Ежелгі Римдегі гладиаторлар ойыны



 

Мейірімді құл сүйгіш ұлық Алла адам ұрпағына ар ілімін нәсіп қылып,  олардың жүректерінде  ізгіліктің дәнін көгрететін руханиятты үйретпесе қоғамда әділет өз бетінше орнамайды. Бұған  дәлел ретінде жарты әлемді жеті ғасыр жамбасына басып жатқан Рим империясының дүрілдеген дәуірі мен гүлденген өркениеті және адамшылығын көрсететін рцуханияты туралы айтып көрелік. Бұл Империяның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп абырой атағы шалқып тұрғанда әлем өркениетіне қосқан жаңалықтары  жетерлік. Олардың көбісі бүгінге дейін әлем мәдениетінің бөлінбес бөлшегі. Солардың бірі империядағы жолдар жүйесі. Римдіктер жол салудың небір түрін меңгеріп, күрделі құрылыстың  сыры мен қырына әбден қанық болды. Қаптаған көліктердің көшеде кептеліп қалуы секілді проблемалармен олар сол кезде-ақ бетпе бет келді. Тәртіпті жол тораптарын Римде ғана емес Империяға күшпен кіргізілген  жаңа жерлерде де шым-шытырық жолдар жүйесін жасады.  Мысалыға Британияда Рим империясы жаулаған 400 жылдың ішінде ұзындығы 10 000 мильге созылған жаңа жол салынып, тас төселген. Барынша қысқа һәм төте жолмен қарулы әскер мен қаһарлы нөкерлерді майдан алаңдарына жылдам әрі тез көшіру үшін Рим инженерлері жолдағы кез келген кедергіні бұзып жарып, қиратып, тегістеп кете беретін.  Оларға  алып ағаш, биік төбе, үйдей тастар, жекелеген үйлер анау айтқандай қиын шаруа еместін.    Төте жолға кедергі болса тұтастай ауылдың өзін тайлы тұяғымен көшіріп, жер аударады.  Жол салу кезінде анау-мынау емес кәдімгі табиғи таулар мен   тастарға, ағысы қатты асау өзендерге тап болатын. Ондай жағдайда   дарияның үстіне көпір салып, арғы бетке тез өтудің барлық айла тәсілін қарастырады.  Наполеонның:  «Рим тарихы, әлем тарихы» деген  сөзімен келіспейтін кісі баласы жоқ шығар. Біз күні бүгінге дейін қоғамда қолданып, тұрмыста  тұрақты пайдаланып келе жатқан көптеген заттар Рим империсында жасалған.  Рим империясы мұндай мәдениетке  қалай қол жеткізді? Әйтсе де Римдіктер іске асырған көптеген ұлы идеялар олардың төл табысы емес еді. Көп жаңалықты олар Гректерден алды.  Бар нәрсенің өзін ұқсатып қолдану үшін де біраз білім керек. Рим инженерлері бұл идеяларды іске асыруда теңдесі жоқ шебер болды. Әрі  ұйымдастыру қабілеттері өте жоғары еді.  Римдіктер бір істі қолға алғанда бір қателікті  екінші қайталамауға тырысатын.   Осы сөздің  шындығына көз жеткізу үшін Римдіктер мирасқа қалдырған өркениет салаларын санап шығалық. Ең бірінші «Су жүйесі». Римдіктер  іргетеасын жаңа қалап,   сәнді етіп салған қалаларында ауыз су жеткізу кезінде дренаж жасауды жолға қойды.   Ішкен адамның ішегінде  ауру қоздырып,  әп-сәтте ажал шақыратын зиянды бактериялардың түр сипаты мен табиғаты   адамзатқа мәлім болғанға дейін Римдіктер былғаныш судың қауіпті екенін білетін. Борсыған сасық судың емі жоқ көптеген аты жаман ауруларға себеп болатынын долбарлады.  Сол себепті  кез келген жаңа қаланың құрылысы  ол жерге шатыр тіккен  жұмысшыларды қамтамасыз ететін   ауыз су табудан басталатын. Ауыз суды  тисті жеріне жеткізу үшін ұзаққа созылған  құбырлар тартады.   Былғанған  қалдық суларға   таспен өрілген арнайы шұңқырлар қазады.   Сасық судың күлімсі иісі жұрттың мазасын алмас үшін әбден толған кезде шұңқырды   топырақпен көміп тастайды. 

  Рим хирургтері медициналық құрал саймандармен   күрделі операцияаларды жасауды үйренді.  Хирургтерде медециналық құрал саймандардың арсеналы болды.  Олардың көбісі күні бүгінге дейін қолданылып келеді.  Олар  скальпель, лопатка, қысқаштар, және қайшы. БЭД 300 жылдары Римдіктер сұрапыл соғыста аяғынан айрылған жауынгерлеге протез аяқтар жасауды үйренді. Рим шеберлері ағаш аяқты сыртынан қоламен қаптап шығады. 

Қазіргі кездегі көп бөлмелі саунаға ұқсас моншаның неше атасын жасады.  Спорт жарыстары біткен соң шаршағандарын басу үшін көп бөлмелі моншаға кіріп, шомылып жүріп көптеген маңызды мәселелерді шешетін.

Еріккен римдіктер  көңіл көтерудің түр-түрін ойлап  тапты. Оның ішінді қазіргі  Цирк те бар.

Римде асханада пісірлген ас ауқатты сұраған үйге пісіріп, дайын күйінде жеткізіп беру   жолға қойылды. Италияда  жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары осыны айғақтайды. Көптеген үйлерден от жағып, қазан асатын асхана орны мүлдем табылмаған.  Оның үстіне Римдіктер үйді ағаштан салған.  Ағаш үйде от жағу кез келген мезетте өрт деген тілсіз жауды шақыруы мүмкін.  Сондықтан сол кездің өзінде көшелерде пісіріп сататын жеңіл тамақ түрлері толып тұратын.

Бетке жағатын  кремьнің де жеті атасын жасап шығарды.  Римдіктер қол жеткізген ең үлкен мәдениеттің бірі қоғамдық туалеттер соғу.  Қоғамдық орындағы  дәретханаға бір уақытта 20 адам бір –ақ кіріп, іш босатып шығатын.

Амал нешік  осыншама өркениет құрып, ғылымы өзгеден  оқ бойы озық шықса да римдіктер  бұл дүниедегі ең  қымбат, баға жетпес құнды зат  адам өмірі екенін түсінбеді.  Оған дәлел Рим империясының есі кеткен есірік патшаларының Гладиатор қырғындарын ойлап тауып, қызық үшін қоғамға ендіргені.  Ең бірінші қызық үшін көрсетілген шағын  шайқас 264 жылы Римдегі «Қанды базар» деген жерде  Брут Пере деген кісін еске алуға ас берілгенде  көрсетілді.   Асты Бруттың балалары Марк пен Децимом береді.  Осы кезде үш гладиатор қанжармен қылыштасып, жиналған жұртты тәнті қылады.   Арада 50 жыл өткенде ойынның бұл оңбаған түрі бір қаланың шеңберінен шығып,   бүкіл елге жайылып  кетті.  Палуан  денелі 22 гладиатор екі рет консул болған Марк Эмилии Лепиде еске алу үшін берілген аста  3 күн бойына тынбай сайыс өнерін көрсетеді.  БДД. 105 жылы  көпшіліктің қолдауымен гладиатор ойындары ресми ойын-сауық ойындарының қатарына кіре бастайды. Осылайша қауіпті құбыжық  шөлмектен шығып кетті десе де болады. Көп кешікпей 100 деген жігіттердің  бірнеше күнге созылған шайқасы ешкімді таңқалдырмайтын қалыпты құбылысқа айналды.  Бұл өнерді  нан табу мақсатында кәдімгі кәсіпке айналдырғысы келгендер де қалыптасып келе жатты. Гладиаторларды арнайы үйретіп, асырап-бағып, күтіп, баптап  соғысқа салып отыратын ауқатты адамдар тобы пайда болды. Оларды «Ланистер» деп атады. Ланистер  құл сататын базарға барып,   дене бітімі шымыр,  қайратты жас жігіттерді сатып алады.  Мүмкін болса тұтқынға түскен бақытсыз жандарды  немесе сотталып ауыр жазаға кесілген қылмыскерді сатып алуға тырысады.  Сосын оларға қанжарласудың  барлық түрін  үйретеді.  Гладиаторлар пісіп жетіліп, дайын болғанда  той жасағысы келген  байларға оларды жалға беріп,  шаш етектен пайда табады.  Октавия Августтың кезінде шамамен БДД. 10 ныншы жылдары Рим қаласында императордың өзі құрған  атышулы 4 гладиатор мектебі болды. Олар «Үлкен»,  «Азанғы», «Галдар» және «Дактар»  мектебі. Бұл мектептің түлектері жабайы жыртқыш аңдармен жекпе-жек сайысатын.   Рим аристократтарының арасында өзінің жекеменшік жырынды гладиаторларын өзімен бірге ертіп жүру сәнге айналды. Олар қожайындарына тек шайқаспен ақша тауып қана қызмет қылмайтын.    Римде азаматтар толқуы белең алған  аумалы-төкпелі заманда күзетші қызметін қоса атқарды. Бұл жағынан келгенде Юлий Цезарь  алдына жан саламады.   Оның күзетші гладиаторы екі мыңнан асып, гвардия емес армия есебінде ұсталды десе де болады. Ескерте кететін тағы бір жайт гладиатор болып аренада  шайқасуға бірыңғай қожайынның күштеуімен не болмаса соттың қысымымен шыққан жоқ. Көп жағдайда ақша мен атақ іздеген кейбір бейбақтар өз еріктерімен осы бір қауіпті де қатерлі ойынға бас тігетін.  Мықты һәм қылыш өнерін шебер меңгерген жігіттер үшін бұл бір тез байудың төте жолы болды. Сонымен қатар ажалың толмай қыршын кетудің де төте жолы  осы – «қанды арена» еді.  Жұлдызы жанып, жекпе-жекте жеңіске жеткендер өзінің өнеріне тәнті болған байлардан  әр түрлі силық  алып қарық болса, енді біреуі ойынды ұйымдастырушы алпауыттың  шайқасқа тіккен ақшасына көміліп қалатын. Қала берді сахынадағы қалың көрермен өздеріне ұнаған гладиаторға қымбат, бағалы заттарын алаңға айқайлап лақтыратын. Көрерменнің қолынан ұшып түскен  бағалы бұйымдардың өзі бірталай дүние еді.  Император Нерон   жанкешті гладиаторға  риза  болғаны сонша оған ойланбастан (Спикул есімді батырға ) сыңғырлаған кең сарайды сыйлай салған.  Аренада шайқасып жүріп, әбжіл қимылдаудың әбден әдісін алған әккі ардагер гладиаторлар қылыштасу өнерінен сабақ беріп, әжептеуір ақша тауып, тұрмысын түзеп алатын. Бірақ аренада анау айтқандай үнемі бәрі сәтті болып кете бермейді.  Сахынада құтырып, желік қысып еліріп отырған көпшілік шайқастың барынша шынайы шыққанын қалап, қан мен өлімді де көзбен көргісі келетін. Ондай кездері амал жоқ.  Екі жақ та аянбай   қырқысады.  Не дегенмен де гладиатордың көп бөлігін тұтқындар мен қанды қол қылмыскерлер құрайтын. Гладиатор мектебіне сатылған құлдар  мен қолға түскен қарақшы қылмыскерлер  3 жыл арнайы курста сабақ оқып, тәлім алады.  Сосын циркте шайқасып, жұрттың көңілін аулайды.  Жекпе-жек кезінде Гладиатор  Құдай қарасып тірі қалса онда тағы да екі жыл Ланистің көмекші болады  не  болмаса мектепте қылыштасудан сабақ беріп,  қызметі қылады.  Осы міндетін абыроймен атқарып шықса   оған  бостандықпен бірге  Рим азаматтығын сиға тартады.   Гладиатор   карьера қуып, осы кәсібін  ары қарай жалғастырам десе оған да правосы болды.

Қанды қырғын басталмас бұрын  елді құлақтандыру да өз алдына бөлек  жұмыс. Жарнама жасауды әбден үйренгендер  қаланың барлық бұрышы мен қалтарыс қуысына плакаттар іліп тастайтын. Кей кездері жарнама қағазын ілетін  бос орын болмай қалады.  Енді біреулері   моладағы  тастарға да жазу жазған.  Ежелгі Рим зираттарында  осындай жазудың бірнешеуі кездескен.  Тіпті бір молада тасқа қашап, «Жарнама жазбаңыздар» деген өтініш сөз де  табылды. Ұзын сөздің қысқасы Рим жұрты жан жақты жарнаманы керек етпей-ақ жақын арада болғалы жатқан Гладиаторлар шайқасы туралы жан-жақты хабарланып, қызыққа дайындалып құмартып отыратын. Гладиатор  ойынының ашылу салтанатының өзі өз алдына бір бөлек әңгіме. Ойынды ұйымдастырушы жиналған жамағаттың алдында ат арбаға мініп айналып шығады. Оны қоршаған қара құрым халық қол шапалақтап, дауыстап айқайлап, у-шу боп толқып тұрады.  Сосын қару асынып, мұздай боп киінген гладиаторлар парады өтеді. Жұртшылық өздері жақсы көретін гладиаторларын көріп, оған қошемет қылған кезде естерінен тана жаздайтын. Сосын Гладиаторлар шеруі аз ғана уақыт императордың қарсы алдына келіп аялдайтын. Сосын оң қолдарын көтеріп, «Цезар! Өлімге бара жатқандардан дұғай сәлем»-деп,  дауыстайды. Сосын қатарларын бұзбастан    аренаға шығатын арнайы орындарына тамаша тәртіппен ақырын барып жайғасады.

Шайқастар әр түрлі  формада өте береді.  Жекелеген жекпе-жек те, ондықтардың топтық тартысы да кей кездері 100 деген жауынгер бір уақытта шайқасатын кездері де болды. Көрермен жалықпас  үшін арасында үзіліс жасап әр түрлі ойындар көрсететін.  Мұны ойлап тапқан Цезар. Санаулы минуттар  ішінде Карфаген қаласының суреті салынған алып декорацияларды тұрғызып үлгереді. Сосын Рим легионерлерінің сауытын киген гладиаторлар Карфаген қаласын тіке шабуылмен қалай алғанын шын соғыстай қылып көрсетіп береді.  Енді бірден әп-сәтте аренаға жаңа кесілген қалың ағаштардан қалың орман жасап, тоғайдың тасасынан Рим солдаттарына тұтқиылдан төне кеткен Герман тайпаларының шабуылын қайталайды.  Осындай адамның миына кіріп шықпайтын қайдағы жоқ бәлені  ойлап табатын Рим  режисерларының  қиялында  шек  болмаған.  Мұндай ойындарға әбден көзі үйреніп, еті өліп кеткен  Рим халқын бұл ойындармен  таңқалдыру қиын еді.   Клавдии есімді император тағы да тың тамаша ойлап тапты. Ол теңіздегі кеме қақтығысын  көрсетуді қолға алды. Ойынның бұл түрі елді есінен тандырды. Теңіз шайқастары өте сирек көрсетілетін. Оған  көп қаржы керек. Оны өткізе беруге патшаның да пұлы жетпейтін.

Ең бірінші  теңіз шайқасын БДД 46 жылы Юлий Цезар  өткізеді.  Римдегі Марс алаңынды өте үлкен көл қазылды. Көл суға тоған соң   16 галер деп аталатын кеме әкелінді.  Бұл 16 кемеде 4 мың ескекші мен екі мың Гладиатор жайғасты. Мына қызыққа қайран қалған римдіктер енді бұдан артық болмайтын шығар деп ойлады.  Амал нешік БДД. 2- жылы император Октавиан Август  кеме шайқасын көрсетуге бір жыл бойы дайындалды.  Сосын римдіктерге  24 кеме мен есепсіз ескешілерден бөлек 3 мың Гладиатор қатысқан қанды қырғын көрсетеді. Бұл жолы Саламинде болған гректер мен парсылардың соғысы ұйымдастырылды.  Бұл рекордтан император Клавдии ғана асып түсті. Ол   Империя астанасына 80 шақырым жердегі Фуцин көлін таңдап алды.  Бұдан басқа бірде бір көл нағыз соғыс кемесінің анау мынау емс 50 сидыра алмайтын. Бұл елу кемеге 20 мың қылмыскер гладиаторлар жайғасты.

 

 Бұл үшін  Клавдии қаладағы бүкіл түрмені  түгел босатып, қару ұстауға  жарамды еркектің бәрін алаңға айдап шықты. Мұншама қару асынған көп қылмыскерді ауыздықтап ұстап отыру өте қауіпті еді. Қарумен еркіндік алып далаға шығып тұрған қарақшылар кез келген уақытта төңкеріс жасап, қашып кетуі мүмкін. Сол үшін   көлді қоршай  неше мың әскер кірпік қақпай бақылап тұрды. Кемелер қырғыны ел жұрта жайланып отырып тамашалай алатын ыңғайлы жағында өтті.  Қызықты көруге жиналған жамағатта есеп жоқ. Римнің үлкен-кішісі түгел жиналғанда шамамен 500 мың адам иін тіресіп  тамашалады.  Кемелер  екіге бөлініп, родостықтар мен сицилия әскері  секілді сақадай сай тұрды.  Таңғы сағат онда басталған кемелер қырғыны кешқұрым ең соңғы сицилия кемесі қирағанда бір-ақ бітті. Ұрысқа  куә болған тарихшы Тацит күнделігіне «Көлде соғысқан қылмыскерлердің жауынгерлік рухы нағыз шын соғыста болған сарбаздардан бір де бір кем түспеді»-деп жазыпты.  Қанды қақтығыстың шынайы өткені сонша көлдің суы қанның түсінен қып-қызыл боп көрінбей кетті. Жараланып,  мүгедек болғандарды  есепке алмағанда осы соғыста ойын үшін 3 мыңнан аса адам опат болды.   Құдай қарасып тірі қалғандарға   бостандық берілді. Соғыс кезінде сәл тартыншақтап кері шегінді деген бір екі кемеге мұндай жақсылық жасалмады. Қырғынды  көрген ел жұрт жағасын ұстады.   Клавдиден соң мұндай соғысты бір де бір император жасай алмады. Клавдии өлген кезде бүкіл қала қара жамылып аза тұтты. Ол секілді халық көңілін аулаған ешкім болмады. Қызық пен құмар қуғыш  император мемлекет ісін жарытпайтыны белгілі.  Бірақ соның өзінде осындай оңбаған  ойындар ұйымдастырудың арқасында құрметті патшалардың бірі  болып, елдің есінде қалды.  Гладиатор шайқастарына сол замандағы кітап көрген деген қара танитын оқымыстылардың да еті үйреніп кетіпті.  Атақты Цицеронның өзі бұл ойын туралы «Құлдардың да ерлікпен соғыса алатынын көзбен көру халық үшін өте пайдалы. Қарапайым құлдың өзі ерен ерлік танытып, қайрат көрсетсе  онда  өзгелерден артық туған римдіктер қандай болуы тиіс. Бұдан басқа бұл ойын жауынгер халықты кісі өлтірудің түр түріне үйретіп соғысқа дайындап, жас буынды пісіре береді»-деп тамсаныпты.  Сол заманда Рим  жазушылары Плинии, Тацит цирктегі мұндай ойындардың табынушысы болды. Бұл ойынды жүрегімен жек көрген философ Сенека ғана болса керек.

Таққа отырған барлық императорлар қалай да болмасын Гладиатор ойындарын өткізумен жұртшылықтың жүрегін жаулап бір бірінен асып түскісі келді. Император Тит 80 мың адам сыйатын ең үлкен сахына Колизейдің  ашылу рәсімінде басқаша бедел жинады. Ол 10 жыл бойына Колизейді салған 17 мың еврейді әр түрлі тәсілмен өлтіруге бұйрық берді. Император Коммод болса гладиатор мектебінде арнайы сабақ алып, аренада өзі шығып шайқасатын.  Барлық жекпе жекте император жеңіп шығатын.   Көзбояушылықты суқаны сүймейтін Рим халқы оның гладиаторлық карьерасын тезірек тоқтатып тастады.  Солай болса да өлермен атаққұмар Коммод ерлік көрсетіп жылнамаға жазылып қалған. Ол бір ойында сахынаға тағы да өзі шығып, қолына садақ алып, таптырмайтын 8 бегемотты атып өлтіреді. Император Домициян болса садақ атудың хас шебері болған. Ол сахынаға шыққан кезде арыстан, аюлардың басына екі шетінен екі жебені дәл қадайғанда аңның басында бейне бір мүйіз шығып тұрғандай бола қалатын. Ал туғаннан мүйізі бар бұғы, бұлан, бұқа, зубр  секілді аңдардың оймақта көзіне дәл қадап, қапыда құлататын. Рим халқы бұл императорды да өте жақсы көріп, ерекше құрметтеді. Рим патшаларының арасында қылжақбасы да болған. Мысалыға Галлиен есімді бір император мынадай қызық оқиға ұйымдастырған. Қалада тұратын бір зергер асыл тас деп алдап өтірік тасты сатып жіберіп ұсталып жазалы болады. Сосын оған жазасын өтеу үшін аренаға шығып шайқасуға тура келеді. Алаяқ зергерді тұтқындап алаңға алып шығып, оның қарсы алдына арыстан тұратын үлкен торды әкеп қояды. Байғұс зергер арыстанның ауында жем болатын болдым деп қарадай аяқ қолы қалтырап , тұрады. Осы кезде ақыры уақыт толып қарсы алдында арыстанның торы да үстіндегі матасы тартылып, есігі ашылып сала береді. Бірақ тордан арыстан емес тауықтың жаңа басып шығарған үрпек бас балапаны шиқылдап шыға келеді.  Қорқыныш қысып, қарадай қалтырап, әлі кеткен зергер тордың есігі ашылып ішінен балапан шыға келгенде жүрегі шымырлап көз қарауытып құлап түседі. Сахынада толып отырған  көпшілік қыран топан күлкіге кенеліп бір жасап қалады. Галлие орнынан тұрып, «Бұл ұятсыз елді алдады, біз бұны алдадық» деген екен.  Есін жиып, аяғына тұрғаннан кейін зәресі ұшқан пақырды басы ауған жаққа босатып қоя береді.

IV ғасырдың басына қарай Гладиатор ойындары мен аңмен төбелестіру тамашасы біртіндеп құлдырай бастады. Бұл бір кездері дүниені жаулаған Рим империясының айналада қоршап жатқан жабайы варварлармен жиі-жиі қақтығыса бастуымен байланысты.  Әр тұстан тынымсыз жасалған варварлар шабуылы Рим әскерін титықтатып жіберді. Оның үстіне елде экономикалық дағдарыс басталады. Себебі римдіктер өздері ешқашан жұмыс істиемейтін. Ешнәрсе өндірмейтін.  Товардың бәрі сырттан әкелінетін. Енді сырттан тасылатын заттың бәрі тоқтаусыз қымбаттай берді. Міне осындай тұйыққа тірелген кезде өмір сүрген рим императорларының гладиатор ойындарын ұйымдастыруға шамалары келмей далабасалап қалады. Соның өзінде де ойындар бұрынғыдай үлкен көлемде болмаса да ішін ара өтіп тұрды. Гладиатор ойындары Рим империясы құлаудан 72 жыл бұрын түбегейлі тоқтатылды.

Гладиатор мектебінде оқитын азаматтарды  өте жақсы тамақтандырып, өте тыңғылықты емдеп отыратын. Бұған дәлел сол кездегі  ежелгі Римнің атақты дәрігері Гален көптеген жылдар бойы императордың үлкен мектебінде жұмыс жасаған. Гладиаторлар қос қостан  кішкентай бөлмелерде жатып ұйықтайтын. Дайындық жаттығулар таң ертеңнен кешке дейін жалғасатын. Және өте тыңғылықты өтетін. Қартайған ардагер Гладиаторлар  жаңадан келген жастарға жалықпай үйретіп жататын. Әр қайсысына ағаштан жасалған қылыш пен Ив ағашынан өрілген қалқан берілетін. Биіктігі 180 см болатын қалың ағашты жерге көміп соны ұрып жаттығатын. Сабақтың алғашқы сатыларында «Курсанттар»  дұшпанының басына не болмаса кеудесіне дәл қадауды және қорғаныс кезінде ашылып қалмауды үйренетін. Қолдың бұлшық еттерін ширатып шымыр қылу үшін ағаш қылыштан соң кәдімгі қылыштан салмағы екі есе ауыр темір қылыштар алып сілтесетін. Жаңадан келген сарбаз қылыштасу өнерінің белгілі бір деңгейіне жеткенде күші мен қайратына қарай гладиаторлардың арнайы  тобына тапсырылады. Гладиаторлардың қаруы әдетте үлкен тік бұрышты қалқан, сосын тас төбесі үкі қадалған дулыға, қысқа тік қанжар және сол аяғына тізеге дейін жауып тұратын темір сауыт. Бұларды әдетте самнит деп атаған.  Біздің эрамыздың басында оларды «секутор» деп атайды.  Бұларға ұқсайтын тағы бір тобын  «Гопломах» деп атады. Бұлардың қалқандары сәл дәуірек дөңгелек келетін. Секуторлар мен Гопломахтардың қарсыластарын ретиариилер деп атады.  Ретиариилер өте күрделі әдістер жасауға машықтанатын. Олардың ең басты қарулары айнала шетіне ауыр заттар ілінген тор болды. Бұлардың міндеті қарсыластарын қолындағы торға дәл түсіріп, шырмап тастау болатын. Сосын барып қанжармен қанын суда ағызады.  Бұлардың қолында тордан басқа дулыға да, қалқан да болмайды. Сол себепті де олар тек торды қалай да болмасын дәл тастауға тырысатын. Бұл топқа әдетте ең мықты әрі әбжіл қимылдайтын саңлақ жігіттерді іріктеп сұрыптап алады. 

Гладиаторлардың енді бір тобын Франктер деп атады. Олар дөңгелек қалқанмен,  қайқы қылышпен, екі аяғында темір сауыт, бетінде бірнеше тесігі бар темір бетсірі киіп алатын. Галлдар мен мурмиллондардың  басына балық суреті салынған темір баскиім кигізілді. (murma-балық деген)  Ал қарулары Галдықтардың қаруына ұқсас болды. Көп жағдайда мурмиллондарға қарсы ретиариилер шығатын. Ұрыс басталар алдында олар : «Галл сен неге менен сонша қашасың? Мен сені емес балықты аулап жүрмін» деп әндетіп, өлең айтатын.  Гладиаторлардың енді бір тобын эсседарии деп атады. Олар қаруланған ат арбалар үстінде ұрыс жүргізетін. Бұларды Цезарь аса сәтті болмаған Британиядағы жорығынан олжалап алып келгентін.  Бұлардан басқа андабат деген түрі бар.  Олардың   екі қолына  екі қанжар беріледі. Беттеріне  екі көзінің тұсында екі тесігі бар шлем ғана кигізілді. Сондықтан да андабадтар көздері көрмесе де шамамен жобалап қылыштасатын. Цирктегі жандайшаптар олардың өлермендікпен қырқысуына көмектесіп, ту сырттарынан қамшылып, таяқпен шұқылап айтақтап айдап салады.  Андабадтардың соғысын Рим жұрты рахаттанып отырып көретін. Себебі бұл ең қызық жекпе-жек түрі еді. 

Гладиаторлар  қылмысты істер қозғалып, сотталғанда  біреуге жақтасып, айғақ не болмаса куәгер болуға құқылы  емес. Одан бөлек қоғамдық қызметке тұра алмайды.  Тіпті тірі күндерінің өзінде бұларды өлі адамдардың қатарына қосып қойғандықтан олар өлген кезде оларды құрметпен соңғы сапарға шығарып та салмайды.   Бұл жүректері қатайып, қатігез боп кеткен гладиаторды Рим қоғамының мұндай қарым- қатынасы онша мазаламайтын. 

Адамдардың жекпе жегінен  бөлек Гладиаторлар жыртқыш аңдармен де жағаласып шайқаса беретін. Диктатор Сулланың кезінде БДД 93-ші жылы аренаға 100 арыстан алып шыққан. Сосын Юлий Цезар-400, Помпей-600 арыстан оған қосы 400 леопард ол аз болғандай 20 піл шығарған. Бұдан ары қарай аренада адамдардан ажал табатын аңдардың саны адам айтып болмайтын жылдамдықпен тез қарыштап өсіп кетті. Мысалыға дактарды жеңу құрметіне өткізілген тойда әртүрлі 11 мың жыртқыш аң жер жастанған. Аренаға алып шығатын аңдарды аулайтын аңшылар күнді түні тыным таппа еңбек еттетін. Олар аң аулап, римнің барлық провинцияларын сүзіп, қала берді Африка, Азияның тағы басқа толып жатқан жаңа жерлерді тінтіп шығатын.  Мұндай қауіпті болса да ақша табуға таптырмайтын тамаша бизнеспен мыңдаған атышулы аңшылар айналысып жатты. Аренада ажал құшатын  батырлардан  басқа жүздеген, мыңдаған, арыстандар мен жолбарыстар, қасқырлар, леопардтар, аюлар, пантералар, қабандар, жабайы өгіздер, носоргтар, антилопалар, бизондар, пілдер, бұғылар, жирафтар ең аяғы мақау маймылдарға дейін қызық үшін қырылып кететін.  Тіпті енді бір айласын асырған   аңшылар   қайдан тапқанын Құдай білсін Римге ақ аю алып келген. Соған қарағанда сол кездегі аңшылар үшін ұстатпайтын аң болмағанға ұқсайды. Осы аталған аңдардың бәрі цирк сахынасында бестиари гладиаторы деп аталатын жауынгерлердің құрбаны болды. Аңмен шайқасатын гладиатордың бұл тобы басқаларға қарағанда ұзағырақ дайындалып, әбден шынығып бағатын.  Таңғы мектеп түлектері аңмен төбелес көп жағыдайда азанда өтетін болғандықтан тек қана қылыштасуды ғана емес аңды үйретудің де тәсілін  меңгеретін. Ежелгі Рим аң үйреткіштері заманында өз өнерлерінің хас шебері болып шырқау шыңына шықты десе де болады. Аюлар арқанмен жүретін, маймылдар шу асау аттардың арқасына жабысып алып,  шаршамай  шабатын, бұғыларды ат арбаға жегіп қойып қырғын болатын. Бұдан басқа да толып жатқан тамашалары болды. Бұл қызықтың бәрін көріп болып іші пыса бастаған көрермендер қан көргісі келгенде аренаға жүрек жұтқан венаторлар шығатын. Бұлар аңдарды қарудың неше түрімен қырудан басқа жыртқыш аңды жалаң қолмен-ақ жайратып салудың тәсілдерін терең меңгерген майталмандар еді. Ең күшті, ең қызықты әдістің бірі арыстанның не болмаса леопардтың  басына шапанын лақтырып, оны орап алатын сосын найзамен бір ақ шаншып, немесе қылышпен бір ақ шауып өлтіре салатын. Бұдан басқа бір аңды бір аңға айдап салып та қырғын шайқас  ұйымдастырып, қызыққа қарық болатын. Римдіктердің есінде қалған ең қызық аңдар шайқасы  бір піл мен носорогтың арасында болған. Біран бірі күшпен ала алмай  итжығыс түсіп кімнің жеңері белгісіз боп тұрғанда  қопал піл аренаны сыпыратын сыпырғыны тұмсығымен орап алып, носорогтың көзін шұқып ағызып түсіреді.  Артынша көзі көрмей есеңгіреп қалған бейшараны алып піл әп-сәтте табанына салып таптап өлтіреді.

Императорлар  Гладиаторлар ұстап, үйретумен үлкен қомақты қаржы тауып байып отыратын. Олар гладиаторларды ойын ұйымдастырғысы келген магистранттарға жалға беріп, пайда көретін.  Сонымен қатар Империяның  шет аймақтарында тұратын қалаларға гастролдік мақсатта жіберіп өнерлерін паш етіп қайтатын. Шеттегі шағын қалалардың басшылары да әлдерінің келгенінше өздерінің жекеменшік мектептерін ұстайтын. Әрине бұлардың деңгейі Римдегіден анағұрлым төмен болатын. Лентулу Батиату деген әміршіге қарайтын Капуя қаласының Гладиаторлар мектебінен БДД 73 жылы Спартак бастаған 100 гладиатор қашып кеткен.

Гладиаторлар ойыны Римдіктердің рахаттанып отырып көретін ермегіне айналды. Олар өздері де қанжарлы жекпе жектің біраз қыр сырын білетін болғандықтан да олардың шеберліктерін жіті бақылап әділ бағасын беріп отыратын. Егер шайқас барысында екеудің біреуі қатты жараланып, ары қарай жалғастыруға мұршасы келмесе қылышын тастап, қолын көкке көтеріп көпшіліктен кешірім етуін сұрауға құқылы болатын. Егер жұртшылыққа оның өнері ұнаған болса онда көпшілік бас бармақтарын көтеретін. Не болсама орамалдарын бұлғап, «Босата сал!» деп пәтуа берісетін. Егер оның ойыны ұнамаса бас бармақтарын төмен қаратып, «Өлтір!» деп үкім айтатын. Аренада толып отырған көпшіліктің шешімін өзгертуге Императордың да қақысы жоқ. Кей кездері жекпе жек тым ұзаққа созылып, гладиаторлар бірін ала алмай итжығыс түсіп ұрыс ұзаққа созылып кететін. Ондай кезде  көпшілік ойынды тоқтатып, ойынды ұймдастырушыдан екі жігіттің де босатылуын талап ететін. Ойын иесі көпшіліктің үкіміне мойын ұсынып оларды азат етеді. Кей кездері кейбір гладиаторлар өздерінің шайқас өнеріне көпшілікті табындырып тәнті ететіні сонша қоршап отырған әлеумет барлығы бір ауыздан оған жаттығу жасайтын ағаш қылышты сиға тартуын талап ететін. Ағаш қылыш құлдықтан босатылып, толық бас бостандық алғандығының  символы саналатын. Бұл әрине өз еркімен соғысатындарға емес еріксіз сайысатын тұтқындар мен құлдарға ғана қатысты рәсім. Біздің заманымызға Флам есімді Гладиатордың аты жеткен. Ол өнерімен елді есінен тандыра тәнті еткені сонша көпшілік оған бір емес төрт мәрте ағаш қылыш сиға тартып, сайыстан босатыпты.  Бірақ сабазың төртеуінде де ағаш қылыштан өз еркімен бас тартқан. Себебі өзінің өнері мен қайратына сенгені сонша ол атақ пен ақшаның соңына бір жола түскен. Не сұрасаң Құдай соны береді демекші Алла да осы құлының тілегін қабыл қылыпты. Ол өлгенше  ешқандай ауыр жарақат алмаған күйі аман-есен қартайып барып аренадан кетті. Сансыз шайқасының арқасында ол қомақты ақша жиып, қалжырап қартайғанда бақуат өмір сүрді. Осы жерге тоқтадым.

Гладиатор ойындарына Христиан шіркеулері түбегейлі тиым салды. Христиан діні Рим империясында соңғы жылдары үлкен рухан әрі саяси күшке айналған болатын Алғашқы пайда болған кезінде 300 жыл қуғын сүргін көріп Иса пайғамбардың өсиетін арқалаған 10 мыңдай үмметі дін жолында құрбан боп кетті. Олардың да көбісі аренада ажал атпқан болатын. 365 жылы шіркеудегілер  цирктерде жыртқыш аңды адамға айдап салып сайыстыруды тоқтатып тастады. 404 жылы Телемах есімді тақуа қан қан боп қылыштасып қырқысып жатқан екі Гладиатордың ортасына түсіп ойныды тоқтатып тастады. Алайда амал нешік өзі де сол жере ажал құшып ақырға аттанып кетті.  Бұл оқиға Христиан дініне сенетін император Гонорияның бұл ойынға ресми түрде тоқтау салуына түрткі болды. Міне осы кезден бастап бұл ойынның шеңбері тарыла түсті.

 


Ежелгі Римдегі гладиаторлар ойыны