Азаматтық құқық. 2



 

 

МАЗМҰНЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Осы жұмысты  азаматтық құқық жөніндегі қысқаша оқулық десе де болады. Әрине мұнда азаматтық құқықтың барлық мәселелері қаралауы мүмкін де емес, дегенмен бір тақырыпқа аса назар аудармыз. Қазақстан заңдары осынау өтпелі кезең атап жүрген, жаңадан қоғам мүлде басқаша қарым-қатынастар түзе бастаған әлеуметтік-экономикалық реформалардың өрбуі жағдайында азаматтық заңдар бұрынғы кеңестік қоғамдағы заңдарды алмастырып, оларды түбегейлі өзгертіп жаңа заманға лайықтап нарықтық экономикалық қатынастарды реттеуге бейімдеу жылдары болғаны айқын. Қазіргі кезде біздер бірнеше жыл бұрынға қарағанда мүлдем басқа құқықтық аяда өмір сүріп жатырмыз. Заңнамалар қатты өзгеріске ұшырады, жаңадан көп арнайы құқық салалары пайда болды. Азаматтық кодексінің өзі ғана қаншама нормаларды қамтиды. Біздің Азаматтық кодекс жеке құқықтық қағидаттарға және дәстүрлерге негізделе отырып жасалған, тауарлы-ақшалай және нарықтық экономика туындататын басқа қатынастарды да негізгі реттеуші болып отыр. 

Сонымен өзіме  берілген азаматтық құқық тақырыбының  біреуін, атап айтқанда азаматтық құқық құқық саласының бірі, оның түсінігі туралы баяндауға көшемін. 

1. Азаматтық  құқықтың пәні

 

"Азаматтық  құқық" атауы ежелгі уақыттан  бері белгілі, оны римдік заңгерлер  Рим азаматтарының құқығы - цивильді  құқық деп атаған. Осыдан барып біз күнделікті сабақтарымызда естіп-біліп жүрген цивилистика сөзі туындайды.

Тарихтан белгілі  римдіктердің құқығы осы атаумен белгіленді (квириттер құқығы). Римдік жүйе көне римдегі азаматтардың мемлекеттік, қоғамдық және жеке өзіндік қатынастарын реттеді және қазіргі Азаматтық құқыққа қарағанда ұғымы әлдеқайда кең болды. Қазіргі кезде Азаматтық құқықтың римдік атауы сақталғанымен онын мазмұны барынша өзгерді. Дей тұрғанмен оған қарамастан «цивил» атауы еуропалық құқықтануға еніп қана қоймай, заң терминологиясына кірді. Сондықтан да азаматтық құқықты цивилистік деп атайды, ал бұл саладағы мамандарды — цивилист деп жүр.

Римде құқықты  жария және жеке деп екі салаға бөлгенін білеміз. Жария және жеке құқықтардың классикалық ара-жігін Ульпиан былайша ашып көрсетеді: "жария құқық дегеніміз рим мемлекетінің құқықтық мәртебесіне қатысты, ал жеке құқық болса жекелеген адамның мүлдесіне сай келеді".

Қазақстан Республикасының  қазіргі құқық жүйесі жария және жеке құқық деп бөлінбейді. Біздің ұлттық азаматтық құқықты жеке және жария деп бөлу бірқатар елдерде, айталық Францияда, фРГ-де және басқаларында кездеседі. Бірақ мұндай бөлуді ағылшын құқығынан кездестіре алмаймыз. Олар құқықты "жалпы құқыққа" және "әділдік құқығына", тағы басқа деп бөледі. құқық тек өзіне ғана тән және белгілі бір ерекшеліктері бар институттардың аясында қалыптасты дей аламыз.

Сонымен қатар  азаматтық құқықтың әртүрлі жүйелерінің  арасында белгілі бір дәрежеде ұқсастықтар  бар. Сондықтан әлемдік азаматтық  құқықтық жүйелерде болып жатқан процестер Қазақстан Республикасының Азаматтық құқық іліміне әсерін тигізіп отыр. Бұл орайда "біз жаңа мемлекетті, жаңа нарықтық экономика мен жаңа демократияны көптеген өзге де жас тәуелсіз мемлекеттер осы тәрізді жолды басынан кешіп те үлгерген уақытта құру үстіндеміз", ендеше осы бағытта әртүрлі өркениеттердің ең соңғы жетістіктерін пайдалануының маңызы зор.

Азаматтық құқық - Қазақстан  Республикасының құқық салаларының  бірі болғандықтан күнделікті тыныс-тіршілікпен, сондай-ақ азаматтардың, заңды тұлғалар мен мемлекеттің өзімен, оның әкімшілік-аумақтық  бөліністерімен  тығыз байланысты.

Алдымен Азаматтық құқық пәнін анықтап, басқаша айтқанда, мұның пәні не екенін белгілеп алуға тиістіміз. Ал азаматтық құқықтың пәнін анықтаудың өзі оңай шаруа емес. Өйткені, азаматтық құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастар ауқымы өте кең де сан қырлы.

Құқық жүйесі іштей құқық  салаларына бөлінетіндігі белгілі. Әдетте құқықтың қандай салаға жататындығын анықтау үшін оның пәні мен құқықтық реттеу әдістемесі қолданылады. Дәл  осы пән мен әдістеме арқылы азаматтық құқықты Қазақстан Республикасының басқа құқық салаларынан ара-жігін айыра отырып, сонымен бірге оның салалық ерекшеліктерін де айқындауға болады.

Қазақстан Республикасы азаматтық  құқығының пәнін тауар-ақша қатынастары  және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес жеке қатынастар құрайды. Сонымен қатар мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастар Азаматтық заңдармен реттеледі, өйткені олар басқа заң құжаттарында өзгеше көзделмеген не мүліктік емес жеке қатынастар мәнінен туындамайды (АК-тің 6 бабының 2-тармағы).

Азаматтық құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастар негізінен мүліктік қатынастар болып табылады. Материалдық  игіліктермен (мүлікпен, жұмыспен, қызмет көрсетумен, ақшамен, құнды қағаздар және басқа да мүліктермен) байланысы бар қоғамдық қатынастар мүліктік қатынастар деп аталады. Мұндай қатынастар иемдену немесе мүліктің тиістілігіне қарай (заттық қатынас), мүліктің бір адамнан екіншісіне ауысуы, өтуі, меншік иесінің кайтыс болуына байланысты заттың тағдырын шешу (мұрагерлік қатынас) тәрізді қатынастар тұрғысынан көрінсе, онда олар азаматтық заңмен реттеледі. Бір сөзбен айтқанда, мүліктік қатынас дегеніміз мүліктерді сатып алу, иемдену, басқа адамдарға беру мен пайдалану жөніндегі қатынас болып табылады.

 

2. Азаматтық құқықтың  әдістемесі

 

Құқықтың әрбір негізгі  саласының өзіне тән құқықтық реттеу әдістемесі болады. Ал оның жеке қырлары субъектілердің құқылық  жағдайында (статусында), құқық қатынастарын қалыптастыру негіздерінде, олардың мазмұнын айқындау әдістерінде және заң санкцияларында топтастырыла көрсетілген.

Мүліктік және мүліктік емес қатынастардың азаматтық-құқықтық реттеу әдістемесі бірқатар өзіндік  белгілерге ие:

а) азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың жалпы құқықтық жағдайы олардың тауар-ақша және басқа қатынастарына негізделген Заңды түрдегі теңдігімен сипатталады (АК-тің 1 және 2-бабының 1-тармағы). К.Маркс "Капиталда" былай деп жазды: "Бұл заттар бір-біріне тауар ретінде қатысуы үшін тауар иелері бір-біріне адам ретінде, бұл заттарды еркімен билейтін адам ретінде қатысуға тиіс: сонымен, бір тауар иесі тек екіншінің еркі бойынша, демек олардың әрқайсысы екеуіне ортақ ерікті акт арқылы, өз тауарын басқаға бере отырып, өзге тауарды өзі иемденеді. Демек, олар бірін-бірі жекеменшіктік деп білуге тиіс". Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың заң жүзіндегі теңдігіне келсек, олардың азаматтық айналымда тең құқықты, тәуелсіз субъектілер екендігін көреміз, әрі оның әрқайсысы мүліктік окшаулыққа ие болады, сондай-ақ бір-бірімен қарым-қатынаста тең дәрежеде әрекет етеді. Бұл азаматтық құқық субъектілерінің бірде-бірі Азаматтық құқық қатынасында екінші жаққа біржақты міндет жүктеуіне болмайды деген сөз. Сонымен қатар құқықтық қатынастағы жақтардың араларында дау туындаған жағдайда, екінші жақ үшін міндетті болып табылатын шешімді қабылдай алмайды;

ә) азаматтар мен Заңды  тұлғалар өздерінің Азаматтық құқық-тарына өз еркімен және өз мүлдесін көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады. Олар шарт негізінде өздерінің құқықтары мен міндеттерін анықтауда және шарттың Заңдарға қайшы келмейтін кез келген жағдайларын белгілеуде ерікті. (АК-тің 2-бабының 2-тармағы). Демек, азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушыларына өзінің қалауынша және мүддесіне сай келетін жағдайларды таңдауына мол мүмкіндік жасалады;

б) тараптар азаматтық құқықтық қатынастарда тең дәрежеде қорғану  құқығына ие және қорғанудың белгілі  бір мүмкіндігін таңдауға ерікті (теңдік және тұлғалардың өз құқықтарын толық пайдалану мүмкіндігі).

Азаматтық құқықты қорғау сотпен (төрелік сотпен немесе аралық сотпен) жүзеге асады, бұл орайда Азаматтық  кодекстің 9-бабына сәйкес, қорғанудың азаматтық істерді жүргізу заңдарының ерекше ережелерін сақтай отырып ашық әдістері қолданылады. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, бұзылған құқықты қорғау үшін өкімет билігі немесе басқару органына өтініш жасау құқық қорғау туралы талап-арызбен сотқа шағымдануға кедергі жасамайды. Былайша айтқанда, сот бұзылған немесе дауға түскен құқықтарды қорғауға тиіс. Егер қандай да бір құқық әкімшілік жолмен қорғалса, онда ол заңға тікелей сүйенуі керек. Мұндай жағдайда құқыққа байланысты дау сотқа бірден жіберілмей, алдымен әкімшіліктің шешімін күтеді. Әкімшілік шешім қабылдағаннан кейін ғана оны сотқа беруге болады.

2. Азаматтық  құқықтың басқа құқық салаларымен  шекарасы

 

Бұдан бұрын айтылған құқықтық реттеудің пәні мен әдістемесі азаматтық  құқықты онымен шектес басқа салалардан бөліп қарауға мүмкіндік береді. Бірақ та азаматтық құқықты шектес салалардан оқшаулағанда төмендегідей жағдайларға көңіл аудару қажет, жаңа Азаматтық кодекс (1994 ж.) қабылданғанға дейін азаматтық құқық өзіне тән қатынастарды реттеді. Айталық, Қазақ КСР Азаматтық кодексі (1963 жылы қабылданған) бойынша отбасы, еңбек, жер қатынастары, сондай-ақ колхоздардағы өздерінің Жарғысынан бастау алатын қатынастар, суды пайдалану жөніндегі қатынастар тиісінше — отбасы, жер, колхоз және су жөніндегі Заңдарымен реттеліп келді. Ендігі жерде Азаматтық кодекстің 1-бабының 3-тармағына сәйкес Азаматтық құқық осы баптың 1-тармағында аталған белгілерге сай келетін отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөніндегі қатынастарға (мәселен, мүліктік қатынастар және жақтардың Заңдық теңдігіне негізделген болса), егер де тиісінше отбасының, еңбек Заңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы Заңдармен реттелмеген жағдайларда, сондай-ақ оларды реттеуде ағаттықтар кеткен кезде, қолданылады.

Азаматтық және еңбек құқықтарының ара жігін ашу белгілі бір жағдайда өзіндік қиындықтар да туғызады. Бұл орайда Азаматтық кодекстің кейбір нормаларының тікелей еңбек қатынастарын реттей алатындығына мән берген жөн. Атап айтар болсақ, Азаматтық кодекстің 19-бабының 3-тармағы жеке кәсіпкер мен азаматтардың арасындағы еңбек шартын, оның ішінде келісім-шартты жасасу мүмкіндігі жөнінде болып келген дауларға нүкте қояды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, еңбек қатынасына азаматтық құқықты қолдану мүмкіндігі Азаматтық кодекстің 1-бабының 3-тармағында ап-анық көрсетілген. Осы тұжырымдаманы түсіндіру жөнінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 1995 жылы 22 желтоқсандағы Пленумында өзінің 110 қаулысын (нормативтік сипаты бар) қабылдады. Бұл қаулы "Моральдық зиянды өндіртіп алу туралы заңды соттардың қолдануы туралы" деп аталды. Оның 5-тармағында былай делінген: "Еңбек туралы заңдарда рухани немесе дене зардабын шеккендерге өтем төлету жөнінде тікелей айтылмауына қарап, жәбірленуші зиянның орнын толтыруға құқығы жоқ деуге болмайды. Сот КСРО мен республикаларының азаматтық заң негіздерінің 131 -бабына сүйене отырып, жұмыскерді заңсыз жұмыстан шығарғаны не басқа жұмыска ауыстырғаны үшін, оған еңбекақы төлемей, жұмыста мүгедектікке, кәсіби ауруға үшыратқаны үшін, сөйтіп, рухани жэне дене зардабына жол бергеніне байланысты жұмыс берушіден өтем төлеуді міндеттеуге құқылы".

Осы орайда еңбек  құқығы пәнінің азаматтық құқықтан айырмашылығы — оның еңбек үрдісіндегі  қатынасты реттеуінен көрінеді. Себебі онда еңбек нәтижесін алып беру жоқ. Жұмыс күші тауар болып табылмайды. Сол себепті де жекелеген жағдайда жалақы жұмыс күшінің құнын бағалаудың нысаны бола алмайды, жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу — оның істеген ісінің саны мен сапасына қатысты келеді. Құқықтық реттеу әдістемесі тұрғысынан қарағанда жұмыскер жұмыс берушімен шарт жасасып, сол арқылы тең құқықты әріптеске айналатынын байқау қиын емес, дей тұрғанмен жұмыскер ақыр аяғында енбек тәртібіне бағынып, әкімшіліктің талабын, сондай-ақ оның еңбек ету міндетіне жататын басқа да міндеттерді орындайды.

Отбасы құқығы некеге және отбасына қатысты қатынастарды реттейді. Отбасы құқығы некеге тұру, некені бұзу және оны жарамсыз деп танудың  жағдайы мен тәртібін реттейді, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында қалу тәртібі мен түрін, азаматтық хал актілерінің тіркелу тәртібін, сондай-ақ отбасы мүшелері арасындағы мүліктік емес жеке қатынастарды айқындайды. Қажет кезінде туыстар мен басқа да адамдар арасындағы жағдайлар заңда көзделген ретте қаралады.

Отбасы құқығына реттеудің ерекше әдістемесі тән, ол ерікті түрде болады, ал жарлық ету  түріндегісі — императивті, яғни бұйрықты сипатқа ие. Осы екі бастаудың  өзі оның ерекшелігін білдіреді.

3. Азаматтық  құқықтың қағидаттары (принциптері)

1. "Принцип'' (қағидат) термині латынның сөзі  — бастау, негіз дегенді білдіреді.  Азаматтық принциптері (қағидаттары) -ол нормативтік сипаты бар,  қоғамдық қатынастарды Азаматтық-құқықтық  реттеу бастамасын басшылыққа  алатын негіз. Ол Қазақстан Республикасы Азаматтық заңының мейлінше маңызды тұстарын көрсетеді. Демек азаматтық заңды түсіну мен оны қолдану Азаматтық құқықтың тек жалпы принциптері (қағидаттары) арқылы мүмкін болады.

Қағидаттар  Азаматтық құқық жүйесінде әрқашанда  бастапқы норма болып саналады. Сондықтан да басқа нормалар онымен жанама түрде көрініп, жалпы сипат алады, демек принциптер өзгелерден басым түседі. Принциптер азаматтық-құқық нормаларының барлық жүйесін қамтып, басшылыққа алынады. Азаматтық кодекстің 2-бабындағы Азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәнісі беки түсуіне байланысты, енді принциптер нормативтік мәнге ие болды және оны қолдану міндеттілікке айналды. Бұрын-соңды азаматтық принциптер заң нормаларында арнайы термин немесе тиянақты тұжырымдама ретінде бекітілмеген еді, тек "азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәнісіне байланысты" деген жалпылама тұжырымдамамен шектелетін. (Қазақ КСР АК-нің 4 бабы). Қазіргі кезде Азаматтық құқық принциптері нормативтік роль атқарады.

Профессор Ю.Г. Басин Азаматтық құқық принциптерінің рөлі мен маңызы туралы былай деп тұжырымдайды: "Біріншіден, олар тікелей әрекет ететін нормалар түрінде кездеседі. Екіншіден, ол жаңа заңды жасау немесе бұрынғы заң құжаттарын өзгерту кезінде ескеріледі. Үшіншіден, құқық ұқсастығын қолдану қажет болған жағдайда заң принциптері басшылыққа алынады. Төртіншіден, мұндай принциптер құқықтық нормадардың бастапқы мазмұнының немесе шарт талаптарының тиісті жағдайларының мазмұнының түсіндірілуі жүзеге асырылғанда назарға алынуы тиіс (мысалы, Азаматтық кодекстің 392 бабын қараңыз). Бесіншіден, заң принциптеріне сүйене отырып, заң нормалары арасындағы қарама-қайшылықты жоюдың жолдарын табуға болады, әрине, мұның өзі аталған жағдай кездескенде ғана қолданылады". Осы мәселелерге орай оған екі жағдайды қосып айтуға болар еді: біріншіден, принциптер тек заң актілері жүйесінің сипатын көрсетіп қоймайды, сонымен қатар ол заңгерлердің азаматтық құқықтағы құқықтарын да белгілейді. Екіншіден, азаматтық құқық принциптері өзінің реттеу жүйесі арқылы бірқатар Мемлекеттік құқықтық институттар мен нормаларды, яғни бірінші кезекте азаматтардың Конституциялық құқығын Азаматтық құқықтар арқылы өзіне тән тәсілдермен қорғауды нақтылай түседі.

Азаматтық құқықтың мынадай принциптері бар:

1) Азаматтық-құқықтық  қатынастарға қатысушылардың теңдігі;

2) меншікке және  басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық;

3) шарт еркіндігі;

4) жеке істерге  кімнің болса да озбырлықпен  араласуына жол беруге болмайтындығы;

5) азаматтық  құқықтарды кедергісіз жүзеге  асыру,

6) нұқсан келтірілген  құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ету:

7) Азаматтық  құқықты сот арқылы қорғау.

4. Азаматтық  құқық жүйесі

1. Құқық жүйесі  дегеніміз сол мемлекеттегі құқықтық  нормалардың жиынтығын қамтитын  ғылыми әрі нақты құбылыс болып  табылады. Құқықтың әр саласына  белгілі бір жүйе тән. Азаматтық құқық Қазақстан Республикасындағы құқықтық-нормативтік құжаттары жағынан ең ауқымды да күрделі заң саласы болып есептеледі. Нормалардың әр алуандығына қарамастан азаматтық құқықтың жүйесі логикалық талаптарға сай келеді, яғни ол іштей салаларға, құрылымдар мен оның бөлікгеріне бөлінеді. Ішкі салаларға тән ерекшелік оның құрылымдарына тұтастай енетін жекелеген және жалпы ережелерді бөліп қарау мүмкіндігі деуге болады. Мұндай құрылымдардың мазмұны біркелкі келеді, оны құқықтық реттеудің бір арнаға жинақталуынан және заңдық ерекшелігінен деп түсінген жөн.

Ішкі салалардың "жалпы бөлімі" мен "жалпы  ережелерін" бір-бірінен бөліп  қарау проблемасы әзірге айтарлықтай  зерттеле қойған жоқ. Аталған саланың "жалпы бөлімі" жалпы сипаттағы  жекелеген институттардың жиынтығын білдіреді. Ал осы орайда ішкі салалардың "жалпы ережелерінде" мұндай дербес институттар жоқ, сондықтан да ол институттардың белгілі бір бөлігін ғана біріктірумен шектеледі.

"Жалпы ереженің" нормалары Азаматтық құқық бөлімдерінен тәуелсіз негізде барлық мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарға қолданынады. "Жалпы бөлімге" жататын "Меншік және өзге де заттық құқықтар" мен "Міндеттемелік құқық" тәрізді ішкі саланың екі түрінің нормалары да жалпы сипатқа ие екендігі дәлелденеді. Мысалы, меншіктің түрлері мен сипатына орай меншік құқығы туралы, меншік қатынастарын қорғау мен оның пайда болу тәсілдері туралы норма басқа институттарға, атап айтқанда, сатып алу-сату, авторлық және мұрагерлік құқықтарға кеңінен қолданылады. "Жалпы бөлім" құзыретті органдардың, азаматтар мен ұйымдардың құқық қолдану қызметі үшін қолайлы жағдай туғызады, сондай-ақ, ол қайталаумен олқы тұстарды жоюға мүмкіндік береді.

Азаматтық құқық  жүйесі төмендегідей ішкі салаларга  бөлінеді: "Міндеттемелік құқық", "Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтар", "Интеллектуалдық меншік құқығы", "Мұрагерлік құқығы", "Халықаралық жеке құқық". Осындай әрбір ішкі саланың өз нормаларына сай келетін "Жалпы ережесі" болады. Оның әрқайсысы өз кезегінде іштей құрылымдар мен бөлімдерге жіктеледі. Айталық, шарт институты және шарттан тыс Міндеттемелік институты деп бөлінеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық құқық жүйесі Жалпы  және Ерекше бөлімдерден түрады.

Жалпы бөлім: 1-бөлім. "Жалпы ережелер" (тараулары: азаматтық-құқық  қатынастарды реттеу; Азаматтық құқықтардың субъектілері; Азаматтық құқық объектілері; мәмілелер, өкілдік және сенімхат; мерзімдерді есептеу; талап қою мерзімі).

ІІ-бөлім. "Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар" (тараулары: меншік құқығы (жалпы ережелер); шаруашылық жүргізу құқығы; оралымды басқару құқыш; ортақ меншік; бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік); меншік құқығына және өзге де заттық құқықтарға ие болу; меншік құқығы және өзге де заттық құқықтардың тоқтатылуы; меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғау).

ІІІ-бөлім. "Міндеттемелік  құқық" (І-бөлімше: "Міндеттеме туралы жалпы ережелер", оған мына тараулар енеді: Міндеттемелер ұғымы және олардың пайда болу негіздері; Міндеттемені орындау; Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету; міңдеттемедегі адамдардың ауыстырылуы; Міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауаптылық; Міндеттемені тоқтату. ІІ-бөлімше: "Шарт туралы жалпы ережелер", оған мына тараулар енеді: шарт ұғымы және оның ережелері; шарт жасасу; шартты өзгерту және бұзу).

Қазақстан Республикасы Азаматтық құқығының Ерекше бөлімі мыналарды қамтиды:

ІV-бөлім, Міндеттемелердің жекелеген түрлері: сатып алу-сату; айырбас; сыйға тарту; рента және өмір бойы асырауда ұстау; мүлік жалдау (аренда); тұрғын үйді жалдау; мүлікті  тегін пайдалану; мердігерлік; өтемелі қызмет  көрсету тасымалдау; көлік экспедициясы; заем; ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты (факторинг); банктік қызмет; сақтау; сақтандыру; тапсырма; басқаның мүддесін тапсырмасыз іс-әрекет жасау; комиссия; мүлікті сенімгерлікпен басқару; кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг); конкурстық міндеттемелер; зиян келтірудің салдарынан туындайтын міндеттемелер; негізсіз баюдың салдарынан туындайтын міндеттемелер.

V-бөлім. "Интеллектуалдық  "меншік құқығы" (тараулары:  жалпы ережелер; авторлық құқық;  сабақтас құқықтар; өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге құқық; селекциялық жетістіктерге құқық; интегралды микротәсілімдер типологиясына құқықтар; ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы;

Азаматтық айналымға  тауарларға және қызмет көрсету қатысушылардың дараландыру қүралдары).

VІ-бөлім, "Мұрагерлік  құқық" (тараулары: мұрагерлік  туралы жалпы ережелер; өсиет  бойынша мұрагерлік; Заңды мұрагерлік; мұра алу).

VII-бөлім. "Халықаралық  жеке құқық" (тараулары: жалпы  ережелер; коллизиялық нормалар).

Азаматтық құқық  нормалары теорияда да, заңда да белгілі бір жүйе бойынша реттеледі. Әлемдік Азаматтық-құқықтық жүйе ғылымында  қалыптасқан институционалдық және пандектілік тәрізді екі жүйе бар. Оның біріншісі бүкіл құқықтық нормаларды: а) тұлға; ә) меншік және оның түрлерінің өзгеруі; б) меншікке ие болу тәсілдері деп бөлінеді. Франция Азаматтық кодексі мен оның тұжырымдарын қолдаушылар осы жолды таңдады. Екінші, пандектілік жүйе жалпы бөлімнің бөлінуімен ерекшеленеді, соның нәтижесінде кодекстің арнайы бөлімдері қайталаудан, басы артық сілтемелерден және т.б. арылады. Жалпы бөлімнен соң заттық, міндеттемелік, отбасылық және мұрагерлік құқықтар тәртіптеледі. Мұндай жүйені Германияның азаматтық заңдары қолданады және де осындай тәсіл бразилиялықтардың, гректердің және басқа да Азаматтық заңдарында бар.

Кешегі кеңестік Азаматтық құқықта институционалдық және пандектілік жүйеден артта  қалушылық байқалғанымен, герман-роман  жүйесіне ұқсастығы болатын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Жоғарыда айтып  өткендерді және қолданылып жүрген азаматтық заңдарымызды, сондай-ақ осы салаға еңбек сіңіріп жүрген заңгерлеріміздің кейбір еңбектерін қорыта келе өзіміздің жұмысымызда азаматтық құқықтың түсігін, оның пәнін біршама түсінгендеймін. Сонымен, азаматтық құқық дегеніміз – жеке құқықтың негізгі мазмұнын құрайтын және заттық және олармен байланысты заттық емес қатынастарды құрайтын құқықтық нормалар жүйесі. Мұндағы қатынасқа түсуші тұлғалар тәуелсіз және заңдық тұрғыдан бір-бірімен тең болып табылады.

Қазіргі азаматтық құқық адам құқығын қорғауға ерекше мән береді, мұның өзін көптеген мемлекеттермен өзара және тұрақты байланыс орнатудың жемісі десе де болады.

Қазақстан Республикасының  саяси құқықтық ағымының азаматтық  құқықты нарықты экономикаға  бейімдеуге бағытталғаны белгілі. Бұл орайда Азаматтық құқықтың қандай болуы керектігіне жауап беру және қандай талаптар дәрежесінен көрінуі керектігі күн тәртібінде тұр.

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер тiзiмi.

 

Қолданылған нормативтiк  актiлер тiзiмi:

 

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы
  2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі

 

Қолданылған арнайы әдебиеттер тізімі:

 

1. Е.Абиль История  государства и права РК с  древнейших времен до начало  ХХ века Астана, 2000

2. Баянов Е. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері: Оқулық. Алматы, 2003.

3. Ғ. Сапарғалиев «Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы» А. «Жетi Жарғы» 1998

4. Төлеуғалиев Б. Азаматтық құқық. Жалпы бөлім. 1 том. 2001 ж.

5. Азаматтық құқық пәнінің лекциялық дәптері.

6. Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы, Ерекше бөлім. 1-2 томдар, Алматы, 2003 г.