Ауа-райы және оның өзгеру себептері, ауа массалары

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ АГРОТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ КАФЕДРАСЫ

 

 

 

         

РЕФЕРАТ

 

 

Тақырыбы: Ауа-райы және оның өзгеру себептері, ауа массалары.

 

 

 

                                                      Орындаған: Нарымбетова Динара.

                                                                                                  ПА-105қ.

                                                      Қабылдаған: Нұрғалиев Қуаныш.

 

 

 

Алматы-2014

Жоспар.

  1. Кіріспе.

 

  1. Негізгі бөлім.
  1. Ауа райы.
  1. Ауа райының өзгеру себептері.
  2. Ауа массалары.
  3. Атмосфералық қысым.
  4. Ауа райын болжау.

 

  1. Қорытынды.

 

 

  1. Пайдаланылған әдебиеттер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе.

Ауа райы дегенiмiз белгiлi жердегi сол уақыт аралығында атмосфералық күйi. Ауа райы сипаттамасына ауа температурасы, атмосфералық қысым, ауа ылғалдылығы, бұлттылық, атмосфералық жауын-шашын, жердiң күшi мен бағыты жатады. Ауа райының негiзгi ерекшелiгi – тұрақсыздығы және өзгергiштiгi. Бүгiн аспанда Күн сәулесi өте жарық, ал ертең бұлттар қаптап және майда жаңбыр жауады. Ауа райы белгiлi жерде өзгермейдi, ол 1 күнде жер шарының әр түрлi жерлерiнде де өзгередi. Тропосфера ауасы бiртектi еместiгiнен әртүрлi ауалық массалар бар. Ауалық масса тропосферадағы ауаның үлкен көлемi, ол бiртектi және қозғалысы да бiрдей. Ауалық массаның мөлшерi өте үлкен. Мысалы, 1 ауалық масса толығымен барлық Европаның ауданын жауып қала алады. Ауалық массаның қасиеттерi әртүрлi. Олар жылы және суық, түссiз және шаңданған болуы мүмкiн, ылғалды және құрғақ ауа алып жүруi де мүмкiн. Мысалы, бiздiң елiмiздiң ауданына Атлант мұхитынан ауалық массалар келедi, олар жазда ылғалды және суық ауа және қыста ылғалды және жылы ауа алып келедi. Онымен жауын-шашыны бар бұлтты ауа райы байланысты. Оңтүстiктен бiзге жылы ауалық массалар келедi. Соларға байланысты ыстық және құрғақ ауа-райы болады. Ал Солтүстiк Мұзды мұхитынан келетiн ауалық массасы суық түсудi қамтамасыз етедi, және бұлтсыз ашық ауа-райын әкеледi. Берiлген жергiлiкке тән көпжылдық ауа-райының ауысу тәртiбiн климат деп атайды. Мысалы, жазда бiздiң жергiлiкте ыстық және құрғақ немесе салқын және жаңбырлы, қыста-аязды немесе жылы, қарлы немесе қары аз болуы мүмкiн екенiн байқадыңыз. Бұл өзгерiстер ауа-райының өзгергiштiгi туралы айтады. Ешқашан қыс жаздан жылы, ал жаз қыстан суық болмайды. Климат осы ерекшелiкпен сипатталады. Теңiздер мен мұхиттар, таулы массивтер және жергiлiктi жердiң басқа да ерекшелiктерi климатқа әсер етедi. “Климат” сөзi грек тiлiнен аударғанда “ылди, еңiс” мағынасын бiлдiредi. Яғни климат жер бетiне түсетiн жылу мөлшерi тәуелдi күн сәулесiнiң түсу бұрышын анықтайды. Көкжиектен күн неғұрлым жоғары болса, соғұрлым күн сәулесiнiң түсу бұрышы үлкен және сондықтан жер бетi жақсы қызады. Экватор ауданында климат ыстық, ол жерде Күн жыл бойы көкжиек үстiнде жоғары орналасқан, сондықтан жер бетi күн сәулесiнiң көп мөлшерiн қабылдайды.

 

 

Негізгі бөлім.

1. Ауа райы – атмосфераның жергілікті жердегі белгілі бір уақытта немесе уақыт аралығында (тәулік, ай) байқалатын құбылмалы жағдайы. Ол көбіне атмосфераның төменгі тропосфера қабатының күйімен сипатталады. Себебі, ауа райын өзгертетін негізгі процестер осы қабатта дамиды. Бірақ, әртүрлі биіктіктегі атмосфералық процестер бір-бірімен тығыз байланыста болады, сондықтан жер бетіндегі ауа райының өзгеру себептерін білу үшін атмосфераның жоғарғы биік қабаттары зерттеледі. Ауа райы метеорологиялық өлшемдермен (температура, қысым, жел, ауа ылғалдылығы, бұлттылық, атмосфералық жауын-шашын) және атмосфералық құбылыстармен (тұман, найзағай, боран, дауыл т.б.) сипатталады. Жер бетіндегі ауа райының өзгеруі тіршілікке, табиғатқа елеулі ықпал жасайды. Ауа райның көпжылдық режимі климат деп аталады. Ауа райының жай-күйі тек қана бір белгісіне, айталық, температураға немесе жауын-шашынға ғана емес, барлық элементтерінің жиынтығына қарап анықталады. Мәселен, ауа райына тек "салқын" деп баға беру жеткіліксіз. Салқын ауа райы желді, жаңбырлы, бұлыңғыр және т.с.с. болуы мүмкін. Ауа райы уақыт ішінде өзгеріп тұрады. Оның әлементтерінің бірінің өзгерісі басқасының да өзгерісін тудырады. Екінші сөзбен айтқанда, ауа райы мүлде басқаша сипат алады. Ауа температурасының өзгеруі қысымның өзгеруіне, ол желдің сипатына, бұлттылық температураға ықпалын тигізеді. Бұдан ауа райының толық сипаттамасын беру үшін оны түзететін элементтерді түгелдей бақылау қажеттігі туады. Ауа райын зерттеу адамның күнделікті тұрмысы мен шаруашылық әрекеті үшін қажет. Ауа райы болжамынсыз ұшақтар аспанға көтерілмейді. Ауа райын болжау бүкіл жер бетіндегі метеорологиялық станцияларда және атмосфераның біршама биік қабаттарында жүргізілетін бақылауға негізделеді. Қазіргі кезде Жер шарында 10 мыңнан астам метеорологиялық станция бар. Бүкіл дүние жүзінің метеоролог мамандары бірыңғай Гринвич уақытымен бақылау жүргізеді.

2. Ауа райы бұзылар алдындағы белгілер:

  • Будақ бұлттар кешке қарай тарап кетпей, қайта көбейіп, қалыңдай түседі.

  • Ертеңгі және кешкі күн шапағы қызғылт түсті болады.

  • Түнгі және күндізгі температураның айырмасы азаяды.

  • Кешке қарай жел тынбайды, қайта күшейеді.

  • Шық және қырау түспейді.

  • Күн немесе Ай қораланады.

  • Ауа қысымы төмендейді.

3. Ауа массалары – тропосфераның көлбеу бағытта біртұтас болып қозғалатын ірі, біртекті бөліктері. Белдемдік орнына байланысты: арктикалық (Оңтүстік жарты шарда – антарктикалық), қоңыржай белдеулік, тропиктік және экваторлық болып негізгі 4 түрге бөлінеді. Әрқайсысының өзіне тән температурасы, ылғалдылығы, көріну қашықтығы, т.б. ерекшеліктері болады. Бұлардың өзі теңіздік және құрлықтық болып екіге бөлінеді. Термодинамикалық сипатына қарай салқын, жылы және жергілікті болып аталады. Салқын тұрақты ауа массалары құрлық үстінде, қыста үлкен антициклон жүйесінде, жер бетінің радиациялық салқындауы нәтижесінде пайда болады. Оған Сібір антициклонында қалыптасатын Саха (Якутия) үстіндегі құрлықтық ауа массасы жатады. Ол Қазақстан климатына (әсіресе қыста) елеулі ықпал жасайды. Қыс кезінде Сібір антициклонының әсерінен ауаның жоғарыдан төмен қозғалуына байланысты бұлт азайып, жер беті суып, аязды ауа райы қалыптасады. Сондықтан оны «Сібір қысы» деп атайды. Жазда Орталық Азия аумағы үстінде орнығатын тропиктік ауа массасы температурасы жоғары, өте құрғақ ауа райын қалыптастырады. Оны «Азиялық жаз» деп атайды. Ауа массалары - белгілі бір жалпы қасиеттері бар және материктер мен мұхиттардың үлкен бөліктері бойынша өлшенетін тропосфераның біртекті бөлігі, біртекті төселме беттің үстінде біртекті радиациялық жағдайда қалыптасады. Атмосфераның жалпы циркуляциясындағы ағыстардың бірінде тұтасымен орын ауыстырады және бір-бірінен атмосфералық шептермен бөлініп тұрады. Ауа массаларын жіктеу - ауа массаларын жалпылама кинематикалық және жылылық сипаттамалары немесе олардың ошағының географиялық орны бойынша болу. Бірінші жағдайда: жылы, суық және жергілікті, ал екінші жағдайда ауа массалары арктикалық, қоңыржай ендік (полюс ауасы), тропиктік және экваторлық ауа деп бөлінеді. Бұлардың әрқайсысында ауаның теңіздік және континенттік тип тармақтары болады. Ауа массаларының климотологиясы – ауа райының әртүрлі режимдерімен байланысты әр типтегі ауа массаларының қайталануын сипаттайтын климат, яғни серпінді климотологияның қарапайым нұсқасы.

Ауа райының батыстан тасымалдануы – қоңыржай ендіктің тропосферасы мен стратосферасындағы ауа массаларының, негізінен, батыстан шығысқа қарай тасымалдануы. Ауа температурасы мен атмосфера қысымының субтропиктерден полюстік ендіктерге қарай төмендеуінің салдарынан туындайды.

Ауа массаларының шығыстан тасымалдануы:

1) тропиктер-пассаттар немесе полюстік ендіктер - әсіресе Антарктида маңындағы мұхит, ауаның шығыстан батысқа қарай тасымалдануы;

2) 20 км-ден жоғары бүкіл "жазғы" жарты шарымен өтетін ауаның шығыстан қарайғы жазғы тасымалдануы.

Қазақстан және басқа аумақтарда жүретін атмосфералық алмасудың басты ерекшеліктері ғаламшарлық алмасудың әсеріне байланысты. Мысалы, солтүстік жарты шардың үстіндегі ауаның зоналық алмасу ағындары мұхиттық ауа массаларын батыстан-шығысқа қарай қозғап, 2-2,5 тәулікте біраз өзгеріске ұшырай, Қазақстанға жетеді. Осы кезде, яғни зоналық алмасу жүргенде, республика Еуразияның орталығында орналасқанына қарамастан, климаттың континенттігі азаяды. Сөйтіп, Қазақстанның жер бетіндегі атмосфералық алмасуы жалпы алмасудың бір тармағы болып табылады.

Республика аумағына негізінен ауа массаларының үш типі әсерін тигізеді:

    1. Арктикалық;
    2. Қоңыржай;
    3. Тропиктік.

Қазақстан мұхиттардан өте қашықта жатыр. Тынық мұхит  пен Үнді мұхиты үстінде қалыптасатын ауа массалары Қазақстанға жетпейді. Ауаның төменгі қабатындағы ылғал жол бойы бөлініп, жауын-шашын жазықтарға азырақ түседі. Қазақстанның климатына Атлант мұхиты мен Солтүстік мұзды мұхиты және оның теңіздері ғана әсер етеді. Жолында тау кедергілері болмағандықтан, ауа массалары солтүстіктен оңтүстікке қарай да, батыстан шығысқа қарай да еркін ығысып ауыса алады.

Арктикалық ауа массасы – солтүстік Мұзды мұхит үстінде және оның жағалық құрлықтар мен аралдарында қалыптасады. Арктикалық континентті ауаның температурасы қыста да, жазда да төмен, сондықтан ылғалды көп ұстап тұра алмайды. Ауа өте мөлдір құрғақ болады. Бүл ауа солтүстіктен, көбінесе қыста енген кезде Қазақстанда антициклонды ауа райы орнайды. Антициклондардың әсерінен табиғатта антициклондық ауа райы, яғни үлкен көлемдегі жоғарғы қысымдағы ауа құрғақ та ашық, қыста суық, жазда ыстық ауа райын қалыптастырады. Континентті арктикалық ауа республиканың оңтүстігіне өтпелі мезгілдерде жиі өтеді, көктемгі және күзгі үсіктер соған байланысты қайталанып отырады.

Қоңыржай ауа массасы – материктің орта ендіктерінде қалыптасады, өйткені Қазақстан түгелімен қоңыржай климаттық белдеудің оңтүстік бөлігінде орналасқан. Батыстағы Атлант мұхитынан келетін ауа теңіздік коңыржай ауасы деп аталады. Бұл ауа Қазақстанға жеткенше өте ұзақ жолдан өтіп, ылғалының көп мөлшерінен айырылып жетеді. Солай бола тұрса да батыстан келетін ауа ағындары республикаға түсетін жауын-шашынның көбін әкеледі. Мұхиттардан алыс қашықтықтарға көшкен ауа массасы біраз ылғал қорын жоғалтатындықтан біздің еліміздің аумағына жеткенде жауын-шашын азырақ түседі. Егер ауа массасы тау қабаттарына жетсе, олар міндетті түрде шың бойымен жоғары көтеріліп салқындайды немесе конденсацияға (сұйық түрге айналады) ұшырайды. Бұл ауа массасы қыста температураны жоғарылатады, жазда төмендетеді. Бұдан кейін осы ауа массасы Қазақстан аумағында ұзақ уақыт тұрақты қоңыр салқын континенттік ауа қасиетіне ие болады. Мұндай ауа массасы қоңыржай континенттік деп аталады.

Тропиктік ауа массасы – Қазақстанға  Орта Азия мен Иран аймағынан келеді. Континенттік тропиктік ауаны иран ауасы деп те атайды. Бұл ауаның келуі жазда байқалады. Қазақстанның қиыр оңтүстік аудандарын қамтиды. Арал теңізінің солтүстік жағалауы мен Балқаш көлінің арасын қосатын сызыққа дейін жетеді. Дәлірек айтқанда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын қамтиды. Жазда континенттік тропиктік ауа Қазақстан аумағы үстінде қалыптасады. Бұл тропиктік құрғақ ауа массасының қасиеті бар континенталды тұран ауасы оңтүстіктен келеді. Ауаның бұл типі әдетте Каспий маңы ойпаты, Тұран ойпаты, Оңтүстік Қазақстан облысы жерінде байқалады. Ол ауа ыстық, құрғақ және қапырық болады, сонымен бірге шаңды дауылдар жиі қайталанады.

 

4. Атмосфералық қысым — атмосфераның жер бетіне және ондағы заттарға түсіретін қысымы. Ол барометрмен, яғни сынап бағанасының биіктігімен (мм сын. бағ.), СИ жүйесінде паскальмен (Па), ал метеорол. ғылымында гектопаскальмен (гПа) немесе миллибармен (мб) өлшенеді. Теңіз деңгейінде атмосфералық қысым орташа алғанда 1013,25 гПа-ға (760 мм сын. бағ.) тең. Жоғарылаған сайын ауа тығыздығы кеміп, атмосфералық қысым азаяды. Жер бетіндегі қысыммен салыстырғанда 5 км биіктікте атмосфералық қысым 2 есе, 10 км биіктікте 4 есе, 15 км биіктікте 8 есе кемиді. Астана қаласының атмосфералық қысымы Алматыға қарағанда жоғары. Жер шарын қоршап тұрған атмосфера өзінің салмақ күші арқылы жер бетіне қысым түсіреді, оны атмосфералық қысым деп атайды. Қазіргі кезде атмосфералық қысымды гектопаскальмен (гПа) көрсетеді. Қалыптағы атмосфералық қысым ретінде оның теңіз деңгейіндегі орташа көрсеткіші (1013 гПа) алынады. Қысымы бірдей нүктелерді қосатын сызықтарды изобаралар деп атайды. Атмосфералық қысымды металдан жасалған барометр анероидпен өлшейді. Атмосфералық қысым Жер шарының кез келген бөліктерінде үздіксіз өзгеріп отырады. Тропиктік белдеуде қысымның тәуліктік өзгерістері айқынырақ байқалады. Кейде тәулік ішінде қысым айырмашылығы 20–30 гПа-ға жетуі мүмкін. Атмосфералық қысымның жылдық өзгерістері материктердің орталық бөлігінде күштірек байқалады. Мәселен, Гоби шөлінде бұл көрсеткіш тіпті 40 гПа-ға жетеді, мұнда қысым максимумы қаңтарда, минимумы шілдеде байқалады. Материктер шетіндегі муссонды облыстарда және мұхиттардың жоғары ендіктерде жатқан бөліктерінде атмосфералық қысымның жылдық ауытқулары едәуір болады. Владивостокта бұл көрсеткіш 14 гПа, ал Мумбайда (Бомбей) 10 гПа шамасында. Атмосфералық қысым биіктікке қарай да өзгереді, бұл, ең алдымен, ауа температурасының биіктікке қарай таралуына байланысты. Мәселен, Еуропада қысымның орташа жылдық көрсеткіші теңіз деңгейінде 1014 гПа болса, 5 км биіктікте – 538 гПа, 10 км биіктікте – 262 гПа, ал 20 км биіктікте бар болғаны 56 гПа ғана. Жер шарының басқа аудандарында да атмосфералық қысымның биіктікке байланысты өзгерістері шамамен осындай болады. Атмосфералық қысымның географиялық таралуы өте күрделі сипат алады. Өйткені ол географиялық ендікке, құрлық пен мұхиттың ара салмағына, жергілікті физикалық-географиялық, жағдайға байланысты болады. Жалпы Жер шарында географиялық ендіктерге байланысты 3 төмен қысым белдеуі және 4 жоғары қысым басым белдеу ажыратылатынын білесіңдер. Бірақ жеке материктер мен мұхиттар бойынша бұл белдеулердің жергілікті айырмашылықтары болады. Мәселен, қыс кезінде қоңыржай ендіктерде қалыптасатын максимумдардағы қысым Канада жерінде 1020 гПа болса, ал Азияда 1035 гПа-ға жетеді. Қысымның географиялық ендіктер бойынша таралу заңдылығы материктер мен мұхиттардағы қысым айырмашылықтарының болуына байланысты бұзылады: жазда материктердің қоңыржай ендіктерінде де төмен қысым байқалады. Қысымы төмен аймақтарды қысымның минимум немесе циклон деп атайды. Қысым жоғары болатын тұйық изобаралар жүйесін қысымның максимум немесе антициклон дейді. Ауа массалары үнемі қозғалыста болатындықтан, қасиеттері әртүрлі ауа массалары шектескен аймақтарда өте кең алқапты қамтитын (ені 50–900 км, ұзындығы 2000–3000 км-ге дейін жететін) өтпелі зоналар – атмосфералық фронттар қалыптасады. Фронттар ауа массаларының қозғалу сипатына қарай жылы және суық фронт деп бөлінеді. Жылы фронт кезінде жылы ауа салқын ауаны тез арада ығыстырып, жинақталған жылы ауа құйын тәрізді өрлеген ауа ағынын түзіп, циклондық әрекеттер күшейеді. Соның нәтижесінде бұлттылық күшейіп, жауын–шашын көбейеді. Жазда температура төмендеп, қыста керісінше жоғарылайды. Ал суық фронт кезінде салқын ауа жылдам қозғалатындықтан антициклондық жағдай қалыптасып, ауаның құйын тәрізді төмендеген ағыны түзіледі. Сондықтан суық фронт кезінде жауын-шашын біршама аз түседі. Жалпы алғанда атмосфералық фронт өткен кезде ауа райы кенет өзгеріп: температура мен қысымның ауытқуы, жауын–шашын түсуі, желдің бағытының өзгеруі мен жылдамдығының күшеюі сияқты құбылыстар жиі байқалады. Ауа массалары арасындағы осындай фронттар жиынтығынан климаттық фронттар қалыптасады. Оларға арктикалық, полярлық және тропиктік фронттар мысал болады. 

 

5. Ауа райын болжау – ауа райын алдын ала ғылыми негізде анықтау. Алдымен синоптиктік процестер (ауа массалары, антициклон, атмосфераның шебі, т.б.) анықталады, соның негізінде атмосфералық құбылыстар (жауын-шашын, тұман, боран, т.б.) болжанады. Уақыт ұзақтығына байланысты ауа райын болжау өте қысқа, қысқа (1 – 2 тәулікке), орта (3 – 10 тәулікке), ұзақ (бірнеше айға дейін) және өте ұзақ (бір жылдан астам) мерзімдік болып бөлінеді. Синоптикалық станциялардан келетін мәліметтердің өңделуі нәтижесінде циклондар мен антициклондардың, т.б. синоптиктердің нысандардың қозғалысы бақыланады. Ауа райын болжау үшін қысым және топография карталары, ғарыштық түсірімдер, т.б. мәліметтер қолданылады. Синоптиктердің жағдайларды болжау бірнеше кезеңнен тұрады:

1) Циклондар мен антициклондардың пайда болуын, дамуын және қозғалысын болжау;

2) Атмосфералық шептердің қозғалысын және өзгеруін болжау;

3) Атмосферадағы ағындардың бағытын болжау. 

 

Халықтың ауа райын болжауы. Жылан мезгілінде ұйықтамаса – күз ұзақ әрі жылы болады. Ордалы жылан, құрт-құмырсқа топ-тобымен басқа жаққа көше бастаса көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса басқа бір табиғаттың тосын апаты болады. Ит ұлыса жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі. Аяқ-қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса ауа райы өзгереді. Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады. Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады. Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады. Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол болып шығады. Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады. Қой тісін қайраса боран немесе дауыл болады. Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады. Қыста күн құлақтанып шықса суық болады, құлақтанып батса суық сынады. Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады, егер шетінен ыдыраса күн жылынады деген сөз. Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да, батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады. Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатындығының анық белгісі. Қызара батқан күн желдің, ашық сары болып батқан күн жаңбырдың белгісі. Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер. Ай қызыл түспен қораланып, әлгі шеңбер кеңейіп жоғалса, келесі күні ашық болады. Осындай екі шеңбер, немесе күңгірт бір шеңбер қатты суыққа көрінеді. Егер ай бұлыңғыр болса жаңбырға қарсы, ал ашық түсті ай ауа райының ашық болатындығын білдіреді. Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ. Мысық босағаны немесе ағаш тіреуді тырналап мазаланса, ауа-райы қатты бұзылады, жел тұрады немесе боран болады. Мұндайда үй иелері «боран шақырып тұр» деп мысықты зәбірлеп, ұрысып жатады. Бұл дұрыс емес, ол боран шақырып тұрған жоқ, күн райының бұзылатынын хабарлап тұрғаны. Мысық керіліп ұйқыға берілсе, ұзақ уақыт бойы ауа райы қолайлы болады. Тауық биікте қонақтаса, жаңбыр болады. Қыста тауық ерте қонақтаса, күн суытады. Тауық жерге аунап, қанатын қағып тазалана бастаса, жаңбыр жауады. Жаңбыр сіркіреп тұрғанда тауықтар далада жем іздеп жүрсе, онда ақ жаңбыр болады, яғни жаңбыр ұзаққа созылады. Әтеш қыстыгүні бір аяғын көтеріп тұрса, аяз болады. Жаңбырлы күндері әтеш таң ата шақырса, күн ашылады деген сөз. Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз сынады. Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса, күн суытады немесе боран болады. Қаз бен үйректер суға шомылып, қиқулап, қанаттарын қомдап мазасыздана бастаса, ауа райы бұзылады. Қызылқаз (қоқиқаз) былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа, жазда құрғақшылық болады. Егер ескі ұяны жөндеп, биіктететін болса, жаз жаңбырлы болады. Құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауын-шашынды болады. Далада көкектің «көк-ек» деген дауысын жиі естісеңіз, алдағы күндер ашық болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды.

 

Адамдар үздiксiз атмосфера жағдайын бақылап отырады: температура, атмосфералық қысым, желдiң бағыты мен күшi, ауа ылғалдылығы, бұлттылық, атмосфералық жауын-шашын. Атмосфералық жағдайдың ең негiзгi қасиетi — ауа температурасы. Ауа егер түссiз болса, қалай қызады? Ауа түссiз, сондықтан ол жер бетiне күн сәулесiн өткiзбейдi. Егер ыстық ашық күнде терезе шынысын ұстасаңыз, суық екенiн байқаған шығарсыз. Ол шынының түссiз және күн сәулесiн жақсы өткiзу қасиетiне байланысты. Ал күн сәулесi түсетiн заттар бетi жылынады, өйткенi ол күнмен  жылынады. Осылай атмосфера күн сәулесiн өзi жылынбай өткiзедi, ал жер бетi жылынады. Ол өзiнiң жылуын атмосфераға бередi. Сонымен, атмосфера жер бетiнен берiлетiн жылу арқылы жылынады. Ауа температурасы тұрақсыз, өзгергiш шама. Ол бiрнеше себептерге байланысты. Ауа температурасы биiктiкке байланысты өзгередi. Жер бетiне жақын бөлiгiнiң температурасы жоғары. Жер бетiнен алшақтаған сайын, температура төмендейдi. Мысалы, ыстық күнде тауға көтерiлгенде, альпинистер өзiмен бiрге жылы киiмдердi ала жүредi.  Әрбiр километрге көтерiлген сайын  ауа температурасы 5-6 С ке төмендейдi. Сондықтан биiк таулардың шыңдарын қар басып жатады. Сiздер тәулiк бойы  ауа температурасының өзгергенiн байқадыңыздар. Күндiз түнге қарағанда жылы. Атмосфераның ең жоғарғы температурасы 14 сағатта, ал ең төменгi температурасы күн шығар алдында байқалады. Жер шарының көптеген аудандарында ауа температурасы жыл мезгiлiне қарай өзгередi. Ауа температурасының жыл мезгiлi бойынша  өзгеруi  Күннiң көкжиек үстiндегi биiктiгiне байланысты. Ауа температурасы жер шарының  бетiндегi орналасуына да байланысты. Экватор ауданында  Күн жыл бойы көкжиек үстiнде өте биiк орналасады және жер бетi өте қатты қызады. Бұл жерде жыл бойы ыстық болады және ауа температурасы жыл мезгiлiне байланысты өзгермейдi. Ол шамамен +24 С –қа тең. Экватордан солтүстiк пен оңтүстiкке қарай Күннiң көкжиек үстiндегi биiктiгi жыл мезгiлдерi бойынша өзгередi, яғни осыған сәйкес ауа температурасы  да өзгередi. Солтүстiк жарты шарда жаз жылы, ал қыс суық. Ауа температурасы тұрақсыз, биiктiкке, тәулiкке, жыл мезгiлiне байланысты өзгерiп отырады.  Ауа негiзiнен жер бетiнен шығатын жылу арқылы жылынады.

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Т. А. Атақұлов, К. М. Ержанова, «Агрометеорология практикумы» - Алматы, 2007 ж.

  1. Т. А. Атақұлов, Б. Д. Дәндібаев, «Агрометеорология курсы бойынша оқу құрал» - Алматы, 1998.

  1. В. И. Чирков, «Агрометеорология» - Алматы, 1976.

  1. Г. Д. Герасименко, Г. Д. Влияние, «Гидрометеоиздат» - Алматы, 1981.

  1. www.google.com


 

 


Ауа-райы және оның өзгеру себептері, ауа массалары