Абай философиясы. 4
Мемлекеттi аман сақтап қалу үшiн бiр ғана ұлы адам жеткiлiктi. Әлем тарихында белгiлi бiр ұлттың бастауында тұрып, сол мемлекеттiң iргетасын қалап берген ұлы тұлғалар болған.
Абай өз кезеңiнiң iрi жаңғыртушысы, мемлекеттiк ұлы қайраткер. Оның стратегиялық көзғарасы күнi бүгiнге дейiн өз мәнiн жойған жоқ. Ұлттық рух – мемлекеттiк рухқа ұштасып, қазақстандықтар өз мемлекетiн көзiнiң қарашығындай қадiрлеу қажеттiлiгiн түсiне алса – ол болашақ өмiр деңгейiмiздiң нақты көрсеткiшi бола бермек. Ол да Абай iлiмi.
Мемлекеттiлiктiң алғы-шарты ұлттық негiзде құрылады. Ол – ұлттың өсу, өркендеу қабiлетiнiң нышаны. Ұлттық рухты ояту, қоғамға қозғау салу, ұлттық нигилизммен күресу – ақын ұранының басты лейтмотивi болды. Ұлт рухының күштiлiгiне ұлттың өзiн сендiру. Тарихы тәлкекке түскен, алтын арқалап, жантақ жеп жүрген бiздiң жұртқа «Сен – ұлы ұлтсың» деп көзiн жеткiзу басты ұраны болған. Оған ұзақ та ұтымды насихат керек. Жадыңнан емес, жүрегiңнен шыққан жалынды сөз керек.
Өзiнiң ар-ожданы мен ақыл-парасатын ұлттың тағдырымен мөлшерлеп, деңгейлеп отырмаған адамда тұрақты тiрек, ұстаным, пiкiр де болмайды. Олар үшiн алдағы 20-30 жылдан соң ұлт не болады, тiл не болады деген уайым жоқ. Ондай адамдарда ұлттық намыс та болмайды.
«Қазаққа ақыл берем, түзеймiн деп қам жеген адамға екi түрлi нәрсе керек. Әуелi – бек зор өкiмет, жарлық қолында бар кiсi керек. Екiншi, ол адам есепсiз бай боларға керек… Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылмен, не жерлеп, не сырлап айтқанмен, еш нәрсеге көндiру мүмкiн емес», – деп ұйғарған хакiмнiң даналығына күн сайын ерiксiз бас иесiң. «Адамдарды өзгерте алатын екi нұсқа – үрей мен өз ықыласы бар» дегенде ұлы Абай осыны көздесе керек.
Абай – қазаққа темiрқазық боларлық төрттағанды көрсетiп берген жол бастаушы. Елдiк түзу, мемлекеттiлiктi нығайту, мемлекетшiлдiктi жетiлдiру ең басты ұстын. Егiн – сауда, өнер – ғылым, бiлiм – дiн – мемлекеттiлiктi нығайтудың құралдары. Егiнсiз ел болу қиын. Бүгiнгi күнi сауда сананы билеп алған. Өнер өркендемесе, елдiң өркендеуi де екiталай. Ғылым, бiлiмсiз мемлекет болып қалыптаса алмайтынымыз анық. Бiр-бiрiне кiндiгi байланған, төрттаған ел боламын деген жұртқа таптырмас темiрқазық. Мемлекет өз билiгiнде осы ұстанымды үнемi басшылыққа алып отырса iсi оңғарылады.
Абай – мемлекетшiл. Ал мемлекет – сол қоғамның бел баласы. Егер мемлекеттiң жұмысы сол елдiң қарапайым азаматтарының мұң-мұқтажын шешуге бағытталмаған жағдайда, мемлекет, демек, шенеу-нiктер халықтан бөлектенедi. Олар өздерiнiң отырған қызметтерiн мемлекеттiң азаматтарына емес, жеке бастарына пайдалана бастайды. Қоғамды дендеп бара жатқан бұл дерттен ақшамен де, әлеуметтiк көмекпен де құтылуға болмайды, оның амалы рухани тойымсыздықта жатыр. «Қарапайым адамдар ойымен даңқталған патшадан жоғары, тағдырының сәттiлiгiмен жоғары көтерiлген. Өз еңбегiн сатқан жас жiгiт, сақалын сатқан қарттан даңқты» дегенде ұлы қайраткер ненi көздедi?!
Қоғам мен үстем тап арасындағы айтыс үнемi өршiп тұрған. Бұл ретте Абайдан асып түскен ойшыл жоқ. Абай iлiмiнiң сол тұстағы билiк құрушылардың қыңыр-қисық жақтарын мiнеп, түзетушi ретiндегi тұстарын елемеуге болмайды.
Рас, билiк деген түзеу. Түземеуге кiмнiң батылы барады? “Өздерiң қашан түзелесiңдер?!” – деген Конфуций дәуiрiнен келе жатқан тәсiлдi бүгiнгi қоғамға жетiлдiрiп, тасымалдаушы локомотив ретiнде де Абайдың еңбегi зор. Мемлекет пен қоғам арасындағы сапалы өзгешелiктi де жоққа шығаруға болмайды.
Абайға үңiлсек, қоғам – адамдар ара-қатынастарының туындысы. Сөйте тұра «адамдар қоғам формасын таңдап алуға ерiктi болмаған. Алайда мемлекетшiл Абай азамат, қоғам, мемлекет мүдделерiнiң бiр-бiрiмен тығыз байланыстылығын, оларды бiрiнен-бiрiн бөлiп қарауға болмайтындығын айтудан таңбаған.
Абай – елдiк мұратын түзушi. Мемлекет, оның саясаты ең әуелi – маманға, маман – экономикаға, экономика – қаражатқа тәуелдi.
Тәуелсiздiк алғаннан берi бүгiнгi күнге дейiн Қазақстанда мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң дамуы азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттi нығайту мүддесiндегi оның тиiмдiлiгiн арттыру, қазақстандық қоғамның тарихи, мәдени, ұлттық және өзге де ерекшелiктерiн ескере отырып, мемлекеттiк қызметтiң тұтастығын құру болып табылады. Бұл ретте кадр қуаттылығының моральдық-этикалық жағы және сондай-ақ қоғам алдында мемлекеттiк қызметшiнiң беделiн нығайту мәселесi ерекше көңiл аударуды талап етедi.
Біз Абай айтқан арлы адамдарға зәруміз. Был-тыр қабылданған мемлекеттiк қызметкерлердiң Ар-намыс кодексi мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк қызметшiнiң ел және қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн нақты көрсетiп, оның қызмет этикасының ережелерiн айқындап бердi. Мемлекетке қызмет iстеп жүрген адамның мiнез-құлқы мен iс-әрекетiн, жүрiс-тұрысы мен қандай мәселелерден бас тарту қажеттiгiн көрсеткен құжат жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Жалпы бұл уақыт өткелiнен сараптан өткен байыпты құжат болып табылады. Оның өн бойындағы әдеп-дәстүр сабақтастығының бәрi Абай ақыл-ойының түп қазығынан бастау алады.
«Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас.
Қайғылыға жақ бол,
Қайғысыздан сақ бол!» – дейдi Абай. Этика ережелерiнде басты мәселе ретiнде адамгершiлiк нормалары қарастырылса, жаңа құжат Абайдың талап үдесiнен шыққаны болып табылады.
Мемлекеттiк қызметкердiң бiрiншi кезектегi мiндетi – мемлекет саясатын жақтау мен оны жүзеге асыру, мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайту және ел мүддесiн қорғау. Халық кез келген мемлекеттiк қызметкердi билiктiң өкiлi деп таниды. Ал сол билiк өкiлiнiң өзi мемлекеттi сынап, кесiр сөйлеп, мiнеп отырса, бiз iргелi ел болмасымыз анық. Халықтың мемлекетке деген сенiмi жоғалады, бұл сайып келгенде, бiздiң елдiгiмiзге зиянын келтiредi. Өзгенiң ойын өз ойындай бөлiсу кәсiби қызметтi одан әрi жақсартып, ұштай түсуге ұмтылдыратыны сөзсiз. Кiшiлiк те – кiсiлiк, одан еш кемдiк көрмейсiң. Оның бiр шарты басқаның ой-пiкiрiн ақырына дейiн сүттей ұйып тыңдап, төзiмдiлiк, шыдамдылық көрсету, қажеттiсiн iрiктеп алу. Ал егер бұл шарт сынып, дөрекi мiнез, шамшылдық танытып жатсақ, өзгелерге көрсетер үлгi-өнегемiз қайсы? Абай бұл жолда да кесiмдi үкiм айтады: «Менiң қолымда билiк болса, адам түзелмейдi дегеннiң тiлiн кесер едiм».
Қазақта «Бiлгенiм – бiр тоғыз, бiлмегенiм – тоқсан тоғыз» деген әдемi сөз бар. Кодекстi күнделiктi жұмыс барысында оң сын-ескертпелердi алда пайдалы сабақ, кемшiлiк-олқылықтарды түзетудiң бiр құралы деп есептесек, жақсыны көре бiлiп, үйренудiң өзi – бiр мектеп. Бұл – бастауында Абай тұрған үлкен саяси-пайымдық мектеп.
Ар-намыс кодексiнде маман iрiктеу мәселесiнде пендешiлiк, ру қуу, ағайындық, жекжаттық қуу, сыбайластықпен жең ұшынан жалғасу әдетiне вето қойылған. Абай ойының мақсат-мүддесi тағы да өркениеттiлiк мектебiнiң талабына меңзейдi.
Адамзат бойындағы күш-қуат көзiнiң ең құдiреттiсi – ой десек, ол санадан ақыл-айла, ашу-ыза, сөз немесе iс күйiнде сыртқа шығады. Ақыл – халық қамын ойлайтын адал ниеттiлерге, айла – қарақан басын күйттейтiн арам ниеттi әдiлетсiздерге, ашу-ыза – терең ойланбайтын, бiр күнгi тiрлiгiне мәз болушыларға тән құбылыс. Қазiргi өтпелi кезеңде санадағы «ой толқыны» елеулi дағдарысқа ұшырап, ой-ниет, пиғылды ақылмен бiр арнаға топтастыра алмай, қоғам мен онда өмiр сүрiп жатқан халық мүддесiн толық қанағаттандыра алмай отыр.
Ар-ождан бостандығы мен адал еңбек құнын лайықты бағалай бiлетiн адамдар саны көбейсе, қоғамдағы адамгершiлiк сыйластық пен халықтар ынтымағы нығайып, заманды бұзылудан сақтап, түзетуге игi әсерiн тигiзерi хақ. Осыған ден қойсақ, әр басшы арының алдында ертеңгi болатын халықтың жауапкершiлiк сынынан сүрiнбей өтiп, мiнсiз қызмет етiп, тер төксе, оның елге де, халыққа да берерi мол болатыны айқын.
Адал еңбекке жұмылған халық қана экономиканы құрдымға құлатпай, өркендетiп дамыта алады. Бiрақ өмiрдегi ең қиын нәрсе, ақыл-парасатпен ұсынылған құнды ойдың жүзеге асуына кедергi жасау болып тұр. Адам баласының бiр-бiрiне жасайтын қателiгi де, қиянат түрiнiң де ең зоры – осы болмақ.
Адамға, оның болашағына бұдан өткен қасiрет жоқ. Шындығында да бiр кездерi «Адамзат баласын заман өсiредi, кiмде-кiм жаман болса, оның замандастарының бәрi виновать» деп Абай айтқандай, сол заман айналып соғып, талай-талай адал да, әдiлеттi жандарды «мыңдармен» алыстырып қойғанын жоққа шығармасақ керек.
Абай – Төрелiк сот төрағасы. Мемлекеттiлiктiң белгiсi – Конституция, армия, қоғамдық тәртiптi, заңдылықты жүзеге асыратын полициясы, сот, прокуратура органдары. Осы аталған мемлекеттiк органдар мемлекеттiң жүзеге асыратын iшкi және сыртқы функциялары, оларды iске қосатын мемлекеттiк басқару механизмдерi болып табылады. Бұлардың барлығы сол мемлекеттi мекендеген халықтың мүддесiне, қауiпсiз өмiр сүруiне, экономикалық, саяси рухани тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуiне қызмет етедi.
Орта ғасыр дәуiрiнде Дештi Қыпшақ мемлекетiнiң қуаты, оның жүргiзген саяси билiгi бүгiнде Еуразия құрылығында түтiн түтетiп отырған талай мемлекеттiк ел басқаруындағы мемлекеттiк құрылым жүйесiне негiз болғаны тарихи шындық. Ежелден-ақ елiмiздегi ел басқару мен заң шығару, сот iсiн әдiл жүргiзу сынды маңызы зор мемлекеттiк билiк iстерiн қоғамдық талаптарға сай мұқият жүргiзген кезеңдер болған. Әсiресе, дәстүрлi құқыққа тән заңдар ережесi өте құнды саналған.
Жаһандану заман-ындағы ұлттың өзiн-өзi билеу, ұлттық тәуелсiздiк, ұлттық мемлекет, ұлттық мүдде, тағдыры туралы пiкiрталас либералдық демократияның да ұлттық келбетке ие болатынын мойындатып қана қоймай, оның iшкi қалтарыстары-мен санасуға мәжбүр етуде.
Бiздiң тарихи тегiмiз ұлттық идеяны таптық идеяға жеңдiрген кеңестiк жүйе. Ол жүйенiң санаға терең сiңiрген ұлттық идеяға деген салғырттығы, селқостығы әлi де басым. Бiздiң Конституциямыз батыстық адам құқы идеясы ұлттық идеядан маңызды, басым деген ұстанымды басшылыққа алған. Тiптi Конституция мәтiнiнiң өзi қазақ тiлiнде сауатты жазылмағанын Конституциялық Кеңестiң төрағасы И.Рогов алға тартып бердi. Қазақ ұлтына, ұлттық идеяға түпкiлiктi мән бермеу осыдан басталады. Осы жерде Абайдың: «Қайран сөз, қайран тiл – надандарға қадiрсiз» деген сөзi ойға оралады.
Қазақ халқының дәл қазiр қолданып жүрген тiлiндегi заңдар жинағы тұңғыш рет жазбаша түрде сонау әз Тәуке хан тұсында жазылғандығын біреу білсе, біреу бiлмес.
Бұл тарихымыздағы қазақша заң жазудың жалғыз-жарым тәжiрибесi емес. Баршамыз Абайды ұлы ақын, ғұлама ойшыл ретiнде танимыз. Ал Абайдың «Шар» (немесе «Қарамола») атты заңдар жинағының авторы екендiгiн де екiнiң бiрi бiле бермейдi. Ұлы дала тәртiбiмен жазылған Абайдың осы «Ережесi» – тұңғыш құқықтық құжат болып табылады. Ол – 1886 жылы Қазан университетiнiң баспаханасында басылып шыққан. «Шар» ережелерi тұңғыш рет 1885 жылғы мамыр айында Семей өңiрiндегi Қарамола дейтiн жерде бес дуан елдiң билерi мен аузы дуалы адамдарының Абай бастамашылығымен шақырылған съезiнде тасқа басылған алғашқы түрiнде таратылып, сол жиналыста бiр ауыздан қабылданып, бекiтiлген. Қабылданған құқықтық Ереже – әдiлдiкке шақыратын, бейбiт өмiр мен тыныштықты тiлейтiн тәртiптер мен нормалар жиынтығы болған. Осы төтенше съезд Абай Құнанбаевты Жоғарғы сот төрағасына пара-пар «Төбе билiк» басшылығына сайлаған.
Абай атамыздың судьялық төрелiк қызмет атқаруы, жүрiс-тұрысы, имандылыққа сай болуы оны осы мiндеттерге алып барған. Оның «Шар», «Қарамола» ережесiн жазғанға дейiн де қара қылды қақ жарған әдiл билiгiмен, халықтың жүрегiне жол таба бiлген. Заңгер-ғалымдар ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Абай Құнанбаев билiгi прецеденттiк сипаттағы сот шешiмдерiнiң жарқын үлгiлерi ретiнде бағалайды. Абай атамыз 1886 жылы ежелден бергi билер мен қазылар iске асырып, iс жүзiнде қолданып келе жатқан «Жетi жарғы» заңына гуманистiк тұрғыда қарап, көптеген өзгерiстер енгiзген. Құн өндiру мен жесiр дауын елеп-екшеп уақыт ағымына қарай жобаға келтiрген.
Дала сот билiгiнiң тағы бiр маңызды ерекшелiгi – оның руханилығында болған. Сот iсiнiң рухани мазмұны материалдық-заттық мазмұнынан жоғары қойылып, «арлы болу» моральдық ұстанымы ерекше назарға алынған. Даулар негiзiнен өзара бiтiмгершiлiкке жету тұрғысынан шешiлетiн болған.
Қазақ халқында ертеде қалыптасқан ереже бойынша тұсаулы жүрген аттарды ұрлаған адам өлiм жазасына кесiлетiн үкiм болған. Ұлы Абайдың Әзберген деген кедей ақынның мал ұрлау iсiне қатысты үкiмi байырғы қазақ қоғамындағы түсiнiстiк пен бауырмалдылықтың және кешiрiмшiлiктiң үлгiсi болып қабылданған. Сөйтiп ұлы Абай «адам үстiнен» болатын сот моделiн «адам үшiн» жүргiзiлетiн сот моделiне өзгертуге жол ашып берген. Бұдан ұлы Абайдың сот iсiн жүргiзудегi реформаторлығын көремiз.
Кез келген адамның құқықтарын бұзу – басқа барлық адамдардың құқықтарын аяқасты ету деген тезис, құқықтық мемлекет құру процесiнiң түп-тамырында жатса керек. Сондықтан адам құқықтарын сот төрелiгi арқылы қамтамасыз ете отырып, түбегейлi ұғымдарды естен шығармаған жөн сияқты. Тосыннан басқа нәрсе ойлап табудың қажетi жоқ, оның иллаһи тазалығы Абай өсиеттерi мен негiзiнде бар.
Сот төрелiгiнiң негiзiн құрайтын – судьяның логикалық ойлау қызметi. Судьяның ойшылдық қызметi iс жүргiзу кезiнде ұсынылған дәлелдемелердi бағалауға бағытталады. Бұл орайда ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алса жетiп жатыр.
Тiл – билiк құралы. Қай тiл билiкте қолданылса, сол тiлдiң басымдығы зор болады. Билiк буындары қай тiлде жарлық берсе, елде сол тiлдiң үстемдiгi жүредi. Бiрақ әр тiлдiң өзiне тән «тәрбиесi», керек десеңiз, өзiң меңгерген кiсiге таңар «мiнез-құлық ережесi» болады. Бұл мәселеге бiздiң жекелеген шенеунiктер әлi күнге дейiн мән бермей келедi. Айналып келгенде, бiзде өз бойындағы нигилистiк, ұлтсыздық психологияны жасырып, патриот болғысы келiп, негiзгi ұлттың мүддесiне қарсы келiп жатады. «Қазақ тiлi заң тiлi бола алмайды» дегендi бықсытып жүрген де негiзiнен солар.
Абай – дипломат. Өркениеттiң бесiгi әу баста шығыста қалыптасқан. Бiлiм, iлiм шығыс даналығында оянып, әлемге тараған. Бертiн келе шығыс өркениетi барша ғаламды өзiмен санасуға мәжбүрлеген. Мұның бәрiн дипломат Абай ерте сезiне бiлдi. Оның шығыспен рухани қатынасты жолға қою жөнiндегi саясаты түбiне дейiн барған жоқ. «Шығысқа бас игендердi жазалау туралы» және «Кеңес өкiметiнiң космополитизм туралы» арнайы қаулысы шығысты зерттеу iсiне өз кедергiсiн тигiздi.
ХХ ғасыр басында бiздiң Алаш зиялылары шығыстық Жапонияға айрықша назар аударды. Нәтижесiнде көптеген адамға «жапон тыңшысы» деген айып тағылып, атылды. Себебi Қазақстанға Азия кеңiстiгiнде үлгi болатын мемлекет керек болды. Алаш зиялыларының назарына Жапония түстi. Қазақстан Жапония сияқты мемлекет болса деген ой-арман туды. Жапондардың қиындықты қалай жеңгенiн, қилы заманда қандай реформа жасап, халықты аман алып қалғанын оқып бiлiп отырды.
ХIХ ғасыр басындағы батыстың отаршыл саясатына қарсы тұрған бiрден-бiр ел – жапондықтар болатын. Сол жапон елi бiзге: «Азия ендiгiндегi мемлекеттер бiр болайық, бiз көмек қолын созуға дайынбыз» деп отыр.
Оңтүстiк Азиядағы алып ел – Үндiстан да бiздiң сыртқы байланыстарымыздың маңызды блогына енедi. Үндi елi қазiр әлемдегi ең iрi ғылыми-технологиялық өндiрiс отанына, соның iшiнде бағдарламалық қамсыздандыру, фармацевтика салаларындағы озық аймаққа айналып отыр.
Қазақстан үшiн ең маңызды бағыттардың бiрi – Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiмен қарым-қатынас. Бiздi олармен әуелi тарих, мәдениет, дiн, тiлдiк байланыстар жақындастырып отыр. Осы бағытта барынша белсендiлiк танытудамыз және Орталық Азия елдерi үшiн түрлi интеграциялық жобалар ұсынуымыз Президент Жолдауында және басқа да стратегиялық маңызды құжаттарда айқындалған. Бiз бұл елдерге ортақ нарық, ортақ интеграциялық кеңiстiк жасауға ұсыныс жасаймыз. Бұл бiздiң ұлттық, соның iшiнде жалпыаймақтық әлеуетiмiздi күшейтедi.
Осы уақытқа жейiн жалпы Шығыс өркениетiн, соның iшiнде Ұлы Дала мәдениетiн Батыстың тарихшылары «жабайыландырып» көрсетiп келдi. Оның сарқыншағы әлi де байқалып отыр. Десек те көшпендi өркениеттiң, оның iшiнде бiздiң ата-бабаларымыз да бар, Батыс әлемiндегi тұрақты дамуға тигiзген ықпал-әсерiн ешкiм де жоққа шығара алмайды.
Ұлы Дала өркениетiндегi мемлекеттiлiк пен мемлекеттi басқару мәдениетi қазiргi уақыттағы кез келген саяси жүйеге үлгi бола алады. Бiздiң ата-бабаларымыз ғаламат өркениеттi қалай дүниеге алып келдi, ұлан-ғайыр кеңiстiкте қандай құдiретпен ғасырлап үстемдiк құрды? Бұл мәселе Батыс зерттеушiлерiнiң күнi бүгiнге дейiн басын ауыртады. Ал тәуелсiздiк дәуiрiнде қалыптасқан жаңа элита халықтың ұлы мұратының орындалуына қызмет етiп келедi. Шығыс қоғамымен түзiлген барлық қарым-қатынастың бастауында ұлы Абайдың дипломатиялық көзғарасының iзi жатыр.
Абай теориясы мәңгiлiк бағдаршам. Әлемде дүниежүзiн бiр өзiне табындырып қойған марксизм-ленинизм теориялары да болған. Бiрақ олардың өмiршеңдiгi белгiлi бiр дәуiрден кейiн тынысын тоқтатып, адамзат баласының ой-қиялынан аластатылды. Салыстырмалы айтсақ, Ұлы Абай iлiмi мiне, тұтас бiр ғасырдан астам уақыт өз маңыздылығын жойған емес. Алайда ескермей жүрген тұстарымыз да бар. Осы уақытқа дейiн Абай философиясын оқып, зерттейтiн арнайы ғылыми орталық жоқ. Сондықтан Абай iлiмiнде ұлттық ойлау академиясын ашуды қолға алуымыз қажет. Онда қоғамның озық үлгiлерiмен бiрге қоғам дамуының өзге де жүйелерiнiң барлық аспектiлерi оқытылуы абзал болар едi.
Абай философиясы
Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтады Абай. Жетілу дегеніміз не? Түрлі жетілулер бар. Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.
Абайдың айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді Абай. Сонымен, жетілудің негізі – женді, жүректі жетілдіру екен. Бұл – адамның ішкі нәзік болмысын тазарту деген сөз.
Абай өз шығармаларында жетілу жолдарын, олардың түрлі белестерін көрсетеді. Әрбір адам осы жетілу жолдарынан өте отырып өзінің қай деңгейде тұрғанын және өмірінің келесі белесін анықтай алады. Мәні терең ашылып, келешегі айқындалғанда ғана адам өмірі маңызды болмақ. Абай ілімі осылай әркімнің өмірінің мәнін ашып, оның келешектің жарқын жолына шығуына мүмкіндік береді.
Ақын мұрасында бір жүйеге түсірілген көзқарасын тұжырымдайтын арнайы философиялық шығармасы жоқ. Дегенмен, Абайдың көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларында “… адам мен адамгершілік, ар, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде, 1920-30 жылдарда ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған біртүрі деп дәлелдемек болушылар да табылды (Қабдолов З. Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оған сын. «Советская степь», 1928, 2 тамыз).
Көрнекті мәдениет қайраткерлері мен жазушылар: М.О.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, І.Жансүгіров т.б. Абайдың ақындық мұрасын анайы-социологиялық шабуылдан қорғап, мақалалар жазды. «Көзқарасының қарама-қайшылықтарына карамастан, - деп жазды Мұқанов, - Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі» («Казахстанская правда», 1934, 30 көкек).
Ақын шығармалары 19 ғасырда да Қазақстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды:
1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр;
2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;
3) орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүниежүзілік (ең алдымен Батыс Европаның) философиялық ойдың жетістіктері.
Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті.
Ғалым Абайдың орыс әдебиетімен және философиялық озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған революционер демократтар идеясы ықпал етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған «жеңіл-желпі, қара дүрсін пікірлерге» қарсы шықты. Ол Абай шығармашылығының өткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді; Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстінде «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз органикалық байланыста карастыратынының» методологиялық маңызы аса зор. (Әуезов М. Әр жылдардағы ойлары.-Алматы, 1961, 148-149 6.)
Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы, оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды: «...өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай мектептердің оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды» (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А. , 1969, т.15 , 141-б.).
Ол Ч. Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін білді. Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, нақтырақ айтқаңда И.М.Сеченов пен К.Д.Ушинский еңбектері маңызды қызмет атқарды. Ақынның дүние-танымына сол кезеңде Семейде тұрған, саяси аударылған адамдарымен достығы игі әсерін тигізді. Олардың арасында Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов т. б. демократтардың идеясында тәрбиеленген алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері бар еді. Абайдың көптеген өлеңдерінде терең философиялық ойлары, табиғатқа, таным, ақыл жайлы толғаныстары көрініс тапқан:
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»,
«Көк тұман - алдыңдағы келер заман» т. б., 45 «сөзден» тұратын қара сөзбен жазылған «Ғақлиялары» - ақынның философиялық көзқарасының мәйегі, өзінің мәні мен тұжырымдарының тереңдігі жағынан ұлттық мәдениет шегінен әлдеқайда асып түсіп жатқан маңызды мұра. Бұл «Сөздер» қазақ хапқының сан ғасырғы тәжірибесінен (мәдениет, тарих, дәстүр, әдет-ғұрып, адамгершілік қасиеттер т. б.), адам және адамзат туралы ойларынан сусындаған.
Абай дүниетанымының бағыттарын зерттеуге Әуезов елеулі үлес қосты. Ол Абайдың көптеген өлеңдері мен 19 ғ-дағы көрнекті орыс ойшылдарының шығармаларын салыстыра зерттеу арқылы олардың терең тамырластығын ашып берді.
«Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдындағы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер...»
Абайдың философиялық көзқарастарын оларды тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен, өзіндік белгілерімен және сонылығымен, басқаша айтқанда, белгілі бір дәуірмен байланысты және сол дәуірді танытатын нақты-тарихи ережелер жүйесін қаз-қалпында қабылдаған күнде ғана дұрыс түсінуге болады. Абайдың дүниетанымындағы айналадағы қоршаған әлемнің объективті шындығы таным барысын құдайға сенумен және жанның өлмейтіндігімен ұштастыра қарастыратын көзқарасы қарама-қайшылықта және күрделі болып келеді. Солай бола тұрса да ақын кұдайды табиғат-адамзаттың болмысының алғашқы себебі деп есептемейді, ол дүниені әлдеқандай күш жаратты дегенді теріске шығарады. Әуезов айтқандай «... тіпті, оның ақынның діни нанымы мен сеніміне байланысты өлеңдерінің өзі ең басты мәселеде мұсылман дінінің кітаби қағидаларына қайшы келеді». Ол бүкіл табиғатта орталық тұлға етіп адамды қояды, философиялық ойларының көпшілігін де адам және адамгершілік мәселесіне баса көңіл бөледі. 17-19 ғасырлардағы антропологизм, тіпті, Фейербахтың өзі де, адамды абстрактылы түрде, жай ғана биологиялық тіршілік иесі ретіңде қарастырып, оның барлық қасиеттері мен ерекшеліктерін табиғи шығу тегімен ғана түсіндіреді.
Адам мәселесін Абай әр түрлі: философиялық, биологиялық-психологиялық, эстетикалық және этикалық көзқарастан қарастырған. Абайдың адам туралы негізгі түжырымдары Чернышевскийдің «Философиядағы антропологиялық принцип» (1860) деген еңбегінде айтылатын ойлармен ұштасады. Чернышевскийдің түсіндіруінше болмыс бірыңғай болған жағдайда адам басынан екі түрлі: материалдық (адам тамақ ішеді, ұйықтайды, жүреді) және адамгершілік тұрғыдағы (адам ойлайды, сезеді, қалайды) құбылыстарды байқаймыз. Абай Жетінші сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі білсем екен демеклік. Дүниенің көрінген Һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды», - дейді ойшыл-ақын.
Ақынның дүниетанымы шынайы заттарды тануға және адамдар бақытын о дүниеден емес, жарық дүниеден іздеуі керектігіне бағытталды. Ойшыл-ақын, әсіресе, ғылыми ақиқатты жоғары бағалады: «... әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма!» Ол діни қағидалардың мәнін аша келіп, Алланың «барлығының» өзіне, оның құдіретті күшіне деген сенімге күдік келтіреді: «Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Алла мен бүкіл басқа дүниенің арақатынасын бұлайша түсіндіру, құдіреттің ұйғарымынсыз ешнәрсе де жасалмайды деп пайымдайтын Құран қағидасынан тікелей бас тарту болып табылады. Абай дүниетанымы бұлжымайтын қағида мен нанымға негізделген тапжылмайтын дін сияқты емес, санаға сүйенеді. Ол өзінің бірқатар өлеңдеріңде молдаларды, мұсылмаңдық қағидаларды уағыздаушы дін қайраткерлерін, ырымшылдық пен қараңғылықты қатал сынап, айыптайды. Абай мұрасында таным мен логика мәселелері ерекше орын алады. 19 ғ-дың 2-жартысында Қазақстанның қоғамдық дамуына байланысты туған талаптар ойшыл-ақынды заңды түрде таным мәселелеріне көңіл бөлуге мәжбүр етіп, оған өзіндік көзқарасын айқындап берді. Қоғамдық өмірдегі ғылым мен білімнің маңызын жоғары бағалап, оларды әлеуметтік жаңалықтармен тығыз байланыстырған ақын таным қызметін қоғамның үздіксіз дамуындағы басты күш деп есептеді. Ол объективті әлемді тану мүмкіндігін және оның даму заңдылықтары мәселелерін дұрыс шешті. Оның ойынша қандай да болмасын білімнің, ақиқаттың қайнар көзі адам өзінің сезім мүшелері арқылы танитын объективті шындық. Біздің біліміміздің салыстырмалы шама екенін айта келіп, Абай «... хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен көзге түседі. Ол көңілге түсіруші... бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемекке», - деп атап көрсетті. Ол таным мәселесін шешкенде ерікті адамның жеке басы мен оның белсенді күресіне деген сеніміне сүйенеді. Адамды дәрменсіз, әлсіз жан иесі деп қарайтын діни ілімдерге қарама-карсы ойшыл-ақын адамды белсенді, саналы, жасампаздық қызмет атқара алатын қуатты күш деп санайды. Абай сананы, «өз рухын» адам надандыққа қарсы күресте, қажырлы еңбек арқылы үнемі нығайтып отыруы керек деп есептейді. Бір жағынан «сана ерікпен бірігуі қажет», екінші жағынан - сана мен еңбек әрқашанда бір жерден көрінуі керек. Ары таза, еңбекқор, білімді адамдар үшін табиғат құпияларын танудың шегі жоқ. Ақын білімді адам құбылыстар мен заттардың өзінен бұрынғы беймәлім жаңа қырлары мен қасиеттерін тануға кең мүмкіндік алатынын атап көрсетеді. Ол ғылымды: «Адамның білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен болады», - деп қарады.

- Абай философиясы
- Абай шығармаларын мектепте оқыту
- Абай шығармашылығын оқытуда жаңа технологиялар арқылы оқыту
- Абаканский зоопарк
- Абақтың тақырыбы:Зорлықсыз балалық шақ
- Абарончыя баі на заходніх рубяжах у чэрвені 1941 г
- Абашская игрушка
- Абай поэзиясы
- А.Байтұрсынов
- А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж. Аймаутовтың этнопедагогика жөніндегі көзқарасы
- А. Байтұрсыновтың қазақ тіліне қосқан үлесі
- А.Байтұрсыновтың педагогикалық еңбектері
- Абай философиясы
- Абай философиясы