Кәсіпкерліктің дамуы нарықтық экономиканы құру шарты
Кәсіпкерліктің дамуы нарықтық экономиканы құру шарты
Жоспар
Кіріспе
Негізгі бөлім
1. Кәсіпкерлік түсінігі, оның мәні
1.1. Кәсіпкерліктің экономикалық мәні
1.2. Кәсіпкерлік кәсіпорынның экономикалық белсенді қызмет түрі ретінде
2. Кәсіпкерліктің түрлері мен ерекшеліктері
2.1. Кәсіпкерліктің түрлері мен формалары
2.2. Кәсіпкерлікті ұйымдастыру түрі мен принциптері
3. Нарықтық экономика құрудағы кәсіпкерліктің маңызы
3.1. Қазақстандағы кәсіпкерліктің даму жолдары, қолдау шаралары
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Қазіргі уақытта Қазақстандық кәсіпкерлік біршама қиыншылықтарды бастан кешіріп отырса да, өзінің негізін әлдеқашан құрып болған. Ол заңмен қорғалады және әрқашан дамып отырады. Қазіргі уақытта бұл тақырыптың өзектілігіне ешкім күмәнданбайды, себебі кәсіпкерлік іс-әрекетсіз нарықтық экономика болмайды. Ол әлі де даму барысында болса да, бизнестің, қоғамдық өндірістің негізгі саласы болатындығына ешкімнің күмәні жоқ. Бизнеске деген қызығушылық өсіп келеді. Біздің көзімізше қоғамның жаңа экономикалық негізі құрылып жатыр, өзінің ісін ашуға ниеттенген адамдар шығып жатыр. Бұл адамдар жаңа қоғамның шарттарына бейімделіп емес, өзінің идеяларын іске асырып, өздерін еркін еңбек іс-әрекетінде көрсетіп өмір сүреді. Мұның негізгі себебі қоғамның және халық шаруашылығының демократиялануы болып табылады.
Нарықтық экономикаға өту үшін өндіріс құрылымын түбегейлі түрде өзгерту қажет. Өзгерістер монополияны жеңіп, бәсекелестіктің пайда болуына жол ашады. Біз әлемдік тәжірибені негізге ала отырып бұл мәселені түрлі меншіктің формалары негізінде құрылған кәсіпкерліксіз шешу мүмкін еместігін айта аламыз. Қазіргі уақытта кәсіпкерліктің өндірістің, нарықтың дамуына, яғни бүкіл қоғамға әсерін тигізетінін көптеген адамдар түсінді. Мемлекет кәсіпкерлердің арқасында, ал кәсіпкерлер өз мемлекетінің қолдауының арқасында дамып, гүлденеді.
Бүгінгі күнде нарықтық экономикада кәсіпкерліктің маңызы артып келеді, сол себепті әрбіреуіміздің ойланбай-ақ кәсіпкерлік дегеннің не екенін білгеніміз дұрыс. Осы мақсатта менің бұл курстық жұмысымда кәсіпкерлік туралы айтылады. Курстық жұмысымның тақырыбы «Кәсіпкерліктің дамуы нарықтық экономиканы құру шарты» деп аталады.
Курстық жұмысым үш негізгі бөлімнен тұрады:
1-ші бөлімінде кәсіпкерлік дегеніміз не, яғни оның экономикадағы рөлі мен мәні жайлы айтылды. Нарықтық жүйеде кәсіпорын мен кәсіпкерлікті бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Сондықтан кәсіпорын туралы, кәсіпкерліктің кәсіпорынның белсенді қызмет түрі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі сипаттадым;
2-ші бөлімде нарықтық экономикадағы кәсіпкерліктің түрлері мен негізгі формаларына жекелей тоқталып өттім. Сонымен қатар жалпы кәсіпкерлікті ұйымдастыру түрі мен принциптерін сипаттадым;
3-ші бөлімде кәсіпкерліктің нарықтық экономиканы құрудағы маңызы және еліміздегі кәсіпкерліктің даму жолдары мен қолдау шараларына тоқталып өттім. Бүгінгі күнде кәсіпкерлік еліміздің экономикасын жандандырумен қатар халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын, соның ішінде қазіргі басты мәселе жұмыссыздықты жоюда, жалақыны уақытылы төлеуде және тағы басқа еліміз бастан кешіріп отырған мәселелердің шешуші факторы. Кәсіпкерлік бұл халқымызды жұмыспен қамтудың қайнар көзі болып табылады. Бұл бөлімде кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған бағдарламаларға тоқталып өттім. Сонымен қатар еліміздегі кәсіпкерліктің даму мысалы ретінде облысымыздағы «Раушан» жеке шаруашылық серіктестігін мысалға алдым.
Бүгінгі күнде елімізде кәсіпкерлікті дамыту жолында мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, бұның барлығы кәсіпкерліктің нарықтық экономикадағы ерекшелігін көрсетеді.
Еліміздің экономикасын, әл-ауқатын жақсартуда ең басты шешуші шарт – кәсіпкерлік болып саналады. Сондықтан да еліміздің ертеңі кәсіпкерлердің қолында.
1.1. Кәсіпкерліктің экономикалық мәні
Кәсіпкерлік – адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. «Кәсіпкерлік» (ағыл. business) ұғымын алғаш рет XVIII ғасырда ағылшын банкирі әрі экономисті Ричард Кантильон (1680 – 1734) қолданған болатын.
Бұған кезінде атақты неміс экономисті Йозеф Алоиз Шумпетер ерекше мән беріп, былайша айтып өткен болатын: «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу». Шындығында да кәсіпкер нарықта өмір сүру үшін жаңалық енгізіп, сұранымдарды қанағаттандырып, өз жұмысын дұрыс басқарып, ұйымдастыруы қажет. Бұл айтылған сөздер кәсіпкерліктің қоғамға қажетті екендігін көрсетеді.
Экономикалық әдебиеттерде кәсіпкерлік пен бизнес ұғымдарын балама түрінде қарастыру жиі кездеседі. Бизнес пен кәсіпкерлік жақын ұғымдар болғанымен, оларды бір бірімен баламалап, теңестіріп қарауға болмайды.
Бизнес – табыс әкелетін кез келген қызметтің түрі. Ал кәсіпкерлік – жаңашылдық іс. Нағыз кәсіпкер ол - өнертапқыш. Сондықтан да бизнеспен айналысатын адамдар ешуақытта кәсіпкер бола алмайды.
Экономикалық ғылымда «кәсіпкерлік қабілеттілік» деген ұғым бар. Кәсіпкерлік қабілеттілік дегеніміз – адамның бизнесте жаңалықты аша білу қабілеттілігі, бірақ ол бизнеске қатысатындардың барлығының қолынан келе бермейді. Басқа жұрт қалғып, қыдырып, той-думан жасағанда, барлық күш қуатын барынша жұмысқа жұмсап, жаңашылдықпен, мақсаттылықпен, коммуникабельділікпен, яғни адамдармен тез арада байланыс жасау қабіліттілігі, олармен өзара жақсы қатынастар құра білу, бәсекелестеріне қарағанда айналасына басқаша көзқараспен қарауда оқшауланып тұрады. Бизнесмендердің ішінен мұндай қабілеттілікпен оқшауланатындар жиі кездесе қоймайды. Демек, бизнес – бұл табыс әкелетін адамның экономикалық қызметі. Кәсіпкерлік – бұл да адамның экономикалық қызметі, бірақ бұл қызметті жаңа ізденіске бағыттайды және осы жаңалықты жүзеге асыру үшін тәуекелге бас ұрады.
Бүгінгі күнде кәсіпкерлік ұғымының дәл анықтамасы жоқ. Американдық ғалым, профессор Роберт Хизрич кәсіпкерлік ұғымына мынадай түсінік береді: «кәсіпкерлік бұл құны бар жаңашылдық енгізу, ал кәсіпкер бұл осы жаңашылдықты енгізуге өзінің қаражаты мен күш-қайратын жұмсап, барлық қаржылық, психологиялық және әлеуметтік тәуекелділікті өзіне жүктейтін адам». Жалпы американдық оқулықтар және ғылыми әдебиеттерде кәсіпкерлік ұғымына басқа да түсініктер бар, бұлардың барлығы кәсіпкерлікті экономикалық, саяси-экономикалық, психологиялық, басқарушылық және тағы да басқа тұрғыдан қарастырады.
Кәсіпкерліктің дамуын қарастыруда оның «Үш толқынын» бөліп көрсетуге болады, яғни кәсіпкерліктің қалыптасуын осылайша сипаттауға болады. Кәсіпкерліктің бірінші толқынына тоқталсақ, ол алғаш кәсіпкерлердің тәуекелдік жағдайымен байланысты ХVІІІ ғасырда пайда болды. Ал екінші толқыны кәсіпкерлік қызметтің сипаты ретінде инновацияның енгізілуіне байланысты пайда болды. Кәсіпкерліктің үшінші толқыны кәсіпкерлердің жеке қасиеттеріне және кәсіпкерліктің экономикалық жүйедегі роліне ерекше назар аударумен байланысты енгізілді. Қазіргі күнде кәсіпкерлік қызметтің дамуын кәсіпкердің басқарушылық қызметіне негізделген төртінші толқыны деп қарастыруға болады.
Жалпы кәсіпкерлік бұл адамдар, яғни шаруашылық іске қатысушылардың іскерлік қарым-қатынасын білдіреді. Кәсіпкерлік қызметпен кәсіпкер жеке қызығушылықтан айналысады, яғни жасаған жұмысының жемісі ретінде пайда табуға және тиімді нәтижелерге қол жеткізуге тырысады. Бұл қызметтің негізгі сипаты – өндірісте жаңашылдық енгізу, жаңа тауар түрлерін өндіріп, қоғам қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы тұлғалар «кәсіпкерлер» деп аталады. Кәсіпкерлер – бұл коммерциялық мүмкіндіктерді сезінетін, қажетті қаражат мөлшерін тауып, белгіленген жұмысты аяқтай алатын және тәуекелділікке бел буа алатын іскерлік әлемдегі тұлғалар болып табылады. Оның талаптары – міндеттілігі, жауапкершілігі және адалдығы. Міне осылар қазіргі кәсіпкердің мінезінен толық табылуы қажет. Бизнесте адал болу негізінде ғана кәсіпкерлердің сенімділігі күшейіп, абыройы арта түседі.
1.2. Кәсіпкерлік кәсіпорынның экономикалық белсенді қызмет түрі ретінде
Кәсіпорын өндіріс шаруашылық әрекетін ұйымдастырудың негізгі формасы болып табылады. Ол қоғамдық еңбек бөлінісі жүйесіндегі жекелеген дербес бөлім. Кәсіпорын қоғамның негізгі өндірісттік буыны ретінде әрбір әлеуметтік экономикалық формацияға тән және өздерінің ерекше белгілерімен сипатталады. Олар алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленуші, феодалдық иеліктер мен шаруа қожалығы, капиталистік кәсіпорындар, ал бүгінгі таңда ірі фабрикалар, зауыттар мен бірлестіктер ретінде ерекше орын алады. Кәсіпорын атаулыға фабрика, зауыт, өндірістік және ғылыми өндірістік бірлестіктер, сондай – ақ өте ірі және күрделі кәсіпорындар жатады.
Еңбектің қоғамдық бөлінісі мен кәсіпорындардың экономикалық жағынан дербестігіне байланысты олардың өндіретін өнімдері тауарға айналады. Ендігі жерде тауар айырбастау және оны сату, сатып алу процестері басталып, бұл әрекеттер қоғамның қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан кәсіпорындар тауар өндіруші ретінде бейнеленеді.
Біздің республикамызда бүкіл шаруашылық механизмдегі өзгерістердің іргетасын қалайтын, әлеуметтік экономикалық маңызы зор құжат Қазақстан Республикасының « Кәсіпорындар туралы » Заңы. Бұл заңның мәнділігі халық шаруашылығының негізгі буындары ретіндегі кәсіпорындардың қоғамдық өндіріс жүйесіндегі рөлі мен орнына байланысты көрініс береді. Аталған заңда кәсіпорындар мен еңбек ұйымдарының әрекеті көрсетіліп, әрі мақсаты да нақты тұжырымдалған. Мақсаттың мазмұны - халықтың әл-ауқатын жақсартып, рухани байлығын молайта түсуге саяды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының мәліметтері бойынша әлемдік экономикада шағын кәсіпорындардың саны барлық кәсіпорындардың жалпы санының 95%-нан асады. Олардың үлесі әрекеттегілерінің 60%-нан астам бөлігін құрайды, ал олардың ЖІӨ-дегі үлесі 50%-ға дейін жетеді. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштер.
Ал Жапонияда мысалы, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі компаниялардың жалпы санының 99,6%-ын, ЖІӨ-нің 55%-ын және өнеркәсіпте қызмет ететіндер санының 80%-ын құрайды. АҚШ-та - ЖІӨ-нің 50%-дан артық бөлігі, инновациялардың жартысынан астам бөлігі, ұлттық жұмыс күшінің 2/3 артық бөлігі шағын кәсіпкерлікте еңбек етеді.
Бүгінде Қазақстанда еңбекке жарамды белсенді тұрғындардың әрбір бесіншісі шағын және орта бизнесте еңбек етуде. Олардың шамамен алғанда тең жартысы – жеке кәсіпкерлер. Ал барлық тіркелген кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің 90% артық бөлігі шағын және орта бизнес секторына тиесілі болып келеді. Бұл тұрғыда біз орташа әлемдік көрсеткіштермен бір деңгейде келеміз.
Бүгінгі таңда мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру нәтижесінде меншік пен кәсіпорындардың алуан түрлері мен формалары дұрыс қалыптаса бастады. Олардың ең алдымен мемлекеттік меншікке негізделетін төмендегідей формалары бар:
1. мемлекеттік бюджетте тұрған кәсіпорындар мен ұйымдар несие негізінде коммерциялық қызметпен айналыспайтын мемлекеттік бюджеттік кәсіпорындар;
2. шаруашылық есеп, өзін-өзі қаржыландыру және өзін-өзі басқару негізінде жұмыс істейтін мемлекеттік шаруашылық есептегі кәсіпорындар;
3. мемлекеттік жалгерлік кәсіпорын – мемлекеттік кәсіпорынды, оның бір бөлімшесін немесе басқа мүліктерін еңбек ұжымының өзі жалға алған жағдайда құрылады;
4. кооперативтік кәсіпорын – бұл жаңа түрлі кооперативтер;
5. мемлекеттік акционерлік қоғам немесе холдингтер;
6.мемлекеттік бірлескен кәсіпорындар, сол кәсіпорынды құрушылардың мүліктерін біріктіру жолымен құрылады.
2.1. Кәсіпкерліктің түрлері мен формалары
Кәсіпкерліктің қызмет түріне және өндірістік қызметтің негізгі сатысына қарай мынадай түрлерін ажыратады: өндірістік, коммерциялық, қаржылық, делдалдық және сақтандыру (1-суретте).
1-сурет. Кәсіпкерліктің түрлері
Өндірістік кәсіпкерлік дегеніміз бұл тікелей тауар өндірумен айналысатын, яғни еңбек құралдарын пайдалана отырып өнім, тауар, қызмет түрлерін тұтынушыға ұсынатын ұйымдар. Кәсіпкерліктің бұл түрінде ең басты қызмет бұл өндіру процесі. Өндірістік кәсіпкерлікке тән ерекшеліктер:
1) қызмет жасау саласы кең;
2) өнімді шығару үшін ресурстарын қамтамасыз ету қажеттілігі бар;
3) өнім өндірудің кезеңі бар;
4) жұмысшы күші мен өндірістік қорлар өнім өндірісі үшін тиісті.
Коммерциялық кәсіпкерлікте кәсіпкер коммерсант, сатушы ретінде танылады. Яғни басқа тұлғалардан сатып алған дайын өнімді сатумен айналысады. Бұл кәсіпкерлікте пайда тауардың алғашқы құнын өсіре отырып алынады. Егер тауар заңды негізде сатып алынған болса, онда сауда-коммерциялық қызмет те заңды болып есептелінеді. Егер де керісінше жағдай орын алған болса, онда ол заң органдары арқылы сотта шешім табады. Коммерциялық кәсіпкерліктің негізгі өзіндік ерекшеліктері:
1) өндірістік кәсіпкерліктің бір түрі бола алады;
2) өндірістік ресурстармен қамтамасыз етудің еш қажеттілігі жоқ, себебі дайын өнім алынады;
3) өнім өндірудің кезеңі жоқ, тауар алу кезеңі бар;
4) жұмысшы күші мен өндірістік ресурстар сауда операцияларын жүргізу үшін қажет.
Қаржылық кәсіпкерлік бұл коммерциялық кәсіпкерліктің ерекше бір формасы болып табылады. Бұл кәсіпкерлік түрінде сатып алу-сату құралы ретінде ақша, бағалы қағаздар ұсынылады, оларды сатып алушыға сатуға немесе несиеге беруге болады. Қаржылық кәсіпкерліктің негізгі ерекшеліктері:
1) өндірістік немесе коммерциялық кәсіпкерліктің түрі бола алады;
2) дайын қаржылық тауар алынуы мүмкін немесе осы тауар эмиссиясы үшін өндірістік ресурстар қажет болуы мүмкін;
3) тауарды алу кезеңі бар, өндіру кезеңі де болуы мүмкін;
4) жұмысшы күші мен өндірістік ресурстар сауда немесе өндірістік операциялар үшін қажетті болуы мүмкін.
Делдалдық кәсіпкерлік дегеніміз бұл түрде кәсіпкер тауар өндірумен де, сатумен де айналыспайды, ол тауар-ақша қатынастарында тауар айырбастауда байланыстырушы қызметін атқарады. Делдалдық кәсіпкерліктің басты тапсырмасы мен міндеті бұл келісім жасауға ниеттеніп отырған екі жақты байланыстыру. Яғни делдал екі жаққа да өз қызметін ұсынады, соның нәтижесінде табыс табады.
Делдалдық кәсіпкерлік саласындағы кәсіпкерлік белсенділік өндіруші мен тұтынушы арасындағы экономикалық қызығушылықты аз мерзімде байланыстыруға мүмкіндік береді. Делдалдық өндіруші көзқарасынан жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, өйткені өндіруші тек тауар өндірумен айналысып, ал тауарды тұтынушыға өткізуді делдалға тапсырады. Бұл кәсіпкерлікте өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдың болуы капитал айналымын төмендетеді, яғни өндірістің табыстылығын арттыра түседі.
Сақтандырушылық кәсіпкерлік бұл күтпеген жағдай орын алғанда шығынын жабу үшін өзінің мүлкін, құндылықтарын сақтандыруы. Мүлікті, өмірді, денсаулықты сақтандыру қаржылық-несиелік кәсіпкерліктің ерекше формасы болып табылады, өйткені кәсіпкер тек белгілі жағдайларға байланысты сақтандыру төлемін жүргізе отырып, сақтандырушылық салым алады. Мұндай жағдайлардың орын алу ықтималдылығы аз болғандықтан салымның қалған бөлігі кәсіпкерлік кіріс болады.
Кәсіпкердің қызметті өзі немесе бірігіп атқаруына, өз мүлкін немесе басқа тұлғалардың мүлігін қолдануына, жеке өз еңбегін немесе жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдалануына байланысты кәсіпкерліктің формалары анықталады. Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің негізгі формалары жеке және мемлекеттік кәсіпкерлік болып табылады. ҚР Азаматтық кодексі меншік түріне қарай жеке және мемлекеттік кәсіпкерліктің аражігін былай ажыратып көрсетеді: жеке кәсіпкерлік жеке меншікке, ал мемлекеттік кәсіпкерлік мемлекеттік кәсіпорындарға негізделген.
Мемлекеттік кәсіпкерлік деп мемлекеттің өзінің кәсіпкерлік қызметін емес, шаруашылық жүргізу құқы бар мемлекеттік кәсіпорындар іске асыратын кәсіпкерлікті атаймыз. Мемлекеттік кәсіпкерлік қызмет субъектісі бола алады және екі қасиетте: кәсіпкерлік қатынастарды реттеуші және кәсіпкерлік қатынастардың жай қатысушысы ретінде әрекет етуі мүмкін.
Кәсіпкерлік қызметті тек коммерциялық заңды тұлғалар ғана емес, сонымен қатар коммерциялық емес ұйымдар да жүзеге асыра алады.
Кәсіпкер жеке тұлға ретінде қызметін тіркеп, әрекет еткен жағдайда ол жеке кәсіпкерлік деп аталады. Жеке кәсіпкерлік екі негізгі түрге заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлігі және жеке тұлғалардың заңды тұлға құрмаған кәсіпкерлігі деп бөлуге болады.
Жеке кәсіпкерлік түрлеріне дара және бірлескен кәсіпкерлік жатады. Дара кәсіпкерлікпен өз мүлкі, өз қаражаты бар жеке тұлға айналысады. Бірлескен кәсіпкерлікпен оларға ортақ меншік құқымен берілген мүлкі негізінде және мүлікті ортақ пайдалануға немесе билеуге басқадай құқы бар жеке тұлғалар тобы айналысады.
Бірлескен кәсіпкерлік формаларына мыналар жатады:
1) Ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылар кәсіпкерлігі;
2) Шаруа қожалығының немесе жекешелендірілген тұрғынжай негізінде жүргізілетін отбасылық кәсіпкерлік;
3) Жеке кәсіпкерлік ортақ үлес меншігі негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік.
Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті оған қатысатын субъектілерінің санына қарай үш түрге саралауға болады:
1) Шағын кәсіпкерлік (жұмысшылар саны 50-ден аспайды)
2) Орташа кәсіпкерлік (жұмысшы саны 50-200 аралығында)
3) Ірі кәсіпкерлік (жұмысшылар саны 200-ден астам)
Кәсіпкерлікті ұжымдық-құқықтық және ұжымдық-экономикалық деп бөлуге болады. Осы арқылы оның формалары анықталады(2-суретте көрсетілген). Ұжымдық-құқықтық формаларына: серіктестіктер, қоғамдар, кооперативтер.
2-сурет. Кәсіпкерліктің формалары
Шаруашылық серіктестік бұл табыс табу негізінде құрылған, жарғылық капиталда құрылтайшылардың тиесілі бөлігі есептелген заңды тұлға болып табылатын коммерциялық ұйым болып табылады. Шаруашылық серіктестіктер толық, коммандиттік, жауапкершіліг шектеулі, қосымша жауапкершіліг бар және акционерлік қоғам ретінде құрыла алады. Банктер, сақтандыру ұйымдары, инвестициялық компаниялар және басқа да табыс табуды көздейтін ұйымдар серіктестіктің мүшесі болып табылмайды. Олар арнайы сәйкестендірілген заң актілері негізінде шаруашылық серіктестік ретінде қызмет етеді.
Толық серіктестік дегеніміз серіктестіктің міндеттемелері бойынша, оның мүшелері өздерінің барлық мүліктерімен ортақ та толық жауапкершілікте болады. Толық серіктестікке жарғы қажет емес. Ол серіктестік мүшелерінің құрылтайшылық келісім-шартында жасақталады. Құрылтайшылық келісім-шартта серіктестіктің аты, оның мекен-жайы, басқару тәртібі, капитал көлемі мен құрамы және серіктестік мүшелерінің үлестерінің өзгеріс тәртібі көрсетіледі. Сонымен қатар толық серіктестіктің мүшелерінің жауапкершіліктері көрсетіледі. Серіктестіктің кірісі мен шығысы мүшелерінің арасында капитал салымындағы үлесіне қарай бөлінеді.
Аралас немесе коммандиттік (сенім артылған) серіктестік дегеніміз мұндай серіктестік мүшелерінің бір бөлігі осы ұжымның міндеттемелері бойынша өз мүліктері есебінен толық жауапкершілікте болса, ал қалған бөлігі тек өздері қосқан жарнасы көлемінде ғана жауапкершілікте болғандықтан басқару ісіне араласпайды. Коммандистер кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайды. Бұл жағдайда да жарғы жоқ, ол құрылтайшылық келісім-шарт негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстанның нарықты экономикаға көшуі кезінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кең таралған еді. Мұндай серіктестік бір немесе бірнеше тұлғалар бірігуімен құрылады. Серіктестіктің міндеттемелері бойынша, оның мүшелерінің бәрі тек өздерінің қосқан жарналары көлемінде ғана жауапкершілікте болады. Оның жарғылық капиталы құжатта бекітілген көлем негізінде үлеске бөлінген.
Қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер бұл серіктестіктің міндеттемелері бойынша оның мүшелері ең алдымен өз жарналары көлемінде, ал жарналары жетпей қалған жағдайда өз мүліктерінің жарнаға тең көлемінде қосымша жауапкершілікте болады. Егер мүшелерінің біреуі банкротқа ұшыраған жағдайда оның жауапкершілігі басқа мүшелер арасында теңдей бөлінеді.
Қазіргі заманда кеңінен тараған кәсіпкерліктің формасы бұл акционерлік қоғам болып табылады. ҚР-ның 2003 жылы 13 мамырдағы кәсіпкерлік туралы заңына сәйкес: «Акционерлік қоғам ретінде өз қызметін жүзеге асыру үшіне қаражат тарту жолында акция шығаратын заңды тұлға танылады». Яғни акционерлік қоғам дегеніміз бұл қаржысы, акцияларды сату арқылы жиналатын және сол акция иелеріне келешектегі пайда есебінен дивидент беріп отыратын серіктестіктер.
Ашық акционерлік қоғам дегеніміз қатысушылары өздеріне тиесілі акцияларды басқа акционерлердің келісімінсіз бөліп бере алатын акционерлік қоғам болып табылады. Ашық акционерлік қоғам өзі шығаратын акцияларға ашық түрде жазылу жүргізуге және оларды заңдармен белгіленген жағдайларда еркін сатуға құқылы.
Жабық акционерлік қоғам дегеніміз акцияларды тек өз құрылтайшылары немесе алдын ала белгіленген өзге адамдар арасында таратылатын акционерлік қоғам. Жабық акционерлік қоғамның өзі шығаратын акцияларға ашық түрде жазылу жүргізуге не оларды сатып алуға өзгеше түрде адамдардың шектеусіз тобына ұсынуға құқығы жоқ.
Кооперативтер дегеніміз бұл кәсіпкерлер тобымен өндірістік немесе шаруашылық қызметті бірігіп атқару үшын құрылған кәсіпкерлік. Кооперативте оның мүшелерінің еңбекке тікелей қатысы міндетті болып табылады. Бүгінгі заманда кооперативтер кәсіпкерлік қызметтің аз бөлігін қамтиды, дегенмен олар көптеген елдерде тараған. Біздің елімізде кооперативтер көбінесе өндірістік қызметт, қызмет көрсету мен сауда саласында кең дамыған.
Кәсіпкерліктің ұжымдық-экономикалық формаларына: концерндер, консорциумдар, синдикаттар, картельдер, қаржылық-өнеркәсіптік ұйымдар жатады.
Концерн бұл акционерлік қоғамның көпсалалы түрі болып табылады. Мұнда басқару мүшелер құрамы арқылы анықталады. Концерн өзіне тікелей қызмет ететін әртүрлі компаниялардың акцияларын басқарады.
Ассоциация бұл экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етілген кәсіпорындардың өз еркімен бірігуі. Ассоциация құрамына бір салада маманданған кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді. Оны құрудағы басты мақсат бұл ғылыми-техникалық, өндірістік, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа мәселелерді біріге отырып шешу болып табылады.
Консорциум дегеніміз бұл ірі қаржылық қызметті жүзеге асыру үшін кәсіпкерлердің бірігуі. Кәсіпкерлердің бұлайша бірігуі ірі масштабты жобаға қаражат салуға және мұнда тәуекелділік жағдайы төмен болады, өйткені жауапкершілік бірнеше адамға жүктеледі.
Синдикат дегеніміз бұл бірнеше кәсіпкерлердің өзара бәсекелестікті жою үшін нарықта тауарды сатуға бірігуі.
Картель бұл бір салада қызмет ететін бірнеше кәсіпкерлердің өнім мен қызмет бағасы, нарықта тауарды сатуды және оны өндіруді бөліп алуы.
Қаржылық-өнеркәсіптік топтар экономикалық-ұйымдастырушылық кәсіпкерліктің жаңа түрі болып табылады. Олар өнеркәсіптік, банктік, сақтандыру және сауда капиталдары, сонымен қатар кәсіпорындар мен ұйымдардың интеллектуалдық потенциалының бірігуінен құралады.
2.2. Кәсіпкерлікті ұйымдастыру түрі мен принциптері
Қазіргі заманғы кәсіпкерлік қызметте кәсіпкерлікті ұйымдастырудың екі түрін бөліп көрсетеді: техника-экономикалық және оперативті-өндірістік.
Техника-экономикалық ұйымдастыру бұл кәсіпорындағы техника мен экономикалық жағдайы көрсеткіштерінің біріккен жүйесін құруды көрсетеді. Бұл сатыда өндірістің тиімді көлемі сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын есептеуден анықталады, қажетті өндірістік ресурстар таңдап алынады, оларды қолданудың рационалды нормалары бекітіледі және соңғы қаржылық-экономикалық көрсеткіштер анықталады және т.б.
Оперативті-өндірістік ұйымдастыру бұл техника-экономикалық ұйымдастырудың жалғасы мен аяқталуы болып табылады. Бұл сатыда ағымдық өндірістік тапсырмалар бекітіледі, өндірістік процесті жетілдіру үшін ұжымдық-басқарушылық әрекеттер жүзеге асырылады.

- Кәсіпкерліктің жалпы мәні
- Кәсіпкерліктің иновацияға қатынасы
- Кәсіпкерліктің мәні
- Кәсіпкерліктің мәні мазмұны
- Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
- Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
- Кәсіпкерліктің мәні, экономикалық негізі
- Кәсіпкерлікті дамытудың теориялық негіздері
- Кәсіпкерлікті дамытудың теориялық негіздері
- Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу
- Кәсіпкерліктің
- Кәсіпкерліктің ахуалына және даму перспективаларына баға беру
- Кәсіпкерліктің дамуы
- Кәсіпкерліктің дамуы