Демократияның

«Демократияның  көп кемшіліктері бар, бірақ оның ең құндылығы

сонда – бұдан  артықты бүгінге дейін ешкім ойлап тапқан жоқ»

У.Черчилль.

 

 

1. Демократия: түсінігі және пайда болуы.

2. Қазіргі заманғы демократия: теориялары және тәжірбиелері.

3. Демократияға өтудің құндылықтары, алғы шарттары мен жолдары

 

 

1. Демократия: түсінігі және пайда болуы. Саясаттануда демократия – ең жиі қолданылатын ұғымдардың бірі. Саяси ойлар тарихында демократия сөзі ежелгі сөздердің қатарына жатады, екі мың жылдан астам уақыт бойы демократияға түрлі мазмұн берілді. Демократияның тарихи генезисі ұзақ жолдардан өтті, ол құбылыс ретінде дағдарысты, құлдырауды, жаңаруды басынан кешірді, бұл процесс көп қырлы және қарама қайшылықты болды. Бұл генезис бүгінде аяқталған жоқ. Қазіргі кезеңде дүние жүзіндегі бірде-бір саяси жүйе демократия мұраттарын (идеалын) толық бейнелей алмайды. Қазіргі кезеңде демократия мәселелері – саясаттанудың негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Оның көпқырлылығы, күрделілігі, тікелей саяси тәжірибеге негізделуі, әлемнің түрлі елдерінде түрлі концепцияларының болуы – оны зерттеудің жан жақтылығын, әртүрлілігін, қарама-қайшылықтығын көрсетеді. Ғылыми әдебиетте демократияның бірыңғай анықтамасы жоқ.. Бүгінгі күні бұл сөз бірнеше мағынада қолданылады. Алғашқы негізгі мағынасы сөздің шығу тегімен (этимологиясымен) байланысты. «Демократия» термині ежелгі гректің «демос» -халық және «кратос»-билік деген сөздерінен құралып, халық билігі деген мағынаны білдіреді. Демократияның кеңірек анықтамасын АҚШ-тың төртінші президенті Авраам Линкольн былай деп анықтаған: «Халық үшін, халық сайлаған, халық билігі». Қазіргі кезеңде ғылымда демократия терминінің мынадай түсініктері бар:

· мемлекет нысаны және жалпы саяси жүйенің нысаны ретінде;

· мүшелерінің басқаруға қатысуы теңдігіне, көпшілік дауыспен шешімдер қабылдау принциптеріне негізделген қоғамдық өмірдің, кез келген ұйымының ұйымдастырылу түрі. Бұл мағынада алғанда, партиялық, кәсіподақтық, өндірістік, тіпті отбасылық демократия туралы айтуға болады. Кең мағынада алғанда демократия ұйым, билік және басқару бар жердің бәрінде өмір сүре алады;

· белгілі бір құндылықтар жүйесіне негізделген қоғамдық құрылымның мұраты (идеалы) және соған сәйкес көзқарастар. Мұндай құндылықтарға еркіндік, теңдік, адам құқығы, халық егеменділігі т.б. жатады;

· халық билігін, демократиялық мақсаттар мен мұраттарды жүзеге асыру жолындағы әлеуметтік және саяси қозғалыс. Бұл қозғалыс Еуропада үшінші сословиенің азаттығы және теңдігі үшін абсолютизммен күрес туы астында пайда болды. Қазіргі кезеңдегі демократиялық қозғалыстың түрі көп: социал-демократиялық, христиан демократиялық, либералдық, жаңа әлеуметтік және басқа да қозғалыстар. Халық билігі ретіндегі демократия ұғымы белгілі бір нормаларға негізделеді. Мұндай нормалар, идеалдар, құндылықтар ретінде еркіндік, теңдік, адамның ар-ожданын құрметтеу, ынтымақтастық т.б. алынған. Мемлекеттік басқару нысаны ретінде демократияға мынадай ерекше белгілер тән:

1) халық билігінің жоғарлылығын, егеменділігін заңды түрде мойындау және оны институционалдандыру. Халық – биліктің көзі. Халықтың егеменділігі мемлекеттегі құрылтай, конституциялық биліктің халыққа тиеселі екендігінен көрінеді, яғни халық өз өкілдерін сайлай және әрдайым ауыстыра алады, ал көптеген елдерде халықтық бастамалар мен референдумдар арқылы заң шығару мен қабылдауға тікелей қатыса алады;

2) мемлекеттердің  негізгі органдарының әрдайым  сайланбалылығы. Жоғарғы билікті жүргізушілерді белгілі бір мерзімге сайланған мемлекет өзін демократиялық деп санай алады;

3) мемлекетті  басқаруға қатысуға азаматтардың құқықтарының теңдігі.

Бұл прицип қазіргі заманғы  саяси жүйеде азаматтардың еркін  білдіру үшін саяси партиялар мен басқа да бірлестіктер құру еркіндігін, пікір бостандығын, ақпараттық мәліметтерге құқығын және мемлекеттегі басқарушы қызметтер үшін бәсекелі күреске қатысу құқығын көздейді;

4) шешім қабылдағанда  көпшілік дауыспен қабылдау және  шешімді жүзеге асырғанда азшылық көпшілікке бағынады.

Демократияның аталған бұл  жалпы принциптері оның негізгі өлшемдерін анықтауға, демократия туралы теорияларды айырып, топтауға, ал тәжірибедегі демократия үлгілерін өлшеуге мүмкіндік береді. Демократияның маңызды приципі – халық егеменділігі принципіне сәйкес бағаланғанда, халық деп кім түсініледі және оның егемендігі қалай жүзеге асырылады, міне осыларға назар аударылады. «Халық» ұғымы саяси ойлар тарихында түрліше түсіндірілді. Қазіргі кезеңдегі демократияда халық деп елдің ересек тұрғындары түсініледі. Шамамен ХІХ ғасырдың ортасына дейін демос, халық деп ерікті ересек ер адамдар (антикалық демократияда), не жылжымайтын мүлігі т.б. бар меншік иелері немесе ер адамдар ғана түсініліп келді. Халықты таптық және демографиялық белгілермен шектеу, яғни тұрғындардың белгілі бір бӛлігінің саяси құқықтарын шектеп, атап айтқанда, сайлау құқығын бермеген мұндай мемлекеттерді барлық тұрғындарына тең саяси құқық берген жалпы демократиялық мемлекеттерге қарағанда әлеуметтік шектелген демократиялық елдер деп сипаттауға негіз болды. ХХ ғасырдың басына дейінгі демократиялар негізінен таптық немесе патриархалдық (ер адамдар үшін) сипатта болды. Саяси ойлар тарихында халықты тұрғындардың кӛпшілігін құраған қарапайым адамдар, кедей өӛменгі топтар, тобыр деп қарау басым болды. Мысалы, демосты осы тұрғыдан түсіну Аристотельде кездеседі, ол демократияны мемлекеттің бұрыс түрі деп есептеп, оны жалпы игілікті көздеп, ақылға сыйымды шешімдер қабылдауға, басқаруға қабілетсіз демостың, тобырдың билігі деп қарастырды. Қазіргі заманғы саяси теорияда басқарудың мұндай түрін «охлократия» деп атайды, яғни грек тілінен аударғанда «жай халықтың, тобырдың билігі» дегенді білдіреді. Халықтың құрамын қалай түсінуге байланысты оның билігі жалпы және әлеуметтік (таптық, этникалық, демографиялық т.б.) шектелген демократия және охлократия түрінде болуы мүмкін. Халық адамдарының күрделі қоғамдастығы ретінде нақты жеке адамдардан тұрады. Халық дербес, ерікті индивидтердің жиынтығы немесе түрлі топтардың өзара әрекеті деп қарастырыла ма, әлде тұтас субъект ретінде алына ма, осыған байданысты демократияның концепциялары мен нақты үлгілерін индивидуалдық (даралық), плюралистік (топтық) және ұжымдық деп бөледі. Бірінші жағдайда биліктің көзі - жеке адам, екіншіде - топ, үшіншіде - бүкіл халық (ұлт, тап) болып табылады. Демократияның маңызды белгісі - халық егемендігі қалай жүзеге асырылады, халық басқаруға қалай қатысады, билік функцияларын кім атқарады, осыларға байланысты демократия тікелей (тура), плебисцитарлық, және өкілділік (репрезентативті) деп бөлінеді. Тура демократияда халық маңызды саяси шешімдер дайындауға және қабылдауға тікелей қатысады, қатысудың мұндай түрі антикалық демократияда басым болды. Іс жүзінде ол шағын ұжымдарда мүмкін болады (өндірістік мекемелерде, қауымдарда, қалаларда т.б.) Қазіргі кезеңде тура демократия негізінен жергілікті өзін-өзі басқаруда кездеседі. Билікті жүзеге асыруға азаматтардың қатысуының келесі түрі - плебисцитарлық демократия. Тура және плебисцитарлық демократияның екеуі де халықтың өз еркін тікелей білдіруі болып табылады, алайда екеуінің арасында айырмашылық бар. Тура демократияда азаматтар билік процесінің барлық кезеңдеріне (саяси шешімдерді дайындау, қабылдау және оның жүзеге асырылуын бақылау) қатысу көзделсе, ал плебисцитарлық демократияда азаматтардың саяси ықпалы шектеледі. Оларға дауыс беру арқылы заңның немесе басқа да шешімінің жобасын қабылдау немесе қабылдамау құқығы беріледі. Оны әдетте президент, үкімет, партия немесе бастамашы топ дайындайды. Мұнда халықтың жобаны дайындауға қатынасу мүмкіндігі өте аз. Оны кейбір жағдайларда екі ұшты сұрақтар қою және т.с.с. арқылы ұйымдастырушылар айласын асыру үшін де пайдаланады. Қазіргі заманғы мемлекеттердегі саяси қатысудың үшінші түрі – өкілділік демократиясы. Оның мәні - азаматтардың шешімдер қабылдауға жанама түрде қатысуы, халықтың еркі депутаттарға және биліктің өкілетті органдарына беріледі. Азаматтар өздерінің көзқарастарының, мақсаттарының, бағдарламаларының жақындығына байланысты депутаттарды сайлайды, оларға өз мүдделерін қорғауды сеніп тапсырады. Өкілділік демократиясы үлкен аумақта немесе басқа да себептерге байланысты азаматтардың тікелей дауыс беруге, шешім қабылдауға мүмкіндігі жоқ жағдайда қолайлы болып табылады. Демократияның екінші белгісі - билік органдарының, институттарының қалыптасу тәртібі мен құрылысына қарай демократиялық мемлекеттер парламенттік, президенттік, аралас (немесе жартылай президентік) республикалар, суперпрезиденттік республикалар, парламенттік монархия т.б. деп бөлінеді.

Демократияның үшінші белгісі - азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысу құқықтарының теңдігі формальды (сӛз жүзінде), яғни заңды түрде және фактілік (іс жүзінде, яғни саяси құқықтарды жүзеге асырудың бірдей әлеуметтік мүмкіндіктердің - материалдық жағдайының, білімінің, бос уақытының т.б. болуы) түрде болуы мүмкін. Мемлекет қамтамасыз ететін теңдіктің, сипатына қарай демократия саяси (құқықтар теңдігі – формальды теңдік) және әлеуметтік (мемлекетті басқаруға азаматтардың қатысу мүмкіндіктерінің теңдігіне негізделген) деп бөледі. Демократияның төртінші белгісі - шешім қабылдау мен жүзеге асыруда азшылықтың кӛпшілікке бағынуы белгісі бойынша демократия деспоттық, тоталитарлық және конституциялық деп бөлінеді. Азшылықтың көпшілікке бағынуының шегі болмай, ол адамның өмірі мен қызметінің барлық саласына тараса, онда ол деспоттық демократияны білдіреді, яғни көпшіліктің шексіз билігі, бассыздығы. Ал егер көпшіліктің билігі жеке тұлғаның бағынуын талап етіп, оған әрдайым толық бақылау орнатуға тырысса, онда мұны тоталитарлық демократия деп атайды. Демократияның мұндай формаларына конституциялық демократия қарсы қойылады. Онда көпшіліктің билігі, фукциялары конститутция, биліктің бөлінуі арқылы шектеледі, азшылықтың, жеке адамның автономиясы мен еркіндігі қамтамасыз етіледі.

Демократияның пайда  болуы. Ұйымдасудың демократиялық нысандары ежелгі замандардан, мемлекетке дейінгі рулық құрылыс кезеңінен бастау алады. Демократияның рулық нысандарын барлық халықтар басынан кешірді. Рулық демократия қандық-туыстық байланыстарға, ортақ меншікке, тығыздықтың төмендігіне, тұрғындардың санының аздығына, тұрпайы ӛндіріске негізделді. Демократиялық мемлекеттің алғашқы, классикалық нысаны Афины республикасы болды. Афинының демократиялық дамуына б.з.д. ІІ ғасырдағы архонт Солон реформалары негіз салды. Афина демократиясы б.з.д. V ғасырда Периклдің кезінде толық іске асырылды. Афины республикасы демократияның ұжымдық нысаны ретінде көрінді. Ежелгі заманнан-ақ орта таптың демократияның тірегі болатыны түсінілді. Аристотельдің ойынша, орта тап қоғамды біріктіреді, азаматтардың қарама-қарсы партияларға бөлінуін болдыртпайды, сөйтіп мемлекеттегі жағдайды тұрақтандырады. Кедейлерден, демостан емес, мүлігі, адамгершілігі, мемлекетке талаптары жағынан орташа адамдардан тұратын көпшіліктің билігі бар басқару нысаны ең таңдаулы болмақ. Басқарудың бұл нысанын Аристотель «полития» деп атады. Афины демократиясының гүлдену кезеңінде орта тап кӛпшілікті құрады. Афины полисінде тікелей демократия үстем болды. Алайда Периклден кейін Афины демократиясы құлдырап, азаматтардың әлеуметтік теңсіздігі ұлғайып, тобырдың ықпалы күшейіп, әдет- ғұрып төмендеді. Бұл кезде Афиныдағы демократия охлократияға ұласып, көпшілік тираниясымен алмасты. Афины демократиясының көпшіліктің азшылыққа бассыздығы кезеңін оны депостық және тоталитарлық үрдістер көрініс берген басқару нысаны ретінде сипаттауға мүмкіндік береді. Афиныдағы сияқты демократиялық мемлекет Ежелгі Римде, Ежелгі Новгородта, Флоренцияда т.б. қала-республикаларда болды. Ортағасырлық Еуропада және бүкіл әлемде көп ғасырларға авторитарлық, негізінен басқарудың монархиялық нысандары орнықты. «Демократия» сөзі европалық саяси сөз қолданысынан екі мың жылға жуық уақытқа алынып тасталынды, ал егер ол кейде қолданыла қалса, жағымсыз түрде, аристотельдік мағынада, басқарудың бұрыс нысаны, тобырдың қиратушы билігі ретінде қолданылды. Алайда монархиялық билікті шектеу, оны халыққа қызмет еткізуге бағыттау идеяларының дамуы тоқтаған жоқ. Орта ғасырларда демократиялық бағыттағыкөзқарастардың орнығуына христиандық үлкен әсер етті. Ол адамзаттқа адамдардың маңызды, рухани салада-құдай алдындағы теңдігі, адамның ар-намысын құрметтеу сияқты өнегелік парызын берді. Христиандық ықпалымен орта ғасырларда монарх пен билік өз халқына қызмет етуі тиіс, құдай заңдарын, моральді, дәстүрлерді, адамның табиғи құқықтарын бұзбауы тиістігі туралы идеялар орнықты. Мемлекеттік билікті халық пен билеуші арасындағы ерікті келісім негізінде пайда болған деп түсіндіретін қоғамдық келісім концепциясы пайда болды. Орта ғасырдағы протестанттық реформа діндарлар арасында ерте христиандықтың демократиялық идеалдарының орнығуына ықпал етті. Еуропада дами бастаған капитализмнің және онымен байланысты дарашылдық (индивидуалдық) көзқарастардың ықпалымен гуманистік идеялар, құндылықтар, концепциялар кеңінен мойындалып таралды. Олардың көбі мемлекеттік басқарудың жаңа демократиялық үлгілеріне негіз болып, ХХ ғасырдың аяғындағы демократияға тікелей ықпал етті.

2. Қазіргі заманғы  демократия: теориялары және тәжірибелері.

Классикалық либерализм демократиясы. Бүгінгі күні өмір сүріп тұрған демократиялық жүйелер өз бастауын ХVІІІ ғ. соңы ХХ ғ.-ғы либерализм идеологиясының тікелей ықпалымен пайда болған басқару нысанынан алады. Саяси және демократиялық ойлардың  дамуында либерализмнің ролі өте зор. Бұл идеялық және саяси ағым жеке адамның еркіндігі, оны мемлекеттің тираниясынан қорғау туы астында пайда болды. Либерализм алғаш рет әлеуметтік ойлар тарихында индивидті қоғам мен мемлекеттен ажыратты, екі автономиялы сала - мемлекет пен азаматтық қоғамды бөлді, мемлекеттің азаматтық қоғаммен және жеке адаммен өзара әрекетіндегі өкілеттілігін шектеді, азшылықтың автономиясы мен құқығын қорғады, барлық азаматтардың саяси теңдігін жариялады, жеке адамның фундаменттік, ажырамас құқықтарын анықтап, оны саяси жүйенің басты элементі ретінде бекітті. Либералдық идеялардың және олардың көпшілігінің іс жүзіне асырылуының Отаны – Англия болды. Ерте либерализмнің идеологтары - Джон Локк, Шарль Луи Монтескье т.б. болды. ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы классикалық либералдық демократияның белгілері:

1) биліктің субъектісі ретінде халық меншік иелері-ер адамдармен байланыстырылды, төменгі топтар, ең алдымен жұмысшылар, әйелдердің сайлау құқығы болмады. ХХ ғасырдың басы-ортасына дейін көптеген батыстың демократиялық елдерінде мүліктік және басқа да ценздер салықталынды, онсыз адам дауыс бере алмайтын еді;

2) дарашылдық, жеке  адамды биліктің алғашқы және  басты көзі деп мойындау, мемлекет заңдарынан жеке адам құқықтарының конституцияларда бекітілді, оның орындалуын тежеусіз сот бақылайды;

3) демократияның  тар саяси, формальды сипаты, еркіндікті  жағымсыз тұрғыдан түсіну. Антикалық демократиядағыдай еркіндік саясатқа белсенді тең құқықты түрде қатысу мүмкіндігі ретінде емес, мемлекет және басқа адамдардың тарапынан болатын араласудан қорғайтын енжар (пассивті) жеке дара құқық;

4) парламентаризм, саяси ықпалдың өкілділік нысанының үстем болуы. Афины демократиясының сабақтары кӛрсеткендей, бүкіл халықтың басқаруы шексіз монархия сияқты қауіпті;

5) мемлекеттің  қызметі қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтарын, әлеуметтік тұрақтылықты қорғаумен т.б. шектеледі, ол азаматтық қоғам істеріне, экономикалық, әлеуметтік, рухани-адамгершіліктік салаларға араласпайды;

6) билікті өз бас пайдасына пайдалануды болдыртпау үшін азаматтардың мемлекетті, билікті нәтижелі бақылауының шарты ретінде биліктің бөлінуі, олардың бір-бірін тежеп отыруы.

7) көпшіліктің  азшылыққа билігін шектеу, жеке және топтық автономия мен еркіндікті қамтамасыз ету. Азшылықтың өз пікірі болуына және оны заң шеңберінде қорғауға құқығы бар. Либералдық демократияның әлсіз жақтары: әлеуметтік таптық шектеулілігі; формальдылығы, кедейлер, тұрғындардың әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмеген топтары үшін демократияның декларация түрінде болуы; демократияның және жеке адамның саяси қатысуының шектеулілігі; қоғамды басқарудағы, әлеуметтік әділеттілікті нығайтудағы мемлекет ролінің төмендетілуі; шамадан тыс дарашылдық, адамның ұжымдық табиғатын, оны түрлі әлеуметтік топтарға жатуын мойындамау. Классикалық либерализмнің кемшіліктеріне жауап ретінде жұмысшы, социалистік, коммунистік т.б. қозғалыстар және либералдық демократиялық концепцияларға қарама-қарсы басқа, жаңа қозғалыстар да пайда болды.

Ұжымдық демократия. Либералдық мемлекетің кемшіліктерін жойып, шынайы халықтың билігін ұжымдық демократия үлгілері жүзеге асыруға тырысты. Демократияның бұл типінің теориясы толық жасалған, ал оны мемлекеттік социализм елдерінде жүзеге асыруға тырысушылық табысқа жетпеді. Соған қарамастан олар демократияның теориясы мен тәжірибесін (жағымсыз сипатта болса да) біраз байытты, батыстың қазіргі заманғы саяси жүйесіне үлкен ықпал етті.

Ұжымдық демократияны идентитарлық (бірыңғай) демократия деп те атайды. Бұл ұғым халықтың (ұлттың, таптың) және оның еркінің тұтастығына байланысты туған. Идентитарлық демократия теориясының көрнекті өкілдері - Руссо, Маркс, Ленин, К.Шмитт. Демократияның бұл типінің маңызды принциптерін Жан Жак Руссо (1712-1778) алғаш рет негіздеді. Ол қоғамды либералдық «жария» және «жеке» деп бӛлуді сынады. Оның ойынша либералдық ойшылдардың дарашылдығы (индивидуализмі) мен эгоизмі қоғам үшін қиратушы сипат алды. Руссоның демократиялық республикасының азаматының мұраты (идеалы) – өзімен өзі жеке кеткен дара тұлға емес, қоғам мүддесін көздеген, оның белсенді мүшесі. Руссо демократиясының теориясы бүкіл биліктің оқшауланған индивидтердің тұтас нәрсеге (халыққа) ерікті түрде бірігуі арқылы пайда болған халыққа тиесілі екендігінен бастау алады. Халыққа біріккен кейін жеке адам өз құқықтарын жоғалтады. Олар оған қажет емес, себебі тұтас нәрсе - мемлекет кез- келген тірі организм сияқты өз мүшелерін қамқорлыққа алады, ал өз кезегінде олар да мемлекеттің игілігі туралы ойлауы тиіс. Руссоның мемлекетке органикалық тұрғыдан қарауында индивид пен мемлекет арасында қайшылықтар, жанжалдар болмайды, азаматтардың билікке қарсы наразылығы үшін негіз жойылады, саяси оппозицияға, жеке мүдделерге жол берілмейді. Егер жеке мүдде пайда болса, ол басылады. Мүдделер мен халық еркінің ортақ болуының алғы шарты мүлік теңдігі болып табылады. Руссо жеке меншікті толық жоюды емес, оны шектеуді, мөлшерін бірдей етуді ұсынды. Халық бөлшектенбейді, ол біртұтас. Оның біртұтас, ортақ еркі мен егеменділігі бар. Оның құрамында тұрақты көпшілік пен азшылық жоқ, сондықтан азшылықты қорғаудың қажеттілігі болмайды. Халық ұжым ретінде өзін сайланбалы өкілдер арқылы емес, өзін-өзі тікелей көрсетеді. Руссоның демократиялық концепциясының тотаритарлық бағыты одан әрі марксизмде, әсіресе демократияның лениндік және сталиндік теориясында көрініс

тапты, «социалистік» үлгілерінде  жүзеге асты, ол кейбір елдерде бүгінге дейін сақталынуда. «Социалистік демократия» теориясы. «Социалистік демократия» теориясы

Руссонның идентитарлық концепциясының маңызды принциптерін сақтай отырып, оған өзгерістер енгізді. Бұл теория бастапқыда жұмысшы табының біртұтастығына, ал социализм құрғаннан кейін бүкіл халықтың біртұтастығына байланысты оларда таптық және жалпы халықтық мүдделердің болуына негізделді. «Социалистік демократия» теориясының Руссо концепциясына қарағандағы ерекшелігі - жеке меншікті толық жоюдан, яғни жеке адам автономиясын мойындамаудан, халықтың жұмысшы табымен, еңбекшілермен алмастырылуынан, сонымен бірге жұмысшы табының жетекшілік ролі, жұмысшы табы мен бүкіл халықтың авангарды - коммунистік партия, ол толық демократияға, қоғамдық өзін-өзі басқаруға өту процесін басқарады деген идеялардан көрінеді. Іс жүзінде «социалистік халық билігі» қоғамның тоталиритарлық құрылымын бүркемелеп, биліктің бүкіл жоғарғы партиялық басшылықтың қолына жинақталуына әкелді.

Ұжымдық демократияның  ерекше белгілері. Ерекшеліктеріне қарамастан демократияның ұжымдық теорияларының жалпы ортақ белгілері бар. Оларға мыналар жатады:

1) халықтың ұжымы ретінде  түсіндірлуі, халықтың біртұтастығы, оның ортақ мүддесі мен еркінің болуы;

2) халық ішінде ішкі  қайшылықтардың болмауы, саяси  оппозицияға жау ретінде қарап, оны күштеп жою;

3) мемлекет пен қоғамның  барлық істеріне азаматтың белсенді, тең құқықты қатысуы ретінде түсінілген еркіндіктің ұжымдық (антикалық түсінікке жақын) түсінігі;

4) биліктің тоталитарлық, абсолюттік сипаты, іс жүзінде  халықпен (таппен, ұлтпен) теңестірілген көсемдердің билігі, азшылықтың, оның ішінде жеке адамның толық қорғансыздығы;

5) адам құқығы мәселесінің  болмауы, себебі тұтас нәрсе мемлекет өзінің құрамдас бөліктерінің жағдайының жақсы болуына онсыз да мүдделі;

6) жалпы саяси жұмылдыру,  азаматтардың басқаруға тікелей қатысуы, өкілділік органдары мен қызметтегі адамдарды халықтың қызметшісі, оның еркін жүзеге асырушысы деп қарау;

7) әлеуметтік демократияның  жариялануы. Ұжымдық демократия теориялары өзінің іске аспайтығын немесе либералдық түсініктегі демократиямен үйлесімсіздігін көрсетті. Оларды жүзеге асыру жаңа үстем тап - номенклатураның пайда болуына және тоталитаризмге, яғни жеке бостандықтың қандай түрін болса да жаншуға, басқаша ойлаушыларға қарсы террорға әкелді. «Таптық», «ұлттық», немесе «жалпыхалықтық» ортақ ерік бір адамның немесе топтың саяси үстемдігін ақтайтын миф болып шықты. Алайда өзінің іске аспауына қарамастан, классикалық либералдық демократияның таптық шектеулігін сынау нәтижесінде пайда болған ұжымдық демократия оны іске асыру эксперименті Батыс елдердегі либералдық басқару нысандарының дамуы мен саяси ойдың дамуына үлкен әсер етті.

Плебисцитарлық  партиялық демократия теориясы. Ұжымдық, идентитарлық демократияның кейбір маңызды идеалары қазіргі заманғы Батыс теорияларында көрініс тапты.Олардың ішінде көрнекті түрі – партиялық демократияның плебисцитарлық мандаттық теориясы болып табылады. Ол Руссоның әрбір азаматтың өз өміріне ықпал ететін заңдарды белгілі бір дәрежеде қолдау немесе қолдамау мүмкіндігі болуы тиіс деген идеяны дамытады. Бұл теория бойынша, тұрғындарының саны көп, ежелгі грек полистеріне қарағанда үлкен аумақты алып жатқан қазіргі заманғы мемлекеттерде халық билігінің антикалық үлгісі «партиялық мемлекетте» толық жүзеге асады. Түрлі партиялық бағдарламалар азаматтарға сайлау кӛмегімен мемлекеттік саясатқа тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарламалар азаматтардан алған мандат, аманат ретінде болды, оны депутаттар, үкімет орындауы тиіс. Депутаттардың партиялық бағдарламаларымен, құрылымымен байланыстылығы оларды халықтың еркін тікелей білдірушілерге айналдырады. Осылайша халық пен үкіметтің біртұтастығы іске асады. Сынаушылардың пікірі бойынша, бұл концепция іске аспайды, нақтыөмірмен сәйкес келмейді. Қазіргі заманғы «халықтық партиялардың» белгілі әлеуметтік базасы жоқ, олар тұрғындардың түрлі топтарының дауыстарын өздеріне тартуға тырысады. Сондықтан олардың сайлау алдындағы платформалары жалпы сипат алған, тұманды, бір-бірінен айырмашылығы жоқ, мазмұндары қайшылықты эмпирикалық зертеулер көрсеткендей, сайлаушылардың көп бөлігі партиялық бағдарламалармен таныс емес, өз тандауын жасарда дәстүрлі партиялық жетекшілердің тартымдылығын, символикасын т.б. басшылыққа алады. Осыларға байланысты «партиялық демократия» халық билігінен алшақ. Ғылыми-техникалық және информациялық революциялардың, жұмысшы, социал-демократиялық, коммунистік т.б. қозғалыстардың, сонымен бірге мемлекеттік-бюрократиялық социализм елдерінің және ХХ ғасырдың екінші жартысындағы т.б. факторлар ықпалымен либералдық демократия жаңа сатыға көтерілді.

Плюралистік (алуан  түрлілік) демократия. Қазіргі заманғы демократияның батыстық үлгісі либералдық саяси жүйеден ӛсіп шықты және оның мынадай басты ұйымдастырушылық принциптерін: конституционализм, биліктің бӛлінуі т.б. және мынадай құндылықтарын: жеке бас еркіндігі, адам құқықтары, азшылық автономиясы т.б. негізге алды. Қазіргі заманғы демократияға түрліше баға беріп, оны түрліше атайды. Оны көбінесе плюралистік деп атайды. Классикалық либералдық мемлекетпен ұқсастығына қарамастан, қазіргі заманғы демократияның одан біраз айырмашылығы бар. Оның негізгі ерекшеліктері сонда, ол ұйымдасудың түрлі идеяларына, концепцияларына және нысандарына сүйенеді, дәстүрлі либералдық құндылықтарды социалистік, христиандық, коммунистік және т.б. қозғалыстардан алынған идеялармен үйлестіруге, постиндустриялық қоғамның жаңа жағдайларын есепке алуға тырысады. Демократияның плюралистік концепциясының көрнекті өкілдері - Г.Ласки, Д.Труман, Е. Франкель, Р.Даль. Демократияның маңызды мәселесі - халықты түсінуде плюралистік концепция қазіргі заманғы демократиялық мемлекетте саясаттың қозғаушы күші дара тұлға немесе халық емес, топ болып табылады дегеннен бастау алады. Топта, топаралық қатынаста ғана жеке адам, оның мүдделері, құндылықтық бағыттары, саяси іс-әрекеттің себептері қалыптасады. Әрбір адам көптеген топтардың: отбасылық, кәсіптік, этникалық, діни, аймақтық, демографиялық т.б. өкілдері болып табылады. Топ арқылы жеке тұлға ӛз мүддесін көрсетіп, оны қорғай алады. Ал халық саясаттың басты субъектісі бол алмайды, себебі ол билік үшін бәсекелесетін түрлі топтардан тұратын ішкі қарама-қайшылығы бар құрылым. Демократияның мәні - қоғамда көп түрлілікті, плюрализмді ынталандыру, барлық азаматтардың бірігуіне мүмкіндік беру, саяси шешімдерде көрініс табатын өзара келісімдер арқылы олардың тепе-теңдігіне жету. Демократия тұрақты кӛпшіліктің билігі емес, себебі кӛпшілік өзгеруге бейім, біртекті емес, ол түрлі индивидтердің, топ, бірлестіктердің келісімі негізінде қалыптасады. Плюралистік демократия концепциясы бойынша демократия түрлі қоғамдық топтарға өз мүдделерін еркін білдіруге және бәсекелі күресте олардың теп-теңдігіне әкелетін келісілген шешімдер табуға мүмкіндік беретін басқару нысаны болып табылады.

Плюралистік демократияның ерекше белгілері:

1. мүдделі топ - демократиялық  саяси жүйенің орталық элементі, ол жеке адамның мүдделерінің, құқықтарының, еркіндіктерінің жүзеге асырылуына кепілдік береді. Мұнда жеке адам екінші орынға қойылады, алайда оның биліктің алғашқы субъектісі ретіндегі статусы жойылмады;

2. ортақ ерік түрлі  топтардың жанжалды ӛзара іс-әрекеттері арасындағы келісімнің нәтижесі ретінде пайда болды;

3. топтық мүдделердің  бәсекелестігі мен тепе-теңдігі  демократиялық биліктің жеке оның дамуының әлеуметтік негізі;

4. шектеуліктер мен қарама-қарсылықтар институтционалдық салаға ғана емес (либерализмдегідей), сонымен бірге әлеуметтік салаға да, бәсекелесуші топтарға да таралады.

5. «ақылға сыйымды эгоизм»,  жеке, топтық мүдделер саясаттың  қозғаушы күші;

6. мемлекет-«түнгі сақшы» (либерализм) емес, қоғамдық жүйенің барлық секторының дұрыс жұмыс істеуіне жауапты және қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қолдайтын орган.

Демократияның плюралистік теориясы әлемнің көптеген елдерінде мойындалып, іске асырылуда. Алайда оның идеялары да сынға ұшырауда. Оның негізгі кемшіліктері: шындықтың идеалдандырылуы, тұрғындардың топтық бірыңғайлылығын шамадан тыс көрсетуі, азаматтардың мүдделер топтарына қатысу мәселесі; түрлі қоғамдық топтардың саяси ықпалының теңсіздігін есепке алмау немесе оның мүлдем ескерілмеуіне байланысты; әлеуметтік теңсіздіктің сақталуы, түрлі топтардың өз мүдделерін анық сезініп, бәсекелі күресте оларды қорғаудың қабілеттерінің бірдей еместігінен көрінеді, бұл плюралистік демократия теориясындағы түрлі қоғамдық топтардың үйлесімді тепе-теңдігі туралы түсініктерге қайшы келеді; Плюралистік демократия консервативті, себебі шешім қабылдау үшін барлық мүдделі топтардың келісімі қажет, ал мұны өмірде қамтамасыз ету қиынға соғады делінеді. Плюралистік демократия үлгісінің кемшіліктері болғанына қарамастан, халық билігі идеалына, нақты өмірге одан жақын саяси жүйе үлгісі жоқ. Биліктің субъектісі ретінде халықтың күрделі топтық құрылымына баса назар аудара отырып, ол қазіргі заманғы демократияның барлық қырларын бейнелей алмайды. Биліктің жүзеге асырылуы процесіне көңіл аударатын теорияларға демократияның репрезентативті (өкілділік) және партиципаторлық (саяси қатысу) теориялары жатады.

Репрезентативті демократия концепциясы халық алдында жауапты және құзіретті өкілділік басқарудан бастау алды. Репрезентативті демократия парламентаризмде, элитаризмде дамытылды.

Партиципаторлық демократия теориясы репрезентативті демократияны сынаудың негізінде ХХ ғ. 60-70 жылдары пайда болды. Бұл теория демократияны жеке адамның ар-намысын құрметтеуді қамтамасыз ететін қоғамдық өмірдің барлық саласын ұйымдастырудың әмбебап принципі ретінде қарастырудан бастау алады. Демократия барлық жерде отбасында, білім орындарында, өндірісте, партияда, мемлекетте т.б. болуы керек. Азаматтар өз өкілдерін сайлауға, референдумға, жиналыстарда шешім қабылдауға ғана емес, сонымен бірге саяси процеске шешімдерді дайындау, қабылдау және оларды жүзеге асыруға, оның орындалуын бақылауға да белсене қатысуы тиіс. Бұл теорияның оппоненттерінің, сынаушыларының пікірі бойынша, мұндай демократия өмір сүру нысаны, өмірді ұйымдастырудың әмбебап принципі бола алмайды, себебі демократияның негізіне алынған еркіндік пен теңдік идеялары өздерінің пайда болуынан бастап, азаматтар мен мемлекеттің өзара қатынасына байланысты және табиғи теңсіздік пен өмір сүрудің кейбір салаларындағы мысалы, мұғалім мен оқушылар, басшы мен оның қарауындағылардың т.б. өзара қатынастарына тән еріксіз көндіруге қайшы келді.

3. Демократияға өтудің құндылықтары, алғы шарттары және жолдары.

Әлемде демократияны тарату - күрделі және қарама қайшылықты құбылыс болып отыр. Кез-келген мемлекет демократияға дайын ба және демократия қоғам мен жеке адамдарға не бере алады, мемлекеттіліктің бұзылуын, бейберекетсіздікті, анархияны ма, әлде еркіндікті тәртіпті, гүлденуді ме? Бұл сұрақтарға жауап беру қоғамның демократиялануы жолына түскен көптеген постсоциалистік елдер үшін маңызды. Көптеген он жылдықтар бойы либералдық демократия коммунистік идеология мен «әкімшілік социализм» елдерімен күресте Батыстың басты символдарының бірі болып келді. Бұл демократия туралы түсініктерде өз ізін қалдырып, демократияның идеалдандырылуына, оның мүмкіндіктеріне көтермеленген баға беруге әкеліп, демократияны барлық елдермен халықтар үшін саяси құрылыстың әмбебап және ең таңдаулы нысаны ретінде негіздеуге ұмтылуға әкелді.

Әлемдік саяси ойларда  демократияның құндылықтық және ақылға сыйымды тәжірибелік (рационалды-утилитарлық) негіздемесі бар. Алғашқысы демократияның ӛзін мемлекеттік құрылыста маңызды жалпы адамзаттық құндылықтар: еркіндік, теңдік, әлеуметтік әділеттіліктің және т.б. нақты жүзеге асырылуы кӛрініс беретін құндылық деп қарастырады. Маңызды демократиялық құндылықтардың бірі - еркіндік. Мыңдаған жылдар бойы еркіндіктің көптеген көріністері игілік деп есептелеген жоқ. Қазіргі заманғы дүниеде еркіндікке ұмтылу күшейсе де, көптеген адамдар оны, әсіресе саяси еркіндікті материалдық игілікке, қауіпсіздікке және тәртіпке оңай алмастырады. Демократия үшін саяси еркіндік оның ажырамас бөлігі болып есептеледі. Дүниеге дарашыл көзқарас пен жеке адамның санасының дамуымен адамдардың мемлекеттік істерге қатысуға деген ұмтылысы күшейіп, саяси еркіндік қоғамдық құндылықтардың біріне айналды. Алайда саясат қазіргі заманғы адам өміріне үлкен ықпал еткенімен, билікке тең құқықты ықпал етуді көптеген адамдар маңызды құқық деп есептемейді. Бұл азаматтардың ӛмірлік маңызды мүдделерінің саяси саладан тыс болуынан және олардың іске асырылуын тікелей демократиямен байланысты еместігі арқылы түсіндіріледі. Саяси еркіндік, тіпті олардың жүзеге асырылуына кедергі болуы мүмкін.

Қазіргі заманғы әлемде азматтардың  кӛпшілігі демократияның келесі бір құндылығы – теңдікті әр адам үшін ӛмір мүмкіншіліктері, өзін-өзі іске асыру мүмкіндіктері, дамуы, істеген ісіне қарай тиісінше бағалануы ретінде түсінеді.

Демократия мүмкіндіктер теңдігімен әлсіз байланысты, ол азаматтардың формальды түрдегі теңдігін, яғни заңды тұлға ретіндегі тең құқықтылығын білдіреді. Саяси теңдік терең әлеуметтік теңсіздікті жасыруы мүмкін. Егер демократия жалпы мойындалған құндылық болмаса, мүмкін оның құрал, әдіс ретінде құндылығы бар шығар, яғни басқарудың басқа нысандарына қарағанда қоғам мен адамдарға барынша пайда келтіруге  қабілетті шығар? Демократияның пайдасына оның ақылға сыйымды – тәжірибелік негіздемесі оны азаматтар үшін пайдалы басқару нысаны ретінде қарастырады. Демократиялық басқару барлық қоғамдық топтарға өз мүдделерін үйлесімді сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Демократия әлеуметтік баламаны табу және іріктеу механизмі болып табылады. Демократия әмбебап, барлық кезеңдегі, барлық халықтар үшін ең таңдаулы басқару нысаны бола алмайды. Тарих көрсеткендей, демократия халықтың саяси мәдениеті мен менталитетіне сәйкес келіп, қажетті экономикалық және әлеуметтік алғы шарттары болса ғана, игілік бола алады. Әйтпесе, ол құлдырап, демагогтар бағыттаған тобыр билігі - охлократияға құлдырап, бейберекетсіздік пен анархияға, ақырында диктаторлық режимге әкеледі. Қазіргі заманғы дүниеде басқарудың демократиялық формаларына деген тұрғындардың ұмтылысы өсіп келеді. Белгілі бір алғы шартар болса, демократия басқа басқару нысандарына қарағанда біраз артықшылықтарға ие. Демократиялық емес барлық саяси жүйелердің кемшілігі сол, оларды халық бақылай алмайды, яғни олардың азаматтармен қатынасы билеушілердің еркіне тәуелді. Биліктің жүгенсіздігінен, азаматтарды мемлекеттік бассыздықтан қорғаудың кепілдігін басқарудың демократиялық нысаны бере алады. Демократия жеке адамдарға ғана емес, саяси жүйенің өзіне де қажет. Билік демократиялық процедуралар арқылы халықтың өзін мойындауын қажет етеді. Жеке еркіндік пен жауапкершілікке, өз эгоизмін шектеуге, заң мен адам құқығын құрметтеуге дайын тұрған халықтарға демократия, шын мәнінде жеке және қоғамдық даму үшін, гуманистік құндылықтар: еркіндік, тең құқықтық, әділеттік, әлеуметтік шығармашылық үшін барынша мүмкіндіктер туғызады.

Демократияның алғы шарттары. Демократия идеялары қазіргі заманда кең таралып, мойындалғанымен, басқарудың бұл нысаны жағдайында адамзаттың аз бөлігі өмір сүреді. Көбіне демократиялық басқару нысандары өмірге қабілетті  болмай, күйреп жатады. Демократияға өтуге қандай факторлар мүмкіндік береді және оның тұрақтылығы неге байланысты? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілді. Олардың негізінде демократияның экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни, сыртқы саяси алғы шарттары анықталды. Демократияның экономикалық алғы шарттарына: индустриялық және экономикалық дамудың жоғарғы дәрежесі; урбандалудың жоғарғы дәрежесі; бұқаралық байланыс құралдарының дамығандығы; рыноктық, бәсекелі экономика жатады. Демократияның әлеуметтік алғы шарттары: азаматтардың салыстырмалы түрдегі тұрмыс хәлінің жоғарғы дәрежесі; қоғамдық байлық әлеуметтік теңсіздікті бәсеңдетсе ғана, қоғамның демократиялануына игі ықпал етеді; әлеуметтік игіліктердің дұрыс бөлінуі; әлеуметтік плюрализмнің болуы; саны көп және ықпалды орта таптың болуы; кәсіпкерлердің - рынокпен байланысты бәсекелі буржуазияның болуы; тұрғындардың сауаттылығы, жалпы білім дәрежесінің жоғары болуы;

Экономикалық және әлеуметтік факторлардың мемлекеттік құрылысқа ықпал етуі көбінесе қоғамдағы саяси мәдениетпен байланысты. Демократияға саяси мәдениеттің америкалық саясаттанушылар Г.Алмонд пен С.Верба анықтаған азаматтық (белсенді) мәдениет деген типі сәйкес келеді. Саяси мәдениетке жеке азаматтардың мінез-құлқына дін де үлкен ықпал етеді. Дін демократияға ӛтуге кедергі келтіруі де және оны ынталандыруы да мүмкін.

Демократияның ішкі алғы шарттарын сипаттайтын экономикалық, әлеуметтік, мәдени және діни факторлармен бірге сыртқы ықпал да маңызды. Ол екі жақты: тікелей әскери, саяси, экономикалық, мәдени-информациялық т.б. арқылы етеді және демократиялық мемлекеттер үлгісінің ықпалы арқылы да әсер етеді.

Тарих көрсеткендей, демократия ішкі даму нәтижесі ғана емес, сонымен бірге сыртқы ықпал, оның ішінде күш арқылы да орнауы мүмкін. Алайда сырттан енгізілген демократия ішкі алғы шарттар болмаса жүзеге аспайды.

Демократияланудың жалпы үлгілері. Түрлі елдердің демократияға өту тәжірибесінен талдау нәтижесінде бұл процестің үлгілерін анықтауға мүмкін болды. Демократияланудың классикалық үлгісі болып оның британдық нұсқасы есептеледі. Оның мәні монархиялық билікті бірте-бірте шектеуде, азаматтар мен парламенттің құқықтарын кеңейтуде болды. Бірте-бірте сайлау ценздері де шектеліп, кейін жойылады. Парламент жоғарғы заң шығарушы орган болып, үкіметті бақылайды. Демократияландырудың бұл үлгісін сызықтық деп атайды, себебі ол бірте-бірте жүргізіліп, демократияның бір бағытта кеңеюін көздеді. Сызықтық үлгіден демократияландырудың цикльдік үлгісінің біраз айырмашылығы бар. Ол басқарудың демократиялық және авторитарлық нысандарын алмастырып отыруды ұсынады. Бұл жағдайда халық сайланған үкіметтерді әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алады, өздерінің танымал еместігінен олар оппозицияның күшті қарсылығына кездеседі. Цикльдік үлгіде авторитарлық және демократиялық институттар бір-бірімен қатар болуы мүмкін. Мысалы, парламентпен қатар мемлекетте әскерилер рольді болды. Бұл үлгі Латын Америкасында, Африкада, Азияда кең таралған. Демократиялануға өтудің мұндай түрі созылыңқы болып қиынға соғады. Ол демократияның ішкі алғы шарттарының толық жетілмендігін демократиялық саяси мәдениеттің жетілмендігін көрсетеді. Цикльдік үлгіге қарағанда демократияланудың диалектикалық үлгісінің болашағы көп. Ол цикльдік үлгі сияқты өтпелі саяси режимдердің тұрақсыздығыен сипатталады. Алайда оның ерекшелігі демократиялануға өту дамыған ішкі алғы шарттар арқылы жүзеге асады. Бұл және басқа да факторлардың өсуі авторитарлық режимдердің тез және аяқ астынан күйреуіне әкеледі. Одан кейін демократиялық үкіметтер, қайтадан авторитарлық режимдер, ақыры бірте-бірте тұрақты, өмір сүруге қабілетті демократия орнайды. Көптеген елдер: Италия, Греция, Испания, Австрия, Чили т.б. осындай даму жолын басынан өткізді. Бұрынғы КСРО елдері, Ресей осындай оқиғаларды бастан кешіруде.

Демократияның