Криптографияның негізгі есептері

"Электрондық  үкімет" деген  не?    

 «Электрондық  үкімет» (e-Government) термині барлық мемлекеттік  органдардың басын біріктіріп, оларға интернеттің, электронды терминалдардың немесе тіпті ұялы телефондардың көмегімен тұрғындарға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін біртұтас жүйені білдіреді. Жеке тұлғаларға ғана емес, компания мен кәсіпкерлерге де.  
Мұнда мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара қарым-қа тынасты электронды үкімет ішіндегі G2C (мемлекет-азаматтар) G2B (мемлекет-бизнес) және G2G (мемлекет-мемлекет) деп аталатын негізгі модельдер атқарады.     

  Елімізде  электронды үкімет құру идеясын  Мемлекет басшысы өзінің республиканы  әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізу туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында білдірген болатын. 2004 жылғы 10 қарашада электронды үкіметті ендіру туралы «Қазақстан Республикасында электрондық үкіметті қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Президент Жарлығымен бекітілді.    

  Бағдарламаны  іске асыру келесі міндеттерді кезең-кезеңмен шешу жоспарланған болатын:     

  Электрондық  үкіметті қалыптастырудың бірінші  кезеңінде – ақпараттарды жариялау  және тарату.    

  Екінші  кезеңі - мемлекеттік органдар мен  азаматтардың өзара қарым-қатынасына  тікелей және қайтармалы жолды  интерактивті қызмет ұсынады.     

  Үшінші  кезеңде - қаржылық және заң  операцияларын үкіметтік порталдар  арқылы жүзеге асыру жолымен  транзакциялық қызмет көрсету.    

  Төртінші  кезеңде - ақпараттық қоғамды  толық қалыптастыру.    

  Бағдарлама 2005 жылы іске қосылып 2 жыл ішінде е-үкіметтің инфрақұрылымы қалыптастырылып, базалық құрамдас бөліктері құрылды: веб-портал және шлюз, ведомствоаралық электрондық құжат айналымы, куәландырушы орталықтары, бірыңғай көлік ортасы.  
Сонымен қатар, 2007 жылы бүкіл ел бойынша бірыңғай тізілімге біріктірілген жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры тұрақты пайдалануға енгізілді. Веб-портал арқылы мемлекеттік органдардың 20 интерактивтік қызметтері іске асырылды.    

  2007 жылы электронды  үкіметті дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасында электрондық үкіметті қалыптастырудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, онда электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымын және қол жеткізу тетіктерін кеңейту және дамыту мақсаттары алға қойылды, мемлекеттік басқарудың және әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді ұсыну үдерістерінің сапасын және тиімділігін арттыру мақсатында электрондық үкіметтің құрамдас бөліктерін дамыту;    

  Үшінші  кезеңнің алғышарты транзакциялық  кезеңде «Электрондық мемлекеттік сатып алулар» АЖ құру болды. Бұдан былай кәсіпкер кеңсесінен шықпай тендерлерге қатыса алады. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік сатып алулар http://www.goszakup.gov.kz/. мемлекеттік сатып алулар веб-порталында электрондық қалыпта баға ұсынымдары арқылы жүзеге асатын болады.    

  2009 жылы кәсіпорын  субъектілеріне арналған «Е-лицензиялау»  жобасын ендіру басталды. Бұл  кәсіпорындардың лицензия алу  барысындағы үдерістерді жеңілдету  және лицензияланатын қызмет  түрлерін жүзеге асыру. Е-лицензиялау – лицензия алуға өтінім берген адамның, оның өтінімін қарау жолындағы үдерістің барлығын бақылауға мүмкіндік береді. Мұның барысында өтінімді қарастырып жатқан адаммен өтінімді жіберген адам арасындағы қарым-қатынасқа жол берілмейді. Ол сыбайлас жемқорлық саласындағы үлкен тиімділікке ие.    

  Мемлекеттік  бағдарламаның өңірлік бағыттары  қоса дамуда. Өңірлерде электрондық  құжат айналымының бірыңғай жүйесі  ендірілді, 2009 жылдың қыркүйек айынан  бастап барлық әкімшіліктер электрондық  құжат айналымының жеделдігін пайдалануда. 5 таңдалған қызметке «Электрондық әкімдік» жүйесінің түп тұлғасы әзірленіп, Павлодар облысының әкімдігіне тәжірибелі пайдалануға ендіру жүргізілді.    

  2009 жылдың  желтоқсан айында «Бірыңғай нотариалды  ақпараттық жүйе «е-нотариат»  жобасының Астана қаласы бойынша пилоттық өндірістік пайдаланылуға қосылды, оның мақсаты нотариалды іс-әрекеттер туралы есептің уақтылы және нақтылы болуын және нотариустардың тиімді жұмыстарын олардың ҚР Әділет министрлігімен, республикалық және өңірлік нотариалды палаталармен өзара іс қимылдарын қамтамасыз ету. Өз кезегінде халыққа сапалы, құқықты нотариалды қызметтер ұсынылады. Бірыңғай нотариалды ақпараттық жүйені республиканың барлық өңірлеріне ендіру 2010-2012 жылдарға жоспарлануда.      

 Осыдан біз еліміздегі электрондық үкіметтің қарқынды дамуын көреміз. 2010 жылы Қазақстан Республикасындағы электрондық үкіметтің дамуына Біріккен Ұлттар Ұйымымен жоғары баға берілді. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік даму департаментімен дайындалған, электрондық үкіметке жахандық дайындық рейтингісінің жыл сайынғы деректеріне сәйкес, Қазақстан соңғы жыл ішінде әлемдік рейтінгідегі 81 орыннан Ресейді (59 орында), Беларуссияны (64 орында) және Украинаны (54 орында) артта қалдырып қарқынды түррде 46 орынға көтерілгендігі айғақ.    

  Елімізде  е-үкіметтің қызметтерін пайдаланушылардың  (заңды және жеке тұлғалар) саны 70 мыңға жуық тіркелген.    

  Азаматтардың  мемлекеттік электрондық жобаларға  қатысуы «электрондық қатысу»  (e-participation) көрсеткіштері бойынша  жіктеуіште Қазақстан елі 2008 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда (106 орыннан) 18 орынға көтерілген.

Портал  жайлы бірер сөз

 
       Порталдың мақсаты - «бір терезе» қағидасы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету  тұжырымдамасын іске асыру механизмі  болып табылады.       

 Портал 2005 – 2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының «Электрондық үкімет» бағдарламасын қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылған «электрондық үкімет» веб-порталы халықққа көрсетілетін қызметтердің уақытын қысқартуға және сапасын арттыруға бағытталған.       

 Порталдың міндеттері.       

1. Ақпараттық кезең (2005-2006 жылдар). Бірінші кезең аясында 2006 жылдың аяғына дейін Порталда барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметтері жарияланды.       

 2. Интерактивтік кезең (2006-2007 жылдар). Екінші кезең аясында мемлекеттік органдардың азаматтарға интерактивтік қызмет көрсетуі үшін пайдаланушыларды авторизациялау және сәйкестендіру механизмі жүзеге асырылды. Мемлекеттік деректер қорын біріктіру жүргізіліп, азаматтардың өтініштерін қабылдау сервисі жүзеге асырылды және Порталдың мобилді нұсқасы қолданысқа енгізілді.       

 3. Транзакциялық кезең (2008 -2010 жылдар). Үшінші кезеңнің міндеті - банктік ақпараттық жүйелер және төлем шлюзін біріктіру есебінен Портал арқылы азаматтардың төлемдерін қаржылық транзакциямен жүзеге асыру мүмкіндігі туды.       

 Порталды  жетілдіру шеңберінде оның дизайны жаңартылып, онда үлкен ақпарат массиві орналастырылды. Контенттің ақпараттық көлемі кеңейді.       

 Қазір Порталда 1503 ақпараттық қызмет көрсетіледі.  Негізгі екпін 2007 жылы шілдедегі ҚР Үкіметі қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызметтерге жасалған.      

 Мемлекеттік  қызметтер Порталда сызба бойынша  таныстырылған: Мемлекеттік қызметтер  процедурасын сипаттау; Заңнамалық  база; Байланыс ақпараты.       

 Әрбір қызметке әкімшілік уақыт тәртібі берілген, онда кім жауапты және қандай мерзімде орындау қажеттілігі туралы қатаң талаптар көрсетілген. Барлық уақыт тәртібі – типтік, қарапайым тілмен жазылған. Уақыт тәртібі толық анықтамалар тізімінен тұрады. Онда қажетті өтініш шаблондары көрсетілген.       

 Сонымен қатар,  Сіз Портал арқылы электрондық  қызметтерге қол жеткізе аласыз, ол үшін Порталда тіркеліп, «азаматтардың электрондық өтініштері» дербес сервисін пайдалана аласыз: электрондық поштаның сервистері, байланыс деректері, күнтізбелік жоспар, виртуалдық қабылдау.      

 Виртуалдық  қабылдау сервисі азаматтардың  мемлекеттік органдарға өтініштерін  қабылдауға арналған. Бұл сервис электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын талап етеді, ол әрбір қалаған азаматқа беріледі. Электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану аталмыш сұраудың тұтастығы мен авторлығына кепілдік береді. Азаматтарға инстанциялар бойынша өту жолын, сұрау мәртебесі және соңғы нәтижесін қадағалау мүмкіндігі берілген.        

Жуық арада  порталда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қаржы министрлігінің салық комитетінің, Әділет министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Бас прокуратураның электрондық қызметтері жарияланады.

ЭЦҚ не үшін керек?

 

      

 ЭЦҚ арқылы Сіз мемлекет тарапынан көрсетілетін көптеген қызмет түрлерін үйде отырып-ақ онлайн режимде ала аласыз. Ондай қызмет түрлерінің тізімі уақыт өткен сайын ұлғая беретін болады. Ал, қазір қол жетімді қызмет түрлерінің тізімі мынадай:       

 1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті):     

  1) Жеке тұлғаның  басқа заңды тұлғаларға қатысуы  туралы анықтама беру;    

  2) Заңды тұлғаны, филиалды немесе өкілдікті тіркеу туралы анықтама беру;    

  3) Заңды тұлға филалдарының немесе өкілдіктерінің саны туралы анықтама беру;    

  4) Басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама беру;     

  5) Жеке тұлғаға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары туралы анықтама беру;    

  6) Жеке тұлғада жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама беру;    

  7) Жеке тұлғада жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама беру (тарих);    

  8) Туу туралы анықтама беру (2007 ж.13.08.бастап);    

  9) Некеге тұру туралы анықтама беру (2008 ж. 01.06. бастап);     

  10) Некені бұзу туралы анықтама беру (2008 ж. 01.06. бастап);     

  11) Тегін, атын, әкесінің атын ауыстыру туралы анықтама беру (2008 ж.14.04. бастап);    

  12) Некеге тұру туралы қайталама куәлікке өтініш беру (2008 ж.01.06. бастап);    

  13) Әкелікті анықтау туралы қайталама куәлікке өтініш беру (2008 ж.14.04.бастап);    

  14) Тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы қайталама куәлікке өтініш беру (2008 ж. 14.04.бастап);     

  15) Ұл бала/қыз бала асырап алу туралы қайталама куәлікке өтініш беру (2008 ж. 14.04.бастап);    

  16) Некені бұзу туралы қайталама куәлікке өтініш беру (2008 ж.01.06. бастап);    

  17) Туу туралы қайталама куәлікке өтініш беру (2007 ж. 13.08.бастап).       

  2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі:     

  1) Жеке тұлғаға жер учаскесінің бар (жоқ) екендігі туралы ақпараттық анықтама беру;     

  2) Жеке тұлғаның жер учаскесіне жеке меншік құқына актісінің бар екендігі туралы ақпараттық анықтама алуы;     

  3) Жеке тұлғаның уақытша ақылы (ақысыз) (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқына актісінің барлығы туралы ақпараттық анықтама алуы.       

  3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (Салық комитеті):      

 1) Қазақстан Республикасы бойынша міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар, салықтар бойынша салық төлеушінің салық берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтама беру;     

 2) Жеке тұлға үшін қарап шығуға және өзгертуге тіркеу мәліметтеріне дербес рұқсат беру;     

 3) Жеке тұлғаның тіркеу мәліметтерін өзгерту;    

  4) Салық міндеттемелерін орындау бойынша бюджетпен есеп айырысу жағдайын қарап шығу жеке тұлғалардың - салық төлеушлердің дербес шоттарына жеке қол жеткізуге, дербес шотынан көшірме беру;     

 5) Салық төлеушіні кеңейтілген іздеу.      

  4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық):     

  1) Салымшы қаржысының түсуі және қозғалысы туралы ақпаратты беру;    

  2) Әлеуметтік жеке кодты беру туралы куәлікті алу;    

  3) Әлеуметтік жеке кодты беру туралы куәліктің телнұсқасын алу;    

  4) Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу;    

  5) Мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу;    

  6) Мемлекеттік арнайы жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу;    

  7) Мүгедектікті растау туралы ақпарат алу;    

  8) Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) турал ақпарат алу;    

  9) Жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу;    

  10) Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу;    

  11) Бала тууға және бала бір жасқа толғанға дейін оны күтуге жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу;    

  12) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан базалық зейнетақы төлемі есебімен зейнетақы төлемдеріні тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу.      

  5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі:     

  1) Жеке тұлғаға  ауыл шаруашылығы техникасы ауыртпалығының  бар болуы/жоқ болуы туралы  анықтаманы беру.      

  Жоғарыда  айтып өттік, халыққа көрсетілетін  электрондық қызмет түрлерінің  тізімі бірте-бірте толықтырылатын болады. Ол жөнінде оқырмандарды уақытылы хабардар етіп, сайттағы мәліметтерді жаңартып отыратын боламыз.     

  Сонымен  қатар, порталда азаматтардың  электрондық өтініштеріне арнайы  бөлім бар. Порталға кірушілер  осы сервисті пайдалану арқылы тікелей мемлекеттік орган басшыларына қаралып, мемлекеттік органның қатысуын талап ететін мәселелерді интернет арқылы жедел түрде күніне 24 сағат және аптасына 7 күн қатарынан мемлекеттік орган басшысына жібере алады. Одан басқа азаматтар түрлі құрылымдардың жұмысы жөніндегі және мемлекеттік қызметті көрсету орындары мен тәсілдері туралы ақпаратты алып, қажетті мәселелері бойынша заңды және нормативті құқытық актілермен танысуға, сонымен қатар, түрлі квитанциялардың, арыздардың, төлеу түбіртектерінің нұсқалары мен үлгілерін көшіріп алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар порталда жол қозғалысы ережелерін бұзғандығы үшін айыппұлдарды да төлеуге болады.       

  Порталдан  басқа ЭЦҚ-ны басқа да ақпараттық  жүйелерде пайдалануға болады:    

  1. Жеке электронды пошта арқылы жіберілетін құжаттарға қол қою;    

  2. «Қаржы  есептілігі депозитариі» ақпараттық  жүйесі;     

  3. «Е-лицензиялау»  жүйесі;     

  4. «Қазына-клиент»  ақпараттық жүйесі;     

  5. «Электронды  статистикалық есептілік» ақпараттық  жүйесі;     

  6. «Мемлекеттік  сатып алулар» ақпараттық жүйесі.  

ЭЦҚ орнату

 

       

 ЭЦҚ алу  үшін неден бастау керек? ЭЦҚ-ны  алғаш рет пайдаланушыларға ыңғайлы  болуы үшін біз осы бағытта  жасалатын жұмыстарды қадамдарға  бөліп көрсетуге тырыстық.         

 1 қадам. Ең алдымен, Сізге еліміздегі жеке және заңды тұлғаларына ЭЦҚ берумен айналысатын Ұлттық куәландыру орталығының (бұдан әрі - Орталық) http://www.pki.gov.kz/ сайтына кіріп, басты беттегі "Жеке тұлғалар үшін ЭЦҚ алу" түймешігін басыңыз.        

 2 қадам. Ашылған бет парағында Сізге ЭЦҚ-ны пайдаланушыға нұсқаулықты (өкінішке орай, әзірге орыс тілінде ғана беріліпті), "Криптопровайдер" бағдарламасын және "Java" бағдарламасын көшіріп алу ұсынылады. Айтылған кеңестерді орындаңыз. Көрсетілген нұсқаулық пен бағдарламаларды алдымен өз компьютеріңізге көшіріп (скачать) етіп алып, содан кейін қондырыңыз. Бұл бағдарламалар Сіздің ЭЦҚ-дың қалыпты жұмыс жасауы үшін қажет бағдарламалық орталар болып табылады. Мысалы, үй жағдайында балықтың өмір сүруі үшін аквариум мен су қажет емес пе. Сол сияқты ЭЦҚ-ны балық деп елестетсек, криптопровайдер мен Java-ны - балық өмір сүретін аквариум және су деп есептеңіз :-) Қондырып болғаннан кейін, компьютерді сөндіріп, қайта қосыңыз. Әйтпесе, қондырылған бағдарламалар іске қосылмайды.      

 Бұл қадамды  орындау барысында қандай проблемалар  кезігуі мүмкін? Атап өтелік:      

1) криптопровайдердің  Сіздің компьютерге орнатылмауы;  бұл жағдайда бұрын Сіздің  компьютерге криптопровайдер орнату әрекеті жасалып, ол аяғына дейін орындалмай қалған болса, онда компьютерге енгізілген барлық бағдарламалардың тізбесін ашып, оны жою қажет; содан кейін криптопровайдерді жаңадан орнатыңыз;      

2) бағдарламалардың  орнатылмауы немесе дұрыс орнатылмауы; бұл жерде атап өтетін мәселе, бағдарламаларды орнату үшін Сіздің компьютеріңіз белгіленген минимальді талаптарға сай келуі тиіс; жалпақ тілмен айтқанда, компьютер тым ескі және әлсіз болмауы тиіс; компьютерге қойылатын ең аз талаптар тізімі мына нұсқаулықта көрсетілген.        

 3 қадам. ЭЦҚ алуға өтінім (тапсырыс) беру. Ол үшін "Сертификаттарды online-да шығаруға тапсырыс беру" түймешігіне басып, бірінен кейін бірі алты қадамды (қадамдар көбейіп кетті ме, қалай өзі:-) орындап шығыңыз. Ол қандай қадамдар?      

 Бірінші қадам - жүйе Сіздің компьютерде тиісті бағдарламалар орнатылғандығын тексеріп шығады. Егер Сіз "Tumar CSP криптопровайдерін" және "Java" бағдарламасын орнатқан болсаңыз, онда жүйе Сізді екінші қадамға көшіреді.      

 Екінші қадам - Сіз жеке немесе заңды тұлға екендігіңізді нақтылаңыз. Біздің сайт, негізінен, жеке тұлғаларға арналғандықтан, Сіз "Жеке тұлға" түймешігін басты деп жобалайық.      

 Үшінші қадам - бос орынға өзіңіздің ЖСН-ді (ИИН) енгізіңіз. Содан кейін жүйе автоматты түрде Сіздің кім екеніңізді, Сіздің толық аты-жөніңізді өзі шығарып көрсетеді. Ал, Сіздің міндетіңіз - бос орынған өзіңіздің e-mail-ді енгізу (сақ болыңыз, e-mail жеке өзіңіздікі болған дұрыс).       

 Төртінші қадам - Өзіңіз жайлы қажетті деректерді енгізіңіз - облыс, қала, Тіркеу орталығыңыз (Халыққа қызмет көрсету орталығы), кілт сақталатын қондырғының түрі (негізінен, жеке компьютер), кілт түрі (ГОСТ және RSA, яғни екеуін де таңдаңыз).      

 Бесінші қадам - енгізген деректеріңізді тағы да тексеріп шығыңыз. Егер қажет деп тапсаңыз, "Редактировать" түймешігіне басып, тиісті түзетулерді енгізіңіз. Егер бәрін дұрыс деп тапсаңыз, "Подать заявку!" түймешігін басыңыз.      

 Алтыншы қадам - Сіздің тапсырысқа нөмір беріледі. Осы нөмірді жазып алыңыз. Одан да дұрысы - жүйе ұсынып отырған өтінімді Word форматында көшіріп алыңыз. Ол үшін "Распечатать заявление" түймешігін басыңыз. Оны кейін принтерден басып шығарып алып, өз қолыңызды қойыңыз.       

 Сөйтіп, тапсырыс  беру сәтті өткеннен соң Орталыққа  немесе Орталық филиалына (әдетінше, барлық облыстарда Тіркеу орталықтары  Халыққа қызмет көрсету орталықтарында  орналасқан) жеке өзіңіз барып,  қажетті құжаттарды ұсынуыңыз  қажет. Қажетті құжаттар деп отырғанымыз:       

1) өтінім (үлгі  бойынша);       

2) егер өзіңіз  болсаңыз, онда жеке басыңызды  куәландыратын құжаттың (жеке куәлік, паспорт, уақытша куәлік) төлнұсқасы  және көшірмесі;       

3) егер тіркеу  орталығына өзіңіз келе алмасаңыз, онда Сіздің атыңыздан сенімді адамыңызға рәсімделген нотариус арқылы куәландырылған сенімхат (үлгі бойынша) және сенімді адамыңыздың жеке басын куәландыратын құжат.              

       

4 қадам. ЭЦҚ-ның келуін күту. Ұлттық куәландыру орталығының Тіркеу орталығы құжаттарды қабылдайды және тапсырысты растайды. Деректерді өңдегеннен кейін, өтінімде (тапсырыста) көрсетілген электрондық адреске тіркеу куәліктері жіберіледі. Тіркеу куәліктері дегеніміз екі сертификат пен екі кілт: кілттердің біреуі - жабық, біреу - ашық (жабық және ашық кілттің қосындысы - Сіздің ЭЦҚ). Жабық немесе құпия кілт – электронды сандық символдар жүйесі. Ол ЭЦҚ ғана белгілі сонымен қатар, электронды қол алудың негізгі элементі болып табылады. Ашық кілт — сандар жүйесі, ол тек Сіз және Сізбен қарым-қатынас жасайтын органға ғана белгілі. Ол қолды тексеру үшін қолданылады. Орталықта Сіздің ашық кілтіңіздің көшірмесі бар.         

5 қадам. ЭЦҚ компьютерге орнату. Кілттерге байланысты сертификаттарды орналастыру туралы ақпарат алдында көшіріп алған бағдарламаның папкасында бар. Сіз шатасып қалмас үшін кілттерді орнатудың нұсқаулығын ұсынамыз. Сондай-ақ туындайтын сұрақтарыңызға біраз жауаптарды «Форум» бөлімінен ала аласыз. ЭЦҚ және тиісті бағдарламалық қамтамасыз етулерді қондыру жөніндегі бейненұсқаулықтар да бар.

ЭЦҚ пайдалану

 

       

 ЭЦҚ-ны орнатып  болдыңыз делік. Енді оны пайдалану ғана қалды. Ол қалай жұмыс істейді?       

 ЭЦҚ-мен жұмыс  істеу Сізге ешқандай қиындық  туғызбайды. Ол үшін арнайы білімнің  қажеті жоқ.       

 ЭЦҚ-ны пайдалану  бөлімінде біз қолтаңбаны пайдаланудың  бір мысалын келтірейік. Мысалы, Сіз Жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама аламын дедіңіз. "Электронды үкіметтің" www.e.gov.kz порталына кіріп, тіркеліңіз.       

 Тіркелу жайында  бірер сөз. Порталда тіркелу  үшін Сізге ЖСН (ИИН) қажет. Өзіңіздің ЖСН-ді енгізсеңіз, Портал Сіздің аты-жөніңізді өзі шығарып береді, себебі Портал жеке тұлғалардың деректер базасымен тығыз байланысты. Осыдан кейін сайтта Сіздің «Жеке кабинет» пайда болады.       

 Сонымен,  санаттар бойынша немесе мемлекеттік органдар бойынша керекті анықтаманы тауып, тапсырысты толтырып, өзіңіздің электронды қолтаңыңызбен қол қоясыз (құжаттарға ЭЦҚ-ны қалай қоюға болатындығы жөнінде ақпаратты мына жерден ала аласыз). Содан кейін Әділет министрлігінен жауап күтесіз. Ең көбі 5 күннен кейін Сізге заңды анықтама келеді. Оны Сіз принтерден басып шығарып алып, қажетті органдарға немесе ұйымдарға заңды құжат ретінде ұсына аласыз.

Пайдалы кеңестер         
 

 ЭЦҚ мәселесіне  қатысты тағы да бірнеше пайдалы  кеңестерді Сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.        

1. ЭЦҚ-ны тапсырыс  берген компьютерге орнату қажет.        

2. ЭЦҚ-ны орнату  барысында антивирус бағдарламасын  уақытша сөндіру керек, себебі  кейбір антивирустар қолтаңба  файлдарын вирус деп қабылдайды  және жойып жіберуі мүмкін.        

3. ЭЦҚ-ны орнатып  болғанна кейін антивирусты қайта  қосуға болады, бірақ ЭЦҚ файлдарын жойып жіберу қаупі бұрынғыдай жоғары. Сондықтан былай жасаңыз. Сіздің ЭЦҚ-ны құрайтын екі кілтті (ашық және жабық) орнатып болғаннан кейін, оларды сығу (архивирование) рәсімін жасаңыз. Қайсібір антивирус болмасын ол сығылған файлдарға тиіспейді. Осылай Сіз ЭЦҚ-ны жойылып кету қаупінен аман сақтап қаласыз. Әйтпесе, қайта-қайта тапсырыс беріп, Ұлттық куәландыру орталығына жүгіріп жүруге тура келеді :-)        

4. ЭЦҚ-ны сақтап  қалудың сығудан басқа бірнеше  жолдары бар. ЭЦҚ-ға қатысты  барлық файлдарды мынадай әр  түрлі қорғалған сыртқы тасығыштарға  көшіріп, өзіңізбен бірге алып жүруіңізге болады:      

1) флеш-карта;      

2) CD немесе DVD диск;       

3) сыртқы қатты диск;      

4) e-token және т.б.       

 Сонымен бірге,  ЭЦҚ-ның сығылған нұсқасын Интернет  жүйесіндегі кез-келген, мүмкіндігінше,  уақыт өте келе файлдарды жойып  жібермейтін файлалмастырушыларға (файлообменники) енгізген дұрыс.  Ал, құпия кодты өзіңізбен бірге ұялы телефонда не басқа да жолмен сақтап қоюыңызға болады.      

 ЭЦҚ-ны сақтаудың  тағы бір амалы - өзіңіздің  электронды поштаңызға кіріп,  біреуге не өзіңізге ЭЦҚ-ның  сығылған нұсқасын жіберсеңіз  болды. Келесі жолы поштаға кіріп, жіберілген хаттар ішінен өзіңіздің ЭЦҚ-ды көшіріп алуыңызға болады.      

 Есіңізді болсын! Оны басқа пайдаланушылардан құпияда сақтау қажет.

Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы        

 Қазақстан  Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтар N 370-II Заңы

 
      МАЗМҰНЫ

 
       Осы Заң электрондық цифрлық  қолтаңбалар арқылы куәландырылған, құқықтық қатынастардың орнатылуын, өзгертiлуiн немесе тоқтатылуын  көздейтiн электрондық құжаттарды  жасау және пайдалану кезiнде  туындайтын қатынастарды, сондай-ақ  азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауды қоса алғанда, құқықтық қатынастарға қатысушылардың электрондық құжаттар айналымы саласында туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн реттеуге бағытталған.        
 

1-тарау. ЖАЛПЫ  ЕРЕЖЕЛЕР   

1-бап. Осы  Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар  
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:  
1) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгiн және мазмұнының өзгермейтiндiгiн растайтын электрондық цифрлық нышандар терiмi;  
2) электрондық құжат - өзiндегi ақпарат электрондық-цифрлық нысанда табыс етiлген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;  
3) тiркеу куәлiгiнiң иесi - өз атына тiркеу куәлiгi берiлген, тiркеу куәлiгiнде көрсетiлген ашық кiлтке сәйкес жабық кiлттi заңды түрде иеленетiн жеке немесе заңды тұлға;  
4) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтi - тiркеу куәлiгiнiң иесiне белгiлi және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектiлiгi;  
5) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi - кез келген тұлғаның қолы жететiн және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектiлiгi;  
6) қол қоюшы тұлға - электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiн заңды түрде иеленетiн және оны электрондық құжатта пайдалану құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;  
7) тiркеу куәлiгi - куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау үшiн беретiн қағаздағы құжат немесе электрондық құжат;  
8) электрондық құжат айналымы жүйесi - қатысушылары арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттелетiн электрондық құжаттар алмасу жүйесi;  
9) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары - электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалығын тексеру үшiн пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;  
10) куәландырушы орталық - электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне сәйкестiгiн куәландыратын, сондай-ақ тiркеу куәлiгiнiң дұрыстығын растайтын заңды тұлға;  
11) уәкiлеттi орган - ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және қызметтi мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;  
12) электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, iздестiру және тарату процестерiне қатысатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам;  
13) электрондық құжат айналымының корпорациялық жүйесi - электрондық құжат айналымының жүйесi, оған ұйымдардың немесе пайдаланушылардың ведомстволық, функционалдық немесе өзге де ақпараттық қатынастармен айқындалатын шектеулi ортасы қатысушылар бола алады.

2-бап. Қазақстан  Республикасының электрондық құжат  және  
электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары  
1. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.  
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Шетелдiк  тiркеу куәлiгiн пайдалану мен  шетелдiк  
жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық  
құжаттарды алмасу  
1. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, куәландырушы орталық пен шетелдiк тiркеу куәлiгi иесiнiң арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеу кезiнде тiркеу куәлiгi берiлген мемлекеттiң құқығы қолданылады.  
2. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық құжаттарды алмасу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.

4-бап. Қазақстан  Республикасы Үкiметiнiң электрондық  
құжат және электрондық цифрлық қолтаңба  
саласындағы құзыретi  
Қазақстан Республикасының Үкiметi:  
1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы бағдарламаны әзiрлеу мен орындауды ұйымдастырады;  
2) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарының сақталуын мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз етедi;  
3) мемлекеттiк органдардың электрондық құжат айналымының тәртiбi мен талаптарын белгiлейдi;  
4) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы уәкiлеттi органның функцияларын белгiлейдi.  
5) <*>  
Ескерту. 4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

5-бап. Электрондық  құжат және электрондық цифрлық  
қолтаңба саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi  
Уәкiлеттi орган:  
1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын iске асырады;  
2) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi;  
3) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба мәселелерi бойынша практикалық және әдiстемелiк көмек көрсетедi;  
4) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;  
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын қызмет түрiне өз құзыретi шегiнде лицензия бередi;  
6) Куәландырушы орталықтың үлгi ережесiн әзiрлеп, бекiтедi.  
7) <*>  
Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  
 

2-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ  ҚҰЖАТ 

6-бап. Электрондық  құжат айналымының принциптерi  
Электрондық құжат айналымы:  
1) электрондық құжат айналымының әр түрлi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi;  
2) деректер жасау, өңдеу, сақтау және беру үшiн ақпараттық технологиялар қолданылатын қызметтiң кез келген салаларында электрондық құжаттарды пайдалану;  
3) кез келген ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық құжаттарды беру принциптерi негiзiнде мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде жүзеге асырылады.

7-бап. Электрондық  құжат айналымының тәртiбi  
1. Осы Заңның талаптарына сәйкес келетiн электрондық құжат қағаздағы құжатқа тең.  
2. Электрондық құжат айналымының тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.  
3. Мемлекеттiк орган қатысатын электрондық құжат айналымы кезiнде тиiстi мемлекеттiк органның уәкiлеттi лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы танылады.  
4. Электрондық құжатта бiр немесе бiрнеше электрондық цифрлық қолтаңба болуы мүмкiн.  
5. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерi бар электрондық құжаттарды пайдалану, қорғау, тiркеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.  
6. Нотариаттық куәландыруды немесе мемлекеттiк тiркеудi қажет етпейтiн кез келген шарттар электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжаттар пайдаланыла отырып жасалуы мүмкiн.

8-бап. Электрондық  құжаттарды сақтау  
Электрондық құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк және (немесе) мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде сақталады.

9-бап. Электрондық  құжат айналымы жүйесiне қатысушының  
құқықтары мен мiндеттерi  
1. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы:  
1) куәландырушы орталық тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгi мен жарамдылығын растау үшiн осы куәландырушы орталыққа жүгiнуге;  
2) бiрнеше куәландырушы орталықтың қызмет көрсетуiн пайдалануға құқылы.  
2. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы белгiленген электрондық құжат айналымы ережелерiн сақтауға мiндеттi.  
Ескерту. 9-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  
 

3-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ  ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА 

10-бап. Электрондық  цифрлық қолтаңбаны пайдалану  
1. Электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең және мынадай шарттар орындалған кезде:  
1) тiркеу куәлiгi бар ашық кiлттiң көмегiмен электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығы куәландырылғанда;  
2) электрондық құжатқа қол қойған тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне заңды түрде иелiк еткенде;  
3) электрондық цифрлық қолтаңба тiркеу куәлiгiнде аталған мәлiметтерге сәйкес пайдаланылғанда, бiрдей заңдық салдарларға әкеп соғады.  
2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерi оларды заңды негiздерде иеленетiн тұлғалардың меншiгi болып табылады.  
Тұлғада электрондық цифрлық қолтаңбаның саны шектеусiз жабық кiлттерi болуы мүмкiн. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн осы кiлттер иелерiнiң келiсiмiнсiз басқа тұлғаларға беруге болмайды.  
3. Қол қоюшы тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға өкiлеттiктi өз өкiлiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес беруге құқылы.

11-бап. Электрондық  цифрлық қолтаңба құралдары  
Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен сертификатталуға тиiс.

12-бап. Электрондық  құжат айналымы жүйесiндегi  
электрондық цифрлық қолтаңба  
1. Электрондық цифрлық қолтаңбаны мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң өкiлеттiгi шегiнде өздерi шығаратын электрондық құжаттарды куәландыру кезiнде пайдалана алады.  
2. Электрондық құжат айналымының мемлекеттiк емес және корпорациялық жүйелерiнде электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен пайдаланылады.

13-бап. Шетелдiк  электрондық цифрлық қолтаңбаны  тану  
Шетелдiк тiркеу куәлiгi бар шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес немесе тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiне енгiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының аумағында электрондық цифрлық қолтаңба деп танылады.  
 

4-тарау. ТIРКЕУ  КУӘЛIГI 

14-бап. Тiркеу  куәлiгiн беру  
Тiркеу куәлiгiн беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi және ол куәландырушы орталық пен электрондық құжат айналымы жүйесiнiң қатысушылары үшiн мiндеттi болып табылады.

15-бап. Тiркеу  куәлiгiнiң мазмұны  
1. Тiркеу куәлiгiнде мынадай мәлiметтер:  
1) тiркеу куәлiгiнiң нөмiрi мен оның қолданылу мерзiмi;  
2) электрондық цифрлық қолтаңбаның иесiн бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн деректер;  
3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi;  
4) электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi жабық кiлтiн жасау үшiн пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба құралдары туралы деректер;  
5) электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану салалары мен оны қолдануды шектеу туралы ақпарат;  
6) тиiстi куәландырушы орталықтың реквизиттерi болуға тиiс.  
2. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымы үшiн қажеттi қосымша ақпаратты электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушымен келiсе отырып, тiркеу куәлiгiне енгiзе алады.

16-бап. Тiркеу  куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда  
сақтау тәртiбi мен мерзiмi  
1. Тiркеу куәлiктерiнiң көшiрмелерi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тиiстi куәландырушы орталықтарда сақталады.  
2. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда сақтау мерзiмi - кемiнде бес жыл.  
3. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерi осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мұрағаттық сақтауға түседi.

17-бап. Тiркеу  куәлiгi иесiнiң құқықтары мен  мiндеттерi  
1. Егер тiркеу куәлiгiнiң иесi тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне қол жеткiзу режимi бұзылады деп санаса, ол уәкiлеттi органнан тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алуды талап етуге құқылы.  
2. Тiркеу куәлiгiнiң иесi:  
1) куәландырушы орталыққа дұрыс ақпарат беруге;  
2) тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес келетiн жабық кiлттi пайдалануға;  
3) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтi туралы ақпаратты заңсыз таратуға жол бермеуге;  
4) электрондық цифрлық қолтаңбаның өздерiне тиесiлi жабық кiлтiн заңсыз қол жеткiзу мен пайдаланудан қорғау үшiн шаралар қолдануға, сондай-ақ ашық кiлттердi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сақтауға мiндеттi.

18-бап. Тiркеу  куәлiгiн керi қайтарып алу  
1. Тiркеу куәлiгiн берген куәландырушы орталық оны мынадай жағдайларда:  
1) тiркеу куәлiгi иесiнiң немесе оның өкiлiнiң талап етуi бойынша;  
2) тiркеу куәлiгiнiң иесi қайтыс болғанда;  
3) тiркеу куәлiгiнiң қолданылу мерзiмi аяқталғанда;  
4) куәландырушы орталық пен тiркеу куәлiгiнiң иесi арасындағы келiсiмде көзделген жағдайларда;  
5) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша керi қайтарып алады.  
2. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және мерзiмде керi қайтарып алады.  
3. Тiркеу куәлiгiн жою кезiнде куәландырушы орталық тiркеу куәлiгiнiң иесiн хабардар етуге және тиiстi ақпаратты алған кезден бастап кемiнде бiр күн мерзiмде тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiне өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.

19-бап. Шетелдiк  тiркеу куәлiктерiн тану  
Шетелдiк тiркеу куәлiгi тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiне тiркеу куәлiгi енгiзiлгеннен кейiн, куәландырушы орталық берген Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын тiркеу куәлiгiмен тең танылады.  
 

5-тарау. КУӘЛАНДЫРУШЫ  ОРТАЛЫҚ 

20-бап. Куәландырушы  орталықтың қызметi  
1. Куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылады. 2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтiнiң сәйкестiгiн куәландыру жөнiндегi, сондай-ақ тiркеу куәлiгiнiң дұрыстығын растау жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялануға тиiс.  
3. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымының бiрнеше жүйесiне қызмет көрсете алады.

21-бап. Куәландырушы  орталықтың функциялары  
1. Куәландырушы орталық:  
1) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн заңсыз қол жеткiзуден қорғау үшiн шаралар қолдана отырып, электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың өтiнiшi бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаның кiлттерiн жасайды;  
2) тiркеу куәлiктерiн бередi, тiркейдi, керi қайтарып алады, сақтайды, белгiленген тәртiппен берiлген тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiн жүргiзедi;  
3) қолданылып жүрген және керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн есепке алуды жүзеге асырады;  
4) куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгiн және жарамдылығын растайды.  
5) <*>  
2. Куәландырушы орталық сақтауда тұрған электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлттерi жоғалуының, модификациялануының және қолдан жасалуының алдын алу үшiн қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.  
3. Куәландырушы орталық осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттi орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.  
Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

22-бап. Куәландырушы  орталықтың қызметiн тоқтату  
1. Куәландырушы орталықтың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтатылады.  
2. Куәландырушы орталық қызметiн тоқтатқан жағдайда өз қызметiн тоқтатудан отыз күн бұрын өзi қызмет көрсететiн электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың бәрiн және уәкiлеттi органды бұл туралы хабардар етуге мiндеттi.  
3. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату кезiнде ол берген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi, тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлiгiнiң иесiмен келiсiле отырып, басқа куәландырушы орталықтарға берiледi.  
4. Осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн басқа куәландырушы орталықтарға берiлмеген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi қолданылуын тоқтатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталуға тиiс.

23-бап. Тiркеу  куәлiктерiнiң иелерi, электрондық  цифрлық  
қолтаңбаның жабық және ашық кiлттерi туралы  
мәлiметтердi қорғау  
1. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтердiң қорғалуын қамтамасыз етедi және оларды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда ашады.  
2. Тараптардың келiсiмiне сәйкес жасырын болып табылатын тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлiктерiнiң жалпы қол жететiн тiркелiмiне енгiзiлмейдi.  
 

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ  ЕРЕЖЕЛЕР 

 
24-бап. Қазақстан Республикасының  электрондық құжат және  
электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарын  
бұзғаны үшiн жауаптылық  
Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкте болады.  
25-бап. Дауларды қарау  
Электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен қаралуға тиiс.  
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi  
Осы Заң 2003 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi.  
Қазақстан Республикасының  
Президентi

 
Криптографияның негізгі есептері