Автоматика, телемеханика және телекоммуникациялардың техникалық құрылымы

  1. Автоматика, телемеханика және телекоммуникациялардың техникалық құрылымы

 

 

Сигнал команда болып табылады және темір жол көлігі қызметкерлерінің сөзсіз орындауына жатады.

 Поездар қозғалысы және маневрлік жұмыспен байланысты сигнализацияда мынадай негізгі сигналдық түстер қолданылады:

1) жасыл - белгіленген жылдамдықпен  қозғалуға рұқсат беретін;

2) сары - қозғалуға рұқсат беретін және жылдамдықты төмендетуді талап ететін;

3) қызыл - тоқтауды талап  ететін;

4) айдай ақ - маневрлерге  рұқсат беретін;

5) көк - маневрлерге тыйым салатын.

 Бағдаршамның тыйым  салатын көрсетуіне жүріс рұқсат етілмейді.

Бағдаршамдардың сөнген сигналдық жарықтары (автоматтық бұғаттаумен жарақтандырылмаған учаскелердегі ескерту белгілерінен, бөгегіш және қайталағыштарынан басқа), олардың түсініксіз көрсетуі, сондай-ақ басқа сигнал аспаптардың түсініксіз сигнал беруі тоқтатуды талап етеді.

Жабық бағдаршаммен (түсініксіз көрсету немесе сөніп қалған) жүріп өту уәкілетті орган бекітетін Темір жол көлігіндегі поездар қозғалысы мен маневрлік жұмыстар жөніндегі нұсқаулықта белгіленген тәртіпке сәйкес рұқсат етіледі.

 Сигналдық түстер қолдану  тәртібі және сингалдық көрсетулердің  өту жылдамдығы уәкілетті орган бекіткен Сигнализация жөніндегі нұсқаулықтабелгіленеді.

Сигналдарды қабылдауға кедергі жасайтын және сигналдық көрсетулерді бұрмалайтын қызыл, сары және жасыл түсті әшекейлік жаймаларды, плакаттарды және шамдарды орнатуға рұқсат етілмейді.

 Сигналдық шынылар  мен линзалардың түсі белгіленген  стандарттарға сәйкес болады.

Магистральдық темір жол желісінде тұрақты сигнал аспаптары ретінде бағдаршамдар қолданылады.

 Кіру, ескертпелік, өтпелі, бөгегіш және қоршау бағдаршамдардың  қызыл, сары және жасыл сигналдық  жарықтары жолдың түзу учаскелерінде  жақындап келе жатқан поездың  локомотивінің басқару кабинасынан  күндіз және түнде кем дегенде 1000 м қашықтықта анық көрінеді.

Жолдың қисық учаскелерінде бұл бағдаршамдардың, сондай-ақ бағдаршамдардағы сигналдық жолақтардың көрсетулері кем дегенде 400 м қашықтықта анық көрінуі тиіс. Қатты ойлы-қырлы жерде (таулар, терең ойықтар) аталған бағдаршамдар көрсетулерінің 400 м-ден кем, бірақ 200 м- қашықтық көрінуіне рұқсат етіледі.

Басты жолдардың шығу және маршруттық бағдаршамдардың көрсетулері кем дегенде көрсетулері 400 м-ге дейін, бүйір жолдардың шығу және маршруттық бағдаршамдарының, сондай-ақ шақыру сигналдарының және маневрлік бағдаршамдардың көрсетулері кем дегенде 200 м қашықтықта анық көрінуі тиіс.

 Барлық кіру және  өту бағдаршамдардың және қорғау  бағдаршамдарының алдында ескертпелік бағдаршамдар орнатылады. Автобұғаттаумен жабдықталған учаскелерде әрбір өту бағдаршамы келесі бағдаршамға қатысты ескертпелік бағдаршамы болып табылады.

Автоматты локомотив сигнализациясы сигнализация және байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын учаскелерде ескертпелік бағдаршамдары кіру бағдаршамдары алдында орнатылмайды.

 Үш таңбалы сигнаизациясы  бар автобұғаттаумен жабдықталған  желілерде толық қызметтік тежеу  және барынша қолданған жылдамдық  кезінде берілген орын үшін  белгіленген тежеу жолынан кем  болмауы тиіс, алайда ол жолаушы поездары үшін сағатына 80 км-ден астам емес кезінде және сонымен қатар автоматты локомотивтік сигнализация мен автоматты құрылғыларының поездың тежегіш жүйесіне әсер етуі үшін қажет уақыт ішінде поезд өтіп үлгеретін жолды есепке алғанда іргелес бағдаршамдар арасындағы қашықтық шұғыл тежеу жолынан кем болмауы тиіс. Бұл ретте, сигналдардың көрінуі 400 м-ден кем учаскелерде, сондай-ақ автобұғаттаумен жаңадан жарақтандырылған желілерден бұл қашықтық кемінде 1000 болуы тиіс.

Үш таңбалы сигнализациясы бар автобұғаттаумен бұрын жабдықталған желілерде жекелеген бағдаршамдар қажетті тежеу жолынан кем қашықтықта орнатылады. Мұндай бағдаршамда, сондай-ақ оның ескертпелік бағдаршамында жарықтық нұсқағыштар орнатылуы тиіс. Станцияларда жарық нұсқағыштар бас жолдың шектес (кіру, маршруттық, шығу) бағдаршамдары арасындағы қашықтық қажетті тежеу жолынан кем болғанда қолданылады.

 Үш таңбалы сигнализация  үшін белгіленген ең аз ұзындықтан  қысқа блок-учаскелері болуы талап  етілетін қала маңындағы поездардың  қозғалысы ерекше қарқынды желілер  төрт таңбалы сигнализациясы  бар автобұғаттаумен жабдықталады.

Үш таңбалы сигнализациямен жарақтандырылған желілерде, олар арқылы жолаушы поездары сағатына 120 км жылдамдықпен немесе жүк поездары сағатына 80 км жоғары жылдамдықпен айналғанда, егер қызметтік тежеуді қолдануы барысында локомотивтік бағдаршамның жасыл жарығы сары жарыққа ауысқанда поездардың жол бағдаршамының алдында тоқтауы қамтамасыз етілсе, олардың белгіленген барынша жылдамдықпен қозғалысы локомотивтік бағдаршамның жасыл жарығы кезінде рұқсат етіледі.

Жартылай автоматты бұғаттауы бар учаскелерде кіру, маршруттық, шығу бағдаршамдары арасындағы қашықтық толық қызметтік тежеу және барынша іске асырылатын жылдамдық кезінде белгілі бір орын үшін белгіленген тежеу жолынан кем болмауы, ал автоматты локомотивтік сигнализациясының жол құрылғылары бар кезінде, сонымен қатар бұл қашықтық автоматты локомотивтік сигнализациясы мен автотоқтату құрылғыларының поездың тежеу жүйесіне ықпал етуі үшін қажет уақыт ішінде поезд өтіп үлгеретін жолды ескергенде жедел тежеу кезінде тежеу жолынан кем болмауы тиіс.

 Автобұғаттаумен жабдықталмаған учаскелерде ескертпелік бағдаршамдары негізгі бағдаршамдардан жедел тежеу кезінде және барынша іске асырылатын жылдамдық барысында осы орын үшін белгіленген тежеу жолынан кем емес қашықтықта, ал учаскелерде автоматты локомотив сигнализациясының жол құрылғылары болған кезде автоматты локомотив сигнализациясы мен автотоқтату құрылғыларының поездың тежеу жүйесіне ықпал етуі үшін қажет уақыт ішінде поезд өтетін жолды ескергенде шұғыл тежеу кезінде тежеу жолынан кем болмайтын қашықтықта орнатылады.

Автоматты локомотив сигнализациясы сигнализация және байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын учаскелерде екі шектес блок-учаскенің ұзындығы барынша іске асырылатын жылдамдықта автоматты локомотив сигнализациясы мен автотоқтату құрылғыларының поездың тежеу жүйесіне әсер етуі үшін қажет уақыт ішінде поезд өтетін жолды есепке алғанда жедел тежеу кезінде тежеу жолынан кем болмауы тиіс.

 Бағдаршамдар қозғалыс бағыты бойынша оң жақта немесе олар қоршаған жол осінің үстіне орнатылады. Қоршау және жолмен дұрыс жүріп келе жатпаған поездар үшін өтпелердің алдындағы аралықтарда орнатылатын оларды ескерту бағдаршамдары қозғалыс бағыты бойынша сол жақта орналасады.

 Бағдаршамдарды оң  жақта орнату үшін габариттер болмаған жағдайларда:

1) теріс жолмен келе жатқан поездарды, сондай-ақ теріс жолмен аралықтан қайтып келе жатқан итермелеу локомотивтер мен шаруашылық поездарын станцияға қабылдау үшін орнатылатын кіру бағдаршамдары мен олардың ескертпелік бағдаршамдарды;

2) екінші жолдарды салу мерзіміне уақытша орнатылатын кіру және өту бағдаршамдарын сол жаққа орнатуға рұқсат етіледі.

Маневрлік жұмыс технологиясы жағдайларынан туындайтын жекелеген станцияларда дөңестік бағдаршамдарды сол жақта орнатуға рұқсат етіледі.

Қалыпты жанатын сигналдық жарықтары бар бағдаршамдар қолданылады.

Автобұғаттауы бар желілерде олардың алдындағы блок-учаскеге поезд кірген кезде жанатын өту бағдаршамдарында қалыпты жанбайтын сигналдық жарықтарды қолдануға рұқсат етіледі.

Басқару құрылғыларының ақаулылығы пайда болған кезде бағдаршамдар автоматты түрде тыйым салатын көрсетуге ауысуы, ал ескертпелік бағдаршамдар - оларға қатысы бар негізгі бағдаршамдардың тыйым салатын көрсетуіне сәйкес ауысуы тиіс.

Автобұғаттаумен жабдықталған учаскелерде өту бағдаршамдарының қалыпты көрсетуі ретінде - рұқсаттық көрсетуі, ал кіру, маршруттық және шығу бағдаршамдарының - тыйым салатын көрсетуі болып табылады.

Станция арқылы поездардың тоқтамай өтуі үшін кіру, маршруттық және шығу бағдаршамдары автоматты қимылға ауыса алатын магистральдық темір жол желісінің учаскелерінде рұқсаттық көрсетулері, оларды автоматты жұмысқа ауыстырған кезде қалыпты болып табылады.

Автобұғаттаумен жабдықталмаған учаскелерде кіру, шығу, өту және маршруттық бағдаршамдарының қалыпты көрсетуі ретінде тыйым салу көрсетуі болып табылады.

Кіру бағдаршамдары қарсы бағытты үшкірден немесе оң бағыттамалық бұрманың шектік бағаншасынан бастап есептегенде, бірінші кіру бағыттамалық бұрмасынан 50 м-ден кем емес қашықтықта орнатылуы тиіс.

Бұрын бағыттамалық бұрмадан 50 м-ден кем, бірақ 15 м-ден жақын емес қашықтықта орнатылған кіру бағдаршамдары тұрған орындарынан ауыстырылмайды.

Электрлендірілген учаскелерде кіру бағдаршамдары, сондай-ақ «Станция шегі» деген сигналдық белгілер аралықтардың түйіспелі торабын станциялардың түйіспелі торабынан бөліп тұрған ауалық аралықтардың алдына (аралық жағынан) орнатылуы тиіс.

Шығу бағдаршамдары әр жөнелту жолдары үшін кеткелі жатқан поезд локомотивінің тұрақтауына арналған орынның алдына орнатылуы тиіс.

Станцияларда поездарды ұзындығы жеткіліксіз жолдардан жөнелткен кезде, поездың басы шығу бағдаршамының сыртына шығып кеткен жағдайда оның сырт жағынан бағдаршамның қайталағыш қалпақшасын орнатуға рұқсат етіледі.

Поездардың тоқтаусыз өтуі өткізілетін жолдардан басқа жолдар тобы үшін топтық шығу және маршруттық бағдаршамдарды орнатуға рұқсат етіледі. Топтық кіру және маршруттық бағдаршамдары поезды жөнелту рұқсат етілетін жолдың нөмірі көрсетілетін маршруттық нұсқағыштармен толықтырылуы тиіс.

Автоматтық бұғаттаудың өтпелі бағдаршамдары блок-учаскелер арасындағы шектерде, ал жартылай автоматтық бұғаттаудың өту бағдаршамдары қосынаралық аралығындағы шектерде орнатылады.

Автоматты локомотивтік сигнализациясы сигнализация мен байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын учаскелерде блок-учаскелердің шекарасында «Блок-учаскесінің шегі» деген сигналдық белгілер орнатылады.

Қосжолды аралықтарда локомотивтік бағдаршамның сигналдары бойынша теріс жолмен қозғалған кезде, дұрыс жолмен қозғалу үшін орнатылған автобұғаттау бағдаршамы блок-учаскенің шегі болып табылады.

Станцияларда поездарды қабылдау және жөнелту маршруттарына кіретін бағыттамалардың кіру, шығу және маршруттық бағдаршамдарымен өзара тәуелділігі болуы тиіс.

Аралықтарда басты жолдан тарайтын тармақтардың жол бұғаттауының немесе электрлік жезлді жүйенің құрылғылары бар болған жағдайда осы құрылғылармен ең жақын тұрған өтпелі немесе шығу бағдаршамын ашуды немесе жезлді алуды басты жол бойынша бағыттамалардың қалыпты жағдайында ғана мүмкін ететіндей байланыста болады.

Бір деңгейдегі қиылысулар және желілердің қосылыстары, сондай-ақ ажыратылмалы көпірлер тиісінше шектік бағаншалардан немесе көпірдің басынан 50 м-ден жақын болмайтын қашықтықта екі жағынан орнатылған паналағыш бағдаршаммен қоршалады.

Бір деңгейдегі қиылысулар және желілердің қосылыстары кезінде қоршау бағдаршамдарының олардың біреуін ашылуы қайшы маршруттар тыйым салушы көрсетулері кезінде ғана мүмкін болатындай өзара тәуелділілігі болады.

Автоматты немесе жартылай автоматты бұғаттауы бар учаскелерде орналасқан, басты және қабылдау-жөнелту жолдары бойынша поездарды тоқтатусыз өткізу көзделетін станцияларда кіру және маршруттық бағдаршамдарда бос жолдар бойынша поездарды тоқтаусыз өткізудің сигнализациясы қолданылуы тиіс.

Аралықтар жол бұғаттауымен, ал жекелеген учаскелерде аралықтағы екі бағыт бойынша локомотивтік бағдаршамдардың сигналдары бойынша жүргізілетін дербес сигнализация және байланыс құралы ретінде қолданылатын автоматты локомотивтік сигнализациямен жабдықталады.

Автоматты және жартылай автоматты бұғаттау және радиобұғаттаудың құрылғылары олар қоршап тұрған блок-учаскені (станцияаралық немесе қосынаралық аралықты) жылжымалы құрам босатқанға дейін шығу немесе өтпелі бағдаршамның ашылуына, сондай-ақ негізгі электрмен жабдықтаудан резервтегі немесе керісінше ауысу нәтижесінде бағдаршамның өздігінен жабылуына жол бермеуі тиіс.

Автоматтық немесе жартылай автоматты бұғаттаумен және радиобұғаттаумен жабдықталған біржолды аралықтарда станцияда шығу бағдаршамын ашқаннан соң дәл осы аралыққа қарсы бағытпен поездарды жөнелту үшін шығу және өтпелі бағдаршамдарын ашу мүмкіндігіне жол берілмейді.

Сигналдардың осындай өзара тәуелділігі әр жол бойынша екіжақты қозғалысты жүзеге асыру үшін автоматтық және жартылай автоматтық бұғаттаумен жарақтандырылған қосжолды және көпжолды аралықтарда болуы тиіс.

Автобұғаттаумен жарақтандырылған қосжолды ендірмелері бар біржолды учаскелерде, сондай-ақ қозғалысы автобұғаттау бағдаршамдарының көрсетулері бойынша бір бағытта жүзеге асырылатын жүктасымалдылығы қарқынды желілердің қосжолды және көпжолды аралықтарында локомотивтік бағдаршамдарының сигналдары бойынша қарсы бағытта (теріс жол бойынша) қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылғылар көзделеді. Қолданылатын техникалық шешімдеріне байланысты бұл құрылғылар тұрақты жұмыс істейді немесе жөндеу, құрылыстық және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде іске қосылады.

Автоматты бұғаттау кезінде барлық бағдаршамдар олар қоршап тұрған блок-учаскелерге поезд кірген кезде, сондай-ақ осы учаскелердің рельс тізбектерінің бүтіндігі бұзылған жағдайда автоматты түрде тыйым салу көрсетуін қабылдайды.

Жол бұғаттауымен жарақтандырылған учаскелерде орналасқан станцияларда бұл құрылғылардың шаруашылықтық поездарға арналған жезл - кілттері, ал поездарды итермейтін локомотивті қайтарып алып, итермелеу қолданылатын жартылай автоматтық бұғаттауы бар учаскелердің станцияларда - итергіш локомотивтерге де арналатын жезл - кілттері болуы тиіс.

Автоматты бұғаттаумен жарақтандырылған біржолды желілерде, сондай-ақ әр жол бойынша екі жақты автобұғаттаумен жарақтандырылған қос жолды аралықтарда, маневрлік жұмыс маневр жасаушы құрамның станция шегінен шығуы арқылы жүргізілетін станцияларда автоматтық бұғаттаудың құрылғылары қажет болғанда оларға қатысы бар маневрлік бағдаршамдармен толықтырылады.

Автоматты және жартылай автоматты бұғаттаумен және радиобұғаттаумен жарақтандырылған желілерде орналасқан станцияларда:

1) бос емес жолға қойылған маршрут кезінде кіру бағдаршамының ашылуына жол бермейтін;

2) басқару аппараттарында жолдар мен бағыттамалардың бос еместігін бақылауын қамтамасыз ететін құрылғылар болуы тиіс.

Жартылай автоматтық бұғаттау кезінде станцияларда:

1) жөнелту маршрутында оқшауланған бағыттамалық учаскелердің бостығын бақылауды олардың ақаулылығына байланысты ажырататын;

2) жабылып қалған шығу бағдаршамын, егер поезд одан нақты түрде өтпеген болса қайтадан ашатын;

3) поездың толық құрамымен келіп жеткенінің автоматты бақылауын қамтамасыз ететін құрылғылар болуы тиіс.

Автоматты бұғаттау автоматты локомотивтік сигнализациямен және диспетчерлік бақылау құрылғыларымен, ал жартылай автоматты бұғаттау - жолдың белгіленген учаскелерінде автоматты локомотивтік сигнализациямен толықтырылуы тиіс.

Автобұғаттаумен жарақтандырылған учаскелерде поездар қозғалысына диспетчерлік бақылау жүргізу құрылғылары белгіленген қозғалыс бағытының (біржолды аралықтарда) бақылануын, блок-учаскелердің, аралық станциялардағы басты және қабылдау-жөнелту жолдарының бос еместігін, кіру және шығу бағдаршамдарының көрсетулерінің бақылауын қамтамасыз етуі тиіс.

Жаңадан енгізілетін диспетчерлік бақылау жүйелері, осы тармақта аталған талаптарға қоса, автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық жай- күйінің бақылауын қамтамасыз етуі тиіс.

Электрлік орталықтандыру құрылғылары:

1) бағыттамалар мен бағдаршамдардың өзара тұйықталуын;

2) берілген маршрутты қоршайтын бағдаршамды бір мезгілде жаба отырып, бағыттаманың кесіп өтілуін бақылау;

3) бағыттамалардың қалпын және жолдар мен бағыттамалы секциялардың бос еместігін басқару аппаратында бақылауды;

4) бағыттамалар мен бағдаршамдарды маршруттық немесе бөлек басқару мүмкіндігін;

5) маневрлік бағдаршамдардың көрсетулері бойынша маневрлік қозғалыстарды жүргізуді және бағыттамалардың жергілікті басқаруға берілуін қамтамасыз етеді.

Жаңадан енгізілетін бағыттамалар мен бағдаршамдардың электрлік орталықтандырылу жүйелері, осы тармақта аталған талаптарға қоса, автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық күйін бақылауды, диагностикалауды және мониторингілеуді қамтамасыз етеді.

Электрлік орталықтандыру құрылғылары:

1) бос емес жолға маршрут қойылған кезінде кіру бағдаршамының ашылуына;

2) жылжымалы құрамның астындағы бағыттаманың ауыстырылуына;

3) егер бағыттамалар тиісті қалыпқа қойылмаса, осы маршрут бойынша тиісті бағдаршамдардың ашылуына;

4) маршрутқа кіретін бағыттаманың ауыстырылуына немесе қойылған маршрутты шектейтін ашық бағдаршам кезінде қарсы маршрут бағдаршамының ашылуына жол бермейді.

Орталықтандырылған бағыттамалардың жетектері мен тұйықтағыштары:

1) бағыттамалардың шеткі жағдайларында қысылған үшкірдің рамалық рельске және айқастырманың жылжымалы өзекшесінің жақтауға тығыз жанасуын қамтамасыз етуі;

2) қысылған үшкір мен рамалық рельс немесе жылжымалы өзекшемен жақтаудың арасындағы саңылау 4 мм және одан астам болған кезде бағыттама үшкірлерінің немесе айқастырманың жылжымалы өзекшесінің тұйықталуына жол бермеуі;

3) басқа үшкірді рамалық рельстен кем дегенде 125 мм-ге бұруы тиіс.

Кілттік тәуелділік құрылғылары бақылау құлыптарының көмегімен бағыттамалар мен сигналдардың өзара тұйықталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Бағыттамалардың бақылау құлыптары:

1) кілттің тек бағыттаманың жабық күйінде ғана алынуына жол береді;

2) бағыттамаларды тек құлыптан суырып алынған кілтте көрсетілген қалпында, үшкірдің рамалық рельске тығыз жанасқан жағдайында ғана жабады;

3) қыстырылған үшкір мен рамалық рельс арасындағы саңылау 4 мм және одан астам болғанда бағыттаманың жабылуына жол бермейді.

Сериясы бірдей бағыттамалық бақылау құлыптарды бір станцияның шегінде, ал ірі станцияларда - бір бағыттамалық ауданның және басқа аудандардың онымен іргелес орналасқан бағыттамалық қосындардың шегінде қолдануға тыйым салынады.

Диспетчерлік орталықтандыру құрылғылары:

1) бір орыннан бағыттамалар мен бағдаршамдар арқылы бірқатар станциялар мен аралықтарды басқаруды;

2) басқару аппараттарынан бағыттамалардың жағдайы мен бос еместігін, аралықтың, станцилардағы жолдардың бос еместігін бақылау, сондай-ақ кіру, маршруттық және шығу бағдаршамдары көрсетулерін қайталау және өтпелік сигнализация жұмысын бақылау;

3) поездарды қабылдау, жөнелту және маневрлерді орындау бойынша резервтік басқаруға берудің немесе маневрлерді орындау үшін бағыттамаларды жергілікті басқаруға беру;

4) поездардың орындалған қозғалысы кестесінің автоматтық жазбасын;

5) сигнализация мен байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын электрлік орталықтандыруға, автоматтық бұғаттауға және автоматты локомотивтік сигнализациясына және поездың толық құрамымен келіп жеткенін жартылай автоматтық бұғаттауына қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

Диспетчерлік орталықтандырудың жаңа жүйелері блок-учаскелердің жалған бос еместігі кезінде поезд диспетчерінің қозғалыс бағытын өзгерту мүмкіндігін, сондай-ақ автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық күйін бақылауды, диагностикалауды және мониторингілеуді қамтамасыз етеді.

Станциялық бұғаттау:

1) қосындардың поездарды және станция ішіндегі маршруттардың қабылдау және жөнелту маршруттарын әзірлеуінің дұрыстығына станция бойынша кезекші жағынан бақылау;

2) әр түрлі қосындардан басқарылатын бағыттамалар мен сигналдардың өзара тұйықталуын;

3) жаңадан енгізілетін жүйелерде автоматика және телемеханика құрылғылары жай-күйінің диагностикасын және мониторингін қамтамасыз етеді.

Автоматты өтпелік сигнализациясы тоқтау сигналын беруін автомобиль жолының жағына қарай бастауы тиіс, ал автоматты тоспалар және қоршау құрылғылары поездың темір жол өтпесіне келіп жетуіне дейін көлік құралдарының өтпесін алдын ала босатуы үшін қажетті уақыт ішінде өздерінің жабық қалыпқа келуі тиіс.

Поезд темір жол өтпесінен толық өтіп болғанға дейін автоматты өтпе сигнализациясы жұмыс істеуді жалғастыруы, ал автоматты шлагбаумдар жабық қалпына келіп үлгеруі тиіс.

Автобұғаттауы бар аралықтар және бағыттамалардың электрлік орталықтандыруы бар станциялар жол бойында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді поездың жақындауы туралы хабарландырудың автоматты жүйесімен жоспарларға сәйкес жабдықталады.

Автоматты локомотив сигнализациясы кезінде локомотивтік бағдаршамдар поезд жақындап келе жатқан жол бағдаршамдарының көрсетулеріне сәйкес көрсетулерді береді.

Тек қана локомотивтік бағдаршамдардың көрсетулері бойынша қозғалыс кезінде бұл бағдаршамдар алдағы жатқан блок-учаскелердің бос еместігіне немесе бос болуына қарай көрсетулерді береді.

Локомотивтік бағдаршамдар локомотивті, моторвагондық поезды, арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрамды басқару кабинасында орнатылады және сигналдық көрсетулерді тікелей машинистің өзіне және оның көмекшісіне немесе дрезина жүргізушісіне және оның көмекшісіне береді.

Локомотивтердегі, моторвагондық поездардағы, АЖҚ-та автоматты локомотив сигнализациясы белгіленген қозғалыс жылдамдықтарын, поездың өзінен-өзі жылжып кетуін және машинист қырағылығын мерзімді түрде тексерілуін бақылауды қамтамасыз ететін қауіпсіздік құрылғыларымен толықтырылуы тиіс. Машинист локомотивті, моторвагонды поезды, АЖҚ-ты, ал дрезина жүргізушісі дрезинаны басқару қабілетінен айырылған жағдайларда, аталған құрылғылар тыйым салушы көрсетуі бар жол бағдаршамының алдында поездың автоматты түрде тоқтауын қамтамасыз етуі тиіс.

Автобұғаттаумен немесе сигнализация мен байланыстың жеке құралы ретінде қолданылатын автоматты локомотив сигнализациямен жабдықталған учаскелерде орналасқан станцияларда басты жолдар, жолаушылар поездарын қабылдау және жөнелту жолдары, сондай-ақ поездарды тоқтатусыз өткізуге арналған қабылдау-жөнелту жолдары автоматты локомотив сигнализациясының жол құрылғыларымен жабдықталуы тиіс.

Жартылай автоматты бұғаттау кезінде жақындау учаскелері және станциялардың басты жолдары автоматты локомотив сигнализациясының жол құрылғыларымен жабдықталады.

Сұрыптау дөңестерінің механикаландыру және автоматтандыру құрылғылары құрамдардың есептік (жобалық) тарқатылу жылдамдығымен үздіксіз, үзіліссіз және қауіпсіз тарқатылуын қамтамасыз етуі тиіс, бұл ретте әр тежеулік ұстанымдағы тежеу құралдарының қуаты осы жылдамдықта іске асыруға мүмкіндік беруі және вагондарды сұрыптаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

Механикаландырылған сұрыптау дөңестеріндегі сұрыптау жолдары бойынша ағытпаларды таратудағы құрамдарды тарқатуға қатысатын бағыттамалық бұрмалар дөңестік электрлік немесе дөңестік автоматтандырылған орталықтандыруға қосылуы тиіс.

Дөңестік орталықтандыру:

1) бағыттамаларды жеке басқаруға;

2) құрамның тарқатылуы жүргізілетін барлық бағыттас бағыттамалардың, сондай-ақ жылжымалы құрамның тарқату аймағына шығып кетуіне жол бермейтін күзеттік бағыттамалардың электрлік тұйықталуын;

3) басқару пультінде бағыттамалардың қалпының және бағыттамалық секциялардың бос еместігінің бақылауын қамтамасыз етеді.

Дөңестік орталықтандыру жылжымалы құрамның астындағы бағыттаманың бұрылмауына жол бермеуі тиіс.

Сонымен қоса, бағыттамаларды дөңестік автоматты орталықтандыру:

1) бағдарламалық немесе маршруттық жұмыс режимдері кезінде ағытпалардың тарқауы дөңесінің тарату аймағының бағыттамаларын автоматты басқаруын;

2) бұру сәтінде үшкір және рамалық рельс арасында кедергі туындаған жағдайда ағытпаның бағыттамалық секцияға енуіне дейін бағыттаманың бақыланатын қалыпқа автоматты қайтарылуын;

3) тарату процесінде бағыттамаларды жеке басқаруға ауысу көшіру мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.

Автоматтандырылған дөңестік орталықтандыруы бар механикаландырылған дөңестерге қойылатын талаптарды орындауымен қатар автоматтандырылған сұрыптау дөңесінің құрылғылары:

1) құрамды жақындатудың және тарқатудың басқаруын және бақылауын;

2) ағытпалардың тарқау жылдамдығын автоматтық реттеуді;

3) құрамдарды тарқату нәтижелерін бақылап отыруды;

4) сұрыптау станциясының ақпараттық-жоспарлау жүйесімен ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеді.

Жаңа жүйелер, осы тармақта аталған талаптармен қоса, автоматика және телемеханика құрылғыларының техникалық жай-күйін бақылауды, диагностикалауды және мониторингілеуді қамтамасыз етеді.

Поездың жүрісі кезінде жылжымалы құрамның техникалық жай-күйін автоматты бақылау құралдары:

1) алдағы орналасқан станцияның кезекшісіне, ал диспетчерлік орталықтандырумен жабдықталған учаскелерде - поезд диспетчеріне поезда ақаулы жылжымалы құрамның бар-жоғы және орналасуы және ақаулылықтың түрі жөнінде ақпарат жіберілуін;

2) локомотив машинисіне поездарда ақаулы вагондардың бар-жоғы жөніндегі немесе дауыстық хабарлағыштың поезда ақаулы жылжымалы құрамның бар-жоғы жөніндегі ақпараттың жіберілуін;

3) алдағы орналасқан станцияның кезекшісіне, ал диспетчерлік орталықтандырумен жабдықталған учаскелерде - поезд диспетчеріне ақаулы жылжымалы құрамның болуы және орналасуы және ақаулықтың түрі жөніндегі ақпараттың тіркелуін қамтамасыз етуі тиіс.

Поездар мен вагондарда коммерциялық ақауларды автоматтық анықтау құрылғылары (поездар мен вагондарды коммерциялық тексерудің автоматтандырылған жүйесі немесе оның жекелеген элементтері - электрондық габариттік қақпалары, электронды вагон таразылары, телевизиялық бейнебақылау жүйесі):

1) ақпараттың еденүсті құрылғылардан коммерциялық тексеру пункті операторының терминалына поезда ақаулығы бар вагондардың (тиеу габариті, ашық жылжымалы құрамда жүктерді орналастыру мен бекітудің техникалық шарттары бұзылған, асыра жүктелген және т.б.) болуы және орналасуы жөнінде ақпарат жіберуді;

2) жіберілген ақпаратты қағаздағы және басқа тасығыштарға (дискеталарда, бейнетаспаларда) пайдалану және сақтау үшін бере отырып, оператордың терминалдық жабдығында тіркелуін;

3) тиісті құжаттаманың ресімделуін қамтамасыз етуі тиіс.

Поездар жүретін маршруттарға жылжымалы құрамның өз бетімен шығып кетуінің алдын алуға арналған құрылғылар: сақтандырушы тұйықтар, қорғағыш бағыттамалары, лақтыру табандықтары, лақтыру үшкірлері немесе лақтыру бағыттамалары оларды орталықтандыруға қосу жөніндегі осы Қағидалардың талаптарына (сақтандырғыш тұйықтар үшін - тұйыққа апаратын бағыттама) сәйкес болуы тиіс, қоршау жағдайын бақылауының болуы және жылжымалы құрам мен поездардың басқа жолдар мен қабылдау, жүру және жөнелту маршруттарына өздігімен шығып кетуін болдырмауы тиіс.

Автоматика, телемеханика және телекоммуникациялардың техникалық құрылымы