Назым Хикмет Ранның шығармашылығы

Назым Хикмет Ранның шығармашылығы 

(1902-1963) 

     Назым Хикмет – түрік әдебиетінің көрнекті тұлғасы, түрік революциялық поэзиясының  негізін қалаушы. 1918 жылы КСРО-ға келеді, Бакуде болады. Мәскеудегі Шығыс халықтарының коммунистік университетінде оқиды. 

     1938 жылы соғыс қызметкерлерін көтеріліске шақырғандығы үшін әскери-соғыс трибуналы Н.Хикметті 15 жыл, одан кейін тағы да 13 жыл түрмеге отыруға үкім етеді. Бірақ Ғ.Мүсірепов айтқандай: «Бірақ халыққа арналған өмір жыры өшкен жоқ, өрши берді, еңбек жұртының жүрегіне, ойына тарады, студенттердің қойнына, солдаттардың қонышына түсті. Хикметтің тиым салынган шығармалары офицерлердің чемодандарынан да табылды».

      39 жастағы ақынға Бурса қаласындағы  түрмеге түскеннен кейін тағы  да 27 жылдық түрме жазасы қосылады. Сонымен отыз алтыдағы Хикмет ақын табандатқан елу бес жыл түрмеде отырып, тоқсан бір жасында түрмеден құтылмақ еді.

     Назым Хикмет 1950 жылы шілде айында түрмеден босатылады. Назым Хикметке бейбітшілікті жақтаушылардың дүниежүзілік екінші конгресінде агрессияға қарсы жазылған әдеби-шығармашлық еңбектері үшін Халықаралық Бейбітшілік сыйлығы берілді. Ол дүниежүзілік бе бітшілікті қорғау Кеңесінің бюро және Президиюм мүшесі.

     Жаңару, өркендеу жолындағы тәуелсіз мемлекет Түркияның ұлттық әдебиетінің дамуына, әрине, Назым Хикмет шығармашылығы – өзіндік өрнекті мұра. Олай дейтін себебіміз, оның шығармашылық өмірбаяндық күресшіл, революцияшыл мазмұнға құрылды. Көркем шығармашылық әлемдегі көркемдік әдістер, романтизм мен реализм әдістерін егіз қолдана жазған, халқын сүйген талай-талай ақындар шығармашылығынан біз осыны танимыз. Үндістанның ұлы ақыны Рабиндранат Тагордың, 1922 жылға дейін Иранда өмір сүрген иран-тәжік әдебиеттерінің ақыны Әбілқасым Лахутидың қазақ ақындары С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтың, Қ.Аманжоловтың және қазіргі әңгіме арқауындағы ақын Назым Хикмет шығармашылығынан біз осындай ерекшеліктерді танимыз.

     Назым Хикмет – әдебиет тарауындағы ұлы ақын. Сонымен қатар, ол – көркем прозашы, драматург, киносценарийші.

     Шығармалары / Жарияланған кітаптары/:

    1. «Күн нұрына суарылғандар жыры» \1928\
    2. «835 тармақ» \1929\
    3. «Даусын жоғалтқан қала» \1931\
    4. «Адамдық кеңістік» \1941-61жж Бұл түрік тілінде 1966-67 жж жарияланған эпопея\
    5. Драмалық шығармалары: «Елеусіз қалған есіл ер», «Дарақы»... т.б.
 

     Назым Хикметтің шығармашылығы әдеби тек жағынан лирика, эпос, драма түрлерін түгелдей қамтиды.

     Назым Хикметтің әлемдік сөз өнеріндегі негізгі тұғыры – ақындығы. Ақынның лирикалық шығармашылық құдіретін әлемге танытқан ерекшелік – оның туған елін Түркияны, Анадолы жерін, Ыстанбұлды дұниежүзінің еңбекшілерін азаматтық, гуманистік жүрекпен жырлағандығы Хикметті түсіну үшін лирика табиғатына үңілу керек. «Лирика... шындықты адамның адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялықтшығармалардың түрі»... «Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, - сол өзінің шындығы мен сыры жатады...»

     ... «Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. ... Өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнастып кетеді... Сонда ақын көкірегіндегі сезім – оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр – оқырман сыры болады да шығады» \Қабдолов З. Екі томдық таңдамалық шығармалар. А., Жазушы. т.2. 315-316, 319-беттер.\

     Бұл айтылған тұжырымдарды Н.Хикмет жырлары  арқылы түсінеміз. Назым Хикметтің  лирикалық шығармашылығын өлең тарихындағы қалыптасқан жіктеулер тұрғысынан саяси лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы түрлерінде қарастыруға болады.

     Назым Хикметтің саяси лирикасына мынадай өлеңдері жатады: «Лидия Ивановнамен сырласу», «Сендердің қолдарың хақында һәм жалғандық жайлы өлең», «Мадрид қақпасыалдында», «Шығыс адамы және СССР», «Үміт», «Сені ойлаймын», «Құрыш білектер», «Аштар», «Қайран, он тоғыз!», «Бес тәулік ашыққанда», «Мұнайстанға саяхат», «Мен түрмеге түскенде», «Ешбір ағаш берген жоқ мұндай ғажап жемісті», «Әлем, достар, жаулар, сен жіне жер», «Поль Робсонға», «Айқас» және т.б.

     Ақынның саяси лирикасынан адамзаттың бақыты жолындағы күреске өмірін арнаған лирикалық қаһарманның асқақ мұраттары жырланады. Құрлықтарды мекендейтін барлық нәсілдегі адамдарды сүйейтін гуманистің бауырмал үні шынайы қалпымен естіледі:

     Африка  не Азиядан,

     Не  Таяу Шығыс елінен.

     Не  Қиыр Шығыс,

     Не  Тынық мұхиттың шегінен.

     Қай тараптан да бол, мейлің,

     Планетаның  халқының төрттен үш бөлігі,

     Бәрі  де маған бауырлас туған ел деймін.

     \ «Сендердің қолдарың хақында»\

     Ал, «Өлген қыздың елесі» жырында Хиросимадан басталған атомдық зұламатқа қарсылық үнін танимыз. Мәңгілік апат, қырғын атаулыға жаны түршіге қарсы жырлаған ақынның күрескерлік жырының қуаты айқын.

     Философиялық  лирикасына жататын мынадай өлеңдері бар:

     «Мәмедке  жазылған соңғы хат», «Абақтыда отыратын адамға айтар ақылым», «Абақтыдан босағанды», «Өлім туралы», «доктор Фаустың үні», «Трамвайдағы түнгі серуен», «Өсиет», «Келе жатқан адам», «Үнсіздік», «Темір тордағы арыстан», «Қош келдіңіз», «Кешірім», «Жүрегім менің мұнда емес», «Түрмеде отыратындарға бірнеше кеңес», «Қатардағы солдат» және т.б.

     Назым Хикметтің махаббат лирикасына қатысты да өлеңдері бар. Мысалы, «Ыстанбұлдан келген хат», «Абақтыдан жолданған хаттар», «Қош келдің, жарым», «Кербездің көлеңкесі», «Сол басым, сол жүрегім», «Отырмын жерде» т.б. Ақын махаббат тақырыбындағы жырларында лирикалық кейіпкер – өзінің сезімдік тебіреністерін, толғаныстарын сүйген жарға арналған көңіл арнаулары арқылы анық жеткізеді. Ақын ұғымындағы сүйген жар туған өлкесіне, Отанына, халқына арналған перзенттік махаббатпен бір тұтас қалыпта жырланады. Сүйген жарға деген махаббат сағынумен, аңсаумен ғана көрікті. Бұл – ғашықтық ғаламатының мәңгіден келе жатқан дәстүрі. Назым ақын махаббатынан да осындай дәстүрлі сарын өсіп тұрады:

    1. Сені ойлаудың өзі маған,

      Өшпес үміт сүйіктім.

      Ару әннің кәусар сазын тыңдағандай

      Әсерленем ұйып тым... 
       

    1. ...Көк  көйлегің, ақ білегің тұрады көз  алдымда,

      Сол бір нұрлы шағында сен

      Жүрегімде қалдың да,

      Көз алдымда қолаң шашың өсіледі  жібектей

      Өзіңді  ойлап толғану да,

      Қаламымды қолға алу да

      Жан дауасы 

    1.  Сен  көктемгі зеңгір көк,

      Көрдім  сәулем

      Жанарыма  жылы ұшырап барасың,

      Айдалаға  алау жақтым

      Түн түнегін түрдім мен...

      Сен – алаусың

      Жұлдызды  аспан аясында лаулаған

      Созған  қолым, сәулем, саған еркін жетіп  тұрмын мен.

      Адамдармен бірге жүрсем – баршасына ғашықпын,

      Ой  мен ісін көңілімде сақтансам  деп асықтым.

        Мен күресті қалап алғам

      Бұл өмірде аяулым

      Күрестерде  серігім – сен,

      Қадіріңді жас ұқтым...

      \Назым  Хикмет. Таңдамалы.  Ауд. Қ.Жұмағалиев.А., Жазушы, 1975, 41, 43, 48 беттер\

     Назымның  табиғат лирикасы оның теңіз, Анадолы  аймағы туралы жырлардан құралады. «Теңіз», «Жалын атқан жанартау», «Каспий  теңізі», «Теңізші жыры», «Анатолия  романтикасы» және т.б. жырларынан ақынның туған жер табиғатынан шабыт қуатын алғандығын аңғарамыз. Ақынның табиғат лирикасында теңізді жырлау басым. Жалпы, күрескер ақын атаулының жырлары да теңіз мінездес емес пе? Түркия мемлекеті, оның ішінде Ыстанбұл шаһары – бірнеше теңізбен көмкерілген мекен. Әлемдік ұлы мұхиттарға ұласатын бұл теңіздер ақын жырында бірде момақан жым-жырт, бірде аласұрған асау. Осындай сан құбылған теңіз мінезін суреттеудегі ақын жырларының кейіптеушілік бейнелілігіне кездесеміз:

     Түксиген, іркес-тіркес тау шыңдары

     Лезде арқа бетте таусылды, әні...

     Жел есті теңіз лебін ала қашқан,

     Бізге теңіз көзімен қарады аспан... 

     Көкпеңбек әуенің де түсін ашқан.

     Теңізбен  сол сәт оқыс ұшырасқам...

     Тыпыршып  жатыр екен

     Гаваньдағы

     Қаптаған  көп кеменің пысы басқан... 

     Оттай ыстық ұшырап бірден көзге

     Көкжиек боп қарсы алды

     Көзін сүзіп...

     \Кітапта.  Назым Хикмет. Ауд.Қ.Жұмалиев.

     А., Жазушы, 1975, 100-бет\

     Назым Хикмет лирикасының көркемдік кестелері  өзіндік мәнерін танытады. Назым  Хикмет – түрік поэзиясында жаңа ырғақтар, еркін өлеңдер үлгілерін қолданған ақын. Әрине, ол халықтық ежелгі дәстүрлерден бас тартқан жоқ.

     ХХ  ғасырдың бас кезіңде түрік әдебиетінің  талантты ақындары Фарук Нафыз, Орхан  Сейфи, Юсуф Зия және т.б. Халық әдебиетіндегі  ежелгі үлгілерді белсенді түрде жаңғырта қолданды. Олар араб, парсы, классикалық әдебиеттеріндегі ырғаққа негізделген метрикалық өлшемдегі «арузды», түркі халқының ежелгі фольклорынан бері сақтап келе жатқан «хедже» үлгісін, яғни буындық өлшемін қайта жаңғыртқан еді.

     Назым Хикмет өлеңдері де осы буындық өлшем жүйесінің ежелгі дәстүрінің жырлануы.

     Ақын  лирикасындағы теңеулер де, эпитеттер  де бейнеліліктің сан қилы өрнектерін көрсетеді. Мысалы, мынадай эпитеттік  бейнелі тіркестер кездеседі: 

    1.  Көгілдір  көз қарындасым,

      Қимасым

      Жағалаудан  жаутаң қағып қарайсың сен... 

    1.  Көкше  бұлттар 

      Алтын күмбез

      Қызыл мұржа

      Ақ  мұнара үстіменен қалқиды...

      \«Сені  ойлаймын» өлеңінен\ 

    1.  Құрыш  білектер бұрқанса,

      Арайлы  таң да нұрланар.

      Ай  жүзді, қарқын адамы

      Һәм дана,

      Һәм ер шыңға асқан

      \ «Құрыш  білектер» өлеңінен\

    1. Оқтай түзу аяқ қандай

      Тас көпірде отты еріндер мені сүйіп  оятқандай.

      Жалт  қарасам

      Алма  мойын

      Найза кірпік

      Тұр арманым...

      Ақын  құбылту \троп\ түрлерін, оның ішінде ауыстыруды \мтафора\ кейіптеуді; астарлауды \символды\, кекесінді \иронияны\, мысқылды \сарказмді\ мол қолданады. Мысалы, ауыстыру \метафора\ мағынасындағы мынадай баламаларға кездесеміз:

            Сен – көктемгі зеңгір көк,

            Сен – алаусың...

            Сен – алқапсың құнарлы

            Сен – ақ қағаз

            Сен – ән

         Мен – ішек

         Мен – түстіктің желең желі

         Мен – тасбұлақ

         Сен – дәруіш, кәусарынан нәр алған...

         Мен көлденең көк аттымын

         Сен – бір тұнық сезімсің

         Анатолия  тауында өскен дара шынар өзіңсің.

         \Хикмет  Назым. Таңдамалы... 36-58-беттер\ 

      Назым Хикметтің өлеңдерінде айшықтау \фигура\ сөз қолданыстардың арнау, қайталау, дамыту, инверсия \сөз ауыстыру\ эллипсис \сөз тастап кету\, егіздеу түрлері \психологиялық, синтаксистік\ де кездеседі.

      Назым Хикмет шығармашылығындағы дастандарын, драмалық шығармаларын оқып-үйрену – өзіндік бір мектеп. Ал, оның шығармаларының ішінде балаларға арнап жазғандарының тәлім-тәрбиелік маңызы үлкен. Ол фольклордағы аңыздық-ертегілік ауызша әңгімелерді авторлық шеберлікпен шығармашылық шешіммен қайта қарап ертегі-әңгімелер жазды. Мысалы: «Үш жігіт жайындағы хикая», «Пұтхана мен дана шал жайындағы хикая», «Қыз сүйген бұлт», «Әлем – Кәллем», «Кел – Оғлан мен түлкі», «Тоқымашылар», «Жолбарыс пен мысық», «Жер астындағы бүркіт», «Қыздар», «Кемпір мен түлкі», «Соқыр патша».

      Адамды, оның ішінде жастарды тәрбиелеу үшін ертегілік жанрды бүгінгі уақыт  тынысына бейімдеп, жазушылық-ұстаздық көңілмен жазып шығу – әлем әдебиетіндегі бар дәстүр.

\Мысалы, Андерсен, Пушкин, Ыбырай т.б.\

      Назымның  прозалық шығармаларының ішінде нақыл жанры да бар. «Сен жас ағаш сияқтысың» \ұлына арнауы\, «Өз мысығымды жақсы көрем», «Ағаштың екі түрі», «Балалық белгісі», «Шағалалар» деген нақылдарында автор адамдық саналы өмірдің философиялық тереңдіктері, қйшылықтары хақында толғанады, мәнді тұжырымдар жасайды. Мысалы, «Балалық белгісі» нақылындағы толғаныстар түйінінің, тағлымының тәрбиелік әсері ерекше: «Өзінің балалық шағының белгілерін әбден жоғалтқан жан жапырақ жаю мүмкіндігімен біржола айрылып қуарған ағаш сияқты. мұндай ағаш мүмкін терезе, есік жақтауларына немесе отынға жарап қалар. Бірақ енді оған ешуақытта да бірде бір, тіпті, құттай да болса жапырақ шығуы мүмкін емес».

\Хикмет  Назым. Қыз сүйген  бұлт. А.,  Жазушы, 1974, 125-бет\  

     Назым Хикмет – әлем әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Революциялық-романтикалық, реалистик ақындығындағы, саяси лирикасындағы тақырыптары қазақ поэзиясындағы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, кейінгі Мұқағали жырларымен үндеседі. Ал, қазақ әдебиетіндегі бір шоғыр қаламгерлер Назым Хикмет шығармаларын қазақ тіліне аударды. Өлеңдерін Ж.Саин, Т.Жароков, Қ.Жармағамбетов, Ж.Сыздықов, Т.Әлімқұлов, Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов, І.Мәмбетов, М.Әлімбаев, Қ.Жұмағалиев т.б. аударған.

      Прозалық  шығармаларын Ә.Нүрпейісов, Ә.Омаров, ал «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасын жазушы З.Қабдоллов аударған.

      Назым Хикмет – қанша және басқа түркі  халықтары әдебиеттерімен болатын әдеби байланыстардың нығайюына өте ықыласты болған жан. Қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов, Н.Ғабдуллин ақынның интернационалист, гуманист тұлғасы хақында мақалалар жазды.

      Ғ.Мүсірепов  Н.Хикметтің 1952, 1969 жылдары қазақ ақындарының аударуында жариялынған кітаптарында алғы сөз – мақалалар жазды. Ал, жазушы-ғалым Нығмет Ғабдуллин «Ташкентте табысқанда»  атты әңгімесінде 1958 жылғы Ташкентте өткен Азия – Африка қаламгерлерінің мәслихаты кезінде Назым Хикметпен дидарласу туралы жазады.

\ «Қазақ әдебиеті» газеті, №43, 24, 1958ж\ 

     Ақын  – ұлтының, сол арқылы бүкіл азаматтың  перзенті. Жаны кеудесінен шыққанмен  ақын рухы туған жерінің топырағымен, ауасымен бірге мәңгі жасайды, Назым Хикмет те «Өсиет» атты өлеңінде мұңлы, романтикалық сезім әуендерімен береді:

Ән тербеп, шалқар атырап шын тебіренген кезінде,

Жатармыз  үнсіз, тілсіз, бір сұлулықты әсте сезінбей.

Жатармыз  жым-жырт кесіліп, төрңнде туған өлкенің,

Еш дәурен болмай естуге,

Көрерге болмай көзің де...

\Хикмет  Назым. Таңдамалы.  А., 1975, 117-бет \. 

     Назым Хикмет шығармашылығы туралы бағалауда  замандық көзқаратарда іркілістер бар. Бірақ қазақ поэзиясының тұтас бір буыны сүйіп оқыған ақынның мұрасын толық оқып-үйрену – сөз өнері тарихын игерушілер үшін пайдалы істердің бірі. Ақынның азаматтық тұлғасы уақыт өткен сайын әрқилы көзқарастар талқысына түскенмен адамзат бақыты үшін арпалысқан қайсар үнінің өшпейтіні анық. Лирикалық кейіпкер – Ақын мұратының аласармайтынына оның жырларына оралған сайын сезінеміз. Мысалы, «Ақын» өлеңіндегі жолдар соның айғағындай:

     Ақынмын мен 

                     Шар болатша үн – демім

     Жай түсірер жапсарына үйлердің,

     Менің көзім көрінім жерден көреді,

     Қос қоңыздың қосақталып жүргенін...

     Ақынмын мен

                  Білем жырдың жайын да

     Жылтыраққа  құмар мес жаным да...

     Ақынмын мен,

                 Жыр арқауын өрмегін

     Күзгі тамған тамшыдан көп өргенмін.

     \ Хикмет Назым.  Өлеңдер, А., 1952, 13-бет\ 

     Түрік әдебиетінің ХХ ғасырдың орта шеніндегі әдеби даму мазмұнындағы шығармашылық тұлғалардың барлығы дерлік әлем әдебиетіндегі тақырыптық, жанрлық жаңалықтарға үндесе білді. Ұлттық мұралардың ежелгі халықтық сілтемелерін уақыт тынысына ұштастыра білген қаламгерлер жаңа түрік әдебиетінің қалыптастыруына игі ықпал етті.

Назым Хикмет Ранның шығармашылығы