Абылай хан. 6
Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Ұлт тарихында қазақ мемлекеттілігін құрып және оны сақтап қалуда ерекше саяси қызмет атқарған билеушілердің қалың қатары бар. Халық жадында, сондай-ақ, тарихи деректерде сақталған сол қалың топтың ішінде биік қарағайдай көзге түсетін айтулы тұлғалар кездеседі. Оларды тарих сахнасындағы атқарған қызметіне қарай хронологиялық тәртіппен «ат қойып, айдар тағып» түгендейтін болсақ, ол былай түзелген болар еді:
1.Хандық басқару орталығы Еділ-Жайық бойына орналасқан Жошы ұлысындағы көшпелі Өзбек хандығынан өзіне қарасты ру-тайпаларды бөліп алып, сауда-саяси орталығы Ташкент-Түркістан маңына шоғырланған Шағатай ұлысындағы көшпелі Моғолстанның шекаралық аймағында (Шу өзенінің маңында) жеке Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек (ХҮ ғ.);
2.Моғолстандағы жаңа қоныста
жақтас пен тілеулес тауып
күшейген Қазақ хандығын Жошы
ұлысының Еділ-Жайық бойына
3. Сыр бойындағы ескі
қонысты (Ташкент-Түркістан)
4.Түркі тектес жеті
жұртты (қазақтың үш жүзі және
қырғыз, қарақалпақ, қатаған, жайма
руларын) жоңғарға қарсы
5.ХҮІІІ ғасырда шығыстағы
жоңғардың жойқын
6.Ресей мен Қытай арасында
амал-айла құралымен қазаққа
7.ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы азаттық күрестің басшысы болған, қазақтың соңғы ханы –Кенесары т.б.
Бүгінгі әңгіме арқауы – осы тізбектегі Абылай хан. Атақты тұлғаның ел алдындағы атқарған тарихи қызметі ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткізген оқиғаларымен тығыз байланысты болды. Ол ғасыр қазақтың мемлекеттілігі, тәуелсіздігі, азаттығы қатал сынға түскен уақыт еді. Ел басына алмағайып сын жағдайдың орнауына бірнеше тарихи оқиғалар себеп болды. Олар мыналар: біріншіден, қазақ даласын шығыс пен батыстан қатар қысқан көшпелі жоңғар қалмақтарының жойқын шабуылдары, екіншіден, қазақ билеушілерінің арасындағы тақ күресінен туындаған алауыздық, үшіншіден, империялық пиғылы, ақыл-ойы, ерік-жігері жаулап алу саясатына қарай түбегейлі ауған көрші Ресей мен Қытайдың қазақ жеріне тікелей көз салуы, төртіншіден, Орта Азия хандықтарының қыспағы.
Аталмыш жағдайлар қазақ даласындағы геосаяси мәселелерді өте қатты шиеленістіріп жіберді. Осындай сын кезеңде Абылай хан үлкен мемлекет қайраткерлігіне тән ерік-жігер, батылдық, батырлық, ақыл-айла танытты. Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға көп еңбек сіңірді.
Абылай ханның саяси қызметіне бастау болған арқау – оның арғы тегі Шыңғыс ханнан тарайтындығы. Әйтсе де, хан-сұлтандардың Шыңғыс тұқымынан шыққандығы жауынгер халық қазаққа хан болуға даңғыл жол ашпайтын. Халықты билеу үшін Шыңғыс тұқымы халыққа оны өзге бәсекелестерінен ерекшелендіретін қасиеттерімен (қазіргі ұғыммен айтсақ, харизмі) ұнауы тиіс. Қазақтың саяси танымындағы бұл құбылысты сол заманындағы орыс шенеуліктері мен зерттеушілері байқаған болатын. Мысалы, орыс патшасының қазақ даласындағы «көзі мен құлағы» болған, даладағы саяси жағдайды жіті бақылап отырған Орынбор губернаторы И.Неплюев қазақ танымындағы бұл ерекшелікті былайша сипаттайды: «Қазақ хандары басқа сұлтандар алдында биліктегі үлкендігінен басқа ешбір артықшылығы жоқ…, ал нағыз хандық билік пен құрмет оның бүкіл халықтық істері мен ақылдылығымен және іс-әрекеттегі амал тапқыш айлалығына байланысты» (Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи ХҮІІ-ХҮІІІ вв. А., 1991). Ал қазақтар туралы алғашқы көлемді тарихи-этнографиялық еңбек жазған зерттеуші А.Левшин: «Хандық ақсүйектік халық жиынында оған – егер ол ақылымен, байлығымен және тағы басқа қадір-қасиетімен маңайына тілеулестерін жинай алмаған болса – ешқашан басым дауыс алып бере алмайды» (Левшин А.И Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. /Под общей редакцией академика М.К Козыбаева.–Алматы: Санат, 1996.–656 с.),- деп атап көрсетеді.
ХҮІІІ ғасырда қазақтың ұнатқан қасиеттері, қоғамының ең әлеуметшілік сұранымы – батырлық, өжеттілік пен қайсарлықтан өрілетін жауынгершілік, ой жүйріктігін танытатын ақыл-айла, даналық. Абылайдың бойында осы қасиеттер мол орын алды. Ол ел назарына алдымен батырлықпен, ерлік іспен ілінеді. Оның батырлығы халықтың рухын көтеріп, жауға қарсы күреске жұмылуға ұмтылдырады және сол күрестің ортасында болған қазақтың атақты батырларының жиналуына түрткі болады. ХҮІІІ ғасырдың атақты батырлары (Қанжығалы Бөгенбей, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай т.б.) –Абылай ханның қазақ жерін жаудан азат ету қимылдарына, жорықтарына сенімді серіктері болған. Олар әлі елге танылмаған жас Абылайды жорыққа алып шығып, ерлігін сынайды, батырлық ісіне тәнті болып, оны өз орталарынан хан етіп көтереді, ханның сенімді адамдарына айналады. Абылайдың хандық мөрінде батырлық лаузымның «Баһадүр Абылай хан бин султан Уәли» деп таңбаланып, ханның тікелей ұрпағы Ш.Уәлихановтың «Хандар шежіресінде» «Хан Абылай батыр» [Валиханов Ч.Ч. Родословное древо казахских ханов и султанов.// Соб.соч. в 5 т.- Алма-Ата, 1984, Т.4, с.174] деп айшықталып берілуі – оның хандық саяси билікке батырлық, жаугершілік қасиеттерімен көтерілгендігін айғақтайды.
Абылайдың батырлық көрсеткен алғашқы майданы, сөз жоқ, қазақ-қалмақтың жауынгершілік заманы. Болашақ ханның балалық, жастық шағы жоңғар қалмақтарының 1723-1729 жылдар арлығындағы жойқын шабуылдарына тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде қазақ хандығы Қаратау-Сырдария арасындағы қоныстарынан айырылады. Әз-Тәуке тұсынан бастап қазақ билігіне көшкен Сырдария өзенінің орта ағысындағы үлкенді-кішілі Ташкент, Сайрам сынды сауда қалаларына қалмақтар билігі орнайды. Бұл қалалар Қазақ хандығының сауда-экономикалық артериясы болды. Сондықтан оның стратегиялық маңызы зор еді. Әз-Тәуке ханға туыстық тұрғыдан немере ағайын болып келетін Абылайдың аталары осы стратегиялық маңызы зор өлкеде билік құрады. Атап айтқанда, Абылайдың атасы Абылай мен әкесі Уәли Ташкентте билейді. Бұл деректі біз айбарлы ханның хатшысы болған, сондықтан оның өмірбаяны мен шежіресін жақсы білетін бірден-бір кісі М.Мәмедовтің 1768 жылы орыс үкіметі өкілдеріне берген хабарламасынан оқи аламыз. «Абылай сұлтанның, – дейді ол, – атасы мен әкесі Ташкент қаласының хандары болған. Қаланы жоңғар қалмақтары жаулап алғанда, он жасар Абылай Түркістан қаласындағы Әбілмәмбетке барады» (История казахской литературы. В 3-х томах. Т.ІІ. А., 1979, с. 41).
Ханның хатшысы баяндап отырған хабарлама тарихи шындыққа өте жақын. Біріншіден, жоңғарлардың Ташкентті жаулап алғаны – тарихи шындық. Бұл оқиға 1723 жылы болады.
Екіншіден, Сырдария өзенінің орта ағысындағы қалаларды өзіне қаратқан Әз-Тәуке Ташкент билігін немере інісі Қанішер Абылайға (Абылай ханның атасы) беруі әбден мүмкін еді.
Үшіншіден, аталмыш хабарлама Абылай ханның қай жылы дүниеге келгенін де дәл анықтап береді. 1723 жылы Абылай 10 жаста, 1781 жылы ол дүниеден қайтқанда, баласы Уәли сұлтанның хабарлауынша, 68 жастан 69 жасқа қараған болатын. Қарапайым математикалық амалмен есептесек, ол былай болып шығады: Абылайдың қайтқан жылы – 1781, жоңғарлардың Ташкентті жаулап алған жылы – 1723, Ташкентті жоңғарлар алғанда Абылай – 10 жаста. Демек, 1781-1723-10=1713 жыл. Демек, биыл Абылайдың туғанына тура 300 жыл! Атақты тұлғаның мерейтойын ала-құла атамау үшін, «Өспейтін елдің балалары – өшпейтін дауды қуады» деген қазақтың мақалының кері болмай, тарихи деректермен қуатталған осы датаға біржолата тоқтауымыз қажет.
Абылай хан кемеліне келіп, күш-қуаты артқан уақытта ата-бабасының қонысын өзіне қаратады. «Абылайдың Ташкентпен және Ходжентпен соғысы, – деп жазады Ш.Уәлиханов,- Жизаққа дейінгі жеті шаһарды алумен тынады. Олардың арасында Әзірет-сұлтан, Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа қалалар бар. Ал Ташкент алым-салық төлеп тұруға тиісті болды» (Валиханов Ч.Ч. Аблай.//Собр. соч. в 5-ти томах. Т. ІҮ. А., 1985, с.111).
Ташкент және оның маңындағы шағын қалаларына өз билігінің орнағанын ол 1771 жылы орыс патшайымы ІІ-Екатеринаға үш жүз Алашқа хан сайланғанын айтып жазған хатын да айтады. Онда ол былай дейді: «Менің ата-бабама туыс болған Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хан қайтыс болды. Олар дүниеден өткен соң, хан болу жолы маған тиді. Олар қайтыс болғаннан кейін, қазақтың барлық жүзі, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтандары бір ауыздан Ташкенттің кішігірім және үлкен қалаларымен (астын сызған – біз) бірге отырып 1771 жылы Түркістан қаласында, мұсылманның әулие Қожа Ахметтің басында, әдеттегіміздей дұға оқи отырып, мен үш жүз Алаштың ханы етіп сайлағаны хақ» [Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов). –Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.87].
«Қазақ хандары Ташкентке билік жүргізді» және «Абылайдың аталары Ташкентті биледі» дегенен шығады, кешегі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарға дейін қазақтар Ташкентті өзінің қаласындай санады. Алаш зиялылары Ташкентте бас қосып, оны орталық етуге ұмтылды. Өзбекстан құрамындағы бүгінгі Қарақалпақстан сол тұста Қазақстанға қараған еді. Мұндай танымның өзіндік тарихи негізі бар еді. Қазақтардың ХҮІІІ ғасырдың басында Ташкентте билік құрған тарихын былай қойғанда, оның арғы жағында көшпелі Моғолстанның тарихына бойлайтын кезеңі бар еді.
Тарихтан белгілі, Қазақ хандығы Моғолстанның жерінде шаңырақ көтеріп, олар саяси одаққа айналады. Ташкент Моғолстанның үлкен ханы билік құратын ордасы болатын. ХҮІ ғасырда көшпелі Моғолстан тарих сахнасынан жойылған соң, алғашқыда оған саяси одақ, кейін қарсылас болған Қазақ хандары күйреген орданың жеріне мұрагер болуға ұмтылып, Ташкент және оның маңындағы кішігірім қалалар үшін шайбанилермен ұзақ жылдар кескілескен ұрыс, саяси күрес жүргізеді. ХҮІІ ғасырдың басында Ташкентті Тұрсын хан, Түркістанды Есім хан биледі. Ташкентті билеген Тұрсын «үлкен хан» деп саналды. Бұл қазақ хандарынан саяси пана іздеп келген Хиуа ханы Әбілғазының еңбегінде айтылады. Тұрсыннан билікті Есім хан тартып алды. Ол Ташкентте өзіне қалмаққа қарсы соғыста және үлкен билікке талас жолында саяси одақ болған қырғыз биі Көкімге арнап күмбез соқтырады. ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың атақты биі Төле Ташкентте Жолбарыс ханның атынан билік құрады, дүниеден өткен соң ол сол қалаға жерленеді. Тіпті, Абылай ханның өзі де 1780 жылдың күзінде Ташкент маңында (бәлкім, қыстап шығу үшін жылы өлке Ташкентке қарай бет алған болар-авт.) қайтыс болады. Сондықтан да қазақ үшін бұл қаланың орны әрдайым бөлек болатын.
Ташкентке деген қазақтардың көзқарасы Абылай туралы жыр-аңыздарға арқау болған. Жыр-аңыздар баянында хан Орта Азия қалаларына жасаған жорығын өзінің ата-бабалары мекен еткен қонысты қайтарып алу мақсатында аттанған. «Орыспен жауласпады – ел болды, шүршітпен жауласпады – ел болды, екеуіне де тіл боды. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды. Енді Үргеніш, Бұқара, Қоқан, Ташкент жанындағы қазақты сартқа билетіп қоймаймын деп, үш жүздің баласына жар шақыртып, қосын жинап аттанып Түркістанға барып түсіп, оған бел баласы Сыдық сұлтанды отырғызады. Шымкент, Сайрам барып, оған Әбдірахман деген сартты ие қылды. Ташкент барып, оған Мырзахмет деген сартты ие қылды. Одан Жизаққа барады. Одан аттанып, Самарқанды қамап түседі…» (Мәшһүр Жүсіп. Абылай хан дәуірі.// Абылай хан. А., 1993, 324-325 бб.)- дейді дала тарихнамасы.
Хош, батырлықпен аты шыққан Абылайдың даңқы жоңғардың 30-40 жылдарындағы шабуылы кезіндегі күресте, сол жоңғардың 1745 жылы өлгеннен Қалдан Сереннен кейінгі тақ мұрагерлері арасында орын алған талас-тартыстың салдарынан күйреуге бет алған оқиғалары кезінде жүргізген саясаты арқасында арта түседі.
Жоңғарлардың ХҮІІІ ғасырдың 40-жылдарындағы шабуылдың бірінде Абылай сұлтан жаудың атақты ноянын өлтіреді және жаумен болған кезекті шайқаста жоңғар қолына тұтқынға түседі. Тарихи құжаттарда Абылайдың жоңғар тұтқында болғаны, одан қалай босап шыққандығы туралы деректер сақталған. Жоңғар тұтқынында болған уақытта Абылай көрші көшпелі елдің ішкі саяси жүйесімен танысады, қалмақ тілін үйренеді, жоңғар билеушілерінің арасынан Қалдан Серенге бақталас, өзіне тілеулес жандар табады. Тұтқыннан босанып, өз жұртына келген Абылай жоңғар хандығымен келісімдер арқылы бейбіт өмір сүруді жақтайтын билеушіге айналады. Тарихшы ғалымдардың көрсетуінше, Қалдан Сереннің атақты хан-сұлтандары мен беделді рубасыларының балаларынан бейбіт келісім жасау үшін аманат беруді талап етуі қазақ билеушілерін екі топқа бөледі. Бірі – аманат беруге қарсы болып, жоңғармен ымырасыз күрес жүргізуді ойлаған топ, екіншісі – жоңғардың аманат беру талабын орындап, бейбіт келісімді жақтаған топ. Бірінші топтың ішінде Әбілқайыр хан, Шақшақ Жәнібек, Құлсары, Құлеке, Қазыбек би болса, екінші топта Әбілмәмбет, Абылай, Барақ, Абылай Барақ, Батыр секілді хан-сұлтандар болады.
Бірінші топтың басты үміті – Ресей патшалығы еді. Олар батыстағы көршінің көмегі арқылы жоңғар қаупін сейілтпек болады. Бірақ империялық пиғылын Азияға қарай тереңдете жүргізе бастаған Ресей патшалығының шынайы саясаты шекаралас көшпелі екі ел – қазақ пен жоңғардың бейбіт өмір сүруін шын мәнінде қалаған жоқ. Олар «қай жеңгенің – менің жемім» деген саясат ұстанып, соғыс өртін тұншықтыруға аса ықыласты болмады. Отаршылдық бұғауын қыса түсуді мақсат еткен Ресей үшін екі көшпелі елдің бір-бірімен жау болып отырғаны тиімді еді. Сондықтан патша үкіметі қазақ билеушілері арасындағы жоңғармен ымырасыз болуды қалаған топты қолдап, ішкі берекесіздікті қоздыра түсуге ұмтылды. Ал осы саясатты ол бір орталыққа бағынған хандық билікті нығайтқан Абылай ханның тұсында ханға қарсы топтарды қолдап, желеп-жебеп отыруды пайдаланды. Сондықтан Абылайдың өз балаларына: «Қытайлықтар хан билігі үшін қатерлі емес, ал орыс үкіметі болса жергілікті билікке ең күшті бәсекелес» деп, Қытаймен жақындаса түсуді, Ресеймен келісімді сақтауды өсиет еткені сол уақыттағы өмір шындығынан туған саяси пайым болатын.
Абылайдың жоңғар билеушілерінің арасында тамыр-таныс, тілеулес табуы және бейбіт келісім жүргізудегі «дипломатиялық икемділігі» 1745 жылы Қалдан Серен өмірден өтіп, қоңтайшының тағына оның ұрпақтары арасында талас басталғанда өз пайдасын тигізеді.
Қазақ хандығының сыртқы қауіпсіздігі үшін аса маңызды болған осы бір тарихи оқиғалар кезеңінде Абылай сұлтан алдын ұзақ жылдарға болжай алатын сұңғыла саясаткер екенін танытады. Жоңғар хандығының ішкі алауыздығы кезінде Даваци мен Әмірсананы қолдай отырып, «ежелгі (қауіпті) жауды» іштей күйрету мақсатын көздесе, Жоңғария жойылып, Қытай экспансиясы басталғанда Әмірсананы үлкен империя алдында қалқан, қорған етуге тырысады. Сөйтіп, жоңғарға өтіп кеткен жерлерді қазаққа қайтаруға ұмтылады. Қалдан Сереннің тұсында жоңғар мен қазақ шекарасы Іле өзенінің бойымен белгіленсе, Абылайдың күйреуге бет алған Жоңғарияға қатысты тиімді саясатының және Қытайға қарсы тегеурінді қарсылығы мен дипломатиялық қарым-қатынасы арқылы Қазақ хандығының шекарасы шығысқа қарай едәуір кеңейтеді.
Жоңғар жойылғаннан кейін қазақ пен қытай арасындағы қарым-қатынастарға кең жол ашылады. Абылай қазақ елінің дамуына жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын дәл аңғарып, Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайта түсіп, қазақ даласының шығыс бағытындағы сауда-саттық істерін жандандыруға күш салады.
Абылайдың жоңғар ордасының ішкі ісіне араласып, жаудың күйреуіне әсер еткені және Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуі оның даладағы беделін арттыра түседі. Қазақ сұлтанының шығысқа қарай бет бұруы Ресейдің де «мазасын» алады. Себебі, олардың да құлаған Жоңғар империясының жерінен «енші» алуға дәмесі бар болатын. Патша үкіметі Ертіс өзенінің бойына бекініс-қорған сала отырып, шығысқа қарай мейлінше терең жылжи түсуді көксейді.
Абылай сұлтанның қазақ
даласының шығыс өлкесінде
Абылайдың Қытай бағытындағы ендігі бір мақсаты – қазақ даласының транзиттік әлеуетін арттырып, Орта Азия мен Шығыс Түркістан арасындағы керуен саудасына бақылау жасау арқылы елге кіріс кіргізу, сауда жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Осы мүддені және «ханы жоқтықтан берекесіздік пен тыныштықсыз жайлаған ел деп танылатын» шыңғыстық танымды (шыңғызизм) басшылыққа алып, қырғыз руларына жорық жасайды.
Өмірбаяны
Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.[2]
Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. Болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп…» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазды. Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.
Хан тұсындағы сыртқы саясат
1738-1741 ж. Абылай бастаған
қазақ қолы жоңғар
Абылай билігінің күшейге түсуінің жаңа кезеңі 1744ж. Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.
Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломат жолдарды да тиімді пайдалаңды. 1740 ж. тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 ж. Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түркістанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған қазақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. 1745ж. Орта жүздегі Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749ж. тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Бірақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр»,- деп көрсетті.
Жазба деректерде Абылайдың
шетел басқыншыларына қарсы табанды
соғыс жүргізгендігі айқын
Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-55 және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.
Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-67 ж. Абылай қолының қоқан билеушісі Еркенбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам,Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды. Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында « шаңды жорық » деген атпен белгілі. Бұл 1771ж. Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып–жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.
1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды.
Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты.
Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы.
Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды.
Абылайдың күйрей бастаған жоңғар ордасына, қырғыздарға және Еділден қашқан торғауыт қалмақтарына жасаған сәтті жорықтары, алып Қытаймен қарым-қатынасты жолға қоюы Абылайдың Үш жүзге хан болуына еш кедергісіз жол ашады.
Үш жүздің тағына (үш жүздің беделді рубасылары мен сұлтандарының қолдауымен) легитимді түрде көтерілген Абылай хан ру-руға бөлінген қазақ жұртын темірдей тәртіпке бағынған бір орталықтық мемлекеттік жүйені құруға ұмтылады. Бұл сонау көне түркі заманынан бері келе жатқан ірі билеушілердің басты мұратының бірі еді. Сондықтан ол ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен хал-ахуалы әбден шиеленіскен қазақтың саяси жүйесіне реформалар жүргізе бастайды. Сөйтіп, Абылай хан: біріншіден, қазақ қоғамының ішкі мәселелерін шешуге сыртқы күштердің (әсіресе, Ресей әкімшілігінің) ықпалын араластырмауға және сыртқы істер мәселесіне жекеленген рулардың қарым-қатынасын бір орталықтан–хандық билік тізгіні арқылы жүзеге асыруды жолға қояды.
Екіншіден, ханды алқалы кеңес арқылы шектеп отыратын рубасылар мен сұлтандардың билігін шектейді. Әрине, мұндай реформа ру-тайпаларды еркін билеп үйренген, хандық билікті шектеп отыруға әдеттенген кейбіррубасылары мен сұлтандарға ұнай қоймайды (Валиханов Ч.Ч. Аблай.//Собр. соч. в 5-ти томах. Т. ІҮ. А., 1985, с.114).
Жекелген рубасылар Абылайдың темірдей қатал тәртібіне қарсы шыққанымен, халықтың негізгі бөлігі хан саясатын қолдады. Оны қазақ елінің басшысы ретінде таныды. Абылай заманы қазақтың кейінгі дәуіріне көп азық болды. Ханның немересі Кенесары Абылай заманындағы қазақ жерін қалпына келтіруге ұмтылып, орыс отаршылдығымен ұзақ жылдар күрес жүргізді.
Түйіндей келгенде, Абылай Еуразия кеңістігінде геосаяси жағдай күрт өзгерген дәуірде хандық билік құра отырып, қазақ мемлекеттілігінің басты нышандарын сақтай білді. Елді жоңғар шапқыншылығынан қорғауда, екі үлкен империя арасында қазаққа тиімді саясат орнатып, елдің тыныштығы мен ішкі бірлігін нығайтуға, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның бұл тарихи қызметі халықтың жады мен құрмет-ықылысында мәңгі сақталып қала бермек!

- Абылай хан
- Абылай хан
- Абылай хан
- Абылай хан
- Абылай Хан
- Абылай хан (1711-1781)
- Абылай хан (1711-1781 жж)
- Абулхаир хан (каз. Әбілқайыр хан) (1693—1748) — хан Младшего жуза (1718—1748)
- Абулхайыр хан
- Абхазия: особенности природы
- Абылайдың ұрпақтары
- Абылай сұлтан және қазақ-жоңғар соғысының шешуші сәті
- Абылай хан
- Абылай хан