Жыраулық Поэзия

                                Жыраулық Поэзия

Жыраулық поэзия - 15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. 15 ғасырдың орта шенінен бастап қазақ халқының тәл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халкының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нөр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, дүние мен дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар Жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшақка даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан кршы, Қазтұған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады. Асан қайғы туралы аңыздар ноғай, қырғыз, карақалпақ халықтарында да сақталган. Асан Қайғы - көптеген нақыл сөздердің, философиялық толғаулардың авторы. Ол оз өлең, толғауларында мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Сахара эпосын тудырушылардың бірі, ірі эпик ақын, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болган Қазтуғанның (15 ғ.) біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем түстерге бай толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Жыраулық поэзияның дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз шығармалары айрықша әсеретті. Жорық жыршысы болған Доспамбет жырау (1523) шығармаларынан ортағасырлык жауынгер көшпендінің ер тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді. Доспамбет толғаулары 19 ғасырдың 80-жылдарынан бастап баспа бетін көре бастады. Жыраулық поэзияның ең көрнекті өкілі - Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465- 1560). Шалкиіздің толғаулары ең алғаш 1875 жылы хатқа түсіп, баспа бетінде жарияланыпты. Жырау мұралары ерте жиналуына байланысты бүгінгі күндерге бір сыдырғы толық жетті. Жиембет жырау (17 ғасыр) мен Маргаскр жыраудың (17 ғасыр) өмір жолы Есім хан тұсындагы тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа бағынған күшті мемлекет кұру туралы идеяларының ұраншысы атанса, Жиембет жырау ханға қарсы араздығын бүкпесіз, бұлтармасыз жеткізді. Жиембет жыраудың толғаулары ең алғаш 1908 жылы "Жақсы үгіт" кітабында жарияланса, Марғасқа толғаулары кеңес заманында зерттеліп, баспа бетін керді. 18 ғасырда Жыраулық поэзия тақырыптық жағынан кеңейіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан байи түседі. Жоңғар шапкыншылығы және "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" жылдары, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер - ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да жыраулар шығармаларғында өзінің көркемдік шешімін тапты. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны, әсіресе, Ақамберді жырау (1675- 1768) шығармаларынан айқын көрінеді. Оның шығармаларғындағы отаншылдық, патриоттық сарындар 18 ғасырдағы қазақ поэзиясының бет-бейнесі, бағыт-бағдарын айқын танытады. Осы кезеңде өмір сүрген Улбешей жырау(1706-1778) мұрасындағы жетекші тақырып - сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен, ел корғаны болған батырларды мадақтау. 18 ғасырдағы Жыраулық поэзияның көрнекті өкілдерінің бірі - Тәтікара жырау. Ол кене заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, отаншылдық идеяны насихаттайтын жорық жырларын туғызған. Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара шығармалары кейінгі жылдары ел аузынан жазып алынып, бірнеше жинақтарға енді. 18 ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі - Бұқар жырау (1668 - 1781). Ол жырау ғана емес, қабырғалы би де болған. Ол қоғам өміріне белсене араласып, ісімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Бұқар жырау шығармалары ғақлия толғаныстар, нақыл афоризмдер түрінде келеді. Оның туындыларының олең олшемі өте күрделі. Бұқар жырау шығармалары ең алғаш "Таң" журналында (1925) жарияланғанымен, ғылымының түрде жүйеленіп зерттелуі 20 ғасырдың 60-жылдарының үлесіне тиеді. 18 ғасырдағы халық поэзиясының танымал өкілдері - Көтеш (1745- 1819). Котеш шығармаларындағы негізгі сарын - кедейлік таксіретін жыр ету, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық. Ал Шал ақынның біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырып жағынан алғанда біршама бай. Бұлардің, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік жайлы философиялық-дидактикалық үлгідегі туындылар, тұрмыстық олеңдер мен арнау жырлар. Екі ақын шығармағынан да әлеуметтік әуен айқын сезіледі. Жыраулық поэзия деген ортақ тақырыпқа біріктірілген 15 - 18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы көне дәстүрді қайта түлетіп, жаңа тақырып, соны мазмұнмен дамытты. Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там-тұмдап болса да жеткен жыраулар шығармаларғы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады. Олар да ел өміріндегі елеулі окиғалар, қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы бейнелі тілмен келісті корініс тапқан. Бұл кезеңде тол әдебиетіміздегі ұлттық дәстүр дамып, халық поэзиясы сапалы жаңа биіктерге көтерілді.[1]

"Жыраулар поэзиясы" тақырыбындағы ашық сабақ

Сабақтың тақырыбы: Жыраулар поэзиясы

Сабақтың мақсаты: а)Білімділік. Оқушыларға жыраулар поэзиясынан білімді қалыптастыру, жыраулар әлемін меңгерту, сөз өнерінің ғылыми негізін аңғарту;

ә)Дамытушылық..Танымдық қабілетті  ояту, аманат жайлы өзекті ой дамыту, дана, дара тұлғаны қалыптастыру;

б)Тәрбиелік. Ұлттық құндылықтарды  бағалау 

Сабақтың түрі: дәстүрлі емес , семинар  сабақ.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, топтық жұмыс;

Сабақтың көрнекілігі: тақта, бор, «Қазақтың ақын-жыраулары» буклет, сызба кестелер, үнтаспа, жыраулар туралы суреттер, «Тарихи тұлғалар» кітабы, «Жыраулар» кітапша.

Сабақтың типі: аралас

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі.

Мұғалім сөзі.  

Оқушыларды жаңа сабаққа дайындау, сәттілік тілеу. Құрметті оқушылар, мен  бүгінгі сабақты Асанқайғының бір  ауыз өлеңімен бастағым келіп отыр.

Арғымаққа міндім деп 

Артқы топтан адаспа!

Күнінде өзім болдым деп 

Кеңпейілге таласпа!

Артық үшін айтысып,

Достарыңмен санаспа!

Ғылымым жұрттан асты деп 

Кеңессіз сөз бастама!

Жеңемін деп біреуді 

Өтірік сөзбен қостама!.- өмір тәжірибесінен  түйген парасатты толғам-танымы терең  ойлары сіздерге үлгі-өнеге.

ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар әдебиетінің  негізгі салмағын көтерген жыраулар болды. Олардың әдеби жанры толғау еді. Шалкиіздің ұлылығын, Доспамбеттің ірілігін тану үшін ұлы болу шарт емес, таза түйсік, иман, ар-ұят қажет-ақ. Жыраулар әлемі- ұлттың уызы, биік санасы мен  көркем ойдың, елдігіміздің көрінісі.

Бүгінгі сабақ семинар сабақ  болғандықтан  сіздер жоспарымен, сұрақтарымен танысып  алыңыздар.

1.Семинар сұрақтары 

2.Сұрақ-жауап 

3.Баяндама, өздік жұмыстар 

4.Үн таспадан жырау толғауларын  тыңдау 

ІІ.Үй тапсырмасын тексеру 

ХҮ-ХҮІІІ ғасыр дүниесіне көз  шалмас бұрын өткенімізді еске алып, бір түгендеп алайық.

Сұрақтар беру.

1.Ежелгі дәуір әдебиеті өкілдеріне  тоқталайық.

2.Күлтегін жырлары туралы не  білеміз? 

3.Орхон ескерткішін не себепті  ерлік жыры дейміз 

4.«Қорқыт ата кітабының» тәрбиелік  мәні туралы не білеміз? 

5.Шығармаларында имандылық  тақырыбына көп тоқталған кім?

Әр оқушыдан өз ойларын тыңдау..

ІІІ.Жаңа сабақ кезеңі

1.«Жыраулар поэзиясы»  тақырыбында баяндама тыңдау.

Осы баяндамадан не алдыңдар.(Бұрынғы  топтарға бөліне қалып, үлкен ақ параққа  не түсіндіңдер жазып шығыңдар)    

 

жырау   

 

Әр топтан бір оқушы өз сөздерін қорғап шығады.(4 топ)

«Жыршы» мен «жырау» сөзінің  айырмашылығы.

2.Өздік жұмыстар. Оқушылар өздері  дайындалып келген жырау туралы  қосымша материалдармен айтып  шығады.

Асанқайғы Сәбитұлы (ХІҮ-ХҮғғ)

ХІҮ ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, ақын, жырау, философ. Асанқайғы  шығармашылығында негізгі орын алатын жанрлар: толғаулар, терме, шешендік  сөздер болып табылады. Асанқайғының  шығармаларын жинап, зерттеумен Ш.Уалиханов, Г.П.Потанин, М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин, М.Әуезов айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру ХІХ ғасырдың соңында басталды. Асанқайғы – қазақ халқының ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен  Тұла бойы ізгілікке толы, халқын сүйген дананы Ш.Ш.Уәлиханов «көшпенділер философы» деп атайды.Асанқайғының  Жерұйықты іздегені туралы әңгімелерде- абыз болған жерлердің  жай-күйі, халқын  суреттейтін қанатты сөздер, бейнелі суреттеулер молынан кездеседі.

Асанқайғының «Таза мінсіз асыл сөз» өлеңін жатқа оқу.

Қазтуған жырау (ХҮ ғасыр)

Қазтуған Сүінішұлының туған, қайтыс болған жылдары белгісіз.Халық арасында қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазақтың ХҮ ғасырдағы айтулы жорық  жырауы.Артына  қазақтардың әскери рухын, туған жерін, халық өмірі  ментұрмысын суреттейтін  көптеген өлеңдерден  тұратын шығармашылық  мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған.Оның поэзиясы  жауынгерлердің көшпелі өмірін,қөзқарасын суреттейді.Және олардың тұрмысын, айналадағы құлан таза табиғат туралы ойларын бейнелейді. Ақын-жыраудың қиялының жүйріктігі, өткірлігі, бай және әдемі көркемдік  әдістері сол дәуірдегі қазақтардың поэтикалық өнерінің жоғары деңгейде болғанын, сонымен бірге, өзіндік ерекшеліктері бар  екенін білдіреді.  Ұлттық бояуы жағынан айқын  суреттелген, жасампаз романтикамен көркемдеген, нақылдық ой орамдары мен көркемдік тіркестерге бай. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады.Ақынның толғаулары И.Березиннің  «Түрік хрестоматиясында»(1862), Ғабдолла Мүштақтың  1910 жылы шықан «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында, М.Мағауиннің «Алдаспан» кітабында(1970) жарияланды.

Доспамбет жырау(ХҮІ ғасыр)

Азау қаласында дүниеге келіп, Астрахань маңында қайтыс болған. Өз кезінде Қырым, Ноғай және Қазан  хандықтарының арасында болған жорықтар мен шайқастарға қатысқан. Жыраудың ақындық мұрасы бізге толық жеткен жоқ.Жекелеген қолжазбаларда сақталып қалған шығармалары ХІХ ғасырдың басында  әр түрлі әдеби жинақтарға енген. Кеңес өкіметі кезінде табылған толғаулары М.Мағауин жинап, құрастырған «Алдаспанда» (1971) жарияланды.

Жырау өлеңдерінен ақын ойын, оның өмірлік мақсаттары мен үміттерін, рухани әлемін, адамгершілік тұрғысы  мен көзқарасын білуге болады. Туындыларының  рухы  өр, мазмұны терең, тілі жеңіл, нақышты. Доспамбет «Айналайын ақ Жайық» деп, туған Жайығын, бетегелі Сарыарқасын, елін шексіз сүйген:

Екі  арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса

Бетегелі Сарыарқаның бойында 

Соғысып өлген өкінбес!- деген жолдардан  жыраудан еліне, жеріне деген перзенттік ыстық сезімін тану қиын емес. Ақын «Еділдің бойын ен жайлап, шалғынға бие біз байлап, орындықтай қара сабадан, бозбаламен күліп-ойнап қымыз  ішер күн қайда?!»- деп, сол еліне  тыныштық, бейбіт күн болар шақты  армандайды.

Шалкиіз жырау (1465-1560)  Шалкиіз поэзиясының жыраулар поэзиясындағы орны ерекше. әйгілі ақын өз жырларында өмірге терең көз жіберген, аталы ғибратнамалық сөз қалдырған. Жыраудың шығармашылығынан бізге жеткені 600 жолдың шамасы. Осы азғантай мұрасының өзі-ақ сирек кездесетін дарын иесі екенін айғақтайды. 1917 жылғы төңкеріске дейін оның туындылары 12 өлең жинақтары мен хрестоматияларға енді. Шалкиіз шығармалары орыс тіліне аударылған. Оның толғаулары қазақтың суырып салма өнерінің негізін қалаушы ретінде классикалық үлгі болып табылады. Ақын өз ойын жақсы мен жаманды, жарық  пен күңгірт ті салыстыра  өрнектейді.

Бір жақсымен дос болсаң,-

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен  дос болсаң,-

Күндердің күні болғанда

Бар ғаламға күлкі етер,- дейді.

Тағы басты тақырыптың бірі- ел бірлігі, ынтымағы. Ол «малыңды бер  де, басың қос, басыңды қос та, бек сыйлас», «есендікте малыңды  бер де, батыр жи, басыңа қыстау іс түссе, дұшпанның қолы жете алмас» деген  тілек айтады. Жырау ел билейтін басшының қауым, әлеумет өміріндегі орнын да дұрыс бағалай  білген.

Алтау  болар, бес болар,

Ішінде абаданы бір болар.

Абаданынан айырылса,

Олардың әрбіреуі

Әрбір итке жем болар. «Қоғалы көлдер, құм сулар» толғауында дүние үнемі  өзгерісте болатынын, өмірдің бірқалыпты тұрмайтындығын айтып, «мынау жалған дүние  кімдерден кейін қалмаған» деп, болашақ ұрпақа өмірдің өткінші  екенін айтып, ой салады.

Ақтамберді жырау (1675-1768)

Ақтамберді жырау қолына желекті  найза ұстап, жаумен шайқастарға  қатысады, ерлік көрсетеді. Ойраттармен  арадағы сөғыста өзінің асқан  ерлігімен де, жалынды жырымен  де көзге түседі, қазақ жерін жаудан аман алып қалудаерен қызмет көрсетеді.

Ел шетіне  жау келсе,

Алдына, сірә, дау келсе,

Батырсынған жігіттің

Күшін сонда сынаса!- деп, жігіттің сыналар шағы осындай қиын-қыстау кезінде деген тұжырым жасайды. Жырау жылқыныфң сипатын «от  басар орны отаудай» өлеңінде тамаша өрнектеген.  Сондай  «табаны жалпақ тарланды», «ер қанаты, серігі- тұлпарды» армандаған. Жыраудың толғауларынан еліне, халқына сүйіспеншілігі айқын сезіледі. Ол:

Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам,

Құрап жанды көп жиып,

Өз алдына ел қылсам!-

деп, халқының  басын құрап ел етуді армандайды. «Күмбір-күмбір кісінетіп» деген толғауында:

Әділ туған жақсыға 

Екі даугер жүгінер,

Тізесін қисық бұрмаса,

Әділдігі білінер,- деп, ер-азамат бойынан  қара қылды қақ жарған, теріске  бұрмас әділдікті, жоғары адамгершілікті көргісі келген.

3.Әр оқушы жыраулардың өмірі  мен шығармашылығы туралы айтып  болған соң, әр жыраудан өлеңдерінен  үзіндіні жатқа оқу. 

ІҮ. Бекіту. Үн таспадан толғаулар  тыңдау. «Меломан» студиясы шығарған «Қазақтың жыр-термелері».

Ү.Бағалау. Үйге тапсырма. 131 беттегі  тапсырмалар мен сұрақтар.

 

 

 

 

                       Қазақ поэзиясындағы жыраулық дәстүр  
 
Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы жыраулар болған. Жыраулар - халық поэзиясын жасаған ақылғөй даналар. Олар заманының өздері куә болған елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан... 
Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халык жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді. 
Жырауларды халык, қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келғен кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды. 
Жырау деген атау "жыр" сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған. 
Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау. 
Жыраулар поэзиясының біраз үлгілері осы тарауда ұсынылып отыр. Соларды оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарына қанығасыңдар, халқымыздың басынан кешірген тарихи кезеңдермен таныс боласыңдар, оның қадір-қасиетін білесіңдер, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енесіңдер. Әдебиет тарихы ел тарихы, халық тарихы екеніне көз жеткізесіңдер. 
 
Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы. Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? "Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, – дейді М.Әуезов, – ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады". Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған. 
Халқымыздың осы зергерлік сөз тұнығына әрі ақын, әрі ғұлама Шәкәрім де ден қойған. Ол "Ескі ақындық" деген өлеңінде халық мұрасын, ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын аса жоғары бағалаған: 
 
Тақпақ пен мақал тағы артық,  
Суырып салма жағы артық,  
Айтады олар ойланбай,  
Сыпыра жырау, Шортанбай, 
Үмбетей мен Марабай  
Алды-артына қарамай,  
Соққанда жырды суылдап,  
Жел жетпейтін құландай. 
 
Шәкәрім ескі ақындар поэзиясында "терең сыр" барын таниды. Олардың жырында "қыран құстың ұшқаны", "ақбөкеннің жүрісі", "жайдақ желдің желісі", "мөлдір қудың аққаны", "жел жетпейтін құландар жүйріктігі", "адам жанының жайма шуақ кезеңі" – бар-баршасы, көшпелі қазақ өмірінің бүкіл әлеуметтік, рухани тіршілігі бейнеленген деп керемет ой түйген. Жыраулар поэзиясын айтулы сөз зергері Мағжан Жұмабаев та "Батыр Баян" поэмасында: 
 
Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда  
Толқынды тұңғиық боп төгілді жыр, – 
 
деп аса қадірлеген. Демек, жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз. 
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы.                  
Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол. 
Жыраулардың өз толғауларында көтерген негізгі тақырыбы қандай? Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы — туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан қайғының: "Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер" – деген ақылгөй сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да "қайран менің Еділім" – деп еңіреп өткен. "Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап" – деп Доспамбет жырау армандаған, "ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым... он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым", – деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған. Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық батырларының ерліктерін жырлаған. Мысалы, Тәтіқара ақын: 
 
Бөкейді айт, Сағыр менен Дулаттағы, 
Деріпсәлі, Мандайды айт Қыпшақтағы. 
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын 
Сары менен Баянды айт Уақтағы.           
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт, 
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт, 
Найзасының ұшына жау мінгізген 
Еменәлі Керейде, ер Жабайды айт, – деп дәріптеген. 
 
Жыраулар өмір жайлы, достық жайлы, адамгершілік, ерлік жайлы, тіршілік жайлы жыр шерткен. 
Олар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын ("мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған" – Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық. 
Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. 
Жыраулар поэзиясында синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық. Жыраулар өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Оған бірнеше мысал келтірейік: 
 
Жабағылы жас тайлақ,  
Жардай атан болған жер.  
Жатып қалған бір тоқты,  
Жайылып мың қой болған жер. (Қазтуған) 
 
Жырау "ж" дыбысын тамаша сөйлете білген. Дауысты дыбыстарды да шебер қолдана отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын күшейткен. Шын көркемдік тәсіл арқылы олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, эмоциялық әсерін үстей түскен. Мысалы, Жиембет жырау: 
 
Еңсегей бойлы ер Есім,                  
Есім сені есірткен, 
Есіл менің кеңесім, 
Ес білгеннен, Есім хан,                    
Қолыңа болдым сүйесін, – 
 
деп тәж-тағына есірген Есім ханның қылығын ашу үшін "е" дыбысынан өрнек жасап сөйлеткен. 
Ақтамберді жырау сұрай арнау сияқты көркемдік тәсілді ұтымды пайдаланған. Оның "Күмбір-күмбір кісінетіп" толғауынан: 
 
Күмбір-күмбір кісінетіп ,       
Күреңді мінер ме екенбіз...  
Күдеріден бау тағып,               
Кіреуке тон киер ме екенбіз?! 
Төтелеп жүріп жол салып, 
Қолды бір бастар ма екенбіз?! – 
 
деген жолдар арқылы өлеңнің әсерлілік қуатын күшейткен, әрі "к" дыбысын қайталай қолдану нәтижесінде өлеңнің саздылығын үдеткен. Жыраулар психологиялық синтаксистік параллелизмді де шеберлікпен қолданған. Мысалы: 
 
Уа, қарт Бөгембай!  
Құяр жалын аспаннан  
Қара бұлт торласа,  
Пәлекет елде көбейер  
Жігітті жігіт қорласа. 
Ақбөкен келіп жығылар,  
Алдын қазып орласа,  
Пеңденің бағы ашылмас,  
Маңдайы қалың сорласа... – (Ақтамберді) – 
 
деп, табиғат пен адам тағдырын жарыстыра, салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын терендеткен, әсерлі еткен. Мұнан жыраулар поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғаруға болады. 
Әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, ел басына қиын қатер төнген шақта, екіталай кезеңде – XVIII ғ. бірінші жартысында жаңа, соны ой-толғанысымен, көркемдік сөз өрнегімен әрі қарай дамытқан Бұқар жырау. Оның жыр-толғаулары – сол тарихи дәуірдің көркемдік көрінісі. 
XVIII ғ. әдебиетінен соның ірі өкілі Бұқар жырау поэзиясы монографиялық түрде арнайы өтіледі.   
 
Асан қайғы (XV ғасыр) 
 
Енді XV-XVIII ғғ. елдің әлеуметтік тіршілігі, халық тағдыры, арман-мұраты жеке жыраулар поэзиясында қалай көркемдік шешімін тапқан екен, соған тоқталып көрелік. Асан – өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың өзі айтқандай, онан қалған "таза мінсіз асыл сөз" аз болмаса керек, бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген. Оның қазір қолда бар өлеңдерінен ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екенін танимыз. Асан атына "қайғы" деген сөз қосылуы да көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры екенін танимыз. Асан ел тыныштығын армандаған. 
Мал баққан көшпелі елге керегі – бейбіт тіршілік. Бірақ, ол кезде жаугершілік, басқыншылық, соғыс, құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс жиі болып тұрған. 
Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген осы ауыртпалықты көре білген. 
Асан қайғы "Әй, хан, мен айтпасам білмейсің" деген Жәнібек ханға айтқан толғауында "шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің" – деп күйзелген халқының қамын ойлау орнына "қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына масаттанған" ханға батыл үн қатады. Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген. Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға жырау "Ойыл көздің жасы еді... Ойылдан елді көшірдің, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің... Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге", – деп нали тіл қатады. 
Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам жасайды. Жырау ханға: 
 
Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,  
Желмая мініп жер шалсам,  
Тапқан жерге ел көшір, – 
деп ақыл-кеңес береді. Онан әрі ханға: 
 
Аңдып жүрген көп дұшпан,                Өз басына келеді. 
Елге жау боп келеді.                            Құлың кеп сені өлтірер. 
Құладан қуды өлтірсе,                         Осыны Асан біледі, – 
 
деп, жырау халық көтерілсе, хан басына ауыр күн туарын ескертеді. 
Ақылгөй жырау "ата жұрты – бұқара" күшін жоғары бағалайды. "Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа" – деп, елді бірлік-ынтымаққа шақырады. Жырда ғибрат, өнеге аларлық парасатты ой түйіндері мол. Ол өз тұсындағыларға да, келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздаған. Жырау: 
 
Ашу – дұшпан, артынан 
Түсіп кетсең қайтесің. 
Түбі терең қуысқа, – 
 
деп шалдуарлық теріс мінездерден сақтандырады. Сол сияқты "Ердің құны болса да, қол қусырып барған соң, аса кеш те қоя бер, бұрынғыны қуыспа", – деп, қайырымдылық, ерлік істерге жетектейді. Асан қайғының: 
 
Арғымаққа міндім деп,        Достарыңмен санаспа! 
Артқы топтан адаспа!          Ғылымым жұрттан асты деп, 
Күніңде өзім болдым деп,   Кеңессіз сөз бастама! 
Кең пейілге таласпа!            Жеңемін деп біреуді 
Артық үшін айтысып,          Өтірік сөзбен қостама! – 
 
деген жолдарындағы өмір тәжірибесінен түйген парасатты толғам-танымы, философиялық терең ойлары бүгінгілерге де үлгі-өнеге. 
"Көлде жүрген қоңыр қаз" толғауындағы ғибратнамалық ойлары да тереңділігімен, парасаттылығымен таңдандырады. 
Асан жырлары тек өзінің мазмұнымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жырау поэзиясы толғау түрінде келеді. Ол өз жырларында синтаксистік параллелизмді шебер қолданған.                                                
 
Таза, мінсіз, асыл тас,  
Су түбінде жатады.  
Таза, мінсіз, асыл сөз,  
Ой түбінде жатады. 
Су түбінде жатқан тас,  
Жел толқытса шығады.  
Ой түбінде жатқан сөз,  
Шер толқытса шығады, – 
 
деген жолдардан мұны айқын аңғаруға болады. Жырау бұл тәсілді тек көркемдік үшін ғана қолданбаған, сол арқылы терең ой түйіндеген, сөз өнерінің қадірін білдірген, сөз жалаң дүние емес, адам жанының ішкі толғанысының, жан сырының көрінісі екенін тамаша өрнектеген. Ақын поэзиясы дыбыс үндестігіне құрылған. 
 
Ойыл деген ойынды,  
Отын тапсаң тойыңды...  
Елбең-елбең жүгірген 
Ебелек отқа семірген  
Екі семіз қолға алып,  
Ерлер жортып күн көрген... – 
 
деген жолдарда жырау өз ойын айтып беру үшін көркемдік тәсілді ұтымды қолданған. Мұндай өрнекті "Қырында киік жайлаған" өлеңінен де кездестіреміз. 
 
Қазтуған Сүйінішұлы  
 
Қазтуған Сүйінішұлы (шамамен 15 ғасырда өмір сүрген) – жырау, жорық жыршысы, қазақ эпосын жасаушылардың бірі. 
Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалған. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиет тарихынан орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі өзіндік сипатқа толы болғанын танытады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға суарылған, афористік толғаныс, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.  
Жыраудың «Бұдырайған екі шекелі» толғауында әрі жырау, әрі батырға тән өз портретін өзі жасап, ұтымды да дәл метафоралық салыстырулар арқылы әсем көмкерген. Ал, «Алаң да алаң, алаң жұртта» халықтың туған мекен – Еділін тастап, шу бойында алғаш хандық құрып, қоныс тебуі, тәуелсіз ел болу кезеңін меңзейді. Қазтуғанның туған жер, өскен елге деген махаббаты да кіршіксіз әрі шексіз. Ол «Кіндік кесіп, кір жуған» ата қоныс – Еділдің дарқан байлығы мен шексіз де шетсіз қуатты мекен екенін сипаттау арқылы өз сүйіспендігін жайып салады. «Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жерді» суреттегенде, оның елге қорған, мықты тірек болғанын да ұмытпайды. «Белгілі биік биік көк сеңгір» жырынан жауынгер-жыраудың өмір жайлы тыныс-түсінігі айқын аңғарылады. Бұл аталған жырлар қазақ әдебиетінде өзінің мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан ғана емес, сыртқы түзілім-құрылыс тұрғысынан да ерекше дараланады. Қазтуған жырлары алғаш рет Ғ.Мұштақтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген кітабында басылған. Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген. 
Сүйінішұлы Қазтуған - өз заманының әрі батыры, әрі ақыны, әрі күйші, әрі шешені болған. Сегіз қырлы бір сырлы. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр: 
 
« Бұдырайған екі шекелі, 
Мұздай үлкен көбелі, 
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, 
Адырнасы шайы оққа кірісті, 
Айдаса қойдың көсемі, 
Сөйлесе қызыл тілдің шешені, 
Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы, 
Қалайылаған қасты орданың сырығы, 
Билер отты би соңы, 
Би ұлының кенжесі, 
Буыршының бұта шайнар азуы, 
Бидайдықтың көл жайқаған жалғызы, 
Бұлт болған айды ашқан, 
Мұнар болған күнді ашқан, 
Мұсылман мен кәуірдің 
Арасын бұзып өтіп дінді ашқан- 
Сүйінішұлы Қазтуған!!!» 
 
Алтын Орданың шаңырағы құлап, Еуразияның Ұлы Даласын көктей көшкен көшпелілер басынан құсы ұшқан кезде сұңқылдап тұрып жоқтау айтқан әйгілі тұлғалардың бірі Сүйінішұлы Қазтуған жырау өткенін қимай, бүгініне риза болмай,болашағына секеммен қарап өткен жырау. Өткенің қимайтыны, Шыңғыс ханның шаңды жорығынан кейін бірер ғасырдың аяасында түркі тайпалары қайтадан есжиып, еңсе көтеріп, қайтадан тұтастанудың нышанын танытып, алтын үзікті Орданың айбары алыс жақынға мойын бұрғыза бастап еді.  
 
Шалкиіз Тіленшіұлы 
 
Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ш.) – жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. 
Жыраудың әкесі, сахара феодалдарының бірі болса, шешесі Кіші жүздің ұйтқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы еді. Ол үш айлығында анасынан айрылып, нағашыларының қолында тәрбиеленді. Шалкиіз жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты жырау ретінде даңққа бөленді. Жігіттік шағы Ноғай Ордасындағы Мұса бидің маңайында өтті. Кейіннен Үлкен Орданың әміршісі Мансұрұлы Темір бидің және ноғайлы Жүсіп бидің төңірегінде, өмірінің соңғы кезін қазақ ханы Хақназар маңында өткізді.  
Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Оның «Асқар, асқар, асқар тау...», «Қоғалы көлдер...», «Арғымақ ару аттар...», «Ор, ор қоян, ор қоян...», т.б. шығармаларында орта ғасырлық қарапайым көшпелілердің өмірі туралы нанымды, моральдық, этикалық түсініктер көрініс тапқан. Ал «Алаштан байтақ озбасы...», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Ер шобан», т.б. жырлары ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары – «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан» толғаулары.  
Ол ертедегі қазақ поэзиясының өлең өрнегін байытқан ақын. Оның шығармалары 19 ғасырдан бері қарай қағаз бетіне түсе бастады. Қазан төңкерісінен кейін 1875 жылы орыс және қазақ тілдерінде «Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің жазбалары» жинағында жарияланды. Кейін аталған жинақта, «Астараханский вестник» газетінде, Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» және басқа да жинақтарда, ал кеңес дәуірінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлар қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді. 
 
Сарыұлы Ақтамберді (1675 - 1768) 
 
Сарыұлы Ақтамберді (1675 - 1768) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар. 
Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады. 
Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады. 
Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады. 
Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді. 
Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болп келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды. 
Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді. 
Аласапыран кезеңде туып, шайқас алаңында шыңдалып өскен Ақтанберді жырлары қазақтардың он сегізінші ғасырдағы жаугершілікке толы өмірінің шынайы суреттерін алға тартады.  
«Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл, шешен сөздердің шебері.  
Ол 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болған. 1738-1752 жылдары қазақ-қалмақ арасында болған қанды қақтығыстардың барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған. 
Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы. 
Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады. 
Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген. 
 
Жиембет жырау 
 
Жиембет жырау, Жиембет Бортоғашұлы (16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың алғашқы жартысы) - жырау, әскербасы, қазақ тарихындағы ел бастаған көсем деңгейіне көтерілген елеулі тұлғалардың бірі.  
Кіші жүз құрамындағы байұлы тайпасының бір руы танадан шыққан Жиембет жырау өз заманында бүкіл алшынға әмірін жүргізді. Еңсегей бойлы ер Есім ханның ұлы жорықтарында асқан ерлік көрсетті. Ол 1620 жылғы ойраттармен болған ірі соғыста Кіші жүз қолын басқарып, қазақтардың жеңіске жетуіне ықпал етті. 1627 жылы Қазақ хандығы құрамынан бөлініп шығып, дербес билік құрғысы келген Қатағанның ханы Тұрсынның бүлігін басқан Есім ханның қасында болып, ел тұтастығын сақтау жолында қажырлы қайрат көрсетті. 
Кейін Кіші жүзге сөзі өтіп тұрған Жиембет жыраудың билігінен сескенген Есім хан, оны інісі Жолымбетпен бірге жер аударып жіберді. Жиембет жырау ханның қаһарынан қайтпаған өр кеуделі адам болған сияқты. Иесіз аралға айдалып бара жатқан Жиембет жырау: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім»... деп Есім ханға айбат шеге, ойындағысын тайсалмай айтып кетеді. Ел аузындағы бір деректерге қарағанда, Жиембет жырау сол айдауда жүріп, қайтыс боласа, келесі бір деректерде, Есім хан дүниеден өткеннен кейін туған жұртына қайтып оралады. Бірақ Жиембет жыраудың Есім хан қайтыс болған 1643 жылдардан кейінгі ғұмыры белгісіз. 
Жыраудың бізге жеткен жырларынан оның өлең сөзге шебер болғаны көрінеді. «Есім ханға толғау», «Басы саудың түгел-дүр...», «Қол аяғым бұғауда», т.б. өлеңдерінде өз басының көңіл-күйін, арман-мұңын жырлайды. Жырау шығармаларының тарихи, этнографиялық мәні де зор. 
 
Қалқаманұлы, Бұқар жырау 
 
Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы.Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. 
Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған.Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай.18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, 14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай.Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның баққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек.Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.Ол жан жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз. 
Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. 
Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. 
Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған. 
Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі – жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.  
Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын білімпаздықпен саралаған М.Әуезов: «Жырау... заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді... Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», - дейді. 
Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді. Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7-8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра) сүйемелдеуімен орандалады. Толғауларының поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше 
«Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» - деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жыраудың шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Ең қажетті таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс, түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген. Бұл – болашақтың ісі. Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ.Халид, Г.Потанин, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірген. 
 
Оңдасұлы Базар жырау 
 
Оңдасұлы Базар, Балқы Базар (1842-1911) - жырау. 
Қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған. Руы — шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен. Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленеді. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен бидің ауылына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болды. Базар жырау 15-16 жасында бала жырау атанады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұланғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көрұғылы», «Жүсіп — Ахмет», т.б.) қазақ тілінде, өзінше жаңадан жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна — тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан тасқа басылып шыққан «Айман — Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап ел арасына таратады.  
Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анық. «Әр кемелге — бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында ол өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырады. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әр түрлі маусымы, туып-өскен жер, т.б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, әділетсіз әкімдерге, қиянатшыл кісілерге арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауыз екі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырады. Бұдан жыраудың композиторлық қабілетінің де болғанын аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Оның бұдан да басқа хатшылары болған. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. 
Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері 20 ғасырда ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енген. Оның шығармаларына С.Сейфуллин, М.Жұмабаевтар аса жоғары баға беріп, Бұхар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау шығармаларын жинастыруда Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қайнарбаевтар үлкен еңбек сіңірді.

 

Қазіргі қазақ лирикасындағы жыраулық дәстүр

Жыраулар поэзиясы дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген қазақ хандығының әдеби мұрасы. ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ хандығы құрылып, тайпалар бірлестігінің, феодалдық мемлекеттің нығая бастаған дәуірі. Осы кезден бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түсті. Ол әсіресе халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезілді. Жыраулық поэзия өзінің көркемдік ізденістері мен өмірдің шындық көріністерін бейнелеуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Жыраулар негізін қалаған толғау жанры жеке жанр ретінде қалыптасумен қатар, ең алдымен әлеуметтік-қоғамдық өмірді, сондағы әр алуан адамдар қатынастарын сараптап, ертеңгі болашақ туралы ой түйді. Мұның бәрі дерлік ақыл-нақыл, насихаттық сипаты арқылы көрініп, әдебиетіміздегі дидактикалық мазмұнды жырлардың сапасын арттырды. Бұл дәстүр кейінгі жазба әдебиет өкілдері Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт жалғастырған бұқарашыл, ағартушылық бағытқа жол салды. Сондықтан бұған Асан қайғыдан басталып, Бұқар шығармашылығымен дамитын жыраулар творчествосынан тыс, жаңа мазмұнды әдебиетіміздің қалыптасу қарсаңында тұрған ақындық поэзияның ірі өкілдері - Көтеш пен Шал ақындардың қосқан үлестері де аз емес. Бұлар, әрине, өзінің ұстанған ақындық дәстүрі мен өмірді көркем бейнелеу тәсілі жағынан жақын тұрғанмен, дәл сол деңгейге иық тіресіп, көтеріле қойған жоқ. Алайда, бұлар суырып салма дәстүрінің өкілдері болғандықтан, жыраулық поэзияның қол жеткен табыстары мен игіліктерін игере отырып, соны ілгері қарай дамыта білді.

Халқымыздың тарихи тағдырын қамтыған, оның беймаза  дүрбелең кезеңдерін тек басынан  өткізіп қана қоймай, бүкіл адамзаттың дұшпаны - зұлымдықпен белдесуде  шыныққан ХҮ-ХҮІІІ ғғ. қазақ өлеңінің эстетикалық қуаты мәңгіліктің  өзімен тіл табысқандай еді. Ол өткен  ғасырларда нұрлана түсіп, жаңа кезеңде  қайта түлеп, ерекше ажармен бүгінгі  біздің саңлақ санамыз бен инабатты жүрегіміздің қақпасын қағады.

Қазіргі қазақ лириктерінің жыраулар поэзиясынан  алған үлгі- өнеге, тағылымы мол дерлік. Турашылдық пен бұқарашылдық, әрине, өрелі өнерге тән салауат. Бірақ, ол ақын біткеннің барлығына жарасты  мінез деу қате. Мұны поэзияда үлкен  саяси- әлеуметтік концепцияға айналдырған  Қазтуған бастаған қазақ жырауларының тобы. Ал Махамбет осы поэтикалық концепцияны  ұлт-азаттық күрестің қаруына айналдырды.

ХҮІ ғасыр  түлегі Доспамбет те, ХҮІІІ ғасырдың Ақтамбердісі де, ХІХ ғасырдың қақ  ортасында кемеліне жеткен Махамбет те «өлі» дүниемен «сұхбатқа» түсіп  отырады. Мәселен, осы ақындардың барлығы  Жайық пен Еділ өзеніне адамша арыз айтады:

Айналайын, Ақ Жайық!

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңісі биік боз орда

Еңкейе  кірер күн қайда? (Доспамбет 

Қайран  менің, Еділім,

Мен салмадым, сен салдың... (Қазтуған)

Еділді  көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген

Таудағы тарлан шұбар біз едік. (Махамбет).

Махамбеттің «Жалған дүние» өлеңі Шәлгездің  «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауымен, «Тайманның ұлы Исатай» толғауының бірқатар жолдары Шәлгездің «Айырдан туған жампоз бар» шумағымен, Ақтамбердінің  «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауымен Махамбеттің «Күн қайда» толғауларынан  іштей де, сырттай да ұқсастықты байқау қиын емес. Мысалы, Шәлгезде:

Айырдан туған жампоз бар,

Жүгін нарға  салғысыз.

Арғымақтан  туған будан бар,

Күніне  көрінім жерді алғысыз.

Жаманнан  туған жақсы бар,

Адам  айтса нанғысыз.

Жақсыдан  туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ  асқа алғысыз, - деген жолдар Махамбетте былай оқылады:

...Айырдан  туған жампоз бар,

Нарға жүгін  салғысыз.

Аруанадан туған мал бар,

Асылын  айуан десең нанғысыз.

Жаманнан  туған жақсы бар,

Атасын  айтса нанғысыз.

Жақсыдан  туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Жарамды бір теріге алғысыз.

Қазақ даласының  шалғай шеттерінде ғұмыр кешкен екі  ақын поэзиясының біршама ұқсастық, үндестіктері, олар өмір сүрген ортаның  әлеуметтік теңсіздігінен, билер мен  сұлтандардың халыққа жасаған озбырлығына  наразылықтың нәтижесінен, бақытты  өмірді аңсағандықтарынан туса керек.

Жыраулар  поэзиясының дәстүрі Махамбетке дейін ғана емес, қазіргі қазақ  поэзиясының белгілі өкілдері - Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Мәукенұлы, Есенғали Раушанов және Жанат Әскербекқызының  шығармашылықтарынан да өз жалғастығын  табуда. Қазіргі қазақ лириктерін көне жыраулық дәстүрді жалғастырушы әрі әдебиетімізді одан әрі қорландыра түсуші талант иелері деу де артық  болмас. Екі дәуір поэзиясында  дыбыстардың қайталануы, аяққы немесе сөз басында бір сөздің қайталануы, афоризмдердің қолданылуы, ұйқас  ұқсастықтары көптеп кездеседі.

Мәселен, Қазтуған жыраудың толғауында:

Алаң  да алаң, алаң жұрт,

Ағала ордам  қонған жұрт.

Атамыз  біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып  барған жұрт,

Анамыз  біздің Бозтуған

Келіншек  болып түскен жұрт,

Қарғадай  мынау Қазтуған батыр туған жұрт, - деп келсе,

Ж. Әскербекқызының  «Баба жұртына оралу» өлеңінде:

Шалкиіз жырау шалған жұрт,

Қазтуғаннан қалған жұрт,

Доспамбеттей  қыршын ер,

Соңғы демін  алған жұрт,

Ақтамберді  толғанып,

Махамбет  атой салған жұрт,

Дауға түскен ептінің

Жауға түскен тектінің

Таңдайынан  түйірлеп,

Сөз асылы  тамған жұрт, - деген шумақтар бар. Тек  осы ұқсастық қана емес, айта берсек бұндай мысалдарды көптеп келтіруге  болады.

Нұрлан  Мәукенұлының поэзиясын алып қарасақ  та жыраулық дәстүрдің ізі айқын  көрінеді. Мысалы:

Жылқыдағы боз айғыр

Шұрқыраса болар ма?

Сойылды жау сыдыртып,

Үйірді  алса, қалар ма?

Тұяғымен  тас илеп,

Ойлы-қырлы  шабар ма?

Жау қолына жеткізбей,

Елдің шетін  табар ма? – десе,

Ақтамберді  жырауда:

Арудан  асқан жар бар ма?

Жылқыдан  асқан мал бар ма;

Биенің  сүті сары бал -

Қымыздан  асқан дәм бар ма? – деген  риторикалық сұрау ұйқастарды ұшыратамыз.

Н. Мәукенұлының:

Күннен  құдірет қашқаны-

Қара  бұлттың басқаны,

Қамырыққан  көңілдің

Құлағаны  аспаны...

Айдан айбын  қашқаны-

Айдын көлдің тасқаны,

Айдай аппақ  көңілді

Ауыр  мұңның басқаны, - деген жолдарына  ұқсас Шалкиіз жырауда:

Аспанды бұлт құрсайды -

Күн жауарға  ұқсайды,

Көлдерде  қулар шулайды -

Көкшіліден  ол айуан.

Соққы жегенге  ұқсайды, - деген сияқты сәйкестіктерді аңғаруға болады. Бұл өлеңдердің бойында  тек ұйқас ұқсастығы ғана емес, сонымен бір дыбыс үндестігі (аллитерация  мен ассонанс) де бар.

Сондай-ақ, жыр жолдарындағы сөздер мен буындардың қайталанып келуі жыраулар мұрасынан  өнеге алған. Жыраулар поэзиясы мен  қазіргі ақындар поэзиясын салыстыра  қарасақ, мынадай қайталаулар кездеседі: Н. Мәукенұлы: « Тасқын, тасқын, тасқын су», «Отар, отар, отар қой», «Қара, қара, қара түн» т.б. Доспамбет жырауда: «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Сіреу, сіреу, сіреу  қар», Шалкиізде: «Асқар, асқар, асқар  тау»; Е. Раушановта: «Жолдар да жолдар, жолдар-ай». Ақтамбердіде: «Бұлан да бұлан, бұлан сан», Есенғалида «Жасыл да жасыл, жасыл бел». Ақтамбердіде: «Жел, жел  есер, жел есер», Есенғалида: «Сеңгір  де сеңгір, сеңгір-ай». Бұқарда: «Ай, заман-ай, заман-ай». Мұндай қайталаулар көбінесе толғаудың, яки шумақтың басқы тармағында кездеседі. Қайталаулардың бірқатарында ақындар бір нәрсеге, яки құбылысқа  тыңдаушы назарын аударып, сосын  барып ол туралы өз толғамын ағытады.

Есенғали  Раушанов шығармашылығы жайлы сөз  етсек, жыраулар поэзиясына тән мынадай  сабақтастықтар бар.

Есенғалида:

Уа, Алатаудай  асқағым,

Жайдың  оғын жасқадың.

Үмбетей жырауда:

Уа, Алатаудай  Ақшадан

Асып  тудың, Бөгембай!

Есенғалида:

Бозаңға біткен боз жусан,

Боқыраудың  күні болғанда

Бозарып барып солар ма.

Шалкиізде:

Саздауға  біткен қара ағаш

Кімдерге  сайғақ болмаған, - деген сияқты үндестіктер  аз емес.

Ақын-жырауларда бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы бір нәрсеге, яки құбылысқа  ерекше мән беріп, назар аудару сияқты тәсілдерді жиі қолданған.

Қазіргі қазақ лирикалық поэзиясының  белгілі өкілдерінің бірі Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы мен  жыраулар поэзиясы ұқсастығын қарастыратын болсақ, ең алдымен тіл мен бейнелілік мәселесіне назар аударарымыз заңды. Мәселен, Ф.Оңғарсыновада:

Мен үшін зауза, ақпан бар,

Қара  сулар бар, ақ қар бар.

Мүсіркемеңдер - сақтаңдар!

Итерсең жығып тастаңдар,

Тұрғызсаң қолды қақпаңдар.

Сендер  деп жүрмін әйтеуір

Аялаңдар, не таптаңдар!

Марғасқа  жырауда:

Шығырмақ  бұлт жай тастар,

Ағытқан қойды жол бастар,

Ақ желкенді жел бастар,

Ғадыл төре ел бастар,

Батыр жігіт  қол бастар,

Шешен адам сөз бастар.

Немесе  Фаризада:

Жолымда талай орлар бар,

асуын бермес жолдар бар,

Жанымды теңдей тондар бар-

қиналғанымды  қолдаңдар.

Сәулелеріңмен қорғаңдар.

Жиембет: Жалаулы тайда тарқа жоқ,

Жаңа  кисең, ескі жоқ.

Күдінілген  балдан сарқыт жоқ,

Күлімсіреп  айтқан сөзде қажау жоқ.

Фаризада: Махаббатым -

Мөлдір  әуен, сұлу саз көктемдерім,

көктемдерім - өзіңнің өбкен демің.

Бұқарда: Ай не болар күннен соң,

Күн не болар  айдан соң - деген еспе қайталаулар  да ұшырасады.

Сонымен, жыраулар мен қазіргі ақындар  мұрасы тақырып, мазмұн, жанрлық жағынан  сабақтас, байланысты келеді. Өмір талабына орай, бұл екі сала да ақыл-насихат, тәрбиелік дидактикаға аса мән  беріп отырған.

Толғауда  ақын-жыраудың қуанып, шаттанған, не кектеніп ызаланған жан тебіренісі де, сол  дәуірдегі әлеуметтік ірі оқиғаларға айтқан парасатты пайымдаулары да, яки дүние, өмір, адам, табиғат, заман сырын таразыға салып тебіренген философиялық-дидактикалық пікірі бой көрсетеді. Жазба ақындар творчествосында бұрын толғау табиғатынан табылатын қасиеттерді енді лирика атқара бастады. Толғау табиғатында тек лирикаға тән тебіреніс, толғаныс қана емес, үндеп, жарлап, жалындай келетін жауынгерлік рух, өмір, дәуір, заман т.б. сан алуан мәселелерді кеңінен қамтып, шабытпен шалқыта бейнелейтін көсемсөз- публицистиканың да сипаты танылады. Жыраулар поэзиясы мен қазіргі қазақ лирикасының арасындағы ұқсастық тек мазмұны, тақырыбы жағында ғана емес, түр жағынан да сабақтасып жатады. Өлеңнің сыртқы құрылыстарын қарастыратын болсақ, аралас, ерікті, кезекті, егіз, қара өлең ұйқастарын қолданған. Ұйқастың өзін ішкі ой мен мазмұнға бағындырған және шумаққа поэзиялық қасиет дарытып тұратын дыбыс үндестігі де жиі кездеседі.

Қазіргі қазақ лирикасынан жыраулар поэзиясының  түрлі үрдістерін байқауға болады. Қазіргі лириктер жыраулар дәстүрін жалғастырушы, қазақ әдебиетінің  асыл арнасын жалғастырушы.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ғабдуллин  М., Сыдықов Т. Қазақ халқының  батырлық жыры. Алматы, 1972.

2. Қазақ  тарихи жырларының мәселелері. Алматы, 1979.

3. Жармұхамедов  М. Айтыстың даму жолдары. Алматы, 1976.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сан қилы тарихи оқиғалардың  сәулесін бойына сіңірген - жыраулық поэзия!

Қазақ әдебиетінің қайсыбір кезеңі болмасын бәрі де белгілі тарихи әлеуметтік жағдайларға байланысты дамиды.ΧV–ΧVІІІ  ғасырлардағы көркем әдебиеттің жайын  халық әдебиетінің жетістіктерінен  де жете аңғарамыз.Бұл кезде ауыз әдебиетінде көркемдік дәрежесі жоғары көптеген эпостық жырлар туды.Осы  жырлар негізінде,әдеби тіліміз  де дами түсті.Бұл кезең – қазақ  хандығы құрылып,тайпалар бірлестігінің  дербес мемлекеттің нығая бастаған дәуірі.Осы кезден бастап қазақ халқы  мәдениетінің де өзіндік беті айқындала  түсті.Ол, әсіресе, халықтың тілінен, әдебиетінен  айқын сезіледі.Кейбір жазба ескерткіштерінің осы кезде таза қазақ тілімен  жазылғандығы соның дәлелі.Бұған  Қадырғали Қосымұлының «Шежірелер жинағын»,Әбілғазының «Түрік шежіресін» алуға болады.  
Заманалар жасаған көркем сөз кестелері,асқақ арман,ұшқыр қиял жемістері – халық өнерпаздары жасаған өлмес,өшпес мәңгілік мұра.Әр халық өзінің рухани мәдениетінің деңгейін көркемөнер туындыларының нәрлі қорлары,сан–салмағы,сән-сәулетінің аумағымен өлшейді,бағалайды.  
Атадан балаға ауысқан,үрім-бұтаққа мұра болып жеткен «шебердің бізі,шешеннің тілі»туғызған өнер құдіреттерін рухани байлығынан санайды.Берік материалдық негізде дамыған рухани мәдениет адам баласы қоғамының жетіле түсуінде шешуші рөл атқарады.Адам баласы өзінің өсіп  
өркендеу жолында өмір сүруі үшін тікелей қажет нәрселерді алып қоймайды,соған қоса рухани азық болатын өнер мұраларымен де сусындап отырады.Барлық материалдық және рухани байлықтардың нағыз иесі халық кемеңгерлігі деген қағиданың маңызы да осындай заңдылықтарын таныта білгендік болса керек.  
Қоғамдық құрылыстың дамуымен бірге әлеуметтік қайшылықтар да айқындала береді. Әр топ өз көзқарасын тарату мақсатында идеологиялық құрал іздейді.Кейбір үстем тап өкілдерін әдебиет осы мақсатта пайдалануға әрекет жасады,оған сый – сыйапат көрсетіп,өз пікірлерін таңып, қошаметшіл поэзиясының кейбір түрлерін туғызды.  
Қара күш біреудің беделін күшейтеді,екінші біреуді төмендетеді.Поэзия әлемінде бір адамның екінші біреуді қалай жеңгенін,қандай олжа түсіргенін жырлау пайда болды.Жеңімпаздар жеңілгендерді өзіне бас идіреді және өздерінің құқықтарын мойындатады.Осы тұста поэзияда қошеметшіл жырлар туады.Ал,кейнірек, жеңімпаздар озбырлығы күшейе келе,жеңілгендердің күңкілі,үні естіле бастайды,олар наразылық білдіреді. ΧІІІ–ΧІVғасырлар – моңғол шапқыншыларының зардапты дәуірі.Бұл кезде әдебиеттің дамуына қолайлы жағдай болмады.Әлеуметтік сипаттағы халықтық әдебиет тоқырап,тіршілік қызығынан түңілген сопылық поэзия өріс алды.Қазақ хандығының дербес өмір сүруіне байланысты бұл тұста оның әдебиеті, әдеби тілі қалыптасуға бет алды. Ілкі шығармаларда жоқтау сияқты салт жыры ертегі – аңыздар басында болса, кейін жеке адамды дәріптеген туындылар көбейіп, әдебиеттің мақсаттары айқындала бастады. Әуелі қиял – ғажайып аңыздар туды, онда адамның әртүрлі ғаламат күштерге қарсы күресі бейнеленді. Бұл жағдай тарихи сюжеттерді өмірге әкелді. Қолбасы батырлар не хандар дәріптеліп, олардың қаһармандық бейнелері жасалды. Халықтық туындылардың ол кезде шығарушылары шешендер мен жыраулар еді.  
Әр тұста ағаштан түйін түйіп, қышпен тасқа ою ойып, мәрмәрдан мүсін салған шеберлер сияқты сөз кестесін құра білген, тіл құдіретін игерген асыл сөз шеберлері болған. Оларды халық әртүрлі атаулармен атап қадірлеген. Айталық, қапияда сөз тауып, өз сөзінің жүйелі логикалы күшінің арқасында асқынған дауды шешкен, бітіспес жауды бітімге жүгіндірген,жүрместі жүргізген өнерпазды халық – шешен деп атаса, заманының қоғамдық ойын жүйелеп, түйінді пікір айтып, асыл сөзді термелеп, афористік ақылдарға толы жыр шығарған сөз өнерпаздарын – жырау деген атауға ие еткен.  
Жыраулық поэзия – ΧV–ΧVІІІ ғасырдағы қазақтың халық поэзиясы.  
Біздің дәуірімізге негізінен ауызша жетті. ΧV ғасырдың орта шеңінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулар поэзиясы қазіргі Қазақстан қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алады. Ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденеді. Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен – ақ кемелдікті көркем келісімді аңғару қиын емес. Жыраулық поэзия сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Содан да болар жыраулық поэзияда мейлінше терең танымдық ойлар буырқанып, ұдайы философиямен шеңдесіп жатады. Онда өмір мен болмыс, заман мен адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік жайлы сан – салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады.  
Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі,оған деген  
сүйіспеншілігі,елдің бірлігі,бүтіндігі.Халқына жайлы қоныс,ырысты жер іздеген Асан Қайғының “Желмая мініп жер шалсам,тапқан жерге ел көшір” деген ақылгөй сөзі сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі.Сол сияқты Қазтуған жырау да “Қайран менің Еділім!” деп еңіреп өткен, “Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап” деп Доспамбет жырау армандаған, “Ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым он кісіге жараса,бір кісіге асқан тамағым” деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт,тыныштық өмірді өмірді қалаған.  
Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа  
даңқы кеткен Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Бұқар, Шалкиіз жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп саналады. Елге,ер – азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт – бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін айқындап кетті.Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там – тұмдап болса да жеткен ақын – жыраулар творчествосы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады.Оларда ел өміріндегі елеулі оқиғалар,феодалдық қоғамның ащы шындығы,халықтың әдет – ғұрып,салт – санасы бейнелі тілмен көрініс тапқан. Демек,жыраулар поэзиясы - халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне,ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес,өлмес мұра.  
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

САН ҚИЛЫ ТАРИХИ ОҚИҒАЛАРДЫҢ СӘУЛЕСІН БОЙЫНА СІҢІРГЕН – ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯ!  
1.1 Толғамды ой – пікірлермен зерттелген жыраулық поэзия.  
“Жырау” сөзінің мәні, жыраулар өнері туралы В.В Радлов,Г.Потанин, Ш.Уәлиханов және кейінгі дәуір зерттеушілері сан пікірлер айтып, халқымыздың табан асты суырып салып өлең шығарғыш қасиеттерін таңдана сөз еткен.  
Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? “Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінен, - дейді М. Әуезов, - ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп , алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан.Бұл заман сыншысы сөйлесе,шешілмеген жұмбақ,түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді,өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды.Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді.Айтпақ жайларын ашып,ұғымды қылып айтып бермейді,әдейі көмескілеу, жұмбақ қып айтады.Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды.Не айтса да көптің мұңы,көптің жайы туралы немесе көпке арналып ақыл,өсиет есебінде айтылады”.Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық – көркемдік мәні терең ашылған.  
Халқымыздың осы зергерлік сөз тұнығына әрі ақын, әрі ғұлама Шәкәрім де ден қойған.Ол “Ескі ақындық” деген өлеңінде халық мұрасын, ауыз әдебиетін, “Жыраулар поэзиясын” аса жоғары бағалаған.  
Тақпақ пен мақал тағы артық,  
Суырыпсалма жағы артық,  
Айтады олар ойланбай,  
Сыпыра жырау, Шортанбай,  
Үмбетей мен Марабай  
Алды – артына қарамай,  
Соққанда жырды суылдап,  
Жел жетпейтін құландай.  
Шәкәрім ескі ақындар поэзиясында “терең сыр” барын таниды.Олардың жырында “қыран құстың ұшқаны”, “ақбөкеннің жүрісі”, “жайдақ желдің желісі”, “мөлдір судың аққаны”, “жел жетпейтін құландар жүйріктігі”, “адам жанының жайма шуақ кезеңі” – баршасы,көшпелі қазақ өмірінің бүкіл әлеуметтік, рухани тіршілігі бейнеленген деп керемет ой түйген.  
Жыраулар поэзиясын айтулы сөз зергері Мағжан Жұмабаев та “Батыр Баян”поэмасында:  
Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда  
Толқынды тұңғиық боп төгілді жыр, -  
деп аса қадірлеген.Демек, жыраулар поэзиясы халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген,өшпес,өлмес мұра.  
Профессор Е.Ысмайлов жырау мен ақындар ерекшеліктерін жете зерттеп берді.Ол жыраулар да ақын,көркем сөз шығарушы өнерпаз,қазақ әдебиетінің көне өкілдері деп танытты. Жыраудың ақыннан өзгешелігі – шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келуінде.Адам баласы басындағы қайғыны,зарды, ел ішіндегі ауыртпашылықты толғау, әлеуметтік,елдік мәселелерді көтеру,тағы басқа әр түрлі өткен – кеткен күйлерді шерту, болашақты болжап,ақыл айтып,батагөйлік ету,шешендік түйіндер жасап,терең ой қозғау – жыраулардың дәстүрлі ерекшеліктері. Бірыңғай тарихи тақырыптарды,әлеуметтік –қоғамдық мәселелерді,қолбасы батырлар мен елбасы хандар ісін,халықтың жай – күйлерін,қонысын, өткені мен болашағын толғап,осы мәселелер төңірегіндегі өкініштер мен өксіктерге бой ұра, кейде тіпті олар өздерінің болжамдарын,ақыл - өсиеттерін қобыздың зарлы үніне қосып ұзақ толғаған.  
Ә.Дербісәлин қазақ әдебиеті тарихын байыпты зерттеп, толғамды ой-пікірлер айтумен тынбай, көне дәуір әдебиеті туралы ғылыми құндылығы жоғары кітаптар жазып, кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырды. 1982 жылы шыққан “ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы” атты кітапқа байыпты алғы сөз жазды.  
Жалпы қазақ әдебиетінің тарихы соңғы жылдарға дейін көбінесе XVIII ғасырдың соңғы тұсынан бастап зерттеліп кел гендігі мәлім. Яғни, қазақ әдебиетшілері арасында осы мәселе тұрғысында екі түрлі пікір қалыптасты. Көптеген зерттеушілер қазақ әдебиетінің тарихын Бұхардан бастап, оған дейінгі әдебиетті жоққа шығарды. Ә.Дербісәлин “ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы” атты кітапта қазақ әдебиеті тарихында айтарлықтай үлесі бар, бірақ көптеген еленбей, ескерілмей кеткен ақындар шығармашылығын сөз еткен. Әсіресе, қазақ деп аталатын халықтың бір ұлыс құрамында қауымдасқан кезінен бастап қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері Асанқайғы, Қазтуған, Шалгез жыраулардың поэзиясына ерекше тоқталған. Ең алдымен сөз болып отырған дәуірдің поэзиясы фольклор емес, алғашқы тұстан бастап фольклордан іргесін бөлектеп, кәсіби әдебиет жасауға бағыт ұстаған, баяу да болса өзгеше бір көркемдік іздену, даралану, жолы, әрине, өмір мен өнердің даму заңдылығынан туған жыраулар мұрасы жаңаның басы емес, көненің жалғасы екендігін танытады.  
Осы дәуірде өмір сүрген жыраулар поэзиясының өзара тұстастық, салғастық күйде дамығандығын көрсетеді. Көне дәуір әдебиетін, зерттеу барысында Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдықов құрастырған “Ертедегі әдебиет нұсқалары” жинағы мен М.Мағауиннің “Алдаспан” еңбегін ерекше атайды. Ә. Дербісәлин әсіресе, “Ертедегі әдебиет нұсқалары” жинағында терең көрсеткен. Бұл еңбек екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде V-ХVІІІ ғасырлар поэзиясы сөз болады. 1-бөлімде зерттеушілер “Орхон-Енисей” жазбаларынан бастап Рабғузидың “Қиссас-сул-әмбия” кітабына дейінгі жазба деректердің қазақ тіліне, мәдениетіне қатысы туралы айтылады, “Себебі, бұл жазба ескерткіштерге дейін ,бір халыққа телініп келді. Ал, біз, болсақ осы аймақты мекендеген ру-тайпалар жеке-жеке халық болып топтасқанға дейінгі дәуілерде пайда болғандықтан, бұл ескерткіштерден тіл, тарих, этнография тұрғысына қаншалықты ортақтығымызды айқындауға қажетсіз”, — деп келелі пікір қозғайды.  
Сыпыра жырау жөнінде өмірдің алдын болжау, көріпкелдік-қасиеті болғандығын айта келіп, осы жыраудан басталған бұл қасиет кейінгі көп жырауларға тән ерекшелік болғандығын айтады. Асанқайғы туралы жазба деректерді салыстыра келіп, Ш.Уәлихановтың, К.Халидовтың, С.Сейфуллиннің еңбектерінен мысалдар келтіре отырып, Асанды Ормамбет заманына жақындату - кейінгі дәуірдің қосымшасы деп болжам айтады. Асан мен Қазтуған атына байланысты өлең-әңгімелерге, аңыздарға ортақ мәселе, өзекті ой - жайлы жер, жақсы қоныс іздеу. Осы жайды Ә. Дербісәлин екі түрлі объективті себеп арқылы түсіндіреді. Алғашқы объективтік себепті Қазақстан жеріндегі сұрапыл шапқыншылықтар, үздіксіз жорықтардан іздейді. Өйткені XV ғасырға дейінгі алты-жеті ғасырлық өмірі де осы өңірдегі мемлекеттердің сан түрлі өзгеріске ұшырап, Шыңғыс, Ақсақ Темірлердің қантөгіс соғыстары кейбіріне әсер бетінен жоқ қылып жібергендігі белгілі. Яғни осы сан ғасыр бойы кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиетіндей тыныш, бейбіт өмір туралы арманды Асан аузы арқылы берілетіндігін айтады. Бір жағынан жанға сая, малға жайлы мекенді поэзия тілімен дәріптеу байырғы заманнан келе жатқан дәстүр екендігін айта келіп, Орхон жазуларымен, XII ғасырдағы жазба деректермен ұштастыра отырып талдайды. Сонымен бірге, тағы бір ескеретін жағдай Асан атымен тараған өлеңдер ауызша сақталса да, көне замана стилінен мүлдем өзгеше. Мұның себебін Ә. Дербісәлин былайша түсіндіреді: «Халық аузында сақталған өлең толғауларында кейінгі кез үшін түсініксіз сөздер мен ақындық тәсілдерді көп сақтай бермей, оларды жаңа заманның рухында ұстартып, көркемдік жағынан жаңғыртып, ширата түсіп отырған. Асан өлеңдерінде осы жағы басым. Бұдан әрі Дербісәлин Асан өлеңдерінде композициялық бітімі жағынан талдау жүргізеді. Асан поэзиясында жиі кездесетін параллелизм, аллитерация секілді өлеңдік формаларды түркі тілдес елдердің классикалық поэзиясымен салыстырады. Асан поэзиясына кеңінен шолу жасай отырып, дала табиғатының көріністерін тізіп көрсету, немесе дидактикалық түйіндер жасау қазақ ақындарында Асаннан басталғандығын атап көрсетеді. Ал Асаннан біраз кейін өмір сүрсе де, көне дәуірдің белгілерінен арыла алмаған Шалгез жырауды толғауларының бізге көне нұсқасында жетуін онын шығармаларының жазбаша түрде жетуімен түсіндіреді. Алғашқы жинақ басушылар Т.Сейдалин, С.А. Жантөрин, В.В.Радловтың жинақтарын атап өтеді де, Шалгез толғауларының туу тарихын сөз етеді. Себебі бұл зерттеушілер тек шығармаларын жинап басқаны болмаса, өлеңдерінің байыбына тереңдей жете қоймаған.Ә.Дербісәлин ақынның “Шағырмақ бұлт жай тастар”, “Балпаң-балпаң басқан күн”, “Аспанды бұлт құрсайды” толғауларының шығу тарихына талдау жасайды. Жыраудың өзі, өнері, заманы жайында тұжырымды пікір қорыта отырып, толғауларының көркемдік сипатын өмірді бейнелеу тәсілдерін атап көрсетуге тырысады. Шәлгездің өз ұғымын синтездік тәсілі арқылы бере отырып, өзінше бейнелі тапқыр көркемдік тәсіл жасағандығына түсінік береді. Жырау өз толғауларында образды сөздер, көркемдік ізденісті танытатын бейнелі теңеулер келтіре отырып, халқымыздың көркемдік дүниетанымыздың өсу сатыларын, жолдарын танып-білуге ұмтылады. Автор XV ғасырдағы Сыпыра жыраулардан бастап Шал ақындардың дәуіріне дейінгі қазақ әдебиетіне шолу жасай отырып, табиғи жалғастықты, творчестволық өсудің бір-біріне тигізген әсерін айқындайды. Халқымыздың бірнеше ғасырлық поэзиялық тәжірбиесінің кейінгі әдебиет үшін қайнар бұлақ болғандығын көрсетуге тырысқан.  
Ә. Дербісәлин толғау жанрының да туу тарихы мен дамуын, қалыптасуын, өсу жолын толғау жанры хақында зерттеу еңбегінде терең айқындайды. Бұл зерттеуінде автор жеке ақындар творчествосының ауыз әдебиетінен бөлініп шығуы мен жанрлық ерекшеліктеріне тоқталған.Орыстың халықтық поэзиялық мұраларымен салыстыра отырып, тууы, дамуы жолдары арасынан бірлік, заңдылык іздейді. Толғау жанрының түп негізіне күрделі эпикалық жырларды ала отырып, өзінше тың тұжырымдар, жасайды. Қазақ әдебиетіндегі толғаудың қай жанрдан бөлініп шығуы мүмкін дей келе, батырлар ғасырынан бастау алуының себебін былайша түсіндіреді: “Ең алдымен толғау өзінің даму тарихы бойынша өлеңдік түр жағынан негізінен жырға ұқсас болса (поэзиядағы ең көне түр жеті-сегіз буынды жыр өлшемінің әр түрлі еркін, шұбыртпалы ұйқастары негізінде, туғаны белгілі), екіншіден - мазмұны жағынан да сол жырдан, әсіресе батырлар жырынан алшақ кетпейді, көбіне-көп елдік, ерлік тәрізді қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор мәселелер негізінде туып, өріс алады. Толғау деген сөздің төркінін былайша түсіндіреді: әуел баста толғау деген бұйрық рай түріндегі етістіктен шыққан деп тұжырым жасайды. Түр жағынан да, атқаратын қызметі жағынан мұның кәдімгі сөйле деген сөзден еш айырмасы жоқ, тек оның ақындық өнері бар адамға арналуында дей келе, Қ.Жұбановтың да осы сөздің этимологиясы жөніндегі пікірін келтіреді.Толғау жанры жөніндегі С.Мұқановтың, Е.Ысмайыловтың, М.Ғабдуллиннің, З.Ахметовтың пікірлерін келтіре отырып, барлығының ойы, тұжырымы бір арнаға тоғысатындығын айтады.  
 
 
 
1.2 Жыр және жыршылық қасиет.  
Ерте-ерте заманда, ешкі кұйрығы келте заманда жер бетін мекендеген халықтардың ешқайсысы ән дегеннің не екенін білмепті. Өлеңсіз өмір — тұл.Қасиетті өлеңнің сарынын естіп көрмеген адамзат күлкісіз, қуанышсыз күн кешіпті. Ол кездерде жиын-той, ойын - сауық деген болмапты. Жұрттың бәрі тұнжырап жүреді екен, өйткені қайғы келсе, қаза келсе көңілді серпілтер сырлы өлең ол заманда әлі адамньң қолына түсе қоймаған екен. Бір рет көңілін мұң шалған адам, бір рет қасіреттің дәмін тартқан адам сол мұңлы күйінде, сол қасіретті күйінде өмірден өксіп өтеді екен, өйткені ол кезде қасиетті өлең жер бетінен аулақта жүрген екен. Ол заманда қайнардан шықса да, жиегін көгал көмкерген қиыршық малта тасты бойлай ақса да бұлақ сылдырламапты, самал жел соққанда тоғай сыбдырламапты, көкжиектен құлан иектеніп даланың әсем таңы атқанда боз торғайлар шырылдамапты, бүкіл даланы басқан өлі тыныштықты тек гулеген жел ғана бұзады екен, өйткені ол заманда құдіретті өлең әлі көкте екен, оның әлі табиғатпен бауырласа қоймаған кезі екен.  
Ақыры, күндердің бір күні сырлы өлең, сұлу өлең, қасиетті, құдіретті  
өлең, әлде жеті қат көктің ең биігінде тұра беруден жалығып, кең даланың үстіне төңкерілген көк күмбездің аясында сайран салғысы келді ме, әлде қуаныш, сүйініштен ада, көңілдерін кір басқан сорлы адамзатқа жаны ашып, бір қайырымды тигізейін деді ме, әйтеуір өзінің ежелгі мекенін тастап, әлемнің төрт бұрышын түгел араламақ болып сапарға шығыпты. Өлең өзінің көңіл-күйіне қарай кейде жерге жақындап ұшады, кейде қыран қалықтар биікте, ал кейде тіпті жоғарыда шарықтайды екен. Өлең жерге жақындап ұшқанда сол маңайды мекендеген елге оның бар сазы, бар сарыны, әні, күйі, жыры тегіс анық естіледі екен де, жұрт қолма-қол қағып алып үйрене қояды екен. Өлең биігірек ұшқан жерлерді мекендегендер де жырдың мән-мағынасын біршама ұғып үлгеріпті. Ал өлең тіпті шырқап ұшқан жерлерге оның сарыны жетпей, ол жерді мекендеген халықтар ән-күйден, жырдан мүлде мақрұм қалған екен.  
Өлең қазақ даласының үстімен жер бауырлап өтіпті дейді, қазақтардың ақындығының сыры осында көрінеді. Бұл — қазақтың көп аңызының бірі. Алайда, ол халқымыздың өлең-жырды қаншалық қадірлегенін көрсетеді, көркемөнерге көзқарасынан елес береді. Г.Потаниннің сөзімен айтқанда, бұл аңыз қазақтардың ақындық өнердің ерекше құдіреттілігі, қасиеттілігі жөніндегі түсінігін бейнелейді.  
Жыр — қазақтардың жан серігі. Жай қарапайым адамдардың өзі суырып салып айтуға бейім тұрады»,—дейді П.И.Пашино.Қазақтар сөз өнеріне жетік келеді. Бұл — жұрттың бәріне: “оқыған адамдарға да, әліпті таяқ деп білмейтіндерге де, байға да, жарлыға да тән қасиет”,— дейді А.Брем.Сөз өнеріне мұндай мән берілген жерде ғылым-білімнің төмендігіне қарамастан поэзия дамып, биік өреге жетуі заңды кұбылыс.  
Ал, енді осы бай жырды тудырушылар кімдер?  
Қазақ сөз өнерінің өкілдері ескіде өздерінің репертуарларына және орындайтын шығармаларының сыр-сыйпатына қарай ақын, жырау деп бөлінген.Бұлардың өзіндік ерекшеліктері жайында әдебиетші ғалымдарымыз біраз пікірлер айтқан.Олай болса мен жыраудың творчестволық тұлғасы және олардың жырларындағы өзгешеліктер жайына тоқталсам.  
Жырау - өз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын және халық поэзиясының өкілі.Жырау деген атаудың өзінің «жыр» сөзінен шыққандығы күмән туғызбайды. Жырау сөзін Қырым татарлары тек ақын деген ұғымда ғана емес, сәуегей, балгер мағынасында қолданады екен.Соған қарағанда сәуегейшілік, батагөйшілдік, яғни абыздың кейбір функцияларын атқару осы заманда жасаған жыраулардың бәріне ортақ қасиет болуға тиіс. Бұл — қазақтың ғана емес, Европаның ертеректе жасаған сөз өнері өкілдерінің де басынан өткен жай. Мәселен, көне Англиядағы англо-сакстардың жыраулары скоптар мен глимендер тек акын, жыршы ғана болмаған, олар табиғат кұбылыстарына сүйене болжам айтады екен, кейде тіпті зікірші, арбаушы қызметін де атқаратын болған.  
Махмұт Қашқари «жырау» сөзін «йырағу» - олең шығарушы,музыкант деп түсіндіреді.Дәстүрлі қазақ қоғамында жыраулар халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыратынын көпшілікке білдіріп отырған.Жыраулар жаугершілік заманда жорықтарға қатысып,кейде батыр,қолбасы бола жүріп,ел қорғау,азаматтық тақырыптарға арналған жырлар туғызған.Сәуегейшілік, батагөйшілік, түс көру,ырым айту,табиғат құбылыстарына тағы басқа жайларға қарай болжамдар жасау – көне дәуір жырауларына тән қасиет.Әйткенмен жыраулар бағзы замандардың өзінде,ең алдымен, сөз зергері ретінде танылды.Туындылары адам көңілін дөп басар әсерлілігімен,өмірдің оғындай өткірлігімен,аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен,қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді. Жырау — өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөй ақсақалы. “Патриарх, ақын әрі халық мүддесін білдіруші жырау топ алдына өте сирек, аса қажет жағдайларда ғана шығады. Халық қадір тұтқан ақсақал жыраудан жұрт толқыған, халық дағдарған,ел шетіне жау келген кездерде ғана кеңес сұрайтын болған. Мұндай реттерде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға дем беріп, істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған”, — деп жазады академик Ә.Марғұлан жыраудың қоғамдық рөлі жөнінде.  
Жыраудың ең сүйікті жанры — толғау. Толғау, осы сөздің өзінен де көрінетіндей, «толғану, толғаныс» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Сондықтан да толғаудың өзін ойға кұрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді.  
Ой толғауларда жырау — ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм түрінде келеді. Атақты жыраулардың толғауларында кездесетін афористік сөздердің көбі мақал-мәтелге айналып кеткен. Сонымен бірге жырау өзінің замана жайындағы түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, қоғамдық мәселелерді көтереді. Сол сияқты, әлем, болмыс, тіршілікте, табиғатта болып жататын өзгерістер, оның мән-мағынасы жайындағы түсініктерін де білдіруі мүмкін.  
Мұндай толғаудың үлгісі ретінде Шалкиіздің “Шағырмақ бұлт жай тастар”, “Асқар, асқар, асқар тау”, “Ор, ор қоян, ор қоян”, Бұқардың “Айналасын жер тұтқан”, “Ақсаңнан биік тау болмас”, “Ай заман-ай, за-ман-ай”сияқты туындыларын келтіруге болады.  
Ал сыр толғаулардағы негізгі жүкті көтеретін — сезім, эмоция. Жырау ел басына түскен ауыртпалыққа, немесе басқадай белгілі бір оқиғаларға өзінің реакциясын білдіреді.Лирикалық толғаулардың үлгісі ретінде Қазтуған мен Доспамбет шығармаларын, Шалкиіздің “Балпаң, балпаң басқан күн”, Бұқардың “Кіші қара қалмақ бүлерде” сияқты жырларын атауға болады.  
Жырау репертуарынан әр түрлі тақырыптағы арнау жырлар да үлкен орын алады. Мұндай жырлар әдетте әмірші атына қарата айтылады. Оның белгілі бір іс - әрекетін мадақтап қостау, я даттап наразылық білдіру, немесе белгілі бір оқиғаға байланысты ақыл, кеңес беру тұрғысында келеді.  
Арнау жырларының үлгісі — Шалкиіздің би Темірге наразылық ретінде айтқан “Аспанды бұлт құрсайды” және оны хан сапарынан тоқтау үшін айтқан “Қара бас күшпен шалдырып” деген сөздермен басталатын шығар-малары, Жиембеттің Есім ханға айтқан өлеңі, Бұқардың “Абылайды орыспен соғысам дегенде айтқаны”, Байтоқ, Жанұзақ жырлары.  
Өзі де жорықтарға қатынасып отырған, кейде тіпті батыр, қолбасы да болған жыраулар әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырлар туғызуға тиіс еді. Біздің заманымызға жеткен бұл тақырыптағы шығармалар батырдың өзіне, атына, қаруына мадақ, немесе жауынгерлерді ерлікке, жаудан тайсалмауға шақырған өр ұран, я болмаса қайрау бермеген қара қанжардай қайтпас ерлерді мадақтау түрінде келеді.  
 
 
ІІ ТАРАУ.  
2.1 Жыраулар поэзиясындағы әдеби – көркемдік дәстүр.  
Жырау поэзиясы ішкі мазмұнымен ғана емес, сыртқы формаларымен де өзара ерекшеленеді.Жырау поэзиясының өзіндік ерекшеліктері бұл мұраны жасаған жыраулар заманының көнелігінен, оның үстіне сол жыраулар ұстанған дәстүрлік көнелігінен туады.  
Жыраулар троптардың сан түрін қолданады, алайда, бұлардьщ ішінен ең көне көп пайдаланылатыны — параллелизмдер. Әдебиет теориясы мамандарының айтуынша, параллелизмдер — қай халықтың поэзиясында болмасын ұшырасатын көркемдік әдістердің ең көнесі.  
Жыраулар психологиялық параллелизмдерді өздерінің көңіл-күйлерін білдіру үшін, немесе өмірде кездесетін белгілі бір құбылыстың мәнін түсіндіру үшін пайдаланады.Мәселен, Шалкиіздің:  
“Жауынды күні көп жүрме,  
Жар жағасы тайғақты!  
Жаманға жақыным деп сыр айтпа  
Күндердің күні болғанда,  
Сол жаман өз басыңа айғақты!”  
деген жолдарында жетесіз жанға сыр айтудың қажетсіз, тіпті зиянды екендігін ұғындыру үшін оған табиғатта кездесетін жай — жауынды күні жардың жиегімен жүрген адамның тайғанап құзға кұлайтыны параллель ретінде алынады. Шалкиіздің жоғарыда келтірілген «Аспанды бұлт құрсайды»,—деп басталатын шумағының құрылуы да осы іспеттес. Жыраудың:  
“Жағаға жақын қонғанда.  
Жайылып сулар алмас па,  
Жаманға дос болғанда  
Жазымда басың қалмас па,  
Жат туғанды өз еткен  
Жақсының ғұмыры аз-ақ болмас па!” —  
деген жолдары да психологиялық параллелизм негізінде жасалған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.  
Ал синтаксистік параллелизм сирегірек қолданылады.Бұл:  
“Жаман туған бар болса,  
Жаман жолдас көп болса,  
Жазаны содан көрерсің,”-  
(Шалкиіз).  
деген сияқты жасалуы тым қарапайым бірді-екілі жолдар.  
Өлеңнің дыбыстық жағына, яғни аллитерация, ассонансқа және басқы рифма, ішкі ұйқасқа ерекше мән берілуі — көне түрік әдебиетіне тән кұбылыс. Айтылмыш көркемдік әдістердің қайсысы болмасын жыраулар творчествосындағы алатын орны ерекше.Жыраулар туындыларында ассонанс әдетте “А” әрпінің қайталануы арқылы жасалады. Бұл заңды да. Жырау өлеңдерінің рухы — ерлік, өр ұран. Мұндай өршіл рухты басқа дауыстылардан гөрі “A” дыбысы әсерлірек береді.  
“Арқаның кұба жонында  
Арыстан ойнар шарқ ұрып,  
Атайы ердің тұсында  
Тұлпары тұрар тарп ұрып.”  
(Шалкиіз).  
“Арқаға қарай көшермін,  
Алашыма ұран десермін,  
Ат құйрығын кесермін,  
Алыста дәурен сүрермін!»  
(Жиембет).  
Ал, аллитерация негізінен қатаң дауыссыздар арқылы жасалады.  
“Соқса бір жілік сындырған,  
Көк қоянның қос құлағын тұндырған  
Көгілдірдің жез қанатын сындырған  
Тегеурінді болат темірдің  
Тегеуріні өзіңсің”.  
(Шалкиіз).  
“Тал шарбаққа мал сақтап,  
Тас қалаға жан сақтап,  
Тасқан екен мына хан”.  
(Жиембет).  
Кей реттерде аллитерация мен ассонанс қабат қолданылады да өзара астасып, өлеңге ерекше көрік береді.  
“Еділден шыққан сызашық  
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді,  
Телегейдей сайқалтып  
Жарқыраған беренді  
Теңіз етсе тәңірі етті!  
Жағасына қыршын біткен тал еді,  
Жапырағын жайқалтып,  
Терек етсе тәңірі етті!  
Тебінгінің астынан  
Ала балта суырысып,  
Тепсінісіп келгенде  
Тең атаның ұлы едің, —  
Дәрежеңді артық етсе тәңірі етті!”  
(Шалкиіз).  
Бұл үзіндіде дауыстылар мен дауыссыздардың әлденешеуі іріктеліп алынған. Әйткенмен басқаларынан гөрі өктемірек шығатын дыбыстар — а, е.Өлеңді өзгеше көркем, ырғақты етіп тұрған -дыбыстардың теріліп қолданылуы ғана емес: бұл үзіндіде аллитерациялық негізде жасалған басқы ұйқас та бар:  
“жарқыраған — жағасына — жапырағын: телегейдей — теңіз етсе — терек етсе — тебінгінің—тепсінісіп — тең атаның.  
Жырау поэзиясында басқы рифманың қолданылуы — әдепкі құбылыс.  
“Темір еді биіміз,  
Теңіз еді-ау халқымыз  
Тебірлерге қалғанда  
Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз.”  
Шалкиізден алынған бұл мысалдағы өзара ұйқасуға тиісті: биіміз — халқымыз — жұртымыз — деген сөздер, бәрі де тәуелдік жалғауында тұр демесек, мүлде ұйқаспайды. Алайда жоғарыдағы жолдарды өлең ретінде қабылдаймыз, мұның бірден-бір себебі онда басқы рифманың болуы.  
“Тоғай, тоғай, тоғай, су,  
Тоғай қондым, өкінбен.  
Толғамалы ала балта қолға алып,  
Топ бастадым, өкінбен.  
Тобыршығы биік жай салып,  
Дұспан аттым, өкінбен,  
Тоғынды сарты нар жегіп,  
Көш түзедім, өкінбен,  
Ту құйрығы бір тұтам  
Тұлпар міндім, өкінбен,  
Туған айдай ңұрланып,  
Дулыға кидім, өкінбен!”  
(Доспамбет).  
Төгіліп тұрған поэзия. Ал шындығында, бұл жолдарда қазіргі түсінігіміздегі ұйқас атымен жоқ. Бірақ біз оқыған, я тыңдаған кезімізде жырда сол ұйқастық бар-жоғын аңғармай да қаламыз. Мұның сыры — басқы ұйқастың аса шебер пайдаланылғанында.  
Көне заман жыраулары басқы рифмаға ерекше мән берген, тіпті оны көркемдіктің өлшемі деп қарағанға ұксайды. Сондықтан кейде басқы ұйқас пен кәдімгі ұйқас қабат қолданылады.  
“Салп-салпыншақ анау үш өзен  
Салуалы менің ордам қонған жер.  
Жабағылы жас тайлақ  
Жардай атаң болған жер,  
Жатып қалған бір тоқты,  
Жайылып мың қой болған жер.  
Жарлысы мен байы тең  
Жабысы мен тайы тең,  
Жарыменен сайы тең”  
(Қазтуған).  
Кейде басқы, аяққы рифмалармен бірге ішкі ұйқас та көрнекті орын алады.  
“Қара бас күспен шалдырып,  
Көк теңіздің үстінде  
Көтеріп желкен аштырып,  
Жүк тиедің кемеге,  
Ниет еттің тәңірінің үйі кебеге!  
Жүк тиесең — кетерсің,  
Ниет етсең — жетерсің,  
Жетсең — тауап етерсің!”  
(Шалкиіз).  
Біз жоғарыда басқы рифмаға ерекше мән берілуі, кейде тіпті оның жалаң өзінің ғана қолданылуы — шығарманың көнелігінің белгісі дедік. Бұл — өткінші құбылыс еді. Сондықтан заман оза келе басқы ұйқас бірте-бірте ығыстырылып, оның орнын аяққы ұйкас алады. Негізгі салмақты да сол атқаруға тисті болады.  
Бұл ағымның XVII ғзсырда-ақ өз шешімін тапқандығы көрінеді: Жиембет, Марғасқа жыраулардың толғаулары тегіс аяққы ұйқас негізінде жасалған. XVIII ғасырдан қазақ поэзиясынан да осы жайды аңғарамыз.  
“Құлаты тауға қол салып,  
Садақтың оғын мол салып,  
Бетпақтың ен бір шөлінен  
Төтелеп жүріп жол салып,  
Қолды бір бастар ма екеміз!  
Майданда дабыл қақтырып,  
Ерлердің жолын аштырып.  
Атасы басқа қалмақты  
Жұртынан шауып бостырып,  
Түйедегі наршасын,  
Әлпештеген ханшасын  
Ат артына мінгізіп  
Тегін бір олжа кылар ма екеміз!”  
(Ақтамберді).  
Бұл жолдар да жыраулық пюэзия дәстүрінде жазылған. Алайда мұнда аяққы ұйкасқа ерекше мән беріледі. Өлеңнің өлеңдігін көтеріп тұрған да осы: қол салып — мол салып — жол салып: қақтырып — аттырып — бостырып: наршасын — ханшасын — деген ұйқастар. Басқы ұйқастар ара-тұра Бұқардан да ұшырасьш қалады, әйткенмен Бұқар жырлары тегіс аяққы ұйқас негізінде жасалған.  
Көне жыраулық поэзияның өзіндік ерекшеліктерінің бірі — өлең жолдарында алғашқы сөздердің, кейде тіпті сол алғашкы сөздердің басқы буындарының қайталануы. Бұл қайталаулар — толғаудың құлақ күйі іспеттес.  
“Алаң да алаң, алаң жұрт,  
Ағала ордам қонған жұрт”  
“Салп-салпыншақ анау үш өзен  
Салуалы менім ордам қонған жер”  
(Қазтуған).  
“Тоғай, тоғай, тоғай су,  
Тоғай қондым, өкінбен”  
 
“Сере, сере, сере қар..»  
(Доспамбет).  
“Алп, алп басқан, алп басқан  
Арабы торым өзіңсің”  
“Ор, ор қоян, ор қоян,  
Ор қоян атлы бір қоян”  
(Шалкиіз).  
Жырау поэзиясының бұл нақысы ескі эпоста кеңінен қолданылады Жырау туындыларындағы тармақтар өздерінің буын саны жағынан алғанда үнемі біркелкі болмайтыны мәлім. Және бұл кездойсоқ құбылыс емес, жырау поэзиясының өзіндік ерекшеліктерінің бірі.  
Жалпы, қазақ поэзиясында тармақтарындағы буын саны үнемі 11-ден артық болып бірқалыпта отыратын өлеңдер ұшыраспайды. Бұл салт бізге белгілі ескерткіштердің ішінде бір-екі жерде ғана бұзылады.  
 
Әдетте 15—16 буынды жырларда тармақтың тым ұзақтығынан өлеңдегі ұйқастың әсері өте әлсіз түрде сезіледі. Ал мына жерде бұл жай байқалмайды. Оның себебі — ырғақтың күштілігіне және ішкі рифманың барлығынан.  
Жоғарыдағы мысалда екінші, үшінші тармақтар ІІ буыннан, бірінші төртінші, бесінші, алтыншы тармақтар біркелкі 15 буыннан тұрады. Яғни бұл өлең жолдарындағы буын сандары әр түрлі болғанымен, бірыңғайлық белгілі бір жүйе бар. Алайда бұл — жыраулар поэзиясында кездесетін жекелеген ғана жай.  
Шумақтың буын саны әр түрлі жолдардан құрылуы— соңғы дәуір поэзиясындағы әдепкі құбылыс. Мәселен, Абайдың «Сегіз аяғы» осындай. Бірақ мұнда қатаң заңдылық бар: барлық шумақтар бір үлгімен: тармақтары 5, 5, 8, 8, 5, 8, 8, 8 буын түрінде, ұйқасы а-а-б-в-в-б-г-г түрінде келген.  
Ал, жыраулар поэзиясында тармақтардың ұзынды-қысқалы болып келуінде мұндай жүйе жоқ. Әйткенмен, буын сандары қалай өзгеріп жатса да өлеңнің өлеңдігінің ең басты қасиеттерінің бірі — ырғақ жойылмайды.  
 
“Бала, бала, бала деп,  
Түнде шошып оянған,  
Түн ұйкысын төрт бөліп,  
Түнде бесік таяған”  
Қазір мектеп оқулықтарынан түспейтін, әркімге-ақ жасынан таныс осы халық өлеңін Түркі тайпалары әдебиеттің нұсқаларынан ұшыраттық. Оны В.Радлов Қырым ноғайларынан жазып алған.  
Тортмалы бесік таянған,  
Таңмағында оянған,  
Түн ұйқысын төрт бөлген,  
Түнде тұрып ас берген  
Әрине, сөзбе-сөз келмейді, қанша дегенмен уақыт өз таңбасын салған.  
Жыраулар шығармаларының өзінің алғашқы қалпын сақгауының тағы бір сыры — олардың сөздерінің көркемдігі және нақыл, афоризм түрінде келетіндігі. Мұндай берік жасалған өлең жолдарын бұза қою қиын, тіпті мүмкін емес.Ал мақал сөздер қай халық әдебиетінде болмасын өзінің формасының тұрақтылығымен көзге түседі.  
Қазір тілімізде қолданылып жүрген: “Адам аласы ішінде, жылқы аласы тысында”, “Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді”, “Бар — бақыр, жоқ — алтын”, “Құрғақ қасық ауыз жыртар”, “Түйе сілкінсе есектік жүк қалар”,“Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады”,«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше”деген мақал – мәтелдермен өзіндік көркемділікпен ерекшеленеді.  
Осылайша жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер оның поэзиясының ішкі мазмұнымен орайлас келіп,жыраулар поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғаруға болады.  
 
2.2 Ғасырлар белестері.  
Туған әдебиетіміздің түп негізі көне дәуірге —түрік тайпалары әлі жеке-жеке халық болып жіктелмеген, ортақ мұра жасап жүрген кезеңге барып тіреледі. Ал туыстас түрік руларының бір тобы қазақ деген атпен бөлініп, өз мемлекетін құрумен байланысты XV ғасырдың орта шеңінен бастап дербес, қазақ атымен аталатын әдебиетін қалыптастырды.  
Әлбетте, қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемел өре көркем келісімге жетуі заңды болса керек. Қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдсрі — өз кезінде бүкіл Дешті-Қыпшаққа даңкы жеткен Асан Қайғы, Қодан-тайшы, Қазтуған жыраулар мұрасын біз жаңаның басы ғана емес, көненің жалғасы деп те қарауға тиіспіз. Бұлардың біздің заманымызға жеткен шығармаларынан Көк Орда ұлысындағы бүліншілік, қазақтар көтеріле көшіп, тәуелсіз ту көтерген қилы кезең көрінісі бедер тапқан. Сонымен қатар, халықтың өз кезіндегі елеулі тарихи оқиғаларға берген бағасы да танылғандай. Елге ұйтқы,ер-азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін де айқындап кетті.  
Кейінгі ұрпақ әулие танып,аңыз кейіпкеріне айналдырған, ал Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан Қайғы өз заманының үлкен ойшылы еді. Ол көптеген нақыл сөздердің, афористік, философиялық толғаулардың авторы. Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған Асан қазақ руларының орда көтеруін жақтайды, қазақтар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң ел іргесі берік, ағайын ұжымы күшті болуын үңдейді. Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Феодалдық қоғамдағы әдет-ғұрып, мінез-құлық мәселелерін көтереді. Өзінің ақындық күшін туыстас руларды бір орталыққа, қуатты мемлекет етіп ұйымдастыру жолына арнайды. Біздің заманымызға жеткен толғауларында Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті, Алтын Орданың кезінде пайда болған хандықгардың сарынын құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді.  
Сақара эпосын тудырушылардың бірі — ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы болған Қазтуған өз артына өмір туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы еш алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырады.Қазтуғанның біздің дәуіріміз-ге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс,тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сыйпатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады.  
Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші рөл атқарды. Жырау шығармалары әдетте нақыл, қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар түрінде келеді. Толғауларда жырау өзінің адам және заман жайында түйгендерін. тіршілікте, табиғатта жүріп жататын өзгерістер, оның мән -мағынасы жөніндегі түсініктерді баяндайды. Жыраулар поэзиясының дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз өнернамалары айрықша әсер етті.  
Жорық жыршысы болған Доспамбет жырау шығармаларынан ортағасырлық жауынгер көшпендінің ер тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді, оның асқақ рухы, өмірлік мұраты танылады.Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі - Шалкиіз жырау (шамамен 1465—1560). Өзінің ұзақ өмірінде Дешті-Қыпшақтың төрт бүрышын түгел шарлаған, заманының бірінші ақыны танылып, үлкен даңқа бөленген жырау бүкіл өмірін күрес үстінде өткізеді. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермейді, турашылдығынан танбайды. Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы — түз тұрғынының дүние танымы, адамдық табиғаты мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады. Жырау дуниеде мәңгі, тұрақты ештеңе жоқ деп біледі. Әлем бір қалыпта тұрмайды. Сол сияқты, адам да тіршілік те талай қилы кезеңдерді өткермек. Алайда жырау өмірдің өтпелілігін табиғат заңы деп біледі, тіршілік мұраты еркін, азат ғұмыр деп санайды.Адам үшін ең қымбат нәрсе — Отаны. Жырау өнернамасынан ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы жырлар да өзекті орын алады. Жорықшы жырау ғана емес, батыр жауынгер де болған Жырау аламандарды дұшпаннан именбеуге, қанды ұрысқа тайсалмай кірісуге шақырады, ерлікке үндейді. Шалкиіз қазақ поэзиясын керкемдеу тәсілдері, өлең өрнегі саласында да айрықша байытты. Жырау мұрасынан көрініс тапқан: өлеңнің дыбыстық құрылымына ерекше МӘН беру, әдепкі ұйқаспен қатар ішкі ұйқасқа да, кейде басқы ұйқасты ғана қолдану, өлең тармақтарының буынға ғана емес, екпінге де негізделіп құрылуы, ырғақтық жаңа сипат алып, үлкен жүк арқалауы сияқты қасиеттер қазақ поэзиясын сапалық жаңа биікке көтерді. Қазақ халқы ерлік күреске толы күн кешкен ХVІІ ғасырдан біздің заманымызға Жиембет, Марғасқа жыраулардың аттары жетті. Екеуінің де өмір жолы ΧVІІ ғасырдың алғашқы жартысында, Есім хан тұсында болған тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа ұйысқан күшті феодалдқ мемлекет құру туралы идеяларының ұраншысы қызметін атқарса, ел билеуші ірі шонжарлар әулетінен шыққан Жиембет жырау хан үкіметіне оппозицияда болады. Марғасқа мен Жиембеттің біздің заманымызға жеткен санаулы ғана толғаулары XVII ғасырдағы қазақ поэзиясының сын-сыйпаты, даму бағдары ежелгі арна, байырғы дәстүр ауқымында болғандығын танытады.  
ΧVІІІ ғасырда әдеби өмір жандана түседі.ғасырдың алғашқы ширегінде топандай басқан жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан-шұбырынды алмағайып кезең, қырғын соғыстар мен жеңісті жорыктар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер бұл кездегі қазақ поэзиясының идеялық бағыт-бағдарына, тақырып аясына айрықша ықпал етті.Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны әсіресе Ақтамберді жырау (1675—1768) шығармаларынан айқын көрінеді.Ол өз толғауларында жау қолында қалған жерлерді азат етер күнді аңсайды, исі қазақ болып атқа қонуды, ойраттарға күйрете соққы беруді армандайды, жұртшылықты ерлікке үндейді, жауға тайсалмай шабуға жігерлендіреді. Ақтамберді өнернамасындағы отаншылдық, патриоттық сарындар айқын танытылады.  
Осы кезеңде өмір сүрген талантты жырау Үмбетей (1700–―1778) мұрасындағы жетекші тақырып — сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен ел қорғаны батырларды мадақтау. Әсіресе жыраудың Бөгембай батыр туралы жырлары халық арасына кең тарады. Бұл шығармаларында Бөгембайдың жеке басының ерлігін, қолбасылық қызметін, адамгершілік қасиеттерін,әсіресе патриотизмін негізге ала отырып,халық бақыты жолындағы күрескер,ел тұлғасы – азаматтың биік бейнесін жасайды.Сонымен қатар Үмбетей әр түрлі тақырыптағы тұрмыстық өлеңдерге де көңіл бөлген. Жырау қазақ аулындағы барымташылық, зорлықшылдық,ру таласы сияқты жарамсыз мінездерді сынайды.  
Үмбетейдің замандасы, жорық жыршысы болған, Тәтіқара ақын өзінің 1756 жылы Қазақстанға басып кірген Цин әскерлеріне қарсы күрес күндерінде туған жырларымен аты шығады.Қазақ халқының шүршіт басқыншыларына қарсы ерлік күресіне қолына қару алып қатысқан Тәтіқараның ұрыс – соғыстар үстінде,от жалында туған патриоттық мазмұндағы жырлары өз кезінде жұртты тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдыруға игілікті қызмет атқарды.  
XVIII ғасырдағы казақ әдебиетінің ең соқталы өкілі — Бұқар жырау (1668—1781). Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болады.Ісімен де,жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды.Өз шығармаларында Абылайды сырт жауларға қарсы күресте айрықша қайрат көрсеткен қайтпас батыр,ел қамын жеген көреген көсем ретінде бейнелейді.Бұқар өзінің таңдаулы шығармаларында қазақ қауымы үшін мәні зор әлеуметтік мәселелерді көтереді.Бұлардың ең бастысы – ел бірлігін ту ету,ішкі,сыртқы жаулардың қандайымен болса да бітіспес күреске үндеу.Енді бір топ өлеңдерінде Бұқар өмір мен болмыс,заман және адам туралы толғанады.Табиғат бір қалыпта тұрмайды дейді.Ол өзгеріп,жаңарып отырады.Адам табиғаты да сондай.Адамның өзгеруіне,оның мінез – құқының,моральдық қағидаларының өзгеруіне орай,қоғам да өзгеріп отырмақ дегенге меңзейді жырау.Міне,осының бәрі Бұқар жырауды көне қазақ поэзиясының ең тұлғалы өкілдерінің қатарына жатқызамыз.  
ΧVІІІғасырдағы жыраулық поэзиясының ең көрнекті өкілдері – Көтеш және Шал ақындар.Жарлы ортадан шыққан,өмір бойы жоқшылық тартып өткен Көтеш (1745 -1818) өлеңдеріндегі негізгі сарын – кедейлік тақсыреті, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық.Ал, Шал ақынның (1748 -1819) біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырыптық жағынан алғанда біршама бай.Бұлар:дін,этика, мораль мәселелері,байлық пен кедейлік,о дүние мен бұ дүние жайы сөз етілетін философиялық үлгідегі туындылар,көшпенділердің күнделікті өміріне,шаруашылығына қатысты тұрмыстық өлеңдер,жеке адамдарға арналған эпиграммалар,арнау жырлар. Жан – жақтылығы,өмірге жақындығы,елгезектігі жыраулар поэзиясында қамтылмаған жаңа тақырыптарға баруы Шал шығармаларының қазақ қауымының барлық саласына кеңінен тарауына ғана себеп болған жоқ,қазақ поэзиясының өрісін кеңейтті,қазақ топырағында реалистік дәстүрдің өркен жаюына септесер алғы шарттар жасады.  
 
ҚОРЫТЫНДЫ.  
 
“Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да, көптің мұңы,көптің жайы туралы айтылады”, - деген М. Әуезов.  
Қашанда ел өміріндегі күрделі оқиғаларға үн қосып,өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырды.Өткен күн, озған дурен,көне тіршілік шежіресі болды.Үнемі халық жағынан табылып,елдің бүгіні ғана емес, болашағы үшін де аса мәнді идеялардың ұраншысы қызметін атқарды.Еркіндік, егемендік кезеңдеріндегі қазақ әдебиетінің үлгілі дәрісі, үлкен тағылымы да осында.  
Жыраулар поэзиясында нақылдың сөз оралымдары мол , Философиялық  
терең ойға толы, ол біздің жастар үшін өсиетнама түрінде берілген.  
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды,  
оның арман – мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси - әлеуметтік тіршілігін, ой – санасын, дүниетанымын көркем, бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы.  
Көптеген жылдар бойы сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына  
сіңіріп, өзіндік үн, өзгеше бояу, нақышы айқын ұлттық сипатта қалыптасқан жыраулық поэзияға бас иейік!  
 
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:  
 
1. Бес ғасыр жырлайды. Алматы 1989,1-том.  
2. Қазақ тілі мен әдебиеті, 2005, № 6.  
3. Жұлдыз - 2001, №3.  
4. Ұлттық энциклопедия .- Алматы, 4том.  
5. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы.-Алматы,2001.  
6. Қазақ әдебиеті энциклопедия Алматы 1999 ж. 7. Қазақ хандық дәуір әдебиеті М. Мағауин Алматы 1992 ж.


 

 

 

 

 

 

XVIII ғасырдағы жыраулар поэзиясының  даму сипаты 

 

XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің  даму жөніндегі сипаты. 
Қазақ халқыда да басқа халықтар сияқты поэзияға бай, сөз өнерін ерекше қадірлей білген, көркем сөз құдіретін қастерлеп, оған үлкен міндет жүктеп келген ел. Адам баласының шыр етіп дүние есігін ашқан шақтан бастап, ең соңғы демі біткенше дейінгі өмір жолы, тіршілік қадамдары түгел дерлік поэзияға қарыздар. Поэзияның адам өмірі мен тіршілігіндегі ролі оның қоғамдық маңызында белгілейді. 
Белгілі тарихи қоғамның, әлеуметтік ортаның алдыңғы қатарлы санасы тұрғысындағы туындаған поэзия – адамгершіл асыл поэзия. Заманалар жасаған көркем сөз кестелері, асқақ арман, ұшқыр қиял жемістері – халық өнерпаздары жасаған өлмел, өшпес мәңгілік мұра. Әр халық өзінің рухани мәдинетінің деңгейін көркемөнер туындыларының нәрлі қорлары, сан – салмағы, сән – сәулетінің аумағымен өлшейді, бағалайды. Атадан балаға ауысқан, үрім – бұтаққа мұра боп жеткен «шебердің бізі, шешеннің тілі» туғызғанөнер құдіретін рухани байлығынан санайды. Берік материалдық негізде дамыған рухани мәдениет адам баласы қоғамның жетіле түсінуінде шешуші роль атқарады. Адам баласы өзінің өсіп-өркендеу жолында өмір сүруі үшін тікелей қажет нәрселерді алып қоймайды, соған қоса рухани азық болатын өнер мұраларымен де сусындап отырады. Осылардың қай – қайсынан да адам өз қолымен жасап, керегіне асырады. Барлық материалдық және рухани байлықтардың нағыз иесі – еңбекші халық деген лениндік қағиданың кемеңгерлік маңызды да осындай заңдылықтарын таныта білгендік болса керек. 
Ақындар өнердің ілкі тобы XVIII ғасырда көрінді дедік. Енді осы бір дәуір сипатын еске ала кетелік. 
XVIII ғасырдағы қазақ қоғамында кейбір өзгерстер нышаны байқалса да, оның экономикалық – саяси өркендеуі феодалдық ұсақ рулық дережеден аса алмады. Қазақ елін түгел қамтыған үлкен бір тұтас хандық мемлекеттің құрылуына мүмкіндік болмады. Қазақтың үш жүзі кейде бірігіп, кейде бір – бірімен байланссыз оқшау өмір сүрді. Қазақ рулары өз жүздерінің хандарына да бағынбай, өз рубасы батырын немесе би – феодалын билеуші санап, өз бетінше тіршілік етіп жатты. Көрші елдер осы ұсақ билеушілердің өзара назарлықтарын пайдаланып, оларды біртіндеп бағындыруды көздеді. 
Сырқы жаулардың ішінде Қазақстанның бұл кездегі ең қауіпті дұшпаны жоңғарлар еді. XVIII ғасырдағы жоңғарлар күшті соғыс қолын жасақтап, Қазақстан мен Орта Азияға шабуыл жасады. Сөйтіп, жоңғарлар ауызбіршілігін нашар, бытыраңқы қазақ жерінің бірінен соң бірінен басып алды. 
XVIII ғасыр поэзиясы да түгелдей ақындар өнерімен шектелмейді. Аталмыш дәуір әдәбиетінде де жыраулық дәстүрдің іргесі әлі берік. Әсіресе, Ақтанберді мен Бұхар жыраулар қосқан үлестерді аттап өтуге болмас еді. Сондықтан, біз бұл тұста ақындардан бұрын