Абыл Тілеуұлы. 2

Абыл Тілеуұлы

(1777-1864) 

 

МАҢҒЫСТАУ АҚЫНДАРЫНЫҢ АБЫЗЫ 

 

1848 жылдың шамасы. Маңғыстау жері. Жаздың бір жайма-шуақ күні. Ауыл алдындағы биік белесте төрт-бес ақын, жыршы. Бұларға ауыл жақтан бір қария келіп қосылады. Ақ орамалды басына жай ғана орай салған ақ көйлекті, ақ сақалды абыз атаның өзі.

  • Балалар, не хабар?
  • Абыл-еке, Махамбет жұмбағын айтып тұрмыз.
  • Айтыңыздаршы, айналайындар.

...Қанды көйлек  жолдасы Исатайдан айырылып, қолы  ыдырап, көңілін бұлт торлап, көкірегінде кек ойнаған Махамбет бірде тілеулес досы Шернияздікіне келеді.

Ауылға таянған  Махамбетті көріп, Жарылғас баласы Шерниязға  ақыл айтады:

  • Махамбеттің көңілі мұңды, көкірегі дертті шағы, жақсылап қонақ ет. Өз үйіндей аунап-қунасын. Егіздің сыңары, ердің сойы еді. Балам, екеуміз шұқанақпыз да, Махамбет пен Абыл телегей теңіз ғой. Әңгімесін есіңе тұт. Шәлкем-шалыс сөзден бүгінше тыйыл. Қалжыңның кезі емес...

Әке сөзіне құлақ  асқан Шернияз түн бойы Махамбетті тыңдаумен болады. «Махаңмен шешіліп бір сөйлеспей қалғаным қалай?» деген ой мазалаған Шернияз  таңертең ақынды аттандырып жатып, үзеңгіге аяғын сала бергенде өлеңмен ғибрат сұрайды:

Көлдеуде  көкала үйрек көл көріпті,

Ғалымдар  кітабынан жол көріпті.

Жолдасы Ер Исатай – ер Махамбет,

Сөз бар  ма тыңдағандай ескілікті?

Сонда Махамбет қолтығынан демеп, сөз сұрап тұрған Шерниязға жалт қарап былай деген екен:

Арғымақ алты айшылық жер сойқаған,

Өтерін  бұл жалғанның кім байқаған?!

Тас түлек  темір үзіп тепсінгенде,

Көп қағып дауылпазды, көл шайқаған.

Күн тұман, ай қараңғы, жортар құлжа,

Шернияз, ақын болсаң, мұны болжа:

Болғанда  таң мезгілі мұнар шалып,

Төрт  бүркіт бір аққуды қылған олжа.

Он бүркіт отыз аққу көлден ұшқан,

Бір сұңқар дамыл көрмей қанат қаққан.

Телегей теңіз тасып шамданғанда,

Жемсау  құс тұғырдағы қайда жатқан?

Болғанда  тапа тал түс күні батқан,

Болғанда  үш ай тоқсан көктеп жатқан,

Болғанда  үш ай шілде мұзы қатқан.

Отыз  қаз, он екі үйрек шыр айналып,

Бір кезде көгі шығып шешек атқан.

Тар жерде  сөз сөйледің бол әзір деп,

Сөз айттым талалайлар қыл әзір деп.

Баласы  Жарылғастың ер Шернияз,

Қайтқанша жауабымды қой әзірлеп*.

_____________________________

* Бұл  жұмбақтың жазушы Б.Аманшин атыраулық  ақын Құмар Жүсіповтен жазып  алған нұсқасы Махамбет жинағында жарияланды (А.1947) 

 

Сыйлас, сырлас, тілектес-тілеулес болған жылдары еске түскендей Абыл Махамбет сөзін тыңдап, мұңайып қалады.  Исатай, Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліспен аяқталды. Есіл ерлер қаза тапты. Қайран Махамбет-ай!

  • Абыл-еке, бұл жұмбақты Шернияз да, содан бері естіген ақындардың ешқайсысы да шеше қоймапты.
  • Е-е, кез-келген шешетін сөзді Махамбет айта ма?»
  • Абыл одан әрі тебіреніп кетеді. Махамбет сөзіндегі бұқара басына үйірілген алмағайып заманды, күнбе-күн туындап жатқан қым-қуыт, қарама-қайшы өмір құбылыстарын, бұл кездегі ер-азамат міндетін, хан ордасындағы қаздай тізілген жемқор билерді – бәр-бәрін жырлап өтсе керек...

Бізге осы әңгімені жаздырған маңғыстаулық Алданов  Өрісбай да, атыраулық ақын –жыршылардың қай-қайсысы да Махамбет жұмбағын шешкен Абыл сөзін дәл өз күйінде айтып бере алмады. Бірақ ақындар мен жыршылардың бәрі де сол жұмбақты тек Абыл ғана шешіпті деседі.

Абыл – бұқара арманын өз шығармаларының өзекті идеясы еткен қазақтың көрнекті ақпа-төкпе, суырыпсалма ақындарырының бірі. Ол Маңғыстау түбңндегі  Бозашы мекенінде дүниеге келген.

Абыл Қазақстан  Республикасы Ғылым академиясының  Орталық ғылыми кітапханасы қолжазбалар  қорындағы (1121-бума) деректер негізінде 1982 жылға дейін Өтембетұлы делініп  келді. Шежіреші Алшын Меңдәлиев  пен ақын туысы Молдағали Түркпенбаев мәліметтері бойынша, Абылдың өз әкесі Тілеу, атасы Өтембет екені анықталды.

Ақын туралы бағалы мәліметтер беруші Боқанов Қайшыбай мен Қосдәулетов Бөкенбай деректері бойынша, Абыл 1777 жылы туып, 1864 жылы 87 жасында өлген. Бейіті Маңғыстаудағы Қаратөбе деген жерде.  1993 жылы белгілі құрылысшы-сәулетші Сайын Назарбекұлы Тоқтамыс басшылығымен ақын мүрдесі басына сәулетті ескерткіш орнатылды.

Абыл туралы айтқанда, басын ашып алуға тиіс бір мәселе бар. Біреулер «Абыл әрі ақын, әрі күйші болған» деседі. Маңғыстау қазақтары арасында Абыл есімді ақын да, күйші де болған. Ел аузындағы  Абыл күйші туралы аңыздың толық нұсқасы  академик А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі».

(Алматы, 1958) зерттеуінде  берілген. Ә.Тәжібавтың «Абыл» поэмасына, Ә.Кекілбаевтың «Күй» повесіне негіз болған да осы аңыз. Бұл аңызды кәрі құлақ қариялар Абылай күйші туралы деседі. 1964 жылы Жетібай деген жерде өз үйінде кездескенімізде, Сәттіғұл ақын: «Қазіргі Абылдың күйі «Абыл» деп тартылатын күйді біз «Абылайдың қоңыр күйі» дейміз. Абылай күйшінің ауылы қырда (Үстірт үстінде. Қ.С.) түркмендерге шектес жүрген, ол Адайдың Түрікменадай руынан. Ал Абыл ақын күйші болды деп естігеніміз жоқ. Ауылы үнемі Маңғыстаудың Ойын жайлаған», - деген еді. Расында да, күйші Абыл мен ақын Абыл бір түбекте, бір заманда өмір сүрсе де, екеуі Адайдың екі руынан шыққан. Халық сазгері Абыл Адайдың Түрікменадай руынан болса, ақын Абыл Адайдың Мұңал бөлімінен. Жас жөнінен де едәуір айырмашылығы бар. Ақын Абыл 1777-1864 жылдарда өмір кешкен болса, күйші Абыл 1820-1892  жылдарда өмір сүрген. Сәттіғұл ақын күйші Абылды Абылай деп әңгімелеген.  А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде  күйші Абылдың әкесі Тарақ (ақын Абылдың әкесі Тілеу, атасы Өтембет. – Қ.С.), әуелгі аты Абылай, кейін үй-іші Абыл атап кеткендігін айта келіп: «Кейбір ауыз әдебиетін жинаушылар Абыл әрі жүйрік жыршы, әрі композитор ақын да болған деседі. Бірақ бұл әңгімелерді бекіте түсетін бізде ешқандай материал жоқ», -дейді. Келтірілген деректер күйші Абыл мен ақын Абылдың дербес өнерпаздар екендігін танытады.

1942 жылы дәуіріміздің атақты жырауы  Мұрын Абыл туралы бірқатар маңызды деректер айтады: «Менің әкем Сеңгірбек Абыл ақынның  үйінде зергерлік құрып жатқан уағында:

  • Сіз қалай ақын болдыңыз?-деп сұрағанда , Абыл айтыпты:
  • Отызға келген кезім, ерте қой өргізіп келіп, ұйықтап қалсам, біреу бір сұйық нәрсені аузыма құйып жіберді, жұтып жібердім. Ояна келсем, кеудемді өлең сөз кернеп барады екен. Осыдан былай қараай ақын болып кеттім,- депті».

Және Мұрын жырау Адай Нұрым ақыннан естігенін баян етеді: «Абылдың әкесі айтатын еді. Түрікмен Мақтұмқұлы: «Түсімде Абыл және қарақалпақ Қаңлы руынан шыққан Ақтәжі  деген ақын қыз үшеуміз бір жерде кесемен ас іштік. Қыз бен екеуіміз кесенің ішіндегі асын іштік те, Абыл кесені жұтып қойып еді. Абыл бізден кейін ақын болар, бірақ ақындығы артық болар»,-деген екен» (Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық кітапхана қоры, 1121-бума).

Мұндай аңыз-әңгімелердің негізгі түйіні наным, сенімге негізделгенін, түсінде ғайыптан ешқандай ақындық келіп қонбайтындығын, мұндай түс көру өнерпаз жастың жан дүниесі мен ақындық өнерге құмартуының әсері екендігін Е.Ысмайылов «Ақындар» (Алматы, 1956) атты еңбегінде келісті дәлелдеп береді. Және осы тектес аңыз-әңгімелер өнер адамын арқалы, құдіретті, ұлы етіп көрсеткісі келген ниеттің, оны қадір тұтудың белгісі  болып табылады.

Мұрын жыраудан жазылған аңыз-әңгіме деректерге жүгінсек, Абыл қоныстас қарақалпақ, түрікмен ақындарымен жете таныс болған. Олар Абылдың дарындылығын, ал Абыл Мақтұмқұлы жырларын бағалай білген.

«Абылдың Махамбеттің  жұмбағын шешуі», «Үш ақынның өздерін  таныстыруы», «Шерниязға айтқаны» деген  материалдарға қарағанда Абыл замандас ақындарының ішінде Махамбет, Есенбақ, Шернияз, Нұрым сияқты атышулы  сөз зергерлерімен достық байланыста болған. Олардың бірқатары Абылдан ақындық өнеге алған. Махамбет, Шернияздармен пікірлес Абыл халықты аяусыз қанаған Баймағамбет Айшуақов, Қайыпқали Ешімов сияқты озбыр сұлтандарды жалтақсыз әшкерелеп отырған. Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліспен аяқталғаннан кейін көтеріліске қатысқандар мен соған пікірлес болғандарды қатаң жазалаған ауыр жылдарда Абыл да біраз қуғын-қудалау көрген.

Абыл Қазақстанның батыс аймағы, түрікпен, қарақалпақ жерлерін түгел аралап, өз тұсындағы өнерпаздардың көбімен кездескен.

Абыл Қаным дейтін жұбайынан Арыстан, Артығалы дейтін екі ұл, Қырмызы, Қытайы деген екі  қыз көрген. Абылдың Арыстаннан өрбіген  әулетінің бірқатары Маңғыстауда. 

   Абылдың  бізге жеткен мұрасы терме, толғаулары мен шағын айтыстары. Ақын жырлары алғаш «Сана» (Ташкент, 1924, N2-3) журналдарында, кейін «Коммунистік еңбек» (Гурьев, 30.VII.1967), «Жұмысшы» (Красноводск, 22.1.1972), «Коммунистік жол» (Ақтау, 13.1.1983) газеттерінде, «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (А., 1967), «Ақберен» (А., 1972), «Өсиетнама» (А., 1982) «Бес ғасыр жырлайды» (А., 1984, 1989), «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» (А., 1985) жинақтарында жарияланған.

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық  ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларында Абылдың бірқатар терме, толғаулары бар.

Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы (1121-бума) «Айтайын басымдағы мәніс жайды», «Абыл ақынның сөзі», «Жарандар  шалықтаңыз жан барында», «Кәрілік туралы» толғауларды айтушылар Абыл, Әубәкір, т.б. өзге ақындар сөзін шатастырып жіберген, кей ретте Абылдікі деп жаңсақ берген.

Абыл 1960 жылдан бері жоғары оқу орындары бағдарламасында  бұқара мүддесін жырлаған ақпа ақындар қатарында аталады. Жекелеген еңбектер мен мақалаларда  оқта-текте ғана аталып келген Абыл ақын жөнінде соңғы кезде жарық көрген бірқатар зерттеулер мен оқулықтарда арнаулы тараулар берілді (Қ.Сыдиықов. Ақын, жыраулар. 1974, 22-51-б; Х.Сүйіншәлиев. XVIII ғ. қазақ әдебиеті. А., 1980, 51-53 б.).

Абыл жырлары  өз дәуірінің тарихи  шындығын елестетеді. Оның терме, толғаулары өз ортасының нақты жағдайларына байланысты шығарылған.

Абыл өмір сүрген кезең – ел өміріндегі елеулі оқиғалар дәуірі. XIX ғасырдың I жартысында Қазақстанның батыс аймағында хан қанауына  төзе алмаған Бөкей шаруаларының көтерілісі, Хиуа феодалдарының езгісіне қарсы бұрқаған бұқара ызасы  үдей түсті. Еңбекші бұқара шектен тыс алым, салықтан бас көтере алмады, рухани езгіде болды.

Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары (Табын, Адай, Шекті) сауда айырбасы, қоныс тарымшылығы жайынан  XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың 50-жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болды. Хиуа ханы оларға ауыр салықтар салды. Төлемесе, хан қаһарына ұшарыда. Хан талабын орындаудан бас тартқан кездерде Хиуа бектерінің жасақтары  қазақ ауылдарын шауып, дүние-мүлкін тонап, әйелдері мен балаларын тұтқын етті. Қоқан және Хиуа феодалдарының зорлығынан қашқан қазақтар орыс қамалдарының панасына көшіп баратын болды. Хиуа ханы Россия үкіметіне арқа сүйегендерге ерекше қаталдық көрсетті.

Сондай озбырлықтың  бір көрінісі – 1832 жылы Маңғыстау  қазақтарына істеген Хиуа ханы мен  Аллақұлдың әрекеті. Хиуа хандығынан үнемі  қысым көріп  отырудың мүмкіндігі жоқтығын сезген Сүйінқара батыр Үргешбайұлы (1756-1841) 1832 жылы Кіші жүздің батыс бөлігін  билеуші сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа Россияға қосылу туралы уәде береді.  Мұны естіген Хиуа ханы Аллақұл Сүйінқара ауылын және өзге Маңғыстау елдерін үш мың әскерлі қол жіберіп, аяусыз талатқан. Халық санасында елеулі із қалдырған бұл қайғылы оқиғалар суреті әлі ел есінде:

...Бозашы түбегін  түтіп жіберердей қалың қол келеді. Астарында ауыздығын қарш-қарш шайнаған  өңкей ақалтеке арғымақ. Жол сілтеуші  Бәлкет пен Күсеп екеуі да бастарына құлынжарғақ құлақшын киіп, қарасұр ат мінген. Бұл екі қазақты жаңа ғана жолдағы  ауылдардан еріксіз ертіп алған.

Сүйінқара ауылы  жеткізер емес. Түн көзге түртсе көргісіз. «Қатпастың соры» дейтін бір қап-қара қойнау, айналма батпақ. Жол сілтеуші екі қазаққа  жасауыл басы Мәмбетнияз зығырданы қайнап, қалшылдап келеді.

  • Әлі біршама жер, деп қояды олар.

Кенет Хиуа нөкерлері  шұрқырасып, шаңқылдасып қалды. Жол бастаушылардың қулығын енді түсінді. Шапқыншылар бағанағы жолда түсіп қалған қалы қоржынның үстінен қайта шықты. Қазақтар Қатпастың сорын айналдыра беріпті. Алда келе жатқан Бәлкеттің басын қатігез жасауылдың  қайқы қылышы ұшырып жіберді. Олар екі қазақтың: «Жауды Сүйінқара ауылына түнде құлатпай, айламен кідірте тұрайық. Таң атып, хабар біліп, амал табар ма екен?»- деген ойларын сезіп қалды. Жау шырт ұйқыда жатқан ауылдың үстінен түсті. Шапқыншылар ауылды тонап, адамын тұтқын етті, малын айдады. Хан  олжасы болғандардың ішінде Сүйінқараның Айсалқам, Жансалқам атты екі қызының  зарлы даусы көш жерге дейін естіліп  бара жатты.

Бірақ Аллақұл әскері ханның «Кәпірге ниеттес болған Сүйінқара басын әкел» деген негізгі тапсырмасын орындай алмады. Түн бойы көзі ілінбей жатқан Сүйінқара ауылға жау құлаған кезде белдеудегі арғымаққа жайдақ мініп, Қатпастың қалың қамысына сіңіп  кеткен еді...

Ел есінде қалған осы оқиғалар тарихи деректерге де сәйкес келеді. Орыс зерттеушісі С.Г.Карелин 1832 ж. Орынбор генерал- губернаторына  жазған хатында Хиуа ханының зекетшілері Бозашыда түрікменнің абдал  биі Сүйінқара ауылын шауып, оның Айсалқам, Жансалқам атты екі қызы мен бір ұлын және отыз әйелді тұтқын етіп, қайтар сапарында  сол маңдағы елді тонап, 300-дей қазақты өлтіргенін  хабарлайды (Русско-туркменское отношение в XVII-XIX вв. Изд. АН ТССР, Ашхабад, 1962, стр.268).

С.Г.Карелиннің Сүйінқараны  түрікменнің абдал биі деуінде мән бар.  Сүйінқараның әкесі Үргешбай  түрікменнің абдал руының  ақсақалы Аллапердімен дос болған. Үргешбай  ерте дүние салады. Аллаперді дос өсиеті  бойынша  Сүйінқараны өзі тәрбиелеп, үй етіп, енші береді. Сөйтіп, қазақ, түрікмен тәрбиесін бірдей көрген Сүйінқара екі елге ортақ батыр атанады.

Сүйінқара ауылын шапқан Аллақұл әскері Маңғыстауды жайлаған қазақтар мен түрікмендерге  бірдей тиіскен. Сүйінқарамен қоныстас Аллаперді ауылы да шапқыншылыққа ұшыраған. Кезінде Аллаперді бұл шапқыншылықты Сүйінқараның ханмен қарсы болуынан, оның кереғар мінезінен  деп ұқса екен. Бұған куә – түрікмен ақыны Хатамның Аллаперді атынан қазақ ақсақалдарына арнап шығарған «Не болды?» дейтін өлеңі:

Бізден сәлем болсын Жары халқына,

Дұшпандарға таба болдым, не болды?..

Достым  жылап, дұшпандарым күлісті...

Ұлым  кәпір болып, малымды алысты...

Бірісі қолым еді, бірісі – саным,

Бірісі тәнім еді, бірісі-жаным,

Бірісі көйлек еді, бірісі-тоным,

Тілепбай, Мүсіреп жанға не болды?

Бұған қарағанда, Хатам  да, Аллаперді де Сүйінқараның түпкі ізгілікті ойына – Россияға қол артып, Аллақұлдан іргесін аулақ салғасы келген саясатына түсінбеген.

Тарихи зерттеулер мен ел есіндегі деректерге қарағанда  да Сүйінқара Аллақұл шапқыншылығына  жауапсыз қалмаған.

  • Жаудың саны көп, бұл жолы жолымыз болмас, - деген ұлдары Бүркіталы, Сатыбалдыларға:
  • Жауда кегім кетті әрі Айсалқам мен Жансалқамның даусын ести тұрып, шыбын жанды шүберекке түйіп үйде отыра алмаспын, жан аясаңдар, қала беріңдер – депті Сүйінқара. Қоныстас отырған Адай, Беріштің Сүйінқара, Құлбарақ, Жапаберді, Мырзатай сияқты батырлары бастаған 800 адам хан әскерін қуып жетіп, үлкен шайқас болады. Осы шайқаста Тоқтамыс руының, ішінде Абыл ақыны бар, он тоғыс кісісі қатысқан. Соғыстан жеңіліп қайтқан Абыл үш күн бойы зарлы дауыспен сарнаумен болған, үстіне адам кіргізбеген дейді. Мыңдаған әскерге төтеп бере алмай, Сүйінқара қолының тең жартысы қаза табады, біразы тұтқынға түседі. Хан әскері Сүйінқара басын алудың реті енді келген болар деп ойлайды. Олар қабырғасы қақыраса да қасарысқан жауына жайдай түсер бір айтулы батырдың басын Сүйінқаранікі деп сары алтындай сақтап, ханға апарады. Бірақ ол Құлбарақ батырдың басы болып шығады. Сөйтіп, Құлбарақ моласы екі жерде: басы көне Үргеніштегі Кубра шейх, денесі Маңғыстаудағы Тиген зиратына қойылған.

Ел аузында осы  жорықта елге оралмағандар туралы айтқан жоқтаулар мен талай тарихи әңгімелер  бар. Оларда халық басына түскен ауыр қайғы айқын бейнеленген.

Аттанған  Адай сегіз жүз,

Келер ме екен келер күз?

Келер күзде  келмесе, -

Аттанғаннан күдер үз.

Тарихшы М.Тұрсынова  архив қазынасынан келтірген  деректерге қарағанда, көп ұзамай Аллақұл ханның жасауыл басы Мәмбетнияз: «Сүйінқара келісім туралы ханға елші жіберсін», -деп хабар салады. Сүйінқара баласы Бүркіталыны қосып, тоғыз би жолдайды. Хан елшілерді тұтқынға алып, біреуін Сүйінқараға қайтарады:  «Хиуаға келіп, қарамағындағы елімен маған бағынатын болсын, алым-салық төлесін», - дейді ол.

Аллақұлдың келесі шабуылынан сескеніп, Сүйінқара көп ұзамай-ақ Баймағамбет Айшуақов билеген аймаққа өтіп кетеді. Үстірт Маңғыстау түбегінде  мұндай көшулер үнемі болып тұрған.

Хандар тонауынын  күйзелген мұндай қаһарлы жылдар бейнесі  көшпелі ел әдебиетіне өз сәулесін түсіреді. Бұқара тілегіндегі ақын, жыраулар ел мұңын, басқыншы, тонаушыларға қарсы халық ызасын өз шығармаларына арқау етті, дәстүрлі ел қорғау  идеясын көтерді.

Бұл кезеңде өмір сүрген  бұқара жыршысы Абыл Хиуа ханы Аллақұлдың озбырлық басқыншылығына қарсы күрескен айтулы батырларды тебірене жырлаған. Соның ішінде ерекше атайтыны – елі үшін жан қиған Құлбарақ батыр.

Аржағың Ер Есболай Итемгеннен,

Келеді  айқын жүйрік ит өлгеннен.

Қайтпады  қайран ерлер қауымына,

Ажалға өзі барып сүйкенгеннен.

Құлбарақ  туып еді Табылдыдан,

Жау көрсе, жаман қашар жабындыға.

Барды да, батыр жауда қапыда өлді,

Тиді  де ажал оғы қағындыдан.

Ақын Құлбарақ батырды  сонау арғы аталары Итемген, Есболайлар сияқты ел қамқоры ретінде суреттейді.

Абыл Хиуа хандығының қысымында  отырып елдің көсегесі көгермейтінін, Россияға қол арту керектігін нақты жағдайлар нәтижесінде сезе білген ойлы батыр Сүйінқараны да жыр еткен. Бізге бұл жырдың батыр қазасы кезінде айтылған екі-үш шумағы ғана жетіп отыр:

Сүйекем сапар шекті сексен бесте,

Сейсемде, қалды жатып Аютөсте.

Қорлыққа  көнбен деген бір пенде еді,

Ажалға о да көнді – салған іске.

Осы жолдардың өзінен ақынның батырға деген ерекше ілтипатымен қатар, Сүйінқараның өз өмірінде бір бет, бірегей адам болғанын да аңғарамыз.

Халық батыры Сүйінқараның өз дәуірінде лайық ілгерішіл, ерлік әрекеттерін бейнелеу қазақ әдебиетінде дәстүрге айналды. Абылдан кейін Сүйінқараны  жырға қосқан Ығылман ақын.  Ол аты әйгілі «Исатай, Махамбет» дастанында Сүйінді (Сүйінқараны.-Қ.С.) жұрт аузына қараған ел ағасы, Исатай, Махамбеттермен дос көңілдегі адам ретінде суреттейді. Ал жазушы Әбіш Кекілбаев «Күй» повесінде Дүйімқараны Сүйінқараның прототипі ретінде алып, нағыз қас батыр образын жасаған. Мұнда Дүйімқара жаңа түскен жас келіншегінің жылы төсегінен суырыла шығып, атқа жайдақ міне, сүйеулі найзасын қарына іле жауға аттанған, жауын шыбын құрлы көрмейтін кесек қимылдарымен танылады.  Жазушы Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында тарихи, әдеби деректерді қорыта келіп, Сүйінқараны Аллақұл әрекеттеріне қарсы, Исатай – Махамбеттермен пікірлес, мұраттас, ел алдында беделі зор, аузы дуалы, көреген де шешен, ойлы батыр есебінде бейнелейді. Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінқара» романында да Сүйінқара батыр бүгінін ғана емес, келешегін де бағдарлай, болжай білетін ақылды адам, беделі зор бұқара қамқоршысы ретінде суреттеледі.

Абылдан күні бүгінге  дейін көркем әдебиетте суреттелген Сүйінқара бейнесі тарихи шындықтан алшақ кетпейді, қайта уақыт мұнары перделей бастаған замана шындығын, халық қамы үшін үрдіс әрекетке бел буған батыр қимылын бүгінгі оқушыға мол елестете түседі.

Абылдың бір топ өлеңдері әділетсіз, озбыр сұлтандарды әшкерелеуге арналған («Баймағамбетке айтқаны», «Ақсұңқар сынды шалғын қауырсыннан», «Замана қайым болар жер зыңыранса», «Қызыл тіл Жиреншедей тілім, тақсыр», «Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл»).

Бұқара сөзін  сөйлеген өнер иелеріне  қанды қақпан құрған Баймағамбет сұлтан бірде ауырып жатып Абылды алдырып:

  • Сен хан, сұлтанды қаралап өлең шығарады дейді. Мықты болсаң, бұлтармай, маған өлең шығаршы, жақсыласаң – жарылқаймын, өле кетсем – өшпес сөз болсын, - дейді. Сонда Абыл тайсалмастан былай депті:

Бопайдан  туған әкең Айшуақ хан,

Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан.

Дәлірген дажал сынды дәрежеңді

Деп жүрсің Құдай қорып, Қыдыр баққан.

Толы  ел – толықсыған көлін тастап,

Қаңғырған Қайыпалды Тәңір қаққан.

Ер өлді деп етек бұлап жалайтұғын,

Байеке-ау, қай ісің бар елге жаққан?!

Сөйтіп, турашыл ақын Баймағамбетке арнаған толғауында «сен де Қайыпалдының (Қайыпқали Ешімов. – Қ.С.) жолын қуасың, халықтың қас жауысың» деген пікірді ашық айтады. Бұл езілген бұқараның қанаушы қауымға өз ақынының жалынды тілі арқылы айтқан ыза-кегі болатын. Абылдың қуғын көріп, қысымға түсуіне де себеп болған озбыр хан, сұлтандарды аяусыз әшкерелеген осы туралығы, хан ордасының шаңырағын шатырлатқан Исатай, Махамбет сияқты халық ұлдарымен үндестігі еді.

Абыл тағдыры  талқыға түсіп, қаншама азап шексе де, халықты аздырып-тоздырып қанап келген хан, сұлтандарды тілдеуін тоқтатпаған. Бұл жай оның Қайыпалдыға  айтқан өлеңдерінен айқын көрінеді:

...Баймағамбет  өзіңнен артты десе,

Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр.

Қолдаған  сол сұлтанды губернатор,

Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр.

Хиуаның қонышына кіріп кеттің,

Бір уыс болмаса игі ед күнің, тақсыр,-

деп Жәңгірмен бақталас болып Хиуа хандығына паналап жүрген Қайыпқалидың қытығына тиеді. Шыншыл ақын Қайыпқалиды: «Хиуа ханының құйысқанына қыстырылған сенің күнің қараң, келешегің бұлдыр»,- деп айыптайды. Абылдың мұндай пікірге  келуіне  толық негіз бар еді. Себебі Хиуа хандығы қолшоқпарлары Қайыпқалилардың бұқараға  көрсетіп отырған озбырлығын, Хиуа тарапынан жәбір көрген қазақтардың орыс шекарасына көшіп барып, жан сауғалап отырғанын ол жақсы білетін. Оның куәсі ақынның көз алдынан өткен, өзі тебірене жырлаған  Сүйінқара ауылдарының шабылу оқиғасы болатын. Хиуа хандығының елге көрсеткен зорлық-зомбылығы, Бөкей ордасындағы Исатай, Махамбет бастаған шаруалар бұрқанысы ақынға өз дәуірінің мәнді мәселелеріне зер салып, түйін жасауына  көмектескендігі даусыз.

Жәңгірмен бақталас болып, сырттай бұқара ниетіндегі адам көрінсе де, Қайыпқали Хиуа ханы саясатын шектес отырған қазақ руларына насихаттап, алым-салығын жинаушы  қолшоқпары болды. «Хиуа хандары Кіші жүздің сұлтандарын қолшоқпары етіп алып, оларға хан атағын белгілеген грамоталар берді, қару-жарақ, әскер беріп тұрды. Сауқым Бөкеев, Ермұхамбет (Елекей) Қасымов, Жанғазы Шерғазиев, Қайыпқали Ешімов және басқа сұлтандар Хиуа ханының қызметінде болды. Бұл сұлтандар Хиуа ханына ұшыр және зекет жинады. Хиуа нөкерлерінің шапқыншылықтарына, ел тонауларына қатысты, бір руды бір руға айдап салды, тағы басқа осындай әркеттер істеді» (Қазақ ССР тарихы, І том, А., 1957, 336-б.).

Кезінде Сүйінқара және басқа Маңғыстау батырлары еліңді Хиуаға біржола бағындыр деген Қайыпқали үгітіне көнбеген. Бұл жайлар Ы.Шөрековтің «Исатай, Махамбет» дастанында да келісті  суреттеледі. Ықпалына  иілмеген  елге Хиуа үкіметі  үстемеленген салықтар салады, хан әмірін орындаушылардың бірі Қайыпқали еді.

Абыл Қайыпқали  мен Баймағамбетке айтқан өлең, толғауларының  қай-қайсысында да Махамбетпен, Шерниязбен үндесіп отырады. Махамбеттің «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» халықтың қас жауына тура айтылған жай оғы десек, Шернияз бен Абыл өлеңдері өз стильдеріне лайық кезде ашық, кейде тұспалдай келетін сынау, шенеу болып табылады. Олардың қай-қайсысы да ыза мен кекке суарылған. Бұл аталған ақындардың өлеңдері әрі пікір, көзқарас бірлігінен, әрі тағдыр ұқсастығынан туған.

Абыл – көне жыраулар дәстүріндегі  сөз шебері. Шағын шумақтан құралатын  «Сексеннің бізде келдік жетеуіне», «Отырған қарсы алдымда Қаным- айым», «Сүйекем сапар шекті сексен бесте», «Арғымақ атта сын болмас» сияқты бірқатар өлеңдерінде, «Естірту» толғауында өмір мен оның мәні, адамның тірліктегі қадір-қасиеті туралы толғанады.

Адам өмірінің бел-белестерін суреттеу, кәрілік шағы туралы тебірену  қазақ ақын, жырауларының көбінде кездеседі.  Бұқар, Шал, Сүйінбай, Шәйтім жырларында кәрілік кезеңі өте шынайы суреттелген.  Абыл да «Кәрілік» аталатын шағын шумағында жалғыздық, жарлылық, кәрілік үшеуін салыстыра келіп, адам еркінен тыс ұрмай-соқпай кісендеп тастайтын қартайған кездің қатыгез мінезін айна –қатесіз  көз алдыңызға әкеледі.  Аталған ақын, жыраулардан Абылдың бір ерекшелігі – «қалтақ-құлтақ етіп» тек көп жасап, көп көргендігін айтуында ғана емес, «жаманның жетегіне ермей»,  адам боп өткен мағыналы өмірді  мақтан етуінде. Мұндай ой ақынның  «Қар жауар күн-түн оның қабағынан» өлеңінің де негізгі идеясы. Абыл мұнда сараң, дөкір, өзіндік пікірі жоқ, азаматтығы кем жандарды мінеп, «от басы, ошақ қасы» қамынан ел мүддесін  артық санайды. Ақын жырларының негізгі қағидасына айналған бұл идея философиялық –дидактикалық әуенде келетін «Арғымақ атта сын болмас», «Естірту» толғауларында да дами түседі.

Ойлы мысалдарға толы ақыл, нақыл, насихат күйінде  келетін Абылдың «Естіртуі» - қазақ  әдебиетіндегі  мұң-шер өлеңдері дәстүріндегі толғау.  Әдеттегі «естіртулердің» кейбір  қағидалары мұнда да сақталған. Кейбір «естіртулерде» естірту, жұбату сөздері қатар келетін болса, Абыл толғауы тек естіртуге ғана құрылған.  Толғауда «Естіртулер» дағдысы бойынша Абыл да адам мен табиғат дүниесінің  әр саласынан басына іс түскен зарлылар мен қиындыққа  кезіккендердің  қайғылы халі туралы  мысалдар келтіріп,  тебірене  толғайды:

...Желбезекке  жебе дарыса,

Өрге  балық жүзе алмас.

Әркімдер  жеткіншектен  айрылса,

Жер таянбай  тұра алмас.

Ақын көне жыраулар дәстүрінше алыстан орағытып, тұспалдай бастап, мысалды бірте-бірте нақты қаза оқиғасына  жуықтата түседі. Тыңдаушыны қаралы хабарды сезуге даярлайды:

...Ай тұтылды ұлысынан,

Күн тұтылды  шығысынан...

Емен  сапты болат найза

Сынды дейді  ұңғысынан.

Абыл осылайша әдеттен, табиғат заңынан тыс оқыс оқиғаларды суреттеп, ой салар, селт еткізер, секем алар халге келтіреді. «Естірту» соңындағы бірнеше жолда ғана қаза хабарын ашық айтады:

Тау құлады шынарынан,

Айырылып, шықты көзің  шырағыңнан,

Айрылдың  Жиреншедей ділмәріңнен.

Көрсең- көзіңнің раушаны,

Көңіліңнің  күш-қуаты,

Жүрегіңнің ол дидары,

Көзіңнің  ол жанары,

Айрылдың Тілеумағамбет перзентіңнен.

Осы естіртуден де өлең-жырды халықтың жүрекке жара болған көңілдегі қайғыны емдеп, сейілтуші деп қарағандығы сезіледі. Академик М.О.Әуезов сөзімен айтсақ, естірту «қазақ халқының жан дүниесінің тазалығын, қайғы көріп, қаралы болғанға қабырғасы қайысып, ауыртпалықты бірге  көтерісетінін, оның адамның күйініш-сүйініштерін терең сезінген сыпайыгершілігін, көрегендігін танытады»  («Уақыт және әдебиет». А., 1962, 45-б). Мұндай сипаттарды Абыл «Естіртуінен» де анық аңғарамыз.

Бір ғана «Естірту» емес, Абылдың «Сүйінқара батырға», «Құлбарақ батырға» аталатын өлеңдерінің қай-қайсысы да мазмұн, әуеніне қарағанда, «Мұң-шер өлеңдері» үлгісінде. Соңғы екі өлеңі, шын мәнісінде, Сүйінқара, Құлбарақ батырларды жоқтау. Бізге бұл өлеңдер ілкі қалпында толық жетпесе де, батырлардың ерлігі мен кісілік келбетін айтып, «Ажалға о да көнді – салған іске», «Қайтпады қайран ерлер қауымына», «Барды да батыр жауда қапыда өлді» дегендей аңсау мен өкініш аралас аза тұтудың өзінен жоқтау әуені айқын аңғарылады.

Абыл Тілеуұлы. 2