Жас отбасылар проблемасы

                               Отбасында адам бойындағы   асыл 

                               қасиеттер жарқырай көрініп,қалыптасады.

                                Отанға деген ыстық сезім –  жақындарына,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

                     туған-туысқандарына деген 

                      сүйіспеншіліктен басталады.

                                                                                      Н.Ә.Назарбаев      

                                            

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға  болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе  толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

Отбасы мүшелерінің жас  шамасы әр түрлі болса да, олардың  арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.

Атақты қазақ ақыны  Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:

Отбасы – шағын мемлекет,

Мен – президент, сен –  премьер,

дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын  рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас  жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан  отбасының құрылымына зор маңыз  беріліп, мәнін  қорғаған, отбасының  ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа  тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.

Ата-ана өз отбасын  нығайта отырып, сонымен бірге  оның балағатқа толған мүшелерін  үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні  түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», - деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.

 

«Жас отбасы» мәртебесі мемлекеттік  бағдарламалардан тыс қалған

Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбековтің айтуынша, соңғы жылдары 19-23 жастағылар арасында некеге отырушылар саны көбейген. «Он үште отау иесі» десек те, оң-солын танып болмаған жастар баспана, жұмысқа орналасу секілді мәселелер туындағанда қиындыққа төтеп беруге дәрменсіздік танытуда. Ажырасушылар санының 24-28 жас аралығындағы жастар арасында артуы да соның дәлелі болса керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екенін кеш бағамдаған жастар бар мәселені шешудің жалғыз жолы ажырасу деп білетін сияқты. Махметғали Сарыбеков жас отбасылардың жағдайын жасау үшін мемлекет тарапынан іске қосылған тетіктің бәрін санамалап шықты. Жөн-ақ. Алайда… әлі де болса шешімін күткен мәселе жетерлік екен.

Жас отбасы деп мәселе көтергенімізбен, бұл топтың мәртебесі көп жерде ескерусіз қалған көрінеді. Білім және ғылым вице-министрі «жас отбасыларды зерттеуге статистикалық көрсеткіштердің белгіленген жүйесінің болмауы қиындық тудыруда» дейді. Ал мемлекеттік органдардың нормативтік құжаттарында – мемлекеттік, салалық бағдарламаларында, тіпті стратегиялық жоспарларында да «жас отбасы» санатына орын берілмеген. «Жастар» деген ұғыммен жаба тоқыла салған. Дәл осы үрдіс жас отбасылардың жанын ауыртар мәселелерді шешуге кедергі болуы мүмкін.

Егер осы олқылықтың орнын толтыра  алсақ, онда мемлекеттік мекемелерде, ұлттық компанияларда жұмыс істейтін жас отбасы мүшелерінің мүддесі  қорғалар ма еді, дейді ұлттық комиссияның отырысына қатысқандар. Бұл жиында Батыс Қазақстан облысында оң нәтиже беріп отырған «Жас отау» жобасын еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асыруға ұсыныс жасалды. Сонымен қатар Ақтөбе облысында үйде отырған әйелдерді жұмыспен қамтудың жаңа тәсілі туралы да сөз болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент жанындағы әйелдер  істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, бұл жоба балалы әйелдердің үйде отырып компьютермен жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Мәселен, Ақтөбедегі 10 мемлекеттік мекемеге енгізілген пилотты жобаға 25 пен 45 жас аралығындағы 3 айлық баладан 7 жасқа дейінгі балалары бар мемлекеттік қызметтегі әйелдер қатысыпты. Әйелдерді қашықтан жұмыспен қамту жүйесі олардың жауапкершілігі мен еңбек өнімділігін арттырған, әйелдердің жұмыстан сұрануы мен «ауруханалық парақ» санын да азайтқан. Дүниежүзінде қалыптасқан бұл жүйені жаппай қолдану үшін енді заңдарымызға өзгертулер енгізілуі керек.

Жетім балалар баспанадан қалай қағылады?

Жыл басындағы жағдай бойынша елімізде жетім бала мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны 42 мыңнан асыпты. Бір айта кетерлігі, бұл балалардың 16,7 пайызы ғана тұл жетім санатында. Ал қалғандарының ата-анасы бар. Ендеше олар баласынан неге безінді?

Бұған жастар арасындағы бір шаңырақ астында некесіз тұратындардың көбеюі, әлгінде айтқанымыздай ажырасудың артуы, кәмелетке толмаған аналардың көбеюі себеп болып отыр екен. Баласын мемлекет меншігіндегі мекемеге тапсырғандар ізім-ғайым «жоқ болады». Ата-анасына керек болмаған бала байғұсты басқалар қайтсін? Ұлттық комиссия отырысында Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьеваның айтуынша, жетім балалар үйінен шыққандар тиісті баспанасын ала алмай жүр. Үй кезегінде ұзақ тұратындықтан, 29 жасқа толып қояды. Сөйтіп, баспанасыз қалып жатыр.

Бұл мәселеге – жетім балаларды баспанамен қамтуға міндетті жергілікті әкімдердің арасында өз міндетін орындамай отырғандар да бар. Мәселен, соңғы бес жылда Алматы қаласында бірде-бір жетім   балаға баспана берілмеген! Бұл деректі Білім және ғылым вице-министрі айтып отыр. Тағдыр тәлкегімен жетімдер үйіне түскен балалардың тиісті баспанасынан қағылуына қандай себеп айтылар екен? 29 жасқа толып қойды дейтін шығар…

 

Жас отбасылар жалдамалы үйді жеңілдікпен  алады

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - «Қол жетімді  баспана-2020» бағдарламасы бойынша  жас отбасыларға тұрғын үй жеңілдікпен беріледі, деп хабарлады "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің" баспасөз қызметі pm.kz  сайтына.

«Жаңа бағдарламаның тұрғын үй құрылысының  бұрынғы бағдарламасынан айырмашылығы, мұнда  азаматтардың барлық санаттары үшін құрылыс салудың және жалгерлік тұрғын үйлерді сатудың жаңа бағыттары жүзеге асырылады, әрі жас отбасылар үшін жеңілдіктер жасалады», - делінген ТҚЖБ хабарламасында.

Азаматтардың барлық санаттарына  берілетін жалгерлік тұрғын үй құрылысының шарты  бойынша, тұрғын үй құрылыс жинағы жинақталу мерзімі ішінде бағдарлама қатысушысы жалгерлік үйде тұрып, ең төменгі жалгерлік ақы - шаршы метріне 100 теңгеден төлеп отырады.

Жалгерлік тұрғын үй құнының 50 пайызы жинақталғаннан кейін, бағдарлама қатысушысы пәтерді жинақталған тұрғын үй құрылысы жинағы есебінен, 15 жыл мерзімге жылдық ставкасы  4-5 пайыз болатын тұрғын үй займымен  сатып алады. ТҚЖБ ақпарына қарағанда, азаматтардың барлық санаттары үшін тұрғын үй құрылысы 2013 жылы басталады.

Жас отбасыларға арналған жалгерлік  тұрғын үйге келетін болсақ, отбасылар пәтерде жалдау ақысын төлемей тұратын болады. Жас отбасыларды іріктеп, есепке қоюды әкімдіктер жүзеге асырады.

Бағдарламаға қатысу шарттары бойынша,  жас отбасы деп, 2 жылдан артық некеде тұрған, өтініш берген кезде жастары 29-дан аспаған ерлі-зайыптылар есептеледі әрі, жас отбасылардың бағдарламаға қатысуға өтініш берген елді мекенде жекеменшік тұрғын үйлері болмауы керек.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының  қабылдануы тұрғын үй құрылысы жинағына қызығушылықты одан әрі арттырып, банктік клиенттері көбейе түседі деп ойлаймыз. Бұл мемлекеттің халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешу тәсілімен байланысты», - делінген ТҚЖБ ақпаратында.

Бұрын да хабарланғандай, үстіміздегі жылы банк тұрғын үй құрылысы жинағына қатысушылардың үлесін 3,4 пайызға дейін арттырып, ұзақ мерзімді теңгелік салымдар нарығындағы үлесін және тұрғын үйді салу мен сатып алуды несиелендіруді 10,4 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесіне 80 мыңнан астам жаңа қатысушыларды тартып, халыққа 32 млрд теңгеден астам тұрғын үй займын беру жоспарлануда.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты - пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үй көлемін 2020 жылға қарай 6 млн-нан 10 млн шаршы метрге дейін ұлғайту және тұрғын үйдің қалың бұқара халық үшін қолжетімді болуы.

                             

Кеш үйлену –  мода ма, мәжбүрлік пе?

 «Жас үммет» айдары жастар арасындағы өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін өзіндік ой-пікірін айтуды одан әрі жалғастырады. Бүгінгі тақырып – жастардың отбасын құруға, бала сүйіп, әке немесе ана атануға асықпауы, яғни сүрбойдақтық мәселесі. Өйткені қазіргі кезде орда бұзар шаққа келсе де, отағасы болуды ерте санап, салт басымен сауық құрып жүрген жігіттердің қатары көбейіп келеді. Қыздарымыз да дәл сондай. Отызға келгенше орнын таппай, омалып жүр. Біреулер бұны заманнан көрсе, енді біреулер адамның өзімен байланыстырады. Не десе де, бұл түйткіл қазіргі жас буынның басты мәселесіне айналып отырғаны ақиқат.            

Үйленудің осыншалықты мәселеге айналуына әртүрлі себеп бар. Оған жастар арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде көз жеткіздік. Солардың ішінде ең басты себеп – баспана мәселесі. Бүгінгі буын осы келеңсіздіктің кесірінен үйленуді кешіктіреді екен. Басқа да әлеуметтік мәселелерді себеп қылып, отбасылы болуға асықпайтын жастар бірінші дүние жиып, бақуатты болуды қалайды. Өкінішке орай, «байып, дүйім жұрттан озам» деп жүріп, дүние-дүрмектің көшіне ілесе алмай қалатындар да кездеседі. Көп жағдайда бұндай келеңсіздік қыздар арасында орын алып жатады. Бұл жайтқа да сауалнама қорытындысы бойынша қанықтық..

Сауалнамаға қатысқандар  арасында ең көп айтылған уәждердің тағы бірі – «дұрыс адам жолықпай жүр»… «Дұрыс» адамды іздеп жүргенде жасы келгенін аңғармай, санын соғып қалғандар да кездесті. Мұндайда халқымыздың «таңдаған тазға жолығады» дегені еріксіз еске түседі.

Соңғы кезде елімізде осы  мәселені шешу үшін әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Солардың ішінде белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің «бойдақ салығын» енгізу ұсынысы қилы пікірталас тудырып, көпшіліктің қызығушылығын оятты. Оның айтуынша, 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеу керек.

Бір қызығы бұндай салық сонау кеңес үкіметі кезінде болған екен. 1941 жылдың 21 қарашасында күшіне енген «бойдақ салығы» бойынша отбасын құрмаған және балалы болмаған 20-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер мен 20-50 жас аралығындағы жігіттер жалақысының 6 пайызын мемлекет қазынасына аударып отырған. Соғыстан кейінгі халық санын көбейту мақсатында енгізілген аталмыш салық 90-жылдарға дейін заңды күшін жоймаған. Алайда бұл мәселе көп жағдайда жасырын жүргізілген және денсаулығына, басқа да келеңсіздіктерге байланысты жеңілдіктер қарастырылған.

Тағы бір айта кетер жайт, қазіргі қазақ жастары ғана емес, мәселен, малайзиялықтар да отау тігіп, шаңырақ көтеруге соншалықты асықпайды екен. Бірақ олардың себептері бізге мүлдем ұқсамайды. Бейресми деректерде Малай елінің жастары қажылыққа бармай үйленбейді деген қызықты мәлімет бар. Әрине, рас-өтірігін бір Алла ғана біледі. Бірақ жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, бұл сөздің шындыққа жанасатынына сенуге болады. Ал қытайлықтар көбіне барыс жылы отбасын құрудан бас тартады екен. Бұл өздерінің наным-сенімдеріне байланысты. Яғни олар барыс жылы қиылған некенің бақыты баянсыз болады деп есептейді. Бұл орыстардың мамыр айында үйленбейтін ырымдарына өте ұқсас. Өкінішке орай, орыстың осы нанымы бүгінде қазақ халқына да сіңісіп бара жатыр. Оған мамыр айында қиылатын некелердің саны өзге айларға қарағанда айтарлықтай аз болатыны дәлел. Сондай-ақ, швед жастары да үйленуге көп асыға бермейді екен. Әсіресе, жігіттер. Өйткені бұл елде жігіт қызды емес, керісінше, қыз жігітті таңдайтын көрінеді. Сондықтан қашан бір сұлу келіп өзін таңдамайынша швед жігіттері жалғыз жүруге мәжбүр.

«Әр елдің салты басқа» демекші, өзге елдің жастарына өз наным-сенімдері кедергі болса, біздің жастарға тұрмыс тосқауыл болуда. Он үшінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қазақ едік. Қазір отызға келсек те отау тігуге асықпайтын болдық. Ең өкініштісі, бұл қалыпты жайтқа айналып барады. Бұл – індет. Оның алдын алмасақ, ертең немере сүйер жасқа келіп баламыздың жөргегін жуып отыруымыз әбден мүмкін.

Сонымен қатар «бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген  бар. Ендеше осы сөзден тәлім алып, Аллаға тәуекел еткеніміз дұрыс  шығар. Әйтеуір байлық деп жүріп, шын бақыттың бағытынан адасып қалмасақ болғаны. Қалқаман Сарин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің оқытушы, ақын:

– Қазіргі жастар бірінші кезекке үй болуды емес, үй алуды, яғни материалдық жағдайды қойғаны белгілі. Бірақ бұл үшін оларды кінәлаудың еш қажеті жоқ. Өйткені олар осы қадамға жетіскеннен барып отырған жоқ. Себебі қазір бұрынғыдай үйленгеннен кейін екі қолға бір күрек табылатын заман емес. Сондықтан жастардың карьера қуып, тұрмыстарын түзеу үшін жасаған әрекеттеріне түсіністікпен қарағанымыз абзал.

Мен жастармен жұмыс істегеннен кейін осы мәселе жөнінде олармен  көп пікір таластырып, ой бөлісеміз. Сол кезде «жағдайым болмаса қалай үйленемін?», «жұмысым болмаса, тұрмысым қалай болады?» деген сияқты пікірлер көп айтылады. Қарап тұрсаңыз, сөздерінің жаны бар. Меніңше, бұл жауапкершіліктен қашу емес, қайта соны сезініп, оған дайындалу.

Ал Кеңес үкіметі кезінде жастар мұндай үлкен ойлармен бас қатырып жатпайтын. Жігіттер әскерден келе салысымен, қыздар диплом алысымен отау тігіп, отбасын құратын. Соған орай мемлекет те жағдай жасап отырды. Тіпті ол кездің жастарында жұмыс, баспана деген мәселе болмайтын. Болса да қазіргімен мүлдем салыстыруға келмейді. Демек, бізде де мемлекет тарапынан көзге көрінетіндей көмектер жасалса игі іс болар еді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда  елдің ордасы деп Астанаға ағылып жатқан жастарда есеп жоқ. Солардың көп бөлігі жұмыс іздеп келуде. Бірақ барлығы бірдей жұмысқа тұрып кетпейді. Тұрғандары айлығын не пәтерге, не тамаққа, не жолына жеткізе алмай әуре сарсаңға түседі. Ал енді оларға қалай үйлен деп айтасың?

Сондықтан кез келген ел сәулетімен немесе дәулетімен емес, тұрғынымен, халқымен құнды болатынын ескеріп, қалаға келген қазақ жастарына мейлінше қолдау көрсетсек, бойдақтықтың алдын алуға жасалған қадам болар еді.

Тұрсынбек Қабатов, «Базар жоқ» мемлекеттік театрының директоры, әзіл-сықақшы:

– Менің ойымша, жасы келсе  де жар табуға талпынбай бойдақ жүру ең бірінші отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Себебі қазіргі кезде кейбір ата-аналар баласына жақсылық жасаймын деп жүріп шектен шығып кетеді. Мысалы, баласы мектеп бітірсе, қымбат көлік, ал жоғары оқу орнын бітірсе, үй алып беретін ата-аналар бар. Әрине, баласына не алып берсе де, әркімнің өз еркі. Бірақ мұншалықты асты-үстіне түсу баланың болашаққа деген көзқарасын 180 пайызға өзгертіп, өз-өзіне деген сенімсіздік тудырады. Ата-ананың соншалықты қамқорлығына бой үйретіп алғандар отбасын құрып, олардан бөлек тұруға немесе солардың әперген дүниесін өзге біреумен бөлісуге дайын болмайды. Бұл сырт көзге байқалмаса да санада сақталып тұрады. Осыдан барып эгоизм пайда болады. Ал ондай жанмен кім өмірлік серік болғысы келеді?

Сондықтан баланы үлде мен  бүлдеге орауды мақсат етпей, оған өмірдің  ащысы мен тұщысына төзе білуге үйретсе, бақыт деген байлық емес, ол әке  атанып артына ұрпақ қалдыру, ана  атанып алдындағы ұл-қызға мейірім нұрын төгу екенін айтса, әлдеқайда тиімді болады. Сол кезде қазіргідей әлеуметтік мәселелерді сылтауратып отбасын құрмайтындардың саны азаяр еді. Қазақ «Отан – отбасынан басталады» дейді. Ендеше қазіргі отау тігіп, отбасылы болудан қорқып жүргендер ертең Отанды жарылқайды дегенге өз басым сенбеймін. Бұл, әрине, менің жеке пікірім.

Ал енді салық салу мәселесіне келер болсам, ондай нәрселерге менің  тісім бата бермейді. Дегенмен, мемлекет қандай шара қолданса да, қазақтың санын  көбейтуге, сүр бойдақтықтың алдын-алуға бағытталу керек. Сондай-ақ, ондай шаралар көзбояушылық емес, шынайы болғаны абзал.

Еркебұлан Ерғалиев, журналист:

– Бұл мәселе бүгінде  кәдімгідей көңілді алаңдатып отырғаны белгілі. Әсіресе, ата-аналарға ауыр тиюде. Өйткені кез келген ата-ананың арманы бағып-қаққан баласының қызығын көру ғой.

Десек те, отбасын құрмай жалғыз жүргендерді бойдақтығын  бетіне басып, кінәлай беру дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі олардың әртүрлі себептері болуы мүмкін. Соның ішінде ең бастысы әлеуметтік мәселе екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан мемлекет бұл келеңсіздіктің алдын алуды жан-жақты қарастыру керек. Мәселен, жаңадан отбасын құрған азаматтарға пәтер болмаса да жер беріп, үй салуына жағдай жасаса, мәселенің бір түйіні шешілген болар еді. Өйткені қатарластарымның көбі дәл осы баспана кесірінен үйленбей жүр.

Меніңше, орын алған олқылықты  салықпен шешу мүмкін емес. Тіпті бұл, шыны керек, күлкілі жағдай. Өйткені отбасын құруға асықпағандар қай бір жетіскеннен солай жүр дейсіз? Ал салық жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Қайта халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа беру керек. Мәселен, үйленген жастардың жалақысын өсірсе, әр балаға берілетін көмекті сатып алғандай қылмай, қомақты етіп берсе, соқа бастылардың саны азайып қана қоймай, халық санының артуына да айтарлықтай себеп болар еді. Ал оған, Аллаға шүкір, еліміздің жағдайы жетеді деп ойлаймын.

Қазақтың  үйлену салты: өткені мен бүгіні жайлы

Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Қазақта «балиғат» деп 13-ке толған қыз баланың жасын атайды. Ал, осы жастағы ұл баланы «ер жетті» деп атайды. Қазіргі кезде қолданылып жүрген «кәмелетке толу» ұғымы жасөспірімдік шақтың соңы болатын 16-17 жасты белгілейді. Халық түсінігі бойынша жастарды неғұрлым ерте үйлендірсе, жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпағы көп, дені сау, мықты болып қалыптасады деген. 13 жастан асқан соң, ісләмның шариғат ережелері бойынша адам пенделік істерге барып, күнәһарлық жасай бастайды деп танылады. Сондықтан, қыз баланы 13-14 жасында, ұл баланы 14-15 жасында үйлендіретін болған. Үйлену салтының осы аталған дәстүрлі бітімі негізінен ХХ ғасырдың орта шеніне дейін Қазақстанның әр жерінде және шет елде тұратын қазақтар арасында некен-саяқ сақталып келді. ХХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін жастар 20-25 жас аралығында үйленіп тұрмыс құратын болып келсе, соңғы ондаған жылдар ішінде некелесу 28-30 жасқа дейін ұзарып келе жатқаны байқалуда.

Ілкі замандардан бері қазақтар, бергісі ауыл-аймақ шет-шекарасының  тыныштығы, арғысы хандық немесе мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көрші ру-тайпалар немесе мемлекеттермен туыстық, меймандостық қатынас орнатуға талпынған. Ондайда, «үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» және «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген бойынша неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн санаған. Оның өзіндік мәні тым тереңде жатады. Ең әуелі, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салуы негізінде қан тазалығы мен осы арқылы ақыл-есі, дені сау ұрпақ өрбіту қамынан туындаған салт қалыптастырған. Сондықтан, шалғай жерлерде туып-өскендердің өзара некелесуінен туған балалардың дені сау, мықты болып өсетінін де қазақ о баста санаға әбден сіңіріп, бұлжымас қағидаға айналдырған. Сондай-ақ, «жер айырылса шым бітейді, ел айырылса қыз бітейді» сөзі айтып тұрғанындай, арада туған түрлі кикілжіңдер түбінде қыз алысып, қыз берісу арқылы шешіліп, мамыражай қалыпқа келуі сияқты жәйттерден қоғамдық өмірде некенің және өмірге ұрпақ әкелуші болашақ ана, қыздың аса зор маңызға ие екендігін байқау қиын емес.

Ажырасу 
Соңғы жылдары елімізде ажырасушылар саны күрт артып отыр. Бұл көрсеткіштен оңтүстіктің жастары да қалыс қалып отырған жоқ. Мысалы, 2009 жылы ажырасқан отбасылардың саны 2625 (сот шешімімен 2295) болса, 2010 жылы 3013-ті (сот шешімімен 2637) құрап отыр. Ал 2011 жылы 3167 -ге (сот шешімімен 2810) жеткен. Ағымдағы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1854-ті құрап отыр. Мамандардың айтуынша, соңғы 3 жылдың көрсеткішіне қарасақ, неке бұзу жағдайы 20 пайызға артып отыр. Мұндай жаға ұстатарлық жағдайға жетуімізге не себеп? 
 
Әркім өз перзентін “қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай” өсіруді қалайды. Дегенмен осы орайда ата-аналардың да тым артық кетіп қалатыны жасырын емес. Ер жеткен бозбала ұлымыз бен бойжетіп отырған қызымызды отбасылық өмірге бейімдеп, дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе? Ұлымызды парасатты, қызымызды қылықты етіп өсірдік деп айта аламыз ба? Егер нақ солай екеніне жүз пайыздық кепілдік берер болсақ, отау құрған жастардың шаңырағы неге жиі шайқалады? Мұның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қыздарымыз ибалылықтан ажырап, үлкенді үлкен демей, кішіні кіші демей беттен алып, төске шабуға бейім тұрса, ұлдарымыздың бетіне ешкім келмеген өжет. Осындай жайсыз мінезді жас шаңырақ иелері көп өтпей-ақ келіспей қалып жатады. 
Ерінің қаталдау айтқан сөзін көтере алмаған жас келіншек күйеуінің жанын жаралайтын неше түрлі ауыр сөздер айтып жатады. Өз кезегінде әке-шешесі берген асты еркелеп отырып әзер ішетін ерке, шадыр мінезді ұл мұндай сөздерді қайдан көтерсін? Сосын жұбайымен сөз таластыруды артық санаған жас жігіт жұдырықтың көмегіне жүгінері сөзсіз. Мұның соңы келіншектің төркініне кетуімен тынып жатады. Міне, бүгінгі күннің ажырасу сценарийі шамамен осындай… 
Енді отбасылық драманың екінші бөлігіне кезек берейік. Кеше ғана дүйім жұрттың көзінше аста-төк дастархан басындағы тойда бір-бірімен төс қағыстырып, құйрық-бауыр жескен құда-құдағилар енді бірін-бірі атуға оқ таппайды. 
Қыздың анасы өзіне кезінде анасы айтқан ақыл-кеңестердің мүлдем өңін аударып, басқа бағытта “тәрбиелейді”. Анасының: “Шыққан қыз шиден тысқары, сенің етің біздіңкі сүйегің сол елдікі. Ерің – пірің, оның қас-қабағына қарап сөйле” деген сөздерін қызына былайша ұғындырады: “Ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды. Күйеуіңді қазірден бастап жүгендеп алмасаң болмайды, басыңды көтере жығыл. Әзірден бастап айтқаныңа көндіріп, айдауыңа жүргіз. Бұған көнбесе, азар тегі ажырасып кетерсің. Ажырасқандардың алды-арты сен емессің”. Мұндай “пайдалы кеңестен” соң жас ару қылығын анасы айтқаннан әлдеқайда арттыра түсері анық. Себебі ол өз ата-анасынан қолдау табатынына сенімді. 
Ал күйеу жігіттің анасы да ұлына құдағиынан қалыспайтындай ақыл береді. Ол: “Біздей жандардың отбасымызға келін болып түскеніне қуансын, ол жалаңаяқ. Қазірден оны қатал ұстамасаң төбеңе шығып секіретін болады. Саған он қыз әперуге шамамыз келеді, жалынып артынан барушы болма” деген сияқты ұлына неше түрлі “ақылды кеңестер” береді. Осындай өсиет есітіп өскен ұл мен қыз шаңырағын шайқалтпай ұстап қалуға шамасы келе ме? Осыдан кейін жастардың ажырасып кетуіне кім себепкер деп ойлайсыз? 
Қоғамымызда ері өлмей жесір, әкесі өлмей жетім атанғандардың қатарын көбейтпес үшін, “ұлға ұяда, қызға қияда” қиянат жасамайық. Қиындықта жанына сүйеу, көңілдеріне медеу боларлық ақыл айтып, шаңырақтардың шайқалмауына ықпал жасағанымыз жөн шығар. “Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп, ата-анамыздың біздерге берген тәрбиесіне, аманатына қиянат жасамай, жастарға дұрыс жеткізейік.


Жас отбасылар проблемасы