Ахмет Байтұрсынов. 5



Ахмет Байтұрсынұлы

 

1873-жылдың 28 (15) қаңтарында қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Сарытүбек ауылында туып, «халық жауы» деген жаламен 1938-жылдың 8-желтоқсанында атылған

 

 

 

 

              Қазақтың ұлттық төл тарихы – аса ауқымды да күрделі ұғым. Оның ғылыми ақиқаттық мән-мағынасына тереңдеу, халық тағдырының, яғни оның болмысының тарихи қалыптасу жүйесін пайымдау, қоғамдық, әлеуметтік тіршіліктің өткені мен бүгінгісін, болашақ бағытын болжамдау және бұл үрдістің сатылары мен қалтарыстарының себептік, сәйкестік байланыс заңдылықтарын саралау үшін, ең алдымен, осы тарихи тағдыр желісі, ұлттық болмыс деген не және тарихи тағдырдың бас кейіпкері кім деген сауалдарға оралмай болмайды. Түйіндей айтсақ, тағдыр деген не, сол тағдыр желісіндегі қазақ халқының орны қандай, қазақ халқының ұлттық төл тарихы дейтін шындықты қалайша түсінуіміз, анықтауымыз керек тәрізді ой-толғамдарға тоқталу қажет.

              Әрине, қарапайым түсінік ретінде, қазақтың төл тарихы – қазақ ұлтының өзіндік жеке тарихы деуге болар еді. Бірақ онда әрбір халық, ұлт тек өзіндік дара тіршілік аясында қалып, оның тағдыр жолы адамзат қауымдастығы заңдылығынан алшақтанып, әлемдегі өркениеттілік үрдістен оқшауланып, тағы басқа алуан байланыстылық пен сәйкестік көріністер ықпалынан шеттетілер еді. Мұндай күмәнді сұрақтар алдымызға көлденең тартылмас үшін мәселенің басын ашып алуымыз керек. Шынында да ықшамдалған, жекешеленген, тіпті тұмшаланған көзқарас қазақ халқының кең ғылыми негіздегі, өркениеттілік деңгейіндегі нағыз ұлттық төл тарихын сомдауға жол ашу емес, керісінше, кеселді кедергі болмақшы.

              Міне, сол себептен де қазақ халқының тарихи тағдырын адамзат тағдыры көлемінде, әлемдік тарихи даму үрдісі жүйесінде зерттеу орынды болмақ.

              Қазақ халқы да ғасырдан ғасырға ұласқан бүкіл адамзат тіршілігі арнасында өзіндік тарихи тағдыр желісін жалғастырып келеді. Әлемдік ұлы сарын, көлемді қоғамдық қозғалыстар мен түбірлі бетбұрыс, өзгерістер қазақ халқы болмысына да салмағын салды. Әрине, өмірлік үрдіс ағымы ұдайы бір ырғақта, мамыражай, жаймашуақта болмағаны анық. Болмыстық күрделі құбылыстар мен екпінді серпілістердің халықтар тағдырына әсер-ықпалы мол болатыны сөзсіз. Бірде болашақтың шамшырағы жағылып, айдарынан самал ессе, бірде қасіреттің қара түнек бұлты үйіріліп, қауіп-қатер төнеді, тағдырдың қалаймақан талқысына душар болады. Аласапыран заманның дүлей соққысына төтеп бере алмай, ес жиып бой көтере алмай, тіршілік желісінен ізсіз үзіліп кеткен, елдік болмыспен қош айтысқан халықтар да болған-ды.

              Иә, қазақ халқы да тағдыр соқпағының талай қауіпті қалтарыстарында арандап қалды, жантәсілімде жарға да жапсырылды, әттеген-ай опығын да жеді, дүрдараз берекесіздіктің де зардабын шекті.

              Ес біліп, еңсесін көтеріп, іргесін жинаған шағының қай кезеңінде болмасын, қазақтың кең-байтақ мекеніне көз алартушылар да, оны жұмырлай жұта салсам деп аранын ашқан қызылкөз қорқаулар да болды. Шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде қауіп-қатер бұлты бір сейілмей-ақ қойды. Тарихи шындық сол  – қазақ халқының өмір мен өлім белдескен жан пидалдық күреспен, таймас табандылықпен, қайтпас жігермен, ерен ерлікпен, асқан парасаттылықпен өміршеңдік көрсетуі, тағдыр желісін үзбей болмыстың жаңа белестеріне өрлей білуі. Осы ұлттық, адами қасиеттіліктің ерекше бір таңғажайып көрінісі – санқилы аласапыран сын сағаттарда, қанқұйлы соқтығыстарда, тіршіліктің алдамшы, жымысқы жалтарыстарында қазақ халқы өзінің адамгершілік болмысын, ар-ождан биіктігін бір мысқал да төмендетпестен, ұлттық қасиеттілігіне еш сызат түсірместен досты дос деп, дұшпанды дұшпан деп тани білді. «Малым жаным үшін, жаным арым үшін», деген ұранын халқымыз қашан да жоғары, нық ұстады.

              Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 1998 жылғы 17 наурыздағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде жасаған «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы» атты баяндамасында біздің ұлттық төл тарихымыз туралы: «Сонымен, біз бұл мәселеге неге осыншама мән беріп отырмыз? Жылдың осылай аталуы нені білдіреді? Бұл тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихи жолын ой елегінен өткізіп, «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз? Ертең кім боламыз?» деген төңіректе ойлансын деген сөз. Бұл – әрбір азамат туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл – әрбір азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөз», – деп айқындап айтқан-ды.

              Осы тұрғыда біз, бүгінгі зиялы қауым, оның ішінде әлеуметтік ғылым өкілдері, одан да әрі нақтылай айтсақ, тарихшылар өз халқымыздың ұлағатты да үлгілі толыққанды төл тарихын қай тұрғыда жазбақпыз, ғылыми шындықты, тарихи әділеттілікті қалай тұжырымдамақпыз?

              Міне, бұл күрделі де жауапты міндет.

              Егер біз ғылыми-зерттеу жүйесіне өркениеттілік негізде тереңдей енбесек, өз мүдде-мақсатымызды анықтай алмасақ, әр жаққа бытырай шашылып, ауа жайылсақ – парасатты тіршіліктегі өнегелі ізденіс болмақ емес, бағытқа алған нысанадан алшақтай түсу, заманы өткен бопсалар дағдысында қалғып кеткеніміз болмақ.

              Сол себептен де біз табан тірер тарихи деректілік негізді мол көлемде қорландыра түсуіміз, осы кезге дейін жазылған жалпы әдеби, әсіресе тарихи шығармаларды ғылыми сараптамадан өткізуіміз, үлгілі бағыт-бағдарлама ұстанып, жаңаша ғылыми-зерттеу жүйесін игеруіміз, ұлттық сананы өркениетті деңгейдегі жасампаздық биіктікке көтеруіміз қажет. Осы бағытта ерекше бір көңіл аударарлық мәселе – өткен ұрпақ, ата-баба мұралары, ұлт тағдыры үшін жан беріскен Алаш зиялыларының, көсемдерінің еңбектері, солар ұстанған бағыт-бағдарламалар. Сондықтан да қазақ ұлтының төл тарихы деген ауқымды да сан салалы зерттеу жұмысына ұмтылыста «Ұлт тағдыры – төл тарихы – Ахмет Байтұрсынұлы» деген бір өзекті ой тіркесі өз ретімен алға шығады. Бұл біте қайнасқан бірлік орынды да, өйткені ұлт зиялылары, Алаш көсемдері өз халқын өркениетті адами болмыс биіктігіне көтеруге, тәуелсіздік пен теңдікке қолын жеткізуге, әлемдегі қуатты мемлекеттер санатында қазақ мемлекетінің терезесі тең болуына, ұлттық рухани болмыстың әлемдік өркениеттік шеңберде сыбағасына сай өз орнын табуына және де сол биіктікте танылуына бар ғұмырларын сарп етті. Қазақ зиялылары осы тағдырлық дүр сілкіністе, ұлттық серпілісте рухани жасампаздық шындығына ерекше мән-мағына берді. Олар өз халқын ғасырлар бойы еңсені басқан шарасыздық құлдығынан арылуға, қайыршылық тіршіліктің бұғауын үзуге, береке-бірлігін жегі құртындай іштей омырған бақталастық-бақастықтан, дүрдараз алауыздықтан, жымысқы көзқамандықтан, жігерсіз жетесіздіктен, көркөңіл надандықтан бой арылтуға шақырды, оян қазақ деп жанайқай ұран салды. Ұлт-азаттық күрес жолында біздің ардақтыларымыз талай рет әттеген-ай опығына ұрынды, қайнаған жігер, ар-намыс ызасы өзектерін оттай шалды.

              Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айтқанда, бүкіл халқымыздың ұстазы, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы өз отандастарының тарихи тағдыр желісін өзінің «Қазақ қалпы» атты шығармасында төмендегідей бейнелеген еді:

 

«Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,

Теңізде жүрміз қалқып көшпесі жоқ.

Жел соқса, құйын қуса жылжи беру,

Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.                                              

                 Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,

                 Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.

                 Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

                 Алалық алты бақан дертпен кірдік.

Бейне бір құдіретті сынағандай,

«Сақтар деп, сақтар болса» сертпен жүрдік.

Жат жақта жаратқанға көз еттіріп,

Жақынмен араздастық, иттей үрдік.

                  Білдірдік елдің сырын, ердің құнын,

                  Елеріп ерегеске екі-үш күндік.

                  Кіреді тентек есі түстен кейін,

                  Мүшкілін халіміздің жаңа білдік.

Әлі де, саңылаусыз салтын бағып,

Түрі жоқ іс айтатын пәлен дерлік.

«Ұлы той – көппен көрген жалғыз мен бе? –

Деп отыр, – не болса да жұртпен көрдік».

 

              Бұл Ахаң заманындағы қазақ қауымының қаз-қалпы болмысы еді, сол болмысқа орай ардақты ұлының тіршілікке қынжылыс-наразылығы мен болашақ серпініске деген үзілмес үміті еді. Бұл өз халқын ардақтай, оның тіршілік тынысын жан-тәнімен сезіне, жақсысына қуана, жаманына күйіне білген ұлтжанды абзал азаматтық жан сөзі еді.

              Даналар әрқашан да өз халқының өмір шындығын, тағдырлық болмысын ұлттық төл тарихы аясында айқындаған, тарихтан тағылым алған, ақиқат көрінісін тарих таразысымен өлшеген, бірден-бір әділеттік төресі деп тарихқа жүгінген. Міне, осы бір өмір шындығымен айқындалған дәстүрді, ғылыми қағиданы біз Ахаң үлгісінен көреміз. Біле білсек – бұл заңдылық. Өйткені, Байтұрсынұлы үшін халқының тағдыры мен өз басының жеке тіршілігі арасында алшақтық жоқ, біте қайнасқан бір болмыс. Ол ұлт тарихының қандай да болмасын өзекті жекелеген, нақтылы мәселесін де бейтарап зерттеушілік тұрғыдан емес, тура өз өмірімен жазды. Бүгінгі ұрпақ үшін де, болашақта да Ахаң мұрасы – бүкіл ұлттық рухани қазына, оның ішінде ұлттық төл тарихымызға да, оның теориялық, методологиялық, тарихнамалық, деректемелік салаларына да баға жетпес құнды қор, табан тірер негіз.

              А. Байтұрсынұлы тарих ғылымының пәніне: «Тарихты қазақша ұлы дерек деуге, әуезе табына жатқанмен, айғақшы әуезе деуге болады. Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих», – деп анықтама береді. Тарихтың атқарар қызметі мен алға қояр міндеті хақында ол: «Тарихтың қызметі – бүтін адам баласының, бүтін бір жұрттың, иә бір топтың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту. Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу, – деп жазған-ды. Ал тарихшылардың міндетін былайша тұжырымдайды: «Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді. Шежіре жазушылар естігенін-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тигізеді. Тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас-өтірігін тексеріп, расын ғана алады».

              Міне, ұлы Ахаң тарихшының дүниетанымына, азаматтық ар-ожданына, әділдігіне, ғылыми-зерттеушілік мүмкіншілігіне осындай биік талап қойған. Өйткені, Ахаңның ойынша, тарих халықтікі, халық үшін жазылады. Сонымен бірге А. Байтұрсынұлы тарих пен тарихшыларға қандай деректерді және оларды қалайша пайдалану әдісін көрсете келе зерттеушілердің алдына қойылатын талаптарды жаңа қырынан да көрсеткен. «Тарихшылардың мақсаты, – дейді Ахаң, – уақиғаның уақытын ғана көрсету, яки не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру».

              А. Байтұрсынұлы тарихтың теориялық, методологиялық негізіне ерекше мән берген, ғылыми кең шеңберде қараған. Табиғат – Адам – Қоғам деген тізбектік диалектикалық байланыстылықта зерттеліп, табиғи заңдалық жүйесі негізгі арна деп мойындалып, сол жүйенің шеңберінде қоғамдық заңдылықтар сәйкестік байланыстылықта тұжырымдалған. А. Байтұрсынұлы материалистік ұғым мен идеалистік ұғымды коммунисттік идеология өкілдері сияқты бір-бірімен қарама-қайшылықта қарамаған және материалистік көзқарстың марксистік-лениндік бірыңғай үстемдігін қабылдамаған. Ол табиғат заңдылығы мен әлеуметтік қоғам заңдылығының байланыстылығы негізінде адам қауымдастығы үшін әлеуметтік жасампаздықтың реттік сәйкестіктегі екі бірдей теңдігі бар, табиғат орталығындағы адам еңбегінің материалдық байлығымен рухани қазынасы дейді. Бұл тұрғыда А. Байтұрсынұлының рухани болмысты қаншалықты жоғары бағалағанын білеміз. Осы арнада сәйкестік байланыстылықта табиғат пен қоғамдық тіршілік пайымдалып, халық тағдыры ғылыми тарихи жүйеде талданып, ұлт-азаттық күрес жолының сабақтастығы дәлелденген. Егер сұрыптай айтатын болсақ, А. Байтұрсынұлының методологиялық жүйесіне табиғаттағы, қоғамдық тіршіліктегі прогрестік даму, сәйкестік, салыстырмалы талдау, жүйелі тұжырымдау, ғылыми ақиқаттық принциптері тән. Сол себептен де Ахаң тарихты халықтың тағдыр тарихы және ол халық үшін түсінікті де ақиқат болуы шарт деген.

              Бүкіл адамзат тарихында тәуелсіздікке, теңдікке, әділеттілікке, бақыт-байлыққа, жан рахатына ұмтылу – желісі үзілмей келе жатқан үміт-арман. Ал оған жетудің сан салалы тарамданған жол соқпақтары да сол оянған үміт-арман желісімен бірде шиырыла, бірде босаңси бірге өріліп келе жатқан ізденіс арқауы. Осы бір адамзат тарихының ең өзекті мәселесі хақында А. Байтұрсынұлы да ауқымды тарихи-философиялық шолу жасай келіп, мынадай қорытынды айтқан-ды: «Бұрынғы пайғамбарлар да, данышпандар да адам баласының арасында теңдік жоқ екенін көріп, олар да қайғырған, қалай етсе зорлық-зомбылық, жамандық жоғалып, жақсылық орнап, адам баласы дүниеде рахатпен өмір шегу жағын олар да қарастырған. Түрлі пікірлер жайған. Түрлі жолдар шығарған. Бірақ адам баласының қолы рахатқа, теңдікке олардың жолымен жетпеген. Айтуға жолдың бәрі де жақсы болған, бірақ іс жүзінде көздегендей болып шықпаған. Ақырында, данышпандар адам баласы дүниесі теңелмей, теңелу жоқ деген пікірге келген. Дүниесі теңелу үшін мал-мүлік ортада болып, менікі-сенікі жоғалу керек деген. Мұны Еуропа тілінде «социализм» дейді».

              Ал осы тәуелсіздік пен теңдікке жетудің, әділ қоғам орнатудың қандай жолдары мен заңдылықтары бар, сол жақсылық жолына кім не қандай күш бастайды деген сұрақтарға да Ахаң ерекше көңіл бөлген. Халқына тәуелсіздік тағдыр іздеген ардагерді мұндай мәселелердің ойландыруы  заңды да еді. Ахаң марксистердің дүние билігін кемшілікте, қорлықта жүргендер алмай адам баласы теңдікке, социализм қоғамына жете алмайды деген қағидасына орай мынадай пікір айтқан-ды: «Бірақ билікті нашарларға қайткенде алатын жеріне келгенде бағыттары айырылады. Біреулер жұмысшылардың көзі ашылып, жол танып, жөн біліп, жетіліп барып билікті алуға болады деген де, біреулері кезі келген жерінде жұмысшылар жетілмей тұрып та билікті қолға алып кетуге болады деген. Соңғы пікірлердегінің басы – Ленин. Бұл пікірдің дұрыстығын іс жүзінде көрмей отырмыз ба?». Иә Ресей жұмысшысы В.И. Лениннің басшылығымен, шаруалармен одақтасып, солдат бұқарасын ертіп, революциялық күрес жолына түсіп, 1917 жылдың қазан айында билікті қолға алып, социалистік қоғам орнатуға кірісті. Бұл – тарихи болған шындық. А. Байтұрсынұлы осы өмір шындығын іс жүзінде көрмей отырмыз ба деуі де сол. Болған оқиғаны айта отырып, Ахаң осы Қазан төңкерісінің табиғатына, заңдылығына, себеп-салдарына, болашақ өміршеңдігіне, ең бастысы комунистер орнатқан социалистік қоғамның әлеуметтік әділеттігіне, ұлттар мен ұлыстардың теңдікке жетуіне, халыққа шын мәнісінде тәуелсіздік әкелетініне, бейбіт, бақытты өмір қамтамасыз ететініне сене алмады, үлкен күмәнмен, қауіппен қарады, оны қабылдай алмады.

              Дегенмен, А. Байтұрсынұлы аласапыран таптық төңкеріс жағдайында да табандылық, қайтпас жігер, саяси көрегендік, ұлтжандылық танытты.

              Ол В.И. Ленин мен большевиктер партиясының Ресей халықтарының праволық декларациясы, Шығыс және Ресейдің барша еңбекші мұсылмандарына үндеуі, Түркістан коммунистеріне үндеуі және де басқа құжаттары мен шешімдері жариялануына байланысты коммунистік партияның қатарына, Қазақстанның үкіметі құрамына енді. А. Байтұрсынұлының мұндағы мақсаты жаңа кезең мүмкіншілігін өз ұлтының мүддесіне пайдалану, коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің саясатына ықпал жасау еді.

              Ол Ленин бастаған революциялық төңкерістің іргелі де күрделі оқиға екенін, оның жеңіске жеткен нәтижелілігімен ерекшеленетіндігін әділ де ашық айтып, Лениннің 50 жасқа толуына арналған мақаласында: «Сөйтіп, білімі, өнері көп, көзі ашық Еуропа мен Америка жұмысшылары әлі күнге дейін құлдықтан құтыла алмай отырғанда, білімі кем, өнері аз Россия жұмысшылары құлдықтан құтылмақ түгіл, мемлекет тізгінін қолына алып, іс жүргізіп, дәурен сүріп отыр. Бұл Лениннің көп жолдан артығын таңдап ала білгендігін, алған жолынан айнымай, іс қыла білгендігін көрсетеді. Сондықтан Лениннің адам баласының алдында қызметі – жаңадан жол салып, көп заманнан бері жете алмай келе жатқан мақсатқа алдымен жетіп бәйге алып, өзгеге өнеге болатын іс істеп шығарғаны», – деп жазған-ды.

              Бірақ революция жеңісінің алғашқы кезінде-ақ, Азамат соғысы жылдарында, одан кейінгі іргесі қалана бастаған социалистік қоғамның саяси, идеологиялық бағыты мен әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен қарама-қайшылық, таптық өктемдік, ұраншылдық, жікшілдік, рухани беймағұлымдық бой көрсете бастады. Әрине, Ахаңның ұлтжанды ой-өрісі, жаңа қоғаммен байланысты үміт-мақсаты бұл сияқты келеңсіз тіршілікпен сәйкеспейтін. Коммунистік партия мен Кеңестік үкіметтің жариялаған саясатымен, берген уәделерімен нақты іс-тәжірибесінің арасында терең алшақтық, жасанды алдамшылық барлығына, мұндай таптық қоғам шеңберінде қазақ халқының басты мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекеттік, демократиялық тең праволық, рухани даму мәселелерінің шешілмейтіндігіне Ахаңның көзі жетті. Сондықтан ол коммунистік партия қатарынан қалыс қалды, үкімет саясатынан қол үзді, өмірінің басты мақсаты – ұлттық тәуелсіздік үшін күреске белсене кірісті. Сол себептен де ол қуғындалды, тоталитарлық режимнің құрбаны болды.

              А. Байтұрсынұлы ең алдымен Ресейде социалистік революцияның жеңу заңдылығына үлкен сенімсіздікпен қарады. Өйткені, оның пайымдауынша, бүкіл әлемдегі, әсіресе Еуропа пен Америкадағы қоғамдық дамудың жоғарғы сатысына көтерілген елдерден бұрын даму жолында артта қалған Ресейде революцияның қажетті барлық алғышарттары ерекше бір жағдайлармен пісіп жетілуі және сан жағынан аз, жүйелі саяси күрес мектебінен өтпеген, басым көпшілігі надан, білім мен ғылымнан қағажу қалған, қанаудың ең дөрекі түрлерінен зар шеккен орыс жұмысшыларының жеңімпаз социалистік революцияның бірден-бір қозғаушы күші, ұйтқысы бола қалуына үлкен күмән келтіреді. Сонымен бірге, ол осы революция жеңісіндегі, слциалистік қоғам орнатудағы большевиктердің көсемдік ролін халықтардың тарихи тағдырының шиленіскен қалаймақан тоғылысында бой көрсетіп қалатын кездейсоқтық оқиға деп білген. Сондықтан да Ахаң Ресейдегі Қазан революциясын күшпен жасалған төңкеріс деп санады. Оның анықтауы бойынша, жеңімпаз социалистік революция да, социалистік қоғам да жалпыға бірдей біртұтас халықтың мүддесі емес, оның әлеуметтік бір бөлігінің, яғни жұмысшы бұқараның ғана таптық мүддесін көздеді, яғни бір таптың екінші тапқа үстемдік етуін орнатты. Сол себептен ең алғаш дүниеге келуінен бастап-ақ жаңа қоғамның табиғатына қарама-қайшылық, өктемдік, әділетсіздік тән болды. Жетпіс жылдан астам уақыттан кейін, сол жаратылысындағы әлеуметтік қайшылықтың, саяси әупірімдіктің, әділетсіздіктің, рухани құйтырқылықтың шиеленісуі жарылысқа әкелді, социалистік жүйе, мемлекет, қауым өмірден озды, арманы шолақ, өмірі қысқа болды. Бұл қоғамдық құрылысқа байланысты жақсы мақсат, адами үміт тарихи тағдыр желісінен үзіліп түсті, оның тек қоғамдық санада ұзаған жаңғырығы, әттегенайы қалды. Ал Ахаң болса бұл болмысты сол өз заманында-ақ болжаған-ды.

              А. Байтұрсынұлы мұрасынан, онеың ғылыми-зерттеу бағдарламасынан өзіміздің ұлттық төл тарихымыз арнасындағы ізденістерде басты ұстанар қағидамыз – оның марксизм-ленинизм теориясының арқауы болған пролетарлық интернационализм принципі және одан өрбіп, оны нығайта түсетін коммунистік партиялық зерттеу шарттары мен әдістері тұрғысындағы сын талдаулары болмақ.

              Шынында да, Ахаң ескерткендей, өмірдің өзі дәлелдегендей, марксистік-лениндік пролетарлық интернационализм қазақ халқын ұлттық әлеуметтік, рухани желіден ағытып, қарама-қарсы екі тапқа бөлді, оның ең зиялы да жасампаз ұлтжанды бөлігін таптық идеологиямен санасы уланған екінші таптың табанымен таптады, көзін жойды. Ағайынды, бауырды өзара қантөгіске итермелеген пролетарлық интернационализм қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне зор қастандық жасады, ұлттық рухани дүниеге кінарат түсірді, қазақ жастарының санасына мәңгүрттік уын құйды. Сөйтіп, ұлтжандылықты ұлтшылдық деп, ұлттық мемлекеттік тәуелсіздікті сепаратизм деп ұлттық тарихи сананы тәлкекке салды. Ал мұндай принципті басшылыққа алғанда ұлттық ғылыми төл тарихымызды жазудың ауылы алыс болмақ. Тарихи шындық орнамаған жерде, оның ішінде ғылыми салада да, тарихи зерттеу принципін де, тарихи-салыстырмалық зерттеу әдісін де қолдануға жол жоқ. Өйткені, басшылыққа коммунистік партиялық принципті ұстанған ортада әлеуметтік өмір желісі де, нақты тарихи оқиғалар да, деректемелік қорлар мен басқа мұрағият мәліметтері де партиялық тұрғыда, партиялық нұсқада, сол идеологиялық негізде жазылуы да, қабылдануы да шарт. Бұл коммунистік партиялық принциптің басшылық ролі міндетін атқаруы, ғылыми ақиқаттың дәлелденуі, социалистік қоғамның мақсатына еңбек етудің үлгісі, дәлелі болмақ. Ал партиялық шеңберге сыймаған, оның мақсатына алшақтығы сезілген қандай да болмасын ой-толғау, ұсыныс, тіпті нақтылы деректемелік, мұрағияттық материалдар ғылыми айналымға жіберілмеді, шеттетілді. Әрқашан таза партиялық, бірыңғай саясаттанған тапсырмалар орындалып отырды.

              А. Байтұрсынұлының рухани мұрасында ұлттық төл тарихымыздың ең күрделі мәселелері, оның ішінде ұлт-азаттық күресінің бастауы, мән-мағынасы, түпкі мақсаты, өрлеу кезеңдері халықтың тарихи арнасында жан-жақты зерделенген. Сонымен бірге, қазақ халқының отандық атамекенінің қалыптасуы, осы жер шебінің бұзылмауы үшін жан пида күресі, қазақ мемлекеттігінің іргетасының қалануы, құрылымдық нығаю барысы, ішкі және сыртқы саясат өрісі, қазақ қауымының әлеуметтік құрылымы, жер, шаруашылық, рухани болмыс салалары ғылыми негізде ауқымды да терең қаралған. Жоғарыда ықшамдай тұжырымдаған және біз бұл жолы сөз етпеген Ахаң еңбектеріне арқау болған тақырыптар, сөз жоқ, ұлттық төл тарихымыздың да күрделі мәселелері.

              Ахаңның: «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін, Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», – деген зор сеніміне, асқақ арманына, қазақ елінің тәуелсіздігіне бүгінгі ұрпақ біз жетіп отырмыз. Ендеше алдағы мақсат – ұлы бабамыздың асыл мұрасын зерттеуге, зерделеуге жасампаздықпен жұмылу болмақ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиет:

 

 

 

1.      А. Байтұрсынұлы «Ақ жол» Алматы 1999 ж.

2.      Қ. Тоқтамұран «Астана ақшамы» 2003 ж. 1 ақпан.

3.      С. Өзбекұлы «Қос ғұламаның құқықтық көзқарастары» «Қылмыс пен жаза» газеті 1999 ж. 28 ақпан.

4.      Т. Ахметжан «Парасат» 2002 ж. № 2. 8-9 беттер.

5.      Б. Қойшыбаев «Жазықсыз жапа шеккендер» Алматы 1990 ж.

6.      Б. Нұржекеұлы «Жүз тұңғыш» 2-ші кітап, Алматы «Жалын» баспасы 2005 ж.

7.      Алдамжар Зұлқарнай «Тарих: пайым мен тағылым» Алматы «Арыс» баспасы 2002 ж.

  

 

 

 

 

 

        

               

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                              

 

 

 

 

 



Ахмет Байтұрсынов. 5