Халықаралық қатынастағы АҚШ
Халықаралық қатынастағы АҚШ
АҚШ президенті Обама жылдық жолдауында сыртқы саясат пен экономикаға назар аударуы
АҚШ президенті Барак Обама президенттік тұғырдағы алғашқы жолдауында Ауғанстан мен Ирақтағы соғыстардың аяқталып келе жатқандығы туралы мәлімдеп, ел экономикасы мен жұмыссыздықты азайтуға қатысты жоспарлар жайлы баяндады.
Конгресс алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Барак Обама сегіз жылға жалғасқан Ауғанстан соғысы Ирақтағы жеті жылдық соғыс аяқталып келеді деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ол Конгресс алдындағы бұл жылдық жолдауында елдің экономикасы мен жұмыссыз қалған американдықтарға жаңа жұмыс орындарын ашу шараларын қалай жоспарлап отырғанын да баяндап берді.
АҚШ президенттігіне соғысқа қарсы үміткер ретінде түскен Барак Обама жылдық жолдауында өз әкімшілігінің Ирақ пен Ауғанстандағы соғыстарды аяқтауға табысты түрде қол жеткізіп қалғанын атап көрсетті:
– Біз Ауғанстандағы әскерлер санын көбейттік, олар сол елдің қауіпсіздік күштерін жаттықтырып жатыр, демек олар 2011 жылдың шілдесінде Ауғанстан қауіпсіздігін өз қолдарын ала алатындай деңгейге жетеді. Біз басқаруды жақсы жүргізуді қолдаймыз, жемқорлықты жоюмен күресеміз және барлық ауғандықтардың – әйелдер мен ерлердің құқтары сақталуы үшін күресеміз.
Ирақ соғысына Иллинойс штатынан сенатор болып тұрған кезеңнен-ақ қарсы болған Барак Обама сөз соңында былай деді:
– Біз әл-Қаидамен соғысқандықтан да енді Ирақты оның өз халқына қалдыруға да жауаптымыз. Мен президенттікке кандидат кезімде бұл соғысты бітіруге уәде еткен едім, президент ретінде мен соны жасап жатырмын. Осы жылдың тамыз айының соңына дейін біздің барлық әскерлеріміз Ауғанстаннан шығады. Біз Ирақ үкіметіне сайлау өткізуге көмектесіп, ирақ жұртының аймақтық қауіпіздігі мен дамуы жолында әріптестікті жалғастыра береміз.
Обама мұнымен қатар сыртқы саясат саласында атқарылып жатқан тағы бір шараға басты назар аударды.
Ол 1991 жылғы Қарулануды қысқарту келісімі стратегиясының екінші нұсқасы туралы еді. Сейсенбі күні Ресей сыртқы істер министрлігінің ресмилері аталған келісімдер бойынша келісссөз жүргізушілер алдағы бірнеше аптада нәтижеге қол жеткізеді деп айтқан-ды.
Сәрсенбіде Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев бұл мәселе турасында телефон арқылы сөйлескен болатын.
Обама өзінің жылдық жолдауының басым бөлігін АҚШ экономикасына, оның қазіргі жағдайына арнады десе болады. Көптеген экономистердің сөзіне қарағанда, техникалық жағынан алғанда АҚШ-тағы рецессия кезеңі артта қалды.
Бірақ жұмыссыздық әлі де белең алып отырғандықтан, жалпы ілгерілеушілік болса да, дағдарыс еңсерілді дегенге жұмыссыздар сенімсіздікпен қарайды.
Өткен жылы Америкада жұмыссыздар саны 10 пайыз деңгейінде болған. Және көптеген американдықтар жыл барысында Обаманы президенттік күш-қуатының көбін ұлттық медициналық реформаларға жұмсады деп те кінәлаған еді.
Барак Обама алда ынталандыру пакетінен тұратын экономикалық реформалар жүргізілетінін мәлімдеді. Реформа бойынша шағын кәсіпкерлік саласында жаңа жұмысшыларды қызметке алу үшін салықтық жүйені жеңілдету қарастырылған. Сондай-ақ қаржылық реформалар да жоспарланып отырғанын айтты президент Обама.
Жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың пікірі Барак Обама жақсы жұмыс жасап жатыр ма, болмаса оның жұмысы нашар ма деген тұрғыда екіге жарылған болатын. Бұл өзінің президенттік қызметтегі алғашқы бір айын 75 пайыз қолдаумен өткізген президент үшін онша жақсы жаңалық емес еді.
Нью-Йорк университетінің саяси ғылымдар профессоры Роберт Спайзер президент Барак Обаманың жыл ішіндегі басты баяндамасында экономикалық реформаларға көп көңіл аударылғаны жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп бағалайды.
– Сауалнамалар көрсеткендей, американдықтардың арасында экономика ең басты алаңдаушылық туғызатын мәселе. Бұл, сондай-ақ, президент Обама экономикаға басты назар аудармады деп сезінушілікке де қатысты. Сонымен президент енді жұмыссыздық әлі де 10 пайыз болып тұрған экономиканы басты бағыт етіп ұстанбақшы, өйткені жұмыс орындары баяу ашылуда, экономиканың еңсесі де шындығында баяу көтеріліп келеді, – дейді профессор.
Араб әлемімен қарым-қатынастағы АҚШ-тың жаңа міндеттері
АҚШ президенті Дж. Буш жақында Ирақ пен Палестина жерінде өткен сайлауларды Ливанда демократияны дамытуға ықпал бола алатындай жайттар деп атап өтті. Вашингтондағы тәуелсіз зерттеулер орталығы Дж. Буш бұл ретте біршама жетістіктерге жеткенімен, соңғы 10 жылдықтар барысында американ-араб қарым-қатынасы ең төменгі жағдайда қалып отыр деп атап көрсетеді. Дүйсенбі күні жарық көрген зерттеулерде Таяу Шығыста АҚШ дипломатиясындағы өзгерістер байланыстарды жақсартып қана қоймай, бұл аймақтағы демократияны да жетілдіре түсуге көмектескені жөн болар еді деген ой айтылады.
Бұл жарық көрген хабарламада АҚШ үкіметіне Таяу Шығыстың экономикалық саласына көмектен бастап, екіжақты мақсатты топтарды құруға дейінгі кеңейтілген тұрғыдағы ұсыныстар айтылған. Бірақ, бұл зерттеулерде жазылған ең бір маңызды ұсыныс деп, АҚШ-қа қаратып айтылған тек қана ұлттық жетекшілерді тыңдап қана қоймай, қарапайым адамдарға да құлақ асу керектігінің айтылғандығы деуге болады. Сөйтіп, Халықаралық және стратегиялық зерттеулер орталығы демеушілік еткен бұл сауалнамада Марокко мен Сауд Арабиясындағы, Иордания мен Ливандағы, Біріккен Араб Әмірлігі мен Египеттегі 3 мыңнан астам адам қатыстырылған.
Араб-американ институтының өкілі Джеймс Зогбидың айтқанына қарағанда, арабтардың пікірінше, мұндағы басты проблема жақында болған оқиғаларға қарамастан, Ирақ немесе жергілікті реформа мәселелері емес. Дүйсенбі күні болған баспасөз-мәслихатында ол былай деген:
- Біздің талқылаулардан айқын болғанындай, АҚШ тұрғысында арабтардың көзқарасында Араб-Израил жанжалынан басқа ешнәрсе де басымдық танытпайды. Бұл хабарламада біз айтып отырған ұсыныстар, егер АҚШ демократиялық және қауіпсіз Палестинаның қатарында дәл сондай демократиялық және қауіпсіз Израилдың болуына ықпал ететіндей жан-жақты шешімдердің жасалуына жетекшілік етпесе, табыс та болмайды дегенге келіп саяды.
Сарапшы, сондай-ақ, бұл сауалнамада пікір білдірген арабтар АҚШ бір кездері Израилға қатты қолдау көрсеткенін тоқтата қояды деген ойдан өздерінің аулақ екенін айтқан. Олар сонымен бірге бейбіт процестерде Вашингтон маңызды элемент деген де көзқарас білдіреді. Алайда, олар таяу уақытта Америка үкіметі адал делдалдық қызмет атқарды дегенге де шүбәмен қарайтынын жасырмаған.
Зогбидың айтуынша, Израил-Палестин дау-жанжалын ең басты деген бағыттардың бірі ретінде қарастыратын арабтар өз елдерінде де өзгерістердің болғанын қалайды екен. Бірақ, олар үшін ең басты нәрсе демократия емес дегенді айтады сарапшы:
- Біз оларға сіздер үшін қандай мәселе маңызды, еліңіздегі қандай жайттарды өзгерту керек деп ойлайсыз деген сауал қойдық. Олардың басым көпшілігі бізге өмірлік сапа, әлеуметтік мәселелерде өзгеріс қажет деп айтты. Олар білім беру жүйесінің жетілдірілгенін, жұмыс болуын, денсаулық сақтау жүйесі жақсарғанын қалайды. Міне, содан кейін, осындай істер жасалған соң ғана олар демократия, реформа, саяси пікірталастар, әйелдер хұқының сақталуы турасында сөз болғанын қалайтынын білдірген.
Зогбидың атап көрсетуінше, сауалнамада пікір-көзқарастарын білдіргендердің көпшілігі өз еліндегі қандай бір ішкі реформаларға, саяси жүйелеріне АҚШ-тың араласқанын тіпті де қаламайды екен. Хабарламада ұсыныс ретінде жазылған бір мәселе - Буш әкімшілігінің сыртқы саясаты Таяу Шығыс елдері басшыларына ғана бағытталмай, қарапайым араб адамдарына да бағытталып, олармен де есептескені жөн делінеді.
Мароккода бұрын елші болған Эдуард Габриел хабарламаның құндылығы да міне осында деп атап көрсетеді. Габриелдің пікіріне сәйкес, АҚШ-тың өте қымбат тұратын сыртқы саясаты оның өзіне жаңа әріптестік деп аталатын бағытының жемісін беруге және Таяу Шығыстағы қарым-қатынастарында мақсатты айқындай түсуге көмектесуі керек.
- Менің ойымша, бұл хабарлама бойынша өте анық көрініп тұрған жайттардың бірі - біз өте терең және кеңейтілген әріптестікті тек бізбен келісетін әріптес адамдармен ғана орнатпауымыз керек, - дейді Габриел.
Осы сөз болып отырған зерттеу хабарлама үшін жауапты комитеттің жетекшісі, бұрынғы сенатор және президент Клинтон тұсында қорғаныс министрі болған Уиллям Коэн Таяу Шығыс аймағында демократияны кеңінен дамыту тез арада жүзеге асатын шаруа емес, бұл ретте АҚШ шыдамдылық танытқаны абзал деп атап көрсетеді.
Коэн сондай-ақ, араб әлемінің халқын өте мұқият тыңдап, олардың айтқандарына құлақ асса - АҚШ үшін жаулық пиғыл мен көзқарасты азайтып, кеміте білудің ең тиімді және қарапайым жолы сол дейді. Ол мұнымен қатар, аталған аймақта одақтастар табудың ең жақсы жолы да осы болады деген пікірді қоштайды.
АҚШ президенті Барак Обама ауған стратегиясын жариялады
АҚШ президенті Барак Обама американдық әскерилердің Ауғанстаннан шығу стратегиясын жариялай отырып, әзірше ондағы соғысқа қосымша әскер жіберетінін хабарлады. Обаманың айтуынша, АҚШ бұл елдегі әскерилерін бір жарым жылдан кейін шығара бастайды.
АҚШ ӘСКЕРИЛЕРІ АУҒАНСТАННАН 2011 ЖЫЛДЫҢ ЖАЗЫНА ҚАРАЙ ШЫҒА БАСТАЙДЫ
Нью-Йорк штатындағы Уэст-Пойнтта орналасқан АҚШ әскери академиясында сөйлеген сөзінде Барак Обама 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Әл-Қаида шабуылдарынан кейінгі Американың «маңызды ұлттық мүддесін» ескере отырып, осындай шешім қабылдағандығын атап көрсетті.
«Мен бұл шешімді жақсылап ойластырып қабылдап отырмын. Ауғанстан мен Пәкістанда біздің қауіпсіздігімізге қауіп төніп тұрғандықтан мен осындай шешімге келіп отырмын. Осы елдер Әл-Қаиданың экстремистік зорлық-зомбылық әрекеттерінің эпицентрі деп есептеледі. Осы жерден 2001 жылдың 11 қыркүйегінде бізге шабуыл жасалды. Осы жерден жаңа шабуылдар жоспарлануда», - деді Обама.
Іс жүзінде соңғы бірнеше айда американдықтарға қарсы лаңкестік шабуылдар жасауды жоспарлаған экстремистер АҚШ-та қамауға алынды деп атап көрсетті Обама. Оның айтуынша, әлгі экстремистер Ауғанстан мен Пәкістанның шекаралық аймағынан шыққан азаматтар.
Егер Вашингтон Әл-Қаида басымдығын жоймаса және Ауғанстанда Талибанның билікке келуінің алдын алмаса, мұндай қауіптер күшейеді деді Обама.
Президенттің атап көрсетуінше, мұның бәрі американдықтардың ғана жауапкершілігіне жатпайды. Ауғанстандағы АҚШ күштерінің саны 2010 жылдың көктемінде шамамен 100 мыңға жетсе, НАТО әскерилерінің саны қазіргі 40 мыңнан 45 мыңға дейін, тіпті 50 мыңға дейін жетпек.
АУЫРТПАЛЫҚТЫ АУҒАНСТАН ДА БӨЛІСУІ ТИІС
«Бұған қоса американдық және халықаралық сарбаздар жауапкершілікті ауған күштеріне тапсыру үдерісін тездететін болады және біздің 2011 жылдың шілде айында Ауғанстаннан әскерилерімізді шығара бастауымызға мүмкіндік береді. Ирақта дәл осылай жасағанымыздай, жергілікті жағдайды ескере отырып, өтпелі кезеңді жауапкершілікпен жүзеге асыратын боламыз. Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің ұзақ жолдан сәтті өтуі үшін оларға кеңес беруіміз бен көмектесуімізді одан әрі жалғастырамыз. Бірақ ақыр аяғында ауған үкіметінің әсіресе ауған халқының өз елдері үшін жауапты болатындықтары айқын болуы тиіс», - деді Обама.
Кабул мен Вашингтон қарым-қатынастары Хамид Карзай билігінің жемқорлығы мен басшылықтың нашарлығына байланысты шиеленісе түскен болатын. Обама Ауғанстан президентінен көбірек жұмыс атқаруын күтетінін және ауған халқына қолдау білдіретінін атап көрсетті.
Обаманың мәлімдеуінше, ондаған жылдар бойғы соғыстан кейін Ауғанстан бейбітшілікте өмір сүруі тиіс. АҚШ президенті ауған халқына қайырылып, елдегі соғыс қимылдарын тезірек жоюға ниеттеніп отырғанын айтты.
«Сіздің еліңізді басып алуға мүдделі емеспіз. Зорлық-зомбылықтан бас тартатын және адам құқықтарын құрметтейтін талибандықтарға жол ашу туралы Ауған үкіметінің әрекеттерін біз қолдаймыз. Ауғанстанмен өзара құрмет негізіндегі әріптестік орнатуға тырысамыз», - деді Обама.
ТҰРАҚТЫЛЫҚТА ПӘКІСТАННЫҢ ДА РӨЛІ МАҢЫЗДЫ
Президент сондай-ақ Ауғанстанды тұрақтандыруда оның көршісі -Пәкістанның маңыздылығын атап өтті. Барак Обама АҚШ болашақта Пәкістанның мықты қолдаушысы болса, Вашингтон Исламабадқа экономикалық және әскери жағынан көмектесетін болады деп атап көрсетті.
Жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, зерттеуге қатысқан американдықтардың жартысынан көбі Обаманың Ауғанстан соғысындағы әрекеттерін мақұлдамайтындықтарын айтқан. Осыған байланысты Обама ауған соғысы басталған кезде американдықтардың Әл-Қаида мен Талибанға қарсы күресті бірлесе отырып қолдағандығы естен шығарылуда деп атап көрсетті. Обама осы мәселеде АҚШ халқын бірлікке шақырды.
АҚШ президенті Барак Обама Иранға достық қолын ұсынды
АҚШ президенті Барак Обама Наурыз мерекесі қарсаңында Иранға жаңа жолдау жасады. Ол онда ресми Теһранмен қарым-қатынаста жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
АҚШ пен Иран қарым-қатынастарының болашағы туралы сөз қозғағанда Құрама Штаттар президенті Барак Обама мейлінше құрметке толы ниетпен сөздерін барынша шынайы жеткізуге тырысты.
“Жаңа жылдарыңыз қарсаңында сіздердің, яғни Иран халқы мен басшыларының қос ел қарым-қатынастары болашағы туралы біздің көзқарастарымызды түсінулеріңізді қалаймыз. Ол болашақ біздің халықтарымыз қарым-қатынастарының жаңа белеске көтерілген, сондай-ақ әріптестік пен іскерлік байланыстарда жаңа мүмкіндіктер пайда болатын кезең болмақшы. Ол болашақ ескі жікке бөлінушіліктердің барлығы да жойылатын және сіздер мен көршілеріңіз, тұтастай ғалам түбегейлі қауіпсіздік пен мызғымас бейбітшілікте өмір сүретін дәуір болмашқы”,-деді президент Обама.
Алайда Барак Обама ол жікке бөлінушіліктің төркініне тоқтала қойған жоқ. Олардың бірі - Вашингтон қарсы боп келе жатқан Иранның ядролық бағдарламасы. Екіншісі - Хамас пен Хезболла топтарын ресми Теһран қолдап келеді деген айыптау. Ол топтарды Вашингтон лаңкестік ұйымдар қатарына жатқызған болатын.
Әлем елдері қауымдастығында Иранның алар орыны-өзгеше. Дей тұрғанмен ол орынға лаңкестік пен қару арқылы емес, бейбітшіл әрекеттер арқылы, Иран халқы мен өркениетінің ғажайып жасампаздық мүмкіндіктерін көрсете отырып жетуге болады деді Обама.
Иранның ядролық бағдарламасына орай туындаған текетіреске қарсы шыға отырып, Обама сайлауалды науқанында Иранмен тікелей сөйлесулерге ұмтылатынына уәде берген болатын.
Сондай-ақ АҚШ президенті Барак Обама қаңтардың 20-да болған ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде “егер Иран қол алысуға әзір болса”, қолын бірінші ұсынуға өзінің дайын екенін айтқан болатын. Обама сол берген уәделерінің үддесінен шығып отыр.
Ресми Теһран Обаманың бұл үндеуіне наурыздың 20-сы күні аса сақтықпен жауап берді.
Атап айтқанда Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың баспасөз жөніндегі көмекшісі Әли Акбар Жаванфекр өз сөзінде: “АҚШ президентінің тараптар арасындағы қарама-қайшылықтарды жойғысы келетін ниетін біз қызу қуаттаймыз”, дей келіп: “Обама енді сөзден іске көшуі тиіс” деп ескертіп өтті.
“Тараптар арасындағы текетірес үшін негізінен АҚШ жауапты, сондай-ақ аймақтағы тұрақсыздықтың жалғыз көзі - Америка әскерінің Ирақ пен Ауғанстанда тұруы”,-деді Жаванфекр.
Обама әкімшілігі осының алдында ғана Теһранды осы айдың соңына белгіленген Ауғанстан ісі бойынша конференция жұмысына қатысуға шақырған болатын. Теһран бұл ұсынысты ойластыратынын айтқан еді.
Иранның қарапайым халқы Америка даусы телеарнасы арқылы берілген Обаманың бұл жолдауын зор ықыласпен қабыл алысты.
Фарда радиосына телефон шалған олардың бірі: “Мен үшін Наурыздағы ең басты сыйлық - Обама мырзаның жолдауы болды. Иран басшылары бұл шақыруға лайықты жауап береді деп сенемін” десе, екіншісі: “Иран дәстүрлеріне қарсы шығушы Теһран ресмилері бұл үндеуді түсінеді деп ойламаймын” деп жауап берген екен.
ЕуроОдақ Обама жолдауын биік бағалап, қос ел арасында жаңа қарым-қатынастар дәуірі басталатынына сенетіндігін айтты.
Ресей елі де Иранның ядролық бағдарламасы дағдарысының тек осындай сөйлесулер арқылы шешілетініне сенім артып отыр.
ҚАЗАҚСТАН-АҚШ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ДАМУЫ
Қазақстан мен АҚШ-тың мүдделерін қамтитын қазіргі кездегі халықаралық өмірдің басты аяларында екі ел қатынастары үшін екіжақты өзара әрекеттесу мен ынтымақтастықтың өте маңызды мәні бар. Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Назарбаев АҚШ-пен қарым-қатынастардың дамуы ең маңызды басымдылықтардың біріне жататындығын атап өткен болатын. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар әскери-саяси ықпалдастық, қауіптерді бірігіп азайту аясындағы ынтымықтастық, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, шекаралық қауіпсіздік, халықаралық лаңкестікпен күрес, жоғарғы технологиялар, энергоқорлар саласындағы ынтымақтастық, есірткі және СПИД-тің таралуына қарсы әрекеттер және т.б. сияқты өте маңызды аспектілерді қамтиды. Қазіргі таңда ешбір мемлекет жеке дара қауіпсіздік мәселелерін тиімді түрде шеше алмайтындығы сөзсіз. Осыған ретте Қазақстан АҚШ және басқа да мемлекеттердің аймақтық бейбітшілік және орнықтылыққа жетудегі маңызды серіктесі болып отыр.
Қазақстан және АҚШ қарым-қатынасын отандық зерттеушілердің пайымдауынша, екіжақты қатынастардың ерекшеліктерін айқындайтын бірнеше кезеңдерге бөлуге болады.
1990-жылдардың бірінші жартысында Қазақстан территориясында орналасқан кеңестік ядролық қарудың тағдыры, сондай-ақ ислам дінінің мемлекетте және тұтастай аймақта күшею мүмкіндігі басты айқындаушы факторлар болды.
Екінші кезең (1996-2001 жж.) аймақтағы АҚШ сыртқысаяси стратегиясының жаңа басымдықтарымен сипатталады. Каспийдің көмірсутек қорлары және мұнай құбырлары бағыттарының проблемасы екіжақты қатынастардағы ортақ факторға айналған болатын.
2001 жылдан басталатын үшінші кезең АҚШ-тың Орталық Азия аймағына жақын жерде басталған кеңауқымды лаңкестікке қарсы күресімен сипатталады. Халықаралық лаңкестікпен күрес, аймақта тұрақтану, ұлттық қауіпсіздіктің жаңа Стратегиясына сәйкес АҚШ энергетикалық стратегиясын қайта қарау - бұл мәселелер аймақтағы американ саясатының дәлелі ретінде көрініс табады.
1990-жылдары Вашингтон Орталық Азия аймағына қатысты саясатында «Тэлботт доктринасын» қолданды. Оның негізі мәні: аймақта АҚШ өзінің туын тікпейді және бұны ешкімге де жасауға мүмкіндік бермейді. Ұлттық стратегиялық зерттеу институтының маманы Юджин Румердің пікірінше, Орталық Азияға қатысты стратегиясында АҚШ үш мүмкін болатын рөлдерді ойнауы тиіс: шектелген серіктес, гегемон және қауіпсіздік саласындағы менеджер. АҚШ «қауіпсіздік саласындағы менеджер» рөлін таңдап, «гегемонға» айналуға тырыспай, Ресей, Қытай және Иранның мүдделерін ескере отырып, өз саясатын жүргізуі тиіс [1, с.6].
2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғалары және АҚШ-тың Ауғаныстандағы лаңкестікке қарсы операциясынан кейін Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастарындағы стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге аяқ басты. 2001 жылғы желтоқсандағы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында «Қазақстан-американ жаңа қатынастары туралы» Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Мәлімдемеде, ғаламдық экономика мен демократиялық мемлекеттер қоғамдастығына енетін ХХІ ғасырда бейбіт, өсіп-өркендеген және егеменді Қазақстанның жалпы бейнесіне қол жеткізу мақсатында ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке өзара адалдылық аталып өтілді [2, с.107].
Біздің еліміз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде АҚШ-тың маңызды одақтасы болып табылады. Бұл ретте, ең алдымен, біздің еліміздің Ауғанстан мен Иракты тұрақтандыру мәселесіне қосқан үлесін атап өткен жөн. Қазақстан халықаралық сахнадағы және аймақтағы өзгерген жағдайға байланысты, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға, ішкісаяси жағдайға сырттай ықпал етуге және елдегі саяси тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттердің алдын алуға маңызды орын бөледі. Ауғаныстандағы операциялар жүргізіп жатқан халықаралық бітімгершілік күштер үшін еліміздің әуе кеңістігін және БҰҰ гуманитарлық миссиялары үшін әуежайларды ашу туралы шешімдер Қазақстан және АҚШ әскери-саяси ынтымақтастығының арта түскендігін көрсетеді.
Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың жаңа кезеңі АҚШ жаңа әкімшілігінің демократияландыру үрдістеріне ерекше назар аударуымен сипатталады. Американ логикасы бойынша демократияландыру ішкі тұрақтылықтың ғана емес, сонымен бірге ислам радикализмінің таралуына қарсы кепілдік бола алады. 2001 жылдың 11-қыркүйегіне дейін саяси жүйені демократияландыру мен реформалау дәрежесі, азаматтық қоғамды қалыптастыру үрдісі американ саясаткерлері тарапынан басымдылық ретінде жарияланса да, іс жүзінде демократияландыру үрдісі тек Американың әлемдік лаңкестікке қарсы соғысты жариялауынан кейін ғана өзекті мәселеге айналды. Бұған тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын, саяси партиялардың дамуын, діни еркіндікті, білім беру мен салауатты өмір салтын қолдауға және қаржыландыруға бағытталған АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің бағдарламасы дәлел бола алады.
Стратегиялық мүдделерді басшылыққа алып отырған біздің еліміздің саясаткерлері АҚШ-ты Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің маңызды элементі екендігін мойындап отырғанын және соңғы жылдары Қазақстан-Америка өзара ықпалдастығы сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтуге болады.
АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы аймақтық көшбасшы және АҚШ-тың ең сенімді де, болашағы зор әріптесі ретінде танып отыр. АҚШ Президенті Джордж Буштың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдауында атап өтілгеніндей, “Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі аймақтың басқа елдері үшін модель болып табылады” [3, с.608]. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К.Райстың 2005 жылғы Астанаға сапары кезінде Қазақстанның “Орталық Азияда көрші елдерге экономикалық тұрғыдан әлдеқайда ашық, саяси тұрғыдан әлдеқайда тұрақты болуға көмектесе отырып, шешуші рөл атқаруға” барлық қажетті құрамдастары бар екенін атап көрсеткен болатын.
Еліміздегі саяси орнықтылық, жоғары экономикалық даму және қолайлы инвестициялық ахуал сияқты жағдайлар АҚШ-қа елімізді Орталық Азия аймағындағы америкалық бизнесті енгізуге платформа ретінде қарастыруға мүмкіндік туғызды.
Республикамыздың сыртқы саясатындағы екіжақты қатынастарда Америка бағытына басымдық беріледі. Құрама Штаттардың экономикалық, ғылыми және технологиялық потенциалы еліміздің бәсекеге қабілетті әлемнің 50 елінің қатарына енуіне ықпал етуі мүмкін. АҚШ-тың вице-президенті Р. Чейнидің елімізге ресми сапары кезінде «Қазақстанның экономикалық та, саяси да салаларда дамуына себептесетін барлық бағытымен ынтымақтасуға дайынбыз» деп айтқан болатын [4].
Қазақстан үшін АҚШ-пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Атап айтқанда, АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту республиканың тұрақты да, өскелең де дамуына себептесетін факторлардың бірінен саналады. Мұны Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ауқымындағы АҚШ-тың үлесі 30 пайыз шамасын – 12 млрд. доллардан астамды құрайтыны да дәлел бола алады.
Қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықта Қазақстандағы әскери реформаларды қолдау бойынша қорғаныс ресурстарын басқару, шетелдік әскери қаржыландыру жөніндегі бағдарлама (FMF) мен Орталық Азиядағы қауіпсіздік бастамасы (САSІ) шеңберінде қаржылық көмекті ұлғайту бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырыла бастады. Қазақстан-Америка әскери ынтымақтастығы бес жылдық Жоспар негізінде жүзеге асырылуда және нақты сипат алған. Бұл жоспар аясында әскери мамандарды даярлау, лаңкестікке қарсы күрес және т.б. бойынша кең ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл саладағы ынтымақтастық екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің ажырамас құраушысы болып табылады.
Энергетикалық саладағы ынтымақтастық өте маңызды болып табылады. Каспий бассейні қорларының 75 пайызын және дүниежүзілік мұнай қорларының 2 пайызға дейін мөлшерін құрайтын 10-17 млрд. баррел шегінде дәлелденген мұнай қорларын иемденіп отырған Қазақстан, АҚШ мүдделерінің ауқымынан шығуы мүмкін емес. Каспий энергетикалық жобаларының ауқымы кең, онда әлемнің түрлі елдерінің ең ірі компаниялары қатысуда, соның ішінде американдықтар да бар. Бұдан бөлек, іскерлік топтар арасында АҚШ энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қазақстандық мұнай орасан зор рөл атқарады деген пікір айтылуда. Сондықтан АҚШ-пен энергетикалық қарым-қатынас Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытудың маңызды факторы болып табылады.
АҚШ дүниежүзілік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында Қазақстанға ерекше мән береді. Осыны негізге ала отырып, бүгінгі таңдағы АҚШ-пен энергетикалық әріптестіктің, атап айтқанда, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымындағы және мұнай-газ секторының сервистік қызмет мәселелеріндегі ықпалдастықты дамыту жаңа кезеңдегі бастама деп санауға болады. АҚШ біздің еліміз жүргізіп отырған мұнай мен газдың көп арналы экспорттық бағыттарын дамыту саясатын қолдайтындығын атап өту қажет. Американдық компаниялардың Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбыры жобасына қатысуына АҚШ-тың белсенді қолдау білдіруі соның дәлелі болып табылады.
Қазіргі замандағы мұнай мен саясаттың тығыз байланыста болуы американдық сыртқы саясатта мұнай мәселесінің, соның ішінде Қазақстанмен қатынастарының басымдылығын белгілейді.
АҚШ-тың әлемдік экономикадағы көшбасшылық тұғырға, ең алдымен, американ үкіметінің соңғы елу жыл бойына ғылым мен білім секторына ауқымды инвестициялар салу нәтижесінде қол жеткізгені баршаға мәлім. Сарапшылардың мәліметтері бойынша, АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезден бергі экономикалық өсімінің үштен бірі нақ осы серпінді секірістік технологиялар арқасында жүзеге асқан. Осы заманғы экономика жағдайында инновацияларды ендіру мен экономикалық өсудің арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан да қауырт жеделдікпен ұлғая түсуде. Осыған байланысты 2006 жылдың басындағы АҚШ Президенті Дж.Буш “Америкалық бәсекеге қабілеттілік саласындағы бастама” ұсынды, оның негізгі мақсаты американ ұлтының инновациялық әлеуетін өсіру болып табылады [5, с.8]. Сондықтан біздің еліміз үшін АҚШ-пен ынтымақтастық осы заманғы ғылыми-техникалық жаңалықтарға қол жеткізу тұрғысынан да үлкен мүмкіндіктер туғызады.
Қазіргі таңда Н.Назарбаевтың «Хьюстон бастамасы» ретінде белгілі Экономикалық даму жөніндегі Қазақстан – Америка бағдарламасының жалпы бюджеті төрт жылдық кезеңге арналған 40 млн. АҚШ долларын құрайды және ол қаржы және инвестициялар, адами капиталды дамыту, кәсіпкерліктің және бәсекеге қабілеттіліктің өсуі, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаһандық ықпалдасу сияқты құрауыштардан тұрады.
Аталған бағдарламаны Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының үкіметтері бірлесіп қаржыландыратын болады [6].

- Халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері
- Халықаралық қатынастар жүйесіндегі АСЕАН
- Халықаралық қатынастар ұғымы. Халықаралық қатынастардағы заңдылықтар
- Халықаралық қатынастар. Халықаралық саясат
- Халықаралық қауіпсіздік
- Халықаралық қауіпсіздік құқық
- Халықаралық қауіпсіздік мәселесі
- Халықаралық капитал
- Халықаралық келісімшарт
- Халықаралық келісімшарт, Конституциялық әдет ғұрып, соттық прецедент Конституциялық құқықтың қайнар көзі ретінде
- Халықаралық қаржы есептілігінің стандарты - бизнес бірлестіктері
- Халықаралық қаржылық бақылау тәжірибесін талдау
- Халықаралық қаржылық есеп стандарттарын қолдану кезіндегі негізгі құралдар есебінің ерекшеліктері
- Халықаралық қаржылық институттардың қызмет ету ерекшеліктері