Балқаш көлі. 3

Жоспар

I. Кіріспе

II. Негізгі  бөлім

1.Балқаш көлінің аталуы және тарихы

2.Балқаш көліне  жалпы сипаттама

3.Балқаш көлінің  экологиясы

4.Балқаш көлін  пайдалану жолындағы ластану  түрлері

III. Қорытынды

IV. Пайдаланылған  өдебиеттер тізімі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Балқаш  көлі

Балқаш көлінің  күнбатыс жағын мекендеген ертеректегі жұрт бұл айдынды «Ақ теңіз» деп атаған. Ал шығыстағы жұрт «Жұмбақ көл» атандырыпты. Бізге жеткен бағзы аңыздарға сүйенетін болсақ, бұл көлдің Балқаш атануы Балқия есімді арудың өзін осы шалқарға лақтыруымен байланысты екен. 

Ертеде мыңғырған  мал айдаған бір байдың Балқия деген айдай ару, күндей көркем қызы болыпты. Ел-жұрты Балқияның ақылы мен көркіне тамсанып, оны «Балқияжан, Балқаш» деп еркелетіп айтатын болыпты. Күндердің күнінде сол Балқаш қыз бойжетіпті. Бала кезінен атастырылған Балқаш қыз өзінің болашақ жары туралы ештеңе білмейді екен. Бір күні бесік құдасы байға кісі шаптырып, «келінімді алып кетуге барамын, дайындала берсін» деп хабар жіберіпті. Өзінің болашақ күйеуінің сақау әрі есерсоқтау екенін осы кезде ғана жеңгелерінен естіп-білген Балқаш қыз күннен-күнге солған гүлдей сарғайып, қайғыдан қан құса бастайды. «Бай баласы, ертең-ақ ел ағасы болады, қызымыздың да көңілі жайланар» деп ата-анасы бұған аса мән бермейді. Бірақ та жүрегі қаламаған жанға жар болмасқа бел буған Балқаш қыз ертеден өзі көңіл қосып, ұнатып жүрген Ерденге өзінің өтініш-назын жеткізеді. Ерден бұл елге сіңіп кеткен, сырттың адамы екен.

– Етегіңнен  ұстадым, батыр-еке. Өмір-бақи алдыңнан шықпай, бетіңнен қақпай өтуге ант-су ішемін. Тек мені мына пәледен құтқара гөр. 
Барар жер, басар тауы жоқ, артында тұрған қалың жұрты, арқа сүйер елі жоқ Ерден сонда қатты қысылыпты. Балқаш қыздың кім көрінгеннен бұлай өтіне бермейтінін, ғазиз тағдырын қолына бекер тапсырмайтынын Ерден де жақсы біледі. Нартәуекел! Өткен жылы жоғалған бай жылқысын іздеп жүріп, қамыс құрақты айдын көлге тап болғаны бар-ды. Күзді Балқашжанмен сонда өткеріп, қыс түсе көлдің беті қатқанда арғы беттегі жұртқа өтіп кетсе, қауіп бұлты сейілер. Ел қорғауға жарар күші бар, ел ішіне сіңіп кетер. Қарға тамырлы қазақ баласы сыртына теппес. Ер ойы осыған бекіді. Бір түнде ізім-ғайым жоғалған екі жасты іздеп, ел-жұрты сабылды да қалды. 

Қоңыр күз түсті. Бұл кезде екі жас қалың  қамыс арасында жасырынып жатқан болатын. Ерден күндіз аң аулайды, үйрек-қазға тұзақ құрады. Ал Балқаш қыз болса, елін сағынып, ұшқан құсты, көл бетінде шолпылдаған шабақтарды қызықтап күн өткізеді. Санаулы күндерден соң қытымыр қыстан да хабар білініп қалар, көл бетіне мұз байланса, осы азаптан, қияметтен құтыламыз деген екі жастың да қуаныштары шексіз еді.  
 
Қамыстан тігілген қос ішінде отырып, арқандаулы аттардың оқыс кісінеп, тыпырши бастағанын естіген Ерден сыртқа атып шығады. Бұл кезде екі жылқыға қанды көзін қадап, азу тісі алмастай жарқырап дәу қара қабан шапқалы тұр екен. Аттан айырылса, ұшқан құс қанаты талатын қазақ даласының арғы бетіне өту мүмкін еместігін түйсінген жас жігіт қабанға қарсы ұмтылады. Қайың сапты шоқпар болса ғой, қара бастан қақ айырып салатын. Жалаң қол мен азулы тіс айқасы әділетсіздікпен аяқталары белгілі. Шошына шыңғырып, бас жібін үзе қашқан қос жылқының соңына түскен қабан жайрап жатқан жас жігітті тастап, соңдарынан тұра қуады. Шыр-пыр етіп, шыбын жанын шүберекке түйіп тұрған Балқаш қыз ерінің басын сүйеп, қосқа кіргізді. Киіз күйдіріп, жарасын таңды. Бірақ та күн санап денесі ісініп, өне бойына жайылған Ерден Балқаш қызды тастап, бақиға аттанып кете барады. Тағдыр ісіне амал бар ма? Қабырғасы сөгіле қайғырып, өз қолымен ерін жерлейді. Жанынан өзіне де орын дайындайды. 

Айырылдым айдалада Ерденімнен, 
Соңынан қолын ұстап ергенімнен. 
Болған соң тағдыр солай шара бар ма? 
Көп еді көрмегенім көргенімнен. 
Қош-сау бол, елім-жұртым, ата-ана, 
Айдын көл, туған өлке, жалпақ дала. 
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп, 
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана. 
Аққу, қаз қабіріме келе кетші, 
Ғаріптің не болғанын көре кетші, 
Тәнімді қарға-құзғын шұқымасын, 
Сабалап қанатыңмен көме кетші, – 

деп құсалы көңілмен өзін құрбан қылуға бел буып отырғанда аяқ астынан сау ете қалған атты адамдардың ортасынан өзінің туған-туысын, қайын жұртын көреді. Менің мазалы жүрегімді, жабырқау жанымды ешкім көрмесін, ешкім білмесін деген Балқаш қыз көлге қарай жүгіріп, өзін жартастан тастап жібереді. Саумал жел, сыңсыған ну, байтақ дала қасірет күйін тартты. Аспанда құс, көлде балық атаулы адамзаттың қайғысына ортақтасты. Бәрі-бәрі Балқаш қызды жоқтап қала береді. 

Содан бері көл  бойын жағалай қонған жұрт айна бетіндей жарқыраған қасиетті айдынды «Балқаштың көлі» деп атаған екен.

Балқаш  көлі – Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейінгі көлемі бойынша үшінші орын алатын ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы. Ол республиканың оңтүстік-шығысында Балқаш-Алакөл ойпатында (теңіз деңгейінен 342 метр биіктікте) орналасқан.  Көлдің ұзындығы – 614 шықырым, ең үлкен ені – 74 шақырым. Айдын көлдің аумағы 18200 шаршы шақырым болса, жағалық сызығының ауданы 2383 – шақырым. Су көлемі – 106 текше км. Балқаш екі бөлікке бөлінеді: батыс және шығыс. Батыс бөлігінің тереңдігі 6-12 метр, ал шығыс бөлігінің тереңдігі 15-26 м. Көл шағын аралдар мен шығанақтарға бөлінген. Ең ірі аралдардарына Басарал мен Тасарал жатады. Балқаш көліне Іледен басқа Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз, Бақанас және басқа да өзендер. Көлге Іле өзені судың айтарлықтай бөлігін (675)  құяды. Балқаш көлі Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында орналасқан. Көлдің солтүстігінде Қазақ соқпақтары, батысында Бекпак дала, оңтүстігінде Шу-Іле таулары, Тауқұм құмдары қоршап жатыр. Балқаш көлі жер бетіндегі ең көне көл болып саналады, көл туралы алғашқы тарихи-географиялық деректерді қытайлықтар берген. Көлдің флорасы мен фаунасы өте бай. Көлде 20-дан астам балық түрлері, 120-дан астам құс түрлері кең таралған. Балқаш көлінің жағасындағы ең ірі қалалардың бірі – Балқаш қаласы. Қала Қарағанды қаласынан 380 км қашықтықта Бертыс айлағында орналасқан. Халық саны – 75,6 мың адам. Қала 1937 жылы Прибалхашстрой кентінің базасында құрылды. Қала тарихы Балқаш тау-кен-металургиялық комбинаттың дамуымен тығыз байланысты. 1967 жылы Лондондық Халықаралық Көрмесінде балқаштық мыс халықаралық мыс эталоны болып танылды. Көл және көл маңындағы табиғат ескерткіштерінің (Бектау ата шатқалы, тоғайлы ормандар) рекреациондық потенциалы туристерді қабылдауға таптырмас мүмкіндік береді. Балқаш көлінің жағасында танымал туризм түрлері болып жағажай туризмі, спорттың су түрлері: желкенді қайық, байдаркамен және каноэмен есу, спорттық балық аулау табылады. Балқаш көлінің жағалауында жылына 4 мыңнан астам адам демалады. Демалушыларға жағдайды облыстың ірі өнеркәсіпорындары мен жеке меншік кәсіпкерлердің 9 демалыс зонасы жасайды. Көлдің батыс жағалауында халықаралық және республикалық маңызы жоғары Алматы – Екатеринбург тас жолы өтеді. Аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі – Бектау ата тау желісі. Бектау ата тауының шыңы 1000 метрге дейін жетеді. Бектау ата тау желісінің ұзындығы 4000 га, алайда оның аумағында түрлі атқалдар мен құздар орналасқан. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45 сирек кездесетін болса, 8 Қызыл Кітапқа енгізілген. Сонымен қатар Бектауата тауында киелі саналатын тұзщы су көзі бар «Әулие» үңгірі орналасқан. Бектау ата тау желісі – туристердің қызығушылығын тудыратын табиғат әлемінің ерекше бір туындысы.

Климат. Оңтүстік Балқаш маңының климаты жедел континенталды, құрғақ. Мұндағы қыс суық әрі қары аз, ал жазда ауа-райы құрғақ және ыстық. Қаңтар ең суық ай болып табылады. Бұл кезеңдегі орташа температура -12 – -15°С абсолютті орташа минимум -30°С.  Ең ыстық шілде айындағы температура +22 – +25°С абсолютті максимум +45°С. Ауаның орташа жылдық температурасы оң. Көпжылдық орташа жауын-шашын мөлшері оңтүстік және оңтүстік-батыста 100-130 мм/жыл, ал оңтүстік-шығыста 100-130 мм/жыл аспайды.

Гидрография. Оңтүстік Балқаш маңының гидрографиялық жүйесі  Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерімен және олардың салаларымен анықталады. Олардың барлығы аралас типти қоректенетин өзендерге жатады.

Балқаш көлінің  ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан батыс пен шығыс бөліктерінің минералдауының түрлі болып келетіндігінде. Бұрыннан суы мол Іледен толатындықтан батыс бассейнінің суы тұщы да, шығыс бөлігі – ащы болып келеді. Балқаштың табиғаты өте таңғаларлық және қарама-қайшылықтарға толы. Қазақстанда ерте заманнан бері Балқаш көлі туралы өлеңдер жазылып, әндер, аңыздар айтылып жүр. Балқашты халық фольклорында ешқашан ренжітпейтін, кедей жиһангермен де достасып, баспана мен тағамымен бөлісетін аппақ дана ақсақалға теңейді. Балқаш көлінің жағасы бойымен Ұлы Жібек Жолы арқылы Қытайдан Орталық Азияға жалғасатын және әрі қарай соңғы теңізге қарай (солай Ұлы Дала аумағында Батыс Еуропаны атаған) сансыз керуендер өткен.  Бұл жерде тұщы сумен қоса жорық ішіп-жемін осы жерлерде молымен мекендейтін балық пен жабайы құстарға толтыруға болатын.

Балқаш көлі балыққа бай  екендігі бұрыннан мәлім. Балқашта балықтың 20-дан астам түрі мекендейді, оның 6 ертеден мекендейтін жергілікті түрлері (ілелік, балқаш көкбалықтары, балқаштық алабұға және т.б.), қалғандары басқа су қоймалардан келген (сүген, шабақтар, көксерке) болып табылады. Ихтиофаунаға жататындар ішінде сазан, Амур балығы, шабақ балық, каяз балығы, шұбаржон балық, ақбалық, ақмарқа, табан, жайын және басқаларын атауға болады. Балқаш ақбалығы мен оның алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Аулауға сазан, көксерке, балқаш алабұғасы және т.б. түрлері жатады. Балықшылар және экстремалды еркін демалыстың әуесқойлары Балқашқа емін-еркін бара алады. Оның ұзындығы 614 шақырымды, ал ені – 3,5-тен 44 шақырымға дейін барады, ең терең жері 26 метрге дейін жетеді.

Балқаш көлінің нышаны болып табылатын ерекшелігіне ақ аққулар жатады, оны тек көлдің кейбір бөліктерінде көруге болады. Оның орнына бірқазандарды жиі кездестіруге болады. Балқаш көлі сонымен қатар үлкен суқұзғындардың, шүрегейлердің, қырғауылдардың, бүркіттердің, ақ тырналардың және ондатралардың мекен ортасы болып табылады. Қамыс қопаларында жабайы қабандар кездеседі. Кәнкі аңшылар қолына мылтық алып, бұлдырық, үйрек, құр, қоян, түлкі мен тіпті қасқыр аулауына болады.

Балқаш экологиясы — Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе, су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңт.-шығыс аймағында 20 ғ-дың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі 2 себеп тудырды. Ішкі себеп — Қапшағай су электр стансасының салынуына байланысты (1970) Іле өзені арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш көлінің экологиялық тепе-теңдігін көлге құятын өзендер суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Жыл сайын көл алабындағы 15,0 км3 су қорының 11,9 км3-і (80%) Іле өзенімен келсе, қалған 3,0 км3 су көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне ығысатын. 1970 — 85 жылдардағы Балқаш көліне құятын өзендер суының жалпы ағыны 14,9 км3-ден 11,8 км3-ге кеміді, яғни, көл жылына шамамен 3,0 км3 су жоғалтып отырды. Көл алабынан алынатын су мөлшері жылына 7,0—8,0 км3-ке дейін өсті (1-сурет), оның 6,5 км3 суы егін суаруға, Қапшағай және басқа да бөгендерді толтыруға жұмсалды. Булануға кететін шығыны жылына 2,0 км3-ге жетті. Осы себептерден 1970 жылдан су деңгейі күрт төмендеді. 1986 жылдың аяғында көл деңгейінің абсолюттік биіктігі 340,54 м болды. Көл деңгейінің құлдырау жылдамдығы жылына 15,6 см-ге жетті, бұл көрсеткіш 1908 — 46 жылдардағы төмендеу жылдамдығынан (9,2 см/жыл) біршама жоғары. Іле өзені атырауындағы батпақты-сулы алаптардың 2/3 бөлігі қысқарды. Қапшағай СЭС-і іске қосылған соң, тасқын су шығыны 1600 — 1800 м3/с-тен 700—800 м3/с-ке дейін төмендеді. Электр стансасы қажетіне байланысты    су ағыны жылдам өзгеретін (0—1000 м3/с) болды. СЭС-тен төмен қарай өзен тасындылары (судағы қатты заттар) тоқтап, олар толығымен Қапшағай бөгенінде шөгетін болды. 1986 жылдың аяғында Балқаш көліне құятын Іле өзенінің тармақтарынан Шұбарқұнан, Иір, Базарбай және Қалған Іле ғана қалды. Су шығынының 90%-і тек Иір тармағымен қосылған Қоғалы тармағына жинақталып, бір арнаға айналды. Кезінде суы арнасына симай жататын Жиделі тармағы шөгіндіге тола бастады. Көлдің оңтүстік жағалауындағы балықтардың уылдырық шашу аймағы түгелдей жойылып, атыраудағы 15 көл жүйелерінен тек 4—5-і ғана қалды. Осының салдарынан жыл сайын ауланатын балық мөлшері 17—18 мың т-дан 10 — 11 мың т-ға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлады. Мыс., бұрын негізінен сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ін табан, жайын, көксерке, т.б. құрады (1997). Ал, аты әйгілі көкбас, Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды (2-сурет). 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералд. күрт өсті (3-сурет). Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий, т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың т-ға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге қайтадан қышқыл жаңбыр болып жауады. Жауын-шашынның минералд. 3 еседен астам өсті. Құрғап қалған аумақтардан көтерілген шаң-тозаңның әсері биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еріп, ұсақтануына әкелді. Мыс., 1974 жылдан бері Іле Алатауындағы аум. 1 км2-ден астам 86 ірі мұздықтың 6-уы ғана қалды. 1980 — 90 ж. Іле —  Балқаш табиғи-шаруашылық жүйелеріне кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген  ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 м-ге төмендетілді, сөйтіп көлемі 2 есеге (28 км3-дің орнына 14,5 км3) кеміді де, жер суаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандырғанмен, су сапасы жылдан-жылға нашарлады.

Осыған байланысты сенат отырысында "Қазақстан мен Корея Үкіметтері арасындағы "Балқаш" жылу электр стансасын дамыту туралы" Заң жобасы талқыланған. Қасымов келтірген мәліметтерге сүйенсек, жылу электр стансасы Екібастұзда өндірілген көмірді тұтынады. Жылына 4 миллион тонна көмір жақса, сыртқа шығарылатын қалдық мөлшері 2 миллион тонна болатынын да депутат есептеп шығарған. Ал мұнша күл қоқысты қайта өңдеу үшін, 5 жаңа зауыт салынуы қажет. Ғани Қасымов Балхаш көлінің болашағы зор, керемет әсем орын екенін айтады. Таяу болашақта мұнда халықаралық демалыс орны салынады деген жоспар да бар. "Алайда ЖЭО салынып біткенде, бұл арман көзден бұл-бұл ұшады", - деп қауіптенеді ол. "Балқаштың болашағы осыған тікелей қатысты. Ондаған мың метр қашықтықтан ондағы ахуалдың күрделі екендігі көрініп тұрады. Онсыз да бұл аймақ өндіріс ошақтарының көптігінен зардап шекті, алдағы уақытта мүлде тұралап қалмақ. 20 жылдан соң көлдің орнында алақандай су ғана қалады, сонда таң қалмаңыздар", - дейді сенатор.

Сыртқы себеп — Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасады. Бұл — халықаралық деңгейде реттелетін мәселе.

  Қазақ эксперті Талғат Мамырайымовтың мәліметтері бойынша Қытай шекарасындағы Іленің бойында 13 су қойма 59 гидроэнергетикалық орнатпалар іске асуда. Қазақ елінің есебі бойынша, Аспанасты елі Іленің он бес метр куб суын пайдалануда және бұл көрсеткіш үнемі өсу үстінде. Гидролог мамандар Іленің суын он пайызға алғанның өзінде Балқаштың екі бөлікке   бөліну қауіпі бар, яғни ол Арал тағдырын қайталап және оның бір бөлігі тартылып қалады. Қалай дегенмен де экологтар әліден Балқаш және Іле өзендерінің маңындағы ұсақ тартылып бара жатқан көлдердің бетінен тұзды шаңның пайда болғандығын айтып жүр.

Қазақстанның  Аспан асты елімен су қатынасы 2001 жылдың 12-қыркүйегінде қол қойылған келісімі бойынша реттелуде. Бұл келісімді  жаңарту қажет екендігін түсінген басшылық Қытайға сауда саттыққа қатысты он жылдық льготалы келісім  ұсынатынын айтты егер олар Балқашқа құятын өзендер суының мөлшерін арттырса, алайда Бейжіңде бұл ұсынысты қабыл етпеді. Нәтижесінде өзеннің шикізат қоры қауіпті жағдайда: балық аулау төмендеді, ал су деңгейі бір метрден аса төмендеді. Батыс бөлігіндегі су құрамы ішуге жарамсыз бола бастағандықтан Балқаш қаласы тұрғындары енді суды жүздеген кимлометрден ары жерден тасып ішуде. Мысалы, 80-жылдары өзеннен 10000-13000 тонна сазан ауланған болса, 2000 жылдарға қарай 150 тоннаға шектетілді, ал соңғы жылдары 50 тонна ғана ауланып жүр.

Осы жылғы күзде  Алматыда «Табиғат апаттарына қауіпті төмендетудегі БАҚ ролі» атты халыхаралық семинарда 2012 жылғы орташа жылдық Балқаштың су деңгейі 342,6 см болған және болашақта жергілікті мамандардың есебі бойынша бұл көрсеткіш бір қалыпты төмендемек, өйткені Іле қорек алатын мұздықтың 40 пайызы еріген, ал Қытайдың суды пайдалану мөлшері барған сайын артуда. Егер жоғарыдағы көрсеткіш 341 см-ге төмендесе қауіпті нүктенің болғанын білдіретіндігі жөнінде семинарда айтылған болатын.

Егер Балқаш көлі Арал теңізінің тағдырын қайталайтын болса, онда көл түбіндегі тұздар елдің бүкіл шығыс бөлігін жабады. Бұл өз кезегінде Алатау мұздықтарының еруіне алып келеді де Алматы қаласын сел басады (ЭКОСОС проектісінің жетекшісі Бакытжан Базарбек). 

Экологиялық апат мəселесі қазір бар əлемді толғандырып  отыр. Балқаш тағдыры алаңдатқалы  да жылыстап жылдар ауысты. 2000 жылы Алматыда өткен үлкен форум да, одан кейін  Балқашта өткен Парламент мəжілісінің  бір топ депутаттары мен табиғат  қорғау мамандарынан құралған көшпелі мəжіліс те, жалпы қаладағы табиғат жанашырларының бірлестік ұйымдары да бұл мəселені жан-жақты терең талқылап, саралап келеді. Уақыт алмасқан сайын адам қолымен “екінші табиғат”(өндірістік өркениет деген мағынада) жасалып, алға қарыштап қадам басқан сайын жаңа қиындықтар мен шешімі түйткілді мəселелер көбейе береді.

Балқаш көлі - ғаламшардағы ең көне көлдердің бірі. Жаратылысы бөлек, жұмбағы мол. Батыс  бөлігі ерекше тұщы сулы болса, шығыстағы  айдыны айрықша ащы болып келеді.Балқаштың  тағдыры –жарты ғаламның тағдыры деп айтуға болады. Көл тіршілігі оның картада көрсетілген көк сызықты кемерімен шектелмейді.Оған əсер ететін фактор көп. Балқаштың тағдыры- Алатаудың басынан, Қытайдың далсынан басталады. Себебі көл қанасына су жинайтын алабы сонау Іленің арнасына құйылатын бастау бұлақтардан, Алатаудың мұзарт шыңдарынан, Арқаның апайтөс даласынан құралады.

Осыдан бірнеше  жыл бұрын көлге қаладағы өндіріс  орындарынан 10 жерден лас су құйылатын- комбинаттың қалдық сақтау орнынан, жылу орталығынан, түсті металл өңдеу зауытынан, сауықтыру орындарынан жəне т.б. Сол тұста жаға-жайдағы суды тексеру үшін жаздыкүндері көлге резина етік кимей жақындай алмайтын. Жағалаулар май, мазут. т.б. сіңіп. əбден ластанған. 1995 жылдан бері комбинат көлге пайдаланылған лас суларын ағызуды тоқтатты. Балқаштың балығы да азайып барады. Жауапсыздық пен салғырттықтың өкінішті орнын толтыру қиын-ақ. Бір кезде маусымына 40-50 мың тонна балық аулаған балықшылар соңғы жылдары ондай көрсеткіштерге қол жеткізе алмай келеді.

Ауаға зиянды зат тарататын 216 кəсіпорынның 91-інде ауаға тараған зиянды зат көлемі артатүскен. Мұның өзі “Испат-Кармет” ААҚ, Балқаш кен-металлургия комбинаты жəне “Қазақмыс”корпорациясы, “Жезқазғанцветмет” сияқты облысымыздағы ірі өнеркəсіп орындарында өндірістің жандануын да көрсетеді. Балқаш пен Теміртау қаласы ең ластанған қалаларға жатады. Барлық ластаушы заттардың 73%-і осылардың үлесінде немесе тиісінше 204,2 жəне 178,5 мың тонна.

 

БАЛХАШ КӨЛІН ПАЙДАЛАНУ ЖОЛЫНДАҒЫ  ЛАСТАНУ ТҮРЛЕРІ

 

Қазіргі кезде Балқаш көлінің суы ластану дәрежесі өте қауіпті жағдайға соқтырғалы отыр. Суларды ластаудың негізгі көздері:

1.Ауыл  шаруашылығында жерді улы химикаттармен  тыңайтудан қалған қалдық сулардың  қайта келіп өзендерге, көлдерге  құюы. Бұл әсіресе, күріш егістіктерінде, мақта плантацияларында молынан кездеседі.

2.Кен  орындарын пайдаланудан болатын  өндіріс қалдықтарын;

3.Ағаш  материалдарын дайындауға, өндегендегі  және су жолдарымен тасымалдағандағы  ағаш қалдықтары;

4.Су  және темір жолдарының лас  қалдықтары;

5.Техникалық  өсімдіктерді алғашқы өндеудің қалдықтары.

Су  қорына аса қауіп-қатер туғызатындар: мұнай, пестицидтер, түсті металдардың, күрделі химиялық қосылыстары. Әсіресе, оның құрамында әртүрлі зиянды заттар көп. Өнеркәсіптік өндіріс орындарымен қатар ауыл шаруашылығы өндіріс орындарының су қорына тигізетін әсері де молшылық. Ал  лас суларды ауыл шаруашылығына пайдаланудыңда зияны өте көп. Мысалы, ауыл шаруашылығы дақылдарын ластаған сулармен суару, біріншіден олардың шығымдылығы өте төмен, ал екіншіден адам денсаулығына қауіпті болады. Сонымен қатар топырақтың тұздылығы көтеріледі, топыраққа биохимиялық процестердің жүруі төмендейді. Сулардың ластануы әсіресе балық қорына тікелей зиян келтіреді.

Бұл айтылған су қорларының ластану көздерінің ішіндегі ең қауіптісі балықтарға зиянды әсер ететін құрамында химиялық улы заттар бар өндірістің қалдық сулары. Оған: целлюлоза-қағаз фабрикалары, химия өндіріс орындары, мұнай өңдеу, металлургия заводтары, мал шаруашылығы өнімдері – жүнді, теріні өңдейтін заводтар т.б. жатады. Тек қана Қазақстан түсті металлургия кәсіпорындары тәулігіне 168,8 мың текше ластанған суды өзендер мен көлдерге жібереді.

Соңғы жылдары  егіс далаларында химиялық тыңайтқыштарды кеңінен пайдалануға байланысты, суларды ластауды пестицидтердің зиянды әсері көп болып отыр. Пестицидтер суға араласқаннан кейін биологиялық жағынан ажырамай ұзақ сақталып, балықтың, планктонның денесіне орнығады да биологиялық тізбек арқылы адам денесіне көшеді.

Өндіріс, ауыл шаруашылығы  қалдық суларынан басқа табиғи сулар  құрамына хлоридтер, жолдардың қатып қалуына қарсы қолданылатын және жер суғарған кезде топырақтан жуылып шығатын тұздар өте зиянды әсер етеді.

Өнеркәсіптік  өндіріс орындарымен қатар ауыл шаруашылығы өндіріс орындарының  су қорына тигізетін зиянды әсері  зор. Әсісере, өзен, көлдер бойына шошқа фермаларын орналастыру бұл су көздерін түгелдей жойғанға тең. Бір шошқа фермасының өзі  суларды ластау дәрежесі жөнінен 2-3 өндіріс орнына тең.

Балқаш  көлінің экожүйесі бұл- тек облыстың ғана емес республикалық дәрежедегі мәселе болып отыр.  Бүгінгі күні бұл мәселе баяу шешіліп отыр.

Жоғарғы қабат суларының сапасының төмендеу тенденциясы тоқтатылды, алайда олардың  сапасының жақсарып кеткені байқалмайды.  Соңғы жылдар арлығында жоғары қабат суларына қосылатын тазаланған  су көлемінің жеткіліксіздігі (1996 жылғы 48 млн.куб.метрден 2006 жылы 6,5 млн.куб.метрге) төмендеді. Ластану дәрежесі жағынан облыстың су объектілерін нашар және өлшемді су классына жатқызуға болады.

Балқаш  суын негізінде ластайтын көздерге өнеркәсіптік және коммуналдық канализациялық ақаба сулары және де басқа өндіріс қалдықтары, құрамында әртүрлі агрохимикаттары (пестицидтері, тыңайтқыштары, т.б.) бар егістік жер қыртысының шайындысы, суармалы жүйенің дренажды суы, мал шаруашылығының ағындылары, су қоймаларына жауын-шашын арқылы әкелінетін аэрогенді ластағыштар жатады.

Ластаушы  заттардың негізгі үлесін ЖШС  «Қазақмыс корпорациясының»  (2008 ж. – 1006,08 мың тонна, 2009 жылы – 922,6 мың тонна) мыс қорыту барысында бөлінетін күкірт газы заттары  құрап отыр.

Балқаш көлінің  тағы бір ластаушы көзі-Балқаш балық шаруашылығы. Балқаш балық шаруашылығы дамыған аймақ. Балық аулаудан және өңдеуден кейінгі шыққан қалдықтардың көп мөлшері, әсіресе ақаба сулары Балқаш көліне тасталып тұрады.   

Балқаш көлі мен оның маңындағы аймақтардың  экологиялық жүйесіне осындағы кəсіпорындар мен Сарышыған əскери полигонын пайдаланудың техногендік қызметі де зиянды əсерін тигізуде. Əсересе, Балқаш жағалауының Қарағанды облысына кіретін солтүстік аймағы техногендік əсерге көбірек ұрынып отыр. Көлдің солтүстік аймағын ластандырушы ең үлкен көз Балқаш кен- металлургия комбинаты. Комбинаттың мыс зауыты, байыту фабрикасы, түсті металл өңдеу зауыты, жылу-электр орталығы, тағы басқа қосалқы өндірістік буындары ондаған жылдар бойы көлге ластанған, тазаланбаған ағын суын жіберіп келеді. Көлге тұзды су мен ауыр металдар қосылуын тоқтату мақсатында комбинат тоғандары арқылы қайталама су көздерін тазалаудың кешенді шараларын жүзеге асыруда. Мұның өзі судың сапалық құрамын жақсартуга жағдай жасайды. Балқаш көлінің солтүстік жағалауының атмосфералық ауасын БКМК көп жыл бойы өзінің күкіртті ангидридімен ластау үстінде. Бұл қазір ғана туындап отырған мəселе емес. Ол Балқаш комбинатындағы ауаны қорғау жұмысының тиімсіз жүргізілуінің салдары.

Сарышыған əскери полигонына қатысты да көптеген жұмыстар бар. Бірақ қазіргі кезде біздегі ақпараттың шектеулі болуына байланысты оның ықпалына, бұл объектінің пайда болғаннан бергі барлық кезеңінде Балқаш өңірінің табиғатына қаншалықты зиян келтіргеніне нақты баға бере алмай отырмыз. Сондықтан да полигонның ықпалынан бүлінген аймақтарда кешенді сауықтыру жəне қалпына келтіру шараларын жүргізу əзірше мүмкін емес. Бұл мəселені шешу үшін Қазақстан Республикасының табиғат қорғау жөніндегі заңнамаларындағы полигон мен табиғат қорғау органдары арасында белгіленген қарым-қатынасқа сəйкес Ресей-Қазақстан арасында келісім жасалып, ол қабылдануы қажет. Мұндай келісімді қабылдау полигон қызметінің айналадағы ортаға, оның ішінде Балқаш көлінің экологиялық жүйесіне кері əсерін анықтауға жəне оны азайту жөніндегі шаралар жүргізуге мүмкіндік берер еді.

Балқаш  көлі жыл бойына тек Іле өзенімен ғана 23 мың тонна жеңіл органикалық  заттармен, 8 мың тоннадай минералды  азотпен, 5 мың тонна фтормен, 2 мың  тонна темірмен, 1,5 мың тонна бормен, 0,7 мың тонна броммен, 70 тонна минералды фосформен, 60 тонна пропанамидпен, 3,4 тонна дихлоранилинмен, т.б. улы заттармен ластанады. Мұнымен қоса Балқаш көліне металлургия комбинаты су шығындыларын, улы заттардың қоспасын жіберуде.  

Көлемі жағынан  әлемде 13-орында тұрған Балқаш жыл сайын ластану деңгейі артып, табаны батпақтанып, айдыны зауыт қалдықтарымен уланған. Балқаштың әу бастағы тылсым жаратылысы оның қазіргі тағдырына айналып бара жатқан тәрізді. Бір бөлігі ащы судан, бір бөлігі тұщы судан тұратын көлдің қазір тұзды бөлігі ұлғайып келеді. Бұған басты себептердің бірі – Іленің бастау қайнарында отырған қытайлықтардың өзен суын шаруашылыққа мейлінше молынан тұтынуында. Соның салдарынан көлге құятын тұщы су мөлшері азайып отыр. Балқаш көлі жайлы арнайы заң қабылдау керек, мұндай мәртебелі заң көрші Ресейде және басқа елдерде бар. Балқаштың балық қорының соңғы жылдары күрт азайып кетуінің негізгі көзі де осы қытай көршімізге байланысты болып отыр. Қазір көл табанында ондаған шақырымды алып Қытайдан әкелінген сапасы нашар аулар жатыр. Бір салғанда-ақ сетінеп кететін аулардың талайы су түбінде қалғанын, ол аулардың балықтар үшін құрылған нағыз ажал тұзағы екенін Балқаш жағалауындағы кез келген балықшы айтып береді. Балқаштың балығы мен байлығы кемуіне бірнеше себеп бар. Елге Қытай тарапынан полиамидті және пластик жіппен тоқылған ауларды әкелуге тыйым салу керек және ол аулардың ел ішінде сатылуына толығымен шектеу қою керек. Балқаш айдынын мекен еткен алабұға балығы өткен ғасырдың 70-жылдары жойылып кетсе, сол дәуірде бекіре мен ақбалық, патшабалығы тұқымымен тұздай құрығанын қазір біреу білсе, біреу білмейді. Көлдегі балықтар патшалығының «құлдырауына» қазіргі басты себеп – тек қытайлық сапасыз аулардың теңіз табанында шөгіп жатуы ғана емес, бұл мәселеге Жетісудан құятын өзендердің жағаларындағы ирригациялық және су шаруашылықтары құрылғыларының тозығы жетуін, Көкше теңіздің солтүстік жағалауындағы мыс қорыту зауытының қалдықтарын залалсыздандыратын орынның ескіріп кетуін де айтуға болады.

Қорыта  айтқанда, қоршаған ортаға, табиғатқа, өмірге зияны көп құбылыстарды тежеу, тоқтату шараларын белгілеу – бүгінгі қайта құру кезеңінің басты міндеттерінің бірі. Мұндай шаралар республика жұртшылығының пікір – ұсыныстарын есепке ала отырып, ғалымдар мен мамандар арасында кеңінен талқылауында. Оларды тез арада асырудуң бағыттары мен жолдары партия және үкімет басшыларының алдына қойылуда.

Бұл бағыттағы ең басты шаралардың бірі Балқаш біртұтас су айдыны ретінде  сақтап қалуды, олардың экологиялық, экономикалық жағдайларын нашарлатпауды, су деңгейін төмендетпеуді қамтамасыз ету болып табылады.

Аяулы табиғат – алтын бесігіміз, адам қоғамының тіршілік етуінің ең басты  шарты. Оның керекті, әлде керексіз бөліктері  жоқ. Бәрі – керек. Адам үшін туған  өлкенің ауасы, топырағы да, тауы мен  тасы, өзен – суы, орман – тоғайы, қос қанаттысы, мен жер бауырлаушысы… бәрі, бәрі қымбат.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған өдебиеттер тізімі:

  1. www.el.kz
  2. http://lenta.ru/articles/2013/01/23/irtysh/
  3. Бейсенова Ә.,Самақова А.,Есполов Т.,Шілдебаев Ж. «Экология және табиғатты тиімді пайдалану». Алматы. «Ғылым»,2004.134-137б
  4. Адамбекова Х. Арқаның омырауында алқасындай // Орталық Қазақстан.- 2003.- 14 тамыз.-4 б.
  5. http://water.unesco.kz/
  6. http://kaz.newsfactory.kz
  7. Арал-арымыз, Балқаш бағымыз емес пе едi: Мəжiлiстiң экология жөнiндегi үкiметтiк сағатында айтылған ой-көзқарастары// Азия Транзит.- 2000.-N6.-22-27 б.

Балқаш көлі. 3