Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жүйесін дамытудың пайымы

1-бөлім. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жүйесін дамытудың пайымы 

 

Кіріспе 

 

 

   Меритократия, тиімділік, нәтижелілік,  транспаренттік және қоғамға  есептілік қағидаттарына негізделген  мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіру  мемлекеттік басқару жүйесінің  бәсекеге қабілеттілігін және  халыққа сапалы қызмет көрсетуді  қамтамасыз етудің аса маңызды  факторы болып табылады.  

 Осы Тұжырымдамада  мемлекеттік қызмет жүйесіндегі  ағымдағы ахуалды талдау ұсынылған,  Қазақстан Республикасы мемлекеттік  қызметінің жаңа моделін қалыптастырудың  негізгі бағыттары мен оны  іске асырудың түйінді тетіктері айқындалған.    

 Осы Тұжырымдама Қазақстан  Республикасы мемлекеттік қызметінің  жаңа моделін рәсімдеуге және  оны әрі қарай кәсібилендіруге  бағытталған заңнамалық және  өзге де нормативтік құқықтық  актілерді әзірлеу үшін негіз  болады. 

 

1.1. Ағымдағы ахуалды  талдау 

 

 

   Қазақстан Республикасы мемлекеттік  қызметі жүйесін дамыту мемлекеттің  тәуелсіздік жылдарындағы рөлінің  өзгеруі, саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қатынастардың қалыптасу,  мемлекеттік басқару жүйесін  оңтайландыру процестерімен тығыз  байланысты.    

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының  мақсаттары мен басымдықтарын іске асыру үшін кадрларды іріктеу  мен жоғарылатудың тиімді жүйесін  құру, мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығын қамтамасыз ету қажет болды.  

 Қазақстан Республикасы  Президентінің «Мемлекеттік қызмет  туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы  № 2730 Заң күші бар Жарлығы  тәуелсіз Қазақстанның қазіргі  заманғы мемлекеттік қызмет жүйесін  институттандырудың бастауы болып  мемлекеттік басқару жүйесінің  кадрлық ұйытқысын сақтауға мүмкіндік  берді және мемлекеттің маңызды  институты ретінде мемлекеттік  қызметтің дамуына негіз қалады.    

 Жарлықтың қабылдануы  мемлекеттік қызмет қағидаттарын, мемлекеттік лауазымдардың сатылығын  белгілеу жолымен мемлекеттік  қызмет қатынастарын реттеуге, мемлекеттік  қызметшілердің құқықтық мәртебесін  айқындауға және әлеуметтік кепілдіктерін  белгілеуге, сыбайлас жемқорлыққа  қарсы шектеулер енгізуге мүмкіндік  берді.    

1997 жылы мемлекеттік дамудың  ұзақ мерзімді басымдығы ретінде  кәсіби үкімет құруды айқындап  берген «Қазақстан – 2030» стратегиясы  мемлекеттік қызметті дамытудағы  келесі кезеңі болды.   

1999 жылы қабылданған «Мемлекеттік  қызмет туралы» Қазақстан Республикасының  Заңы (бұдан әрі – Заң) мемлекеттік  қызметтің кәсіби және тиімді жүйесін және бірыңғай кадр саясатын қалыптастыруға бағытталған, өзекті қажеттіктерге сай келетін жаңа тәсілді айқындап берді.  

 Қазіргі кезде Заң  және оны іске асыру үшін  әзірленген тиісті нормативтік  құқықтық актілер мемлекеттік  қызметке кіру, оны атқару және  тоқтату мәселелерін реттейді.  

 Мемлекеттік қызмет  істері жөніндегі уәкілетті орган  және оның аумақтық бөлімшелері  жұмыс істейді.  

 Мемлекеттік  қызметке кіру мәселелері  

 Азаматтардың мемлекеттік  қызметке тең қол жеткізудегі  конституциялық құқығы міндетті  конкурстық іріктеуді енгізу  арқылы іске асырылды, оның тетіктері  Заңда және өзге де нормативтік  құқықтық актілерде бекітілген.  

 Мемлекеттік қызметке  конкурстық іріктеуді енгізу  кандидаттың мемлекеттік әкімшілік  лауазымына қойылатын бекітілген  біліктілік талаптарына сай болуын  анықтауға бағытталған.  

 Мәселен, Заңға сәйкес  мемлекеттік әкімшілік лауазымға  кіру кезіндегі конкурстық іріктеу  мемлекеттік қызмет істері жөніндегі  уәкілетті органның мемлекеттік  қызмет туралы қолданыстағы заңнаманы  білуге арналған тестілеуді өткізуін, сондай-ақ мемлекеттік органның  конкурстық комиссиясының кандидаттармен  әңгімелесу өткізуін көздейді.  

 Мемлекеттік қызметтің  кадр резерві қалыптасуда.

Алайда, конкурстық іріктеуді  жүргізудің қазіргі кездегі тәжірибесін  алғанда, мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі конкурстық рәсімдердің  әділдігіне азаматтар тарапынан  бірқатар сенімсіздік байқалады.

Осыған байланысты, мемлекеттік  қызметке конкурстық іріктеу тәртібін жетілдіру және оның транспаренттілігін арттыру қажет.   

 Мемлекеттік  қызметшілерді оқыту мәселелері   

 Қазіргі кездемемлекеттік  қызмет жүйесінде Қазақстан Республикасы  Президентінің жанындағы Мемлекеттік  басқару академиясын, мемлекеттік  қызметшілерді қайта даярлаудың  және олардың біліктілігін арттырудың  өңірлік орталықтарын және басқа  да білім беру ұйымдарын қамтитын  оқыту инфрақұрылымы қалыптастырылған.   

 Жыл сайын орташа  есеппен мемлекеттік қызметшілердің  үштен бірі қайта даярлау және  біліктілігін арттыру курстарында  оқудан өтеді, соның нәтижесінде  үш жылдық кезеңде мемлекеттік  қызметшілерді жүз пайыздық оқыту  қамтамасыз етіледі.  

 Сонымен қатар, қазіргі  кезде оқыту процесінің сапасын  басқару жүйесін жаңғырту және  мемлекеттік қызметшілерге арналған  оқу бағдарламаларына оқытудың  инновациялық әдістерін енгізу  қажеттілігі туындап отыр.  

 Мемлекеттік қызметшілерге  білім беру жүйесі практикалық  маңызы бар және мемлекеттік  органның мақсаттары мен міндеттеріне  сай келетін, кәсіби білім мен  дағдыларды дамытуға бағытталуы  керек.  

 Сонымен қатар, мемлекеттік  қызметшілерді оқыту жөніндегі  жұмысты тиімді үйлестіру қажет.   

 Мемлекеттік  әкімшілік қызметшілерді аттестаттау  мәселелері  

 Мемлекеттік қызмет  туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік  әкімшілік қызметшілер лауазымында  үш жыл болғаннан кейін аттестаттаудан  өтеді. Оның мақсаты олардың  кәсіби дайындық деңгейін, құқықтық  мәдениетін және азаматтармен  жұмыс істеу қабілетін айқындау  болып табылады.  

 Аттестаттау рәсімі  мемлекеттік қызметшіге тікелей  басшысының аттестаттаудан өтетін  қызметшінің кәсіби, жеке қасиеттерін  және қызметтік жұмысы нәтижелерін  көрсететін қызметтік мінездемені  ұсынуын қамтиды.  

 Сонымен бірге, қазіргі  кезде аттестаттауды өткізу рәсімін  мемлекеттік қызметшілердің жұмыс  сапасы мен түпкілікті нәтижелерін  бағалауға бағдарлау арқылы жетілдіру және аттестаттау қорытындылары мен мансаптық өсудің өзара байланысын қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр.

Мемлекеттік қызметшілерді  ынталандыру мәселелері  

 Қазіргі кезде мемлекеттік  бюджет және Қазақстан Республикасы  Ұлттық банкінің сметасы (бюджеті)  есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік  органдардың қызметкерлеріне еңбекақы  төлеудің бірыңғай жүйесі қолданылады.   

 Бұл жүйе коэффициенттерге негізделген және қызмет өтілі мен атқаратын  мемлекеттік әкімшілік лауазымының санатын ескеруге мүмкіндік береді.  

 Мемлекеттік бюджет  қаражаты есебінен мемлекеттік  органдардың қызметкерлеріне сыйақы  беру, материалдық көмек көрсету  және олардың лауазымдық жалақыларына үстемақы белгілеу тәртібі айқындалған.   

 Тұрақтылыққа қарамастан, мемлекеттік қызметшілердің еңбек  төлемақысы, жеке сектормен салыстырғанда,  бәсекеге қабілеттілігі төмен  болып қалуда.

Мәселен, 2011 жылғы 1 сәуірдегі  статистикалық деректерге сәйкес мемлекеттік  қызмет жүйесіндегі орташа жалақы 69 027 теңгені құрайды, ал құрылыс саласындағы орташа жалақы 101 500 теңгені, тау-кен өнеркәсібінде – 133 309 теңгені, қаржы және сақтандыру қызметінде – 148 680 теңгені құрайды.  

 Сонымен қатар, мемлекеттік  қызметшінің жұмыс сапасын бағалаудың  болмауы оның еңбек үлесі мен  материалдық, мансаптық және моральдық  ынталандыру жүйесі арасындағы  өзара байланыстың төмен болуына  әкеп соғады.  

 Мемлекеттік органдардың  жұмысы еңбектің тиімсіз ұйымдастырылуымен  және мемлекеттік қызметшілерді  әлеуметтік қорғаудың нақты жүйесінің  болмауымен сипатталады. Бұл білікті  кадрлардың, оның ішінде шетелдік  білімі бар мамандардың жеке  секторға кетуіне, сондай-ақ мемлекеттік  қызметті жұмысқа орналасуға  қызықтырмайтын орын ретінде  қабылдауға әкеп соғады.  

 Кадрлық әлеуеттің  төмендеуі мемлекеттік органдардың  (әсіресе өңірлік деңгейде) кадрлық  құрамын кәсібилендіруді толық  көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік  бермейді.  

 Жауапты хатшы  институтының жұмыс істеу мәселелері   

 Мемлекеттік қызмет  жүйесінде жауапты хатшы институты  енгізілген, оның негізгі міндеті  мемлекеттік саяси қызметшілер  ауысқан кезде мемлекеттік органдардың  жұмысында кадрлық сабақтастықты  сақтау болып табылады.   

 Сонымен бірге, кейбір  орталық мемлекеттік органдарда  басшылық құрамның жиі ауысуы  байқалады. Бұл мемлекеттік органдар  қызметінің тиімділігіне әсер  етеді.  

 Сондай-ақ, жауапты хатшы  лауазымының саяси лауазым болып  табылатындығы ескеріле отырып, мемлекеттік органдардың жаңа  басшыларын тағайындау іс жүзінде  сол жауапты хатшылардың өздерінің  ауысуымен қатар жүруде.  

 Мемлекеттік  қызметшілердің этикасы мен имиджін  қалыптастыру мәселелері  

 Қазақстан Республикасының  мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы  сыбайлас жемқорлыққа қарсы айқын  сипатқа ие.  

 Мысалы, мемлекеттік қызметке  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын  жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке  тартылған адам не мемлекеттік  қызметке кіруге байланысты және  Заңда белгіленген  шектеулерді қабылдаудан бас тартқан адам қабылданбайды.  

 Мемлекеттік қызметшілердің  ант қабылдауы және олардың  мемлекеттік қызметте болумен  байланысты жазбаша шектеулерді  қабылдауы нормасы бекітілген.  

 Қолданыстағы Қазақстан  Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің              ар-намыс кодексі мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік келбеті мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды айқындайды.  

 Мемлекеттік қызмет  істері жөніндегі уәкілетті орган  және оның аумақтық бөлімшелері  тексеру барысында мемлекеттік  қызмет туралы қолданыстағы заңнаманың  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  заңнаманың сақталуын бақылауды  жүзеге асырады.  

 Алайда, тексеру нәтижелері  мемлекеттік органдардың жұмысында  мемлекеттік қызметке кіру және  оны атқару мәселелері бойынша  қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтардың  бар екенін көрсетеді.  

 Мемлекеттік қызмет  істері жөніндегі уәкілетті орган  және оның аумақтық бөлімшелері  анықталған бұзушылықтар туралы  анықтаманың негізінде мемлекеттік  органның басшысына бұзушылықтарды  жою және тиісті лауазымды  адамдарды тәртіптік жауапкершілікке  тарту туралы ұсынымдар жасайды,  кейіннен ұсынымдар шығара отырып, тәртіптік кеңестерде мемлекеттік  органдардың есептерін тыңдауды  жүргізеді.  

 Сонымен қатар, қазіргі  кезде тәртіптік кеңестердің  жұмысын жетілдіру қажет. 

 

 

  

 

 

   Мемлекеттік қызметтер  көрсету мәселелері  

 Халықтың мемлекеттік  аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттік  қызметтердің сапасымен және  қолжетімділігімен байланысты екенін  атап өту керек.  

 Мемлекеттік қызметтер  көрсетудің қолданыстағы стандарттары  мемлекеттік қызмет көрсетудің  тәртібін, мемлекеттік қызметтің  сапасы мен қолжетімділігі көрсеткіштерінің  нормативтік және міндетті түрде  орындалуға тиіс мәндерін, шағым  беру тәртібін және байланысу  ақпаратын, сондай-ақ мемлекеттік  қызметтер көрсету кезіндегі  уақытша шектеулерді белгілейді.

Алайда, қазіргі кезде  мемлекеттік органдардың қызметінде мемлекеттік қызмет көрсету кезінде  тиімсіз ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтер  көрсетудің бекітілген стандарттарын  бұзу фактілері байқалуда. Бұл заңды  және жеке тұлғалардың мемлекеттік  қызметтер сапасы мен қолжетімділігіне тиісті дәрежеде қанағаттанбауына әкеп соғады.  

 Мемлекеттік қызметшілердің  кәсіби деңгейінің төмен болуы,  бюрократия көріністері және  мемлекеттік қызметтерді көрсету  кезінде әкімшілік кедергілердің  болуы мемлекеттік қызмет имиджіне  кері әсерін тигізуде және  халық пен бизнестің мемлекеттік  органдар жұмысына қанағаттанбауының  негізгі себебі болып табылады.

Жоғарыда көрсетілген  түйткілді мәселелерді ескере отырып, мемлекеттік қызмет жүйесінің одан әрі үдемелі дамуын және оны мемлекеттік  басқаруды жаңғырту процестерімен  өзара тығыз байланыста реформалауды қамтамасыз ету қажет.  

 Осылайша, Қазақстан Республикасының  2020 жылға дейінгі Стратегиялық  даму жоспарының ережелері ескеріле  отырып, Қазақстан Республикасы  мемлекеттік қызметінің жаңа  моделін қалыптастыру және оны  кәсібилендіру мемлекеттік басқарудың  нәтижелі жүйесін қаматамасыз  етуге бағытталатын болады. 

 

1.2. Мемлекеттік  қызметтің жаңа моделінің мақсаты  мен міндеттері 

 

 

   «Қазақстан – 2030» стратегиясында  айқындалған мемлекеттік қызметті  дамытудың басымдықтары: «кадрларды  жалдау, даярлау және жоғарылату  жүйесін жақсарту»; «мемлекеттік  қызмет – ұлтқа қызмет ету»; «мемлекеттік қызметтің жоғары  абыройын қалыптастыру және қолдау»  осы тұжырымдамамен Қазақстан  Республикасы мемлекеттік қызметінің  жаңа моделін қалыптастыру негізіне  алынған.   

 Мемлекеттік қызметтің  жаңа моделі бірінші кезекте  «мемлекеттік қызмет» ұғымын  жаңғыртуды көздейді. Мемлекеттік  қызмет «ұлтқа (қоғамға) қызмет  ету» ұғымының синонимі болуға  және мемлекеттік қызметтерді  тұтынушы болып табылатын халыққа  бағытталуға тиіс.   

 Мемлекеттік қызметтің  жаңа моделі оны кәсібилендірудің басты факторы болып табылатын адами фактордың маңыздылығын тануға және тиімді кадр жұмысын жүргізуге бағдарланған.   

 Мемлекеттік қызметтің  жаңа моделі тиімді кадр тетіктерін  – мемлекеттік қызметке кірудің  тиімді әрі айқын тәртібін, үздіксіз  кәсіби даму мүмкіндігін, жұмыс  нәтижелері мен ынталандыру жүйесінің  өзара байланысын қалыптастыруға  бағытталған.  

 Мемлекеттік қызметтің  жаңа моделінде мемлекеттік саясаттың  тиімді іске асырылуын кәсіби  тұрғыдан қамтамасыз ететін жоғары  мемлекеттік әкімшілік қызметшілер  корпусы қалыптастырылып, мемлекеттік  қызметке кіру және оны атқару  тетіктері түбегейлі жетілдірілетін  болады.  

 Осылайша, «Қазақстан  – 2030» Стратегиясының ережелері  негізге алына отырып:

1) мемлекеттік қызмет  жүйесіндегі тиімді кадр саясаты  және адами капиталды басқару  жүйесі;

2) мемлекеттік қызметтер  көрсетудің жоғары сапасы және  мемлекеттік органдар қызметінің  тиімділігі;

3) мемлекеттік қызметшілердің  оң имиджі және мінез-құлық  этикасы мемлекеттік қызметтің  жаңа моделін қалыптастырудың  үш тұғырлы мақсаты болып табылады.

Үш тұғырлы мақсатқа сәйкес:

1) мемлекеттік қызмет  жүйесінде жаңа кадр тетіктерін  қалыптастыру және қолданыстағыларын  жетілдіру;

2) мемлекеттік қызметшілердің  жұмысын мемлекеттік қызметтердің  сапасы мен қолжетімділігін арттыру  және мемлекеттік қызметшілердің  жұмысын мемлекеттік қызметтерді  тұтынушы ретінде халыққа бағдарлау;

3) мемлекеттік қызметтің жоғары мәртебесі мен беделін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының этикалық нормаларын қалыптастыру мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың міндеттері болып айқындалады.  

 Мемлекеттік қызметті  сапалы кадрлық жаңарту мен  кәсібилендіруді жүйелі түрде  қамтамасыз ету үшін оның ұйымдастырушылық  құрылымы және нормативтік құқықтық  базасы жаңғыртылатын болады.  

 Жаңа модельді қалыптастырудың  нәтижесі нақты нәтижеге және  мемлекеттік қызметтерді сапалы  түрде көрсетуге бағдарланған, сондай-ақ  мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық  дамудың өзекті қажеттіктеріне  сай келетін кәсіби мемлекеттік  қызмет болмақ. 

 

1.3. Іске асыру  кезеңі және күтілетін нәтижелер  

 

 

   Осы Тұжырымдаманы іске асыру  2011 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі  аралыққа есептелген және мынадай  кезеңдерден тұрады.  

 Бірінші кезеңде (2011 – 2012 жылдар) Қазақстан Республикасының            2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының нысаналы индикаторларына кол жеткізуге бағытталған:

1) үш корпусқа негізделген  мемлекеттік қызмет лауазымдарының  жаңа тізілімін енгізу;

2) мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызметтің кадр резервін қалыптастыру рәсімдерін жақсарту;

3) жоғары білікті мемлекеттік  қызметшілерді даярлау жөніндегі  базалық білім беру орталығын  қалыптастыру;

4) нәтижеге бағдарланған  мемлекеттік басқару жүйесінің  технологиялары мен қағидаттарына  негізделген жаңартылған оқыту  бағдарламаларды енгізу;

5) мемлекеттік органдардың  кадр қызметтері жұмысының тиімділігін  арттыру;

6) мемлекеттік қызметшілердің  жұмысын бағалау жүйесін енгізу;

7) мемлекеттік қызметшілердің  еңбегіне ақы төлеудің жаңа  жүйесін енгізу;

8) мемлекеттік қызметтер  көрсету сапасын арттыруға, оның  ішінде мемлекеттік қызметтер  көрсетудің сапасын бақылау жүйесін  енгізуге, көрсетілетін мемлекеттік  қызметтердің сапасын бағалау  үшін кері байланыс тетігін  дамытуға бағытталған шараларды  іске асыру көзделеді.  

 Екінші кезеңде (2013 – 2015 жылдар) мансаптық жоспарлау  жүйесін енгізу, кәсіби даму мен  оқытудың дара жоспарларын енгізу, қашықтықтан оқыту жүйесін кеңейту;  мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру  жүйесін жетілдіру; мемлекеттік  қызметтің автоматтандырылған ақпараттық  жүйесін құру; әкімшілік этиканы  басқарудың екі деңгейлі жүйесін  әзірлеу сияқты мемлекеттік қызметті  кәсібилендіру жөніндегі ұзақ  мерзімді шаралар жүзеге асырылатын  болады.  

 Бірінші кезеңде іске  асырылған шаралардың тиімділігіне  мониторинг жүргізу және оларды  бағалау екінші кезеңде жүргізілетін  болады, соның негізінде тиісті  нормативтік құқықтық, әдістемелік  және ұйымдастырушылық ұсыныстар  мен ұсынымдар әзірленетін болады.   

 Осы Тұжырымдаманы  іске асыру мемлекеттің функцияларын  тиімді орындауға және халыққа  сапалы мемлекеттік қызметтер  көрсетуге қабілетті мемлекеттік  аппаратты кәсібилендіруді қамтамасыз  етеді. 

 

2-бөлім. Қазақстан  Республикасы мемлекеттік қызметі  жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары  мен жалпы тәсілдері 

 

2.1. Мемлекеттік  қызметтің жаңа моделі 

 

 

   Халықаралық практикада мемлекеттік  қызметтің екі үлгілік моделін  бөліп қарастыруға болады –  баспалдақтық және позициялық.  

 Мемлекеттік қызметке  кіру мен оны атқару тәртібіне  қатысты осы модельдердегі айырмашылықтарға  қарамастан, оларға мемлекеттік  қызмет тиімділігін қамтамасыз  ететін бірқатар жалпы шарттар  тән.  

 Біріншісі – мемлекеттік  қызметшілерді саяси «тағайындалатындар»  және кәсіби «орындаушылар» деп  бөлу. Екіншісі – мемлекеттік  қызметке конкурстық негізде  қабылдау, бұл мемлекеттік қызметке  білікті әрі құзыретті мамандарды  іріктеп алуға мүмкіндік береді  және кадрларды іріктеу мен  жоғарылатудың патронаждық жүйесі  үшін мүмкіндіктерді азайтады.  

 Мемлекеттік қызметтің  жоғары беделі мен мәртебесі  шетелдердегі мемлекеттік қызмет  жүйесінің маңызды ерекшелігі  болып табылады.  

 Қазіргі кезде, көптеген  елдер мемлекеттік басқарудың  ұлттық жүйесінің ерекшелектерін  ескеретін мемлекеттік қызметтің  аралас моделін құруды жөн  көреді.  

 Мемлекеттік қызметтің  көптеген тиімді модельдерінде  (Нидерланды, Сингапур, АҚШ, Италия) жоғары мемлекеттік қызмет институты  қолданылады, ол саяси шешімдер  қабылдау процесін оларды іске  асыру процесінен ажыратуға бағытталған.  Жоғары мемлекеттік қызметтің  функциялары жалпы мемлекеттік  саясатқа сәйкес басқару талаптарын  әзірлеу және әкімшілік қызметті  жүргізу болып табылады.  

 Қазақстан Республикасы  мемлекеттік қызметінің жаңа  моделі мемлекеттік қызметтің  баспалдақтық және позициялық  модельдерінің элементтерін қамтып, аралас болып қалады.

Сонымен қатар, Қазақстан  Республикасының 2020 жылға дейінгі  Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде  корпустық вертикаль: мемлекеттік  саяси қызметшілер, «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық  корпусы айқын көрініс табатын  болады.  

 Жаңа модельді қалыптастыру 2012 жылға қарай үш корпусқа  негізделген мемлекеттік лауазымдардың  жаңа тізілімін бекітуді көздейді.

Мемлекеттік саяси қызметшілер  корпусына мемлекеттік саясатты қалыптастыратын, мемлекеттік басқару  саласына (аясына) басшылық етуді жүзеге асыратын, тиісті саладағы мемлекеттік  дамудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын  қызметшілер, сондай-ақ тағайындалуы саяси-шешуші сипатқа ие қызметшілер енгізіледі.   

 Мемлекеттік саяси  қызметшілер корпусына мынадай  лауазымдар: орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың бірінші басшылары, олардың орынбасарлары, облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкімдері және олардың орынбасарлары, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын басқа да мемлекеттік лауазымдар енгізілетін болады.   

 Жаңа модельде мемлекеттік  әкімшілік қызмет құрылымында  мемлекеттік саяси қызметшілер  қалыптастыратын саясатты іске  асыруды және стратегиялық шешімдер  қабылдау мен оларды орындау  арасындағы өзара байланысты  қамтамасыз ететін «А» басқарушылық  корпусы құрылатын болады.  

 «А» басқарушылық корпусының  әкімшілік лауазымдарына тағайындау  тек қана кадр резервінен жүзеге  асырылатын болады. Оны пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету үшін кандидаттың «А» корпусының кадр резервінде тұру міндеттілігін көздейтін құқықтық норма қарастырылатын болады.   

 Саяси кадр резервін  және мемлекеттік әкімшілік қызметтің  «А» басқарушылық корпусының  кадр резервін қалыптастыруды  Қазақстан Республикасы Президентінің  жанындағы Кадр саясаты жөніндегі  ұлттық комиссия мемлекеттік органдардың және облыстар, астана, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің ұсыныстары негізінде жүзеге асыратын болады.

Кадр саясаты жөніндегі  ұлттық комиссияның құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының  Президенті айқындайтын болады.  

 Мемлекеттік қызметтің  жаңа моделінде мемлекеттік саяси  лауазымдар тізілімі қайта қаралып,  мемлекеттік саяси қызметшілер  саны шектелетін болады. Жауапты  хатшы лауазымына тағайындалған  адамның рөлі мен жауапкершілік  дәрежесі нақты айқындалып, оны  тағайындаудың ашық, транспарентті,  сіңірген еңбегіне негізделген  тетігі әзірленетін болады.

Қазақстан Республикасының  Президенті айқындаған мемлекеттік  қызметті дамыту басымдықтары ескеріле отырып, жауапты хатшы лауазымы «А»  басқарушылық корпусына жатқызылатын болады, тиісінше, жауапты хатшылардың  өкілеттіктері, құқықтары, міндеттері осы корпустың қызметін реттейтін  нормативтік құқықтық актілер шеңберінде айқындалатын болады.

Сондай-ақ, мемлекеттік орган  жұмысындағы сабақтастықты сақтау мақсатында мемлекеттік органдардың  бірінші басшыларының лауазымда  болу кезеңіне қарамастан, жауапты  хатшылар белгілі бір мерзімге тағайындалатын болады.  

 Мемлекеттік әкімшілік  қызметтің «А» корпусына іріктеу  өздерін кәсіби құзыретті және  тиімді жұмыс істейтін қызметкерлер  ретінде көрсеткен «Б» атқарушылық  корпусына жатқызылған мемлекеттік  қызметшілер қатарынан тұрақты  рекрутинг негізінде жүргізілетін  болады.  

 Сонымен қатар, қолда  бар кадр әлеуетін кеңейту  және мемлекеттік қызмет жүйесінің  ашықтығы «әлеуметтік лифт» тетігі  есебінен қамтамасыз етілетін  болады.   

Осы тетік мемлекеттік  қызметшілер болып табылмайтын, бірақ мемлекеттік ұйымдарда  және жеке секторда басшы лауазымдарды атқаратын кәсіби даярлығы бар кадрларға  «А» корпусының кадр резервіне енгізу үшін конкурстық іріктеуге қатысуға мүмкіндік береді.        

 Саяси кадр резервіне  және «А» басқарушылық корпусының  кадр резервіне қосу критерийлері  мемлекеттік қызмет істер жөніндегі  уәкілетті органның ұсынуы бойынша  жеке нормативтік құқықтық актімен  айқындалатын болады.

Атап айтқанда, кандидатты саяси кадр резервіне және мемлекеттік  әкімшілік қызметтің «А» басқарушылық корпусының кадр резервіне қосу туралы шешім қабылдауға негіз ретінде  мынадай критерийлерді:

білім деңгейі мен бейінін,

жұмыс өтілі мен тәжірибесін,

кәсіби және жеке құзыреттерін бағалауды,

қызметтік этиканы сақтауды,

мемлекеттік саяси қызметшінің  не басшы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі мол «А» басқарушылық корпусы  әкімшілік қызметшісінің жазбаша  ұсынымының болуын айқындаған жөн.  

 Кандидаттарға «А»  басқарушылық корпусына кіру  үшін мемлекеттік қызметшінің  басқару лауазымында функционалдық  міндеттерін тиімді орындау ісінде маңызды кәсіби және жеке құзыреттерді бағалау қолданылатын болады.  

 Кәсіби және жеке  құзыреттерінің негізінде тестілеу, сондай-ақ кәсіби бағдарланған  әңгімелесу мен емтихандар өткізу  мемлекеттік әкімшілік «А» басқарушылық  корпусының кадр резервіне конкурстық  іріктеудің тетіктері болады.  

 Саяси лауазымды атқаратын  мемлекеттік орган басшысы ауысқан  кезде мемлекеттік әкімшілік  қызметшілер жұмысының тұрақтылығын  және ведомствоішілік сабақтастықты  қамтамасыз ететін тиімді тетікті  қалыптастыру үшін мемлекеттік  қызметшінің «А» корпусында лауазымда  болу мерзімі белгіленетін болады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жүйесін дамытудың пайымы