Паскаль программалау тілі

                                                    Мазмұны

 КІРІСПЕ....................................................................................................................3

I.ПАСКАЛЬ ПРОГРАММАЛАУ ТІЛ

     1.1. Паскаль тілінің негізгі элементтері.....................................................5

    1.2 . Мәлімет типтері....................................................................................7

     1.3. Программа құрылымы...........................................................................9

II.ТУРБО ПАСКАЛЬДАҒЫ ЕНГІЗУ ЖӘНЕ ШЫҒАРУ

 ОПЕРАТОРЛАРЫ

     2.1.  Сандық мәліметтерді енгізу операторы ...........................................14

     2.2 . Символдық мәліметтерді енгізу операторы......................................17

     2.3. Мәліметтерді шығару операторы ......................................................23 ҚОРЫТЫНДЫ.......................................................................................................35 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР..................................................................37 

  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

  КІРІСПЕ 

     Паскаль тiлiн 1968 - 1971 жылдары швейцариялық ғалым Никлаус Вирт оқып - үйренуге қолайлы программалау тілі ретінде ұсынған болатын. Бұл тілдің стандарты кейiнiрек бекiтiлдi, ол сол кездері кең таралған АЛГОЛ, ФОРТРАН, БЕЙСИК тiлдерiне қарағанда жетiлдiрiлген, жұмыс iстeyгe ыңғайлы тiл болды. Паскаль тiлi өзінің қарапайымдылығының және тиiмдiлiгiнің арқасында дүние жүзіне тез таралды. Қазiргi кезде барлық дербес компьютерлер осы тілде жұмыс iстей алады. Паскаль тiлiнде жазылған программаның дұрыстығын компьютерде тексеру және жiберiлген қатенi тузету оңай.1975 жылы стандартты Паскальдың компиляторымен Турбо Паскаль(3.0версия) программалау тілі пайда болды.Содан бері Паскаль жалпы білімдік,кәсіптік-техникалық мектептерде және жоғары білім беру орындарында «бірінші» программалау тілі ретінде қолданыла бастады.

     Тілдің  алфавиті басқа тілдермен салыстырғанда  құрылымы жағынан түсінікті.Тілдің алфавитінің құрамына әріптер,цифрлар  және арнайы белгілір кіреді.

     1)Әріптер ретінде латын алфавитінің 26 әрпі ғана қолданылады.Ұлттық алфавиттегі әріптер(қазақ,орыс т.с.с)тек апостровқа(жоғарғы үтірге)алынған сөз тіркестері немесе жүйелі жақшаға алынған түсініктеме ретінде ғана кездеседі.

     2)Цифрлар: 0,1,2,3,......9

     3)Арнайы  белгілір.

     Бұл тілде жазылған программа компьютерде орындалу барысында алдымен трансляцияланады (машина тiлiне аударылады), объектiк программаға түрлендіріледі де содан кейiн ғана орындалады. Осы сәтте компьютерде программаның екі нұсқacы болады, оның бiрiншiсi - алгоритмдiк тiлдегi алғашқы түпнұсқасы, ал екiншiсi - объектiк кодтағы жазылған программа. Есеп нәтижесін машиналық кодта жазылған программа арқылы аламыз, ал программаны түзету қажет болғанда, оның алгоритмдiк тiлде жазылған алғашқы нұcқacы өңделеді.

     Қазiргi кезде Паскаль кез келген күрдлі есептерді шығара алатын, кең таралған стандартты оқу тіліне айналды.

     Программалау  тілі–ЭЕМ-де шешілетін әр түрлі  есептердің программасын компьютерге  түсінікті формада жазу боп табылады.Программалау тілдері жоғарғы және төменгі деңгейлі тілдер болып бөлінеді.Қолданбалы мазмұнды есептерді шешуге бағытталған, командалардың мол жиынтығынан тұратын табиғи тілге ұқсас программалау тілі-жоғарғы деңгейлі программалау тілі деп атайды.Қазіргі кезде олардың бірнеше түрі бар.Жоғарғы деңгейлі программалау тілдерінің бірі - Паскаль тілі.

  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

                               I.ПАСКАЛЬ ПРОГРАММАЛАУ ТІЛІ 

        1.1.Паскаль тілінің негізгі элементтері

     Программалар  белгілі бір мәселені, есепті шешуге арналған. Есеп шығару барысында компьютерге бастапқы мәліметтер енгізіледі, оларды қалай өңделетіндігі көрсетіледі және нәтиже қандай түрде, қандай құрылғыға шығарылатыны айтылады.

     Паскаль тілінде программа жеке - жеке жолдардан  тұрады. Оларды теру, түзету арнайы мәтіндік редакторлар атқарылады. Программа алдындағы азат жол немесе бос орын саны өз қалауымызша алынады. Бір қатарда бірнеше команда немесе оператор орналаса алады, олар бір - бірімен нүктелі үтір (;) арқылы ажыратылып жазылады, бірақ бір жолда бір ғана оператор тұрғаны дұрыс, ол түзету жеңіл, әрі оқуға ыңғайлы.

     Паскаль тілінде программа үш бөліктен тұрады: тақырып, сипаттау бөлімі және операторлар бөлімі.

     Кез келген программаның алғашқы жолы PROGRAM сөзінен басталатын оның тақырыбынан тұрады. Одан кейін программаның ішкі объектілерінің сипаттау бөлімі жазылады. Бұл бөлім программадағы айнымалылар, тұрақтылар  тәрізді объектілердің жалпы қасиеттерін алдын ала анықтап алуға көмектеседі. Сипаттау бөлімі бірнеші бөліктерден тұрады, бірақ программаның күрделілігіне байланысты көбінесе ол бір немесе екі ғана бөліктен тұруы мүмкін.

     Программаның  соңғы және негізгі бөлімі операторлар  бөлімі – болып табылады. Орындалатын іс - әрекеттер, командалар осы бөлімде орналасады. Ол begin түйінді сөзінен басталып, бірақ атқарылатын операторлар (командалар) тізбегі жеке - жеке жолдарға жазылып біткен соң end түйінді сөзімен аяқталады. 
 
 
 

     
Program BASTAU:
Сипаттау  бөлімі
begin
Операторлар бөлімі
end

      
 

     Операторлар бөлімінде командалар ретімен орналасады. Олардың кейбірі шартқа байланысты атқарылса, ал кейбір қайталанатын цикл немесе қосымша программа түрінде орындалады. Операторлар бөлімінде орнатылатын негізгі әрекеттерді қарастырайық.

     Деректер  - сан мәндері мен мәтін түріндегі сөз тіркесін мән ретінде қабылдай алатын тұрақтылар, айнымалылар т.б. осы тәрізді құрылымдар немесе солардың адрестері.

     Дерек енгізу - бастапқы деректерді пернетақтадан, дискіден немесе еңгізу - шығару порттарынан еңгізу арқылы жүзеге асады.

     Операциялар немесе амалдар - берілген және есептелген мәндердің меншіктеу, соларды өңдеу, салыстыру операцияларын орындайды.

     Шартты  түрде атқарьшуы белгілі бір көрсетілген шарттың орындалуына байланысты, командалар жиыны атқарылады, әйтпесе олар аттап өтіледі немесе басқа командалар жиыны орындалады.

     Цикл-белгілі  бір шарттар орындалған жағдайда көрсетілген командалар жиынын бірнеше рет қайталап атқарылады.Қайталау саны бүтін санмен беріледі.

     Көмекші программа - алдын ала қандай да бір атаумен атымен атымен аталған командалар тобы. Олар программаның кез келген жерінен оның атауын көрсету арқылы шақырылып атқарыла береді.

     Түсініктеме - программа жолдары соңында немесе оның түйінді сөздері арасында қазақша (орысша) түсінік беретін пішінді жақшаға алынып жазылған сөз тіркесітері. Олар программа операторларының орындалуына ешқандай әсер етпейді. 

                                          1.2. Мәлімет типтері

     Программада пайдаланылатын мәліметтердің немесе шамалардың мәндері Паскаль тіліндегі алдын ала келісілген типтердің біріне тән болуы тиіс.Кез келген тұрақты,айнымалы,функция немесе өрнек өзіне тән бір түрмен сипатталады.Тұрақты сандарды сыртқы пішініне қарап-ақ ажыратуға болады,ал айнымалылар мен функциялар программаның сипаттау бөлігінде анықтала жазылып көрсетіледі.Мәлімет типтері қарапайым құрылымды-скалярлық және курделі құрылымды-структуралық шамалар болып екіге бөлінеді.

     Мәліметтердің немесе шамалардың типі деп, олардың  қабылдай алатын мәндерінің және олармен  орындауға болатын амалдардың жиының анықтауды айтады, яғни тип дегеніміз - шамалардың қабылдайтын мәндеріне  берілетін сипаттама.

     Мәліметтердің әр типі тек өзіне ғана сәйкес келетін операциялар жиынын орындата алады. Мысалы, 1 мен 2 мәндері бүтін сандар типіне жатады, оларды қосуға, азайтуға, көбейтуге және бөлуге болады.АJI, «ІВМ» және «РС» мәндері сөз тіркесі типіне жатады, бұларды біріктіріп жазуға ғана болады («ІВМ РС»). Қосуға, азайтуға, көбейтуге, бөлуге болмайды. Кез келген тұрақты, айнымалы функция немесе өрнек өзіне тән бір типпен ғана сипатталады. Паскаль тілінде шамалардың типін көрсету міндетті болып табылады. Сондықтан программа алдына оның сипаттау бөлімінде пайдаланылатын барлық шама атаулары және оның типтері көрсетілуі қажет.

     Паскаль тілінде пайдаланылатын барлық типтер скалярлық (қарапайым) және құрылымдық (структуралық) болып үлкен екі топқа бөлінеді. Скалярлық (қарапайым) типке шамалардың стандартты типі және жасанды тип (тағайындалған) жатады. Стандартты типтерге:

     • Бүтін - INTEGER;

     • Нақты - REAL;

     • Логикалық - BOOLEAN;

     • Тіркестік - (STRING);

     • Мәтіндік (ТЕХТ) тәрізді типтер жатады.

     Құрылымдық  типтері жиымдар - ARRAҮ, жазбалар - RECORD, жиындар - SET және файлдар - FILE түрлеріне бөлінеді.

Бұлардан  өзге типтер программаның типтері сипаттау бөлігінде анықталуы қажет. Тұрақты сандардың типін олардың сыртқы пішініне қарап - ақ ажыратуға болады, ал айнымалылар мен функциялар типтері программаның сипаттау бөлімінде көрсетіледі.

     Ол  үшін type түйінді сөзі қолданылып, жазылу пішімін былай көрсетуге

болады:

     Туре  <тип атауы> =<тип мәндері>;

     Логикалық шамалар екілік сандар жүйесіне сәйкес «1» және «О» деген мәндерді ғана қабылдайды. Мұндағы «1» тексерілетін белгілі бір шарттың - логикалық тұжырымның орындалатынын, яғни ақиқат екенін, ал «О» сол шарттың орындалмайтынын - тұжырымның жалған екенін көрсетеді. Бұл екі мән программада ағылшын тіліндегі айтылуына сәйкес true (1) және false (О) болып жазылады. Символдық шамалар апострофқа алынған бір символды ғана мән ретінде қабылдай алады, мысалы, 'R','Л','%'тағы басқа. Бірақ әрбір таңбаны оның кодына байланысты реттелген бүтін сандармен де өрнектеу мүмкіндігі бар.

     Логикалық немесе бульдік тип «BOOLEAN» сөзі арқылы өрнектклкді.Бұл типтегі шама екі мәннің біреуін ғана қабылдай алады:

     TRUE(ақиқат) немесе FALSE(жалған).

     Логикалық амалдың үш түрі бар:                                                                                     

     AND(логикалық «және»), OR (логикалық «немесе»)NOT (логикалық «емес»).

     Символдық немесе литерлік типтегі берілгендер  «CHAR» сөзімен жазылады.CHAR типтегі шамаларды арифметикалық өрнектерде қолдануға болмайды.

     Мәліметтердің қарапайым түрлерін стандартты типтер деп атау қалыптасқан. Стандартты типтердің real түрінен өзгелері реттелген деп аталады, өйткені оларды бүтін сан арқылы өрнектей отырып өсуі не кемуі бойынша реттеп орналастыруға болады.

     Стандартты  типтер паскаль тілінде төмендегі қарапайым типтер пайдаланылады:

     • Бүтін типтер - SHORTINT, INTEGER, LONGINT, ВУТЕ, WORD;

     • Нақты тип - REAL, SINGLE, DOUВLE, EXTENDED, СОМР;

     • Логикалық - BOOLEAN;

     • Симводық - CНAR;

     • Ауқымды (диапозонды) тип;

     • Саналатын тип;

                                

                                    1.3. Программа құрылымы

     Паскаль тілінің программасы блоктардан құрылады, қандай да бір блок ішінде басқа да кішігірім блоктар орналасуы мүмкін. Блоктар екі бөлімнен тұрады, олардың алғашқысы - мәліметтерді сипаттау бөлімі, ал екіншісі.- сол мәліметтерді пайдаланып, әр түрлі іс - әрекеттерді (операцияларды, амалдарды) атқару бөлімі.

     Программа тақырыбы PROGRAM сөзінен және программаның атауынан тұрады.Турбо Паскальдың 7 версиясында программа тақырыбын жазбай-ақ қойсада болады.Сипаттаманы беру бөлігі программада кездесетін барлық мәліметтерді хабарлауға және соларды сипаттауға арналған.Кей жағдайда сипаттау бөлігінің жоқ та болуы ықтимал.Программаның операторлық және ол BEGIN түйінді сөзімен басталып, END сөзімен аяқталады.

     Мәліметтерді сипаттау бөлімінің болуы міндетті емес, ал екінші негізгі бөлімінің болуы міндетті. Басқа блокқа кірмейтін блок негізгі (глобальді) блок болып саналады. Ал блок ішіндегі блок - жергілікті (локальді) блок деп аталады.

     Негізгі блок - негізгі программа блогы, сондықтан ол басқа блоктарға кірмеуі тиіс. Жергілікті блоктарға процедуралар мен функциялар кіреді, олар кейбір программаларда болмауы да мүмкін.

          Программалардың негізгі объектілері болып саналатын айнымалы, тұрақты және oлapдың типтері орналасқан блогына байланысты басты немесе жергілікті деп аталады. Программа объектілерінің де жұмыс істеу, ықпал ету аймағы сол өздері орналасқан блокпен шектеледі. Блоктық құрылым программа мәтінін тиянақты түрде қатесіз құрастыруға мүмкіндік береді.  
            Паскаль тілінде программа үш бөліктен: тақырыптан, сипаттау бөлімінен және операторлар бөлімінен тұрады. 
Программаның тақырыбында программаның аты жазылады.

 
          Сипаттау бөлімінде:

    1)Программамен байланысатын кітапханалық модульдератауларының тізімі(uses түйінді сөзімен басталады)

     2) Белгілерді (lаbеl) сипаттау;

     3) Тұрақтыларды (const) сипаттау;

     4) Мәліметтер типтерін (true) анықтау;

     5) Айнымалыларды (var) сипатгау;

     6) Процедураларды (procedure) сипатгау;

     7)  Функцияларды (function) сипатгау;

 
        Кітапханалық модульдерді сипаттау бөлімі USES түйінді сөзімен басталып, сипаттау бөлімінде басқаларынан бұрын жазылуы керек. Программада қолданылатын модуль атауларының саны бірнеше болса,          олардыңарасыүтірменжыратылыпжазылады: 
uses CRT, Graph;

Программадағы тұрақтылар өз мәнімен (мысалы, 5,14,13.5, т.б.) немесе оған қойылған атау арқылы берілуі  мүмкін. Тұрақтылар өз атауы арқылы берілсе, онда оның атауын жаза отырып программаның кез келген жерінде  пайдалануға болады, бірақ оның атауы  мен мәні тұрақтыларды сипаттау бөлігінде төмендегідей түрде көрсетілуі тиіс. Мысалы: 
const p=3.14; e=2.7; a=’bol’; max=1000;

Айнымалыларды сипаттау бөлімінде программада  қолданылатын барлық айнымалалыларды  және олардың типтерін көрсету қажет:

 
var P,Q,R: Integer; 
A,B: Char; 
F1,F2: Boolean;

Программадағы кез келген операторды белгімен белгілеп қоюға болады.Бұл белгі арқылы қажетті жағдайда программаның кез  келген жолынан осы белгісі бар  операторға көшіп, оны қайталап кезексіз орындауға болады. Белгі ретінде  төрт цифрдан аспайтын кез келген санды немесе сөздерді қолдануға болады. Оператор тек бір белгімен ғана белгіленеді. Бір белгі бірнеше операторды белгілей алмайды. Белгілер операторлар бөлімінде сол оператордың алдына жазылып, арасы қос нүктемен ажыратылады. Сипаттау бөлімінде белгілер label түйінді сөзінен кейін жазылады.

Мысалы:  
label3,471,29,Quit; 
        Паскаль тілінде программа құрған кезде программада қолданылатын барлық компоненттер (айнымалылар, олардың типтері, тұрақтылар, белгілер т.б. ) сипаттау бөлімінде көрсетіліп кетуі қажет. Олай болмаған жағдайда программа қате деген мәлімет береді.

Операторлар бөлімінде программа мазмұнына  сәйкес бір немесе бірнеше оператордың  болуы мүмкін. Операторлар бір-бірінен  нүктелі үтір (;) арқылы бөлініп жазылады. Операторлар бөлімі begin түйінді сөзінен басталап, end сөзімен аяқталады. Begin мен end сөздерін операторлық жақшалар деп те атайды. Сәйкесінше begin – ашылатын, end – жабылатын жақшалар.     Оператор дегеніміз - алгоритмді жүзеге асыру барысында орындалатын іс-әрекеттерді анықтайтын тілдің қарапайым сөйлемі.  
Операторлардың жалпы жазылу түрі төмендегідей болады:

 
BEGIN 
1-оператор; 
2-оператор; 
.................; 
n-1-оператор; 
n-оператор 
END. 
Әдетте программа мәтіні end сөзімен аяқталып, одан кейін нүкте қойылады. Егер программада бір емес, бірнеше операторлық жақшалар қолданылатын болса, онда нүктені тек ең соңғы орналасқан end сөзінен кейін қою қажет. Басқа end сөздерінен кейін нүктелі үтір (;) қойылады.

     Паскаль тілінде құрылған қарапайым программалардың біріне мысал келтірейік:

 
Program bastau; {программа тақырыбы} 
const pi=3.14159; { π тұрақтысының мәнін беру} 
var r, l :real; {r, l мәндерінің нақты сан екенін сипаттау} 
begin {Операторлар басы} 
readln(r); { r мәнін енгізу} 
l:=2*pi*r; {Шеңбер ұзындығын есептеу} 
write(‘шеңбердің ұзындығы= ’, l); {Нәтижені экранға шығару} 
end. {Программа соңы} 
Мұнда программа мәтіні қарайтылған қаріппен терілген, ал оң жақ шетте пішінді жақша ішінде түсініктеме мәтіні берілген, түсініктеме программа мәтініне ешқандай әсер етпейді, оны түсінуді жеңілдетеді, сондықтан әрбір программа түсініктемемен толықтырылуы тиіс.  
1-мысал  
program misal; {екі санның қосындысын есептеу} 
var 
x,y,s: integer; 
begin 
WriteLn('Бос орын арқылы екі сан енгіз '); 
ReadLn(x,y); 
s := x + y; 
WriteLn('Екі санның қосындысы ',s); 
end. 
 
 
 
 
 

II.ТУРБО ПАСКАЛЬДАҒЫ ЕНГІЗУ ЖӘНЕ ШЫҒАРУ

                                            ОПЕРАТОРЛАРЫ 

2.1. Сандық мәліметтерді енгізу операторы

     Берілген  мәндерді айнымалыға беру ушін меншіктеу операторы пайдалануға болады. Мысалы, А:= -15; ВЕС:=16,4; тағы басқалар. Бірақ бұл жағдайда программада жалпылық қасиет болмайды, яғни ол тек көрсетілген мәндер үшін ғана есептеу жұмысын жүргізіп, қалған кез - келген мәндер үшін дұрыс нәтиже бермейді. Программаны дұрыс әрі әмбебап етіп жасay үшін айнымалылардың мәндері өзгерілетін түрде жасалып oлap пернетақтадан енгізілуі қажет, мұндайда программа айнымалының әр түрлі мәндері үшін дұрыс жұмыс атқара алады.

     Паскаль тілінде мәліметтерді енгізу және шығару үшін, яғни адам мен компьютер арасында мәлімет алмасу мақсатында алдын ала анықталған Input, Output файлдары қолданылады. Программа берілген мәндерді Input файлынан алады да, алынған нәтижені Output файлына орналастырады. Стандартты енгізу файлы болып пернетақта, ал шығару файлы болып дисплей экраны саналады. Ол үшін енгізу операторы пайдаланылады.

     Паскаль тілінде мәлімет енгізетін READ ( READ - ағылшынша оқy )

операторының  жалпы турі (пішімі) төмендегідей:

     READ (а1, а2 ... аn);

     READLN (а1, а2, ... , аn);

     READLN;

     Мұндағы а1, а2, ..., аn - айнымалы атаулары, оларды енгізу операторының параметрлері деп те атайды. Алғашқы оператор көрсетілген айнымалылардың мәндері пернелер арқылы араларына бір бос орын қалдыру арқылы енгізілген соң, курсорды келесі қатарға көшірмейді. Ал readln ( read lіnе - «қатарды оқу» деген сөздің қысқартылуы) алдыңғы оператордағыдай пернетақтадан мәндер енгізілгеннен кейін курсорды келесі қатарға көшіріп жібереді. Соңғы қатарда жазылған параметрсіз оператор ешбір мән енгізбей, тек курсорды келесі қатарға көшіруді ғана атқарады.

     Енгізілетін айнымалылардың мәндері integer, reаl, char немесе stгіпg (сөз тіркесі) типтеріне жатуы мүмкін. Логикалық айнымалылардын мәндері өз типтеріне сәйкес Паскаль тілінің ережесі бойынша енгізіледі. Егер ол шарт бұзылса (мысалы, а1 типі integer болса, ал енгізгенде сhаг типтес мән терілсе), онда экранға енгізу-шығару қатесі шығады, оның пішімі мынадай болып келеді:

І/О error ХХ,

мұндағы ХХ - бүтін сан түріндегі қaтенің сипатына сәйкес коды.

     READ операторы орындалғанда параметрлер өздеріне сәйкес мәндері қабылдайды, бұл міндет INPUT енгізу файлы арқылы жүзеге асырылады. Параметрлер жаңа мән қабылдағанда, оларда бұрын орналасқан (жазылған) ескі мән өшіріліп, орнына жаңа мәндер жазылып отырылады да, прогрaмма параметрдің жаңа мәні бойынша жұмыс атқарады.

     Мысал.

     var

     І: real;

     J: integer;

     К: cҺar;

     begin

     Read (І, J, К);

     ...

     Программаға мынадай бастапқы мәндер енгізіледі 212.5 38 ‘n’. Осыдан кейінгі келесі мәндер енгізілсін: 'л' 121.35 25.

Алғашқы нұсқасында мәлімет енгізу дұрыс орындалады, өйткені енгізілетін мәндер өз ретімен орналасқан айнымалылар типтеріне (І, J. К) сәйкес келіп тұр. Екінші нұсқа коды 10 болып келетін қате бар екенін айтады, себебі real типтес 1 айнымалысы үшін char типіндегі мән енгізіліп отыр.

     Егер  енгізу пернетақта арқылы емес, дискіден немесе файлдан жүзеге асырылса, онда жақша ішіне алдымен файл аты жазылады.

     READ (FN, аl, а2 ... аn);

     READLN (FN, аl, а2, ... , аn);

     READLN (FN);

     Мұндағы FN - енігізілетін мәндер жазылған дискідегі  файлдың аты; а1- айнымалылар идентификаторлары, файлдарда да мәндер бір қатардан немесе келесі қатардан оқыла береді, сол себепті мұнда да жоғарыда көрсетілген операторлардың үш түрі қолданылады. Файлдағы мәліметтер де бір-бірінен «бос орын» немесе «енгізу» пернесін басу арқылы бөлінуі тиіс, яғни файлға енгізілгеннен кейін «_», ал енгізу соңында «Enter» пернесі басылады.

     Файлдардан мәлімет енгізу мысалдары кейінірек қарастырылады.

     READ операторы кез келген сандармен,  символдармен және сөз тіркестерімен жұмыс атқара алады.

     Сонымен, параметрлердің сандық мәндері бір - бірінен бос орын арқылы

ажыратылып  жазылады. Мәндерді беріп болдық дегенді білдіру үшін Enter (енгізу) пернесі басылады. Мысалы, енгізу операторы READ (А,В,С); түрінде берілсе, парметрлерге мәндер былай беріледі: 5 _ 6.2 _ 4.5 Enter. Бұл жағдайда

А=5, В=6.2, С=4.5 мәндер қабылдайды. Осы мәндер арқылы программа орындалып болған соң, басқа мәндер үшін программаны қайталау қажет болса, онда программа басынан бастап қайта орындау қажет.

     Бүтін айнымалыларға бүтін, нақты айнымалыларға нақты мәндер берілуі қажет.

     Айнымалы сипатталғанда нақты ретінде көрсетілсе, оған нақты да, бүтін де мән беруге болады, себебі нақты сан құрамына бүтін сан енеді. Ал машина «өзі» бүтін санды нақты сан түріне келтіріп алады.

Мысалы:

      VAR

     А, В: REAL;

     BEGIN

     READ (А, В);

     ...

     END.

түрінде беріліп А,В айнымалылары үшін 4 5 Enter орындалса, онда машина оларды А= 4.0, В=5.0 түрінде қабылдайды.

     Сандар арасында бір немесе бірнеше бос орын қалдыруға болады, себебі сан енгізілгенде бос орын есепке алынбайды.

     Мәндерді  енгізгенде мән енгізілген жолдан келесі жаңа жолға өту үшін параметрсіз немесе параметрге сәйкес READLN; READLN (аl, а2, ... n); операторларын пайдалану қажет. Сонымен, READ (аl, а2,...,an); READLN; операторларының орнына бір ғана READLN (аl, а2,...,an) операторын пайдалануға болады. 

2.2. Символдық мәліметтерді енгізу операторы.

     Символдық деректерді пернетақтадан енгізу READ (READLN) операторы арқылы жүргізіледі, оларды енгізудің төмендегідей ерекшеліктері бар:

     1. Бос орын таңбасы - '_' Паскаль  тілінде символ орнына жүретіндіктен,

символдық айнымалылардың мәндері (символдар) бос  орынсыз жазылады.

     2. Бір айнымалыға бір ғана символ  меншіктеледі. Мысал ретінде төмендегі программа үзіндісін қарастырайық:

      ......................

     VAR А, В, С: CHAR;

     .......................

     READ (А, В, С);

     ....................... 

Бұл мысалдағы READ операторы орындаларда пернетақтадан  мынадай мәндер SNR енгізсек, онда айнымалылар өз орындарына сәйкес: A='S', B='N', C='R' мәндерін қабылдайды. Егер мәндерді S_N_R түрінде берсек, онда айнымалылар орындарына сәйкес A='S', В='_', С=' N' мәндерін қабылдайды да, соңғы екі таңба ешқайда енгізілмейді.

     3. Символдық айнымалыларды енгізудің  тағы бір ерекшелігі - тек Enter

пернесі басылса да, оны READ операторы бос орын символы ретіндe қабылдайды. Мысалы, айнымалыларға: А=3, В=4, C='W', D='F' ,мәндерін меншіктеп, оны экранға шығару қажет болса, онда оған мынадай программа жазу керек:

VARA, В: INTEGER;

С, D: CНAR;

BEGIN

WRlTELN (' А, В, С, D мәндерін енгізіндер :');

READ (А,  В);

READ (С, D);

WRlTELN (А,  В, С, D);

END.

Бұл программа  орындалу кезінде пернетақтадан  мынадай мәндер енгізілген болса:

3 4

Паскаль программалау тілі