Географияық орналасуы, жер бедері және халқы

Жоспар

Кіріспе.

    1. Негізгі бөлім
    1. Географияық орналасуы, жер бедері және халқы.
    1. Ырғыз ауданының климаты.топырағымен су көздері
    2. Ырғыз ауданының өсімдігі мен жануарлар дүниесі және экологиялық жағдайы.
    3. Ырғыз – Торғай мемекеттік  табиғи резерватына .
    1. Қорытынды
    2. Қосымшалар
    3. Пайдаланылған әдебиеттер
    4. Мазмұны

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.1 Географиялық орналасуы. 

Ырғыз ауданы Ақтөбе облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ол республикадағы үш облыспен қатар шекараласатын бірегей ауданның бірі болып саналады. Солтүстік-шығысында Қостанай облысымен (ұзындығы 240 км.), шығысында Қарағанды облысымен (170 км.), оңтүстігінде  Қызылорда облысының Арал ауданымен (140 км.), оңтүстік-батысында Ақтөбе облысының Шалқар ауданымен (220 км.), солтүстігінде Әйтеке би ауданымен (300 км.) шектеседі. Ауданның сыртқы шекарасының жалпы ұзындығы 1070км-ге созылады. Аудан аумағының шеткі нүктелері бойлық бойынша 600 С 30'- 600C  20' , ендік бойынша 470С  05'-490C  15' аралығында орналасқан.

Жер көлемі жағынан облыста Шалқар, Байғанин аудандарынан кейін үшінші орын алады. Тұран ойпатында орналасып, Сарыарқамен шектесетін, солтүстік-батысынан оңтүстік-шығысына дейінгі ұзындығы 250 км-ге, ал солтүстік - шығысынан оңтүстік - батысына дейінгі көлденеңі 160км-ге созылып , 41,5 мың км 2 аумақты қамтыған аудан жері Ақтөбе облысының 13,7 пайыз  жерін  алып жатыр. Бұл аумақ Армения Республикасынан (29,8 мың км2) 1,4 есе, Молдовадан (38 км 2) едәуір көп Швейцария мемлекетімен (41 мың км 2), Ресейдің Москва  облысымен (47 мың км2), Астрахань (44,1 мың км2) облыстарымен тең, Орлов (24,7 мың км2),  Рязань ( 39,6 мың км2)  облыстарынан  едәуір үлкен.

Аудан жерінің 260 гектары  егістік , 48934 га шабындық,  3368895 га жайылымдық, 3279 га  орман – тоғай, 1162 га бұталы, 6577 га сортаң-  батпақ,  67914 га су асты , 6496 га жол асты, 952 га құрылыс асты, 66431 га құм , 15593 га жар – қабақ , 564518 га басқалай жер болып келіп келеді.

Аудан құрамында  қазіргі таңда  7 селолық округ, 20 елді - мекен бар. Аудан орталығы – Ырғыз селосында 5492 адам тұрады (2009). Ырғыз ауданы халқының жалпы саны 14771 адам ( 2009). Жерінің ұлан – ғайыр кеңдігіне қарамастан , аудан халқы саны  жағынан  облыста соңғы орында . Аудан тұрғындарының  99,8 пайызын қазақтар құрайды.

Ырғыз ауданындағы атаулы жерлер:

1.Жер- су атауларының топономикасы:

Қосбүйрек тауы - Ырғыздан күншығысқа қарай жүргенде Нұра тауының бергі жазығында 85км шамасында тұрған айыр тауды Қосбүйрек деп атайды. Бұл бұрын бүтін тау болса керек. Қуғын-сүргінге толы құба қалмақ заманында осы өңірді қалмақ ханы Әуірке басып алған. Оған қарсы күреске Абат батырдың жер қайысқан қолы шығады. Қалың қолы төбені айналып өтуге жайылма су болып, тіке таудың үстімен өтуді ұйғарады. Қалың қолдың ат тұяғы тауды 2-ге бөліп кетіпті. Содан Қосбүйрек деп аталынып кетіпті.

Бөкенбай шоқысы - Ырғыздан Шалқарға тас жолдағы 60км жерде жолдың сол жағында биік шоқы тұр. Осыны Бөкенбай шоқысы деп атайды. Бұл атау 18ғ.б. берілген. Бөкенбай батыр Әбілқайырдың жанашыры, ақылшысы, досы болған. Бұл шоқыға батыр аты берілген.

Темірастау тауы (темірі тауда, астауы ойда) - Ырғыз ауданының орталығының батысынан солтүстікке қарай 30км басталып, Ырғыз өзені өрісіне бойлап 40км ұзындықты алып жатқан Таукемір жотасы. Темірі тау жынысында болуы керек. Астауы ойда. Оған мына жер атауларын атап отырсақ, астаудың шеңбер сызық екенін түсінесің. Жарқын алабының батысынан басталып Бозкемер, Қызыл қабақ, Ақтоғай қарсысындағы қыраттан батысқа бұрылып Бесмола жотасына, одан оңтүстікте Мәні шыңына Темірастау айнала көмкеріліп жатады.

2.Ғажайып ағысты өзен - көлдер:

Телқара өзені (ерсілі-қарсылы ағатын өзендер) - Телқара өзенінің ағар басы да екеу, құяр басы да екеу. Телқара Ырғыз өзенінен шығысқа қарай бұрылып ағып, Торғай өзенінде «Нұра» совхозының түбінен қосылады. Екі өзенді белдігінен бір-біріне жалғастырып жататындықтан «Телқара» деп атайды.

Өлкеаяқ өзені (арнасында су сақтамайтын өзен) - Өлкеаяқ өзені Толыбай, Жантай үстіртінен алады. Өзеннің өн бойы мал жайылымдық бірлі-жарым болмаса керек. Өйткені, өн бойы бұл өзеннің жан-жағына су жая алмайды, Нұра бойындағы өлкеге келіп құйып, аяқталады. Өзен бойында су сақтамайды.

Сабынкөл (суы сабын көл) - Ырғыз селосының оңтүстік батыс жағында, селомен іргелес жатқан көл осылай аталады. Көлдің түбі аққайраң. Көлдің оңтүстік жартысында қалың жалпақ қоға өседі, қалған батыс, солтүстік бөлігі ашық айдынды құмдауытпен жүктеліп жатады. Жалпақ қоға денесінен майлы-минералдық заттар шығады да, көлдің ашық бетінен соққан жел оны сыпырып араластырып, сабындатып жатады. Көлдің осы қасиеті талай жырларға тиек болған. 

Аманкөл (атауы бар, суы жоқ көл) - Ырғыз ауданының орталығы Ырғыз селосынан оңтустік шығысқа қарай Қожакөліне дейінгі 70км аралықта Сарықопа, Сәңкібай, Жалтыркөл, Шөмішкөл, Қарақоғалы көлі, Ащы көл, Сасық көл, Құмкөл, Талдыкөл Ырғыз өзені бойындағы бір-бірімен жалғасып жататын көлдер жүйесі. Осы аталған көлдерді қосып Аманкөл деп атайды. Өз алдына бөлек Аманкөл деген көл жоқ, ал жоғарыдағы аталған көлдер жүйесін Аманкөл деп неге атаған? Бұл Аманкөл жүйесіндегі көлдердің шабындығы мол, жайылымы кең, шөбі шүйгін, суы бал-құт мекен болған. Қазақтың өмір тұрмысы «жұт» деген қатерлі кезеңдерде жұтап, мал қырылып жатқан кезде Аманкөл жүйесін мекендеген елдер үнемі қысылмай, аман шығатын болған. Сонан соң осы көлдер жүйесін Аманкөл деп атап кеткен.

Үлкен Жалаңашкөлі (айналасында ешбір өсімдік жоқ көл) - Ырғыз жерінде екі Жалаңаш (үлкен, кіші) деп аталатын көлдер бар. Олардың суы бір-біріне қатынасып жатады. Жалаңаш атауына ие болуы – көлдің айналасы ашық, ешқандай өсімдік жоқ. Жалаңаш деп аталатын көлдің суы аумақты қазан шұңқырға жинақталған. Көл байлыққа бай, өйткені оның суы тартылмайды.

 

Қызылкөл (бояулы көл)  -  Нұра бойында Ырғыздан 75км қашықтықта «Қызылкөл» деп аталатын көл бар. Осы көлді маңайлап өтсең, қызғылттанып көрінеді. Көлге қайықпен түсіп,есіп келе жатсаң да, қызғылттанып көрінеді. Егер көлдің суын шыны ыдысқа құйып алып қарасаң, кәдімгісу, суының басқа түсі жоқ.

       Көлдің  бояулы сырын суға сүңгіп қарасаң  түсінесің. Көлдің табаны жатаған  болып ұйысқан, сораң өседі. Бұл  көлдің балығы семіз болады. Жаңағы  сораңның қасиеті шығар.

 

Малайдар көлі (қолдан жасалынған көл)  -  Ырғыз өзені бойындағы көлдердің  барлығы ағын көлдер, жалғыз Малайдар көлі ғана тұйық көл, оған су құяды да, одан ешқайда ағып шықпайды. Малайдар көлі мұнан 150 жылдың ар жағындағы қолдан жасалынған көл.

     Малайдар деген кісі Бозғыл тайпасының Досек аталығынан шыққан, ел билеген, ауқатты адам. Сол кісі өз заманында Қожакөлінің қапталындағы сусыз Қазан шұңқыр аумақтың арасын тестіріп, жалғастыру арқылы ор (канал) қаздырып қояды да, көктемгі су тасқыны кезінде Қожакөл суға толғасын орды (силюз ашқандай) ашып жіберткізеді. Шіреп тұрған Қожакөлінің суы күшімен ор өзекке айналып кетеді де, Малайдар көлі суға толады. Сөйтіп қолдан жасалынған көл Малайдар көлі атанып, өзек Қызылжар аталынып қалады.

 

Құтикөл (екі айда айдыны екі өзгеретін өзен) - Ырғыз ауданы орталығынан оңтүстікке қарай жүргенде 40км қашықтықта орналасқан. Оны Құтикөл деп атайды.  Бұл көлдің айдыны өзгеріп тұрады. Көктемде сәуір айында айдыны 2 есеге өсіп,1000-2000га жетеді де, мамырда 500-600га болып 2 есеге азаяды. Құтикөл деп аталуы ертеде осы өңірді мекендеген ел су айдыны қайтқан алапқа тары сеуіп, оның бетін шеңгелмен сыпыртқылап тастайды да, өздері жайлауға көшіп кететін болған. Күзде көшіп келгенде жайқалып тұрған тарыны орып алады екен. Көлдің осы ризық- несібесіне орай осылай аталған.

 

Байтақ көлі (үлкен көл) - Ырғыз ауданы орталығынан шығысқа қарай 85км қашықтықта Байтақ көлі бар. Бұл көктемде Торғай өзенінен сабасын толтыратын сары сазанды, сұлу көл. Көлдің айналасы ну тоғайлық, байтақ десе байтақ болған. Сондықтан көлді ел Байтақ деп атап кеткен.

 

Құрдым тебізі (тойымсыз жұта беретін) - Ырғыз ауданынан оңтүстікке қарай 180км қашықтықта орналасқан үлкен аумақты алып жатқан Құрдым тебізі бар. Тебіз теңіз де емес, көлде емес, суға бөгіп жатқан ұйма батпақты алқап. Бұған Ырғыз, Торғай өзендері суы жыл құйса да, айдыны жарқырап су шыққан емес, жерасты тартып кетіп батқан батпақты алқап. Құрдым батпақты алқабына ешқандай құс та, аң да тұрақтамайды, ұйма батпақ тартып кетеді.

 

Нұра тауы («Нұра кемері» деп те атайды) - Ырғыз ауданы орталығынан шығысқа қарай 100км қашықтықта Нұра тауының іргелік кемері көрінеді. Осы кемер Тосын құмынан басталып, 120-150км. Торғай өзенімен қапталдаса отырып, Құрдым теңізінің деңгейіне дейін созылады. Кемердің үстіне шықсаң әрі қарай жалғасып, Жезқазған облысының Нұра ауданы маңына дейін созылатын үстірт.Осы Нұра кемерін Нұра бойы деп те атайды. Нұра тауы бетегелі жота тау, кей тұстары үсті жазық жота. Жангелдин (Қостанай облысының) ауданымен шекаралас «Уәлі» деген жерден басталып, Тәуіпке дейін созылады. Нұра атауы «нұр», «нұрлы» деген сөздерге орай аталған.

 

Жаманшың тауы - Жықпыл-жықпыл шыңдар жотасы бар. Сондықтан Жаманшың тауы деп аталады. Планетамызда теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы – Жаманшың метеорит кратері. Ғалымдардың болжамы бойынша мұнан 700мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Сол он мыңдаған мегетонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700м, диаметрі 5,5км созылған шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температураға бірнеше мың градусқа жеткен. Осының нәтижесінде импактит, тектит (иргизит) породалары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден пайда болуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр.

3.Құт берекелі құмдар:

 

Есеншағыл құмы (құт-берекелі қоныс) - Ырғыз қаласынын батысынан қарай жүргенде 20км басталатын шағылды құм Есеншағыл-Тоқсанбай құмы деп аталады. Аумағы 20x20км. Осы жер шабындықпен жайылымдылыққа берекелі болып, бұл жерді мекендеген ел ешқашан жұт көрмеген. Ылғи да жылдан есен шығатын болғандықтан халық осы құмды Есеншағыл атандырған.

Осы өңірді атақты Сейітқұлдың Ұзақ-Бәйбек аталықтары мекен еткен. Тоқсанбай деген кісі Есеншағылдың бір бөлігін қоныс етіп, ірі байдың бірі болған.

 

Ырғыз құмы (шеңгелді құм) - Ырғыз қаласынан оңтүстікке қарай жүргенде 15киллометрден көбен құм басталып, әрі қарай 20км созылады, ені 3-4км. Осы құм өзі орғыл құм. Орғыл құмдардың етекжағы болмаса жоғарғы жағына өсімдік шықпайды. Ал көбен құмы етегінен бастап, төбесіне дейін тұтасқан қалың шеңгелмен қаптап қойғандай, осы құмға жалғасып Нарқызыл құмы басталады.

 

Нарқызыл құмы (орғыл мен қоңырдаң аралас құм) - Нарқызыл құмы Ырғыз қаласынан оңтүстігіне қарай жүргенде 35км басталады да, әрі қарай 40км созылып Тәуіп құмымен шектеседі, ені 20-25км. Құмның сол жағында Ырғыз арнасы қапталындасып отырады. Ал, Нарқызылдың оң жағы Жанбура қоңырдаңы, одан әрі қарай жалғасып Қалмас қатқылы жатады. Құмның оң бойынан орғыл сияқты көрінетін Көкшоқы дейтін шоқы бар. Бұл шоқының төбесіне шықсаң, Нарқызылдың аумағын тұтас көріп тұрғандай боласың. Нарқызылдың орғылы мен қоңырдаңы бірдей қатарласып жатуы мал шаруасына қолайлы болып келеді.

 

Тәуіп құмы (орғыл мен қоңырдаң аралас құм) - Ырғыз ауданының оңтүстігінде Тәуіп деп аталатын құмды алқап бар. Ол Ырғыз, Торғай өзендрінің бір-біріне қосылатын жері Құйылыстан басталып, Құрдым тебізіне дейінгі аралықты алып жатқан 295114га көлемі бар құмдық жер. Осы құмды жанамалап ағып, Торғай өзені Құрдым тебізіне құяды. Өзеннің оң жағы Тәуіп құмы да, сол жағы қатқылдақ. Тәуіп құмы жайылымдылыққа да, шабындылыққа да қолайлы, мал шаруашылығына берекелі құм.

 

Жанбура құмы (қоңырдаң құмы) - Жанбура құмы Нарқызыл құм мен Тәуіп құмының аралығында үлкен қоңырдаң құм, биік жон төбе. 25×25 аумақты алып жатыр. Солтүстік шығысында Ырғыз өзені ағып өтеді, оңтүстік батысын Қалмас қатқылы орап жатады. Оңтүстігінде Тәуіп құмы, солтүстігінде Нарқызыл құмы. Жанбура құмы өсімдікке бай құм болып табылады.

 

Жер бедері.

Қазақстандағы бүкіл жер беті оңтүстіктен қарай еңіс тартса, Ырғыз ауданының аумағы  керісінше солтүстіктен – оңтүстікке қарай еңіс келеді. Басты өзендер Ырғызбен Торғайдың терістіктен  - оңтүстікке қарай  аққан ағын суы, Құрдымға құйып, жер бедерінің сан ғасырлық түзілуін, қайталанбас табиғатының қалыптасуын қамтасыз еткен.

Аудан жері жер бедерінің сипатына қарай геоморфологиялық тұрғыдан  2 ауданға бөлінеді. Оның біріншісі , Мұғалжар тауының сілемдері,  теңіз деңгейінен 200– 250 м биіктікте  жатқан бұл жайпақ үстірттер Ырғыз өзенінің оң жақ сағалары мен  енсіз терең алқаптарға тарамдалып, Сарыбастөбе (теңіз деңгейінен биіктігі 205м ),  Мәні Әулие (211,8м), Темірастау ( 241,3м), Сарысай (275,4м),  Бөкенбай шоқысы (240,3м),  Суықбет (240,5м),  Қабанқұлақ (213,1м) биіктері бір-бірімен  жалғасып Айырқызыл құмына тіреледі. Аталған сілемдер аудан аумағында 150 шақырымға созылып жатыр.

Ырғыз өзенінің сол жақ бөлігінен қарағанда мұнартып, созылып жатқан аласа тау жоталары алыстан көз арбайды. Іргесінде 4-5 шақырым жерде ағып жатқан Ырғыз өзенінің деңгейінен биіктігі 130,7 метр болса,  Мәні Әулие жотасының биіктігі 211,8 м.

Ырғыз өзенінің сол жағын жағалай орналасқан Төлебай (246,2 метр), Бесмола (225,2 метр), Бесоба (232,2 метр), Қызылқабақ (214,8 метр), биіктіктері мен жоғарыдағы аталған Ырғыз өзененің оң жақ жағалауындағы үстірттерінің  арасы бағзы заманда Ырғыз өзенінің арнасы 4-5 шақырымға жайылып ағып Шалқан теңізіне құйғанын аңғартып  - ақ тұр.

Екінші морфологиялық аудан Торғай – Арал маңының төрткүл жазықтығы (Торғай үстірті ) ауданның шығыс бөлігін алып жатыр. Ол солтүстіктегі Нұра биіктігінен (Теңіз деңгейінен 200 метр) басталып, Торғай – Ырғыз өзендері аяғында және Шалқар теңіз еңісінің (небәрі 50-70 метр) дейін созылады. Үстірттің рельефінде ондаған метр биіктігі бар тік жар, кейбір жерлері су арналары мен тілімдеген төрткүл биіктер болып келеді. Қаратозған (151,5 м), Нұра (166,4 м), Құланақ (160,2 м) , Ақназар (160,1м), Айырбидайық (140,7м) , Шалқар (184 м), Ақжар (183,4 м), Жанайшоқы ( 190,6м), Сұңқарқия (191,5 м), Қосбүйрек (158,8 м) , Жаманай (209,5 м ), Мыңсай (180,2 м), Атанбас (193,3 м)  шоқылыра бір-бірімен тізбектеліп 250 шақырымға созылып жайғасқан .

Үстіріттің бетінде , әсіресе , Торғай, Ырғыз, Өлкейек  өзендерінің аяқтарында және Арал маңының терістігінде бос сулы көп ойпаттар, сортаңдар мен тақырлар көп. Жазықтың оңтүстік бөлігі Арал маңы ойпатындағы биіктіктер 80-150 метр аралығында құбылады. Мұндағы алқаптарды көлемді құмдар алып жатыр. Солардың ішіндегі ең ірілері Айырқызыл, Нарқызыл, Жаманқұм, Тәуіп болып Аралдың Қарақұмымен жалғасады.

Планетамызда теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы – Жаманшың метеорит кратері осы Ырғыз жерінің еншісінде. Ғаламдардың болжамы бойынша мұннан 700 мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Сол он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700 метр, диаметрі 5,5 шақырымға созылатын шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Осының нәтижесінде импактит, тектит (иргизит) породалары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр.

Мұнан миллиондаған жылдар бұрынғы Ырғыз даласында алып денелі хайуанаттар өмір сүрген. Осы ғажайыпқа қызыққан орыс геологтары К.К.Матвеев пен П.М.Василевский 1912-1916 жылдар Ырғыз аймағына зерттеулер жүргізіпті.К.К.Матвеев 1912 жылы осы өңірдің Шалқар теңіз (Құрдым) аймағындағы өзеннің жер қабатынан индрикотерий (сүт қоректілердің дүние жүзінде ішінара кездесетін алыбы) сүйегін тапқан. Ғылымдағы осы ғаламат оқиға туралы сол кездегі газет-журналдардың барлығы дерлік жазыпты. Өйткені, биіктігі бес метрдей, ұзындығы сегіз метрдей, бұл алып хайуанның әлемде теңдесі жоқ болатын. 1922 жылы 1-12 маусым аралығында Петроградта өткен бірінші Бүкілресейлік геологиялық сьезде профессор А.А.Борисяк Ырғыздан табылған осы индрокотерий фаунасы жиналғандарға мақтанышпен көрсетіпті. Осындай бір алып хайуанаттың бірі 1979 жылы Ақши аулынан табылып, Ырғыз мұражайына тапсырылған мамонттың жілігі.

Халқы.

Аудан құрамында 7 селолық округ, 20 елді – мекен бар. Аудан орталығы – Ырғыз селосында 5492 адам тұрады (2009).

Ырғыз ауданы халқының жалпы саны 14771 адам (2009). Жерінің ұлан – ғайыр кеңдігіне  қарамастан, аудан халқы саны жағынан облыста 13-орын алады. Аудан тұрғындардың 99,8 пайызын қазақтар құрайды.

Тарихи деректерге сүйенсек , 1845 жылы Орал бекінісі деген атпен салынған Ырғыз көп ұзамай – ақ тоғыз жолдың торабына айналып, қала атанады, уезд орталығы болады. Уездің жер көлемі үлкен аумақты қамтыды. Қазіргі Шалқар, Әйтеке би аудандарының жері осы Ырғыздың уезіне қарап, тұрғын халқының саны да көп болған.  Әсіресе , 1915 жылы халық саны 120 мыңға жуықтаған (1-кесте).

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы халқымыздың басынан өткерген түрлі қасіреттермен қиындықтарды, ашаршылықпен соғысты Ырғыз елі де бастан кешірді. Ырғыз ауданынан екі аудан бөлініп шықты. Мұның барлығы тұрғын халықтың санының азаюына әкеліп соқтырды.

Соңғы 30 жылда аудан халқының саны әуелі көбейіп, кейін азая бастаған.  1979 жылмен салыстырғанда 1989 жылы тұрғындар саны 1607 адамға, яғни 10,7 пайызға өскен, ал 1989 жылмен салыстырғанда  1999 жылы халық саны 1029 адамға немесе 6,2 пайызға кеміген. Ал 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 839 адамға , яғни 5,3 пайызға азайған (2-кесте).

Тұрғындар санының 1989-1999 жылдар аралығында төмендеп кетуіне сол жылдардағы әлеуметтік – экономикалық  қиыншылықтардан халықтың қалаға үдере көшуі себеп болды. Бұл үдеріс 1999-2009 жылдары баяулағанымен әлі де толық тоқтаған жоқ.

Халықтың 1054-сі , яғни 7,1 пайызы зейнеткерлер , ал 252 адам , яғни 1,7 пайызы мүгедектігіне байланысты не жасына қарай зейнетақы алатындар, сондай – ақ жеке адамның асырауындағылар.

Аудандағы халық санынының өсуі елімізге тән демографиялық дамудың үрдістерімен сипатталады. Бұл орайда қоғамдық өмірдің алуан түрлі  салаларындағы өндірістік қатынастар мен әлеуметтік – экономикалық өзгерістердің ерекше мәні бар.  Халықтың табиғи өсіп – өнуі – еңбек ресурстарын толықтыра түсудің бірден – бір бастауы. Статистикалық деректер бойынша, ауданда бала туу  деңгейі мен халықтың табиғи өсуі соңғы жылдары облыс бойынша орташа деңгейден артық болып отыр.

Аудандағы халықтың 49,6 пайызы ерлер болса, 50,4 пайызы әйелдер. 70 жасқа дейін еркектер саны басым болса, 50 жастан бастап әйелдер саны көп. Ауданда 2525 отбасы бар. Ұлттық ерекшеліктеріне байланысты ата – анасы мен үйленген балалары бір шаңырақта тұратын отбасылар да жиі кездеседі. Осыған орай, отбасындағы адамдардың орташа саны  5-6 адамнан келеді.

Ырғыз ауданында 1км2 – ге шаққанда халықтың тығыздығы 0,3 адамнан келсе,  бұл көрсеткіш Ырғыз селолық округінде 1,1 адамнан, Аманкөл, Қызылжар, Құмтоғай, Нұра, Тәуіп, Жайсаңбай селолық округтерінде тиісінше 1,0;0,8; 0,5; 0,2; 0,3; 0,3; адамнан келеді. Аудан бойынша тұрғындар саны Жайсаңбай селолық округінде 500-ден Тәуіп , Нұра, Құмтоғай селолық округтерінде 1000-нан асады. Аманкөлде 2000-ға жуық , Қызылжар селолық округінде 2000-нан астам халық тұрса , Ырғыз селолық округінің халық саны 6500-ден асады. (3-кесте). Қазіргі кезде ауылдарды мүмкіндігінше қайта түлету, олардың қалыптасқан тарихи жүйесін қалпына келтіру жөнінде көп жұмыстар атқарылуда.

1.2 Ырғыз ауданының топырағымен су көздері.

 Ауданның топырақ жамылғысы жер бедерінің рельефіне сәйкес және топырақ құрылымын жасайтын жыныстардың литологиялық құрамының алмасуына байланысты әр түрлілігімен  ерекшеленеді. Ауданның топырағы негізінен ашық – қызғылт топырақ және қоңыр топырақты болып, екі аймаққа бөлінеді.

Ашық –қызғылт топырақ. Бұл аймаққа ауданның Батыс жақ бөлігіндегі Құмтоғай,  Қызылжар селолық округтерінің және Қалыбай елді – мекенінің жерлері жатады. Топырақ құрамы құмайтты оның құрамында сортаң,  тақыр және шалғындық – қызғылтты топырақтар бар.

Қоңыр топырақ . негізінен ауданның оңтүстігіндегі шөлейтті аймақ  құмақты, саз және құмы көбірек топырақ болып келеді. Біртектес қоңыр топырақ  жамылған алқаптар сор, сортаң, тақыр және ауқымды құмақ жерлермен шектеседі. Топырақ күзгі және қысқы жауын – шашынмен ылғалданады.

 Бұл өлкені батысынан Ырғыз өзені, солтүстік – шығысынан Торғай өзені орап  өтеді. Ырғыз өзені басынан Мұғалжар тауының жотасы – Өтеш үстіртінен алып 440 шақырым оңтүстік шығысқа ақса, Торғай өзені басын Ұлытаудан алып 150 шақырым солтүстік – батысқа құлайды да, одан оңтүстік батысқа кілт бұрылып шығысқа ағады. Осы екі өзен 200 км-ден Ырғыз жерін басып өтіп Тәуіп даласында тоғысып әрі- қарай бір арнамен Ырғыз – Торғай болып жұптаса Шалқар теңізіне ( ел аузында Құрдым  аталады) сарқылады. 136 үлкенді – кішілі салалар көктемде  бар суын  Ырғызға құйып 31 мың шаршы шақырым алқапты суландырады.

Ырғыз бойы табиғаттың өзі жасаған кең саба су қоймасы. Өйткені, бұл өлкеде Ырғыз  - Торғай өзендерінен басқа: Өлкейек , Телқара , Қарақай, Ащысай, Сарыөзек, Шоңқай, Талдысай аталатын ұзынды – қысқалы өзендермен 30-дан астам аумақты көлдер бар. Бұлардың ішінде ұзын ағатындары : Өлкейек , Қарақай, Телқара.

Өлкейек – Жантай, Толыбай өзендерінің қосылған сағасынан басталып Нұра бойындағы Қызылкөлге құйатын арасы  349 шақырымға созылатын су шығатын алқабы 3600 шаршы шақырым құрайтын сулы өзен. Қарғын кезінде аңғары кей тұста 1 шақырымнан 3,5 шақырымға жетеді. Көктемгі қар суының тасқынынан кейін суы үзілген арналар қара суларға айналады.

Қарақай – Басқұдық жерінен басталып Күшіккөлге құятын ұзындығы 146 шақырымға созылатын өзен. Көктемгі тасқында суын 3150 шаршы шақырым алқапқа жаяды. Құрғақшылық жылдар арнасы үзіліп көп тұстары құрғап қалады. Алқабынан мол түсімді мал азығы дайындалады. Телқара ағысы 100 шақырымға созылатын Ырғыз жерінен басталып  Торғай өзеніне құятын 1400 шаршы шақырым су шығатын алқабы бар өзен. Кең жайылымы – алуан түрлі шөп өсетін шабындық.

Ырғыздың  өзендері мен көлдерінің байлығы қамысты қопалық және әр түрлі балықтар. Осы Байтақ, Қызылкөл, Бақшақкөл, Малайдар, Қармақкөл, Айыркөл, Алакөл, Жаркөл, Аманкөл, Жалаңаш көлдері Ырғыз жерінің даңқын асырған. Бір ғана Байтақ көлдің көлемі 47 шаршы шақырым, тереңдігі 3 м, көктемде Торғай өзенінен сабасын толтыратын сұлу көл. Көркемдігі көргендердің көңілінде қалатын Бөгенкөл – теңіз деңгейінен 52 м биіктікте жатқан ағынды көл. Көктемде 12,5 шаршы шақырымға шалқып, төңірегіндегі ұсақ көлдермен тұтасады. Ырғыз елінің Байтақ көлден кейінгі мақтанышы – Қызылкөл. Бұл ұзындығы 11 шақырым, ені 6,2 шақырым, жалпы ауданы 14,6 шаршы щақырым ағынсыз, тұйық көл. Жағалауын белдеулеп шоқ - шоқ қамыс өседі. Ырғыз су бассейініне 87 мың шаршы шақырым су қоры жинақталғанымен, оның біразы көктемде Шалқар теңізіне (Құрдымға) сіңеді. Құрдым табиғаттың артық су жинайтын алапат қоймасы тәрізді. Өйткені, ұзындығы 22,6 шақыры, ені 10,9 шақырым, тереңдігі 1,6 м, жалпы көлемі 30 шаршы шақырым құрайтын тұйық көлдің сабасы көктем мезгілінде де ешқашан суға толған емес.

1.4 Ырғыз ауданының климаты.

 Аудан жері мұхиттар  мен биік таулы жүйелерден  алыста жатыр. Қыста аумақ Сібір  антициклонының ықпалында болады. Жазда жылы, шөл даланың құрғақ  субтропикалық ауасы кедергісіз  еркін жетеді. Ауданда құрғақ  континентальдық климат қалыптасқан. Ырғыз өңірі сан ғасырдан бері  табиғи ылғалдың жеткіліксіздігі  мен ыстық та қуаң не қара  суықты ауа райымен, аңызақ не аязды желімен, шаңды дауылымен, ылғалдың ауаға бостан – бос қарқынды булануымен, оған керісінше жер бетіне түсетін атмосфералық жауын – шашын мөлшерінің мардымсыздығымен  ерекшелінеді, яғни жазы ыстық, қуаң болса, қысы қарлы, аязды келеді. Жыл ішінде ауа температурасының өзгеруі қыста тұрақты аязды күндермен, көктемгі салқыннан жедел ыстық жазғы жалғасуымен сипатталады. Аудан аумағында орташа жылдық температура 5,30С жылы.

Жылдың ең ыстық  айы – шілде , бұл айдағы ауаның орташа температурасы 25,00С (1-кесте), кейде одан астам болады. Тіркелген ең жоғары абсолюттік температура 440С. Аудан аумағында жылдық орташа ылғал мөлшері 102-183 мм (2-кесте), қуаңшылық жылдары жауын – шашын мөлшері 102 мм-ден аспай қалады.

1-кесте                        

Метео-бекет

Айлық                                                                                    жылдық

 

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

 

Ырғыз

-15,5

-14,7

-4,3

6,9

17,0

22,7

25,0

23,0

15,6

6,3

-3,8

-12,0

5,30


 

 

2-кесте

Метео-бекет

Айлық                                                                                жылдық

 

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

 

Ырғыз

11

12

13

17

16

19

19

13

13

19

15

16

183мм


 

Жыл бойы ылғал тегіс түспейді. Оның негізгі мөлшері жылы мезгілде келіп, салқын кезде жауын – шашынның мөлшері шамамен 50-70% болады. Ылғалдың айлық мөлшерінің ең молы маусым немесе шілде айларына келеді. Жауын – шашын негізінен көп көлемде жаумайды, кейде ғана біршама ұзақ жаңбыр, күшті нөсер кездеседі. Жаздағы ылғал күннің ыстығынан, шөлді жерлердің көптігінен тез буға айналып кетеді. Ылғалдыну шамасына қарағанда бұл аймақтың құрғақ, жылы аудандардан айырмашылығы шамалы. Жылдың жылы маусымдарында негізінен оңтүстік бағытында соғатын желдің үлесі басым;  желдің орташа жылдамдығы 9-14 м\сек, ең күшті желдің қарқындылығы 33м\сек-қа жетеді.

Ауаның айлық неғұрлым төменгі орта температурасы қаңтар – ақпан айларында байқалады. Бұл айлардың орташа температурасы – 120 – 170. Температураның ауданда тіркелген төменгі абсолюттік шамасы -330 -420 суықты көрсеткен. Қыста жел негізінен солтүстік батыстан соғады, жылдамдығы 15-20 м\сек . Желтоқсан айының екінші жартысынан бастап қар жауады. Қардың қалыңдығы 20-25 см, қар суының қоры 55-75 мм – ді құрайды. Қар 105 күндей жатып , наурыз айының ортасынан ери бастайды. Қыс кезінде орта есеппен 12-15 күндей боран соғады.

Ауаның орташа тәуліктік температурасы 00 аусуы көктемде, әдетте 25-31 наурызда, күзде тиісінше 1-10, қараша мен 29-31 қазанда. Орташа тәуліктік температураның 00-тан артық болатын күндер саны 200-ге жуық. Аяссыз кезең ауданының оңтүстік бөлігінде 150-160 күнге созылады.

Ауа райының ерекше құбылыстары да болып тұрады. 2002 жылы 9 тамызда Ырғыз ауданының үстімен құм араласқан нөсер жауын жауып, жылдамдығы 36 м\сек болатын дүлей дауыл соқты. Бұл табиғат апатынан әлеуметтік сала ғимараттары мен мектептер, жекелеген тұрғындар көп зиян шекті.

Радиациялық баланс. Аудандағы радиацияның ең көп мөлшері 5-7 мкр\сағ, ол маусым және шілде айларына келеді. Жағымсыз радиациялық баланс – айына 1 мкр \ сағ – желтоқсаннан ақпанға дейін байқалып, наурыз және қараша айларында оның мөлшері 0–ге тең.

1.5 Ырғыз ауданының  өсімдігі мен жануарлар дүниесінің экологиялық жағдайы.

Түр-тұқымына қарағанда ауданда өсімдік өте -  мөте әр түрлі. Шөп бітіктігі негізінен екі түрмен сипатталады: далалықта – дақылдық, қуаң далада – жусанды өсімдіктер. Олардың кейбіреулері мыналар: бидайық, қамыс құрақ, қоға, шағыр, көкпек, барқын, боздық, көде (еркек), алабота, қына, жантақ, түйе жапырақ, адыраспан, киік оты, жалбыз, қурай, есекмия, өлеңшөп, саңырауқұлақ, бүлдірген, жусан, шілік, қызғалдақ, жабайы тал, шеңгел, жыңғыл, тобылғы, изен.

Географиялық орналасуы мен ландшафты – климат жағдайының әртүрлілігінен аудан жерінде аң – құстың түрлері де сан алуан. Өңірде сүт қоректілердің 42, құстардың 250 және балықтың 11 түрі кездеседі. Ауданда кездесетін жануарлар: жабайы шошқа, ақбөкен, бұлан, елік, шибөрі, қасқыр, шағыл мысығы, қамыс мысығы, қарсақ, түлкі, борсық, ақкіс, сасық күзен, су егеу құйрығы, ондатр, саршұнақ, құм қоян, ор қоян, ақ қоян, аламан. Бұлардың ішінде шағыл мысығы мен қызыл қасқыр ҚР «Қызыл кітабына» еңгізіліп, қорғауға алынған. Жабайы шошқа қамыс құрақты қопалары бар ірі су арналарын, тоғайларды мекендейді. Саны әжептәуір – 600-ге дейін барады, лецензия бойынша әуесқой аңшылық обьектісі болып табылады. Тұяқтылар ішіндегі ең көп тараған киік. Ырғыз жерінде олар жаз айларында кездеседі, қысты үстірт жазығында, Байғанин және Шалқар аудандары өңірінде өткізеді. Қыс қатаң болса, одан әрі оңтүстікке көшеді. Бұрын киікті аулау аңшылық кәсіп болып, онымен мемілекеттік аңшылық шаруашылығы айналысқан болатын. Құм қояныда негізінен әуесқой аңшылық обьектісі. Өңірде құстың түрі көптеп кездеседі. Оның 35 түрі ұя салады, қалғандары қайту, келу маусымында кездесетіндер. Құс түрлерінің көпшілігі тұрақты және кеңінен таралған. Ырғыз өңірінде мекендейтін кейбір құстар: сұрқаз, шаңқылдаққаз, от үйрек, даурықпа шірігей, қызылтұмсық сүңгуір, барылдауық үйрек, сары айдар үйрек, бізқұйрық-үйрек, жалпақтұмсық үйрек, сұр үйрек, ысылдақ- шүрегей, үлкен суқұзғын, үлкен әупілдек,  қызылбас сүңгуір, алакөз - сүңгуір, айдарлы сүңгуір, қасқалдақ, шіл, бөдене, көкқұтан, тауқұдірет, жылқышы, қызғыш, үлкен шалшықшы, қараторғай, айдарлы үйрек, сеппілтас - бейнарық, дала шілі, көк кептер, күжіркей, шаушалшық, қасқа шалшықшы, үлкен шырғалақ, кіші шырғалақ, қара қаз, көкшіл көгершін, атша көкек.

Географияық орналасуы, жер бедері және халқы