Қазақстандағы будда діні

Жоспар:

1.Кіріспе

2.Негізгі бөлім

2.1. Будда ілімі

2.2. Пайда болу тарихы

2.3. Буддизмнің таралуы

2.4.Қазақстандағы будда діні

3.Қорытынды

4.Пайдаланылған әдебиеттер

                                                          

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                Кіріспе

Будда діні — б.з.б. 6 ғасырда Будда негізін қалаған философиялық және діни наным. Үндістанның бүгінгі Бихар штатында пайда болған. Будда діні кезінде Оңтүстік Үндістан жеріндегі Шри Ланкадан бастап солтүстікте Сібірге, батыста Еділ өз. бойына дейін тараған. Будда діні басқа ілім-танымдарды бойына оңай сіңірді және оның негізгі қағидасы жан иесіне жамандық жасамау болғандықтан, жер жүзіне соғыссыз тарады. Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша Будда дінін 1 млрд-қа жуық адам ұстанады. Будда діні фәни өмірдің азаптары — ауру, кәрілік, өлімнен құтылу жолын іздейді. Ол өмірдің қасіреті — нәпсінің тілегіне байланысты деді. Адамның денесі уақытша өмір сүреді. Ал нәпсі қанағатсыз тілегімен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәпсінің тілегінен құтылу керек. Ол үшін төрт хақиқатты білу қажет: 1) өмір — азап; 2) азап нәпсіден туады; 3) нәпсіні ауыздықтаса — азаптан құтылады; 4) нәпсіден құтылудың төрт сатысы бар: а) жүректің оянуы; ә) ниет, ақыл, ойды түзету; б) мінез-құлықты түзету; в) адамға ғана емес, бүкіл жан иелеріне деген рақымшылыққа, махаббатқа жету (аїимса — адамға, тіршілік иесіне жамандық жасамау, соның бір көрінісі). Аїимсаны жүзеге асыру үшін Будда Веданы жоққа шығарды. Себебі Веда уағызы бойынша құрбандық шалу дәстүрінен мал көп сойылушы еді. Веда ілімі бойынша жан иесі үш болмыстан тұрады: жан, әркімнің өзіндік қасиетін құрайтын нәзік болмыс және тән. Ал Будда осының соңғы екеуін ғана мойындап, жанды және оның мәңгілік екендігін жоққа шығарды. “Егер адам өлгеннен кейін нәзік болмысы әлемдік болмыспен араласатындай болып жетілсе, ол бұл өмірде қайта тумай, туу — өлу айналымынан (самскара) құтылады, яғни, фәни өмірдің азабынан құтылады” деді. Мұны “шуньявади” (бос кеңістік, яғни, өлгеннен кейін ештеңе жоқ) философиясы деп атайды. Будда діні өзінің даму барысында үш кезеңнен өтті: хинаяна, әркімді туу — өлу айналымынан құтылуды үйрететін алғашқы даналық мектебі (б.з.б. 5 ғ. — б.з. басы); екінші, бодхисаттва — құтқарушы көмегімен құтылу; үшінші, махаяна (б.з. 5 ғ-ына дейін) кезі. Махаяна негізінде будда (көкірек көзі ашылған) болуға мүмкіндік беретін жаңа тиімді әдістер уағыздалды (5 ғ-дан кейін). Ол ваджраяна деп те аталды.

 

 Будда ілімі.Будда ілімінің негізі болған төрт ақиқат дегеніміз не? Олар азап туралы (немесе азаптың ақиқаты). Басқаша айтқанда, тіршілік дегеніміздің өзі – азап шегу. Екінші ақиқат – азаптың себептері (немесе азап себептерінің ақиқаты). Ол адамның құлқында: яғни, өмір сүруге, рахатқа, билікке, байлыққа, т.б. ынтықтығында. Үшінші ақиқат азаптың аяқталуы (немесе азап аяқталуының ақиқаты) және азапты аяқтауға бастайтын жолдар (немесе азапты аяқтау жолдарының ақиқаты) туралы деп аталады. Будданың ілімі бойынша адамның өмірі қайғы-қасірет пен азаптан ғана тұрады. «Туудың өзі – азап, қарттық – азап, ауру – азап, ұнамайтын жанмен қосылсаң – азап, қалаған нәрсеңе қол жеткізбесең – ол да азап», дейді Будда. Ал азаптың себебі – пендешілік тауқыметтерге байланып, өмір сүруге ынтық болуда. Осы ынтықтық пендені бір азаптан екінші азапқа сала береді. Барлық тілектерді басу жолымен ынтықтықты жойғанда ғана азап аяқталады, дейді Будда. Қорыта айтсақ, бұл ілім бойынша адам өзінің бойындағы өмір сүруге деген барлық пендешілік ықыластардан, барлық тілектерден, барлық құмарлықтан бас тартуы керек.

Тілектер мен  құмарлықты қалай жоюға болады деген  сұраққа азапты аяқтау жолдары туралы деп аталатын жоғарыда аталған соңғы  ақиқат жауап береді. Бұл ақиқат көздеген мақсатқа жетудің шыншыл дін, шыншыл шешім, шыншыл сөз, шыншыл істер, шыншыл өмір сүру, шыншыл талпыныс, шыншыл ойлар, шыншыл пайым сияқты сегіз жолы бары айтылады. Басқаша айтқанда, бұл дұрыс түсінік, дұрыс пиғыл, дұрыс сөйлеу, дұрыс мінез-құлық, дұрыс өмір сүру, дұрыс ұмтылыс, дұрыс қамқорлық, дұрыс ойлау деген мағынаны білдіреді. Осы сегіз жолды бұзбай жүрген адам ақыры кемелдікке қол жеткізіп, архат-әулие деген атаққа ие болып, нирванаға кіреді, дейді Будда. Жоғарыда айтқанымыздай, нирвана дегеніміз барлық данышпандар қол жеткізуге ұмтылатын идеалдық жағдай. Бірақ буддистік әдебиеттерде оның нақты анықтамасы жоқ. Кейбіреулердің пікірі бойынша, нирвана тіршілікті жою десе, екіншілері танымды тіршілікті жойып, басқа, танылмайтын әлемге өту дейді.

Бір тіршіліктен екіншісіне өтудің мәңгілік жолдарын буддистер сансарлар деп атайды. Олар барлық жан иесінің бір тіршіліктен екіншісіне өтерде (айналуда) қаптаған азапты бастан кешіретінін айтады. Өлім адамды тіршіліктің азабынан құтқара алмайды, өйткені, оның артынан басқа өмір туады. Сондықтан сансарлардың азапты жолынан шығудың бір-ақ амалы бар. Ол – архат-әулие қатарына қол жеткізіп, ақиқатты тануда. Сонымен бірге, Будда, қайта туу барысында адам, жоғарыда айтқанымыздай, жан-жануар, өсімдік, тіпті жын-шайтан түріндегі тіршілік иесі болуы да мүмкін дейді. Әрине, қайта туғанда қайтадан нақ адам кейпінде өмірге келудің маңызы зор. Өйткені, нирванаға пенде адам түрінде ғана ене алады. Ал архат-әулие дәрежесіне адам өзінің іс-әрекет, ақыл, ой-пиғыл амалдарын салып, жоғарыда айтылған жолдарды қатаң ұстағанда ғана қол жеткізеді.

Буддизмнің адамдар  арасында тез тарау себебін осы күнгі ғалымдар оның 2500 жыл бұрын солтүстік Үндістанда өркениеттің өрлеу кезіне дәлме-дәл туғанымен түсіндіреді. Дәл осы уақыттарда әдебиет пен жазу да Үндістанда қатты дамыған. Сол кезде қолданылатын санскрит жазуы б.д.д. ІV ғасырда пайда болып, әбден қалыптасқан болатын. Оны Үнді тайпаларының көбісі жақсы білген. Атақты «Махабхарата» мен «Рамаяна» поэмалары да санскрит жазуымен тараған-тын. Будда да 45 жыл бойы адамдарға ақыл-ойдың толық ашылу жолдарын осы жазуды қолдана отырып көрсеткен. Және оны әрқашан да мыңдаған шәкірттері қоршап жүретін болған. Өзі өлгеннен кейін жарық көрген Будданың сөздері 108 том болған. Онда 84 мың пайдалы кеңес бар екен. Ал кейін шәкірттерінің жазған түсініктерінің (комментарийлерінің) өзі әрқайсының қалыңдығы екі сантиметрден кем болмайтын 254 томды құраған. Оларды тенгьюр деп атайды. Бір өкініштісі – Үндістанда будданың алғашқы жазулары сақталмаған. Тек император Ашокидің тасқа қашатқан Будда ілімдері ғана аман қалған. Жасы 80-ге келіп, өлер шағына жеткенде Будда: «Мен бақытты өліммен ажал құшамын, өйткені, білетінімнің бәрін шәкірттеріме беріп үлгердім, уысымда еш нәрсе алып қалмадым. Олардың бәрі де сіздерге пайдалы болады», десе керек.

Осы сөздеріне қарағанда, ол адамзатқа күнделікті өмірге қажетті ақыл берген. Ал сіз адамдарды неге үйретесіз, іліміңіздің мақсаты қандай деген сұраққа Будда: «Барлық пенде бақытты болуға және аурудан аман болуға тырысады. Ал мен сіздерге қоршаған дүниенің не екенін және қандай екенін тануды үйреттім», деген екен. Оның осы сөздері артынан оның ілімін үйретумен айналысатын мектептердің негізі болады. Бұл мектептердің бәрін Будданың ілімін оқыту, яғни адамның ақыл-ойының, денесі мен тілінің дамуын қамтамасыз ету біріктіреді.

 Пайда болу тарихы.Буддизмге қатысты Интернет материалдарын сүзіп шыққанда, осы діннің Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияға б.д.д. І мыңжылдықтың ортасынан бастап таралған әлемдік үш діннің бірі екеніне көзіміз айқын жетті. Қазір Үндістан, Қытай, Жапония, Бутан, Вьетнам, Камбоджа, Малайзия, Корея, Лаос, Моңғолия, Мьянма, Непал, Тайланд, Тибет, ШриЛанка елдеріне кеңінен тараған. Ол Христиандықтан – 500, Исламнан 1200 жыл бұрын пайда болған. Оны ұстанатындардың саны 300-ден 350 млн. адамға жуық деген болжам бар. «Будда» деген сөздің өзі санскрит тілінен аударғанда «ағартушы әулие», «ақылман» деген сөзді білдіреді екен. Буддистердің түсінігі бойынша ақыл-ойдың асқарына жеткен жер бетіндегі кез келген пенде будда бола алады. Осындай буддалардың бірі деп танылған Шакьямуни «құтқару» ілімін ойлап тапты. Оны санскрит тілінде «Дхарма» деп атайды. Сайып келгенде, «будда» дегенде алдымен Шакьямуни еске алынады.

Сиддхартха Шакьямунидің өзі нақты тұлға ма, әлде оның дінін құрастырушылардың фантазиясынан  туған мифологиялық кейіпкер ме –  ол арасын ғылым әлі ажырата алған  жоқ. Әйтеуір оның өмірбаяны туралы «толық деректер» біздің дәуіріміздің ІІ-ІІІ ғасырларынан белгілі. Онда Шакьямуни (Будда) біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда Үндістанда (Непал) өмірге келген деп айтылады. Оның әкесі Майя халқының шакья атты табының көсемі болған. Бірақ Шакьямуниді Буддизм дінін жалғыз ойлап шығарушы деп атаудың дұрыс еместігі анық.

Буддизм бір Жаратушы бар дегенді теріске шығарады. Бірақ материяның мәңгілігін, жаратылыстардың бірінің орнына бірі келіп, айналып тұратынын мойындайды. Буддизм бойынша жарық әлем, азап пен рахат – жаратылыстың көрінісі ғана. Азаттықтан, рахаттан бас тарту, яғни адам өзін ғана ойлауы және осының салдарларынан тыйым іздеу арқылы нирванаға кіреді. Ал бұл – ешқандай тілек, ой болмай, жанның толық тыныштық табуы деген сөз. Басқа тілмен айтқанда, бұл – психикалық ғайыптық. Будда оқуы өмірді қасірет деп санайды. Адам нирванаға ұмтылуы керек. Будда бойынша пенде шаттық өмірге, рахатқа өз ерік-жігерінен бас тартып, зұлымдық пен жамандықты білмей, аскеттікпен өмір сүріп, қоршаған ортаның бәріне махаббатпен қарап және біреу үшін өзін құрбандыққа шалуға үнемі дайын болған жағдайда ғана жетеді. Осыны уағыздаған және өздерін көркем мінез-құлықпен танытқан буддистер діндерін кеңінен тарата білді.

Буддизм толық өлім жоқ, адамның тәні өлгенде жаны басқа адамға, тіпті жануарларға беріледі дегенді уағыздайды. Осы идеяға елітушілер өте көп, «мен бұрынғы өмірімде кім болдым екен, қыз болдым ба, ұл болдым ба, ит болдым ба, құс болдым ба, әлде аң болдым ба» деген сұрақтың жауабын іздегісі келетіндерді көріп жүреміз. Өз бойындағы қандай да бір итке (жағымпаздық), қасқырға (қомағайлық), т.б. ерекшеліктерді аңдап қалса, мен бұрын сол болған екенмін ғой деуші жастарды да жиі ұшыратамыз. Ал біздің Ислам дінінде жан өлмейді. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан», дейді Абай. Ал «мен» деген: «Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі, «Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі», дейді және данышпан. Демек, «мен» деген жан. Тән өлгенде оны Әзірейіл періште денеден шығарып әкетіп, Барзақ әлеміне жібереді. Оның орны Аллаға ғана мәлім. Ақырзаман болып, адам Қиямет қайымда қайтадан тірілгенде ол өз тәніне қайтадан қосылады да жауапқа тартылады, дейді біздің дін. Христиан дінінде де солай, адам өлгенде жаны тәнді уақытша тастап кетеді де, артынан тірілгенде (воскресение) қайтадан табысады. Ал Будда жанның басқа тәнге енетінін айтады, тіпті адам, жан-жануар емес, өсімдікке де беріледі дегенді уағыздайды. Осының өзі оны тануға деген қызығушылықты оятады. Ислам мен Христиандық болса, адамдар өздерінің бұрын өмірде басқа адам немесе аң, құс кейпінде болғанына қандай да бір дәлел «табуын», тіпті кітаптан, теледидардан кейбіреулердің бұрын апаттан, кісі қолынан ерте ажал тапқандардың жаны қазір басқада болуы себепті «бұрынғы өмірінің» фрагменттерін еске алуын – адамдарды дұрыс жолдан адастыруды ғана ойлайтын жынның әрекеттері деп бағалайды.

Буддизмнің өз өміріңді немесе басқаның өмірін үзуге болмайды, алдама, ұрлық қылма, кісі еңбегін жеме, мас қылатын сусындарды ішпе деген секілді негізгі тыйымдары басқа да әлемдік діндерде бар. Сонымен бірге, Будда әрқашан да сабырлы, мейірімді болуға, ешкімге ашуланбауға, қымбатшылыққа ұмтылмай, қарапайым ғана өмір сүруге және адамдардың өмірін қиятын соғыс, терроризм сияқты басқа да қырғындарды болдырмауға үндейді.

Буддизмнің негізі бір болғанымен, ілімі әр елде әртүрлі болып келеді. Ондай ағымдарға бөліну басқа да әлемдік діндерде бар екенін білеміз. Исламның өзі сүннит пен шиит секілді екі үлкен ағымға, олардың төрт түрлі мәзхабтарға бөлінетіні белгілі. Христиандықтың да католик, православие, протестант сияқты үш үлкен ағымнан басқа толып жатқан секталарға бөлінетіні тағы мәлім.

Буддизмнің екі үлкен ағымының атаулары: махаяна және тераведа. Соның ішінде, санскриттен қазақшаға аударғанда «үлкен дөңгелек» немесе құтқарылудың үлкен жолы деген мағынаны білдіретін махаяна либералды бағытта да, «дана қарттың жолы» деп танылған теравада консервативтік бағыт ұстанған. Сондай-ақ ваджраяна деп аталатын да үлкен ағым бар. Оны кейде махаянаның бір түрі десе, көп оқымыстылар өз алдына ағым деп атайды.

Бір Құдайдың барлығын танымағандығына қарап, Буддизмді кейде атеистік жолдың бір түрі деп танушылар да бар. Дегенмен, оны діни-философиялық ілім деп бағалаушылар көп.

Аңызға қарағанда, Сиддхартха Шакьямуни айрықша бала болған. Ол туарда шешесінің түсіне адамның ақылы жетпейтін өте үлкен ақ піл енген. Осыдан шошынған әйел өзінің ерекше бала туатынын сезеді-міс. Айы-күні жеткенде бала әйелдің жатырынан емес, қолтығынан туады… Сол елдерде болған Асита есімді бір данагөй баланың дін жолында орасан зор өзгерістер жасайтынын айтыпты. «Егер принц сарайда қалып, ел билеуші болса, ол бүкіл әлемді өзіне бағындырады. Ал дін жолына түссе Будда болып, әлемді құтқарады», депті Асита. Балаға Сиддхартха, яғни «өзінің міндетін орындаушы» деп ат берген де сол екен.

Көсемнің сарайында өскен балаға әкесі өмірдің қиындығын, азапты жолын көрсетпеуге тырысады. Бірақ ерекше сезімі бар ол өмірде қайғы-қасірет көп екенін түйсініп, толып жатқан аурулар барын біліп, кәрілік жетіп, адамның өлетінін танып, қалың ойларға батады. Адамға азап шектіретін не екен деген ой жатса да, тұрса да оның басынан кетпейді. Ақыры, «сарайдың тамаша сәулеті, тән саулығы, жастық – бәрі баянсыз дүниелер емес пе? Күндердің бір күнінде мен де ауырамын, қартаямын, сосын жұрттың бәрін теңгеретін өлім жетеді. Осыдан шығатын жол болуы керек қой. Жылуға қарсы тұратын суық, жарыққа қарсы тұратын қараңғы бары сияқты қайғыға қарсы тұратын бақыт болуы керек, мен соны табуым керек» деген оймен 29 жасында  Сиддартха бала-шағасын тастап, туған үйінен безіп, диуана болып, ел кезіп кетеді. Менің мақсатым: адамды азаптан құтқару жолын табу, дейді ол сұрағандарға. Ақыры, жеті жыл бойы қаңғырған соң, бір күні Урувилва деген жердегі Наиранджаны өзенінің жағасында (қазіргі Үндістанның Бихар штаты) отырғанда ол адамды азаптан құтқаратын «төрт игілікті ақиқатты» табады

Буддизмнің  таралуы.Буддизмнің Үндістаннан кейінгі алғашқы таралған елдерінің бірі – Шри Ланка. Б.д.д. ІІІ ғасырда Үндістанның императоры Асока Шри-Ланкаға алғашқы Будда миссионерлерін жіберген. Олардың ішінде өзінің ұлы Арахат Махинда да болған. Аңызға қарағанда, миссионерлер Шри-Ланканың монархы Анурадхапурамен аңда жүргенде жолығады. Сол жерде корольді Махинда «Тисса!» деп өзінің нақты есімімен шақырады. Бұған қатты шамданып қалса да король жас жігіттің ақылды екенін аңғарып, оның Будда туралы әңгімелерін ынтыға тыңдайды. Уағыздың шалымды шыққаны сондай, король оны өзінің сарайына шақырады. Сол жерде Арахат жеті күн уағыз айтып, 7 мыңнан артық адамды Будда дініне енгізеді. Артынан Шри-Ланканың королі Үндістан императорынан Будданың белгісі ретінде оның бел сүйектерін сұратып алып, оны монастырь салғызып қастерлеп қояды. Арахат Махиндаға арналып салынған сол алғашқы монастырь Шри-Ланкада Буддизмнің өріс алуына үлкен қызмет еткен. Махинда оның ішінде 48 жыл өмір сүрген екен. Бір қызығы – көпконфессиялы болып табылатын осынау аралда буддизм келгеннен бері діндер тұрғысында ешқашан соғыс болмаған. Будда таратқан төзімшілдік пен қайғы-қасіретке мұңдасу идеясы күні бүгінге дейін бұл аралдың халқына қатты тән қасиет. Қазір мұндағы буддистердің 16 қасиетті орны бар.

Будданың философиялық жүйесі өте күрделі әрі өте мазмұнды. Осының өзі оның Үндістан топырағында ғана дүниеге келгенін паш етеді. Қытай, Жапония, Корея жерлеріне келіп, халық арасына сіңген буддизм оқуы осы елдердің терең және күрделі философиялық жүйелерді қазбаламай, тайыздан қалқитындығына орай жеңіл ілімді секталар түрінде қалыптасқан. Соның бірі Қытайда кеңінен тараған дзэн-буддизм ілімі. Конфуциандық пен даосизмнің отанында ол төмендегі төрт түрлі бағытпен орныққан:

• қасиетті жазулардың қатысуынсыз айрықша ашылу;

• сөз бен әріптен тәуелсіздік;

• адамның рухани әлемімен тура байланыс;

• адамның қастерлі құпияларына қол жеткізу және Будданың кемелділігіне жету.

Дзэн-буддизмнің ерекшелігін  білдіретін осы төрт бағытты кімнің және қашан айқындағаны белгісіз. Әйтеуір, Қытайдағы Тан династиясының басқаруы кезінде Будда осы іліммен Қытайда кеңінен тарай бастағаны белгілі. Дзэн ілімі қасиетті жазулардағы сөздерді және оған сүйеніп шығарылған түсініктер мен қорытындыларды жоққа шығарады. Ол адамзат жаратылған кезінен бастап, ақыл-ойды көп қуу сияқты қате жолға түскен. Біз ешқашан іске аспайтын көп ойлар мен көп сөздерді қуамыз. Олардың біздің санамызға әбден сіңіп кеткені сондай, біз оларсыз өмір сүру мүмкін емес дейтін болдық. Біз бәрі сөзде, ал істе ешнәрсе жоқ немесе оны екінші қатардағы дүние деп есептейміз. Осыдан арылу керек, дейді. Қытай халқының көп ойлап, көп сөйлемей, тек іспен көбірек айналысатыны осындай дінде болғандығының әсері секілді.

Буддизмнің Жапонияда  таралуының 1500 жылдық тарихы бар. Соның  ішінде оның қатты дамуы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болды. Соғыстан күйзеліп шыққан жапон халқы Будданың бұл дүниедегі харекет атаулының бәрі жалғандығын уағыздай келіп, төзімшілдікке шақырған идеологиясына мойынсұнған секілді. Бұған дейін де жапон қоғамының даму логикасына Будда ілімі сәйкес келсе, ендігі жерде ол тіпті қарыштай дамып береді. Бірақ Буддизмнің жапон қоғамына келген кезінен-ақ шұғыл қанат жая бастағанын көптеген ғалымдар айтады. Атақты шығыстанушы, академик Николай Конрад «орталықтанған мемлекет құрғысы келген тұлғаларға Будда ілімі барынша қолайлы. Өйткені, ол, біріншіден, адамның бойына жалпы мемлекеттік, әлемдік көзқарас қалыптастырып, топтық шеңбердің тар қыспағына қарсы күресуді сіңіреді. Екіншіден, буддизм ілім ғана емес, тамаша храмдық ұйым құра алды. Будданың храмдық иерархиясы монахтар және әр түрлі шендегі прелаттар Жапония қоғамына феодалдық қоғамның дайын үлгісін бере алды», деп жазған еді. Жапон оқымыстысы Мазахари Анэсаки де өз елінің өркениеті жоғары қарқынмен дамығаны үшін Буддизм мен Конфуциандыққа алғыс айтуы керектігін айтады. Сонымен бірге, «Буддизм өзінің бесаспап идеялары арқылы жапондардың діни өміріне жаңа қуат пен серпін берді және діни-эстетикалық талғамдарын тазартты», дейді ол. Жапония тарихында 794 жылдан басталып, 1185 жылға дейін қалыптасқан Хэйан дәуірінде Буддизм арал мемлекетте қатты дамиды. Дәл осы уақыттарда будда храмдары экономикалық жағынан қуатты және идеологиялық жағынан барынша ықпалды ұйымдарға айналады. Будданың осында ІХ ғасырда туған Тэндай атты бір тармағы бірнеше ғасыр бойы Жапонияның ресми діні ретінде танылды. Оның негізін қалаушы алғашқы патриарх Сайте будда доктринасына сүйене отырып, теократтық мемлекет құру жоспарын да дайындаған. Жапонияда «сэйке – итти» атты дін мен саясаттың бірлігін уағыздайтын қағидат нақ осы кездерде өмірге келген.

Әрине, Буддизмнің дамуына жергілікті діндердің кесірі аз тиген жоқ. Ондай әрекеттер Жапонияда да болды. Әсіресе, Хэйнан дәуіріндегі ребусинто атты жергілікті діннің кедергісі көп болса керек. Бірақ елдің даму болашағына идеологиялық негіз қалайтындығы белгілі болған соң, билік Буддизмнің дамуына еркін жол ашады. Сонымен қатар, Буддизм VІІ – VІІІ ғасырларда Жапонияға келген конфуциандық пен даосизм ілімдерімен бейбіт қарым-қатынас орнату проблемаларына ұшырайды. Бірақ бұл уақыттарда Буддизмнің қоғам мен мемлекеттегі ықпалы оны ығыстырып шығаруға болмайтын дәрежеге жеткен екен.

Жапониядағы Буддизм  тарихын зерттеушілер мыңдаған дерек көздеріне тап болады. Мұндағы будда храмдарының ежелгі архитектурасы, қылқалам өнімдерінің стильдері, сонымен бірге, діни рәсімдердің сақталған бұйымдары Жапониядағы Буддизмнің даму генезисінен мол ақпараттар береді. Сонымен бірге, оның материктік Буддизмге қарағандағы ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқын сезіліп тұрады. Будданың рәсімдері, діни мейрамдарын атап өту салты да осы тұрғыда көптеген ақпараттар бере алады.

Буддизмнің ең жақсы  тараған және дамыған өлкелерінің  бірі – Тибет. Мұндағы Буддизмге бұрын ламаизм деп қате баға беріліп келген. Буддизмнің мұндағы ерекшелігінің бірі – іліммен қатар, рухани және зайырлылықтың қайта туу деп аталатын өлшем арқылы көрнекті буддист тұлғалардан кейінгілерге берілу салтының ХІІІ ғасырдан бастап өмірге келуі. Бұл – Тибет өркениетін басқа әлемнен қатты ажырататын әрекет. Осы әрекет рухани және зайырлы билікті Далай-ламаның төңірегіне топтастырған.

Буддизмді қабылдаған алғашқы тибеттіктер ІV ғасырдағы  цяндар болып табылады. Бірақ түрлі  себептермен ол кезде Будда ілімі кеңінен тарай алған жоқ, тек VІІ ғасырдан бастап қана Тибетте махаян ағымы қатты дами бастады. Ол уақытта Тибеттің билігі Шығыс Түркістан жазығындағы оазис – мемлекеттерге де жайылған болатын. Ал Батыс Түркістанда Буддизм Самарқандқа дейін тарады. Қазіргі Қырғызстан аумағында да будда храмдарының қалдықтары табылған. Сондай-ақ мұнда Будданың тасқа қашалған ілімдерінің сілемдері қалған. Бірақ Орталық Азия мен Қазақстанда тараған шаманизм Буддизмнің еркін тарауына кедергі келтірген. Бұл екі діннің ортақтас тіректері көп, әсіресе, Буддизмге шаманизмнен енген салттар көптеп саналады.

ІХ ғасырда Тибетте  Буддизм қуғынға ұшыраған. Ол тек Х ғасырда тоқтап, Үндістаннан дінді таратуға жаңа миссионерлер шақыртылған. Тибет Буддизміндегі ұлы тұлға Далай-лама болып табылады. «Далай» деген сөздің өзі моңғол тілінен аударғанда «мұхит» деген мағынаны білдіреді. Демек, Далай-лама мұхиттай мол білімді буддист деген ұғымды танытады.

Тибет Буддизмін  дәстүрлі Буддизммен салыстыра отырып, зерттеген оқымыстылар олардың 85 пайызы бір екенін анықтаған. Будданың мәтіндері тибет тіліне санскриттен аударылса, тек аз ғана бөлігі қытай тілінен жеткен екен. Сондықтан да оның дәстүрлі Буддизмнен айырмашылығы шамалы. Тибетте Буддизмнің мәтіндерін, Будданың өз сөздерін сақтаған канджур және үнділік түсініктерді топтастырған танджур атты алып жинақтар бар. Бұлар буддалық әдебиеттің әлемдегі ең үлкен жинағы деп саналады. Өйткені, Үндістанның өзінде буддалық дәстүрлер түркілер жорығынан кейін шеттетіліп, басқа діндерге, соның ішінде Ислам мен Индуизмге жол бере бастаған еді. Буддизмнің кейінгі тарихтағы дамуына Тибеттің қосқан үлесі зор.

Моңғолия буддизм  дәстүрімен ХІІІ ғасырдан бері таныс болып келеді. Үгедей ханның баласы Қодан буддизмнің Тибетте пайда болған тармақтарының бірі – Сакья мектебінің басшысы Кунг Гьелценді өзіне шақырып, рухани көсем еткен. Бұл дәстүрді Хубилай хан да жалғастырып, Буддизмнің Моңғолияда тарай түсуіне үлесін қосқан. Оның кезінде Буддизмнің мәтіндерін моңғол тіліне жеңіл аудару үшін жаңа әліпби де енгізілген. Шыңғыс ханның Хубилайдан басқа ұрпақтары да Буддизмге енген. Соның ішінде Шығыс және Батыс Түркістанды билеген Шағатай ұлысының кейінгі хандары, парсы жұртын басқарған Ильхан ұрпақтары Буддизмді қабылдаған. ХVІ ғасырдың аяғында Моңғолияда будда храмдарын салудың жаңа архитектурасы енгізілді. Соның ішінде моңғолдың алғашқы астанасы Қарақорымның орнына салынған Эрдени-дзу монастырын айтуға болады. Мұнда оқымыстылар будда шығармаларына моңғол тілінде түсінік берумен айналысқан. Сондай-ақ Тибеттен келген монахтық дәстүр қалыптасқан. Бір сөзбен айтқанда, тибеттік Буддизм Моңғолияда жергілікті жағдайға икемделіп, берік орын тепкен.

Буддизм Маньчжурияға ХVІІ ғасырда енді. Ал Қытайды қосып алған соң Бейжіңде тибет храмы салынды. Сондай-ақ басқа қалаларда да Будда монастырлары салынды. Тибет тіліндегі Канджур де толығымен маньчжур тіліне аударылды.

Бұрынғы КСРО аумағында буддизм Бурятия мен Тывада тараған. Соның ішінде ол Бурятияға ХVІІ ғасырда Моңғолия арқылы еніп, Байкөл бойындағы тұрғындар арасына жайылған. Ал екінші жол Тибеттің өзінен жеткен. Орыс патшасы буряттардың моңғол Далай-ламасына бағынуын тоқтату үшін бурят буддистерінің көсеміне Хомба-лама деген титул береді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында бурят буддистері қызылдардан қашып, ішкі Моңғолияға өтіп кетеді.

Туваның түркітілдес  тұрғындары арасына Буддизм ХVІІІ ғасырда тарады. Сондай-ақ Буддизм Еділдегі қалмақ жұртының арасында жақсы жайылған.

Міне, Буддизмнің қысқаша  айтқандағы таралу тарихы мен географиясы  осындай

Қазақстандағы будда  діні. Қағанаттар дәуірінен көне түркілердің Тәңір дінін ұстанып келгені белгілі. Сонымен қатар Ұлы Жібек жолы арқылы түркілер даласына жаңа дәуірдің бас кезінде өзге мәдениет үлгілері де, соның ішінде будда діні де ішінара тарала бастады. Әсіресе II-ІІІ ғасырларда соғды, парфия және қаңлы дін уағызшылары белсенді әрекеттер жасады. Бірақ, будда дінінің VІ ғасырға дейін қоғамға елеулі ықпалы болды деп айта алмаймыз. Тек VІІ ғасырдың алғашқы жартысында ғана батыс түркілердің кейбір ел басшылары будда дінін қабылдап, оның орнығуына ынта білдірді. Мәселен, VІ ғасырға жататын соғды тіліндегі Бугут жазбаларында Таспар қағанның өз сарайына соғдылық буддашыларды алдырып, арнайы храм салдыртып, буддашылар қауымын құрып, осы ілімді мемлекеттік дінге айналдыруға жасаған ұмтылыстары туралы деректер жеткізіледі.

Бұдан қағандардың будда  діні негізінде әлеуметтік-этникалық  құрылымы әртүрлі қағанаттың басын  бірік-тіретін ортақ идеология жасауға ұмтылысы байқалады. Бірақ, 551 жылы басталған саяси дағдарыс және осыдан кейін қағанаттың ыдырауы бұл процесті тоқтатып тастады. Дегенмен будда діні қағандықтың шығыс бөлігінде, Енисей қырғыздары мен қимақтар арасында біраз уақытқа дейін сақталып келді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бірқатар қалаларда будда ескерткіштерінің сілемдері сақталған. Мәселен, қазба жұмыстары барысында Шу аңғарынан, Сайрам маңынан буддизм мәдениетіне тән әшекей бұйымдары,   иконография, т.б. табылды. Түрік халықтарының ішінде ұйғырлар ғана будда дінін толық мойындап, мемлекеттік дін ретінде орнықтырды. Олар Үндістанда, Тибетте, Шығыс Түркістанда жазылған будда мәтіндерін өз тілдеріне аударып, мол мұра жинады.

VIII ғасырдан түркілер  біртіндеп ислам дінін қабылдай  бастады. Х ғ. ислам Қарахан қағандығының ресми діні болып жарияланған соң будда діні өз әсерін жоғалта бастады.

Буддизмнің Қазақстанға келуінің жаңа толқыны XVI-XVIII ғғ. жоңғар шапқыншылықтарымен байланысты болды. Сол кезеңдегі будда ғибадатханаларының Жетісу, Балқаш және Орталық Қазақстан далаларында сақталған қалдықтары табылған. XIX ғ. бас кезінде Медеу шатқалында будда ғибадатханасы тұрғызылғаны белгілі.

Алматы маңындағы Тамғалы-Тас қабырғаларындағы будда бейнелері мен діни тексттер әлі күнге дейін сақталған. Тарихшылар осы жазбалардың нақты уақытына қатысты келісімге келе алмай отыр. Бұл кезді олар XII ғ. дан ХVII-ХVIII ғғ. деп көрсетуде.

Қазіргі таңда,  Казахстанда ресми деректер бойынша бес буддалық бірлестік тіркелген. Оның үшеуі тибеттік ламаизм және екеуі корейлік вон-буддизм. Тибеттік-буддалық орталықтарының бірі 1996 ж. Орал қаласында ашылды. Будда дінін ұстанушылар негізінен калмыктар мен корей диаспорасы. Будда іліміндегілердің арасында өзге ұлт өкілдері де кездеседі.

         

                Тамғалы-тас мекеніндегі буддизм  дінінің іздері

              Текелі мекеніндегі буддалық  мүсін “  

                                    Қорытынды

Бұл дін өзінен көп бұрын  пайда болған хиндуизмнің тамырынан  нәр алған. Ежелгі үндістандықтардың  тарихымен үндесіп, дамыған хиндуизмнен  салт-дәстүр, аңыз, символизмнен бастап философиялық ойлар мен пайымдарға дейінгі көп ілімдерді мұра етіп қабылдады. Будда адам баласының  дүниеге келуі мен қайтуының  циклін түсіндірді. Онда пенде өзінің жасаған әр ісінің нәтижесі мен салдарын көреді деген философиялық тұжырым  жасалады. Дәл бүгін тірі организм болып жүрген тәніңіз бұрынғы  тірлікте жасаған ісіңіздің нәтижесі деп танытты. Өмір дегеніміздің өзі  өлімнің тікелей жалғасы. Аталмыш  цикл үзілмейді. Әр жан иесі қиналады, осы ауырпалықтың бәрі оның бұрынғы  тірлікте жасаған «иттіктерінің» салдары. Ал, қиналмау үшін бейнеттің өзімен емес, соны тудырған себеппен күресу қажеттігін уағыздады. Себептің өзі бұрынғы  тірлікте өтіп кететіндіктен уақытты  кері қайтара алмайсың. Сондықтан, тек  қана кейін қиналмау үшін алдағы бейнеттің  салдарын бүгін тудырмауың керек. Будданың адал өмір сүру жайындағы қағидасы осы тұстан туған. Оны қазақы ұғымға салсақ, «не ексең соны орасың»  дегенге келіп саяды. Ғылыми түрде  істің нәтижесінен туатын жауапкершілік  ретінде түсінуге негіз бар. Осы  дүниедегі тірлікте жақсылық жасасаң  кейінгі өміріңде жемісін көресің, ал, жамандық істесең азабын тартасың дегеніне қарап адамның қалай  болуы тек өзіне байланысты екендігін  аңғаруға болады. Будда қайтыс болғаннан  кейін шәкірттері оның қағидаларының  басын құрап  Трипитика атты ғибратнамасын жарыққа шығарған. Тағы бір туындысы бар, ол Дармапад аталады. Будда шәкірттерінің «Нама будаяа, нама дармаяа, нама сангаяа», яғни, «буддаға табынайық, будданың қағидасына табынайық, оның ғибратнамасын таратушыларға тағы бас иейік» деген мағынаны білдіретін сөзі кейін «үш асыл»  аталып кеткен. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                           

 

 Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақ Энциклопедиясы”, ||-том

2.Маркова “Культуралогия”

3.«Діндер тарихы мен теориясы» 9 томдық анықтамалар

4.Альбедиль М. Ф. Буддизм. — СПб.: Питер, 2007. — 224 с. — (Религии мира).

5.Ежелгі шығыс философиясы. Буддизм


Қазақстандағы будда діні