Араб мемлекетінің құрылуы



ЖОСПАР

 

Кіріспе ––––––––––––––––––––––––––––––––––– 3

 

І тарау. Араб мемлекетінің құрылуы  ––––––––––––––––10

ІІ тарау. Арабтардың Орта Азияны жаулап алуы ––––––––– 18

ІІІ тарау. Араб жаулап алушылығының Орта Азияға тигізген

ықпалы –––––––––––––––––––––––––––––––––––25

 

Қорытынды   –––––––––––––––––––––––––––––––35

Пайдаланған әдебиеттер тізімі –––––––––––––––––––– 38

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бергі уақыт әлемінің жекелеген халықтары мен өркениеттері үшін ірі дүмпулер мен өзгерістер заманы ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзат тағдырындағы бетбұрыс кезең де болып отыр. Осы “Ұлы жаңару кезеңі” (Л.Снайдер) әлемдік дамудың екі қарама-қарсы тенденцияларын: дүниежүзі елдерінің бір-бірімен барынша тығыз жақындасуы (ғаламдану) және әлемдегі әр түрлі өркениет ошақтарының оқшаулануы, өз ұлттық аймағындағы оқшаулануы (локалдану) сияқты тенденцияларды байқатып отыр. Алайда, болашақ осы екі беталыстың алғашқысында екеніне күмәніміз жоқ. Мұны бүкіл адамзаттың өткен тарихы дәлелдеп берді. Енді ғана табалдырығын аттаған жаңа ХХІ ғасыр әлемдік өркениеттердің ғаламдық сипатын одан әрі айқындай түсуде, өйткені сан-салалы дүниежүзілік процестердің қай-қайсының болмасын тағдыры өркениеттер тоғысы иірімдерімен тығыз байланысты болып келеді.

Әр түрлі деңгейдегі интеграциялану, атап айтқанда, Орталық Азия, Евразия және бүкіләлемдік деңгейлердегі интеграцияланудың аса қажеттілігі жөнінде елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та соңғы жылдары жиі айтып жүр және ол қазіргі таңда іс жүзіне асып та жатыр.1

Қазіргі таңдағы халықаралық байланыстардың барынша кеңеюі, интеграциялану мен ғаламданудың қарқын алуы бүкіл әлемдік мәдени-тарихи процеске әр түрлі аймақ халықтарының атсалысуы мәселесінің зерттелуін күн тәртібіне қойып отыр. Соның ішінде, әсіресе мәдениетаралық өзара ықпалдастық, оның оқшау этникалық мәдениеттерінің эволюциясындағы рөлі туралы мәселенің өзектілігі барынша артып отыр.

Мәдениеттің өзара ықпалдастығы – өзара қарым-қатынасқа түскен халықтардың дамуына және бүкіл адамзаттық мәдени қорының байытылуына ықпал ететін объективті құбылыс. “Мәдениет – бұл диалог, пікір алмасу және тәжірибе алмасу, басқа халықтардың құндылықтары мен дәстүрлерін игеру – оқшау жағдайда ол солып, кері кетеді”, – деп атап көрсетілді мәдениет саласындағы саясат жөніндегі бүкіләлемдік конференцияның Декларациясында.2 Қай халық болмасын басқа халықтардың мәдениетімен қарым-қатынаста болып, бір-біріне ықпал-әсерін тигізу арқылы байып, алға басып отыратыны белгілі. Бұл турасында өз кезінде атақты шығыстанушы В.В.Бартольд былай деп атап көрсеткен еді: “Прогрестің басты факторы – халықтар арасындағы өзара тығыз қарым-қатынастың болуында екені қазір дәлелденіп отыр, халықтардың өркендеп, дамуы немесе кері кетуі олардың нәсіліне немесе оларды қоршаған табиғи ортаға да байланысты емес, оның басты себебі – бұл халықтар өз тарихының әр түрлі кезеңінде халықтар арасындағы байланыс көпірін тұрғыза алды ма, жоқ па, міне осыған байланысты”.1

Халықтар арасындағы мұндай байланыс орта ғасырларда, негізінен, әр түрлі елдерді жаулап алу арқылы пайда болған ұлан-ғайыр империялар түрінде болды. Осындай империяның бірі – орта ғасырлық араб халифаты. Халифат өз дамуының ең бір шарықтау шегіне жеткен кезде “Ескі дүниенің” ширегінен астамын (Солтүстік Африкадан Үндістанға дейін) алып жатты. Мәселе бұл мемлекеттің көлемі жағынан аса ауқымды болуында ғана емес, тарих үшін ең маңыздысы – осы мемлекетте әр түрлі өркениеттер ықпалдастыққа түсе отырып, жаңа, жоғары дамыған мәдениетті туғызды. Бұл мәдениеттің тілі – араб тілі, ал идеологиялық негізі – ислам болды. Сондықтан да бұл мәдениет араб-мұсылман мәдениеті деген атқа ие болды. Араб-мұсылман мәдениеті жоқ жерден пайда болды дей алмаймы. Арабтар жаулап алған территорияда бағзы замандардан бері Тигр мен Ефраттың, Иран мен Сирияның, Египет пен Индияның, Алдыңғы және Орта Азияның өркениетті халықтары мекен етті.

Орта ғасырлардағы мұсылман елдеріндегі бұрын-соңғы болып көрмеген аса зор мәдени өрлеу көптеген шығыстанушылардың бұл дәуірді “Мұсылмандық Ренессанс” дәуірі деп сипаттауына негіз берді.

Мұсылмандық ренессанс мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппаған, даулы мәселелердің бірі болып табылады. Орта Азия аймағында Мұсылмандық ренессанстың әрекет ету ықпалына тартылды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұған мұсылман дәуірінде өмір сүрген әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Ибн Сина, т.б. сынды атақты ғұламалардың шығармашылығы бұлтартпас дәлел бола алады. Орта Азия топырағынан шыққан ұлы ғұламалар өздерінің теңдессіз туындылары арқылы өз уақытының интеллектуалдық дәрежесімен салыстырғанда аса жоғары деңгейге көтерілгені даусыз. Алайда, мұның өзі бұл ғұламалардың өз халқының бұған дейін жинақтаған мәдени жетістіктерін өз бойына сіңіріп, ары қарай дамуына сырттан жаңа бір серпін алғанынан деп ұғыну керек.2

Аравия түбегінде VІІ ғасырдың 20-жылдарында діни реформатор Мұхаммед пайғамбарымыздың қызметінің нәтижесінде пайда болған және пайғамбар қайтыс болғаннан кейінгі 20 жыл ішінде сол дәуірдегі аса қуатты державаға айналған Араб халифаты өзінің жаулап алушылық жорықтарымен сол кездегі Иран, Орта Азия және т.б. Орта ғасырлық мемлекеттер тарихына елеулі әсерін тигізгені бізге белгілі.

Араб-мұсылман өркениетінің тарихы сияқты, оның таралуына ықпал еткен факторлардың бірі болып табылатын араб жаулап алуларының тарихы да бұрмаланушылықпен қарастырылып келді. Европа және әсіресе орыс және кеңес зерттеушілерінің еңбектерінде арабтар тұрпайы діндерін күшпен енгізіп отырған ашкөз, фанатик жаулаушылар ретінде көрсетілді. Кеңес тарихнамасы соғысқа баға беруде әр кез методологиялық әлсіздік танытты.1 Патшалардың, қолбасшылар мен ақсүйектердің әрекеттеріне объективті баға беруге кедергі келтіретін “таптық көзқарас” үстем болды. Объективті талдаудың орнына “Кеңес одағы халықтарының шетжерлік жаулаушыларға қарсы бірігіп күресудегі тағдырының ортақтығын” дәлелдейтін идеологиялық тапсырысты орындауға ұмтылыс байқалды. Ғаламдық ауқымдағы оқиғаларға баға беруде, әркез бірдей орынды бола бермейтін тұрпайы “моральдылыққа” бой ұрылды. Мысалы: араб жаулап алуларына қатысты, ол кейініректе қандай мәдени және моральдық нәтижелерге алып келгендігі анағұрлық маңыздырақ. Соғыстар, жаулап алулар құрбандықтар мен қиратуларсыз болмайды. Тарих тек жасампаз ғана емес, ол сондай-ақ қиратушы да (соңғы нәтижеде жаңаны жасау мақсатында). Арабтар, түріктер, монғолдар әлемдік тарихта әрдайым күні өткен мәдениетті қиратушылар рөлін атқарып отырды. Ерте дүниенің соңына қарай Римнің, Иранның, Орта Азияның және басқа да аймақтардың өркениеттері құлдырап кеткен еді. Ескі өркениеттің орнына жаңа, прогресшіл өркениет орнауға тиіс болды. Мысалы, күні өткен антика өркениеті көшпелі халық – ғұндардың батысқа қарай қозғалысымен басталған халықтардың ұлы қоныс аударуы нәтижесінде талқандалып, орнына сапалы түрде жаңа өркениет пен қоғамдық қатынастар қалыптасты.2 Ерте замандардағы жаулауылықтың рөлін дұрыс түсіну үшін бізге араб-мұсылман мәдениетінің өкілдері көмекке келеді. Атап айтқанда, ХІV ғ. өмір сүрген атақты араб ойшылы Ибн Холдун мемлекеттер мен өркениеттердің пайда болу тарихында көшпенділердің рөліне аса зор маңыз берген.

Оның тарихи циклдар туралы теориясы бойынша баяу климатты елдерде көшпенділер тарихтың анағұрлым белсенді қозғаушы күші болып табылды. Олар отырықшы халықтарға қарағанда анағұрлым тез қозғалысқа түседі, шапшаң. Отырықшы елдердің жерлерін әркез жаулап ала отырып көшпенділер ұлан ғайыр империялар құрады. Алайда, жүз жиырма жылдай уақыт өткен соң жаулап алушы-көшпенділердің ұрпақтары, қалалық өмірдің қолайлы жағдайларында өмір сүре отырып, сол өмірге үйреніп және бірте-бірте өздеріне тән күш-қайрат, төзімділік, батылдық, тәуекелшілдік, климаттың қолайсыз жағдайларына шыдамдылық сияқты табиғи қасиеттерін жоғалта бастайды.1 Олар нәзік те әлсіз, жалқау әрі қорқақ бола бастайды: “ауа райының қолайсыздықтарынан оларды үйлері, ал жауларынан қамалдардың дуалдары мен жалдамалы әскері қорғайды және ең бастысы, оларда бірлік жоқ, мүліктік теңсіздіктің салдарынан олардың арасында алауыздық туындайды”. Қажет жағдайларының бәрі бар адамдар өмір сүруге қажет қаражат табу үшін еңбектенгісі келмейді, қоғамда тоқырау басталады. Қалалық өмірдің ықпалымен халықтың құлқы бұзылады, сөйтіп қоғам бірте-бірте азғындай бастайды. Сол уақытта көрші далалы аймақтардан көшпенді жаулаушылардың әскері келеді, сөйтіп тарих қайталанып отырады.2

Ибн Халдунның теориясы кейбір зерттеушілердің көшпенділерді жолында кездескеннің бәрін қырып-жоюшы, қиратушы күш ретінде көрсеткен тұжырымдарымен қайшы келеді. Көшпенділердің отырықшы аудандарды жаулап алуы, араб ойшылының пікірі бойынша, мемлекеттің құрылуына алып келеді. Осылайша, көшпенділер отырықшы егіншілердің территорияларын өзіне қосып ала отырып, “мықты экономикалық базаға ие болады, ал өздері қуатты әскери күшімен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді… Мұның өзі экономиканң тұрақтануына, қолөнердің гүлденуіне, жауланып алынған халықпен ортақ жоғары рухани мәдениеттің қалыптасуына және ең бастысы, әр түрлі этникалық бірліктерден құралған біртұтас халықтың қалыптасуына ықпал етіп отырды”.3

Осы тұрғыдан алғанда араб жаулап алуларын (араб әскерінің негізгі бөлігі көшпенді-бәдәуилер болған еді) күні біткен ежелгі өркениеттердің орнына жаңа, жас, прогресшіл өркениеттің орнауына ықпал еткен халықтардың ұлы қоныс аударуының құрамдас бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Батыс тарихнамасында, соның ішінде кеңес тарихнамасында да халықтардың ұлы қоныс аударуы дәуіріндегі Батыс Европадағы герман, кельт және басқа да тайпалардың қозғалыстары жөнінде өте көп зерттелген.  Бүкіл Европа континентінің қоғамдық-мәдени бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен бұл процестің басталуына Орталық Азиядан шыққан ғұн тайпаларының батысқа қарай жылжуы ықпал еткен еді. Зерттеуші Қ.Т.Жұмағұловтың пікірі бойынша дәл осындай құрылысты Шығыс тарихынан да байқауға болады.1 Әлемдік тарих үшін аса маңызды салдарлары болған арабтардың VІ-VІІІ ғғ. Азия, Африка және Европадағы қозғалыстары мен жаулаушылықтары осындай қозғалыстар еді.2 Алайда, тарихта елеулі із қалдырмай-ақ жойылып кетіп отырған германдықтардың, ғұндар мен түріктердің державаларынан өзгеше, араб жаулап алуларының нәтижесінде пайда болған империя – халифат әлемдік өркениетке өлшеусіз зор үлес қосты. Мәселе бұл мемлекеттің көлемі жағынан аса ауқымды болуында ғана емес, тарих үшін ең маңыздысы – осы империяда әр түрлі өркениеттер ықпалдастыққа түсе отырып, жаңа, жоғары дамыған өркениетті туғызды. Жаңа пайда болған өркениеттің материалдық және рухани жетістіктері бүкіл әлемді өзіне қаратты. Тұрпайы, дамудың төменгі сатысында тұрған халықтар тұрмақ, христиандардың өзі исламның, араб мәдениетінің, мұсылмандық өмір салтының ықпалына түсті, одан қолдан келгенше үйренуге тырысты.

Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Курстық жұмыс жазудағы алға қойған мақсатымыз араб жаулап алушылығының тарихи маңызын көрсету болып табылады. Осы мақсатты орындау үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

  • Мұхаммед пайғамбар негізін салған ислам дінінің күшімен біріккен араб мемлекетінің құрылуын анықтау;
  • Арабтардың Орта Азияны жаулап алу жолдарын көрсету;
  • Араб жаулап алушылығының Орта Азияға тигізген ықпалын анықтау;
  • Араб-мұсылман мәдениетінің Орта Азия халықтарына рухани, материалдық, мәдениетіне тигізген ықпалын қарастыру.

Курстық жұмыста негізінен біз VІІ-Х ғғ. кезеңін қамтыдық. Өйткені, дәл осы кезеңде араб мемлекеті пайда болып, өзінің жаулап алушылық жорықтарын бастаған еді.

Курстық жұмыстың құрылымы. Кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І тарау. Араб мемлекетінің құрылуы

 

Ұлан-ғайыр Аравия түбегінің көлемі 3 млн. км2. Ол шөл дала, құмды жер. Теңіз жағалаулары ғана егіншілікке жарамды. VІ ғасырда арабтар көшпелі мал шаруашылығымен айналысушыларға және отырықшы диқандарға бөлінетін. Оның ішінде араб қоғамының басым көпшілігі мал бағатын көшпелілер болатын. Олар бедуиндер деп аталатын. Малдан жылқы, қой, ешкі, түйе өсіретін. Шонжар бедуиндердің қора-қора малы, үйір-үйір асыл тұқымды жылқылары болды. Әр тайпада түк малы жоқ, тақыр кедейлер де жеткілікті болды. Олар көбінесе кесіртке мен жбайы құрманы қорек етті. Тайпалар руларға бөлінетін. Рудың бай қуатты отбасылары кедей туысқандарына қарайласуы керек болды. “Қанға – қан” деген кек алу дәстүрі болды. Тайпа басшысы шейх, ру басшысы – сайдтар өз қалауы бойынша басқарды (барлық мәселені өзі шешті).

Қолөнер, егіншілік Аравияның оңтүстік-батысында, Иеменде жақсы дамыды. Иеменнің ертерек дамуына оның сауда жолында делдалдық рөл атқаруы әсер етті. Ол Египет пен Палестинаның, Сирияның арасында, ал ІІ ғасырдан бастап бүкіл Жерорта теңізінде делдалдық рөл атқарды.

Үндістаннан теңіз арқылы әкелінген товарлар Иеменде түсіріліп, түйелерге артылып Палестина, Сирия арқылы Батыс Европа елдеріне жетіп жататын.

Аравияның батысындағы Хиджаз облысында Иеменнен Сирияға баратын жолда үлкен сауда-саттық қаласы Мекке орналасты. Оның көпестері көрші елдерге жылына бірнеше рет үлкен керуендер жабдықтап жіберіп отырды. Меккенің орталық алаңында куб тәріздес Кааба мешіті болды. Оның төрінде қасиетті “қара тас” тұрды, ал айналасында араб тайпаларының құдайларының мүсіндері қойылған болатын. Әр тайпа өз құдайына құлшылық етті. Бұл арабтар арасында алауыздықты күшейте түсті. Каабаның маңында жанжалға, айтыс-тартысқа, ұрыс-керістерге тыйым салынды.

V-І ғасырларда арабтар елінде алғашқы қауымдық құрылыспен қатар, құлдық қоғам да орын алды. Бірақ құл иеленушілік қатынас дамып, жетілмеді. Алғашқы қауымдық құрылыс негізінде феодалдық қатынастар да қалыптаса бастады.

Арабтардың жеке топтары біздің заманымызға дейін-ақ көршілес Палестина, Сирия елдеріне қоныс аударып, тіпті Иорданияда арабтардың Гассанид патшалығы да құрылған болатын. ІV ғасырға қарай Месопотомия мен Сирия шекарасында Лахмидтер әулеті басқарған араб патшалығы құрылды. Ол VІІ ғасырдың басына дейін сасанидтік Иранға вассалдық тәуелділікте болды.

Біздің заманызға дейінгі І ғасырда арабтар Египетке де қоныс аударды. Мысалы: Копт қаласындағы тұрғындардың жартысына жуығы арабтар болды. Бұл жағдай кейін араб жаулап алушылығын жеңілдетті.

Шонжар арабтар көршілес бай елдерді – Сирияны, Египетті, Иранды жаулап алуды аңсайды. Бұл жерлерден бағалы олжа, жер, мал басып алуға болатын еді. Бұл елдердің байлығына қызықтырып, өз кедей-кепшіктерін жорыққа әкетуге тырысты. Бірақ соғысты ойдағыдай жүргізу үшін араб тайпаларын біріктіру керек болды.

Бірігуге араб көпестері де ынталы болды. Өйткені, VІІ ғасырдың басында Аравияның оңтүстік бөлігі мен Қызыл теңізге шығатын жолды Иран басып алды, ал Аравияның солтүстігінде Византия үстемдік етті. Бұл Мекке мен Иеменнің делдалдық саудасына зиян келтірді. Бұрын керуен саудасынан пайда көретін бедуин тайпасы, енді кедейлене түсті.

1853 жылы К.Маркстің Ф.Энгельске жазған хатында “Могамет уақытында Европадан Азияға шығатын сауда жолы ерекше өзгерді және араб қалаларының ол уақытта сауда қатынасы нашарлау болды” делінген.1

Сауда барған сайын нашарлай берді: көпес керуендері Қызыл теңіз жағасына сирек келетін болды. Сондықтан да бай көпестер бұрынғы сауда жолдарын қалпына келтіру және жаңа жолдарды басып алу үшін араб халықтарын біріктіріп, жорыққа аттануға мүдделі болды.

Араб тайпаларын біріктіріп, көршілес бай елдерді басып алу үшін шонжарлар жаңа дінді – ислам дінін пайдаланды. Ол діннің негізін Мұхаммед пайғамбар қалады.

Мұхаммед пайғамбар 570 (571) – 632 жылдары өмір сүрген. Ол Меккеде үстемдік құрған корейшиттердің кедейленген отбасында өмірге келген. Әкесінің аты – Абдулла, анасының аты – Әмина. Ана құрсағында пайда болғанына жеті ай толғанда әкесі дүние салады. Мұхаммед пайғамбар туғанда күн шықпай тұрып-ақ оның жүзінде рисалат нұры құйылған (жамандықты айырылтушы сәуле). Ешбір заманда нәресте дүниеге келгенде нақ мұндай құбылыс болмаған және тіпті болмайды екен. Рисалат нұры қараған көздерді қарықтырады.

Төрт жасына дейін сүтанасы Халиманың бауырында болды. Содан соң өз үйіне табыс етілді. Алты жасында туған анасы Әмина дүние салды. Енді оны атасы Абдулмүтәліп қолына алды. Бірақ анасы қайтыс болғаннан кейінгі екі жылдан соң, сегіз жасқа келгенде атасы да дүниеден өтті. Бұл жолы ол немере ағасы Әбутәліптің жанында қалды.

Жиырма бес жасында Хұбайлиз қызы Хадиша–Кубра анамызға (Аллаға сыйынушылар анасы) үйленді. Ол анамыз Мұхаммедтен 15 жас үлкен болған. Пайғамбарымыз Хадиша анамызбен жиырма бес жыл өмір сүрген. Алла тағала Мұхаммед пайғамбарымызға Құранды – мұсылмандардың қасиетті кітабын – ол қырық жасқа келгенде жібере бастады.1

Мұхаммед пайғамбарымызға Алла тағала атынан кәрімнің уағыздарын біртіндеп төбе періштенің бірі Жебірейіл Ғалайһи уәссалам әкеліп тұрған. Құран 23 жыл ішінде түсіп болды. Құранда 114 сүре бар. Ол сүрелер меккелік және мединелік болып екіге бөлінеді. Меккелік сүрелердің саны – 90, ал мединелік сүрелердің саны – 24. Сүрелер аяттардан тұрады. Аяттар (өлеңді сөз жолдары) саны әрқайсысында әр түрлі. Мысалы, “Фатиха” деп аталатын бастаушы сүреде жеті аят болса, ең ұзақ екінші сүре “Бахарада” 286 аят бар.

“Мұхаммед пайғамбарымыздың тірі кезінде Алла тағаланың сөзі қағаз бетіне түспей, ауызша тараған. Алланың сөздерін жатқа білетін мұсылмандарды “қари” деп атаған. Алайда, Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін қасиетті сөздердің жоғалып кету қаупі төнеді. Сондықтан Әбу Бәкір Халиф Мұхаммед пайғамбардың хатшысы болған Зәйд ибн Сәбитке Алла тағаланың сөзін жинап, кітап етіп құрастыруды аманаттайды. Үшінші халиф тұсында Зәйд ибн Сәбит көмекшілерімен бірге құранды төрт дана кітап етіп жазып шығады. Осман Халиф бұл төрт дана кітапты заңды Құран деп жариялап, Медине, Димашық, Куфа, Басыра қалаларында сақтауға әмір етеді”.2

Өз уағызын 610 жылы бастаған Мұхаммед пайғамбар 622 жылы Ясрибке (Медине) қоныс аударуға мәжбүр болды. Өйткені, исламға дейінгі діндердің дінбасылары, ақсүйектер оған дінді еркін таратуға мүмкіншілік бермей, қарсылық көрсетеді. Осы себептен пайғамбарымыз туып-өскен Мекке қаласынан Медине қаласына көшеді. Осы жыл – 622 жыл – мұсылмандардың бірінші жылы болып саналады. Бұл “хиджра”, яғни “көшу” жылы деп аталады. Ясриб сол жылдан бері Медина – “пайғамбар қаласы” деп аталады.

Айша – Мұхаммед пайғамбардың сүйікті әйелі. Оған тоғыз жасында үйленген. Мұхаммед пайғамбардың төрт қызы болды: Зейнеп, Рұқия (Ұрқия), Үмму Күлсім, Фатима (Аллаға сыйынушылар сүйіктісі). Үш ұлы болған: Ибраһим, Қасым, Абдулла. Мұхаммед пайғамбардың уағыздаған діні ислам деп аталды. Әл-Ислам (“Құдайға берілу”, “Құдайға құлшылық ету”) – дүние жүзіне кең тараған сенімдердің бірі. Ол дінді ұстаушылар мұсылмандар деп аталады.3

Осыдан 4 ғасыр бұрын, яғни VІІ ғасыр басында Мұхаммед пайғамбар жариялаған жаңа дін – исламмен біріктірілген арабтар Аравия түбегінен кең тарихи сахнаға шықты. Пайғамбардың ізбасарлары, яғни халифтер тұсында олар Пиреней тауынан Инд өзеніне дейін созылып жатқан орасан зор территорияда, көне мәдениеттің жұртында, жаңа этникалық өркениет және ұлы империя құрды.1

Бұл жайлы Зубов былай дейді: “Арабтар Мұхаммед пайғамбардың уағызын қабылдап, бірнеше онжылдық ішінде олардың әкелері мен аталары ойламаған империя мен мәдениетке жетті…”2

Артта қалған көшпелі және жартылай отырықшы тайпалар ғалымдардың, философтарды, ақындардың батыр жаулаушы ұлтына айналды. Жаңадан туған өркениеттің материалдық және рухани жетістіктері бүкіл әлемді өзіне бағындырды. Христиандардың өздері де мұсылмандардың ықпалына түсіп қалды. Араб ғылымы, өмір сүру бейнесі әсер етпей қоймады.

Г.Э.Фон Грюнебаумның сөздері бойынша: “Мұсылман діні – өзінің қайталанбас идеологиялық күш-қуаты бар айбынды да, сәулетті, керемет бір ғимарат болып табылады”.3

Таяу Шығыстағы елдердің басым бөлігі мұсылмандарға “тез және бейбіт” түрде жаулап алынды, “жергілікті тұрғындар жаулап алушыларға дос ретінде қарамаса да, жау ретінде де қабылдамады”4, – дейді Беленицкий.

Гумилевтің көзқарасы бойынша мұсылманға дейінгі Хорезмді “қартайған және шаршаған” деп атаса, сонымен қатар, мұсылман діні басқа да соғысушы елдердің экономикалық, саудасының жағдайының жақсаруына көмек етті деп көрсетеді.5

Ислам діні мұқтаждықтағы адамзатқа нелер әкелгенін және Хазірет Мұхаммед сыйлаған ислам нұсқауының адамзатқа қандай қызмет көрсеткенін орынды тілмен жеткізу үшін сол кезеңдегі дүние жағдайына жалпы бір назар салғанымыз орынды болар. Жаңа эраның VІ ғасырында, әлемде аспанды қара бұлт торлаған дүниеде адамзаттың бірден-бір тілегі болған алаңсыздық пен тыныштық, бейғамдық пен қауіпсіздік ғайыптарда болатын. Әлемнің әр шеті қанды қырғынның қамауында еді.

Испания мен оңтүстік Францияда сұлтандық дау-шардан туған саяси алқымдасуы мен жанжалдар өрбіп жатса, Францияда вестготтар мен франктер арасындағы соғыс тарихтың ең қайғылы беттерін жазуда еді. Англо-саксондар Англия аралын басып алғандықтан, онда да қанды қақтығыс жүріп жатқан. Бүгінгі таңда мәдениет, көркемөнердің қайнары болған Англия, өз кезеңінде жыртқыштық пен шексіз зорлық-зомбылық құрсауында еді. Италияда ромалықтар әуелгі атақ-абыройынан айырылған, сол кездік мығым императорлығының орталығы болған Рома қаласы, шылғи дін орталығына айналған. Тың бір Рома-Герман ұлттық қауымын ұйымдастыру, жаңа бір Батыс Рома императорлығын құруды армандаған Теодорих тілегіне жете алмай өлген; ішкі-сыртқы жасырын тәсілдермен алысқан кейін құрылған Романдағы бұл Герман-Гот ақырында егемендікке жеткен. Бұл егемендіктің шекарасы Сижилиядан Тұна қайнарларына және Далмасиа Алыптарына дейінгі кең алаңға созылып жататын.

Бизанс бұрынғы тарихи даңқынан мақұрым, күңгірт күйде еді. Шығыс Европа Рен өзенінен бастап шығыста Тұнаға дейінгі ұрыс-қағыспен қым-қуыт болып, басып алуға енді-енді қарсы келе бастаған. Скандинавиялықтар, норвештер, данимаркалықтар, готтар мен ғұндарға қарай бет алып, басып алу жолына ұмтылған. Ұлттар көшкен, елдер құруға бет алған; осы елдерге христиандық жаңа тараған; көне, алғашқы діндердің ізі жоғала бастаған; Мазхаппен діни шайқас жүріп жатқан – Европада қысқаша жағдай осындай көрініс беруде еді.

Азияға келсек, ол да Европадан қалыспайтын. Тілдер мен ой-пікірдің қайнары болған Хинд пен Тибет, саяси және философиялық мәселенің ең таңданарлығы болды. Қытай ішкі және сыртқы соғыстармен, діни тартыстармен өзара шырмалуда еді.

Азияның солтүстігі ол кезде белгісіз болатын. Иран болса Бизанспен үнемі соғыс күйінде еді. Ирак мезхеп соғыстарына сахна болуда еді.

Африкада ромалықтар мен гректер Мысырды тонып, осы байырғы мәдениет өлкесін сорып жатқан, Африканың солтүстігі де қара бұлттар торлаған, қорқынышты даул үйіруде болатын. Бүтін дүниеге жайылған осы күйден араша қалған жалғыз ел болса, ол Арабстан жарты аралы еді.1

Мұхаммед пайғамбар арабтарды бір ғанав құдайға табынуға өзара жауласуды тоқтатуға, бірігуге шақырады. 630-жыл шамасында араб тайпаларының көпшілігі ислам дінін қабылдайды. Мұхаммед өкіметін мойындайды. Мекке мұсылман дінінің орталығына, бүкіл мұсылмандардың “қасиетті” қаласына айналады. Мұхаммед мемлекет пен мұсылман мешітінің басқарушысы болды. Мұхаммед өлгеннен кейін (632) көп ұзамай, мұсылмандар бүкіл Аравияны өзіне бағындырып алды. Араб мемлекетін “халифат” (“пайғамбардың орынбасарлары”) басқарды.

Арабтардың жаулап алу алғышарты VІ-VІІ ғғ. Араб қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық алға жылжуы болды. VІІ ғ. Басында Аравия жарты аралының тұрғындарының көп бөлшегі көшпенділер (бедуиндер – “сахарада тұрушы”) еді.

Олар негізінен түйе және ешкі, аздаған қой және жылқы өсірді. Оңтүстік Аравияда (Иемен, Ходрамаут және Махра), сонымен қатар Аравия оазистерінде арпа, құрма ағашын, жүзім, аздап бидай және жеміс ағаштарын өсіретін араб жер иеленушілері болды. Арабтардың үлкен бөлігінде бедуиндерде, сонымен қатар жер иеленушілерде VІІ ғ. тайпа және руға бөліну сақталды. Бұл патриархалды-ру қауымы мүліктік және әлеуметтік жіктелу процесін басынан кешті, тайпа ішінен тайпа ақсүйектері – ірі атар және құлдары бар, көбіне керуен саудасымен айналысатын байлар ерекшеленді. Таптық қоғам Аравияның оңтүстік-батыс, Иемен, Жарты арал мен Индия елдерімен керуен-теңіз сауда жолы жатқан Арабияның экономикалық және мәдени салалары дамыған облыстарында болды.

Кеңес ғалымдарының ішінде араб қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы екі көзқарас қалыптасқан. Кеңес ғалымдарының бір тобы (А.Ю.Якубовский, С.П.Толстов, Б.Н.Заходер, Е.А.Беляев) арабтардың жаулап алу жорығына дейін феодализмнің нышаны байқалмайдыдейді. Аравияда қалыптасқан құл иеленушілік қатынас көрші елдерден жеке жатқанда үстемдік етуші өндіріс тәсілінде дамыр еді. Бірақ, VІІ-VІІІ ғ. Басында үлкен жаулап алушылық нәтижесінде Аравия және арабтар Таяу және Орта Шығыста болған феодалдану процесіне тартылды және арабтарда құл иеленушілік ескі құрылыста қалды.

Басқа кеңес ғалымдарының ойынша (Н.В.Пигулевская, т.б.) араб қоғамында жаулап алу жорығына дейін (VІІ ғ.) феодалдық қатынас дамыған. Бұл проблема әлі де болса жете зерттелмеген.

Бірінші халиф Абу Бәкір Аравияның толқуларын басып, ішкі іспен айналысса, ал Омар, Осман, Әли кезінде назар Византия облыстарына – Сирия, Палестина, Египет, сонымен қатар Иран жағына әскери жорыққа аударылды. Жаулап алушылық жорықтың инициативті рөлі – олжа және эксплуатациялау үшін жаңа жер алуға ұмтылды.

VІІ ғ. бірінші жартысында араб әскері Византияның, парсылықтардан ерекшеленді.

Араб әскері жаяу және солтүстік атты әскерден құралды, бірақ арабтарда алғашқы кезде ат аз болғандықтан, салт аттылардың көбі түйелерді пайдаланды. Әскер ұйымы ру-тайпалық сипатта болды, яғни рудан және тайпадан құралды. Ұсақ әскери бірліктерден, ондықтар бір ру мүшелерінен құрылды. Ал ірі бірлестіктер бір тайпадағылар болды. Көбінесе ұрыста жақсы таныс және жақын жерлестер, руластар бір-бірімен қатар тұрды, бұл ұрыс алаңында коллективті ұйымдастырды. Оңтүстік арабтар және солтүстік арабтар тайпалары арасында жауластық болды. Бұл әсіресе омиядтар династиясы (661) кезінде күшейді.

Араб әскері өздерінің қарулануы жағынан Византия және парсы әскерінен әлсіз болды. Византиялықтар мен парсылар секілді арабтарда керекті қылыш, қаруланған атты әскерлері болмады. Бірақ араб әскері сан жағынан қарсыластарынан басым болды. Араб әскерлері ұрыс алаңында босаған аттарды ұстап алып, өздерінің атты әскерін толықтырып отырды. Араб әскеріне тән ерекшелік олар тез қамданып, қимылауға епті болды. Оларда арбалы керуен болмағандықтан, шөл дала мен сусыз жоталардан тез өтті, бірақ таулы жерлерде көп қиыншылықтарға тап болған. Араб әскерлерінің ептілігі олардың қарсыластары үшін қауіпті болды, өйткені арабтар қарсыласының тылына оңай кіріп, жойып және олардың арбалы керуенін жаулап, тонап алып, оның коммуникациясын құртты.

Араб жаулап алушылығын Иран және Византия мемлекеттерінің әскери және саяси, сонымен қатар осы елдердің сыртқы қайшылықтары да жеңілдетті. Керісінше, арабтардың әлеуметтік қайшылықтары салыстырмалы түрде терең болмады.

Араб жаулап алушылығы ол кезде қоршаған дүние жүзіне құлақ естіп, көз көрмеген дәрежеде жүрді. Негізгі оқиғалар Омар, Осман және Әли халифтер тұсында болды. 635 жылы арабтар Дамаскіні, 636 жылы Палестинада Ярмук елінде Византия императоры Ираклидидің әскерін талқанады, 636 жылы Антиохияны, 640 жылы палестиналық Кесариді, 640 жылы Армения мен Египетке басып кірді. Нәтижесінде VІІІ ғ. Басында арабтар Византияның 3/2 бөлігі – Арменияны, Сирияны, Палестинаны, Египетті және Солтүстік Африканы тартып алды.

Халифаттағы барлық жер әуелде халифаттың меншігі болып есептелді. Ол елді наместниктері арқылы басқарды. Наместник өзі қызмет атқаратын мерзіміне қарай пайдалануға жер алып отырды. Халықтан жиналған салықтардың есебінен ол чиновниктер мен әскер ұстады. Бертін келе халиф жердің бір бөлігін шонжарлардың тұрақты иемденуіне берді. Шығыс елдерінде егіншілік пен суармалы жерлерде ғана шұғылдануға болатын еді. “Сусыз жер – өлі жер” дейді араб мақалы.

Халифатта тұтқындар еңбегі де кеңінен пайдаланылды. Олар кен қазу жұмыстарында істеді: батпақтарды құрғатты, каналдар салды. Құлдар шонжарлардың үйлерінде малай, халифті қорғайтын жасақшы болды, бірақ еңбекшілер бұқарасының басым көпшілігі құлдар емес, тәуелді шаруалар еді. Халиф өз әскер басшылары мен ерекше еңбек сіңірген қызметкерлеріне жер үлестіріп беріп отырды. Ол үлес “ихта” деп аталды. Ихта үшін оның иесі салық төлейтін болды. Омар халиф (634-644) ол иелікті игеруге міндеттеді. Егер бос жатса, үкімет қайта алып қоятын болды. Бұқара халық үшыр (құшыр), зекет, харадж (қалан), т.б. салықтар төледі. Ұшыр – жан басынан жиналатын жер салығы. Ислам дініне енбеген халықтар жизья деген ақшалай салық төледі. Егер мұсылман болса бұл салықтан босатылды. Харадж деген егін салығы. Ол жинаған өнімнің үштен бірін құрайтын. Зекет – шариғатқа негізделген, мешіт үшін салынатын мал салығы.

Бастапқыда халифат ішіндегі әрбір ел өз бетінше, бұрынғы қалпымен өмір сүре берген еді. Жағдай аббасилер (750-1258) әулетінің билікке келуімен өзгерді. Осы кезде барлық мұсылмандардың құқықтық жағынан теңестірілуіне байланысты халифаттың барлық аймақтарында ислам діні қарқынды түрде тарап, қасиетті құран мен пайғамбар хадистерінің тілі – араб тілі кеңінен енгізілді. Халифаттың батыс бөлігінде – Месопотомия, Сирия, Египет, Солтүстік Африкада ол бірте-бірте жергілікті халықтың ана тіліне айналды. Сөйтіп, Аббаси халифатының ыдырауы қарсаңында, яғни ІХ ғасырдың екінші жартысында оның батыс бөлігі біржолата арабтандырылды. Жаулап алушылардың аз ғана тобы аса көп жауланып алынған халықтардың арасына сіңісіп кетпегені былай тұрсын, керісінше, оларды өз этнографиялық ықпалына бағындырды. Оның үстіне араб тілінің жеңісі араб үкіметі шараларының нәтижесінде емес, керісінше оның еркіне қарсы іске асты. Жаулап алынған халықтар арасында ислам дінінің таралуы халифаттың бүкіл қаржы жүйесін бұзды; үкімет мұсылман емес халықтардың арасында мемлекеттік тілдің тарауын тіпті де қаламаған еді: христиандарға арабша сөйлеуге және өз балаларын мұсылман мектептерінде оқытуға тиым салынды.1 Соған қарамастан ислам орасан көп халықтың дініне айналды және халықтың ислам дінін қабылдамаған бөлігінің өзі араб тілін қабылдады (мысалы, Ал-Андалустағы мосарабтар).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ тарау. Арабтардың Орта Азияны жаулап алуы

 

Араб халифатының Аравия түбегінде VІІ ғасырдың 20-жылдарында діни реформатор Мұхаммед пайғамбардың қызметінің нәтижесінде пайда болған және пайғамбар қайтыс болғаннан кейінгі 20 жыл ішінде сол дәуірдегі аса қуатты державалар – сасанилік Иран мен Византия империясының айтарлықтай бөлігін жаулап алған мемлекеттің – бір қарағанда, орта ғасырлардың басында бірінен кейін бірі пайда болып, бірақ елеусіз жойылып кетіп отырған көптеген мемлекеттерден еш айырмашылығы жоқ болып көрінуі мүмкін. Басқа да мемлекеттер сияқты арабтар өзінен анағұрлым дамыған елдерді өзіне бағындырды. Алайда, халифат ғұндардың, готтар мен түріктердің ұлан-байтақ державаларымен салыстырғанда анағұрлым ұзақ өмір сүруі сондай-ақ әлемдік тарихқа өлшеусіз зор ықпал етті.

Араб мемлекетінің құрылуы