Депозиттік операциялар



ЖОСПАРЫ

 

КІРІСПЕ………………………………………………………3

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

 

1.    Депозиттердің жіктелуі...................................................4

2.    Коммерциялық банктердің депозиттік саясаты және депозиттерді қалыптастыруға әсер ететін факторлар..........................................................................9

3.    Депозиттер бағаларының ерекшеліктері..................11

4.    Депозиттерді сақтандырудың әлемдік тәжірибесі...14

 

ҚОРЫТЫНДЫ.......................................................................18

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.......................................20

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Қазіргі банктік жүйе – бұл кез келген дамыған мемлекеттің ұлттық шаруашылығының маңызды саласы. Оның практикалық ролі мемлекетте төлемдер мен есепайырысулар жүйесін басақаратындығымен, өзінің коммерциялық мәмілелерінің көп бөлігін салымдар, инвестициялар және кредиттік операциялар арқылы жүргізуімен анықталып, басқа да қаржы делдалдарымен қатар банктер халықтың жинақ ақшасын фирмаларға және коммерциялық құрылымдарға бағыттайды. Коммерциялық банктер мемлекеттің ақша-кредит саясатына сәйкес әрекет ете отырып ақша ағындарының айналымына, эмиссиясына, жалпы массасына, оған қоса айналымдағы қолма-қол ақша санына әсер ету арқылы қозғалысын реттейді.

Құрамы жағынан банктердегі тартылған қаржылар әр түрлі болып келеді. Тартылған қаржылардың ең негізгісіне банктердің клиенттермен жұмыс жасау барысында тартылған қаржылары – депозиттер жатады.

Негізінен банктің депозиттік саясаты әр түрлі сатыдағы, әлеуметтік және жастық топтағы халықтың қызығушылығын көмектесуі тиіс. Қазіргі уақыттағы кең ауқымды депозиттердің түрлері клиенттерге ақша-қаражаттарын қартайған жақтарын қамсыздандыруға және алдағы уақыттағы шығыстарын жоспарлауға сонымен қатар,  басқа да мақсаттарға қаржы жинақтауға көмектеседі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. Депозиттердің жіктелуі

 

Банк мекемесінің коммерциялық кәсіпорын түрлерінің бірі ретіндегі ерекшелігі оның ресурстарының басым көпшілігі өзінің жеке қаражатынан емес тартылған заемдық қаражаттардың есебінен қалыптастырылуында. Банктердің қаражатты тартуының шегі бар және ол кез келген мемлекеттің Орталық банкі тарапынан реттеліп отырады.

Депозит латынның (depositum) деген сөзінен алынған, ол сақтауға берілген затты немесе депозиттік операциялардың субъектілері банкке енгізетін белгілі ақша қаражатын немесе банктік және қаржылық операцияларды жүргізу тәртібіне байланысты белгілі уақытқа банктердің есепшоттарында болатын қаражатты айтады.

Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» Заңында депозиттің анықтамасы былай деп берілген – бұл бір тұлғаның (депозитордың) басқа тұлғаға – банкке (оның ішінде Ұлттық банкке) бірінші талап бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін қайтарылуы тиіс пе, тиіс емес пе, оған қарамастан толығымен немесе бөлшектеліп, алдын ала айтылған үстеме ақымен немесе онсыз, тікелей депозиторға немесе оның тапсырысы бойынша үшінші тұлғаға ұлттық мәнде қайтарылу талаптарымен берілген ақшасы.

Демек, депозиттік рынок – салымдар және депозиттер рыногы – халықтың ақша қаражатын пайда табу мақсатымен белгілі талаптармен әртүрлі қаржы мекемелеріне салу жөніндегі экономикалық қатынастар саласын көрсетеді.

Депозиттік операциялар – банктердің ақша қаражатын салымдарға (пассивтік депозиттерге) тарту немесе иеліктерінде бар қаражатты басқа банктерге немесе кредиттік-қаржы институттарына (активті депозиттер) орналастыру.

Нарықтық қатынастар жағдайында депозиттік банк мекемелерінің ролі өсе түседі. Бұл операциялардың есебін және ұйымдастырылуын дұрыс және тиімді жүргізу банк қызметінің коммерциялық мақсатпен пайда табуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Депозиттік есепшоттар әртүрлі болуы мүмкін, және олардың жіктелуінің негізінде салымдар көздері, оларды мақсатты пайдалану, табыс табу дәрежесі және т.б. критерийлер жатыр. Ең көп қолданылатындары төменде келтірілген.

Салымдар санаттарына орай депозиттер былай бөлінеді:

- заңды тұлғалардың (кәсіпорындардың, ұйымдардың, банктердің және б.) депозиттері

- жеке тұлғалардың депозиттері.

 

Экономикалық тағайындалуы бойынша депозиттер 4 топқа бөлінеді:

1. мерзімдік;

2. талап етілгенге дейін;

3. халықтың жинақ ақша салымдары;

4. бағалы қағаздар.

Мерзімдік депозиттер –банктер белгілі мерзімге тартатын депозиттер. Мерзімдік депозиттердің өзі заңды және жеке тұлғалардың мерзімдік салымдары және алдын ала хабарлаумен жасалатын мерзімдік салымдары деп бөлінеді.

Мерзімдік салымдар шартта көрсетілген мерзімге және талаптармен банктің толық қарамағына қаражатты беру, ал ол мерзім аяқталған соң салымды иесі кез келген сәтте алуы мүмкін. Клиентке мерзімдік депозит үшін төленетін сыйақы мөлшері депозиттің мерзімінен, сомасынан және салымшының шарт талаптарын орындауына байланысты болады. Салымның мерзімдері неғұрлым ұзақ және (немесе) сомасы үлкен болса соғұрлым сыйақы мөлшері үлкен болады.

Мерзімдік депозиттер мерзімі бойынша: 3 айға дейін, 3 айдан 6 айға дейін, 6 айдан бір жылға дейін, бір жылдан астам болып бөлінеді. Мұндай мерзімдерінің егжей-тегжейлі бөлінуі салымшылардың өз қаражаттарын тиімді ұйымдастыруға және оларды салымдарға орналастыруға ынталандырып, сондай-ақ банктерге өздерінің өтімділігін басқару үшін жағдай туғызады.

Талап етілгенге дейінгі депозиттер – белгісіз мерзімге салынатын, салымшы кез келген уақытта банкті алдын ала хабардар етпестен алатын немесе басқа тұлғаға аудара алатын қаражат.

Талап етілгенге дейінгі депозиттер қаражаттың сипаты және кімге тиесілілігі бойынша бөлінеді:

• кәсіпорындардың және ұйымдардың есепайырысу, ағымдағы есепшоттарында сақталған қаражаттары, әртүлі қорларда сақтауы бойынша арнайы есепшоттардағы қаражаттары; кәсіпорындардың капиталдық салымдарға арналған есепшоттарындағы, жергілікті бюджеттердің табыстары бойынша есепшоттардағы қаражат;

• жергілікті бюджеттердің қаражаты;

• басқа банктермен есепайырысу бойынша корреспонденттік есепшоттардағы кредиттік қаражат қалдықтары және шетелдік банк-корреспонденттердің есепшоттарындағы қаражат.

Жекелеген топтарға арнайы есепшоттарда есепайырысуға (мысалы, аккредитивтермен, чек кітапшаларымен) тартылған (арнайы қорларға) және арнайы мақсаттарға (капиталды салымдарды және т.б. қаржыландыру үшін) резервтелген қаражаттарды біріктіріледі.

Мерзіміне байланысты салымдар мыналарға бөлінеді: талап етілгенге дейінгі салымдар (есепайырысу және ағымдағы есепшоттардағы қаражат), мерзімдік (белгілі мерзімге, бірақ бір айдан кем емес мерзімге орналастырылған қаражат) және квазимерзімдік (жеткілікті түрде ұзақ уақытқа, бірақ белгісіз мерзімге тартылған қаражат).

Банктердің депозиттік базасын нығайту мәселесін шешуде әртүрлі депозиттердің көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар депозиттік операциялардың ұйымдастырылуын жақсарту және салымдарды тартуды ынталандыру жүйесін арттырудың да үлкен маңызы бар. Бұл ең алдымен банктердің дәстүрлі емес банктік құралдарды: депозиттік және жинақтау сертификаттарды, чек депозиттерді, банктік вексельдерді шығару есебінен қол жеткізілуі мүмкін.

Депозиттік сертификат – мерзімі 1 жылдан астам, бірақ оған қарағанда бұл ақша қаражаттың депозитке салғандығы жөніндегі салымшының салымды (депозитті) алу құқығын куәландыратын кредиттік мекеменің жазбаша куәлігі - мерзімдік сертификаттың түрі. Онда депозиттік шарттың мөлшері, салымды алу мерзімі, проценттік ставка секілді талаптар көрсетіледі. Депозиттік сертификаттың артықшылықтары мынада: біріншіден, ол биржа ойынының заты болып табылады, яғни сатып алушының рыноктағы оңтайлы өзгеруі нәтижесінде қосымша пайда алуына болады; екіншіден, кәсіпорындардың депозиттері тоқтатылып қалған жағдайда рынокта еркін қозғалыста болатын сертификатты сатып алу олардың иелеріне біршама еркіндік береді.

Сертификаттарды салымшылардың санатына байланысты депозиттік және жинақтаушы сертификаттарға бөлуден басқа сертификаттарды басқа белгілері бойынша да жіктеуге болады:

• шығарылу әдісі бойынша:

бір рет қана шығарылатын;

  сериялармен шығарылатын;

•ресімделу әдісі бойынша:

атаулы;

ұсынушыға;

• айналым мерзімдері бойынша:

мерзімдік;

талап етілгенгше дейін.

Депозиттік сертификаттар бойынша айналым мерзімі 1 жылдың шегінде белгіленген, ал жинақтаушы сертификаттар бойынша 3 жыл шегінде белгіленген.

Егер депозитті немесе салымды алу мерзімі өтіп кетсе, онда мұндай сертификат талап етілгенге дейінгі құжат болып есептеледі және иесінің бірінші талабы бойынша төленуі тиіс. Банк мерзімдік серитификатты мерзімінен бұрын ұсынылғанда төлеу мүмкіндігін сертификат сомасын төлей отырып және проценттерін төмен ставка бойынша ала отырып төлеуді былай қарастырады:

төлеу талаптары бойынша:

- белгілі есептесу кезеңі өткенге дейін тұрақты проценттік ставкамен төлеу;

- сертификатты өтеу күніне проценттерді төлеу.

Сертификаттарды өтеу үш жолмен жүргізіледі:

- жаңа шығарылған сертификаттармен;

- салымдардың басқа түрлеріне немесе талап етілгенге дейінгі есепшотқа қолма-қол ақшасыз аударымдар жасау арқылы;

- қолма-қол ақшамен (жеке тұлғалар үшін).

Сертификаттарды шығаратын банк өз сертификаттарының шығару және айналу талаптарын дербес әзірлейді.

Чек депозиттері – бұл салымшыға төлемдер жасау үшін чек жазуға құқық беретін есепшоттар.

«Жаңа есепшоттар (нау-есепшоттар)», Батыста көп таралған, мерзімдік салымдарды және талап етілгенге дейінгі салымдарды сақтаудың және пайдаланудың қағидаларын біріктіретін есепшоттар. Олар клиентке талап етілгенге дейін салым ретінде пайдалы, өйткені төлем құралы күші бар құжат көмегімен есеп айырысуға мүмкіндік береді, негізінен олар бойынша және мерзімдік салымдар бойынша табыс алуға құқық береді. Банк үшін жаңа есепшоттар оларда қаражаттың қатаң белгілі бір мезгілде сақталатындығынан және сондықтан инвестицияларға пайдалануға мүмкін болатындықтан тартымды.

Банкаралық депозиттік операцияларда мерзімдік және талап етілгенге дейінгі болып бөліндеі. Мұндай операциялар, әдетте, банк балансының есепайырсуларын және өтімділігі деңгейін реттеу мақсатында жүргізіледі.

Коммерциялық банктерге өз қызметі үшін ресурстар тарту мақсатында коммерциялық банктердің жарғысында бекітілген жоғары пайда табу мен қажетті банк өтімділігін сақтау мақсатына және міндеттеріне орай депозиттік саясат стратегиясын әзірлеу маңызды.

 

 

 

 

 

 

2. Коммерциялық банктердің депозиттік саясаты және депозиттерді қалыптастыруға әсер ететін факторлар

 

Банктің депозиттік саясаты қаражатты депозитке тарту және оларды тиімді басқару жөніндегі банктің саясаты. Біз депозиттік саясатты банкке салымшылардың және басқа кредиторлардың қаражатын тарту және ресурстардың ең тиімді қисынын (өтімділік, пайдалылығы, сенімділігі тұрғысынан) анықтау жөніндегі тактикасы ретінде айқындаймыз.

Кез келген коммерциялық банктердің депозиттік саясатын анықтайтын рыноктың мүмкіндіктеріне орай банк ресурстарының тиімділік критерийлер қисынын табуға болады. Мұндайда тиімділік критерийлері банктердің бәріне ортақ және таңдап алынған банктің депозиттік саясатының ерекшеліктерін көрсететін арнайы деп бөлуге болады.

Жалпы критерийлерге мыналарды жатқызуға болады:

А) банктің тұрақтылығын, қаржылай орнықтылығын қолдайтын депозиттік, кредиттік және басқа операциялардың өзара байланысы. Атап айтқанда, активтердің және пассивтердің (сомалары, мерзімдері, өтімділіктері, тәуекел дәрежелері және табыстылығы бойынша) келісілуі қажет, яғни банк депозиттік саясатты жүргізу кезінде депозиттер портфелінің тиімді қалыптастырылуына аса маңызды назар бөлінуі қажет, ал депозиттер портфелін салымшылардың банкке тәуекел дәрежесін, өтімділігін, табыстылығын анықтайтын критерийлердің негізінде жіктелген талаптардың жиынтығы ретінде қарастырған жөн;

Б) тәуекелді азайту мақсатымен банктің ресурстарын диверсификациялау;

В) депозиттік портфельді сегменттеу (клиенттер, өнімдер және рыноктар бойынша);

Г) әртүрлі клиенттер топтарына сай келетін жол табу;

Д) банк өнімдері мен қызметтері бәсекелес банктің өнімдерінен айырмасы болуы тиіс;

Е) ресурстардың тиімді қисынының қажеттілігі, жоғары тәуекел жағдайында банктің депозиттік портфелінде тұрақты ресурстардың үлесі (оның ішінде депозиттік операциялар бойынша) ұлғайған кезде тұрақты және «айнымалы» ресурстардың тиімді ұштасуын қамтамасыз ету;

Ж) салымдардың түрлерін және негізінен депозиттік портфелді қалыптастыру барысында өмір сүру циклының концепциясын есептеу.

Тиімді депозиттік саясаттың арнайы критерийлерін әр банк жеке (оның мөлшеріне, қызметкерлердің біліктілігіне, олар орындайтын операциялардың және көрсететін қызметтердің өзіндік құны және т.б. байланысты) анықтайды.

Басым бағыттарға орай коммерциялық банкке негізгі салымдар түрлерін көрсете отырып депозиттік операциялар туралы ереже болуы тиіс, онда оларды тарту талаптары, (проценттік ставкалардың деңгейі, салымшылардың санаты, салымдар мерзімі), салымдарды тарту тәртібі, депозиттік шарттың ресми нысандары болуы қажет.

Банктің депозиттік саясатын қалыптастыруға әсер етуші, сондай-ақ оның депозиттік портфелінің және клиенттің тұрғысынан банк салымдарының түрлерін дамыту қажеттілігін анықтайтын негізгі факторлар: экономикалық қатынастар субъектілерінің мүдделерінің әртүрлілігін анықтайтын, оның ішінде ақша жинақтау жағдайлары бойынша: географиялық жағдайы; ұлттық дәстүрлер; әлеуметтік топтың ерекшеліктері; салымшылардың жасы; олардың рухани, саяси, әлеуметтік мүдделері; семьялық жағдайы; білім деңгейі; мамандығы және т.б.; банк тұрғысынан: бәсекелестік деңгейі (банкаралық және банктік емес кредиттік институттардың); банк қызметтері спектрінің дамуы, кеңею үрдісі, ұсынылатын қызмет сапасын арттыру; тәуекелдің диверсификациясы және басқалар.

Негізінен депозиттік рыноктың қалыптасқан жағдайын талдау салымшылардың өздерінің қаражаттарын орналастыру кезінде мынадай тұжырымдарды басшылыққа алатындығын көрсетеді:

1) банктің сенімділігі;

2) проценттік ставкалар бойынша неғұрлым банк тұрақты және сенімді болса, соғұрлым депозиттер бойынша проценттік ставка жоғары және керісінше болатындығы мұнда тікелей көрінеді: танымал емес банктер алға шығу мақсатымен жоғары проценттер есебінен жоғары ставкалар ұсынады;

3)  банк мекемелерінің желісі және клиенттерге қызмет көрсету сапасы. Банк филиалдары желісінің көп тармақтылығы мен жоғары деңгейдегі сервис, бір клиентке қызмет көрсетудегі уақыт шығыны, есепайырысу мен төлемдерді электрондық жүйелер арқылы жасау мүмкіндігін ұсыну, банк операциялары және қызметтерінің көп түрлері және басқа факторлар клиенттің «өзінің» банкін таңдау кезінде жоғарғы мәні бар екендігі сөзсіз.

 

 

 

3. Депозиттер бағаларының ерекшеліктері

Ресурстарды тару үшін банктер арасындағы бәсекелестік күресінің негізгі құралы проценттік саясаттың әртүрлілігі болып табылады, себебі салынған қаражатпен табыс табу клиенттерді салым жасауға елеулі ынталандырады. Депозиттік проценттік ставкалар деңгейін әрбір коммерциялық банк ҚР Ұлттық банкінің есептеу ставкасын бағдарға ала отырып, ақша рыногының жағдайына және өзінің депозиттік саясатына орай жеке белгілейді. Депозиттік есепшоттардың жекелеген түрлері бойынша табыс көлемі салымның мерзіміне, сомасына, есепшоттың қызмет ету түріне, қосымша қызметтердің көлемі мен сипатына және т.б. орай анықталады.

Талап етілгенге дейінгі есепшоттар жоғарыда айтылғандай иелерінің ағымдағы операцияларды жасауы үшін қолданылып, қалдықтың тұрақсыздығымен сипатталады, және осыған байланысты бұл есепшоттар тобы төменгі табыстылығымен ерекшеленеді. Заңды тұлғаларға ашылған талап етілгенге дейінгі есепшоттардағы қаражат қалдықтары бойынша проценттер тіпті есептелмеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда әдетте, клиенттен есепайырысу-кассалық қызмет үшін төлем алынбайды. Дегенмен талап етілгенге дейінгі есепшоттардағы табыстың жоқтығы олардың иелерін мұндағы қаражатты азайтуға және артылған сомаларды табыстылығы жоғары салымдарға (мерзімдік салымдар, бағалы қағаздар және т.б.) орналастыруға ынталандырады. Бұл есепшоттардан қаражаттың басқа жаққа кетуіне жол бермес үшін көптеген банктер кезең (әдетте тоқсан сайын) ішіндегі орташа қаражат қалдығына аздаған проценттер есептеуді қолданады. 

Кейбір банктер клиенттердің талап етілгенге дейінгі есепшоттардағы қаражат қалдықтарын тұрақты ұстауын мынадай түрде ынталандырады: олар есепшоттағы қаражаттың ең төменгі қалдығына жоғары проценттер ұсынады, немесе клиенттерге төмендемейтін ірі қаражат қалдықтары үшін сыйлықақылар ұсынады.

Жеке тұлғалар үшін ашылған талап етілгенге дейінгі есепшоттар бойынша міндетті түрде проценттер белгіленеді, бірақ ол бойынша табыс мерзімдік салымға қарағанда әрдайым елеулі мөлшерде төмен болады.

Мерзімдік салымдар бойынша проценттік ставка мөлшерін белгілеу кезінде негізгі фактор қаражат орналастырылған мерзім болып табылады: неғұрлым мерзімі ұзақ болса, соғұрлым процент деңгейі жоғары болады. Ең елеулі мәселе табысты төлеу жиілігі болып табылады: неғұрлым жиі төленсе, соғұрлым проценттік ставка деңгейі төмен болады.

Салымшыларды өз қаражаттарын банкке орналастыруға қызықтыру мақсатында банк проценттерді есептеудің және төлеудің әртүрлі жолдарын қолданады.

Табысты есептеудің дәстүрлі түрі шартта көзделген процентке орай салым бойынша есепайырысулар және төлемдер белгілі кезеңділікпен жасалады және салымның нақты қалдығының есептеу базасы ретінде қолданылатын жай проценттер болып табылады. Әдетте жай проценттер мерзімдері 1 жылға дейінгі салымдарға есептеледі.

Жай проценттердің формуласы – S = P*(1+in), мұндағы

S – салым мерзімінің соңында күтілетін ақша қаражатының сомасы;

Р – проценттерді есептеудің бастапқы базасы;

і – проценттік ставка;

n -  салым мерзімі.

Табысты есептеудің басқа түрі күрделі проценттер (процентке процент есептеу) болып табылады. Мұндай жағдайда есептеу кезеңі өтісімен салым сомасына процент есептеледі және алынған көлем салым сомасына қосылады. Осылайша келесі есептеу кезеңінде проценттік ставка табыс базасына есептелген жаңа өскен сомаға қолданылады. Күрделі проценттерді егер салым мерзімінің әрекеті аяқталуы бойынша табысқа нақты төлем жүргізілетін жағдайда пайдалану тиімді.

Күрделі проценттердің формуласы - S = P*(1+i) n, мұндағы

S – салым мерзімінің соңында күтілетін ақша қаражатының сомасы;

Р – проценттерді есептеудің бастапқы базасы;

і – проценттік ставка;

n -  салым мерзімі.

Салымшыларға қаражаттың салымда сақталудың нақты уақытының прогрессивті өсуіне байланысты проценттік ставканы қолдану тартымды болып табылады. Табысты есептеудің мұндай тәртібі қаражаттың сақталу мерзімін ұлғайтуды ынталандырып және салымды инфляциядан қорғайды.

Кейбір банктер инфляциялық шығындардың орнын өтеу мақсатымен проценттерді алдын ала төлеуді ұсынады. Мұндай жағдайда салымшы қаражатты белгілі мерзімге орналастыруда дереу оған есептелетін табысты алады. Егер шарт мерзімінен бұрын бұзылса, онда банк салым бойынша проценттерді қайта есептейді және артық төленген сомаларды салым сомасынан ұстап қалады.

Қаражат орналастыру мақсатымен банк таңдайтын салымшы үшін процент көлемін есептеу тәртібі негізгі фактор (басқа талаптар  тең болғанда) болып табылады. Есептеу кезінде бір банктер жыл ішіндегі толық күндерге орай (365 немесе 366), ал басқалары сол шамада алынған санды (360) басшылыққа алады, ал бұл табыс көлемінде көрініс табады. Әдетте, елдегі инфляция деңгейі жоғары болса, банктер есептеу кезінде дәл проценттерді, ал инфляция деңгейі төмен болса кәдімгі проценттерді (жылдың шамамен алынған санымен) қолданады.

 

 

 

 

4. Депозиттерді сақтандырудың әлемдік тәжірибесі

 

Халықтың жинақ ақшасы кез келген мемлекеттің ішкі инвестицияларының негізгі көзі болып табылады. Мемлекет оны екі негізгі жолдармен: бағалы қағаздар рыногы және қаржы мекемелері арқылы жұмылдыруға тырысады. Бағалы қағаздардың ролі өсе түскен қазіргі кезде халықтың жинағын тартуда банктер алда келе жатыр.

Мұндайда елдің барлық қаржы жүйесінің арқауы болып табылатын банк жүйесін нығайту өте маңызды.

Банк жүйесінің қызметтері сан-алуан – ол ақша-кредит саясатын, тәуекелдерді бағалау, есепайырысуларды жүргізу жұмыстарын атқарады. Сонымен бірге, бұл жұмыстар банктерді өз қызметтерінде тәуекелдерге итермелейді. Тәуекелдер мәселелерінің алдын алу мақсатымен бірнеше елдерде банктердің өзіндік қауіпсіздік жүйесі жасалған, атап айтқанда банк жүйесіне салымшылардың мүдделерін қорғау жөніндегі құрылым енгізілген, бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың бірі болып табылады. Бұл құрылым - халықтың банктердегі салымдарына кепілдік беру (сақтандыру) жүйесі.

Дегенмен, халықаралық тәжірибе көрсеткендей депозиттерді сақтандырудың дұрыс жасалмаған жүйесі банк секторының тұрақтылығына жағдай туғызбайды, қайта қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіреді. Депозиттерге кепілдік беру әлеуметтік мақсаттарды (ұсақ жеке салымшыларды қорғау) және банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету (банктерден салымдарды жаппай алудың және дүрбелеңнің алдын алу). Мұндайда, көптеген елдерде соңғы кездері алапат толқын тәріздес, өзінің табиғаты бойынша тиімсіз банктік салымдарды жаппай алудың қаупіне қарағанда тым жоғары тәуекелді және спекуляциялық операциялардың нәтижесінде туындайтын банкроттық мәселесі маңызды болып отыр. Мысал ретінде 1990 жылдардағы Швеция, Мексика, Чили және Норвегия, сондай-ақ банктік бақылауы және реттеуі тиімсіз көшпелі экономикасы бар басқа елдерде болып өткен  банктік кризистерді келтіруге болады. Көптеген банктердің төлем қабілетсіздігімен қоса қабат жүретін жүйелік банк кризистері Болгария, Венгрия, Латвия, Литва мен Румыния елдерінде орын алды. 

Салымдарды жаппай алудың алдын алу және кризиске ұшыраған банк жүйесін тұрақтандыру үшін бірқатар елдер салымдарды мемлекеттік қорғау туралы жария етіп депозиттерді сақтандыруды жедел енгізбекші болып көрді.

Бірақ кепілдік берілетін салымдар жағдайы ауыр банктерде болып, ал оларды бақылаудың жоқтығы кризисті және оның салдарларын ұлғайта түсті. Егер депозиттерге кепілдік беру күшті банктік кризис жағдайында сақтандыру жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуіне әсер ететін, бір жағынан тиімді банктік қадағалау, екінші жағынан – тиісті қаржыландырумен қолдау көрсетілмеген кезде бұл жүйе банкроттыққа ұшырайды.

Депозиттерді сақтандырудың тиімділігінің төмендеуі банктердің де, сондай-ақ салымшылардың да жаупкершілігін төмендетуге алып келетін салымдарды сақтандыру қорының енгізілуі серпінді моральдық тәуекел мәселесімен (dynamic moral hazard problem) байланысты. Салымшылар жоғары проценттік ставкалар ұсынатын жоғары тәуекелді қаржы институттарына қаражаттарын жауапкершіліксіз орналастырып банктің қаржы жағдайын қадағалап отыру ынтасынан айырылады. Салымдарды сақтандыру негізінен тәуекелді банк қызметін ынталандырады. Банктік міндеттемелерге кепілдік беру салымдарды алу қаупін азайтады және банктерге қаражаттар шығынынан қауіптенбестен резервтердің көлемін төмендетіп және өздеріне жоғары тәуекелдерді қабылдауға мүмкіндік береді, яғни сақтандыру жоғары тәуекелді банктерге жасырын субсидия болып табылады. Осылайша депозиттерді сақтандыру банк жүйесінің статикалық тұрақтылығының жоғары дәрежесін қамтамасыз етсе де, бұл тұрақтылық бұзылуы мүмкін, өйткені депозиттерді сақтандыру банктерді жоғары тәуекелдерге итермелейді.

Соңғы жылдардағы әлемдік тәжірибе толық кепілдік беру банк жүйесінің қаржы тұрақсыздығына ұшырау ықтималын ұлғайтатынын көрсетіп отыр. Моральдық тәуекел мәселесі едәуір дәрежеде соңғы екі онжылдық ішінде жүйелік банктік кризистердің туындауына септігін тигізді. Дамымаған құқықтық базаның әсерінен үкімет тәуекелді қызметтің алдын алу үшін пруденциальдық банктік қадағалауды пайдалана алмағандықтан мұндай кризистер бірқатар елдерде болып өтті.

Бірқатар сарапшылар салымдарды сақтандыру жүйесі туындататын бұрмалаулар оны қолданудың артықшылықтарынан асып түседі. Салымшыларды қорғаудың қымбат емес және өте тиімді жолдары бар болса, салымдарды сақтандыру жүйесіне қарағанда соларды қолданған жөн.

Сонымен қатар мынадай мәселе тұр: «Салымдарды сақтандыру қандай болуы тиіс: мемлекеттік пе, әлде жекеменшік пе?» Көптеген елдерде банк салымдарын сақтандыру  мемлекеттік болып табылады, ал сақтандыру қызметін жекеменшік компаниялар жүргізеді. Жекеменшік салымдарды сақтандыру жүйесі егерде дұрыс қаржыландырылса экономикалық тұрғыдан тиімді, саяси тәуелсіз және икемді болады. Бірақ жекенменшік сақтандыру институтының қаражаты жетпеген жағдайда, бәрібір мемлекеттің араласуының қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар, сақтандырудың жеке меншік жүйесі қатаң реттеуді және қадағалауды талап етеді. Мемлекеттік сақтандырудың тартымдылығы мемлекеттік бюджет жүйесі өміршең болып және халықтың сенімін тудырарлықтай болса, салымшылар тарапынан үлкен сенімге ие болатындығында.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Қызметтің негізгі мәселелері тиімді депозиттік саясаттың жеткілікті дәрежеде дайын еместігі мен жүзеге асырылмауы және оның әлемдік экономика деңгейіне – банк жүйесінің халықаралық стандарттарына сәйкес келмеуі болып табылады.

Коммерциялық банктердің қаржы тұрақтылығын нығайту мақсатында тиімді банк саясатын қалыптастыру қажет. Депозиттік саясат тиімді банк саясатының құрамдас бөлшектерінің бірі болып табылады, ал оны қалыптастыру үш кезеңмен жүргізіледі:

• зерттеу кезеңі;

• жоспарлау кезеңі;

• шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру кезеңі.

Зерттеу кезеңінде банк клиенттердің тұтынысын зерттейді: депозиттердің қандай түрлері тартымды; депозиттердің, салымдардың әр түрлеріне қандай проценттер белгілеу керек. Бұлардың барлығы банктің банк операцияларын жүргізу жөніндегі мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл кезеңде қоршаған ортаны, рынокты, банктің бұл рыноктағы орнын және ролін талдауы кіретін рынокты зерттеу және талдау жүзеге асырылады. Яғни, банктің географиялық орны, оның клиентке жақындығы, филиалдар желісінің жеткіліктігі, қала немесе ауылдық жер, бәсекелестердің бар екендігін депозиттік саясатты дайындаудың бастапқы сатысының өзінде-ақ бұларды зерттеу қажет.

Жоспарлау кезеңінде банк депозиттік операциялар бойынша талдау және табысты бағалауды жүзеге асырып, түрлі тәуекелдерді жоспарлап, ұсынылатын қызметтердің ассортиментін және т.б. кеңейтеді. 

Шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру кезеңінде белгілі кезең (жоспарлы) ішінде қандай депозиттер көлемі тартылатыны шешіледі. Мұнда қаражаттарды депозиттерге тартудың рәсімі (банк қызметкерлерінің клиенттермен табысты жұмысы, салымдардың түрлері, мерзімдері, артықшылықтары бойынша түсіндіру жұмыстары) роль атқарады.

Осылайша, депозиттік рынок – қызығушылық тұрақты өсіп келе жатқан қаржы рыногының маңызды және ажырамас бөлігі.

Халықтың салымдарына кепілдік беру қорын құру банктер алдында қойылған мақсатқа қол жеткізуде жауапты да маңызды қадам болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

Депозиттік операциялар