Құқықтық тәрбие – құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты

Құқықтық тәрбие - құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты

Қазақстан Республикасының Конституциясында - Қазақстан Республикасы өзінің  демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет  ретінде орнықтыратыны   аталған. Бұл  еліміз  үшін  мәртебелі  мақсат.  Сондай-ақ,   Қазақстан Республикасының Конституциясының  1 - бабында:  «Қазақстан Республикасының ең  қымбат қазынасы - адам  және адамның өмірі,  құқықтары мен бостандықтары»,  - деп  баян етілген [1]. 
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты  алғышарттарының бірі - азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдиениетін қалыптастыру, әсіресе  оның  құрамды  бөлігі - адам құқығының мәдениеті. Адам  құқықтары туралы  ақпаратпен  жүйелі қамтамасыз  етудің  қажеттілігі  маңызды екенін ескерсек, онда   бұл салада  адам құқығы мәдениетін  қалыптастыруда  маңызды  құралдың   бірі  - білім  беру  ұжымдары  десек  қателеспейміз. 
«Адам құқығы туралы айтқан кезде  бүгін біз адам мен мемлекеттің арасындағы өзара қатынасын айтамыз»,- дейді М.Новицкий» [2]. 
Заңгер ғалымдарымыз: «Адам құқығы-адам мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, өзі заң арқылы қорғалатын болуы мүмкін іс-әрекеттің (мінез-құлықтың) өлшемі (шамасы)» - деп анықтама берген  [3]. Адамның құқықтары мен бостандықтары  табиғи және оған тумысынан берілген, ажырамайтын, табиғи ретінде танылады   және   ең  жоғары әлеуметтік құндылық болып табылады. Адамның құқықтары мен  бостандықтарын  сақтау  және  қорғау  мемлекет   функцияларының   бірі. 
Тұлға мен мемлекеттің  қарым - қатынасы  құқықтық   мемлекет   пен азаматтық қоғам  концепциясына сәйкес дамуда.  Мемлекет пен  адам құқығының  арасындағы  өзара  байланыстылығы және өзара  негізділігі құқықтық  мемлекеттің  басты мақсаты адам  және  азаматтың құқықтарын қамтамасыз  ету болып  табылатындығынан  көруге болады. 
Қоғам тәртіпке негізделіп, қалыптасып,  өмір сүреді. Қоғамдағы  тәртіп  түрлі әлеуметтік  нормалардың, адамдардың мінез - құлқын  реттейтін   қағидалардың  әсерімен, яғни күшімен орнатылады.  Құқықтық  нормаларды қолдану нәтижесінде құқықтық тәртіп орнығатыны,  ал  құқытық   нормалар  негізінен  заңнан  нәр алып белгілі  құқықтар мен  міндеттер жүктейтіні белгілі. Еліміздің заңдарын сақтау, оған мойынсыну- жауапкершілікті, түсіністікті, заңдарды  білуді және соған сәйкес мінез-құлық  пен  іс-әрекеттерді  үйлестіруді  талап  етеді. 
Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі - қылмыстың,  құқық  бұзушылықтың алдын алу. Бұны бүгінгі таңда  барлық деңгейдегі шенеуніктерден бастап, құқық қорғау органдары қызметкерлері,  ұстаздар  мен  ата-аналар,  азаматтар  да түсінуде. Құқық  бұзушылық  жөнінде «Құқық бұзушылық дегеніміз - адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі», - деп көрсетілген [4]. Қоғамда тәртіп орнамаса, ол құлдырайды, яғни  келешегі болмайды. Бұл бәрімізге белгілі және оны жақсы түсінеміз. Дегенмен, қоғамда қоғамдық тәртіпті бұзуға  бейім  азаматтар да кездеседі  және  бұл - құқық бұзушылықтың  орын алуына әкеп соқтырады, сондықтан құқық  бұзушылық - қоғам өміріне  тән  қауіпті  дерт. Құқық бұзушылықтың себептеріне қатысты  ықылым заманнан осы  күнге дейін  әр түрлі пікірлер айтылып келеді.  Солардың ішінде  құқықтық   нормаларды   бұзуына   ең  алдымен  әлеуметтік және  биологиялық  жағдайлар  әсер  ететінін  байқауға  болады. 
Жастар арасында  құқық   бұзушылықтың   алдын  алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заңды жауапкершілікті сезінуге  өз  үлесін қосатын,  атсалысатын субъектілердің  бірі - оқу орындары болып табылады. Оқу орнында  жасөспірімнің азаматтық, патриоттық, адамгершілік, салауаттық, құқықтық, мәдени, шығармашылық т.б. қасиеттерін  дамыту  және қалыптастыру процесі жүзеге асырылады. Бұл ұжым мүшелеріне   үлкен  жауапкершілік  пен  міндет  жүктейді. 
Құқық  бұзушылық  пен  келеңсіз  жағдайларды  барынша  болдырмау және  алдын алу,   оның  зияндылығы мен қауіптілігін түсіндіруде  - өскелең  ұрпаққа  құқықтық тәрбие беру,  оның  мақсат - міндеттерін   дұрыс түсіндірудің  маңызы  ерекше. Құқықтық тәрбие беру жан - жақты  тәрбиелеудің маңызды  бір саласы. «Құқықтық тәрбие  мақсаты - оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет - қылық қалыптастырып, оларды  құқықтық  заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу», - деп анықталған [5]. 
Қазіргі «Білім туралы» Заңның талаптарын орындау әлі  де  көптеген экономикалық - материалдық, құқықтық - нормативтік базаны нығайтуды,  құқықтық тәрбиені  шығармашылықпен  ұйымдастыруды, жаңа технологияларды тәрбие жұмысында кеңінен қолдануды, шеберлікті  қажет етеді. Сондықтан  мұғалім жаңа   заңдылықтармен  танысып, оны жұмыс барысында басшылыққа  алып пайдалануды, оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды, тиімді, мақсатты қолдану жолдарын,  тәрбиенің әдістерін,  түрлі  формаларын  біліп, жаңа технологияларды кеңінен қолданғаны жөн. Жастарды құқықтық  сауаттылыққа  тәрбиелеу - олардың  қылмысқа ұрынбауына, өздігінен өмірдегі мәселелерді шешуде дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз  жағдайлардан  тартынуына,  қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына  жәрдемдеседі. 
Көп ұлтты тәуелсіз мемлекетті нығайту, өскелең ұрпаққа адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие  беру  біздің баршамызға  міндет  екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Құқықтық тәрбиені   ұстаздар қауымы    ата - аналармен, құқық   қорғау органдары қызметкерлерімен,  салауаттылық және денсаулық сақтау мекемелерімен, спорттық   ұйымдармен,  қоғамдық  бірлестіктермен  бірлесіп,  тәрбиенің өзге  түрлерімен  байланыстырып  жүйелі  жүргізер болса,  нәтижелі  болмақ. 
Оқу орны мен отбасында  балалар  әлеуметтік іс-әрекеттің алғашқы дағдыларын  қалыптастырып адамгершілік, әдеп,заңды мінез-құлық,  орынды әрекет- қылық, құқықтық нормаларды меңгере бастайды. Әлеуметтік нормалардың  негізгі маңызды түрі болып табылатын әдептік нормалардың құқытық сипаты болмағанымен, оның  ережелеріне сусындап өскен бала  әрине қоғамға  зиян келтірмейді, керісінше, өмірдегі өзінің орнын  тауып, елжанды, саналы азамат болып қалыптасады. Әдептік нормалар құқықтық нормаларға  негіз, арқау болып, белгілі бір дәрежеде адамның ар-ұятын, намысын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға ұйтқы болады.  «Құқықтық нормалардың басым көпшілігі әдептік нормалардан нәр алады, соларға арқа сүйейді. Неғұрлым құқықтық нормаларға  әдептік  нормалар арқау болса, соғұрлым заңдардың әділеттілік, адамгершілік мәні жоғары болады» [6]. 
Құқықтың тәрбие беру баланың жеке тұлғасын қалыптастырып, олардың бойына жоғары идеялык пен қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасты дарытудың асыл міндеттерін атқарады. Мемлекетіміз жастарға құқықтың тәрбие беру ісіне үнемі маңыз беріп келеді. Қазақстан заңдарына терең құрмет сезімін қалыптастыру, оларды сөзсіз сақтау және орындау -ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі. Көбіне құқықтық сананың төмендегі, материалдық және рухани игіліктердің не екенін жөнді түсінбеушілік қоғамға жат қылықтарды туғызады. Сондықтан да әр оқушының санасына құқықтық нормаларды жеткізу, жеткізіп қана қоймай оның күнделікті мінез-құлық нормасына айналдыру үшін күресу құқықтық тәрбиенің міндеті болып табылады. 
Құқықтың тәрбие негізі отбасынан басталады. Оқушылардың тәртіп бұзуының бір жағы отбасында жатыр. Бізде отбасы әр қилы: маскүнемдікпен күн өткізетін, ұрыс -керістен көз ашпайтын, басқалардың, мемлекеттің есебінен арам жолға барып қалғысы келетін отбасылары бар. Осындай отбасында өскен баланың оқуға, еңбекке қалай қарайтыны өз-өзінен түсінікті емес пе? Мұндай отбасында тербиеленген бала өзімшіл болады, қылмыс жасауға бір табан жақын тұрады. 
Ауыл жастарының арасында құқықтық тәрбие жұмысын ұйымдастыруда олқылықтар бар. Жастар арасындағы насихат пен құқықтың тәрбие мәселесі жөнінде жоғары ұйымдары таранынан белгіленген шаралар жүзеге асырылып, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру қажет. Құқықтың тәрбие тура жолмен жүруге үйрететін әділеттілік әдістеріне сүйенеді. Адам мұндай жағдайда өзінің ар-ұятына жүгінеді.Оқушы өзінің айналасындағы адамдарды, әлеуметтік игіліктерді қате бағалауы мүмкін. Мұның өзі оның көбіне көп құқықтың тәрбиені бұзуына әкеліп соқтырады. 
Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан - 2030″ стратегиялық бағдарламасында Отан қорғау мен оның қауіпсіздігіне ерекше мөн бергені мәлім. Қарулы күштерінің бір тармағы ретінде ішкі әскердің де іргетасы қаланды. Ішкі әскер барлық қазақстандықтардың, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғаушы - құқықтың тәртіп әскері. Бұл мектеп, отбасы және қоғам жұртшылығының құқықтық тәрбие жұмысын жүргізудегі басты бағытының бірі - оқушылар арасында заң тәртібін бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізуге кең жол ашып отыр. 
Құқықтың мәселелерді сөз ету, оны тыңдаушысына жеткізіп бере білу аса қиын өнер. Бүған тек қана білімді болу жеткіліксіз, сонымен бірге тәжірибелі, көпті көрген, адамдардың жүрегіне барар кілтті таба білер тәрбиеші болу маңызды. 
Оқушылардың мектептегі өмірі тұлғаның азаматтық қалыптасуының шешуші кезеңі болып табылады. Осы жылдары адамгершілігі, дүниетанымы, сенімдері, ұжымшылдығы, тәртіптілігі, өзіне және басқаға талап қоюы, адалдығы мен шыншылдығы, қайырымдылығы мен ұстамдылығы, жігерлілігі мен батылдығы қалыптасады. 
Бұлардың мазмұнына мемлекет заңдары және қоғамда өмір сүру ерекшеліктерін құрметтеу, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзімсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау да енеді. Құқықтық мәдениет екі тұрғыдан қаралады: 1. Құқықтық мәселелер, құқықтық қатынастар, құқықтық мекемелер әрекетін оқушының білуі. 2.  Тұлғаның педагогикалық және психологиялық мәнінің құқықтық санаға әсері. 
Адамның құқықтық мәдениеті күрделі. Әңгіме адам, оның санасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы туралы болғанда, көптеген сұрақтар туындайды. Құқықтық мемлекет демократиялық принциптерге сүйене отырып, әр адамның шығармашылық күштерін, ниетін, ойын, сезімі, ұмтылысын толық және еркін жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. 
Демократияны жетілдіру мемлекеттік және қоғамдық өмірдің құқықтық негізін бекітуге тікелей тәуелді. Мемлекет және қоғам өмірінің құқықтық негізін бекіту процесі төмендегідей маңызды шараларды жүзеге асыруды қажет етеді. 
- заңдылықтарды үздіксіз жетілдіру; 
- заңның орындалуын бекіту; 
-қоғамдық тәртіп орнатуға әрбір азаматтың қатынасуы. Бұдан заңдылық пен құқықтық тәртіптің бекітілуіне қамқорлық тікелей мемлекет мойынында болу қажеттігі шығады. 
Адамның жалпы мәдениеті мен оның құқықтық мәдениетінің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан да құқықтық тәрбиені адамгершілік тәрбиесі теориясының құрамды бөлігі ретінде қарастырамыз. 
Қоғамдық қайта құру кезеңінде құқықтың мәдениетті қалыптастыру барысындағы кемшіліктерді жеңу орын алады. 
Құқық қоғам мен қоғамның өрбір мүшесінің бүкіл өмірін қамтып жатады. Құқықтық мәдениеті төмен дамыған адам тек заңның өрескел бұзылған жағдайында ғана оған зейін аударады да, құқықтық талаптарды мойындамаған көп жағдайларды байқамайды. 
Заңды білмеу -- құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды. Бұл жерде оқушы заң және құқықтық мәдениет ұғымын шатастырмау керек. Құқықтық мәдениет оқушыдан жан-жақты құқықтық білімдерді талап етеді. Адамның құқықтық мәдениеті - күрделі психологиялық құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің көптеген маңызды салаларында көрінеді. Ең бастысы адамгершілікті адам тұлғасының сапалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал жасайтын тәрбие құралдарының бірі - орынды тәртіп және мінез-құлық тәрбиесінің жоғары деңгейінде болуы. Сонымен адамның құқықтық мәдениеті дегеніміз - орынды тәртіп пен мінез-құлық, жан-жақты құқықтық білімдері мен заңды құрметтеу, құқықты қорғау іс-әрекетінің терең бірлігі. 
Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты, сезіну - адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі. Осыдан келіп заңдылықты сезіну құқықтық мәдениеттің құрамы екендігін түсіну қиын емес. 
Қазіргі кезеңде қоғамның бірте-бірте демократиялық дамуы жалпы білім беретін орта мектептерде мектеп басшыларынан, мұғалімдерден құқықтық тәрбиені зор шеберлікпен, шығармашылықпен іске асыруды талап етеді. 
Құқықтық   мемлекеттің  негізгі  белгісі  - халықтың  құқықтық  мәдениетінің  болуы.  Құқықтық  мәдениет қоғам   мәдениетінің негізгі салаларының бірі болып табылады. Ол  екі бөлімнен тұрады: жеке тұлғалардың мәдениеті және қоғамдық мәдениет.  Адамның   жалпы мәдениеті мен    құқықтық  мәдениет, құқықтық мәдениет пен   құқықтық   сана  өзара тығыз байланысты.  Құқықтық   мәдениет   құқықтық  санамен салыстырғанда  әлдеқайда  кең ұғым. Азаматтардың құқықтық мәдениеті олардың  қолданыстағы   заңдар  жөніндегі   білімінен  байқалады.  Барлық   заңдарды  білу қажеттілігі  мүмкін емес болса  да, негізгі  қоғамдық    қатынастарды   реттейтін  заң талаптарын  әрине   әрбір  азамат  білгені  жөн.  Азаматтар өздерінің негізгі құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін біліп, оны  өзгелердің және мемлекеттің мүддесіне  қайшы  келтірмей   түсініп саналы орындауы, мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін сезіне білуі құптарлық іс. Заңгер ғалымдар Ғ.Сапарғалиев және А.Ибраева  өз еңбектерінде:  «Тұлғаның құқықтық мәдениеті -   құқықты  білу, ұғыну  (түсіну)  және құрметтеуден    тұрады. Ал мұның өзі құқықтық ұйғарымдарды жете түсініп барып орындаудан білінеді (көрінеді)» - деп  атап  көрсеткен [7]. 
«Жеке  тұлғаның  құқықтық  мәдениеті жөнінде, әсіресе мыналарды  баса көрсетуге болады: біріншіден, кез  келген азамат өзінің құқығын, бостандығы мен міндетін анық түсінуі әрі оны бағамдап, парықтай білуі, екіншіден, осыларды мүмкіндігінше,  іс жүзінде,  өз  өмір  тәжірибесінде пайдалана  алуы  тиіс»   [8]. 
Құқықтық  мәдениетті қалыптастырып  дамыту  еліміздің  болашағын айқындаушы  көрсеткіштердің   бірі десек, өскелең   ұрпаққа сапалы құқықтық білім  мен  саналы тәрбие  беру ұстаздар қауымынан білімділікті, құқықтық білімдерін үнемі жетілдіруді,   нормативтік - құықықтық  құжаттармен  үздіксіз танысып, жұмыс барысында  оларды басшылыққа алуды үрдіске айналдыруды, салалық мекемелермен, отбасымен  тығыз ынтымақтастық   қарым - қатынас орнатуды  және  қажырлы еңбекті  қажет етеді.    Келелі жұмысты атқаруда бала құқығын қорғау,  балаға қарым - қатынас мәдениетін көтеру, оның талабын ескеру  де нәтиже  береді  деп  ойлаймыз. Құқықтық саясаттың құрамдас бөлігі, елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудің, оның зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды шарты болып табылатын ғылыми және білім беру қызметін құқықтық реттеу болмақ. 
Ғылым-білім беру қызметінің құрамдас бөлігі, өз кезегінде, құқықтық білім беру, құқықтық насихат, яғни құқықтық мәдениет мәселелері болып табылады. Осыған орай, азаматтардың құқықтық санасын, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер арасында заңгерлік сауаттылықты арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Халық арасында интернет-ресурстарды қоса отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық насихаттың сапасын арттыру мен көлемін кеңейту, заңнаманы және құқық қолданудың өзекті проблемалары бойынша, атап айтқанда, азаматтардың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын құқық салаларында ғылыми зерттеулерді жандандыру қажет. 
Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Конституциясының негізгі идеялары мен принциптерін Қазақстанда құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 
Қазақстандық заңнаманы Тұжырымдамада белгіленген мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес кешенді дамыту және тиімді пайдалану заңдылық режимін одан әрі нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға ықпал ететін болады. 
Құқықтық мемлекетті орнықтыруда еліміздің құқықтық мәдениетін көтеру басты мақсатымыз болмақ. Ол үшін құқықтық тәрбие талаптарын сараптап алғанымыз жөн. Сондықтан біздің ұсыныстарымыз төмендегідей болмақ: 
1. Жалпы білім беру мектептерінің алғашқы сыныптарынан бастап «Құқық негізі» пәнін оқытып, оның оқу бағдарлдамасына «Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері» туралы Конституциялық құқықтан, Әкімшілік құқығынан, Азаматтық құқықтан, Қылмыстық құқықтан нормалар енгізілуі тиіс. 
Кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуы және олардың құқықбұзушылыққа қатысулары мектеп оқушыларының өз құқықтары мен міндеттерін меңгермегендіктен туындайды. Мектеп оқушылары өздерінің құқықтары мен міндеттерін білетін болса келеңсіз жағдай туғызатын мұғалімдерді орнына қоя біледі және құқықтық мемлекеттің басты принципінің бірін орындауға мүмкіндік туындайды. 
2. Ауыл халқы құқықтық сауаттылық жағынан толық қамтылмай отыр. Оны Президенттің Жолдауларын насихаттауға барған кезде заңгерлер жақсы байқайды. Сондықтан әрбір ауданға қарасты ауылдарда аудандағы әділет бөлімінен құқықтық сауаттылықты көтеретін жоғары білімді бір заңгерден бекітілуі тиіс. Әйтпесе ауылдан қалаға келген, аудан орталығына ауылдан келген адамдардың құқықтық сауаттылық деңгейінің кемшілігі байқалып отырады. 
3. Құқықтық саладағы білімді арттыруға бағытталған, мамандандырылған интернет-сайттар ашылуы қажет. Азаматтардың еркін түрде құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік туар еді. 
4. Ғалым, заңгерлерді, саясаттанушыларды, құқық қорғау, сот және өзге де органдардың неғұрлым тәжірибелі практикалық қызметкерлерін тарта отырып, құқықтық пәндердің оқытушыларын қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

Ұлттық мінез және тәрбие


Әдібай ТАБЫЛДЫ,

ақын-жазушы

Педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагог-жазушы, ақын, балалар драматургі, профессор Әдібай Табылды 85 жасқа толды. Осыған орай 1944 жылдан бері Қазақстанның ғылыми-педагогика саласында ұстаздықтың ұлы жолында тер төгіп, толайым табыстарға ие болған мерейтой иесінің ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты еңбектері мол.

«Қандай тәрбие болса да, ол ұлттық тәрбие деп аталынады, өйткені ол белгілі бір ұлттың тәрбиелік тәжірибесінде қалыптасып, сол ұлттың өз тілінде жүргізіледі», - деп белгілі ұстаздың өзі айтқандай оның қаламынан туған еңбектер ұлттық болмыстың, ұлттық педагогиканың іргелі мәселелерін зерделеуге арналады. Соның негізінде ғалым ағамыз «Ұлттық тәрбие» ғылымының негізін қалап, бірнеше оқу құралдарын жазды. Онда ұлттық әдеп пен ұлттық мінез, ұлттық ар-намыс пен ұлттық мәдениеттің тәрбиелік мәні кеңінен ашылып, ұлттық тәрбиенің қолданбалы әдіс-тәсілдері, ғылыми-теориялық тұжырымдары оқу-ағарту саласына кейінгі жылдары кірген кредиттік оқу жүйесі негізінде түйінделеді.

Профессор-жазушы, ақын Әдібай Табылдының 85 жасқа толған мерейтойына орай оның ұлттық мінез бен ұлттық тәрбие төңірегінде ой - тұжырымдарын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Қазақ халқының ұлттық мінезі ғасырлар бойы елдің тұрмыс-тіршілігіне, тарихи жағдайларға байланысты дамып, қалыптасты. Қалыптасып, халықтық әдепке айналған ұлттық мінезге заман зардабы әсер етпей ме? Әрине, әсері болар, бірақ ұлт тұрған жерде оның мінезін өзгерту «күші» мүлде қалады.

Жас ұрпақты тегіне тербеп, олардың бойына ұлттық қасиет¬терді (мінезді) сіңіре білуіміз үшін, мінездің ұлттық ерекше¬ліктерін жан-жақты терең зерлеп, тәлімдік тәсілдерін қолдана білу қажет болады.

Мінез - жеке тұлғаның болмысындағы психологиялық (сезімдік, ұғымдық, түйсіктік) қасиеті. Ол меланхолик, флегматик, сангвиник, холерик сияқты темпераменттік қасиеттер ар¬қылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан генотиптік (тектік) адами ерекшелік.

Мінез болмысқа (текке), тұрмысқа, қоғамдық құрылысқа, кәсіпке, әлеуметтік жағдайларға байланысты ыңғайлануға, бейімделуге, құбылуға сай болады.

«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» дейді Абай дана (32-сөзінде). Мінез тұрмысқа байланысты салмақты - күйгелек, қоғамдық құрылысқа байланысты кішіпейіл - тәккәпар, әлеуметтік жағдайға байланысты өзімшіл - көпшіл болып қалыптасады.

Мінездің түрі көп (біз зерттей келе, мінездің 50 түріне анықтама бердік). «Адам санасын тұрмыс билейді», тұрмысқа байланысты мен¬мендік билеген адамда дөрекі мінез, қасіретті адамда ашуланшақ мінез пайда болады. Біздің тәуелсіз еліміздегі адамның мінезі - кішіпейіл, көпшіл болуға тиіс. Көбінесе, кәсіпке байланысты жеке бастың темпераменті сол кәсіптің ерекшелігіне сай бейімделеді. Дегенмен, тектік (генотиптік) мінез негізін жоймайды.

Мінездің жақсы болып қалыптасуы тәрбиеге, жеке тұлғаның ақыл-санасына байланысты. Адам мінезін көбінесе өзін-өзі тәрбиелеу арқылы «түзейді». Кейде темпераменттік ерек¬шелік «мінез түзеуге» кедергі болады. Сонда ақыл, сана, ой адамға қуат береді.

Мінезді ескерту, түсіндіру, іс-әрекетте көр¬сету, мадақтау, жазалау арқылы тәрбиелеу¬ге болады. Мінезді тәрбиелеу арқылы жақсартуға болады. Төменде біз ұлттық мінездердің тәлімдік мәнін ашып, оны тәрбиеде қолдану тәсілдеріне назар аударамыз.

Ақкөңілділік мінез тәлімі. Адам баласына тек жақсылық ойлап, оған адам¬гер¬шілікпен жақсылық жасауға бейім, ақжарқын, аялы нұр көрсететін ұлттық мінезді ақ¬көңілділік мінез дейміз.

Ақкөңілділік мінез өзара сыйласымнан, жайдары жарасымнан, ақниетті әрекеттерден, жақсылыққа құштарлықтан, жанашырлық әрекеттерден айқын көрінеді.

Ақкөңіл адам ақниетті әрекеттерімен ақкө¬ңілділік мінез нұрын шашады да, өзі сүйіс¬пен-шілікке бөленеді, жақсылыққа құштарлығымен айналасындағы адамдарға адам¬гершілік қуат береді. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат өзінен түңілсін» деп, ақкөңілділік мінез¬дің сыйласымдық мәнін халық жоғары бағалайды.

Халық «ақкөңілдің аты арымайды, тоны тозбайды», «ақылдының көңілі ақ болады, оған абырой мен бақ қонады» деп, бұл мінезден үлгі алуды уағыздайды. Ақкөңілді тұлғаларды насихаттап, олардың өнегесін жас ұрпаққа үйретуді мақсат тұтады. Халықтық тәлімде Қожанасырдың ақкөңілділігі, Жиреншенің ақниеттігі жас ұрпаққа үлгі - өнеге ретінде пайдаланылады.

Қоғамдағы іштарлық, менмендік, тәккәпарлық мінездер ақкөңілділік мінездің шырқын бұзып, шын бойына батқанымен, ақкөңіл адам ол келеңсіз қасиеттермен үнемі күресуде болып, оларды сабырлылықпен жеңіп отырады. Ақкөңілділік мінездің асыл қасиеттерін ашып көрсетіп, ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, оны дәлелдеу, сезіндіру тәсілдерімен ұрпақтың бойына сіңіреміз.

Әдептілік мінез тәлімі. Әдептілікті, кісілікті, әдеппен сөйлеуді, әдеппен қимылдауды, имандылықты, ұлттық әдеп нышандарын көрсететін бұл ұлттық мінез жеке тұлғаның беделін арттырып, бейнесін бедерлейді.

«Әдептілік - әдемілік» деп халық әдептілікті уағыздайды. Баланың әдептілік мінезін қалыптастыру үшін халық оның тілі шыға бастағаннан-ақ «жаман» мен «жақсыны» ажырата көр¬сетіп, мінезіндегі әдептілікті үйретеді.

Әдептілік мінез әдепті іс-қимылда, бет-қи¬мыл¬дан да айқын көрінеді. Үлкен-кіші алдындағы ізетті қимыл-әрекет жеке тұлғаның әдепті¬лігін көрсетеді.

Ұлттық әдеп - қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған ұлттық құндылығы. Сондықтан біз қазақ халқын (жалпы алғанда) әдеп¬ті халық дейміз. Әдептілік мінездің үлгі¬ле-рін әсерлеп көрсетіп, ұрпақты әдептілікке баулимыз.

Байсалдылық мінез тәлімі. Асықпауды, аңғарымпаздықты, ақылға сенуді, сабырлы әрекетті, түбін ойлауды көрсететін бұл ұлттық мінез жеке тұлғаның беделін биік¬тетеді.

«Байсалды болса мінезің, бақыттысың сен өзің» деп, халық байсалды мінезді жоғары бағалайды. Асықпай сөйлеу, абайлап қимылдау, жылы шыраймен «салмақтылық» көрсету арқылы жеке тұлға өзінің байсалдылығын (ақылдылығын) көрсетеді. Сезімтал жастар мұндай мінезден үлгі алады.

Байсалды мінез аңғарымпаздықты көрсе¬теді. Байсалды мінезді тұлға әр нәрсенің «байыбына барып» сөйлейді, байыпты іс-әрекет жасайды. Айналасының көңіліне көркемдік құятын байсалдылықты жұрт сүйсіне қабылдап, үлгі тұтады.

Бауырмашылдық мінез тәлімі. Жеке тұлғаның мейірімділігінен, қайырымдылығынан, қамқорлығынан, сүйіспеншілігінен, ынтымақтығынан, ұлттық мақтанышынан пайда болатын бұл мінез оның адами асыл қасиетін көрсетіп, беделін арттырады.

Отбасындағы әрбір тұлға бір-біріне мейірімді болуға тиіс. Ағайындардың бір-біріне көрсеткен мейір-шапағаты олардың адамгершілік абыройын арттырады. Мейірімді жандар жанұяға жарқын нұрын төгіп, бейіл-берекені арттырады. Ағаның ініге, қарындасқа деген, әп-кенің ініге деген, сіңліге деген мейірімділігі күн¬нің шуағындай әсер етіп, татулық татымын арттырып, бақыт бағына ендіреді.

Бауырмашыл адам қайырымды болады. Ол жақын адамдарға әрқашан көмек көрсетіп, қиындығын бөлісіп, шаттығын бірге көреді. Үлкеннің кішіге деген қайырымдылығы кішінің мейір-шапағатын арттырады.

Зиялылық мінез тәлімі. Әдеп¬тілікті, білік¬тілікті, қайырымдылықты, ұлтжандықты, ұлағаттықты, мәдениеттілікті білдіретін бұл ұлттық мінез көбінесе зиялы қауымда болады.

Ұлттық тілде сөйлеген сөзі де, іс-қимылы да, жүріс-тұрысы да, қарым-қатынасы да әдеп-тілікті көрсетеді. Зиялы адамдар ұлттық әдепті бойына сіңірген «әдепті адамдар».

Зиялылық біліктіліктен пайда болады. Ол білгенін басқаларға үйретуден жалықпайды. «Білген адам білдім демес, білдім десе білгені емес» деп, халық зиялы қауымның үнемі білгенін дамытып отыратын, үлгі-өнегесін уағыздайды.

Зиялы тұлға қайырымды, мейірімді болады. Ол басқаларға барынша жақсылық жасауға тырысады. «Басшы болса зиялы, елге нұрын құяды» деп, халық зиялы тұлғаның мәртебесін уағыздайды.

Имандылық мінез тәлімі. Инабаттылық, ізеттілік, әдептілікті, мейірімділікті, тазалықты, діндарлықты көрсететін бұл ұлттық мінез қазақ халқының ұлттық психологиясына тән құбылыс. Иман арабша «сенім» адам арына, Аллаға сенім.

Иманды адам - инабатты адам. Ол басқа адамның қасиетін қадірлейді, арын ардақтайды, адам баласына тек жақсылық жасауға иманды адамнан басқалар байыппен қарап үлгі-өнеге алады. «Иманы бардың - сыйламы бар» деп, халық иманды адамды сыйлау құрметін жоғары бағалайды.

«Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет» деп, халық имандылық қасиеттерін ұрпаққа үлгі етіп көрсетеді. «Кішілігім сыйланым, кісілігім иманым» деп, ақын кісілік үлгісі арқылы ұрпағын ұлылыққа тәрбиелейді. Имандылық - адам¬гершіліктің арлы бейнесі.

Имандылық әдептілікті көрсетеді. Ұлттық әдептілікті сақтаған иманды тұлға әдеппен сөйлейді, әдепті сақтайды, ұлттық мәдениетті құлшына құрметтеп, өзінің мәдениеттілігін, әдептілігін көрсетеді.

Иманды адамның жаны таза, тәні таза, бойы таза, пиғылы таза болады. Тазалық пен тақуалықтың арқасында, денсаулығы мықты, жансаулығы құтты болады. Діни қағидалардың тәрбиелік мәніне зер салып, оны тәлім-тәрбиеге қолдана білетін, адамдық асыл қасиетті тұлға, басқаларды да бақытты болуға баурайды. Біз ұлттық тәрбиеде имандылықты жастардың бойына сіңіру тәсілдерін қолданамыз.

Кісілік мінез тәлімі. Инабаттылықты, иман¬дылықты, әдептілікті, ізеттілікті, салауаттылықты, сабырлылықты, қайырымдылықты көрсе¬тетін бұл (қазақи) ұлттық мінез ел қуантады.

Кісілік имандылыққа да байланысты. Иманды адам адам баласына, табиғатқа, жан-жануарларға тек жақсылық тілейді. Көпшіліктің көңілін қалдырмайды. «Кісі болар баланың кісі¬менен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар» деп, халық кісілікке тәрбиелейді.

Ұлттық әдепті бойына сіңірген «кісі» әдепті (мәдениетті) жоғары бағалайды, өрендерді әдептілікке баулиды. «Әдептілік - әдептен, әдеп біліп әдеттен» дейміз.

«Кісімсіген кісі болмас, кішірейген кіші болмас» деп, халқы кісілік мінезді адамның кішіпейілді болатынын үлгі-өнеге етіп көрсетеді, «ұлық болсаң, кішік бол» дейді.

«Кісі болған» адам салауатты болады. Ол ішкіліктен, темекі тартудан аулақ болып, жан тазалығын, тән тазалығын сақтайды, артық сөз сөйлемейді, іс-тәртібін қалыптастырып, оны бұлжытпай орындайды. Сөз мәдениетін, жүріс-тұрыс мәдениетін сақтайды.

Кішіпейілділік мінез тәлімі. Мейірім¬ділікті, сый-құрметті, қайырымдылықты, әдептілікті, инабаттылықты, ізеттілікті, мәдениеттілікті көрсететін бұл ұлттық (қазақи) мінез - адами игі қасиеттерді айқын көрсетеді, адамды сүйіндіреді.

Кішіпейілді адам мейірімді болады, ол басқа адамдарға мейір-шапағатын төгіп, олардың жақсылығына қуанып, «ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы берік ұстанады.

Кішіпейіл адам кішіні сыйлайды, үлкенді құрметтейді. Ол «үлкендігін», «мансабын» бұлдамайды, жаны жарқын, сөзі жылы, жайдары бейнесімен жұртты сүйіндіріп, көңілін көтереді.

Жанашыр, қайырымды іс-әрекеттермен кішіпейілді, ол адам адалдығын ардақтап, қадірлеп, қамқорлық жасайды. «Жақынды жаттай сыйла, жат өзінен түңілсін» деп, халық кішіпейілділік мінездің қадір-қасиетін уағыздайды.

Кішіпейілді мінезді ұяңдықпен, ұялшақтықпен шатастыруға болмайды. Кішіпейілді мінез жасанды болмайды, жан дүниенің жарқындығын көрсетіп тұратын бұл мінезді халық үлгі-өнеге тұтады. «Кішіпейілдіктен кішіреймейсің» дейді халық. «Кісілік кішіліктен танылады» деген халық қағидаларын ұлттық тәрбиеде қолдану арқылы біз ұлттық тұлғаның кішіпейіл-ділігін қалыптастырамыз.

Қайсарлық мінез тәлімі. Әдептілікті, батылдықты, қайсарлықты, қаһарлықты, қажырлықты, өткірлікті көрсететін көрікті мінез азаматтың шыңжаңдығын айқындайды.

Қайсар жан шындық үшін жанын қиятын әділетті болады. «Қорғай білсең шындықты, сонда сенсің шын мықты» деп, халық шындықты қорғай білетін тұлғаны жақсы көреді.

Қайсарлықтың белгісі - батылдық. Батыл адам қиындықтан қымсынбайды, жақсыны жанындай бағалайды. Қайсар жігіт «айтпайды, - айтқанынан қайтпайды» деп, халық қайсар адамның сөзі - берік, бірсөзді, табанды болатынын өнеге тұтады, мадақтайды, мақтайды.

Қайсар адам қажырлы болады, ол қандай қиындық болса да, «қиып түседі». Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, айтқанын атқарады, дегеніне жетеді, әрбір істің қалпын біліп, оны қажырлықпен орындайды. «Әр істің қалпын біл, арыстың салтын біл» дейді халық. Мұны қайсар адам өнеге тұтады.

Қайсарлықты дөрекілікпен шатастыруға болмайды. Қайсар адам әдептілігімен сыйланады, әділеттілігімен құрметтеледі. «Бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ» деп, қайсар адам әділ айтады, әдепті сөйлейді. Оны үлкен-кіші ізеттілікпен құрметтеп, үлгі алады. Қайсарлық мінездің қажырлы қасиеттерін мысалдар арқылы дәлелдеп, жастарды қайсарлыққа тәрбиелейміз.

Қонақжайлылық мінез тәлімі. Әдептіліктен, қайырымдылықтан, мейірімді¬ліктен, жомарттықтан, кішіпейілдіктен, жанашырлықтан, ұлтжандылықтан пайда болатын бұл ұлттық мінез адамгершіліктің асқақ бейнесін көрсетіп, адамды сүйсіндіреді.

Қазақ халқы әдептілікті уағыздайды, әрбір қазақ әдеп сақтап, қонақжайлылық рәсімдерін орындайды. «Қонақ келсе, қоң етін кесіп беретін» қазақ бейхабар қонақ үшін де «сыбағасын» сақтап, оны күтіп алуға дайын болған.

Қонақжайлылық мінездің негізі - қайырымдылық. «Бір күн қонған, қонақ-құт» деп, қазақ қонақты құп алып, оған қайырымдылық рәсімдерін жасайды.

«Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деп, халық әрбір қонаққа қонақ иесі жомарттық жасауы - міндет екенін уағыздайды. Бізде бар нәрсені қонақ күтуге лайықты пайдалану дәстүрге айналған.

«Үйің тар болса да, пейілің кең болсын» деп, қонақжай адамның жүзі жарқын, әзілі әдемі, сөзі қисынды болады. Қонақжайлылық - адамгершілік қасиет. Адамгершілігі мол адам қонағына адами қасиеттерді көрсете біледі.

Қонақ күту рәсімдері, әсіресе қазақ халқында қасиетті әрекет ретінде қалыптасқан, бұл ұлттық дәстүрі ретінде басқа ұлттарға үлгі болады. Қонақжайлылық әрбір қазаққа тән қасиетті құлық.

Момындық мінез тәлімі. Момындық - ілтипаттылықты, ыждағаттылықты, имандылықты, инабаттылықты, ықыластылықты білдіретін биязы мінез.

Момын мінезді үлкен-кішіге ілтипат көрсе¬тетін, назар аударып, көмек көрсетіп, сый-сияпат білдіріп, адами асыл қасиетімен сүйіс¬пеншілік нұрын төгеді.

Момын адам әдепті, иманды болады. Әр нәрседе әдептілік сақтап, имандылық шарттарын көрсете білу - адамгершілік қасиет. «Момын болсаң момын бол - ынжық болма» дейді қазақ. Имандылық - ынжықтық емес.

Үлкенге жалпы адам баласына инабаттылық көрсетіп, адамгершілік қасиеттерімен көріне білген адам мұсылман (момын). «Момынның ісін құдай оңдайды» дейді қазақ. Өйткені момынның ісі әділетті болады.

Момын мен ынжық екі басқа. Момындық - ақылды, ынжықтықтың ақыл парасаты болмайды. Момын адам өз ісіне ықтиятты, «тындырымпаз» тиянақты болады.

Пайыммен пайда болатын момындық мінезді халық үлгі-өнеге тұтады. «Момын болсаң жолың болады» дейді халық, момындық мінез үлгі. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады». Ұлттық тәрбиеде біз момындықтың әдептілікпен сабақтастығын дәлелдеп, ұрпақты қарапайымдылыққа тәрбиелейміз.

Мұсылмандық мінез тәлімі. Жайсаң¬жан¬дылық, ар-имандылық, шыншылдық, әді¬леттілік, момындық, қайырымдылық, мейірім¬ділікті көрсететін мұсылмандық мінез - діни қағидаларды орындау нәтижесінде қалыптас¬қан қасиетті мінез.

«Барлық істе турашыл болып, адамдармен сыпайы қатынас жасаңдар» деген хадистік қағида бойынша, мұсылман адам жайсаңжандылықпен қарым-қатынаста өзінің сыпайылығын, әдептілігін көрсетеді.

Мұсылман адам өтірік айтпайды. «Өтірікші¬нің шын сөзі зая кетеді», «өтірік айтқан адам - мұсылман емес» деген хадистік қағида шыншылдықтың шынайы мәнін көрсетеді. Шыншылдық - имандылықтың бір белгісі.

Мұсылмандық мінез - жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсететін қасиетті мінез. Біз оның тәр¬бие¬лік мәнін пайымдап, пайдалану тәсілдерін үйретеміз.

Парасаттылық мінез тәлімі. Сабырлылық, ілтипаттылық, инабаттылық, әдептілік, пайымдылық, мейір-шапағаты жеке тұлғаның парасаттылық мінезін паш етеді.

Сабырлық, шыдамдылық, төзімділік адамның адами қасиетін қалыптастырып, парасатты бейненің кейпін кемелдендіреді. Жақсылыққа да жамандыққа да шыдау ақылға байланысты.

Ақыл-парасаты бар адам ашуланбайды, алуан түрлі қайшылықтарды ақылға жеңдіреді. Парасаттылық - ақылдың жеңісі. «Ашу аптығады, ақыл аяңдайды» деп, халық ақыл-парасатты жоғары бағалайды.

Сабырлы, салмақты, инабатты адамның әдептілігі оның беделін арттырады. Әдеп - парасаттылықтың алтын арқауы, адами қасиеттің нұры.

Парасатты адам пайымды болады. Ол сезімтал, әрнәрсенің парқын білетін тұлға. Жан-жақты пайымы жоқ адам «парасатты» болмайды.

Парасатты адам айналасындағыларды, мейірім шапағатымен баурап алады. Ол жақсы көргенін өбектемейді, «өзім» деп, «өзгеше» қызмет жасайды.

Мейірім-шапағаты мол парасатты адам жанбіткенді жақсы көріп, жадырап, қатынас жасайды, тек жақсылық ойлайды, жаһаннамға жақсылық жасайды.

«Жақсыдан парасат, жаманнан кесапат», «парасатты мінез, патшадайын бір өзі» деп халық, парасатты мінезді адамнан үлгі-өнеге алуды уағыздайды. Біз ұрпаққа ұлттық парасаттылық мінезді қабылдаудың тәсілдерін үйретеміз.

Сабырлылық мінез тәлімі. Ақыл тоқтату, шыдамдылық, төзімділік, салмақтылық, байыптылық, кешірімпаздық, кемелділік нысандарын көрсететін сабырлық жеке тұлғаның беделін арттырады.

Сабырлы адам қуанышта, қайғыда «ақыл тоқтатып, жақсылықта тасымайды, жамандықта жасымайды». Сабырсыз, арсыз адам одан соққы көріп, сабыр сақтамаудың сазайын тартады.

Қиындықта, қысылтаяңдыққа шыдамдылық көрсету, сабыр сақтаудың нәтижесі. Қилы заманның қиындықтарына шыдай біліп, сабыр мен ақыл ұстанған адам мақсатына жетеді.

Төзімділік шыдамдылықтан пайда болады. Сабырлы адам «бәріне де төзеді». Аштыққа ары-май, тоқтыққа толмай, төзімділік жасаған адам ақылдың айбарымен адамдығын сақтайды.

Сабырлы адам әрбір әрекетті байсалдылықпен бастайды. Байсалды басталған іс баянды болады. Байыптылық пен байсалдылық іс-әрекеттің өнімділігіне себепші болады. «Күшіңе сенбе, ісіңе сен» дейді қазақ. Байсалдының күші басым болады.

«Сабыр түбі-сары алтын, сақтасаң жетерсің мұратқа» деп қазақ халқы ұрпағын сабырлыққа тәрбиелейді.

Сабырлылық - байып пен байсалдылық арқылы қалыптасқан өнегелі мінез. Біз жастарға сол мінезден үлгі алу жолдарын үйретеміз.

Салауаттылық мінез тәлімі. Салауаттылық-жеке тұлғаның тазалығын, тақуалылығын, адалдығын, денсаулығын, жансаулығын, саналығын, сергектігін көрсететін ұлттық мінез.

Жан тазалығы, тән тазалығы, сөз тазалығы, ой тазалығы тұлғаның салауаттылық өлшем¬дері болып табылады. Жаны жайсаң, тәні таза, ана тілінде таза сөйлейтін, жамандық ойла¬майтын, жақсы ниетті адамды салауатты адам дейміз.

Өз тілін, өз ділін, өз дінін құрметтейтін тақуа адам нағыз адам. Тілдің құдыретін бағалап, адами қасиеттерін, ар-ожданын қалыптастыра білген тұлға - салауатты.

Салауатты адамның асы да адал, ниеті ақ. Ақ жүректі, ақпейілді адам жақсылық жасайды, жақсылық ойлайды. «Ердің саналығы -салауаттылығында». Салауатты адам денсаулығын сақтай біледі.

Біз ұлттық тәрбиеде салауаттылық мінезді жастарға өнеге тұтып, оларды салауаттылыққа тәрбиелейміз.

Ұлтжандылық мінез тәлімі. Ұлттық намыс, ұлттық сана, ұлттық әдеп, ұлттық рух, ұлттық дәстүр, ұлттық болмыс, ұлттық қағида арқылы пайда болған ұлтжандылық мінез қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қасиетті ұлттық мінезі.

«Атаңның ұлы бол, халқыңның құлы бол» деп қазақ халқы ұрпағын отансүйгіштікке тәр-биелейді. Ұлы күрестерде, қилы-қилы замандарда қалыптасқан ұлттық намыс ұрпақты ерлікке, бірлікке тәрбиелейді. Қазақ ұлты қан төкпеген, қанішерлерді ұлттық ақыл-айламен жеңіп, ұланғайыр жерін, ержүрек елін қорғап қалған.

Қазақ халқы ұлттық әдепті бойына сіңіріп өскен ұрпақты ұлағаттайды, әдептілік мінез қалыптасқан ұлттық әдептіліктің үлгілерін уағыздайды. Әдепті халық ұлттық әдепті қастерлей біледі, адамгершілікті ардақтайды.

Ұлтжандылық мінез қазақ халқының ержүректік, қонақжайлылық, қайырымдылық, имандылық, әдептілік қасиеттерімен қалыптас¬қан.

Ұлтжандылық мінез әрбір қазақтың қажет¬ті¬лігі, болмыстық құндылығы. Ол қасиетті жастардың бойына сіңіре білу үшін біз дидактикалық тәсілдерді қолданамыз.

Ұялшақтық мінездің тәлімі мен тәр¬биесі. Ізеттіліктен, имандылықтан, әдепті¬ліктен, арлылықтан, адамдықтан, сыйласымдықтан пайда болатын ұялшақтық мінез әдепті көрсетеді.

Ұялу - имандылықтың нышаны. Иманды адам жақсылық жасап, қайырымды, мейірімді болуға бейім болады. Адамдық асыл қасиет¬тер¬ді толық орындай алмай, толғанған адам ұялады, мейірлене түседі.

Ұялшақтық әдептіліктен пайда болады. «Зияты бардың ұяты бар» дейді қазақ. Әдеп сақтап, әдет-ғұрыптарды құрметтеп, ұлттық мәдениетті құндаған адам - ұлттық тұлға ретінде сол құндылықтарды игере алуға бейім.

«Арым, ұятым - барым миятым» деп, әрбір ұлттық тұлға адамдық арын биік қойып, ұлттық құндылықты толық игере алмағаны үшін ұялады, талпынады, шынығады.

Ұяттық сезім - адамдық қасиет. Әрбір адам өз кемшілігі үшін ұялады, абыройын «жабады». Сөз айтуда, киінуде, жүріс-тұрыста, мінезде өз кемшілігін сезген адам ұялады. Ол туралы «зияты бардың ұяты бар», «қазаннан қақпа» деп қазақ халқы ұяттылық туралы өнеге айтады.

Ұялшақтың ынжықтық емес (ол туралы айтамыз), ол - әдептіліктің бір белгісі. Мысалы ке-лін¬нің қайнағадан ұялуы - әдептілік болып табылады. Біз ұрпаққа «ұятқа қалмау» тәсіл¬дерін үйретіп, оларды ізеттілікке тәрбиелейміз

Жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті 
№170 орта мектеп директорының бастауыш сыныптар 
жөніндегі орынбасары Өміртаева  Ботакөз  Әмитжанқызы

Жоспары: 
І. Кіріспе:  Жеткіншек психикасының  дамуының өзіндік сипаты 
ІІ. Негізгі бөлім: 
1.    Жасөспірімдерді өзін-өзі тану пәні арқылы  жасөспірімдік кезеңдегі  кедергілерден өту жолдары 
2.    Жасөспірімдерге өзін-өзі дамытып, бағалай білу қағидаларын меңгерту. 
3.    Отбасындағы жасөспірімдерді тәрбиелеудің психологиялық  негіздері 
4.    Жасөспірімдердің тұлғааралық қарым-қатынасын анықтау 
ІІІ. Қорытынды: 
«Жасөспірім тұлғаның ішкі әлемін тану»

Жеткіншек психикасының  дамуының өзіндік сипаты 
Жасөспірім жасындағыларды  тиісті әдебиеттерде «Қиын», «өзгерілу», «ауысу жастары» деп атайды.  Соңғы жағдайда «ауысу жасында» жеткіншек балалық кезеңдерден ересек жасына ауысады. Жасөспірім өзге жастарға қарағанда педагогтар пен тиісті әдебиеттерге көп әңгіме болып, жиі көтеріледі. Себебі бұл кезеңде оның психикалық даму ерекшелігі жас баламен ересектерге қарағанда әлде қайда өзгеше болады. Бұл кезеңге тән тағы бір ерекшелік жасөспірім барлық нәрсені өз бетімен орындап, үлкен адамдардың қамқорлығымен ақыл кеңесінен  құтылғысы келеді.  Жасөспірімнің ересектен айырмашылығы тек үлкен адамдармен қатынасының өзгеше келетініндей емес, сонымен қатар биологиялық дамуы (жыныс т.б жетілуі) жағынан кеңінен өріс алатынында. Ал жалпы алғанда жасөспірім тың өзгеше сипатта келеді. Мысалы, жеткіншек төменгі кластардаоқып жүргенде үйге берілген тапсырманы тек жаттап алатын болса, жеткіншек жасында үй тапсырмасын өз сөзімен түсінікті етіп айтуға талпынады. Кейбір жасөспірім жастағылар осы кезеңде бұрынғы қалыпынан үлкен адамдармен қарым-қатынаста болғанда мейірімді, сыпайы келсе енді өрескел түрде, яғни тәртіп бұзуға икем келеді. Осы мәселені анықтаудан зерттеушілер арасында талас бар. Дегенмен психиканың бұл ерекшелігі жасөспірімде әлеумет өмірінің өзінің ерекшелігінен болар. Жасөспірім бәрін өзім істей алам, «Сендер мені әлі бала деп ойлайсыңдар» деп наразылық білдірседе оның қолынан әлі де көп нәрселер келе бермейді. Ересектерге ұқсап іске ұмтылғанымен, сол істі орындаудағы мүмкіншілігі кіші мектеп жасындағылардай басқаша айтқанда, бір жеткіншек істі игеру жағынан бала да, ал талап қою жағынан ересек. 
Жасөспірім осы сияқты қасиеті қазірде және өткен дәуірлердің жасөспірімдерінде де бірдей тән. Мұнымен қатар бүгінгі заман жасөспірімдері үлкен адамдардың талабына көне кетпейді.  Себебі, біріншіден қазіргі кезде оқушылардың көпшілігінің соның ішінде жасөспірім жасындағылардың көбінесе оқудан айналысатын басқа тапсырмасы жоқ. 
Біз ілгеріде өткен дәуірлерде бала кіші жасынан материалдық игіліктерді өндіруге (мал бағуға, от не пішен шабуға) жегілетінін ескердік. Қазір де бұл сияқты міндеттердің көпшілігі үй -ішінде кездесіп жарымайды. Керісінше ата-аналар жасөспірім оқу тапсырмасын орындай алмайды деп, үй шаруасынан босатады. Ал жасөспірім бала кезінен ересек кезеңіне ауысуы психологиялық тұрғыдан жаңа сапа, бірақ осыдан ауысудың себебі сол болып келген психикалық дамудың салдарыан: егер үлкендер жасөспірімді бала деп еесптесе, керісінше олар өзін есейдік деп санайды. Бұл екі арадағы дәл келмеушілік қайткенде де жеткіншектің дамуына әсер ете алады. Жасөспірімнің  өз беттілік қасиетке ұмтылып, үлкендердің қамқорлығына босануға тырысуы баланың бәрінде кездесетін болғаны мен бір қатары күні-түні фантастикалық әдебиеттерді оқып, солардың кейіпкерлеріне еліктейді. 
Сабақтан тыс мезгілде жасөспірім радиотехника электротехникамен танысып едәуір білім алады. Мұнымен қатар бұл жастағылар бойынан әлі де балалық кездесіп тұрады. (мысалы: ұлдар қыздардың шашын тартып  мазалауыт.б) бірақ сол жеткіншек таныс емес үлкен адамдардың алдында өзін мәдениетті түрде ұстауға тырысады. 
Әдетте жеткіншектерді  тәрбиеге көнбейтін қиын жас деп сипаттайды. Солай деп бағалайтыны біріншіден  бұрынғы кездегі психикасы мінез-құлқы өзгеріп, соның негізінде жаңа қасиеттер пайда болатыныннан. Кейде мұндай өзгеріс аз уақыттың ішінде  болуы мүмкін. (бірақ өзгеріске ұшырау жасөспірімде бір уақытта кездеспейді). Екіншіден осындай психиканың жаңа саласының пайда болуынан бала қиналысқа ұшырайды уайым шегеді, оның тәрбиеге көнуіне бөгет жасайды. Мұндай өзгерістерді психологтар түрліше дәлелдейді. Осы ғасырдың бас кезінде психолог З. Фрит жасөспірім үлкендердің қамқорлығына көнбейтінін «өзім бәрін орындаймын дейтінін жыныс қасиетінің салдарынан болатын санасысыз әуесқойлық» деп түсіндірді. 
Бұл пікірге көптеген психологтар қарсы. Жасөспірімдердің тәрбиеге көнгісі келмеуі түпкілікті емес, уақытша кездесетін уақыттың бірі. Қоғамдық ортаның жеткіншекті тәрбиелеуге ықпалы зор. Қоғам дамуының ерекшелігіне қарай жастарға қойылатын талап үнемі өзгеріліп отырады. Осы талапқа сай жеткіншек бала жасынан үлкендер жасына өтерде қоғам жағдайы оған түрліше әсер етіп, баланы әр-түрлі фантастикалық іске ұмтылтырады. Мұндай уақытша келіспеушілікпен күресу мектептегі және үй ішіндегі тәрбие жұмысының негізінде болады. Егер тәрбие не оқу жұмысы жеткіншектермен жақсы жүргізілсе ұнамсыз әдеттерден аулақ болады. 
Жаратылыстан жүрек жылуы мен мейірім шуағы мол халықтың бірі қазақ. Бала тәрбиесіне деген немқұрайлық оның табиғатына мүлдем жат. өйткені қазақтың ел алдындағы абырой беделі, қадір қасиеті, тек жеке басының жақсылығы немесе дәулеті мен ғана емес, бауырынан өрген ұрпақтарының салауаттылығы жарақтылығымен өлшенген. Ата-бабаларымыздың сондай ектілік деген ұғымды ежелден қастерлеп, оның атадан балаға мирас қылып қалдыруында терең сыр жатыр. 
Шығыстың ғұламасы Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздің болашақтарыңызды айтып берейін» деген. Қазіргі кезеңде қазақ халықының өмірінде бұрын соңды болмаған оқуға, еңбекке, қоғамдық өмірге ықыласы жоқ балалар саны күннен күнге артуда. Бұлар дөрекі  әдепсіз барлық жарамсыз әдеттерге еліктеуге бейім келеді. Баланың мінезін жалпы деңгейін ынтасын  жақсы білу үшін, оның дамуына адамгершілк қасиеттерінің қалыптасуына не нәрсе қажет екендігін әрбір әке, әрбір ана білуге міндетті. 
Баланың жас ерекшелігі, әр жасқа тән болатын дағдарыстардың себептері туралы түсіндіріп, олардан баланы қиындықсыз алып шығуға көмек көрсетуге ата-анаға көмекке келетін - мұғалім. 
Өйткені мектеп жасындағы баланың көбіне көп негізгі әрекеті - оқу. Оқу барысында ол білімге, қарым-қатынасқа, имандылық адамгерішілікке үйренеді. Сонда мұғалімнің жеке бас үлгісі, сөзі мен ісінің сәйкестілігі, талапшылдығы отбасында баға жетпес құралына айналады. Бала тәрбиесі болашақ кепілі, отбасы мен мұғалімдер қауымының абыройлы ісі. Тәрбиенің нәтижелігі терең тамырлы тәрбиені бойына дарытқан ортада болмақ. Ол ата-аналар өз міндетін жеке түсінгенде,  мұғалімдермен ынтымақтастықта болған жағдайда алға басады.

Құқықтық тәрбие – құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты