Бұзақылық қылмысының түсінігі мен маңызы

МАЗМҰНЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

Дипломдық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл дипломдық жұмыс бұзақылық қылмысына талдау жасау және де аталған қылмысқа қылмыстық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтық мәртебесі мәселелерін толық және жан-жақты зерттеу жасауға деген ұмтылыс болып табылады.

Дипломдық жұмыс тақырыбының  өзектілігі. Қылмыстардың қоғамдық қауіптілігінің өсуі және соның ішінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдағы адамгершілікке қол сұғатын қылмыстар 1997 жылғы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде, әсіресе оның «Бұзақылық» деп аталған 257-бабынан көрініс тапқан.

Сонымен, бұзақылық дегеніміз - қоғамды анық құрметтемеуiн бiлдiретiн азаматтарға қарсы күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленетiн әдепсiз iс-әрекет жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртiптi тым өрескел бұзушылық.

Қылмыстық құқықтың қазiргi жай-күйiн бағалай отырып, тұтас алғанда оны серпiндi дамыту қамтамасыз етiлдi деуге болады. Қолданыстағы Қылмыстық кодекс - қылмысқа қарсы күрестiң, адамның құқықтары мен бостандықтарының, мемлекет пен қоғамның мүдделерiн қылмыстық-құқықтық қорғаудың жеткiлiктi пәрмендi құралы.

Қылмыстық құқықты одан әрi дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргiзiлуге тиiс. Iзгiлендiру - ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары - жүктi және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиiс. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кiнәлi, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кәнiгiлiгi кезiнде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргiзу қажет.

Қылмыстық құқықты одан әрi жетiлдiру адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтiн заңдардың сапасын арттыруға байланысты, ол заң тұрғысынан дәл әрi оның салдарларының болжамды болуы талаптарына сәйкес келуi тиiс, яғни оның нормалары жеткiлiктi дәрежеде нақты тұжырымдалуы және құқықтық iс-әрекеттi құқыққа қайшы iс-әрекеттен айыруға мүмкiндiк беретiн ұғымды өлшемдерге негiзделген болуы тиiс, бұл ретте заң қағидаларын өз бетiнше түсiндiру мүмкiндiгiн болдырмау қажет [1, 2].

Көптеген әлеуметтік зерттеулер ресми мәліметтердің  Қазақстанда жасалып жүрген бұзақылық актілерінің нақты санын және осы қылмыстық қол сұғушылық түрімен күрес жүргізудің жай-күйін көрсете алмайтынын айғақтайды. Бұзақылық актісінің жасырын жасалу деңгейінің жоғарылығы қылмыстылықтың осы түрінің шын мәніндегі көлемі туралы, келтірілген шығындарының дәрежесі мен сипаты жөніндегі көріністерді жәй ғана елестетіп, қылмыстың жасалуына жағдай туғызған мән-жайларды анықтауға қиындықтар туғызады.

Қылмыстың осы түрі, әсіресе  еліміздегі әрқайсысы өз мүдделерін мәлімдеуге, өздерінің бар екендігін заңсыз жолдармен көрсетуге тырысқан жастардың жаңа топтары мен соның ішінде ұлтшылдық бағыттағы қозғалыстарының пайда болуына негізделіп отыр деп айтуға болады.  Кейде осындай жастар тобының іс-әрекеттері шектен шығып, қаланың және жеке меншіктің мүлкін құртуға дейін ұласады. Осының бәрін осындай субъектілер саналарына салып, ой елегінен өткізе бермейді. Бұл, әрине, өз кезегінде қоғамда орасан зор дабыл қақтырып қана қоймай, сонымен бірге жаппай тәртіпсіздікке, одан қалды ұлтаралық алауыздық тудыруға себеп болатыны сөзсіз.

Мұндай қылмыс түрінің күрт ернеуінен асып кетуі мұндай әлеуметтік құбылыстарға қарсы келетін әрекет жасау мен күрес жүргізуге әзір емес құқық қорғау органдарын аяғынан тік тұрғызды. Сол кезде, тергеу мен сот тәжірибесін талдау осындай қылмыстарды ашу мен тергеу кезінде құқық қорғау органдарының айтарлықтай қиындықтарға тап болатындықтарын айғақтайды. Бұл сонымен бірге қылмыскерлердің ойлау деңгейінің өсуімен, олардың ұтқырлықтарының, техникалық жабдықталуымен және сол сияқты осы қылмысты ашу мен тергеудегі тәжірибенің жеткіліксіздігімен, осы саладғы мақсатты ғылыми зерттеулердің жоқтығымен түсіндіріледі.

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты бұзақылық жасаудың мәні, мақсаттары, себептері, нысандары мен әдістері туралы және тергеу мен соттық тәжірибелерін қорытындылау, тергеудің бастапқы және одан кейінгі кезеңдерінде пайда болған тергеулік жағдайларды талдау мен болжап-бағдарлау, бұзақылықты тергеудің әсерлілігін көтеруге, яғни жеке криминалистикалық әдістеме құруға бағытталғын ғылыми негізделген ұсынымдар негізінде кешенді ұғым қалыптастыру болып табылады.

Аталған мақсаттарды  іс жүзіне асыру үшін мынандай міндеттер  қойылады:

- бұзақылық туралы  жинақталған теория мен тәжірибелерді  қорытындылау, талдау жасау және жүйелендіру;

- бұзақылықпен күрес жүргізудің қазіргі жай-күйін зерттеу;

- бұзақылық жасауға  ықпал етуші объективті және  субъективті факторларды ашып білу;

- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша бұзақылықтың қылмыстық құқықтық саралаудың ерекшеліктерін айқындау;

- бұзақылық қылмысы  үшін қылмыстық іс жүргізуге  қатысушылардың құқықтық мәртебесіне  талдау жасау;

- бұзақылық қылмысын  алдын-алу тәжірибесін жетілдіру  жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдар жасап және оларды тұжырымдау.

Дипломдық жұмыстың теориялық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасы министрліктері мен ведомстволарының заңды нормативтік актілері, криминалистика, экспертология, жедел-іздестіру қызметінің, қылмыстық құқық және іс жүргізу теориялары туралы, сондай-ақ ғылыми білімнің басқа салаларының ғылыми және арнаулы әдебиеттері құрайды.

Жұмысты жазу барысында  қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу, криминалистика, криминология, соттық психология және ғылыми білімнің кейбір басқа салалары бойынша әдебиеттердегі осы зерттеліп отырған құбылысқа қатысты теориялық талдаулар, ғылыми ойлар мен тұжырымдамалар қолданылды.

Өзіміздің бұл жұмысымызда  теориялық мәселелер мен практикалық  ұсынымдарды қалыптастыру мен талдауда баға жетпес көмек көрсеткен Ағыбаев А.Н., Әпенов С.М., И.Ш.Борчашвили, М.М.Оразәлиев, Төлеубекова Б.Қ., Сарсенбаев Т.Е., Қайыржанов Е.І., Алауханов Е., Нұртаев Р.Т., Култеев Т.М., Утанов М.А., Маликова А., Шубин В.В., Люблинский П.И., Гурвич В.Я., Мокринский С.М., Ной И.С.,  Еропкин М.И., Нигай М.А., Блиндер Б.А., Шаргородский М. Д. сияқты және басқа да белгілі ғалымдардың еңбектеріне арқа сүйедік.

Дипломдық жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңыздылығы. Зерттеудің теориялық маңыздылығы жұмыстағы негізгі ережелер, ондағы тұжырымдалған қорытындылар мен ұсынымдар қылмыстың криминалистикалық сипаттамасын, криминалистика ғылымының бөлімі ретіндегі криминалистикалық әдістемелерді және жалпы криминалистиканы одан әрі жетілдіре түсуге үлес қосатындығымен көрінеді.

Жұмыстың теориялық  маңыздылығы сонымен бірге қылмыстың осы түрін тергеудің дербес мамандандырылған жеке криминалистикалық әдістемелерін монографиялық деңгейде кешенді зерттеуден және өңдеуден тұрады. Зерттеу нәтижелерін ҚР ҚК 257-бабында көзделген бұзақылықпен қылмыстық-құқықтық құрамы бойынша сабақтас басқа да қылмыстардың жеке криминалистикалық әдістемелерін одан әрі жетілдіру үшін пайдаланылуға болады. Жұмыстың теориялық және тәжірибелік тұжырымдары мен ұсынымдарын ғылыми криминалистикалық зерттеулерде, ғылыми әдебиеттер, «Криминалистика» пәні бойынша оқулық және әдістемелік құралдар дайындау кезінде, заңгерлік жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының оқу процесінде пайдалануға болады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы зерттеудің негізгі мақсаттары мен талаптарына сай келеді. Жұмыс кіріспеден, жеті бөлімшені біріктіретін екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

1 ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ БҰЗАҚЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСЫ-НЫҢ  ТҮСІНІГІ МЕН САРАЛАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1.1 Бұзақылық  қылмысының түсінігі мен маңызы   

Қылмыстың бұл түрі қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың ең қауіптісі  болып саналады. Еліміз дүние жүзінде  дамыған 50 мемлекеттің қатарына өту  үрдісінде. Осыған орай, қылмыстық заңды  жетілдіру, халықаралық нормалардың тиімді жақтарын пайдалану, қоғамға шамалы қауіпті емес іс-әрекеттерді қылмыс қатарынан шығару, қылмыстық жазаны ізгілендіру және қылмыстық құқықтың жұрт таныған халықаралық тиімді қағидаларын заңдарды жетілдіруге пайдалану мәселелерін зерттеу-көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр.

Қылмыстық заңда көрсетілген  міндеттерді жүзеге асыру үшін Қылмыстық  кодекс қылмыстық жауаптылықтың  негізін белгілейді. Демек, қылмыстық  заңда көрсетілген іс-әрекеттерді  істеген адам осы заңда белгіленген  негізде ғана жауапқа тартылады. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-бөлігінде әр адам оның қылмыс жасағандығы үшін кінәлілігі дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп саналады [3].  Ол үшін, қылмыстық заң, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшін қандай қауіпті іс-әрекеттер қылмыс болып табылатынын және оларды жасаған кінәлі тұлғаларға жазаның түрін белгілейді.

Қылмыстылықтың санын  азайтуда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан кең көлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік шаралардың арқасында тұрақты ұйымдасқан қылмыстық құрылымдар, ұйымдасқан топ пен қылмыстық бірлестіктердің істеген ауыр қылмыстары әшкерелініп, ауыздықталуда. Қажетті қылмыстық заңдардың болуы, оның іс жүзінде әділ қолданылуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, қылмыс істеген адамның лайықты қылмыстық жауаптылыққа тартылуы азаматтарды заңды құрметтеуге тәрбиелейді және олардың заңға деген сенімділігін арттырады. Ұзақ жылдар бойы орын алған кеңестік әміршілдік-әкімшілдік тоталитарлық жүйе, жеке адамға табыну, тоқырау және қайта құру кезеңдерінде қылмыстылық өршігенін негізгі себеп дей тұрсақта, өрескел мінез-құлықтарды насихаттайтын әдебиеттердің, шет ел фильмдерінің ықпалынан туындайтын бұзақылықтың қоғамдық тәртіпке, азаматтардың тыныштығына зардабын тигізетін, кей кезде басқа, одан гөрі ауыр қылмысқа итермелейтін қауіпті қылмыс екенін және оның жылдар бойы қоғамнан қалмай келе жатқан дерт екенін мойындау керек. Сондықтан, бұзақылықты жасаған адамдарға істеген іс-әрекеттерін дұрыс саралап, қылмыстық жауаптылықты заңға сәйкес белгілеу, осы қылмыспен күресуге пәрменді әрі тиімді жағдай туғызады.

ҚР ҚК-тің 257-бабына сәйкес бұзақылық деп, яғни қоғамды анық құрметтемеуiн бiлдiретiн азаматтарға  қарсы күш қолданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленетiн әдепсiз iс-әрекет жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртiптi тым өрескел бұзушылықты айтамыз [4]. Бұл қылмыстың түрінде, адамгершіліктің жалпы қабылдаған қалыптарын көпе-көрінеу жоққа шығару, азаматтарға қатысты құрметтемеушілік, анархизм, эгоизм, қатыгездік т.б.с.с. қоғамдық тәртіпке қарсы әрекеттер анық көрініс табады. Сот тәжірибесі көрсеткендей, бұзақылық үшін сотталғандардың 80 % әрекеттерінде азаматтарға күш қолданумен, бөтеннің мүлкін бүлдіру немесе  жою сияқты әрекеттер көрініс табады[5]. Сонымен қатар, бұзақылық, көбінесе өзге ауыр қылмыстардың жасалуына әкеп соқтырады. Яғни, қылмыстың бұл түрімен күресу, құқық қорғау органдарының басты міндеті болып келеді. Осыдан, қоғамдық тәртіпті қылмыстық-құқықтық қорғауға арналған теориялық мәселелерді дайындаудың өзектілігі және маңыздылығын көреміз. Бұл қылмыстың мәнін дұрыс түсіну, бұзақылық әрекеттерді саралауда,  басқа қылмыс түрлерінен шектеуде және онымен күресуде маңызы өте зор. Негізінен қылмыстың бұл түрі құрамдас болып келгендіктен, ғалымдар арасында бұл қылмыстың белгілері және заңи конструкциясы жөнінде  көптеген дискуссиялар болып жатыр.

Сот тәжірибесі көрсеткендей, осы қылмыстарды саралауда, бұзақылықты  басқа қылмыстардан дұрыс шектеуде, елеулі қиындықтарға байланысты қателіктер аз жіберілмейді. Соның кесірінен, азаматтардың Конституцияда көрсетілген құқықтары мен заңды мүдделері бұзылады. Бұзақылық  қылмысының құрамына  анализ жасағанда, әсіресе, қылмыстың объектісі мен объективтік жағы қиындыққа әкеліп соғады. Сонымен қатар, қылмыстың субъективтік жағын  анықтаудың да маңызы өте зор. Қылмыстық теорияда, бұзақылықты жанама ниетпен жасалуы мүмкіндігі туралы  дискуссиялар  аз емес.

Құқық қорғау органдарының тәжіриебесінде, бұзақылықпен күресуде көптеген қиындықтар аз емес, сондықтан да, осы қылмысты детальді түрде, ғылым деңгейінде, қарастыру керектігі туындайды. Кейбiр судьялар ұсақ бұзақылық жөнiндегi iстердi қарай отырып, жасалған әрекетке құқылық тұрғыдан баға беруде қателiктер жiбередi, осының салдарынан қылмысы тұрғысынан жазаланатын бұзақылықты немесе басқа қылмыстарды жасаған адамдар, әкiмшілік жауапкершілiкке тартылады. Көпшілік бұзақылық әрекеттердiң мас болу жағдайында жасалатынына қарамастан, соттар бұл жағдайды айыпкердiң жауапкершiлігін ауырлататын жәйт деп есептеу мәселелерiн әр кезде талқылай бермейдi. Соттардың осы санаттағы iстердi қарау кезiнде қылмыстың жасалуына жағдай тудырған себептер мен жағдайларды және тиiстi шаралар қабылдауды талап ету жөнiндегi өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындамайды [6].

Негізінен адамдар тобы арқылы жасалатын бұзақылық қоғамдық тәртіпке елеулі зиян (қоғамдық тәртiптiң  ұзақ және табанды бұзылуымен, мүлiктi құрту және бүлдiрумен, бұқаралық  шараларды болдырмаумен, немесе қоғамдық көлiктiң және т.б. қалыпты жұмысын ұзақ уақыт тоқтатумен, жаппай сипатқа ие болып, соның нәтижесінде жеке адамдарға қатысты немесе меншікке қатысты аса ауыр қылмыстардың жасалуына алып келеді) келтіреді. Бұзақылық әрекеттер «жаппай» сипатта  жасалғанда, көбінесе бұл әрекеттер басқа бағытта, яғни жаппай тәртіп бұзушылыққа айналып кетеді. Сәйкесінше, қоғамға қауіптілік дәрежесі күрт өседі. Осының салдарынан қылмыстың алдын-алу немесе оны тоқтату мүмкін емес болады. Алдымен бұзақылық терминнің қашан және қайда пайда болғанынын қарастырған жөн деп ойлаймын.

 «Бұзақылық» деген  термин бізге шетелден  келген. Негізінен  «бұзақылық» деген  сөз 18-ғасырда, Лондон қаласында  тұрған, әйгілі ирландық қылмыскерлер  жанұясы Hooligan деген фамилиядан пайда болған. Соған байланысты бұзақылар деп  Лондон қаласының оңтүстік –батыс кварталында, көше кезген маскүнемдерді, ұрлықшыларды және басқа да қылмыскерлерді атай бастады [7]. Ал кейбір зерттеушілер «бұзақылық», «бұзақылық жасаған адам» деген терминдер, американдық индейдік тайпадан пайда болды деп санайды. Олар индейдік тайпаның ішіндегі ең қауіпті, ең жабайылары болған, оларды таға да «апаши» деп атаған. Басқа авторлар «бұзақы» деген терминнің пайда болуын  өзінің төңірегіндегілерге дамыл бермейтін, бірнеше топ құрған, ирландық «Holly» атты адаммен байланыстырады [8]. Басқа ғалымдардың пікірінше, «бұзақылық» термині ежелгі орыстың «хула» және француздың «генс» сөзінен шыққан. «Бұзақы» деген атақты төмендетіп, орнына қояйын деген қол астындағы құлдарына берген. Бұл мәселеге қатысты үшінші пікір де бар. Мәселен, П.И. Люблинский Парижде қоғамдық тыныштықты бұзатындарды «апаши» деп, ал Лондонда «бұзақылар» деп атайтына көңіл аударады. Апаштар мен бұзақылар америкалық қызылтерілердің екі руы. Олар европалық басқыншыларға қарсы тұрған, сондықтан басқыншылар оларға жаман қасиеттерді балаған. П.И. Люблинскидің пікірінше, осы екі рудың атымен тәртіп бұзған бұзақылар аталып кеткен [9]. Бұл адамдарды осылай атай отырып, олар өздерінің мәдениеті мен әдеп-ғұрыптарының жоғары деңгейде екенін көрсетпек болған. Ресейге «бұзақы» сөзі 19 ғасырдың 1990 жылдары келген. Алғашқы рет осы сөз 1892 жылы Петербург қаласының бастығы фон Валяның мемлекеттік құқықтық акт-бұйрығында кездеседі. Осы бұйрық негізінде бұзақылықтарға және басқа да тәртіп бұзушыларға қарсы шара қолданылған. Ол кездегі бұзақылықтың кең өріс алуы жергілікті басқару ұйымдарының арнайы қылмысты болмауға қолданған шараларынан да көрінеді.

1871 жылы жарық көрген  «Қазақ адатында» төмендегі ережелер  жайлы айтылады: «...жиын, той, салтанатты жиындардың шырқын бұзған тентектерге айыппұл салынуы қажет».

Қазақтардың кәдімгі  құқығы бойынша келесі қоғамдық тәртіпті бұзғандары үшін жазаға тартылады:

 а) өтірік өсек таратқаны үшін;

 б) ауылға шумен,  айқаймен баса-көктеп енгені үшін;

 в) қоғамдық жиын-тойлар  мен жаназа шығарылып жатқан  кезде тәртіпті бұзғандары үшін. Жоғарыда көрсетілген жағдайлардың  барлығы бүгінгі күнгі бұзақылық  ұғымымен бірдей. Соған қарамастан  революцияға дейінгі көптеген  криминалистер бұзақылық өз бетімен қылмыс болып табылмайды деген пікірді ұстанған [10]. Бұзақылық әрекеттер қоғамдық тәртіпке ғана емес, құқықты қорғау мүддесіне келтіретін залалдары үшін, кейбір ғалымдар бұзақылықты өз бетімен бөлек тұрған қылмыс деп санауға болмайды деген пікірді ұстанды. «Бұзақылық дегеніміз – ол терминологиялық қателік» - деп санады М.П. Чубинский мен В.Я. Гурвич [11]. С.П. Мокринский аталған ұғымға басқаша көзқарас білдірді. Ол бұзақылықты қылмыстың қасиеті деп есептеді. Сонымен қатар ол «...жаңа қылмыстық заң бұзақылықты бөлек қылмыс деп есептеу үшін емес, бүгінгі күнгі қолданыстағы құрылымдарды сараптау үшін қажет» - деп есептеді[9]. Бұзақылық басқа қылмыстарға өте ұқсас, көп жағдайларда бұзақылықты айыру өте қиынға соғады. Әсіресе, жеке тұлғаға бағытталған бұзақылық, басқару тәртібіне, қоғамдық қауіпсіздігіне. Осы көрсетілген жағдайлар бұзақылықты өз бетімен бөлек қылмыстың түріне жатқызуға қиындық тудырып отырады. А.Н. Трайнин «бұзақылық бірегей қылмыс» болып табылмайды деп санаған.

Бүгінгі күні ғалымдардың  көпшілігі бұзақылық өз бетімен жасалатын, бөлек қылмыс деген пікірді ұстанады. Осы жерде И.С. Ной «...қазіргі кезде криминалист-теоретик, практиктер кодекстегі бұзақылықтың қылмыс құрамының жеке бөлігі екендігіне қарсылық білдірмейді», бұны сөзсіз қабылдау қажет. Бұзақылықпен күресу оның басқа қылмыстың белгісі ғана емес, басқа қылмыстық әрекеттерден, соның ішінде бұзақылық ниеттерден пайда болатын істерден өзгеше жеке қылмыс екенін дәлелдеді[12]. Қылмыстық заңнамаларда бұзақылық ұғымына әр түрлі анықтамалар беріліп келеді. Мәселен, 1992 жылғы Ресей ҚК бұзақылыққа «жеке адамдарға, қоғамға қарсы бағытталып, сыйласымсыздық тудыратын тентек әрекеттер» - делінген[13]. Жеке адамның өміріне келтірілетін қауіптердің ішіндегілерінің негізгі қауіптісі болып бұзақылық саналған. Бұл қылмыс жеке тұлғаға бағытталған қылмыс бөлімінде ашылып отыр.

 

1.2 Бұзақылық  қылмысының жалпы сипаттамасы

Қазақстан Республикасының  жаңа қылмыстық заңнамасы бұзақылықтың барлық түрлерін ашатындай анықтама беріп отырған жоқ. Ондай анықтамада бұзақылық қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатыны жайлы жалпылама нұсқаулық берілер еді. Алайда аталған белгілер басқа да қылмыстық деликтілерге тән болушы еді. Сондықтан заң шығарушы ұсақ және қылмыстық жағынан жауапқа тартылатындарының анықтамасын белгілеуде бұзақылықтың ерекшеліктеріне көп көңіл бөледі. Аталған ерекшеліктер бұзақылықтардың айырмашылықтарын көрсетіп тұруы қажет.

Қазақстан Республикасы  Қылмыстық Кодестің 257-баптың 1- бөлігінде  көрсетілгендей бұзақылық  деп - яғни қоғамды анық құрметтемеуiн бiлдiретiн азаматтарға қарсы күш қолданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленетiн әдепсiз iс-әрекет жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртiптi тым өрескел бұзушылық. Жоғарыда берілген анықтаманы берген заң шығарушы белгілі әрекеттер тізімін көрсетіп отыр. Мұндай бағыт біз жақтан қолдауды талап етеді, себебі бұзақылық әр түрлі әрекеттер арқылы жүзеге асады, сондықтан қандай тізім болса да оның толық сипаттамасын бере алмайды. Заңда берілген бұзақылықтың анықтамасына оның ерекшеліктері негізге алынған. Әр бұзақылықтың өзіне тән ерекшеліктері ғана оның қоғамға әкелетін қауіп деңгейін көрсетеді. Осы анықтамадан бұзақылықтың қоғамдық тәртіпке тигізетін кері әсері бірден көрінеді. Қоғамдық тәртіпке зиян келтіру көптеген бұзақылықтарға тән нәрсе, себебі қоғамдық тәртіп ұғымының мазмұны кең және көптеген қоғамдық қарым-қатынасты қамтиды, олардың әрқайсысы бұзақылықтың нысаны бола алады. Бұл жерде қоғамдық тәртіпке келтірілген зиянның мөлшері басқа да қоғамдық қатынастарға тигізілген залалдар арқылы көрсетіледі. Бұзақылыққа тән нәрсе, қоғамдық тәртіп бұл жерде негізгі нысан ретінде, ал қоғамдық қатынасқа тигізілетін зиян мөлшері факультативті орын алады. Басқа қылмыстармен салыстырғанда бұзақылыққа барлық әрекеттер жатқызыла бермейді, тек қана қоғамдық тәртіпті шеттен тыс бұзушылық, оған ауқымды зиян келтірушілік, сонымен қатар мүддесіне қоғамдық тәртіп кепілдік беретін халық өміріне залал келтірушілік жатады.

Бұзақылық әрекеттерінің  екінші белгісі – қоғамды сыйламаушылық,  өмірге, жанындағыларға, адамгершілік нормаларына дөрекі, ашық жек көрінішті көзқарас. Сыйласымсыздық әрекеттер субъектінің қоғамда бекітілген құқықтық және моральдық ережелерін ұстанбаудан көрінеді. Көп жағдайларда жанындағыларды кемсіту, рухани сезімдеріне нұқсан келтіру сияқты  әрекеттерден тұрады. Алайда бұзақылыққа дөрекі, көрнекті, ашық жасалатын әрекеттер тән. Сонымен, бұзақылыққа тән екі белгі: қоғамдық тәртіпті дөрекі бұзу мен қоғамға деген сыйламаушылық қасиет. Осы екі әрекет қана бұзақылықты қылмыстық жауапкершілігі бар іс деп қарастыруға мүмкіндік береді.

Бұзақылық ұғымын құрастыру  барысында, заңшығарушы, оған сипаттама  ғана беріп қоймай, істің қасақана жасалғаны туралы анықтайды. Бұзақының  әрекеті мен ойында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу мен қоғамға деген сыйламаушылық көрініп тұруы қажет. Бұзақылықтың деңгейін анықтағанда аталған әрекеттерге ерекше назар аударылады. Егер де бұзақының жасаған ісінде қоғамдық тәртіпті бұзушылық пен сыйламаушылық орын алып тұрып, ол қасақана жасалмағаны, бұзақы алдын-ала ондай ойға келмегені дәлелденсе, ол әрекеттер бұзақылық болып саналмайды [14].

Заңда белгіленген бұзақылық  ұғымы келесідей тұжырымдама  жасауға жол береді: бұзақылықтың анықтамасы жасалған қылмыстық әрекет белгісі басқа қылмыстар мен деликтерден ерекше болып тұрады. Қылмыстықпен күресте заңды қатал сақтау жасалған қылмыстың дұрыс құқықтық саралануын талап етеді. Ондай сараптама қылмыстың құрамы мен басқа да ұқсас, аралық қылмыстардан аластатып, толық және жан-жақты талдағанда ғана нәтижесін береді. Бұл барлық қылмыс түріне соның ішінде бұзақылыққа да жатады. Барлық қылмыстардың ішінде бұзақылық басқа тәртіпті бұзулармен бірдей жақтары өте көп, тек қана әр элементіне жан-жақты талдау бұзақылықты басқа қылмыстардан өзгешелеп, болмысы мен белгілерін анықтауға мүмкіндік береді [15].

Бұзақылық түсінігі толық  әрі жан- жақты болса да, ол толық  көлемде бұл қылмыстың заңды  сиппатамасын бере алмайды, тек  осы  қылмыс құрамына анализ жасаған кезде, осы қылмыстың мазмұнын ашуға  болады. Қылмыс құрамы - заңды түсінік, ол объектінің, объективтік жақтың, субъектінің және субъективтік жақтың жиынтығы. Олар өзара байланысты. Заң әдебиеттерінде, әрбір қылмыс құрамының міндетті белгісі ретінде қылмыс элементтері бар болуы қажет екендігі туралы айтылған. Қылмыс құрамының элементтері: объект, объективтік жақ, субъект, субъективтік жақ. Қылмыстық объектісі болып қылмыстық заң нормасы арқылы қорғалатын қоғамдық қатынастардың жиынтығы танылады. Әрбір істелген қылмыс белгілі бір объектіге қол сұғумен қатар оған белгілі бір зиян келтіру қаупін туғызады. Қылмысты іс әрекет жасаушының қиянаты бағытталған, қылмыстың салдарынан зиян шеккен немесе шегуі мүмкін нәрсе қылмыстың объектісі деп танимыз. Қазақстан Республикасы жаңа ҚК-тің 9-бөлімінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке зиян келтірген үлкен топты құрайтын, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 1960-жылғы ҚК-тің өзгешілігі, талданып отырған мәселе оныншы бөлімнен тоғызыншы бөлімге көтерілген. ҚК негізгі бөлім құрамындағы заңнамалық өзгеріс мемлекетіміздің азаматтар қауіпсіздігі қиындықтары мен мемлекет пен қоғамның қалыпты өмір сүруіне ерекше назар аударуынан болып отыр. Жоғарыда айтылғандай, кез-келген қылмыстың негізгі белгісі ретінде қоғамдық қауіпсіздік аталады. Қоғамдық қауіптің деңгейі салыстырмалы көлем мен өлшем ретінде алынады. Ол қауіптің сандық жағын көрсетеді. Қоғамдық қауіптің сапалық жағы қоғамдық қауіп ұғымының сипатымен анықталады. Бұзақылықтың қоғамдық қауіптілігі ең біріншіден, қол сұғушылықпен анықталады. Барлық қылмыстардың жалпы нысаны ретінде қоғамдық қарым-қатынастар алынады.

Жоғарыда айтылғандай, ҚР ҚК 257 бабы, 1 бөліміне сәйкес  бұзақылыққа  шеттен шыққан әрекеттер арқылы қоғамға  деген құрметтемеушіліктен, бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру не әдепсіз  әрекеттер жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртіпті өрескел бұзушылық жатқызылады. Берілген анықтамадан көрінетіндей, қоғамға қауіпті бұл әрекеттің нысаны ретінде қоғамдық тәртіп алынады. Қоғамдық тәртіпті қарастыратын барлық авторлар тәртіпті кең және тар мағынада береді. Кең мағынадағы тәртіп деп «барлық қолданыстағы байланыстар мен қарым-қатынастар алынады», тар мағыналы тәртіпте «сол қарым-қатыастардың белгілі тобы» алынады. Құқықтық әдебиеттерде қоғамдық тәртіпті одан да тар мағынада әлеуметтік-құқықтық категория ретінде қарастыру қажет деген ұсыныстар да баршылық. Жалпы қоғамдық қатынастар немесе оның белгілі қолданыстағы түрі көптеген жеке адамдардың әрекеттерін механикалық біріктіру нәтижесінен емес, белгілі көрсетілген әрекеттердің нәтижесі ретінде қарастырылады. Қоғамда бірігетін белгілі бір қолданыстағы қарым-қатынасқа түскен адам индивид түрінде емес әлеуметтік субъект ретінде әрекет жасайды. Ол адамның тәртібі қоғам  шығармашылық жүйесінің бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Жүйе құрылымды, белгілі тәртіп пен ұйымшылдықтан тұрады. Сондықтан да жеке әрекет деген ұғым болмайды, әрекет құрылымда қарастырылады, талданады және түрленеді. Осылай жеке әрекеттерден жалпы қоғамдық қатынастар құралады[9]. Белгілі бір көзқарасқа сәйкес, қоғамдық тәртіп дегеніміз – ол белгілі экономикалық және басқа да қоғамдық қатынастар, олар әлеуметтік нормалардың бастымдықтарымен құрастырылады да саяси билікке сай бекітіледі. Н.И. Загородников қоғамдық тәртіпті негізгі саладағы емес қондырмалы салалардағы адамдардың ерікті қарым-қатынастарын негізге алуды қарастырады [16].

Біздің пікірімізше, қоғамдық тәртіп қондырмалы жағдай болғандықтан экономикалық құрылымның болмысы ретінде  пайда болып, өзара байланысты қоғамдық жағдайлар жүйесіне енеді, қоғамның жалпы даму заңдылықтарына бағынады. Екінші бір пікір бұзақылықтың объектісі ретінде қоғамдық тәртіп пен социалистік жатақхананың тәртібі, тыныштық, жеке қауіпсіздік, мүліктің сақталуы, адамдардың сезімдерін терең қозғайтын қоғамдық тәртіп пен жеке тұлға мүдделері, бөтен азаматтардың мүлігі және тұлға, мораль (өмір сүру) нормалары. Алайда бұзақылықтың мұндай анықтамасымен келісуге болмайды. Бұл пікір бұзақылық объектісі туралы білімге қарама-қайшы келіп, бұзақылықтың өз алдына дербес қылмыс екенін жоққа шығарады, бұзақылықтың өз объектісі жоқ деген қорытындыға әкеледі. Бұл бұзақылықтың объектісі туралы түсінік біздің ойымызша, қылмыстың объектісі мен қоғамдық қатынастарды алмастырып алудан, қоғамдық қатынасқа залал келтіру, бұл қылмыстың ерекшелігі, қылмыс арқылы залал келтірілген басқа да қоғамдық қатынастарды қорғау үшін құқықтық норма берілген. Бұзақылық басқа қылмыстарға қарағанда қоғамдық қатынастарға ең көп зиян келтіретін қылмыстың бір түрі. Ол адам өмірі мен денсаулығына, мемлекеттің, қоғамның заңмен қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіреді. Алайда осы қорғаныстағы мүдде мен  құқықтарғак зиян келтіру объективті жағын ғана сипаттай алады, ал бұзақылық объектісін сипаттай алмайды, себебі келтірілген зиян, қарастырылып отырған қылмыстың объектісі тек қана нысан, қоғамдық тәртіптің бұзылуы. Бұзақылықтың мазмұнын ашу алдымен қоғамдық тәртіптің болмысын ұғуды талап етеді. Көптеген авторлар қоғамдық тәртіпті қоғамдық қарым-қатынастың жиынтығы деп қарастырады. М.И. Еропкин қоғамдық тәртіпті (негізінен қоғамдық жерлерде пайда болатын) реттеуге келетін және мемлекетпен қорғалатын белгілі қарым-қатынастардың жиынтығы деп қарастырады [17]. Негізінен қоғамдық тәртіп қоғамдық жерлерде пайда болып, реттеуге келетін және мемлекетпен қорғалатын белгілі қарым-қатынастар жүйесі. М.А. Нигай белгілі мемлекет адамдарының сол мемлекет белгілеген тәртіптерді ұстануын атайды [18]. И.Н. Даньшин өзінің алғашқы еңбектерінде «қоғамдық тәртіп ұғымының мәнін ашпайды, бұл жағдай мәселенің объект ретінде шешілуіне айтарлықтай қиындықтар туғызды». Аталған қоғамдық қатынастардың кешен құратынын айтып өту қажет. Бұл өмірді денсаулық пен беделді, азаматтардың жеке мүліктеріне, меншіктеріне қол сұққызбау, сонымен қатар мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйымдар мен лауазымды қызметкерлердің тұрақты, қалыпты қызмет етуіне байланысты қарым-қатынастар. Жалпы алғанда, қоғамдық тәртіптің мұндай анықтамаға қарсылық тумайды. Алайда анықтаманың жалпылама берілгені бірден көрінеді. Қоғамдық тәртіпке байланысты бұзақылықтар, практика көрсеткендей, қоғамдық емес жерлерде де орын алып жатады. Сондықтан қоғамдық тәртіпті бұзақылықтың объектісі деп қарастыру толық емес. Мәселен, И. Филановский мен И.И. Солодкин қоғамдық тәртіпті «кеңес қоғамында азаматтарының қауіпсіздігін қорғау үшін белгіленген тәртіп» [19]. Б.А. Блиндер қоғамдық тәртіпті «Ар-ождан, бедел, азаматтарға тиіспеушілік, орнатылған қоғамдық тәртіпті социалистік мораль бекіткен нормаларға сай сақтау» - деп түсіндіреді [20]. Э.Х. Нарботаев қоғамдық тәртіпті «әр түрлі салаларда азаматтар өміріне жақсы жағдай жасау» - деп белгілейді[21].  Бір қарағанда бұл тұжырым да ешқандай пікірталас тудырмайды. Бірақ та бұл тұжырымдамада да қоғамдық тәртіптің қоғамдық тыныштықтағы маңызы, мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің қалыпты қызмет етуіне жағдай туғызу өз деңгейінде ескерілмеген.

Құқықтық әдебиеттерде қоғамдық тәртіпті «тәртіп» деген терминмен бірдей деп қарастыратын пікірлер көптеп кездеседі. Бұл пікірлер де «қоғамдық тәртіп» терминінің мазмұнын толық ашпайды. Мәселен, тәртіп  адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігін, социалистік және жеке мүліктің толықтығын  қамтамасыз етеді деп көрсетіледі. Берілген анықтамаларда тәртіп құқықтық нормалармен де бекітіледі деп көрсетілген. Біздің пікіріміз бойынша, қоғамдық тәртіп дегеніміз – азаматтардың қауыпсіздігі мен тыныштығын,  адамның жеке меншігінің сақтығын, мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің, ұйымдардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін құқық пен адамгершілікке негізделген қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасы. Жоғарыда көрсетілгендей,  жеке адамға, біреудің жеке меншігіне зиян келтірген бұзақылық әрекеттер ешқандай да қосымша объектілерге зиянын тигізбейді. Азаматтардың тыныштығына, жеке адамның мүлігіне зиян келтірушілер ешқандай да қосымша объектіге қолын сұқпайды. Аталғандардың барлығы қоғамдық тәртіпке жатады. Ал оларға зиян келтіргендер – қоғамдық тәртіпке зиян келтіргендер болып саналады. Қоғамдық тәртіптің мазмұны, жоғарыда айтылғандай, оны бұзушылық басқа да қоғамдық байланыстарды, басқа қылмыстардың объектісі болып табылатын қоғамдық байланыстардың бұзылуымен тығыз байланысты. Сондықтан да сараланған қылмыстың міндетті шарты ретінде бұзақылық қоғамдық тәртіпке зиян келтірді ме, әлде ол басқа қылмыстың бір түрі ме деген мәселе негізгі орын алады.

 

1.3 ҚР Қылмыстық кодексі бойынша бұзақылықтың қылмыстық құқықтық саралаудың ерекшеліктері

     Қылмыстық құқық теориясында қылмысты саралау құқық қорғау органдарының қылмыстық-құқылық нормаларды қолдануының бір сатысы ретінде қарастырылды. Ол тиісті лауазымды тұлғалармен алдын ала тергеуде, сот тергеуінде, аппеляциялық және бақылау өндірістерінде жүзеге асырылды.

Б.А. Куриновтың есептеуінше  қылмысты саралау құқық қолданушылық қызметінде ерекше орын алады, яғни құқықтық нормаларда қолданудың көптеген басқа  түрлерін жүзеге асыру үшін алғы шарт болып табылады [22, 4]. Мысалы, тек сотпен қылмысты саралау жүзеге асырылғаннан кейін ғана күдікті адамға бұлтаратпау шарасын алу, кінәлі адамға әлде қандай жазаның түрін, сотталған адамға түзету немесе тәрбиелеу колониясының белгілі бір режимін белгілеу, жазаның орындалысын кейінге қалдыру т.б. мәселелерді қойып және шешуге болады.

   В.Н. Кудрявцев  қылмысты саралауды терең меңгерілуі  барысында әділсоттылықты заңға  қатаң сәйкестікте жүзеге асыруға  мүмкіндік беретін қылмыстық  құқықтың жалпы мәселелердің  қатарына жатқызады [23, 3]. Оның пікірінше «кез келген қылмыс түрі үшін маңызды болып табылатын, нақты іс бойынша қолданылуға жататын қылмыстық заңның бабын таңдаудың негізі мен тәртібін айқындайтын саралаудың жалпы ережелері мен қағидалары» зерттелуі қажет.

Бұзақылық қылмысының түсінігі мен маңызы