«Қорқыт ата» кітабы эпикалық әрі тарихи мұра
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
РеФеРаТ
Тақырыбы: «Қорқыт ата» кітабы эпикалық әрі тарихи мұра
Жоспар:
I. Кіріспе
Қорқыт ата – өлмес өнер иесі.
II. Негізгі бөлім
a)Мәңгілік өмірді іздеуші - Қорқыт
ә) Қорқыт және қобыз.Құнды тарихи мұрасы.
б) Қорқыт ата туралы аңыздар.
III.Қорытынды
«Қорқыт ата кітабы» және оның сюжеттік желісі
«Қорқыт ата» кітабының тарихы.Нұсқалары мен зерттелуі
Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қорқыт — сегізінші ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері.Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, ал әкесі Қарақожа оғыздардың Қамы (Қайыспас) деген атасынан шыққан. Сондықтан Қорқыт оғыз бен қыпшақтар арасында бірдей кемеңгер ел ағасы болып өткен. Ватикан архивінде Қорқыт туралы «Расул пайғамбар заманына жақын кезде (7 – 8 ғ.) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бір ер болыпты. Оғыз ішінде барлық уәлаятты ол өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып сөздер сөйлеуші еді. Қорқыт ата оғыз қауымының мүшкіл халін сөйлер еді. Әрине ісі болса, бәрі оның алдына келіп кеңес сұрап, ол не бұйырса соны қабыл етер еді» деген дерек бар. Жазба ескерткіштердегі деректер бойынша Қ. 95 (кей деректер 195) жыл жасаған қарт данышпан. Қорқыт өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Тарихта Қорқыт ықпалында болған Инал, Көл – Еркен, Қаңылқожа деген хан аттары аталады. Ал бұл хандардың Жетісу (Алмалық, Ыстықкөл), Талас, Сайрам, Қазығұрт, Қаратау, Сыр бойы, Орт. Қазақстан (Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу), Торғай өлкесі, Ертіс бойы мен Алтайда әкімш. құрғандығы тарихтан белгілі. Қорқыт осы тұста әлеуметтік жора (заң) негізін жасап, оны: ата–баба жасаған мекенді ұйық деп білу, оны сыртқы жау шабуылынан қорғау, жер–суды белгілі тәртіппенен пайдалану, дау–жанжалды ақылмен шешу, кіналы болған адамды жазалау сияқты салаларға бөледі. Сондай–ақ халық әскерді сапқа тұрғызғанда ортасына алқа– қотан етіп, екі қанатын оң қол, сол қолға бөлу, халық жиналыстарында тәртіппен отыру, ас–той үстінде мүше беріп, шүлен таратқандағы тәртіптердің бәрі де Қорқыт жасаған аталық заңға (жораларға) жатқызады. Ел аузында «Қорқыт айтты» деген мәтелдер жиі кездеседі. Мыс., «Ескі мамық бөз болмас, Кәрі дұшпан дос болмас. Өлген кісі тірілмес, Өткен қайтып келмес», «Шөлді жердің отын киік білер, Сулы жердің қадірін құлан білер, Ұзақ жолдың сырын түйе білер, Шытырманды тау қойнауын түркі білер» т. б. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қорқыт асқан күйші ғана емес, қазақ музыкасының, ән – күй өнерінің атасы. Оның шын мәніндегі күйші – композитор болғандығын ел ішінде сақталған «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны» атты муз. шығармалары дәлелдейді. Қойлыбай бақсы, Нысан абыз, Мекеш бақсы, Найман бала жырларында Қорқыт аты олардың ұстаз-пірі ретінде жиі аталады. Мыс., «Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата, Бата алған барлық бақсы ата. Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен, Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда»,-деген жыр тармақтары мұра қалдырған Қорқыттың әдеби–муз. мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына (Қ. «Китаби дәдәм Қорқыт»). Оның мазары соңғы кезге дейін Сырдария өзенінің жағасында сақталып келеді (қ. Қорқыт мазары). Қорқыт ел аузында таралған аңыздарда білмейтін, мәңгі жасайтын өмір іздеуші ретінде суреттеледі. Ел аузындағы аңыздардан Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жан тебірентерлік сиқырлы күйлері, ұлағатты ғибрат сөздері, әрбір жолы мақал-мәтелге айналып кеткен өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа асыл мүра, мәңгілік қазына ретінде ауысып, мың жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр.
Қорқыт ата — халық қамқоршысы, ақын, күйші, дарынды данышпан. Ол қазақ жерінде (Қызылорда облысында) ҮІІІ-ІХ ғасырда өмір сүріп, көптеген жырлар мен күйлер шығарып, тәлім-тәрбиелік мәні зор өсиет қалдырған. Ал, Қорқыт ата туралы ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Ә.Марғұлан төмендегідей пікір айтады: "Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады".
Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені мәлім. Міне, сондық-тан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың үзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар. Ал, оның теңдесі жоқ күйші-композитор болғандығын халық жадында сақталған "Қорқыт ата күйі", "Қорқыт сарыны", т.б. музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-бақсылар, ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда.
Мәңгілік өмірді іздеуші - Қорқыт
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді. “Қорқыт” сөзінің этимол-сын Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” деп көрсетсе, С.Қасқабасов “өмір сарқылды, адам өлді” деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, “дада, деде” деген сөздерді “насихат айтушы жырау” деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады. Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – “Қорқыт Ата кітабы” (“Китаби дәдәм Корқуд”). Онда Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі. Ол “өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі” дейді. Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй күшімен суға батпайды екен. Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт Ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, “ажал айтып келмейді” деген филос. тұжырымның негізін көреміз. Қорқыт Ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік мәселесі.
Бұл аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен. М.Әуезов: “ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт Ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”, – деп жазады. Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт Ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды.
Түркі тілдес халықтарда қобыз Қорқыт Ата есімімен тікелей байланысты екендігі көпшілікке мәлім. Қазақтың философиясы тарихында Қорқыт Ата –ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді.
Аңыз-әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ғалым- филолог Е. Тұрсыновтың пікірі бойынша, Қорқыт баба тұлғасы аңыздарда қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады.
Белгілі болған ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Қорқыт сегіз қырлы бір сырлы, қасиетті тұлға, бақсы, көріпкел, әулие, асқан күйші, емші, жырау, тайпа кеңесшісі, қиындықтарға қарсы тұра білген адам. Бақсылық кез- келген адамға қона бермейтін қасиет. Ол жоғарыдағы «иелер» немесе перілердің таңдаған адамы болады деген ұғым бар.
Әлемдік діндерге дейін Евразияға тараған түркі халықтарының ортақ діні Тәңірлік дін болды. Ислам діні Қорқыттың бар болмысына жат еді. Ол көшпелілер қоғамының өмір салтына айналған Тәңірлік дінінің аса көрнекті өкілі болатын.
Ш. Уәлихановтың сөзімен айтқанда: — «Қорқыт алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы». Яғни Тәңірлік діннің ең басты идеологы. Сөз жоқ , қылыштың жүзі, найзаның ұшымен орныға бастаған ислам дінінің көшпелілер ортасындағы ең басты қарсыласы сол ортадағы дәстүр Тәңірлік дүние таным, Тәңірлік наным-сенім еді. Ал, Тәңірлік дүние танымның көрнекті тұлғасы Қорқыт болатын.
Қорқыт және қобыз.Құнды тарихи мұрасы.
Қорқыт-қазақ үшін ең алдымен күй атасы, қобызда күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы. « Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде де көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Бірінші ол, оғыз қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден — күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден — әйгілі жырау, оның жырлары оғыз – қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби –тарихи мұра».
Бұрынғы бақсылар өздеріне ұлы ұстаз ретінде пір тұтып, Қорқыт бабамыздың күйлерін аңырата тартып оның аруағына сиынып отырған екен. Ал, бақсыны Тәңірімен тілдестіретін аспабы — қобыз еді.
Қобыз аспабының өзін ескінің көзі деп қарасақ, аңыздардың арасында ең ерекше орын алатыны Қорқыт атаның елге жайылып, күй атасы атануы. Бұл аңыздардан біз қобыз аспабы мен қобызда ойнау өнерінің қай заманда қалыптасып, аспаптың музыка саласының қай дәуірден бері белгілі болып келгенін аңғарамыз. Қорқыт өмір сүрген дәуірде қобызда күй тарту, ол аспап үшін шығармалар шығару дегеніміз, бұл өнердің сол кездің өзінде өркендеп кең құлаш жайып, дәстүрге айналғаны ғой. Сол кездегі сарындарды, күйлерді орындау әдістеріне байқап қарасақ, бұл күйлер орындаушылардан белгілі шеберлікті қажет ететінін байқаймыз. Көркем күйлерді кемеліне келтіре ойнау, оны халық сүйіп, тыңдайтын дәрежеге жеткізу үшін де қобыздың мүмкіншілігі мол болуы керек.
Демек, қобыздың сол Қорқыт өмір сүрген дәуірдің өзінде-ақ, аспап болып қалыптасу деңгейінің жоғары болғаны ғой деп ойлаймыз. Әрине, қобызшының шеберлігінің ашылуы, оның орындау өнерінің аңызға айналуы-қобыздың ойнау әдісінің жетіліп, оның аспап болып қалыптасуына байланысты екені айқын. Қобыз жасау жолдары мен ол аспапта ән мен күй тарту өнері бір-бірімен байланысты болып келеді.
Қорқыт күйлерінің жалпы тақырыптық, сюжеттік, жанрлық сипаттамалары.
Қазақ фольклоршыларының ішінде алғаш «әпсана» терминін жанрлық атау ретінде танып қолдана бастаған белгілі ғалым Ә. Х. Марғұлан. Бірақ, ол әпсананы фольклорлық жанр ретінде арнайы қарамаған. Бұл ретте тұңғыш рет әпсанаға дербес жанр ретінде ден қойып, жан-жақты сипаттап берген фольклоршы — С. Қасқабасов Әпсана — хикаят деп кейде ертеде болған бір оқиғаны көркемдей баяндайтын, бірақ көбінесе ойдан шығарылған, я болмаса кітаби және діни сюжетті әрлеп, әсірелеп, әңгімелейтін прозалық шығармаларды айтамыз. Осы сияқты әпсаналардың тарихи түрлеріне сай келетін аңыздарының бір парасы — Қорқыт жайындағы аңыз — әңгімелер. Қорқыт күйлерінің басым көпшілігінің аңыз-әңгімесіне әпсаналық сипат тән болып келеді.Бүгінде бізге Қорқыттың 20-дан астам күйлерінің аты белгілі, бірақ нотаға түсіруілі бізге жеткені 11 күй. Арада сан ғасыр замандар өтсе де, атадан мұра болып қалған Қорқыт, Ықылас күйлері дәлелденіп, ұмытылмай күні бүгінге дейін жеткендігі қайран қалдырады. Көне мұраның мұншама ғұмыры ұзақ болуын ғылыми түрде түсіндірген белгілі зерттеуші-ғалым Ә.Марғұлан.
Әрине, арада қаншама ғасырлар өтсе де қылқобыз аспабының біздің заманымызға өзгермей жетуі тіпті мүмкін емес. Бақсы-балгерлер аспаптың мистикалық жұмбақ, сырлы болуына септігін тигізіп, қылқобызға әр түрлі аспаптың нарқобыз түрін қолданған, ішектері жылқының қылынан қалың тағылып, әр-түрлі әшекейлер, айна, үкі қанаттарын, теңгешелер таққан, сонда олардың әр қайсысы өзіндік дыбыс шығарып, бақсының қимылын айрықша көрсеткен. Ал, бұл мистикалық қөрініс емдеушінің қобыздың емшілік қасиетіне сенуіне бірден-бір әсер еткен.
Қорқыттың қай күйін алсаңыз да, олардың барлығы да толған мазмұнды, аңыз. Күй аңызын бір бөлек жанр деп, оның аясындағы мифтік, әпсаналық сюжеттер мен әуендерді өз алдына бөлек жыр ретінде қарастыруға болмайды. Күй аңызы жанырының мифтік және аңыз түрде айтылуы оның өмірлік формасы. Басқаша айтқанда, күйдің шығу себебі миф, аңыз түрінде айтылады да, мұның өзі күй аңызының жанрлық төл сипатын айғақтайды.
Мысалы Қорқыттың күйі «Қорқыт», «Тарғыл тана», «Әуіппай», «Башпай»- аңыздарға қараңыз. «Қорқыт» күйіндегі аңызда, Қорқыт тарғыл тананы қуамын деп байқаусызда өлім аузына келеді де, ол өкініп қалады. Енді өзіне ажалдың жақындағанын сезген күйші, одан құтылуды ойлап, мәңгілік өлмейтін жер іздейді. Ол Желмаясына мініп, дүниенің төрт бұрышын түгел шараласа да, мәңгілік өмір сүрген жерді таба алмайды. Қайда барса да, алдынан Қорқыттың көрі кездесе берген соң, бұл дүниеде ажалдан қашып, өз жанын алып қала алмасына көзі жетіп, ол жер кіндігін іздейді. Сонда жер кіндігі Сыр бойы екен. Ең ақырында ол:
«Дүниеде ажалдың құрығы жетпейтін жер жоқ екен. Бәлкім, суға барып отырсам, маған ешкім көр қаза алмас, ажал да батып келе алмас»,-деп, Желмаясының үстіне жауып жүрген, суға салса батпайтын, тозбайтын қасиетті кілемін Сыр суына төсеп, судың бетінде қобызын тартып отырып, осы күйді шығарған екен. Мінеки, күйдің дүниеге келу тарихы ретінде айтылса болды, жанрлық қасиетіне қарамастан миф те, әпсана да, күй — аңыз ретінде қабылданады.»
Халық ақын-жыраулары өзінің сүйікті қобызына қосып, Қорқыттың туған күнін осылай жырлаған. Тағы бір қызық жайт: халық поэзиясында Қорқыт қазақтың ұлттық музыкалық аспабы — қобызды тұңғыш жасаушы ретінде жырланады Қобызды жасаушы да, тартушы да — Қорқыт. Жырда халықтың бұл тамаша аспабы — қыл қобыздың қандай заттардан, қалай жасалғаны да сипатталады. Мысалы:Қарағайдын түбінен қайырып алған қобызым. Үйенкінін түбінен үйіріп алған, қобызым. Ақ қайынның безінен қағып алған, қобызым. Өзегінен кара емен ойып алған, қобызым. Қыл құйрығын тұлпардын ішек қылған, қобызым. Тау текенің мүйізін тиек қылған, қобызым. Ақ ырғайын қиянның құлақ қылған, қобызым. Ортекенің терісін сауыт қылған, қобызым. Ақ түйенің сүтімен — сылап алған, қобызым Сырынды ашып, үніңді сынап алған қобызым.
Өзі мықты, үні әдемі, сазды болуы үшін қазақ халқында қобыз аспабы күні бугінге дейін осы әдіспен жасалып келеді. Қазақтың аңыз-әңгімелерінде Қорқыт Атаның қалай өлгені, неден өлгені туралы да айтылады Солардың бірінде Қорқыт өлімнен қашып, Сырдария жағасьіна жайылған кілем үстінде жеп отырған жүзім ішінен қарақурт шыгып, шагып өлтіреді. Енді бір аңыз-әңгімеде Қорқыт өлімге тосқауыл жасамақ болып, өмір жайын ән мен күйге қосып, Сыр суының жағасына төселген кілем үстінде қобызбен күй сарнатып отырады. Бір мезетте куйге елтіп, арбаған әбжылан Қорқыт қалгып кеткен кезде шағып алады да, Қорқыт Ата содан өледі.
«Қорқыт ата кітабы» әдеби ескерткішінен (9—10 ғғ.) Қорқыт атаның Оғыз мемлекетінде билік құрған оғыз тайпасынан шыққандығын білуге болады. Оны Ш. Ш. Уәлиханов қазақтың алғашқы шаманы, алғашқы ақыны деп атайды. Қорқыт жайындағы аңыз әңгімелер Ә. Науаи арқылы белгілі болып, түркі халықтары, әсіресе қазақтар арасында кең тарады. Аңыздарда Қорқыт қобыз жасаған. Ол қобыздың музыкалақ дыбысталуынан үшкіру, ауа, сиқыр өткізген.
Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі — адамилықты жоғалту. Сол аңыздарда Қорқыт жер-жаһанды кезіп, «басқа елден әркімге өз елінде жақсы» деген ой түйіндегенін байқауға болады. Оның айнымас досы сиқырлы Желмаясы болды.
Қорқыт атаның нақыл сөздеріне келетін болсақ,Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас. Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас. Ол ішіп-жер, киер де кетер, бірақ көрдім демес. Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды.
Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын мінгізуден пайда жоқ. Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды.
Қорқыт тұлғасы халқымыздың мәдениетінің дамуындағы көп ғасырлық желісі жалғастырып, оның мұрасы арқылы өткен ұрпақпен рухани байланысқа түсе аламыз. Әсіресе , тарихи дамудың бабамыз өмір сүрген дәуіріндегі салт-дәстүр, құндылықтар мен мінез-құлық қалыптарының өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру тұрғысынан алып қарағанда "Қорқыт ата кітабының” халқымыздың тәлім- тәрбиесі тарихындағы алатын орны айтарлықтай екендігі даусыз.
«Қорқыт ата кітабы» және оның сюжеттік желісі
«Қорқыт ата кітабы» түркі тектес халықтардың арасына кең тараған аңыздар негізінде ХI өміріне, тарихи оқиғаларға қатысты деректер негізінде жазылғанымен, халықтың арман-аңсарынан бастау алған әдеби қиялға, көркемдік амалдарға да көбірек орын берілген.
«Қорқыт ата кітабында» әрқайсысы аяқталған жеке дүние саналатын 12 жыр біріктіріліп, тұтас бір эпопеялық желіні құрайды. Онда түркі халықтары өмірінің он ғасырдай тарихы қамтылып, тұтас бір дәуірдің көркем бейнесі жасалады. Оқиғалар бір кездерде түркі халытары өмір сүрген Орта Азияда, Иранда, Кавказда, Дешт қыпшақ даласында өтеді. Түркі халықтарының басынан он ғасырдай уақыт ішінде өткен елеулі оқиғаларды қамтып, тарихи өмірінің энциклопедиясы іспеттес «Қорқыт ата кітабының» әр тарауы маңызды бір оқиғаларға арналып, жекелік сыпат танытады.
«Қорқыт ата кітабы» мынадай он екі тараудан тұрады:
1. «Дерсехан ұлы Бұқаш хан туралы жыр»;
2. «Салар Қазанның ордасына жау шабуылы туралы жыр»;
3. «Хан Бураның) баласы Бамсы-Бейрек туралы жыр»;
4. «Қазанбектің баласы Оразбектің тұтқындалуы туралы»;
5. «Бұқа Қожаның ұлы Домбауыл (Домрул) туралы жыр»;
6. «Қаңлы Қожа ұлы Хан-Тұралы (Төрәлі) туралы жыр»;
7. «Қазылық Қожа ұлы Йүгенек туралы жыр»;
8. Бисаттың Дөпе Гөзді қалай өлтіргені туралы жыр»;
9. «Бегіл ұлы Әмірен туралы жыр»;
10. «Үйсін Қожа ұлы Секрек туралы жыр»;
11. «Салар-Қазанның тұтқынға түсуі, оны баласы Ораздың құтқаруы туралы жыр»;
12. «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы көтеріліске шығуы, Бейректің өлімі туралы жыр».
«Қорқыт ата кітабында» суреттелетін оқиғалардың сюжеттік желісі, эпизодтардың көбі түркі тектес халықтардың көпшілігінің ауыз әдебиетіндегі эпостық жырларда кездесіп отырады. Мұның басты себебі түбі бір туыстықтан болса, сонымен бірге тұрмыс-тіршіліктің, арман-мақсаттардың бірлігінен, жүріп өткен тарихи жолдың ұқсастығынан болса керек. Мұндай ұқсастықтарды қазақ эпосынан да жиі кездестіруге болады. Мысалы, қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қырымның қырық батыры» сияқты жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» арасынан батырлар бейнесінің сомдалуы, оқиғалардың суреттелуі, негізгі идеялары тұрғысынан көптеген ұқсастықтарды көреміз.
«Қорқыт ата кітабы» – түркі халықтарының болашақ үшін қалай күрескендігін, елін, жерін қорғаған ерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жырлаған, көрінгенге жем болмай, қайтсе бақытты өмір сүруге болады деген сауалдарға біршама жауаптар берген, қоғамдық өмірдің аса маңызды өңірлері жайлы философиялық ойлар түйген кең тынысты эпикалық туынды. «Қорқыт ата кітабында» көтерілген мәселелер, онда айтылған ойлар, ұсынылған ережелер күні бүгінге дейін маңызын жоя қойған жоқ. Мысалы: «Ақ сақалы жарасқан шал көрікті, инабатты болса, әйел көрікті, сыйлас болса, ағайын көрікті, үлкен шаңырақтың қасында отау көрікті, жібек шатырдың жібі көрікті, өнегелі болса, бала көрікті», «Мықты, жүйрік бедеуге қорқақ жігіт міне алмас», «Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық», «Көп қорқытады, терең батырады», «Шіріген мақтадан мата шықпайды, нағыз жаудан дос шықпайды», «Қиып түсер қылышты мұқалтқанша, шаппаған жақсы», «Өтірік сөз өрге баспас», «Қара таудың басындай байлық жиса да, бұйырғаннан артық ешкім ештеңе жей алмайды», «Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың туғанынан тумағаны игі, жалған сөздің болғанынан болмағаны игі», «Өтірік сөз өрге баспас», «Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы», «Қанша тасып тулағанмен өзен суы теңізді толтыра алмайды, қанша қалың жауғанмен қар көктемнен қалмайды», «Ажал жетпей, өлмек жоқ, өлген қайтып тірілмес, шыққан жан кері оралмас», т. б.
Өмірдің мәнін осылайша терең толғаған, бұралаңы көп бұ дүниеде адамдардың тура жолда жүріп, бақытты өмір сүруіне көмектесетін осы сияқты қанатты сөз тіркестері кітапта молынан кездеседі. Мұндай терең ойлы сөздер түркі халықтарының түркілік болмысын, өмірдің даму заңдылықтарына сай өмір сүруін анықтаумен бірге, одан қалды адамзат баласының жер бетінде бейбіт қатар бақытты ғұмыр кешуге үндеуімен де аса құнды.
«Қорқыт ата» кітабының тарихы.Нұсқалары мен зерттелуі
Қорқыт Ата кітабы (“Китаб-и дәдем Коркут ғали лисан таифа оғузан”) – қаһармандық эпос үлгісі, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы. ғылымда оның он екі нұсқасы мәлім: Дрезденде (12 нұсқа) және Ватиканда (6 нұсқа) сақталған. 19 ғасырда бұл жазба ескерткішті зерттеп, аудару ісімен академик В.В. Бартольд айналысып, жеке тармақтарын жариялады. Кейін бұл аударма “Деде Горгуд” (Баку, 1950), “Книга моего деда Коркута” (М.–Л., 1962) деген атпен жарық көрді. Ә.Қоңыратбаевтың аударуымен қазақ тілінде 1986 жылы тұңғыш рет басылды. Әдеби әрі тарихи этникалық мұра ретіндегі ‘’Қорқыт Ата кітабында” қазақ эпосына тән көркемдік кестелермен қатар қазақ тарихы мен мәдениетіне қосатын деректер де мол. Сондай-ақ жазбада оғыз тайпаларының этникалық тегі, этнографиясы, мекені, әлеуметтік жағдайы, т.б. мәліметтер көп сақталған. Осы деректерден оғыздардың бірде Сыр бойындағы қыпшақтармен, бірде Кавказ шегіндегі гәуірлермен жауласқаны көрінеді. Жырдағы ерлік сарындары аса елеулі. Қара Бодақ бірде қыпшақ ханына қан құстырған қара күш иесі (3-жыр), енді бірде Хамид, Мардин қамалдарын қиратқан батыр. Қазан – оғыз елінің көсемі. Кітап кейіпкерлеріне Бәмсі-Бейрек, Қара Көне, Қара Бодақ, Қан Төрәлі, Қазан-Салор, Құлбаш, Оқшы, Ораз, сондай-ақ Аруз, Әмен, Әмран Бекіұлы, Бисат, Дүлек Боран, Дондаз, Қиян Селжүк, Қаңлы, Қанық хан, Рүстемдер жатады. “ Қорқыт Ата кітабы” оғыз тайпаларының қонысына қатысты Тана (Танаис – Сырдария), Бану Шешек (Баршын-салор-Гүлбаршын, Баршындария, Баршынкент), Камбура (Байбөрі) секілді атаулар да сақталған. Олар қазақ эпосынан да елеулі орын алған. Жырдың бас кейіпкері – Қорқыт. Ол оғыз елінің ақылшысы, данасы, үлкен жырауы. Оның есімі көптеген түркі тайпаларына ортақ, тарихи-этникалық атауы да айқын. Бір кездері Қорқыт жинақталған фольклорлық бейне деп ұғынылса, бертін келе оны тарихи тұлға ретінде тани бастады (қазіргі Қорқыт ата). “Қорқыт Ата кітабы’’ Қазақстанда М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, Ш.Ыбыраев, Т.Қоңыратбай, т.б. еңбектерінде зерттелді. Кітаптың 1300 жылдығы 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан халықар. деңгейде атап өтілді, “Қорқыт ата” энциклопедия жинағы жарыққа шықты (1999).
Кейбір зерттеушілер оның Әзірет Пайғамбар заманында жасағанын айтады және ғылыми еңбектерінде бұл пікірді дәлелдейтін дастан бөлімдерін келтіреді. Ал кейбір зерттеушілер Қорқыт Атаның Оғыз түріктерінің ертекшісі және дастаншысы болғанын айтып, Қорқыттың бүгін қолымыздағы 12 дастан-хикаясынан пікірлерін дәлелдейтін деректер келтіреді.
Пертев Найили Боратов Қорқыт Ата ертегілері жөніндегі Ислам Энциклопедиясына жазған мақаласында бұл ертегілердің XV ғасырға дейін ауызша болып келгенін, ал XV ғасырдың екінші жартысында Аққойынлылар тарапынан жазылып алынғанын еске түсіріп, қолымыздағы бар мәтіндерде екі бөлек дәуірдің оқиғалары бейнеленгенін көрсетеді. Қыпшақ-оғыз түріктерінің Сырдария солтүстігінде отандарында IX-XI ғасыр арасында кешкен өмірлері осы ертегі-дастандарда көрсетіліпті.
Қорқыт мініп, жер дүниенің төрт бұрышын кезіп, аңьізға айналған атақты Желмаяны оньің шешесінің жақын туыстары сыйлаған. В. М. Жирмунскийдің айтуынша, Қорқыт Ата жыраулар мен жыршыларға тән көне халық поэзиясының ерекшеліктерін бойына сіңірген әнші-жырау әрі болжагыш ақылгөй болған. Оғыз-қыпшақ қогамының ішкі-сыртқы істерінің білгірі Қорқыт өз заманында төрт-бес хандықты басынан өткізіп солардың бәрінде де бас уәзірлік қызмет атқарып отырған. Олар: Инал хан, Дойлы хан, Көл- Еркі, Тұман хан және Каңлықожа. Хандарга күшті ықпал жасағандықтан, олар Корқыттың ақылды кеңесінен аса алмаған. Осы пікірді шығыс тарихын зерттеуші Әбілғазы да баса айтқан. Әр турлі аңыз-әңгімелерде Қорқыттың туған жылы мен жасы жөнінде әр түрлі пікір айтылады. Кейбір деректер Қорқытты 95 жыл жасаған десе, кейбірінде — 195-ке, тіпті 400-ге келген деген болжам бар. Ал «Деде Қорқыт кітабында» Корқыттың өмір сүрген уақытын Мухаммед пайғамбардың заманына жақындатады «Расул ғалей һи уәс-салам заманына жақын Баят бойында Қорқыт Ата дейтін бір ер тұрыпты», — дейді ол кітапта.
Сұрапыл дүлейден, қара түнектен, қорыққан халық жаңа туған балаға «Қорқыт» деп ат қойған. Мағынасы «Қорқыт, қорқытты» деген ұғым береді Махмуд Қашқаридың айтуынша,, халық өлеңдерінде, «Оғызнама» жырында Қорқыттың туғаны ерекше сипатталады. Мұны академик Ә. X. Марғұлан да қуаттайды. Сырдарияға жақын Қаратау төңірегінде өмірге келген Қорқыт туғанда сөйлеп туыпты. Ол тауды Қарашық /Қаратау/ немесе «Қараспан» деп атаған. Бұл жөнінде халық аузында сақталған мынадай өлең де бар: Қорқыт туар кезінде, Қараспанды су алған, Қара жерді құм алған. Ол туарда ел қорқып, Туған соң әбден қуанған.
«Қорқыт ата кітабына» жазған кіріспеде Қорқыт жырларындағы шежірелік
арқауға сай үш кезеңді жазады.
Бірінші кезең: Оғыз-қыпшақ ұлысының ұйымдасу кезеңін суреттейтін жырлар. Бұған «Бәмсі-байрақ», «Дерсехан баласы-Бұрқаш батыр», «Бұрқаш батыр», «Қан Төрәлі», «Домрул», ішінара «Бисат» жырын жатқызады. Селжұқ қызын алатын Қан-Төрәліні түркіменге жатқызады.
Екінші кезең: Түркімендер мен пешене тайпаларының арасындағы 34 жылға созылған алалықты суреттейтін жырлар. Бұған «Қазан, оның баласы Ораз жайындағы» жырларын жатқызады. Ұшан оғыз баласы Екрек (Игенек) пен Секрек ит аты, олар Қазанның Әлмүшке тұтқын болған әйелі Бөрілі сұлудан туған. Бірақ кейін олар түрікмен елін танытқан Қазанның батырлары болып көрінеді.
Үшінші кезең: Оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауын білдіретін жырлар.
Бұған көбіне-көп ішкі оғыздарға қарсы бас көтерген, Қазанның қыр
қыпшақтарынан аманатқа алған өгей баласы Аруз жыры (12) жатады. Бірақ
алалықтың нышандары Бисат, Домрул, Имран, Бұқаш жырларының өзінде де
бар еді. Соңғы жырда қыпшақтар Қазан жағында болған Бәмсі-Байрақты
өлтіреді. Арузды Қазан өлтірген. 1043 жылдан соң қыпшақтар Сейілхан мен
түрікмендерді Сырдан қуып шығады. Жанкент ханы шах Мәлік пен оның
баласы Әлиді батыстағы түрікмен тайпалары өлтірген. «Қорқыт ата кітабында» оғыз тайпаларының тарихы, өмір тіршілігі, олардың көрші тайпалармен қарым-қатынастары, соғыстары жырланады. Мәселен, «Салор Қазанның үйін жау шапқаны» жайындағы жырдың негізігі тақырыбы оғыздардың көрші тайпалармен өзара қарым-қатынасы деуге болады. Көрші тайпалармен өзара қарым-қатынас оғыз-қыпшақ дәуіріндегі ең көкейкесті мәселе болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Салор Қазан жырының сюжетін қысқаша баяндайық. «Аң аулап жүріп Қазан Салор бір күні ұзақ ұйқыға кетеді. Мұны сезген жау қолайлы сәтті пайдаланып қалу үшін оғыздар қолбасшысының ордасына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Батыр өз үйін қоруға ұлы Оразды үш жүз нөкерімен тастап кеткен еді. Әрине, ол жеті мың әскері бар пешенектерден жеңіліп қалады. Соның өзінде Қазанбектің әйелі Бөрте қатын жауға қарсы қас батырша ерлікпен күреседі. Бірақ екі жақтың күші тең емес еді. Жау Қазан Салордың үйін тонап, әйелін, баласын тұтқындап әкетеді.
«Қорқыт ата» кітабының соңғы сюжеті оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауына арналған. Онда сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы бас
көтеруі және Байрақ батырдың қалай өлтірілгені, оғыз мемлекетінің қатты
дағдарысқа ұшырағаны баяндалады. Билік үшін күрес, зорлық-зомбылыққа
қарсы халық қозғалысы туралы эпизодтар келтірілген.
Қорқыт Ата жырлары батырлықты, бірсөзділікті, ел мүддесі жолында
жанын беруге даяр жанпидалықты барша түркі жұртына өсиет етеді.
«Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білген қорқаққа қылыш сілтеп,
күшінді сарп етпе», дейді Қорқыт баба.Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Ат жемейтін ащы шөптің гүлденіп, өспег
ені жақсы. Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғайтын ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағынан шырылдап туылмағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.Қорқыт жырларындағы отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әдептілік, сабырлық пен төзімділік-біздің бәріміздің ата-бабаларымызды қандай қиын сыннан да алып шыққан түркілік қанымызда бар қасиеттер. Осы болмысымыз бен дүниетанымымызды келер ұрпақтарымызда мәңгілікке жалғастырып, адамзат өркениетінің тарихында лайықты орнымызды иелену үшін біз Қорқыт Ата мұрасын ұқыптылықпен жинап, жан –жақты зерделеп, өскелең буынға үнемі үлгі-өнеге етуіміз қажет.

- Қорқыт философиясындағы
- Қорлардың ұйымы
- Қор нарыгы
- Қор нарығы және оның қалыптасуының ерекшеліктері
- Қор нарығы және оның қалыптасуының ерекшеліктері. Бастапқы және қайталама қор нарықтары
- Қоршаған ортаға әсерді бақылау
- Қоршаған орта жағдайын бағалау критерийлері және әдістері
- Қордардың есебі
- Қордардың есебі
- Қорек көздері пәніне кіріспе
- Қоректендіру жүйесі
- Қорқыт ата
- Қорқыт ата
- Қорқыт Ата