Шәкәрімнің дүниетанымы

ХХІ ғасырға дейін материалистік  философия жаратылыс заңдарын, тіршілік пен табиғаттағы орын-орнымен жұмыс істеп тұрған барлық система өздігінен, кездейсоқ белгілі бір табиғи шарттардың нәтижесінде пайда болды деп дәлелдеп келді. Алайда соңғы 15-20 жылда сызықтық емес динамикалық модельдеудің дамуына байланысты ғылымның барлық салаларында фундаменталды ғылым материализм мен дарвинизмнің ғылыми негізі жоқ екенін көрсетті. Шәкәрім атамыз «Үш анық» атты шығармасында бұл туралы былай дейді: «Барлықтың түп себебі жаратушының білім, құдірет, шеберлігінде өлшеу жоқ. Дәлелдерім: ғылым жолында бұл барлықтың еш нәрсесі өздігінен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Ол бар болайыншы, қозғалайыншы дей алмайды. Бұған себеп керек. Егер ол себепке де бір себеп керек болып, себептің түбі жоқ болады делінсе, ең түбі себепсіз, бар себеп болмаса болмайды. Сол себепсіз бар болу себеп жаратушы болады...»[1]. ХХ ғасырдың әр саладағы бірінен соң бірі ашылған ғылыми жаңалықтары әлем мен жердегі тіршіліктің жоқтан бар болып жаратылғанын дәлелдеп келді. Егер тіршіліктің пайда болып, оның өмір сүруін жалғастыру үшін қандай және қанша мөлшерде қажетті, әрі жеткілікті шарттардың керек екенін ескеретін болсақ, басқа планеталардың ішінде тек жер ғана сол тіршілікке қажетті, аса күрделі таңғаларлық қасиеттерге ие екендігі дәлелденді [2,5]. Жоғары да айтылғандай, тіршіліктің болуына керекті табиғи шарттардың біреуінің де болса жұмысы сәл баяулап, немесе тоқтайтын болса, бүкіл баланс бұзылып, бар әлем қирап, жойылады.

Дөңгелеткен,

Өңгелеткен,

Түк білімсіз күш пе екен?

Тіпті мінсіз,

Кемшіліксіз,

Есті қылған іс пе екен?[3].

Әсіресе, соңғы 10 жылда дамыған тепе-теңдіксіз термодинамика (неравновесная термодинамика) модельдерінің дамуына байланысты, сондай-ақ уақыттың физикалық табиғатын, тарихын зерттеудегі іргелі нәтижелерге байланысты әлем тепе-теңдігі, ғажайып үйлесімдегі орнықтылығы туралы жаңа көзқарас туды [4]. Мысалы, әлем пайда болғандағы үлкен жарылыс (Big bang) энергиясының таралу жылдамдығы, атомдардың физикалық тепе-теңдігі, гравитация, электромагнетизм сияқты күштердің көрсеткіштік қатынастары, химия, биология, физиканың жалпы заңдары, жұлдыздар химиясы, күннен Жерге дейінгі ара қашықтық т.б., және атмосферадағы газдардың проценттік қатынасы, жердің 230 градустық бұрылу бұрышы, Жердің күн системасындағы орбитасы және айналу жылдамдығы, Жердегі теңіздердің, таулардың, мұздықтардың функциялары тағы да басқа көптеген заңдылықтар мен жүйелер, барлығы да бірлігін, бір ғана мақсатқа, тепе-теңдігіне қызмет қылатыны анықталды.

Дүниедегі қай құбылысты алсақ та, ол өте үлкен күрделі үйлесімділікпен жердегі өмірдің жалғасуын, сапалы тіршілік – адамның пайда болуын қамтамасыз ету үшін жасалған. Қазіргі ғылымда бұл таңқаларлық фактіні «антропологиялық қағида» немесе «мінсіз тепе-теңдік, керемет үйлесімділік» (fine funing) деп атайды [5,6]? Бұл ғалам материалдардың кездейсоқ, мағынасыз жиналуынан емес, керісінше аса мінсіз, кемшіліксіз планды түрде таратылуының ісі екендігінің дәлелі. Қазіргі ғылымның негізгі ұстанымы – осы. Физика докторы Карл Гиберсон ғылымдағы бұл ұстанымды былай деп түсіндіреді: «Соңғы 40 жылдағы физика мен космология саласындағы жаңалықтар ғылымға «жоспар, жарату» деген терминдерді қайта алып келді». Британдық астрофизик профессор Джордж Эллис былай деп жазады: «Әлемдегі қайталанбас заңдар комплексінде бізді таңқалдыратын мінсіз үйлесімділікті көреміз. Осындай заңдар комплексінің пайда болуын сөзбен түсіндіру мүмкін емес».

Әлемнің жаралысы бастау алған Үлкен  жарылыс нәтижесіндегі заңдар тіршіліктің  кездейсоқ қозғалыстардан пайда  болмағандығының бұлтартпас дәлелі. Австралиядағы Аделаида университетінің профессоры, атақты физик, математик Пол Дэйвис үлкен жарылыс кезіндегі болуы керек болған шарттардың есебін жүргізіп, мынадай нәтижелер алған: Егер жарылыстан кейінгі атомдардың таралу жылдамдығы критикалық мәннен бір секундтың триллионнан бір мәніне ауытқыған болса, бұл тепе-теңдікті жоюға жеткілікті болар еді. Демек, жаратылыстың күші заттардың тартылыс күшіне қатысты таңқаларлық дәлдікпен есептелген. Бұны материалистік философиядағы «кездейсоқтық терминімен түсіндіру мүмкін емес»,– дейді ғалым.

Бірақ үлкен жарылыс жылдамдығы күштер тепе-теңдігінің біреуін ғана көрсетеді. Жарылыстан кейін әлемнің  қалыптасуы үшін күштер керекті қатынаста  және саны да дәл белгіленген болуы  керек еді, олай болмағанда ешнәрсе болмас еді. Бұл күштер қазіргі физика ғылымы бойынша әлемнің құрылымы мен барлық физикалық процестерді «төрт негізгі күш» (тартылыс күші, электромагниттік күш, үлкен ядролық және кіші ядролық күштер) анықтайды. Осы күштер арасындағы айырым өте үлкен. Мысалы ең үлкен (большая ядерная сила) және ең кіші (гравитациялық күш) күштердің арасындағы айырмашылық 25*1038 бірлік. Танымал молекулярлық биолог Майкл Дентон өзінің «Табиғаттың мақсаты» деген кітабында бұл туралы былай деп айтады. Егер жаратылыс қазіргі мөлшерінен триллионнан есе көп болса, космос бүкіл әлем әлдеқайда кіші болар еді, өмір сүру уақыты да соған қарай қысқа болар еді. Орташа жұлдыздың массасы күннің масасынан триллион есе кіші, ал оның өмірі небары 1 жыл болар еді. Ал егер гравитация күшінің әсері сәл үлкен болған болса, жұлдыздар да галактикалар да түзілмес еді, жалпы осы әлем болмас еді.

Қалған көрсеткіштер мен олардың  қатынасы да тура осындай дәлдікте. Мысалы, үлкен ядролық күш сәл  аз болса, әлемде жалғыз тұрақты элемент  сутегі ғана болар еді. Одан басқа ешбір атом болмас еді! Ал егер ол электромагниттік күшпен салыстырғанда сәл үлкен болса, онда әлемдегі жалғыз тұрақты элемент екі ғана протоннан тұратын атом ядросы болар еді де, сутегі тіпті болмас еді, бүкіл жұлдыздар мен планеталардың құрылымы, түр-сипаты мүлде басқаша болар еді (әрине егер тек сутектен немесе атом ядросынан жұлдыз, планеталардың құралуы мүмкін болса). Сонымен жоғарыда айтылған төрт күш және әлемдік тұрақтылардың көрсеткіштері басқадай болса, бұл әлем болмас еді.

Аспан денелерінің космоста таралуы  және олардың арасындағы үлкен бос  кеңістіктер тіршіліктің болуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі. Профессор Майкл Дентон өзінің «Табиғаттың мақсаты» атты кітабында жұлдыздар арасындағы арақашықтықтың маңызы туралы былай дейді: Сверхнова жұлдызы немесе басқа жұлдыздар арасындағы арақашықтардың өлшемі аса жоғары критикалық дәлдікпен мұқият есептелген. Біздің галактикамызда жұлдыздардың арасы шамамен 30 миллион миль. Егер ол біраз аз болса, планеталардың арасы тұрақсыз болып, ал егер ол біраз көп болса, онда Сверхновадан шығып жатқан материялар белгілі бір тәртіпсіз таралар еді. Нәтижесінде күн системасы сияқты орнықты қозғалыстағы жүйелер пайда болмас еді.

Ал егер Жердің тартылысы: сәл үлкен  болған болса, жер атмосферасы өзінде көп мөлшерде аммиак пен метан элементтерін жинап, жерде тірі жан өмір сүре алмас еді. Егер ол сәл аз болса, онда атмосфера өте көп мөлшерде суын жоғалтып, тағы Жер бетінде тіршілік болмас еді.

Егер күнге дейінгі арақашықтық  қазіргі мәнінен сәл көп болса, жер тез арада суып, су айналысы (жаңбыр, қар) тоқтап, жер бетін мұз басып кетер еді. Ал егер ол арақашықтықтың мәні қазіргі мәнінен сәл аз болса, онда жер беті қызып, су айналысы бұзылып, тіршілік тоқтап қалар еді.

Егер Жер қабығының қалыңдығы қазіргісінен сәл қалыңдау болса, атмосферадан топыраққа өте көп мөлшерде оттегі сіңер еді. Ал, егер ол сәл жұқа болса, жер бетінде вулкандар көбейіп, өмір сүру мүмкін болмай кетер еді.

Егер Жердің өз осі бойымен айналу жылдамдығы сәл аз болса, күндізгі температура мен түнгі температура айырымы өте көп болар еді, ал тірі организм үшін бұл жағдай қолайсыз, әрине. Мысалы, Ай бетінде атмосфера болмағандықтан онда тұрған денеге, мысалы, «луноход» аппаратына күн сәулесі түскен кезде, оның күн түсіп тұрған бетінің температурасы 70 °C, ал көлеңке бетінің температурасы 160 °C болады. Сол себепті, аппарат 180°C-қа бұрылғанда корпусының температурасы бір сәтте күрт өзгеріп, дөңгелегінің білігі айналшақ өске пісіп, жабысып қалады. Егер ол жылдамдық көп болса, атмосфералық желдердің жылдамдығы өте көп болып, нәтижесінде жер бетіндегі толассыз дауылдар мен су тасқындары тіршілікті жойып, жоқ қылар еді.

Егер Жердің магнит алаңы қазіргісінен сәл күшті болса, жер бетінде  жиі әрі өте күшті магнит дауылдары  болар еді. Ал егер ол сәл әлсіздеу болса, онда Күн бетіндегі жарылыстар нәтижесінде Жерге жетіп тұратын зиянды сәулелер атмосферадан өтіп, бізге зиянды әсерін тигізер еді де, Жердегі тіршілік атаулы өртеніп кетер еді.

Жер альбедосы (Жерден шағылысқан Күн  жарығы мен Жерге түскен Күн жарығының қатынасы) көбірек болса, онда жерді өте аз уақыт ішінде мұз басып кетер еді. Ал, егер ол азырақ болса, онда парник эффектісі Жердің қатты қызуына себеп болып, полюстердегі мұздықтар еріп, Жер бетінде құрғақ жер қалмас еді.

Егер ауадағы заттардың пайыздық мөлшері мысалы, азот пен оттегі мөлшері сәл көбірек болса, онда жердегі барлық өмірлік процестер жылдам өтер еді. Ал, сәл аз болса, керісінше бәрі баяулап, оның салдары біздің өмірімізге кері әсерін тигізер еді. Дәл сол сияқты ауадағы көміртегі мен судың мөлшері ауаның температурасына әсер етеді.

Озон қабаты Жерді Күннің бетіндегі  жарылыстар нәтижесінде пайда болатын  ультракүлгін сәулелерден сақтайды. Егер ол сәл жұқа болса, оның қорғаныс қабілеті нашарлап, ультракүлгін сәулелер жердегі тіршілікті жойып жіберер еді. Ал, қалың болған жағдайда жерге өтетін жылу мөлшері азайып жер бетіндегі температура балансы бұзылар еді.

Жердің айналу осі Жер орбитасы жазықтығының перпендикулярынан орташа есеппен 23°27'-қа бұрылған. Жыл мезгілдерінің ауысуы осы бұрылу бұрышына байланысты. Егер осы бұрылу бұрышы сәл үлкен немесе кіші болса, онда жыл мезгілдерінің температуралық айырмашылығы тым үлкен болып, жерде төзімсіз ыстық жаз бен төзімсіз суық қыс болар еді.

Жер қыртысыныңсейсмикалық активтілігі  сәл көбірек болса, онда жер бетінде үнемі жоғары баллды сілкіністер болар еді. Егер ол азырақ болса, онда мұхит түбіндегі қажетті қоректік заттар сумен араласа алмай, мұхиттар мен теңіздердегі барлық тірі организмдер өз тіршілігін тоқтатар еді. Ал бұл жағдай экосистемадағы тепе-теңдікті бұзар еді.

Біз бұл жерде толып жатқан заңдылықтар  мен салыстырмалы теориядан бірнеше  мысалдар ғана келтірдік. Осы санаулы  мысалдардың өзі Әлемнің жай  ғана кездейсоқтан пайда болуы мүмкін еместігін көрсетеді.

Осы көрсетілген таңғажайып ғылыми фактілер Ш.Құдайбердіұлының осының бәрін басқарып, жүргізіп тұрған жан әсері екендігін айтатын тұжырымдарына бұлтартпас дәлел болады:

Ей, жастар қалай дейсің бұл дүние,

Мұны бүйтіп жаратқан қандай кие.

Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,

Мақсұт, білім, ой шығар бар ма жүйе.

Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,

Тәртібі таң қаларлық зор мәшине.

Себебі толымдының ісі толық,

Ең түпкі жаратушы мінсіз ие.

Табиғат пен әлем, адам мен қоғам  тануға, Алланы тануға бастайтын Шәкәрім  жолы осындай терең ғылыми ой-пікірге сүйенеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары (Проза, қара сөздер, мақалалар, аудармалар). Екі томдық. ІІ т. – Алматы: «Жібек жолы», 2007.
  2. Дубнищева Т.Я. Концепции современного естествознания. – Новосибирск, 1997.
  3. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары (өлеңдер, дастандар). Екі томдық. І т. – Алматы: «Жібек жолы», 2006.
  4. Горбачев В.В. Концепции современного естествознания. – М., МГУП, ч.1, 1999, ч.2, 2000.
  5. Шкловский И.С. Вселенная, жизнь, разум. – М., 1987.
  6. Пригожин И. От существующего к возникающему. Время и сложность в филосовских науках. – М., 1985.

 

«Өлі» анорганикалық дүниеден «тірі» органиканың қалай пайда болатынын  әзірге ешқандай ғылым теория жүзінде  бұлдыр болжаммен айтса да, нақты  тәжірбие жүзінде көрсете алған  жоқ. Дәл осы «Үш анықта» Шәкәрім атамыз осы күнгі ғылым сан-саққа жүгіртіп шеше алмай отырған қынаның тасқа бітуі туралы былай дейді: «тас пен құм сүйектерге біткен қынаны алып қарасаңыз, қынаның астында тас пен сүйектің бетінде топырақ сияқты бір нәрсемен жабыстырылған болады. Сол топырақ сияқты нәрсені табиғат қайдан әкеліп отыр? Мен ойлаймын, су мен топырақ жылылықтан өсімдік шығарғандай, тасқа ауа, су жылылығы сияқты себептер қосылып, қына шығарып отыр».

Азат ойдың құдіретін жоққа  шығарып, көзге көрінетін дүниенің шырмауында жүрген материалистер үшін алынбайтын белес тәрізді көрінген бұл мәселе Шәкәрім атамыздың еңбегінде үш-ақ сөйлеммен түсіндіріледі. Қазіргі ғылымда күрмеуі толық шешілмеген қынаның тасқа біту процесі, шынында, таңқаларлық.

Ашып айтсақ, қынаның тасқа бітуі ерекше жолмен жүреді. Қынаның кез-келген тасқа шыға бермейтіні де белгілі, ол тасты таңдайды. Қалайша десеңіз, түсіндіруді тастан бастайық. Басында айтылғандай, тас су ішеді. Тастың құрамындағы элементтер куб тәрізді байланыс құрды делік. Кубтың іші бос, оны толтыру керек. Сол кезде оған жаңбыр мен жер асты суларынан көзге көрінбейтін бірнеше су молекуласы бос ұяшықтарға орналасады. Осылай тастың бос орындары сумен толады. Ендеше қынаға қажетті судың бір бөлігі тастың өзінен алынатыны белгілі болды. Шәкәрім атамыз айтып отырған тас пен қына арасындағы топырақ сияқты жабыстырғыш заттың түзілуін және оның түзілуіне ауа мен судың қатысын түсіндіре кетейік.

«Топырақ сияқты» деп отырған затымыз ауадағы тотықтырғыш оттегімен түзілген тастың беткі бөлігіне жақын орналасқан сілтілік металдардың (Na,Mg,K,Ca) оксидтері болып табылады [6]. Ал, осы сілтілік металл оксидтерінен алынатын металл иондар қына үшін көбейіп, тұқым шашуына мүмкіндік береді. Осылайша биологияның қына түзілуі туралы бүтін бір іргелі саласын тудырып, бас қатырып отырған күллі әлем ғалымдарының сұрағына Шәкәрім атамыз азат ақыл, еркін оймен үш ауыз сөзбен жауап қайырып отырғаны таңдай қақтырады!

«Өлі» тастың соңында сабылғандардың бірі – археологтар екен. Олар да тасты аударып, асты-үстіне түсіп, өткеннен мәлімет алғысы келеді. Тастың көрген, естігенін сақтап қалатынын пайдаланып, археологтар тарихқа тіл бітіреді. Ақылсыз тастың магнитофон таспасы сияқты сондай жандының әрекетін істегеніне таңқаласың! Археологтар үшін тас мәліметтердің қоймасы сияқты. Мысалы, табылып жатқан бұйымдар тас дәуірінікі екен, осыдан мыншама мың жылдар бұрын жасапты, мұнымен аң аулапты деп археологтарды сайратып жүрген де – осы тастар. Тіпті, радиоизотоптық әдіспен сол тас өмір сүрген кезеңнің температурасы, қысымы, климаттық жағдайын анықтай алады. Мұндай зерттеулер ұзақ уақытты қамтиды, себебі қара тас ішіндегі сырын айтқысы келмей, ақыры бір әмірмен ғана ашып, гендік инженерлерге құпиясын ақтарып береді. Археологтар мен гендік инженерлер табылған тастардың бәрін сайратуға мүмкіндіктері жоқ, бұған өздері де мардымды жауап қайтара алар емес. Осылайша тылсым күштен рұқсаты бар тастар ішіндегі жиналған мәліметтерін ашып, ағынан жарылатыны анық болды.

Соңғы жылдардағы кристаллограф (тастанушы) ғалымдар барлық тастар, минералдар бір-бірін қайталамайтынын анықтады. Мұны қарапайым түрде былайша түсіндіреді: екі бірдей элементтерден құралған, құрылымдары да бірдей кубтық, екеуінің де жасы қарайлас болсын. Енді ерекшелігі олардың сол кубтардағы рет-ретімен құралғанда екі тастың әртүрлі кубтарындағы бірдей элементтері түсіп, орнына екеуі екі түрлі элементті қосып алады. Осылайша тастар бір-біріне түрі ұқсаса да, ішкі дүниелері өзгеше, яғни жандары бөлек денелерді береді. Адамның қайталанбауы сияқты қайталанбас құрылымға ие болып, әрқайсысы әр бөлек бәрін есіне жазып, жаттап алуының мақсұты не, себебін қайдан іздейміз? Өкінетін ештеңе жоқ. Мұның жайын, барлық жаралыстың мақсұты мен себебін Шәкәрім атамыз «Үш анығында» былайша баяндайды: «Мен жанды былай түсінемін: біз дененің негізін тексергендей жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила вещества (қуатты дене) дегендегі қуат – осы жан. Сол жанды денеден өсіп – өршиді. Жан да өршиді. Ғылым жолында әлденеше түрленіп өзгерсе де, дененің еш жоғалмағаны сияқты, жанның да еш нәрсесі жоғалмайды. Бірақ дененің толықтығы, нашарлығының кезегіне қарай жанның да толық, нашар уақыты болады.» [4]. Ал, бұл сөзді таза ақылдан хабары жоқ кейбір бауырлар «Шәкәрім – материалист, эволюционист» болған деген тезиске дәлел ретінде қолданып жүр...

Қазірде қиянаттан азат ой, таза ақылдың  не екенін ұмытқан ғылымның тапқан жауабынан жаңа сұрақтары көбейген үстіне көбеюде. Ғылымды меңгерудің жолын тапқан әл-Фараби бабамыз: «Қандай ғылым болсын, оның теориясына жетік болу үшін үш түрлі шарт керек. Ғылымның барлық түпкі негіздерін, принциптерін білу керек. Сол принциптерден осы ғылымға жататын қажетті қорытындыларды, салдарды шығара білу керек. Осы ғылым жайлы бұрын-соңды айтылған пікірлерді талдап, түзете білу керек» – деп анық жолға сілтеу көрсетеді. Үшіншіде бұрын айтылған пікірлерді талдап, ақылға сыйымсызын еркін оймен түзету керектігін ескертеді. Мұндай шырмалған ғылымның шым-шытырық шиесін жазуды Шәкәрім атамыз былай тарқатыпты [5]:

Ойлансын ұлан болса, сөз ұғарлық,

Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.

Таза талап талпынып ойды айдаса,

Байқалар көрнеу, таса, жоқ пен  барлық.

Азат ақыл ойланбай мида жатса,

Шіріп, тозып тартқызар ол бір  зорлық.

Сырын сынар талапты ер табылғанда,

Бұл бақшада мысал көп ой қозғарлық.

Өкініштің үлкені – ойы тарлық,

Ондайда ақыл болмас жұбанарлық.

Адамды адам қылатын – осы  ойқұмарлықпен қоршаған дүниеге  ой жүгірту, кіршіксіз тап-таза азат ақылды табу! Пайда-мақтанның жетегінде кеткен, «көрінетіннің ғана құлы болған, технократтық ойлау жүйесін туғызған ғылым қоғамға пайда емес, кесел әкеледі деп ескертеді. Бұл технократтық өркениеттің тығырығынан шығар жолды да Шәкәрім атамыз былай көрсетіпті:

Көзге сеніп, ойға сенбей,

Жанды жоқ деп қаңғырып.

Адасып жүр ақты көрмей,

Көңілі соқыр көп надан.

«Ана сансыз кереметті,

Кім жаратса, Ие сол», –

Десе нетті, қойса бетті

Хақиқатқа жайнаған. [5]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шәкәрімнің ожданы біз жоғарыда айтқан, ежелгі фектегі «каллокагатия», И. Канттың «кесімді императив» ұғымдарымен  астас. Ождан дегеніміз ынсап, әділет, мейірім. Шәкәрім өз халқының жанқияр ұлы ретінде туған мәдениетіне өлшеусіз қызмет етті.

Шәкәрім айтады: Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі дене өлсе де жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті, ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақырет өлгеннен соңғы өмір жолы дейді. Енді бірі – бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді».

Шәкәрім философиясының негізгі өзегі  адам болып табылады. Адамның мәні оның дүниені танып білуінде, ол тек адамға ғана оның табиғатына тән нәрсе дейді.

Ол «Үш анықта» дүниенің жаратылуы  барлықтың бәрі өздігінен жаратылып  жатыр, оны былай қылатын жаратқан ие жоқ деген жол бұрыннан айтылып  келе жатса да бұл идея XVII– XIX ғасырларға дейін Еуропада кең таралып келді.

Осыған орай Шәкәрім өз трактатында айтылып жүрген осы бес нақты дәлелдерді келтіреді. Олар мына төмендегідей:

«1-дәлел: қайта айналыс жолы. Барлық нәрсенің түп себебі – бұрыннан бар қуатты дене (сила вещества) атом.

2-дәлел: жаратылыс жолы. Мұқым  барлықтың бәрін бар қылып  тұрған – жаратылыс жолы. Дарвиннің табиғи эволюциялық сұрыпталу теориясымен тікелей сәйкес келе тұрса да, бірақ оны Шәкәрім Литерие деген философтың атымен байланыстырады;

3-дәлел: тұқымдастықтың жолы. Жоғарыда  айтылғандай, бар нәрсе өздігінен  жаралып жатқан соң, жаратушы деген жоқ. Құрғақтағы хайуандар, адамдар өсімдіктер, құстар, бәрі теңізден туған;

4-дәлел: дене сезімі. Біз әр  нәрсені денедегі сезімімізбен  білеміз. Мұқым барлықтың бәрі  жаралыс жолымен еріксіз болып  жатқанын көріп біліп тұрмыз.

Егер біліп жаратушы ие бар болса, бұл жаратылыс себептерінің түк керегі жоқ болар еді. Неге десең, бір жаратушы білімді құдірет бар болғаннан соң бұл себептердің керегі не? Сондықтан білім жаратушы жоқ дейді. Бұл – Бюнхер сөзі;

5-дәлел: әр түрлілік. Барлық дүниеге  қарасаң тасы, ағашы басқа өсімдіктер, хайуандар, адамдар, су, от сияқты, тіпті, біріне-бірі ұқсамайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл нәрсе қалай болса солай кезі келгендіктен себебіне қарай жаралып жатыр. Оны былай болсын деп жаратушы жоқ екені осыдан мәлім дейді.»

Еуропа кәсіби философиясының тарихымен тікелей шұғылданып, оларды тек танып-біліп қана қоймай өз пікірлерін, ойларын ортаға салып айта отырып, өмірге қазақ кәсіби философиясының іргетасын қалап, өзі де нағыз қазақтың алғаш кәсіби философы атанды. Сөйтіп, қазақ философиясының деңгейін әлемдік философияның қатарына қосуға жақындата түсті.

Шәкәрімнің өлеңдерінде, поэмаларында, тарихи философиялық трактаттарында Шығыс  пен Батыс елдерінің талай  ойшылдарының, ғалымдарының, ақын-жазушыларының  еңбектері мен шығармаларының аты ғана аталып қоймауы, сонымен бірге мазмұн-мәні ашылып, кейде бірсыпыра пікір-ой жарыстырылып отырады. Бұл – да Шәкәрім мұрасының айтарлықтай мәнді өзгешеліктерінің бір қыры.

Бұған дәлел «Үш анықта» кездесетін XIX ғасырдың екінші жартысындағы көптеген Еуропа және Шығыс спиритуалистерінің есімдерінің аталуы, аталып кана қоймай, олардың шығармаларынан да үзінділер келтіріп өз пікірлерін де үнемі жарыстырып отырған.

Шәкәрім ақын өзінің өмірдегі мұрат-мақсатын айқыңдап ашып айтып, халкының адында серт беріп былай дейді:

Адамдық борыш ар үшін

Барша адамзат қамы үшін

Серт қылған еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін.

Ақын осы айтқан сертінен өле-өлгенше танған емес.

Шәкәрім органикалық тіршіліктің  біртіндеп себеп-салдар принципі бойынша дамитындығын, жәндіктің өсімдіктен, адамның жәндіктен таралу идеясын құптап отыр.

Жан беріп жарық жылы нұрдан,

Күн атам жерді буаз қылған,

Әсімдік туған осыдан.

Жетіліп өсіп толғанда дән,

Құт болған дәнде неше мың сан,

Жарылып шықтық біз сонан.

Қозғалыс – материяның өмір сүру тәсілі. Осындай құнды жаңалыққа Шәкәрім ғылыми жолмен емес, стихиялы түрде келеді.

«Ойлы адамсың ғой сен де,

Бар ма мақсатсыз тәртібі жоқ  нәрсе әлемде? –

деп сүрап алып:

Ақылды жанның мүлкі әлем

Тәртіппен өсіп таралды

Осыны неге білмеген!» –

деп, өзі жауап беруі материалистік бағытқа жасаған үшінші басты да, батыл қозғалысты көрсетеді. Құран сөзі бойынша, әлемнің пайда болуы құдайдың ықылас, еркіне байланысты кенеттен жасалына салған, соңдықтан кез келген уақытта өзгеруі немесе жойылуы мүмкін. Ал Шәкәрім ше? Біртіндеп туатын қажеттілігіне қарай белгілі тәртіппен себеп-салдар қатынасы бойынша дамып отыратын мақсатты процесс.

Табиғат неше түрлі жан жаратты,

Не үлкен, не кішкентай тән жаратты.

Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ,

Есепсіз қанша мыңмен сан жаратты.

Осыдан келіп Шәкәрім әлемді хаос, кездейсоқтықтар патшалығы деп түсініп, ақыр заманды күтушілерді батыл сынайды. Бұл мақсатта Шәкәрім өзінің жаратылыс тану саласындағы терең білім танымына сүйенеді.

Шәкәрім түсінігінде адамның жануардан  айырмашылығы таза ақылы мен жанында. Адамның жаны ол туылғанда егілген дән түрінде болады да қолайлы жағдай жасалынғанда ғана шайқалып өсіп, көркейе түседі.

Ақыл деген – денеге егулі  дән,

Суғарылса кіреді оған да жан.

Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсісі айуанмен анық теңдес.

Бөлектігі жалғыз-ақ таза ақылда

Әлің келсе, жол тап та осыны  емдес!

Ақынның айтпағы не?

Біздіңше, Шәкәрім ұғымында адамның  барлық танымдық психологиялық қабілеті оның жан шарапаты арқасында қалыптасады.

Барлық жан-жануарлардан адам айрықша  қасиеттерімен ерекшеленеді. Өйткені, адамда күш беретін дене мүшелерінің арқасында өмір сүретін жан бар.

Сондай-ақ, Шәкәрім дүниетанымының анықтаушы бағыты оның адамзат қоғамының дамуын жеке адам және қоғам арасындағы қатынас пен байланыстардың қалыптасуын жаратылыстық, табиғи тұрғыдан түсінуге тырысуында деп пайымдаймыз.

Шәкәрім жалқаулық, енжарлық, өте зиянды әдет, сипат деп әшкерелеп, жастар бойында ғылымды меңгеру, халық  ағарту ісі мен туған елдің  прогрестік дамуы жолындағы барлық қиындықтарда жеңу үшін күш-жігер, ерік, еңбек сүйгіштік қасиеттердің мол болуын уағыздайды.

Қазақ кәсіби философиясын одан әрі  дамыту, оны Шәкәрім салған көпір  арқылы жүріп өтіп, ол жасаған баспалдақтар арқылы жоғары көтеріліп, дами бермек. Сол Шәкәрім қалыптастырған төл  кәсіби философия дәстүрі Шәкәрімнен кейін де жалғаса түсіп өз үндестігін тауып отыр. Оның ізбасарлары, яғни Қазақстан философтарының, биік кәсіби ғылыми дәрежедегі жоғарыдан көрініп, ұлттық философиямыздың дәстүрлі ерекшелігін сақтай отырып, әрі қарай дамуына үлкен зерделі ізденістер жасау әрекетінде. Бұл бастама өз қолдауын табады деген ойдамыз. Себебі, төл тілімізде ұлттық философия тұғырын биік көтеру, ғылыми философиялық тілімізді қалыптастыру, адамзат құндылықтар мәдениеті қатарына қосу, оны мақұлдату иісі қазақ жұрты философ ғалымдарының аңсары мен арманы, ар-ұжданы, қасиетті қарызы мен парызы әрі намысы емес пе?!

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Құдайбердіұлы Ш. Алматы, 1988.
  2. Құдайбердіұлы Ш. «Үш анық». Алматы, 1991.
  3. Шәкәрім. «Жазушы». 1983. Алматы.
  4. Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы. А., 1992.
  5. Сегизбаев О.А. Казахская философия ХV-ХХ века. Алматы, 1988.
  6. Ж.Алтай, А.Қасабек, Қ.М.Мұхамбәтәли. Философия тарихы. «Жеті жарғы». 1999.

 

Тайғарин С

Абай атындағы ҚазҰПУ,

тарих факультетінің 4-курс студенті

 

Адам кімге  немесе неге құл?

 

«Патша болу қиын, құл болу да оңай емес.»

(Конфуций)

 

Кез-келген адам «құл» сөзін естігенде, тарихтағы римдік, египеттік немесе XVIII ғасырдағы американдық негр құлдар кісендеулі кейпінде елестейтін шығар. Әлде XXI ғасырдағы жаһан талабына сай негізделген мәдени құлдар ойға келер. Ал, құлдық сана өрісі ұзаққа кеткелі қашан?

«Көзіме елестейді құлдық дәуір,

Адамды құл деген сөз маған  ауыр.» [1]

Жалпы алғанда, адамзат баласы екі  түрдегі құлдықты таңдай алады. Біріншісі – атаққа, дүниеге, өзімшілдікке және тән ләззатына негізделген нәпсіге құлдық. Екіншісі – рухты үстем қылып, рухани кемелдендіретін, таза ақылға салып, терең ойға негіздейтін, бір Құдайға құлдық. Енді осының ара-жігін ажыратуға тырыссақ. Адам баласын меңзеген рухани кеселдер қайдан бастау алады. Нәпсінің толық мағынасын Ясауи жолының қазіргі ең көрнекті өкілі, маңдай алды ғалымы – Маймақ ишан немересі Исматулла Мақсұм қари өзінің «Құран сырларының әліппесі» кітабында былай ашықтайды: «Нәпсі – бастан-аяқ дененің керекті мұқтаждығын, кем-кетігін толтырушы және адам ұрпағының дене сандығы. Оның мекен-жайға, ішіп-жеуге, ыстық-суық ауадан өзін қорғауға мұқтаж екені анық. Адам ұрпақтарына бұл заттарды халал жолмен тауып, қарыштауы – уәжіп», ал Шәкәрім қажы сыр сөздерінде былай дейді:

Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған,

Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.

Анық ақыл көзімен қарағанда,

Өзін берер қалыңға ол қызды  алған.

Нәпсіге әдеби тілде орыс ғұламасы Л.Н.Толстой «Крейцер сонатасы» шығармасында өте дәлелді пішім келтіреді: «Егер адам баласының арманы игілік, жақсылық, қажет десеңіз, мейлі, махаббат дейік, пайғамбарлық өсиетнамада айтылғандай, адам атаулының махаббатпен бауырласып, найзаны қайта соғып орақ жасау, т.б. болса, сол мақсатқа жетуге кедергі болатын не? Кедергі болатын – нәпсі. Нәпсінің ішіндегі ең залымы, ең күштісі, ең қайсары – жыныстық тән ләззаты, ал егер нәпсілердің ең күшті саналатын соңғысы, яғни, тән ләззаты жойылса, пайғамбарлық болжам орындалады да, адамдар бір ананың баласындай бауырласып, адамзат арманына жетеді». Расында ақылға салып ойласақ, толықтай нәпсіге бас ұру, қазіргі бірқатар батыс елдері, АҚШ және Латын Американың қоғамында орныққан өзімшіл, күнәмшіл индивидуалистік санаға әкелді. Осы елдерде таралған шексіз тән ләззаты, азаматтық неке, еркін махаббат болсын, адамды хайуан екеш хайуан жасамайтын қылықтарға итермелейді.

Европа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан о  да мүлде.

Терең ойлап сөзімнің түбін біл  де,

Іштен жыла, шырағым, сырттан күл  де. [1]

Шәкәрім қажы нәпсіге құлдық адам баласын аздырушы құрал екенін дөп басқан. Абай атамыз жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан алғаш туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады, бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Міне, бұлар нәпсінің азығы.

Қазіргі батыс футурологтары, мәселен, Френсис Фукуяма былай дейді: «Жоғарыда айтылған либералды-демократия мен еркін нарық механизмдері – адамзат адамзат болғалы, жасалған ең жетілген, кемеліне келген институттар». «Құлды құл десе, өлгісі келеді, биді құл десе, күлкісі келеді» демекші, нәпсінің қажетіне керектің бәрін беріп отырған батыстық «технократтық қоғам» қанша зайырланса да, әлеуметтік деңгейде әділетті демократияға бет бұрса да, қу құлқынның құлдығы нәпсінің мақсұтынан алдыға жылжып шығар емес. «Демократия», «Еркіндік», « Либералды-Экономика» т.б. интитуттардың барлығы да сөз жүзінде дұрыс. Ал, бірақ ішкі мағынасында, мазмұнында үстемдігін мойындап, соған қызмет қылудағы қатынастарды реттейді. Олардың айтуынша, адам бойында екі түрлі ұмтылыс бар: тән қажеті және жан қажеті, сырттай қарағанда, Абайдан алшақ кеткен жоқ сияқты. Бірақ бұлар жан қажеті ретінде бүкіл ерік-жігерді басқалардан артық болуға, өзгеше болуға, үстем болуға жұмсауды айтады. Адамның хайуаннан негізгі ерекшелігі осы деп есептейді. Ешбір хайуан тән қажеттерін өтеп болған соң, енді абырой іздейін, атақ, мансап іздейін, біреу мені мақтасын, дәрежемді көтерсін деп ұмтылмайды. Дегенмен, олар адамдағы жан қажеті осы деп түсіндіреді. Шындығында, Абайдың түсінігіндегі жан құмары бұл емес! Бұл жерде айтылған мақтан-мансапқа ұмтылу – керісінше адамды адамдықтан айыратын нәпсәни қажеттіліктер. Адамды құлдыққа (нәпсінің құлдығына ) душар ететін ең күшті зор қуат осы. Абай айтатын тән қажеті мен жан қажетін айқын ажыратып алмай тұрып, еркіндік туралы айтудың өзі қиын. Яғни, құлдықтың басы білімсіздік, надандық, ал құлдық сананың өзі осы тән қажеті мен жан қажетін айыра алмаудан шығады. Осыдан арылар жол бар ма? Бар. Ол – жанға қызмет қылу арқылы, Құдайға құлдық. Басқаша айтсақ, Құдайға құл болған ғана құлдықтан құтылады деген ойды меңзейді Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Шәкәрімнің дүниетанымы