Ең қысқа әңгімелер жинағы

Ең қысқа әңгімелер жинағы

Қазіргі ең қысқа әңгіме: (Бұл Англияда шығатын «Бүгіннің айнасы» атты газеттің «Үш сөздік әңгіме» жарысында бас жүлдені жеңіп алған шығарма)

Ағылшын тілінде: God is dying (Тәңір өлейін деді)

Ең қысқа өтірік әңгіме:

Көшеде  кетіп бара жатқан бөлке нан қарны ашқандай сезініп, өзін жеп қойыпты.

Ең қысқа философиялық әңгіме:

Ол өлді. Кезінде өмір сүргені хақ.

Ең қысқа үрейлі әңгіме:

Шошып оянған ол жанында өз мүрдесінің жатқанын көрді.

Ең қысқа мысал әңгіме:

Құмырсқа зорығып өлді. Құмырсқа патшасы әлі семіз.

Ең қысқа фантастикалық әңгіме:

Әлемдегі  ең соңғы адам үйде отыр еді, кенет, есік қағылды.

Ең қысқа шабыттандыру әңгімесі:

Әлгі  аяғы шіріген ит ақыры Америка президенті болды.

Ең қысқа ықпалды махаббат хикаясы:

Тақырыбы: «Күн сайын мені арбап, бала тауып, оның үйленуіне дейін борышты боп  өзіңнің ана кәрі шешең сияқты әйелге айналдырамын деме!»

Шығарманың  толық мәтіні: Шарт!.. (шапалақ дауысы, түсінікті) 

Дайындаған: Алшын Матай

Әсемдік құпиясы

Рожер Дин (АҚШ)

Емханаға қайта  жұмысқа келгеніме бір апта болған еді. «Маси ханым не деп жатыр?» деп сұрадым мен алдыңғы текшеде тұрған медбикеден.

«Білмедім, расында  да, білмеймін! – деді медбике, - Шипаханаға кіргеніне екі апта болды. Үйіндегілер  оның дәм-тұзының келер айға жетпесін біліп, осы жерге алып келіпті. Десе де, әйтеуір бір ақ түсті қобдишаны қайта-қайта айта береді.

«Ақ қобдиша?» дедім байыбына бара алмай.

«Жаға-жеңін дұрыстап жатқызып қойсаңыз да, сол ақ қобдишаны айтып сарнап қоймайды» деді тағы да  ол.

«Иә» дедім жай ғана.

Қай күні болмасын жұмысқа келсем болды, Маси ханымға  бас сұқпай кетпеймін. Ол кісі қашан  болмасын, сол баяғы ақ қобдишасын сұрай береді. Ол күні бойы қос қолымен  бетін басып, төсекте бүк түсіп жататын да қоятын. Әр рет бетін жумақшы болып, қолын көтергенімде жас моншақтарының тарамдалып жатқанын көретін едім.

«Мен өлерден  бұрын... Менің ақ қобдишамды...»

«Маси ханым, не айтып  жатқаныңызды түсіне алмадым,- дедім  мен оған шынайы түрде. Осыған ұқсас диалогтар қалыпқа түсіп қалғандай, күнде қайталаймыз. Өкінерлігі, қаншалықты сөйлесіп тұрсам да, оның не айтқанын түсіне алмай-ақ қойдым.

Осыдан кейінгі  бір аптада Маси ханымды емдеу үшін бас дәрігерді бірнеше рет шақырдық. Мен аурухана сыртында тұрып, оған дәрігердің емінің дарып, қатерден тезірек құтылуын үміт еттім, әрі шипагер кеткен соң бөлмеге кіріп, оның бөлмесін сүртіп, тазаладым.

«Менің үйім, менің  ақ қобдишам...» деп ол тағы әңгімесін бастады. Қызметтен шығарда, Маси ханымның емханаға түсердегі тіркеу құжаттарын ақтардым. Уитмарк көшесі 1333-ші нөмірлі үй. Міне, бұл Маси ханымның тұрағы. Бұл мәліметтерді қойын дәптеріме көшіріп алдым да, көлігіммен мөлшермен бес ағылшын миллі аралықтан үйді таптым. Мен келгенде, бұл қоражай баға таластырып сатылу үстінде екен. Төңіректің бәрінде көліктер иін тіресіп қалыпты. Мен үйге жақындағанда бір ер адам: «Сіз де баға таластыруға қатысасыз ба, онда нөмір алып тіркеуге тұрыңыз» деді.

Мен «Қатыспаймын»  деп басымды шайқадым.

Әрлі-берлі 10 минуттай жүріп, баға жапсырылып сатуға әзірленген заттарды көрдім. Ас үйде бір адам көп жәшіктерді реттеп, заттарды салып жатыр екен. Ас үстелінің бұрышында ақ түсті кішкентай қобдиша тұр екен.

«Әурелейтін болдым, мына кішкентай қалбырды сатып алдыңыз  ба?» деп сұрадым мен үй ішіндегі әлгі кісіден.

«Мен осы үйдегі барлық заттарды сатып алдым» деді ол.

«Мына кішкентай  қобдиды көрсем бола ма?» деп сұрадым.

«Әрине, болады. Оның мен үшін ешқандай құны жоқ».

Мен оны абайлап  аштым. О, Тәңірім, қатты таңырқадым.

«Мына қобдишаны  маған сыйға тартсаңыз бола ма?»

«Мен үшін ол дүниенің соқыр тиын құны жоқ, ішінде тек жалған тіс қана бар екен».

Мен шыға сала, тізгін ұшымен шипаханаға тарттым. Келе сала, Маси ханымның бөлмесіне кірдім.

«Ханым, мен Рожермін, сізге не әкелгенімді көріңізші!» дедім әсерлене. Ол ақырын көзін ашты, әп-сәтте өне бойы дірілдей, қолын созып, кішкентай ақ қобдиды алып: «Рақмет, рақмет саған, Рожер!» деп қырылдай тіл қатты.

«Оқасы жоқ!»  дедім сөйлей жүріп. Қолын сипалап, әрі оны түсінетіндігімді, оның жақсы адам екенін, өзіне тән жеке әлемі болуын қалайтын адам екенімді білетіндігімді білдірдім.

Бөлмеден шығарда, ықыласпен иіліп, құрмет білдірдім. Ертесі жұмысқа келгенде Маси ханымның дүниеден озғаны жайлы хабар естідім.

Емханада жұмыс  атқарған неше жылдан бері көптеген адамдар  өмірден озды. Бірақ мен екі адамның ғана жаназасына қатысыппын, біреуі осы Маси ханым еді.

Оның табыт сандығының қасында бір сағаттан артық тұрдым. Көптеген адамдар қатарласа қоштасып жатыр. Мен оның достарының: «Маси ханым жалған тісін тағып алған соң, жиырма жас жасарып кеткендей болды...» деген сөздерін қанша рет, қанша адамның аузынан естігенімді ұмытып қалыппын.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

 

Даяшының қулығы

Жазушының шағын  әңгімесі назарларыңызда. 

***

Болан Фридрих

Даяшының  қулығы

Көлігін айдап, Техас  штатының батыс бөлігіне саяхаттай  шыққан Джорж түн ортасында шағын  бір қалашыққа келіп тоқтады.

Әрі ашығып, әрі болдырған ол жол шетіндегі шағын тағамжайға кірген. Көп өтпей бірі биіктеу, бірі аласа екі адам кіріп келді. Ұзынтұра есіктен кіре сала даяшыға «Екі стақан кофе және бір жол картасын тауып кел», - деді дауыстап.

Даяшы кофені апарып қойған соң, суырмадан бір дана жол картасын алып шығып, ұзынтұраға берді де, ғафу өтінген әлпетпен: «Бұл карта сәл көнерген, қажеттеріңізге жарар ма екен?» дегенді қосып қойды.

Ұзынтұра картаны  жаймалап ашып, үңіле бір сәт қарады. Сәлден соң, бір өзеннің сызба белгісін нұсқап, аласа бойлыға қабағын түйіп: «Авангард өзеніне көпір де, өткел де жоқ екен, бауырым, Мексикаға барар жолдың жоқ болғанын қарашы!» деді өкінген әлпетте. Мұны естіген даяшы сөзге араласты:

- Мырза, Авангард  өзеніне көпір бар еді.

- Картада қалайша  белгісі көрсетілмеген?

- Жарты жылдың  алдында үкімет Авангард өзеніне  бір көпір салған болатын, көпірден өтіп, түстікті бетке алсаңыз болғаны Мексикаға жетіп барасыз, мына көріп отырғандарыңыз екі жылдың алдында басылған ескі карта. Ол кезде бұл көпір әлі салынбаған еді. Менде бір жаңа жол картасы бар еді, бірнеше күннің алдында біреу сатып алып еді, - деді даяшы.

«Ха, ха, ха! Көпір  болғаны қандай жақсы болды», - деді ұзынтұра серігіне ым қаға сөйлеп. Басын изеген аласа бойлысы кофесін бір-ақ жұтып салды. Іле-шала ұзынтұра екеуі бірдей қалтасынан қаруларын суырып-суырып алды да айқайлай жөнлді.

- Ақшаларыңды түгел  алып шығыңдар!!!

Осы екі тонаушыны  қоспағанда, тағамжайда тек даяшы  мен Джорж екеуі ғана еді. Джорж  шарасыздан олардың айтқандарын  екі етпей орындап жатыр. Ал даяшы  тұрған орнында қозғалған да жоқ. Ұзынтұра ызғарлана мырс етті де, қаруын даяшыға кезеніп, серігіне тағамжайдың ақшасын алып шығуға ым жасады. Аласа болйы лезде ақтарып жүріп, суырмадағы ақшаның бәрін алды. Одан соң, телефон сымын жұлып тастап, телефонды қиратып кетті.

Алар ақшасын алған екеу тағамжайдан жүгіре шығып, сыртқа тоқтатылған автокөліктеріне мінді де, зымыраған бойда ұзап кетті.

Олар кеткен бойда  даяшы жалма-жан жаңағы үзілген телефонды жөндей бастады. Біраз алысып, телефонды зорға жөндеген ол дереу милицияға хабар берді.

- Енді еш қажеті  қалған жоқ! Олар әлдеқашан  көпірден өтіп, Мексикаға жетіп те қалған болар, - деді зорлана жымиған Джорж.

- Олар ешқайда  қашып кете алмайды, - деді даяшы  аса сенімді бейнеде, сөзін  күле жалғап, - Олар картаны көріп отырған сәтте-ақ жандарында қаруы бар, қашқын қылмыскерлер екенін байқағанмын.

- Олардың жан  ниетіне орай жаңадан салынған  көпірді де айтып салдың ғой. Сезіп-біле тұрып, маған неге ескерту жасамағансың! Тағы қашып кете алмайды дейсің, - деді әбден зығырданы қайнаған Джорж.

- Әрине, өйткені  жақын маңдағы Авангард өзенінде  ешқандай да көпір жоқ, - деді күлімсіреген даяшы. 

Дайындаған: Алшын  Матай

Сурет: baidu.com

 

 

 

 

 

 

 

 

 

...Өткен күнге қамшы үйіру жоқ менде,  

 Зұлымдықпен жете алмайсың мұратқа.    

  Ал, өмір ұқсайды ерте көктемге,

Көктем бұлтсыз болмайды ғой бірақ та. 

М. Шаханов

Достық іздеу жолында

Бір жыл, төрт мезгіл. Көктем, жаз, күз, қыс. Әр мезгіл өзіне тән сұлулық  пен  тартымдылыққа  толы. Мен, қыс мезгілін ерекше ұнатамын. Себебі, айнала ақ көрпеге оранған, кіршіксіз таза, тыныштық пен алғашқы махаббаттың, бейкүнә сәби бейнесі іспеттес. Сол тыныштықты көктем мезгілі келіп бұзатындай.  Көктем мезгілі жеткенде тұңғиық ойға шомып, көктем айының соңғы күндерінде болған сол бір оқиғалар  еріксіз ойыма орала береді...

Ауылдан шыққан қарапайым қыз, арман қуып әсем қала Алматыға оқуға келдім. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін студенттік өмірге мен де қадам бастым. Алғашында бір ай көлемінде пәтер жалдап тұруға тура келді. Кейіннен  жатақханаға тұруға рұқсат алып, қазан айының үшінде сонда көшіудің сәті келді. Біз үш қыз болып тұрдық. Міне, осылайша сабаққа, саббақтан кітапқанаға барып, жатақханада түннің бір уағы ауғанға дейін сабағымды оқумен, күндерім осылайша  өтіп жатты. Тобымызда ұлдарға қарағанда қыздар көп болды. Бәріміз бір атаның балаларындай  тату болдық. Жылдың басында бір - бірімізді жатырқағанмен, кейіннен, бауыр басып кеттік.

Мамыр айының он бесі, күн сәрсенбі. Сабақтан шаршап келіп, Аружан екеуміз шайымызды ішіп алып, шамалы уақыт болса да теледидар көруге жайғастық. Сол мезетте, есік сыртынан өзіме таныс Перизат деген дауысты естідім, ол Нүргүл болатын. Нүргүлдің  бүгінгі жайы маған әдеттегіден  өзгеше оғаш көрінді, ол әр қашан көңілді, әндетіп жүретін, оған қарап өмірде еш уайымы мен қайғысы жоқ, көңілі тоқ, алаңсыз адам секілді әсер алатынмын.

- Перизат, менің ішім пысып кетті, сендердің бөлмелеріңде теледидар көруіме болады ма, менің сүйікті телехикаям жүріп жатыр еді ?

- Әрине, кел бәріміз бірге көрейік.

Теледидардан телехикая жүріп жатыр, оны көріп отырған біз жоқ. Аяулымның есіл дертінің бәрі әдетінше агентте. Ал менің ойым мен көзім  Нұргүлде.  Нұргүлдің көзі теледидарда болғанымен, ойы өзге жақта. Оны мен көзінен байқадым. Көзіне қарасам жауабы жоқ  сансыз сауалдарды өзіне - өзі жазып жатқандай... мұңды. 

 Сол сәттегі көріністі телефон қоңырауы бұзды.

-  Алло, сәлем Перизат, қалың қалай?

-Ааа, сәлем Жадыра, шүкір жақсы өзіңнің қалың қалай?

-Шүкір, менде де бәрі жақсы. Перизат егер қолың бос болса, театрға барып қайтайықшы, ішім пысып отыр еді?

-Жарайды барсақ  барайық.  Алайда сағат алтыға жиырма минут қалыпты ғой, үлгереміз бе екен?

-Әрине, үлгереміз.  Тіпті Есентай  жағалауымен жаяулатып барсақ та үлгереміз.

-Онда жақсы.

-Перизат, сыртқа  шығып біраз жүріп қайтайықшы.

- Нұргүл, ренжімеші,  үшінші курстағы құрбым Жадыра  жаңа қоңырау шалып, театрға  шақырып еді, мен келістім.

- Ааа, әлгі ана тілі аруына қатысқан қыз ба? 

- Ия.

- Егер қаласаң  бізбен бірге театрға жүр?

- Ал, Жадыра қарсы  болмайды ма?

- Әрине жоқ.

- Мақұл.

- Ендеше бөлмеңе  барып тез киініп дайындал, қазір шығамыз.

Осылайша үшеуміз  күтпеген жерден театрға баратын  болдық. Есентай жағалауы арқылы өз бағытымызды түзедік. Сағат алтыдан  жиырма бес минут өткенде келіп жеттік, бағымызға қарай билет  те табыла кетті. Қойылым кіші залда болды. Бүгінгі қойылымның аты «Күзгі романс»................... Сақынадағы актерлар мен актрисалардың қимылдары мен іс - әрекеттері ерекше әсерге толы. Күлесің, мұңайасың, ойланасың соңынан өзіндік ой түйесің. Қойылым екі сағатқа созылды.  Сыртқа шықсақ ауа райы бұлттанып, жаңбыр тамшылап тұр екен. Жадыра автобуспен қайтуды жөн көрді. Ал Нұргүл екеуміз жаяу қайтқанды жөн санадық. Жүріп келеміз, жағалауда қол ұстаса сырласып бара жатқан ғашықтар, жай жүріп бара жатқан достар, таза ауа жұтып өз-өзімен қалғысы келген жалғыз жүргіншілер.

-Перизат, білесің  бе, егер де мен бағанағы әйелдің  орнында болғанда күйеуімнің  барлық жағдайын жасап, соның  қас қабағына қарап отыратын едім. Әйелінің іс әрекеті мүлдем дұрыс емес.

-Ия, Нұргүл әркімнің  өзіндік ойы мен пікірі бар бәлкім сенікі де жөн шығар, алайда таяқтың екі ұшы болады, демек екеуінен де кінә болғаны. От жанбаса түтін қайдан шықсын? Күйеуінің де теріс әрекеттері  толып жатыр. Еее, еркек деген сол ғой, қай жерде тыныштық пен жайлылық бар, олар сол жерде, қиыншылық келе қалса болды оларды не сыраханалардан, не бөтен әйелмен бірге қол ұстаса кетіп бара жатқанын көресің...

-Барлықтарың ойлайтын  шығарсыңдар, мені жүрген бір ойсыз, уайымсыз адам деп.

-Енді білмеймін,  бәлкім, солай шығар, өз басым  әр дайым көңілді жүретін адамдардың ішінде бір мұң жатқандай көрінеді, сенде де солай сияқты... Әлде қате айттым ба?

-Білесің бе, мен  кеш ауа жалғыз жүргенді, өз  өзіммен қалып ойланғанды жақсы  көремін?  Әсіресе жаңбырлы күндерде. Менің барлық адамдардан көңілім қалды, дос деп жүргендердің бәрі қиын сәтте менен теріс айналды, барлығы да мені сатып кетті. Мен соңғы күндері қатты ішіп кеттім, бәлкім маған біреуі келіп «Нұргүл мұның жарамайды, қыз балаға мұндай теріс қылықтар жасау жарамас, қой»,- дегенде қойып кетер едім, бірақ біреуі келіп олай деген жоқ, тіпті қалымды сұрауға да шамалары келмеді. Менің басым қатты ауырады, дәрігерлердің айтуынша басымнан қатты суық өткен, алты-ақ ай өмірің қалды деген болатын, дәрілердің күшімен бе, бәлкім ғажайып күштің арқасында ма, білмедім, осы уақытқа дейін өмір сүріп келемін? Мен оларға қолымнан келгенше көмектестім, кез келген сәттерде қастарынан табылдым, сөзбен де, қаржылай да. Өзіңде білесің ғой, студентте қай бір ақша болсын, десе де, мен өзгелерден қарыз алып болсын, тіпті өзімнің соңғы ақшаларыма дейін солар үшін аямайтынмын. Ал олар мен үшін не істеді, ештеңе. Кейде басым қатты ауырған сәттерде талып қалатынмын, сол кездерде де қасымнан біреуі табылмады ғой. Менің қуанышты күнім, туылған күнімде бөлмелес дос қыздарым, Сезім мен Динара құтықтаулары былай тұрсын, бөлмеге қонақтар келіп жатыр, маған көмектесудің орнына, олар болса сыртқа серуендеуге кетті. Сол күні менің қуанышымды бөліскен, Назым болатын. Ия, дәл сол Назым өзімнің жауым деп санап жүрген Назым.

- Менің бір түсінгенім бұл өмірде адамды толығымен танып білу мүмкін емес екен. Нұргүл Біржан ше, екеуің жақсы дос едіңдер ғой?

- Ол да мені  сатып кетті, оны айтпай-ақ  қояйыншы, не болғанын есіме алғым да келмейді, ол мен үшін тым ауыр.

-Жарайды өзің  біл, егер айтқың келсе... кез келген сәтте тыңдауға дайынмын.

- Мен оныншы сыныпта  оқып жүргенімде Алмас есімді  жігітпен жүрдім, оның Нұрлан есімді досы болды. Олар әкешімнің достарының балалары еді. Алмас менің ең алғашқы махаббатым. Мен ол үшін, ол мен үшін бәрін жасауға дайын едік. Алмас жұмыс бабымен шет елдерде көп болатын. Бір күні қызық болды, он бірінші сыныпта түнде ұлттық бірыңғай тестке дайындалып отырғанмын, кенет басым қатты ауырып не істерімді білмей Алмасқа қоңырау шалдым, Алмас түнделетіп Испаниядан ұшып келді, ата анама қоңырау шалып, қыздарыңыздың басы ауырып жатыр, сіздер не қарап отырсыздар деп ұрыспасы бар ма? Ия, Алмас сондай еді. Бірақ мен одан айрылып қалдым, ол  жол көлік апатынан қайтыс болды. Бүкіл әлемде мен үшін қараңғылық орнағандай, өмір сүруге деген құлшынысым қалмады.  Әкешім мен анашымның жалғыз қызы болғаннан кейін солар үшін өмір сүруге тырыстым. Осы мезетте Нұргүл көз жасына ерік берді...Бір сәттік үнсіздік орнады. Осылайша менің алғашқы сезімдеріммен бірге алғашқы махаббатымда мәңгілікке оралмасқа кетті.  Осылай сөйлесіп келе жатып, уақыттың қалай өткенін, жатақхананың алдына қалай келгенімізді де байқамаппыз.

- Нұргүл біздің  бөлмеге жүр, қыздар тамақ жасап қойған шығар, кешкі асымызды бірге ішейік. 

-Перизат көңіліңе  рахмет, дүкеннен бірдеңелер алып жей салармын.

- Нұргүл бұлай  мұңайа берме, әлі- ақ бәрі жақсы болады. Ертең сабақта жолығамыз.

- Перизат осы  уақытқа дейін қайда жүрсің, сағат он жарым болды ғой.

- Жай Нұргүл екеуміз  жағалауда біраз жүріп қайттық.

Тамақтанып алдым  да, ертеңгі болатын сабақтарды оқуға  кірістім. Түнгі сағат үш, ал менің ұйқым келмейді. Көз алдыма Нұргүлдің, Сезімнің, Динараның, Біржанның бейнелері алма кезек келіп жатыр. Қалайша бұлай болғаны, соншалықты адамдардың  қатыгез болғаны ма, Нұргүл осыншама ауыртпашылықтарды көтере жүріп қалайша күле біледі? Жүрегі қан жылап тұрса да, әрдайым көңілді жүретін Нұргүлдің мықты қыз болғаны ғой. Мен білетін Сезім мен Динара бұлай жасамас керекті, Біржан ше...?

- Перизат тез  тұр, сабаққа кешігеміз. Саған не болған, бір жерің ауырып тұр ма, өңің сыныңқы ғой? Әлде, кеше Нұргүл жағымсыз бірдеңе айтты ма?

- Жоқ, кеше кеш  жатқандікі болар. Аяулым сеніңше  бұл өмірде шынайы достық бар ма?  

- Бар... бірақ сирек.

- Егер бар болса  ол қандай болуы қажет...?

- Джон Аулердің: «Нағыз дос дегеніңіз – сіз жайлы бәрін білетін, сөйте тұра сізді өлердей жақсы көретін жан...», - деген сөздері шынайы достықтың көрінісін ашып тұрғандай. Демек шынайы дос осындай болуы керек менімше.

- Мүмкін...

Егер ересек адам болсам...

Авторы: Виктор Драгунский

Үстелдің қасында аңырып отырып, қалай екенін білмеймін, басыма мынадай ой сап ете қалды. Алда-жалда мына дүниедегінің бәрі керісінше болса ғой, қандай тамаша болар еді! Айталық, барлық шаруаға балалар иелік етіп, үлкендер не іс болса да балалардың сөзін тыңдайтын болса. Тоқ етерін айтқанда, балалар үлкендер секілді, ал үлкендер балалар сияқты болса, онда тіпті қызық болар еді.

Мен шешемнің, әкемнің  және нағашы апамның сазайын қайтып беруді ойлап отырмын. Бұрын олар менің сазайымды қалай тартқызғаны әлі жадымда.

Алдымен шешеме келейік. Шешем үстелдің алдына келіп отырған соң, оған былай деп ұрсамын: «Мода қууды сен де үйреніп алғансың ба? Тамақ ішкенде бөлке жемейсің бе? Күн сайын бір заң шығарасың, айнаға қарашы, мын түріңді көрші, кішкентай шайтаннан аумайсың! Тамағыңды тез іш! Саған сөйлеп тұрмын, ұқтың ба?» деп ойладым.

Сонан соң шешем  еңкейіп тамағын іше бастайды. Мен жалғастырып: «Тезірек же, жағыңды таянба! Тағы нелерді ойлап кеттің, мемлекеттің ірі шаруаларын ойлап отырсың ба? Көбірек ішіп ал! Орындықты арлы-берлі қозғалтып, ырғақтамай отыр!» деймін бұйыра сөйлеп.

Осы кезде әкем де қызметтен түсіп қайтып келеді. Ол сыртқы киімдерін шешіп болмай жатып: «Жарайды, ақыры келдің-ау! Күн сайын сені сарыла күтеміз де отырамыз! Тез барып қолыңды жу. Сабынды кетіріп, тазалап жу. Қолыңды жумай тұрып орамалмен сүртуші болма, әр рет сен сүрткен соң, орамал лас боп қалады! Болды, тырнағыңды көрсетші, құдай-ау, мынау тырнақ па? Тырнақ алғыш қайда? Қолыңды түзу ұста, қолыңды кеспеймін. Неменеңе жылайсың, қыз бала емессің ғой... Болды! Тез барып тамағыңды іш!» деймін айғай салып.

Әкем үстелдің қасына отырып: «Бүгін қалайсың?» деп ақырын ғана шешеме амандасады, шешем: «Тәуірмін, рақмет!» дейді.

«Не деген бос  сөздерің көп? Тамақ ішкенде сөйлемеңдер деп сендерге мың рет айттым ғой! Әке газетті қойып қой! Сендей әкенің болғаны біздің сазайымызды тартқызу емес пе?!» деймін дереу оларды жазғырып. Әкем мен шешем сөйлеуге бата алмай отыра береді.

Осы кезде нағашы апам кіріп келеді. Мен көзімді сығырайтып, алақанымды ұрып қалып: «Әке! Шеше! Қараңдаршы нағашы апамыз. Қарашы неге ұқсап қалған?! Екі шалғайы ашық, бас киімін де шүйдесіне киіп алыпты. Екі беті нарттай қызыл, мойнын тер басып кетіпті. Неткен әдемі, ә? Айтшы тез, тағы да таяқ доп ойнауға бардың ба? Мына кір-қожалақ таяқты не қыласың? Мұны үйге әкеліп не істемекшісің? Дереу апарып лақтыра сал!» деймін.

Онан соң үйдің  ішін бір айналып шығамын да, әлгі үшеуіне қарап: «Тамақты ішіп болғаннан кейін, тезірек тапсырмаларыңды орындаңдар, мен кино көруге барамын!» деймін.

Олар әрине маған  күбір-күбір етіп: «Біз сенімен бірге барайықшы, біздің де кино көргіміз келеді» дейді. Мен дереу олардан бас тартамын. «Болмайды, мүлде болмайды. Кеше сендерді туған күнді тойлауға ертіп бардым, жексенбі күні цирк ойынын тамашалауға апардым, тағы серуен құрмақсыңдар, ә! Үйде тыныш отырыңдар! Сендерге азырақ ақша беріп кетейін, балмұздақ алып жесеңдер, сол да жетеді!» деп айтамын. Бірақ, нағашы апам: «Мені ғана ертіп барсаң болды ғой, баланың бір ересек кісіні ақысыз ертіп кіруіне болады емес пе?!» дейді жалынып.

Мен бұған титтей де ділім жібіместен: «Бұл кино 70 жастан асқандардың көруіне үйлеспейді!» деймін.

Олардың қасынан  өтіп бара жатып, еденді әдейі өкшеммен шиық еткізіп басып қоямын. Олардың көз жанарларының жасқа толғанын көрмегендей-ақ. Мен киімдерімді кие бастап, айна алдында арлы-берлі қоқилана жүріп, олардың көңіл-күйлерінің қалай екенін кәперіме де алмаймын. Соңында үйдің есігін ашып тұрып, үйден шығардан бұрын тағы нелерді айтып қою, нелерді ұмытқаным жайлы аз-кем ойланамын.

Бірақ, мен әлі  ойланып болмай жатып, шешем кіріп келді, иә, менің сол нағыз, кәдімгі шешем. Ол кісі есіктен кіре сала: «Неге әлі мұндай мелшиіп отырсың, а?! Қарашы мына түріңе, құдды кішкентай шайтаннан аумайсың!» деп айғайлады.

Аударған: Әкімжан Сабырбек

 

 

 

 

 

 

 

Шындықтың уы тәтті

Шайдай ашық бір сенбіде досым Боби екі ұлын ертіп гольф доп майданына доп ойнауға барды.

Доп майданының билет сату орнына келіп, сатушыдан бағасын сұарды.

«Кіру билеттеріңіз қанша?»

Сатушы жігіт: «Алты  жастан асқандардың әрбірінен үш АҚШ долларынан аламыз. Ал алты жасқа толмағандарды ақысыз өткіземіз. Ұлыңыздың үлкені алтыға келді ме?» деп сұрайды. 

Боби оған: «Отбасымыздың  болашақ адвокаты үш жасқа, болашақ  дәрігеріміз жеті жасқа толды. Сонда мен сізге алты доллар төлеуім керек екен, мырза!» дейді. 

Билет сатушы жігіт аңтарыла қалды да: «Мырза, ұтыс билетінен ақша алдыңыз ба? Әлде ақша қалтаңызды тесіп бара ма? Үш долларыңызды үнемдеп қалсаңыз, неңіз кетеді? Маған үлкен ұлым алты жасқа толмады десеңіз де, мен оны айырып жатқаным жоқ қой» дейді.

Досым Боби оған: «Иә, шынында да оның қанша жаста екенін біліп жатқан жоқсыз, бірақ, балалардың әкесі болғандығым үшін, оларды қаршадайынан суайттыққа тәрбиелемеуге борыштымын, олар менің қасымда тұр ғой» деп жауап беріпті.

«Сен қанша айғайлағаныңмен  де бәрібір, сенің не айтқаныңды естісем бұйырмасын» деген философ Эмерсоннің сөзі бар. Сол айтпақшы, бәсеке мен күреске толы мына дәуірде шыншылдық қай кездегіден де, бәрінен де маңызды. Оның уы тәтті. Тұрмыс барысында немесе қызметте болсын, әркім өз кетігін тауып қаланғаны дұрыс.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

 

 

 

 

Ерді ер қылатын  – әйел!

Ерді ер қылатын  да, жер қылатын да – әйел.

***

Мен ежелден мұндай жанға жайлы таксиге отырып көрмеген екенмін. Тап-таза көлік іші ғана емес, адамға рух пен мейірімді қатар сыйлайтын ортасы адамды алаңсыз сезімге бөлейді екен. Ал тізгінде өз жас шамасынан жас әрі рухты көрінетін 40 жас шамасындағы жігіт ағасы отыр.

Көлік орындығының  қабы тап-таза, артқы терезе алдына мұқият қатталып қойылған сырт киім. Бірнеше қап мандарин шайы, бірнеше бөтелке минералды су... Мен алғашында мұның бәрін жолаушыларға сататын заттар екен деп қалыппын.

Менің ішкі таңданысымды бірден сезе қойды ма екен, жаңағы тізгінде отырған жігіт ағасы сөз бастады:

- Мұның бәрін ханымым салым қойған еді. Жаздың ыстығында жолаушылардың ішіп, шөл басуына болады. Ал ана сырт киімді де кеште мені жаурап қалмасын деп сол ханымым салып қойған, - деді әрі мақтанышпен, әрі ұялыңқырап.

Мен оның қуанышты жүзіне қарап, бақытты жан екенін бірден аңғардым. Әрі бір жолаушы ретінде рақметімді айттым. ол тағы:

- Ал мынау мен  үшін арнайы әзірлегені, - деді  сарғыш түсті сусын құйылған бөтелкесін алып.

Оның жары бұл  таксиді бейне бір үйді реттегендей етіп орналастырыпты. Осыдан-ақ оның күйеуін құрметтеп қана қоймастан, шын сүйетінін аңғаруға болатын еді. Оның жары ақшасына сүйенген қалталы емес, болымсыз атағына сүйенген үкімет қызметкері де емес. Ол бір қарапайым такси жүргізушісі ғана. Ал шын мәнінде кез келген ер азаматты сүйетін әйел болса болғаны, ол азамат қашан да қадірлі болмақ.

Басқалар кемсіткен  кезде жігіттер қарсыласына «Мен де анамнан туғанмын» дер еді. «Мені де сүйетін әйел заты бар» деген сөзің бағасы да зор екен-ау.

Қаншама қарапайым  азамат болса да, оны сүйетін өмірде бір әйелдің болғаны ол үшін мақтаныш. Әрі сол үшін тағдырдың қатал тұстарында да төзімділік таныта алады. Ер-азаматты өзін шын сүйген жардың сүйіспеншілігі жігерлендіре түседі. Ол сонда ғана отбасы, жанұясы үшін отқа түсуге әзір.

Жақсы әйел – өз жарының мектебі. 

Дайындаған: Алшын  Матай

Мең, мінез және тағдыр

Адам денесіндегі  мең мен қалдың 300-ден астам  түрі бар екен. Ал үлкен жақтан бұлар туа бітті немесе жүре пайда болатын екі түрге жатады. Бұл адам денсаулығы үшін қатерлі емес. Тек ісік түріндегі кішігірім ақау. Алайда асқынып қатерлі ісікке айналуы да мүмкін екен.

Ал туа бітті меңнің адам денсаулығына ешқандай кері әсері жоқ деуге болады. Ал кейбір болжағыштар адам денесіндегі меңнің орналасуына қарай алда болашағын, тағдырын айтып жатады. Дегенмен бұл түбегейлі сенім емес.

Төменде ерлер мен  әйелдердің денесіндегі мең туралы жұлдызнама ұсынамыз.

Әйелдерде:

1. Мең оң жақ  қасында болса, ерте некеленеді, әрі бақытты болады. Сол жақ қасында болса керісінше болады.

2. Көзің айналасында  болса, бұл әйел адамның байсалдылығын білдіреді.

3. Оң жақ бетте  болса махаббаттың отына күйіп жанады. Сол жақ бетте болса табысқа жету үшін талай-талай күрделі жолдарды басады.

4. Мұрынның ұшында  болса әртүрлі айламен табысын  уысында ұстай біледі.

5. Ерінде болса  мінезі ақжарқын, сезімтал болады. Байлықа бас имейді, өзіне артық жауапкершілік арқалауды ұнатпайды. Мең үстіңгі ерінде болса нәзіктіктің белгісі, астыңғы ерінде болса махаббат жағында өзімшіл болғаны.

6. Мең оң жақ  төсте болса басын тауда да  тасқа да ұрады, бір кез шарықтап биікке көтеріледі. Бірде төмен құлдырайды. Ал сол жақ төсте болса кең пейіл болғанымен жеңіл мінезді болады.

7. Мықынында болса  балалы-шағалы болады. Мықындағы  үлкен мең үрім-бұтақты болуды білдіреді.

Ең қысқа әңгімелер жинағы