Литосфера және жер қыртысы



Қ. И. Сәтбаев атындағы №7 мектеп - лицейі

 

 

 

 

РЕФЕРАТ

Тақырыбы: «Литосфера және жер қыртысы»

 

 

орындаған: 10 «А» сынып оқушысы

                               Шынтас Ә.

қабылдаған: география пәнінің

                                                                                                  мұғалімі Балмағанбетова М.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жезқазған 2011 жыл

Жоспар:

 

1. Литосфера және оның даму заңдылықтары

 

2. Жер қыртысы

 

3. Жердің ішкі құрылысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Литосфера және оның даму заңдылықтары

 

Литосфера және оның даму заңдылықтары Литосфера және литосфералық тақталар. Жер шарын салыстырмалы түрде жұқа, біртұтас қатты қабық түрінде көмкеріп жатқан литосфера — географиялық қабықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Литосфераның жоғарғы бөлігі болып табылатын жер қыртысының 90%-дан астамын 8 химиялық элемент: оттек, кремний, алюминий, темір, кальций, натрий, калий, магний құрайды (2-кестені қараңдар). Тектоника ғылымында ұзақ уақыт бойы жер қыртысының платформалық-геосинклинальдық дамуы жайлы тұжырымдама басым болып келді. Бұл тұжырымдама бойынша, материктік жер қыртысы салыстырмалы түрде тұрақты бөліктерге — платформаларға және қозғалмалы бөліктерге — геосинклинальдарға жіктеледі. Жер қыртысының үздіксіз дамуы нәтижесінде геосинклинальдар платформаларға айналады, бұл процесс екі кезенде жүзеге асады. Ұзаққа созылған алғашқы кезеңде қатты майысып, су басқан жер қыртысының ойыстарында қалыңдығы 15—20 км-ге жететін шөгінді жыныстар жиналады. Салмақ күшінің артуына байланысты Жердің ішкі қойнауындағы күштер арасалмағы өзгереді. Соның нәтижесінде геосинклинальдарда жерсілкінулер, жанартау атқылаулары күшейіп, қатпарлану жүреді. Осылайша биік таулар түзіледі. Ал неғұрлым қысқа уақытты қамтитын екінші кезеңде түзілген тау жүйелері сыртқы күштердің әсерінен үгіліп аласарады. бұл процесс көбінесе материктер аумағында жүзеге асатындықтан, "платформалық-геосинклинальдық" дамуы жайлы тұжырымдама Литосфералық тақталар саны тұрақты емес; геологиялық уақыт аралығында олар рифтілер арқылы бөлшектеніп немесе тектоникалық қозғалыстар әсерінен қайта бірігіп отырады. Материктер мен мұхиттар географиясынан сендер жер қыртысының даму барысында бірнеше ірі тақталардың болғанын және олардың бөлшектенгенін білесіңдер (оларды еске түсіріндер). Қазіргі кезде Жер шарында 7 ірі және ондаған ұсақ литосфералық тақталар ажыратылады.

Тектоникалық картадан ірі литосфералың тақталарды, рифтілердің және шұңғымалардың таралу аудандарын анықтаңдар. Материктпік және мұхиттың жер қыртысы. Литосфераның беткі жұқа қабығы жер қыртысын құрайды. Ол құрамы мен құрылысына қарай материктік және мұхиттық деп бөлінетінін білесіндер (олардың айырмашылығын естеріңе түсіріңдер).

Материктік жер қыртысының жоғарғы бөлігінде шөгінді жыныстар қабаты, ал одан төменде геофизикалық деректер бойынша, гранит және базальт қабаттары орналасқан. Гранит және базальт қабаттарының шекаралас бөліктерінде сейсмикалық толқындардың жылдамдығы күрт өзгеретіні байқалған. Мұхиттың жер қыртысында гранит қабаты болмайды және шөгінді жыныстар қабаты салыстырмалы түрде жұқа болып келеді. Материктер мен мұхиттардың шекаралас аймақтарында жер қыртысы өтпелі сипат алады. Жер қыртысының осындай құрылымы Еуразияның Тынық мұхитпен шектескен бөлігінде кездеседі. Оған аралдар доғасы мен оны бойлай орналасқан терең мұхит шұңғымалары дәлел болады (оларды физикалық және тектоникалық карталардан табыңдар).

Материктік жер қыртысы платформалар мен геосинклинальдарға жіктелетінін білесіңдер. Платформалар аумағында жер бедері кебшесе жазық болып келеді. бұл — ұзақ уақыт бойы сырткы күштер әсерінен жер бедерінің тегістелуінің нәтижесі. Жазық-платформалық аймақтар құрлық ауданының шамамен 53%-ын алып жатыр. Дүниежүзіндегі аса ірі Шығыс Еуропа, Батыс Сібір, Ұлы Қытай, Ұлы жазық пен Орталық жазық, Амазонка, Ла-Плата және т.б. жазықтар платформалық құрылымдарда орналасқан.

Негіздері архей мен протерозойда қалыптасқан ежелгі платформалар қалқандар мен тақталардан құралады (ежелгі платформаның құрылысын естеріңе түсіріндер).

Қалқандарда платформаның негізін құрайтын кристалды жыныстар жер бетіне шығып жатады, оларға көбінесе қыратты-үстіртті жер бедері сәйкес келеді. Қалкандарды құрайтын жыныстардың ерекшелігіне байланысты оларда үгілу біршама баяу жүреді. Платформаның қалқаннан тыс, шегінді жыныстармен жабылған бөлігін тақта деп атайды.

Неотектоникалық қозғалыстар әсеріне ұшыраған платформалар қозғалмалы сипат алады. Мәселен, мезозой және альпі қатпарлықтары әсерінен Қытай платформасының тұтастығы бұзылып, бірнеше беліктерге ажырап кеткен; қазіргі кезде оның аумағында жерсілкіну жиі байқалады. Сондықтан оны параплатформа (қозғалмалы) деп атайды. Тттжі күштердің әсерінен кейбір платформалардың іргетасында терең жарықтар пайда болып, интрузивті жыныстардың жоғары көтерілуі жүрген. Соның әсерінен жарылыс күшті жүрген Сібір және Үндістан платформаларында бағалы металдар мен асыл тастардың бай кен орындары түзілген.

Осы аймақтарда таралған бағалы металдар мен асыл тастардың негізгі түрлерін анықтаңдар.

Геосинклинальдар аумағында тектоникалық жарықтар жиілігі жоғары болғандықтан ішкі күштердің ықпалы күшті байқалады. Сондықтан магманың жоғары көтерілуі қарқынды жүреді, бұл өз тарапынан жанартау атқылауы мен жерсілкіну құбылыстарына себепші болады. Геосинклинальдарда ішкі күштер әсерінен қатпарлану қозғалыстары жүреді. Соның нәтижесінде антиклинорийлер (тау жоталары) мен синклинорийлер (тауаралық және тауалды ойыстары) түзіледі. Мәселен, Кавказ таулы аймағында Үлкен Кавказ, Кіші Кавказ жоталары антиклинорийлерге, ал олардың арасындағы Колхида мен Ленкорань ойпаттары синклинорийлерге сәйкес келеді. Мұндай құрылым Гималай тауы мен Үнді-Ганг ойпатына да тән.

 

 

 

 

 

 

Жер қыртысы

 

Жер қыртысы — литосфераның беткі бөлігін құрайтын, төменгі жапсары Мохоровичич деңгейімен шектелген Жердің ең үстіңгі қабығы. Жер қыртысы қалыңдығына, құрамына, құрылысына қарай құрлықтық және мұхиттық болып негізгі 2 типке бөлінеді. Құрлықтық жер қыртысының қалыңдығы тектоник. жағдайына байланысты 25 — 45 км-ден (платформаларда) 45 — 75 км-ге дейін (тау түзілу аймақтарында), ал мұхиттық жер қыртысының қалыңд. 5 км-ден (Солтүстік Мұзды мұхит) 10 — 12 км-ге дейін өзгереді. Жер қыртысы төмен қарай тығыздығы арта беретін жанартаутекті-шөгінді (тығызд. 1,8 — 2,5 г/см3), гранит — метаморфты (2,5 — 2,7 г/см3) және базальтты (2,7 — 3,0 г/см3) қабаттарға бөлінеді. Жер қыртысының жоғарғы бөлігі қатпарларға жиырылып, жарылымдармен қиылған және төм. сатыда метаморфталған шөгінді, терригенді және магмалық тау жыныстарынан құралған. Қалыңдығы платформаларда 1 — 2 км, терең ойыстарда 10 — 20 км жетеді. Шөгінді қабаттың астында салмағы жеңіл, гранит пен гнейстерден түзілген шөгінді қабаттың жыныстарымен алмасып отыратын гранит-метаморфты қабат орналасқан. Гранит қабатының қалыңд. жазықтар астында 15 — 20 км, тау жүйелері табанында 15 — 50 км-ге дейін. Мұхиттар түбінде граниттік қабат өте жұқа, не мүлде болмайды. Граниттік қабат Конрад бетімен шектеледі. Жер қыртысының ең төменгі бөлігінде базальт, габбро және күшті метаморфтануға (метаморфизмге) ұшыраған шөгінді жыныстардан құралған базальт қабаты орналасқан. Жер қыртысының аралық типтері: субмұхиттық жер қыртысында шөгінді жыныстар мұхиттық жер қыртысындағыдан қалың болады; субконтиненттік жер қыртысы жұқа болады әрі граниттік қабат анық байқалмайды. Геофизикалық деректер бойынша, Қазақстандағы жер қыртысының қалыңдығы Тұран тақтасы, Каспий маңы ойысында 35 — 45 км, Тянь-Шань, Таулы Алтайда 45 — 50 км, Орт. Қазақстанда 50 — 55 км. Жер қыртысының үнемі дамып өзгеруі нәтижесінде геосинклинальдар сияқты қозғалмалы аймақтар платформаларға айналады. Жер қыртысының дамуының басты себептері — Жердің аса терең қабаттары мен жоғарғы мантиясы арасында өтетін процестер.

Жер планетасының құрылысы. Земная кора - Жер қыртысы

Жердің ішкі құрылысы

Жердің ішкі құрылысы туралы мәліметтер өлі жете зерттелмеген аса күрделі ғылыми мәселе болып табылады.

Жердің құрамы, құрылысы, қасиеттері жөніндегі мәліметтер — жер қыртысының үстіңгі қабаттарын тікелей бақылау, серпінді толқындардың таралу жылдамдығына негізделген сейсмикалық әдістер арқылы алынған жанама деректер. Осы деректерге байланысты Жер негізгі 3 геосферадан тұрады:

жер қыртысы,

мантия,

ядро.

 

Жер қыртысы

Жер бетінен оның ядросының ортасына дейінгі орташа радиусы 6371 км. Зерттеу барысында жер қыртысының бар болғаны 15 км-ге дейінгі терендігі ғана бұрғыланып (Кола түбегіндегі ұңғыма), оны құрайтын жыныстардың нақты үлгілері алынған. Жердің бұдан тереңде жатқан бөліктері, оны құрайтын жыныстардың құрамы мен қасиеттері жайлы түсшік, негізінен, жерсілкіну кезінде пайда болатын толқындардың қозғалу жылдамдығын, арнайы геофизикалық және сейсмикалық барлау нәтижелерін саралау мен талдау негізінде қалыптасады.

Жердің ең беткі жұқа қатты қабығы — жер қыртысы. Оның орташа қалыңдығы мұхиттар астында 5 — 10 км, материктерде 35 — 40 км, ал биік таулы аудандарда 70 км-ге дейін жетеді.

 

Жердің мантиясы

Жердің келесі қабаты — мантия (гр. mantion—жамылғы). Ол жер қыртысынан жұқа Мохоровичич қабаты арқылы бөлініп жатыр, оны 1909 жылы югославиялық сейсмолог А. Мохоровичич анықтаған. Мантия жоғарғы (900 км-ге дейін) және төменгі (900—2900 км) мантияға бөлінеді. Мантия жер көлемінің 83%-ын, жалпы салмағының 67%-ын құрайды.

Жоғарғы мантияның 250—300 км тереңдігінде қаттылығы мен беріктігі төмендеу,тұтқыр қабат орналасқан,оны астеносфера деп атайды. Астеносфераны құрайтын жыныстар онша тығыз емес, тұтқыр әрі майысқақ болып келеді; сол себепті жер қыртысында болатын қозғалыстарды және магматизм мен метаморфизм құбылыстарын күшейтеді. Астеносферадан жоғары орналасқан жоғарғы мантия мен жер қыртысы литосфераны құрайды. Литосфера қабығы жекелеген литосфералық тақталар жиынтығынан құралады. Олар неміс геофизигі А. Вегенердің литосфералық тақталар теориясына сәйкес, үнемі қозғалыста болады; бұл қозғалыс астеносфераның тұтқыр бетінде сырғу нәтижесінде жүзеге асады.

Бұл геосфералар сейсмикалық толқындардың жылдамдығына және олардың тереңдік бойынша өзгеруіне байланысты сегіз сейсмикалық қабатқа бөлінеді: А, В, С, D´, D˝, Е, Ғ, G. Сонымен қатар Жерде жоғары қатты қабат литосфера мен төменгі жұмсақ қабат астеносфера бөлінеді.

А – Жер қыртысы. В, С, D´ және D˝ қабаттары – Жер мантиясы. В қабаты Мохоровичич бетінен 400 м тереңдікке дейін бойлайды.

В қабаты мен Жер қыртысының арасында қарқынды зат алмасу жүреді. Бұл қабатта сейсмикалық толқындардың жылдамдығын төмендететін белдемдер бар. Олардың тереңдігі құрлықта 100 – 220 км, мұхиттардың астында 60 – 220 км. Бұл белдемдердегі толқындардың жылдамдығының төмендеуі жоғары температура мен оған сәйкес қысымға байланысты.

С қабаты 400 – 900 км тереңдікті қамтиды және бұл қабат минералдық зат тығыздығы артып басқа түрлерге алмасуына байланысты толқын жылдамдығының тез өсуімен сипатталады.

D´ (900 – 2700 км) қабатында толқындардың жылдамдығы біртекті заттардың нығыздалуына байланысты өседі. D˝ қабатында (2700 – 2885 км) заттардың құрамы әртекті және температураның жоғары болуына байланысты сейсмикалық толқындардың жылдамдығы тұрақсыз. Е, Ғ, G қабаттары Жердің ядросын (радиусы 3486 км) құрайды.

Ол сыртқы (Е қабаты) және ішкі (G қабаты) ядроға (субядроға) бөлінеді. Бұл екеуінің арасында сыртқы ядро құрамына кіретін аралық белдем (Ғ қабаты) бар.

 

Жердің ядросы

Мантиядан төмендегі, 2900-ден 6371 км аралығында орналасқан Жердің ішкі өзегін ядро деп атайды. Құрылымы жағынан ядро бірін-бірі көмкере орналасқан екі бөліктен тұрады. Күшті жерсілкінулер нәтижесінде Жердің ішкі өзегі арқылы өтетін сейсмикалық толқындардың таралу сипатын зерттеген америкалық геофизиктер Р. Кохе мен Л. Штихруде ішкі ядроның біртұтас қатты темір шар екендігі туралы болжам жасады. Электрөткізгіштігі жоғары болатын темір, температураның күрт айырмашылығы әсерінен сыртқы ядроны да жылдам айналымға түсіреді. Соның нәтижесінде құйынды магнит өрісі пайда болады. Бұл магниттік өріс Жер шары шеңберінен шығып, ғарыш кеңістігіне де таралады, тіпті Күннен келетін зарядталған бөлшектерді кері тебеді.

Құрамы мен қасиеттері түрліше болатын Жер қабаттарының жіктелуі — бастапқы "салқын" заттың ұзақ геологиялық уақыт аралығында біртіндеп күшті қызуы мен балқуы нәтижесінде жүрді. Яғни, неғұрлым ауыр элементтер (темір, никель және т.б.) төмен шөгіп, ядроны құрады, ал салыстырмалы түрде жеңіл элементтер (кремний, алюминий) қалқып шығып, жер қыртысын түзді. Балқу нәтижесінде бөлініп шыққан газдар мен су булары атмосфера мен гидросфераның негізін құрады.

 

Тау жыныстары және минералдар

Жер қыртысын құрайтын әртүрлі агрегаттық күйдегі минералдар жиынтығының тұрақты құрамын тау жыныстары деп атайды. Табиғатта минералдардың 3000-нан астам түрі белгілі. Әсіресе кең тарағандары — силикаттар, тотықтар мен сулы тотықтар, сульфидтер, фосфаттар және карбонаттар. Шығу тегі мен қалыптасу жағдайларына байланысты магмалық, шөгінді және метаморфтық тау жыныстарына ажыратылады. Магмалық тау жыныстары магманың мантиядан жарықтар арқылы жоғары көтеріліп, қатуынан пайда болады. Оның жер қыртысының белгілі бір тереңдігінде қалып қойған бөлігі интрузивтік жыныстарды, ал лава түрінде жер бетіне шыққан, құрамындағы бу мен газдан ажыраған бөлігі эффузивті жыныстарды түзеді.

Интрузивті жыныстарға гранит, габбро жатады. Жер қыртысындағы жарықтар бойымен қатқан интрузивті жыныстар түзілу ерекшелігіне байланысты түрліше пішінге ие болады. Пішіні күмбез тәрізді болып келетін интрузивті жыныстардың ауданы 200 км2-ден асатын ірі түзінділерін батолиттер, ал неғұрлым шағындарын лакколиттер деп атайды. Беткі жыныстардың біртіндеп үгілуі мен шайылуы нәтижесінде жалаңаштанған интрузивті түзінділер таңғажайып мүсіндерге айналады. Осындай айрықша табиғат ескерткішінің бірі — Қырым түбегіндегі Аю-Даг батолиті.

Эффузивті жыныстарды кейде жанартаулық жыныстар деп те атайды. Олардың қатарына: базальт, жанартаулық туфтар мен шынылар, пемза жатады. Магмалық тау жыныстары жер қыртысының 60%-ға жуығын құрайды. Металл кен орындарының көпшілігі магмалық жыныстармен байланысты қалыптасқан. Ресей жеріндегі темірдің аса ірі кен орны — Курск Магнит Аномалиясы магмалық жолмен пайда болған. Сол сияқты, алтын мен алмас желілері де магмалық жыныстардың енуімен байланысты таралады.

Тау жыныстарының екінші бір үлкен тобын шөгінді жыныстар құрайды. Олар жер қыртысы массасының 10%-ға жуығын құрап, жер бетінің 75%-ын жауып жатыр. Қалыптасқан орнына қарай оларды: континенттік және теңіздік деп бөледі. Шөгінді жыныстар физикалық, (механикалық), химиялық және биологиялық үгілу нәтижесінде пайда болады. Шөгінді жыныстардың ең көп таралғандары — сазды (50%), құмды және карбонатты жыныстар (45%). Жер шарындағы пайдалы қазбалардың 3/4 белігінің қалыптасуы шөгінді жыныстармен байланысты. Мұнай, табиғи газ, минералды тұздардың кен орындары шөгінді жыныстар таралған аудандарға ғана тән. Сол сияқты темір, марганец, алюминий кендері, шашыранды күйіндегі алтын, платина және алмас та үгілу нәтижесінде шөгінді жыныстар арасында жинақталады.

 

Жоғары температуралар мен қысым әсерінен магмалық және шөгінді жыныстардың минералдық құрамы мен құрылымы елеулі езгеріске түсіп, олардан метаморфтық жыныстар қалыптасады. Метаморфизм деп аталатын бұл процесс нәтижесінде минералдардың кристалдық торы түгелдей қайта құрылады: гранит қайта кристалданып — гнейске, құмтас — кварцитке, әктас немесе доломит — мәрмәрға айналады. Сондай-ақ өздеріңе таныс таскөмір де ағаш сүрегінің метаморфтық процесс нәтижесінде өзгеруінен пайда болады. Бұл тау жыныстарының түзілуі көптеген бағалы және сирек кездесетін металл кендерінің, алтын, уран, графиттің, құрылыс материалдарының, әсіресе асыл тастардың кен орындарының пайда болуына негіз болады. Ресей жеріндегі Орал тауында метаморфтық жыныстармен байланысты түзілген минералдар кеңінен таралған.

 

Литосфера

Жер бетінің басым көпшілігін (70,8%-ын) дүниежүзілік мұхит құрайды. Құрлықтар теңіз деңгейінен орта есеппен 875 м биіктікте орналасқан. Ең биік жері Гималайдағы Джомолунгма шыңы (8848 м), ең төмен жері Батыс Азияда — Өлі теңіз жағалауында орналасқан Гхор ойысы (–395 м). Жер беті 6 ірі құрлықтан (Австралия, Антарктида, Африка, Еуразия, Оңтүстік Америка және Солтүстік Америка) және көптеген аралдар тобынан тұрады. Құрлықтардың басым көпшілігі Солтүстік жарты шарда (61%) орналасқан. Жерді Батыс және Шығыс жарты шарларға бөліп қараса, онда құрлықтардың көп бөлігі Шығыс жарты шарда болады. Жер бетінің 60%-ға жуығын абсолюттік биіктігі 1000 м-ге дейінгі жазықтар мен аласа таулар құраса, 40%-дан астамын орта және биік таулар құрайды.

 

Атмосфера

Жердің «қатты» қабатын (гидросфераны қоса) атмосфера қабаты қоршап жатыр. Ол Жермен бірге айналады және оның құрамы, негізінен, азот (78,08%-ы) пен оттектен (20,95%-ы) тұрады.

Атмосферадағы ауаның жалпы массасы 5,15•1015 тонна. Жер бетінен жоғарылаған сайын оның қысымы мен тығыздығы кемиді. Атмосфера бірнеше қабаттардан тұрады. Жер бетінен биіктеген сайын

тропосфера,

стратосфера,

мезосфера,

ионосфера,

термосфера,

экзосфера деп ажыратылады.

 

Олар бір-бірінен температуралық, физикалық және химиялық қасиеттерімен ерекшеленеді. Атмосфера қабаты Жер бетіне келіп түсетін Күн сәулесінің радиациясын ұстап қалады. Көмір қышқыл газ және су буының әсерінен Жерден жылу шығару мөлшері төмен болады.

 

Биосфера

Тіршілік Жерде бұдан 3 – 3,5 млрд жыл бұрын материяның күрделі эволюциялық өзгеруі нәтижесінде пайда болған. Оған Жер бетіндегі физикалық және химиялық жағдайлардың қолайлылығы септігін тигізді. Жердің тірі организмдер мекендейтін қабатын биосфера деп атайды. Биосферада Жердегі биологиялық зат айналымы үздіксіз жүріп тұрады. Жерде екі миллионға жуық өсімдіктер мен жануарлар түрі бар. Түр жағынан жануарлар басым болса, биомассасының көлемі бойынша өсімдіктер басым. Жануарлар мен өсімдіктердің ең көп тараған аймағы – жылы әрі ылғалды тропиктік ормандар, ең сирек жері – құрғақ және ыстық тропиктік шөлдер, Арктиканың және Антарктиданың мұз қапсырып жатқан өңірлері. Құрлықтағы биомасса (6,5•1012 тонна) мұхит биомассасынан жүздеген есе көп деп саналады.

 

Географиялық белдеулер

Жер бетінде өтетін процестердің негізгі энергия көзі – Күннің электрмагниттік радиациясы. Жер бетіне секундына 1,7•1017 Дж Күн сәулесінің энергиясы түседі. Осы энергияның, шамамен 50%-ы мұхит пен теңіздің беткі қабатына, топырақ пен өсімдікке, ішінара атмосфераға сіңіп, бірқатар өзгерістерден кейін атмосфераның инфрақызыл сәулесіне айналып кеңістікке тарайды. Қалған бөлігі атмосферадан, бұлттан, Жер бетінен шағылып кейін қайтады.

Күн сәулесі Жер бетіне әр түрлі бұрыш жасап түсетіндіктен тропиктерден полюстерге қарай кеми береді. Нәтижесінде ендіктік климат және географиялық белдемділік қалыптасады. Жер шарында бір экваторлық, екі-екіден (Солтүстік және Оңтүстік жарты шарларда) субэкваторлық, тропиктік, субтропиктік, қоңыржай белдеулік, сонымен бірге субтропиктік және арктикалық (Солтүстік жарты шардың жоғарғы ендіктерінде), субантарктикалық және антарктикалық (Оңтүстік жарты шардың жоғарғы ендіктерінде) климаттық белдеулер бар. Олар өзара температуралық, климаттық, ландшафттық жағдайларымен ерекшеленеді.

Жер бетіндегі жылдық орташа температура 14,8°С-ты құрайды. Егер атмосфера қабаты болмаса, Жер бетіндегі орташа температура –23°С болар еді. Ең ыстық аймақ Солтүстік Африка (Ливия) мен Солтүстік Америкада (АҚШ, Ажал аңғары). Бұл аймақтарда температура 57 – 58°С-ты көрсетеді. Ең төменгі температура (–90°С) Антарктиданың орталық бөлігінде байқалған. Жер шарындағы жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 1000 мм шамасында. Жауынның көп түсетін аймағы – Шығыс Үндістанның тропиктік аудандарында (Гималайдың оңтүстік беткейлері, жылына 12000 мм), ең аз жауатын жері (бірнеше мм, кейде жыл бойы жауын-шашын түспейді) субтропиктік және тропиктік шөлдерде, Антарктида мен Арктиканың жоғарғы ендіктеріндегі мұзды шөлдерде тіркелген. Жердің климаты әр түрлі геологиялық дәуірлерде өзгеріп отырған. Жердің Күн жүйесіндегі басқа планеталардан ерекшелігі – мұнда тіршілік бар.

 

Географиялық қабығы

Жердің құрылымы және құрылысы жағынан ең күрделі бөлігі – оның географиялық қабығы. Ол атмосфераның төменгі қабатын, литосфераның беткі қабатын, бүкіл гидросфера мен биосфераны қамтиды. Олардың арасында зат және энергия алмасуы тоқтаусыз жүріп жатады. Географиялық қабықтың қалыңдығы бірнеше километр ғана болғанымен онда табиғи ландшафтының орасан кеңістіктік дифференциясы байқалады. Олар арктикалық және антарктикалық мұзды шөлдер, тундра, тайга, аралас және жалпақ жапырақты ормандар, орманды далалар, далалар, шөлейттер, шөлдер, субтропиктік жерортатеңіздік ландшафтысы, муссонды ормандар, саванналар, гилеялардан, т.б. тұрады. Таулы жерлерде ландшафт түрлері биіктік белдеулік бойынша таралады. Жер бетінің 30%-ын ормандар, 20%-ға жуығын саванналар мен сирек ормандар, 20%-ға жуығын шөлдер мен шөлейттер, 10%-дан астамын мұздықтар және 10%-ға жуығын әр түрлі табиғи ландшафтар, қалған 10%-ын жыртылған жерлер мен урбандалған аумақтар алып жатыр.

Адамның пайда болуымен байланысты Жерде тіршіліктің саналық формасы (ноосфера) қалыптасты. Нәтижесінде, адамзат табиғаттың барлық құраушылары мен ландшафттарына антропогендік қысым түсіре бастады. Адамның қоршаған ортаға экологиялық, экономикалық, т.б. әсерлері жылдан-жылға ұлғайып, жаһандық сипат алуда.

Жерді көптеген ғылымдар зерттейді:

Геодезия – Жердің мөлшері мен пішінін зерттесе,

астрономия – оны аспан денесі ретінде қарастырады;

геофизика – Жер геосферасындағы физикалық процестерді және заттық күйін;

геохимия – химиялық элементтердің Жер қойнауында таралуын;

геология – Жердің даму тарихын, құрылымын;

физикалық география мен биология — географиялық қабықтағы және биосферадағы табиғи процестер мен құбылыстарды зерттейді.

Ядро шекарасында бойлық сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы 13,6 км/с-тен 8,1 км/с-ке дейін кемиді, субядро шегіне таяу 11,2 км/с-ке дейін артады. Субядродағы сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тұрақты. Жердің физикалық қасиеттері мен температурасы тереңдеген сайын өзгереді. Геосфераны құрайтын жыныстар үнемі қозғалыста болады және өзгеріп отырады, бұл процесс, әсіресе, сұйық және газды қабаттарда өте жақсы байқалады. Жер қойнауында және бетінде болатын барлық процестер эндогендік және экзогендік болып екіге бөлінеді. Экзогендік процестер бұзушы (үгілу, өзен және мұз эрозиясы, жел мен жер асты суларының әрекеті, т.б.) және түзуші (құрлықтық ойыстардың, тау жыныстарының жаралуы) болып ажыратылады.

Жер қыртысына әсер етуші эндогендік процестердің жиынтығы тектоникалық процестер, ал олар байқалған қабаттар тектоносфера деп аталады. Тектоникалық процестер магмалық әрекеттердің барлық түрлерімен тығыз байланысты. Құрлықтардағы экзогендік процестер Жер бетіндегі биіктіктер мен ойпаңдар бойынша анықталады. Ішкі және сыртқы процестердің өзара байланысы Жер бедерін қалыптастырады. Жер бедерін түзуші факторларға Жер бетіндегі ауырлық күшінен туатын гравитациялық процестер, Жер – Күн – Ай жүйесінің өзара тартылыс күштері де әсер етеді. Ішкі күштер Жер бедерінің басты элементтерін түзеді, ал сыртқы күштер оларды бұзып өзгертеді.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиет

 

↑ География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9

 

↑ Қазақ энциклопедиясы,3 том

 

↑ http://kk.wikipedia.org/wiki/



Литосфера және жер қыртысы