Экономическоие отрасли хозяйства

Кіріспе

 

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туризмнің дамуына үлкен назар аударып отыр. 2005 жылғы өзінің Жолдауында-ақ Н.Ә.Назарбаев туризмді ел экономикасының орнықты дамуының басымдықты саласының бірі ретінде атап көрсеткен болатын. Туризмді дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, құрылыс бизнесі және тағы басқа салаларға оң ықпалын тигізеді. Қазақстанда туристік орталық болу үшін барлық алғышарттар бар, атап айтқанда тарихи ескерткіштердің көптігі, еліміздің сұлу табиғаты, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілген объектілері осының айғағы. Осыған орай, еліміздің бәсекелестік артықшылығын және кластерлік бастамашылығын ескере отырып, үкімет туристік индустрияны дамытудың ұзақ мерзімге арналған стратегиясын мақұлдады. Әлемдік стандарттар мен осы заманғы талаптарға жауап беретін дамыған туристік кешенді тез арада құру үшін барлық қажетті жағдайлардың жасалуы қажет. Осы бағытта министрлік қандай жұмыстарды жүргізіп отыр? Республиканың статагенттігінің деректері бойынша былтырғы жылы туристер саны 16598,9 мың адамды құрады және 2009 жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға артты. Өткен жылдың қорытындылары бойынша республикада шамамен алғанда 1273 қонақ үй шаруашылығы жұмыс істейді, олар былтырғы жылы 58,2 млрд. сомаға қызмет көрсеткен. Министрлік еліміздің ІЖӨ (ішкі жалпы өніміндегі) туризм үлесін арттыру үшін мынадай бағыттарда жұмыстар жүргізуде: шетелдік туристер үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту, туристік сала үшін халықаралық танымал кәсіптік стандарттар негізінде мамандар даярлау, авиатасымалдар тарифтерін төмендетуге бастамашылық жасау, туризм алуан түрлі салаларда қызмет көрсету мен өндірістің ауқымды спектрін қамтитын болғандықтан, ірі демалыс және ойын-сауық орталықтарын салуға инвесторлар тартуға ықпал жасайтын болады. Бүгінгі әлемде мемлекеттің табыс­ты экономикалық дамуы көбінесе оның халықаралық аренадағы ұстанымына, оның мәртебесі мен рейтингіне және имиджіне байланысты болады. Қазақстанды әлемдік аренада таныту мақсатында министрлік қандай шаралар қабылдауда, бұның өзі түптің түбінде шетелдік туристерді тартуға ықпал етеді емес пе?  Қазірде біз еліміздің ұлттық туристік брендін әзірлеуге қатысты жұмыстар жүргізудеміз, дипломатиялық корпусты тарта отырып, жұмыс тобын құрудамыз. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) шеңберінде еліміздің туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі 4-жылдық салалық бағдарлама әзірленді. Бұл салалық бағдарлама ішкі және сырттан келетін туризмді дамытуға бағытталған. Салалық бағдарламаға сәйкес жаңа туристік инфрақұрылымдар жасалады, бұрынғылары қайта жаңартылатын болады, жаңа туристік бағыт ретінде Қазақстанның тартымдылығын арттыру үшін оның оң имиджі қалыптастырылады.

 

1. Қазақстан туристік индустриясы

1.1 Қазақстан туристік индустриясының қазіргі ахуалы


 

Туристік саланың даму серпіні туризм индустриясы көрсеткіштерінің орнықсыз өсуімен сипатталады. Айталық, 2009 жылдың қорытындылары бойынша келушілер саны 2008 жылмен салыстырғанда 4,1 %-ға өсті, сыртқа шығушылар туризмі 22,3 %-ға өсті, алайда ішкі туризм көлемі 4,7 %-ға азайды және 4 055,7 мың адамды құрады.

Көрсетілген туристік қызметтердің жалпы көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 0,3 %-ға кемінде және 65,8 млрд. теңгені құрады. Салыстыра қарасақ, 2008 жылғы тиісті көрсеткіштің өсуі 2007 жылға қарағанда 22,6 %-ды құраған (53,8 млрд. теңгеден 66,0 млрд. теңгеге дейін).

Негізгі көрсеткіштердің төмендеуі әлемдік экономикадағы жағдаймен түсіндіріледі.

Экономикалық және қаржылық дағдарыс сырттан келушілер туризміне де теріс әсер етті, оның көлемі соңғы екі жылда 5,3 млн. туристен 4,3 млн. туристке дейін немесе 18,9 %-га төмендеді.

Сырттан келушілер туризмі статистикасының деректері де сапар мақсаттары бойынша келушілерді бөлу сияқты көрсеткіштердің төмендегені көрсетіп отыр, соның ішінде бос уақыт пен демалыс үшін сапарлар 2008 жылмен салыстырғанда 19,8 %-ға немесе 1541 адамға төмендеген. Сонымен қатар, сатылған жолдамалардың саны да 3 242 бірлікке немесе 44 %-ға қысқарған.

2007 - 2010 жылдар ішінде саланың  дамуы Мемлекет басшысының 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 231 Жарлығымен  бекітілген Қазақстан Республикасында  туризмді дамытудың 2007 - 2011 жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасын  іске асыруға негізделді.

Бұл кезеңде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілді. 2008 жылы туристік қызмет мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді және Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) туризм мәселелері жөніндегі бұйрықтары бекітілді .

Министрлік имиджді қалыптастыру жөніндегі, оның ішінде Қазақстан туризмін шетелде ақпараттық насихаттау жөніндегі жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп отырғанын атап кету керек. Негізгі бағыттары жарнамалық бейнероликтерді жасау және әлемнің жетекші телеарналарында көрсету, ірі халықаралық туристік көрмелерге қатысу болып табылады.

2009 жылғы қазан айында  Астана қаласында Дүниежүзілік  туристік ұйымның (бұдан әрі - ЮНДТҰ) Бас Ассамблеясының 18-сессиясының  өткізілуі 2009 жылы басты имидждік  оқиға болды, оның жұмысына ЮНДТҰ  ұйымдарының нақты мүшелері, 146 мемлекеттен 700-ден астам делегат, сондай-ақ  шетелдік әлемдік БАҚ өкілдері  қатысты.

ЮНДТҰ Бас Ассамблеясы жұмысының қорытындысы бойынша әлемдік туризм үшін стратегиялық маңызы бар құжаттар қабылданды:

1. Жібек жолында туризмді  дамыту жөніндегі Астана декларациясы.

2. Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 29 тамызды - ядролық қарудан бас тартудың  Дүниежүзілік Күні деп жариялау  туралы бастамасын қолдау туралы.

Қабылдаған шаралардың арқасында зор туристік әлеуеті, бірегей табиғаты мен бай тарихи-мәдени мұрасы бар ел ретінде Қазақстан туралы айтыла бастады.

Жергілікті жерде туризмнің дамуын тежеп отырған негізгі проблемалар мен себептерді анықтау мақсатында 2008 жылғы маусымнан бастап 2009 жылғы шілдеге дейінгі кезеңде Корея Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі зерттеулер жүргізді және 2009 жылғы желтоқсанда «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық жедел автомагистралі бойында ұлттық туристік кластерді құру» мастер-жоспары әзірленді.

Мастер-жоспардың ұсынымдары Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде туризмді дамытудың одан әрі пайымдауын қалыптастыру үшін негіз болды.

Туризмді дамытуда ұлттық кластер құру болжанып отырған, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жобасы ерекше орын алады. Осы мақсаттарда халықаралық көлік дәлізінің бойында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында үш санаттағы жол бойы инфрақұрылым объектілерін салу жоспарланып отыр. Мәселен, Ақтөбе облысында 5 жыл ішінде «Greenland», «Ырғыз керуен-сарайы» демалыс базалары тәрізді инвес­тициялық жобалар іске қосылып, Қызылорда облысында 2020 жылға қарай «Бай­қоңыр» туристік орталығы мен «Ғарыш айлағы» сауда ойын-сауық кешені, Қамбаш көлінде, киіз үй отелі, сондай-ақ «Қорқыт Ата» туристік орталығы салынатын болады. Оңтүстік Қазақстан облысында «Көне Түркістан», «Ежелгі Отырар» туристік орталық­тарын құру болжанады, осылайша Ұлы Жібек жолының бойындағы барлық бағдарлар жасалатын болады. Аталған жобаларды іске асыру мемлекеттің белсенді қолдау көрсетуін қажет етеді, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың көлік дәлізінің бойынан жер телімдерін бөлуін, жаңадан құрылып отырған туризм индустриясы объектілеріне инженерлік-коммуникациялар жүргізуді, сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің несиелері бойынша пайыздық ставкаларын субсидиялауды болжайды. Пилоттық жоба шеңберінде алғашқы кластерлік бастамашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету белгіленіп отырған жоспарларды іске асыру үдерісіне туристік саланың көптеген кәсіпкерлерін тартуға жағдайлар жасады. Бұған қазіргі бар жеңілдіктер мен преференциялар жүйесі де әсерін тигізді және біртіндеп 2006 жылдан бастап елімізде қонақ үйлер салына бастады, өңірлерде туризм индустриясының ескі нысандары жаңартылды, жаңалары салына бастады.

Туризмді дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетумен қатар, отандық сондай-ақ шетелдік инвесторлар тартыла ма?

Біз жаңа туристік орталықтар құру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде жұмыстар жүргізудеміз. Бұл инвестициялар туризмнің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін, қызмет көрсету саласын дамыту үшін, бәсекелестікке қабілетті туристік индустрия құру үшін, спорттық ойын-сауық, ойын, көлік-логистикалық, сауда орталықтарын құру үшін қажет, туризм мамандарын даярлау және қайта даярлау үшін қажет. Бүгінгі күні көптеген инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бұл «Бурабай» халықаралық туристік орталығының құрылысы, қазіргі таңда құрылыстың бірінші кезеңі аяқталуда, оған 402 орындық отель, СПА-орталық пен сауықтыру орталығы кіреді. Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында «Кендірлі» халықаралық курортын салу жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда ол бойынша Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халықаралық орнықты даму компаниясы» (SWDC) арасында осы туристік кешеннің және курорттық демалыс аймағының құрылысын салу бойынша бірлескен іс-қимылдар туралы келісімге қол қойылды. Бұл, сондай-ақ, Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Жаңа Іле» халықаралық туристік орталығының жобасы. Үстіміздегі жылғы 6 маусымда Дүниежүзілік Ислам Экономикалық форумы шеңберінде Қазақстан Республикасының Турим және спорт министрлігі мен «ALM Group Of Companies» компаниясы арасында осы жобаны іске асыруға 2 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялар тарту туралы ниеттер туралы хаттамаға қол қойылды. Қазақстанның өңірлері бойынша басқа да барынша өзекті инвестициялық және коммерциялық жобалар пысықталуда, туризм инфрақұрылысын дамыту мақсатында инвестициялар тартуды көздейтін осы жоба­ларға Министрлік қолдау көрсетуде.Бұл жерде көп нәрсе жергілікті билік орындарының бастамашылығына, туризмнің осы өңірді гүлдендіру көзі екенін түсінуіне байланысты. Сонымен бірге, аса қуатты туристік орталықтар құру үшін мемлекет тарапынан да, отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан да ақшалай салымдар қажет. Қазіргі кезде бұл бағытта оң қозғалыстар бар екенін айта кету керек. Мәселен, 2010 жылы туристік саладағы инвестициялар көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 58,3 пайызға артты және 194,6 млрд. теңгені құрады.: Тау шаңғысы туризміне назар аударыла ма?

Әлбетте. Мәселен, Алматы облысында инвестициялық қаражатты тарта отырып, «Шымбұлақ» курортын, Жамбыл облысында «Көксай» - тау шаңғысы базасын дамыту болжанады. Болашақта Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы жобаларды іске асыру ойымызда бар. Меніңше, Қазақстанда тау шаң­ғысы туризмін дамыту аса өзекті мәселе, оның дамуы жекелеген өңірлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді.

Бұл мәселе бүгінгі таңда басты мемлекеттік міндеттердің бірі екендігін атап айтқым келеді. Биылғы жылы Қазақстан Берлинде өткен аса ірі ITB халықаралық туристік көрмесіне қатысу қорытындысы бойынша Азия, Тынық мұхит өңірі мен Австралия елдері арасында тағы да бірінші орынды иеленді. Еуропа, Америка, Таяу Шығыс, Азия, Тынық мұхит өңірі, Австралия, Африка елдері арсында әлемнің континенттері мен өңірлері бойынша бес бірінші жүлде белгіленді, Қазақстан еліміздің туристік имиджі мен әлеуетін таныстыруда ғаламшардың үздік елдері «бестігіне» қосылды. Сонымен бірге, Қазақстанда БҰҰДБ өкілдігімен және Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік Туристік Ұйымының Еуропа өкілдігімен бірлесіп Астана және Алматы қалаларының туристік әлеуетін зерделеу жөніндегі бірлескен жоба іске асырылды. Орталық Азия мемлекеттерінің бірыңғай брендін жасау шеңберінде Ұлы Жібек жолының қазақстандық учаскесінде мәдени туризмді дамыту жүзеге асырылуда. Бұл біздің Мемлекет Басшысының тапсырмасы болап табылады және оның болашағы зор. Ежелгі Жібек жолы тек осында ғана кездесетін, сәулет өнерінің көздің жауын алатын тамаша ансамбльдері мен нысандары бар мәдени мұра болып табылады. Сол себепті алда осы шекара шегіндегі халықаралық туристік өнімді Ұлы Жібек жолы бірыңғай брендімен алға жылжыту жөнінде ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біз Жібек жолы бойындағы көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтаса отырып жұмыстар жасаудамыз. Елімізде ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, бұған да дотациялар мен күр­делі өзгерістер қажет.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.2 Туристік саланың күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіптерін талдау

 

Күшті жақтары

Әлсіз жақтары

  • Туризмнің экономикаға нақты үлесін бағалауға мүмкіндік беретін ТҚШ енгізу
  • Туристік индустрия инфрақұрылымының болуы
  • Туристік саланы дамытуға арналған заңнамалық және нормативтік-құқықтық негіз
  • Халықаралық нарықта экотуризмге жоғары қызығушылық (8,9 млн. адам немесе жалпы әлеуеттің 63 %), оны дамыту үшін Қазақстанда әлеует бар:
    • Алматы қаласында Экологиялық туризмнің ақпараттық ресурстық орталығы жұмыс істейді;
    • қоңақжай үйлер құрылуда;
    • МҰТП жұмыс істейді.
  • Мәдени-тарихи туризмді дамытуға мүмкіндік беретін Қазақстанның бірегей мәдениеті мен тарихы
  • Тау шаңғысы туризмін дамытуға арналған табиғи жағдайлар
  • Кадрлық ресурстарымен қамтамасыз етілу
  • Барлық инфрақұрылым қалаларда және ірі елді мекендерде орналасқан Инфрақұрылымның халықаралық талаптарға сәйкес келмеуі Туристердің қызығушылық танытатын объектілерде көп күн болуы үшін жағдайлардың болмауы
  • Инвесторларға демеу қаржы бөлу, жеңілдіктер беру және салық жеңілдіктерін беру механизмінің жоқтығы;
  • Қазақстандағы экотуризмді дамыту тәсілдері және саясаты қалыптастырылмаған.
  • Туристік объектілерге апарар жолдың сапасының төмендігі/болмауы
  • Кадрлар даярлау бағдарламасының нарықтың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі

Мүмкіндіктер

Қауіптер

  • Жаңа жұмыс орындарын, оның ішінде ауылдық жерлерде ашу
  • Халықаралық туристік қызмет нарығындалу Қазақстанның деңгейінің жоғары болуы, бұл бюджетке инвестицияның және кірістің түсуін қамтамасыз етеді
  • Ұлттық туристік өнімді кұру
  • Сырттан келушілер туризмі және ішкі туризм бойынша туристердің ағынын көбейту
  • Біркүндік бағдарлар санының көбеюі
  • Туристік ағымдар көлемінің төмендеуі
  • Инвестициялық белсенділіктің төменгі деңгейі
  • Қазақстанның туризм үшін қолайсыз ел ретіндегі бейнесінің қалыптасуы, сонымен қатар оның инвестициялық тартымдылығының төмендеуі

 

 

 

 

 

 

 

2. Қазақстан туристік  индустриясының проблемалары мен  шешу жолдары

2.1 Қазақстан туристік  индустриясының проблемалары

 

Саланы дамытудың негізі ретінде туризм индустриясының инфрақұрылымы бүгінгі күні 2009 жылдың қорытындылары бойынша - 1235 бірлік орналастыру орнын құрап отыр.

Оның орнықты өсу үрдісі байқалып отырғанына қарамастан, негізінен, орналастыру орындары қалаларда және ірі елді мекендерде орналасқан. Тек шетелдік туристерге ғана емес, сондай-ақ отандық туристерге қолайлы жағдайлар туғызу үшін, елді мекендер арасындағы ұзақ қашықтықтарды есепке алсақ, олардың автомобиль жолдарының бойында белгілі бір учаскелерде орналасқаны маңызды.

Сонымен қатар, туристік объектілердің оқшауланған жерлерінде немесе туристік бағдарлардың торапты нүктелерінде орналастыру жағдайларының болмауы бұқаралық сырттан келушілер туризмін және ішкі туризмді дамытуға кедергі келтіреді. Нәтижесінде ішкі туризмде ұзындығы 400 - 500 км болатын бір күндік турлар басым болып келеді, ал бұл - жолға көп уақыт шығындалатынын куәландырады. Мұндай сапарлар жалықтырады, туристердің көпшілігінде жағымсыз естеліктер қалдырады.

Тағы бір шешімін талап ететін проблеманың бірі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында отандық инвесторлар тәуекелге бармайды және туристік объектілердің құрылысына одан әрі қаражат салмайтын болады. Туризм инфрақұрылымын дамыту үшін туристік ұйымдарға жеңілдіктер беру және ұзақ мерзімді несиелеу механизмін жасау бәсекеге қабілетті туризм индустриясын дамытуға инвестициялар көлемінің өсуіне ықпал жасайды.

Туризмді дамытуды басты жолға қоятын елдерде әдетте, туристік инфрақұрылымды, оның ішінде қонақ үйлерді дамытуды ынталандыратын заңнамалық сипаттағы шаралар қабылданады. Бұл ретте, мемлекеттік органдар және қаржы мекемелері туризмге салынған инвестициялар жаңа жұмыс орындарын ашады, белгілі бір кіріс әкеледі дегенге сүйенеді. Сондықтан да көптеген елдерде шетелдік және ішкі инвестицияларды тартуға ықпал жасайтын, айталық оларға салық жеңілдіктерін белгілеу сияқты заңнамалық шешімдер қабылданады.

Қолдаудың негізгі шараларына, мысалы қонақ үй саласында мыналар жатады:

  • құрылыс үшін жер учаскесін бөлуге көмек;
  • маркетингтік зерттеулер жүргізуге көмек;
  • жоғары кредиттік ставкалар бойынша күрделі салымдарды қайтару;
  • жобаның бастапқы кезеңіндегі шығындарды жобадан табыс алу кезеңіне жатқызу (төлемдердің мерзімін ұзарту);
  • жобалар инфрақұрылымын мемлекеттің дамытуы;
  • елде өндірілмейтін жобалау жабдықтарын жеткізу кезіндегі салықтық және кедендік жеңілдіктер.

Өзге де жеңілдіктерге табыс салығының болмауын (Эстония, БАӘ) және жалпы салық салудың үндестігін (Балтық елдерінде) жатқызуға болады. Кейбір елдерде туристік инфрақұрылым қаржылық сипаттағы маңызды жеңілдіктерге ие.

Түркияда қонақ үй-туристік кешеніне мемлекет 40 % қаржылық демеу көрсетеді, бұл бәсекеге қабілетті бағаларды белгілеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, туристер үшін ыңғайлы жергілікті ақша бірлігімен қатар шетелдік валюталардың еркін жүруі қабылданған.

Израильде қонақ үй саласындағы инвестициялардың 30 %-ына дейінгі көлемін инвесторға мемлекет тікелей аударымдар арқылы және салық жеңілдіктері арқылы (туристерді тартудың белгілі бір көлеміне қол жеткізген жағдайда) қайтарады.

Мексикада Акапулько және Канкун курорттарының маңында франко аймақтары (салық салудан босатылған) құрылған.

Испанияда испандық туристік өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жоспары қабылданған, онда негізгі курорттық аймақтарда қонақ үйлерді қайта жаңарту мен жаңғырту, жағажайы жоқ аудандарда (Валенсия) ауыл туризмін дамыту басымдықты бағыт ретінде белгіленген. Тенериф аралы франко аймағы болып жарияланған, ол тек туристік қызмет көрсету құнының (оның ішінде қонақ үйлердің) төмендеуінен ғана емес, сонымен қатар басқа да өнімдердің, атап айтқанда жанар май құнының төмендеуінен көрінеді; үкімет арал инфрақұрылымының дамуына ірі сомаларды инвестициялайды;

Мароккода дамудың басым жобаларына (ірі ойын-сауық саябақтары, қонақ үй кешендері және басқалары) тікелей бюджеттік инвестицияларды көздейтін (20 - 40 %) туризмді дамыту жоспары қабылданған.

Индонезияда Бали аралы еркін экономикалық аймақ болып танылған, бұл туристік ұсыныстардың бағасын төмендетеді. Бұнда инфрақұрылымның дамуында тікелей бюджеттік инвестициялар қолданылады. Әдетте, әлеуетті инвесторлардың алдына алдын-ала шарттар қойылады - бұл дамушы деп танылған өңірлерде жүзеге асырылатын жобаларды инвестициялау. Бұған қоса, мынадай талаптар қойылады: тұрақты валюта түрінде алынған кірістер мен табыстарды елде пайдалану; жергілікті қызметкерлерді тарту; оларды оқытуды жүзеге асыру және т.б. Кейде жобаның сыртқы түріне де (жергілікті сәулетпен үйлесу) талаптар қойылады.

Егер қолайлы инвестициялық климат құруды білдіретін, қонақ үй саласына күрделі салымды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтатын болсақ, онда мұндайлар ретінде әдетте төмендегілер қарастырылады:

болашақ инвесторларға ақпарттық және консультациялық көмек. Жобаның болашағын дұрыс бағалау үшін инвестор бірнеше жылдар ішіндегі динамикадағы негізгі нарықтық көрсеткіштер туралы ақпаратты білуі қажет. Қонақ үй индустриясында мұндай көрсеткіштерге қонақ үйлердің толық болуы, нөмір үшін түскен табыстар, нөмірдің орташа бағасы және тағы басқалары жатады. Бұл мәліметтерді тек ресми мемлекеттік деректерден немесе арнайы консалтингтік компаниялардан алуға болады;

мемлекеттік кепілдемелерді беру кредиттерді қамсыздандырудың кең таралған тетігі. Үкіметтік кепілдік бойынша ТМД елдерінде бірқатар қонақ үй объектілері салынған (мысалы: Ташкент қаласындағы «Щодлик»). Ынтымақтастықтың мұндай нысаны шетелдік инвесторлардың көңілінен шығады әрі өтпелі және дамыған экономикалы елдердің іскерлік тәжірибесінде біршама таралған;

инвесторлардың мүддесін қорғайтын заңнаманы әзірлеу, пайданың қайтуына қатысты салық жеңілдіктері мен кепілдемелер белгілеу.

ЮНДТҰ деректеріне сәйкес, әлемдегі туристік сапарлардың жалпы санының 60 %-ын демалысқа байланысты сапарлар, 30 %-ын іскерлік сапарлар құрайды екен.

Қазақстанға қызығушылық танытатын туристердің нысаналы тобы:

  • жабайы, адам қолы тимеген табиғатты және таңғажайып ландшафтты ұнатушылар;
  • зерттелмеген туристік бағыттарды ұнатушылар, алғашқы ашушы болуға ниетті білімқұмар туристер;
  • Қазақстанда экологиялық туризм жақсы әлеуетке ие, бірақ жеткілікті дамымаған.

Туризмді дамыту жөніндегі 2007 - 2011 жылдарға мемлекеттік бағдарламада экотуризм басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған болатын және оны дамыту жөнінде ұлттық, өңірлік және жергілікті саясатты әзірлеу көзделген болатын. Алайда, бүгінгі күні саясат та, бірыңғай ұйымдастыру тәсілдері де қалыптастырылған жоқ.

Экотуризм табиғи аумақтарға туристік ағындарды көбейтуге бағдарланбаған, ол табиғатты сақтап қалуға мүмкіндік береді, тиісінше қоршаған ортаға теріс әсер етуі ықтимал инвестициялық жобаларды іске асыруды талап етпейді.

Қазақстанның аумағында 118 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар, оның ішінде 11-і мемлекеттік ұлттық парк, оларда экотуризмді дамытуға бағытталған реттемелі туристік пайдалануға жол берілген. Оның объектілерінің табиғи да, мәдени де көрнекті жерлер, табиғи және табиғи-антропогенді ландшафтар болуы мүмкін екенін есепке алсақ, сондай-ақ онда дәстүрлі мәдениет қоршаған табиғи ортамен бірыңғай тұтастықты құрайтынын есепке алсақ, экологиялық туризмді дамыту табиғи аумақтарға қаржылық қолдауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар оларды сақтауға деген мүдделілікті туғызуға мүмкіндік береді.

Ауыл экотуризмінің де дамуға әлеуеті бар. Оны дамыту ауылдық аумақтармен шектеліп отыр және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі қызметпен түсіндіріледі.

Көрсетілген туризм түрі шеңберінде Қазақстанда қонақжай үйлер дами бастады, туристер оларға тоқтай отырып, ауылдық өмір салтын сүреді, қазақтың күнделікті мәдениетімен және табиғи көрнекті жерлерімен танысады.

2005 жылдан бастап Алматы  қаласында Экологиялық туризмнің  ақпараттық ресурстық орталығы  қызмет етеді, орталық аталған  қонақжай үйлерді құру және  дамыту жөнінде жұмыс істейді. Бұл үйлер Қазақстан Республикасында  экологиялық, орнықты туризмді дамыту  тұжырымдамасының құрамдас бөлігі  болып табылады.

Аталған мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу, экотуризмнің әлеуметтік-экономикалық рөлі түрлі функциялы аудандарда ерекшеленетінін көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы аумағында экотуризм өндірістік, ландшафты және жергілікті халықтың дәстүрлі өмірі үшін қосымша кіріс көзі болуы мүмкін. Басты функциясы табиғи және мәдение-тарихи мұраны қорғау болып табылатын аумақтарда экотуризм - осы функцияны атқаруды экономикалық тұрғыдан ақтайтын басты кіріс көздерінің бірі болып табылады. Өнеркәсіптік аудандарда экотуризмнің рөлі аз өзгеріске ұшыраған табиғат учаскелерін қорғауда және халықтың физиолгоиялық және психологиялық тепе-теңдігін ұстап тұруда болып табылады.

Экотуризм географиясы дәстүрлі туризмнің географиясынан ерекшеленеді. Негізгі халықаралық экотуристік ағындар дамыған елдерден дамушы елдерге қарай бағытталған. Бірақ бұл ретте дамушы елдерде туристік салада туризмнің үлесі жоғары, себебі Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде ішкі экотуризм кеңінен таралған деп пайымдауға болмайды.

Экотуристерді тарту жөніндегі әлемдегі алғашқы елдердің бірі Кения болып табылады. Кения келген он адамның сегізі экотуристік мақсатта келеді. Экотуризм туристік нарығы тез даму үстіндегі Латын Америкасы елдерінде және Оңтүстік Америкада да ерекше байқалады, бұл елдер инфрақұрылым құру, адам дамуы, дамуы кенже қалған «қара» аудандарды көтеру, қоғамды одан әрі демократияландыру салаларында экотуризмге маңызды үміт артып отыр.

АҚШ-та халықаралық экотуризм сұранысының 1/2-інен астамы тоғысқан. Экологиялық туризмнің сан алуан түрлері елдің өзінде де белсенді дамып келеді. АҚШ-та ішкі де, халықаралық та экотуризммен байланысты әлемдегі ең көп ұйымдар орналасқан. АҚШ-та және басқа да дамыған елдерде экотуризмнің мемлекеттік деңгейдегі ролі шағын болса да, оның өңірлік және жергілікті деңгейдегі рөлі тұрақты түрде өсіп отырады. Экосаяхаттардан түскен кірістер халықаралық туризмнен түсетін кірістің кемінде 10 %-ын құрайды.

Тұтастай алғанда, экологиялық туризмге деген әлеуетті қызығушылық халықаралық нарықта 8,9 млн. адамды (немесе жалпы әлеуеттің 63 %) құрайды. Бұл туристік өнім әлемдік туризм нарығында ең үздік тұғырға ие және Қазақстанда дамыту үшін негізгілердің бірі болуы тиіс.

Сақ қорғандары/төбелері, Есіктегі Алтын адам және көптеген басқалары сияқты жиырма жеті мың көне ескерткіштің болуы Қазақстанның көне және бірегей тарихына куә.

Ұлы Жібек жолының қазақстандық учаскесі тарихи ескерткіштердің, археология, сәулет, қала құрылысы және монумент өнері ескерткіштерінің бірегей кешенін білдіреді. Олар тек сауда орталықтары ғана емес, сондай-ақ ғылым мен мәдениеттің орталығы болған Отырар, Тараз, Сайрам, (Испиджаб), Түркістан (Яссы), Баласағұн және басқа да көне қалалар болып табылады.

Осының барлығы мәдени-танымдық туризмді тиімді дамытуға ықпал жасауы тиіс, бірақ аталған сектордың жарнамалық-ақпараттық материалдың болмауы, нашар инфрақұрылым, соның ішінде туризм объектілерінің жанындағы орналастыру орындарының аздығы, журу жолдарының төмен сапасы сияқты көптеген факторларға тәуелді болуын ескерсек, оның төмен бәсекеге қабілеттілігі байқалады.

Қазақстан бірегей табиғи-минералдық және климаттық ресурстарға ие бола отырып, емдеу-сауықтыру және тау шаңғысы туризмін де дамыта алады.

Емдеу-сауықтыру қызметтерін көрсету мен дамыту нарығындағы жағдай туристік-рекреациялық бағыттағы кәсіпорындар санының өсуіне қарай өзгеруде.

Аталған мәселенің жай-күйін талдау 1999 жылдан бастап санаторийлік-курорттық мекемелер мен демалыс ұйымдарының саны бірте-бірте көтеріліп және дамып келе жатқанын көрсетеді, олардың саны 2007 жылдың қорытындысы бойынша 127-ге дейін өскен.

Қазақстан үшін аса өзекті осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу санаторийлік-курорттық емделуге туристік келулер бойынша көшбасшылық ең ірі және әйгілі әлемдік Карловы-Вары шипажайының арқасында Чехияға тиесілі екенін көрсетіп отыр. Чехияның ұлттық туристік әкімшілігінің деректері бойынша, жыл сайын оған әлемнің 70-тен астам елінен 50 мыңға жуық адам емделу үшін және 2 млн.-ға жуық турист рекреациялық-сауығу мақсатында келеді екен.

Швейцария - соңғы он жылда тау шаңғысы туризмі бойынша танымал ел, тау шаңғысы туризмі елге 20 млрд. АҚШ долларына дейінгі көлемде кіріс әкеледі. Туризмнің осы түрі Альпі тауларын белсенді пайдаланатын Италия мен Францияда, сондай-ақ Австрия, Словения және Монтонегрода дамыған. Туризмнің осы бағытын дамытуды жандандыруды Болгария мен Түркия сияқты елдер де жоспарлап отыр.

Қазақстан үшін тау шаңғысы туризмін дамытудың жоғары өзектілігі бар, оны дамыту жекелеген өңірлерде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізіне айналуы мүмкін.

Бірегей табиғи жағдайлар жайлылық пен қызмет керсетудің жоғары деңгейіне ие, заманауи ірі тау шаңғысы кешендерін салуға мүмкіндік береді.

Туризмнің жоғарыда көрсетілген түрлерін дамыту барлық туристік-рекреациялық кешеннің экономикалық тұрақтылығын және табыстылығын қамтамасыз етуге, елдің құнды табиғи емдік ресурстарын сақтауға және ұтымды пайдалануға, туристік-рекреациялық қызметтерді көрсету деңгейін арттыруға, елде бәсекеге қабілетті туристік индустрияны қалыптастыру және дамыту үшін жағдайлар туғызуға ықпал жасайтын болады.

Туризм инфрақұрылымның дамуына қарамастан, көптеген туристік объектілерде қызмет көрсету сапасы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туристік сала үшін кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі шараларды іске асыру уақытты талап ететінімен байланысты.

Экономическоие отрасли хозяйства