Трасологияның түсінігі, ғылыми негіздері мен жүйесі. 2

§1. Трасологияның түсінігі, ғылыми негіздері мен жүйесі

 

Трасология  – криминалистикалық техниканың дәстүрлі саласы болып табылады. Трасология ілімін келесідей ғалымдар ғылыми еңбектерінде жете зерттеген – Б.И. Шевченко, Г.Л. Грановский, Ю.Г. Корухов, Ю.Г. Василевский, М.В. Салтевский, С.И. Поташник, Ю.П. Голдованский, В.М. Прищепа, Я. Бергер, Л.Н. Мороз, Г.А. Мозговых, А.А. Исаев, А.Г. Скоморохова және т.б. Сонымен қатар, И.Ф. Крылов, Ф.П. Сова, В.И. Шикановтардың трасология іліміне қатысты еңбектері бар. Трасологияның ғылыми негізде қалыптасуының өзіндік тарихы бар.

Ең алғаш 1938 жылы «трасология» терминін И.Н. Якимов: «Заттай дәлелдемелер мен іздерді  оқу», – деген атаумен трасологияны криминалис-тиканың жеке бір бөлімі ретінде бөліп қарастыруды ұсынған. Оның берген «іздер» жөніндегі ұғымы кең мағынада қарастырылып, қылмыстардың барлық іздерін қамтыған. Дегенімен де ізді ортақ өңдеп жетілдірудің ғылыми негізі трасологиялық зерттеу объектілердің нақты анықтамасын талап етті.

1945 жылы С.М.  Потапов іздер туралы ұғымдардың әртүрлі болуына байланысты іздің трасологиялық түсінігін бөліп көрсетуге мүмкіндік беретіндей белгілерді ұсынды. Із – тергелетін оқиғамен себепті байланыста болатын құбылыстардың материалдық заттардан көрініс табатын белгілері. Мұнда С.М. Потапов із ұғымын анықтауда: «ізді қылмыстың жалпы материалдық жағдайының өзгеруі ретінде емес, ол белгілердің көрініс табуы» - деп іздер туралы ұғымды (түсінікті) шектейді.

1942 жылы және кейіннен  де Б.И. Шевченко із жөніндегі  ұғымдарды «заттардың басқа да бір материалдық заттарға сыртқы көрініс бейнесін қалдыру (түсіру) трасологияның объектісі болып табылады» – деп толықтырады. Трасология үшін маңызы бар төмендегідей тәртіп ережелерін ұсынған:

  1. трасологияның объектісі болып қатты денелердің табылуы;
  2. іздің – активті және пассивті іздердің өзара байланысқа түсуі арқылы пайда болуы;
  3. қатты денелердің сыртқы құрылысының жекелілігі, олардың сыртқы көрінісінің бедерінен тұрады, бұл қатты дененің жалпы және қажетті қасиетіне жатуы;
  4. объектілердің сыртқы құрылысы ішкі факторлардың – заттың өзіндік қасиеті және қоршаған ортадағы заттардың сырттай әсер етуі арқылы қалыптасуы;
  5. объектінің сыртқы құрылысы үздіксіз қозғалыстағы және өзгерістегі қасиеттер ретінде қарастырылуы;
  6. трасологиялық идентификация процесі объектінің сыртқы құрылысының қайталанбайтын жеке белгілерінің жиынтығын анықтаудан тұруы;
  7. із қалдырушы объектінің сыртқы құрылысының пайда болу процесін зерттеу және де оларды табу, бекіту, алу әдістерін типтендіру үшін, сондай-ақ идентификациялау мақсатында зерттеу әдістемесі мен техникасын өңдеу үшін топтастырулар жасалуы қажет.

Іздердің  көмегімен шешілетін мәселелерді  идентификациялық және иденти-фикациялық емес деп екі топқа бөлуге болады. Іздер бойынша анықталатын идентификациялық емес сұрақтарды негізінен тергеуші мен криминалист-маман оқиға болған жерді қарау, тінту кезінде шешеді. Идентификациялық сипаттағы мәселелер әдетте трасологиялық сараптама шеңберінде анықталады. Іздердің көмегімен анықталынатын нақты жағдайларды (идентификациялық және идентификациялық емес) төменде көрсетеміз.

Іздерді криминалистикалық  зерттеудің негізінде пайда болған негізгі қағидаларға мыналар жатады:

  • материалдық дүниедегі объектілердің жекелілігі, соның ішінде объектінің сыртқы құрылысының жекелілігі. Бір топтық объектілердің сыртқы құрылысы жалпы белгілері бойынша сәйкес келуі мүмкін, бірақ олар жеке белгілері (формасы, көлемі, түрі және т.б.) бойынша ерекшеленеді. Трасологиялық жеке белгілерге – іздің сыртқы қабаты бедерінің (ерекшеліктері) немесе із өрнегінің («суретінің») детальдары жатады. Шабу іздеріндегі бедер детальдары балта қырының тегіс емес кедір-бұдыр жерлерімен қалдырылған қыртыс пен көтеріңкі шыққан, арасы шұңқырланған сызықтардан тұрады; қол саусағынан қалған іздерде папиллярлы өрнектің детальдары қалады, автокөлік дөңгелектерінің протектірлерінен қалған іздерде жекеленген ақау белгілері (мысалы: дөңгелек резенкелерінің жырылуы) қалады;
  • объектілердің сыртқы құрылысының салыстырмалы тұрақтылығы – бұл белгілі бір уақыт аралығында объектінің өз формасы мен басқа объектілерден бөліп қарастыруға мүмкіндік беретін айрықша белгілерін сақтау қасиеті. Трасологиялық зерттеудің объектісіне тек қана қатты заттар, яғни қасиеттері салыстармалы түрде өзгермейтін объектілер жатады. Із қалдырған объектінің белгілері және ізде көрініс тапқан белгілер белгілі бір уақыт аралығында өзгеріске ұшырамаған жағдайда ғана трасологиялық идентификацияны жүзеге асыруға болады. Қатты заттардың сыртқы құрылысы салыстырмалы тұрақты болғандықтан, олардың іздері ұзақ уақыт аралығында өзгеріске ұшырамайды және зерттеу жүргізу үшін қажетті ақпаратты сақтай алады. Бұл қасиет із қалдырушы мен із қабылдаушы объектілерден әртүрлі көрініс табуы мүмкін. Мысалы, бұзу құралының бөгетте қалдырған ізі уақыттың өтуіне қарамастан өзгеріске ұшырамайды, ал тістің тағамда (алма, алмұрт) қалдырған ізі аз уақыттың ішінде де өзгеріске ұшырайды. 
  • объектілердің сыртқы құрылысы, соның ішінде оның жеке белгілері (детальдары), белгілі бір жағдайларда басқа бір объектілерде өз бейнесін дәлме-дәл түсіру қабілетіне ие жеке белгілердің дәлме-дәл, әрі толық көрініс табуы. Жеке белгілердің толық және дәлме-дәл көрініс табуы іздің пайда болу жағдайларына байланысты. Олардың негізгісіне – із қалдырушы мен із қабылдаушы объект материалдарының физикалық қасиеті жатады. Сонымен қатар, объектілердің қарым-қатынасқа түсу механизмі де жатады. Із қабылдаушы объект неғұрлым иілімгіш (созылмалы), құрамдық құрылысы ұсағырақ болса, пайда болатын іздің детальдары соғұрлым нақтырақ, айқынырақ көрініс табады;
  • пайда болатын ізде объектінің сыртқы құрылысының көрініс табуы айналы түрде кері жүретін процестің нәтижесі түрінде қарастыруға болады. Мысалы: дөңес (шығыңқы) объектілер (аяқ киім ұлтаны (табаны) жұмсақ материалдарда: құмда, лай-батпақтарда) көлемді іздерді қалдырады. Іздің пайда болу кезіндегі жағдайларға қатысты басқа да өзгешеліктерді байқауға болады. Мысалы: беткі қабаттың бедерлі болуынан із тырналып түседі.

Сонымен, трасологиялық  зерттеудің негізгі объектісі болып  табылатын із-бейнелеуші объектілер екі объектінің өзара қарым-қатынасқа  түсу нәтижесінен пайда болады. Із қалған объект – із-қабылдаушы, ал із қалдырған объект – із-қалдырушы деп аталады. Із пайда болған кезде қарым-қатынасқа түсетін беткі қабаттар – түйісу қабаттары деп аталады.

Іздердің түйісуі  кезінде объектілер физикалық, химиялық және биологиялық әсерге түседі. Физикалық әсер ету механикалық және жылулық болуы мүмкін.

Трасология  – механикалық әсерге түсетін  іздерді зерттейді. Трасологиялық  зерттеудің мәнін – түйісетін (контактілі) объектілерге механикалық жағынан  әсер етудің ерекшеліктерін және осының нәтижесінде пайда болатын іздерді зерттеу құрайды.

Қалыптасу жағына байланысты іздерді келесідей топтарға жүйелеуге болады: статикалық және динамикалық; көлемді және беткі қабатты; локальды және перифериялық.

Статикалық  іздер дегеніміз – із қалдырушы объектінің әрбір бөлігінің (нүктесінің) із қабылдаушы объектіде дәлме-дәл бейнеленуі нәтижесінде пайда болатын іздер. Мұндай іздер қозғалыста болған объектінің тоқтауы кезінде пайда болады. Із пайда болған кезде объектілер салыстырмалы түрде (тыныштық) қимылсыз (статика) күйде болады. Мысалы: адамның тұрған кездегі аяқ киімінің ізі, қолдың папиллярлы өрнектері бар ізінің қалуы, есіктегі бұзу құралының басылып-жаншылған ізі.

Динамикалық іздер дегеніміз – із қалдырушы объект нүктелерінің із қабылдаушы объект бетінде сырғу-жылжу нәтижесінде пайда болған іздер. Объектінің дөңес жерлері ойыс іздерін, ал ойыс жерлері томпақ (жұмыр) іздерін қалдырады. Динамикалық іздерге кесілген, шабылған, үйкелген және т.б. іздер жатады.

Көлемді іздер  дегеніміз – із қалдырушы объектінің із қабылдаушы жұмсақ объектіде шұңқыр түрінде қалуы, яғни қабылдаушы объектінің деформацияға түсу (өз қалпын өзгерту) нәтижесінде пайда болған іздер. Мұндай іздерде ұзындығы, енімен қатар үшінші өлшем – тереңдігі көрсетіледі. Сондықтан осы іздерді зерттеу арқылы мәліметтерді көлемдірек түрде алуға болады. Мысалы: лайлы жерде қалған көлік құралының протекторларының іздері және т.б.

Беткі қабатты  іздер дегеніміз – тығыздығы жағынан шамамен бірдей (немесе із қабылдаушы объектінің тығыздығы көбірек) объектілердің бір-бірімен қатынасқа түсу нәтижесінде пайда болған іздер. Бұл іздер көлемді емес, беткі қабатты болып табылады. Мысалы: қол саусақтарының шыны бетіндегі майлы іздері, протектордың асфальтта қалған іздері, бояу жағылған еден бетіндегі аяқ киімнің іздері.

Беткі қабатты  іздердің өзі екі топқа бөлінеді: қатпарлану (отслоение) және қабатталу (наслоение) іздері. Қабатталу іздері – із қалдырушы объекті бөліктерінің із қабылдаушы объектінің бетінде қалып қою нәтижесінде пайда болады. Байланысқа түскен объект беткі қабатта  өз белгілерін қалған бөлшектері арқылы бейнелейді. Мысалы: қол саусақтарының майлы іздері, қанаған қолымен – есік, терезе бетін ұстау нәтижесінде қанға боялған іздердің қалуы және т.б. Қатпарлану іздері – із қалдырушы объект із қабылдаушы объектінің беткі қабатының бөліктерін өзімен алып кету нәтижесінде пайда болатын іздер. Мысалы: бояуы кеппеген еден бетінде аяқ киімнің қалған іздері және т.б.

Локальды  іздер дегеніміз – объектілердің беткі қабатының байланысқа түсуі нәтижесінде пайда болған іздер. Мысалы: аяқ киім ізі (көлемді немесе беткі қабатты) мен жер (топырақ) бетінің байланысқа түсуі кезінде өзгеріске ұшырауынан пайда болады, бірақ іздің жан-жағындағы беткі қабат өзгерісіке ұшырамайды.

Перифериялық  іздер – керісінше байланысқа (контактіге) түсетін объект жиектерінің сыртындағы өзгерістердің нәтижесінде пайда болған іздер. Мысалы: сыртқы беті шаң болған аяқ киімнен таза еден бетінде қылмыскердің жүруі кезінде шаң аяқ киімнен сырғып түсіп, аяқ киім жиектерінің сыртындағы табан конфигурациясын қайталайтын із еден бетінде қалуы арқылы пайда болады.

Көріну дәрежесіне байланысты іздер: көрінетін, әлсіз  көрінетін (нашар) және көрінбейтін  болып бөлінеді. Көрінетін іздер  арнайы әдістерді қолданбай-ақ қарапайым  көзге көрінеді. Әлсіз көрінетін іздер немесе көрінбейтін іздер – із қабылдайтын объектінің түсі тасаланып өзгеруі немесе түскен із көлемінің шағын көлемді (микро іздер, микро бөлшектер) болуы негізінде пайда болады.

Нашар көрінетін  немесе көрінбейтін іздерді арнайы жарықтандыру әдістерін қолданып немесе іздің түсуі мүмкін беткі қабатқа әртүрлі заттармен механикалық немесе химиялық зерттеу жүргізу арқылы тауып айқындауға болады. Іздерді табу, бекіту және алу әдіс-тәсілдері іздердің қай категорияға (яғни көлемді немесе беткі қабатты ма, көрінетін немесе көрінбейтін бе) жататындығына байланысты таңдап алынады. Оқиға болған жерде ізді іздеп таппас бұрын оның жағдайымен танысу керек. Ол үшін оқиға болған жердегі жекеленген заттардың жағдайы мен орналасуын анықтап зерттеу қажет; қылмыскердің келуі мен кетуі мүмкін жолдарын анықтау керек; қандай заттарды қолмен ұстағанын, орнын ауыстырғанын және т.б. мәселелерді шешу қажет. Осы мақсатта көзімен көрушілер мен жәбірленушілердің жауаптарын оқиға болған жерді шолып қарауының нәтижесінде қолданылады.

Іздерді табу, бекіту және алудың жалпы ережелері. Көптеген іздер, мысалы: аяқ киімнің көлемді немесе боялған іздері, бұзу құралдарының іздері, көлік құралдарының іздері жәй қарау кезінде анықталады. Ал ұсақ іздерді табу үшін әртүрлі үлкейткіш шынылар (лупалар) қолданылады. Егер із түсі бойынша қабылдау объектісінің түсімен бірдей болып бірлесіп жатса, оны айқындап табу үшін жарықфильтрлері, ултракүлгін жарықтандырғыштары қолданылады.

Табылған іздер  ең алдымен фотосуретке түсіріледі. Ізді табылған объектімен бірге, содан соң іздің өзі жеке (детальды, масштабты) түсіріледі. Түсірілім масштабты фотосуретке түсіру ережесін қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бекіту әдісі ретінде ізді суретке салып алу әдісі қолданылады. Салынып алынған схемада маңызды белгілерді көрсетуге мүмкіндік береді. Оқиға болған жерді қарау хаттамасына тіркелетін жоспарда іздердің орналасуы көрсетіледі.

Іздерді бекітудің  бірден-бір негізгі әдісі тергеу әрекетінің хаттамасында сипаттау болып  табылады. Ең алдымен із табылған тұрғын-үй, ғимарат, ашық жерлер, заттар сипатталады, содан соң іздің бейнеленуіне, табылуына, сақталуына әсер ететін ізді тікелей қабылдаған объектілердің беткі қабатының қасиеті мен жағдайы көрсетіледі. Сонымен қатар, хаттамада объектіде іздердің орналасу жағдайы (бірнеше іздер болса, өзара орналасу жағдайы), іздердің белгілері: пішіні, өлшемі, бөлшектері сипатталады. Әсіресе, ерекше белгілеріне көңіл бөлінеді. Хаттамада ізді табу, бекіту және алу әдіс-тәсілдері мен құрал-жабдықтары көрсетіледі. Хаттаманың қорытынды бөлімінде қандай іздер алынғаны, олардың қалай буып-түйілгені және қайда жіберілгені сипатталынады.

Ізді объектімен бірге алу мүмкін болмаған жағдайларда (үлкен қолайсыз болуына, ерекше құнды  болуына байланысты) іздің көшірмесі, құймасы алынады.

Ізі бар объектілер немесе із көшірмелері буып-түйю орауыштары ізге тимей-тіндей етіп орналастырылады. Әсіресе, қол саусақтарының іздері бар тез сынып қалатын заттарды (бөтелке, стакан және т.б.) мұқият буып-түйю қажет. Оралынған объектіге мөр қойылып, түсіндірме жазбалар жазылады. Онда: кім, қашан, қандай іс бойынша заттай дәлелдемелер алынғаны көрсетіледі.

 

§2. Адамның трасологиялық іздері

 

Трасологиялық маңызы бар адам іздеріне: қол іздері, аяқ, аяқ киім іздері, тістердің іздері, сондай-ақ папиллярлы өрнектері жоқ басқа да іздер, атап айтқанда: бас (бет) бөлшектерінің (құлақ, ерін, мұрын, шеке т.б.) іздері жатады.

Қолдың  іздері – басқа іздерге қарағанда қылмысты тергеу мен ашу кезінде жиі әрі нәтижелі қолданылады. Қол іздері арқылы адамның жынысын, шамамен жасын (ересек немесе бала екендігі), қай қолмен және қандай саусақпен қалдырылған із екендігін, кей жағдайларда кәсібі мен қолдарындағы т.б. кемістік белгілерін анықтауға мүмкіндіктер болады. Қол іздері арқылы осындай идентификациялық емес жағдайлармен қатар, адамды жеке идентифика-циялауға болады.

Ұзындық бірлігіне  сәйкес папиллярлы сызықтардың шамамен  санын көрсететін кесте.

0,5 см-де орналасатын  папиллярлы сызықтардың саны

Жас шамасына байланысты адамдардың тобы

12-13

 

10-12

9-10

6-7

8-12 жас аралығындағы  ұл және қыз балалар

жасаөспірім

ер адамдар

толық адамдар


 

Бұл қолдың функционалдық  маңызымен және ондағы майлы-тер  заттарының болу маңыздылығымен анықталады. Сонымен қатар, қол алақанының (және аяқ табанының) беткі қабатындағы  биіктігі мен енінің шегі белгісіз кішкене әжімдерге бөлінген папиллярлы сызықтармен анықталады.  Тік сызықты учаскілердегі кейбір папиллярлы сызықтар белгілі бір ұзындыққа жеткен кезде иіле отырып күрделі өрнектерді қалыптастырады. Папиллярлы сызықтар еш уақытта қиылыспайды, бірақ та олар қосылуы немесе айырылып-бөлінуі, сөйтіп әртүрлі түрдегі өрнектерді қалыптастыруы мүмкін. Папиллярлы сызықтармен қатар алақанның беткі қабатынан тері бедерінің басқа да белгілерін кездестіруге болады. Оларға – флексорлық (иілетін) сызықтар, әжім қабаттары және тері саңылаулары жатады. Бұл тері бедерінің ең кішкентай элементтері болып табылады.

Жоғарыда қарастырылған  алақанның беткі қабатындағы  табиғи бедер іздерінің белгілерімен қатар жасанды белгілерді де кездестіруге болады. Оларға зақымданған – тыртық, күйік іздері және т.б. әртүрлі іздер жатады. 

Криминалистикада  қол саусағындағы тырнақ фалангілерінде орналасқан папиллярлы өрнек бедерлерінің ерекшеліктеріне аса маңызды  көңіл бөлінеді. Папиллярлы өрнектердің  құрылымын трасология бөлімінің бірі «дактило-скопия» зерттейді.

Папиллярлы  өрнектердің криминалистикалық  маңызы олардың келесідей өзіндік  ерекше қасиеттерімен: жекешелігімен, салыстырмалы тұрақтылығымен және өзгермейтіндігімен, өзгерсе қайтадан қалпына келетіндігімен, сондай-ақ жіктелетіндігімен анықталады. Бұл қасиеттердің барлығы терінің анатомиялық құрылымымен анықталады.

Папиллярлы  сызықтар ананың құрсағында жатқан баланың  даму кезеңінде пайда болып, өмір бойы өзгеріссіз сақталады. Өрнектің өзара  орналасуы мен бөліктерінің қалыптары өзгермейді, тек көлемі ғана өзгереді. Осы тұрақты байланыс трасологияда ең қажетті белгі болып табылады.

Дерма зақымдалған  кезде ғана учаскедегі мұндай өрнектер қайтадан қалпына келмейді. Дегенмен де, бұл кезде пайда болған жасанды  белгілердің (тыртықтар) өздері папиллярлы өрнектердің ерекше белгілері болып табылады.

Папиллярлы  өрнектердің жекелілігі, бұл өрнекті  сипаттайтын қайталан-байтын белгілер жиынтығынан тұрады. Папиллярлы өрнектердің  белгілері жалпы және жеке деп  бөлінеді. Жалпы белгілері бойынша бұл өрнектерді – доға тәріздес, ілмек тәріздес және шеңберлі деп үш түрге бөлеміз.

Өрнек түрін  анықтау үшін, оның орталық бөлігі зерттеледі.

Доға тәріздес өрнек – суретін бейнелейтін папиллярлы сызықтар саусақтың бір жақ шетінен екінші жағына қарай бағытталып жүреді. Өрнектің бұл түрі өзінің құрылымы бойынша өте қарапайым болып келеді және де өте сирек (жалпы санына байланысты 5% - дай ғана) кездеседі. Доғалар жай және күрделі болып келуі мүмкін. Күрделі доға тәріздес өрнекте папилярлы өрнек ағымдары өрнектің орталығына қарай келгенде көтеріліп барып шатырлы доға өрнегін қалыптастыра отырып иіледі. Доға тәріздес өрнекте дельта болмайды. Доға тәріздес өрнектердің түрлері 16-суретте көрсетілген: а-қарапайым доға; б-жалған ілмекті доға; в-орталық құрылымы анықталынбаған доға.


 

Сурет 16. Доға тәріздес өрнектер

 

Ілмек тәріздес өрнекте – орталық бөліктің суретін қалыптастыратын папиллярлы сызықтар саусақтың бір жақ бүйір шетінен орталыққа қарай бағытталып, ол жерге жеткен соң дереу бұрылыс жасап қайтадан келген жағына қарай жүреді. Сызықтың ұшы саусаққа қарай бағытталған сызықтар ілмектің аяғы деп, ал дөңгеленген бөлігі ілмектің басы деп аталады. Ілмектің бас жақ жағында ілмекті жоғарғы және төмен жағынан иіп және оларды айырып тұратын сызықтар ағымы орналасқан. Ағымның айырылатын жері «дельта»- деп аталады.

Ілмектің  ашық бөлігі шынашаққа қарай бағытталса ульнарлы, ал бас бармаққа қарай  бағытталса радиалды деп аталады. Аталған  өрнектер, дактилоскопиялық формула  жүргізу кезінде және із қалдырған  қолдар мен саусақтарды ажыратып анықтау үшін пайдаланылады. Ілмек тәріздес өрнектер өте кең тараған, олар жалпы саны 65%-ға жуық өрнектерді құрайды. Ілмек тәріздес өрнекте бір дельта болады. Ілмек тәріздес өрнектердің түрлері 17, 17-1 суреттерінде көрсетілген: г-қарапайым ілмек; д-иіліп келген ілмек; е-жартыланған ілмек; ж-тұйықталған ілмек; з-қосарланып келген ілмек; и-параллельді ілмек.

 

 

 

 

Сурет 17, 17-1. Ілмек тәріздес өрнектердің түрлері

Шеңберлі  өрнекте - өрнектің орталық оң және сол жақ бөлігінде дельта болады (кейде үш, ал кейде төрт дельта (өте сирек кездеседі). Дельталардың арасында: концентірлік шеңбер, сопақша, спираль, дөңгеленіп келген (егіз-қос сызықтар) ілмек түріндегі суреттер орналасады. Шеңбер тәріздес өрнектер, сондай-ақ жай және күрделі болып бөлінеді. Шеңбер тәріздес өрнектердің түрлері 18, 18-1, 18-2 суреттерінде көрсетілген: к-қарапайым шеңберлі; л-сопақша шеңберлі; м,н-спиральді шеңберлі; о-ілмекті шеңберлі; п,р,с,т-қарама-қарсы ілмектері бар шеңберлі.

 

 

 

 

Сурет 18, 18-1, 18-2. Шеңберлі өрнектердің түрлері

Сондай-ақ папиллярлы сызықтардың  әртүрлі күрделі өрнектері де кездеседі. Олар 19, 19-1, 19-2 суреттерінде көрсетілген: у-домалақ ілмектер; ф-ілмек ілмекті айнала орналасқан; х-ілмек спиральді айнала орналасқан; ц-ілмек ішіндегі шеңбер; ч-аралас өрнектер; ш-доға ішіндегі шеңбер; щ-ілмектегі сопақша болып келген өрнектер; э-әр жаққа қараған домалақ ілмектер; ю-шеңберлі өрнектің ерекше қалыптасу формасы.

 

 

Сурет 19, 19-1, 19-2. Әртүрлі күрделі өрнектер

 Осы аталған өрнек түрлерінің негізгі үш типі мен әртүрлілігі қол саусақтары іздерінің жалпы белгілері мен бірыңғайлылығын ажыратуға мүмкіндік береді.

Сараптамаға іздерді  жіберу үшін бұл түр белгілерін тергеушілер  мен жедел-қызметкерлері ажырата  білулері қажет.

Папиллярлы өрнек бойынша сараптамалық идентификация жүргізу кезінде өрнектердің жалпы белгілері (өрнек түрлері, сызық ағымдарының бағыты) бойынша ұқсас келуімен қатар жеке белгілерінің де сызықтардың басталуы мен аяқталуы, олардың қосылуы мен айырылуы, сызықтардың үзілуі; «байланыс-тыратын», «көпірше» нүкте сызықтарының және иілетін, үзілетін, жіңішке сызықтарының ұқсас келуі ескерілуі тиіс.

Осы немесе басқа да белгілердің  болуына (болмауына) және олардың өзара  орналасуына байланысты жекеленген жинақтар қалыптасады. Вариациялы – статистикалық анықтаулардың нақтылауы бойынша саусақ іздерінің кемінде 12 – жеке белгілері  бір-біріне сәйкес келсе, ол ұқсастыққа жатады, яғни дәл өзі деп танылады. Ал тәжірибе жүзінде аса маңызды және өте сирек кездесетін ұқсас 7-8 ғана белгі бойынша да идентификация жүргізіле береді.  


Табылған із қылмыскердің қалдырған ізі ме, жоқ па деген  сұрақтарды анықтау үшін міндетті түрде  басқа да тұлғалардың да (жәбірленушілердің, дүкен қызметкерлерінің және т.б.) қол  таңбаларын зерттеу қажет.

Қол іздерін  табу мақсатында оқиға болған жердегі  қандай объектілерді қылмыскер ұстауы мүмкін деген заттардың беткі  қабаты мұқият қаралады. Бұл заттар: есік және сейф тұтқалары, тұрмыстық  заттар, электр сөндіргіштер, автокөлік  рульдері және т.б. болып табылады. Сонымен қатар, папиллярлы сызықтар қатты заттардың (әйнек, кафель, жылтыратылған жиһаздардың) беткі қабатында жақсы бейнеленіп түсетіндігін ескеру керек. Қолдың папиллярлы іздерін беті тегіс емес және майлы беткі қабаттардан іздеудің қажеті жоқ. Оларды, сонымен қатар, адамның денесінен (жәбірленушінің немесе сезіктінің), киімінен табу мүмкін емес. Бірақ кейбір жағдайларда, егер киімнің беткі қабаты жоғары дәрежедегі тегістігімен сипатталатын материалдан (теріден немесе синтетикалық материалдан) тігілсе, папиллярлы өрнектерді анықтауға болады.  

Қылмыскер қылмыс үстінде былғары қолғап (теріден, матадан жасалған) қолданған жағдайларда  да табылған іздер идентификацияға  пайдаланылады. Іздер кейбір жағдайларда  адамдардың топтық белгілерін (қолғапқа сіңіп қалған терді зерттеу және т.б.) анықтау үшін де пайдалануы мүмкін.

Былғары қолғаптарда  – оны кию процесінде пайда  болған: бүктелу, бырысып қалу, қатпарлары, дефектілері және басқа да өрнек  іздері бейнеленеді. Ал матадан жасалған қолғаптарда – матаның белгілері, дефектілері, матаның тоқылған түрі, тігу және т.б. іздері бейнеленеді. Мұнда идентификациялауға ерекше маңызды участік тігіс аумағы болып табылады.

Іздерді табудың  әдістері мен тәсілдері олардың  бейнелену жағдайларына байланысты анықталады. Дегенмен де қандай жағдай болмасын алғашқыда әдістер мен тәсілдер сыртқы түрлері өзгеріске ұшырамаған іздерге қолданылады, содан соң барып олардың өзгеріске ұшырауына көңіл бөлінеді.

Заттарды  қарау үшін резеңкелі қолғап пайдаланылады. Егер де мұндай қолғап болмай қалған жағдайларда идентификацияға жарамды іздерді бүлдіріп алмас үшін, мысалы: бөтелке болса оның түбі мен ауызғы бөлігінен ұстау арқылы іздерді қарау қажет.

Қол іздерін  табу үшін ең алдымен заттарды жарық  көзіне қарай бұра немесе заттың әртүрлі  бұрыштарынан жарықтандырулар жібере отырып қарау жүргізіледі. Табылған іздер қондырғы сақиналарды пайдалану арқылы бірден детальды фотосуретке түсіріледі.

Іздерді жарық  түсіру арқылы табу мүмкін емес болған жағдайларда физиқалық және химиялық әдістер қолданылады. Әртүрлі ұнтақтар мен йод буын жіберу жолымен іздерді шығару – физикалық тәсілдерге жатады. Зерттелініп отырған беткі қабат қара түсті болса, оған ақшыл түсті ұнтақтар (алюминий, қола, цинк қышқылы және басқа да) пайдаланылады; ал беткі қабат ашық түсті болса, онда керісінше қара түсті ұнтақтар (темір, графит, ыс ұнтақтары, қола қосындылары және т.б.) қолданылады.

Ұнтақ кәдімгі  шаштан жасалған жұмсақ кисть арқылы беткі қабатқа тегістеле отырып жағылады. Артық ұнтақтарды ақырын алып тастау керек. Темір ұнтақтары магниттік кисть арқылы жағылады (магнит пластмасты қорапта сақталады). Табылып айқындалған ізді міндетті түрде масштабты детальды фотосуретке түсіру қажет. Фотосуреттерде іздердің орналасқан жері мен жалпы көрінісі бейнеленеді. Одан кейін хаттамаға сипатталып жазылады. Хаттамада қандай із табылды, қандай заттың үстінен табылды, орналасуы, олардың саны, іздің түрі (көлемді, беткі қабатты), формасы, папиллярлы өрнектің түрі, ізді анықтау, бекіту және буып-түйю әдістері көрсетіледі. Осыдан кейін барып дактилоскопиялық пленкіге түсіреміз. Ұнтақтарды тегістеп беткі қабатқа жағу нәтижесінде көрініп пайда болған іздерді дактилоскопиялық пленкілерге (қара немесе ақ түсті) көшіріп аламыз. Ол үшін пленкінің түссіз қорғаныш қабатын ажыратып, келесі жабысқақ қалыңырақ бетін іздің үстіне қойып оны тегістеп ауасын сыртқа шығару керек. Содан кейін пленкіні жаңағы ажыратқан бөлігімен қайта біріктіріп жапсырып шетін айналдыра тігіп тастау қажет. Сонымен қатар пленкінің шетіне іздің қай жерден, кіммен табылып алынғандығы көрсетілген бирка тігіледі.

Қағаз бетіндегі  көзге көрінбейтін іздер арнайы түтікшелер арқылы йод буын жібере отырып алынады. Йод буын жіберу арқылы пайда болған іздер дереу фотосуретке  түсіріледі. Йод арқылы алынған іздерді  йодты-крахмалды немесе йодекстендірілген пленкілерге, сондай-ақ алдын-ала тазартылған суда 0,02%-да өңделген ортотиллин ерітінділері арқылы қағаз бетіне көшіріп түсіріп алуға болады. Көп жағдайларда су қосындысы (2,5-10%-дық) күміс азот қышқылымен немесе ацетондық нингидринді (0,2-0,8%-дық) қолданады. Нингидриннің орнына аллоксанды (1-1,5%-дық ацетон ерітіндісіндегі) пайдалануға болады. Қосындылармен өңделген (қағаздың, фанердің, картонның) учаскелері (күннің сәулесімен, болмаса электрошамдармен) қызды-рылады. Күміс азот қышқылымен өңделген іздер – қоңыр немесе қара түске айналады; нингидринмен – қызғылт-күлгін; ал аллоксанмен – сарғылт түске.

Реакцияны тоқтату  және фонның қарайып кетпеуі үшін: нингидринмен немесе аллоксандармен шығарылған іздер міндетті түрде 15%-дық мыс  нитриті мен ацетонда бейтараптандырылады (нейтрализацияланады).

Адам терісіндегі  папиллярлы өрнек іздері 20-30 минут  шамасында көрініп айқындалады. Ал мәйіттің терісінде (денесінде) қалдырылған  қол іздері, егер олар мәйіттік өзгерістерден  кейін қалдырылған жағдайда ғана айқындалып шығады. Мұндай іздерді айқындап табу (шығару) ұнтақтарды немесе цианакрилаттарды пайдалану көмегімен жүзеге асырылады.

Қол іздерімен  қатар (олардың фототүсірілімдерін немесе дактилопленкілік көшірілімдерін) сараптамаға салыстырмалы зерттеулер жүргізу үшін үлгілер де жіберіледі. Оларға дактилоскопиялық карталар және тергеушімен алынған қол таңбаларын жатқызамыз.

Саусақтың ізін алу үшін баспаханалық қара түсті  бояу қолданылады, ол әйнек бетіне резеңке  білікпен тегіс етіліп жағылады. Содан  соң тексеріліп отырған тұлғаның саусағын (тырнақ бөлігінің астыңғы беті папиллярлы өрнегі бар учаскені) әйнек бетіне қойғызып бір шетінен екіншісіне қарай дөңгелете жылжыта отырып оның саусағына әйнектегі бояу түсіріледі. Сөйтіп дактило-скопиялық тіркеу (карточкасының) кестесінің тиісті клеткаларына жаңағы әрекеттерді қайталау арқылы ақ қағаздың бетіне саусақтың таңбасы түсіріледі.

Егер алақанның  беткі қабатының және барлық саусақтың таңбалары тұтастай қажет болған жағдайларда, онда олар алақанды білікпен бояу жолымен алынады. Бояу жағылған алақан тікелей ақ парақтың бетіне түсіріледі. Дактилоскопиялық көшірілімдерді баспаханалық бояуларды қолданбай-ақ алудың басқа да тәсілдері бар, бірақ олар тәжірибе жүзінде әлі кеңінен тарала қойған жоқ.

Әртүрлі қылмыстарды тергеу барысында оқиға болған жерде аяқ іздері табылуы мүмкін. Аяқ іздерін қарау мен сараптамалық зерттеу, қылмыскерді іздестіру мен әшкерелеу кезінде бірқатар маңызды жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Аяқ іздері бойынша ізді қалдырған адам туралы мәліметтерді алуға болады: бойы, жүріс-тұрысының жекелеген белгілері туралы, аяқ киім белгілері; іс-әрекет жағдайлары (қозғалыс бағыты мен шапшандығы).


Аяқ іздері – жалаң аяқ  іздері, аяқ киім іздері және шұлық (нәски) іздері деп бөлінеді. Жалаң  аяқ немесе шұлық іздері бойынша адамды, ал аяқ киім іздері бойынша аяқ киімді идентификациялайды. Идентификациялау кезінде статикалық іздер қолданылады, кей кездерде, нақты адамның аяқ киімді кию фактісі (мән-жайы) анықталуы мүмкін. Аяқ киім ұлтарағындағы ұзақ кию нәтижесінде жалаң аяқтан (шұлық немесе нәски киілген) қалған статикалық із зерттелінеді.


Аяқ киімнің динамикалық  іздері трасологиялық зерттеудің объектісі  ретінде сирек кездеседі. Олар негізінде  бөгетті (адам денесін) аяқ киіммен  тебу, еден бетінде адамның аяғынан сүйреуі кезінде кездеседі. Олардың ерекшелігі қаралатын террито-риялардан тыс жерлерден кездесу мүмкіндігінде.