Қазақстанның биржалық нарығы жэне оның даму перспективалары

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИРЖАЛЫҚ НАРЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ

ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

 

“Биржа” терминінің пайда  болуы жайлы 2 түрлі түсінік қалыптасқан. Біріншісі жаңа латынның “bursa”, яғни әмиян деген сөзіне негізделеді. Сонымен қатар, француз тілінде  “bourse” сөзі де әмиян және студенттік шәкіртақы мағынасын береді; неміс  тілінде “burse” және итальян тіліндегі  “borsa” да сол мағынаны береді.

Екіншісі белгиялық Брюгге қаласында тұрған Вандер Бурсе атты голландық көпестің атынан пайда  болды делінеді. Ол тұрған үйде үш әмиянның суреті бар таңба болған. Оның үйі  орналасқан жер сатушылардың жиналуына  ыңғайлы алаң болатын, мұнда олар ақшаларын ауыстырып, өздерінің  істерін жасайтын, сондықтан көпес  мүмкіндігін жібермей өз үйін белгілі  бір төлемге алғашқы биржашыларға берген [1].

Биржа дегеніміз – бұл  ұйымдастырылған, дәйекті жұмыс істейтін нарық, онда сұраныс пен ұсыныстың негізінде ресми түрде белгіленетін бағалар бойынша бағалы қағаздар саудасы (қор саудасы), стандарттар мен үлгілер бойынша көтерме сауда (тауар саудасы) немесе валюта саудасы (валюта) іске асырылады. Сонымен қатар биржаға тауар, валюта, акциялар мен туынды қаржылық құралдар нарықтарының үнемі қызмет етуін ұйымдастыратын  заңды тұлға деп анықтама берсек болады. 

Биржалық сауданың ерекшелігі ретінде, ондағы мәмілелердің әрдайым  бір жерде, қатаң белгіленген  уақытта – биржалық сеанс өткізу уақытында және де барлық қатысушыларға  ортақ, нақты ережелердің болуын айтуға болады. Биржа биржалық құндылықтармен жасалынатын мәмілелердің келісілуі мен орындалуының анық ұйымдастырушылық құрылымын, анық механизмін және мәмілелердің орындалуының сенімділігі жоғары бақылау жүйесін қамтамасыз етеді.

Биржалық нарық тауар түріне байланысты әлемдік тәжірибеде:

 • Тауар (тауарлы-шикізат)  биржасы;

 • Қор биржасы;

 • Валюта биржасы  болып үшке бөлінеді [2].

Биржаның табысы мен мүлігі листингтегі бағалы қағаздарды оны қалыпты ұстап тұру және тағы басқа қызмет көрсетуден түсетін түсімдерді қоспағанда, Есептік палатаға түсіп тұратын төлемдерден, пайлық қабылдау және жыл сайынғы биржа мүшелерінің төлемдерінен, биржалық операциялар алымдарынан, көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерден, сауда ережесі бұзылғандығы үшін төленетін айыппұлдардан қалыптасады.

Қор биржасы – бұл бағалы қағаздардың бірқалыпты айналысы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін ұйым. Қор биржасының толық мәні, оның экономикадағы аткаратын мынадай  қызметтерінен көрінеді:

  • қор нарығында биржалық делдалдардың бағалы қағаздарды сату жолымен уақытша бос ақшалай қаражаттарды жұмылдыру және шоғырландыру;
  • өндірісті және ел үкіметінің шығыстарын несиелеу және қаржыландыру;
  • бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды шоғырландыру, сұраныс пен ұсыныс деңгейін көрсететін бағаларды белгілеу және жалған капиталды қалыптастыру.

Қор биржасы қаржы ресурстарын  жинақтау, шоғырландыру және қайта  бөлу процесін ұйымдастырушы экономиканың басты буыны болып табылады. Ол қаржы және өн-дірістік капитал арасында делдал бола отырып, экономика-лык дамудың  қозғаушы күштерінің бірі болып саналатын  инвестициялық процеске ықпал етеді.

Қор биржасы өз қызметінде мынадай кағидаларға сүйенеді:

  • қаншалықты биржадағы мәмілелердің ауызша жасалып, кейіннен заңды түрде құжатталатындыктан да брокерлер мен клиенттер арасындағы жеке сенімнің болуы;
  • сауда-саттық ережелері мен есеп арқылы қаржы делдалдарының қызметінің кор биржасының әкімшілігі және аудиторларымен қатаң түрде реттелуі.

Қазақстанда нарықтық қатынастардың  орнауы тек қана бұған дейін болған басқарудың формалары мен әдістерінің  трансформациясы, тауар және қаржы  нарықтарының функцияларының өзгеруі, экономиканың барлық саласының модернизациялануы  ғана емес, сонымен қатар әкімшілік  экономика тұсында қажет болмаған кейбір экономикалық қызметтердің, атап айтқанда – қор биржасының және т.б. жандануына әкелді.


Экономика жағдайында қаржылық ағындардың жылжуы тек экономикалық ведомстволардың шешімімен анықталды. Сондықтан сол кездері қор  биржасына қажеттілік те болмады. 90-жылдары Қазақстан Республикасында қор нарығын жаңғырту айналасында үдеріс басталды. Бүгінгі таңда қор нарығы, нарықтық экономиканың басқа сегменттерімен салыстырғанда өте жылдам қарқынмен дамып келеді.

Қазақстанда қор биржасының құрылуы, 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанда  ұлттық валюта – теңге енгізілуінен өз бастауын алды. Осы уақиғадан  кейін екінші күні – 1993 жылдың 17 қарашасында  – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жиырма үш жетекші Қазақстан  коммерциялық банктерімен бірлесе отырып, валюталық биржаны ұйымдастыру бойынша шешім қабылдады. Осыға дейін қызмет еткен Валюталық операцияларды өткізу орталығы (Валюталық биржа) Ұлттық Банктің құрылымдық бөлімшесі болған. Жаңа биржаның алдына қойылған мақсаты – теңгенің енгізілуіне байланысты ұлттық валюталық нарықты ұйымдастыру және дамыту болып табылады. Заңды тұлға ретінде биржа 1993 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақ Банкаралық Валюта Биржасы» атауымен, ұйымдастырушылық-құқықтық формасы жабық тұрпаттағы акционерлік қоғам ретінде тіркелді [3].

Бүгінгі таңда біздің елде қор биржаларының Еуроазиялық федерациясының (FEAS) мүшесі және қор биржаларының Халықаралық  федерациясының (FJBV) корреспондент  мүшесі болып табылатын жалғыз Қазақстан  қор биржасы (KASE) бар. Биржалық сауданың техникалық ілгерілеуі мен биржа  ісінің үнемі жетілуіне қарамастан Қор биржасының жұмысын ұйымдастыру  өзгеріссіз қалып отыр.

1997 жылдың басында Қазақстанда  3 қор биржасы болған: Орталық  Азия қор биржасы, Қазақстан  қор биржасы, Қазақстандық Банкаралық қор биржасы. 1996 жылдың желтоқсанында жарияланған модельді қор биржасын таңдағанда Қазақстан қор биржасы мен ҚБҚБ-сы жеңген болатын, бірақ соңғысы кейінірек өз әрекетін тоқтатты.

1998 жылдың жазында Қазақстан  қор биржасы листингтік емес  бағалы қағаздармен мәмілені  тікелей баға белгілеу әдісі  арқылы жасау үшін арналған  сауда жүйесін іске асырды. Бұл  республикадағы биржадан тыс  нарықтық баға белгілеудің ұйымдастырылуын құру мәселесін шешті.

 Қазақстан қор биржасының (немесе KASE)  -  айналымында акциялар, корпоративтік облигациялар, Қазақстан  Республикасының мемлекеттік бағалы  қағаздары, халықаралық қаржы  ұйымдарының облигациялары мен  шетелдік мемлекеттік бағалы  қағаздар, вексельдер, мемлекеттік  және корпоративтік бағалы қағаздармен  автоматтық және тікелей репо  инструменттері, шетел валютасы  бар Орталық Азияның ең ірі,  әмбебап, ұйымдастырылған қаржы  нарығының операторы болып табылады.

Қазақстан қор биржасының (KASE) стратегиялық мақсаты – әлемдік инвесторларға қауіп-қатері төмен әр түрлі қаржы инструменттерін жетілген халықаралық тәжірибеге сәйкес сатып, сапалы қосымша биржа қызметтерін пайдалануға мүмкіндік беретін, жетекші өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасу.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек  Қазақстан қор биржасы (KASE) – Орталық  Азиядағы қарқынды дамып келе жатқан, қаржы институттарының бірі болып табылады. Әлемдік рейтинг агенттіктері, соның ішінде Standard & Poors агенттігінің мәләметі бойынша:

  • Қор биржасының жарғылық капиталы 2011ж. қаңтарымен салыстырғанда, 12,3%-ға өскен, яғни 2012 жылдың 1 ақпанындағы төленген жарғылық капиталы  517 290 582 теңге, ал меншікті капиталы болса 7,1%-ға өскен, 2011 жылдың 1 қазанындағы меншікті капиталы 2 254 505 649 теңге;
  • Ал шығарылған акциялар саны 5 000 000 данаға дейін;
  • 2012 жылдың 1 ақпанындағы орналастырылған акциялардың саны 544 999 құрады [4].

 Қазақстанның осы  заманғы қор нарығында бағалы  қағаздардың мына түрлерінің  айналымы тән:

  • мемлекеттік қазыналық вексельдер;
  • екінші деңгейдегі банктер акциялары;
  • жекешелендірілуі мен акционерлендірілуі нәтижесінде қор биржасына шыққан кәсіпорындардың акциялары;
  • жаңадан құрылған акционерлік қоғамдардың акциялары.

Қазіргі таңда биржа әмбебап  қаржы нарығы болып табылады, оны  шартты түрде бес негізгі секторларға  бөлуге болады: шетел валюталарының  нарығы, мемлекеттік бағалы қағаздардың  нарығы, акциялар мен корпоративтік  облигациялардың нарығы, репо операцияларының  нарығы, деривативтер нарығы.

ҚР-сының “Бағалы қағаздар нарығы туралы” Заңына сәйкес, қор  биржасының мүшелері тек қана биржада  орындары бар және осы қор биржасының листингіне кіргізілген бағалы қағаздармен саудаға қатысатын кәсіби қатысушылар ғана бола алады. Биржа мүшелерінің саны оннан кем емес болуы шарт. Олардың арасында ҚР-сының бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы мәртебесі бар шетелдік заңды тұлғалар да болуы мүмкін. Биржаға мүшелікке қабылдау туралы шешімді Биржалық Кеңес шығарады. Қазақстан қор биржасының жай күйі олардың санаттарын, оларға қойылатын талаптарды, қабылдау тәртібін, мүшеліктің тоқтатылуын және уақытша тоқтатылуын, сонымен қатар биржа мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін анықтайды.

Қор биржасының мүшелері ұйымдар  бола алады. Оның ішінде “С” санатты биржа мүшелерін қоспағанда, ҚР-сының шегінен тыс жерлерде заңды тұлға ретінде тіркелген, қаржы нарықтарында кәсіби қызметтерін жүзеге асыру құқығына ие ұйымдар да болуы мүмкін.

KASE мүшелері қаржылық  құралдардың түрлеріне қарай  келесідей санаттарға бөлінеді:

  • “Р” – ресми тізімге кіргізілген мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздармен саудаға қатысу құқығы бар санат;
  • “Н” – қор биржасының сауда жүйесінің “листингтік емес бағалы қағаздар” секторындағы айналысқа жіберілген мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздармен саудаға және жеке меншік ұйымдардың мемлекеттік акция пакеттерімен саудаға қатысу құқығы бар;
  • “К” – қор биржасында айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздармен саудаға қатысу құқығы бар;
  • “С” – қор биржасында айналыстағы мерзімді мәмілелермен саудаға қатысу құқығы бар;
  • “В” – шетел валютасымен саудаға қатысу құқығы бар [4].

Бір ұйым қор биржасында бірнеше санаттар бойынша мүшелікке ие бола алады.

Қор биржасының мүшесі оған берілген санатқа сәйкес қаржылық құралдар бойынша саудаға қатысуы; қор биржасындағы оның қызметі үшін жеткілікті және қажетті мәліметтерді алуы; Биржалық кеңеске, валюталық нарық бойынша Биржалық кеңес Комитетіне, биржа мүшелерінің Жалпы жиналысы мен оның акцияларына саудалық, есептеу, ақпараттық және басқа да қызметтерінің сұрақтары бойынша ұсыныстарды қарастыруға беруі, сонымен қатар оған берілген мүшелік санатына сәйкес қор биржасының мүшелерінің жалпы жиналысының және оның акциясының жұмысына қатысуы мүмкін.

Сонымен қатар қор биржасы  мүшелерінің белгіленген міндеттері бар:

  • әрекет ететін заңдылықтардың, жарлықтың, басқа да ішкі құжаттардың талаптарын орындауға;
  • мүшелік салымдар мен биржалық жинақтарды оған берілген мүшелік санатына сәйкес биржада бекітілген мөлшерде, құрамда, мерзімде және тәртіпте төлеу;
  • өз уақытында толығымен және ең оңтайлы әдіспен қор биржасында пайда болатын міндеттерді қаржылық құралдармен жасалатын мәмілелерді, сонымен қатар қор биржасының мүшелері мен оның трейдерлерінің қызметін реттелетін әрекет етуші заңдылықтың, жарлықтың, басқа да ішкі құжаттардың талаптарына негізделген басқа да міндеттерді орындау;
  • үшінші тұлғаларға биржадағы мүшелік күшіне сәйкес осы тұлғамен алынған және биржаның ішкі құжаттарына сәйкес коммерциялық құпия немесе жасырын санатқа жатқызылатын ақпараттарды бермеу және таратпау;
  • құрылтайшылық құжаттарға толықтырулар мен өзгертулерді енгізген жағдайда олардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін жедел түрде, сонымен қатар толықтырулар мен өзгертулерді енгізгені туралы егер ондай тіркеу әрекет етуші заңдылыққа сәйкес талап етілсе, мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттарды ұсыну;
  • өкілетті органдарға, оның қызметкерлеріне және аффилиирлендірілген (үлестес) тұлғаларға қатысты қабылданған әрбір дисциплинарлық әрекеттері туралы хабарлау;
  • өзінің трейдерлер құрамының әрбір өзгеруі туралы мәліметтерді беру және мұндай мәліметтерді уақытылы емес беру немесе бермеу нәтижелеріне толық жауапкершілікте болу.

Қор биржасының мүшелеріне санаттарына сәйкес оның мүшесі болмайтын тұлғаларға өзінің орындарын қолдануға беруге тиым салынады.

ҚР-сының “Бағалы қағаздар нарығы туралы” Заңына сәйкес, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сонымен қатар бағалы қағаздары қор биржасының листингіне кіргізілген акционерлік қоғамның лауазымды тұлғалары биржаның басқару органдарына сайлана алмайды. Акционер жиналыста өзі иеленген акциялар санына тәуелсіз басқа акционерлермен тең дауысқа ие.

Биржалық кеңес акционерлер, басқа да биржа мүшелері, оның лауазымды  тұлғалардан қалыптасады. Одан басқа  оның құрамына тұрақты негізде ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің өкілі дауыс құқығынсыз кіреді.

KASE айналымына жіберілетін  бағалы қағаздар:

  • мемлекеттік;
  • листинг рәсімінен өткен мемлекеттік емес және биржада сатылатын бағалы қағаздардың ресми тізіміне кіргізілген, соның ішінде ҚР-сында айналымға жіберілген және басқа мемлекеттік заңдылықтарға сәйкес шығарылған бағалы қағаздар;
  • ҚР-сында айналымға жіберілген басқа мемлекеттің мемлекеттік бағалы қағаздары;
  • жоғарыда айтылған бағалы қағаздардың базистік активі болып келетін туынды бағалы қағаздар [4].

Қор биржасындағы саудаға  листинг рәсімінен өткен бағалы қағаздар ғана жіберіледі. Қазақстан  қор биржасының бағалы қағаздарының листингі туралы жағдайына сәйкес осы  рәсімнен өткеннен кейін, биржалық саудаға  ҚР-сындағы заңдылыққа және ҚР-сында айналысқа жіберілген басқа мемлекеттің заңдылығына сәйкес эмитенттелген мемлекеттік емес бағалы қағаздар жіберіледі.

Листинг рәсімін ҚР-сының  және ҚР-сында айналысқа жіберілген басқа мемлекеттің заңдылықтарына сәйкес эмитенттелген мемлекеттік бағалы қағаздар сонымен қатар туынды бағалы қағаздар үшін талап етілмейді. Листингтік компанияның мәртебесін алушы заңды тұлғалар мынадай талаптарға сай келуі тиіс:

  • құрылтайшылық құжаттарында бағалы қағазды басқаға беруіне деген ұстаушыларға шектеулер немесе қысымшылықтар туралы нормалар болмауы керек.
  • заңды тұлғаға қатысты заңнамада белгіленген жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері төленген және тіркелген болуы керек;
  • басқа да талаптар бағалы қағаздар биржасындағы ресми тізімдегі санатта белгіленген шарттармен анықталады.

Эмиссияланған бағалы қағаздарды ресми тізімге қосуда заңды тұлғаның өтініші және қосымша талап етілетін құжаттары биржаның Листингтік комиссиясында қаралып қабылданады..

Сонымен қатар биржа листингтік компанияның алдында мыналарға  міндеттеледі:

  • ресми тізімге енгізілген бағалы қағаздардың саудасын уақытылы жүргізуге қажетті жағдай жасауға;
  • бағалы қағаздар бойынша биржалық сауда ережелерімен белгіленген бұқаралық ақпарат құралдарына сауда нәтижесінің көлемі туралы уақытылы ақпарат беруге;
  • эмитенттің жасырын немесе жариялауға берілмейтін ақпаратын үшінші тұлғаға бермеу немесе жария етпеуге.

Листингтік компания Биржалық кеңестің эмиссиялаған бағалы қағаздарын ресми тізімнен алуға, сондай-ақ саудада  биржаның қызметін шектеуге және тоқтатуға құқығы жоқ.

Эмитенттің қызметі тоқтатылған  жағдайда эмиссияланған бағалы қағаздарды ресми тізімнен шығару туралы өтініш, листинг талаптарындағы сәйкессіздік, сондай-ақ бағалы қағаздарды ресми тізімге қосу туралы өтініште толық ақпараттардың болмауы кезінде делистинг жүргізіледі. Листингтік комиссия бағалы қағаздардың делистингісін 1 жыл ішінде мәміле болмаған жағдайда да жүргізе алады.

Бүгінгі күні Қазақстан қор  биржасында мынадай қаржылық құралдар айналыста:

  • шетел валюталары: АҚШ доллары, Еуропалық Одақтың валютасы (еуро);
  • мерзімді өзара келісім: АҚШ долларына стандартталған жеткізілімсіздік фьючерсі;
  • ҚР-сының Қаржы министрлігінің шығарған мемлекеттік бағалы қағаздары;
  • ҚР-сының Ұлттық Банкі шығарған бағалы қағаздары;
  • жергілікті атқарушы органның облигациялары;
  • ҚР-сының Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру туралы Департаментімен саудаға қойылған мемлекеттік акция пакеттері;
  • екінші деңгейлі коммерциялық банктердің депозиттік сертификаттары;
  • мемлекеттік емес бағалы қағаздар: облигациялар, АҚ-ның жай, атаулы, артықшылықты акциялары.

Қазақстан қор биржасында мемлекеттік  және листингтік бағалы қағаздардың саудасы — үздіксіз қарсы аукционның электронды әдісімен өткізіледі.  Ол көрсетілген қарсы бағалардың үздік котировкаларына сәйкестендірілген анонимді контрпартнермен автоматты келісімге келуге негізделеді.

Листингтік емес бағалы қағаздар кезінде саудаға қатысушылардың өздері мәміленің бекітілуі туралы ақпаратты Орталық депозитарийге немесе тәуелсіз реестр-ұстаушыға берумен, тікелей баға белгілеу әдісін қолданады.

Қазақстан қор биржасы  бағалы қағаздардың сатушысы және сатып  алушысы қызметтерін атқаратын  брокерлермен өзара қызметтеседі. Саудаға қатысатын брокерлердің сәйкес лицензиясы болуы керек, демек, біліктілік, қаржылық және басқада талаптарға сай келуі керек. Осыдан, қор биржасы бұл брокерлердің клиенттеріне сенімділі қызмет көрсетуіне кепілдік береді. Бұдан басқа, жасалып жатқан мәмілелерді аяқтау үшін биржаның есептеу органымен және Орталық депозитарийдің өзара арақатынасы қажет.

Өзінің мәні жағынан қор  биржасы — бағалы қағаздардың  көтерме нарығы болып табылады. Сөйтіп, нарыққа өту және бұрынғы жариялылықтан  біртіндеп босатылу жағдайында, ол Қазақстанда экономикалық қатынастарды реттеуші динамикалық органдардың бірі бола алады.

Қазіргі таңда Қазақстан  қор биржасын (KASE) дамыту үшін келесідей шаралар қолданылуы тиіс деп есептеймін:

  • Биржа, Қазақстан қаржы нарығы инфрақұрылымының маңызды элементі бола тұрып, ұлттық капитал нарығына қатысушылардың талаптарына сәйкес болуға, қаржылық жүйенің тұрақты дамуына себепші болуға, соның ішінде мемлекеттің осы бағыттағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді қатысуға ниеттенеді.
  • Биржа ұсынатын қызметтер тізімін үнемі кеңейтіп және олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, отандық және шетелдік инвесторлар мен эмитенттерге, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына тартымды сауда-саттық алаңы болуы тиіс.
  • 2014 жылға дейін Биржа сауда-саттық ұйымдастырудың халықаралық стандарттарына сай, отандық және шетел инвесторларына, эмитенттеріне және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларына қаржы құралдарының тартымды және бәсекелеске қабілетті ұлттық нарығының замани инфрақұрылымдық институты, ұлттық экономиканы қорландыруға арналған тиімді сауда-саттық алаңы болуы тиіс.
  • Биржалық нарықтың капиталға айналуын және Биржа айналысындағы бағалы қағадардың өтімділігін көтеру, Биржа көрсететін қызметтер және қаржы құралдар тізімін кеңейту.
  • Биржа брендін күшейту, оның акцияларының құнын өсіру және халықаралық мойындалуына қол жеткізу мақсатында, Биржа қызметінің барлық аясында халықаралық стандарттарды енгізу.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

1  Бохаев Д.Т. Қор биржасы және оның қызметінің ерекшелігі.  V Рысқұлов оқулары «Жаһанданушы әлеемдегі экономикалық жүйенің трансформациясы». Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Том 5. – Алматы: Экономика, 2010. – 776 с.

2 Шакибалиев А. Қор биржаларының даму тенденциялары, әлемдік тәжірибе және қазақстандық практикасы. Материалы международного научно-практического семинара «Структурные преобразования финансового рынка Республики Казахстан: современные тенденции и перспективы развития». – Алматы: Экономика, 2012.

3 Тұсаева А. Қазақстан Республикасының биржа нарығы және оның үлгілері /АльПари. – 2008. – №3/4. – С. 35-38.

4 «Қазақстан қор биржасы» АҚ ресми сайты [Электрондық ресурс] // http://www.kase.kz/


Қазақстанның биржалық нарығы жэне оның даму перспективалары