Егемен Қазақстан

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ  МИНИСТІРЛІГІ

АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ  УНИВЕРСИТЕТІ

 

 

Егемен Қазақстанның саяси даму бағыттары

 

 

 

 

 

 

 

Орындаған: Байнимет Дамира

Жетекшісі: Алдекен  А.С

 

 

 

Алматы 2013 ж.

 

Жоспар:

    1. Кіріспе.
    2. Негізгі бөлім.
    1. «Қазақстан-2030» стратегиясының қорытындысы.
    1. «Қазақстан-2050» сратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты.
    1. Қорытынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

          

       

 

        Өткен тарихымызға көз жүгіртіп өтсек. Қазақстанның тәуелсіздігін алуы оңай болған жоқ.  Қазақ халқының талай марқасқа ұландары «елім» деп еңіреп өткені тарихтан белгілі. Оның жолы қиын да күрделі, соқтықпалы-соқпақты болды. Басын бәйгеге тіккен талай арыстар осы жолда опат болды. Әрісін айтпағанда, сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің басты мақсаты – туған халқын терезесі тең, тәуелсіз жұртқа айналдыру болған еді. Бірақ оның сәті түсе қоймады. Аузын айға білеп, әлемнің алтыдан бір бөлігін иемденген большевиктік империя адымын аштырмай, қан құстырды.

         Одан бері де неше ықылым заман өтті. Ақ пен қызыл болып жағаласқан азамат соғысы, одан берідегі дәулетті шаруаларды бай-құлақ ретінде өкпеге тепкен кәмпеске, 30-жылдардағы ашаршылық, аша тұяқ қалдырмаған ұжымдасу науқаны, оған жалғаса келген «халық жауларын» қуғын-сүргінге соқтырған алапат қырғын, Отан соғысы килігіп, алдындағы тамағына қол созуға мұғдар болған сұрапыл кездерден жүрек шайлығып, халықтың есі ауып қалғандай еді. Одан беріде Брежнев заманында есесі кетсе де, халықтың аузы аққа жарып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай» болып көрінген. Бұдан кейінгі қайта құру кезеңі алып империяның өктемшіл пиғылының бетін осып өтті.Осындай алмағайып кезеңде Қазақстанға «үшінші Кіші Октябрь» зобалаңын туғызуға ниеттенген Колбин дәуірінде 1986 жылы бұрқ ете түскен желтоқсан көтерілісі азаттықтың ақ таңының алғашқы хабаршысындай болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келген - Тәуелсіздік. Тіпті басқасын былай қойып, үлкен оиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарын қалай ұмытпақпыз?

         Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  жеті рет өлшеп, бір рет кесетін  байсалды, сарабдал саясатының арқасында биылғы жылы ата-баба армандаған күнге жетіп, жасампаздықтың даңғыл жолына түскенімізге 21 жыл толып отыр. Бұл тарих ауқымымен алып қарағанда аз ғана мерзім. Алайда алаштың мұраты жүзеге асқан осынау қасиетті күннен бергі кезеңде мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды.  Осыдан 21 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бастап тамыры тереңге тартқан баба тарихына бай, ғасыр лар қойнауынан сыр шертетін мәдени мұрасы мол, жаңашылдыққа ұмтылатын экономикалық және рухани әлеуеті зор Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға өз үлесін қосып келеді. Ал Қазақстанның бүгінгі  жетістігі - тұтастай қазақ халқының жетістігі.

        Қазақстан  тарихында жаңа дәуір басталды. Осыдан 15 жыл бұрын қабылданған  «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасының  негізгі міндеттері ойдағыдай  орындалды. Бұл бағдарлама, Елбасы  айтқандай, «осы жылдар ішінде  біздің басты мақсатымыздан ауытқымай,  шамшырақ сияқты біздің жолымызға  сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді». Шын мәнінде, ол кезде біздің  еліміз жаңа қалыптасып жатқан, болашағы әлі айқындалмаған тым  жас мемлекет болатын. «Қазақстан-2030»  Стратегиясы алдағы болашақты,  оған барар жолды, мемлекетті  нығайтудың негізгі міндеттерін  айқындап берді. Соның арқасында  Қазақстан аз уақыт ішінде  экономикалық әлеуеті толысқан, өзіндік ұстаған жолы бар, әлем  таныған мемлекетке айналды. 

        Елбасымыз 2030 Стратегиясының  мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің тұтас бір қатарын іске асырудың қорытындыларын шығарды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол стратегияның жеті бағыты бойынша атқалылған шаралары бойынша тоқталды.

        Оның біріншісі-ұлттық қауіпсіздік. «Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің  мемлекет  халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді.Қазақстан  Каспий теңізінің айдынындағы  ахуалды сенімді бақылауда ұстайды.Болашақта  кез келген аумақтық  даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға  көршілермен  даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз  адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық» -деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

       Елбасы тоқталған екінші бағыт-ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлік. «Біз 140 этнос пен  17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлік сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды. Біз  демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты құрылды.Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі  күллі саяси спектрді көрсететін  партиялар жұмыс істейді. Бізде  көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар.Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы  18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ  бар, оның  90%-ы – жеке иелікте. Қазақстан бүгінде  мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды.Әлемдік және  дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі  нақ біздің елімізде  өтті. ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының  көпірі болуға тиіс».

       Үшіншісі –шетелдік инвестициялар мен ішкі салымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтың экономикаға негiзделген экономикалық өсу. «Біз  дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық. Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда  аса қысқа мерзімде шештік. Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында  басты назар экономикалық өсуге аударылды. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті. Елдің ІЖӨ  16  еседен астам өсті.  1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы  өсуі  7,6%-ды құрап,  алдыңғы қатарлы  елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей  шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды.  Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік. Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі  және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі. Үдемелі индустрияландыру  бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде  жалпы көлемі   101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды. Біз – бүгін  халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елміз».

         Төртіншісі - Қазақстан Азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты. «Адамдардың жағдайын түбегейлі өзгертудің, өмір сүру жағдайын жақсартудың өмірлік маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі. Орташа  айлық жалақы 9,3  есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің  орташа мөлшері 10 есе ұлғайды. Халықтың нақтылы ақшалай кірістері  16  есе өсті. Егер  1999 жылы қаржыландыру 46  млрд. теңгені құраса, 2011  жылы 631 млрд. теңге болды. Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі – Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық көмек және Кардиология орталықтары кіретін медициналық кластер құрылды. Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды. Еліміздің ең шалғай аудандарын  медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы жедел қарқынмен дамуда. Ұлттық скрининг жүйесі ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету енгізілді. Соңғы 15 жылда халықтың саны   14 млн-нан 17 млн. адамға дейін өсті. Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды. Біз  қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағытын дәйекті жүргізудеміз. «Балапан» бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді. Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың  94,7%-ын қамтыды. 1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды. Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз. Соңғы 12 жылда  жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ға ұлғайды. 1993 жылы біз «Болашақ» атты бірегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды. Астанада  халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды».

       Бесіншісі- энергетика ресурстары. «Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық. Біз бүгін  шикізат секторының табысын болашақ экономиканы  құру үшін пайдаланудамыз. Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы  үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан   2006  жылы  14,7%-ға және 2011 жылы   25,8%-ға өсті. Біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық».

         Алтыншысы-Инфрақұрылым. Әсіресе Көлік және байланыс. «Біз инфрақұрылымды дамыту міндетін алға қойдық. Біз  мұны да еңсердік. Өткен жылдар ішінде  өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл -  автомобиль және темір жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б. Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып берді, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік. Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты. Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті. Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде  ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды. Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз. Біз «Өзен – Түркіменстан шекарасы» темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салуды бастадық».

       Жетіншісі-Кәсіби мемлекет. «Біз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық. Осылайша 2030 Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде.

       Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі.Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз. Әлемдік дағдарыс біздің мемлекет пен қоғам ретінде орныққанымызды растады. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды. Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.       

        Естеріңізде болса, Президент 2030 Стратегиясында ағылшынның ұлы драматургі әрі ақыны Уильям Шекспирдің айтқан мына сөзін келтіреді: «Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады». Бүгінде Қазақстан халқы шарықтау сәтін жан-жақты дұрыс қолданды, елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз етті. Сондықтан да 2030 Стратегиясында көзделген міндеттердің шешімі Мемлекет басшысының халыққа арналған жаңа бағдарламаны жариялауына мүмкіндік берді.

        Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» болу мұратын көтерген «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел өміріндегі ғана емес, әлемдік деңгейдегі саяси маңызы зор тарихи құжат ретінде бағалануда. Өзінің жарқын болашағын ойлаған мемлекеттің, оны басқарып отырған лидердің бүгінгі қол жеткізген табыстармен ғана шектелмей, ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдап, алдағы күн міндеттерін саралауы кемел ойдан туған кемеңгер шешім.

        Елбасы 2050 жылға дейін кезең-кезеңмен бірқатар міндеттерді шешу принципті маңызды екенін айтады. Ондай бағыттың ішінде  мемлекеттің макроэкономикалық саясатын жаңғырту, салық саясатын жетілдіру, ақша-кредит саясаты,  мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты секілді мәселелер бар. Бұл ретте Президент жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс екенін алға тартады.

Табиғи ресурстарды  басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін  енгізу

         Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлт болашағы мен мемлекет қауіпсіздігі мүддесінде көмірсутегі шикізатының стратегиялық «резервін» құру керектігін алға тартып, стратегиялық резервтің ел энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы болатынын айтты. Осылайша, мемлекет ықтимал экономикалық сілкіністер жағдайына тағы бір қорғаныс шебін құратын болады.

2050 жылға қарай ЖІӨ-дегі  ауылшаруашылық өнімінің үлесі  5 есе артуы тиіс

          Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігіне де тоқталды. Әлемдік азық-түлік на­рығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті бағдарды да қадап айтты. Егістік алқабын  ұлғайтуды, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігіне тоқталды. «Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс», – дей келе Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Әкім сайлау 2013 жылдан бастала  береді

        Елбасы Жолдау барысында мемлекеттілікті одан әрі дамыту және демократияны дамыту мәселелеріне де назар аударды. «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру. Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет», – дей келе Елбасы Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, онда ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасалатынын жеткізді. «Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз.  Бірақ сонымен бірге бізге қоғамдық бақылауды,  жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз.

 Барлығы 2533 әкім, соның  ішінде селолық округтердің, кенттердің  және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.  Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің  жалпы санының 91,7%-ы! Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс  жасайтын және мәселені жергілікті  жерде шешетін барлық әкімдерді  сайланбалылықпен қамтитын боламыз», – деді Н. Назарбаев. Сонымен  қатар осы бағдар бойынша Парламенттің  өкілеттіктерін күшейту жөніндегі  саясат та жалғасады. 

 

Сыртқы саясатта ұстанған басымдығымыз өзгермейді

       «Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы таяудағы мақсат Еуразиялық экономикалық одақ құру екенін, осыған орай мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдеді. Бұл ретте саяси егемендікке қысым көрсетілмейді. «Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді. Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды  өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыз­дықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды. Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс», – деді Ұлт көшбасшысы.

Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі

        «Қазақстан  – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өркен жайды. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Мынау жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі болмақ. Жалғыз ұлттың мемлекеті деген болмайды. Бұл әлемдік үрдіс», – деді Елбасы. Сонымен қатар еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірігіп үлес қосқанына тоқталды. «Ендеше, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт», – деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Елбасы ұлттардың этносара­лық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланатынын, мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылатынын қадап айтты. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», – деді Елбасы.

2025 жылдан бастап әліпбиімізді  латын қарпіне, латын әліпбиіне  көшіруге кірісуіміз керек

         Мемлекет басшысының айтуынша, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғасады.  «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру үшін дайындыққа осы бастан кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы  терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екенін айтты.

Қазақ тілі шын мәніндегі  мемлекеттік тіл мәртебесіне  көтерілгенде, еліміз ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ  деп аталатын болады

         Тіл туралы мәселеге тоқтай келе, Мемлекет басшысы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидатты тағы да қайталап айтты. «Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65%-дан асты. Қазақтың саны 4 миллионға артты.  Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.  Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандық­тардың жаппай қолданыс тіліне айналады.  Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.  Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деді Президент.

Бірлігі бар ел озады, бірлігі  жоқ ел тозады. Ал бірлік, ең алдымен, қазақтың өзіне керек

          Президент бірлік мәселесіне келгенде, ең әуелі осы істің қазаққа ауадай қажеттігін алға тартты.  Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге – қазақтарға керек.  Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.  Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай», – деген пайымымен бөлісті Елбасы. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?! Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды», – дей келе Мемлекет басшысы ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін екенін, ал ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі болатынын қадап айтты. «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.  Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекетіміздің зайырлылық сипаты - бұл Қазақстанның табысты дамуының негізі

 

         «Ендігі қазақ қоғамында көпшілікті толғандыратын мәселенің бірі – діни ахуалдың жай-күйі. Әрине, біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастарды үлкендерді сыйлауға негіздеген. Біздің ата-бабаларымыз ешуақыт­та қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады. Оларға еретін болсақ, біз апа-қарындастарымыз бен қыздарымыздың бетін тұмшалағанды былай қойғанда, олармен бір дастарханда отырып, тамақ ішуден қаламыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің пайымынша, мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктен бойды аулақ ұстау қажет. «Мен жастарды ХХІ ғасырға, келешектегі ХХІІ ғасырға   қарай жетектеп отырмын. Ал мынадай жасалатын дүниелер бізді орта ғасырға, артқа қарай тартып отыр деген сөз. Осыны ойланыңыздар! Біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипаты –  бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. Осыны бүгінгі һәм келешек қазақстандық  саясаткерлер және барша қазақ­стандықтар жете түсінгені абзал», – деді Н. Назарбаев.

 

Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де –  бабаларымыздың бостандық жолында  төгілген қаны

 

        «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарын жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымыз бен ұлы бабаларымыздың ұлағатты өмірінен алар тәліміміз арқасында біз алдағы асулардан алқынбай аса аламыз. Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта. Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіретінің қандай болатынын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген болатын. Сын сағатта туған еліне деген перзенттік парыздар бәрінен жоғары тұрды. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар қан еді. Солай ғой. Бұл – біздің бабаларымыздың қаны. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабаларымыздың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар Президент елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік қай уақытта да бабаларымыздың бойынан табылғанын атап өтті.

         Бір қарағанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы алыстау көрінеді. Бірақ ертеңіне үміт артқан елдің, сол елдің алтын тірегі саналатын ұрпақтың болашағын ойлағанда, бұл – шынайы бағдарлама екенін аңғарасың. Өткенді бағамдай отырып, алдағы күніне, үкілеген үмітін оздырған жұрт үшін, бұл – стратегия кемел келешекке бастайтын дара да даңғыл жол. Барды малданып отыра бермей, келешекке қанат қағу, бұл – еліміздің көкжиегін кеңейтіп, еңсемізді биіктете бермек.

          2050 Стратегиясы жасампаздықтың жемісті жалғасы болып табылады. Онда көзделген міндеттерді табысты жүзеге асырудың маңызды факторы Ұлтымыз бен Елбасымыздың бірлігі, халқымыздың сарқылмас күші мен жасампаз қуатында жатыр. Ел жастарын ары алдында жауап бере алатындай, жауапкершілігі намыспен ұштасқан тұлғалар ғана алға жетелей алатынын ескерсек, “Өзіңді өзің сыйла, жат бойыңнан түңілсін” деген мақалдың да замана сұранысынан шыққанын ескеруіміз керек шығар. Елбасы ұрпақтар бірлігі мен өрісін кеңейте отырып, тізгін беріп отыр. Ал сол ТІЗГІНДІ қалай ұстаймыз? Бабалардан қалған ақыл-ой, күш-жігерге сүйеніп берік және нық ұстай алсақ, нағыз жасампаздық “Алтын ғасырға” да жетерміз. Әсіресе адами құндылық жоғары қойылып, ұрпақ аралық сыйластық болған жерде “Мәңгілік ел” орнауы да, сақталуы да сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы жолдауында әлеуметтік сала бойынша жеке жауапкершілік мәселесән ерекше атап өтті. Президент оны талап ретінде қойып отыр. Неге? Себебі елдің өсуі мен экономикасының дамуы кез келген азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Соны түсіне білген азамат жеке жетістіктері арқылы мемлекетке нендей үлес қоса алатындығын анықтап алу шарт. Бұл – өте маңызды мәселе. Әрине, ондайда, ең батысы – дұрыс білім алу, екіншісі – лайықты жұмыс табу. Білімге лайық жұмыс болса, тиісті табыс та келеді. Әрбір азамат алға ұмтылып, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, мемлекеттің де шаңырағы биіктеп, іргесі беки түседі.

 Пайдаланған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы» Астана. 2007 ж. 375 бет.

2.  «Алаш айнасы» 15 желтоқсан 2012 ж.

3. Интернет

cайт:  kk.wikipedia. org/wiki/ Тәуелсіз_Қазақстанның_саяси  _дамуы. 

 

 

 


Егемен Қазақстан