Бауыржан-аты айналған батыр
Өңірімізде аты аңызға айналған хас батыр, даңқты қолбасшы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ғасырлық мерейтойын өткізу шаралары басталды. Облыстық кешенді жоспарға сай бағдарламалық іс-шаралардың тырнақалды жобасы Батырдың кіндік қаны тамған топырақтан бастау алды. Осы аптада ауданымызда ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Батырдың бай өмірлік, әскери, рухани және шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстырып, оның бойына елжандылық қасиеттерді сіңіруді көздеген бұл іс-шараға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КМҚК, «Нұр Отан» ХДП облыстық филаилының «Жас Отан» жастар қанаты мен олардың аудандық бөлімшелері ұйытқы болды.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КМҚК директоры Д.Қайыпов, «Бауыржан Момышұлы ХХІ ғасыр көгінде» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, профессор М.Мырзахметұлы, Баукеңнің немере інісі Б.Момынқұл бастаған облыстық жастар ұйымдарының өкілдері мен «жасотандықтар» алдымен Батыр ескерткішіне аялдап, оған гүл шоқтарын қойды.
Әрі қарай іс-шараға қатысушылар «Достық» мәдениет үйіне келіп, фойедегі жергілікті батыр мұражайы мен «Бауыржантану» орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалады. Мұражай меңгерушісі Е.Жапарбекова келушілерге Баукең өмірінің балалық және жастық шағынан, әскери және жазушылық кезеңінен мол мағлұматтар берді.
Ғылыми-практикалық конференцияның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Б.Қарашолақов пен Б.Момынқұл алда күзде ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін осынау айтулы оқиғаның жас ұрпаққа берер пайдасы мен маңызына тоқтала келе іс-шараның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Сарысу ауданынан келген жас ақын Н.Ермеков өзінің хас батырға арнау өлеңін оқып берді. Әсем безендірілген сахнаның бір қапталындағы мультимедиа экранынан тақырыпқа қатысты деректі құжаттар қабат көрсетіліп отырды.
Конференцияның пленарлық отырысында облыс орталығынан келген бір топ ғылыми-шығармашылық өкілдері Бауыржан мұрасына арналған шағын баяндамасын көпшілік қауым назарына ұсынды. Батырдың көзі тірісінде онымен 30 жылдай дәм-тұздас болған жамағайыны, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Баукеңнің былайғы жұртқа беймәлім қырларынан тағылымды сыр шертті. Ол сондай-ақ өзі басқаратын «Бауыржантану» орталығының Батырдың мұрасын жинақтап, халыққа жеткізу жолында істеп жатқан игілікті істерінен хабардар етті. Орталық қызметкерлері бірнеше жылдан бері Бауыржан Момышұлының әскери және әдеби-рухани мұрасын зерделеп, жинақтауда өлшеусіз тер төккен. Бастапқыда 30 томға шақталып, жинақталған дүниелер 40 томнан асып жығылыпты. Бүгінде оның 15 томы «Өнер» баспасынан жарық көріп үлгірген. Алла бұйыртса, оқырман қауым онымен таяу арада толық қауышатын болады. Баспаға қажетті қаражаттың бәрі бар. Облыс әкімі Қ.Бозымбаев 50 миллион теңге бөлдірді. Енді осы қаржыны шашау шығармай, кітаптарды көркем, көз тартатындай етіп шығару міндеті тұр.
Шымкент заң колледжінің кафедра бастығы, полиция полковнигі, саяси ғылымдар кандидаты Е.Абдраимовтың «Бауыржан – ұлттық батыр», Тараз мемлекеттік педагогика институты «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Исматованың «Аты аңызға, сөзі нақылға айналған ата», Қ.Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының профессоры А.Белботаевтың «Бауыржан Момышұлы және мемлекеттік тіл», Тараз қаласындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі М.Дастанованың «Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романындағы монологтың рөлі» және т.б. баяндамаларда Батырдың халқы алдындағы сіңірген еңбегі сан қырынан ашыла түсті. Жамбыл облысының құрметті азаматы, зейнеткер Х.Бейсеев өзінің жақында арнайы шақыртумен Мәскеуде өткен Баукеңнің 100 жылдық мерейтойынан алған әсерлерімен бөлісті.
Конференция Бауыржан Момышұлының этнопедагогикалық, психологиялық, философиялық, мәдени-әдеби және рухани бай мұрасын жинақтау ісін жалғастыруға, оның елжандылық маңызын жастар арасында кеңінен насихаттау үшін жыл сайын конференциялар ұйымдастыруға қарар алды. М.Мырзахметұлы Баукеңнің 18 жасында Сарысуда мұғалім болып, бала оқытқанын ескеріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына Бауыржан Момышұлы есімін беруді облыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізу туралы ұсыныс айтты. Тараз қаласындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі М.Дастанова Батырдың кіндік кескен жұртында жыл сайын «Бауыржан оқуларын» өткізіп тұруды ұсынды.
Аңыз-Батырдың есімін ұлықтау жөніндегі шаралар өңірімізде жыл соңына дейін жалғасады.
Абылай СӘРСЕН, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы
Бәукеңмен мен қалай кездестім?
1943 жылдың қысы болатын. Мен Жамбыл қаласындағы облыстық оқу бөлімі жанынан ашылған он айлық мұғалімдер курсын бітіріп, Талапты жеті жылдық мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезім. Қыстың бір күні «ауылға Бауыржан Момышұлы келді» деген сөз тарады. Сол тұста «Социалистік Қазақстан» газеті Бауыржанның соғыстағы ерліктері туралы көп жазатын. Оны біз қызыға оқып, шәкірттерімізге айтып отыратынбыз.
Міне, көптен күткен күн де келді. Батырды көруге бір ғана Талапты емес, басқа ауылдардан да адамдар көп жиналды. Түс шамасында ақ боз атқа мінген, үстінде ақ тоны, тапанша кабуры бар, белін былғары белбеумен буынған, басында папахасы бар отыздардан жаңа асқан жас жігіт келді. Қасында ауданнан ілескен төрт-бес адам бар. Клуб маңында су жиналып лай болып жататын шұңқыр болушы еді. Сол тұста алда келе жатқан Бауыржанның аты омбылап, әрең шықты. Батыр оған қарамастан аттан секіріп түсті де, ауыл қарияларымен амандасты.
Клуб іші тар. Оның алдыңғы жағына әр ауылдан жиналған белсенділер отырып алған. Ал ауыл қариялары мен ақ жаулықты аналар олардан кейінгі қатарларда отырған. Ал өзгелері түрегеліп тұр.
Бәрі жайғасып болған соң төрде отырған Бауыржан орнынан тұрып, алдыңғы қатарда отырған белсенділерді тұрғызды. Олардың орнына артта отырған Дошанай молда, Мұса, Әліпбай, Дәуіт, Әбдікерім бастаған тағы бір топ қарттар мен ақ жаулықты аналарды өзі сүйемелдеп, қолтықтап отырғызды. Біз жастар сонда Бауыржанды тағы бір қырынан танығандай болдық. Ол – үлкенді сыйлау еді. Ал ол тұста белсенділерді құрметтеу жаппай етек алған болатын.
Міне, бізге Бауыржан осы іс-әрекетімен үлгі көрсетіп кетті. Оны ауыл қариялары ұзақ уақыт әңгіме қылды. Батасын беріп жүрді. Бауыржан Отан, ата-бабаларымыздың батылдығын, сондай-ақ өзі басқаратын батальонымен 25 рет жау қоршауын бұзып шыққандығын, ондағы қазақ жігіттерінің еш ұлттан кем еместігін, соғыста нағыз ерлерше шайқасып жүргендерін жыр етіп айтты. Тұс-тұстан сұрақтар да қойылып жатты. Сіз басқаратын бөлімде жуалылық жауынгерлер болды ма? – деп сұрақ қойды біреу.
- Осы Жуалыдан мына Құлый атадан Барақаттың Сатан деген баласы болды. Ел қатарлы соғыс ауыртпалығын көтере білді. Соғыста туған бауырыңа да жеңілдік жасай алмайсың. Соңғы кезде ғана жастығын ескеріп хозвзводқа ауыстырдым, - деді.
Соғыстағы шеніңіз қандай?
деген сұраққа Бауыржан:
«подполковникпін, мыңбасымын»
деді. Одан әрі ол қазақ халқының жақсы салт-дәстүрі, бала
тәрбиесі, үлкенді
сыйлау және өзі туралы
біраз әңгімелер
айтты. Көбісі
есімізде қалмапты.
Ал маған «Оқуға тұрарлық бала
болса оқыт, ал
оған
арзымайтын болса өкпем
жоқ»
деп иығымнан қағып аттанып
кете барды. Бұл Бауыржан
Момышұлымен
алғашқы
кездесуім болатын.
