Ежелгі Қазақстан тарихы жазба деректерде

1…………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………

Ежелгі Қазақстан тарихы жазба деректерде 
Мазмұны 
1 Көне парсы деректері 
2 Көне грек авторларының шығармалары 
3 Скиф данасы — Анахарсис 
4 Қытай жазба деректері 
5 Пайдаланылған әдебиет

Көне парсы деректері

Тарих ғылымы белгілі бір мәселені зерттеуді, оң алдымен, деректер жинаудан бастайды. Деректер тарихи болмысты шындық тұрғысынан оқып-үйренуге бағыт береді. Ежелгі Қазақстан тарихы жөнінде жазбаша деректемелер көне парсы, көне грек, латын, қытай тілдерінде бізге келіп жетті. Бұл жазбаша деректемелер мазмұны мен сипаты жағынан сан алуан.

Басты деректемелердің бірі Зороастризмнің киелі «Авеста»1 деген ісітап атауымен белгілі. Ахура Мазда Құдайына арналған «Авеста» жырларының авторы Заратуштра («Кәрі түйеші» деген мағына береді) делінеді. Заратуштра Каспий теңізінің шығыс-солтүстігін қоныстанған арий тайпасының Спитама руынан шыққан.

Шамамен алғанда, адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар, абыз Заратуштра, біздің заманымызға дейін IX ғасырда өмір сүрді. Табиғи дарынының арқасында арийлердің батыр ұлдары жайлы жырлап, отыз жасында жаңа дінді ойлап табады. Қазақстан, Орталық Азия, Иран, Әзірбайжан, Aуғанстан жерінде таралған Заратуштра ілімінің қасиетті жазбалар жипағы біздің заманымызға дейін III ғасырында хатқа түскен 21 кітаптан тұрады. «Авестаның» сақталған бөлігінде Құдай атына айтылатын әнұрандар (гимндер) бар.

Басында Айға, Күнге, отқа, суға табынатын арийлер оның діни уағыздарын қабылдай қоймады. Әсіресе турлар қатты қарсылық көрсеткен. Заратуштра басқа жақтарға қоныс аударып, өз ілімін көрші елдерге таратады. Осылайша зороастризм діні дүниеге келді. Заратуштра уағыздарының Қазақстанның ежелгі тұрғындарының тарихын, мәдениетін танып білуде маңызы зор. Онда шығыс ирандық көшпелі тайпалар «турлар» деген жинақ атаумен беріледі. Сонымен қатар «Авестада» «сайримдер», «дахтар» деген тайпалар туралы да айтылады.

Tурлар мен арийлер  арасындағы шым-шытырық оқиғалар Әмудария мен Сырдария, Каспий мен Арал, Еділ мен Кама өңірлерінде өрбиді. Бұл «әнұрандағы» кейіпкерлер доңғалақты арбаларға мінген. Олардың қарулары — садақ пен жебе, найза, айбалта, кәсібі — мал өсіру (өгіз, жылқы және түйе), тамағы — ет пен сүт, Құдайға құрбандыққа шалуға жылқы, сиыр, қой әкелетіндігі баяндалған.

«Авестадағы» Құдай әнұрандары Орталық Азия мен оның солтүстігінде жапсарлас жатқан Қазақстанның баұташы-егінші тайпаларының рухани өмірі туралы құнды материал береді. Арийлердің Құдайға құрбандық шалып, оның атына мадақтау айтатын жерлері археологиялық деректермен де расталып отыр. 
Көне грек авторларының шығармалары 
Келесі кезекте — Ежелгі Қазақстан жөнінде ең көп хабар жинақтаған антик (көне грек) авторларының шығармалары. Көбіне грек және ішінара латын тілдеріндегі деректердің ішінен Кіші Азиядағы Галикарнас қаласынан шыққан ежелгі грек тарихшысы Геродотты (біздің заманымызға дейін 490 және 484—425 жылдардың арасы) ерекше атауға болады. Ежелгі Рим ғұламасы Цицерон Геродотты «тарихтың атасы» деп көрсетеді. Көне грек авторларын үлгі етуіміздің себебі, олардың мұраларының ең ескі дерек көздері болғандығынан деп ойлаймыз. Біздің заманымызға дейін V ғасырдың ортасында жазған «Тарих» атты тоғыз томдық еңбектің 4-томында тұңғыш рет антикалық әдебиетте скифтердің географиялық орналасуы, саяси тарихы, әдет-ғұрпы, тұрмысы суреттеледі. Геродот скифтердің Шығыстағы далалық көшпелі тайпалар арасынан келгенін айтады. Геродот грек авторларының көпшілігі сияқты сақтарды «азиялық скифтер» деген терминмен атайды. Скиф атауы Солтүстік Қара теңіз өңірі мен Алдыңғы Азияның көшпелі тайпаларына қатысты қолданылады. Грек деректемелерінде басқа да тайпа атаулары кездеседі. Мысалы, массагеттер, сарматтар (савроматтар), аргиппейлер, аримаспылар, исседондар және т.б. Геродот массагеттерді Каспий теңізінен шығыска қарай, Сырдарияның (Аракстің) арғы жағына орналастырады. Сақтар мен массагеттер еліне жасалған Дарийдің, Кирдің жорықтарын егжей-тегжейлі әңгімелейді.

Сақтардан солтүстікке қарай орналасқан сайримдер туралы Геродоттан барынша толығырақ деректер алуға болады. Геродот: «Танаис өзенінің (қазіргі Дон) арғы жағы сарматтардың қолында», — дей келе, Доннан Еділге дейінгі аралықты меңзейді. Сарматтар тайпа бірлестігі құрамына Солтүстік-батыс Қазақстан өңірінен шыққан аорстар да енген. Жайық — Елек өзендері аралығынан табылған археологиялық ескерткіштер де аорстардың сарматтармен мәдени ұқсастықтары бар екендігін анықтады. Геродот Дарийдің Скифияға жорығы туралы айта келіп: «Сарматтар скифтер жағында белсенді түрде соғысты», — деп жазды. Оларды әйелдер басқаратындығын айта келіп, амазонка әйелдер тайпасы туралы аңызды баяндайды.

«Сармат әйелдері садақ атады, сапы лақтырады, аттың үстінде жүреді. Барлық саны үш жауды өлтіргенше қыз күйеуге шықпайды», — деп көрсетеді. Сарматтар негізінде біздің заманымға дейін IV—III ғасырларда Сармат тайпалар одағы құрылды. Бұл жаңадан құрылған Сармат тайпаларының одағы аорстар, сирақтар, роксаландар, аландар, 30 языгилерден түрды. Соңғы жылдардағы Батыс Қазақстаннан табылған » Алтын адам», «қайқы қылыш» сияқты археологиядағы жаңалықтар сарматтардың әскери өнері дамығандығы туралы Геродот жазбаларын растай түседі. Сармат-алан тайпаларын IV ғасырда ғұндар талқандады.

Ал Геродот болса, халықтардың шығыстан батысқа қарай көшуін айта келіп: «Солтүстік-шығыс Қазақстанды мекендеген аримаспылар исседондарды өз жерінен ығыстырып шығарды. Ал исседондар скифтерді отырған орнынан қозғады, ал киммериліктер скифтердің тепкісіне төтеп бере алмай, өз елін тастап кетті», — деп жазды. Геродот: «Осынау көші-қон біздің заманымызға дейін VII—VI ғасырларда жүзеге асты» деп көрсетеді. Исседондарға ерте темір дәуіріндегі Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениеті тән. Археологиялық зерттеулер Орталық Қазақстан, Жетісу мен Орталық Азияда табылған қару-жарақ үлгілерінің ұқсастығын анықтап берді. Тасмола мәдениетіндегі тайпалар (исседондар) сақ тайпаларының қуатты бөлігін құраған.

Геродот келтірген «алтын қырыққан құзғындар» туралы аңыз Алтай өңірімен байланысты шықса керек. Себебі Алтай өңірі алтын кенішіне бай екендігі белгілі, онда алтынға бай аримаспылар Алтай баурайын мекендеген деп топшылауға болады. Ірі алтын кені бар Алтай өңірін, Зайсан көлі маңын аргиппей және аримаспы тайпалары мекендегенін археологиялық қазбалар да айғақтайды. Геродот Батыс псифтерінің Шығыстан көшкен далалық тайпалардың арасынан қолгендігін хабарлайды. Ал Шығыс Қазақстандағы сақтардың Берел, Пазырық, Шілікті қорымдары ежелгі өркениеттің қанат жайғандығын көрсетеді. Геродот сақтардың шөптен шыққан буды пайдаланатыны туралы таңғала әңгімелейді. Геродоттың баяндауынан сақ тайпалары ішінен массагеттер мен исседондардың бір-біріне ұқсас тайпалар екендігін байқауға болады. Тарих атасының айтуынша, массагеттер Аракс (Сырдария) өзенінен шығысқа қарай исседондарға қарама-қарсы мекендеген ірі әрі күшті тайпа болған.

Бұл тайпалар жайлы Страбон еңбектерінен де табуға болады. Ертедегі грек географы әрі тарихшысы «География» еңбегінің авторы Страбонның (біздің заманымызға дейін 64 — біздің заманымызда 23 жылдары) мәлімдеуіне қарағанда, Каспий теңізінің шығысына қарай тұратындар массагеттер мен сақтар делінеді. Ал қалғандарын Страбон жалпылама скифтер деген атаумен береді. «Бірақ әрбір тайпаның дербес атауы бар. Олардың арасындағы барынша белгілілер: асиилер, пассиактар, тохарлар, сакаравилер. Массагеттер тек Күнді ғана Құдай деп санайды және оған құрбандыққа жылқы шалады… аттылы-жаяу жақсы жауынгерлер. Ұрысқа алтын белдік тағып шығады. Аттарына алтын жүген салады. Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ қола мен алтын өте көп. Егіншілікпен айналыспайды, қайта номадтар (көшпенділер), скифтер сияқты мал бағып, барлық аулап тіршілік етеді», — деп жазды. Бұдан Страбонның тарихи материалдарды көбінесе Геродоттікіне ұқсас екендігін аңғаруға болады. 
Скиф данасы — Анахарсис

Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген скифтердің шығыстан батысқа қоныс аударуы нәтижесінде Қара теңіздің солтүстік өңіріндегі скифтер мемлекеті пайда болды. Ал Қара теңіз жағалауы скифтері өз замандастары гректермен тығыз қарым-қатынас жасаған. Бұл аймақтағы тарихи байланыстар жөнінде бірсыпыра анық мәлімет беретін «Тарихта» Геродот Скиф даласынан шыққан ғұлама Анахарсис туралы маңызды дерек қалдырған. Анахарсис Скиф жерінен Эллада еліне біздің заманымызға дейін 594 жылы келеді. Оның шыққан тегі туралы алғашқы деректі Геродот былайша береді: «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшысы Тимнен естуім бойынша, Анахарсис әке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып келеді. Спаргапифтен Лик, Ликтен Гнур, одан Анахарсис туған». Анахарсистің басты мақсаты — Эллада еліне барып, мемлекет ісін, философия ғылымын игеру еді.

Анахарсис өз Отанында тамаша тәрбие алып, ана тілін жетік меңгергендігімен қатар грек тілін де жақсы білген. Ол өзінің скиф және эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, кәсібі туралы 800-ден астам еңбектері бар. Анахарсис Солон арқылы афинылықтардың салт-дәстүрімен, заңымен, мемлекет құрылысымен тереңірек танысады. Скиф данасы көне грек ойшылдарын, грек мәдениеті мен өнерін біліп қана қоймай, оларға сын көзбен қараған. Оның көзқарастарынан далалықтардың дәстүрлі дүниетанымы байқалады. Анахарсистің даналық сөздерінің болмыс бітімі қазақтың белгілі шешен-билерінің сөздерімен қабысып жатыр. Эллин жерінде жүрсе де, тұрмыста скифтерше өмір сүреді.

Плутархтың «Жеті данышпанның сауығы» деген әңгімесінен Анахарсистің эллиндер елінде өзінің ақылымен, адамгершілігімен, терең білімімен үлкен құрметке ие болғаны байқалады. Геродоттың баяндауына қарағанда, Анахарсис Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне үйреніп, еліне қайтады. Анахарсис туған Отанында оны көре алмаушылардың қолынан қаза табады. Геродот Анахарсистің қайғылы өлімінің себебін скифтердің әдет-ғұрпымен байланыстырады. Афины билеушісі, Атақты реформатор Солонның төмендегі жалынды сөздері ұлы скиф данышпаны Анахарсиске арналады: «Афинылықтар, мен сендер үшін әділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы деп есептеймін. Ал мына жателдік азамат… скиф бола тұра ақылға бай, дана. Ол менің көзімді ашты, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байыптауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге қалаулыларының мүсіндерімен қатар қойыңдар!»

Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың ежелгі дүние өркениеттерімен — парсылармен, гректермен байланыс орнатқандығын көрсетеді. Сақтардың сол кездегі көптеген тарихи оқиғалардың бел ортасында жүргендігі байқалады. Адамзат жинақтаған мол құндылықтармен танысу әлемдік өркениеттегі Еуразия көшпенділерінің алатын орнын анықтауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде тарихтағы еуроцентристік көзқарастардан арылуға септігін тигізері сөзсіз. 
Қытай жазба деректері 
Қытайдың Батыс аймақтарды бағындыруға ұмтылуы сол өңірдегі халықтар жөнінде материалдар жинаудан басталды. Қытай жазба деректері өзінің көлемі жағынан және жүйелі жазылғандығымен ерекшеленеді.

Қазақстан тұрғындары туралы алғашқы анық мәліметтер император У-ди (біздің заманымызға дейін 140—87жылдары) Батыс өңірге жіберген тұңғыш Қытай елшісі Чжан Цяннан алынды. Қытай жазбаларындағы «Батыс өңір» деген жерлер қазіргі Шыңжаң (Шығыс Түркістан) және Қазақстан мен Орталық Азияның біраз бөлігіне қатысты қолданылды.

Чжан Цянь екі рет Батыс өңірде болып қайтты.Чжан Цянь бастаған елшілікке ғұндарға қарсы Жетісудағы үйсіндермен одақ жасау міндеті жүктелді. Ол елшілік барысында жергілікті халықтың шаруашылығына, әскери күштеріне, қару түрлеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне дейін пазар аударып, жазып алып отырды.

Әулеттердің тарихын жазушылардың ішінде У-ди императордың басты жылнамашысы «Қытай тарихының атасы» Сыма Цянды (біздің заманымызға дейін 145—86 жылдары) бөліп көрсетуге болады. Оның «Тарихи жазбалар» («Шицзи»)деген еңбегінің «Сюнну туралы хикая» және «Давань туралы хикая» деген екі тарауында ғұндар туралы мәліметтер бар. Мазмұны жағынан Геродоттың Қара теңіздің жағалауындағы скифтер туралы баяндауларына ұқсас. 
Пайдаланылған әдебиет 
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4

 

 

 

 

                                      Тестент.ру 

2………………………………………………………………………………………………………………………………………………

1.Алғашқы  адамның қалай пайда болғаны  туралы.

Адамның шығуы, оның дамуы мен еңбек қызметіннің тарихы жердің түпкір-түпкірінің бәрінде бір-біріне өте ұқсас және өзара тығыз байланысты. Қазақстанның территориясы –планетаның шағын бөлігі, сондықтан оның тарихы бүкіл дүние жүзілік тарихтың бір тарау ғана болып табылады.

Адамзаттың ежелгі өткен заманының көп беттері әлі анықталған жоқ, түсініксіз мәселелер мен даулы қағидалар әлі көп.

Ғылыми зерттеулер нәтижесінде жер бетіндегі адам баласы осыдан 2-2,5 миллион жыл бұрын пайда болған. Жер жүзінде еңбек етуге қабілетті болған ең ежелгі өмір сүрген адам хомохабилис – «шебер адам» (презинджантроп) болып есептелінеді. Оның сүйек қалдықтары далбарлап жасалған шапқы құралдармен (чопперлермен) бірге 1959-1963 жылдары Олдувэй шатқалынан (Шығыс Африка - Кения) табылды. Ол 1 млн. 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Хомо хабилистің мыйының көлемі (652 см3) австралопитек маймылдарының мыйынан біраз асады. Бірқатар басқа ерешеліктері болған, мәселен, түргеліп жүргендікті аңғартатын, айқын білінетін табан имектігі.

Алғашқы адамдардың (олдувэйлік) еңбек құралдары: қырын өткірлеу үшін ұрып жұқартылған малта тастар мен дөрекі ауыр тас сынықтары (чопперлер) болды.

Адамның эволюциясындағы одан кейінгі қадам хомо эректус – «тік жүретін адам» сатысына байланысты. Бұл тұрпаттың өкілдері тас дәуірінің Шелль-ашель мәдениетінің иелері питекантроп пен синантроп болды.

Питекантроп 1891 жылы Ява аралында табылды. Ол бұдан бір миллиондай жыл бұрын өмір сүрді. Питекантроп Хомо хабилиспен салыстырғанда елеулі эволюциялық өзгерістерге ұшырады. Мый көлемі үлкейді (950 см3), бас сүйегі мен жақ сүйектері кішірейді, аяқ пен қолдың пропорциясы өзгерді.

Тік жүретін адамның екінші бір түрі синантроп болды; ол бірінші рет 1927 жылы Чжоу–коу –дянь үнгірінен табылды. Синантроптың сыртқы бейнесінен дамудың неғұрлым процестік белгілері байқалады. Бұл белгілір: мый қабығының көлемі үлкен (1075 см3) , мандайының тайқылығы азырақ, қабағы жатық, иегі ықшам.

Чжоу-коу-дяньда табылған қазбалардың айтарлықтай ерекшелегі сол, синантроптың сүйектерімен бірге онда әр түрлі формадағы дөрекі тас құралдар, отта көп жатқан тастар және төмеңгі палеолит жануарлараның көп сүйектері табылды. Демек, синантроптар сол кездің өзіңде отты пайданала білген.

Адамның эволюциясындағы келесі қадам Хомо Сапиенс саналы адамның пайда болуымен байланысты. Тарихта бұл кезеңдегі адамды (орта палеолит) неандерталь деп атайды. Тік жүретін адамға қарағанда, неандерталь адамның өмірінде мәнді-мәнді өзгерістер болды. Осы кезде ежелгі адамдардың дене бітімінің өзгершіліктері біржолата қалыптасты. Олардың бойы аласа келді (150-160 млн), мый қауағының көлемі енді 1300-1400 см3 болды.

Неандертальдың өзгеше белгілірі: қас сүйегі шығыңқы, тайқы маңдай, бас сүйегі жайпақ, тістері ірі, иегінің шығыңқылығы аз. Омыртқа жотасының тіктігі, тізе буынының жазылмайтын қисықтығы неандертальдардың жүрісінің ебедейсіз болғанын көрсетеді.

Дене бітімі қазіргі кездегідей адамның (Хомо Сапиенс) пайда болуы соңғы палеолит дәуірімен байланысты. Осы уақыттан бастап адамдардың эволюциясында шешуші өзгеріс болады және нағыз адамзат тарихына біржолата көшу басталады.

Алғашқы Хомо Сапиенс өкілдерінің пайда болуы әдетте б.з. 50-45 мың жыл бұрын болған делінеді. Оған тән белгілер 1868 ж. Франциядағы Кро-Маньон үнгірінде табылған бес қанқаны зерттеу негізінде аңықталды.

Кроманьондық адамның тұрпатында, осы заманғы адамдарға тән ерекшеліктер айқын білінеді. Оларға тән нәрсе – басының сопақтығына қарай маңдайы кең, беті өте жалпақ, тікше және мый қауағы кең (1500-1800 см3), бойы биік (168-194 см), сүйектердегі бұлшық ет бедері айқын көрінеді.

Сойтіп, адамның шығуы, оның дамуы негізінен үш сатыдан өтіп, еңбек процестің нәтежесімен байланысты болғанын көреміз.

2.Тас  дәуірі. Палеолит, мезолит, неолит дәуірлері.

Ежелгі адам өз дамуында бірінен кейін бірі келетін бірнеше кезеңдерден өтті. Археологияда қабылданған кезеңдерге сәйкес адамзат тарихы тас, қола және темір дәуірлеріне бөлінеді.

Тас дәуірінің кезеңдері:  
1. Палеолит (ежелгі тас дәуірі) 
А. Ерте палеолит  
Ә. Орта палеолит  
Б. Кейінгі палеолит  
2. Мезолит (орта тас ғасыры)  
3. Неолит (жаңа тас ғасыры)

Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең ұзаққа созылған және аса маңызды кезеңдердің бірі болып табылады.

Ежелгі тас ғасыры-адам мен оның шаруашылығының қалыптасуының бастапқы уақыты. Алғашқы адам жабайы өсетін дәндерді жеміс – жидектерді жинап жануарларды аулаған. Ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі алғашқы төбыр-бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау және жиын терін үшіп бірлесу болды.

Ежелгі палеолит – ірі-ірі үш кезеңге:

Олдувэй (б.з.б. 2,6 млн жыл-800 мың жыл);  
Ашель (б.з.б. 800-140 мың жыл);  
Мустье (40-35 мың жыл) кезеңдерге бөлінеді.

Адам баласынының ең алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Осыған байланысты алғашқы тарихи кезең тас ғасыры деп аталған.

Табиғаты. Оңтүстіктегі Үнді мухиты жағынан жылы ауа Қазақстан жеріне келіп турған. Сондықтан Казақстанда субтропиктік ормандар болған.

Осы кездегі Қазақстан жерін мекендеген жануарлар: өзен, көлдердің жағасында пілдер, шалғында жылқылар, таулы жерлерде аюлар, мамонттар, бұғылар, бизондар, тауларда арқарлар, тауешкілер т.с.с. Б.з.б. 100-80 мың жыл бұрын ауа райы құрт өзгерген. Осы кезде Қазақстанда ұзаққа созылған ауа райының суытуы басталған. Барлық тауларды мұз басқан. Бұл суық мерзім б.з.б. 12-5 мың жылдарға дейін созылған.

Адамдары. Қазақстан жерін ежелгі адамдар б.з.б. 800-140 мың жылдықтардан бастап мекендеген. Алғашқы адамдар Қаратау жотасы мен Қарасу тұрағында мекендеген.

Алғашқы адамдардың айналысқан істері: аң аулау, терімшілік.

Алғашқы адамдар баспанасы: табиғи үңгірлер, үңгіме қуыс, тау шатқалдары т.б.

Адамдар табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұру үшін, бірігіп аң аулап тіршілік етіп қиындықты жеңу ұшін топпен өмір сүрді.

Еңбек құралдары. Ауыр салмақты, тік бұрышты ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатқызылады. Жамбыл облысындағы Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты мекендерінен (5000-ға жауық тас құрал), Қазанғап шатқалы (тастан жасалған 300-ге жуық құрал), Қарасу тұрағы (тастан жасалған 1500-ға жуық құрал), Сарыарқа тұрақтары, Балқаштың Солтүстік жағалауы (ежелгі адамдардың тұрақтары) т.с.с. жерлерден тастан жасалған құралдар табылған.

Орта палеолит. (б.з.б. 140-40 мың жылдықтар).

Орта палеолит дәуірі ертедегі адамның дамуымен, мәдениеті дамуының жаңакезеңі болуымен ерекшенеледі.

Орта палеолитте Қазақ даласындағы жер құрылымында күшті тектоникалық (құрылу, өзгеру процестері–грек сөзі) қозғалыстар болып өтті. Соның нәтежесінде таулар, төбелер пайда болып, жерді екі рет топан суы басты. Солтүстік Мұзды мұхиттың суы көтеріліп, ол Қазақстан жеріне дейін келді. Орталық Қазақстанда жер деңгейі 500 метрге дейін көтерілді. Бірнеше мың жылдардан кейін Оңтүстікте басталған мұздардың еруіне байланысты Қазақстан жерінде құмды, шөлді, суы тапшы жерлер пайда болды. Өзеңдердің қазіргі арналары қалыптаса бастады.

Қазақстандағы жазық жерлер (Ертіс пен Балқаш маңы) орманды далалы, оңтүстігі көбіне жусанды, шөлді болып қалыптасты. Тянь-Шаньда және басқа да таулы жерлерде қаптал қарағай, шырша, жөке, қызыл қайың, қандыағаш өсетін болды.

Қазақ даласында бірнеше хайуанаттардың түрлері болды: пілдер, жүні сирек мамонттар, жазық далада түйе, қарақұйрық, бөкендер т.б. болды.

Адамдар және олардың тіршілігі.

Орта палеолит дәуірінің адамдары– неандертальдықтар. Антропологиялық келбеті: қысқа мойынды, аса ірі тісі бар, сөйлеу қабілеті дұрыс қалыптаспаған.

Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аңды қауым болып бірігіп, топпен аулаған.

Басты ерекшеліктерінің бірі шақпақ тастарды бір – біріне үйкелеу арқылы отты шығаруды үйренді. Осы кезде алғашқы діни наным қалыптаса бастады. Ең алғашқы дін магия. Бұл арқылы өлікті бір қырына қарай жатқызып, аяғын бүгіп жерлеген.

Еңбек құралдары және археологиялық ескерткіштер.

Тасты өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары негізінен, нуклеуістен (тастан) жасалды. Пышақ, қару ретінде үшкір тас, ағаш, тері өңдеу үшін қырғыш тас пайдаланылды.

Археологиялық ескерткіштер Оңтүстік Қазақстандағы Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан таблыған заттар: үшкір тас, қырғыш т.б.

Соңғы палеолит.

Соңғы палеолит б.з.б. 40-35 мың жалдан басталып, 12-10 мың жылмен аяқталады. Бұл жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңінен тарай қоныстаған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың қалыптасу уақыты. Бұл тұста адамдардың рулық қауымы мен топтық ұжымдары қалыптаса бастады.

Рулық қауымдар барлық жерлерде алдымен отбасының қамқоршысы, бала өсіруші ана төңірігінде топтасты, осыған байланысты әйелдер алғашқы қауымда үстемдік жасады, мұның өзі аналық – матриархаттық дәуір деп аталды. Сонымен, аналық ру өзара қандас туыстығы арқылы біріккен және шешелері жағынан шыққан тегі бір адамдардың экзогамиялық тобы болды.

Соңғы палеолитте ірі хайуанаттардың азайюы адамдардың тұрмыс жағдайларын едәуір өзгертті. Енді орташа және ұсақ аңдарды аулау үшін жетілдірілген жаңа құралдар қажет болды. Аңшылар қолдарына қару алып, тамақ іздеп, ұсақ сапар шекті. Әр түрлі іске қолданылатын еңбек құралдары пайда болды. Соңғы палеолитте Қазақстан жерінде адамзат қоғамының үздіксіз ілгері дамып отырғаннын көрсетеді.

Мезолит дәуірі (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар).

Кейінгі палеолит дәуірінен кейін орта тас дәуірі (грекше «мезос» - орта деген сөзден шыққын) мезолит дәуірі келді. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелгендіктен, осы дәуірдің ескерткіштері Қазақстан жерінен аз табылған.

Табиғаты. Қазақстанның ауа райы қүрт жылынып, мұздар еріді. Шөбі, өсімдігі мол далалар сиреп кетті. Бірқатар жануарлар (мүйізтұмсықтар, мамонттар) құрып кетті, енді аңшылардың аулайтын көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, койы, үйрек болды.

Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы- садақ пен жебе. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Сайып келгенде бұл ежелгі адамның шаруашылық өміріндегі түбірлі өзгерістерге жеткізді. Садақ пен жебеден басқа осы кезде микролиттер- ұшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды.

Дәуірдің ерекшеліктері: жануарларды қолға үйрету, дәнді дақылдар өсіру.

Неолит дәуірі: (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар).

Неолит дәуірі тас дәуірінің соңғы кезеңі жаңа тас дәуірі болып саналады.

Неолит дәуірінің аса маңызды белгісі табиғаттың дайын өнімдерін иемдену яғни терімшіліктің орнына келген өндіруші шаруашылыққа негіз болған мал шаруашылы мен егіншіліктің шығуы болып табылады. Шаруашылықтың жаңа түрлері шығуының адамзат қоғамының дамыу үшін орасан зор маңызды болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапасы жағынан өзгертті. Өндіруші шаруашылықтың шығыу «неолиттік революция» деп аталды. Тамақ өндіруге, жеуге жарайтын өсімдіктерді саналы түрде өсіруге, жануарларды қолға үйретуге, өсіруге және іріктеуге көшу адамзат тарихында адамның от жағу өнерін меңгергенінен кейінгі асқан зор экономикалық революция болды.

Неолит дәуірінде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өнделетін тастар тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты. Сонымен бірге керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады.

Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды: онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар тұқымдас жағынан және шаруашылықтың түріне қарай біріккен бірнеше рулық қауымдардан тұрды. Ежелгі Қазақ жеріндегі тайпалар ақшылықпен, балық аулаумен, өсімдектерді жинаумен шұғылданды. Кейінректе (неолитте) олар мал өсіру, егіншілік және кен. өнеркәсібімен шұгылдана бастады. Адамдар мата тоқып, киім тігуді уйренді. Керамикалық заттарға геометриялық өрнектер сала білген.

Тұрақтар. Арал өңіріндегі Сексеуіл тұрағында малшылар мен аңшылар тұрған. Себебі бұл жерлерде сиыр, қой, жылқы сияқты үй жануарлардың сүйектері табылған (Қостанай облысындағы Ботай тұрағы, Батыс Қазақстан Өңірінлегі Көктүбек, Темір тұрақтары және т.б.). Қазырғы уақытта Қазақстан аумағында 600-ден аса неолиттік және энеолиттік ескерткіш мәлім.

3. Қола дәуіріндегі Қазақстан.

Қола дәуірі. (б.з.б. 2-1 мың жылдықтар). Тас ғасыры аяқталғаннан кейін, қола ғасыры басталады. Қола ғасыры деп аталуының себебі, осы кезде Евразияда қола өндіру тәсілі меңгеріліп, қола заттарын жасай бастады. Қола еңбек құралдары мен қару үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қола дәірінде рулық қатынас жойылып, тайпалық бірлестіктер құрылды.

Қола дәуірінің басты үш ерекшілігі болды.

1.Қола металлургиясы. Түсті металлдар мен алтын өндірістік жолмен игеріле бастады. Қазақстан жер қойнауында полиметалдардың, ең алдымен қалайы-мыс рудаларының барынша молдығы бұл территорияда металургияның мықты ошағы шығыуынын бір себебі болды. Қазақстанның бірнеше өңірлірінде кен өндірілген орындардың табылуы бұған дәлел болады.

2.Бақташылық, мал  шаруашылығы. Біздің заманымыздан бұрынғы II мың жылдықтың ортасында Қазақстанның далалық тайпаларында алғашқы өндірістің өрлеуі байқалды, мал өсіру интенсивті түрде өрістеді. Осы уақыттан бастап далалық Евразия халықтарының шаруашылығында мал осіру неғұрлым көбірек орын ала бастады. Б. з. б. II мың жылдықтың аяғында –I мың жылдықтың басында далалық өңірлердегі халықтардың көпшілігі шаруашылықтың маманданған жаңа түріне - көшпелі мал шаруашылығына көшеді.

Басқа тайпалар ішінен мал өсірушілердің бөлініп шығуын Ф. Энегельс ең бірінші ірі қоғамдық еңбек бөлісі деп атады «Үй жануарлардың түрі көбейді».

3.Егіншілік. Егіншілік орташа дәрежеде дамыды.

Қола дәуіріндегі экономиканың басты – екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металургияның, сондай – ақ егіншіліктің дамуы ең алдымен еркектердің еңбегін қажет етті; мұның өзі қоғамдағы ер азаматтардың ролін арттырды. Сондықтан аналық рулық қатынастың орнына аталық ру (патриархат) орнады.

Қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістер өндғргіш күштердің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануының күшеюіне, патриархаттық қатынастың дамыуна байланысты болды. Жеке семьялар өқшауланды, семьялық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті.

Андронов мәдениеті. Қазақстанда қола дәуіріндегі тайпалардан көптеген тұрақтар, кен ескерткіштер қалған. Бұларды Андронов мәдениеті деп атайды. Бұл мәдениет – Евразиядағы ең ірі қола дәуірінің мәдениеті. Андронов мәдениетінің бірінші ескерткіші 1914 жылы Сібір жеріндегі Андроов қонысындағы Ашинск селосы маңынан табылған.

Андровнов мәдениеті шығыстағы Минусинск шұнқырынан бастап солтүстік аса үлкен Батыс Сібір жазығынан Қазақстанның оңтүстігіндегі Памир тауларына дейінгі кең-байтақ аумақты қамтыған.

Қазақстандағы ескерткіштері Солтүстік Батыс және Орталық Қазақстанда орналасқан осылардың ішіндегі ең ірісі - Орталық Қазақстан. Бұл аймақта қола дәуірінің 150- ге жуық қабірі, 30 – дай елді мекен тұрағы бар.

Шаруашылығы. Қазақстан территориясында қола өндіру ісі мыс пен қалайыны қорыту арқылы б.з.б. 2 мыңжылдықта бастады. Андроновтықтарда, негізінен, отырықшы шаруашылық басым болған. Бұл әрине, егін шаруашылығының дамығанын көрсетеді. Жер тесемен өнделгендіктен, сол кездегі, егіншілік Андронов тайпаларында «теселі егіншілік» деп аталған. Көбінесе бидай, тары өсіріген: бақшалық шаруашылық та дамыған.

Андроновтықтар жылқы, сиыр, қой, ешкі, кейіннен түйе өсірген: жануарлардың терісі мен жүнін киім ретінде, еті мен сүтін тамақ ретінде және қосымша жануарларды көлік, күш ретінде пайдаланған.

Қола дәуірінде Қазақстанды мекендеген тайпалар қыш ыдыстар жасаған. Бұл көбінесе әйелдер ісі болған. Мұндай ыдыстарды жасағанда негізгі шикізат ретінде балшықты пайдаланған.

Ыдысты жасау әдістері:  
а) таспалық әдісі;  
ә) қалыпқа салып пішіндеу әдісі.

Бұл әдістер б.з.б. XVII-XI ғасырларда қолданылған.

Андроновдықтарда үй кәсіпшілігі, әсіресе, тоқыма кәсібі жақсы дамыған.

Киім тігуге қой жүнін, ешкі түбіті, малдың терісі, сүйек, тарамыс жіп т.б. пайданалынған. Олар жүннен тоқылған баскиім, теріден тігілген құлақшын, өкшесі жоқ аяқкиім т.б. киген.

Андронов кеншілері. Қола дәуіріндегі Қазақстанның кен орындары: Жезқазғандағы мыс, Қалба мен Нарымдағы қалайы, Ақжал мен Степняктағы алтын кен орындары (б.з.б. үш мыңжылдық).

Кен өндіру әдістері:  
а) опыру әдістері;  
ә) отпен үгіту әдісі;  
б) ұңгіп қазу әдісі.

Андронов тайпалары өндірген кенді суда жуған. Ол кендер балқыту пештеріне тасылған. Мұндай балқыту пештері Атасу, Суықбұлақ, Қанай манындағы андроновтықтар елді мекендерінен табылған.

Қоғамдық қатынастар. Шаруашылықтың дамуындағы өзгерістер андроновтықтарда қоғамдық үйымдағы өзгерістерге жеткізді. Әлеуметтік жіне әскери саяси құрылымдарда рулық – тайпалық бөлімшілер пайда болды.

Еркек-көсем, еркек–жауынгер, қоғамда, материалдық игіліктерді өндіруге үстем дәреже алды; ол рулық қауымнның басшысы болды, туыстық әке жағынан есептеле бастады. Әр рудың өз аты болды. Мал, үй мүліктері; еңбек құралдары рудың байлығы болып есептелді. Жеке меншік пайда болды. Осыдан мүлік теңсіздігі күшейіп, бай мен кедей ұғымы дүниеге келді.

Тұрғын үйлері: жертөле немесе жартылай жер бетіндегі үйлер. Қала дәуірінің соңындағы үйлер – жер бетінде салынған сопақша үйлер.

Ежелгі Қазақстан тарихы жазба деректерде