Жер сілкінісі

 

                                                       Жер сілкінісі      

 Қазақстанның оңтүстік  және оңтүстік-шығыс  аймақтарының тұрғындары үшін  жер сілкіністері мен одан  туындайтын құбылыстар (селдер,қар  көшкіндері, опырылып құлау нәтижесіндегі  үйінділер,бөгеттердің бұзылуы, химиялық жарылыс,өрт қаупі, күшті кәсіпорындардағы апаттар т.б.) едәуір қауіп тудырады.     

 Егер жер сілкінісі мен оның  зардаптарына алдын ала дайындалса, одан келетін әлеуметтік-экономикалық зиянды елеулі азайтуға болады.Осы мақсатқа жету үшін сейсмикалық қауіпті аймақтың әрбір тұрғыны жер сілкінісі туралы белгілі бір дәрежеде хабарлар болуы, қауіпсіздік іс-қимылын дәрежелерін білуі және ол пайда болғанда дұрыс іс-қимыл жасау қажет.      

 Жер қабатының кенеттен жылжуы  және жарылуы нәтижесінде серпінді тербеліс түрінде пайда болатын, орасан зор аймаққа тарайтын жер дүмпулері мен жер бетіндегі тербеліс жер сілкіну деп аталады.     

 Жер сілкінісі – геологиялық құбылыс. Олар – кез-келген жерде пайда болуы мүмкін. Жер сілкінісінің ошағы жер қойнауында қалыптасады.Геологиялық ортадағы жылжулар, бірігулер, жарылулар,ортаюлар секілді тез өзгерістер жер сілкінісінің пайда болу себебіне жатады.Әрбір жер сілкінісі кезінде осы жарылыс нәтижесінде жер қойнауында жинақталған энергияның бір бөлігі сыртқа шығарылады.Жер бетінің шайқалуы сейсмикалық толқындардың нәтижесінде болады.Осындай толқындар көлемді(жер денесіне таралады) және үстінгі беттегі (жердің үстіңгі қабатын қамтитын) секілді 2 түрлі болады.Көлемді толқындар жердің үстіңгі қабатындағы толқындарға қарағанда шапшаң жүреді және де жер сілкінісінің  болғандығын хабарлайтындай бақылау нүктесінде алғашқы серпіліс байқалады.Жердің үстіңгі қабатындағы толқындар бірнеше секунд кеш болады.Олар әдетте келесі қатты соққыны әкеледі.    

 Сейсмикалық энергияны бөліп шығаратын жер аймағы жер сілкінісінің ошағы деп аталады.     

 Гипоцентр – алғашқы сейсмикалық  толқынның басталуы болған ошақтың  негізгі нүктесі. Қазақстан аймағында  жер қабатының сілкініс ошағының  ең жоғарғы тереңдігі 50км аспайды.     

 Эпицентр – бұл гипоцентрдің  тікелей үстіндегі жер қабатының негізгі нүктесі.     

 Жер сілкінісі жиі жағдайда  жердің жоғарғы қабатындағы жарық-жарылыстармен  қоса қабат жүреді.Сілкіну көлемінің  шамасы (жер сілкінісінің үдемелілігі)  ғимараттардың бүліну деңгейімен жер бетінің өзгеру сипатымен анықталады және балмен есептеледі.     

 Сейсмикалық толқынның жалпы  қуатының шамасына жер сілкінісінің  магнитудасы (кейбір шартты белгілері)  жатады.      

 Әр түрлі елдерде жер сілкінісі  үнемділігін бағалау үшін қолданатын сейсмикалық өлшемдердің көптеген мөлшері (50 шамалы) пайдаланылады.     

 Рихтер шкаласы бойынша (Калифорния  технологиялық институтының профессары  Чарльз.Ф.Рихтер) бұрын соңды тіркелген жер сілкінісінің ең күшті магнитудасы 8,9 балмен өлшенген.Салыстырарлық  1988 жылғы Армиян жер сілкінісінің магнитудасы 7,0,

Қытайдағы (Ганьсу)1920 жылғы жер сілкінісінің күші 8,6 болған.     

 Жапон аралдары тобы  жағдайында  жер сілкінісінің үдемелілігін  анықтау үшін 7 балдық шкала жасалынған. 1964 жылы Медведев С.В (СССР) Шпонхойер (ФРГ) және Крик В.(ЧССР) МШК-64 (оның авторларының бас әріптері алынған) деп аталатын 12 балдық халықаралық өлшемді жасап ұсынды.Достастық және Европаның кейбір елдерінде оны осы кезге дейін пайдаланады.     

 Әр түрлі балдағы жер сілкіністерінің төмендегі белгілерінің адамдардың мінез–құлқы

мен іс қимылына, сілкістердің мүмкін болатын әсеріне, құрылыстар мен  ғимараттардың жағдайына, жер қабатындағы  табиғи құбылыстарға, жер қабатындағы  және жер бетіндегі судың жағдайының өзгеру белгілеріне назар аударыңыздар.      

1 балл. Жер сілкінісі сезілмейді. Тербелістің үдемелілігі адамдардың  сезіну денгейінен төмен болады, жер қабатындағы сілкіністі тек  сейсмографтар байқап тіркейді.     

2 балл. Сәл ғана сезілетін жер  сілкінісі.Тербелісті ғимараттың  ішіндегі тыныштықта, әсіресе жоғарғы қабаттарда болатын жекелеген адамдап ғана сезеді.     

3 балл. Әлсіз жер сілкінісі. Үй ішінде болған адамдардың 50% шамасында, ашық жерлердегі адамдардың кейбіреулері ғана жер сілкінісін сезеді.     

4 балл. Елеулі жер сілкінісі. Ғимараттардың ішіндегі көп адамдар сезеді, ал ашық жерлерде аз ғана адамдар сезеді. Ұйықтап жатқандардың кейбіреуі оянып кетеді, бірақ оларды қорқыныш сезімі билемейді. Теңселу сезіледі,ол жүріп бара жатқан айыр жүк машинасы тудырған солқылдауға ұқсас болады.Терезе, есік,ыдыстар сылдырлайды. Еден мен қабырғалар шықырлайды.Мебельдер дірілдейді.Ілулі заттар жеңіл түрде тербеледі.Тұрған автомашиналар да серпіліс сезіледі.     

5 балл. Ұйқыдан оянып кету. Жер  сілкінісін ғимараттың ішіндегі  барлық адамдар, ашық далада көптеген адамдар сезеді.Ұйықтап жатқандар тегіс оянады.Кейбіреулері ғимараттан жүгіріп шығады, жануарлар тынышсыздана бастайды.Ілулі тұрған заттар қатты шайқалады.Кейбір қатты бекітіліп ілінген заттардың өзі құлап түседі,орнынан жылжиды, ыдыстардағы судың бір бөлігі шайқалып төгіледі, кей жағдайларда су көздерінің көлемінде өзгерістер болады.     

6 балл. Қорқу. Жер сілкінісін барлық  адамдар сезеді.Көп адамдар қорқып  көшеге жүгіріп шығады.Үй жануарлары  да қора-қопсыдан шығып кетеді.Тербеліс жүруге кедергі келтіреді.Ғимарат қозғалысқа ұшырап, босаңсиды.Полкалар, сөрелердегі заттар құлайды.Ыдыстар құлап, сына бастайды. Ауыр заттардың өз орнынан қозғалуы мүмкін.Әк, сылақтар түсе бастайды, сылақтарда ұсақ-жарық сызаттар пайда болады.Құдықтардағы су деңгейі мен су көздерінің көлемінде өзгерістер байқалады.     

7 балл. Ғимараттардың зақымдануы.Көптеген  адамдардың бойын үрей қорқыныш  билеп-үй жайлардан жүгіріп шығады, кейбір адамдар үшін аяқпен  тұру қиындайды.Көптеген темір  бетонды, каркасты ғимараттарда жеңіл зақымдану болады.Ірі блокты ғимарратар мен кірпіштен салынған үйлердің қабырғаларында шамалы жарық-сызаттар пайда болып, түтін тартатын трубалардың бір бөліктері құлай бастайды.кейбір реттерде тіке баурайлардағы жолдардың өтетін бөліктеріндегі құмды жағалауларда құлау, көшкін, ал жолдағы тастарда жарықтар пайда болады, су ылайланып , бетінде толқын пайда болады.Су көздері мен құдықтағы сулар деңгейі өзгеріске ұшырайды.     

8 балл. Ғимараттардың қатты зақымдануы. Қорқыныш пен үрей билейді. Кейбір жерлерде ағаш бұтақтары сына бастайды.Ауыр жиһаздар жылжып, кейде құлайды.Саманнан және саз балшықтан тұрғызылған көптеген үй-жайлар мен қора-қопсылар қирайды.Кірпіш үйлердің көпшілігінде түтін тартатын трубалар құлап, қабырғаларда саңылаулар пайда болады. Ғимараттардың кез-келгенінде зақымдану, кейде аралық бөліктердің кейбіреулерінде қирап-бүліну байқалады.Трубалардың жалғастырлған жерлері ажырайды.Ескерткіштер жылжып қозғалады, құлпытас белгілер, тас дуалдар, қоршаулар құлайды.Көп жағдайда құдықтағы және су көздеріндегі су көлемі үлкен өзгеріске ұшырайды. Ойпандардың тіке баурайлары мен жолдардың үйінді баурайларында шамалы шөгінділер құралады, жердегі сызат-жарықтар бірнеше сантиметрге жетеді.     

9 балл. Ғимараттардың жаппай зақымдануы.Жаппай үрей,адамдардың көпшілігі аяғымен тұра алмай,құлайды.Жануарлар азан-қазан, сергелдеңге түседі.Кірпіш және ірі блокты үйлердің көпшілігінің қабырғалары ойылады, ішкі қабырғалары құлайды, ғимарратардың жеке бөліктері бүлініп қирайды.      

 Ағаштан салынған, темір бетонды және паенльді ғимараттарды түтін тартатын трубалар құлайды.Жалғанған трубалар ажырап кетеді, темір жол рельстері майысады.Сонымен бірге 10 см-ге жететіндей жарықтар пайда болады.Құздар құлап,көшкін жиіленеді.тегістік жерлерде – су басып кету, құм мен ылайдың салындылары жиі байқалады.Су бетінде үлкен толқындар пайда болады.    

10 балл. Ғимараттың жаппай қирап-бүлінуі.көптеген  панельді, темір бетонды және  ағаштан салынған ғимараттардың  жеке бөліктері қирап құлайды.Көпір,  бөгеттер едәуір зақымдалады.Темір жол рельстері мен жер астындағы трубалар майысып, ажырап кетеді.Жер бетінде 1 м-ге дейін жарық пайда болады.Өзен жағалауларында үлкен шөнінділер пайда болады.Көлдер мен каналдардағы су шайқалып төгіледі.Жаңадан көлдер пайда болуы мүмкін.  

    11 балл. Апат. Барлық ғимараттар, темір жол және автомобиль жолдарының көпірлері, жер асты трубалары, тас жолдар қирап, бүлінеді.Жер бетінің тіке жарылуы және ажырауы, кең жарық саңылау түрінде елеулі өзгеріске ұшырайды.Таулар қайта-қайта опырылп құлайды.    

12 балл. Жер бедерінің озгеруі. Жер  бетіндегі және жер астындағы  барлық құрылыстар іс жүзінде  күшті бүлінеді немесе қирайды.  Жаңа көлдер пайда болып, өзендер  бағытын, саласын өзгертеді.Үлкен  аймақтарда таулар құлап-қирайды.  
                       

Магнитудалар мен балдық қатынастардың кестесі 

      

Магнитуда

2

3

4

5

6

7

8

Балдар

1-2

3

4-5

6

7-8

9-10

11-12


 

  
          

Қазақстан Республикасының  жер сілкіну қаупі бар аймақтарда  

                                 орналасқан елді мекендер тізімі                               
 

Жер сілкінісінің   

 үдемелілігі

 Елді мекендер атауы      

 Олардағы  тұрғындар саны

6 балл 

 Жаңатас,  Қаратау, Өскемен, Лениногор,Серебрянск, Үшарал,

Арыс, Кентау, Шардара, Шу

797,5

7 балл

Қапшағай, Зайсан, Үштөбе, Сарқанд, Шымкент,Леңгір, Жетісай, Талдықорған

682,4

8 балл

Жамбыл, Текелі, Жаркент,            

 Сарыағаш

             409,1

9 балл

Алматы, Есік, Қаскелен, Талғар,Гранитогорск

1238,2


 

   

Қазастанның жер  сілкінісі ең қауіпті аймағының  көлемі 450 мың км². Онда өнеркәсіптің негізгі қорларының біразы жинақталған, тұрғын үй қорларының 35%-і орналасқанғғ шамамен республика тұрғындарының 40% осы аймақтарда тұрады.Әлеуметтік –экономикалық зиянның ауқымы жөнінде жоғарыда келтірілген кестеде айтылды.  
  
  
  
  
  
                  

       Табиғи апаттағы шығын туралы мәлімет 

Уақыты

 Аумақ.Ел

 шыгын  саны /адам/

9.06.1987

Верный Қазақстан

329

1.09.1923

Канто Жапония

143000

6.10.1948

Ашхабад Түрікменстан

110000

31.05.1970

Шымбота Перу

66000

27.07.1976

Таншань Қытай

243000

7.12.1988

Спитак Армения

24612

21.06.1996

Гилян Иран

50000

15.01.1995

Кобэ Жапония

5060

8.06.1995

Нефтегорск  Сахалин,Ресей

1960


 

  
  
     

 Жер сілкінісі мүмкін болатын  аймақтарда ірі қалалар мен  елді мекендер, гидротехникалық құрылыстар мен зиянды өнімдермен жұмыс істейтін өндіріс орындары, улы және жарылғыштық қаупі бар материалдар қоймалары орналасқан.Қатынас және инженерлік желілердің жер сілкінісі кезіндегі бұзылуы да біраз қауіп төндіреді.      

 Ғимараттардың құрал-жабдықтардың  зақымдауынан келетін шығындар  ғимараттардың өзінің шығынынан  кей жағдайларда бірнеше рет  асып түседі.    

1993 жылы 30 желтоқсанда Алматы облысында,  негізгі орталығы Текелі қаласының  аймағында жер сілкінісі болды.Жер  сілкінісінің нәтижесінде сілкініс жағдайына қолайсыз аландарға – шайынды топырақ үстіне орналасқан, жер сілкінісіне төтеп бере алатындай мүмкіндіктері қарастырылып салынбаған саманнан тұрғызылған үйлер мен қоқыс пен құм арасқан бетонды құрылытар үлкен зақымдауға ұшырады.300-ден астам отбасы баспанасыз қалды. Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер, өзге де қоғамдық ғимараттар зақымдады.    

 

Жапондардан үйренеріміз  көп 

Күні кеше ғана Үндістанда жер сілкінісі болды. Мұндай жер сілкінісі қазіргі  кезде үйреншікті табиғи апатына айналғаны сонша, оған бәлендей таңғалып та жатқан жоқпыз. Иә, соңғы он жылдан бері   табиғат адамзаттың өзіне жасаған қиянаты үшін қатты жазалап, түрлі аса ірі табиғат апаттары жиілеп кетті. Мысалы, осыдан жеті жыл бұрын  Индонезияда болған жер сілкінісінен бір деректерде 240 мың адам, кей деректер бойынша 300 мың шамасында адам апаттың зардабын шекті. Одан төрт жылдан кейін Қытайдың Cичуань аймағында аса күшті жер сілкінісі болса, одан кейін де бірнеше елде осындай бірнеше  зілзала орын алып, адам шығынына алып келіп, басқадай үлкен шығындарға ұшыратты. Ал биыл Жапонияда болған жер сілкінісінің магнитудасы 8,9 болса, ошағының күші 11, 12 балға дейін жетті. Білер білсек, Жапония бейқам отырған мемлекет емес. Бұл елдің сейсмолог-ғалымдары Токионың маңында жер сілкінісі мұхитта емес, құрлықта болуы мүмкін екенін  болжаған-ды. Бірақ табиғат апаты  мұхитта болды да, жер сілкінісінің нақты күшін болжай алмай қалды.  Әрі сейсмикалық станцияларды су бетіне қою қиын. Әйтсе де, жапон сейсмологтары жер сілкінісінен кейін болғалы тұрған цунамиді халыққа хабарлап үлгерді да,  цунами болғалы тұрған жағалаулардан халық жаппай көшіп үлгерді. 

Жапон халқы  – сақтықтың не екенін білетін  сақ халық. Олар  жер сілкінісіне  аз шығынмен төтеп беріп, келген шығынды  кешіктірмей, қалпына келтіретін еді. Өкінішке орай зілзаланың артында келген  цунами мен «Фукусима-1» атом электор стансасының жарылуы жағдайды өте қиындатып жіберді. Асылында, жапондардың психологиялық-моральдық тұрғыдан дайындығы, рухының мықтылығы дүние жүзі елдерінің қай-қайсысын да тәнті еткендей. Соның ішінде біздің елдің  Жапонияның сейсмикалық төзімді құрылыс жасау бағытынан және  халқының сейсмикалық қауіпке дайындығынан үлгі алып, үйренуіміз қажет. Жапонияда қазір жер сілкінісін қабылдап, оны сейілтетін ғимараттармен қатар, сейсмикалық зерттеу орталықтары әр қаласында бар деуге болады. Ол жерде халықты жер сілкінісі болған жағдайда қалай қимылдау керек екенін үйретіп, психологиялық-моральдық дайындықтан өтеді. 

Бізде ше? Жапониядағы  зілзаладан кейін Алла қауіптің бар екенін еске салғысы келгендей, мамыр айында, одан кейін де Алматы төңірегінде сан қайта жер асты жеңіл дүмпулері орын алғанмен,   қауіп қайдан болса, қатер содан екенін ескеретін емеспіз.  Мұнымыз табиғат апатынан келер қауіп жоқ, дегеніміз бе? Бұлай деп, біз айта алмаймыз. 

Өйткені Қазақстанның  450 мың шаршы километр аумағында  жер сілкіну қаупі бар. Бұл  аумақта  алты млн. халық тұрады. 27 қала, 400-ден астам елді мекен  бар. Еліміздің қырық процентке  жуық өндірістік потенциалы осы аумаққа  шоғырланған. Анықтап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік  Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмоқауіпті аймақта орналасқан. Онда өнеркәсіптің  негізгі қорының  отыз проценті шоғырланып, тұрғын үй қорының  отыз бестен аса проценті орналасқан. Республика халқының қырық проценті тұрады. Жер сілкінісі қауіпті аумақтарда ірі қалалар мен елді мекендер, гидротехникалық ғимараттар мен  зиянды  өндірістік  өнеркәсіп орындары, жасанды су қоймалары, жарылыс қаупі бар және улы материалдар  қоймасы орналасқан. Тұрғын үй  алқабының бұзылуымен қатар тізбеленген обьектілердің  кейбіреуінің бұзылуы  оңалмайтын экологиялық өзгеріске алып келуі мүмкін. Сондықтан табиғат апаттарына, төтенше жағдайдарға қарсы тұратындай дайындығы бар, оң көзіне сол көзі қарауыл қойып отырған ел  болуымыз керек.  

«Алматы қауіпті  межеге баяғыда келген…» 

Алайда ондай  мемлекет болудың ауылы алыс сияқты. Рас, Жапониядағы табиғат апатынан кейін ақпарат құралдарында жер  сілкінісі кезіндегі міндеттер  туралы ақпараттар көптеп жарияланды. Одан басқа қандай шаралар жүзеге асыруда, десек, ауызды құр шөппен сүртуге тура келеді. Осы ретте өткен сессияның соңында Сенат депутаты  Жұмабек Төрегелдинов Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің алдына  ғалым-сейсмологтардың деректеріне сүйене отырып, Алматы қаласының проблемасын көтерген болатын. Беті аулақ, дегенмен, жаман айтпай, жақсы жоқ. Үлкен  жер сілкінісі болуы ықтимал екені туралы  өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап айтылып келе жатса, бұл жай сөз емес. Жау жоқ деме, жар астында дегендей, табиғат апаты  айтып келмейді. Оған сақтық керек. Алматы қауіпті межеге баяғыда келген деген сөз рас. Алматы сейсмикалық белсенділігі жоғары он балдық жоғары аймаққа жатады. Қалада аса үлкен зілзала 1911 жылы болды. Бұл – өткен ғасырдағы аса күшті он жер сілкінісінің бірі. 

Қазақстан сейсмологтары  жер сілкінісіне дайындықта аса  маңызды мәселелердің шешілмей отырғаны туралы алаңдаушылық білдірсе, экологтар  беті аулақ, ондай жағдай бола қалса, соңының неге ұшырататыны туралы сақтандыруда. Өйткені, қалада жануардан берілетін аса қауіпті инфекция диагностикасының малдәрігерлік зертханасы орналасқан. Бұдан басқа да экологиялық қауіпсіздік, экологиялық ортаны жақсарту үшін қаланың бас жоспарына сәйкес қаладан көшіруге ұсынылған көптеген өндіріс нысандары бар.  Мұнымен қоса жақын таулы алқаптарында көшкін қаупіне алып келетін құрылыстар белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, экологтардың айтуынша, Үлкен Алматы өзені, Медеу ауданындағы, Ақсай, Түрген шатқалдарындағы құрылыстар алда-жалда жер сілкінісі бола қалса, қосымша апатты жағдайлардың: сел мен көшкіннің қоса жүруіне алып келуі мүмкін екендігіне қатты алаңдаушылық білдірсе, оғана өте сергек қарамайынша болмайды. Қазақ «жұт – жеті ағайынды», деп бекерге айтпаса, қазіргі уақытта басқа елдердің тәжірибесі сабақ болса керек. Осыған байланысты Жапониядағы жадайды тағы да алға тартуға тура келеді. Сақ сол жапондардың өзі жер сілкінісімен қатар  цунамидің, атом электр стансасының апаты болуы мүмкін екенін ойлап па еді? Осыған орай «Алматы қаласындағы азаматтық қорғанысты дамытудың перспективалары мен туындап отырған проблемалары турасында хабарлау қажет деп санаймын!» – деп, сенатор  алматылық ретінде өзінің және барша алматылықтардың жанайқайын білдіргендей болған-ды. 

Айтар болсақ, Алматыда құрылыс нысандарын сейсмикалық нығайту мәселесі талай рет көтеріліп келгенмен, айтылған жерінде ескерусіз қалып жүр. Сенат депутаты да сауалында   Алматыда екі жүзден астам мектеп, аурухана мен емхана сейсмокүшейтуге зәру екенін атап көрсетті. Атап айтқанда, қаладағы №5, 6, 15, 47, 52, 55, 57, 64, 68, 82 және 111-орта мектептерді жер сілкінісіне төтеп берердей етіп нығайтудың құжаттары толық дайын. Енді осы мәселені шешу үшін  оларға жалпы көлемі  5,5 млрд. теңге қаржы  керек. Сондай-ақ, қаладағы 4 емхана мен 1 аурухананың да сейсмикалық күшейтуге қажетті құжаттарының толық пакеті әзір, ол үшін қажетті қаржы – 1,2 млрд. теңге. 

Екіншіден, сейсмикалық  бақылау торабын жаңғырту бағытындағы  ұсыныстар да әлі күнге іске асырылмай  отыр. Жер сілкінісінің қысқа мерзімді болжамдарының тиімді әдістемесі әлі әзірленбесе, «сейсмикалық шағын аудандау картасы» жасалмаған. Үшіншіден, өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мүлдем қанағаттанғысыз. Қаладағы  өртке қарсы деполардың барлығы да  күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Қосымша 11 депо салмаса болмайды. 

Қалалық хабарландыру жүйесінің құрамына кіретін, сонау 1963-1988 жылдардан бері үздіксіз пайдаланылып келе жатқан аппаратураның және байланыс құралдарының әбден ескіріп, саудасы бітіп тұрғанына Үкімет басшысының назарын аударды.    Сол сияқты электр дабылдағыштар Алматы қаласы аумағын толық қамтымайтыны да ұмытылған жоқ. Қала аумағын толық  қамту үшін Алатау, Түрксіб және Медеу аудандарында тағы 272 дабылдағыш орнатуға тура  келеді. 

Бүгінде ауылдық  округтердегі қабылдаушы эвакуациялық пункттердің жай-күйі бойынша айқын  көрініс, қабылдайтын нысандардың  атаулары туралы мәлімет, олардың мекенжайлары белгісіз, аудандардың карта-схемалары жоқ, қанша эвакуацияланған халықты қабылдай алатындығы, медициналық қосындардың бар-жоқтығы да белгісіз. Медициналық жұмылдыру резервінің жағдайы да қанағаттанғысыз. Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының резервінде медициналық препараттардың, стационарлық және жылжымалы электрстансалардың, санитарлық зембілдердің, жабдықтар мен техниканың қажетті есептік көлемі беймәлім.  Осы мақсатта медициналық мүліктерді қорландыру бойынша іс-шараларды қаржыландыру 1991 жылы тоқтатылыпты. «Алматыдағы төтенше жағдай орын алғандағы материалдық-техникалық қор 12 000 адамға арналған 4 мобилді автономды шатыр қалашықтарынан ғана тұрады», дей келіп,  сенатор біздің халық жер сілкінісіне дайын еместігі туралы  түйін жасаса, ол  – ақиқат. 

Бұл сауалға алматылық депутаттар қол қойды. Депутаттық сауалдың жолданғанына табаны күректей үш  айдай болғанмен, Үкімет оған жауап беруді  ұзаққа созуда. Неге? Әрине, Үкімет басшысы депутаттық сауалға жауап қайтару мерзімінің тиісті тәртібі бар екенін біледі. Ал бұл жолы жауаптың кешігуінің өзінің себебі бар көрінеді. Яғни,  сауалда көтерілген мәселе бойынша әдеттегідей сырғытпа жауаппен құтыла салудың реті келмей отырғанға ұқсайды. Парламент депутаттарын қайта-қайта дабылдатып, мазаларын ала бермес үшін ең болмаса, жамап-жасқап жауап бергісі келсе керек, жауапты кешіктіріп беретіндіктерін айтып, депутаттардан мұрсат сұраған көрінеді. Дегенмен, жауаптың кешіктірілуі мәселенің шешілетіндігіне кепілдік беретіндей дәмеленбесек те болады. 

Табиғат қарымтасын қайтарады   
 

Жалпы, бүгін  республикада  табиғи жер сілкіністері бұрын-соңды кездеспейтін аймақтарда да болып жүр. Ғалымдар ондай    жер сілкіністерінің негізінен  тереңнен  шикізат, яғни  газ, мұнай  алынатын  жерлерде кездесетінін айтады. Өйткені шикізат алынған жер  қыртыстары босап қалады да, оны  сумен толтырғанмен, өзінің бастапқы қалпына келе қоймайды. Себебі табиғи заңдылық бұзылады. Осындай  аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатса, ол өз кезегінде табиғи жер сілкіністерінің болуына әкеп соғады. Ал батыс өңірдің ертеңі ешкімді алаңдатпайтыны соншалықты  мұнайды ашқарақтана қарпып алып жатырмыз. Ойлану керек. Мысалы, АҚШ-та, Норвегиядағы техногенді жер сілкіністерін, бұрындары болмағанмен, жер қойнауынан табиғи шикізаттың көп мөлшерде алынуынан бес-алты балдық жер сілкіністері көбейіп кеткен Башқұртстан, Татарстанның  жағдайын ескерген артық емес. Тіпті, өз елімізден қарапайым ғана мысал келтірейік. Осыдан біраз жылдар бұрын Жезқазған өңірінің өзінде жер асты кенін қомағайлана алып, жер қыртысының босап қалуынан қайғылы апатты жадайдың орын алғаны есімізде. Осылай кен орындарына жақын орналасқан бірнеше елді мекен және поселке тұрғындарының қоныс аударуына тура келген-ді. Алайда сақтықтың қажеттілігін мойындағымыз келмейді. Мәселен, сейсмология институтының бақылауы  бойынша, елімізде 200-ден астам кен орны бар. Соның 80-ге таяуын пайдаланып болсақ,  30-ын бақылап отыру туралы Үкімет қаулы қабылдағанмен,  шикізат өңдіретін жеке компаниялар  қаулыдағы нұсқауларды орындауға пысқырып та қарамайды. Көбіне олар қадағалау туралы жалған ақпаратпен құтылғанды қалайды. Осы ретте сейсмология институты  Қарашығанақ кен орнында 2002 жылдан бастап 2007 жылдың екінші жартысына дейін мониторинг жүргізіп, сейсмикалық жүйелерді қойып бақылау арқылы талай жердің сейсмикалық әлсіз тұстарын, шытынаған жер сілкіністерін байқап, өздерінің тізбесіне алған. Бірақ шикізат өндіретін компаниялардың осы мақсатқа қаражат бөлмеуінен қазір ондай жерлерде бақылау жұмыстарын жүргізе алмауда. 

Қарап отырсақ, Алматы болмаса, басқа өңірлерде жер сілкінісі болуы ықтимал деп қауіптенудің реті жоқ, дегенді айта алмаймыз. Айтар болсақ, сейсмология иституты жылына  Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам жер сілкінісін тіркесе, екібалдық жер сілкінісі өте жиі кездеседі екен. Қалай болғанда да, мұндай жағдай сақтанбаса болмайтындығын көрсетеді. Олай болса, алдымен,  сейсмикалық картаның қажет екені даусыз. Сейсмикалық картаның негізгі қызметі – сейсмикалық қауіпті аймақтарды айқындау. Ал елімізде жер сілкінісінің үдеу күші болатын жерлерді зерттеп жасалған карталар бар ма?  Қазақстан бойынша оншақты жыл бұрын кеңестік әдіс-тәсілмен жасалған мұндай карта, қазіргі күні  еурстандартқа сай келмей отыр. Салынып жатқан құрылыстар сейсмикалық тұрғыдан тиісті талаптарға жауап бермейді, деп кінә тағамыз. Проблема – талаптың орындалмай отырғанында ғана емес, орындалмау себебінде. Қолданыстағы карта қазіргі құрылыс жұмыстарының қоятын талабына жарамай қалды. Сондықтан жаңа картаны тезірек жасап,  құрылыс жұмыстарын осындай сенімді картамен жүргізбесе болмайтынын сейсмолог ғалымдар атап айтуда. 

Тағы бір маңызды  мәселе – стратегиялық нысандарды бақылау, яғни гидротехникалық нысандар, мұнай-газ құбырлары, ЖЭС сияқты нысандардың сейсмоқауіпсіздігін  қадағалау. Негізінде, мұндай жұмыстар еліміздегі барлық ірі кәсіпорындарда, стратегиялық маңызы бар нысандарда, мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр стансаларында жүргізіліп, тексерілуі керек. Және әр нысанның аймағын бақылайтын сейсмологиялық стансалар болуы тиіс. Бірақ бұл мәселе біздің елде шешілмеген. Сейсмология институты елдегі жабдықтардың өте ескіргенін айтады. Бүгінгі күні осыдан барып ғалымдардың жер асты дүмпулерінің  60-70 пайызға дейінгісін  ғана дәлдікпен айтуы мүмкін. 

ТАБИҒАТ АПАТЫ  / ЖЕР СІЛКІНІСІ.    

Сіздің  әрекетіңіз:

  1. Егер жер сілкінісі басталса, онда жылдам үйден шығу керек және далада тұрғанда ғимараттардан алыс тұру керек. Егер үйде қалып қалсаңыз, онда үстелдің астына немесе кроваттың астына, бұрышқа немесе есіктің босағасында тұрағалу керек.
  2. Терезелерден алыс ұсталу керек. Себебі, терезенің шынылары жер сілкінісі кезінде адамға қауіпті.
  3. Жер сілкінісі кезінде лифтті қолдануға болмайды, өйткені лифт тоқтап қалуі мүмкін немесе құлап түсуі мүмкін.
  4. Сірінкілерді, зажигалкаларды, шамды қолдануға болмайды, газ жарылып қалса, өте қатты жарылыс болуы мүмкін.
  5. Подвалдар мен жер астында, тоннельдерде тығылмаңыз. Себебі, панельдер, перекрытиялар құлап шығатын жерді жауып тастауы мүмкін.
  6. Егер сіз далада келе жатып, жер сілкінісі басталса, онда сіз үйлерден, ғимараттардан алыс ұсталу керек. Олар кез келген уақытта құлау мүмкін.

 

  
  

Есіңізде  сақтаңыз: Бірінші жер сілкінісі  болғаннан кейін тағы да сілкініс болуы мүмкін. 

Сейсмограф —  жер қабығының тербелуін жазатын  аспап. Сейсмограф өзінің өте сезімталдығының  нәтижесінде бірнеше мың километр қашықтықта болған жер сілкінуін жазып алады. Бұрынғы СССР-да Голицин мен Никифоров сейсмографтары тараған. Онда ілулі заттың тербелуі электрлік тербелуге айналып, жазуды алыстан түсіруге мүмкіндік береді.  

 

Сейсмикалық толқындар  — жер сілкінудің немесе жарылулардың, желдің, теңіз соқпа толқындарының және кез келген машина мен транспорттың әсерлерінің нәтижесінде таралатын жер қабығындағы серпімді толқындар. Басқа да серпімді толқындар сияқты сейсмикалық толңындарды да бойлама (жылдамдығы 7-ден 14 км/сек), көлденең (4-тен 10 км/сек) және беткі деп үш түрге бөлуге болады. Бұл толқын пайдалы қазындыларды геофизикалық әдіепен (сейсмикалық әдіс) іздегенде пайдаланылады. 

Мамырдың  бірінші және екінші жұлдызында болған жер  сілкіністері Алматы тұрғындарын әбігерге салды. Осының өзі-ақ қала тұрғындары мен төтеншеліктердің төтенше жағдайға дайын емес екенін анық көрсетті. Жапониядағы жағдайды еске алмай-ақ қояйық. Алда-жалда олай бола қалса зардабын болжау мүлде сүмкін емес. Ендеше жайшылықта дайындығымызды үнемі тексеріп, оқу-жаттығу жиындарына қатысып тұру (әрине төтеншеліктер тұрғындар арасында өткізсе) керек. 

Жер сілкінісі  кенеттен пайда болады және қасқағым сәтте өтеді. Жер сілкінісі- бұл  жер қыртысында  немесе мантияның  үстіңгі бөлігінде  кенеттен болған қозғалыспен  жарылыс нәтижесінде пайда болған  және елеулі ауытқу түрінде үлкен қашықтыққа  таралатын жер асты дүмпуі мен жер асты қозғалады.                                                                                                                                                              Жер қыртысының  траекториялық қозғалысын тудыратын жер сілкінісі өте жойқын  болып келеді. Жер сілкінісінің барысында адамдар қаза болады, үйлер, жолдар, адамдар , көпірлер, каналдар тоғандар мен басқа да инжинерлік ғимараттар, су құбырлары,канализация, электр беру жүйесі  қирайды, байланыс бұзылыды. 

Тау жыныстарынан тау құлайды, адамдарды үрей билейді. Су асты және  су жағалауындағы жер  сілкінісі кезіндегі теңіз түбінен  қозғалыс нәтижесіндегі теңіздің  гравитациялық толқындары цунами пайда болып, құрылысқа үлкен бүлінушілік жасайды. 

Жер сілкінісінің жойқын күші оның әсерінен болатын  апаттар көпшілікке мәлім. Өйткені  Қазақстанның  450 мың шаршы киломертр  аумағында  жер сілкіну қаупі  бар.Бұл аумақта  алты млн. халық  тұрады.27 қала,400 ден астам елді мекендер бар. Еліміздің қырық процентке жуық өндірістік потенциалы осы аумаққа шоғырланған. 

Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік  Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары  мен Алматы қаласы сейсмо қауіпті  аймақта орналасқан. Онда өнеркәсіптің  негізгі қорының отыз проценті шоғырланып, тұрғын үй қорының отыз бестен аса проценті орналасқан. Республика халқының қырық проценті тұрады. Жер сілкінісі қауіпті аумақтарда ірі қалалар мен елді мекендер, гидротехникалық ғимараттар мен  зиянды  өндірісті өнеркәсіп орындары, жасанды су қоймалары, жарылыс қаупі бар және улы материалдар қоймасы орналасқан. Тұрғын үй  алқабының бұзылуымен қатар тізбеленген обьектілердің кейбіреуінің бұзылуы оңалмайтын экологиялық өзгеріске алып келуі мүмкін.  
 

Жер сілкінісі кезіндегі  міндеттер 

Жер сілкінген  сәтте сіздің ой-әрекетіңізбен    іс-қимылыңызға 5-10 сек. ғана уақытыңыз  бар. Осы сәтте үрейге еркіндік беріп, абдырып- сасып қателессеңіз, арты бақытсыздыққа  әкелуі ықтимал. Өзіңізді де , өзгелерді  де  үрейлендірмеңіз. 

Жер сілкінісі