Мұзды мұхиттың Чукот теңізі мен Тынық мұхиттың Беринг теңізін жалғастырып жатыр. Сонымен, Дүниежүзілік мұхиттың жеке бөліктері өзіндік ерекшеліктерге ие болғанымен, жаратылысы, табиғат жағдайлары, даму болашағы бір-бірімен тығыз байланысты біртұтас күрделі жүйені құрайды.

Мұхит суының қасиеттері. Мұхит суының басты қасиеттерінің бірі — оның температурасы. Мұхит суының жылдық орташа температурасының ең жоғары көрсеткіштері (27—28°С) экваторлық ендіктерде байқалады. Ашық мұхитқа қарағанда теңіздерде, әсіресе қоңыржай ендіктерде жатқан теңіздерде жылдық температураның ауытқулары үлкен болады. Мысалы, Қара теңізде бұл көрсеткіш 17—24°С, Жерорта теңізінде 14°С-қа жетеді.

Жалпы алғанда, мұхит бетіндегі орташа жылдық температура +17,4°С. Орташа жылдық температураның ең жоғары көрсеткіші Тынық мұхит бетінде (+19,1°С) байқалады, бұл оның көпшілік бөлігінің төмен ендіктерде жатуымен түсіндіріледі. Үнді мұхиты бетіндегі орташа жылдық температура +17,1°С-қа тең. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіш Дүниежүзілік мұхиттың 54%-ында +20°С-тан жоғары, тек 14%-ында ғана +4°С-тан төмен. Мұхит суының ең жоғары температурасы (+32°С) Тынық мұхит бетінде тамыз айында, ең төмен температурасы (-1,7°С) ақпанда Солтүстік Мұзды мұхитта байқалған.

Қазіргі заманғы өлшеу құралдарының көмегімен мұхит суының температурасының географиялық ендік бойынша ғана емес, тереңдікке қарай да таралу заңдылықтары анықталып отыр. Мұхит суының беткі 25—50 м, кей жағдайда тіпті 100 метрлік қабаты қарқынды араласады. Осы себепті бұл қабатта судың температурасы салыстырмалы түрде біркелкі болады.

Тереңдеген сайын алғашында температура күрт төмендеп, кейіннен баяу өзгере бастайды. Мұхиттың терең қабаттарында температура біркелкі төмен болады, себебі мұнда полярлық аймақтардан келетін суық сулар басым болады. Жоғары ендіктерде мұхит түбіндегі судың температурасы 0° шамасында болса, экваторлық және қоңыржай ендіктерде +2°, +3°С. Жалпы алғанда, Дүниежүзілік мұхиттың орташа температурасы +3,8°С.

Мұхит түбіне жақын су қабаттарының температурасына Жердің ішкі жылуы да әсер етеді. Мысалы, Қызыл теңіздің табанындағы ойыстарда судың температурасы +72°С-қа дейін жетеді. Ыстық тұз ерітіндісі күйінде болатын бұл судың құрамында темір, марганец және түсті металдар мөлшері кәдімгі мұхит суына қарағанда мың есе көп.

Мұхит суының 96,5%-ын таза су құрайды, қалған 3,5%-ы еріген тұздардың үлесіне тиеді. Сондықтан мұхит суының басты қасиетінің бірі оның тұздылыгы болып табылады. Дүниежүзілік мұхитта, шамамен, 49,2х1015 т еріген тұз бар деп есептеледі. Аталған тұзды құрғақ күйінде жер бетіне біркелкі етіп таратып жайса, Жер шарын қалындығы 150 м тұз қабаты көмкерген болар еді. Осыншама мол тұздың миллиондаған жылдар бойы жиналуының өзі Жердің геологиялық тарихымен тығыз байланыста жүрген күрделі процесс болып табылады. Мұхит суында кездесетін тұздар арасында ас тұзы (85%) басым, сондай-ақ мұнда магний, кальций және т.б. қосылыстар бар. Дүниежүзілік мұхиттағы тұздардың арақатынасы барлық бөлігінде бірдей, бірақ оның жеке бөліктеріндегі тұздылық көрсеткіші айырмашылық жасайды.

Дүниежүзілік  мұхит суының орташа тұздылығы 35°/00 шамасында. Бұл көрсеткіш судың беткі қабаттарында, көбінесе атмосфералық жауын-шашын мен буланудың арақатынасына, сондай-ақ географиялық ендікке байланысты болады. Мұхит бетінен буланған судың құрамында тұз болмайтындықтан, бұлттар тұщы судан түзіледі. Сондықтан буланушылык жауын-шашын мөлшерінен басым болатын аудандарда мұхит суының тұздылығы жоғары болады. Тропиктерге таяу аудандарда тұздылық 37°/00 шамасында болса, Қызыл теңіздің солтүстігінде Дүниежүзілік мұхиттағы ең жоғары тұздылық (41°/00) байқалады. Ал мұздықтардың еріген суымен толығатын және жаңбыр мол жауатын аудандарда (полярлық және экваторлық ендіктер) мұхит суының тұздылығы төменірек. Мысалы, экватор маңында 34 % шамасында, қоңыржай және поляр ендіктерінде 33°/00 -ге жуық. Мұхиттың ірі өзендер келіп құятын бөліктерінде де су ашық мұхитқа қарағанда анағұрлым тұщырақ. Бұл құбылыс Амазонка өзенінің сағасынан 150 км алыс мұхит суында да байқалады.

Мұхит суының құрамында тұздардан басқа, орасан мол мөлшерде еріген газдар кездеседі. Олар мұхитқа атмосферадан келіп түседі, сондай-ақ су асты жанартаулары атқылау барысында, суда жүретін химиялық және биологиялық процестер нәтижесінде бөлініп шығады. Ең маңыздылары — оттек, көмірқышқыл газы, азот және күкіртсутек. Оттекті мұхитта тіршілік ететін балдырлар фотосинтез процесі барысында бөліп шығарады, едәуір бөлігі ауадан алынады. Сол себепті тереңдеген сайын оттек мөлшері азая береді. Күкіртсутек бактериялардың тіршілік өрекеті нәтижесінде түзіледі, бұл газ басқа тіршілік иелері үшін өте зиянды. Қара теңіздің терең қабаттарында күкіртсутектің мөлшері 6,5 см3/л-ге жетеді, сондықтан теңіздің бұл бөлігінде тіршілік өнімділігі өте төмен. Мұхит суындағы еріген газдардың мөлшері температураға тікелей байланысты; су салқын болған сайын оның құрамындағы газ мөлшері де көбірек.

Мұхит суының тұздылығы онда жүретін көптеген табиғи процестерге ықпал етіп, сол арқылы бүкіл Жер шары табиғатының ерекшеліктерін қалыптастыруға қатысады. Сендер өткен тақырыптан судың тұздылығы артқан сайын оның қату температурасы да төмендей беретінін білесіңдер. Олай болса, суынған тұзды судың беткі қабатының тығыздығы артып, салмағы ауырлайды да, төмен ығысады. Оның орнына төменнен өлі салқындап үлгермеген жылы су қабаттары көтеріледі. Температурасы әркелкі су қабаттарының бұлайша араласуы мұздық тұзілуіне кедергі келтіреді. Беткі сулар төменге карай оттекті де тасымалдайды, мұның өзі тіршіліктің неғұрлым терең қабаттарға таралуына жағдай жасайды. Мұхит суының қарқынды араласуы нәтижесінде оның барлық қабаттары жылу мен зат алмасуына қатысады. Осылайша, орасан мол су массасын бойына жинақтаган жылуы, құрамында кездесетін алуан түрлі заттары бар Дүниежүзілік мұхит ғаламшар ауқымындағы айналымдарды реттеуші қызметін  атқарады.

Мұхит суының қозғалыстары. Дүниежүзілік мұхит сулары ұдайы қозғалыста болады. Шығу тегі мен сипатына карай бұл қозғалыстардың бірнеше түрін ажыратуға болады. Әсіресе толқынды қозгалыстар кең тараған, олар, негізінен, су бетінде жел әсерінен пайда болады. Құрлықтан мұхитқа немесе мұхиттан құрлыққа қарай соғатын желдер жағалаудағы су деңгейін өзгертеді (неліктен?). Сонымен қатар су асты жанартауларының атқылаулары мен жер сілкінулерден соң орасан зор толқындар — цунами пайда болады. Жел әрекетінен пайда болған толқындардан айырмашылығы цунами бүкіл су массасын (түбінен бетіне дейін) қамтиды. Цунами пайда болған ауданынан жан-жағына қарай 700—800 км/сағ жылдамдықпен таралады, бұл реактивті ұшақтың жылдамдығымен пара-пар. Ашық теңізде оның ұзындығы 100—200 км, биіктігі 1 м шамасында болады, бірақ жағалауға жақындағанда апатты толқынның биіктігі 40 м-ге дейін жетуі мүмкін.

Мұхит суының вертикаль багыттағы қозғалыстары қасиеттері әр түрлі су қабаттарының алмасуы негізінде жүзеге асады. Мұхитта су қабаттарының вертикаль алмасуы тайыз жағалаулардағы күшті желдер әсерінен де болуы мүмкін.

Дүниежүзілік  мұхиттың көпшілік бөлігінде тәулігіне екі рет су деңгейі көтеріліп, екі рет төмен түседі, оны толысу және қайту толқындары деп атайды. Бұл құбылыс Айдың тартылыс күшіне байланысты екендігі адамдарға ерте кезден бері белгілі. Ашық мұхитта толысу толқындарының биіктігі 1 м-ден кем болады, бірақ тар шығанактарға енген кезде, толысу деңгейі артады. Мысалы, ең биік толысу толқындары Канаданың солтүстік-шығысындағы Фанди шығанағында (18 м) байқалады. Толысу толқындарында орасан мол (шамамен 8-1012 кВт) энергия жинақталған. Толысу энергиясына адамдар ежелден-ақ назар аударған, алғашқыда бұл энергия тек диірмендерді айналдыру үшін пайдаланылды. XX ғасырда толысу толқындарының қуатынан электр энергиясын өндіру мақсатында толысу электрстанциялары салына бастады.