Ұлттық идея және ұлттық идеология



Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университеті

 

 

 

 

 

 

РЕФЕРАТ

             

 

тақырыбы: «Ұлттық идея және ұлттық идеология»

 

 

 

 

 

 

 

Орындаған: 1 курс магистранты Даулеткереева Ж.Қ.

Тексерген: филос.ғ.к.,профессор Құсниденов С.Қ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Атырау,2012 жыл

ЖОСПАРЫ:

 

І.Кіріспе

 

ІІ.Негізгі бөлім

1.Ұлттық идея

2.Ұлттық идеология

3.Ұлттық идеология Ата заңнан басталады

 

 

ІІІ.Қорытынды

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Ұлттық идея - халық мұраты. Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Мазмұнына көз жүгiртсек, екi бөлiктен тұратынын көремiз. Бiрi – ұлт, екiншiсi – идея мәселесi. Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген Геродоттан тартып, кешегi Колбинге дейiн әрқилы мақсатқа сай қазақстанға сырттан келгенде ұлттануға ден қойғаны – арғы тегiмiз сақтарды, салт-дәстүрiмiздi, рухани-мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек. қазақтар да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары бүгiнгi күнге жетiп отыр.

ХХ ғасыр этностарды мидай араластырып жiбердi. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып кеткен ұлттар аз емес. Бiр ғана КСРО-ның өзiнде 1926-1939 жылдар iшiнде 194 ұлттан 100-ге жетпейтiн ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзектi мәселеге айналды. Талай-талай ойдодалары өттi, том-том кiтаптар жарық көрдi. Ғалымдардың, саясаткерлердiң, саяхатшылардың үздiксiз iзденiсi зая кетпедi. қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жiктелетiнi аса зор құндылық ретiнде орнықты. Бүгiнде ұлтқа берiлген анықтама ондап, жүздеп саналады. Бiздiң ойымызша, ұлт дегенiмiз – өзiнiң қазақ (орыс, немiс, жапон...) екенiн тарих тереңiнен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тiлдiк, рухани, геосаяси, т.б. өзгешелiгiн  айыра алатын адамдардың үлкен қауымдастығы.

Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Бiз қарастырғалы отырған ұлттық идея мәселесiнiң мәнi ұлттың тiлегi, ниетi, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенiң тоқ етерiн тапқанымыз.

Қазақстан сияқты тәуелсіздігін жаңа алған жас елге идеология әбден керек және ең алдымен, ол мемлекеттің ұлттық сипатына, тәуелсіздігіне қызмет етуге тиіс. Ұлттық идеология дегеніміз — халықтың, бүкіл елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, санасын ғасырлар бойы дамытып, жетілдіру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ережесі, ол сол халықтың тілін, ділін, мемлекетін қалыптастыруға қызмет етеді. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мысалы, Қазақ-станның ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық, ерлік дәстүрді тудырған. Отанын сүю, елін қорғау ер азаматтардың міндетіне кірген. Ауыз әдебиетіндегі батырлар бейнесі осылай туған. Осыны болашақ ұрпақтың бойына сіңіре отырып, ұлттық идеология қалыптастырған

1.Ұлттық идея

 

Қандай ғана болмасын үрдiстi зерттегенде тарих ғылымы үш сұраққа жауап iздейдi: 1. Қашан пайда болды? 2. Қандай даму белестерiнен өттi? 3. Бүгiнгi жай-күйi нешiк? Ұлттық идея тарихы да бұл сұрақтардан тыс тұра алмайды. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату  құрады. Асан қайғының:

                      Едiл менен Жайықтың

                      Бiрiн жазға жайласаң,

                      Бiрiн қыста қыстасаң,

                      Ал қолыңды маларсың

                      Алтын менен күмiске! –

деген жыр жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуiрдегi аңсағаны -  территориялық тұтастық, саяси еркiндiк, әлеуметтiк кемелдiк,табиғат пен адам арасындағы үйлесiм бейнеленген. Елдiң бiрлiгiн, iшкi тыныштығын, ханның ынсапты болуын, халықтың берекелi байлығын жырлаумен ұлттық идеяны мемлекеттiк саясат биiгiне көтергендер қатарында қазтуған, Доспамбет, Шалкиiз, Жиембет жыраулар тұр. "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" жылдарында Отан қорғау ұлт мұратына айналды. Ақтамбердiнiң:

                            Жауға шаптым ту байлап,

                            Шептi бұздым айғайлап,

                            Дұшпаннан көрген қорлықтан

                            Жалынды жүрек қан қайнап,

                            Ел-жұртты қорғайлап,

                            Өлiмге жүрмiз бас байлап, - дейтiнi осыдан.

Жақсы менен жайсаңның басын өлiмге байлаған ХVIII ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ресейдiң  бодандығына  кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және территориялық тұтастығынан айрылды. "Бөлiп ал да билей бер" саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. ХVIII ғасырда Абылай мен Әбiлхайырдың, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әлiби мен Әлиханның ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ едi деп, сiрә, ешкiм айта алмас. Иә, бұлар әрiсi -  туған халқына, берiсi – соңынан ергендерге қызмет еткiсi келдi. Бiрақ, уақыт өзi көрсеткендей, бiреулерi ат төбелiндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екiншiлерi – барша қазақтың болмаса  да қалың көпшiлiктiң мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Орталықтанған мемлекеттiң болмауымен қоса бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты, жолын кестi. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Мiржақыптар Алаш автономиясынан, Шоқай тұтас Түркiстанды құрудан, Әлiби, Сәкендер таптық жiктелуден олжалады. Ең пәрмендiсi әрi халыққа тиiмдiсi Алаш автономиясы ұлттық идеясы екенiн ендi ғана ұғындық қой.

Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi.

Кеңестiк жылдардағы қазақстанда қазақтың  санасы мен жүрегiн билеп алған ұлттық идея болған жоқ. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды.

20-30-жылдары Алаш зиялылары  құрбандыққа шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты "ЕСЕП" партиясының", "Жас тұлпар" қозғалысының дүниеге келгенiнен, "Қазақ әдебиетi", "Зерде" газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тiлi, мәдени мұрасы жайлы  жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Бiрақ бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. қисапсыз  қасiреттi басынан өткiзген бiздер тәуелсiздiктiң табалдырығынан нысаналы даярлықсыз аттай салдық.

 

2.Ұлттық идеология

 

Дәстүр мен ұрпақ тәрбиесі – ұлттық идеологияның негізі. Отанын сүю, елін қорғау ер азаматтардың міндетіне кірген. Ауыз әдебиетіндегі батырлар бейнесі осылай туған. Осыны болашақ ұрпақтың бойына сіңіре отырып, ұлттық идеология қалыптастырған.

Сондықтан да халқымызды азаматтыққа, батырлыққа, шешендікке, көрегендікке тәрбиелеу де ұлттық идеологияның міндеті. Біздің билеріміз, жырауларымыз жырлап, үлгі тұтқан әділеттілік те халықтың шынайы қасиеті. Қазақ – ұлттық дәстүр дегенге ерекше мән беретін халық. Ата-баба аруағын сыйлау, оған жүгіну – ежелгі салтымыз. Солардан қолдау тілеп жатамыз. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген мақалды да жиі қолданамыз. Ал, осы дәстүр дегеніміздің өзі не? Меніңше, ол – халықтың ұзақ өмірінде қалыптасып, сұрыпталған жақсы қасиеттердің тұтас бітімі, көзқарасы, түсінігі, шындықты тану өрнегі. Дәстүрге халықтың әдет-салты, күнделікті тіршілігінің ауқымы, адамдардың қалыптасып үйренген мінез-құлқы – бәрі де кіреді. Олар жинақтала келіп, ұлттық белгілерді анықтайды, ұлттық сипатты танытады. Әрине, өмір бір қалпында тұрмайды, жаңарып, жалғасып жатады. Соған байланысты ой-сана, ұғым-түсінік, талғам жаңарады. Жаңарып, өзгеріп жатқан қоғам, қоғамдық қатынастар дәстүрге белгілі дәрежеде әсер етеді. Оны өзгертуге, әлемдік көз-қарастардың ырқына бағындыруға тырысады. Әр халықтың бойында жаңаны қабылдау қасиетімен бірге кертартпалық та болады. Осы кертартпалық, ең алдымен, дәстүрге қатысты. Біз жаңаны қабылдай тұрып, ескі әдетті, мінез-құлықты, яғни дәстүрді сақтауға тырысамыз. Ұлттың ұлттылығын сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін тұрақтандырып, ол үшін күресу қажеттігі де осыдан туады. Қазақ мемлекетінің ұлттық идеологиясы да, менің ойымша, халқымыздың осындай жолмен қалыптасқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін, дінін сақтап дамытуға, осы жолда жаңа заман ұсынып отырған қажеттіктерді өз сараптауымыздан өткізе отырып, қабылдауға құрылуы керек. Дәстүр әр халықтың өмірі мен сол қоғамның өзіндік ерекшеліктері негізінде қалыптасады. Ол да дәстүрге кіреді. Қазақ халқы адам санының аздығына қарамастан, Еуразияның дәл орталығында ұлан-байтақ жерді иемденген. Осының негізінде отаншылдық, елін қорғау жолындағы ерлік істері жатыр. Кең даланы мекендеген халық жауласса – найза ұстайтын батыр, дауласса – сөзден жеңілмейтін шешен болған. Халықтың осы мінезін заманы, өмір сүрген ортасы туғызған, ол жақсы дәстүрге айналып жалғасқан. Сол кең байтақ даланы мекендеген халықта бір тіл, бір әдет-салт, бауырмалдық, қонақжайлылық қалыптасқан. Қалтасына бір құрт салмай, ұзақ жолға шығып, жолшыбай түскен ауыл адамдары оны танымаса да құдасындай күткен. Жердің кеңдігі мен шаруашылығын, кәсібін даралайтын ерекшеліктердің бәрі де ғасырлар бойы сұрыпталып дәстүрге кірген. Менің ойымша, осы дәстүрлер халықтың идеологиясының негізі болып табылады. Ендеше, қазақтың ғасырлар бойы жинақтаған осы жақсы дәстүрлерін сақтау керек. Оны жаңарта отырып, негізін бекіту қажет. Жасыратыны жоқ, ғасырлар бойы қазақ жерінде орыс тілінің үстем болуы, біздің ой-санамыздың соларға табынуы әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Бұл қазақ тілінің аясының тарылуына, дәстүр мен ұлттық тәрбиенің өзгерісіне әкеліп отыр.

Қазіргі тәрбиенің барлығы да болашақ ұрпақты ұлттық салт-санаға, дәстүрге қиғаш жолдарды ұстануға құрылған. Сөйтіп, өркениетті елдердің жасығына еліктеп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпына қауіп төндіріп отырмыз. Кейбір саясаткер азаматтарымыз қазақтың әдет-ғұрпының мағынасына, мәнісіне бара бермей, ұлт тәрбиесінің негізін түсінбей, оны ғаламдық тәрбиеге үйлестіруді ойлайды. Бұл — қазақ халқының қалыптасқан ұлттық тәрбиесінің негізін әлсіретеді. Идеология қай қоғамда болсын, оны бекітуге қызмет етеді. Социалистік идеология кешегі коммунистік режимді қалай көтергенін, дүние жүзін тітіреткен алып империяның негізін бекіткенін жақсы білеміз. Сталин өлгеннен кейін Брежнев сияқты солақай басшылар өндіріс өркендесе, астық болса, идеология шешуші рөл атқармайды деп санап, мемлекетті әлсіретіп алды. Аяғы немен біткенін тағы да көрдік. Сондықтан жас мемлекетті идеологиялық жағынан да өркендету әбден қажет. Экономика болса, қалғандары өзі құралады деп қарау жетімсіз. Оның үстіне бізді қазір жаһандық өзгерістер жан-жақтан қоршап жатыр. Бір жағынан, әлемдік дамудың шеңберінен шығып қалмау, екінші жағынан оның ұлттық сипатымызға жасап жатқан қысымынан өзімізді арашалау – екі жақты үлкен міндет. Жаһандану өзгерісіне бой алдыратындар ең алдымен, жастар. Олар ұлттық дәстүр дегенге онша мән бере бермейді. Сөйтіп, қазақы мінезден біртіндеп алыстап бара жатыр. Қазақ тілін мемлекеттік тіл есебінде орнықтыруға кедергі болып отырғандар да солар. Қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын сақ-тамай, әдетімен есептеспей, сыртта не көрсе, соны қайталайтын да солар. Қазір жастардың көшеде, жол үстінде тұрып сүйісетінін жиі көреміз. Біздің заманымызда сүйіспек түгілі, жұрт көзінше қыз бен жігіттің онаша тұруының өзі ерсі болатын. Өзіміз көріп жүргендей, жастар сезімін жалаңаштап, “ғашықпын, өштім-өлдім”, деп жатады. Шын ғашықтар айғайлап жұртқа жар салатын ба еді? Абайдың “ғашықтың тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл” дейтіні қайда? Сезімді жасыра білу, ұстамдылық қазаққа тән мінез. Ғаламдық “тәрбие” жастарды осы дәстүрден айырып жатқаны тым өкінішті. Олар жат жұрттардың салтын қабылдап, “Валентин күні” дегенді тауып алып, көшеде жаппай сүйісіп жатқаны. Басқа елдің салтын қабылдауды лайықсыз көргендер “неге біз өзіміздің Баян сұлу күнін тағайындамаймыз” деп күпсінеді. Осының бізге керегі бар ма? “Ғашықтар күні” қазаққа керек пе? Сезіміңді жалаңаштап, жұрт алдына шығудың қажеті бар ма? Осының бәрі жастар арасында жүргізілуге тиісті идеологиялық жұмыстың міндеттеріне кіреді. Ұрпақ қамын ойлаған ата-бабаларымыз балаларын дәстүр сыйлауға, үлкендерге ілтипат жасауға, арын былғамай, өнегелі ортадан тәлім алуға үйреткен. Ұлды дала тіршілігіне, қызды үй ұстауға, ел бірлігін, ошақ бүтіндігін сақтауға баулыған. Қыз намысы дегеннің орны үлкен. Қыз бала отырған жерде абайлап сөйлеу, бейпіл сөз айтпау – оны әдептілікке тәрбиелеу емес пе?! Қыз намысын сақтап, оның адалдықпен жаңа босаға аттауын аналар қатты қадағалаған. Болашақ отбасының тұрақтылығы да қыз арының тазалығымен байланысты саналған. Бүкіл әдебиет, фольклор адал махаббатты, сезім тұрақтылығын бақытты болудың кілті санаған. Қыздың барған жерінен қайтып келуі жай ғана ұят емес, масқара деп есептелген. Сондықтан ата-ана қызын ұзатарда, барған жеріңе “тастай батып, судай сің” деп бата берген. Осындай үлкен тәрбиеден өтіп, ел анасы атанған. Домалақ ана, Қарашаш, кешегі Шоқанның әжесі Айғаным, ел билеген Томирис сұлулық пен әдеміліктің, адалдықтың үлгілері болып ел есінде сақталған. Осы арада белгілі қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтың отбасы туралы да айта кетсек. Сол үйдегі Бақыт апамыздың ерлі-зайыптының арасындағы сыйластықтың үлгісі, айналасы мен отбасының мықты тірегі, көне мен жаңаны жалғастырушы міндетін өз бойына тоғыстырып, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып бүкіл елге ана атанып отырғанын көреміз. Ел арасында осы үлгідегі аналар аз емес. Белгілі қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов ағамыздың үйіндегі Әскеркүл жеңгеміздің де ұрпақ тәрбиесіне беретін үлесі мол. Талды¬қорған, Алматы облыстарында ұзақ жылдар қызмет атқарған Аймұхамед Мансұров деген ағамыз болды. Мен ол кісіні 1944 жылы Талдықорғанда көрші болып тұрған кезден білемін. Өзі де жайсаң азамат еді, екі облыстың көп аудандарын басқарды, елге де, өкіметке де жақты. Республика көлемінде беделді басшы бола білді. Соның еңбегіне, қызметінің абыройлы болуына, балаларының тәрбиесі мен болашақтарына жол сілтей білген, көп бала өсірген Мәкең апайымыздың қазақ әйеліне тән мінез-құлқы кейінгі жас аналарға үлгі етіп ұсынуға әбден лайық. Иә, ер-азамат отбасында сыйлы болса, бала да содан үлгі алады. Қай жерде еркек сыйлы болса, сол жердің отбасы.

Қазақ халқының дамуында, қалыптасуында осы дәстүрлер идеологияның негізі болып табылады. Әсіресе осы ұлттық идеологияның барлығына тән жері — бала тәрбиесі, соның ішінде қыз тәрбиесі. Олар халықтың үлкен тәрбиелік мәні бар, жолы өрісті, бірі мен бірі жалғасып жататын идеологиясын құрайды. Тіршілік толып жатқан тараулардан тұрады. Солардың ішінде “Жаман қатын” деген ұғым да болған. “Атың жаман болса, сойып құты¬ларсың, қатының жаман болса қайтып құтыларсың” деген сөзді қазақтың тағдыры әйелдермен байланысты екенін өмір тәжірибесінен алып айтқан. Ағайын арасын біріктіріп, ел намысын қорғап, балаларын соған бағыттап, ерімен тіл тауып одақтасқан әйел ешқашан жаман атанбайды. Осы дәстүр бізге әлі де керек. Елдігімізді, қазақтығымызды сақтау үшін қажет. Бүгінгі жастардың үйленбей жатып айырылысуы көбейгенін көргенде, қыздарды болашақ өмірге дайындау өз деңгейінде еместігінен осы дәстүрлеріміздің әлсіреп кеткенін танимыз.

Қазақ дәстүрінде қыз балаға көбірек көңіл бөлген. Өйткені, қыз — өмір көркі, әсемдік, тіршілік көзі. Халық ұғымы жақсы көріністердің бәрін қызға теңеген. Қазақ халқында қалыптасқан қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді. “Қыз елдің көркі” — дейді халқымыз. Ақын, жазушылар өмір бойы қыздарды жырлап, ару деп ардақтап, болашақ ана деп аялап үлкен құрметпен қараған. Нәзіктік, тапқырлық, ойлылық, сұлулық, адамгершілік, қайырымдылық сияқты жақсы мінездерді алдымен қыз бойына дарытуды көздеген. Қызды ардақтаған қазақ басқа шығыс халықтарындай, оның бетін бүркелемей, ер балалармен тең ұстаған. Бойжеткенді әсемдіктің, әдеміліктің символы аққуға теңеп жырлаған ақындар қыздың бойындағы құпия сырды терең түсінген. Өзім қаншама шет елдерде: Англияда, Францияда, Италияда, Әзірбайжан мен Арменияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда болып жүргенде қызға деген мұндай құрмет дәл біздегідей емес екенін байқадым. Кез келген жігіттің алдауына түспеу үшін, қыз ең алдымен намысты болу керек, өз намысын қорғай білуі керек. Қыз баланың махаббатының алдында бас имейтін адам жоқ. Сол кездегі қазақ халқының қыздарға берген беделі қайда кетті? Жаңа қоғам құруда қазақтың қалыптасқан идеологиясының көнесін жаңартып, дамытып, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық идеология тәрбиесін сіңіру міндетіміз. Осы айталған мысалдар арқылы қыз баланың бойында ұлттық психологияны қалыптастыру керек. Бүгінгі қыздардан да біз осы жақсы мінездің көріністерін іздейміз. Біздің өткен жолымызда қателіктер аз болған жоқ. Социализм ерлер мен әйелдерді теңестірді, әйелдердің оқуына, қоғамдық істерге араласуына жол ашты. Бәрі де дұрыс. Қоғамнан өз орнын тапқан, үйде де, түзде де сыйлы апа-сіңілілеріміз, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ осыны пайдаланып, үйді ойламай, түзді ойлаумен жүріп, ошақ иесі рөлін әлсіретіп алған әйелдер де жеткілікті. Осындай әйелдердің қыздары да осы жолмен жүре бастады.

Тәуелсіз ел болып, ұлттық қазыналарымызды жинастыра бастағанда, ұлттық дәстүрімізді аяқасты етуге жол беретін осындай мінездерге қарсы күрес ашу керек емес пе? Олар өзімен кетпей, ұрпаққа да әсерін тигізіп жатыр. Қыздардың болашақта отбасын құруға дайын еместігі, адалдығын сақтамай, жетім, тастанды балаларды көбейтіп жатқаны жасырын емес. Иә, біздің ұлтымыздың дәстүріне жат жезөкшелік, тастанды бала, әке-шешесін сыйламау, дүниеқұмарлық, тек қана өзін күйттеп, сырт жұртқа еліктеген жастарымыздың көбейіп бара жатқаны ойлантады. Соның үлкен бір көрінісі – қазіргі біздің эстрада музыкасы. Бұлай дейтініміз, осы күні қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әуенін, классикалық өнерін әлсіретіп, кеудесін, кіндігін ашып киінетін, етегі жырым-жырым әртістер сахнадан жиі көрінетін болды. Осы бір сахна көрінісі бүкіл қазақ жастарын еліктіріп барады. Осыны басқарып жүрген орта буындағы азаматтардың өзі халықтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, елдің көкейкесті ойын түсінбейді. Сондықтан, әлі де жоғалып кетпеген ұлттық дәстүріміздегі жақсы мінез-құлықты, отбасының бірлігі мен ағайынның тұтастығы үшін қызмет ететін ақылгөй аналарды дәріптей отырып, қызға ана сүтімен, мектептен бастап тәрбие берілуі керек. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңде, әйелдер тамақ табу үшін сауда жасауға шығып, отбасының бірлігі де, бала тәрбиесі де ананың ойы-нан да, көзінен де тыс қалды. Бұған уақыт, Қазақстандағы уақытша экономикалық дағдарыс кінәлі дейміз. Жоқ, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары көрген аналардың қиыншылығы осының қасында қандай еді. Сол аналар Ұлы Отан соғысы кезінде-ақ жігерлі болды, намысты болды, аузындағы нанын жырып берді. Ал енді қазір біз жезөкшелік, тастанды бала, қыздардың осындай жағдайға жетуін кімнен көреміз? Осының бәрі біздің қоғамдағы идеологиялық жұмыстың олқылықтары. Бұл айтылғандардан қыз тәрбиесі, әйелдер арасындағы жұмыс жүрмей жатыр деген ұғым тумайды. Қазақтың қыздар педагогикалық институтында бойжеткендерді болашақ маман болуға тәрбиелеумен қатар, жақсы мінез-құлыққа, отбасылық өмірге үйретуде үлкен істер істеліп жатыр.

Қазақтың ақылды, ойлы қызы Шәмша Беркімбаеваның институттағы осы саладағы істерге тікелей мұрындық болып араласып жүргенін байқаймыз. Қыздармен жұмыс онда кездейсоқ шаралармен шектелмей, белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізіледі. Онда студент қыздардың әдебиет-өнер, қоғам қайраткерлерімен, ардақты аналармен кездесуі жиі өтеді. Осының бір мысалы ретінде айтатын болсақ, ұлағатты ана Ділда Тасмағанбет келіні ұлттық дәстүр жайында өзінің өмірлік тәжірибесінен жастарға арнап әңгіме өткізді. Қадірлі ананың газет, журнал беттерінен жиі көрінетін мақалалары да жастарға ой салары даусыз. Жастарды адамгершілікке, балажандылыққа баулитын, оларды жан-жақты білімді, мәдениетті болуға, кітап оқуға үйрететін, озық мәдениет үлгілерімен таныстыратын шаралар да институтта жиі өткізіледі. Осындай игі істердің тек бір институтта ғана жүргізілмей, барлық жастар жиналған ортада, оқу орындарында бұқаралық сипат алғанын қалаймыз. Экономикалық қиындықтан өтіп, қазір өркениетті елдердің дәрежесіне қосылуға тырысудамыз, бірақ рухани жағынан біз әлі де өте жұтаңбыз, әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық психологиялық ойдың жетілуіне рухани байлығымыз жетпей жатыр. Тәрбие мәселесіне көп жағдайда көңіл бөлмей, уақыт жетпей, ақша табу керек дей жүріп, біз ұрпағымыздың рухани әлеміне көңіл бөлмеуге айналдық. Рухани байлық – ұлттың тірегі, мемлекеттің тірегі, елдің қалыптасуының тірегі. Қазақ қыздарын сонау атам заманнан қалыптасып келе жатқан дәстүрді бойына сіңіріп, ұлттық рухпен сусындатуымыз керек. Рухани сусындамаған жерде тұрақтылық, сезімталдық болмайды. Кей кезде біз отбасы бірлігін жиі айтамыз. Ажырасу, тастанды баланың көбеюінің барлығы да рухани жұтаңдықтан туады. Біздің қазақ халқында қай ана баласын тастап кеткен, қай ана баласын босағаға байлап кеткен? Ендеше, біз болашақ аналардың бойына рухани байлықты тәрбие арқылы сіңіруіміз керек. Қазақ қыздарының сымбаты, ақындар жырлаған “ботакөз”, “қиғаш қас”, “алма мойын”, “қыпша бел” — осының барлығы қыздарға берілетін рухани азық болуы керек. Қыздың сұлулығы арқылы, қыздың мүсінін дәріптеу арқылы, болашақ ұрпақтың бойында: “Сондай болсам екен-ау” – деген рухани ұрық себілуге тиіс. Қазақ топырағында, қазақ отбасында тәрбиеленген қыз өрескел мінез көрсетпей, болашақ ұрпақтың анасы болуға тырысады. Адам бойындағы бүкіл адамгершілік қасиет анадан тарайды, ана елге тоқтау айтады.

3.Ұлттық идеология Ата заңнан басталады

Қазақстан Респ­уб­лик­сы­ның қол­даныстағы Конс­ти­ту­ция­­­сы­ның қабылданғанына 16 жыл бо­ла­ды. 1995 жылдың 30-та­мыз күні бүкілхалықтық ре­­ферендум жо­лы­мен  қабыл­дан­ған еліміздің Не­гізгі заңы рес­публика халқына шама-шар­қын­ша қызмет етіп ке­леді.Өткен он алды жыл ішінде Конс­­титуцияның жеткізген же­тіс­тіктері көп.  Қоғам түбегейлі өз­герістерге ұшырады, адам­дар­­­дың менталитеті де, өмір сү­ру ор­тасы да, санасы да ай­тар­лықтай дамыды, мә­дени же­тістіктері ұл­ғайды. Конс­ти­­туция жай ғана дек­ларация емес, халықтың на­ғыз саяси-құ­қық­тық еркіндігін біл­діретін құ­жатқа айналды.

Конституциядан көптеген айыр­­машылықтарымен ерек­ше­­ле­неді. Конституция адам құ­қығын қорғау заңын қа­лып­тас­­тырды және еліміздегі құқық қор­­ғау мәселесін көтеруге ұм­тыл­­дырды. Мемлекеттік би­лік­тің заң шығарушылық, ат­қа­ру­шы­лық және сот жүйесі сияқты үш тармаққа жіктеп, олардың  бі­­­­рігіп жұмыс жасауына жол аш­ты. Қазақстан Конституциясы заң шығарушы орган − екі па­ла­талы Парламент құрды. Пар­ла­менттің жұмыс істеген жыл­да­рында көптеген заң ак­тілері, ма­ңызды халықаралық ак­тілер қа­былданды. Халықтың қо­ғам­дық белсенділіктері артты.

Бұл жылдарда адамдардың аза­­маттық ұстанымы жанданды. Заң – бәріне ортақ екендігін ұғын­­ды. Әлеуметтік, қызметтік, мү­­ліктік жағдайына, ұлтына, ті­­ліне, наным-сенімі мен дініне қа­­рамастан заң алдында бәрі тең  бол­ды. Жалпы бұл күнде Конс­ти­­туцияның мазмұны, қазіргі таң­­дағы жаңа өмір құрудағы мақ­­саттары, жаңа мемлекеттің де­мократияға ұмтылысы, аза­мат­тық-құқықтық ортаға бай­ла­ны­сы туралы көп нәрсе айтуға бо­­лады.

Мені дәл осы Конституция кү­ні қарсаңында бір нәрсе қат­ты ойландырып қалады. Ол ұлт­­тық идеологияға қатысты. Әл­­бетте ұлттық идеология Ата заң­­нан бастау алуға тиіс. Осы кез­­ге дейін Конституциямызды мақ­­тап келдік. Әлбетте оның жақ­­сы да ұрымтал тұстары көп. Бірақ не десек те жалау етер  ұлт­тық идеологиямыз әлі күн­ге жоқ. Бірқатар сарапшылар мұ­­ны Конституцияда мем­ле­­кет­тің ұлттық сипаты көр­се­­тіл­меуі салдарынан дей­ді. Расында да біздің Ата за­­ңы­мызда мемлекеттілігі бо­­ла тұрып қазақтардың би­­­лік құрылтайшылық құ­қы­­ғы көрсетілмеген.  Яғни Қа­зақс­тан­ның өз тәуелсіздігі үшін жүз­де­ген жылдар бойы күрескен қа­зақ халқының мемлекеттігі екен­дігі Конституцияда ай­тыл­маған. Қазақ халқының мем­ле­кет құраушы ұлт екендігін мо­йындамау Қазақстанда қазақ хал­қының халықтық құқығын диа­споралық құқықпен теңес­ті­руге соқтырды. Жергілікті ұлт­ты басыну (Маловодное, Ше­лек, Атырау оқиғалары), транс­ұлттық компаниялардағы жа­лақыдағы теңсіздік,   шет­ел­дер­ден қайтқан оралмандарды қор­лау фактілері, мемлекеттік тіл­дің қағажу көруі осының бәрі конс­титуциялық жетімсіздіктің сал­дары.

Алысқа бармай-ақ  соң­ғы күндердегі қазақ басылым­да­ры­на қаралықшы. Еліміздегі ұлт­тық иделогияның кемшіндігі көз­ге ұрып тұр.  «Түркістан» га­зетінің кешегі (№34)саны. Ел үкіметінің басшысы Кәрім Мә­сі­мов мәскеулік радио арқылы «Қа­зақстандағы халықтың ба­сым көпшілігі қазақ тілінде сөй­лемейді» деп қойып қалған. Бұл деректі қайдан алған? Өзі­нің қазақшаға шорқақтығын бы­лай қойғанда Қазақ үкі­ме­тінің орыс тілді екендігін  жұрт­тың бәрі біледі. Бірақ  үкі­мет қазақша сөйлемейді екен  деп қазақтардың баршасы қа­зақ­шасын қойып кеткен жоқ қой. Енді «Алаш айнасын» (№150) қарайық. Бірінші бет­те берілген «Ұлтымызды қор­лап жатқанда құзырлы орын­дар неге үнсіз?» деген ма­те­риалға назар аударалық. Ре­сей әлеуметтанушысы Мак­сим Акимов деген біреу  қа­зақстандық орыстардың сай­тын­да  «Орыстар, ояныңдар!» деп арандатушы мақала жа­рия­лап, қазақтардың намысына тие­тіндей пікірлер білдірген. Осы газеттің бесінші бетінде «Оқу­шы дәптерінде Ресейдің ән­ұраны қайдан жүр?» деген та­қырыптың өзі елімізде ұлт­тық идеологияның ойсырап тұр­ғанын көрсетеді. «Жас алаш» (№68) газеті болса «Қа­зақта шекара болмаған, мем­ле­кет­тілік болмаған» деген теріс пи­ғылды пікірлерге тосқауыл қоя­ды. Бұл бір күннің ғана мы­салы. 365 күнгі арпалыс жа­ны­мыз­ды қаншалықты жеп жатыр де­сеңізші.

Қазақстанда жұмыс жа­сай­тын ағылшын, неміс, түрік ком­паниялары да онда істейтін қа­зақ­тарды екінші сортты санайды, жа­ла­қылары екі-үш есе, тіпті он есе кем болып жатады. Осын­­дай қисынсыздықтарға қа­зақ­­тардың Қазақстанда би­лік құрылтайшысы екендігі конс­­титуциялық нормаларда жет­кілікті деңгейде ес­ке­ріл­­ме­ген­­дігі себеп. Қазақ­стан Конс­ти­туциясына қа­ра­ңыз, оның аңдатпасында (преам­була­сында) былай делінген: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра оты­рып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына бе­рілген бейбітшіл азаматтық қо­ғам деп ұғына отырып, дүние­жүзілік қоғамдастықта ла­йық­ты орын алуды тілей оты­рып, қазіргі және болашақ ұрпақ­тар алдындағы жоғары жауап­кершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқы­ғы­мыз­ды негізге ала отырып осы Конс­титуцияны қабылдаймыз». Мұн­да Қазақстан қазақ халқы­ның мемлекеттігі екендігі, мем­­лекеттің құрылтайшысы қазақ­­тар екендігі туралы еш­теңе жоқ. Тек «байырғы қа­зақ жерінде» деп сипай қам­шы­лап кете береді. Мен әде­йі­леп Достастық елдеріндегі Ук­раи­на Рес­публикасының, Бе­ла­русь Республикасының, Қыр­ғыз Рес­публикасының, Өз­бекс­тан Рес­публикасының, Әзір­бай­­жан Рес­­­публикасының Конс­ти­ту­ция­ла­рын қарап шыққаным бар.

Украинаның Ата заңы «Ук­раи­наның Жоғарғы Ра­да­сы украин халқының — Ук­раи­наның күллі ұлттары аза­мат­та­ры­ның атынан … украин мем­лекеттігінің көп ғасырлық та­рихына сүйене отырып» деп басталады. Беларусь пен Әзір­байжан Ата заңдары да осыған ұқсас. Өзбекстан Кон­ституциясы «Өзбекстан хал­қы өзбек мемлекеттігін да­мы­тудың тарихи тәжірибесіне сүйене отырып…» десе, Қырғыз конституциясы «біз, Қырғызс­тан халқы, қырғыздардың ұлттық өөрлеуін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып» деп басталады. Ал Германияның Конституциясы «Құдай мен адамдар алдындағы жауапкершілікті сезіне оты­рып… неміс халқы өөзінің құрылтайшылық билігіне орай өөздеріне осы негізгі заңды қабылдады» дейді. Бәрі де титулдық ұлттың мемлекеті екендігін айтып тұр.

Тек бізде ғана «жүздеген этностың» көңілін тапқымыз келгендіктен Қазақстан Консти­туциясында бұл қазақтардың мемлекеті екендігін айтуды «ұмытып»  кеткенбіз. Түпкі сал­дары болса— мынау. Бүгінгі иделогиялық қателіктер ертеңге қатер. «Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыс тұрады» деген тұжырым келешек ұлт­аралық қақтығыстарға бастайтын ұзақ мерзімдік «мина». Қазақстанда қазақтан басқа ұлт тұрмайды. Қазақстанды қазақ ұлтымен бірге басқа ұлттардың диаспоралары мекендейді. Ақиқатында ке­ңес­тік кезеңнен мұра бо­лып қалған идеологиялық қа­­те­ліктер жөнделуге тиіс. Ең алдымен Ата заңымызға Қа­зақстанның құрылтайшысы қа­зақтар екендігі туралы тиісті өөзгертулер енгізілсе құба-құп болмақ. Бұл өз кезегінде өзге диаспора өкілдерінің қазақтарға құрметпен қарауын туғызар еді.

Ал қазіргі жағдайды кө­ріп тұрып көрмеген болу түп­тің түбінде әлеуметтік шие­ле­ністерге соқтыруы әбден ық­ти­мал. Егер Қазақстанда  өміршең идеология қалыптастырамыз десек, ол Конституциядан бас­тау алуға тиіс.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Қорыты келе, ұлттық идея дегеніміз грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Бiз қарастырғалы отырған ұлттық идея мәселесiнiң мәнi ұлттың тiлегi, ниетi, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенiң тоқ етерiн тапқанымыз.

Қазақстан сияқты тәуелсіздігін жаңа алған жас елге идеология әбден керек және ең алдымен, ол мемлекеттің ұлттық сипатына, тәуелсіздігіне қызмет етуге тиіс. Ұлттық идеология дегеніміз — халықтың, бүкіл елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, санасын ғасырлар бойы дамытып, жетілдіру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ережесі, ол сол халықтың тілін, ділін, мемлекетін қалыптастыруға қызмет етеді. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады.

Ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату  құрады.

Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi.