Ертегінің тәрбиелік мәні
Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.
Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды.Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т.
Ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайыптың көркем бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады. Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классик. Ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар идеол. та қызмет атқарған. ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ.
Құрылымы
Ертегінің поэтикасы мен композициясы көркем әрі жүйелі. Композициясы бірнеше бөлшектен тұрады: бастама – эпикалық баяндау – аяқтау. Бастама, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтып, тыңдаушыларды бас кейіпкермен таныстырады. Эпикалық баяндау қаhарманның өсуін, үйлену тарихын, оның бастан кешкендерін әңгімелейді. Аяқтауда кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады. Бастама мен аяқтау, көбінесе тұрақты тіркес болып келеді. Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының әр түрлі іздерін сақтап қалып, біздің заманымызға жеткізген. Қазақ ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейпі көбірек көрініс тапқан.
Түрлері
Ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді:
1) жануарлар туралы ертегілер;
2) қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер;
3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер;
Сюжеттері тек қазақтың өзіне тән ертегілермен
қатар, басқа елдермен ортақ сюжетке құрылған
ертегілер де бар. Олардың көбі тарихи-типологиялық
жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетик.,
яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады,
кейбірі тарихи-мәдени байланыс нәтижесінде
қазақ жұртына тараған. Сол себепті қазақ
ертегілерінде таза ұлттық та, халықар.
та, көшпелі сюжеттер де қатар өмір сүрген.
Негізгі кейіпкер мен мазмұны және қияли
әдістердің қаншалықты пайдаланылуына
қарай бұл салалардың әр қайсысы тағы
бірнеше топқа бөлінеді. Бұлардың ішінде: хикая, өсиет, мысқыл, батырлық туралы ертегілер болады.
Қалыптасу тарихы
Ертегі жанрының пайда
болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ.
Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда
туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әр түрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі
осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына
сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін
мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған.
Солардың бірі – миф жанры. Мифтің ертегіге
айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен.
Миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия
әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге
және әр жерде айта бермеген. Мифте қоршаған
ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан
әлемі жайында, рудың тотемдік бабасы,
ілкі атасы мен жасампаз қаhармандар туралы,
олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық
түрде баяндалған. Алайда ол заманда осының
бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт
кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы
мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске
ұшырап, бірте-бірте «қасиетті» сипатынан
айрылған, құпия болудан қалған. Осының
нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген,
ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер басқа
сипат қабылдаған, тіпті мифті айтушы
бара-бара өз жанынан да қосатын болған.
Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі
баяғы мифтік сипаттан айырылған. Мифтің
себеп-салдарлық белгісі жоғалған. Бірте-бірте
мифтің бұрынғы масштабы тарылып, әңгіме
жеке бір адамның тағдырын баяндайтын
жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға,
содан соң ертегіге айналады. Ертегінің
тағы бір тамыры – алғашқы рулық қауым
адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаялары.
Алғашында шын болған оқиғалар негізінде
айтылған әңгімелер бірте-бірте ел арасына
тараған сайын қоспалармен толықтырылып,
хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен.
Осындай аңшы мергендер жайындағы әңгімелер
қазақ ертегілерінің құрамында аз емес.
Әрине, олар біздің ертегіде сол ежелгі
замандағы күйінде емес, көркем фольклорға
айналған формада көрінеді. Алғашқы қауымдағы
мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат мақұлықтар (жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз
кемпір, т.б.) бұрынғы аңшылар әңгімесіне кірігіп, хикая туғызады.
Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге
де айналады. Оның ертегі құрамында жүретіні
де сондықтан. Бірақ мифтің ертегіге айналу
жолында хикая мен ертегі қатар өмір сүреді, сол себепті
миф, әсіресе, хикая өзінше жеке айтылып,
елге жайылады.
Қазақ ертегілерінің қалыптасуы
Қазақ халқы прозасында осы процесс түгел дерлік із қалдырған. Жалпы ертегілердің пайда болып, қалыптасуының алғашқы кездерінде ел оны қиял деп ойламаған, онда баяндалатын оқиғаға сенген, себебі ол шақта ертегі өз төркінінен алшақ кете қоймаған, сондықтан көркемдік қызмет те атқармаған. Ал көркем фольклорлық жанр болып қалыптасқан классик. Қазақ ертегілерінің жиналуы мен жарияланып, зерттелуі 18 ғ-дың 2-жартысында басталды. Алғашқы жүз жылда, негізінен, Қазақстанға Ресейден келген адамдардың кейбірі қазақ жұртының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы туралы деректер жинап, солардың қатарында фольклор жайында жалпылама мәліметтер жариялап жүрді. Ертегілердің көбірек жиналып, жарық көрген тұсы – 19 ғ-дың 2-жартысы. Бұл кезеңде қазақ ертегілерін ғыл. мақсатта жариялаған жинақтар да болды. Әсіресе, В.В. Радлов, И.Н.Березин, Ы.Алтынсарин, Г.Н.Потанин, А.В.Васильев, А.Е.Алекторов, Ә.Диваев жинақтарында ертегілердің көптеген мәтіндері жарық көріп, олар туралы азды-көпті ғыл. пікір айтылды. Аталған жинаушы-жариялаушылардың ғалымдық деңгейі, ғыл. түсінігі әр түрлі болғандықтан ертегі мәтіндері әр түрлі көзқарас тұрғысынан бағаланды. Соған қарамастан біраз ертегі жарық көрді, ғыл. айналымға енді. Соның арқасында қазақ ертегілері Потаниннің, Радловтың, А.Н.Веселовскийлердің кең масштабты ғыл.- зерттеулеріне ілікті. Бұл шақта ертегілерді қазақ оқығандары да, ақындары да жинастырып,
«Ертегі – фольклордың қара сөзбен айтылатын ерекше мол түрінің бірі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі», - дейді М.О.Әуезов
Қиял-ғажайып ертегілері
Бұл топқа қосылатын ертегілер көбінше көне замандар айғағы, барлық ертегілер тобының ішінде аса ескі заман ұғым-нанымдарын, тұрмыс-болмыстың ең көне түрлерін көрсететін әңгімелер. Бірақ туысында ерте замандар туындылары болғанымен, әрине, бергі кейінгі замандарда айтылу, қолданылу арқылы сол кейінгі соңғы замандар әсерлерін жұрнақ-жұғындарында әңгімелік құрылысына, идеялық мазмұнына, тіл, түр ерекшелігіне соңғы үстемелер, қоспалар есебінде ілестіре жүрген ертегілер болады.
Бұл алуандас ертегілердің ең көне арғы түбі халықтың мифтік ұғым-нанымдарымен байланысты түрде туған. Дүниенің жаратылыс сыры, адам тұрмысы мен ертеде иланған көп құдайлары, қас ие, дос иелері жөнінде неше алуан бұлдыр-долбар сырлы қиял-ғажайып ұғым-нанымдар жасап алып, ерте күндегі халық соны дін және білім есебінде тұтынған. Табиғатты нақтылы, деректі білім ұғымымен баурап танып алғанша, адам ең болмаса қиялмен танып меңгеріп, табиғатқа өз ықпалын жүргізуді арман еткен. Бұл турада К.Маркс айтуынша: "Әрбір мифология табиғат күштерін қиял бойынша жеңіп, бағындырып, дегеніне жүргізеді, сол қиял арқылы баурайды. Олай болса, сол табиғат күштерін анық шынымен жеңіп алған заманда ол мифология жоғалады", - деген.
Қазақ халқының да жаңағыдай табиғат пен адамның шарпысу шартында туған қиялдық, мифтік түсініктері - сол ертегі, аңыз әңгімелер түрінде туып тараған. Ол ертегіге заманның білімімен жалғас ең алдымен қоғамдық тартысы да, күштісінен көпшілігінің көретін қиянат, зұлымдық-зорлығы да және халықтың әділет, арман туралы ұғым-нанымы да түгел жиналған. Сол күндегі адамның шама-шарқына қарай құралған, өзінше асыл қазынасы болған. Жаңағы аталған қиял тудырған көркем ұғым-нанымдарының өзінің де негізінде затты, тіршілікті, нақтылы болмыстың белгілі елесі, сәулесі болатынын және де есте тұту керек. Сол қиял-ғажайып ертегілерінің өзіндегі қиялын да A.M. Горький деректі затты болмыстан туған деп бағалайды.
Бұлай болғанда қиял-ғажайып ертегілеріндегі сол қиял тудырған образдардың өзі арқылы да халықтың еңбекпенен табиғат күштерін творчестволық түрде жеңбек болған қиялы көрінеді, арманы танылады деп ұғыну керек. Бұл жөнінде, адам баласының кейінгі дәуірлерде техника жөнінде тапқан сол техникалық прогрестің бірталайын ертегінің қиял бейнелері алдын ала болжап етіп, бұлдыр түсте аңғартқандай болады.
Аяғына тас байлап жүгіріп, безінген киіктердің алдын орайтын желаяқ адам да осы тектен туған. Ер Төстікке серік болатын көреген батыр, естігіш батыр, таусоғар - бәрі де адамның сол бір ұлы армандарын білдіреді. Сыры жат табиғаттың, жер мен аспанның көзге көрініп тұрған белгілі қабатынан өтіп, "Ішін шарласам, сырын ақтарсам, бермесін алсам" деген ізденгіш, өршіл ойын танытады. Сондайлық алға бастар асыл тілекті, жалпы адамзаттың тілегін іздетіп, ерді кездіріп отырған құр еріккеннің ермегі емес. Кейін адам қауымын нақтылы білімге, өнер табысқа, Горький атаған техникалық прогреске жеткізген ізденгіш ойдың түртініп, тімтініп жүрген ерте шағы сол қиял-ғажайып ертегілерінде туған. Ертегі осындай қазынаны сақтаған. Және сол талапқа беттеген ерлерді қатты мадақтаған. "Жүрген аяққа жөргем ілінеді" деп, сол сүйген жандарды қайтыс сапарда неғұрлым табысын мол етіп қайтарады. Жер астына түскен ер бірде алтын, гауһар күреп қайтса, тағы бірде асыл ару құшып, мәңгі "мұрат-қасыл" етіп қайтады. Қиял ертегісі - адамзат туралы, адам қуаты туралы қасиетті ой ойлаған шынайы үмітшіл әңгіме. Сондықтан ол өзінің еліне "іздесең - табасың, алыссаң - аласың" деумен қатар, жабайы жайын табиғатқа шұлғи берме дейді.
Табынып, бағынып жүрсең де, дүниенің көп күшімен алысып-арпалыс дейді. "Жалынған - бас қорғау емес, жағаласқан - бас қорғау" дегенді жұмбақ табиғаттан қорқа жүріп-ақ адамзат ерте аңғарған.
Осындай совет фольклористикасының ғылымдық тірек ететін негізді көзқарастарын ескере отырып, қиял-ғажайып ертегілерінің ішінде қазақ халқы айтатын көне түрлерін айтсақ, бұлардың ең ескілері - аңшы-мергендер жайындағы ғажайып-қиял ертектері болу керек. Бұлар: "Еділ-Жайық"1, "Құламерген"2, "Жерден шыққан Желім батыр"3, "Аламан мен Жоламан"4, "Күн астындағы Күнекей"5 сияқты ертектер.
Мергендер жайындағы ертегілермен ілес-қаралас ер-батырлар жайындағы ертегілер жүреді. Осы мерген мен ертегі ерлерінің жайындағы қиял ертектері бір қазақ емес, сонымен туыстас, көршілес түрік тілдес елдердің ертектерінде де бар. Онан соң көп заманғы көршілік қатынас себебінен орыс халқының ертектері мен монғол ертектерімен де көп ұқсастық байқатады. Қазір жиылып жарияланған бурят, ойрат, якут, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, әзірбайжан, татар, башқұрт, өзбек, қазақ ертегілерінің бәрі де көп жақтарынан өзара ұқсас болудың үстіне, барлығы да, әсіресе жоғарыдағы айтылған ұзақ уақыттық аралас, айластық себебінен, орыс халқының қиял-ғажайып ертегілеріне де көп ұқсастық көрсетеді. Бұндай ұқсастық себебі тек қана көпшіліктен емес, кейде бірінен-бірі алыс, шалғай замандарда, жырақ жайларда мекен еткен халықтар фольклорында да кездеседі. Затшылдық дүние тану жүйесіне сүйене отырып, осындай ұқсастыққа Плеханов дұрыс шешу айтқан. Шаруашылық және содан туатын қоғамдық құрылыс қалыптары бір сатыда болған елдердің дүние тануы, салт-саналық ұғым-нанымы да ұқсас еді. Сондайлық түп себептері ұқсас болу арқылы бұндай елдер тудырған ауыз әдебиет үлгілері де жер не тіл, тарих жақындығына қарамай-ақ ұқсас бола береді деген Плеханов.
Әрине, қиял-ғажайып ертегілерінде біз атаған "мерген, ер батырларымыз" - бәрі-дағы эпоста, батыр жырларында аталған батырлардан әрірек заманда туған, тарихтан бұрынғы дәуірлер тумалары, алыс заман айғақтары болады. Оның айқын белгісі сол қиял-ғажайып ертегілеріне араласатын қиял тудырған неше алуан жан иелерінің қалпынан көрінеді. Қазақ айтатын қиял ертегісінде адамзаттан мерген араласса, немесе ғажайып жар - "ай десе аузы, күн десе көзі бар", әлдеқандай Күн астындағы Күнекей сұлу, Ай астында Айбарша не Алтын шашты қыз араласса, солармен қатар әлденеше жат сырлы кейіпкерлер де адамға қас, не дос күйде көп көрінеді. Бұлар қатарында жалмауыз кемпір, жеті басты жалмауыз, қазық аяқ, қарға тұмсық кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ және неше алуан алыптар араласады.
Қиял тудырған жануар затынан: "айдаһар, жеті басты жылан, қарақұлақ қорқау қасқыр, алып қара құс, тұлпар ат, басы алтын, арты күміс киік" сияқтылар қатынасады. Бұлардың бір тобы ертегінің еріне дос болып, бір тобы ұдайы қас күш есебінде әрекет етеді. Жалғыз көзді жалмауыз, жеті басты жалмауыз, мыстан кемпір, айдаһар, жезтырнақ сияқтылар - үнемі айнымас жаулар.
Алып қара құс, тұлпар ат және неше алуан тоқпақ, кездік, қазан, жүзік, айна, дастарқан, қырық құлаш семсер сияқты заттар ердің көмегіне, керегіне әрекет етеді. Осылай екі жар болып бөлінген ғажайып жан иелері мен зат бұйымдар арасында кейде дос, кейде қас болып кездесетін бір алуан қиял кейіпкерлер бар. Олар: алыптар, таусоғар, көлжұтар, желаяқ, саққұлақ сияқты бір топ жандар және осылардай екіұдай атқара жүретін жылан патшасы, басы алтын киік, жады кемпір, жұмбақ жар сияқтылар болады.
Ертегіде кездесетін жоғарыда айтылған адамға қас күштер турасында, оларды тудырушы себеп жайында Горький шешу айтады. "Көне ертегілердің геройлары сорақы, сұмырайлар, Жалғыз көзді Лихо, Өлмес Кащей, Жалмауыз кемпір сияқтылар болады. Бұлардың бәрі де табиғатқа құдіреті жүретін ерекше күш иелері және өздері адамға өзгеше қас-ызалы. Осыларды кім тудырған, бұлар қалайша араласқан және бұлар кімді қорқытады, ол арасын айыру қиын, бірақ, мөлшермен болжағанда жасырын білімнің қуатын билеуші осы сұмырайлар оқиғаларға араласқанда әдейі қорқыту, шошыту үшін араласатын сияқты", - дейді.
Қиял ертегісінің тарихтан бұрынғы замандарынан келе жатқан қазақ ертегісінде айқын көрінетін бір тобы - дүниенің өзін біреу емес, бірнешеу етіп айтатындары. Жоғарыда аталған "мергендер" мен "ерлер" ескі ертектің көбінде жердің үсті ғана емес, салт ертегілерде кездеспейтін тың дүниелер болады. Ол бірде жердің үсті, кейде жеті қабат жер асты, бір кезек алып қара құс ап кететін аспан үсті. Ол арадан жер тоқымдай немесе тебен иненің жасуындай болып көрінеді. Кейде Күн астында Күнсұлу, Ай астында Айсұлулардың, Айбаршаның адамзат баспас, бармас мекені болып келеді. Бұл мекендер көбінше от дариясының ар жағы, әлдеқандай "Барса келмес", сиқыр аралға айналып кетеді. Болмаса адамзатқа жұмбақ жай - жалмауыз мекені, немесе су асты болады. Сол дүниелерден барып шығатын мерген мен ер арманына, не бақ-дәулетіне жетеді.
Сондай жайларға басқан ертегі адамның жайын байқасақ, айқын көрінетін бір ерекшелік - сол жұпыны адамның қуатына өзгеше сену бар. Мол, жарқын наным бар екенін аңғарамыз. Бұл адам - еңбек, қайрат, қажырлы, қимыл-әрекет адамы. Сондықтан әр түрлі ғажайып достарынан көмек алып, нелер "Барсакелместерге" жетіп, қолдан келместі келтіріп жүргенде бұл адам тек әзірді ғана алмайды. Көмектер үстіне өзі де ер, қажырлы, есті және бұл да өз тарапынан көмекке, керекке жарағыш жан болады.
Осындай адамның жолын болдырып, нелер сұмдық қорқынышты қуаты бар қас дұшпанды жеңгізген қиял - халық қиялы тегін емес. Ол "Еңбек түбі жеңбек" дегендей ой түйгізеді. Еңбек иесі, жазықсыз, адал қайрат иесі адамды қай заманда болсын халықтың қанаушы топтары сүймеген. Бұл жөнде Горькийдің тағы бір фольклорға байланыстыра нақтылап айтқан пікірі бар. "Еңбекші халықтың ой өмірінің әміршісі болғандардың толып жатқан қылмысты қаскөйліктерінің бірі, сол халықтардың барлығына ортақ ұстазы - еңбекті қорлап, былғаған еді", - дейді.
Ал халықтың қиял-ғажайып ертегісіне келсек, жаңағы Горький айтқан, халыққа жау ортаның дегеніне қарсы алысып, қарысқан еңбек иесін көреміз. Және соны жақтап, құптап отырған ел санасын аңдаймыз. Анығында, ертегі ішіндегі күшті мен тістіге, кәрлі мен зәрліге, сиқыр, тылсым, жатбауыр-жау ортаға, адамзат баласы басып көрмеген бытқыл қиынға кім барады? Жапа-жалғыз және көптің бірі, жұпыны ғана адам барады. Оның күші өзгеше ерекшелігінде емес, тек қана еңбекке, әрекетке, тартысқа барымен берілген тәуекелінде, өзіне сенуінде. Осы адам мерген бе, ер ме, бәрібір өзі және халық адамы болады. Адамзат өкілі болумен бірге, ол анық бейнетқор халықтың нағыз өзінің қалың ортасынан шыққан жан. Ол көп ертегілерде не әлсіз бала жігіт, не кедейдің жалғыз немесе момын ата-ананың жан деген жалғызы, немесе әділетсіздік, зорлық-сұмдықтан, әсіресе хан сарайы, уәзірдей әкімдер ортасынан азап шеккен, саза тартқан көп момын айыпсыздың бірі.
Кей шақтарда бұл герой көп жұрттан оңаша, оқшау күйде жапан түзде тек өзінің әділ, адал еңбегімен күнін кешкен тәуекелшіл мерген, ер өнерпаз болып келеді. Ертегіде, міне, осы адамның аты жақсылық, осының жолы жақсы адамзат жолы болып шығады. Бұған достық еткеннің бәрінің жиын аты да жақсылық. Ал бұған қарсы әрекет етуші күштің де бәрінің жиын аты - жаманшылық, зұлымдық. Ол да көп пішінді, мол түсінді. Жақсылықтың айқын, жарқын бейнесі қаншалық шодырайып тұрса, мына жаманшылық, қастық та соншалық жансебіл, жыртқыш жүзімен балғын-батпан болып, жиынды бейне, үйінді жауыздық болып келеді.
Ертегі, әсіресе қиял-ғажайып ертегісі осындай екі алуан қарама-қарсы күштің алысуын тақырып етеді. Жақсылықтың жеңуін арман қып, сол идеяны ғана баян етеді. Осылайша баяндаумен тыңдаушысын тәрбиелейді, баулиды. Қас дүниені алғанда тек адамнан тыс ортаны ғана ертегі геройына қарсы қоймайды. Қиял-ғажайып ертегісінің тілі мен қазақ ертегісі кейде адамға дүниенің ішінде сол адамның ішінен шығып, өзіне жау болған ерекше жауыздық қалып көрсетеді. Бұл тұста Горькийдің жоғарыда, жасырын қуат иесі болған күштердің адам ортасынан шығып, көпшілікті қорқытып, шошытып отырып бағындырып ұстағысы келген жайды шешкен пікірін еске алу керек.
Қиял ертегісінің үлгі, өнегесі бойынша жаңағы айтылғандай қауымға қас қара күшті де баттитып, жиренішті, өрескел етіп, ірі бейнеде суреттейді. Сонда қазақ ертегісі суреттейтін "жалмауыз" бейнесі ерекше қызық, өзінше, Горький айтқандай, реалдық болмыстан туған терең сырлы боп көрінеді.
"Еділ-Жайық" ертегісінде
батыр барып тұтқынға түсетін,
тосып тұрған ажалдай
Толып жатқан мыстан кемпір, қазық аяқ, қарға тұмсық кемпір, жезтырнақтар да осы сияқты ұлғайтып суреттелген жауыздық бейнесі. Адамның өз ортасында бар қанаушылық, қаскөйліктей озбырлық тұлғасы болады. Тек бұл соңғылар көбінше жалмауыздай көрінеу жау емес. Сырты момын, іші зәр, монтаны аяр бейнелі келеді. Бұлар да шындық, болмыс міндерінен туған. Соны ертегі тілімен өсіріп әсірелеп, өрескел жиренішті етіп көрсеткен халық қиялының шеберлігін танимыз.
Халықтық қиял ертегілерінің енді адамға дос күштерін аңғарып қарасақ, онда да көп мағына, көп сыр бар. Жанды-жансыз, жақсы заттың бәрі де адамзаттың алыстан келе жатқан арманын танытады. Ертегінің ерін қиын қиянға апаратын алып қара құс, өзі ұшатын кілем, тұлпар ат - бәрі де қиял пырағы. Жерде жүрген жүрісі өндімеген, өзінің талап-тілегі таудай адамзат "аспанда ұшар ма едім" деген арманды ертеден ойлаған, үзбей ұзақ ойлаған. "Жалпылдап ұшқан жапалақ пен қадірсіз қарға шыққан көк күмбезге мен де сондай биік самғасам, сондай шапшаң жүйткісем" деген арман қиялы әкеп "алты айлықты алты аттайтын" тұлпарға, алып қара құсқа сайған.
Кейінірек заманда мұны батырлар жырында, қаһармандық дастандарда Тайбурылдар, Тарландар, Қарақасқа аттар деп, үзбей қиялдайды.
Қиял ертегісі адамға тәлім айтқанда, қияға құлаш сермер адам бол дейді. Суырдай ін аузындағы жайылысынды ғана танып, інде өлме дейді. Қиял-ғажайып ертегіде халық өкілі - герой аса қатерлі жаумен алысады. Ал жау күштер аса қаскөй, ерен қуатты болып отырады. Бойына біткен келбеті адам шамасынан сонағұрлым артық болу үстіне, олардың ажал жеңбейтін, оңайлықпен өлмейтін жансебілділігі басқаша келеді. Кейбір жалмауыз алыптардың жаны өз кеудесінде болмайды, не судағы балықтың ішінде, немесе кең даланы кезген киіктің ішінде, көкала үйрек ішінде болады. Бір жан емес, он жаны, қырық жаны болатындары да бар: "Ер Төстік"6, "Күнекей сұлу"7, "Елгезер батыр"8.
Осындай жаумен алысардан бұрын ертегінің ері әуелі жауының жаны жүрген қиуасыз қиындағы жәндікті бағады. Жаны не жұмыртқа, не балапандар түрінде, әлдеқандай үйрек түрінде болып табылып, қолға түскен соң да жаудың оңайлықпен өлмейтіні болады. Ол көп алысып барып қана қаза табады.
Аярлыққа салынған жәдігөй жау бұдан да қатерлі. Ол кейде мүләйім пішінде боп, сынықсып, кішік болып келеді. Не қойынға кірген жар болып, немесе жарымжан өлмелі кем-кетік болып келіп, кейде ұйқыда қапыда басады. Тағы бір кезекте алданған әйел, азғырылған қарындас арқылы, елеусіз жан күйер жақындар арқылы қиянат ойлайды. Немесе ердің жауына болысып, аса қатерлі қастан зат болып шығады. Тылсым сиқыр иесі сол болады. Адамды жадысымен буып, тас қып тастайтын, болмаса ит қып, есек қып құбылтып, қор ғып жіберетін болады.
Бұлар мұсылманша жаду дұғасын оқыған сиқыршылардан шығады. Мұндай жау ашық, айқын келмей, түс бояп құбылып келгендіктен және аңдаусыз, жақыннан шыққандықтан ең қауіпті қас болады. Ертегі ері көретін анық қорлық, кешетін бейнет шағы осындай дұспанға кездесумен басталады. Кейде бұндай ертегілер неше алуан ғажайып құбылыстар туғызып, ертегілік алмасулар жасайды (ертегі трансформациясы) - ертегі геройы мен жауының кезектеп құбылулары: кейде құс болу, кейде ұсақ хайуан - мысық, тышқан боп кету, кейде тары тәрізді өсімдік боп кету, осылайша әр алуан ауыса құбылу қиял-ғажайып ертегісінің жаңағыдай жәдігөйлікпен байланыс халдерінен туады: "Қанай-Жанай"9, "Жалмауыз кемпір"10, "Қарғабай"11.
Тағы бір ескеретін елеулі жай: бұл алуандас ертегілердің бірталайы орыс халқының қиял-ғажайып ертегілерімен де ұқсас келеді.
Мысалы, жәдігөй жаудың жанын іздеу "Ер Төстікте" Шойынқұлақ туралы болса, орыс ертегісінде - Өлмес Кащейдің жанын тауып ап, Иван Царевич алысады. "Үш қыз" деген қазақ ертегісінің түбегейлі әңгімесі Пушкиннің "Сказка о царе Салтане" деген ертегісіне ұқсайды. Әсіресе, оның халықтық варианттарына жақын келеді. "Үш ағайынды жігіт" деген қазақ ертегісінің басы әсіресе орыстың "Сивка-Бурка" деген қиял-ғажайып ертегісімен ұқсас екенін профессор Сидельников дұрыс көрсеткен. "Оренбургский листоктің" 1892 жылғы 45-санындағы "Қарғабай" деген ертек орыстың "Морской царь", "Василиса Премудрая" ертегісіне ұқсатып айтылған.
Қазақ ертегілерінде кейде Солтүстік елдерінің ертегілік әсері байқалып, "Баба яга" сияқты заттар араласады. "Тіл қататын хайуандар қатынасып жүреді"12 деп, Алекторов орыс ертегісі мен қазақ ертегісінің ұқсастық жайын дәл айтады. Ертегілерді әңгімелеу жөнінде қазақ халқының тіл орамында келісті байлығы бар, шешен тіл дей отырып, академик Радлов: "Сөздік жағынан қазақ тілі, әрине, солтүстіктегі орыс көршілерінің әсерімен де байи түскен"13, - дейді.
Жоғарыдағы аталған заттар ғана емес, орыс ертегісінде кездесетін Таусоғар (Горокат), Көлжұтар (Опиваль), неше алуан мешкейлер (Объедало), Желаяқ (Ветроган) сияқтылар қазақ ертегілерінде аумаған ұқсас қалпында кездесіп отырады. Қазақ ертегісінде Жалмауыз кемпір - Баба яга болып кеп көрінуден басқа және қазақ ертегісіндегі "Жалғыз көзді жалмауыз" орыс ертегісінде "Лихо одноглазие" болып аталады. Әрине, осы тұста аталған орыс ертегісіне қазақ ертегісінің ұқсастығы сонау көне замандар кезінде туған жоқ. Шамасы XVIII ғасыр ортасынан, соңынан бастап, Россия мен Қазақстанның шаруашылық-саясаттық, мәдениеттік қарым-қатынастары дами түскен сайын көбейе түскен ұқсастық болады.
Қиял-ғажайып ертегілері жөнінде тағы бір айтатын өзгеше ерекшелік - бұлардың бірталайы мысқыл сатира түрінде туған әңгімелер болады. Негізінде қанаушы тапқа халық қарсылығын көрсетуші ертегілердің бәрінде көркем бейне арқылы тап тартысы айқын сезіліп отырады.
Сол ретте қиял-ғажайып ертегілерінде де, өзге барлық ертегілер түріндей, сатиралық ертегілер өзгеше орын алады. Қанаушыл, зорлықшыл, қаскөй күштерге қарсы арналған халықтың ащы мысқыл, аямас ажуасы бұл жөнінде де үлкен қызықтық үлгілер тудырады. Қиял ертегілерінде бұл топтар қиянатшыл хандарға қарсы, уәзірлерге қарсы, әр алуан обыр байларға қарсы, зорлықшыл, содыр және өздері көп жуан, зорлықшыл айғайларға қарсы туған сатиралық қиял-ғажайып ертегілері: "Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек"14, "Қаңбақ шал"15, "Үш ағайынды жігіт'"16, "Хасен"17, "Айлакер шал"18 сияқты ертегілер.
Қиял ертегілері жайындағы сөзді аяқтай келе, тағы бір атай кететін нәрсе, олардың тіл кестесі, сөздік құрамдары, жалпы әңгімелену ерекшелігі туралы. Бұл ертегілердің айтылу әдетінде өзінше басталу, өзгеріс аяқтаулар болады. Әңгімелеу үстінде белгілі бір кезеңдерде арнаулы кейіпкерлер оқиғаға араласқанда айнымай айтылып отыратын сөз айшықтары, оқшay сөйлемдері бар. Ертегі басталарда: "Есте жоқ ескі заманда", "Баяғы өткен заманда", "Ертек, ертек ерте екен, Ешкі жөні бөрте екен, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен!" деген сияқты желдірмелі жаяулатқан өлеңсымақпен басталатыны да бар. Бітер кезде: "Барша мұрат басына жетіп, сақалы сирағына жетіп, бір жан өтіпті" деген сияқты аяқтаулар болады.
Әңгіме ортасында құбыжық пішінді жат жандар: "Абалақтай анам-ай, қайдан келдің, балам-ай" деп оқиғаға кіріседі.
"Адамзат исі шығады", - деп сөйлей бастайды. Қызды айтса: "Ай мен күндей, әмбеге бірдей", - деп келеді. Оқшау мекенді айтса: "Айдалада ақ отау", "Жұлындай жерден жіптіктей түтін шығады" дейді. Жер бітімінің қиынын айтса: "Тескен тау" дейді, "Жер ортасы - Көктөбе", - дейді.
Қиял-ғажайып ертегілер бұл сияқты тіл, сөздік айшықтарды әсіресе мол көрсетеді. Тек ертегіні жазып алушылардың ұқыптылығы мен жауаптылығы, ғылымдық нақтылығы жеткілікті болған кездерде ғана бұл алуандас ертектердің тіл мен түрдегі көп ерекшеліктерін айрықша бағалай тануға болады. Ертелі-соңғы қазақ ескілігін жинаушы адамдар арасында бұл жөнде В.В. Радловтай ерекше ынталы, ұқыптылық көрсеткен оқымысты жоқ деуге болады. Ол жазып алған "Хан Шентей" деген бір ғана қиял-ғажайып ертегісінде төмендегідей ертегілік айшықты тіл, түр нақыстары бар екенін көреміз. Мысалы: "Таусылмас азық алды, тозбас киім киді", "Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш өтпесін", "Қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ", "Маңдайым тасқа тиіп, табаным жерге тиіп", "Ұшқан құстың қанаты күйеді, жүрген аң тұяғы күйеді", "Қара құлақ атың астында, ақ шамайдың үстінде", "Заманды күндер болғанда", "Дөң жерді ой қылды, ой жерді дөң қылды", "Майысқақ жирен астында, солқылдақ қызыл найза қолында", "Қарақұсқа ккөң етін кесіп береді", немесе "Еркелі айдар" деген ертегіде: "Қотыр тай ұстағанда құнан, жүгендегенде дөнен, ерттеп мінгенде бесті ат болады", "Тар құрсақта жатысқан, таласып емшек еміскен" деген сияқты ертегілі әңгіменің көркін, сырын айшықты шешен сөзбен толықтыра түсетін тіл, түр өзгешеліктері болады.
Осындай толып жатқан айрықша сөйлем, сөздік өрнектер де өзге ертектер қатарынан бөлекше боп қалыптанатын қиял-ғажайып ертегілерінің ерекшелік бейнесін танытады.

- Ертегіні оқыту әдістері
- Ертедегі темір дәуірі - сақтар
- Ерте замандағы Қазақстан
- Ертеңгілік гигиеналық гимнастика
- Ертеңгілік гигиеналық гимнастика
- Ерте орта ғасырлардағы феодалдар
- Ерте темір дәуірі
- Ерозія грунтів в Україні
- Ерозія ґрунтів. Причини і наслідки вітрової і водної ерозії
- Ерсональные компьютеры в медицинской практике
- Ерте бала аутизмі ұғымы туралы түсінік
- Ерте балалық аутизм
- Ертегілердің шығу тарихы
- Ертегілерді оқытудың жолдары