ХҮІ-ХҮІІІ ғ Малайя
Мазмұны:
Кіріспе ………………………………………………………………………. 3-4
І Тарау: Малаккка сұлтанаты /1400-1511жж/
1.1.Малакка сұлтанатының саяси дамуы.........................
1.2.Сыртқы қатынастары және Ислам дінінің енуі..........................
1.3.Қоғамдық және мемлекеттік құрылымы......................
ІІ Тарау: ХҮІ-ХҮІІІ ғ Малайя
2.1.Малайяға Европа державаларының енуі..........................
2.2.Джохор –Португал соғысы........................
2.3.Малайяны Ачеліктердің жаулап алуы..........................
Кіріспе:
Зерттеудің көкейтестілігі. Дипломдық зерттеу Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекеттердің бірі –Малайзия Федерациясының тарихына арналған. Ғылыми еңбекте қазіргі Малайзия териториялары , яғни Батыс /Малайя/, Шығыс /Солтүстік Калимантан/ және отарлау дәуірі кезеңінде Сингапур Британдық Малайя бөлігін құрағандықтан Сингапур тарихтары қаралады.
Батыс Малайзия Малакка жарты түбегінде ораналасқан. Он бір штаттан тұрады Пинанг, Малакка, Перлис, Кедах, Перак Келантан, Тренгану, Паханг, Селангор, Негри-Сембилон, Джохор. Шығыс Малайзия Калимантан аралында орналасқан, екі штаттан тұрады: Сабах және Саравак.
«Малайя» тарихи-географиялық түсінігі әр дәуірдің даму кезеңіне байланысты қолданылады. Отарлау кезеңіне дейінгі тарихта бұл атаумен Батыс Малайзия, Сингапур және Риву-Линг архипелагы, ал ағылшын жаулап алу дәуірінен бастап Малакка жарты түбегіндегі Британ иелігі және Сингапур , ал 1946 ж кейін Батыс Малайзия территориялары аталады.
Малайзия конституциялық монархия. Елдің басында жоғарғы билеуші /янг ди пертуан агонг/ отырады. Оны 9 малайя султаны 5 жылдық уақытқа сайлайды.
Жұмыста осы Малайзия территорияларындағы сұлтананаттардың ХҮ-ХІХ ғғ әлеуметтік-экономикалық жағдайы, саяси дамуы, ішкі сыртқы қатынастары, сауда мәселесі, европалық державалардың отарлау саясаты, отарлық жүйеге қарсы ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері түбегейлі зерттелді.
Диплом жұмысының көкейтестілігі Малайзиядағы ХҮ-ХІХ ғғ аралығындағы елдің саяси дамуы туралы обьективтік білімдерді біртұтас жинақтауға ынталануын көрсетеді.
Хронологиялық жағынан біз ХҮ –ХІХ ғ аралығын, яғни Малайзияда сұлтанаттардың қалыптасу кезеңінен бастап, капиталистік қатынастарға өту кезеңіне дейінгі уақытты қамтыдық.
Бұл тақырыптың маңызды болатын жағы әлі күнге дейін қазақ тілінде осы Малайзия тарихына байланысты жазылған ғылыми еңбек жотың қасы деп айтуымызға да болады. Осы себепті таңдап алған тақырыптың көкейтестілігі одан әрі аса түседі.
Зерттеудің мақсаты. Малайзияның көп ғасырлық тарихы туралы барлық мәліметтерді жинақтап, бір жүйеге келтіріп, зерттеу жұмысына айналдыру.
Зерттеудің міндеттері ХҮ-ХІХ ғғ аралығындағы Малайзия тарихи даму процессіне, менталитетіне, даму ерекшеліктеріне саяси ахуалына қазіргі көзқарас тарабынан тарихи баға беру.
Зерттеудің дерек көздері Тақырыпты жан-жақты аша отырып, ғылыми тұжырымдар жасау мақсатын көздеп, біз интернет жүйесі арқылы Ресейдің , Қазақстан ұлттық кітапханасының, қорларын, Оңтүстік Қазақстан облыстық, М.Әуезов атындағы ОҚМУ кітапханаларының кітап қорлары мен мерзімді баспасөз бетіндегі статьяларды пайдаландық. Сонымен қатар хрестоматиялар, конференция материалдар беттеріндегі келісімдер, саясат нәтижелері де еңбекте көрініс тапты. Сонымен қатар Ресейлік, Совет Одағы кезеңіндегі тарихшылардың еңбектері мен мақалалары, ғылыми көпшілік және арнайы басылымдар, басқа да құжаттар пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы Диплом жұмысының жаңашылдығы ол Оңтүстік-Шығыс Азия тарихына арналған қазақ тіліндегі таптырмас материалдар көзі ретіндегі. Диплом жұмысының негізі практикалық маңызы, оның ой-тұжырымдары, срапталған мәліметтері жаңаша көзқарастық түсініктердің қалыптасуына үлкен көмек береді деп және мектеп оқушылары мен студенттердің өзіндік білімдік қажеттігін одан әрі дамытуға үлесін қосады деп айтуға болады. Сондай-ақ жұмыстағы ой-түйіндер , тарихи айғақтар мен пайымдаулар «Орта ғасырлар тарихы», «Жаңа замандағы Азия және Африка тарихы» пәндерін оқытуда студенттер үшін таптырмайтын дерек болып табылады.
Н. Хикмет айтқандай:
Дегендей бұл ғылыми еңбектегі материалдарды жинақтап, баяндау барысында бұл да бір менің тарих ғылымына кішкентай да болса қосқан еңбегім деп ойлаймын.
1 Тарау: Малакка сұлтанаты (1400-1511жж. шамасында).
1.1 Малакка сұлтанатының саяси дамуы
XVI ғасырдың екінші жартысында Сиам патшалығы Аютидің сюзеренитетін мойындаған «Бес аралдар» деп аталатын деревня Малакка түбегінің батыс жағалауындағы елді мекендердің арасында орналасты. Деревня тұрғындары (20-30 жанұя) балық шаруашылығымен, қарақшылықпен де шұғылданған секілді. Деревня өте ыңғайлы айлақтың маңында орналасқанымен, ло айтарлықтай елеулі сауда орны болған жоқ. Елдімекен түбек жағалауында орналасқан өзге ауылды аймақтардан ешбір өзгешелігі болмады.
XV ғасырдың тұсында бұл деревняның өмірі бір сәтте өзгеріске ұшырады. Парамесвара деген атпен белгілі Шривиджай махараджаларының тұқымы, Палембангтің билеушісі XIV ғасырдың 90 жылдарында Маджапахиттің әлсіреуін пайдаланып, оның билігінен құтылуға ұмтылды. Бұл әрекет сәтсіздікке ұшырап, Парамесвара Палембангтен Риау архепилагына қашуға мәжбүр болды. Бинтанг аралының көсемі (дато) Тун Перпатех Берджаярдың қолдауымен Парамесвара Тумасикада (Сингапур) орнықты. Жергілікті князді өлтіріп, аралды басқара бастады. Түбектің өкімет билігіне ұмтылған, Аютий билеушісінің вассалы Патани княздігінің әскерлері 1398 жылы Тумасиканың түбіне келді. Парамесвара өз халқының қолдауымен Тумасикадан қашып, түбектің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан Муар өзенінің маңына, қазіргі Джохорға орнықты. Осы оқиғадан кейін 1400ж. Парамесвара солтүстікке қарай өтіп, «Бес аралдар» атты балық шаруашылығымен шұғылданатын деревняға қоныстанды. Деревня кейін Малакка деп аталды./11/ Парамесвара өз билігін сол аймаққа жүргізіп, Аютидің жоғарғы билігін мойындап, оған салық төлеп отырды. Малакка шағын княздіктің орталығына айналды. Оның тұрғындары балық шаруашылығымен, қант құрағын, банан, өзге де жеміс-жидектерді өсірумен шұғылданып, жақын жерде аз ғана қалайы кендерін шығара бастады. Парамесвара қарақшылыққа тосқауыл қойып, өз иелігіне саудагерлерді тартуға тырысты. Екі жылдан кейін Малакка халқының саны 2000 адамға өсті. Дегенмен Парамесвараның алғашқы билік құрған жылдарында Малакка шағын қалашық болып қала берді. Оның алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі сауда, мәдени орталығы болатындығын ешкім де болжай алмады.Қытаймен сауда қатынастарының қайта жаңғыруы мен қытайлықтардың теңіз жорықтары Малакканың өсіп өркендеуіне әсер еткен басты жағдайлардың бірі болды. Қытайда Мин әулетінің билік құрған жылдарынан бастап, XIV ғ. 60 ж. соңында моңғолдар елден толық қуылып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Қытай елшіліктері пайда бола бастады./2/ Оңтүстік теңіздегі елдердің билеушілерімен дипломатиялық қатынастарды орната отырып, Мин әулеті өзінің және империяның халқаралық беделін күшейтуді көздеді. Қытай дипломатиялық қатынастар орнатқан елдерді өз вассалдары деп қарауға тырысты, алайда бұл елдер Мин империясының құрамына енбей өз тәуелсіздігін жартылай сақтап қалды. Алайда ол елдер Қытаймен елшіліктер арқылы қарым-қатынасты күшейтуге тыпысып, сол арқылы сауда қатынастарын кеңейтуді көздеді. Жергілікті билеушілер Қытай сарайынан алған атақ шендері арқылы өз биліктерін күшейтіп, көрші елдермен қақтығыста Қытайдың қолдауына иек артуға тырысты.
ХV ғасырдың басында Қытай империясы барынша күшейіп, Оңтүстік теңіз елдеріне жүргізген экспансиясын ұлғайта бастады. Бұл елдерге империяның ықпалын нығайту мақсатында ірі әскери экспедициялар жүйелі түрде жіберіле бастады. ХV ғасырдың басындағы теңіз экспедициялары сыртқы сауда қатынастарын кеңейту мақсатын да көздеді, өйткені құрлық арқылы өткен сауда керуен жолдары сол кезде айтарлықтай қысқарып кеткен еді.
1403 жылы Малаккаға Ин Цин бастаған Қытай елшілігі келді. Ол Парамесвараға қымбат сыйлықтарды тарту етіп, Қытай еліне келуге шақырады. Парамесвара бұл ұсынысты аса ризашылықпен қарсы алып, өз иелігінің елшілігін және талап етілген салықты Ин Цинге қосып жіберді. Малакка князі қуанышының сыры мынада еді: ол Сиамға қарсы Қытайдан қорғаныс табуды және беріп тұрған алым-салығынан да мол табыстарға кенелуді де көздеді. Парамесвара өз есебінен жаңылған жоқ еді. 1406 жылы Қытайдан оралған елшілік Малаккаға көптеген сыйлықтар ала келді, ең маңыздысы Парамесвара императордың бұйрығымен билеуші – Ван атағын алды. 1407 жылы Парамесвара Қытайға елшілігін қайта аттандырды. Қытайдың атақты теңіз саяхатшысы адмирал Чжен Хэ 1409 жылы өзінің үшінші экспедициясында Малаккаға келді. Осы сапарында ол Парамесвараға салтанатты түрде патша тәжін кигізді. 1411 жылы Парамесвара Чжен Хэнің келісімімен жанұясымен біргеҚытай еліне келді. Қытай патшалығы Парамесвараны салтанатты түрде қарсы алды. Қытаймен орнатылған достық қарым-қатынас Мин империясымен тұрақты сауда қатынасын жүргізуге жол ашты. өзге елдің саудагер көпестері де Малаккаға Қытай товарларын сатып алу үшін жиі-жиі келе бастады.
Парамесвараның Аютиден тәуелсіз билеуші болып танылуы, Қытаймен орнатылған тығыз дипломатиялық және сауда қатынастары, қытай сауда факторының пайда болуы – осының барлығы Малакканың мемлекет болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізді.
1.2 Сыртқы қатынас және Ислам дінінің енуі
Оңтүстік-Шығыс Азияға ислам дінінің таралуы Малакканың өрлеуіне әсерін тигізген факторлардың бірі болды.
Ислам діні Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне араб және парсы көпестері арқылы ІХ-Х ғ. өзінде келіп жеткен болатын, алайда таралуы тек
ХІІІ ғ. ғана жүзеге асты. Ислам дінінің басты таратушылары мұсылман дінін қабылдаған үндіс көпестері еді. Олар Индонезия мен Малаяда ауқымды сауда қатынастарын жүргізді.
Жергілікті билеуші топтар ислам дінін қабылдау арқылы мұсылман көпестерін өз иеліктеріне тартуды көздеді, сондай-ақ Маджапахит, Сиам, Малая секілді индуистік және буддистік державаларына қарсы өздерін тәуелсіз, діні бөлек ел екндіктерін білдіргісі келді.
Түбекте ислам дінінің ежелгі ескерткіші 1347 жылы тұрғызылған Тренчану атты құлпытас болып есептеледі. Алайда Малакканың пайда болуына дейін ислам діні түбекте өз тамырын терең жаймаған еді.
Парамесвара сауда қатынастарын дамыту мақсатында Суматраның солтүстік-шығысында орналасқан Пиди Пасей княздіктерімен тығыз байланыс орнатты. Бұл екі княздік мұсылман дініндегі саудагерлердің ірі орталығы болып есептелді. Парамесвара 1414 жылы Пасей сұлтанының қызына үйленіп, ислам дініне біржолата өтті және өзіне Искандер-шах деген мұсылман есімін алды. Малакка билеушісінің бұл қадамы Солтүстік Суматра мен Үндістанның мұсылман көпестерін қалаға барынша тартты. Қытай флотилиясының қорғауында болған Малакка, Малакка бұғазының аймағында орналасқан ірі мұсылман сауда орталығының біріне айнала бастады.
Жаңа діннің Малаккада үстемдік етуші діннің біріне айналуына көп уақыт қажет болды. ХV ғасырдың бірінші жартысы индуизм мен мұсылман дінінің жолын ұстаушылардың өзара күресімен өтті. Парамесвараның туыстары мен жақтастары ескі діннің сақталуын жақтады.
Парамесвара қайтыс болғаннан кейін 1424 жылы Малакканың билеушісі болып оның баласы (немесе немересі) Шри Махараджа тағайындалды. Шривиджаяның әміршілері өздері дәл осылай атады және Шри Махараджа билігінің бастапқы кезеңінде елде ағасы бендахара (бірінші министр) бастаған индуистік фракцияның беделі зор болды. Шри Махараджаның тұсында да Малаккаға мұсылман көпестері тоқтаусыз келіп жатты. 1436 жылы Шри Махараджа әкесі секілді өзіне Мұхаммед-шах деген мұсылман есімін алып, Малаккаға мұсылман көпестерін тартуға тырысты. Пасейден Малаккаға қоныс аударған бай саудагер тамил-мұсылманының қызына Шри Махараджа үйленеді. 1444 жылы Шри Махараджа қайтыс болған соң бендахара оның мұсылман әйелінен туылған баласы Касим раджаның орнына суматралық княгиниядан туылған жас баласын билеуші деп тағайындады. Жас нәресте Ибрахим-шах Шри Парамесвара Дева Шах деген лауазыммен таққа отырғызылды. Индуистік партия сарайда өз жеңісін тойлап, мұсылман саудагерлеріне қосымша салық енгізді./12/
1445 жылы раджа Касим ағасы Тун Алимен бірігіп қастандық ұйымдастырды. Тун Али Малаккада тұрған араб кемесінің көмегімен патша сарайына кіріп жас нәресте билеушіні өлтіріп, бендахараны тұтқындайды. Таққа раджа Касим орырады. Ол сұлтан лауазымын және Мұзаффар-шах есімін қабылдады. Бұл мұсылмандардың түбегейлі жеңісі болды. Тун Али бендахара атағын иеленді,ал бұрынғы бендахараның ұлы Тун Перака алдан қуылып, Малакканың солтүстігінде орналасқан Кланга деген жерге аударылды. Билікке ислам дінін ұстанған жаңа өкімет келді. Мұзаффар шахтың тұсында мемлекетті исламизациялау процесі қарқынды түрде жүргізілді. Бұл процесс ұзаққа созылып, тек ХVІІ ғасырдың соңында аяқталды, және Малакка сұлтанатының ұлғаюымен қатар ислам діні жаңа террсторияларға таралып отырды.
Аютия әу бастан Малакканың өрлеуіне наразылықпен қарады. ХV ғасырдың бірінші жартысында Малакканың билеушілеріне Сиамның басқыншылық әрекетін тоқтату үшін Қытайдың қолдауына бірнеше рет жүгінуге тура келді. 1445 жылы Сиам өз әскерлерін Малаккаға бағыттайды. Сиам әскерлері түбек арқылы өтіп, Малакканың түбіне келді. Бірнеше шайқастың өзінде малаккалықтар жауына қарсы жойқын соққы берді. Сиамдықтар кері шегінуге мәжбүр болды.
Сиаммен жүргізілген соғыстар елдің ішінде өзара жауласып жүрген екі билеуші топтардың – жаңа және ескі ақсүйектердің тілтабысуына әсерін тигізді. Мұзаффар-шах сиамдықтармен шайқаста көзге түскен Тун Перакқа бендахара атағын сыйға тартты. Ал бендахара лауазымынан айырылған ағасы Тун Алиға өз әйелін Тун Перактың қарындасын берді. Осы уақыттан бастап екі топ феодалдық ақсүйектер тобына бірігіп, мұсылман көпестерімен одақ құрып, сауда қатынастарын дамыту мақсатын ұстанды. 1456 жылы сиамдық әскер түбекке қайта басып кіріп, Малакканы аз ғана уақытта ұстап тұрды. Алайда сол жылы Тун Перак Бату-Пахат өзенінің бойында сиамдық флотты талқандап, елдің тәуелсіздігін сақтап қалды.
Малакканың билеушісі шын мәнісінде 1456 жылдан бастап 1498 жылға дейін бендахара Тун Перак болды. Ол сұлтандарды өз қалауынша өзгертіп отырды. /17/
Тун Перак ауқымды жаулап алу саясатын жүргізді. Малакканың Қытай империясына вассалды тәуелділігі бос сөзге айналды, дегенмен Тун Перак алғашқы билік құрған жылдарында елін Сиамның басқыншылық әрекетінен қорғау мақсатында Мин әулетінің көмегіне сүйеніп отырды. 1456 жылы Аютиге тойтарыс берген Малакканың өзі неді басқыншылық әрекетіне көшті. Мұзаффар-шахтың тұсында Малаккаға Минджан (Дандинг архепилагы) және Селенгор қалайыға бай аймақтар қосылған еді; сұлтанат сонымен бірге түбектің оңтүстік бөлігінде орналасқан Сингапур мен Бинтангқа бақылау жасап отырды. Мансур-шахтың тұсында (1459-1477жж) Тун Перактүбектің шығыс жағалауындағы Пахангты, және де Кедах пен Тренгануды жаулап алып, Малакканың билігін қазіргі Малайзияның солтүстік шекарасына дейін жеткізді. Бендахар сонымен қатар Джохорды, Муар мен түбектің оңтүстік жағалауына жақын жатқан аралдарды басып алды. Тун Перак түбекте түбегейлі билік орнатқан соң Малакка бұғазына толық бақылау орнату үшін Суматраның шығыс бөлігінде жаулап алу процесіне көшті. Мансур-шахтың және келесі сұлтан І Алауддин Риаят-шахтың (1477-1488 жж) тұсында Шығыс Суматрада орналасқан Сиак, Кампар, Рокан және Гинрагири Малакканың сюзеренитетін мойындады. Пасейді өзіне қарату әрекеті сәтсіздікке ұшырады.
Тун Перак 1498 жылы қайтыс болады. Ол елде барлық мәселерге араласып, осы позицияны таққа өзі отырғызған Малакканың соңғы сұлтаны І Махмуд-шахтың кезінде де сақтап қалды (1488-1511жж). Тун Перактың ізбасарлары - Тун Петах (Тун Перактың ағасы) және Тун Мутахир (Тун Алидің ұлы және Тун Перактың жиені) – ұлы бендахардың жаулап алу саясатын одан әрі жалғастырды. Малакка түбектің батыс жағалауындағы Бруса пен шығыс бөлігіндегі Аютиямен орын алған жаңа қақтығыста сұлтанат жеңіске жетті. Сиамдық әскерлер құрлықта да, теңізде де жеңіліп, Сиамның түбектегі вассалдары Малакканың сюзеринетін мойындады.
Малакканың күшейіп, Оңтүстік теңіз елдеріне экспедиция жасақтаудан бас тартқан Мин әулетінің сыртқы саяси бағытының өзгеруі Малакканың Қытаймен арадағы вассалдық қатынастарын күйрете бастады. ХV ғасырдың соңында Малакка елшілігін Қытайға жіберу процесі тоқтатылды. Ал Малакка Қытай елшілігін басқа елдердің өкілдермен бірдей дәрежеде қарсы алды.
ХVІ ғасырдың басында Малакка сұлтанаты өз билігін Малакка түбегінің басым бөлігіне және Шығыс Суматраға да орнатқан Оңтүстік-Шығыс Азияның қуатты мемлекеттерінің бірі болды. Малакка қаласы сол кездегі ең әйгілі және ең ірі порттардың біріне айналды.
Португалдық Дуарти Барбоша ХVІ басында былай беп жазды: «Малакка ең бай теңіз порты, мұндағы сансыз саудагерлер мен кемелерді дүниенің өзге бөлігінен кездестіре алмаймыз». Тағы бір португалдық Томе Пириш былай деді: «Малакканың гүлденгені соншалықты, мен оны әлемнің өзге қалаларымен салыстыра алмаймын. Бұл таза сауда үшін жаралған қала. Мұнда пияздың бағасы бағалы заттарға қарағанда әлдеқайда жоғары»./5/
Малакка ХV ғасырдың соңы мен ХVІ ғасырдың басында әлемдік сауданың ірі орталығына айналды.
Мемлекет сауданың көмегімен өмір сүрді. Оның негізін архепилагтың тауарларын үндіс тауырларына айырбастау құрады.
Малуккаға архепилагтан дәмдегіштер артылған кемелер келіп отырды. Малакка жыл сайын үндіс маталарын гвоздикаға айырбастайтын сегіз кемені жабдықтады. Одан басқа үндіс көпестері Малаккадан камффора, бағалы ағаштарды, батик маталарды, явалық қанжарлар – кристер алып отырды. Малаядан сыртқа шығарылатын ең маңызды өнімнің бірі – қалайы болды.
Батыста Малакканың сауда қатынастарын жүргізген басты қаласы Үндістанның солтүстік-батысында орналасқан Камбей болды. «Малакка деп жазды Томе Пириш, - Камбейсіз, ал Камбей Малаккасыз өмір сүре алмайды». Леванта, Кіші Азия, Шығыс Африка, Аравия және Египеттен көпестер көптеген бағалы тауарларымен Камбейге келіп жатты. Камбейден үндіс көпестеріне қосылып Малаккаға жүзді. Үндістер сонымен бірге Малаккаға Бенгал, Коромандель және Малабар жағалауларынан да жүзіп отырды. Олар Малаккаға тоқыма өнімдерін әкелді.
Малакка үшін Қытай саудасы да маңызды орын алды. Қытайдан әр жыл сайын жібек маталармен, селитрамен, камфора, мыс және темір ыдыс-аяқтармен толтырылған ондаған джонкалар келіп жатты. Малакка, Сиам, Пегу, Тямпамен де қызу сауда қатынастарын жүргізді. Сиамнан жыл сайын отыз теңіз кемесі бағалы ағаш, мыстан жасалған ыдыс-аяқ, піл сүйегі, бағалы тастар мен металдарды әкелсе, Пегу он бес кемесімен Малаккаға күріш және өзге азық-түліктің түрлерін, бағалы заттарды жеткізіп отырды. Палембанг, Ява, Калимантан, Сулавеси, Филиппиннен келетін кемелердің саны одан да көп болды.
Каир, Мекке, Аден арабтары, Гуджарат, Малабар және Коромандель үндістері, Сиам, Аракана, Пегу, Камбоджа, Тямпа, Қытай саудагерлері, Ява, Малукка, Банда және өзге арзепилагтың тұрғындары осылардың барлығы Малаккада болды, Пириштің айтуынша мұнда сексен төрт тілдер тоғысып отырды. Малаккаға Венециядан – қару, тоқыма киімдер мен түсті әйнектер, Меккеден – апиын, Камбей мен Аденнен – мата мен киім, Пегуден – күміс, Қытайдан – фарфор мен жібек, Суматрадан – алтын мен бұрыш, Явадан – күріш, ет, көкөніс және қару, Малукка мен Банда аралдарынан дәмдеуіштер үздіксіз ағылып жатты.
Малаккада тауарға салынатын баж салығы қалыпты болды, және шетел көпестеріне жеңілдіктер жасалды. Әр ұлттың көпестері қаланың жеке кварталдарында, порттың шенеунігі – шахбандардың қадағалауында тұрды. Малаккада төрт шахбандар болды: біріншісі – гуджараттықтар үшін, екіншісі – тамилдер, бенгалдықтар, Пагу мен Пасей тұрғындары үшін, үшіншісі – архепилаг тұрғындары үшін, төртіншісі – Қытайлықтар мен Үндіқытай тұрғындары үшін сайланды. Шахбандарлар баж салығын жинап, жүктің бағасын анықтап, көпестердің арасында туындаған қырқыстарды шешіп отырды. Тұрғындардың басым бөлігін өзге елдің саудагерлері құрады (португалдардың басып алуына дейін Малаккада 40 мың адам тұрды): 1509 жылы олардың саны 4 мың болды, 1\4 бөлігін гуджараттықтар құрады.
Түбекте қалыптасқан феодалдық қатынастар Малакка сұлтанатының тұсында одан әрі дами түседі. Алайда Малакканың қоғамдық құрылысы бұрынғы қала-мемлекеттердің белгілерін сақтап қалды. Малакка өзінің алдындағы қалалар секілді ең алдымен сауда орталығы болып табылды. Билеуші тап табыстың негізгі көзін саудадан алып отырды. Әдетте шетел көпестері алты пайыздық салықты төлесе, жергілікті көпестер үш пайыздық салықты төлеп отырды. Қытайдың, Ява мен Малукка аралдарының тұрғындары салықты үнемі төлеп отырмаса да, сұлтанға сыйлықтар беріп отырды. Мемлекет салықты қала маңындағы елді мекендерден келетін шаруа саудагерлерінен де алып отырды. Сұлтан мен жоғары дәрежелі адамдардың өздері де сауда қатынастарына қатысып отырды. Олар кемені соғып, сатып алып, көпестермен бірге тауарларын жөнелтіп отырды. Әсіресе Қытай саудасында сұлтандардың үлесі маңызды болды.
Малакканың иеліктері оның вассалдары болды. Әдетте бұл иеліктердің билеушілері өз орындарын сақтап қалды. Олар салық төлеп, қажет болған жағдайда әскері мен флотын беріп тұрды. Кампара мен Индрагирдің билеушілері (Шығыс Суматра) жыл сайын бір бүтін үштен бір фунт алтын (1,33) төлеп отырса, Паханга сұлтаны 5,33 фунтқа дейін төлеп отырды. Түбектің солтүстік бөлігінде роналасқан вассалдар салықты қалайымен төледі. Суматра аралында орналасқан Рокан, Сиак, Рупат, Тунгкал вассалдары салық төлемеді, бірақ соғыс бола қалған жағдайда әскерін беріп отырды.
Малакка сұлтанаты тұсында феодалдық жер иелену жеке меншігі дамыды. Қала-мемлекеттердің тұсында мүлдем игерілмеген аймақтарда енді біртіндеп қоныстану процесі жүргізіле бастады. Шаруа қауымдары орманды тазалап, түбектің ішкі аймағына тереңдей ене бастады. Малакка сұлтандары ХV ғасыр мен ХVІ ғасырдың басында үнемі феодалдарға жерді сыйға бере бастады. Феодалдар жерге салынатын ондық салығын жинауға, және шаруалардың еңбегін пайдалану құқығына иеленді. Малакка кодексінде шаруалардың еңбек еткен жерінің иегеріне бағыныштылығы ерекше айтылып өтілді.
1.3. Қоғамдық және мемлекеттік құрылымы
Феодалдық жеке меншіктің қалыптасу процесі бірқалыпты өтпеді. Бұл процесс әуелі халқы тығыз қоныстанған және жері игерілген аймақтарда, әсіресе Малакканың өзінде қызу жүріп отыпды. Малакка ақсүйектерінде қала сыртында су қоймалары мен бау-бақшалары орналасқан жерлері болды. Кейбір жерлерді күріш алқаптары қоршап жатты. Малакканың қоғамдық құрылысында құлиеленушілік маңызды орын алды. Феодалдардың қоластында еңбек еткен құлдардың мөлшері байлық пен беделдің белгісі болып саналды. Құлдар көбінесе үй шаруашылығында пайдаланылды, дегенмен олардың бір бөлігі егін алқаптарында да еңбек етті.
Мемлекет басында билеуші тұрды. Ол бастапқыда раджа немесе янг ди пертуан деп аталды, ал ислам дінінің жеңісінен кейін сұлтан деп атала бастады. Ислам дінін қабылдағанымен Малакка сұлтандары бұрынғы мемлекеттің билеушілерінің көптеген белгілерін сақтап қалды. Сарайлық әдепте, дәстүрде (әсіресе таққа отырғызу), түрлі киім мен қаруға қатысты ережелерде алдыңғы дәуірдегі мәдениет сақталды. Сұлтаннан басқа ешкім ақ қолшатыр ұстауға және сары киім киюге құқылы болмады, оның алдында ешкім паланкин қолдана алмады немесе крис алып жүре алмады. Билеушіге қатысты қылмыстар немесе оның иелігіне нұқсан келтірушілер қатал жазаланды.Мемлекеттік құрылыс та өткен дәуірлік сипатты сақтады.
Сұлтанат шонжарлары бірнеше топтарға бөлінді: «төрт», падука титулын иеленуші, «сегіз» - сри (санскр. шри), «он алты» - раджа және «отыз екі». Бұл жіктелу өз бастауын үнді мәдениетінен алып бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азияға тарады. Малакканың жоғары «төрттігін» бендахара – бірінші министр басқарды және ол – қазынашы, әскербасы мен жоғарғы сот қызметін атқарды. «Төрттіктің басқа бір мүшесі томенгунг кәдімгі бендахара жанұясынан шыққан адам болды. Орта ғасырлық Малаккада томенгунг полиция басшысы болды және де ол таразыны қадағалап, ішкі сауда салығын жинады. Олардың қатарына бендахарилер (сри нарадираджа) де – қазынашы және падука туан мантри – сот кірді. «Сегіздік» ішінде жоғарғы рөлді флот басқарушы - лаксманалар және шетелдіктермен сауда жүргізушілер – шахбандар мен олардан салық жинаушылар иеленді. Қалғандары сарйдағы түрлі қызметтерді иеленді және облыс мұрагерлері – мандулактар, сұлтанаттың ядросын құраушылар болды.
Соңғы Махмуд сұлтанның кезінде негізінен мұсылмандық кезеңге дейінгі, бірақ исламның кейбір ықпалы тиген деректерге негізделіп «заңдар жинағы» жасалды. «Құдай соты» (өткен дәуірдегі үнділенген мемлекеттердегі сияқты) сақталды және өлім жазасы берілетін он қылмыстың тізімі сақталды. Билеуші жіктің өкілеттілігінің иелігіне және өміріне қастандық жасаушыларға жазалау жүйесі, түрлі сипаттағы тыйымдар мен шектеулер сұлтанат шаруалары мен қолөнерші-саудагерлер үстінен үстемдік етуші феодалдардың мүддесін қорғады /23/
Бай, әрі халқы көп қала түбектегі өзінің жанданған саудасы мен сарай өмірінің тамаша мәдениетімен васалдары және мұрагерліктерімен салыстырғанда ерекшеленді. Бірақ Малакка сұлтанатының кезеңінде түбектің ішкі аудандарына халық біртіндеп қоныстанды және жағалаудағы бірнеше қоныстар дамыды, бірақ та түбек аз қоныстанған және экономикасы аз дамыған күйде қалды. Малакканың байлығы мен билігі оның малай иеліктері мен вассалдарының ішкі ресурстарына емес, феодалдық саудаға негізделді.
Малакадан оңтүстікке қарай түбектің оңтүстік шетіне дейін екі ірі қоныс болды: бірі 2000 адам тұратын Муар өзенінің сағасында, екіншісі оңтүстікке таман Сунгей-Уджонг, Кианг, Селангор, Перак, Бернам, Минджан (Диндинг), Бруас қоныстары орналасты. Қоныстанушылар балық аулаумен және күріш өсірумен айналысты, сұлтан мұрагерлері – мандуликтердің билігінде болды. Мұрагерлер негізінен бендахара жанұясының мүшелері немесе басқа ақсүйек тұлғалардан болды. Бұл мұрагерлік теңізге құятын өзеннің сағасында орналасқан бір-екі аралдардан тұрды; халық саны 200-500 адамнан аспады. Мұрагерлер сұлтанға алтынмен немесе қалайымен төледі. Мандулактар мен олардың адамдары өзеннің құяр жеріне бекет орнатып иеліктердің орталығына сауда жасау үшін бара жатқан қайықтардан салық жианды.
Малакканың түбектегі ең ірі вассалы Шривиджай кезеңінен белгілі болған Паханг болды. Ол шығыс жағалаудың үлкен бөлігін, Тренгану мен қазіргі Джохор арасында және ішкі аудандарда Малакка маңайына дейін алып жатты. ХІV – ХV ғасырлардың бірінші жартысында Паханг Сиам вассалы болды. 1456 жылы Бату-Пахатта сиамдықтар жеңіліс тапқан соң Мансур-шах Пахангты басып алып оның раджасының қызына үйленді. ХV ғасырда Паханг гүлденген бай сұлтанат болды. Португалдық де Ередиа былай деп жазды: «Оның портына (Пекан, астанасы да болды) алтын үшін көпестер келді; оның алтын найзалары бүкіл түбектегі жақсы және өте байлардың қатарына жатты». Пахангта сонымен бірге қалайы мен темір рудалары болды және оның тұрғындары суармалы егіншілікпен айналысты.
1470 жылы Паханг сұлтаны болып – Мансур-шахтың үлкен ұлы –мұхаммед-шах сайланды. 1475 жылы Мұхаммедтің өлімінен кейін Пахаг тағы оның үлкен ағасы Ахметтің қолына көшіп, Малаккамен соғыс тұтана жаздады. Тун Перактың Малакка тағына Мансур-шахтың кіші баласы Алауддинді отырғызғанына наразылық танытқан Ахмет-шах 1478 жылы Малакканың вассалдық тәуелділігін мойындаған Тренгану билеушісін өлтірді. Осыған жауап ретінде Малакка сарайында қызмет ететін Ханг Туах батыр Ахметтің көзінше оның бендахарасының жақын туысын өлтіреді, осылайшы малакка сарйы ахметті кемсіту арқылы рухани рахатқа бөленеді.1488 жылы Ахметтің қастандығымен Алауддин у беріп өлтіріледі. Алауддин мирасқоры Махмуд, 1494 жылы Ахметті паханг тағынан тайдырады /8/. Бұл Пахангты екіге бөлуге әкелді: Ахметті тайдарған Махмудтың ұлы Мансур мен Махмудтың күйеу баласы Абдул Джалил арасында.