Талап ұғымы

 

Мазмұны

 

Кіріспе

 

1. Талап ұғымы

2.Талап қою құқығының  жалпы сипаттамасы

          3.Талап қоюды қамтамасыз ету

 

Қорытынды

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

   Талап қою азаматтық іс  жүргізу құқығының ең бір күрделі де ауқымды бөлігі болып табылады. Талап ұғымы, оның түрлері, талап арыздың теориялық мәселесі, талаптың құрамдас бөліктерінің құқықтық мәселелерінің өзектілігі көптеген үдерісші-заңгер ғалымдардың ғылыми еңбектерінің объектісіне айналды. Талаптың элементтері мен түрлерінің сипаты мен ерекшелігіне қатысты қазақстандық та, ресейлік те ғалымдар қалам тартуда. Атап өтетін болсақ олар Ю.Г Басин, З.Х Баймолдина, З.К Абдулина, А.Ж Касенова, Т.Е Каудыров, Г.А Жайлин, және т.б. Ресейлік ғалымдарды атап өтсек:

-Осокина Г.А., Филиппов П.М., Чечот  Д.М., Анисимова Л.И., Арапов Н.Т., Абрамов  С.М., Башкатов Н., Безлипкин Т.Т., Василенко  К.М., Василева Г.Д., Викут М.А., Гурвич  М.А., Добровольский А.А., Иванова  С.А., Джалипов В.Г., Елисейкина Г.Ф., Иванов О.В., Кожухарь А.Н., Анисимова Л.И., Кострова Н., Комиссаров Н.И., Осипов Ю.Н., Курылев С.В., Треушников М.К., Пушкарь Е.Г., Пятиллетов И.М., Шакарян М.С., Швейцарь Д.В., Юдельсон К.С. тағы басқа да көптеген ғалымдар ғылыми еңбектерінде көрсетіп кеткен.

         Талап. Азаматтық іс жүргізу құқының өте күрделі және басты орын алатын институты талап болып табылады. Сол себептен талап арқылы құқықты қорғау түрлерінің теориялық мәселелері өте көп. Көптеген ғалымдардың талап түсінігі, оның элементтері, талап құқығы және талаптардың сныпталуына байланысты бір – біріне қарама – қайшы көзқарастары көп. Сондықтан көптеген әдебиеттерде талаптың және оның элементтерінің әр – түрлі түсініктері берілген, ал ол осы мәселені шешуді қиындата түседі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 Талап ұғымы

    Азаматтық іс жүргізу  құқығы бойынша әдебиеттерде  талаптың түсінігіне қатысты  әртүрлі көзқарастар айтылады  және олар белгілі бір дәрежеде  осы құқық саласындағы ғалымдардың  әртүрлі топтарының ой-пікірлерін, ұстанымдарын білдіреді.

    Ғалымдар тобының біріншісі талаптың екі жеке түсінігі, яғни материалдық-құқықтық және іс жүргізушілік мағынадағы түсініктері туралы идея ұсынған М.А Гурвичті қолдады . Ол материалдық-құқықтық мағынадағы талап ретінде талапкердің жауапкерге мәлімдеген құқықты немесе заңды мүддені қорғау туралы талап етуін түсініп, талапты бұл тұрғыда материалдық құқық институты деп есептеді. Іс жүргізушілік мағынадағы талап ретінде талапкердің сотқа құқығын қорғау үшін жүгінуі түсініліп, бұл мағынасында ол іс жүргізу құқығының институты болады. Осыған ұқсас көзқарасты С.Н. Абрамов пен В.П. Чапурский де келтіреді [2]. Екі автор да іс жүргізушілік мағынадағы талапты – соттан құқықты қорғауды талап ету ретінде, ал материалдық мағынада – талапкердің жауапкерден сот арқылы материалдық-құқықтық талап етуі, яғни сот қорғайтын азаматтық құқық ретінде түсінеді. С.Н. Абрамов былай дейді: Талап бұл туындаған азаматтық құқықтық дау бойынша әділтөрелікті жүзеге асыру үшін соттың қызметін қозғалысқа келтіруге түрткі болатын құрал болып табылатын азаматтық іс жүргізу құқығының институты, ал талап ету азаматтық қатынастан шығатын және талаппен қорғалатын өзінің заңды табиғаты жағынан азаматтық құқықтың институты немесе талап қоюшының жауапкерге сот арқылы қойған талап етуі. Осылардың негізінде автор іс жүргізушілік мағынадағы талап материалдық құқық институты ретіндегі талаптың жүзеге асырылу нысаны болып табылатыны жөнінде қорытындыға келеді.

    Келесі бір тобы (А.Ф.  Клейнман, А.А. Добровольский, Н.И.  Авдеенко, Д.М. Чечина, Н.А. Чечот)  талап екі жағы – іс жүргізушілік және материалдық-құқықтық жақтары бар ортақ түсінікті білдіреді деген пікірді ұсынады. Сотқа құқық қорғау туралы мәлімденген талап ету іс жүргізушілік жағын, ал талапкердің жауапкерге мәлімдеген талап етуі материалдық-құқықтық жағын құрайды. Бұл авторлар талаптың екі жағын негізге алып, талап ретінде бір тұлғаның екіншісіне сотта белгілі бір іс жүргізу тәртібі мен қарау және шешуүшін мәлімдеген, даулы материалдық-құқықтық қатынастан туындайтын, нақты заңды фактілерге негізделген материалдық-құқықтық талап етуін атайды.

Олар талаптың ортақ түсінігінде  негізгі өзек етіп талаптың материалдық-құқықтық жағын алады. Сот талапкердің  жауапкерге мәлімдеген материалдық-құқықтық талап етуіне жауап бере отырып, талапкердің сотқа өзінің бұзылған немесе дауланған құқығын қорғау туралы жүгінуіне де жауап береді. Талапкердің жауапкерден талап етуі талаптың нысанасын құрайтындықтан, екеуі бір-бірінсіз өмір сүре алмайды [3].


    А.А. Добровольский былай  деп жазады: Құқық қорғау құралы  ретіндегі кез-келген талаптың мәні тараптар арасындағы туындаған дау негізінде талап арыз түрінде рәсімделген талап қоюшының жауапкерге қойған материалдық-құқықтық талабы іс жүргізуді қозғау құралы болады және сот қызметінің нысаны болады, себебі сот талап қоюшының жауапкерге қойған материалдық-құқықтық талабының заңдылығы мен негізділігін қарайды. Талаптың тек материалдық-құқықтық жағының болуы, яғни талап қоюшының жауапкерге қойған құқықтық талабын іс жургізудің талапты тану, талаптан бас тарту, соттық бітімгершілік келісім сияқты іс жүргізу институттарын бар екендігімен түсіндіруге болады. Е.В. Рябованың көрсетуінше, азаматтық іс жүргізуде талаптың бір ғана түсінігі бар, ол – азаматтық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттың қызметін қозғайтын, бұзылған немесе дауланған құқықты не заңды мүддені қорғау туралы талап етіп сотқа жүгіну. Екінші пікірді жақтаушыларды кейінгі уақыттарда осы мәселемен айналысып жүрген ғалымдардың ішінен де кезіктіруге болады. Мысалы, М. Рожкова былай деп жазады: Талапты (талаптық талап ету) жауапқа тартылған тұлғаға бағытталған мүдделі тұлғаның жеке материалдық-құқықтық талабынан тұратын заңда арнайы көрсетілген талап арыз қалыбында рәсімделген мемлекеттік мәжбүрлеу туралы сотқа жіберілген талап ету. А.А. Добровольский құқықты талап қою арқылы қорғау нысаны сотта қорғалуға ғана тән емес, сондай-ақ құқық туралы дауды төрелік, аралық сот және басқа да органдар қараған кезде де қолданылатынын көрсетіп, талаптың келесі анықтамасын береді: Құқықтың бұзылуын жою жөніндегі бір тұлғаның екінші бір тұлғаға сот немесе басқа да орган арқылы мәжбүрлеп жүзеге асыру үшін берген және белгілі бір іс жүргізушілік тәртіпте қаралуға жататын талап етуді талап деп атаймыз.

    Үшінші көзқарастың туындауына  Н.Б. Зейдердің мүдделі тұлғаның  соттан құқығын қорғауды өтінуінің талап болып табылатыны жөніндегі пікірі әсер етті [4]. Н.Б. Зейдердің көзқарасына К.С. Юдельсонның келесі пікірі жақын: Талап-бұл заңмен қорғалатын мүддені заңмен қорғалатын мүддені немесе құқықты қорғау үшін және сот қызметін қорғау үшін сотқа

жүгінудің бір әдісі. Талап – бұл заңды мүдделі немесе өзгеше де бір мүдделі немесе өзгеше бір құқық әрекеттілікке ие тұлғаның азаматтық


құқықтық дауды қарауды және құқықты қорғауды сұрауы [5]. Осы көзқарасты қолдап, Г.Ф. Елисейкин былай деп  жазды: “Талап – бұл азаматтық құқық жөнінде дауды қарау мен шешуді талап ету” [6]. Г.Л. Осокинаның пікірі де осы топтағы ғалымдардікіне жақындау, ол талапты даулы азаматтық, отбасылық, еңбектік құқықтық қатынастардан туындайтын, қатал белгіленген тәртіппен қаралуға және шешілуге жататын, мүдделі тұлғаның өзінің бұзылған немесе дауланған құқығын не заңды мүддесін не басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы талап етуі ретінде қарастырады [7]. Сонымен ғалым іс жүргізушілер ұсынып, негізделген талаптың әр түрлі түсініктері осындай. Әрбір көзқарас оның жақтаушыларының ойынша дұрыс сияқты болғанымен, оның бұрыс жақтарының да бар екенін бұл көзқарастың қарсыластары негізді дәлелдер келтіре отырып айқын көрсетеді. Бірақ ғалымдардың бірі-бірінің пікіріне ғылыми аяда өзара сын айтуы талаптың түсінігін дәл анықтауға жол ашатыны сөзсіз. Енді төменде әр көзқарастың кемшіліктеріне қатысты ойларға тоқталайық.

    Талаптың түсінігі жөнінде  алғашқы көзқарасқа, яғни талаптың  дербес екі мағынасы туралы  теориялық пайымдауларға Н.И. Авдеенко, М.А. Викут, А.А. Добровольский, А.Ф. Клейнман, Г.Л. Осокина, Д.М. Чечина, Н.А. Чечот және т.б. қарсы шықты. Мысалы А.Ф. Клейнман М.А. Гурвичтің талапты сотқа құқықты қорғау туралы жүгіну ретінде қарастыруымен келіспейтіндігін былайша көрсетеді: “ Егер талап құқықты қорғау үшін сотқа жүгіну болса, онда одан кейін іс сотта қаралады,  бірақ онда талап жоқ, себебі ол бірінші сатыдағы сотқа жүгіну арқылы жүзеге асты. Талап беру мұнда іс жүргізушілік әрекет болуы мүмкін, бірақ талап емес. Сондай-ақ, А.Ф. Клейнман В.П. Чапурскийдің және С.Н. Абрамовтың пікірлерімен келіспей, бұл авторлар анықтамаларының талаптың түсінігін тарылтатынын, талаптың субъективтік азаматтық құқықты ғана емес, отбасылық, еңбек, қаржылық, жер және әкімшілік құқықтық қатынастардан туындайтын басқа  субъективтік құқықтарды қорғаудың іс жүргізушілік құралы екенін, тек аталған субъективтік құқықтарды ғана емес, сондай-ақ құқықты объективті мағынада, яғни құқық нормаларын, құқықтық тәртіпті сот арқылы қорғау құралы болып табылатынын атап көрсетеді. Талаптың материалдық мағынадағы түсінігін анықтауда талаптың (сот арқылы қорғау құралы, талапкердің

жауапкерге сотта мәлімдеген материалдық-құқықтық қуынымы) азаматтық құқықтың өзімен ұқсастырылғанына сын айтады [8]. Н.А. Чечот пен Д.М. Чечина талаптың екі мағынасына келіспейиіндіктерін былай көрсетеді: “Материалдық-құқықтық талап ету, іс жүргізушіліктің кепілі сақтала отырып талаптық өндіріс тәртібімен қарауға жататын тиісті құзіретті органға жүгінген кезде ғана талапқа айналады.Бұл органға дейін міндетті тұлғаға қойылған материалдық-құқықтық талап ету талап болып табылмайды” [9]. Осокинаның Г.Л. ойынша, талапты талапкердің жауапкерге материалдық-құқықтық талабы ретінде анықтау талап қою мерзімі тәрізді институттың мәніне қайшы келеді, борышкердің талап қою мерзімі өтіп кеткеннен кейін міндетін орындауымен байланысты туындайтын сұрақтарды түсіндіру мүмкін емес. Прокурордың және басқа тұлғалардың жауапкерге ешқандай материалдық-құқықтық талабы болмауына емес болуы мүмкін еместігіне қарамастан, олардың талаптан бас тарту құқығын немен түсіндіруге болады? Ал жауапкердің талапты тануына келетін болсақ, онда егер жауапкер тікелей өзіне бағытталған талапты мойындаған жағдайда өзінің немесе бөтеннің құқығын қорғауды талап ететін тұлғаның талабы бойынша қозғалған процесстің тағдыры тек оған ғана тәуелді болар еді. Жауапкердің талапты тануы сот үшін міндетті емес, өйткені сот жауапкердің талапты мойындағанына қарамастан талапты қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, өз атынан, бірақ басқа тұлғаның құқықтаты мен мүдделерін қорғау үшін жүгінетін тұлғалардың талап етуін талап деуге болмайды, өйткені бұл талап етуде талапкердің жауапкерден материалдық-құқықтық талап етуі тәрізді белгі жоқ, мұндай тұжырымдау талап терминін бөтеннің құқығын немесе мүддесін қорғайтын тұлғаларға қатысты қолданатын заңнамаға қайшы келеді [10] . Г.Л. Осокинаның талаптың түсінігіне қатысты екі түрлі көзқарасты жақтаушылардан берген анықтамаларының мәні жағынан бірдейц екендігі жөнінде пайымдауы да қызығушылық туғызады. Оның айтуынша, М.А Гурвич, А.Ф. Клейнман және А.А. Добровольский ойларының логикалық бағыты мәні жағынан толығымен және бүтіндей сәйкес келеді, өйткені олар бірдей алғы шарттан бастау алады, дәлірек айтқанда, талаптың бір уақытта талапкердің жауапкерге мәлімдеген материалдық-құқықтық талап етуі және сотқа жүгінуі ретіндегі түсінігіне

негізделеді. Талаптың екі дербес түсінігіне екі бөліктен тұратын  бір ұғымның қарсы қойылуы  елеулі емес сипаттағы терминологиялық

айырмашылықтарды көрсетеді. Г.Л. Осокина өз ойын М.А. Гурвичтің

өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы талаптың түсінігіне байланысты көзқарасындағы өзгерістермен негіздеп, оның талапқа  берген мына анықтамасына назар аударуды ұсынады: Азаматтық іс жүргізу құқығындағы  талап дегеніміз бірінші сатыдағы сотқа жүгінген талап қоюшының заңда бекітілген әдістердің бірімен арызда көрсетілген, талап қоюшы өзінің жауапкерге қоятын талап ету құқығына байланыстыратын фактінің негізіндегі даулы азаматтық құқық немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау туралы талап етуі Г.Л. Осокинамен келісе отырып, келтірілген талаптың анықтамаларын мағынасы жағынан бірінші көзқарасқа емес, екіншіге жақын деуге болады. Осы орайда А.Г. Диденконың мына сөздерін келтірген орынды болар еді: “Но к каким бы выводам ни пришел исследователь в том или ином конкретном вопросе, все же ясно, что устойчивость любых правовых теорий относительна. И когда парой думается, что истина, наконец-то, достигнута, действительности оказывается, что надо, подобно мифическому Агасферу, и вновь брать посох и отправляться в путь дальнейших поисков”. Әдебиетте талаптың құқықты қорғаудың тек іс жүргізушілік құралы болып табылатыны жөнінде үшінші теория өкілдерінің бірі П.Ф. Елисейкиннің анықтамасындағы келесі кемшілік аталады: талапты азаматтық құқық туралы дауды қарау мен шешуді талап ету ретінде анықтау дәл емес, өйткені істі қарау мен шешу – құқықты қорғау туралы талап етуді жүзеге асырудың шарттары болып табылады

2.Талап қою құқығының жалпы сипаттамасы

Талап қою құқығын қарастырғанда  талаптың және талапқа құқықтың екі мағынадағы түсініктеріне сүйеніп, оған талапқа құқықтың іс жүргізушілік мағынасы ретінде талдау жасаймыз. Талап қою құқығы талапқа құқықтың іс жүргізушілік мағынасы ретінде субъективтік құқық немесе заңды мүддені қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын білдіреді. Бірақ бұл жерде талап қою құқығының сотқа жүгіну құқығы көрінетін жалғыз нысан емес екендігін айта кету керек. М.А. Гурвичтің айтуынша, мұндай нысандарға талап қою құқығына қоса талап бойынша жауап беру құқығы, басталған процеске қатысу құқығы, талапты қамтамасыз ету құқығы, шешімге шағым жасау құқығы, мәжбүрлеп орындату шараларына құқық жатады. Сотқа жүгіну құқығының барлық нысандары істің ілгерілеу үрдісіндегі оның даму және ашылу фазаларын білдіреді.

Әдебиеттерде талап қою құқығының заңдық табиғаты және оның пайда болуының шарттары туралы мәселеге байланысты әртүрлі пікірлер айтылады.

Бір авторлар сотқа жүгіну құқығын  субъективтік материалдық құқықты соттық немесе өзге заңи қызмет арқылы мәжбүрлеп жүзеге асыруға құқық ретінде қарастырады. Мысалы, Н.И. Авдеенко былай деп жазады: Мәжбүрлі тәртіпте жүзеге аспайтын азаматтық субъективтік құқық жоқ. Субъективтік құқықтың осындай түсінігі бар жерде ерекше, материалдық құқықтан айырмашылығы бар жария-құқықтық құқықөкілеттіктің құрылымында мемлекетке жүгіне отырып құқығын қорғауға ұмтылудың, яғни іс жүргізушілік мағынадағы талапқа құқықтың болуының қажеттілігі жоқ.

Басқа ғалымдар тобы сотқа  жүгіну құқығын азаматтық іс жүргізушілік құқық қабілеттілігін білдіреді деген көзқарасты ұстанады. Бірақ бұл ойды әр ғалым әртүрлі негіздейді. Мысалы, О.В. Иванов сотқа жүгіну құқығы тікелей іс жүргізушілік құқық қабілеттіліктен туындайтыны, өйткені оның туындауы үшін қандай да бір заңды фактінің пайда болуы қажет еместігі жөнінде ой айтады. В.Н. Щегловтың ойынша, сотқа жүгіну құқығы азаматтық іс жүргізуге құқық қабілеттілік болып табылады, ол нақты іс бойынша азаматтық процестің пайда болуына әкеледі. К.И. Комиссаровтың пікірінше, сотқа жүгіну құқығының иесі ретінде кез-келген іс жүргізушілік құқық қабілеті бар тұлға бола алады. Сотқа жүгіну құқығын бұлайша түсіну революцияға дейінгі іс жүргізушілік әдебиетте кең тараған болатын.

Келесі ғалымдар тобы сотқа талаппен жүгіну құқығын белгілі бір заңи фактілердің негізінде пайда болатын, азаматтық іс жүргізу заңымен көзделген субъективтік азаматтық іс жүргізушілік құқық ретінде қарастырады. Мысалы Д.М. Чечоттың пікірінше, объективтік құқық барлық субъективтік құқықтардың базасы болып табылады, бірақ ол субъективтік құқықтарды тура және тікелей туғызбайды, тек субъектілерде олардың белгілі бір шарттар болған жағдайда ғана пайда болу мүмкіндігін туғызады. Кез-келген субъективтік құқықтың қалыптасу үрдісі міндетті түрде заңи факті сатысынан өтеді.

Бірінші көзқарас бойынша, сотқа жүгіну құқығы материалдық құқықтың элементі болып табылады деу азаматтық процестің міндеттеріне қайшы келеді. Өйткені сот қана істің мән-жайларын зерттеу арқылы құқықтың бұзылғаны немесе бұзылмағаны туралы жауап айта алады. Талаппен сотқа жүгіну құқығы кез-келген тұлғада оның құқығының іс жүзінде бұзылғанына немесе бұзылмағанына қарамастан болады. Екінші пікірдің кемшілігін ғалымдар орынды атап көрсетеді. С.В. Курылевтың айтуынша, құқық қабілеттілік - Бұл тұлғаның құқыққа ие болуын тану, бірақ ол өз бетімен ешқандай шынайы игілікті қамтамасыз етпейді, тек заңмен көзделген субъективтік құқықтар мен міндеттерге ие болуға мүмкіндік береді, яғни құқыққа ие болудың қажетті алғы шарты ретінде болады. А.Н. Кожухарьдың ойынша, азаматтық іс жүргізуге құқық қабілеттілік - бұл белгілі жағдайларда субъективтік азаматтық іс жүргізу құқықтарына, оның ішінде, нақты іс бойынша сотқа жүгіну құқығына ие болуға мүмкіндік қана. А.А. Мельниковтің пікірінше, субъективтік азаматтық іс жүргізушілік құқық -өзіңде бар мүмкіндік, жедел жүзеге асыруға дайын болу. Субъективтік азаматтық іс жүргізушілік құқыққа ие болу мүмкіндігі іс жүргізуге құқық қабілеттіліктің болуына байланысты, демек ол субъективтік азаматтық іс жүргізушілік құқықтың міндетті қажетті алғы шарттарының бірі болып табылады.

Жоғарыда айтылған сын-пікірлерге сүйеніп, үшінші пікірді қолдауға болады. Талап қою құқығының іс жүргізушілік ұғым болып табылатыны бұл құқықтың болуының мүдделі тұлғада қорғалуға жататын субъективтік құқық немесе заңды мүдденің бар болуына тәуелді еместігінен де көрінеді. Әдебиетте талап қою құқығы мүдделі тұлғаның бірінші сатыдағы сотта белгілі бір нақты материалдық-құқықтық дау бойынша ісінің сотта қозғалуына және шешімін табу мақсатында қаралуына құқығы ретінде анықталады.

Азаматтық іс жүргізу құқығы ғылымында талап қою құқығы туралы ілімнің даулы мәселесінің бірі - талап қоюға субъективтік құқықтың пайда болу сәтінің анықталатыны жөнінде. Ғалымдар бұл мәселеге байланысты әртүрлі пікірлер білдіреді.

Бір авторлар талап қою  құқығын оның жүзеге асырылуы иесіне толығымен 
танысты болатын біржақты құқықтылық ретінде, яғни талап қоюшының өз 
әрекеттеріне құқы ретінде қарастырады. Біржақты құқық сотқа 
жүгінгеннен бастап субъективтік құқыққа айналады, сөйтіп оған судьяның 
істі қарауға байланысты міндеті сәйкес келеді. Добровольскийдің айтуынша, егер талап қоюға субъективтік құқықтын пайда болуын мүдделі тұлғаның сотқа жүгіну және азаматтық істің қозғалу сәтіне кестендірсек, онда талап арызды қабылдаудан бас тартудың сипатын түсіндіру және талап арызды қабылдаудан бас тартуға шағымдану наразылық келтіру институтын теориялық тұрғыдан негіздеу мүмкін емес болар еді. Сондай-ақ, егер талап қоюға субъективтік құқық азаматтық істің сәтінен бастап пайда болады деп санасақ, онда іс бойынша іс жүргізуді артуға болмайды, өйткені іс қозғалып, іс жүргізу басталғаннан кейін процеске құқық пайда болды. Бірақ іс сотта қозғалғаннан кейін тұлға сотқа жүгінген және азаматтық іс қозғалған сәтте онда талап құқық мүлде болмағандықтан іс жүргізу құқыққа сай емес пайда болды деп танылып, қысқартылуы мүмкін. "Бір жақты құқықтың" субъективтік талап құқығына айналуы талап қоюшының сотқа қорғалу үшін жүгінуімен байланысты болғандықтан, мүдделі тұлғада талап қою құқығының болмауына орай іс бойынша іс жүргізуді қысқарту қисынсыз болар еді. Сондай-мына сұрақтар да жауапсыз қалады: неліктен бір жағдайда судья талап қоюшыны сол талаппен сотқа қайтадан жүгіну үмітінен айырып, ал тағы бір жағдайда мұндай үмітті қалдырып, талап арызды қабылдамайды Екінші ғалымдар тобы (А.А. Мельников, С.В. Курылев. М.А. Викут.) субъективтік құқықтың пайда болуы мен оның іске асуын таратып қарастырады. Олар сотқа жүгінуге субъективтік құқықтың,  яғни азаматтық іс қозғалғанға дейін пайда болатынын және талап қою мен азаматтық істі қозғау арқылы іске асырылатынын, талап қоюға субъективтік құқықтың өзінің іске асырылу сәтіне дейін іс жүргізушілік қатынастардан тыс өмір сүретінін көрсетеді. Бұл пікірді қолдауға болады.

Талап қоюға субъективтік құқықтың пайда болуы белгілі  бір мән-жайлармен байланысты. Олар заңның абстрактілі сипаттағы нұсқауларын сәйкес құқықтық қатынастың нақты белгілі субъектілерінің субъективтік құқықтары мен заңды мүдделері аясына енгізетін "тетік" ретінде болады. Субъективтік құқық бар жерде оған қарсы полюс ретінде заңды міндет те болады, сондықтан "субъективтік құқық әрқашан белгілі бір заңдық қатынас ауқымында өмір сүреді".

Талап қою құқығының  пайда болуы мен іске асырылуы талап қою құқығының алғы шарттары және осы құқықты іске асырудың шарттары деп аталатын белгілі бір мән-жайлармен байланысты болады.

Азаматтық іс жүргізу айналымына талап қою құқығының алғы шарттары және осы құқықты жүзеге асырудың шарттары ұғымдарын М.А. Гурвич енгізген. Оның бұл теориясы Оскар Бюловтың процестің болжамдары туралы ілімінен бастау алады. О. Бюловтың ілімі бойынша процестің болжамдары ретінде, процестің, яғни нақты құқықтық қатынастын пайда болуымен байланысты барлық мән-жайлар түсініледі. Бұл ілімді көптеген мемлекеттердің азаматтық іс жүргізу құқығының теориясы қабыл алды. 0. Бюлов ұсынған ілім ондағы логикалық қорытындылардың кейіннен күшінде болған заңнамамен және процестің кейінгі жағдайларымен сәйкес келмейтін тұстары болғанына қарамастан оған дейін іс жүргізушілік кұбылыстарды сипаттаумен шектеліп, ғылыми заңды қорытынды бермейтін азаматтық процестің теориясы үшін жаңалық болды.

Азаматтық іс жүргізу құқығы ғылымында осы мәселені зерттеуді  М.А. Гурвич жалғастырды және дамытты. Ол О. Бюловтың "Іс жүргізу болжамдарын" заңи маңызына қарай талап қою құқығының алғы шарттары және талап қою құқығын іске асырудың шарттары (тәртібі) деп екіге бөліп. екеуінің айырмашылықтары көрінбейтін "процестің болжамдары" деген ортақ ұғымнан бас тарту қажеттігін ұсынды.

Осында тоқталып өтетін маңызды мәселелердің бірі азаматтық  іс жүргізу құқығы саласындағы құқықытық терминдердің қазақша мәтініндегі кемшіліктер болып отыр. Осы күнге дейін құқықтық терминдердің қазақша базасы дұрыс қалыптасқан жоқ. Мысалы айта кетсек «процесс» сөзінің қазақша атауын заңнамада «іс жүргізу» деп атағанымен де бұл сөздің дұрыс берілмегендігін уақыт өткен сайын көз жеткізудеміз. Себебі «іс жүргізу» терминін «делопройзводства» сөзінің аудармасы ретінде де қолданып жүрміз. Кейбір аудармашылар «процесс» сөзін «үдеріс» деп аударуда. Біздің ойымызша бұл сәтті жасалған аударма сияқты.

Келесі бір қым-қиғаш шатасуға итермелейтін термин «талап» сөзі. Орысша атауы «иск» .Талаптың латын тіліндегі түпнұсқасы «аспо» Осы мәселеге қатысты заңгер-үдерісші М.Р. Кокашевтің пікірін келтіре кетуді жөн деп есептейміз.

Римдік талап - асtіо, Виндшайдтың  айтуы бойынша, құқық қорғау құралы емес, өзіндік құқықты жариялау түрі болып табылады. Виндшайдтың айтуынша, римдіктер үшін соттық жүйеде карастырылатын немесе оған дейінгі қолданыста жүрген заңдар емес, магистрат шығаратын немесе қоятын сот ісі арқылы шешілетін талаптың рөлі өте маңызды болды. Осылайша, римдік - құқықтық талап асtіо сөзі өзгеріске ұшырайды, яғни оның қазіргі заманға сай, жаңа аты "әрекеттену; талаптану, шагымдану, арыз беру″ [22].

Ал енді «иск» тарихына келер  болсақ, иск орыс тіліндегі «искать» сөзінен 
шыққан деген тұжырым жасалады. Яғни «іздену» «іздеу» сөздерінің 
синонимі ретінде берілген. Мұнда да көріп отырғанымыздай «иск» термині 
белгілі бір іс-қимылдың, әрекеттің сипатын көрсетіп тұр. Демек «иск» сөзінің 
тікелей мағынасында талап емес сол талабын іздеу жатыр. Яғни 
талапқоюшы     өзінің жауапкерге       қойған талабының қанағаттандырылмауының нәтижесінде амалсыз сотқа келіп шағынып, мүддесін қорғауды сұрап келіп отыр. Міне осы жерде ол сотқа (талап?) «иск» беріп отыр. Яғни мұндағы «иск» талапқоюшының жауапкерге қоятын материалдық талабын қорғау құралы ретінде қолданып отыр. Сол себепті «иск» сөзінің аудармасы «талап» деп қолдану дұрыс емес деп есептейміз. «Талап» терминінің тікелей аудармасы «требование».(материальное требование-материалдық талап). Сол себепті біз «иск» сөзінің аудармасы «талап» деген атауды алып тастауды және оның орнына «діттеме» терминін енгізуді ұсынамыз, Мүндағы «діттеме»  қазақ тілінің сөз қорындағы «діттеу» сөзінен алынған, яғни «іздеу, көздеу» деген мағынаны береді. Бұл аударманы жасау бізге не береді? Біріншіден бұл бізге заңнамадағы ұғымдардың


берілуіндегі шатасуды болдырмайды. Заңның түсінікті, қарапайым әрі нақты мәтінде болуына жол ашады. Өйткені біз «иск» сөзін «талап» деп «исковые требование» сөзін «талаптық талап ету» етіп, ал «требование» терминін тағы да «талап» деп аударып жатырмыз. Ал «претензия» сөзін «талап қою» деп аударуда. «Претензионно-исковая деятельность» «талап қоюшылық- талаптық қызмет» деп аударылуда. «Претензия» сөзін мүмкін «дат» деп аудару дұрыс келетін шығар, себебі ерте замандарда тұлға қолында билігі лауазымды тұлғаның алдында өз келіспеушілігін «дат» арқылы   білдіретін   болған.  Құқықтық  терминдерді   көнерген    сөздік қордан ұғымды ала білу де қоғам үшін де, тілдің дамуы үшін де аса пайдалы   болмақ.   Қ.Р.   «Нормативтік   құқықтық   актілер   туралы заңында» 18-бабында   «Нормативтік құқықтық актінің мәтіні   әдеби тіл мен заң   терминологиясының    нормалары    сақтала    отырып    жазылады»    деп

көрсетілген.  Міне байқап отырғанымыздай  қым-киғаш шатасу мен қарама-

қайшылыққа толы, жай азаматтар түгілі заңгерлердің түсінуіне де оңайға соқпайтыны айқын көрініп тұр. Заң мәтіні көпке ұғынықты, нақты әрі дәлме-дәл мағынада жазылуы тиіс. Осыған байланысты біз келесідей терминдер тізбегін ұсынамыз:

үдеріс-процесс,

діттеме-иск,

діттеу арызы-исковое заявление,

талапкер-истец,

талап-требование,

материалдық талап-материальное требование,

дат-претензия

Біздің бұл келтірген  пікірлерімізге көптеген азаматтар қарсы пікір айтуы да мүмкін. Себебі ұсынылып отырған терминдер әлі енгізілмеген бұрын заңнамада белгілі бола коймаған тосын сөздер. Бірақ та сынау-пікірлерді біз асыға күтеміз. Себебі сынау бар жерде ұсыныс та болуы тиіс екендігі белгілі.

 

3.Талап қоюды қамтамасыз ету

Талап қоюды қамтамасыз ету үшін негіздер

Аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысатын адамдардың арызы бойынша соттың талап қоюды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етуге, егер мұндай шараларды қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе, істің барлық жағдайларында да жол беріледі.

Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымына және (немесе) оның мүлкіне қатысты оны қайта құрылымдауды жүргізу кезінде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдауға жол берілмейді.

Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары

1. Талап қоюды қамтамасыз ету  жөніндегі шаралар: 

1) жауапкерге тиесілі және оның өзінде немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттық әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке тыйым салуды қоспағанда).

Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының аумағындағы корреспонденттік шотындағы ақшаға тыйым салуға Қазақстан Республикасының және оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетін шет мемлекеттің бұзуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша жол беріледі.

Жауапкерге тиесілі және банктегі ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салынатын ақша сомасы көрсетілуге тиіс. Тыйым салынатын ақша сомасын іс материалдарын  негізге ала отырып, сот айқындайды;

2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді  жасауға тыйым салу;

3) басқа адамдардың мүлікті жауапкерге беруіне немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауына тыйым салу;

4) мүлікті тыйым салудан босату  туралы талап қойылған жағдайда  мүлікті өткізуді тоқтата тұру;

5) мемлекеттік органның, ұйымның  немесе лауазымды адамның (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) одан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі актілерін, сондай-ақ олардың жазбаша нұсқамаларын қоспағанда) дауға салынатын актісінің қолданылуын тоқтата тұру;

6) борышкер сот тәртібімен дауға  салатын атқарушылық құжат бойынша  өндіріп алуды тоқтата тұру болуы мүмкін.

2. Қажет болған жағдайларда сот  осы Кодекстің 158-бабында аталған мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін. Соттың талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шараларын қабылдауы мүмкін. Осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында аталған тыйым салулар бұзылған жағдайда кінәлі адамдар әкімшілік жауаптылықта болады. Оның үстіне, талап қоюшы сот тәртібімен осы адамдардан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды өтеуді талап етуге құқылы.

3. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары талап қоюшының мәлімдеген талаптарына шамалас болуға тиіс.».

Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау 

Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья жауапкерге және аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысатын басқа адамдарға хабарламастан ол сотқа түскен күні шешеді. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарай келіп, судья ұйғарым шығарады.

Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау

Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым сот шешімдерін орындау  үшін белгіленген тәртіпте дереу  орындалады.

Талап қоюды қамтамасыз етудің бір  түрін екінші түрімен ауыстыру

1. Аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысушы адамның арызы бойынша талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыруға жол беріледі. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екіншісімен ауыстыру туралы мәселеге іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлай отырып, сот рұқсат береді, алайда олардың келмей қалуы осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Талап қоюдың бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы судья ұйғарым шығарады.

2. Ақшалай соманы өндіріп алу  туралы талап қоюды қамтамасыз еткен жағдайда жауапкер талап қоюды қамтамасыз етуге сот қабылданған шаралардың орнына соттың депозиттік шотына талап қоюшы талап ететін соманы енгізуге құқылы.. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою 1. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот тараптардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселені қарауға кедергі келтірмейді.