Есірткіге тәуелді адамдардың «мен» бейнесінің психологиялық ерекшеліктері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ТАҚЫРЫБЫ: «ЕСІРТКІГЕ ТӘУЕЛДІ АДАМДАРДЫҢ «МЕН» БЕЙНЕСІНІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ».

 

 

 

 

 

 

 

Астана

2007

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мазмұны

 

Кіріспе..........................................................................................................................3

I тарау. Психологиядағы «Мен» бейнесі мәселесінің теориялық зерттеулері…..6

  • 1.1. Өзіндік сана мәселесі психологиялық зерттеу пәні ретінде…………………6
  • 1.2. «Мен» бейнесін әр түрлі бағыттар шебіндегі психологиялық зерттеулер...10
  • II тарау. Есірткіге тәуелді адамдардың тұлғалық өзгерістерін психологиялық

    зерттеулер…………………………………………………………………………..17

    2.1. Есірткіге тәуелділік және есірткіге тәуелді адамның психикалық ерекшеліктері мен тұлғалық өзгерістері …………………………………………17        

    2.2. Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің ерекшеліктері…………..24         

    2.3. Есірткіге тәуелді адамдардағы әлем бейнесінің өзгеру ерекшеліктері…….26  

    III тарау. Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің психологиялық ерекшеліктерін зерттеу жұмыстарының ұйымдастырылуы мен интерпретациясы…………………………………………………………………...31

    3.1. Зерттеу жұмыстарының ұйымдастырылуы мен таңдаманың                сипаттамасы………………………………………………………………………...31                                                                                           

    3.2. Зерттеу әдістемелерінің сипаттамасы………………………………………..32                                                 

    3.3.Зерттеу нәтижелері  және олардың талдаулары мен                 интерпретациялары……………………………………………………………..….37                                                                                                                                                                          Қорытынды…………………………………………………………………………56                                                                                                             

    Түйін………………………………………………………………………………...59                                                                                                                                                                                                                                          

    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі…………………………………………………60                                                                         

    Қосымша

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    Кіріспе

     

    ҚР Президентінің «Қазақстан – 2030» Қазақстан халқына Жолдауында негізгі жайлардың бірі ретіне нашақорлық және есірткі бизнесімен күресті ерекше көрсеткен [29]. Қазіргі таңда Қазақстандағы есірткі мәселесі ұлттың физикалық, әлеуметтік, ал бастысы рухани денсаулығына зор қауіп төндіріп тұрған мәселенің бірі екені мәлім.  Есірткілік заттардың заңсыз айналымы және оны медициналық емес тұрғыда қолдану – бұл тек шиеленіскен түрде Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар осы күнде барлық адамзат үшін ауқымды мәселе болып тұр. Психоактивті заттарды қолданудың салдарлары адамдардың денсаулығының төмендеуіне, ұлт генофондына теріс әсеріне және елдегі қылмыс санының өсуіне әкеледі. 2006 ж. 1- қаңтарында Бас прокуратураның құқықтық статистика мен арнайы есеп Комитетінің мәліметтері бойынша есірткіге тәуелді 53577 адам есепке тіркелген. Оның әр он біріншісі - әйел, әр он екіншісі - кәмелеттік жасқа толмағандар, ал соның ішінде әр қырық үшіншісі - 14 жасқа  толмағандар болып табылады. ҚР 2001-2005 жылдарға арналған нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес Стратегиясында есірткіні тұтынушылардың үштен екісі - бұл отыз жасқа дейінгі адамдар екендігі көрсетілген. Бұл мәліметтер өсіп келе жатқан ұрпақтың қалыпты физикалық және адамгершілік дамуы үшін алаңдаушылық тудырады, ал есірткіге тәуелділер арасында әйелдер үлесінің көбеюі есірткіге тума патологиялық елігуі бар балалар санының өсуі қауіпін туғызады. Ал ресми статистика 1991 ж. бері психоактивті заттарға тәуелді адамдар санының екі есе өсіп,  тұрақты өсу тенденциясы орнағандығын көрсетеді. ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің салауатты өмір салтын ұстану Ұлттық Орталығы өткізген зерттеулердің мәліметтері бойынша, елдегі есірткіге тәуелді адамдардың шынайы саны 200 000 мыңға жуық немесе жалпы халықтың 1.3%-ін немесе еңбекке қабілетті халықтың 2.06%-ін құрайды. Мемлекет үшін  еңбекке қабілетті адамдардың осыншама санын жоғалту - экономикалық тұрғыда да өте үлкен шығын болмақ. Нашақорлық - медициналық тұрғыда да аса қауіпті дерт. Есірткіге тәуелді адамдар арасында ВИЧ/СПИД, гепатит С және В аурулары кең тараған. СПИД-тің алдын-алу және онымен күрес Республикалық орталығының мәліметтері бойынша 2005 ж. 1 маусымында Қазақстанда 5 090 ВИЧ ауруымен ауыратындар тіркелген, соның ішінде 63.4%-ын инъекционды есірткіні тұтынушылар құраған. 2005 ж. жалпы жасалған қылмыстардың ішінен психотроптық заттармен байланысты қылмыстың үлесі 7.4% құраған [29]. Осылайша, нашақорлық мәселесі экономикалық, медициналық, әлеуметтік жағынан қоғам үшін зор қатер  туғызатын өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанды әлеуметтік модернизациялау аясында Қазақстанда нашақорлық мәселесін шешудің конструктивті бағдарламасын құру, медициналық-әлеуметтік оңалту іс-шараларының тиімділігін жоғарлату қажеттіліктері туындап отыр. Өйткені бұл мәселенің шешілмеуі мемлекеттің әлеуметтік жүйесіне зор қауіп әкеледі. Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің тұлғалық ерекшеліктерін, оның құрылымын анықтау психотерапиялық, психокоррекциялық көмек көрсету үшін үлкен маңызға ие. Өйткені қазіргі есірткіге тәуелділіктің күннен-күнге өршу жағдайда, уақыт талабына сай жоғары тиімділікке ие емдеу, оңалту бағдарламаларын құру мәнді болып отыр. Осыған орай мәселе өзектіге айналып тұр.

    «Нашақорлық – бұл есірткілік заттарды пайдалануға физикалық және психикалық қажеттілікпен және есірткілік затты пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда вегетативті симптоматикадан туындайтын айқын абстинетті синдроммен, сонымен қатар тұлғаның спецификалық өзгерістерімен сипатталатын психикалық дерт [49].Осы күні нашақорлық көп жақты болып табылады,  оның формалары тікелей адам пайдаланатын есірткінің қасиетіне байланысты. Алайда нашақорлықтың дамуына сананың күйін өзгертетін, пайдаланатын есірткінің қасиеті ғана емес, сонымен бірге субъект тұлғасы мен есірткілік затты қолдану арқылы индивидтің қанағаттандырғысы келетін қажеттіліктері де әсер етеді. Есірткілік заттарды пайдалану барысында жүріс-тұрыс пен өмір сүрудің арнайы бітістері қалыптасады. Есірткіні пайдалану адамның өзіне, басқаларға, мәдениетке, табиғатқа, Құдайға қатынасын күрт өзгертеді. Нашақорлық дерті денсаулыққа қауіпті салдарларды туғызып қана қоймай, тұлғаның деградациясына әкеледі, соның ішінде бірінші кезекте есірткіге тәуелді адамдарда «Мен» бейнесі өзгере бастайды. «Мен» бейнесі дегеніміз -  адамның өзі туралы динамикалық, саналы деңгейдегі түсінігі. «Мен» бейнесінің өзгерістері адамның әлемге көзқарасының негізінде жататын әлем бейнесінің бұрмалануын тудырады. «Әлем бейнесі» - бұл қоғам мүшелерінің өздері мен өздерінің әрекеттері туралы, әлемдегі өздерінің белсенділігі туралы түсініктері.

    Зерттеу объектісі: есірткіге тәуелді адамдардың өзіндік санасы ерекшеліктері.

    Зерттеу пәні: есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің ерекшеліктері.

    Жұмыстың мақсаты: есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің психологиялық ерекшеліктерін зерттеу.

    Зерттеу міндеттері:

    1.«Мен» бейнесін, өзіндік сананы, оның ерекшеліктері, құрылымының компоненттерін, генезисін теориялық зерттеулер негізінде айқындау.

    2. Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің ерекшеліктері, тұлғалық өзгерістерін теориялық зерттеу. 

    3. Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің ерекшеліктерін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізу.

    4. Зерттеу нәтижелерін талдаулар негізінде есірткіге тәуелділікпен күреске қажетті практикалық ұсыныстарды қалыптастыру.

    Зерттеудің жалпы болжамы: біз есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінде өзіне деген негативті қатынас қалыпты адамдарға қарағанда басым деп ойлаймыз.

    1. Есірткіге тәуелді сыналушылардың қалыпты сыналушылармен салыстырғанда «Мен» бейнесінде өзіне сенімсіздік, өзін-өзі төмен бағалау ерекшеліктері басым деп ойлаймыз.

    2. Есірткіге тәуелді сыналушылардың қалыпты сыналушыларға қарағанда өзін-өзі кем сезіну, кінә сезімі, психологиялық қорғанысқа жүгінуге ұмтылысы жоғары деп ойлаймыз.

    3. Есірткіге тәуелді сыналушылардың қалыпты сыналушыларға қарағанда өзінің «Мен» бейнесі  пассивті рөлге ие деп ойлаймыз.

     Ғылыми жаңалығы: Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің психологиялық аз зерттелінуі және Қазақстанда психологиялық тәжірибелік зерттеулердің аз болуы бұл мәселеге қатысты психологиялық білімдерді көп қажет етеді. «Мен» бейнесінің психологиялық ерекшеліктерінің әр түрлі жақтарын, ондағы өзгерістерді қалыпты адамдармен салыстырмалы зерттеу.

    Зерттеудің методологиялық негізі: Сана мен іс-әрекеттің бірлігі принципі, тұлға мен іс-әрекетті зерттеудегі жүйелілік подход принципі, Кеңестік психологтар В.Г. Ананьев, С.Л. Рубинштейн, А.Г. Спиркиннің, И.И. Чеснокованың, Е.В. Шорохова және т.б. тұлғаның өзін-өзі тану мәселелеріне жалпы теориялық подходтары. В.В. Столиннің тұлғанын санасезім концепциясы. Р. Бернстің Мен –концепциясы.

    Теориялық құндылығы: Есірткіге тәуелділік феноменінің зерттелуі, есірткіге тәуелділік жағдайындағы өзіндік санада, тікелей «Мен» бейнесінде болатын тұлғалық өзгерістердің әр түрлі аспектілерін қарастыру.

    Практикалық құндылығы: Есірткіге тәуелді адамдардың «Мен» бейнесінің психологиялық ерекшеліктерін біліп, өзіне қатынасты, өзіндік санасезімді өзгерту арқылы психотерапиялық және психокоррекциялық көмек көрсетуге практикалық ұсыныстарды беру.

    Эксперименталдық жұмысымызды  жүзеге асыру барысында зерттеу таңдамасын Ақмола облысы, Раздольное ауылында орналасқан «Есірткіге тәуелді адамдардың әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығының» 20 есірткіге тәуелді адамы және қалыпты, есірткіге тәуелділігі жоқ Қаржы полициясы академиясының 13 және «BI-Group» ЖШС-інің 7 қызметкері құрады.

    Қолданылған әдістемелер:

    1. Қатынастардың түстік тесті (ЦТО).

    2. «Аяқталмаған сөйлемдер» әдістемесі.

    3. «Меннің» 20 сипаттамасы» тесті.

    4. Тұлғалық дифференциал әдістемесі.

    Дипломдық жұмыстың құрылымы зерттеу мәселесіне негізделді және кіріспе, 3 тараудан, қорытынды, онда берілген практикалық ұсыныстардан және түйіннен тұрады.

     

     

     

     

    I тарау. Психологиядағы «Мен» бейнесі мәселесінің теориялық зерттеулері

     

    1.1.  Өзіндік сана мәселесі психологиялық зерттеу пәні ретінде

     

    Әлеуметтік психологияда тұлғаның қалыптасуы жүретін үш сфера  көрсетіледі: іс-әрекет, қарым-қатынас және өзіндік сана.

    Әлеуметтену барысында  адамның басқа адамдармен, топпен, жалпы қоғаммен байланыстары кеңейіп  және тереңдейді, адамда оның «Мен»  бейнесінің қалыптасуы жүреді. Өзіндік сана  адамда бірден пайда болмайды, ол адамның өмір сүруінің барысында көптеген әлеуметтік әсерлердің нәтижесінде құрылады. Оған төрт компонент кіреді:

    • қоршаған әлемнен өзінің ерекше екендігін саналы ұғыну;

    • іс-әрекет субъектісінің белсенді бастамасы ретінде «Менді» саналы ұғыну;

    • өзінің психикалық қасиеттерін, эмоционалды өзін-өзі бағалауларын саналы ұғыну;

    •жинақталған қарым-қатынас  тәжірибесі мен іс-әрекеті негізінде  қалыптасатын әлеуметтік-құлықтылықтық  өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі құрметтеуі [38].

    Қазіргі таңда өзіндік сананың генезисіне қатысты әр түрлі көзқарастар бар. Өзіндік сананы балада ерте балалық шақта өзінің физикалық денесі, өзі мен әлемді ажырату жайлы біртұтас бейне қалыптасатын кезде адамның өзін-өзі сезіну, өзін-өзі қабылдауға негізделетін адам санасының генетикалық бірінші реттік туынды формасы ретінде түсіну дәстүрлі болып табылады. «Бірінші реттік» концепциясына сәйкес өзін-өзі уайымдау (самопереживание) өзіндік сананың ерекше универсалды жағы болып табылады. Оны өзіндік сананың өзі тудырады.

    Қарама-қарсы көзқарастар  да бар. Мысалға, С.Л. Рубинштейн бойынша, өзіндік сана - сананың даму нәтижесінде туған сананың жоғарғы түрі. Сана өзін-өзі танудан, «Меннен» туындамайды, ал тұлға санасының даму барысында пайда болады деп санайды [42].

    Психологиялық ғылымның үшінші бағыты сыртқы әлемді саналы ұғыну  мен өзіндік сана біруақытта пайда  болып, дамыған, біртұтас және өзара  шартталған деп тұжырымдайды. «Затты» түйсінулердің бірігуінен адамның сырқы әлем туралы түсініктері қалыптасады, ал өзін-өзі түйсінуді синтездеу  нәтижесінде өзі туралы түсінік қалыптасады. Өзіндік сананың онтогенезінде екі негізгі кезеңдерді бөлуге болады: бірінші өзінің тәнінің схемасы  мен «Мен сезімі» құрылады. В.С. Мухина болса, өзіндік сана дамуының бірінші кезеңінің құрылымына: есімді, басқалардың оны мойындауына (признание), талаптануды, жынысты, уақыт барысында өзін көруді жатқызады. Бұл құрылымның тұлғааралық сәйкестілік механизмі арқылы пайда болатындығын көрсетеді [31].

    Сосын интеллектуалдық мүмкіндіктердің жетілуі мен түсініктік ойлаудың қалыптасуы барысында өзіндік сана адам өзінің ерекшелігін түсінік формасында мәніне жете алатын рефлексивтік деңгейге дейін жетеді.  В.П. Зинченко жеке дара сананың рефлексивті деңгейі аффективті өзіне-өзі уайымдаумен іштей үнемі байланыста болады деп көрсетеді [13]. В.С. Мухинаның ойынша,  екінші кезеңде дүниетаным мен тұлғалық мән жүйесі қалыптасады.

    Өзіндік сана мәселесін психологияда зерттеген бірқатар ғалымдар оны көбіне екі компонент тұрғысынан қарастырады. В. Г. Маралов өзіндік сананың құрылымын таным субъектісі ретіндегі «Мен» мен таным объектісі ретіндегі «Менге» бөледі. Олардың арасындағы өзара әрекеттестік функциясын эмоционалдық-құндылықтық қатынаспен тығыз байланысты өзін-өзі тану ойнайды деп көрсетеді. Өзін-өзі тану нәтижесінде «Мен» бейнесі айқындалады. Осылайша, оның ойынша, өзіндік сана дегеніміз - «Мен» бейнесін тану субъектісі ретіндегі «Меннің» іс-әрекеті [26].

    Ю.Н. Кулюткин, Г.С. Сухобская  да адамның өзіндік санасын «Меннің» «қалыпты екі ұшты» жағдайы арқылы қарастырады. Адамның «Мені»:

    ― өзінің әрекеттерін  саналы ұғынатын және реттейтін  «субъект ретіндегі    Мен»;

    ― өзінің әрекеттерін  жүзеге асыратын «объект ретіндегі Меннен» тұрады деп бөледі.

    Бірінші «Мен» – бұл  өзінің әрекеттері, танымы, эмоцияларының субъектісі, ал екінші «Менге» адамның физикалық, әлеуметтік және рухани бөлігі кіреді деп көрсетеді [22]. 

    Ю.Б. Гиппенрейтер  өзіндік сананы өзінің бейнесі және өзіне қатынас ретінде анықтайды.  Ол да оны жоғарыдағыдай екі компонентке бөледі. Олардан өзіндік сананың басты функцияларын шығарады: өзін тану, өзін кемелдендіру, өмірдің мәнін іздеу. Өмірдің мәнін іздеу өзіндік сананың ең басты функциясы деп ерекше көрсетеді [8].

    Өзіндік сананы өзін субъект  ретінде және объективті «Мен» ретінде екі компонентке айқын бөлудің екі ұштылығы белгілі бір нейропсихологиялық механизмдерге негізделуі мүмкін. А.Р. Лурияның зерттеулері бойынша, әрекеттерді бағдарламалау мен сыншылдық бағалау бас ми қыртысының  маңдай бөлігінің қалыпты жұмысына тәуелді. Маңдай бөлігінің зақымдалуы әрекеттердің албырттығына, қадағалау мен сынаудың жоғалуына әкеледі. Ал мидың артқы бөліктерінің зақымдалуы әрекеттердің инерттілігі пен дезавтоматизациясына әкеледі, бірақ адамның сынау қабілеті (критичность) бұзылмайды  деп көрсетеді[24].

    В.Д. Балин жеке дара сананың үш мүшеден тұратын құрылымын ұсынады. Мұндағы екі оның компоненті – «Мен сезімі» мен «әлемді саналы ұғыну» - бір-біріне жақын болып табылады. Өзіндік сана – бұл  индивидуалды сананың күрделірек формасы, ол бірінші екеуінің негізінде қалыптасады және кейде тар мағынада өзіндік сана деп анықталатын: «Мен сезімі», өзінділік (самость), өзінің болмысын сезінудің ауыстырылған, инварианттік бөлігі болып табылады деп көрсетеді. Өзіндік сана өзінің өмір сүру фактісін саналы ұғынудан тұрады. Содан әлем «Мен» және «Мен емес»  деген екі категорияға бөлініп, адамға қоршаған ортаны өзінің өмір сүру фактісінен тәуелсіз көруге жол ашады, өмір сүру ортасының заттары мен құбылыстарын иерархизациялау үшін критерилер береді, оның өлшемі мен масштабын айқындайды,  оны бейнелеу үшін координаттардың бастамасын береді. «Мен сезімі» өзін ортадан бөлуге және өзін оған қарама-қарсы қоюға көмектеседі. «Мен сезімінің» болуы субъектінің өзінің реакцияларын өзінен бөлгендігін және өзіне сырттан қарай алғандығын білдіреді деп айқындайды [4].

    Кейбір жұмыстарда өзіндік  сананы екі компонентке бөлу сияқты  дихотимия жоқ. Мысалға, Ф.Т. Михайлов адамның өзіндік  санасын өзін, өзінің мүмкіндіктері, қабілеттері, білімін және т.б. объективті жағдайлармен үнемі арақатынастандыру қажеттігін талап ететін процесс деп ойлайды. Алайда мұндай «сырттан» салыстырулар адамның түсініктерінде өзіне теңдікті бұзады. Өйткені өзін біруақытта үш уақыттық өлшемдерде көз алдына елестету  өткен шақта жасалған істердегі өзінің рөлін бағалауды, осы шақта өзін солардың «соты» ретінде көруді қажет етеді, ал бұл өзінің биографиясына өзінің болашақ бейнесін проекциялау арқылы ғана мүмкін және адам мұны өзінің өзін-өзі өзгертуінің субъектісі бола отырып жасайды. Ал адам өзінің болмысынан шыға алмайды деп тұжырымдайды [30].

    А. Б. Орловтың ұқсас концепциясында адамның Мен-концепциясы, оның өзіндік санасы адамның өзін-өзі ұқсастыру мен өзін-өзі қабылдау ерекшеліктерімен байланыстырылады [36]. Алайда үстінде қарастырылған модельдерге қарағанда ол өзіндік сананы «ішкі» және «сырттық» дихотимияда қарастырады, яғни өзіндік сана «шынайы Меннен» және, бірінші кезекте, әлеуметтік өзін-өзі ұқсастырудан тұратын іс-әрекет деп көрсетеді. «Шынайы Менмен» өзін ұқсастыру процесі үшін персонификация терминін қолданады. Бұл адамның өзінің персоналдық, сонымен бірге «қараңғы» (теневой) жақтары мен көріністерін қабылдау процесін білдіреді. Персонализация адамның әлеуметтік сәйкестілігін көрсету үшін қолданылады. Ал кейбір жұмыстарда ол «басқалар үшін Мен», «әлеуметтік-Мен» деп те аталады.

    В.С. Мухина концепциясында бұл процестер басқа терминдермен берілген. Персонификацияның орнына сәйкестілік, персонализацияның орнына индивидуализация қолданылады. Ол да жоғарыда келтірілген автор сияқты өзіндік сананы  тұлғалық және әлеуметтік сәйкестілік, олардың өзара әрекеттестігі деп қарастырады.  Дамыған тұлға болашақта өзін көреді, өзінің өмірлік позициясының бейнесін қалыптастырады, басқалармен өзара әрекеттесу барысында өзімен-өзі бола алады, яғни шынайы қандай, өзін солай ұстайды деп тұжырымдайды [32].

    Өзіндік сананың қызмет етуінің келтірілген  схемасы  жалпыланған сипатқа ие және өзінің спецификасына адам ұйымдастырылуының  әр түрлі деңгейлерінде ие болады. Психолог В.В.Столин адамда оның ұйымдастырылуының үш деңгейін бөледі: биологиялық индивид, әлеуметтік индивид, тұлға. Сондықтан да өзіндік сана осы деңгейлерде келесідей болады деп қарастырады [46].

    Биологиялық индивид (ағза) деңгейінде өзіндік сана өзінің физикалық «Менін» қоршаған әлемнен бөлуге, өз тәнінің бейнесін құруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік индивид деңгейінде өзіндік сана басқа адамның көзқарасын есепке алу (мен туралы басқалар не ойлайды және айтады), ата-анамен сәйкестену, әрекеттерді орындау стандарттарын игеру, өзін-өзі бағалаудың, жыныстық, кейіннен кәсіби сәйкестіліктің қалыптасуы, өзін-өзі қадағалаудың қалыптасуымен сипатталады. Тұлға деңгейінде өзіндік сана өзінің әлеуметтік құндылығы мен өмірдің мәнін ашумен, өзінің болашағы, өткен шағы мен осы шағы туралы түсініктерінің қалыптасуы мен өзгеруімен ерекшелінеді.

    Осындай жолмен өзіндік  сана жұмыс жасайды. Оның жұмысы, бір  жағынан, өзін-өзі тану, эмоционалдық құндылықтық қатынас, ал екінші жағынан, өзіндік қадағалау мен реттеу механизмдерін белсенді кірістіру арқылы «Меннің» әр түрлі аспектілерінің үнемі өзара әрекеттесу принципі бойынша жүреді. Осындай өзара әрекеттестіктің өнімі өзін саналы ұғыну, Мен-концепциясы болады.

    Өзіндік сананың динамикалық құрылымын талдауда: «қазіргі Мен» және «тұлғалық Мен» деген екі түсінікті пайдаланады. «Қазіргі Мен» жүріп жатқан осы шақтағы өзін саналы ұғынудың нақты формаларын, яғни өзіндік сана іс-әрекетінің тікелей процестерін білдіреді. «Тұлғалық Мен» - өзіне қатынастың тұрақты құрылымдық схемасы, бірнеше «қазіргі Мен» синтезінің ұйытқысы. Өзіндік сананың әр актісінде өзін-өзі тану мен өзін-өзі уайымдау элементтері біруақытта айқын байқалады.

    Өзіндік сананың құрылымында  келесілерді бөлуге болады: 1) өзінің «Менінің» жақын және алыс мақсаттарын, мотивтерін саналы ұғыну («іс-әрекет атқарушы субъект ретіндегі Мен»); 2) өзінің шынайы және ниет етілетін қасиеттерін саналы ұғыну («Шынайы-Мен» мен «Мұраттағы Мен»);  3) өзі туралы танымдық, когнитивтік түсініктер («бақыланатын объект ретіндегі Мен»); 4) өзі туралы эмоционалдық, сезімдік түсініктер. Осылайша өзін-өзі тануға:

    • өзін-өзі тану (өзін танудың интеллектуалдық аспектісі);

    • өзіне-өзі қатынас (өзіне  эмоционалдық қатынас).

    Өзіндік сананың ақпаратмен қамтылуын оның іс-әрекетінің екі  механизмдерімен байланысты:  өзін әлдекіммен немесе ілдебір нәрсемен ұқсастыру («өзін-өзі сәйкестендіру») мен өзінің «Менін» интеллектуалды анализдеу (рефлексия мен өзін-өзі рефлексиялау).

    Жалпы алғанда, адам санасының үш қабатын бөлуге болады: 1) өзіне қатынас; 2) басқа адамдарға қатынас; 3) басқа адамдардың өзіне қатынасын күту (атрибуттық проекция) [47].

    Қорыта келе, өзіндік сананың тұлғаның қалыптасуы жүретін үлкен сфера болып табылатындығын тұжырымдаймыз. Ол адамда бірден пайда болмайды. Дамыған өзіндік сананың көрсеткіштері: қоршаған әлемнен өзінің ерекшелігін, іс-әрекет субъектісінің белсенді бастамасы  ретінде «Менді», өзінің психикалық қасиеттерін,  эмоционалды өзін-өзі бағалауларын саналы ұғыну және өзін-өзі құрметтеу. Жалпы алғанда, өзіндік сана «Мен» бейнесін тану субъектісі ретіндегі «Меннің» іс-әрекеті болып табылады. Өзіндік сана ұйымдастырылуының үш: биологиялық индивид, әлеуметтік индивид, тұлға деңгейлерін бөледі. Биологиялық индивид (ағза) деңгейінде өзіндік сана өзінің физикалық «Менін» қоршаған әлемнен бөлумен, өз тәнінің бейнесін құрумен, әлеуметтік индивид деңгейінде өзіндік сана басқа адамның өзі туралы көзқарасын есепке алумен, ата-анамен сәйкестенумен, әрекеттерді орындау стандарттарын игерумен, өзін-өзі бағалаудың, жыныстық, кейіннен кәсіби сәйкестіліктің, өзін-өзі қадағалаудың қалыптасуымен, ал тұлға деңгейінде өзінің әлеуметтік құндылығы мен өмірдің мәнін ашумен, өзінің болашағы, өткен шағы мен осы шағы туралы түсініктерінің қалыптасуы мен өзгеруімен ерекшелінеді. Өзіндік сана жұмысы жұмысы, бір жағынан, өзін-өзі тану, эмоционалдық құндылықтық қатынас, ал екінші жағынан, өзіндік қадағалау мен реттеу механизмдерін белсенді кірістіру арқылы «Меннің» әр түрлі аспектілерінің үнемі өзара әрекеттесу принципі бойынша жүреді. Осындай өзара әрекеттестіктің өнімі өзін саналы ұғыну, «Мен» бейнесі болады.

     

    1.2. «Мен» бейнесін әр түрлі бағыттар шебіндегі психологиялық зерттеулер

     

    Тұлғаның ішкі әлемі, оның өзіндік санасы әр уақытта зерттеушілердің қызығушылығын тудырған.

    Өзіндік сана «Мен» бейнесімен тығыз байланысты. Әр адам әр түрлі ракурстарда өмір сүретін өзінің «Менінің»  көптеген бейнесіне ие: қазіргі мезетте адам өзін қалай қабылдайды,  өз «Менінің» идеалын қалай көреді, бұл «Мен» басқа адамдардың өзқарасында қандай және т.б.

    «Мен» бейнесін өзіндік сананы зерттеу шеңберінде ерекше психикалық түзіліс ретінде 1892 ж. У.Джеймс бөліп, сипаттаған болатын [10]. Өзіндік санада ол «объект ретіндегі Менді» немесе «танылатын Менді» және «субъект ретіндегі Менді» немесе «танушы Менді» ажыратқан. Эмпирикалық зерттеулерде негізгі зейін «объект ретіндегі Менге» қойылып, кейіннен оны «Мен» бейнесі деп атай бастады.

    «Мен» түсінігіне жалпы  анықтама беру қиын. «Мен» көп жақты түсінік болып табылады. И.С. Кон «Мен» түсінігі адам және қоғам туралы ғылымдардың бәрінде қолданылады деп санайды [15]. Алайда оның көне философиялық-психологиялық түсінік болып табылатынына қарамастан, оның категориялық статусы анықталмаған болып қала береді және «өзінділік» (самость), «сәйкестілік», «Эго» және «Мен» сияқты терминдер қазіргі таңда әр түрлі мағыналарда қолданылып жүр.

    В.В. Столин «Мен» бейнесін өзіндік сана сезімнің бірлігі ретінде қарастырады [46].

    Р.В. Бернс «Мен» бейнесін Мен-концепциясының сипаттаушы құрылымы ретінде қарастырып, оған   өзіне қатынас, өзін-өзі бағалау, өзін қабылдау кіреді деп тұжырымдайды. Мен-концепциясына: «Бұл бағалауы бар индивидтің өзі туралы барлық  түсініктерінің жиынтығы» деген анықтама береді [5].

    Э.А. Орлова жалпы алғанда, ұқсас, бірақ нақты емес анықтама береді. «Мен» бейнесі - бұл өзі  туралы түсініктердің жүйесі, өмірдің  осы мезетінде өзіне қосып  жазылатын (приписываемый) қасиеттердің жүйесі. Мұнда қосып жазылатын қасиеттер деп әдейі көрсетеді, өйткені, оның ойынша, адамның физикалық, әсіресе психикалық қасеттері оның шынайы қасиеттерімен үнемі сәйкес келе бермейді [36]. Ол тұлғаның шынайы қасиеттері мен сапалары оның санасында көбіне бұрмаланған түрде болады, тіпті өзінде жоқ қасиеттерді адам өзіне қосу мүмкін деп тұжырымдайды.

    А.В. Петровский мен М.Г. Ярошевский «Мен» бейнесін адамның  өзі туралы қатысты тұрақты, саналы ұғыныла бермейтін, құбылмалы жүйесі ретінде сипаттайды. «Мен» бейнесінің негізінде адам басқалармен өзінің өзара әрекеттестігін құрады деп көрсетеді [39].

    И.С.Кон: «Әрбір дара адамға өзін-өзі іс-әрекет субъектісі ретінде тануға жәрдем ететін психикалық процестердің жиынтығы - өзіндік сана деп аталады, ал оның өзі жөніндегі өз ұғымдары белгілі бір «Мен» бейнесін құрайды» деп жазады [14].

    «Меннің» психологиялық  мәнін А.Г. Спиркин келесідей сипаттайды: «Мен» түсінігі өз санасының нұрымен  сәулелендіріп, өзін-өзі қабылдаған, таныған және сезген жеке адамды білдіреді».  «Мен»  - психикалық өмірді реттеп барушы принцип, өзіндік бақылауды жүргізуші рухани күш; бізді өз мәніміз бойынша бүкіл әлемге, қоршаған адамдарға, ең бастысы, өз санамызды өз бағалауымыз бен танымымызға орай өзімізге ашып беретін әр адамның тұтастай болмысы [45].

    Кейбір зерттеушілер «Менді» ерекше әрекетті күш пен  билікті иемденген әлдебір субстанциялық негіз ретінде қарастырады. Ал Д.И. Дубровский «Менге» субъективті шынайылықты күшейтетін орталық фактор ретінде қарайды.

    Психологтар (Б.Г.Ананьев, А.Н. Леонтьев, В.С. Мерлин, И.И. Чеснокова, Е.В. Шорохова т.б.) «Менді» біресе тұлғаның ядросы ретінде, біресе оның саналы бастамасы ретінде, енді бірде индивидуалды сана–сезімнің түйіртпегі, адамның өзі туралы түсініктердің жүйесі ретінде қарастырады [1, 20, 28, 48, 51].

    Психиатрлардың «Мен»  мәселесіне қатысты зерттеулері  саналылық пен санасыздықтың  арақатынасына, өзін-өзі басқару  механизмдеріне негізделеді. Орыс психиатры С.С.Корсаков, адамның «Мені» психикалық аппараттың дамуында иерархиялық шың болып табылады деген [16].

    «Мен» бейнесі, сана-сезім  мәселесімен айналысқан отандық  зерттеушілердің аздығын атап кетейік. Олардың арасында, А.Л. Катковты, О.Г. Юсоповты атап өтуге болады. Олардың зерттеулері сәйкестілік, аддиктивті жүріс-тұрыс методологиясымен байланысты болған.

    «Мен» бейнесі когнитивтік, эмоционалдық және «қатынастық» компоненттерге ие. Олар өзіндік сана құрылымының жай ғана бөлігі ретінде болмайды, ал ішкі қозғалыс, ішкі жұмыстың процестері ретінде рөл ойнайды. Бұдан «Мен» бейнесі өзінің дамуының жас сатылары бойынша мақсаттарға жетуде  өзінің ішіндегі және сырттағы көптеген қақтығыстарды жеңе білу қабілетінен туатын тұлғаның рухани, құндылықтық ұйытқысы деп тұжырымдауға болады.

    Жас сатылары бойынша «Меннің» дамуын зерттеушілердің ішінде Э.Эриксон ең бір толымды қарастырған. Оның жүйеленген зерттеулері бойынша, адам «Менінің» дамуы сегіз кезеңге бөлінеді [52].

    1. Баланың өмір сүруінің бірінші жылында «сенім» (доверие) немесе сенімнің болмауы қалыптасады;

    2. 1 жастан 3 жасқа сенімділік (уверенность), автономдылық немесе күмәншілдік, ұят сезімі;

    3. 3-6 жас аралығында инициативтілік немесе кінә;

    4.-12 жас аралығында жауапкершілік, еңбекқорлық немесе толымсыздық комплесі;

    5. 12-18 жаста эго-сәйкестілік немесе конформизм;

    6. 20-25 аралығындағы кезеңде қарым-қатынасқа ашықтық немесе изоляция, психикадағы ауытқушылықтар;

    Есірткіге тәуелді адамдардың «мен» бейнесінің психологиялық ерекшеліктері