Қазақтың салт-дәстүрлері

Той малы  
 
Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген « той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.

Дәмету  
 
«Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі).  
Дәметудің әр түрі бар Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.  
 
 
Қалың мал  
 
«Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» днп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», « отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», « жиырма жеті», « он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.  
Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).  
 
Күйеуаяқ  
 
Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.  
 
 
Түйемұрындық  
 
Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

Қыз қашар  
 
«Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.  
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.  
 
 
Құйрық бауыр  
 
«Құйрық бауыр» (салт). «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.  
Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет ғұрыптар әдетте әзіл қалжыңсыз, ойын сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай ақ осы «Құйрық бауыр» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әблмәжінұлының құдалығында «құйрық бауыр» ұсынғанда Қанапия қызы Орынбасар құдағи осы қазақы салттың ажарын мынадай өлеңмен өрнектей түсті. Осы құдаларға қарап, былай деп әндетті:  
 
Әр елде, әр ауылда әр салт дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.  
 
 
Балдыз қалың  
 
 
Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.  
 
 
Күйеу киімі  
 
Күйеу киімі (салт). «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! деп аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу міндетті түрде «күйеу киімін» киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас қыз келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді немесе сөзге, күлкіге ұшырайды. Сол бетімен қыз келіншектердің ортасына түскен күйеу небір азапты әзіл қалжыңға төзеді. Оның мінген атын «күйеу атымен күл тасы» дегендей ауыл балалары мініп алып қызыққа бөленеді. Бұл да ауыл салты.  
 
 
Қынаменде  
 
«Қынаменде» (дәстүр). «Қынаменде, жар жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?» (Абай). Бұл да ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.  
Күйеудің бұл жолы әр жерде әртүрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер «қалыңдық ойнау» дейді, кей жерде «ұрын келу» дейді. «Бір күні күйеу байғұс ұрын келді, Қисайтып жаман бөркін қырын келді» (Н.Ахметбеков).  
Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас жораларымен келеді. Мұны « есік көру» көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп танысып білісіп, тілдесіп көңілін демдейді.  
Әрине «ұрын келудің де кәде жоралары аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты.  
«Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады.  
Құда түскенмен, келісім жасалғанмен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс туғандары (аға інілері) қазақ әдет ғұрпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді.  
Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар, т.б.

Өңір салу  
 
Өңір салу (дәстүр). Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.  
Келін түскен үй бұлардың күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан (мата деген сөз) алады. Бұл да өңір (Ахмет Жүнісұлы).  
Өңір салу жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Мұны соңғы кездерде үлкен адамдардың өзі естен шығарып бара жатқаны өкінішті ақ.  
 
 
Шаңырақ көтеру  
 
Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «.... қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айрылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен кішісі, еркек әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.  
 
 
Шаңырақ түйе  
 
«Шаңырақ түйе» (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырқа түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса оны көрген жұрт « пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген. Ертедегі салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.  
 
 
Итаяғына салу  
 
Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина,күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.  
 
Қапқа салар  
 
Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол жоралғыларымен яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый сияпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.

Ау жар  
 
Ау жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау жар», біресе «ай ау», біресе, «бике ау», біресе «үкі ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:  
 
Бұл жырдың бәрінде де әдеп, өнеге, тәлім тәрбие, халықтық салт сана мектебінің тамаша үлгісі жатыр.  
 
 
Сыңсу  
 
Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанр алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді.  
 
Базардан келген құйысқан  
Тарамай шашым ұйысқан.  
Келіп кетіп жүріңдер,  
Сағындырмай туысқан  
деп өзінің өтінішін де айта жүреді.  
Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.  
 
 
 
Үй көрсету  
 
Үй көрсету (дәстүр). Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге» (шығыс жақ «отқа шақыру» дейді» яғни есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны « ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне (үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. Мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын яғни әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны да бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.  
 
 
 
Қыз ұзату  
 
«Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны әрине қимастық көңілі.  
Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады.  
Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады

Сәукеле кигізу  
 
Сәукеле кигізу (салт). «Қара мақпал сәукеле, шашың басар жар жар ау» (жар жар). Өмірде қазақ салт дәстүрлерінің түрлері көп. Соның ішінде қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бір бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат. Бұған құда құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқандай әсер етеді.  
Сәукеле туралы бірер сөз. Сәукеле келіншек киімі. Ол бас киім ғана емес қазақ сән салтанатының, салт дәстүрінің мәдениеі мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс! ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған.  
 
 
Отау көтеру  
 
Отау көтеру (салт). «Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші көлем, жақын туыс, нағашы жиендер тегіс араласады. Кесе аяқтан бастап үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға,сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көірмдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.  
Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.  
 
 
Атбайлар  
 
Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар.  
Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туытсра оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».  
«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.  
 
 
Аушадияр  
 
Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жасағыр жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.  
Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады.  
Аушадияр бір болар,  
Жаманның көңілі кір болар.  
Ата анасын сыйлаған,  
Ақ шалмалы би болар.  
Аушадияр екі дер,  
Ержеткеннің еркі дер,  
Омырауы толған он түйме,  
Қыз баланың көркі дер...  
Аушадияр төрт болар,  
Қыздың қойны өрт болар.  
Екі жақсы қосылса,  
Өле өлгенше серт болар.  
 
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.  
 
 
Есік ашар  
 
Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады.  
Ойын тойсыз, әзіл қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен кіші бір жасап қалады.

Жасау  
 
Жасау(салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс аяқ, төсек орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.  
 
 
Жігіт түйе  
 
«Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.  
 
 
Сүт ақы  
 
Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.  
Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.  
 
 
Өлі тірі  
 
"Өлі тірі" (дәтүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі тірі» яғни кәделі мал жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызы жол жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі тірі өткен соң өлген күеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.  
 
 
Жолдық  
 
 
Жолдық (дәстүр). «Қайным, жолдығымды ұмытпа, толымды болсын, деді жеңгесі Қаным күле сөйлеп» (ел аузынан). Алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп өздеріне төсек салып алаңсыз, жайлы жатуына жағдай жасайтын әйел әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен бірге, әзіл қалжыңын араластыра жүріп, алғашқы төсек ләззатының жөн жосығын, әдет ғұрпын түсіндіреді. Ертеңіне келіннің пәктігіне де осы жеңге куәлік береді. Мұндай сәт әдепті, үлгілі, үлкен кіші бірдей сыйлайтын, бала шағалы келіндерге ғана тапсырылады. Бұл күн жұптық, некелік өмірдің ұмытылмас сәттерінің бірі. Сондықтан бұл түнді көңілді әрі жайлы өткізудің орны мүлде бөлек. Бұл күтіп, қайнысының жылы төсектен тұрған сәтін күтіп тұрып, « ерініңді жібіттім, қойыныңды жылыттым, енді жолдығымды бер» деп назданады. Жөн білетін қайнысы жеңгесі риза болатындай «жолдығын» беріп, ерлі зайыптының алғашқы таңын күліп қарсы алады.  
«Жолдықтың» жолы бөлек. Сондықтан оған аталатын кәде де толымды әрі бағалы болады.

Беташар  
 
Беташар(дәстүр). «Уә әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар «көрімдік» береді. Бет ашатын жігіт ән жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.  
 
Келін келді көріңіз,  
Көрімдігін беріңіз.  
Анау мынау демеңіз,  
Түсін айтып қойыңыз,  
деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі. Осы заманғы үлгісі деп Қазақстан Республикасының халық ақыны Қонысбай Әбілевтің Торғай жерінде Жасұлан мен Ұлбосынның үйлену тойындағы беташарын беріп отырмыз.  
 
Қыз көші  
 
Қыз көші (салт). Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілермен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән-күймен ереді. Былайша айтқанда көште ерекше салтанатты жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атайды. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады.  
 
 
Жарысқазан  
 
Жарысқазан (ырым). Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.  
 
 
Беташар — қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген.

Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Мысалы, сол шаңыраққа жақын ауқатты туыстары құлынды бие, енді біреулері отауға тігетін киіз үй, т.б. берген. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. Келіннің бетін ашушы жас келінді ауылдың ардақты адамдарына, күйеуінің ағайын-туыстарына таныстыру шумақтарын өзінше суырып салып айтуы шарт. Ол үшін жырау не ақын екі-үші күн (кейде 10 — 15) бұрын сол оттың басына келіп, дайындық жасаған. Үй иесі оның бет ашқан еңбегіне беретін сыйлығын (ат, түйе, бірнеше уақ мал, т.б.) алдын-ала атап қоятын болған. Егер оның айтқандары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. “Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық” деген мәтел де осыдан туған.  Беташар айтылып болған соң сол үйге туыс жасы үлкендер, көрші-қолаңдар жас келіннің қолынан “шәй ішу” рәсімін өткізген. Бұл кезде жас келінге өзіне тетелес сол үйдегі не жақын абысыны көмекке келген. Абысын-ажын арасындағы болашақ татулық осы арадан басталған. Осы бірінші дастарқан үстінде келіннің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, т.б. назар аударылып, ол алғашқы сыннан өткен. Соңынан жасы үлкен, халыққа қадірлі қария келінге бата берген. Қазақтың беташар салты жаңа заманға да бейімделіп, жалғасын табуда. Қазіргі кезде беташар салты той асының алдында өткізіліп жүр. Бұл туралы мақалаӘуезовтің «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген зерттеуінің ішіне кірген тараулардың бірі. Зерттеуші салт өлеңдерінің құрамында беташардың алатын орнын, мазмұндық ерекшелігін анықтаған. Беташардың қандай жағдайда, қашан, қалай айтылатынын сөз ете келіп, Әуезов бұл өлеңнің танытқыштық, тәрбиелік және керкемдік мәнін ашқан; мұның тұрақты мәтіні (тек- сі) болатыны, онда қазақ отбасында жаңа түскен келінге арналатын өсиет пен міндет іріктеліп керсетілетіні; жас келіннің жаңа келген елінде әдепті, еңбекшіл, өнегелі, үлкен мен кішіге ізетті болуға тиістілігі ғибрат, ескертпелерінде берілетіні айтылған («ел-жұртына жақ, келін, ата-енеңді бақ, келін, кісі келсе, үйіңе, киізіңді қақ келін... өзіңнен үлкен адамның, бетіне тіке қарама... сәлекет боп отырма, еркектей боп жүгініп, бір тізелеп жөн отыр, төмен қарап бүгіліп, қатты қылып сөйлеме, ақырын сөйлемңдіріп...»). Беташар өлеңінде отбасындағы ңлгілі ұйел қандай болуы керектігі туралы хапық- тыһ ғасырлар бойында қалыптасқан ұдеп норма- лары, өнеге тізбегі, адамгершілік дңниетанымы, ұйелдердіһ адам тұрбиесіндегі айрықша орны көрініс тапқан. Қазірге дейін айтылып, қажетке жарап келе жатқандығы бұл өлеңдердің өмір- теңдігін көрсетеді. 

 

Абысын асы (салт). «Абысын тату болса ас көп» (мақал). Бұрын бір ауылдың әйелдері яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі аттанып кетеді де ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатын кезі міне осы сәт. Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып жылы-жұмсағын қазанға салып, шәй қойып өздері бір кеш сауық жасайды,өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дастарханды кең жайып дәм татады. Міне, осы бас қосу, осындағы дәм «абысын асы» деп аталады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі болатын.

Айрылысар көже (салт). Көрші қонғанда «ерулік» беріп, қыстай немесе жаздай бірге отырған, сйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда олар енді «айрылысар көжеге» шақырады. «Көже» деп сыпайылап атағаны болмаса сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді. Бұдан олардың бірін-бірі сыйлау, қимастық көңілдері көрінеді. «Айрылысар көже» - адалдық әрі әдемі дәстүр.

Ат тергеу (дәстүр) – «Тентегім, сен теріс айтып жатырсың» (М.Әуезов). Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайынсіңілісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып «мырза қайнаға», «бай атам», «би атам», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке» , Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік,көргендік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады. Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Біркеліншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!» - депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атай алмай тұр екен! Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден: «бұл кімнің ауылы» деп жөн сұрапты. Сонда келіншек «өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы» депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен. «Ат тергеу» басқа жағдайларда да қолданылады. Мысалы, халық қасқырды «ит-құс» деп, қорасан, шешек,қызылша сияқты ауруларды «әулие» деп атайды. Ол осындай пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырым.

 

Артынан топырақ  шашу (дәстүр). «Кесапатты адамның артынан бір уыс топырақ шашу — пәле-жаланы аластау» («Ана тілі» газетінен). Халықта ел қатты жек көрген қылмыскерлер мен опасыздарға, қарғыс алғандарға немесе өзі кінәлі бола тұра ел-жұртын кінәлап ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқандарға әбден көңілі қалып, қаны қарайған кездерде көпшілік олардың артынан топырақ шашатын әдеті бар. Бұл — әрі жаза, әрі «қараң батсын» деген қарғыстың, «енді көзге көрінбе» деген аса қатты ескертудің ауыр сабағы. Мұндай адамдардың елі атын атамаған, есімін еске алмаған. Қазіргі кезде біреуді (әсіресе қайтыс болған адамды) сыртынан жамандау деген мағынада қолданылады.

 

 

Есік Көрсету, есік ашар — жаңа түскен келінді күйеу жігіттің туған-туысқандары мен дос-жарандарының өз үйлерімен таныстыру мақсатымен қонаққа шақыру рәсімі. Келінкелген жеріндегі үлкен-кіші, ағайын жұртымен осылайша жақындасып, араласа бастайды. Осы рәсім арқылы келіннің үлкен кісілерді, кімнің кім екенін танып-біліп, оларға құрмет көрсетуіне жол ашылады. Есік көрсету рәсімі арқылы келіннің елмен таныс-білістігі артады, туыстарының жай-жапсарын толық ұғады. Кіммен қалай қарым-қатынас жасау керектігінің жөн-жосығын аңғарады.

Естірту– қазаға ұшыраған адамның қайғылы хабарын оның жақын туыстарына хабарлау рәсімі. Ауыр қаза, қайғылы оқиғаны жанашырларына, ел-жұртына өлеңмен Естірту дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ардақты азаматы не батыр-бағланы өлген үйдің жанкүйер жақын, туыстарын азалы хабарға дайындап, әзірлеп алу үшін естірту, көбінесе, “Аққу ұшып көлге кетті, сұңқар ұшып шөлге кетті, ол адасып кеткен жоқ, әркім барар жерге кетті” деген сияқты салыстырулар түрінде болған. Мысалы, Байшуақ өлгенде баласы Байғараға Қазбасты шешен келіп: “Алып арыстан құласа, жан беруші бар ма екен. Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен” деп естіртеді. Осы секілдіҮмбетей жырау да Бөгембай батырдың өлімін өлеңмен естіртіп, оның жау шебіне жалғыз шапқан ерлігін баяндайды. Естірту кейде күңіренген күй сазымен де орындалатын болған. Бұған Жошының аң алуап жүріп өлген ұлының өлімін оған күймен естіртуіі дәлел. “Ақсақ құлан” күйі осылай туған. Естіртудің соңы көңіл айтып, қайғылы хабарға ортақтасып, жұбатуға ауысады.


Қазақтың салт-дәстүрлері