Абайдың философиялық ойлары

Жоспары:

    1. Кіріспе
    2. Негізгі бөлім:
  1. Абай - қазақтың ұлы ойшыл философы.
  1. Абай дүниетанымының ерекшелігі
  2. Абай және дін
    1. Қорытынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Өлсе өлер табиғат адам өлмес,                                                          

 Ол бірақ қайтіп келіп ойнап-күлмес,

 “Мені” мен “менікінің” айрылғанын

 “Өлді” деп ат қойыпты өңшең білмес.                                                  

 Көп адам дүниеге бой алдырған,

 Бой алдырып,  аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге  сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!                                      

                                                                                                                

 XІX ғасырдың екінші жартысында туған қазақтың жаңа жазба әдебиетінің атасы, үлкен ойшыл-ағартушысы – Абай Құнанбаев. Ол қазақ әдебиетінің атасы, ұлы ойшыл ғана емес, ұлттар достығын ерте бастап, қазақ даласының Ресейге қосылуын кімнен де болса келелі етіп жырлаған ағартушы, көркем сөздің теңдесі жоқ шебері. Абайды біз поэзияда көрінген тұңғыш ағартушы дейміз. Бұл реттен оның есімі Шоқан, Ыбырайлармен қатар тұрады.

Өз кезеңі үшін ағартушылық поэзияның тууы зор  жаңалық болды. Орыс мәдениетінен жырлау Ыбырайда да болатын. Бірақ Абай сол  идеяны бір ғана өнер-білім түрінде  емес, бүкіл ұлттық поэзияның арқауы – мазмұны етіп, ағартушылықпен қатар қазақ әдебиетіне сыншыл реализм  әдебиетінің үлгісін енгізді. Поэзияны ол тек өлең деп қараған жоқ, рухани дамудың ағын дариясы, өмірлік тілі, мұқтажы деп білген. Осы ретпен ол қазақ поэзиясындағы сатираға зор жаңалық енгізді. Сондықтан  да біз Абайды XІX ғасырдың екінші жартысында туған ұлы ойшыл, өз шығармаларына  әлеумет теңсіздігін, ескі бағыттардың  бәрін бірлестіріп, жаңа арнаға салған ойшыл болды дейміз.

Қазақтың ұлы  ақыны Абай Құнанбаев 1845 жылы бұрынғы  Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының  етегінде туған. Шыққан ортасы ауқатты, тобықты руының белгілі ел билеушілері  болған. Әкесі Құнанбай кезінде болыс, аға сұлтандық қызметтер атқарған. Ал, атасы Өскенбай, арғы атасы Ырғызбай - өз заманының атақты билері.

Құнанбайдан - Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Қалиолла, Ысмағұл деген жеті бала туған. Солардың ішінде Абай жас кезінен-ақ ерекше көзге  түсіп, келешегінен үлкен үміт күттірген. Сырт көзге момын және сөзге иланғыш, аңқау Абай жас кезінен өлең, әңгімеге әуес болады, ертегі аңыздарды құмарта  тыңдайды. Әжесі Зере мен анасы  Ұлжанның аузынан естіген ертегі-аңыздар  – Абай сусындаған халық әдебиетінің  алғашқы үлгілері.

Кішірек кезінде  ауыл молдасынан аздап сауат ашқан  Абайды әкесі он жасында Семейге  оқуға жібереді. Әуелі ол Ғабул-Жаппардың, кейін Ахмет-Ризаның медресесінде оқиды. Болашақ ақын өзімен сабақтас шәкірттерден анағұрлым үздік оқыған. Мектепте жүргізілетін дін сабағын  жеңіл меңгеріп, араб, парсы тілдерін үйренеді, бос уақытын кітап оқуға, өз бетімен ізденуге жұмсайды. Шығыстың классик ақындары: Низами, Сағди, Хафиз, Фзули шығармаларымен, ертегі, дастан, қисаларымен Абай осы кезде танысқан.

Медреседегі діни уағыздармен шектеліп қалмай, араб, парсы, түркі тілдерін игеру арқылы шығыс классиктерін оқып-үйренуге жетуі  – Абайдың аса зор табысы.

Медресенің соңғы  жылында Абай, мұсылманша оқумен қатар, Семейдегі “Приходская школаға” түсіп, үш айдай орысша да оқыған. Бұл  – Абайдың кейін орысшаны өз бетімен  үйреніп, игеріп кетуіне негіз болған.

Он үш жасында  Абайды әкесі Құнанбай оқудан шығарып, өз қасына алады да, ел билеу ісіне  баули бастайды. Ел басқару қызметінде өз орнымды басар ұлым осы ғой  деген дәмемен Абайға әр түрлі  жол көрсетіп тәрбиелейді.

Сөйтіп, бір жағынан, Шығыс, орыс мәдениетінен хабары бар  Абай ел тарихымен таныса келе, ақыл-ойы  толысып, көзге түсе бастайды. Балалықпен ерте қоштасып, ел ісіне араласқан  ол елдің тұрмыс тіршілігін, атқамінер  әкімдердің қиянаттарын, шаруасы шайқалып жүдеген кедей шаруаларды, барымта-бақталастықты, содан туған лаң-пәлелерді көреді. Өздері надан, ел тағдырын ойламайтын басшыларға сынай қарайтын болады. Мұның бәрі Абайға әке жолын ұстаудың жетімсіздігін, халыққа жақын басқа  жол іздеу қажеттігін аңғартады.

Осыдан бастап Абайдың әкесі Құнанбаймен, оның маңындағы қошаметшіл топпен ісі  мен сөзі бір жерден шыға бермеген. Бірде Құнанбай өз баласының халықшыл мінездерін ұнатпай оған: “Сен жұрттың  бәрімен күліп сөйлесесің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс  та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Көрінгенмен жақын боласың, кісі танымайтын желбегей жүрген кісінің  басына ел үйірілмейді”, - деп мін  тағады. Әкесіне жауап ретінде  Абай: “Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін щыңыраудағы судан да қойшы қолаң, жарлы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артықдеп білемін”, - депті.

Бұл жағдайлар  – халықтың өмір сүру жағдайлары мен  келешегіне түрліше көзқарас Абайдың  ел билеу қызметінен шеттей бастауына  әкеледі. Ендігі жолды ол кітаптан, озық елдердің мәдениетінен іздейді.

Абай туралы еңбектерде, оның дінге көзқарасы туралы екі  түрлі қате пікір болып келді. Кейбір зерттеушілер Абайды “ислам дінінің  қазақ ішінен шыққан өкілі” деп  келді. Бұл пікір 30-жылдарда айтылды. Ал екінші бір зерттеушілер, ақынның  дүниеге көзқарасының басқа жақтарын кең де, дәйекті талдап келіп, дін  мәселесіне келгенде үстірт, жол-жөнекей  ғана соғып, Абайдың дін туралы түсініктері  ақын шығармашылығының әлсіз, кертартпа  жағы деп сылап-сипаумен ғана тынды. Бұл пікір, тіпті соңғы кезге  дейін өзгермей келді.

Бірінші пікір  Абайға тағылған жала болса, екінші пікір  Абайдың дін туралы түсініктеріне  тарихи тұрғыдан қарамай, тұрпайы социологияға бас июдің салдарынан туған еді.

Кемеңгер ақынның  дін туралы пікірлерін дұрыс түсіну бағалау үшін оған тарихи тұрғыдан қарау керек. Абай заманында қазақ  сахарасында ислам дінінің ықпалы бұрынғадан да күшейе түскенін, оның күшейе түсуіне жергілікті феодалдар да, патша үкіметі де жарыса ат салысқанын еске алу қажет.

Абай өскен  орта – Семей қаласы мен Құнанбай ауылы – айтылған саясаттың айқын  көрінісі бола алады. Семейде татар  молдалары мешіт пен медресені  көбейте бастайды. Семейдегі Абай оқыған молдалар - Ғабдул-жаппар мен  Ахмет Риза сол ішкі жақтан келгендер. Бұлар мешітте имамдық қылып, соның жанынан медресе ашады, онда ылғи дін сабақтарын оқытады. Бұл  медреселердің түпкі мақсаты  – жергілікті халық өкілдерінен  молдалар даярлау, солар арқылы халық  арасында ислам дінінің ықпалын  күшейту болды.

Абай заманында  ислам дінінің ықпалы қырдан гөрі қалада басымырақ еді. Бірақ, сахараның  алпауыттары қаламен ұштаса отырып, қырда да дін үстемдігін арттыруға  әрекеттеніп бақты. Бұған Құнанбай ауылы көрнекті мысал. Құнанбай мұсылманшылықтың қырдағы ұйытқысы болып, қазақты  “құдайдың” құлы, Мұхаммедтің “үмбеті” етуге ыждаһатпен ат салысты. Ислам  дінінің қырдағы бір тірегі болуға ұмтылған ол ауылында молда, қожаларды  көп ұстады. Қарқаралыда мешіт  салғызды, өз балаларын діни мектепте оқытты. Жазықсыз жандарды жазалауды, еңбекшілер өкілдерін қорлықпен  өлтіруді әдетке айналдырған Құнанбай мен оның сыбайластары ислам дінін, шариғат жолын қаталдық пен қайырымсыздықтың, үстемдік пен жүгенсіздіктің берік  құралына айналдырды. Абай заманындағы  және оның өскен ортасы Семей қаласы мен Құнанбай ауылындағы ислам дінінің  қысқаша мән-жайы осындай еді. Мұның  үстіне, ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Қазақстанда діни кітаптар-қиссалар көп тарап, сол кітаптар арқылы панисламизм уыт шаша бастайды.

Сөйтіп, Абайдың  дін туралы ресми түсініктері  мен иелеріне қарсы күрес жүргізген  дәуірі – жергілікті үстем тап  пен царизмнің бірлесіп алып, ислам  дінін қалада да, қырда да өрістетуге бой ұрған кезең еді. Феодолизм  мен колонализм халық басына жоқшылық пен қанаудың ауыр салмағын баса салған кезең еді. Сонымен қатар сол  мұқтаждық пен қанауға қос  қабаттасып қараңғылық пен надандық, шамандық пен мұсылмандық та өрістей  бастаған, халық санасын уландыруды қаракет еткен қара ойлы бақсы-балгерлердің, “сүйенгені надандық, сөйлегені жалған, дәлелдері тасбығы мен шалмасы”, “мал құмар“, “жем құмар” молдалар мен  ишандардың, имамдар мен хазереттердің  көбейген кезеңі еді.

Міне, осындай  кезеңде Шоқан мен Ыбырай сияқты Абай да халық тағдырына ара түседі, сахараны басқан қараңғылықта сәуле  болып, өз халқына білім мен мәдениеттің  рухын сеуіп, бұқараның “көзін қойып, көңілін ашуды” арман етеді.

Ұлы ойшылдың дінге  көзқарасын сөз еткенде, оның дін  туралы түсініктерінің қалыптасуына; дүние мен құдай, тән мен жан, адамгершілік пен иман туралы топшылаушыларына; дінге ғылымды қарама-қарсы қою  тәсілдеріне; дін мен этика туралы түсініктеріне; Қазақстанда ислам  дінінің қалай тарап, қалай дамығандығы  жөніндегі пікірлеріне; дін иелеріне мен мекемелерге, діни әдет-ғұрыптарға берген сынына; әдебиеттегі діншілдік  бағыттармен күресе отырып, халықтар достығы идеясын қалай қуаттағандығына  жан-жақты тоқталуға болады.

Дін мәселелері туралы Абайдың таламдары мен түсініктері, діни әдет-ғұрып пен дін иелеріне берген сыны – ағартушылық, антиклерикалдық  бағыттарғы талдам, сын. Сондықтан Абай дін жөніндегі пікірлерінде көптеген қайшылықтар бар. Сонымен В.И. Ленин  ескерткендей, өткен дәуірдің мәдениет өкілдерін өзінен бұрынғылармен, өз замандастарымен салыстырғанда, қоғам  өмірінің рухани мәдениетіне қандай үлес қосқандығымен бағаласақ, Абайдың  дін мәселелері жөніндегі пікірлерінде көптеген озық оң, алысқа сілтейтін  арна бар екендігін сезбеуге болмайды. Өмірін тобықты ішінде өткізген, мектеп тәрбиесін Семейде алған Абайды дін жөніндегі түсініктері қалай  қалыптасты?

Келешек ойшыл  ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына медресе бірталай әсер етеді, ықпал  тигізеді. Бұл жай Абайдың алғашқы  кезде жазған “Иузи-рәушан, көзі –  гауһар”, “Әліфби” өлеңдерінен айқын  сезіледі. Жас Абай бұл өлеңдерін  өзі медреседе оқыған араб, парсы  тілдерімен шұбарландырады. Бұл өлеңдер  – жас ақынның алғашқы тілін  және оның сол кездегі ойлау тұрғысынан бейнелейді.

Абай дүниетанымының бір ерекшелігі – ол бүкіл адамзат  мәдениетінен үйреніп өнеге алған, ұлттық мұсылмандық тар шеңберде қалып қоймаған. Академик М. Әуезов айтқандай, Абай өзін “шығыс адамы едім”, “мұсылман едім” деп дін тұсауына бағындырмаған. Оқуға, үйренуге келгенде Абайға Низами, мен Науаи да, Пушкин мен Толстой да, Сократ пен Аристотель де, Фзули мен Батыр да, - бәрі бірдей. Абай бұлардың бірі мұсылман, екіншісі христиан, үшіншісі буддашы екен деп бөле қарап, діни мән беріп жатпаған. Демек, дін иелерінің және қаһарлы әкесінің уағыздарына қарамастан, Абай мұсылмандықтың құлы бола алмаған.

Абай 1890 жылы жазған “Бірінші сөзінде” өткен өміріне  шолу жасап, күнінің айтыс пен  тартыста, әурешілік пен қорлықта өткеніне өкініп, “Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?”- деп  толғанады. Бұл кездегі Абай әкім болып, ел бағудан да, софылық қылып, дін бағудан да бас тартады.

Міне, осы кезең  Абай өмірі мен шығармашылығының, жалпы дүниеге көзқарасының, оның ішінде дін туралы түсініктерінің де қалыптасуындағы шешуші, асуы қиын, асқар бел еді. Осы уақыттан бастап Абай біржола поэзияға бет бұрады, ғылымға шомады, орыс, батыс жазушыларының  кітаптарын көп оқып, өз бетімен  білім алып, өзінше ізденеді.

Абайдың дүние  тануы мен қоғамдық көзқарасының қалыптасуына ағартушының орыс достарымен қатар, өзінің оқыған атасы Халиулла Өскенбаев та көп әсер етті.

Абайдың дін туралы түсініктерінің қалыптасуына байланысты ескертетін тағы да бір мәселе - ұлы  ойшылдың әлеуметтік көзқарасы панисламизм  идеяларынмен күресу барысында шыңдала  түскендігі.

Абай пікірінше, қазақ халқына қандас елдерді  біріктіретін діни, мұсылмандық қауым  емес, өзінің жерлес және рухтас көршісі  орыс халқының көмегі қажет; оған шариғат  пен надан молда емес, жас ұрпақтың көзін ашатын білім мен ғылым, білімді адам керек. Бұл жөнінде  көмекті рухани езудің орталығы Меке мен Мединеден емес, Россиядан, оның ғылымынан, оқығандарынан іздестіру, күту керек.

Қорыта айтқанда, ойшыл ұлы ақынның дін жөніндегі  түсініктері өз халқының діни сарындарға қарсы бағытталған прогресті  рухани мәдениетінің, шығыс және орыс классиктерінің озық ойлы өкілдерінің  ықпалымен дін иелеріне, діни ақындарға  және панисламизм сияқты діни ағымдарға  қарсы идеялық күрес үстінде  қалыптасты.

Иманның екі түрін  талдап келіп, Абай, біріншіден, шын  иман – таныммен барабар дегенді  аңғартады. Екіншіден, иманды этикалық, адамгершілік мәселесімен ұштастырып, иман дегеніміз ар мен ұят дейді. “Ұят кімде болса – иман сонда”, “кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы  жоқ” деп түйеді Абай өз пікірін.

Алайда ағартушы өзі өскен ортаның шеңберінен толық шыға алмайды, “иман” деген  ұғымның қиялдан туған жалған түсінік екенін, мүлдем мазмұнсыз  ұғым екенін айқын аңғара алмайды. Сондықтан ол бұл ұғымға моральдық мән, мазмұн беру жағынан қарастырады. Бұл, әрине, дінге ағартушылық тұрғыдан қараған әлсіздіктің, дін шеңберінен толық шыға алмағандықтың салдары.

Абайдың “жан”  туралы түсінігі  де діни түсінікке  сәйкес емес. Діни түсінікте адам жан  мен тәннен тұрады, тән өледі, жан  мәңгі өлмейді, иманды адамның жаны жұмаққа барып рахат, имансыздың жаны тозаққа барып бейнет көреді-міс. Абай бұл мәселені басқаша түсінеді. Оның пікірінше де адам жан мен  тәннен тұрады. Абай:

                            “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес,

-align:justify">“Мені” мен  “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп  ат қойыпты өңшең білмес”, - дейді.

   Бұл жерде Абай “адам өлмейді, тек білмейтін кісі ғана тәннен жанның бөлінгенін өлу деп есептейді” деген ой айтып отыр. Бұл пікірін оның көптеген басқа да көптеген пікірлерімен салыстырсақ, Абайдың жанның өлмеуін түсінуі В. Г. Белинскийдің түсінігімен бірдей, Абайша “мені” мен “менікінің” екі түрлі мағынасы бар. “Менікі” дегеніміз адамның денесі, ал “мен” – сол дененің рухани жемісі, өзі өлгенде артта қалдырған ісі, өнері. “Менікі” – дене – өледі, “меннен” айырылады, ал “мен” – дененің рухани жемісі, адамның артына қалдырған игі ісі, өнері өлмейді”. Сондықтан да Абай:

        

“Көп адам дүниеде  бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын  көп шалдырған.

Өлді деуге  сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында  сөз қалдырған”, - дейді.

Артында өлмейтұғын мұра қалдырған жанды шынында  да рухани жағынан өлді деп ешкім  де санамайды. Оның көзі жұмылып, жер  қойнына кірсе де, ойы, пікірі, халқына  істеген игі істері өмір сүре бермекші.

“Өлсе өлер табиғат, адам өлмес” – деп Абай енді дүниедегі  өмірден соң тағы мәңгі жасауды  жанның мәңгілік болуын көксейді. Сөйтіп шындап та ахретке, машһарға әзірлене бастайды:

            Дүниеге ынтық, машһарға амалсыздың

              Иманын түгел деуге аузым бармас, - 

деген өлеңдері Абайдың  сол сырын ашып береді. Абай 1897 жылда:

                             Алла деген сөз жеңіл

Аллаға ауыз жол  емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа  қол емес, -

деген болса, 1902 жылда:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

деп ойы, пікірі аллаға, ахретке берілгендігін тағы мықтап айтып қояды. Сол жылда және:

                          Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті
Адамзаттың бәрін  сүй бауырым деп 

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Ғылым мен діннің арақатынасын сөз еткенде де, Абай ғылымды діннен жоғары бағалайды. “Ғылымсыз  ақірет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж  ешбір ғибадат орнына бармайды”, - деп діннің уағыздарын ғылымға  бағындырады.Шын мәніндегі рахат  дінге сенген соқыр сезімде емес, ғылымда, дүниенің әрқилы құбылыстарын білуде, түсінуде, өз білгеніңді халыққа  білдіруде, халыққа түсіндіруде  деп дінді ғылым дәрежесіне түсірсе, “ғылым – алланың бір сипаты, ол ақиқат”, - деп ғылымды құдай  дәрежесіне көтереді.

Абай тек мұсылман дінімен ғана емес, орыс жазушыларының  еңбектері арқылы христиан дінімен  де, Шығыс жазушыларының еңбектері  арқылы буддизммен де таныс болған. Әр түрлі діннен толық хабардар болғандықтан, ол дін мәселелеріне өз заманындағы  ғылыми түсінік тұрғысынан қарауға  ұмтылып, қазақ сахарасында бір  кезде шаманизмнің басым болғандығын, ислам дінін Таяу және Орта Шығыс  пен Қазақстан жеріне араб басқыншылары таратқанын дәлелдейді. “Біраз сөз  қазақтың қайдан шыққаны туралы”  деген мақаласында: “Арабтан Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп  әскермен келіп, халықты жаңа дінге  қаратып жүргендерінде, Құтайба  атты кісі Қашқарға дейін келіп, халықты  исламға көндіргенде, бұларда мұсылман болдық депті. Сөйтсе де бұрыннан бақсы-балгерлерге  иланып, отқа, шыраққа табынатын  әдеттерімен исламға тез түсініп  кете алмапты. Ол кезде шала-пұла хат  таныған кісі болса, оны “абыз” дейді екен. Ол “абыз”, демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына  коятын аты екен. Дүниеде не нәрсенің есебіне көзі жетпесе, сол нәрсені  құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын  әдеттердің сарқынын біз де кей жерде  көргеніміз бар. Келін түскенде үлкен  үйдің отына май құйып: “От-ана, май-ана, жарылқа” дегізіп бас ұрғызған секілді. “Өлген аруаққа арнадық” деп шырақ жаққан секілді. Жазғытұрым әуелі күн күркірегенде, қатындар шөмішпен үйдің сыртынан ұрып, “сүт көп көмір аз” деген секілді. Бұған ұқсаған көп еді”, - деп  ислам дінін арабтар Орта Азияға әскер күшімен таратқанын, сондықтан  да қазақ ислам дінін тез үйреніп  кете алмағандығын, ал шаманизмнің қалдығы кейінгі кезге дейін созылып келгендігін айтады.Абайдың дін туралы пікірінің тағы бір өзгеше ерекшелігі – халықтар достастығы идеясын ұсыну, өз халқын басқа халықтармен достастыққа шақыру.Маркске дейінгі барлық ойшылдар, социологтар сияқты Абай дін мәселелерін адамгершілікпен тікелей ұштастыра тексереді.

Абайдың құдайды  залымдардың жазалаушысы деп  түсіндіру, әрине, әлсіздік, қарапайымдылық, бірақ тағы да сол заманның тұрғысынан қарағанда оның бұл пікірі – “беттеріне ақыретті ұстап” өмірлерін халықты  алдауға сарп еткен дін иелері мен молдаларға ислам дінінің  өз дәлелдерін қарсы күрес құралы ету тәсілі.Құдай мен адам “ара қатынасы” жөнінде Абайдың пікірін  қорыта айтсақ, ол – деистік бағыттағы  ағартушы. Деизмнің негізгі өкілдері Вольтер (1694-1778), Ж. Ж. Руссо (1712-1778), А. Н. Радищев (1749-1802). Олардың пікірінше, құдай Будда, Христос сияқты жеке адам емес, ол бір ерекше күш, барлық нәрсені ақылға сиымды етіп, бір-бірімен  байланыстырып жаратқан, бірақ табиғаттың, қоғамның жеке адамның күнделікті іс-әрекетіне  араласпайды.

Деизмнің философиялық жүйелердегі алатын орнын анықтай  кеіп, К. Маркс деизм “ыңғайлы да оңай әдіс ретінде діннен арылудан басқа ештеңе де емес”, - дейді.

Абай деизмді  білді ме, білмеді ме кім білсін. Алайда оның дін жөніндегі ойлары осынау ағымның арнасына саяды. Ойшыл  ақынның дін жөніндегі түсінігінің  өз кезеңі үшін прогрестік мәні зор. Біріншіден, Бүкіл Таяу Шығыс пен Орта Азияда және Қазақстанда ислам дінін  үстемдік етіп тұрған заманда Абай дінге шүбә келтіріп, құдай мен  иман, дін - әділеттілік, шындық, адамгершілік, махаббаттың жиынтығы – алланың  өзі, алланың әр түрлі сипаттары, басқадай ештеңе емес деп түсініп, пікірін  батыл айтады. Академик М. Әуезовтың  айтқанындай, Абайдың діні – “ақылды, сыншыл ойдың діні”, “адамгершіліктің діні”, “сыртынан барынша діншіл көрініп отырған өлеңнің өзінде де, Абай ислам дінінің үгіт-өсиетін  өте шартты түрде ғана, шамалы, шақты  жерде ғана керекке жаратады”.

Егер мұсылман ғұламалары ғасырлар бойы “ақыр заман”, “қиямет қайым” дегендерді халық  санасына сіңіріп, табиғат пен қоғам  өміріндегі өзгерістерді, ғылымдағы  жаңалықтарды сол “ақыр заман” мен “қиямет қайымның” таяп келе жатқанының белгісі деп түсіндірсе, Абай ескі заманның орнына жаңа заман, жаман заманның орнына жақсы заман  келеді деп, өз халқын жақсылық атаулыға, білімге бастап: “Сөз түзеледі, тыңдаушым  сен де түзел”, “сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып бар қалан”, - дейді.

Абайдың философиялық көзқарастарын сөз еткен кезде, дәл философиялық категориялар төңірегінде  талдау жасап: “сана” мен “материяның”, “рух” пен “табиғаттың”, “ойлау”  мен “болмыстың” ара қатынасын  қалай шешті, қалай түсінді, “материалист пе” әлде “идеалист пе”, (бұл  онтологиялық мәселе) немесе таным  теориясында ойлау мен сезімнің арасын қалай түсінді, “рационалист пе” әлде “сексуалист пе” деген  кесімді сұрақ қойып, оған кесімді  жауап талап ету қажет бола қояр ма екен?

Абайдың сырлы  да қырлы, терең мұрасынан аталған  философиялық категориялырдың алуан  түрлі көріністері мен элементтерін табуға болады, яғни Абайдың дүниеге  көзқарасы бұл сауалдарға тікелей  жауап бермейді, ол таза гносеологиямен шұғылданған жоқ. Абайдағы философиялық көзқарастың негізгі түйін, арнасы моральдық проблемалар төңірегінде  шешімін іздеп, дамиды. Ол өз кезеңіндегі  қоғам мініне наразылық білдіріп, сынап, заманын адамгершілік идеясын  уағыздаумен түзетпек болады. Шынында  да, онтология мен гносеология  жалпы болмыстың философиясы  болса, этика ежелден күнделік өмірдің  философиясы болып саналып келеді. Этика дүниеде, қоғамда қалай  дұрыс өмір сүрудің жолдарын көрсететін, өмірдің мәні неде, қайткенде адам бақытты бола алады, басқа адамдармен қатынасты қалай жасау керек, “ар-ұят”, “намыс”, “борыш”, “міндет”, “жақсылық”, “жамандық” деген не? Міне, осы сұрақтарға жауап беретін  философия ғылымының бір саласы.

Қазақ ағартушыларының  дінге көзқарасын дұрыс түсіну үшін олар өмір сүрген ортадағы табиғат  пен тіршілік, өлім мен өмір, жан  мен тән, адам мен құдай олардың  арақатынастары туралы мәселелер сол  кездегі философиялық ой-пікірлердің, дүниеге көзқарастардың ең негізгі  мәселелері болғанын ескерту қажет.

Дүниеге көзқарастың  мұндай негізгі мәселелері ежелден  дін мен ғылымның, идеализм мен  материализм, дін иелері мен ғалымдардың  талас-тартысында ашылды. Қазақстан  сияқты танымы ғылыми дәрежеге толық  көтерілмеген елде, бұл мәселелерге  ол кезде ешкім дәлелді жауап  беріп, дәйекті шешім айта алмады. Тек танымы ғылыми дәрежеге көтерілген елдерден үлгі алып, халықтың сана-сезімі өсіп, халық ішінен ақыл иелері, ағартушылар  шыға бастаған кезде ғана құдай мен  дүние, табиғат пен адам,өлім мен  өмір туралы ғылыми болжау айтылып, дәйектірек түсінік беріле бастады. Бұл мәселені қоя білудің өзі –бұрынғы қарапайым  түсініктен жоғары сатыға көтерілгендікті  көрсетеді.

Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің жазылған жылдары  толық анықталмаған. Дегенмен оның өмірге, қоғамға деген көзқарасын анықтауға болады. Біреулер оны түгелдей идеалист санаса, екіншілері оның көзқарасында материализм ұрығы да болды десті.

Абайдың қай кезеңде, дәл қай шығармасынан бастап материалистік  танымға келгенін анықтау қиын. Бірақ  көптеген өлеңдері мен қара сөздерінің арқауы осы материалистік ұғымға негізделген. Мысалы, “Қырық үшінші сөзінде” Абайдың материализмді біршама  түсінгенін байқаймыз. Ал “Жетінші сөзінде” ол тәннен жанды артық бағалаған  еді. 1898 жыл Абайдың философиялық көзқарасының айрықша бір кәмелетке  жеткен кезеңі ме дейміз. Дәл осы  жылы ол Крыловтан он бір мысал  аударып, үлкен сатираға келеді. Сол  тұста ислам дінінің кертартпалығын да қатты сынайды. Осы кезеңде  оның философиялық ойлары да өзінің шарықтау шегіне жеткен сияқты.

“Қырық үшінші сөзінде” Абай жан мен тәнді тұтас  түсініп, адам дүниені бес сезім  арқылы танып біледі дейтін ұғымға келеді: “Адам ұғлы екі нәрсе  бірлән: бірі – тән, бірі – жан .Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсібірі жибили, қайсібірі кәсіби оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды… Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби. Көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады”.

Мұнда Абай сырттағы дүниені бес сезім арқылы танимыз  деп материалистік ұғымды алғашқы  орынға, сананы (ақыл, ғылым) екінші орынға қояды. Сөйтіп жанмен тән бірлігін мойындайды. Сананы жибили деп танушыларға қарсы  тұрып: “Кейбіреулер айтады: ақыл жибили болмаса да, талап – жибили. Талап  берген адам ақылды тапты. Талабы жоқ  кісі таба алмады” – дейді. О  да бекер” , -  дейді Абай. Мұнда  екі түрлі идеалистік бағыт сыналған. Бірі – ақылды алғашқы дейтін жүйе, екіншісі – талапты құдайдан келген сый деп түсінетін ұғым. Балалар  мен молдалар ақыл, талап, байлық, кедейлік, құлдық бектік – тағдырдан, тәңірден келген жазмыш. Ол әркімнің маңдайына  жазылған. Біреуді құдай қожалық  етуге жазса, басқаларын құлдыққа жазған. Сондықтан бұл дүниеден теңдік аламын деп талаптануға болмайды деген. Абай осы идеализмге қарсы тұрып, ақыл да талап та адамның өз табиғатына байланысты дейді.

Абайда диалектика элементі де бар. Бірақ онысы эволюция тұрғысында қалған пікір. Оған ақынның: “Дүние - үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы  толқын – інілер, кезекпен өлінер, баяғыдай көрінер” (37-сөзі), - деген пікірі де дәлел. Мұнда өмірдің өтпелігі айтылса  да, сапалық өзгеріс жоқ, бір ғана сандық көрсеткіш бар. Сонымен Абайдың  философиялық пікірлерінде материализм  ұрығы мен идеализм сарыны қатар  жүр, олар жіктеліп, жүйеленбеген. Мұның  өзі Абай көзқарасындағы заман таңбасы  еді.Өзінің поэзиясына Абай халық тілін  негізгі құрал етеді. Сондықтан  біз оны қазақтың жаңа жазба әдебиетінің  жыл құсы дейміз. Әлеуметтік көзқарасы  жағынан Абай үлкен ағартушы-демократ болды. Ол ескіліктің қай түрін болса  да сынға алып, халықтар достығы  идеясын жақтайды, прогреске бастайды.

Қазақтың ұлы  ағартушы-ойшылы Абай Қазақстанның қоғамдық ой тарихында ерекше орын алады. Ол өз халқының демократияшыл мәдениетін жоғары сатыға көтеріп, Қазақстанда  прогресті, ағартушылық қозғалыстың  негізін жасап, кейінгі ұрпаққа  ағартушылық дәстүр қалдырды.

Ойшыл ұлы ақын Абайдың туындылары өз кезеңіндегі  әлеуметтік ой-пікірдің сарқылмайтын бұлағы, алуан салалы энциклопедиясы. Ақын халықтың жоғын жоқтап, мұңын  жырлады, ал халық онан ақыл сұрап, кеңес  алып жарыққа ұмтылды. Абай халықтың игі қасиеттерін бойына сіңіріп, жанына рухани азық етті, халық мұрагері болды, ал халық өз перзенті – Абайдың  мұрагеріне айналды.

Міне, сондықтан  да, Абай қалдырған ұлы мұра көп  тексерілді, тексерілуі де керек, тексеріле  де бермекші. Бүгінгі ұрпақ Абайды өз тұрғысынан сөз етсе, келешек  ұрпақ өз тұрғысынан сөз етіп, ақын мұрасын өз кезеңіндегі қоғам  дамуының дәрежесі тұрғысынан қарастырып, үлкен рухани тірегіне айналдырары  анық деп білеміз.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. “Абай дін туралы” Б. Ғабдуллин, Алматы “Қазақстан”,1998
  2. “Абай” Есімов
  3. “Философия” Д.Кішібеков, Ұ.Сыдықов, Алматы “Атамұра” 1994
  4. “Абайды оқы, таңырқа” М.Мырзахметов, Алматы “Ана тілі”, 1993
  5. “Қазақ әдиебетінің тарихы” Ә.Қоңыратбаев, Алматы “Санат”, 1994
  6. “Абайдың ақындық әлемі” З.Ахметов, Алматы “Ана тілі”, 1995
  7. “Әкем Абай туралы” Т.Құнанбаев, Алматы “Ана тілі”, 1993

 

 


Абайдың философиялық ойлары