Нағыз Көп Клеткалылар



Нағыз Көп Клеткалылар

Нағыз Көп Клеткалылар (Eumetazoa) – дене құрылысындағы клеткалары толық дифференцияланған, бір-бірімен өзара байланысты тіндері, органдары, жүйке жүйесі жақсы дамыған организмдер. Нағыз көп клеткалылар тобындағы жануарлар органдарының белгілі тәртіпте орналасуына немесе дене симметриясына қарай екі үлкен бөлімге бөлінеді: сәулелілер (Radіata) және екі жақты симметриялы жануарлар (Bіlaterata)[2]. Сәулелі жануарлардың бекініп тіршілік етуіне немесе суда жүзуіне орай органдары бір осьтің төңірегінде шашыраған сәулелер тәрізді орналасады да, дененің сәулелі (радиальды) симметриясын құрайды. Олардың денесі сыртқы (эктодерма) және ішкі (энтодерма) қабаттардан тұрады. Осы белгісіне сай олар қос қабаттылар (Dіploblastіca) тобына жатады. Сәулелілердің екі типі бар: ішекқуыстылар және ескектілер. Екі жақты симметриялы жануарлар үш қабатты (Trіploblastіca) жануарлар тобын құрайды. Бұлардың эмбриондық даму кезінде үш ұрық жапырақшалары түзіледі: сыртқы (эктодерма), ішкі (энтодерма) және аралық қабат (мезодерма). Бұл топқа: жалпақ құрттар,немертиндер, жұмыр құрттар, скребнилер, буылтық құрттар, буынақтылар, онихофоралар, моллюскалар, қармалауыштылар, тікентерілілер, погонофоралар, қылтанжақтылар, жартылайхордалылар және хордалылар жатады.

Эктодерма

Эктодерма (грек. ektos – тыс, сыртқы және тері) – гаструлалану кезінде түзілетін сыртқы ұрықтық қабат. Эктодерма бластомерлері екі қабат болып жарылған ұрықтың сыртқы клеткалық қабатынан қалыптасады. Ұрық денесінің ұзына бойына Эктодерма клеткалары бөлініп көбейіп, жүйке тақташасына, кейін жүйке түтігіне айналады. Жүйке түтігінде Эктодерма клеткалары қыр тәрізді болып орналасады. Жүйке түтігі мен жүйке қырын құрайтын Эктодерманы нейроэктодерма деп атайды. Нейроэктодермадан: эпидермис (терінің сыртқы қабаты), ми мен жұлын, олардың жүйкелері, сезім мүшелерінің құрылымдары; жүйке қырынан: жұлын мидың жүйке түйіндері (ганглийлері), вегетативті жүйке жүйесінің (симпатик. және парасимпатик.) ганглийлері мен жүйкелері, бүйрек үсті безі бозғылт затының хромаффинді клеткалары дамиды. Эктодермалық астар – мүйізденген көп қабатты жалпақ эпителий; қ. Гаструла; Ұрық; Тері.

Эмбрион

Эмбрион (грек, embryon — ұрық) аталық және аналық жыныс жасушаларынын қосылуы нәтижесінде пайда болады. Ұрықтану — жануарлар мен адам организмінде жатыр түтігінің жоғарғы бөлігінде, ал суда тіршілік ететінжануарларда — сулы ортада жүреді.

Мезодерма

Мезодерма (мезо... және грек. derma — тері) — көп клеткалы жануарлар (губка мен ішекқуыстылардан басқа) мен адамның ортаңғы ұрық қабаты. Гаструла сатысында мезодерма сыртқы ұрық қабаты эктодерма мен ішкі ұрық қабаты энтодерманың арасында орналасады. Алғашқы ауыздыларда мезодерма эктодерма мен энтодерма қабаты аралығында жетілген клеткалардан — телобластан дамиды. Бұл клеткалардан дене паренхимасы (төмендегі сатыдағы құрттарда) және ұрықтың мезодермасы (жоғары сатыдағы омыртқасыздарда) пайда болады. Тікентерілілерде, бассүйексіздерде, дөңгелекауыздыларда, балықтармен, қосмекенділерде мезодерма алғашқы ішектің ішкі қабатынан жетіледі. Бауырымен жорғалаушыларда, құстарда, сүтқоректілерде мезодерма бластула сатысында ұрықтың эктодерма қабатынан жетіледі. Жалпақ құрттар мен немертиндерде мезодермадан дәнекер тін, буылтық құрттар мен буынаяқтыларда екінші дене қуысы — целом және жұп сомит дамиды. Сомиттің арқа бөлігін эписомит, бүйір бөлігін гипосомит деп атайды. Эписомиттен склеротом, дерматом, миотом бөлімдері жетіледі. Склеротомнан омыртқа жотасы, дәнекер тін, дерматомнан тері дәнекер тіні, миотомнан дененің қаңқа бұлшық еті пайда болады. Гипосомиттен целом қабырғасынан басталатын бірыңғай салалы бұлшық еттер, нефриттен зәр шығару органдары, ішкі органдар жетілетін спланхнотом бөлімдері дамиды. Ең үлкен бөлімі — спланхнотом, ол ішкі висцеральді, сыртқы париетальді қабаттан құралған. Бұлардың түйісуінен мезодерма қапшығы, яғни екінші дене қуысы целом пайда болады. Бұл қуыста ішкі органдар орналасады. Спланхтом эпитемитінен жыныс бездері жетіледі.

Жалпақ құрттар

Жалпақ құрттар(Plathelmіnthes) – төменгі сатыдағы құрттар типі. Олардың ұзынша симметриялы денесі арқа-құрсақ жағына қарай қысыңқы келеді. Ұзындығы 0,2 мм-ден 18 м-ге дейін. Жалпақ құрттардың 12500-дей түрі 5 класқа жіктеледі: кірпікшелі құрттар, сорғыш құрттар, моногенетикалық сорғыштар, таспа құрттар, цестода тәрізділер. Соңғы 4 класс өкілдері – нағыз паразиттер. Бірақ кейбір зерттеушілер кірпікшелі құрттардың 3 отрядын: темноцефалиданы (Themnoceрhalіda), удонеллидтерді (Udonellіda) және ксенотурбеллидтерді (Xenoturbellіda) класс ретінде қарастырады. ЖАЛПАҚ ҚҰРТТАРдың еркін қозғалатын түрлерінің денесінің сырты түкті эпителиймен қапталған, ал паразитті түрлері ядросыз қалың қабат – тегументпен жабылған. Жалпақ құрттардың негізгі ерекшелігі – тері-бұлшық ет қапшығының болуы. Ол эпителий мен оның астында орналасқан бұлшық ет талшықтарының бірігуінен түзілген. Бұл талшықтар бірнеше қабат (сақина тәрізді, ұзына бойына, қиғаш) түзеді. Жалпақ құрттар осы бұлшық ет талшықтарының жиырылуынан қозғалады. Жалпақ құрттарда дене қуысы болмайды, паренхима мүшелер арасындағы барлық кеңістікті алып тұрады. Ол тірек қызметін атқарады. Жалпақ құрттардың ас қорыту жүйесі біркелкі дамымаған. Аузы денесінің құрсақ (кейде алдыңғы) бөлімінде орналасқан. Ол эктодермальды жұтқыншақпен және тұйық бітетін энтодермальды ортаңғы ішекпен жалғасқан. Артқы ішегі және аналь тесігі болмайды. Ал паразит түрлерінде ауыз, ішектері мүлдем жоқ, қорегін сыртқы қабымен сіңіріп, паренхимада қорытады. Жүйке жүйесі бас жүйке түйінінен басталып, денесінің құрсақ жағына жүретін жүйке бағаналарынан (өзара сақина тәріздес өсінділермен байланысқан) тұрады. Қан айналу және тыныс алу жүйелері дамымаған. Зәр шығару мүшесі – протонефридии. Олардың тарамдалған каналдары паренхимада кірпікшелі жұлдыз тәрізді клеткалармен аяқталады. Жалпақ құрттар – гермофродиттер. Жыныс жүйесінің құрылымы өте күрделі. Бұлар негізінен еркек, ұрғашы жыныс бездерінен, ұрық өткізу түтіктері мен ұрпақ жетілдіру органдарынан тұрады. ЖАЛПАҚ ҚҰРТТАР тікелей, құбылу, иесін ауыстыру арқылы өсіп дамиды. Жалпақ құрттардың көпшілігі адам мен жануарлардың паразиті (мыс., фасциолез, эхинококкоз, т.б.).

Немертиндер

Немертиндер(Nemertіnі) – омыртқасыздардың бір типі. Көпшілігі теңіз жағалауларында еркін тіршілік етеді, тек кейбір түрлері тұщы суларда және паразиттік тіршілік етуге бейім. Немертиндердің 1 класы, 1000-ға жуық түрі белгілі. Денесі құрт тәрізді созылыңқы, ұзындығы 2 – 20 см-ден 30 м-ге (Lіneus longіssіmus) жететін түрі де кездеседі. Денесін бір қабатты кірпікшелі эпителий (оның астында көп қабатты бұлшық еттер орналасқан) жауып тұрады. Мұнда көптеген кілегейлі бездері болады. Ішкі мүшелер арасын паренхима толтырып тұрады. Ас қорыту жүйесі жақсы жетілген. Ішегі ауыз тесігінен басталып, аналь тесігіне дейін созылған. Немертиндердің ерекше мүшесі – тұмсығы. Ол денесінің алдыңғы ұшында арнайы тұмсық қынабы – ринхоцелом деп аталатын қуыстың ішінде имек тәрізді оралып жатады. Тұмсығымен қорегін ұстайды және ол қорғаныш қызметін атқарады. Немертиндер – жыртқыштар. Ұсақ құрттармен, шаянтәрізділермен, моллюскалармен қоректенеді. Жүйке жүйесі бас түйіндерінен және денесінің ұзына бойына созылған бағаналардан (бүйірлік және арқалық) тұрады. Бұдан бір жұп күшті бүйір жүйке бағаналары басталады. Сезім органдарына: екі бүйір саңылауы, церебральды мүшелері және көздері кіреді. Қан айналу жүйесі негізінен үш қан тамырынан (арқа және екі бүйірлі) тұрады, олар қоректік заттарды тасымалдайды. Тыныс алу органы жоқ. Зәр шығару жүйесі протонефридиялы. Денесінің алдыңғы екі бүйірінде арнайы тесігі бар қос зәр шығару түтігі орналасқан. Немертиндер дара жыныстылар. Ұрықтануы сырттай. Жұмыртқадан пилидий деп аталатын еркін жүзетін планктонды дернәсіл (тұтас кірпікшелі эпителиймен қапталған) шығады. Пилидий эпителиясы уақытша ғана қызмет атқарып, дернәсіл ересек құртқа айналғанда түсіп қалады. Дернәсілден пайда болған жас құрт пилидий қабырғасын бұзып сыртқа шығады да, теңіздің түбіне түсіп, өз бетімен тіршілік етеді. 

Жұмыр құрттар

Жұмыр құрттар, нематодтар (Nemathelmіnthes) – төменгі сатыдағы құрттар типі. Жер шарында кең тараған (теңіздер мен мұхиттарда, тұщы суларда, топырақта,биосферада), кездеспейтін жері жоқ, сондықтан оларды космополиттік жануарлар қатарына жатқызады. Жұмыр құрттардың 5 класы бар: нағыз Жұмыр құрттар (Nematoda); құрсақ кірпікшелілер (Gastrotrіcha); киноринхалар (Kіnorhyncha); түкті құрттар (Nematorpha); коловраткалар (Rotatorіa). 27 мыңдай түрі белгілі. Бұлардың жалпақ құрттардан айырмашылығы – ішкі мүшелерінің арасында дене қуысының (схизоцельдің) болуы. Сондықтан Жұмыр құрттарды бірінші реттік дене қуысы бар жануарларға жатқызады. Денесі жіп тәрізді (грек. nematos – жіп) созылыңқы келеді. Ұзындығы 1 мм-ден 8 м-ге (Рlacentonema gіgantіssіma) жетеді. Бұлардың денесінің сырты қалың кутикула қабатымен қапталған. Ұзын, ұршық тәрізді бұлшық еті жиырылғыш келеді әрі қозу толқынын (импульсін) қабылдап, бір бұлшық еттен екіншіге өткізеді. Тері-бұлшық ет қапшығы мен ішектің арасындағы дененің алғашқы қуысы (іші сұйық затқа толы) оның жұмырлығын тұрақты түрде сақтайды, денесінің тірегі болып, зат алмасу процесіне қатысады. Ас қорыту жүйесі ұзына бойына созылған тік түтік тәрізді алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Ауыз қуысы дененің алдыңғы ұшында орналасқан, ол өңешке ұласады. Зәр шығару жүйесі протонефридиялды (зәрді тері бездері арқылы шығарады). Қан айналу және тыныс алу жүйесі дамымаған. Жүйке жүйесінің орталық бөлімін жұтқыншақ маңындағы жүйке сақинасы мен бірнеше жүйке бағаналары (ұзына бойына созылған) құрайды. Жүйке клеткалары жүйке бағаналарымен байланыса жекелеген ганглияларды құрмай, тек құрсақ жүйке бағанасында «құрсақ тізбегін» құрай дамыған. Сезім мүшелері нашар дамыған. Дара жыныстылар, арасында гермафродиттер де кездеседі. Жұмыртқалары жатынның ішінде ұрықтанады. Көпшілігі жұмыртқа салады, сонымен қатар тірідей туатын түрлері де кездеседі. Жұмыр құрттар – адам, өсімдіктер мен жануарлар организмінде де паразиттік тіршілік етеді. 

Жер шарында кең тараған. Ж. қ-дың 5 класы бар, 27 мыңдай түрі белгілі. Денесі жіп тәрізді созылыңқы келеді. Ұз. 1 мм-ден 8 м-ге жетеді.

Скребнилер

Скребнилер (лат. Acanthocephala) —

 балықтардың, құстардың, сүтқоректілердің ащы ішегінде паразиттік тіршілік ететін тікенекбас құрттар; өзі аттас типтің жалғыз класы. 500-ден астам түрі бар. Дене тұрқы цилиндр не ұршық тәрізді, ұзындығы 1,5 мм-ден 40 мм-ге дейін, ал ірілері 65 см-дей болады. Денесі тұмсық пен тұлғадан тұрады. Тұмсығында бірнеше қатар, кері қайырылған ілмешектері бар. Осы ілмешектерімен иесінің ішегіне қадалып бекінеді. Денесінің сыртын жұқа кутикула қабаты жапқан, оның астында гиподерма қабаты болады. Гиподерманың қалың жерінде гликоген қоры жиналатын ірі ядролары орналасады. Скребнилерде алғашқы дене қуысы (схизоцель) жақсы дамыған. Иесінің ішегінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты ас қорыту жүйесі жойылған. Қорытылған қоректі дене жабыны арқылы сіңіреді. Жүйке жүйесі қарапайым. Ми ганглиясы тұмсық қынабына еніп жатады, одан жұқа жүйке талшықтары алға тұмсыққа қарай, екі бүйір жүйке бағанасы артқы бөліміне қарай бағытталған. Сезім мүшелерінен тек екі кішкене сезгіш бүртіктер бар. Тыныс алу және қан айналу жүйесі болмайды. Зәр шығару жүйесі — протонефридиялы. Жыныс мүшелері жұп болады. Дамуы әдетте метаморфозбен және иесін алмастыру жолымен өтеді. Ұрықтанған жұмыртқалар нәжіспен бірге сыртқа шығарылады да, одан әрі даму үшін аралық иесінің денесіне түседі. Аралық иесінің ішегіне түскен жұмыртқадан дернәсіл дамиды. Ол ішекті тесіп, дене қуысына өтіп, сол жерде ересек түрге айналады. Осындай метаморфоздан кейін скребнидің тұмсығы тұмсық қынабына тартылып, денесі дөңгелектеніп, сырты қабыршақпен оранып, капсулаға айналады. Осы күйінде көп жылдар бойы тіршілігін жоймайды. Скребни мал, балық және құс шаруашылығына үлкен зиян келтіріп, олардың өнімділігін азайтады. Жануарларда акантоцефалез ауруын тудырады. Кейде адамның ішегінде де паразиттік тіршілік етеді. Скребни класы екі отрядқа бөлінеді: Palaeacanthocephala және Archіacanthocephala.

Буылтық құрттар

Буылтық құрттар (Annelіda) – омыртқасыз жануарлардың ішіндегі үлкен бір типі. Қазіргі уақытта 9 мыңдай түрі белгілі. Буылтық құрттар 2 тип тармағына бөлінеді: белдеусіздер және белдеулілер. Белдеусіздердің 1 класы – көпқылтанды құрттар, ал белдеулілердің 2 класы – азқылтанды құрттар және сүліктер бар. Буылтық құрттардың денесі ұзын, бірнеше мм-ден 3 м-ге дейін, біркелкі бөлшектелген сегменттерден тұрады. Эпителий қабатының астында сақина тәрізді қиғаш бұлшық еттері орналасқан, солардың жиырылуы нәтижесінде құрттар қозғалады. Буылтық құрттарда екі жақты симметриялы, сегменттелген, ішкі сұйыққа толы өзіндік қабатының болуымен ерекшеленетін целом қуысы болады. Буылтық құрттардың жүйке жүйесі жақсы дамыған, ол жұтқыншақ үсті ганглиядан және ұзынынан орналасқан құрсақ жүйке талшықтары тізбегінен тұрады. Қан айналу жүйесі көпшілігінде тұйық біткен, ол арқа қан тамырынан (қанарттан алға қарай ағады) және құрсақ қан тамырынан (қан алдан артқа қарай ағады) құралады. Терісімен, ал кейбір түрлері желбезек арқылы тыныс алады. Ас қорыту жүйесі алдыңғы, орта және аналь саңылауымен аяқталатын артқы ішектен құралады. Зәр шығару жүйесі – метанефридиялы (әрбір сегментінде орналасқан қос түтікшелер арқылы зәр шығару), кейбір түрлерінде протонефридиялы (қарапайым немесе тармақталған каналдар арқылы зәр шығару). Буылтық құрттардың көпшілігі – гермафродитті, ішінде дара жыныстылары да бар. Төм. сатыдағы өкілдерінің дамуы метаморфоз арқылы жүреді. Олардың дернәсілін – трохофера деп атайды. Буылтық құрттар теңізде, тұщы суда, топырақ арасында тіршілік етеді. Олар Қазақстанның барлық аудандарында кездеседі. Паразиттік тіршілік ететіндері де бар. Көптеген түрлеріменбалықтар қоректенеді. Буылтық құрттарға жататын жауын құрты топырақты құнарландырады, ал сүлік медицинада қолданылады.

Буылтық құрттар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері

Буылтық құрттардың бұған дейінгі жәндіктерден негізгі ерекшелігі - дене қуысының екінші рет қайталануы. Сондай-ақ оларда тұңғыш рет тұйық қанайналым жүйесі пайда болған. Қажетсіз заттарды бөлетін әр буылтықта зәршығару мүшелері бар. Соңғы қуыс - целом (гр. цейлома - қуыс,) деп аталады.

Целом дегеніміз - көпжасушалы жәндік және жануарлар денесінің ішкі қабырғасы мен ішкі мүшелер арасындағы кеңістік. Бұл қуыс аралық қабаттан пайда болған. Қуысқа толған сұйықтықты дене қабырғасын құрайтын бұлшықеттер - мезодерма қоршап тұрады. Жәндіктер бұлшықеттердің көмегімен қозғалып жүреді. Ал ішек қабырғасындағы бұлшықеттер алма-кезек жиырылып, ішек ішіндегі асты орнынан жылжытпалы. Құрттар денесіндегі соңғы қуыстың қызметі:

1.    қозғалыс кезінде тірек болып, сұйықтық күйдегі қаңқа қызметін атқарады;

2.    ішектің және дене қабырғасының өз алдына жеке жұмыс атқаруына мүмкіндік жасайды;

3.    ішкі мүшелердің және дененің мөлшері жағынан едәуір ұлғаюына көмектеседі;

4.    қуыс ішіндегі сұйықтықтың көмегімен құнарлы заттарды, зат алмасудың соңғы өнімдері мен газды тасымалдайды;

5.    зат алмасудың соңғы өнімдері мен сұйықтықтың артық мөлшері жинақталатын орын бола алады;

6.    ағзадағы қысымды реттеуге қатысады. Дененің біркелкі буылтықтарға бөлінуі - буылтық құрттардың сыртқы құрылысындағы ерекшелік. Сақина тәрізді бұл бунақтар жәндіктің сыртында ғана емес, ішкі жағында да айқын көрінеді. Ішкі бунақтарда жәндіктің көптеген ішкі мүшелері қайталанады.

Буылтық құрттарда қантарату жүйесі жақсы дамыған. Олардың көпшілігінде қанның түсі қызыл болады. Қан жәндіктің дене қуысына құйылмай, қан тамырлары арқылы ағатындықтан,қантарату жүйесі - тұйық жуйе. Қантарату жүйесі арқа және құрсақ қан тамырларынан құралады. Қанның ағуын арқа және құрсақ қантамырларын сақина тәрізденіп жалғастыратын«жүрекше» реттейді. Қан дененің артқы бөлігінен арқа қантамыры арқылы - алға жылжиды. Сөйтіп құрсақ қантамыры арқылы кері бағытта қозғалады. Қаны түссіз немесе жасыл түсті буылтық құрттар да бар. Буылтық құрттардың имек түтікше тәрізді зәршығару мүшелері эктодермадан түзіледі. Олар буылтықтардың әрқайсысында екі-екіден орналасады. Имек түтіктертек соңғы буылтықтарда болмайды. Буылтық құрттардың жабыны өте жұқа бір қабатты эпителийден тұрады. Эпителийден серпімді сірқабық бөлініп шығады. Жабында шырыш бөлетінбіржасушалы бездер өте көп орналасады.

Теңізде тіршілік ететін құрттар онымен ұяшық қазады. Ал топырақта тіршілік ететіндері топырақтағы қозғалысы жеңілдетуге пайдаланады. Бездерден бөлінген шырыш заттарды желімдестіріп, үйкелісті кемітеді. Құрт жабынының астында - сақиналы бұлшықет, ал оның астында бірыңғай салалы бұлшықет жатады. Сақиналы бұлшықет жиырылғанда құрт денесі ұзарады. Бірыңғай салалы бұлшықет жиырылғанда — қысқарады. Соның нәтижесінде құрт бір орыннан екінші орынға қозғалады. Буылтық құрттардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы бірімен- бірі жалғасқан екі жұп жүйке түйінінен және қатарласа созылған құрсақ жүйке тізбегінен тұрады. Үстіңгі екі түйін — жұтқыншақ үсті жүйке түйіні. Ал астыңғы екеуі жұтқыншақ астыжүйке түйіні деп аталады. Жүйке түйіндері жұтқыншақ маңында бірімен-бірі сақина тәрізденіп жалғасады.

Құрсақ жүйке тізбекшесі жұтқыншақасты жүйке түйінінен созылып, буылтықтардың әрқайсысында жүйке түйінін түзеді. Жүйкелер әр буылтықтағы жүйке түйіндерінен денеге және мүшелерге тармақталып таралады. Құрттың бас бөлігінде орналасқандықтан, жұтқыншақ үсті жүйке түйіні кейде «ми» деп те аталады. Құрттардың тіршілік ететін ортасына байланысты сезім мүшелері әр түрлі деңгейде дамиды. Өте сезімтал болғанымен де топырақта тіршілік ететін шұбалшаңның көзі де, қармалауыштары да жоқ. Құрттың жарық сезгіш жасушалары бүкіл денесінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан денеге жанасқан затты, жарықтың өзгеруін оңай сезінеді. Су түбінде өмір сүретін және суда еркін жүзетін көпқылтанды құрттарда жақсы жетілген көздері және қармалауыштары болады.


Буылтық құрттарға тән ерекшеліктердің бірі - айрықша қозғалыс мүшелерінің болуы. Мұндай мүшелер құрт денесіндегі буылтықтардың әрқайсысының екі қапталын бойлай орналасады. Оны параподия (гр. пара+подион- жуық + кішкене аяқ, яғни аяққа ұқсас) дейді. Денеден бұлтиып шыққан, бір буда қылтанақтары бар кішкене өскіндер көпқылтанақтылардың жүруге арналған мүшесі болып табылады. Бұл құрттардың барлығында бола бермейді. Дегенмен алғашқы буылтық құрттарда және көпқылтанақты құрттарда жақсы дамыған. Азқылтанақты құрттарда тек қылтанақтары ғана сақталып қалған. Буылтық құрттар параподияларының көмегімен бір жерден екінші жерге еркін қозғалып бара алады. Буылтық құрттардың дене құрылымы төмен құрылысты жәндіктерден күрделі екенін байқадық. Бұларда бас, тұлға және дене соңында аналь тесігі бар.

Тұлға буылтықтардан құралады. Бұлар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Азқылтанақты буылтық құрттар — қосжынысты (гермафродит). Теңізде мекендейтін нереида, құмқазар сияқты көпқылтанақты буылтықтар дара жынысты болып келеді. Бұлардың денесінде қылтанақтар көп болғандықтан, көпқылтанақты буылтық құрттар деп аталады. Жыныссыз жолмен көбейгенде бүршіктену немесе бөліну арқылы тікелей дамиды. Жынысты жолмен дамығанда түрлент, ұрықтан дернәсіл пайда болады. Мұндайда ұрықтану аналық денесінен тысқары - суда өтеді. Денесінде кірпікшелері бар дернәсіл пайда болады. Ол трохофора деп аталады. Трохофора (гр. трохос+форос- доңғалақ + алып жүру, яғни доңғалағы немесе доңғалақтары бар дернәсіл) біраз уақыт судың үстіңгі қабатында өмір сүріп, кейінірек су түбіне шөгеді. Сөйтіп біртіндеп ересек көпқылтанақты буылтық құртқа айналады. Азқылтанақты және көпқылтанақты буылтық құрттар дененің жойылған бөлігін тез қалпына келтіре алады. Оларда регенерация құбылысы едәуір жақсы байқалады.

Сүлік - буылтық құрттар типіне жататын арнайы кластың өкілі. Сүліктердің құрылысы мен тіршілік әрекеті ерекше назар аударады. Сүліктердің бас бөлігі нашар ажыратылады. Олардың денесінде буылтықтары болады. Бірақ буылтықтар саны ішкі бунақтарға сай келмейді. Қылтанақтары да жоқ. Сүліктер - қосжынысты (гермафродит) жәндіктер. Жұмыртқасын пілләге салады. Тура дамиды - ұрықтанған жұмыртқалардан жас сүліктер өрбиді.

Сүліктер - паразиттік жолмен де, жыртқыштықпен де тіршілік ететін жәндіктер. Олардың негізгі қорегі - әр түрлі су жәндіктері: ұлулар, бунақденелілердің дернәсілдері. Сондай-ақ өзге сүліктер, итшабақ және балық шабақтары, омыртқалы жануарлардың қанымен де қоректенеді. Сүліктер суда тіршілік етеді. Сүлік денесінің алдыңғы және соңғы ұштарында сорғыштары болады. Алдыңғы сорғышындағы аузының айналасын ұшы тіс тәрізді өте үшкір 3 өсінді қоршай тұрады. Жануарлардың немесе адамның денесіне сорғышымен жабысып, үшкір өсінділерін қалайды да терісін теседі, сүлік өсінділері қадалған жерінен аққан қанды сорады. Қан соратын сүліктің жұтқыншағына арнаулы бездерден «гирудин» (лат. гирудо - сүлік, гирудин - сүліктен бөлінетін зат) деп аталатын ерекше зат бөлініп шығады. Бұл зат қанды сұйылтады, сондықтан жара аузындағы қан ұйымайды. Халықтық медицинада гирудиннің осы қасиеті пайдаланылады. Сүлікке вена бітелгенде, жүрек бұлшықеттері жансызданғанда, миға қан құйылғанда, емдік мақсатта пайдаланып, адамның қанын сорғызады.Көпқылтанақты буылтық құрттардың басым бөлігі суда тіршілік ететіндіктен, теңізде маңызды рөл атқарады. Олар балдырлармен, ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Ал өздері суда мекендейтін балықтарға,шаянтәріздестерге және басқа да теңіздегі мақұлықтарға жем болады.

Азқылтанақты буылтық құрттар, әсіресе топырақта, сондай-ақ тұщы суларда мекендейді. Топырақта тіршілік ететін шұбалшаңдардың маңызы ерекше. Олар топырақтан терең ің қазып, топырақты ауамен, ылғалмен байытады. Бұл әрекет топырақтағы микробтардың белсенділігін арттыруға көмектеседі. Өсімдіктер тамырының топыраққа тереңірек бойлай, бекінуіне жәрдемін тигізеді.

Шұбалшаңдар - нағыз топырақ қопсытқыш жәндіктер. Сондай-ақ шұбалшаңдар - үй құстары мен балықтардың жемі. Суда тіршілік ететін азқылтанақты буылтық құрттардың да пайдасы зор. Олар су түбіндегі тұнбаны ішегі арқылы өте көп мөлшерде өткізеді. Сөйтіп су-қойма түбіндегі топырақ қабатына ықпалын тигізеді.

Сонымен бірге азқылтанақты құрттар өсімдік шірінділерімен қоректенеді. Демек олар суқоймаларын өсімдіктердің шірінді қалдықтарынан тазартуда да маңызды рөл атқарады.Денесі біркелкі сақина тәрізді буылтыққа бөлінгеншұбалаң тұрықты көпжасушалы жәндіктер буылтық құрттар типіне жатады. Олардың денесі үш қабаттан тұрады. Денесінің ішкі қабырғасы мен ішкі мүшелер арасындағы кеңістік соңғы қуыс - целом деп аталады. Екіжақты симметриялы. Соңғы қуыс әр сақиналы буылтықтарда қайталанады. Сақиналы буылтықтар перде арқылы бөлінгенімен, ауыз және аналь тесігі бар ішек бүкіл денені бойлай созылады. Жүйке жүйесінің құрсақтық бағанасы және ең алғашқы тұйық қанайналым жүйесі де бар. Дененің екі қапталындағы әрбір буылтықта будаланған қылтанақта өскіндер - параподиялар орналасқан. Ол құрттың қозғалып жүру мүшесінің қызметін атқарады. Ал сүліктердің денесінде мұндай қылтанақтар болмайды. Буылтық құрттар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Қосжыныстылары (гермафродит) да бар. 

Онихофоралар

Онихофоралар (Onychophora) – құрлықтағы омыртқасыз жануарлардың бір типі. Тропиктік және субтропиктік аймақтарда кең тараған, 70-ке жуық түрі белгілі.

Сипаттамасы

Бұлар ылғалды жерлердегі орман жамылғыларының, құлаған ағаштардың, тастардың астында және жерді қазып тіршілік етеді. Денесінің ұз. 4 – 15 см-дей, бөлшектенбеген, бас және тұлға бөлімдерінен тұрады. Бас бөлімінде ауызы, қос ұзын мұртшалары (оның түбінде жұп көзшелері орналасқан), хитинделген жақ аппараты және жұп емізікшесі (олардың ұштарында арнайы тері безінің тесігі ашылады) бар. Тұлға бөлімі 13-тен 43-ке дейін біркелкі бунақтардан түзілген, бірақ бұлардың арасындағы жіктері айқын білінбейді, бунақтарының саны жұп аяқтарының санына сәйкес келеді. Тұлға бөлімінде аяқтары (саны 15 жұптан 43-ке дейін) орналасқан, әрқайсысының ұшында екі кішкентай тырнақшалары бар (типтің ғылыми аты осыған байланысты шыққан, грек. όnyx – тырнақ), денесінің сыртқы жабыны – жұқа хитинді кутикула, дене қуысы аралас (миксоцель). Жүйке жүйесі қарапайым, жалпақ құрттардағыдай баспалдақ типті. Миы 3 бөлімнен тұрады, ол екі бүйір жүйке бағаналарымен байланысқан. Кеңірдектері арқылы тыныс алады. Денесінде көптеген тесіктер (стигма) бар. Стигмалардың әрқайсысы ұзын, тармақталмаған, ұштары тұйық, шоғырланып орналасқан кеңірдек түтікшелерімен бітеді. Қан айналу жүйесі ашық, жүрегі арқа жағында орналасқан. Зәр шығару жүйесі – денесінің әрбір бунағында метамерлі орналасқан жұп целомодуктылар (кірпікшелері бар жыныс каналдары), олардың зәр шығару тесігі аяқтарының түбінен ашылады. Даражыныстылар – жұмыртқаныңұрықтануы және ұрықтың дамуы іштей өтеді, сондықтан Онихофоралардың басым көпшілігі тірі туатындар. Бұл типтің 1 ғана класы – алғашқы кеңірдектілер (Protracheata) бар. Барлығы дерлік жыртқыштар.

Ерекшеліктері

Бұрын Онихофораларды буылтық құрттар мен кеңірдекпен тыныс алатындардың аралығындағы өткінші форма деп келсе, қазір құрылысының және эмбрионалды дамуының ерекшелігіне байланысты Онихофоралар өз алдына жеке тип ретінде қарастырылады.

Моллюскалар

Моллюскалар (Mollusca, латын molluscus – жұмсақ), жұмсақ денелілер – омыртқасыз жануарлардың бір типі. Қазба қалдықтары кембрийге дейінгі тау жыныстарынан табылған. Моллюскалар мұхитта, теңізде, құрлықта, аздаған түрі тұщы суда таралған. Бұлардың 2 тип тармағына: бүйіржүйкелілер және бақалшақтыларға жататын 130 мыңнан астам түрі жатады. Қазақстанда 36 тұқымдасы, 69 туысы және 300-ге жуық түрі кездеседі. Денесі сегменттерге бөлінбеген (тек кейбір төм. сатыдағы өкілдерінде метамерияның белгісі байқалады), бас, тұлға және аяқ бөлімдеріне бөлінеді. Басында аузы, көпшілік түрінде қармалағыштары, көзінің бір бөлігі болады (кейде көздері жартылай немесе толықтай редукцияға ұшыраған). Қосжақтаулы Моллюскалардің тіршілік ету ерекшелігіне байланысты бас бөлімі жойылған. Тұлға бөлімі қапшық тәрізді болып, арқасына қарай өседі, оны ішкі қапшық деп атайды. Онда ішкі мүшелері орналасады. Денесінің сырты кутикула қабатымен қапталған, ал оның сыртын тек Моллюскаларға тән мантия (тері қатпаршағы) жауып тұрады. Мантия мен денесінің аралығындағы мантия қуысында желбезектері (тыныс алу органдары), кейбір сезім мүшелері орналасады, онда жыныс және зәр шығару органдарының сыртқы тесіктері, аналь тесіктері ашылады. Мантияныңсыртқы қабатынан бақалшақ түзіледі. Ол: сыртқы (органик. заттан), ортаңғы (қалың ізбестен), және ішкі (жұқа, жылтыр) қабаттардан тұрады. Моллюскалардың тіршілік етуіне және атқаратын қызметіне қарай аяғының құрылысы да әр түрлі. Қозғалмай тіршілік ететіндерде (мыс., устрица), кейбір паразит бауыраяқтыларда аяқ мүлдем болмайды. Моллюскалардың басқа омырт-қасыздардан ерекшелігі – ас қорыту жүйесіндегі жұтқыншақ бөлімінде қоректі ұсақтайтын ерекше аппарат радуланың (үккіштің) болуы. Қан айналу жүйесі ашық. Жүрегі қарыншадан және екі жүрекшеден тұрады. Тыныс алу жүйесі алғы желбезектер (ктенидия), бірақ кейбір түрінде олар жойылып, тыныс алу қызметін мантияның жұқа қабаты – өкпе атқарады. Зәр шығару жүйесі, көбінесе қос бүйректен тұрады. Жүйке жүйесі шашыранды-түйінді. Төм. сатыдағы Моллюскалардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы сақинадан және төрт ұзына бойлық бағаналардан тұрады. Ал жоғары сатыдағыларда жүйке клеткалары шоғырланып, дененің әрбір бөлімінде жұп жүйке түйіндерін (ганглияларын) құрайды. Моллюскалардың көпшілігі дара жыныстылар, араларында гермафродиттер де кездеседі. Жыныс диморфизмі байқалмайды. Басаяқтылардың, бауыраяқтылардың көпшілік түрі іштей ұрықтанады, қалғандары сырттай ұрықтанады. Даму жұмыртқалары спиральді бөлшектеніп, детерминативті жолымен жүреді. Төм. сатыдағыларында жұмыртқасынан трохофора дернәсілі, ал көпшілігінде трохофоралық дернәсіл-велигер (желкен) шығады. Моллюскалар балық, құс, сүтқоректілердің қорегі болып саналады. Кейбір Моллюскалар адам мен мал гельминтоздарын тудыратын паразиттер, ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестері.

Погонофоралар

Погонофоралар (Pogonophora) — теңіздегі омыртқасыз жануарлардың бір типі. Погонофоралар көбінесе тереңдігі 3 — 10 мың м су түбінде тіршілік етеді, 150-дей түрі белгілі. Жіп тәрізді созылыңқы денесі (ұз. бірнеше см-ден 1,5 м-ге дейін жетеді) екі жағы ашық хитинмен қапталған түтікшенің ішінде орналасады.

Денелері 4 бөлімнен тұрады: біріншісінде бас қалақшасы мен қармалауыштары; екіншісінде түтікшеге бекитін “жүгендері”; үшіншісінде ұзынша тұлғасы; төртіншісінде майда қылтандармен қапталған тері-бұлшық ет қабаты болады.

Ас қорыту жүйесі болмайды (қорегі дене қуысында тіршілік ететін күкірт бактериялары түзетін органик. заттар). Қармалауыштары арқылы тыныс алады. Қан айналу жүйесі тұйық, арқа және құрсақ қан тамырларынан тұрады. Зәр шығару органдары — бір жұп бүйректер. Жүйке жүйесі қарапайым. Сезім органдары нашар жетілген. Дара жынысты, метаморфоз жолымен дамиды. Погонофораларда алғашқы ауыздыларға да, екінші ауыздыларға да ұқсас белгілер сақталған.

Қылтанжақтылар

Қылтанжақтылар, теңіз жебесі (Chaetognata) — омыртқасыз жануарлардың бір типі.

Барлық теңіздер мен мұхиттарда кездеседі (140 түрі белгілі), саяз су түбінде тіршілік ететін түрлері де бар. Денесі көп қабатты тері эпителийімен қапталған, оның астында бұлшық еттер орналасады. Дене пішіні жебе тәрізді, ұзындығы 0,5 — 9 см, үш бөлімге (бас, тұлға және құйрық) бөлініп, бүйір (жұп), арқа және құйрық жүзбе қанаттарымен көмкерілген. Тұлғасындағы және құйрық бөліміндегі екінші реттік қуысы көлденең екі бөлікке бөлінген. Бас бөлімінің арқа жағында негізгі сезім мүшелері (көздері және тербелмелі эпителий ілмегі) орналасады. Мұндай эпителий клеткаларынан тұратын екі қатар сақина тәрізді құрылым тек Қылтанжақтыларға тән. Тербелмелі ілмектің Қылтанжақтылар тіршілігінде атқаратын маңызы өте зор, осы мүшесімен азығын, не даму кезінде өз түрінің басқа дарабастарынан шығатын сигналды сезеді. Басында ауыз аппараты және екі бүйірінен жебе тәрізді ұстағыш қылтандары орналасады, аты осыған байланысты қойылған. Ішегі түзу түтік тәрізді, дененің алдыңғы ұшындағы ауыздан басталып, тұлға мен құйрықтың арасындағы ануспен аяқталады. Жүйке жүйесі — жұтқыншақ үсті мен жұтқыншақ асты түйінінен құралған мидан және күшті құрсақ түйінінен тұрады. Тыныс алу, қан айналу және зәр шығару жүйелері дамымаған. Қылтанжақтылар — тез жүзетін жыртқыштар, қатты қылтандарымен кейде балық шабақтарына да шабуыл жасайды. Негізінен шаянтәрізділермен қоректенеді. Қылтанжақтылар — гермафродиттер. Тек жыныстық жолмен дамиды.

Жартылай хордалылар

Жартылай хордалылар (Hemichordata) – омыртқасыз жануарлардың бір типі. Бұлар қос жақтаулы-симметриялы, целомды жануарлар. Жартылай хордалылардың өзіне тән негізгі белгісі: тұмсығының түбін ұстап тұратын –ішегінің кішкене тұйық өсіндісі – нотохордасының болуы. Бұлардың денесі үш бөліктен тұрады: тұмсық (немесе бас қалқаншасы), жаға және тұлға. Жұтқыншағында қос желбезек саңылаулары болады. Қан айналу жүйесіденесінің ұзына бойына созылған арқа және құрсақ қан тамырларынан тұрады. Жүректің қызметін тұйық бұлшық етті қапшық – жүрек қапшығы және орталық лакун (мүшелер аралығындағы қанға толы саңылау) атқарады. Жүйке жүйесі құрсақ және арқа жүйке бағанасынан тұрады және оның негізгі бөлігі жағаның арқа жағында орналасады. Сезім мүшелері болмайды. Жартылай хордалылар – дара жынысты, жұмыртқалары сыртта ұрықтанады. Кейбір ішектыныстыларда торнария (біраз уақыт суда жүзіп жүретін) дернәсілі болады. Зәр шығару мүшесі тұмсығы мен жағасында орналасқан – қос кірпікшелі жыныс каналы (целомодукты). Жартылай хордалылардың 2 класы (кейбір зерттеушілер 3 класқа бөледі) бар: 1) ішектыныстылар (Еnteropeusta) – тек теңізде тіршілік етеді, оның 80-дей түрі белгілі. Дене мөлш. 10 – 15 см (ең ірілері – Вalanoglossus gіgas – 2,5 м-дей); 2) қанат желбезектілер (Рterobranchіa) – теңіз түбінде бекініп тіршілік ететін жануарлар. 3 туысы, 22 түрі белгілі. Дене тұрқы 0,2 мм-ден бірнеше мм-ге жетеді. Ең ірі түрі – Сephalodіscus densus ұзындығы 1,4 см.

 

 

Хордалылар

Хордалылар, желілілер (Chordata) — жануарлар дүниесінің тарихи дамуының ең жоғары сатысында тұрған тип. Қазіргі кезде хордалылардың 3 тип тармағы: басжелілілер, қабықтылар және омыртқалылар, 40 мыңнан астам түрі белгілі. Бұлар Жер шарының барлық аймақтарында таралған. Хордалылардың өздеріне тән бірнеше белгілері бар:

1) денесінің арқа жағында ұзына бойына орналасқан арқа желісі — хордасы болады;

2) хорданың үстіңгі жағында ұзына бойына орналасқан орталық. жүйке жүйесінің қызметін атқаратын жүйке түтігі бар. Төменгі сатыдағы хордалыларда бұл өмір бойы сақталады, ал жоғары сатыдағы хордалыларда даму барысында оның алдыңғы бөлігі миға, артқысы жұлынға айналады;

3) хордалылардың жұтқыншағының екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары болады. Бұл төменгі сатыдағы хордалыларда өмір бойы сақталады да, жоғары сатыдағы хордалыларда өкпеге айналады;

4) хордалылардың көпшілігінің қан айналымы тұйық және олардың жүрегі де денесінің құрсақ жағында орналасады. Тек қандауырша тәрізділердің жүрегі болмайды, оның қызметін құрсақ қолқа қантамыры атқарады. хордалыларда бұдан басқа, омыртқасыз жануарларға да ұқсас белгілері де болады. Мысалы, екінші реттік дене қуысы, екінші реттік ауыз қуысы, денесінің екі жақты симметриялы болуы, бұлшық еттерінің метамерлі орналасуы, т.б. Хордалылардың табиғатта және адам өмірінде атқаратын маңызы өте зор. Олар биосферадағы зат пен энергия айналымында, әсіресе, тірі организмдер арасындағы қоректік тізбек құруда елеулі рөл атқарады. Олардан алынатын өнімдер (терісі, жүні, еті, жұмыртқасы, уылдырығы) шаруашылықтың түрлі салаларының бәрінде қолданылады; қара Дөңгелекауыздылар, Балықтар, Қосмекенділер, Бауырымен жорғалаушылар, Құстар, Сүтқоректілер.

 

 

 



Нағыз Көп Клеткалылар