Бұқар жырау шығармашылығының тақырыптық ерекшеліктері

Мазмұны

 

 

 І. Кіріспе          

 ІІ. Бұқар жырау  шығармашылығының тақырыптық ерекшеліктері

  1. 1. Жырау поэзиясындағы заман, адам бейнесі.
  2. 2. Бұқар жырау жырларындағы ел ынтымағы.
  3. 3. Жырау толғауларындағы Абылай хан тұлғасы.

III. Қорытынды

         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І. ХҮІІІ ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлғалардың бірі- Бұқар жырау. Жыраудың шығармаларын жинастырған М.Ж.Көпеевтің айтуы бойынша Бұқар Арғын ішінде Төртуыл Қаржастан шыққан. Бұхардың әкесі Қалқаман-батыр болған.  

Заманның  бізге бір табан жақын тұрғанына,   өмір сүрген дәуіріндегі көптеген тарихи оқиғалар халық жадында жақсы сақталғанына қарамастан,   қазақтың ескі де өткен басқа ақын жыраулары сияқты Бұқар өмірі хақында да біздің білеріміз тым тапшы.  Жыраудың туған,   өлген жылдары жайында нақты деректер жоқ. Оның қанша жасаған адам екені де белгісіз.    Қолда бар бірден-бір мәлімет жыраудың-Абылайдан (1713-1781) бұрын туып,   соң өлгендігі.  

Қазіргі Бұқардың туған,   өлген жылдары 1693-1787 деп көрсетіліп жүр.  Ал бұлай жобамен солай шығар-ау деген долбармен алына салған сан. Бұқар 1693 жылдары туды деудің қисынға келмейтінін дәлелдеу онша қиынға түспейді: ол үшін ақылдылықтың да,   алғырлықтың да қажеті жоқ.  Абылайға арнаған толғауларының бірінде Бұқар:

"Күнінде  мендей жырлайтын

Тоқсан  үште қария, 

Енді  де саған табылмас" -     [1,  83].  

дейді.    Бұл сөздер Абылай өлген 1781 жылдардың өзінде-ақ айтылады.    1781-ден 93-ті алыңыз.    Сонда 1688 қалады..., яғни Бұқар қазір көрсетіліп жүрген 1693 -тен 5 жыл бұрын туған болып шықты.    Бұл-әдебиет тарихымен айналысушы кейбір ғалымдарымыздың өз ісіне қаншалықты жауапты,   қаншалықты мұқият қарайтындығының тағы бір айғағы іспеттес.    Сонымен жырау 1668 ж. Павлодар обылысы Баянауыл ауданы Озерный совхозында дүниеге келген деген дерекке сүйену қисынды сияқты.  

Бұқар өмірі жайлы кейбір зерттеушілердің деректерінде былай делінген: зерттеуші Қайым Мұхамбетхановтың "Бұқар жырау" атты мақаласында Үмбетей жыраудың жоқтауына негіздеп Бұқарды 1685 ж Жиделі-Байсын жерінде,   Бұқар қаласының маңындағы Елібай деген елде дүниеге келген дейді.    Бұқар жерінде туған балаға Бұхар есімі беріліпті. Тағы бір деректе Бұқар медіресесінде оқып жүрген Қалқаман батыр: баласына Әжет баба (кейбіреулер Ақша батыр дейді) бата беріпті:

Есімің  Бұхар болсын

Мінезің тұлпар болсын

Дауысың сұңқар болсын

Ісіңе халық іңкәр болсын [2,  5].  

Ш.   Қуанғановтың айтуынша азан шақыртып қойған аты бүгінде беймәлім болып кеткен,   жырау тарихқа Бұқар деген атпен енген деседі Нәресте бір жасқа келгенде Ембі мен Зайсан екі арасы қалмақтардан босатылған кезде Қалқаман батыр елге оралыпты.   Бұқардың балалық шағы туралы да әр түрлі пікірлер кездеседі.  Егер Үмбетей:

Тілің шықпай жасыңда, 

Бала болдың сен мылқау.  

Бір алуан жыр десетін, 

Іштей туған кем сырқау

Сырқау ма әлде мінез бе?

Мұны  қиын жобалау - [3,10].  

десе,   есімі елге танымал шежіреші Ералы қолжазбасында "Бұқар жас кезінде   мылқау  бала   екен,    тілі   он  жасқа   келгенде   шығыпты   деп айтысады.  Тексеріп келгенде анығы,   ол нағыз мылқау емес,   көрініске аңқау, қиял билеп өз бетімен жүретін бір алуан сынды адам сияқты көрінеді. Сондықтан оны жұрт мылқау бала деп айтатын болса керек.    Он екі жасында, мылқау бала жай тілі шыққанның үстінде, өз жанынан суырып салма айтатын жыршы болып, сайрай бастапты... Содан жұрт қолдан - қолға тигізбей,   ойын-сауығына алып жүретін болып,   жігіт ағасы кезінде жырау аты шығыпты деседі. Бұл- оның өнерінің ақындық қызметінің- басталған кезі болады, яғни он екі жасынан ақындығы басталады"- деп жазады   [2, 6].  

Жыраудың өмірі сүрген дәуірі жайында біздің заманымызға жеткен деректер осындай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ. 1. 1. Бұқар поэзиясындағы заман, адам бейнесі.

Бұқар жырлары жыраулық поэзияның дәстүрлі жалғасындай болғанымен, әлеуметтік-саяси мазмұны мен тақырыбы, көркемдігі жағынан өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Жырау шығармашылығын тақырыптық ерекшеліктеріне қарай: адамгершілік-имандылық тәрбиесін жырлайтын насихат толғаулар, ел бірлігі тақырыбындағы толғаулар, Абылай ханға арналған толғаулар, отаршылдыққа байланысты туған болжал толғаулар деп топтастырып қарастыруға болады. Бұқар жырау жас ерекшеліктеріне байланысты және өмір туралы толғауларды да дүниеге әкелген.

Бұқар поэзиясының негізгі қаһарманы- заман, адам бейнесі. Ол эпостағы аноним,   аңыздық тұлғалар емес,   өмірде болған адамдар. Бірақ солардың бейнесі мен ісін ақын аналитикалық ізде емес, заман оқиғасымен байланыста тұтас алады да, әлеуметтік типке бөлмейді.  

Мұнда да Бұқар жыраудың эпос стилінен ұзап кетпегендігінің көрінісі бар. Оның образдары- заман оқиғасының бір бөлшегі ғана. Ал, реалдық бейнелерге бет бұру- Бұқар поэзиясының үлкен жаңалығы.  

Өзінің жаңалық формасы жағынан Бұқар толғаулары көбіне арнау,   бірде ғибрат,   философиялық толғау немесе элегиялық жыр болып келеді. Дін тақырыбына құрылған өлеңдері дидактикаға бейім. Оның ішінен жауда өлген Бөгенбайдың өлімін естіртетін лирикалық элегиясы ерекше мұңлы.  

Бұқар толғауларының тіліне келер болсақ,   онда мақалдап сөйлеу мен эпос тілінің үлгісі басым.  

Жал-құйрығы  қаба деп, 

Жабыдан айғыр салмаңыз.  

Қалың малы аразды, 

Жаман қатын алмаңыз.  

Жабыдан айғыр салсаңыз, 

Жауға мінер ат болмас.  

Жаман қатын алсаңыз

Топқа кірер ұл тумас,  -      [1. 89].  

деген сөздер мақал үлгісіне құрылған.    Мақалдап сөйлегенде,   Бұқар өлшеу,  ұйқасқа айтарлықтай көңіл бөлмей ( ат болмас,   ұл тумас),   көбіне логикалық ойға жүгінеді.  Мұны поэзияға енген билер сөзінің үлгісі дейміз.  

Бұқар жырау Қалқаманұлы толғаулары халық эпосы мен сөйлеу тілінің үлгісіне құрылған.  Бүкіл бір тарихи дәуірдің көрінісін беретін Бұқар жырлары ХҮ-ХҮІІ ғасырларда туып дамыған жыраулық өнерге негізделген,  авторлық орны бар поэзияның заңды жалғасы болды.  

Бұқар жырау өнері мен творчествосы туралы қазақ әдебиетінің не бір тарландары қалам тартты. Оның алып поэзиясына ең алдымен Шоқанның жіті көзі түсті.  "Біреудің кісісі өлсе,   қаралы ол" деген өлеңінде Абай Бұқар поэзиясына деген өз көзқарасын айтқаны белгілі.    Ал Ыбырай Алтынсарин болса "Абылай мен сені көргенде" толғауын "Қырғыз хрестоматиясына" енгізеді. Болашаққа аманат етіп,  жыраудың шығармаларын жинап,  басына белгі орнатып кеткен М.Ж.Көпеев еңбегі ерекше. Бүгінгі ұрпақ Бұқар творчествосы туралы кезінде пікір айтып,   әдебиеттануда жол салған С. Сейфуллин,   Ә. Марғұлан,   С Мұқанов,   М.    Әуезов сияқты ғұламаларымыз да дән риза. Г. Н. Потаниннің нұсқасы енді.    Дана ағаларының жолын жалғастырып, үзбей қалам тартып,   зерттеушінің ауыр жүгін арқалап осы күнгі қазақ әдебиеті көшінің алдынғы ілегінде келе жатқан қаламгер М. Мағауиннің еңбегі ерен деп есептелмек. Жырау туралы оқулықтарға арнайы зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар санатында А.Дүйсенбаев, Ә.Дербісәлин, Қ.    Мұқанбетқанов, Ш.Сәтбаева сияқты ғалымдар да бар. Әдетте осы әдебиеттанушылардың көпшілігі кешегі ипмериялық өктемдік кезде ойларын ашылып та,   көсіліп те жаза алмады.  Кейбір сырлары көл болып көңілдің көгінде қатпарланып жатты.    Кейде кейбірінің басы артық пікір айтқан кезі де жоқ емес.   Сөйтіп олар Бұқарнамаға өз үлестерін қосқан. Бір сөзбен айтқанда,  Бұқартану белгілі бір дәрежеде дамыған жанр. Алайда осы ғылымның саласында әлі де сыры ашылмаған,   тоталитарлық заманда таптық,  партиялық бұғаудың қыл шылбырына түскен проблемалар да баршылық.    Әңгіме міне осы жайында.  

Сарай ақындары болса хан мен ханзаданы мадақтаудан аспады,   "халық" деген қасиетті атқа қадам баспады. Ал Бұқар болса жырау атанды.    Мұқтар дана айтқандай,  ...  жырау демек ақын деу емес.    Жыраудың ақын аталудан,   жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұны Ахмет Байтұрсынов өзінің "Әдебиет танытқыш" атты еңбегінде "толғау" қысқасын айтқанда іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің ілебі,   көңіл құсының сайрауы,   жанның тартатын күйі,   ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес,   басқалардағыдай халін танып,   күйіне салып,   толғай алуда"-деп түйіндейді [9. 27].  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. 2. Бұқар жырау жырларындағы ел ынтымағы.

Қазақ тарихында даналық сөздермен із қалдырған ұлағатты жыраудың бірі- Бұқар Қалқаманұлы дедік.  Оның есімі атақты Абылай ханның  есімімен қатар аталады.

Батыста Ресей,  шығыста – Жоңғар мен Қытай мемлекеттері қазақ даласының табиғи байлығы мен ұлан байтақ жеріне көзін тігіп,  жаулап алу саясатын  жүргізе бастаған кезде қазақ халқының тұтастығын сақтап қалу,   тәуелсіз ел ету Абылай ханның мақсаты болды.  Ханның осы саясатын қолдап,   толғауларында халықты бір тудың астына топтасуға шақырады.  Бұқар жырау шығармаларында елдік пен ерлік  мәселесі: ел тағдыры ой таразасына салып,   тереңінен толғанады.  Дана жырау халықты тұтастыққа,   елді бірлікке шақырады.

Өлетұғын тай үшін

Қалатұғын сай үшін

Қылмаңдар жанжал-ерегес, 

не  болмаса

Маң-маң  басып жүріңіз

Байсалды  үйге түсіңіз

Айнала  алмай ат өлсін

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз! [1, 88],- деп жырлай отырып,   елді ынтымаққа, жатқа тізгін бермеуге шақырады. Бұқар заманында   Садыр   батыр (кейбір деректерде- Керей)   өрдегі найманнан Арғын ордасына ауып келіп, Ақмарқа деген кісіні өлтіріп, еліне қарай қашыпты. Барған кісіге сөз бермепті. Сонан соң Арғын  жұрты   Бұқарды жіберіпті.   Бұқар жырау барғанда Садырдың ауылы Сарысуды өрлеп көшіп бара жатыр екен. Көш алдында Садырға жолығып айтқаны:

            Садыр қайда барасың, 

Сарысуды көмелеп?

Сен қашсаң да мен қойман

Арғымағым жемелеп.

Енді  алдыңнан шығайын

Жауған  күндей себелеп!

Ақмырзамды өлтірдің,

Ақ  сойылмен төбелеп

Мен-Арғын  деген арыспын,

Азуы  кере қарыспын.

Сен-бұзау  терісі шөншіксің

Мен-өгіз терісі талыспын.

Абылайдың алдында сен бітсең,

Құдандалы таныспын!

Егер  Абылай алдында бітпесең,

Атасын  білмес алыспын.

Бұл қылығың қоймасаң,

Сонау кеудедегі

Дулығадай бас кетер! – [1, 95].

дегенде,   Садыр батыр мәмілеге келіп,   ауылын қондырып,   жүгін түсіріп,   алты жақсы жүз жылқы,  қалың кілем,  қара нар басы жетім қылып,   құн беріп қайтарған екен.  

Бұқар жырау ел бірлігін оның болашағымен байланысты қарайды.    Елдің мықты болуы хан мен қарашаның,  яғни халқының ынтымағына байланысты деп,  халыққа да, ханға да әділ бағасын беріп отырды:

Ханға жауап айтпасам, 

Ханның  көңілі қайтады.  

Қандыра жауап айтпасам, 

Халқым не деп айтады.  

Ол хан,   сұлтандар арасындағы билікке талас,   ру-тайпалар арасындағы өзара бақастық ешкімге опа бермейтінін жекелеген адамдар үшін ғана емес, бүкіл ордалы жұрт үшін оңалмас опатпен аяқталатынын нақты айғақтау үшін бір кездегі құдіретті жұрт ойрат ұлысының, Жоңғар хандығының қайғылы тағдырын мысалға келтіреді:

Кеше,  қарақалпақ бұл ерде

Бозылардың  билігі

Бұлт  бұрқан болысты, 

Уағдадан  жылысты, 

Буыршындай  тіздесті, 

Жамандықты  іздесті, 

Бірін-бірі күндесті.  

Жаулаған  ханың қара оңбас, 

Хан қисайса бәрі оңбас.   [1, 98].  

Бұқар толғаулары қазақ рухын көтерді,   елдік санаға,   ел бірлігіне қызмет етті.  

Бұқар жырау "Бірінші тілек тілеңіз" деп басталатын толғауында адам өмірінің мәнін, әр адамның өзіне тілейтін жақсылығын ел тыныштығымен байланыстырып,   тілек батырлардың алдына бейбітшілік қояды.  

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір аллаға жазбасқа.          

Екінші  тілек тілеңіз, 

 Әзәзіл,   пысық,   залымның

 Тіліне еріп азбасқа,

 Жетінші тілек тілеңіз,

 Желкілдеген ту келіп,

 Жер қайысқан қол келіп,

 Сонан сасып тұрмасқа,

 Сегізінші тілек тілеңіз,

 Сегіз қиыр шартарап,

 Жер тұлданып тұрмасқа,   - [1, 82].

деп толғайды.   Бұқар жырау халық батырларын дәріптейді,   олардың ерлік, патриоттық іс-амалдарын тарихи шындық тұрғысынан көрсетеді.   "Ақ найзаның ұшымен,   ақ білектің күшімен" ел қорғаған батырлардың ерлік істері мен қаһарман күштерін жырау жырлай біледі:

Қалданменен ұрысып, 

Жеті күндей сүрісіп, 

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай, 

Қанжығалы Бөгенбай, 

Шақшақұлы Жәнібек, 

Сіргелі Қара Тілеуке, 

Қарақалпақ Құлашбек, 

Тігеден шыққан   Әскербек, 

Шапырашты Наурызбай.        [1, 86].  

Бұқар баба тек жырау емес,   халықты бірлікке шақырып,   елдің тәуелсіз мемлекет болуы жолындағы ірі саясаткер Абылай ханның маңайына ер жүрек батырлардың,   әділ билердің,   халық жанашырларының топтасуына игі ықпалын тигізді.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. 3. Бұқар жырау толғауларындағы Абылай хан тұлғасы.

Бұқар жырау поэзиясы арқылы бізге Абылай дәуірінің болмыс бітімі, Абылайдың іс-әрекеті нақтылы өмір шындығымен, тарихы ерекшелігімен жетті.   М.    Мағауин: "Көне қазақ әдебиетінің өкілдерінің ешқайсының творчествосында өз өмір сүрген заман келбетін Бұқарда бар бедерімен суретке түсірмеген" [5. 138] деп ой түйеді.  

        Жалпы Бұқар өлең-толғауларының басты кейіпкері Абылай болуында үлкен мән бар.  Өйткені қазақ халқының басына қасірет бұлтын төндірген "Ақтабан шұбырынды" кезінде тоз-тозы шығып тентіреп кеткен елдің басын қосып, Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күреске жұмылдыру-тек Абылайдай қайраткердің қолынан ғана келген Абылайдың хандық билік тұсында Бұқар,   Үмбетей,   Тәтіқара,   Көтеш т.б ақын-жыраулардың кейбіреуі хан сұлтандармен жорықтарда бірігіп жүрген,   мемлекеттік істерге араласқан,   хан кеңесіне,   билер алқасы қатысқан.    Сондықтан да олардың өлең-толғауларының маңыздылығы-өз заманындағы көзбен көріп,   куә болған оқиғаларды,   немесе нақты ізі суымаған,   ел санасынан өше қоймаған дәуір шындығын жырлау әрине,   солардың ішінде өзгелерінен дараланатыны да,   сараланатыны да-Бұқар жырау.  

Ш. Уәлиханов: "Дүрбелеңге толы дүбірлі кезең Абылайдың тапқырлығы мен табандылығын,   ақылдылығы мен алғырлығын танытуына жағдай жасады" [6. 111].    десе,   ел тағдыры сынға түскен кезде дана жырау оның жанынан табылды,   мемлекеттік істерді шешуге белсене атсалысты, ақыл қосты, халық мүддесін тереңінен ойлады.    Сондықтан да Бұхар жырау поэзиясының биіктігі,   халық,   қоғам алдындағы ұлы парызды түп-тереңімен,   зор дауыспен келісті суреттей білетіндігінде.  

Абылайды  шындық болмысымен,   көркем мәнерімен,   ой тереңдігімен,   бай тіл кестесімен Бұқардан артық шебер бейнелеген ақын-жырау жоқ.    Абылайға тікелей арнаған Бұқар өлең-толғаулары мыналар: "Абылай ханның қасында...",  "Шүршіт келем деген соң бар-ды",  "Басыңа біткен күніңіз",  "Құбылып туған бәйшешек",  "Әй,  Абылай,  сен он бір жасыңда",  "Ай,  Абылай,  Абылай",  "Қайғысыз ұйықтаған ханым-ай",  "Ай,  айтамын,  айтамын... "

Жыраудың  бұл толғауларында Абылай хан беделінің биіктеп,   ықпалының пәрменді болуына,   хандық мемлекетінің қуаттанып,   нығаюына көрегендігімен,  даналығымен,   адалдығымен өмірінің соңына дейін ақыл-кеңесшісі болған маңызды тарихи оқиғалар жырланған.  

  Р. Бердібай: "Бір ғажабы жыраудың ханға қарата айтатын сөздері белгілі бір сұрақтарға жауап орайында туғандай.    Көбінесе оның "сұқпаттасы" Абылайдың өзі тәрізденеді. Екі ұлы адамның "диалогы" уақыт,  заманының білгір сауалдарына жауап бергендей" [7, 9].    Бұхар өлең-толғауларының мазмұн мағынасының ерекшелігін терең талдап көрсетеді.  

Бұқар жыр-толғауынан бөлек,   сол кездегі аңыз- әңгімелер Абылайдың есейіп,  ер жетіп,  ел билігіне келуге дейінгі өмірінің елеулі кезеңін Төле бимен байланыстырады.  Мұны Шәкәрім де,   М.  Дулатов та,   М.    Тынышпаев та,   М.    Әуезов те,   қытай тарихшысы Су Би-Хай да,   т. б.  зерттеушілер де айқындай түседі.  

Сен жиырма беске келген соң

Алтын тұғыр үстінде

Ақ  сұңқар құстай түледің, 

Дәулет құсы қонды қасыңа, 

Қыдыр келді қасыңа

Бақ үйіне түледің, 

Алыстан тоят тіледің, 

Қылышыңды тасқа біледің

Алмаған жауды қоймадың

Алғанменен  тоймадың, 

Несібеңді елден  тіледің! -   [1, 35].  

деп жиырма бес жасынан бастап өмірінің жарқын сәттерін қадап-қадап жеткізеді.   Бұқардың :

Дәулет  құсы қонды басыңа, 

Қыдыр келді қасыңа, 

Бақ үйіне түнедің -    [1. 35],     деуінің де мәні бар.    Абылайдың халық құрметіне,  даңққа бөленген шағын мадақтаған жырау:

Абылай-ау,   Абылай, 

Момынға келіп бек болдың.  

Атасын білмек ұл едің, 

Атқаның тегін  сұрасаң

Арқар ұранды жат едің

Қай жерінде төре едің?

Қарсы менен құзада жалаң аяқ жар кешіп, 

Бөз тоқыған сарт едің – [1. 35].  

деп жанына батыра айтады.    Мұнда Абылайды кемсітіп,   мұқатып тұрған жоқ,   қайта әлде бір ісін тезге салу көзделген.   Шын мәнінде Бұқар Абылайдың батырлар алдында беделін түсіруді көздемеген,   қайта бұл істі өз ақылмен шешкенін жөн көрген.  

Ашуланба,   Абылай, 

Ашулунсаң Абылай, 

Көтеремін,   көремін

Көтеріп,   қазыға салармын, 

Өкпеңменен  қабынба, 

Өтіңменен жарылма -    [1. 36].  

деп кемшілігін бетіне басады.  Жалпы хандардың қатыгездігін, билік басындағы теріс қылықтарын батыл айтып көрсету жырауларға тән бір қасиет,   ерекшелік болса керек.    Толғаудың өзі де "іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі...жанның тартатын күйі.   "

Мәселен: "Абылай ханның қасында Бұқарекең жырлайды" деген толғауында әлдеқандай қауіп-қатер төнсе,   Сыр өңіріне қоныс аударуға ақыл бере келе:

Менің жасым тоқсан үш, 

Мұнанда былай сөйлеуім, 

Маған болар ауыр күш – [1. 33].  дейді.   

"Ай,   Абылай,   Абылай" деген толғауында:

Басына  мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба – [1. 35).  

десе, мұнда "Жаулық жолын сүймеңіз"-дейді жырау. Абылай хан біржорыққа жүрмек болғанда Қаракерей Қабанбай жазықсыз жаулауды теріс көріп,  бас тартады.    Ханды Қанжығалы Бөгенбай ғана қостайды. Біраз қызу қанды Абылай айтқанынан қайтпай тұрып алса керек.   Ханның жорығының қауіптілігін түсінген жырау "Абылайдың тасыған көңілін астам сөзін басу үшін осылай жазыпты" деседі.    Бұқардың толғауында бұл өлең:

Орыспенен соғыспа, 

Басына мұнша көтерген.  

Жұртыңа жаулық сағынба ...-     [1. 46].  

деп берілген.   " Осыншама өзіңді тәрбиелеп басына көтерген жұртыңды текке біреумен қырылыстырып,   обалына қалма дегені ғой- деп,   Абылай хан бір қызарады, бір қуарады ақырында бұл кісінікі пайдалы сөз деп орыспенен соғысайық дегенін қояды" –д еп анықтайды.[4. 38].  

Абылайдың Түркістанда хан билікке келуі 1771 жыл екені белгілі. Ендеше толғау Еділ қалмақтарымен ұрыста жеңіске жеткеннен кейін дүниеге келген.  

Жетім менен жесірге, 

Ешбір жаман қылмадың.  

Әділетпен жүрдіңіз, 

Әдепті іске кірдіңіз, 

Арманың бар ма,   хан ием! – [1. 52].  

ХҮ-ХҮІІ ғғ.   туа бастаған авторлығы бар қазақ поэзиясының ХҮІІ ғасырдағы аса ірі тұлғасы дейміз.   Толғау поэзиясында Бұхардың екі түрлі жаңалығын айту қажет. Біріншіден, ол эпос және билер сөзінің стилінде жаңа жанр туғызды. Оның толғаулары лирикалық поэзия үлгісі болды.    Екіншіден,   ол өз поэзиясында реалистік бейнелер жасады.  

Абылай  хан- Бұқар жырау заманы,   Мұқаң айтқандай  "Орыс патшалығына қарамай,   бөлек хандық құрып,   жеке өмір жүргіземіз деген талаптың мезгілі еді. Бұқар сонда үлкен қырағы саясаттың талғаушысы болып,   әрбір сөзін ірі- ірі оқиғалардың,   ірі мәселенің тұсында ғана айтады" [8. 17].    Ендеше Бұқар жырау Абылайды,   батырларды отан мүддесі,   одан қалды,   халық санасын қалыптастыру қажеттігін дәріптеді.    Бұқар жырау замана талабына сай өкіметтік мемлекеттік,   бүкілхалықтық дәрежедегі рухани көсем, рухани өмірдің Абылайлы ұлт-азаттық қозғалыстың ұйтқысы, жаршысы. Атақты Шалкиіз жырау өзін Би-темірдің "Жау көрген күн жүргенің басы едім,   көз үстінде қас едім,  "- деген сөзі Бұқар жырауға тән қасиет.  

Бұқар баба бірнеше ғасыр өткелді үні үстем болған жыраулар заманының ең биік шыңына көтерілді.    Халық атынан сөйлеп күмбірлеген жыраудың Отан тағдыры,   ұлт санасы,   ел бірлігі бүкіл поэзиясының өзегі болды,   халық жырауы атанды.    Атақты Үмбетей жыраудың Бұқардың асында зиратының басында:

Өткіздің  тоғыз ханды толғауменен, 

Шешетін талай түйінді болжауменен, 

Іс  болса қиын қыстау сан сайыстың

Қылыш пен қызыл тілді қорғауменен,  -

деуі осыдан.    Ендеше Бұқар өзінен кейінгі ұрпаққа Абылайдың қасында болғандықтан ғана қымбат емес,  ұлы даланың ғажайып перзенттерінің ұлттық санасын қалыптастыруға үлес қосып,   бір өзі дала академиясының ісін атқарған сайын даланың данасы есебінде қымбат.   Бұқар жырауды кейбір зерттеушілер Демосфендермен теңейді.   Сөз жоқ Демосфен ғұлама философ,   ойшыл тұлға.    Демосфендерден әлдеқайда артық.   Демосфен және оның әріптестері қара сөздің шешендері. Ал Бұқар жырау болса поэзияның дүлдүлі,   шешендікті болашақты аралаған көріпкелдің өзі.   Бұқар Майқы биді жеке дара статуспен Шыңғыс хан ғана қасында ұстаған.    Бұқар дана өзінің осы бір жеке дара орынын дұрыс түсіне білген.    "мен қара ормандай қалың орта жүз едім"- деп орта жүз атынан жекпе-жекке шықпаған. Жырау халық атынан,  тәңірі атынан сөйлеген. Ол қаһарлы ханға ақылмен айтатын, сөз хан жетесіне жетпегенде ашумен,   өктемді күшпен айтатын.   Хан тіке жыраудын айбарлы сөзінен кейін ғана райынан қайтатын. Бұқар тек өлімге бой ұсынды. Бұқар жыраудың азаматтық ерлігі осында. Жырау болашақты болжай білді,   толғай білді.   Абылай хан міне осындай дарқан күшті қолдай білді. Ұлы даланың сайыпқыран ерлерінің басындағы,   мұндай ғажайып синтез дала тарихына ғана тән екендігін айтпасақ та болады.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІІ. XX ғасырдың тарихи биіктігіне "Бұқар жырау және Абай" проблемасын зерттеу әдебиеттанушы ғалымдардың кезек күттірмейтін міндеттері.   Шын мәнінде Бұқар жыраудан Абайға тартылған даңғыл жол жатыр. Екі дананың бірі елінің шетін жау ойрандап,  отаршылық бұғалығы мойынына түскен кезде,   екіншісі- орыс империясының отаршыл саясаты қазақ сахарасында ден алған шақта өмір сүрді. Ұлы жырау, ұлы ақын творчествосында тебіреніске түскен негізгі проблема - ел тағдыры,   халық тағдыры.  

Бұқартану- бір ғана әдебиетшілерге тірелмесе керек.    Ғылымның бұл саласы тілді де,   тарихты да,   философияны да,   ауыз және жазба әдебиетті де қамтиды. Ендеше Бұқар жырау творчествосын зерттеу барша қоғамтану ілімінің төл ісі болса керек.

 Бұқар жырау шығыстың ойшыл ғұламаларының бірі.   Оның тірегі-халық,   сыншысы- тарих.    Бұқар жырау шығармаларын оқи қалсаңыз әлем сипаты,   дүниетану,  адам тіршілігі,   салт-сана,   мораль,   эстетика,   философиялық топшылау,   болашақты болжау,   замана сыры көз алдыңызға тікелей теңіздей төгіледі.    Жыраудың "Ай не болар күннен соң",   "Қара арғымақ арыса",   сияқты толғаулары тұнып тұрған философиялық тұнық ойдың бұлағы екенін тану қиынға соқпайды.  

Асқар таудың өлгені, 

Басын мұнар шалғаны.  

Көктегі бұлтың өлгені

Аса алмай тауда қалғаны.  

Ай  мен күннің өлгені-

Еңкейіп барып батқаны.  

Айдын шалқар өлгені

Қара  аспанда қалғаны.  

Өлмегенде не өлмейді, 

Әлемнің хаты өлмейді – [1. 86].  

деген  жыр   маржанының     өмірдің  ғажайып  диалектикасын,     не  сан

құбылыс харекетін,   құдіретін көз алдыңызға еріксіз  әкелесіз.  

                     Бұқар баба қазақ хандығының биік пирамидасында аса бір ерекше миссия атқарды.  Бұқар данамын деп таспады, тығырыққа тірелгенде абыржып саспады,   осылай жырау барша қауымның бағы болды, түнекте жол сілтер шамы болды. Сондықтан да Бұқар жырау әдебиетіміздің тарихында биік тұлғалардың бірі әрі бірегейі болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.   Бес ғасыр жырлайды. І том. Алматы. 1989  

2.   Қазақ әдебиеті. Оқулық. Алматы. 1993  

3.   Қуанғанов Ш. Бұқар жырау. Алматы. 1992

  1.   М.Ж.Көпеев. І том. Алматы. 1993.
  2.   М.Мағауин. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Алматы. 1993
  3.   Ш.Уәлиханов. Шығармалар жинағы. І том. Алматы. 1993
  4.   Р.Бердібай. Шежіре. Алматы. 1993
  5.   ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетінің оқу құралы. Алматы. 1993
  6. А.Байтұрсынов. Шығармалары. Алматы. 1984
  7. «Ай заман-ай,   заман-ай».  Жинақ.  – Алматы. 1993. 497 бет
  8.   Көпеев М. Ж.  Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері  Алматы. 1992 
  9.   Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. Алматы. 1967 
  10. Х.Сүйіншәлиев. ХҮШ-ХІХ ғ қазақ әдебиеті. Алматы. 1981
  11. М.Мағауин. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы. 1994
  12. Бұқар жырау шығармалары. Алматы. 1992
  13. Бұқар жырау Қалқаманұлы. Ай, Абылай, Абылай. Толғаулары.    
    Алматы. 1993
  14. Көпеев М.Ж. ХVШ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары Алматы. 1962. 30-бет 
  15. Өмірәлиев Қ.  ХV-ХVIII ғасырлардағы казақ поэзиясының тілі. Алматы. 1976



Бұқар жырау шығармашылығының тақырыптық ерекшеліктері