Қылмыскерлікпен күрес ұғымы және оның мазмұны



 

КІРІСПЕ

 

Құқықтық мемлекеттілікті орнатуда, оның тетіктерін одан әрі жетілдіруде құқық ғылымы салаларының атқаратын міндеті зор болып отыр. Сондай ауқымды міндет заң ғылымының негізгі салаларының бірі- қылмыстық құқық ғылымына да жүктеліп отыр. Қылмыстық құқық ғылымында алда кешенді ғылыми проблемаларды жүзеге асыру, оның ішінде қылмыстық жазаны тағайындау, бас бостаңдығынан айырмайтын шараларды белгілеудің ғылыми негіздері, өлім жазасын қолдануды жою, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын орындаудың құқықтық - нормалық қырларын жетілдіру сияқты іргелі зерттеулерді жүзеге асыру міндеттері тұр.             

Қылмыстылықпен  күрес, қылмыскердің  тұлғасына  ғылыми негізде зерттеу, орын  алған қылмысты құбылыстардың  себептері мен оған  мүмкіндік  жасайтын мән - жайларын анықтау, бүгінгі күні заң ғылымдарының келесі міндеттерінің  бір болып  саналады.

Жасалған әрекетті қылмыс деп тану үшін оны қылмыстық заң нормаларында бекітілген тиісті қылмыс құралдарымен салыстыру қажет.

Қылмыстық құқық теориясында, оқулықтарда қылмыс құрамының жалпы түсініктері кеңінен қолданылады. Жалпы және нақты қылмыстың құрамының түсінігі жалпы қылмыс түсінігіне қарағанда заңдылық ұғым емес, ғылыми ұғым болып табылады. Бұл ұғым теорияда нақты қылмыстардың түсінігінен, қылмыстың нақты құрамының жинақталған белгілері арқылы анықталады және өз бойында жалпылама барлық қылмыс құрамдарының белгілері мен элементтерін сипаттап, көрсетеді. Нақты қылмыстың құрамы нақты қылмысқа тән белгілерді көрсетеді деп жоғарыда атап өттік. Бірақ әрбір қылмыс құрамында барлық кылмыстардың құрамына тән, жиынтығында қылмыс құрамының жалпы түсінігін құрайтын, яғни кез келген қылмыстар құрамының жалпы белгілерін белгілейтін белгілер бар. Қылмыстық құқық теориясы әрбір қылмыста болатын төрт түрлі міндетті элементтерді: қылмыстың объектісін, қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарын, субъектісін атап көрсетеді.

Қылмыстық әрекеттердің себептері жөнінде ғалымдар, құқық қорғау органының қызметкерлері әр алуан пікірде. Марксистер мұндай қылмыстың тегін қалаушы қоғамнан іздеп, оны жеке меншіктікпен байланыстырды. Олар жеке меншік ылғида қылмыстың пайда болуының негізгі себебі болған және боладыда деген. Олардың ортақ пікірі бойынша, қанаушы тапты жойғаннан кейін байлардың кедейлерді қалағаны да жойылып, социализм орнағаннан кейін қылмыс біткеннің бәрі дерлік қоғамнан түбірімен жойылды деп есептеді. Біздің елімізде «кемелденген социалистік қоғам құрылды, ұрлық, бұзақылық, тағы басқа қылмыстың алуан түрлері молайып, жеке адамның қоғамның мемлекеттің мүддесіне қол сұғатын қауіпті қылмыстар кең етек алды». Сондықтан қылмыстың себептерін жеке меншіктікпен, қалаушылық пен байланыстыру дұрыс болмайды. Біз социализмнен, социалистік идеядан, бас тарттық. Конституциямыз шынайы демократиялық, бұрынғыдан гөрі шынайы адамргершілікті қоғам құру міндетін алға баса қойып отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан мемлекеті саяси құрылысқа қарағанда әлдеқайда демократиялық мемлекет деп саналуының өзі негізсіз емес. Бірақ, өкінішке орай қылмыс азаймай отырып, тіпті көбейіп кету тенденсиясы бар. Кейбіреулер мұның себебі жазалау шараларының жұмсақтығынын десе,  кейбіреулер керісінше  заң тым қатал деп есептейді. Адамзат баласы басынан не кешпеді, жеңіл, жазалауда кескілеп өлтіруде, отқа жағып жіберуде – бәрі де болды. Бұлардың барлығы да қылмыс жасауды тоқтата алмады. Мүмкін,  әлі де қылмыс дегеніміз мүлдем жойылмайтын, адамзат қоғамы өмір сүріп тұрғанда бола беретін құбылыс па? Шынын айтқанда, мұндай ғылыми түрде негізделген теория жоқ емес. Қылмыстың болашақ  тағдыры жөнінде дәл айта қоюы мүмкін бола қояр ма екен, бірақ оның жалпы алғандығы немесе кейбір жеке нақты себептерін анықтау болса керек. Қазақстанда қылмыстың өсе түсуіне әсер ететін себептер: жоқшылық, кедейшілік, жұмыссыздық,  мәдениеттің төмендеп кетуі,  адамгершілік азғындауы, отбасылық тәрбиенің төмендеп кетуі, маскүнемдіктің етек алуы нашақорлық, порнографияның кері ықпалы, полиция, прокуратура, сот жұмыстарының тиімді жүргізілмеуі тағы басқа себептер екені айқын. Қылмыстың едәуір бөлігі ашылмай қалады,  сондықтан сазайын тартпаған одан сайын басынып, басқа да қылмыстар жасайды. Жоғарыда айтылғандарға қарап, біздің қоғамда қылмыс бой берместей етек алып кетті деуге болмайды. Азаматтарымыздың басым көпшілігі дұрыс өмір сүреді,  балаларын жақсы тәрбиелейді өзіне және қоғамға пайдасын тигізіп еңбек етеді, білімдерін көтереді тағы басқа игі пайдаларын қоғамға тигізеді. Бірақ қылмыстың қауіпті екенін соншалық,  бір адам жасаған қылмыстың зардабы бір немесе бірнеше адамдар тобына қомақты  трагедия, қайғы-қасірет әкелуі мүмкін. Сондықтан қылмысқа қарсы күрес тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп түсінбеу керек. Әрине, қылмыс істегендерге қарсы күрес бірінші кезекте ішкі істер органдары, прокуратура, соттың бірінші, тікелей міндеті. Бұл органдардың қызметкерлері халық арасында заң тәртіптерін түсіндіру жұмыстарын,  облыстағы ,  қаладағы ауылдағы құқық тәртібінің жайын кеңірек хабарлап, өздерінің осынау қауіпті де ауыр жұмыстары жөнінде әсерлі әңгімелеп отырса игі іс болар еді. Мемлекет ішкі істер органдарының қызметкерлері, тергеушілер, прокурорлар мен соттар санын үздіксіз көбейте бере алмайды . Сондықтан саналы азаматтар құқық қорғау органдарына көмек көрсетіп отыруы тиіс. Егер ойлап қарасақ, мұның өзі адал ниетті, заңды мүлтіксіз орындап жүрген адамдардың өздерін қорғауға қажетті іс.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері:

1)     қылмыс түсінігі мен құрамы жайында кеңірек тоқталып түсінік беру;

2)     қылмыстың әрбір белгісін, яғни қылмыстық құқыққа қайшылық, қоғамға қауіптілік, кінәлілік және жазаланушылықтың жалпы мәні мен мақсаттары туралы кеңірек ашу;

3)     бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасындағы қылмыскерлікпен күрес мәселелерін қарастыру және оны алдын – алу шараларына кең түрде тоқталып өту және зерттеу болып табылады.

 

Бүгінгі таңдағы әлем бойынша аса күрделі де шиеленісті мәселелердің бірі қылмыскерлікпен күрес болып табылады. Қылмыскерлікпен кесімді күрес жүргізудің маңызы Қазақстан Республикасында құкықтық тәртіп орнатуда ғана емес, сонымен қатар тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда да зор. Соңғы жылдары тек қана жеке адамдардын өміріне, бостандығына, мүлкіне т.б. құндылықтарына қол сұғу қылмыстарының саны ғана өскен жоқ, сонымен қоса қазіргі күні ұйымдасқан қылмыскерлік, жемқорлық, тапсырыспен кісі өлтіру сияқты жаңа қылмыс түрлері пайда болды. Менің курстық жұмысымның өзектілігі осындай мәселелерді қарастыру болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      

 

 

 

       

 

 

 

    

 

 

        1 ҚЫЛМЫС ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

 

1.1 Қылмыс түсінігі

 

 

Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқылық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу – қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әруақытта да белгілі бір іс – әрекеттің көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс – әрекетінің, мінез – құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.[ 1, 34б]

Қылмыстық кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс – әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп аталады.

Жасалған әрекетті қылмыс деп тану үшін оны қылмыстық заң нормаларында бекітілген тиісті қылмыс құралдарымен салыстыру қажет.    [2,103 б]

Батыс Еуропа елдерінің көпшілігінің қылмыстық құқығында, қылмыс ұғымына формальды анықтама беру орын алса, отанымыздық қылмыстық құқығында қылмысқа - қылмыстық заңда жазалау қатерімен тыйым салынған әрекет ретінде материалдық – формальды анықтама беру дәстүрлі түрде қалыптасқан.

Егер қылмыс ұғымын формальды анықтауда құқыққа кайшы әрекеттін формальды белгілеріне баса назар аударылса, ал материалдық анықтамада формальды белгілермен қатар міндетті түрде материалдық белгілер де (әрекеттің немесе әрекетсіздіктін қоғамға қауіптілігі) назарда болады.

Қылмыстың түсінігі Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 9-бабында берілген. Осы бапқа сәйкес Қылмыстык  кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық кауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады. [3, 26 б]

Занды бұзу фактілері, қылмыс жасау, мүлікті ұрлау, экономика аясындағы қылмыс, лауазымдық қылмыстар сияқты қауіпті қылмыс түрлері мейлінше кең тараған. Бұлар мемлекет, қоғам үшін қауіпті. Сондықтан да қылмыспен аяусыз күрес жүргізу өзекті мәселе болып қалып отыр.

Қылмыстық заңның өзіндік міндеттері жеке адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, меншігін, табиғи ортасын, қоғамдык, және мемлекеттік мүдделерді, барлық құқық тәртібін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау болып табылады.

Қылмыс құқықтың белгілі бір нормасын бұзатын іс-кимыл, сондықтан да ол заңсыз. Егер де істелген іс-қимыл қылмыстық заңда көзделген болса, ол қылмыс деп танылады.

Қылмысты тәртіпсіздіктен және басқа да құқық бұзушылықтан ажырата білу керек. Мұндай шек қоюшылық проблемасының  тәжірибелік маңызы зор: оған адам тағдыры, қылмыстық істің әділ шешілуі тікелей байланысты.                                    Қылмыстың тәртіпсіздіктен айырмашылығы мынада, ол мемлекеттік тұрғыдан ерекше қорғалатын қоғамдық катынастарға айтарлықтай елеулі зиян әрі нұқсан келтіретіндіктен, қоғамдық қауіпті әрекет болып табылады. Сондықтан да онымен күресте қылмыстық құқықтық шаралар қолданылады. [4, 274 б]

 

 

       1.2 Қылмыстың құрамы

 

 

Қылмыс жасау, яғни Қылмыстық кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар әрекет қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады. Бір қылмыс үшін ешкімді де қайталап қылмыстық жауапқа тартуға болмайды (Қылмыстық Кодекстің 3-бабы). Қылмыс құрамы деп - қоғамдық қатынастарға қоғамдық тұрғыдан қауіпті қол сұғушылық әрекетін сипаттайтын, қылмыстық заңда белгіленген негізгі белгілерінің жиынтығын түсіну керек. [4, 275 б]

Егер қылмысты жасау – қылмыстық жауаптылыққа тартуға іс –жүзінде негіздеме бола алса, қылмыс құрамы – оның заң жүзіндегі негіздемесі. Бұл екі негіздеме өзара тығыз байланысты, екеуі бір бүтінді құрайды. Қылмыс құрамы заң бойынша анықталмаса, қоғамға қауіпті әрекет қылмыс болып саналмайды, қандай да бір қылмыс нышандарының болуы, егер жасалған әрекетте осы нышандар болмаса, қылмыстық жауапқа тартуға негіз бола алмайды.

Қылмыс құрамының негізгі белгілері:

1)  қылмыстың объектісін сипаттайтын белгілер: қылмыстық қол сұғушылықтан қылмыстық заң бойынша қорғалатын қоғамдық қатынас;

2)  қылмыстың объективті жақтарын сипаттайтын белгілер: объектіге зиян тигізетін немесе зиян тигізу қаупін тудыратын қоғамға қауіпті іс – әрекет;

3)  қылмыстың субъективтік жағын сипаттайтын белгілер: кінә, қасаққаналық, абайсыздық;

4)  қылмыстың субъектісін сипаттайтын белгілер: жеке тұлға, есі дұрыстық, қылмыстық жауаптылық жасы, арнаулы субъекті.

Қылмыс құрамының осы негізгі белгілері кез – келген қылмыс құрамында болады және олардың біреуінің болмауы қылмыс құрамының жоқтығын көрсетеді. Жоғарыда аталған қылмыстың объктісін және объективті жағын сипаттайтын белгілер қылмыстың объективтік ақиқаттылығын көрсетеді, сол себепті қылмыс құрамының объективті белгілері деп аталады.

Қылмыстың объектісі – қылмыстық қолсұғушылықтан зиян келетін немесе зиян келуі мүмкін қоғамдық қатынастар. Біздің ойымызша, кейбір заң әдебиеттерінде көрсетілген: «Қылмыстың объектісі дегеніміз – сол қылмыстық әрекеттің неге бағытталғанын айтамыз» деген көзқарастармен келісуімізге болмайды. Өйткені, «бағытталған» деген термин арқылы абайсызда жасалған қылмыстың объектісін анықтауға болмайды. Тіпті қасақана жасалатын қылмыстардың өзіне кінәлінің қылмыстық жүріс – тұрысының бағытталуы нақтылы қол сұғушылықпен үйлесе бермейді. Кез – келген қылмыс материалдық игіліктерге емес(заттар, ақша), тағы басқа қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Ол қоғамдық қатынастар әрекет етуші қылмыстық заңмен қорғалуы қажет. Қылмыскер қауіп тудырған қоғамдық қатынастың сипатына қарай, қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты анықталады. Қоғам үшін қылмыстың объектісі неғұрлым құнды болса, соғұрлым жасалатын қылмыстың ауырлығы да көп болады. Сайып келгенде, қылмыстың объектісі дегеніміз – кінәлі қылмыстық қол сұғушылық жасаған, қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар болып табылады.

Қылмыстың объективті жағы қылмысты істеген адамның мінез – құлқының сыртқы көрінісін береді. Объективті жақ ең алдымен, қоғамға қауіпті мінез – құлық актісінің сыртқы көрінісі, ол адамдардың әрекеті немесе әрекетсіздігі арқылы көрініс табады. Қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік нысандары мен түрлері қылмыстық заң тұжырымдарында әртүрлі және жан – жақты. Бірқатар қылмыстың объективтік жағын сипаттауда оның міндетті белгілеріне уақыт, орын, жағдай, қылмысты жасау тәсілдері де жатады. Қылмыстарды ажыратып жіктеуде, оның қоғамға қауіптілік дәрежесін белгілеуде, қылмысты саралауда объективтік жақтың осы белгілерінің маңызы өте зор.

Қылмыстың субъективтік жағын және субъектісін сипаттайтын белгілер қылмыс жасаған адамның субъективтік ерекшелігін көрсететіндіктен, қылмыс құрамының субъективтік белгілері деп аталады. Субъективтік жақ қылмыстың ішкі жағын, мәнін және мазмұнын сипаттайды. Қылмыс жасаған адамның ішкі дүниесінде, оның еркімен санасында өтетін психологиялық процестің көрінісі. Демек, қылмыстың субъективтік жағы бұл негізінен адамның психикалық іс – әрекетінің қылмыс істеуге тікелей байланысты  жағының көрінісі болып табылады. Субъективтік жақтың белгілеріне кінә, ниет және мақсат жатады. Кінә кез – келген қылмыс құрамында болғандықтан, ол қылмысты саралаумен тығыз байланысты. Ал кейбір қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ниеті мен мақсаты жатады.

Қылмыс субъектісі дегеніміз – қоғамға қауіпті іс – әрекетті жасаған және заңға сәйкес сол үшін мемлекет алдында қылмыстық жауаптылықты көтеруге қабілеті бар адамды айтамыз. Қылмыс субъектісін сипаттайтын белгілерге жеке тұлға, ақыл – есі дұрыстық, қылмыстық жауаптылық жасына жету, яғни 16 жасқа толу жатады (кейбір қылмыстар үшін 14, 18 жасқа жету міндетті). Көрсетілген белгілермен қатар, арнаулы белгілерді қажет ететін адам қылмыстың арнаулы субъектісі болып табылады.

Қылмыс құрамының элементтерінің әрбір кезге сәйкес тән белгілері болады. Кейбір ғалымдар мұндай белгіні «түрлік белгі» деп те атайды. Қылмыс құрамының мұқияттылықпен таңдап алынған белгілер ғана қосылады.

Түрлік белгілер дегеніміз – барлық қылмыстарға ортақ, олардың қоғамға қауіптілігі және құыққа қайшылығын білдіретін жиынтықтың көрінісі болады. Түрлік белгіге жатпайтын тек қана жекелеген қылмысқа тән белгілер қылмыс құрамына қосылмайды. Сондықтан олар қылмыс құрамынан тысқары болады да, осыған байланысты қылмысты саралау үшін маңызы болмайды. Мысалы, біреудің мүлкін ұрлағанда(ақша, зат, құжат т.б.) немесе ол ұрлықтың қашан болғаны қылмысты саралауға әсер етпейді. Түрлік белгі сол немесе басқа қылмыстың міндетті белгілері болып табылады. Осы түрлік белгінің біреуі жоқ болса, онда қылмыс құрамы да болмайды. Қылмыс құрамының арнаулы белгілері болады. Бұл белгілер бір құрылымдар үшін міндетті, екіншілері үшін міндетті емес болып табылады, яғни бұл заң шығарушының кейбір қылмыс құрамдарын сипаттау үшін қолданылатын белгілер. Оған: қылмыстың зардабы, уақыты, орны, қылмыс істеу тәсілі, құралы, қылмыстық ниет, мақсат, қылмыстық заты, қылмыстың арнаулы субъектісі жатады. Бұл белгілер қылмыс құрамында аталып көрсетілсе, онда олар сол құрамның қажетті белгілері болып табылады. Қылмыс құрамында көрсетілмеген жағдайда, олар қылмысты саралауда әсер етпейді, тек қана жаза тағайындалғанда есепке алынады. [2,103 б]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


2 ҚЫЛМЫСТЫҢ БЕЛГІЛЕРІ

 

2.1 Қылмыстық құқыққа қайшылық

 

 

Қылмыстың міндетті белгілерінің бірі құқыққа қайшылық — яғни қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) жасау болып табылады. [3,28 б]

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті баптарының диспозицияларында жекелеген қылмыс құрамдары арнаулы көрсетілген. Қылмыстың осы нақты құрамдарына қарсы іс–әрекеттер істеуді құқыққа қайшылық деп атау қалыптасқан.

1960 жылға дейін қолданылған Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы бойынша яғни, қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс–әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға құқық берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы жаңа конституциясында, осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді делінген.

Адамның қылмыстық құқылық норма тиым салған іс–әрекеттерді істеуін қылмыстық құқыққа қайшылық деп атайды. Адамның қылмыстық заң тиым салмаған,осы заңда көрсетілмеген іс–әрекеттерді істеуін қылмыс қатарына жатқызуға болмайды. Тек заң шығарушы ғана белгілі  іс–әрекетті қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін оның мәнді белгілерін анықтайды. Қылмыстық құқыққа қайшылықтың міндетті белгісі болып осы заңда көрсетілген іс–әрекетті жасаған жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық құқылық санкция белгілеген жазаның белгілі бір түрінің тағайындалуы болып табылады. Іс –әрекеттің қылмыстық құқыққа қайшылығын белгілеген тиісті заңның жарияланған уақытынан бастап ондай іс–әрекеттер қылмыс қатарына жатады. Мұндай ретте мемлекет осындай іс–әрекеттермен қылмыстық құқылық норма арқылы күрес жүргізуге мүмкіндік алады. Керісінше, белгіленген тәртіппен күші жойылған қылмыстық – құқылық норма қылмыс қатарынан шығарылады. Ондай іс–әрекеттер қылмыс деп саналмайды. Мысалы: елімізде нарықтық қатынастардың дамуына байланысты Қылмыстық кодекстен алыпсатарлық деген қылмыс құрамы қатарынан алынып тасталды. Бұрын қылмыс қатарында жоқ жалған банкроттық, табысты жасыру, салық төлемегені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін көптеген жаңа нормалар пайда болды. [2,35 б]

Қылмыстың формальды және материалдық белгілері бір-бірімен тығыз байланыста. Адамның қылмыстық құқықтық норма тыйым салған іс-әрекеттерді істеуі құқыққа қайшылық деп танылады. Құқыққа қайшылық — қылмыстың формальды белгісі. Қылмыстық құкыққа кайшылықтын міндетті белгісі қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық-құықтық санкция белгілейтін белгілі бір жаза түрінің тағайындалуы болып табылады. Тыйым, тек қылмыстық заңмен салынғанда ғана кылмыс жөнінде сөз болуы мүмкін. Мысалы, Қазакстан Республикасы аумағында шет ел валютасымен мәміле жасауға валюталық реттеу заңымен тыйым салынса да бірақ мұндай әрекеттер Қылмыстық кодексте қарастырылмаған. Сондықтан, олар қылмыс болып табылмайды. Заң шығарушы қазіргі кезеңде қылмыстың формальды белгісінің артуына байланысты болса керек, Қылмыстық Кодекстің 9-бабының бірінші бөлігіне қылмыстык заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейтіндігі туралы конституция нормасын енгізген (Конституцияның 77-бабының, 3-тармағының 10 тармақшасы). Басқаша айтқанда заңда белгіленіп көрсетілмесе қылмыс емес қағидасы конституциялық деңгейде белгіленген. [3,28 б]

 

 

2.2 Қоғамға қауіптілік

 

 

Қоғамға қауіптілік — қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға нақты қауіп төндіретін немесе зиян келтіретін кылмыстың объективті белгісі (әрекет немесе әрекетсіздік).

Қоғамға қауіптілік қылмыстың нақты түрдегі сапалық белгісі болып табылады, яғни заң шығарушы қылмыстың тек осы — қоғамға кауіптілік белгісін ғана анықтаумен әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қылмыс қатарына жататын,- жатпайтындығын дәлелдеп көрсетеді. Қоғамға қауіптілік әрекеттің коғамдық қатынастарға зиян келтіруі немесе зиян келтіру қаупін туғызуы белгілерімен сипатталады. [3,27-28 б]

     Қылмыстың негізгі сапалық белгісі оның қоғамға қауіптілігі болып табылады. Бұл белгі қылмыстың материалдық мәнін білдірумен бірге не себепті осы немесе басқадай іс – әрекет қылмыс болып табылатынын түсіндіреді. Қоғамға қауіптілік белгісінің болуының өзі іс –әрекеттің қоғамдық қатынастарға зиян келтіруін немесе зиян келтіру қаупін туғызатынын білдіреді. Қоғамға қауіптілік – қылмыстың объективті белгісі. Ол заң шығарушының санасына және еркіне байланыссыз қоғамдық қатынастарға зиян және өзінің ішкі мәні жөнінен қоғамның бір қалыпты өмір сүру шарттарына қайшы болады. Заң шығарушының міндеті сол кезеңде, дәуірде, қоғамның өмір сүру жағдайларын дұрыс бағалап, осыған байланысты іс – әрекеттің қайсысының қылмыс қатарына жататыны туралы шешім қабылдау болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 2 – бабында қоғамға қауіптіліктің сипаттамасы қылмыстық заңда көзделген адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке, табиғи ортаға т.б. қиянат жасап қол сұғатын қылмыс объектілерін тізбектеп көрсету арқылы берілген. Бірақ та қоғамға қауіптілік қылмыс қол сұғатын объектілерді көрсету арқылы ғана тұжырымдалмайды. Бұл қылмыстың қауіптілігін сипаттайтын мәнді жақтарының бірі ғана.

Қоғамға қауіптілік қоғамға зиянды іс – әрекеттің өзінің тікелей ерекшелігіне, оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайына байланысты болуы мүмкін. Мысалы: тиісті рұқсат етілмеген немесе тиым салынған жерлерде (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, төтенше экологиялық аймақтар) не тиым салынған құстар мен аңдарға қатысты аң ауланса, ол заңсыз болып табылады (288-бап, 1-бөлім). Төтенше жағдайлар кезінде тиым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның, ұйымның жұмысына кедергі келтіру қылмыс болып табылады (335-бап). Іс – әрекет арқылы келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян қоғамға қауіптіліктің көлемін айқындайтын негізгі бір белгі болып табылады. Кейбір іс – әрекеттер әрекет немесе әрекетсіздіктің істелген уақыттан бастап, өзінің қандай зиян келтіргеніне қарамастан, қоғамға қауіпті болады. Басқалары қылмыстық заңда көрсетілген зардаптар болған жағдайда ғана қоғадық қауіптілік сипатына ие болады. Іс – әрекеттің қоғамға қауіпті және қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін зардаптың сипаттамасын заң шығарушы әртүрлі етіп бейнелеуі мүмкін. Кейбір реттерде қылмыстың зардабы қылмыстық заңның өзінде дәлме – дәл көрсетіледі. Мысалы, денеге жарақат салу, материалдық залал келтіру, ауыр зардаптың болуы т.б.

Келтірілген дене жарақатының ауырлығына орай денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (103-бап), денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап), денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (105-бап) болып бөлінеді. Басқа жағдайларда, зардаптың әртүрлі болып келетіндігін ескеріп, заң шығарушы оның бәрін нақтылап жатпайды, оларды зиян келтіру (142-бап), ірі мөлшер (175-бап), ауыр зардап келтіру (181-бап , 3-бөлім,б-тармағы), т.б. деп жалпылама береді. Мұндай жағдайларда зардаптың осы көрсетілген мөлшерін анықтау нақты жағдайларда орындалған фактілерге байланысты шешіледі. Қылмыстық қоғамға қауіптілігі қылмыстық ниет және мақсат сияқты оның белгілеріне де байланысты. Мысалы, қылмыстық іс қозғау мақсатымен қылмыс істелді деп өтірік хабарлау. Егер мұндай іс – әрекетті пайдақорлық мақсатпен істесе хабарлау әрекеті күшейтілген қылмыс түрі болып табылады. Кейбір реттерде қоғамға қауіптілік іс –әрекетті істеген адамның ерекшелігіне де байланысты анықталады. Қайсібір іс –әрекеттер оны істеген адамның жәбірленушімен ерекше қатынаста болуына байланысты қылмыс деп танылады. Мысалы, айыптының материалдық жөнінен немесе басқа реттен тәуелді адамға қатал қарауы, қудалауы немесе қорлауы салдарынан жәбірленушінің өзін – өзі өлтіру халіне жеткізілуі (102-бап). Кейде субъектінің ерекше жағдайы қылмыстың қоғамға зияндылығын үдетеді. Мысалы: жауапты мемлекетік қызметтегі лауазымды адамның пара алуы (311-бап, 3-бөлігі).

Қылмыстық құқық ғылымы қоғамға қауіптіліктің сапалық және сандық жақтарын бөліп қарайды. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздерін анықтай отырып, сот жазаны тағайындауда істелген қылмыстың сипатын және қоғамға қауіптілік дәрежесін есепке алу қажеттігін көрсетеді. Мұның өзі қылмыстың сипатын қылмыстық сапалық, ал дәрежесін – сандық сипаттамасы деп түсінуді білдіреді. Сипатына қарай қоғамға қауіптілік экономикалық және зорлық қылмыстары, қасақана және абайсыздық, жеке адамға, меншікке қарсы қылмыстар болып бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты қылмыстың объектісі бойынша анықталады. Объектілердің тізбегі Қылмыстық кодекстің 2-бабында көрсетілген, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі топтық объектілері белгілері бойынша тарауларға бөлінеді. Яғни, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің жүйелері топтық объектілерінің маңыздылығына қарай рет – ретімен орналасқан. Қоғамға қауіптіліктің сипатының тағы бір көрсеткіші келтірілген зиян болып табылады. Материалдық, моральдық зиян, күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыс деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жасалатын қылмыстардың абайсыздықпен жасалатын қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр. Мысалы, кісіні ауырлатын жағдайда қасақана өлтіргені үшін 10 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға не мүлкін тәркілеу арқылы немесе онсыз өлім жазасына, не мүлкін тәркілеу арқылы немесе онсыз  өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады (96-бап, 2-бөлігі), ал абайсызда кісі өлтіру (101-бап, 1-бөлігі), үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Кінәнің нысандарын анықтау қылмыстың қоғамға қауіптілігінің сипатын осылай белгілеуде маңызды рөл атқарады. Қылмыстың қоғамға қауіптілігін сандық жағын анықтағанда көптеген факторларды еске алу қажет. Мұндай ретте келтірілген зардаптың ауырлығын қылмыстық істің ерекшеліктеріне, қылмысты жеке немесе бірлесіп қатысу арқылы істеу, қылмыс істегенде қандай тәсіл қолданылды, кінәнің сипатын қылмыстың субъектісінің ерекшелігіне, іс – әрекеттің істелу уақытына, жағдайына баса назар аудару қажет. Мысалы, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің (103-бап), денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы (104-бап) немесе жеңіл (105-бап) дәрежеде қасақана зиян келтіруден қоғамға қауіптілік дәрежесі едәір жоғары. Қарақшылықтың (179-бап) ұрлықтан (175-бап) дәрежесі жағынан қоғамға қауіптілігі жоғары. Өйткені шабуыл жасап, қарақшылық жасап тонағанда бөтеннің мүлкін иемдену мақсатымен қауіпті тәсіл шабуылға ұшыраған адамның өміріне немесе денсаулығына күш жұмсаумен ұштастырылады.

Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыстық заңда көрсетілген санкция бойынша да анықталады. Мәні жөнінен екі қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау, сол қылмыста берілген белгіленген санкцияларды салыстыру қажет. Ауырырақ жаза белгіленген қылмыс түрінің қоғамға қауіптілігі дәрежесі де жоғары болып табылады. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі бойынша қоғамға қауіптілік сипаты бірдей қылмыстарды бір –бірінен ажыратуға болады. [1,36 б]

2.3 Кінәлілік

 

 

Қылмыстың тағы бір белгісі кінә болып табылады. Яғни, бұл жерде заң қорғайтын объектілерге әрекет немесе әрекетсіздік арқылы кінәлі түрде қасақаналық немесе абайсыздықпен қол сұғушылық туралы әңгіме болып тұр.

Қылмыстық жауапқа не жазаға тек қана қылмыс істегені үшін, яғни қылмыстық заңда көрсетілген, қоғамға қауіпті іс – әрекетті қасақаналық пен немесе абайсыздықпен істеген адам ғана тартылады. Кінәсіз қылмыстық жауаптылық туралы сөз болуы мүмкін емес. Кінәнің нысандары қылмыстық заңда қасақаналық (тікелей немесе жанама), абайсыздық (менмендік немесе немқұрайлық) болып түрлерге бөлінеді. Тікелей немесе жанама ниетпен жасалған әрекет қасақана жасалған қылмыс деп танылады.

Қылмыстық Кодекстің 19-бабының екінші бөлігіне сәйкес, объективті айыптауға, яғни кінәсіз зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берілмейді. Осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес, қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлі деп танылады. Кінәлілік кұқыққа қайшылыктын міндетті шарттарының бірі. Қылмыстың, зардабы қаншалыкты ауыр болғанына қарамастан, егер оны істеген адамның әрекетінде кінәнің белгілі бір түрі болмаса, ол кылмыстық жауаптылыкқа да, сәйкесінше жазаға да тартылмайды. [3, 28-29 б]

      Кінә - бұл тұлғаның өзі жасаған қоғамдық қауіпті іс-әрекеті мен оның қасақаналық және абайсыздық түріндегі салдарына психикалық қатынасы. Қылмыстық заңға сәйкес, кінә - бұл әрқашан не қасақаналық, не абайсыздық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 19-бабының 3-бөлігі бойынша қасақана немесе абайсызда іс-әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлі деп танылады. Қасақаналық та, абайсыздық та жасалған іс-әрекет пен оның салдарына кінәлі психикалық қатынастың нысандары болып табылады. Бұл - олардың ұқсастығы. Ал, айырмашылығы -  қасақана және абайсыз кінәні құрайтын интеллектуалдық және еркіне қарай сәттердің ерекше, өзіне ғана тән мазмұны мен ара қатынасында.

Қылмыстың жасалуына байланысты кінә (қасақаналық та, абайсыздық та) заң қолданушының (сот, тергеуші) санасынан тыс орын алады. Ол - алдын ала тергеу жұмысын жүргізу мен сотта істі қарау кезінде дәлелденетін затқа жатады. Ол - іс бойынша анықталған дәлелдерді саралау кезінде жүзеге асады. Осыған орай, кінә тек заңдық-психологиялық қана емес, саралаушы да категория екендігін мойындау керек. 40-жылдары кеңестік заң әдебиетінде кінәлінің өзі жасаған қоғамдық қауіпті іс-әрекеті мен оның қасақаналық және абайсыздық түріндегі салдарына, соттың санасынан тыс орын алатын психикалық қатынасы ретіндегі кінә түсінігін, оның саралаушы деген түсінігімен теңестіруге әрекет жасалды. Б. С. Утевский «кінәні қылмыс құрамының элементі ретінде, қасақаналық пен абайсыздық, яғни қылмыс құрамының субъективті жағы ретінде бір жақты тайыз түсінумен қатар, қылмыстық құқықта кінәнің қылмыстық жауаптылықтың негізі ретіндегі ауқымдырақ түсінігі де бар» деп санаған. Б. С. Утевский кінәні қылмыстық жауаптылықтың негізі ретінде былайша түсіндіреді, яғни ол «соттың көзқарасы бойынша мемлекет атынан теріс қоғамдық (моральдық-саяси) бағаға лайық және сотталушының қылмыстық жауаптылығын талап етуші жағдайлар жиынтығы».

Оның кінәні түсіну туралы мұндай көзқарасы кеңестік заң басылымдарында өткір, тіпті күйретуші сынға ұшырады. Оның себептері негізінен идеологиялық сипатта болды. Авторды кінәні саралау туралы буржуазиялық ғалым-заңгерлердің ұсынған теорияларын пайдаланғаны үшін айыптады. Алайда, соңғы кездері кеңестік қылмыстық құқықта кінәні - саралаушы ретінде түсінуді қатаң шетке шығару басылып, кінәлі жауаптылық қағидасы (яғни, кінәні қылмыстық жауаптылықтың негізі ретінде мойындау) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде заңды тұжырымын тапты. Мұны дұрыс деп мойындауға тиіспіз, себебі, қылмыстық заң, қылмыстық жауаптылықты тұлғаның өзі жасаған іс-әрекеті мен оның салдарына психикалық қатынасының кез-келген түрімен емес тек қана қасақаналық пен абайсыздық сияқты белгілі түрімен ғана байланыстыруы бекер емес. Психикалық қатынастың дәл осы түрдегі, кінәлінің қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделерге, яғни жеке бастың, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне деген қоғамға қарсы (қасақана жасалған қылмыстарда) немесе немқұрайлы (абайсыздан жасалған қылмыстарда) қатынасын білдіреді. Сондықтан, кінә - тұлғаның қылмыстық қастандылықтан заңмен қорғалатын мүдделерге теріс қатынасын көрсететін өзінің жасаған қылмысты әрекеті немесе әрекетсіздігінен туындаған зиянды салдарға психикалық қатынасы.

Жоғарыда айтылғандай қылмыстық заң, іс-әрекетпен оның салдарына кінәлі психикалық қатынасқа еркіне қарай және интеллектуалдық сәттерді қосады. Дәл осы сәттердің жиынтығы кінәның мазмұнын құрайды. Аталған сәттердің нақты мазмұны мен ара қатысы бойынша қасқана және абайсызда жасалған қылмыстардың бір-бірінен айырмашылығы қандай болса, олардың қылмыстық заңда анықталатын түрлері де тап солай ажыратылады. Интеллектуалдық және еркіне қарай сәттердің мазмұны мен арақатынасының бұл ерекшеліктері кінәнің түрлерін құрайды. Қылмыстық кодекс кінәнің қасақаналық және абайсыздық сияқты екі нысандарын қарастырады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі 19-бап, 3-бөлім). Қасақаналық, өз кезегінде, тікелей және жанама, ал абайсыздық - меңмендік және немқұрайлылық болып бөлінеді.

Кейбір қылмыстарға байланысты, заң шығарушы оларды тек қасақана жасалады деп анық атап көрсетеді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 104-бабы - денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін жауаптылық қарастырылады. Қасақана жасалатын қылмыстардың басқа құрамдарын жасағанда, заң шығарушы оларға қасақана деген анықтама бермейді. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 106, 107-баптарында ұрып-соғу, азаптау кездерінде кінәнің түрін атап көрсетпейді. Мұндай жағдайларда кінәнің түрін анықтау үшін Қылмыстық Кодекстің 19-бабының 3-бөлігін басшылыққа алу керек. Абайсызда жасалған іс-әрекет Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің Ерекше бөлімінің тиісті бабы арқылы арнайы қарастырылған жағдайда ғана қылмыс деп саналады. Сонымен, Ерекше бөлім бабының диспозициясы кінәнің түрін нақты көрсетпесе, осы бапта қарастырылған қылмыс тек қасақана болады.

Қылмыскерлікпен күрес ұғымы және оның мазмұны