Психологияның даму тарихы. 2

1.Психологияның  философия мен жаратылыстану ғылымдарынан бөлініп шығуы

 Ерте замандардан бастап адам баласының назары, ақыл-ойы өзінің маңындағы дүниенің сырын танып-білумен бірге, өз денесінің, ішкі дүниесінің, ақыл-ойы мен іс-әрекетінің, тіршілік бейнесінің құпия сырларын ашып білуге ұмтылған. Біздің дәуірімізге дейінгі бірнеше мыңдаған жылдар бұрын Шығыс елдері Мысыр мен Үндістанда, Қытай мен өзге елдерде адам баласының мәдениеті өсіп, дамып, осы заманғы ғылыми білімнің бастапқы іргетасы қалана бастаған. Қоғамның дамуына орай өндіріс күштері өсті, әлеуметтік өмірде таптар пайда болды. Алғашқы құл иеленушілік мемлекет құрылды. Қоғамда адамдардың әрқилы наным-сенімдерге негізделген көзқарасы қалыптасты. Мұндай көзқарастар тек діни нанымдарға ғана негіз болып қоймай, адамның жан дүниесі туралы табиғи-ғылыми көзқарастардың туындауына да себепші болды.

Ертедегі Шығыс елдерінде, сонан соң Ежелгі Грецияда адамның  тәні мен жанының сырын білуге ден қойылды. Адам тіршілігінің негізі – қан айналысына ерекше мән берілді. Тіршіліктің негізі – қан айналымындағы сұйықтық және ондағы құрам деген түсінік қалыптасты. Ертедегі Қытай медицинасында б.з.д. XIII ғасырда денені басқарушы жүрек қызметі деп санап, ол ауа тектес нәрседен жаралған деді. Ондай нәрселер организмде тегі бөлек заттармен қосылып, адамның физиологиялық тіршілігімен бірге психикалық қызметін де реттеп отырады, мұндай тіршілік адамның сөйлеу қабілетін оятып, ойын дамытады деген тұжырым жасалды. Адамның ойын жүрегі билесе, ал оның сезімдік қызметін бауыры атқарады деп түсінілді.

Ежелгі Үндістан дәрігерлері  адамның психикалық әрекетінің негізгі  органы – жүрек, оның атқаратын қызметі  біртіндеп миға ауысады деген  тұжырым жасады. Темперамент жайындағы  ілім іргесінің қалануы, әрбір адам өзінің даралық ерекшеліктерімен сипатталады  деген ұғым ғылым тарихындағы  алғашқы материалистік қарапайым  түсініктерді тудырды. Ертедегі Қытай  мен Үндістан дәрігерлері темперамент  үш бөлшектен тұрады, олар: бастапқыда ауа тектес нәрселерден – өттен  және қан мен шырыннан құралған, осы үш түрлі нәрсенің дене құрамындағы мөлшеріне орай адамдар бірнеше типке ажыратылады деп санаған.

Осы негіздерге сүйене отырып, Қытай дәрігерлері адамдарды  мынадай типтерге жіктеген: 1) адамның  бойында өттің не қан құрамының  басым болуы. Мұндай адамдар күшті, батыр келеді. Олардың мінезі жолбарыс тәрізді өжет те шапшаң; 2) ауа тектес нәрселердің көптігі. Ондай адам ұстамсыз, қозғалғыш болады, маймылдың әрекетіндей әрекеттер жасайды; 3) шырынның басымдылығы – қимыл-қозғалыстың баяулығын, сабырлылықты білдіреді деп санайды.

 Адам организмі жайындағы  мұндай пайымдаулар сол дәуірлерде, бір жағынан, табиғи-ғылыми түсініктерге  жол ашқанымен, екінші жағынан,  әр түрлі діни наным-сенімдер  тарапынан қарсылық тудырған  көзқарастарға душар болды. Дегенмен, психологиялық және физиологиялық  құбылыстар жайындағы ақылға қонымды көзқарастар өзіне жол тауып, одан әрі дами берді.

Б.з.д. VI ғасырда Үндістанда адамның жан дүниесі жайындағы діни нанымдарға негізделген джайнизм мен буддизм бағыттар кеңінен таралды. Бұдан кейінгі кездерде Үндістанға философиялық мектептер жан туралы түсініктерді метафизикалық-әдептік мақсаттарды дәріптеуге пайдаланды. Бұл бағыт келесі дәуірлерде түрлі жолға түсіп, жан дүние сырын адамның даралық ерекшеліктеріне орай түрліше түсіндірді. Ал йога бағытын ұстанушылар шындықты танып білу үшін адам бойындағы психикалық қасиеттердің жасырын сырларын жеңе білу  керек деп уағыздады. Ертедегі Үндістан ғұламаларының пікірінше, адамның, өз ішкі дүниесінің сырын меңгеріп, оның даралық ерекшеліктерін әдептік (этикалық) жағынан іздестіріп білуге ұмтылғаны осыдан айқын байқалады.

 Ерте дәуірдегі Қытай  елінде кеңінен таралған философиялық  – діни ой-пікір әйгілі ғұлама  Конфуцийдің(б.з.д. 551-479 жж.) есімімен  байланысты. Оның іргесін өзі  қалаған мектебі конфуцияндық  деп аталады. Конфуцийдің пікірінше,  адамның білімі мен психикалық  сапалары – туа берілетін қасиет. Адам жаратылысынан қайырымды  болып туады, бірақ оны дұрыс  жолдан тайдырып бұзатын –  сыртқы орта. Сондықтан , ол өз  бойындағы сырттан әсер еткен  зиянды қасиеттерден арылу үшін  адам өзінің ішкі дүниесіне  терең бойлап, ақыл-ойының кемелдене  түсуіне бой ұрғаны жөн деп  үйретеді. Конфуцийдің бұл пікірін  шәкірттері әрі қарай дамытып,  ел арасына кеңінен жайды. 

Адамның тәні мен психикалық тірішілігінде қан айналу процесінің айрықша маңызды қызмет атқаратындығы туралы пайымдаулар келесі дәуірлерде Вавилон, Мысыр, Қытай мен Үндістан сияқты ежелгі Шығыс елдерінде жалғасты. Мұндай жайттар организм құрылымындағы бөлшектер мен адам психикасының дамуы туралы жалпы заңдылықтардың бір арнаға келіп құятынын көрсетеді. Осындай тарихи жағдайлар адамның жан дүниесіне қатысты мәселенің өте ерте кездерде-ақ адамзат мәдениетінің, дүниетанымы мен білімінің философиялық жүйесін, табиғат жайындағы орынды мағлұматтары мен адам психикасының өзіндік сипаттарын білдіретін ізденіс нәтижесі болғандығын көрсетеді. Міне, осы орайда, психология тарихын зерттеген ғалымдар бұл пәннің практикалық маңызы мен ғылыми білімдер жүйесінде алатын орнын оның философия мен жаратылыстану ғылымдарының түйіскен торабынан өрбіп шыққандығымен түсіндіріледі. Бұл - объективтік шындық және ғылыми тұжырым.

2. Ежелгі психология

Сонау ерте замандардан бері адамдардың әлеуметтік өмірі олардың  күнделікті сан алуан іс-әрекеттерінен, бір-бірімен қарым-қатынасынан, олардың  жан дүниесінің сырын бейнелейтін  психологиялық ерекшеліктерінен, мінез-құлық  сипаттарының өзара айырмашылықтарынан тұратындығы белгілі болған. Осындай  ұғым-түсініктерде адамның жаны тәнімен  бірге болады деп саналған. Өндіріс  пен кәсіптің, өнер мен мәдениеттің, салт-сананың дамуымен қатар әр алуан  әдет-ғұрыптар да қалыптасып отырады. Адамдар өздері тіршілік ететін орта мен айналадағы әр қилы заттарда, құбылыстарда өзіндік жан болады деп ұғынған. Мұндай ұғым анимизм (латынша “анима” – жан деген сөзден шыққан) деп аталады.

Ежелгі грек жұртының ғұламалары – Гераклит (б.з.д. VI ғ.), Демокрит (б.з.д. V ғ.) жан-табиғаттың бір бөлігі, ол сол табиғат заңына ыңғайланбайды деген пікірді қолдады. Демокрит психиканы (жанды) оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп санады. Сонымен, жан туралы алғашқы ілім-психиканы адам тәнінің қызметі деген бірыңғай материалистік түсінікті тудырды. Сол заманның ғұлама ойшылы Платон (б.з.д. 427-347 жж.) жан-мәңгілік нәрсе, ол өлмейді, өшпейді деген қорытынды жасады. Ол бұл пікірімен өз заманында үстемдік құрған билеуші топтың мүддесін қорғап, психиканы түсіндіруде идеалистік бағытты жақтады. Оның көзқарасы психологиядағы материалдық пен рухани дүние екеуі бірдей қатар өмір сүреді деген дуалистік көзқарастың негізін салды.

Ежелгі дүние тарихында  айрықша орын алатын энциклопедист  ғалым Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) психологиялық  ой-пікірді табиғи негізге сүйеп, биология мен медицина саласына бағыттады. Ол психика туралы ілімді одан әрі  тереңірек зерттеп, “Жан туралы” деген еңбек жазды. Аристотель бұл шығармасында жан дүниесінің (психиканың) әрекетін шындық әдіс арқылы зерттеп, оны тәжірибеге негіздеп құруды мақсат етті. Психология Аристотель заманында-ақ дербес сипаттағы ғылым саласына айналған-ды. Ол психиканың тәнмен бірге өмір сүретінін айта келіп, психикалық әрекеттердің басым көпшілігін материалистік тұрғыдан шешті, объективтік шындыққа, материалистік бағытқа қарай бұрды. Сонымен, Гераклит пен Демокриттің, Платон мен Аристотельдің жан жайындағы көзқарастары психологиялық ілімнің келешектегі дамуына ғылыми негіз болып қаланды.

Жан жүйесі жайындағы ертедегі ілім көптеген ойшылдар мен ғұламалардың шығармаларында өзіндік орнын тапты. Ежелгі Римнің көонекті ойшылдары Лукреций (б.з.д. І ғ.), Гален (б.з.д. ІІ ғ.) психологияның  жан дүниесінің сырымен байланысты табағи негіздерін іздестірді. Ал ұлы  грек ойшылы Сократ (б.з.д. 470-399 жж.) “өзіңді өзің тани біл” деген ұлағатты пікірін адамның жан дүниесімен, сырымен ұштастырды, Сондай-ақ, адамның жаны тәніне тән деп санап, ол ақыл-ой арқылы реттеліп отырады деді.  Ежелгі дүние ғұламаларының жан дүниесі жайындағы ой-пікірлерінің философиялық және әлеметтік негіздері сол заманның экономикалық-саяси құрылысына орай түрлі идеялық бағытта (материалистік не идеалистік) болуы таңданарлық жайт емес.

3. Орта ғасырлардағы  жан туралы ілім

Ежелгі дүниенің, құл иеленушілік қоғамның іргесі қаусап, тарих сахнасынан кеткен соң оның орнына бірнеше ғасырларға созылған феодалдық қоғам орнады. Бұл дәуірдің тарихи даму сипаты ғылыми идеялар мен жеке адамның даралық өсу қасиеттерін тоқырауға ұшыратты. Ерте дүниеден бері қалыптасқан адам психикасы жайындағы ілім мистикалық және діни көзқарастар ықпалына көшті. Жан екі түрлі сипатта өмір сүреді деп уағыздалды. Психика туралы ертеден қалыптасқан тәжірибелік зерттеулер схоластикамен алмасты. Жан жайындағы аристотельдік ілім өмірден шеттетілді.

Алайда, VIII-XII ғасырларда араб тіді Шығыс елдерінде философиялық ой-пікірлер өркен жайып, ғылыми зерттеулер және адамның жан дүниесі жайындағы ілім жанданып, жаңа сипатқа ие болды. Араб тілді Шығыс елдеріндегі мәдениет пен ғылымның орта ғасырларда Еуропа мен басқа да елдерге тарап, кең қанат жаюы жалпы адам баласы мәдениетінің өркендеуіне әсер етті. VII ғасырда Халифат мемлекетінің құрылып, араб тілінің мемлекеттік тілге айналуы, ислам дінінің таралауы ,  Халифат астанасы Бағдат пен өзге шаһарлардың өсуі оны дүниежүзілік мәдениеттің орталығына айналдырды. Жаратылыстану, медицина, математика мен адамтану ғылымдары өркен жайып, ежелгі дүние ғұламалары Платон мен Аристотельдің, Гален мен Архимедтің еңбектеріараб тіліне аударылды. Сөйтіп, бұл еңбектер Кіндік Азия елдеріне, Үндістаннан бастап сонау Пиреней түбегіне дейін таралды, сол елдерді мекендеген халықтардың төл мәдениетінің, философия мен өзге де ғылымдардың қарқынды дамуына өз шарапатын тигізді.

Аристотельдің және басқа  да ғалымдардың идеялары, ашқан жаңалықтары, ой-пікірлері жаңа сипат алып, біздің аты әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.), Әбу Али ибн Сина (Авиценна) (980-1037 жж.), Ибн Рошд (Аввероэс) (1126-1198 жж.) сияқты орта ғасырлық ғұламарлардың зерттеулері арқылы адамның жан дүниесі жайындағы ілім өркендеді. Араб ғалымы Ибн әл-Хайсам (Әлгазен) (965-1039 жж.) , Иранның медик ғалымы Закария рази (865-925 жж.) өз еңбектерінде адам жан дүниесі жайлы сол замандардағы ғылым жетістіктеріне сүйеніп, әр алуан зерттеулер жүргізді.

Әбу Насыр әл-Фараби –  сан алуан еңбектер жазып, “Әлемнің екінші ұстазы” атанған данышпан ғалым. Оның адам жан дүниесінің қыр-сырын ашып көрсететін бірнеше шығармалары бар. Солардың ішінде “Ізгі қала тұрғындары”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің өнегелі сөздері” тәрізді басқа да шығармаларында ол бүкіл философиялық жүйені метафизика мен психологиядан бастап, әдеп пен социологияға дейінгі ғылым жетістіктерін кеңінен талдайды, сонымен қатар әрбәр мәселенің мән-жайына анықтама түсініктер береді. Әл-Фараби Аристотельдің еңбектерін, әсіресе, оның “Жан туралы” деп аталатын шығармасын жете зерттеп, араб тіліне аударды. Жан жүйесінің сырын зерттеуде Әл-Фарабидің Аристотель ықпалында болғандығы – шындық фактор.

Ұлы ойшыл Әл-Фараби психология ғылымы туралы айтқан бір пікірінде  дүние материядан құралады, ол жойылып  кетпейді, біртүрден екінші түрге көшіп өзгере береді, жан тәннен бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші денеге барып орналаса да алмайды деген ғылыми пайым жасайды. Сондай-ақ, ол дүниеге келісімен адамның бойында түрліше күш-қуат пайда болады, сол күш-қуат қабілетінің негізгі түрлері мынадай деп көрсетті: адамды қуаттандыратын күш (арабша – “әл қуат әл-газийа”); түйсіну қуаты; қиялдау қуаты; ақыл-ой не ойлану қуаты; қозғаушы күш; белгілі іс-әрекетке ұмтылу қуаты. Адам бойындағы күш-қуаттың әл-Фараби атаған түрлері жеке психикалық процестердің атауы мен мәніне дәл келеді. Ал ол өзінің “Екінші ұстаздың сөз (ақыл-ой) мағынасы туралы ой толғамдары” дейтін еңбегінде психикалық процестердіңбарлығына жуығын адамның белгілі мүшелерінің қатысуымен жасалып отыратын материалдық құбылыстар деп анықтап, әсіресе, адам жанының ақыл-ойға байланысты болатындығының ерекше маңызы бар деп көрсетеді. Адам қиялы оның түс көруіне де әсер етіп, іс-әрекетінің ерекше бір жалғасы болып саналады. Түс көруді осы заманғы психология да дәл осы мағынада қарастырады. Әл-Фарабидің психология жайындағы мұндай ой жүйесін адам жанының шынайы болмысын және табиғат негізін ғылыми тұрғыдан шешкен көзқарас деуге болады.

Орта ғасырларда жан туралы ілімді аристотельдік идеялар тұрғысынан іздестірген араб тілді елдердегі  көрнекті ойшылдар шығыста – Ибн  Сина, ал батыста – Ибн Рошд болды. Бұлар табиғи ғылымдарды зерттеумен шұғылданып, олардың нәтижелері еуропалық  елдерде кеңінен таралды. Ибн  Синаның “Медицина қағидасы” деп аталатын еңбегі бес жүз жыл бойв жұмыр дүниенің шартарабына таралып, барлық деңгейдегі медициналық мектептердегі бірден-бір құрал болды. Ал Ибн Рошдтың ақыл-ойдың дамуы жайындағы зерттеулері еуропалық схоластиканы діңкелетіп, дүние болмысы мен адам туралы жаңаша білімнің іргесін қалады. Сөйтіп, Ибн Сина мен Ибн Рошд көзқарастары табиғаттың мәңгілік өмір сүретініне айқын көз жеткізіп, жанның тіршілігі тәнге байланысты, оның заңдылығын қалай болса, солай өзгерту мүмкін емес, әрбір адамның жаны мен даралығын мәңгілік деп санау шындыққа сай келмейтін дейтін мистикалық ұғымның жалғандығын ашып көрсетті.

Ибн Синаның көзқарастарындағы  тағы бір маңызды мәселе – оның жан туралы философиялық және медициналық  тұрғыдан қарастырған бір-біріне қайшы  пікірі. Оның анықтауынша, жан туралы түсінік ғылым мен дін арасындағы аралық қабат сияқты. Алайда, ол бұл  мәселенің психофизиологиялық мәнін  ашып көрсету үшін тәжірибелік зерттеулерді барынша үдете түсу керек дейді. Медициналық психология саласында  Ибн Сина пікірлерінің түйіні –  өткен замандағы беделді ғалымдардың  пікірлерін дәріптей бермей, шығыс  медицинасының табыстарына иек  артып, неғұрлым тәжірибеге, оның жетістіктеріне сүйену қажет дейді. Мұндай ой-тұжырымдарын ол өзінің “Медицина қағидаларында” кеңінен баяндайды. Адам психикасының ми қызметіне тәуелді болып отыратындығы бұл еңбекте материалистік тұрғыдан қарастырылады. Ибн Сина зерттеулерінде жанның (психиканың) адамның көңіл-күйіне қатысты сезімі мен эмоциясының және аффекттің табиғи негізінің іздестірілуі сол замандағы психология іліміндегі жаңашылдық бағыт еді. Ибн Синаның психологиялық ой-пікірлері мен зерттеулері, негізінен, тәжірибелік бақылауға жүгінді.

Орта ғасырлық араб тілді  ғұламалар Закария Разидің ғылымды  бақылау нәтижелері мен тәжірибеге негіздеу жайындағы ой-пікірі, Ибн  әл-Хайсамның психофизиологиялық идеялары Ибн Сина зерттеулерімен ұштасып, жан  жүйесі жайындағы ғылымның қанат  жаюына елеулі үлес қосты.

Орта ғасырлардағы еуропалық  жанның мәңгі өлмейтіні, оның денеден  бөлек өмір сүретіндігі жайлы  психологиялық ой-пікірлер одан әрі  қарай өрістеп, идеалистік көзқарастың  дами түсуіне жол ашты. Осы бағытта  Фома Аквинский (1225-1274 жж.) мен басқа  да философтардың схоластикалық  жүйедегі көзқарастары үдей түсті. Алайда, мұндай схоластикалық түсініктердің  шындыққа сай еместігіне көз жеткізген  ағылшын оқымыстылары Гроссетест (1175-1263 жж.), оның шәкірті Роджер Бэкон (1214-1292 жж.) барлық ғылымдар тәжірибеге және математика ғылымына сүйенуі керек деген  тұжырым жасап, жан туралы және оны  материямен бірлікте өмір сүреді дейтін аристотельдік қағиданы жаңғыртты. Психологияның даму тарихында орта ғасырлық дәуір талас-тартысты оқиғаларға толы болды.

 Психология ғылымының  тарихында XVII ғасырдың алатын орны ерекше. Бұл кезеңде Еуропа халықтары дамуында елеулі өзгерістер болып, психология ілімі жайында жаңаша көзқарастар қалыптаса бастады. Әйгілі ағылшын ғалымы Френсис Бэкон (1561-1626 жж.) ғылымды тәжірибелік зерттеулерге негіздеп, оның нәтижелерін адмның құралына айналдыру қажет деп санады. Оның пікірінше, адамның ақыл-ойын жетілдіру үшін оның табиғат жайындағы білімін өсіріп, күш-қуатын арттыру керек. Бұл орайда, дүниенің сырын тәжірибелік зерттеу арқылы ашқан тиімді деп тапты. XVII ғасырдағы психологиялық ой-пікірді дамытуда : а) жанды дененің, соның ішінде адамның да жан дүниесін зерттеп, олардың құпия сырларын ашу; ә) әрбір индивидке ( жеке адамға) тән сананы, оның ішкі дүниесін бақылау арқылы өзіндік психикалық күй-жайын; б) адамның құмарлығы мен аффектті күйлерін, оның өз мінезқұлқын меңгеруін, жақсы, жаман істерге бой ұруын; в) денесінің күш-қуатын, жүйке жүйесінің қызметі мен психикалық жағдайлары ара қатынасының қандай күйде екендігін анықтауға ерекше мән берілді. Психологиялық ілімді өрістету жолындағы мұндай көзқарастарды қолдап, өздерінің еңбектерін жазған ойшылдар – Декарт (1596-1650жж.), Т.Гоббс (1588-1679 жж.), Б.Спиноза (1632-1677 жж.), Г.Лейбниц (1646-1716 жж.), Дж.Локк (1632-1704 жж.) сияқты аттары әлемге әйгілі адамдар болды.

 

4. XVIII ғасырдағы  психологиядағы эмпиризм мен ассоциациянизм. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы психология

XVIII ғасырда психология ғылымында айтарлықтай өрлеу байқалып, физик И.Ньютон мен физиолог ғалым А.Галлердің (1708-1777 жж.) зерттеулері оның негізі болып саналды. Жүйке жүйесі мен бұлшық ет қызметінің физиологиясы организм тірішілігінің негізі туралы ілімді жетілдіруге әсер еьіп, оның мәнін арттырды. Сөйтіп, ойлаудың дамуында ақыл-парасат шешуші рөл атқарады дейтін бұрынғы көзқарас енді тәжірибелік зерттеулерге сүйенетін болды. Психиканы осы тұрғыдан қарастыруда әрқилы бағыт ұстанушылар жіктеле бастады. Оларлың бірі жан дүниесін зерттеу адамның ішкі сырын түсінуге бағытталуы қажет деп санаса, ал енді бірі психиканы танып білудегі тәжірибенің жаратылыстану ғылымдарын зерттейтін тәжірибеден ешқандай айырмашылығы болмауы тиіс деген пікірді қолдады.

Сонымен, XVIII ғасырдағы психофизиологиялық құбылыстардың мәнісін ашу енді психофизиологиялық мәселелерге ойысып, түрлі психикалық процестердің сыры жүйке жүйесінің қызметін зерттеумен шектелетін болды. Осы бағытты қолдаушылардың өздері бірнеше топқа бөлініп, түрлі көзқарасты ұстанды. Солардың ішінде Швейцария зерттеушісі А.Галлердің бағдары психиканың пайда болуында жүйелік процестер бірінші , ал түрлі ой мен идеялардың өзара байланысты түрде туындауы екінші кезектегі құбылыс дейтін көзқарасты қуаттай түсті. Мұның бәрі – психологиядағы эмпиристік бағыттың көріністері.

Ассоциативтік психология. Ньютон ашқан әлемдік тартылыс заңы XIX ғасырдың соңына дейін өзгермейтін заң деп саналып келді. Соған орай сол заманның ағартушылары Ньютон мен Локк есімдерін қосарлай айтып дәріптеді. Өйткені, бұл екеуі де ассоциативтік психологияны механикалық және сенсуалистік көзқарастарға негіздей отырып зерттеген болатын. Ассоциациялық (байланысты) қағидаларды қолданудың өрісін көне замандардағы Үндістан мен ертедегі грек ғұламалары да қарастырған болатын. XVIII ғасырдағы ассоциация нағыз детерминистік  сипат алып, дене процестерінің жиынтығы атқаратын қызмет машинамен істелетін әрекеттер сияқты болады деген ойға негізделді.

Психология тарихында  ассоциацияны жалпы категориялық ұғым деңгейіне тұңғыш рет көтеріп, оны  дәріптеуші – ағылшын дәрігері Гартли (1705-1757 жж.). Ол психикалық процестердің бәрі ассоциацияға сүйенеді деп түсіндірді. Гартлидің “Адамды бақылау” деген кітабы (1749 жж.) ассоциацияның кеңінен тарап, өзекті ілім болып қалыптасуының бастамасы болды. Осы еңбегінде ол көптеген процестерді жүйке жүйесінің тербелісімен ұштастыра баяндап, адамның санасыз әрекеттерін материалистік тұрғыдан түсіндіруге күш салды. Соның нәтижесінде Гартли адамның саналы әрекетінің жемісі болып табылатын ақыл-ой, ерік-жігер қасиеттерін де анықтады.Бұл зерттеулер – санасыз әрекеттің сырын түсіндіретін алғашқы материалистік тұжырым. Бір сөзбен айтқанда, Гартли теориясын XVIII ғасырдағы ассоциациялық материалистік ілімнің шыңы деуге болады.

XIX ғасырдың бірінші жартысы – психологияның даму тарихындағы елеулі кезеңнің бірі. Бұл аралықта рефлекторлық теорияға негізделген ассоциациялық бұрынғы концепция материалистік тұрғыдан нығая түсті, оның субстраты мен ішкі бейнесінің санаға айналуын Т.Браун (1778-1820), Джемс Милль (1778-1830), Дж.Ст.Милль (1806-1873) сияқты зерттеушілер қолдады. Мұндай көзқарас бойынша, біріншіден, психика түйсік пен қарапайым сезім түрлерінен тұрады ; екіншіден, ассоциация бойынша – бөлшектер алғашқы да, ал күрделі психикалық құрылымдар – елес, ой, сезім екінші деп саналады; үшіншіден, ассоциациялар осы екі топтағы психикалық процестер арқылы құрылады; төртіншіден, ассоциациялар күнделікті тәжірибелер арқылы санада жиі қайталанып отыру нәтижесінде бекиді.

Ассоциациялардың жасалу барысы биология мен жүйке физиологиясын  зерттеу нәтижелерімен анықталады. Г.Гельмгольц (1821-1894) ассоциацияның  жасалуын сезім мүшелерінің қызметі  деп санаса, ал Ч.Дарвин ассоциацияны эмоция арқылы түсіндірді. Орыс физиологы  И.М.Сеченев (1829-1905) ассоциацияның физиологиялық  негізін бас миы рефлексінің  қызметімен ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, Г.Спенсер (1820-1903) оны психиканың филогенездік дамуымен ұштастырып, жалпы, психика  дамуы мінез-құлыұтың өзгеруіне  бейімделеді деді.

XIX ғасырдың 80-90 жылдарында Г.Эббингауз (1850-1909), Г.Мюллер (1850-1934) тәрізді басқа да психологтардың еңбектерінде ассоциацияның жасалу жолдары түрліше түсіндіріліп, бұл концепция одан әрі дамытылды. Психологияның XIX ғасырдың орта кезіне дейінгі дамуында бұл ғылымның дербестік сипаты айқындалып, оны зерттеушілер табиғи-ғылыми негізге жүгінді, физиологиялық зерттеу әдістердін қолданып, биологиялық үлгіге иек артты.

 

 

5. Психологияның  дербес және тәжірибелік ғылымға  айналуы

XIX ғасырдың ортасындағы психикалық іс-әрекет философиялық ілім жүйелеріне негізделіп, психологияның өзіндік сипаты, зерттеу объектілері мен оның әдіс-тәсілдері айқындалды. Сол кезеңге тән философиядағы позитивизм (Огюст Конт – 1798-1857), иррационализм (А.Шопенгауэр – 1788-1860), волюнтаризм, вульгарлық волюнтаризм бағыттары тұтынған қағидалардың мақсаты, түптеп келгенде, психикалық құбылыстарды идеалистік және кертартпа жолға салу еді. Мұндай бағыттар В.Вундт, Джемс, Бергсон, З.Фрейд сияқты психолог ғалымдардың болашақтағы көзқарастарының қалыптасуына теріс ықпал етті. Вульгарлық материализм ағымы (Мелешотт, Бюхнер, Чольбе, т.б.) деректі материализмді дәріптеп, адамның мидың қызметі түріндегі ойлауы бауырдың өтті бөліп шығаратыны сияқты қатынаста болады деген қате пікірді қолдады. Бұл зерттеушілердің психология саласына қатысты іргелі құбылыстарды қарастыруы сыңаржақты сипатта болып, адамның жан дүниесі жайындағы түбегейлі мәселелердің шындығын аша алмады.

Адамның санасы мен жеке басына тән мінез-құлқының тарихи тұрғыда  әлеуметтік өмірмен, қоғамның жағдайымен ұштаса қалыптасатындығын XIX ғасырда орыстың революцияшыл демократтары В.Г.Белинский (1811-1848), А.И.Герцен (1812-1870), Н.А.Добролюбов (1836-1861), Н.Г.Чернышевский (1827-1889) бірыңғай материалистік негізде гуманистік жолмен зерттеді. Сөйтіп, адамның психикасының қыр-сырын табиғи тұрғыдан іздестірді. Осы дәуірде психика мен сананың дамуы туралы диалектикалық және материалистік ілім өріс алып, ол өткен дәуірлердегі саяси экономикамен, социализм жайындағы болжамдармен ұштасты.  Г.Гегель (1770-1831) өз еңбектерінде сананың тарихи дамуын адамның даралық ерекшеліктерімен байланысты түрде қарастырды.

Психиканың дамуы, адамның  табиғи мәні, оның қоғамдық рөлі және тарихи дамуының негізгі субъектісі екендігі К.Маркс, Ф.Энгельс, Л.Фейербах шығармаларында материалистік тұрғыдан баяндалды, адам қоғам мен табиғат жағдайына  бейімделіп, өзінің белсенді іс-әрекеті  арқылы барлық қажеттіліктерін өтейтін ақыл-ой иесі ретінде анықталды. Сөйтіп, XIX ғасырда адамның жан жүйесін зерттейтін ғылым сапалық жаңа мәнге ие болды, адамның табиғатпен, қоғаммен тығыз қатынаста болып, оған үнемі бейімделіп отыратындығы нақтылы іс-әрекеттер арқылы жүзене асып, оның шынайы мәні айқындалды. Ғылымның мұндай жетістіктері психологияны дербес ғылыми пәнге айналдырды, оның өзіндік мақсат-міндеттері мен зерттеу әдістерін анықтады.

Психологияның XIX ғасыр ортасында дербес ғылыми пәнге айналуының табиғи-ғылыми негізі – физика мен химия, физиология мен биология, дарвинизм мен рефлекс туралы ілім, сезім мүшелерінің психофизиологиясы мен психофизикалық зерттеулердің нәтижелері.

Психология пәнін өзге ғылыми пәндермен салыстыра келе, бұл пәннің тәжірибелік (эксперименттік) ғылым екендігін әрбәр психикалық құбылыстар мен психологиялық сипаттардың  сырын, мән-жайын арнайы тәжірибелер  қолданып анықтауға болатындығымен түсіндірген жөн. Осы орайда, біз  бұл пәннің тәжірибелік ғылым  ретінде бой көрсетуін бірқатар зерттеулерге және теориялық көзқарастарға  сүйене отырып баяндаймыз. Мәселен, 1) В.Вундт жәнеФ.Брентано (1838-1917) көзқарастарындағы психикалық құбылыстардың әуел бастан “өзінше пайда болуы” деген пікірлердің дәрменсіздігі; 2) И.М.Сеченев зерттеулерінде организм мен оның тіршілік ортасы өзара қатынасы – алғашқы, ал психикалық құбылыстардың сол қатынастардан туындайтыны – нәтиже деп саналуы. Сөйтіп, Сеченевтің материалистік бағыт ұстап, оның сол кездегі қоғамдық тарихи жағдайға тәуелді деп қарастырылуы; 3) психологияның дербес тәжирибелік ғылым болып қалыптасуына тірек болған көзқарастардың философиялық және биологиялық негіздері; 4) әр кезеңде тарихи жағынан қалыптасқан, психологиялық бейнелеудіңмәнін білдіретін организмнің биологиялық құрылымы; 5) организмнің бейнелеу қасиеті жайындағы аристотельдік, декарттық және дарвиндік зерттеу нәтижелері.

XIX ғасырдың ортасында психологияның дербес және тәжирибелік пәе болып тарихи қалыптасуы нәтижесінде адамның жан дүниесінің сырын әр тарапты зерттеу қызу жүргізіледі. Өмір тіршілігінің мұндай талаптары психологияның жаңа салалары мен тармақтарының өркен жайып дамуына қолайлы жағдай тудырды. Осы жағдайлар адамтану ғылымдары арасында психологияныңжетекші орын алатындығын айқын аңғыртты және сол кезеңде бұл пәннің мынадай салалары өрбіді : экспериментальдік психология, бұл сала қазіргі кезде жалпы психология деп аталады; дифференциалды психология, оның негізгі зерттеу объектісі – адамның даралық ерекшеліктері; балалар мен тәлім-тәрбие (педагогикалық) психологиясы; жануарлар психологиясы; әлеуметтік және мәдени-тарихи даму психологиясы; психотехника.

Психологияның дамуындағы осы  кезеңде әр түрлі бағыт-бағдар мен  түрлі ағымдағы мектептер де тарих  сахнасына келіп, бұл пәннің сан  алуан мәселелерін әрқилы көзқарастар  тұрғысынан қарастырды. Олардың негізгілері  мыналар : Э.Титченер негізін қалаған құрылым психологиясы (көрнекті өкілі – В.Вундт. Бұл мектеп сананың құрылымын тәжірибелік тұрғыдан іздестіруді мақсат етті); Вюрцбург мектебі (Батыс Еуропа мен АҚШ-та кеңінен таралды. Психикалық процестерді тәжирибелік зерттеулер арқылы талдады. Көрнекті өкілдері: К.Марбе, И.Орт, А.Майер, Г.Уотт, А.Мессер, Н.Ах, К.Бюлер, О.Зельц). Бұл мектептің негізі Германияда қаланды.

Американдық психологиядағы функционализм ағымы. Негізгі мақсаты – психология ғылымының жетістіктерін тәжірибеде қолдана отырып, адамның мінез-құлқын зерттеу. Бұл ағымның көрнекті өкілінің бірі Р.Вудвортс (1869-1962) болды.

Бихевиоризм – ХХ ғасырдағы психология ғылымын сипаттайтын американдық бағыт. Ол адамның құлқын жете қарастырады да, сананы негізгі зерттеу объектісі деп санамайды. Бихевиоризмнің іргесінқалаушы Эдвар Торндайк (1874-1949).

Гештальт –  психология – Германиядағы психологиялық мектеп. Оның негізін қалаған Макс Вертгеймер (1880-1943). “Гештальт” немісше – тұрпат, түр, форма, құрылым. Қазақша құрылым психологиясы деп алып отырмыз. Бұл мектептің мақсаты – жеке психикалық процестердің құрылымын тәжірибе жүзінде зерттеу.

Фрейдизм. Бұл – Австрия ғалымы З.Фрейд (1856-1939) есімімен аталатын бағыт. Зерттеу ілімі психоанализм деп аталады.

Бұл ілім адам өмірінің көп  жақтарын қарастырып, бірсыпыра ғылымдармен  байланыста болады.

ХІХ ғасырдың ортасынан бастау алып, ХХ ғасырдың басында өрістеген  психология пәнінің дербес ғылымға  айналуы мен тәжірибелік сипат  алуына неміс психологтары көп үлес қосты.

ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында капиталистік елдерде бихевиоризмнің психология ғылымының даму тарихында  өзіндік бағыт-бағдары және ғылыми маңызы бар когнитивтік бихевиоризм (адамныңішкі дүниесін зерттеп, танып білу), гипотезалық-дедукциялық бихевиоризм (психологияның даму қисынын зерттеу), операнттік бихевиоризм және неофрейдизм тәрізді жаңа бағыттары пайда болды. Неофрейдизм (көрнекті өкілі – Х.Корни, 1885-1953) – биологиялық еліктеудің әлеуметтік факторлармен байланысын психологиялық тұрғыдан зерттесе, ал американ психологі Курт Левин (1890-1974) адамдардың белгілі бір топтарының қозғаушы күштерін, ондағы адамдардың өзара қарым-қатынасын қарастырып, “өріс” теориясын жасады. Бала ақыл-ойының дамуын, оның ойлауы мен сөйлеуін, т.б. мәселелерді бір жүйемен қарастырған біздің заманымыздағы көрнекті психолог маман-швейцариялық Жан Пиаже (1896-1980).

Бүгінгі таңда психология пәнінің өрістеп, кеңінен дамуы  адамды зерттеп, оның жан дүниесіне  терең бойлау қажеттігінің артып  отырғандығын көрсетеді.

6. Кеңестік психологияның  дамуы

Ресейдегі 1917 жылғы Қазан  төңкерісіне дейінгі психологиялық  ой-пікірлерді жинақтап топтастыратын  болсақ , бұл пәннің дамыпөрістеуінің Батыс елдерімен салыстырғанда  өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл  ерекшеліктерден адамгершілік, тәлім-тәрбиелік, діни көзқарастар мен хұқықтық жағдайлардың шиеліністі болғандығын айқын аңғарамыз. Ресейде психологиялық ой-пікір, негізінен, екі түрлі бағытта  өрістеді. Оның бірі – бостандық  жолындағы жалпы халықтық қозғалыстағы сана-сезімнің дамуы, екіншісі – ресми  идеология.

Психологияның даму тарихы. 2