Қаныш Имантайұлы Сәтбаев

ЖОСПАРЫ :

 

    1. КІРІСПЕ
    2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
    1. ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТПАЕВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ
    1. ҚАНЫШ СӘТПАЕВ ҚАЗАҚ КСР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
    2. АҚСАҚ ТЕМІРДІҢ БЕЛГІТАСЫН ТАПҚАН ҚАНЫШ СӘТПАЕВ
    3. ГЕОЛОГТАР – КЕН КӨЗІ
    4. наградалары
    5. аЯУЛЫ АЗАМАТТЫҢ ӨШПЕС ЕСІМІ

 

III.  ҚОРЫТЫНДЫ

IV. ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

Кіріспе

Ұзын бойлы, ақсары, кең маңдайлы, жүзінен нұры төгіліп тұратын қазақтың ер тұлғалы азаматы – Қаныш Имантайұлы Сәтпаев.  Сырт келбетіне  ішкі жан дүниесі үйлесім тапқан абзал жан халқын құрмет  тұтып,  ұлтын ұлы жүрегімен  сүйе білді. Ол қазақ екендігін  мақтан еткен және оны өз ортасында ғана емес, шет елде жоғары бағалаған дара тұлға болатын. Кезінде академик Әлкей Марғұлан:  «Мен Қазақстанның ең алыс түкпірлерін қанша кезсем де, қай нүктесінде болсам да, біздің халқымыздың Қаныш Имантайұлы  туралы  ілтипатпен әңгімелеп, оны ерекше ықыласпен сүйетінін көрдім», деп  жазған екен.  Халқының зор сүйіспеншілігіне бөленген  Қаныш Имантайұлы  Сәтпаев - қазақтың  тұңғыш ғалымы, ұлтымыздан шыққан  көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері. Ол Қазақ Ғылым академиясын  ұйымдастырып,  оның тұнғыш президенті  болды және   елімізде  алғаш  металлогения мектебінің негізін қалады. Жер қойнауының шикізатының, рудаларының, кендерінің байлығымен әлемге танылып отырған болсақ, Қазақстанның әлемге осылай танылуына Сәтпаев кезінде үлес қосып кеткен екен.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Арқаның сұлу төрінің бірі - (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының 4-ші ауылында) қазіргі Павлодар облысының, Баянауыл ауданының Қ.И.Сәтбаев атындағы совхозында 1899 жылдың 30 наурызында (12 сәуір) Сәтбаевтардың үлгілі - өнегелі ауылында дүниеге келді. Қаныштың жерлесі әрі досы Әлкей Хақанұлының мәліметтері бойынша, революциядан (1917ж.) бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. "Қаныштың әкесі Имантай - ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын..." Қаныш Имантайұлы Сәтпаев - аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұнғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" демекші, табиғатынан зерек Қаныш 1909-1911 жылдары өзінің туған ауылындағы орыс - қазақ мектебінде оқып, 1918 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіреді. Одан кейінгі бірер жыл Семей қаласында, өз ауылында мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы 10-шы учаскесінің халық соты болды.

 

 

 

 

 

ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТПАЕВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ

 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіргеннен кейін ең алғаш геологиялық жұмысын Қарсақбайдағы  кен орындарын,  Жезқазған мен Атбасардың мыс кендерін  және сол тұста  ағылшындардың иелігінде болған Спасск өндірісін зерттеп,  олардың болашақ мүмкіндіктерін анықтаудан бастаған.  Әсіресе, оны Жезқазған кені ерекше ойлантқан болатын. Қиыншылығы көп, жауапкершілігі үлкен  жұмысты  жасқанбай қолға алған жас маман осы жылдар ішінде  Жазқазғанның мыс, минералды шикізат қорларын  жан-жақты зертеп, өзінің  болжамын ойдағыдай  дәлелдеп шыққан еді. Қаныш Имантайұлының зерттеу жұмыстарының арқасында   елімізде қорғасынның аса ірі қоры ашылды,  кобальт, никель, алтын, молибден, ванадий сияқты металдарды қоса өндіру мүмкіндігі анықталды. Байқоңыр мен Қияқтыдан көмір тауып, Қарсақбай темір кенін ашқан  Сәтпаев 15 жыл бойына үзіліссіз Жезқазғанның барлық кен байлығын зерттеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде Жезді марганец кені барланып, іске   қосылған. 

Еңбекпен есейген Қаныш Сәтпаев КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалын басқарып тұрған кезде  ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Ол жастардың ілім жолына түсуіне, жер байлығын тани білетін білікті мамандардың өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөлген. 1946 жылы  Қазақстан Ғылым академиясы құрылды. Қаныш  Сәтпаев осы шаңырақтың тұңғыш Президенті болған жылдары  академия құрамында бірнеше ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Отандық металлургия, химия, биология, ауылшаруашылығы ғылымдары өркендеп, қанат жайды. Ғылым мен қайраткерлікті қатар алып жүрген Қаныш Имантайұлының ұйымдастырушылық қабілеті  де өте жоғары болатын. Ол қол астындағы қарапайым қызметкерді де, дәрежесі  биік ғалымды да бірдей көрген.  Сондықтан болар, алғаш академия табалдырығын жас мамандар Сәтпаевтың бойынан адамгершілік пен биік парсаттылықты байқай білген еді. Қаныш Сәтбаев Ленин орденінің төрт рет иегері атанып, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған. Алайда, осындай атақ-дәрежелеріне қарамастан оған   қоғамдық тәртіпке сенімсіз адам деген  айып та тағылған болатын.  Тумысынан ұлтжанды, халқының келешегін ойлаған абзал азамат  жемісті еңбегіне қара күйе жаққан қиыншылықтарды да бастан өткере білді. Бірақ бастаған ісін соңына дейін жеткізетін қайсар мінезі әрі  өзінің адалдығымен Қаныш Имантайұлы өзінің патриоттық рухы жоғары,  парасатты адам екендігін көрсеткен болатын. 

Қаныш Сәтбаев Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағында Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме енгізген екен. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" демекші, Сәтпаевтың 4 қызы 2 ұлы болған, өкінішке орай ұлдары жас кездерінде шетінеп кеткен. Қаныш Имантайұлының ұрпақтары да табиғатынан зерек, ғылымға деген ізденістері терең талапты балалар болып өскен. Қазақ халқының үлкен мақтанышына айналған тұлға бала тәрбиесіне өте терең мән берген. Бір қызығы, қыздары кішірек кездерінде тәртіп бұзса, оларға ешқашан ұрсып, жекіп, қаталдық көрсетпепті. Қайта алдына алып аймалап, жұбатады екен. Осындай ұлы мінезді кешірімшіл қасиет балаларының да бойына дарыған көрінеді. 

Алматы қаласында орналасқан  Қаныш Сәтпаев атындағы  геологиялық ғылымдар институты жанынан ашылған ғылыми-зерттеу мұражайындағы мына деректерді ғалымның қызы Мейіз Сәтпаева көзі тірісінде жасатқан екен. Ал аталмыш институтты  1961 Қаныш Имантайұлы өзі ашқан. Ол    мұражайды құру үшін біраз тер төгіп,  Ресейдің барлық музейлерін аралап, Киевке дейін барған. Ақыры Свердловскідегі мұражайдың формасын үлгі етіп Қазақстандық  геологиялық ғылыми зерттеу мұражайын  өмірге әкелген ғалым  әрбір  кен орнынан табылған тастың тарихы туралы деректердің орналасуына  мұқият мән берген көрінеді. Қазіргі таңда аталмыш мұражайда 60 мыңнан астам сан алуан тастар жинақталған. Ал республиканың әр аймағынан табылған тастардың тарихын терең білу үшін бұл жерге ТМД елдерінен, Ресейден, Томск, Новосибирск, Мәскеу, Ленинград, Вашингтон, Нью-Йорктен осы саланың мамандары жиі келеді. 

2011 жылы Қаныш Сатпаевтың  тұлғалық энциклопедиясы жарық  көрді. Осыған дейін Қазақстанда  Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовке  арналған  энциклопедия шыққан болатын. 2 мың данамен қысқа мерзім ішінде  «Қазақ энциклопедиясы» баспасы дайындаған ауқымды еңбекте Қаныш Сәтпаевтың ғалымдық және азаматтық тұлғасы толық зерделеніп, оның  ұрпақтары  туралы да тың деректер берілген. Сондықтан болашақта ғылым жолына түсетін жастар үшін  тұлғалық энциклопедияның пайдасы  ұшан-теңіз.  

Әйгілі академик, қазақ халқының мақтанышына айналған Қаныш Имантайұлының 100 жылдық мерейтойы 1999 жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілді. Қаныш Сәтбаевтын құрметіне Қазақстанның геология ғылымдар институты, Жезказған кен-металлургия комбинаты, Жонғар Алатауындағы мұздық, Қаратаудағы ванадий кен орнынан  табылған минерал аты берілген. Сондай-ақ  қала, көше, мектеп мұражайлармен қатар, Томск және Қазақ политехникалық институттары Қаныш Имантайұлының есімін иеленген.

 

 

ҚАНЫШ СӘТПАЕВ ҚАЗАҚ КСР  ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Қазақстанның экономикалық даму перспективаларының болашағы оның жер қойнауындағы орасан зор табиғи байлықтарымен байланысты екендігі жасырын емес десек, өткен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында геологиялық тұрғыдан Қазақстан аумағы "ақтаңдақ” болып есептелді және Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесінің шын мәнінде барлығы дерлік бар екендігін дәлелдеу үшін Сәтбаевтың және оның мектебінде тәрбиеленген қазақстандық геолог-ғалымдар мен өндірісшілердің көп жылғы жанқиярлық еңбегі қажет болды. Бүгінде шетелдік инвесторлар өздерінің қаржыларын осы жер асты байлығымызға және біздің салыстырмалы түрде осы байлықтың дамыған өндіруші және өңдеуші өнеркәсібіне салуда. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ Қаныш Имантайұлы: "Біздің табиғи байлықтарымызды ақылға қонымды пайдалану ғана халықтың материалдық әл-ауқатын және мәдени деңгейін, оның экономикалық және әлеуметтік дамуын айқындайды”, деп айтқан болатын. 1926 жылдан бастап Жезқазғанда ресейлік академиктер Усов пен Обручевтің шәкірті болған жас тау-кен инженері Қаныш Сәтбаевқа зерттеушілердің шағын отрядымен рудалардың барланған қорын төрт жүз елу есе арттыруға мүмкіндік туып, әлемдегі ірі мыс кенішінің атағын әйгіледі. Ал 1934 жылы күзде ең алдымен Мәскеуде Жезқазған проблемалары бойынша КСРО Ғылым академиясының сессиясын өткізуге (сол кезде Қазақстанда ғылым әлі өркендей қоймаған кез), содан кейін сессия қорытындыларына сүйене отырып, КСРО ауыр өнеркәсібінің халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған мыс қорыту комбинатының, Жезқазған кеншілер қаласының және оған баратын темір жолдың құрылысы туралы мемлекеттік шешім шығартуға қол жеткізеді.

Сол отызыншы жылдар ішінде Орталық Қазақстанның шикізат базасын кешенді зерттеу негізінде тау-кен инженері Қ.Сәтбаев байтақ өңірдегі темір құрамдас рудаларға, мұнай мен газға, тас көмірге жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстары болашағының зор екенін дәлелдей отырып, орталық және республикалық баспасөзге тұрақты түрде мақалаларын жариялап тұрды. Ол өзінің бірқатар жарияланымдарын Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін көтерудегі қара металлургияның маңызды рөлін алға тарта отырып, Қарағандыға жақын жерден металлургиялық комбинат құрылысын салу керектігін айтты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Сәтбаевтың жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде-ақ ашқан Жезді кен орнының марганец рудасы танк жасау ісінде бронь прокатын шығаруды арттыруда және елдің әскери қуатын нығайтуда орасан зор маңызға ие болғаны белгілі. Қазақстанның мемлекеттік геологиялық қызметінің негізін салушылардың бірі, академик Қаныш Сәтбаевтың ұстанымы мен көзқарасы КСРО-да бірінші болып республикалық Геология министрлігін ұйымдастыруда шешуші рөл атқарды. Оның ұсынуымен алдымен А.Богатырев, кейін Ш.Есенов министр болды. Сөйтіп, бұрын бөлшектеліп келген көптеген ведомстволардың геологиялық қызметтерін бір колға біріктіру Қазақстанда геологиялық-барлау жұмыстарының тиімділігін шұғыл көтеруге мүмкіндік берді. Міне, осы кезең еншісіне Маңғыстауда ірі мұнай кенінің, Орталық және Шығыс Қазақстанда алтын және сирек кездесетін металдар кен орындарының ашылуы жатады.

1941 жылы маусымда Қаныш  Имантайұлы жаңадан ашылған Геология  институтын басқаруға Алматыға  шақырылған болса, содан кейін  КСРО Ғылым академиясының Қазақ  филиалына басшылық етті. Соғыс  жылдары Қазақстанға көптеген  көрнекті кеңес ғалымдары эвакуацияланды, еліміздің қорғаныс қабілетін  арттыруға, Қазақстан экономикасын  көтеруге, оның ғылыми техникалық  әлеуетін кеңейтуге әрі жаңартуға, отандық зерттеушілердің жас  кадрларын тәрбиелеуге Қ.Сәтбаев  мол еңбек сіңірді. Міне, сол соғыс  жылдары Қазақстан ғылымының  дамуында сапалық серпіліс болды (ғылыми-зерттеу институттарының  саны соғыс басталған кезден  оның аяқталғанына дейінгі аралықта 1-ден 15-ке жеткенін айтсақ та  жеткілікті), бұл 1946 жылы Қазақ КСР  Ғылым академиясын ашуға мүмкіндік  берді, оның тұңғыш президенті  болып осы лауазымға нағыз  лайықты тұлға Қаныш Имантайұлы  Сәтбаев сайланды.

Алғаш құрылған жылдарынан бастап Ғылым академиясы қызметінің басты мазмұны Қазақстанның өндірістік күштері мен мәдениетін дамытуға бағытталған кешенді зерттеулер болды. Жаңа институттар, атап айтқанда, ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, экономика, әдебиет және өнер, философия және құқық және т.б.  институттары ашылды, ал Гурьевте мұнай химиясы және табиғи тұздар, Қарағандыда химия-металлургиялық, Өскеменде Алтай тау кен металлургиялық, Балқашта ихтиология және балық шаруашылығы институттары өмірге жолдама алды. Қаныш Имантайұлының бастамасы бойынша Қазақстанның ірі өнеркәсіптік өңірлерінде – Қарағандыда, Жезқазғанда, Гурьевте, Өскеменде, Қостанайда, Шымкентте академияның көшпелі сессияларын өткізу дәстүрі қалыптасты. Бұл сессиялардың материалдары облыстардың және тұтастай алғанда республика экономикасын дамытудың ауқымын, сатылары мен бағыттарын үйлестіру үшін нақты негізге айналды. Қ.Сәтбаевтың Геология ғылыми-зерттеу институтын үзіліссіз басқарған көп жылғы жұмысының жемісі әлемдік геологиялық тәжірибеде баламасы жоқ Орталық Қазақстанның кешенді болжамдық металлогендік карталарын жасау мен әдістемесін әзірлеу болып табылады. Бұл геологиялық теорияға қосылған баға жетпес үлес, өңірдің өзіндік ерекшелігі бар энциклопедиясы және геолог-өндірісшілер үшін бағдар сілтеуші десек, әбден орынды болмақ. Осы еңбек үшін Қ.Сәтбаев басқарған зерттеушілердің авторлық ұжымы кеңес ғалымдары үшін ең жоғары награда болып есептелетін Лениндік сыйлыққа ие болды.

1956 жылдың өзінде-ақ Қазақ  КСР Ғылым академиясының президенті  Қ.Сәтбаев Қазақстан аумағын техникалық-экономикалық  бағыттарының белгілеріне қарай  он бір өңірлік кешендерге  бөлді. Осы бөлуге сәйкес салалық  институттар алдына өңірлерді  кешенді зерттеу міндеттері қойылды. Қаныш Имантайұлы жалпы міндеттер  мен жоспарлар ішінен ең бастысын, ең маңыздысын бөліп қарады: энергетикада  бұл Ертіс ресурстарын, Жайық-Ембі ауданы мен Маңғыстау түбегіндегі мұнай қорларын игеру, Қарағанды бассейні мен Екібастұзда көмір өндіруді одан әрі арттыру, Торғай ойпатындағы мұнайға барлау жасау. Өнеркәсіпте – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатының және Теміртаудағы металлургиялық алыптың құрылысы, Қаратау фосфорит қоры негізінде минералды тыңайтқыштар өндірісі... Бүгінде бұл міндеттер іс жүзінде шешілген және олардың кезінде шешімін табуының нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасы сенімді түрде өсу мен ілгері қарай даму үшін айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетті, берік іргетасты иеленеді.

Академик Қ.Сәтбаевты XX ғасыр басында ұлы Абайдың ізгілікті және демократиялық идеялары мен өсиеттері ықпалымен қалыптасқан жоғары білімді қазақ философтарының, саясаткерлерінің, ғалымдары мен педагогтарының ғажайып шоғырының нағыз патриоттық және ағартушылық бастамалары мен атқарған істерінің тікелей ізбасары және істерін жалғастырушы деп батыл айтуға болады. Аса қатыгез әрі аяушылықты білмеген большевиктік террор жылдарында өзінің аға буын әріптестері мен достары саяси қуғын-сүргін құрбанына айналғанда, оның туған ағасы Бөкеш Имантайұлы Сәтбаев, немере ағалары Әбікей Зейінұлы мен Әбдікәрім Жәминұлы Сәтбаевтар репрессияға ұшырағаңда және сталиндік түрмелерде қаза тапқанда жас тау-кен инженері Қ.Сәтбаевтың ондай зұлматтан аман қалуы бақытты жағдай еді. Бірақ та 50-ші жылдардың бас кезінде партияны басқарғандардың Қазақстанда жүргізген "буржуазиялық ұлтшылдар мен тексіз космополиттерге қарсы күрес науқанында” Қаныш Имантайұлы да қуғын-сүргіннен тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлы ғалымның 90 жылдық мерейтойында былай деп атап көрсеткен болатын: "Көптеген талантты, өзгеден ерекшеленіп тұратын адамдар тәрізді, Сәтбаевқа да өмірде оңай бола қойған жоқ: ғалымның білімдарлығы мен батылдығын айтпағанның өзінде, оған бірнеше рет өзіне азаматтық өрлікті жоғары қоюына тура келді. Сонымен қатар, ол біздің арамыздан мәңгілікке кеткеннен кейін де қазақстандық ғылымның сәтбаевтық кезеңін үнсіздік аймағына айналдырғысы келген жөнсіз әрекеттер жасалды. Бұл алып адамды өздерінің әлсіз ғылыми тұлғаларымен иілткісі келген бейшаралардың текке әуреленуі еді”.

Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми-техникалық прогрестің жаңа жетістіктерін бағындырмай, экономикалық және мәдени гүлденуге жетуі екіталай. Ал мұның өзі жас қазақстандықтардың өз ғылымының тарихына және оның даңқты есімдеріне, инженерлік-техникалық шығармашылығын бүкіләлем мойындаған ұлы ғалымның және ғылымды ұйымдастырушының тұлғасына үлкен қызығушылық туғызып, бағыт-бағдар беретіні сөзсіз, өйткені Қаныш Сәтбаевтың өмірі – Отанымыздың болашағы, халқымыздың игілігі жолындағы ерен еңбектің ғажайып үлгісі.

 

 

 

АҚСАҚ ТЕМІРДІҢ БЕЛГІТАСЫН ТАПҚАН

Қаныш Сәтбаев екенін осы жұрт бүгінде біле ме?

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен 2004 жылы "Мәдени мұра” бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы мемлекеттік құжат шеңберінде көптеген құнды жәдігерлеріміз тарихи және ғылыми тұрғыдан өз бағасын алып, жарыққа шығып, халықтың игілігіне айналуда. Әйтсе де біткен істен бітпегені әлі де көп екені анық. Осы орайда мен бүгін қазақ халқының ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтбаевтың сонау киелі Ұлытаудағы Алтыншоқы тауынан жазуы бар белгі тас тапқаны туралы айтсам деп едім.

Қ.Сәтбаевтың "Таңдамалы еңбектерінің” бесінші томында жоғарыда аталған керемет тарихи қазына туралы былай деп жазылған: "По свидетельству Язди, Тимур "взошел на вершину Улутауских гор и долго наслаждался видом окружающей степи, которая была покрыта прекрасной зеленью от одного конца до другого”. Тимур здесь провел целый день и "приказал войскам принести камни и соорудил здесь большую пирамиду, на которой искусные мастера высекли дату этого счастливого события, чтобы этот долговечный памятник мог сохранить память о нем на долгие годы...” Таким образом, была доказана историческая достоверность эпизода, описанного Язди, а также установлены возраст и история сооружения пирамиды и надписи на вершине горы Алтынчоку...”

Осы жолдарды оқи отырып, біз ғұлама ғалымның қаламгерлік қасиетіне тәнті боламыз. Оның бойынан сондай-ақ туа біткен асыл қасиеттерді көреміз. Көрсем, білсем, тапсам деген жалықпаушылығы, еңбекқорлығы атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиеті екеніне, міне, осынау дүйім жұртты дүр сілкіндірген аса мәнді тарихи ескерткішті тапқан сәттегі оның қуанышы арқылы куә боламыз. Бұл оқиға 1935 жылы болған еді. Қ.Сәтбаевтың кіндік қаны тамған жер – Баянауылдағы Теңдік ауылының байырғы тұрғыны, бүгінде бақилық болған Шәріп Қозбағаровтың да осы тарихи құнды жәдігерге куә болуы таңғаларлық жәйт. Бұлай деуіміз, бала кезімізде ол кісіні көзіміз көрді. Шәкеңнің бұл оқиғаға куәгер болғанын білсем, сол кезде сұрар ма едім, сұрамас па едім. Осы орайда жазушы ағамыз, сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің "Сәтбаев” роман-эссе кітабынан үзінді келтіруді жөн көрдім: "Хижраның 793-інде, қой жылы, осыған дейін жеңіліс көрмей, жиырма бес жыл ұдайы ат үстінде жорықта болып, жүріп өткен жерін қанға бөктіріп, оттай жалмап келе жатқан атақты Әмір Темір екі жүз мың әскермен Самарқаннан аттанған. Темірдің бұл ат тұяғы жеткен төңіректі жаппай бағындырып, Азияның Ақсақ Барысы атанған шағы...

Неше күн шеруде көзіне ешбір тұғыр ілінбей, қарауыл салар жалғыз биік көрінбей, ішқұсада келе жатқан Әмір Темір шексіз даланың тылсым үнсіздігінен әбден жалыққан беймаза бір күні алдыңғы шолғыншыдан хабар келеді: "Көкжиектің терістік қиырына көз салсаң – күншілік жерден көкірегін бұлт тіреген биік тауды көруің хақ... "Бұл тау Сарыарқаның кіндік жонында осы күнде дара тұрған биігі – Ұлытау еді... Ұлытауда олар үш күн, үш түн шеру болады. Көлік тынықты... Төртінші күннің ертеңгілік мезгілінде Әмір Темір қасына қолбасшы, уәзір, кеңесшілерін алып, Кермене ақын және бар, өзінің қыл құйрық байланған, қара туы қадалған биік төбенің үстінде төңірегін шалып тұрады... Төңіректің көз тұндырған көк-жасыл көркін емес, көлемін өлшеп тұрған секілді... 

 

Әлден уақытта ол қатты дауыстап:

– Әй, Кермене! Табаным тиіп тұрған мына төбеге қандай сый лайық?

– Әміршім, – дейді сонда Кермене ақын Ақсақ Темірдің сөзін бөліп. – Осы тауда тастан көп қазына көрмедім. Соның біріне атыңды жазып қалдыр. Сен қонған ұлы жұртқа сол өшпес белгі лайық!..”

Олай болса, ұлы жиһангердің жазып қалдырған белгі тасын арасына алты ғасыр салып, қазақтың ұлы ғалымының табуы кездейсоқтық деуге бола ма?! Алайда осы қара тас қазіргі кезде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы әйгілі Эрмитажда тұр. "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні”, осынау құнды қазынаны қазақ жеріне қайтару үлкен бір міндет.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің естелігінен мына бір жолдарды келтіре кетсек артық болмас: "Қаныштың бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де, тарихшымен және тілші-әдебиетшімен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе білуі...” – деп жазыпты ол. Бұны тілге тиек етудегі ойым кемеңгер ғалымның "сегіз қырлы бір сырлы” екенін аузы дуалы адамның сөзімен нықтай түсу десем, бұған қоса ол домбыраға қосылып ән айтып, мандолинада еркін ойнайтын әрі әндер тарихын жетік білетін. Содан да ол 1926 жылы А.В.Затаевичтің өтінішімен Мәскеуде домбырамен сүйемелдеп, Баянауыл өңірінің 25 әнін жаздырған. Қаныш ағаның осы еңбегін жоғары бағалаған Қазақстанның халық әртісі А.В.Затаевичтің өзі былай дейді: "Томскінің технологиялық институтында білім алған Қаныш Имантайұлы жас қазақ инженері. Осы жинақ үшін тек әндер мен әуендер саласында ғана емес, сондай-ақ мәтіндері жөнінде де бірқатар құнды деректер берген, мәтіндерді орысша аудармасымен қамтамасыз еткен, Баянауыл әндерінің тамаша білгірі және жақсы орындаушысы...”

Қазақ даласының осындай алыпты дүниеге әкелуі, ғалымның соңында қаншама игі істердің қалуы жайдан-жай емес. Иә, Жезқазғанның дүниежүзілік мыс ошағы екенін әлемге паш етуі, Қазақстандағы тұңғыш геология ғылымдары институтын ашуы, Ұлттық Ғылым академиясының құрылуы, Қазақстан ғылымын сол кезде шоқтығы биік деңгейге көтеруі – Қазақ елінің мәңгі өшпес ескерткіші емес пе. Сонымен қатар, Сарыарқа төсіндегі "Ертіс-Қарағанды” каналы кемеңгер ғалымның көрегенділігі екені сөзсіз. 1947 жылы Кеңес делегациясының құрамында Англияда болған кездегі Сәтбаев пен Черчилль арасындағы әңгіме бүгінде аңызға айналған. Черчилль Қаныш ағаға барлай қарап: "Қазақтардың бәрі сіздей алып па?” – деп сұраса керек. Сонда Қаныш аға: "О, жоқ, халқым менен де биік!” – деп жауап берген екен. Міне, қысқа да нұсқа берілген жауабынан Қанағаңның даласына, халқына, ұлтына деген шынайы сүйіспеншілігін айқын көреміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ГЕОЛОГТАР - КЕН КӨЗІ

 

Авторы: Серікбай Маханұлы ақын-сазгер

ГЕОЛОГТАР- КЕН КӨЗІ .  
       (Қаныш Сәтбаевқа)                 
                                   
    Геолог  ісі – кен  байлық , 
    Кеннен  болар  денсаулық . 
       
  Заңғарлы тау, жазық дала төсінен , 
  Кен дәриясы  ағылды жер көзінен. 
  Сағым қуып, арман болған геологқа   
  Байлық сыры тілдеседі тезінен.

  Қара жерге қадалғанда бұрғысы, 
  Солқылдайды қайсар таудың шың-құзы.     
  Жолаушы боп жол тартады далаға 
  Туған елдің жарқыраған жұлдызы . 
                                                     
  Алай- түлей дауылдатқан бораннан, 
  Бар төңірек ақ көрпеге  оранған . 
  Боран- дауыл ер кісіге сөз емес 
  Кеннің көзін іздеп табар жоғалған.

  Қырағы көз геологтардың дүрбісі , 
  Өмір жасап , қала құру бір  ісі . 
  Туған жерде –елі үшін кен іздеп 
  Тоқтамайды дабыл қаққан жүрісі .

  Еске алсаң Қаратаудың жотасын , 
  Қайран дала меңіреу боп жататын. 
  Құрыш құйған қорғасыннан бұл күнде 
  Қарапайым еңбеккерлер жасасын .

  Солқылдатып,балға соғып өмірге, 
  Түр енгізді құлазыған  өңірге . 
  Қанат жайды неше керім жас қала 
  Жырға бөлеп , күйін шертіп көңілге. 
   
  Геологтардың басқан ізі кен болып , 
  Маңдай тері тіршілікке ем  қонып . 
  Тілегіне бір Аллаға  сыйынып  
  Ертеңіне жүргені  бір  жер  шолып . 
                       

 
  Жер бетінен байлық қалмас жасырын, 
  Асыға күтіп геологтардың  шатырын . 
  Күндіз- түні кен іздейді  өңірден 
  Көркін орап бейбітшілік ғасырын!

 

 

 

НАГРАДАЛАРЫ

 

 

 

 

 

 

 

АЯУЛЫ АЗАМАТТЫҢ ӨШПЕС ЕСІМІ

Қазақ ұлттық техникалық университеті - Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы техникалық білім беретін жоғары оқу орны. Кеңес Одағы кезінде Ленин атындағы Қазақ Политехникалық Институты деп аталды. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін институт университет мәртебесін алды және оған қазақтың ұлы перзенті геолог ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімі берілді. Университет Алматы қаласында орналасқан.

 

1933 жылы 20 қазанда КСРО Халық комиссариаты Алматы қаласында құрамында тау-кен және түсті металлдар факультеттері бар Қазақ тау-кен металлургия институтын құру жөнінде қаулы қабылдады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Халқымыздың рухани өміріндегі ерекше ұлы тұлға Қ.И.Сәтбаевтың есімі халқының жанында мәңгі сақталмақ. Оның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтына, Алматы, Балқаш, Семей т.б. қалалардағы көшелерге, кіші планетаға берілген. Қ.Имантайұлының құрметіне Жоңғар Алатауы, жотасындағы мұздақ пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында табылған «Сатбаевит» минералы «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сан қырлы талантын, ақыл ой парасатын туған халқының мерейін үстем етуге жұмсады. Оның өнегелі өмір жолы баршамызға үлгі. Белгілі қоғам қайраткері І.Омаровтың сөзімен айтсақ, «Қаныш қазақ топырағында туып, халқының сүтін ішіп, ер жетті де, сол халқының даңқын бүкіл әлемге көтерді. Өзі де сол шеңберде қалып қойған жоқ, дүние жүзіне белгілі болды.»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

    1. Аужанова Г. Қаныш Сәтбаев сан қырлы ғалым/ Г.Аужанова//  Қазақ тілі мен әдебиеті.-2005.-№5.-Б.98-99
    2. Қаныш аға: жеке тұлға өмір баяны/ құраст. Ш.Қ Сәтбаева, Ғ.О.Батырбеков, Ә.Қ.Жармағамбетов.-Алматы: Жазушы,1989.-400 б.
    3. Қазақстан: ұлттық энциклопедия. Т.7: Н-С / бас. Ред. Б.Аяған.-Алматы: Қазақ энцеклопедиясы,2005.-728 б.
    4. Қазақтар: көпшілікке арн. 9 томдық анықтамалық. 2 том: Тарихи тұлғала/ құраст.Р.Арын және т.б.-2 басылым, өңд., толықты.-Алматы: Білік,2003.-460 б.
    5. Тарихи тұлғалар/ құраст.: Б.Тоғысбаев,А.Сужикова.-Алматы: Алматыкітап, 2006.-37 б

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев